Өзекті мәселелер

  • 17.05.18

    Адам тағдырының ақ-қарасын таразылау үлкен төзімділік пен қажырлы еңбекті талап етеді. Бар ғұмырын сот төрелігін атқаруға арнап, ардың ауыр жүгін арқалауға бел буған әділ қазылар қашанда қадамын қате жасамауға тырысады. Судья атты қасиетті ұғымға кірбің...

    Толығырақ...
  • 17.05.18

    Мұрат  НАСИМОВ,

    саяси  ғылымдарының  кандидаты,

    қауымдастырылған  профессор,

    Толығырақ...

  • 17.05.18

    Нәзипа – қарапайым ғана ауылдың қара торы келіншегі. Осыдан 11 жыл бұрын ата-анасының қолынан ұзатылып, өзге босағаны аттаған еді. Бүгінде жасы 36-да. Адал жары, 3 баласы бар. Екі жыл бұрын әкесі өмірден озар шағында, «осы үй мен аналарың сендерге аманат, бас-көз  болыңдар» деп қызы мен күйеубаласына табыстап кеткен. Содан бері бұлар жалдап жүрген пәтерлерін біржола тастап, осында көшіп келген....

    Толығырақ...
  • 17.05.18

    Статистикалық мәлі­меттер бойынша елімізде болатын қылмыстардың үштен бірі тұрмыстық зорлық-зомбылықтан орын алады екен. Ал бұл ретте қара күштің иесі ер-азаматтардан, әсіресе, әйелдердің таяқ  жеп, зардап шегетінін ескерсек, олардың тұрақтар жерге зәру болатыны анық.

    Қаламыздағы «Қамқорлық» дағдарыс орталығы дәл осындай жағдайға тап бол­ғандарға қол ұшын созады, уақытша болса да панала...

    Толығырақ...
  • 17.05.18

    Айтыстың   абаданы  Серік ағам 60-қа келіпті. Ұлтының уызына жарығ­ан елдің еркесі Серік Ыды­рысовтың Сыр елі үшін орны бөлек. Сәкеңді өзімнің аяғым сынып, бауыр­ымнан  айырылып, қайғының уын ішіп жүрген көңілсіз күндердің, мазасыз түндердің бірінде ұялы телефо­н арқылы іздедім. 2017 жылдың 24 қыркүйегі түнгі сағат 11-ден 36 минут өткенде хабарлама жібер­дім. «Серік ағам бар ма екен кең дүниед­...

    Толығырақ...
Бейсенбі, 01 Наурыз 2018

ҚЫЗЫЛОРДАЛЫҚТАР АЛҒЫС АЙТУ КҮНІН АТАП ӨТТІ PDF Print Email
Жаңалықтар - Халық-хабар
02.03.2018 10:03

Қызылорда қаласындағы «Достық үйінде» «Алғыс айту» күніне орай мерекелік іс-шара болып өтті.

Естеріңізге сала кетейік, биыл бұл мейрам үшінші мәрте аталып өтуде. Мереке алғаш рет Мемлекет басшысы Н.Ә.Назарбаевтың бастамасымен құрылған болатын.

«Бұл күн қайырымдылықтың, достықтың және барша қазақстандықтардың бір-біріне деген сүйіспеншілігінің жарқын мерекесі бола алады», - деп Ұлт көшбасшысы оны жыл сайын 1 наурызда атап өтуді ұсынған еді.

Достық үйінің фойесінде мерекелік кеш қонақтарының тілектерінен құралған «Тілектер ағашы» және оқушылардың алғыс айту күніне арналған эсселер көрмесі таныстырылды.

Шараға облыс әкімі Қырымбек Көшербаев қатысып, қызылордалықтарды айтулы мерекемен құттықтады.

«Алғыс айту күні - тағдыр тәлкегімен Қазақстанға қоныс аударған түрлі этнос өкілдерінің қазақ халқына ризашылығын білдіру арқылы бір-бірімізге деген құрметіміз бен сыйластығымызды арттыратын күн. Сонымен бірге, көктемнің алғашқы күні – Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев Төрағалық жасайтын еліміздегі қоғамдық маңызы аса жоғары екі саланың, дәлірек айтсақ, «Нұр Отан» партиясы мен Қазақстан халқы Ассамблеясының құрылған күні. Қай кезде де жабырқағанның жанына жалау болып, мұңайғанның маңдайынан сипап, қиналғанды құшағына қысқан қазақ халқы - әлемдегі ең бауырмал халық екенін өзіміз ғана емес, өзге де мойындай бастағаны ақиқат. Бүгінгі тарих тоғыстырған, тағдыр табыстырған барша ұлт пен ұлыстың берік бірлігі мен тату тірлігі Қазақстанның басты жетістігі», - деді аймақ басшысы.

Облыс әкімі өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына және қоғамдық келісімді нығайтуға қосқан үлестері үшін Сыр елінің барлық тұрғындарына алғыс айтты.

Сондай-ақ, облыстың этномәдени бірлестіктерінің өкілдері тәуелсіз Қазақстандағы бейбіт және гүлденген өмір үшін өз алғыстарын білдірді.

Іс-шара мерекелік концертке ұласты.

Облыс әкімінің баспасөз қызметі

 


ҚЫЗЫЛОРДАДА «НҰР ОТАН» ПАРТИЯСЫНЫҢ КҮНІ АТАЛЫП ӨТІЛДІ PDF Print Email
Жаңалықтар - Халық-хабар
02.03.2018 09:24

1 наурыз күні «Нұр Отан» партиясының Қызылорда облыстық филиалында ұйымның құрылғанына 19 жыл толуына және «Ризашылық күні» мерекесіне арналған салтанатты жиын болып өтті.

Облыс әкімі, облыстық партия филиалының төрағасы Қырымбек Көшербаев «нұротандықтарды» мерекемен құттықтады.

«Нұр Отан» партиясы алғашқы құрылған күннен бастап тың бастамалар көтеріп, жауапты шешімдер қабылдауға ұйытқы болып қана қоймай, елмен етене қайнасып, халықтың мүддесін қорғайтын бірден-бір қоғамдық ұйымға айналды. «Нұр Отан» бүгінде  өзін халықтық партия екенін сөзбен ғана емес, тындырымды ісімен де дәлелдеп келеді. Сондықтан біз алдағы уақытта да ел игілігі үшін аянбай еңбек етуіміз қажет», - деді аймақ басшысы.

Дәл осы күні «Нұр Отан» партиясына қабылданған 11 адам партия билеттерін алып, партияның 9 белсенді мүшесіне облыс әкімінің алғыс хаттары табысталды.

Білім беру саласының ардагері, «Нұр Отан» партиясының белсенді мүшесі Гүлнар Уәлиева барлық қатысушыларды Партия күнімен және Ризашылық күні мерекесімен құттықтап, жұмыстарына сәттілік тіледі.

Партияның жаңа мүшелерінің атынан «Жалағаш жаршысы» газетінің бас редакторы Нағымжан Сауяев және Байқоныр аудандық іскерлік палатасының кеңесшісі Асылхан Жолашов сөз сөйледі.

Сондай-ақ, салтанатты жиын барысында партияның белсендісі, Қорқыт Ата атындағы ҚМУ-нің оқытушысы Марат Сүгірбай партиясының әнұраны саналатын «Елім менің» әнін орындады.

Облыс әкімінің баспасөз қызметі

 


Уақытша шектеу енгізіледі PDF Print Email
Жаңалықтар - Халық-хабар
01.03.2018 16:14

Күре жолдың бойында ауыр жүктерін толтырып алып, жүйткитін көліктерге уақытша шектеу қойылмақ. Бұл туралы облыстық көліктік бақылау инспекциясының басшысы Ержан Жолдасов өңірлік коммуникациялар қызметінде БАҚ өкілдеріне мәлімдеді.

Инспекция басшысының сөзінше, ҚР Көлік және коммуникация министрінің 2013 жылғы 11 наурыздағы №162 бұйрығына сәйкес өңірдің V жол климаттық жағдайын ескере отырып республикалық маңызы бар автомобиль жолдарында жеке білікке түсетін жүктемесі 8 тоннадан артық көлік құралдарының қозғалысына шектеу енгізілмек. Шектеу биылғы 1 наурыздан 1 сәуір аралығында жүзеге асырылатын болады.

Ал тасжолда жүруге шектеу жасалмайтын көліктер қатарына қандай бағыттағы темір тұлпарлар енеді? Халықаралық келісімдерге сәйкес, жүктердің және жолаушылар тасымалына, төтенше жағдайларды жою және алдын алу жөніндегі іс-шараларды жүзеге асыратын, тез бұзылатын тауарларды, жолаушы мен багаж, дәрі-дәрмектер тасымалдайтын, қайта жаңарту үшін мердігер ұйымдарға берілген учаскелердегі қолданыстағы жамылғы бойынша жол құрылыс жұмыстарына тартылған автомобильдерге шектеу қойылмайды.

Халық-хабар

 


«Алғыс айту – адамзаттың асыл қасиеті PDF Print Email
Жаңалықтар - Халық-хабар
01.03.2018 15:38

Алғыс айту күні – күрделі заманда иық тіресе бірге еңсеріп, қысқа мерзім ішінде Елбасының басшылығымен Тәуелсіз Қазақстанды құру жолында аянбай тер төккен еліміздің барлық азаматтарының бір-біріне құрмет білдіретін айтулы күн.

Соған орай, Ә.Тәжібаев атындағы облыстық әмбебап ғылыми кітапханасы бүгін «Алғыс айту – адамзаттың асыл қасиеті» тақырыбында мерекелік шара ұйымдастырды.

Шараға корей этно-мәдени бірлестігі төрағасының орынбасары Шин Вилорий Николаевич, еврей этно-мәдени бірлестігінің төрайымы Ли Людмила Ивановна және неміс этно-мәдени бірлестігінің төрайымы Шек Ирина Николаевна қатысып, Қазақстан жеріне еріксіз қоныс аударған түрлі этностардың миллиондаған өкілдерінің құтты қонысына айналған қасиетті қазақ жері мен қонақжай қазақ халқына алғыстарын айтты.

Н.Бекежанов атындағы Қызылорда облыстық филармониясының әншілері әннен шашу шашты.

Ә.Тәжібаев атындағы облыстық әмбебап ғылыми кітапханасы

 


ІЗГІЛІКТІҢ ІЗІ БІР PDF Print Email
Жаңалықтар - Саясат
01.03.2018 12:42

Бір шаңырақ астында ырысы мен ынтымағын жарастырып, бір­лігін берекесіне ұлас­тырып отырған Қазақ елінің көпұлтты мемлекет екені әмбеге аян. Ежелден дастарқаны кең, керегесінің көк­жиектей шегі жоқ, жомарттыққа келгенде қазан түбіндегі қаспақ­қа  дейін  қырып  беретін қазақ жұртының жүрегіне әлем сыяды десек асыра мақтағандық емес. Жер бетінде ағаштың жапырағы жасыл болып жай­қалып тұруының себебі оның тамырының нәр алып тұрған топырағының құнарлылығына байланысты. Сол секілді қазақ халқының мейірімге толы жүрегі, көңілінің байтақ елдің жазық даласындай кең болуы рухани қазынасының мол, діңге­гінің мықты болуынан. Соның айқын дәле­лі ретін­де қилы заманның қыспаққа алып тұрған кезеңдерінде жаз жайлауға, қыс қыстауға көшіп-қонып жүрген көшпенді қазақтың жер ауып келген өзге ұлт өкілдеріне шапанның жылуындай жылу сыйлап, тапқан несібесін тең бөліп жеген тұсын айтуға болады. Ұлты бөлек болса да ұраны бір, тілі бөлек болса да тілегі  бір  этнос өкілдері бүгінде қазақ ұлтымен тонның ішкі бауындай араласып, қуанышына да, қайғысына да ор­тақтасып келеді. Мұн­дай ынтымағымыздың ай­тул­ы  мерекесі  ретінде мамыр айының ал­ғаш­қы жұлдызы бірлік күні болып белгіленсе, үш жылдан бері 1 нау­рыз  «Алғыс айту» күні ре­тінде  аталып  келеді.

Өзге ұлт өкілдерінің қазақ халқына деген сыйластығы мен ризашылығын арттырып, достығын жарастыру үшін осы күнді Елбасының өзі таңдаған еді.

- Сталин режимінде әр жылдары, өздеріңіз білетіндей, халықтар түгелдей жер аударылды. Оларды вагондардан ауылдарға тастап кете берді, олардың еш дүниесі болған жоқ. Сол уақытта бұл далада өздері мұқтаж бола отырып, оларды саман үйлеріне қабылдаған қазақтар, қазақ отбасылары ғана өмір сүрді. Саманнан жасалған екі бөлмелі там үйде тұрған біздің отбасы үш баласы­ бар жанұяны қабылдап алды. Көз алдымда олардың бөлменің бір бұрышына­ жиналғанын әрқашан елестете беремін, олар қорқып тұрды. Киімдері жыртылған, аш, тозып кеткен. Олар біздің отбасыда өмір сүрді, жұмыс істей бастады, өмір бойы алғыс айтып өтті. Мен оның балаларымен дос болдым. Қазақстан халқы  Ассамблеясының  құрылған  күні – 1 наурыз барлық ұлттың бір-біріне  және  осы  адамдарды қабыл­даған, аяушылық білдірген қазақтарға Алғыс айту күні деп белгіленсе, әділетті болар еді, - деді ел президенті ҚХА-ның «Мәңгілік Ел: бір ел – бір тағдыр» тақыры­бымен   өткен  ХХІІ  сессия­сы­ның   ашылу  салтанатында.

- 1937 жылы Қиыр Шығыс өлкесінің кәріс  халқын Өзбекстан мен Қазақстан­ға көшіру басталған болатын. Міне, содан­ бері 81 жыл өтті. Кәріс халқы ол кезең­дері салт-дәстүрін сақтау құқынан айырылып, тұратын жерін таңдаудан қалды. Жер аудару кезінде көп адам, әсіресе кішкентай сәбилер қайтыс болды.­ Оларды тауар мен мал таситын вагондарда тасымалдаған. Қазақ халқы кәріс этнос өкілдерін өз жерінде құшақ жая қарсы алып, олардың еңбекқорлығы үшін бағалады. Оны ешкім ұмытпайды. Бүгінгі күні кәріс этнос өкілдері рухани қайта өрлеу, ұмытылған тіл мен мәдениетін қайта қалпына келтіріп жатыр. Олардың қазақ халқының мейірімділігі мен қонақжайлылығына айтар алғысы шек­сіз! - дейді «Қызылорда кәрістер қауымдастығы» облыстық филиалы төрағасының орынбасары Шин Вилорий.

Қазақ халқы зобалаң жылдарда заман­ның зарын тыңдап отырған жоқ, керісінше жаңа өмірге бет бұрып, қадам жасады. Өзінің ділін, тілін, салт-дәс­түрін сақтай алды. Өзге елге жер ауып кеткен жоқ, сол күйді кешкендерді отанын­да қабылдап, ошағына жылытып, құдығынан  су, қазанынан  ас  беріп, несібесіз  қалдырған  емес.

- Менің ата-анам 1944 жылы 17 желтоқсанда Қап тауынан осында жер аударылып  көшіп келген еді. Міне, содан бері 73 жыл бойы  қазақ халқымен бірге тату-тәтті өмір сүріп келеміз. Әкем Сейфо «Біздің аман-есен тірі қалуымыз әуелі Құдайдың, екінші қазақтардың бауырмалдығы, жетім мен жесірге, біз секілді жер ауған халық өкілдеріне достық қолын созуының арқасы» деп жиі айтатын. Оны осы киелі топырақта туған біздер де жақсы сезінеміз. Сол үшін де қазақ халқы­ алдында борыштармыз, зор алғыс айтамыз, - деп ағынан жарылды Жаңақорған­ ауданының тұрғыны, жеке кәсіпкер Амурша  Байсалов.

Рас, өзіміз еңсемізді тіктей алмасақ та, елден пана, халықтан мейірім, жерден несібе іздеп келген түрлі ұлт өкіл­дерін жүрек жылуымен қабылдағанымыз өзгеге үлгі боларлық қасиет. Адам түгілі, шаңырақтың саңылауынан босаға­ға жылан кіріп кетсе де, басына ақ құйып шығарып салған халықпыз. Ал кеудесінде жаны, көзінде оты, көкіре­гінде арманы, қанында тектілігі бар адам  баласына адамгершілік танытып, төрін беріп, табағымызды тосқанымыздың нәтижесінде сан ұлттың тағдыры тоғысқан  елге  айналып  отырмыз.

- Егемендігіне 26 жыл толған Қазақ елі қашаннан да бауырмал. Әр кезеңдерде елімізден пана іздеп келген жат жұрт­тардың бәрін бауырына басып, төрінен орын беріп,  қандай  қиын  кезеңдердің өзінде бір үзім нанды бөліп жеді. Сөйтіп, қаймағы бұзылмаған қазақ жері көп­этносты мемлекет болып шыға келді. Бүгін елімізде 136 ұлт пен ұлыстың өкіл­дері бір тудың астында тату-тәтті ғұмыр кешіп жатыр.  Ұлы Абайдың «Адамзаттың бәрін сүй, бауырым деп» деген өсиеті мен кемеңгер, ойшыл Пифагордың «Жердің жемісін жылына бір көрсек, дос­тың жемісін күнде көреміз» деген даналық­ сөзін басшылыққа алған Елбасымыз «Көп­этносты болуымыз – біздің байлығымыз, мақтанышымыз» деп көрегенділік таныт­ты. Ұлтым молдаван болса да, жүрегім қазақ деп соғады. Мен Қазақстан азаматы болғанымды мақтан етемін, - дейді Арал ауданы, Шевченко атындағы №13 орта мектептің мұғалімі Виктор  Чумаш.

Депортациялық саясаттың қатал жағдайында Қазақ жеріне ешбір дүние-мүліксіз көшіп келген халықтардың бас сауғалап, жан сақтауы тек қазақ халқының жанашырлық көмегінің арқасында­ ғана мүмкін болды. Ен даланың таңдайы кеуіп отырған қазақ аштық нәубеті мен саяси қуғын-сүргін қасіретінен бас көтеріп үлгермесе де, басын қауіп-қатерге тіге отырып, дастарқандағы бір тілім нанымен бөлісіп, тағдыр тәлкегіне түскен ұлт өкілдеріне қол ұшын созды.­ Зорлықпен көшірілген халықтар қилы заманда Қазақ өлкесінен пана тауы­п ғана қойған жоқ, адам төзбес тағдырғ­а қарсы жүзіп, өздері және ұрпақтары үшін екінші Отанын тапты.

- Қазақстан – менің туған Отаным. Осы топырақта дүниеге келгенмін, менің әке-шешем де осы жерде туған. Анам Галина мен әкем Павел бірі ұстаздық етіп, зейнеткерлікке шықса, бірі шаруашылықта механизатор болып жұмыс істейді. Атам Григорий мен әжем Анастасия қазақ жеріне Қиыр Шығыстан 1937 жылдары депортация­ланып келген. Содан бері біздің әулеттің тағдыры Қазақстан халқымен етене байланысып келеді. Осы қасиетті топырақта өстік, өндік, - деді  қазақ  жұртына  алғысын білдіргендердің  бірі Қармақшы  ауданы, ІІІ Интернационал  ауылы, №108 орта мекте­бінің  дене шынықтыру пәні мұғалімі  Ольга  Ким.

Ел арасында «түрлі этнос өкілдерімен бірге тойланатын бірлік күні мерекесі бар, алғыс айту күнінің қажеті қанша?» деген де пікірлер тоғысы бар. Алайда әр мерекенің өз тарихы бар. Мемлекет басшысының қиын замандардағы қазақ халқының қанша отбасына көмегін тигізіп, ажал кемесінен аман алып қалғанының мәнін кейінгі ұрпаққа мұра етіп қалдыру мақсаты болды. Ал бүгінде бұл күннің мән-мағынасын жөнді ұқпай жүргендер жетерлік. Әрине, алғыс айту артықшылық етпейді. Дегенмен, ұлт пен ұлттың бір-бірі­не алғыс айтуы тарихи оқиға­ның астарын ашып береді. Ал қазір бұл күннің маңызын түсінбегендер ата-анасына, құрбы-жолдастарына, туған-туыстарына алғыс жаудырып, не үшін олай етіп жатқанын өздері де ұқпайды. Мәселе, айтылған сөздің түпкі мәні мен мағынасында екенін түйсіну керек.

Нұрбике  ҚАЗИ

 


ТЕКСЕРІСТЕН ТҮҢІЛГЕН «МҰРАГЕР» МҰҒАЛІМДЕРІ қаланың бас педагогіне «сөгіс» бергізді PDF Print Email
Жаңалықтар - Құқық құрығы
01.03.2018 12:38

Қаладағы маңдайалды №2 «Мұрагер» мектебінің мұғалімдері негізсіз тексеруден мезі болғандығы жөнінде жауапты органға ұжымдық арыз түсірген. Айналдырған екі айдың ішінде қалалық білім бөлімі тарапынан толассыз ағылған тексеруге не түрткі болды?

– Қызылорда қалалық білім бөлімі тарапынан 2017 жылдың қазан айында және желтоқсан айының 13-17-сі күндері «Мұрагер» мектебінде тақырыптық зерделеу жұмыстары жүргі­зілген. Арада 4 күн өткеннен кейін 2017 жылдың 20 желтоқсанында №237 бұйрық негізінде бөлім басшысы А.Нұрсейітовпен «Мұрагер» мектебі­не оқу-тәрбие процесіне 2017 жылдың 21-28 желтоқсан аралығында кешен­ді зерделеу жұмыстарын жүргізу тура­лы бұйрығы қабылданып, құрамы 38 адамнан тұратын комиссия жолданған. Дегенмен, қалалық білім бөлімі тарапынан бекітілген жоспардан бөлек 4 күннен кейін тағы да комиссия­ құрылып, қайта тексерілген, - деді Әдеп жөніндегі кеңес хатшылығының меңгерушісі Б.Байхожаев.

Білім бөлімінің әдістемелік каби­нет меңгерушісі Б.Дүйсенбаев «Аталмыш мектепке зерделу жұмыс­тарын жүргізу туралы тапсырма бөлім басшысы А.Нұрсейітов пен орынбасары М.Тәуіпбаева тарапынан  берілді» дейді. Ал бөлім басшысы «2017-2018 оқу жылы басталғалы бері жеке адамдардан және телефон арқылы ата-аналардан шағымдар мен теріс пікірлер көбейіп кетуіне орай №2 «Мұрагер» мектебінің жұмысына кешенді зерделеу жұмыс­тарын жүргізу туралы бұйрық қабылдадым» деп көрсеткен департаментке берген түсініктемесінде. Әдеп кеңес­і отырысында осы мәселе тереңі­рек талқыланды. Жиынға аталмыш мектептің бір топ ұстаз­дары да қатысты.

– Біз жүргізілген тексерулерден мүдірместен өттік. Қаңтар айында маған мектепке жұмысқа алынған кадрлардың диплом сәйкестігі қаралатындығын жеткізді. Бұл құжаттарды сұрап жатқан қалалық білім бөлімі басшысының орынбасары М.Тәуіпбаева екен. Сонда оның алдында­ жүргізілген тексерудің нәтижесі қайда қалды? Жарайды, тексерсе, тексерсін! Бірақ, қайта-қайта тексеру тәрбиеге де, оқу проце­сіне  де кері әсер етеді. Қалалық білім бөліміндегілер «ана құжатты алып кел, мына құжатты алып кел» деп шақырта берді,- дейді №2 «Мұрагер» мектебі директорының оқу ісі жөніндегі орынбасары Айгүл Өткелбаева.

Білім бөліміндегілер оқушылары халықаралық олимпиадалардан жүл­делі орын алып жүрген, қала әкімі­нің грантын иеленген мұғалімді де тексеруге алыпты. Ең қызығы, олардың біліктілігін өзінен категориясы төмен маман тексерген. (Бұл тәжі­рибелі мамандар үшін моральдық тұрғыдан үлкен соққы. - ред.). Осындай келеңсіздікке ұшыраған ұстаздар құзырлы органға шағымдануға бекініпті. «Бұл, әрине, ұжым үшін ұятты жағдай болса да, басқа амалымыз қалмады. Не мақсатпен қайта-қайта тексерудің жүргізіліп жатқанын түсінбедік. Комиссияны жақсылап күтіп алып, жақсылап шығарып саламыз» дейді мұғалімдер. Бұған Әдеп жөніндегі кеңестің мүшесі И.Құттықожаев әзіл-шыны аралас «тексеруге келгендер ең құрығанда түскі ас ішіп кетеді» деп қағытты. Әйтсе де, осы әңгіменің астарында біраз жайттың жатқандығы белгілі. Және бұған қатысты шара көрілу керектігі де сөз болды.

№2 «Мұрагер» мектебін тексеруге  қаладағы мектептерден бақандай 38 мұға­лім іріктеліп алынған. «Қуырдақтың көкесін түйе сойғанда көре­сің» дегендей олардың бір­де-біреуі анау айтқандай кемші­ліктер таппаған. Ал Әдеп кеңесіне шақы­рылған білім бөлімінің басшысы А.Нұрсейі­тов «Мен сырқаттануға байланысты еңбек демалысында жүрген кезде орынбасарым М.Тәуіп­баева зерделеу жұмыстары жүргі­зі­летіндігін аталмыш мектеп дирек­торы мен қала әкімдігіне ескерткен. Орынбасарыма ата-аналар тарапынан ауызша шағымдар түскен», - деді. «ҚР «Жеке және заңды тұлғалардың өтiнiштерiн қарау тәртiбi туралы» Заңның 7-бабының 1-тармағында белгiленген тәртiппен берiлген өтiнiштер (жазбаша, ауызша, электронды түрде) мiндеттi түрде қабылдануға, тiркелуге, есепке алыну­ға және қаралуға тиiс» десе, «ҚР Бас Прокурорының 2015 жылғы 18 желтоқсандағы №147 бұйры­ғы­мен  бекітілген «Жеке және заңды тұлғалардың өтініштерін есепке алу қағидаларының» 4-тармағына сәйкес кез келген келіп түскен өті­ніштің мазмұны бойынша қыс­қаша деректерді өтінішті есепке алу карточкасында немесе ведомстволық ақпараттық есепке алу нысанында бекіту және тіркеу нөмірін таға­йындау арқылы тіркелуі тиіс» деп көрсетілген. Алайда білім бөлімінің өтініштерді тіркеу журналы мен жеке қабылдау карточкаларын тексеру барыс­ында №2 «Мұрагер» мектебінің лауазымды адамдарына немесе оқу-тәрбие процесіне қатысты ата-аналардан ауызша да, жазбаша да еш­қандай өтініш түспегендігі анық­тал­ған. Қызығы сол, желтоқсан айының­  бел ортасынд­а жұмысқа қосылған бөлім басшы­сы А.Нұрсейі­тов  негіз­сіз №237 бұйрыққа  қол қойған.

– Бұл жерде Сіз, орынбасарыңыз М.Тәуіпбаеваның жасаған заңсыз әрекетінің құрбаны болып отырған секілдісіз. Сіз бұл тексерудің басы-қасында жоқсыз, сыр­қаттанып жатқан адамсыз. Дегенмен бұйрыққа қол қоятын өзіңіз емес пе? Менің түсінбей отырғаным, неге бас­қа білім ордасы емес, тек ғана «Мұрагер»  мектебі. «Заңды білмеген жауап­кершіктен құтыла алмайды» деген бар. Мейлі, 38 адам тексеруге барған екен. Сонда «Мұрагер» мек­тебінен 3 кемшілік таппағаны ма? Анықтама­ларыңызда осы мектепке қатыс­ты ешқандай кемшілік жоқ. Сондықтан осы мәселелерге мұқият болу қа­жет,- деді ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жем­қорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі Қызылорда облыс бойынша департаментінің басшысы, Әдеп жөніндегі кеңес төрағасы Абзал Мұхимов. Айтпа­қшы, Әдеп кеңесінің мүшелері білім бөлімін­дегі кадр мәселе­сіне келгенде біраз аңтарылып қалды. Қалалық білім бөлімі басшысының орынбасары М.Тәуіпбаеваның негізгі мамандығы экономист екен. Бүгінде ол бала  күтімімен демал­ыста көрінеді. Жиын барысында сөз алған кеңес мүшелері алдағ­ы уақытта қала әкімдігіне білім саласына  білікті мамандарды тарту керектігін  ескерт­пек.

Әдеп жөніндегі кеңес мүшелері тәртіптік іс материалдарымен толықтай танысып, қалалық білім бөлімінің басшысы А.Нұрсейітов­тің, «Мұрагер» мектебі мұғалімдері­нің уәждерін тыңдап, Қазақстан Республикасы мемлекеттік қызметшілерінің Әдеп кодексінің 5-тармағының 3), 7) тармақшаларында көзделген заңбұзушылықтарға жол бергені үшін бөлім басшысына қатысты «сөгіс» түріндегі тәртіптік шара қолдануды ұсынды.

Қозы  Көрпеш   ЖАСАРАЛҰЛЫ

 


МӘСЕЛЕ НЕГЕ УШЫҒЫП КЕТТІ? PDF Print Email
Жаңалықтар - Мәселенің мәнісі
01.03.2018 12:35

Аймағымызда инвесторлық жолмен жұмыс істеп тұрған бірнеше шетелдік компания бар. Басым көп­шілігі өндірістік салаға қатысты. Сондай мекемелердің бірі «Сибу-Қызылорда» инженерлік-бұрғылау ком­паниясына қатысты дау жараның бетіне тұз сепкендей  ушығып кетті. Мәселе жік болып жердің астынан шыға келген жоқ. Бұған дейін көтеріліп жүрген аталмыш компания жұмысшыларының еңбек құқықтарына қатысты кикілжің қоғамдық сипат ала бастады. Оған себеп мекемеде ауысымдық негізде жұмыс істейтін қарапайым жұмысшылардың ауысымдық кестесі белгіле­нбеген. Жұмысқа бару үшін компанияның еңбек ресурстары департаментінің директоры Әлия Егембергенова жұмысшылардан заңсыз сыйақы талап етіпті-міс. Бір айлықпен жан бағып, бала-шаға асырап­ отырған жұмысшылар да жұмыстан айрылып қалармын­ деген қорқынышпен кадр жөніндегі маман Әлияның аузынан шыққан соманы жеткізіп отырған. Олай етпесе,­  «вахтаға»  бару  мүмкіндігі жоқ. Осындай шек­тен­ шыққан  «қылығына» «тойған» жұмысшылар жер­гілікті  басшылыққа  арыздануға  мәжбүр  болыпты.

Осылайша іс биліктің құлағына  жетіп, тонның оң-терісін анықтау жұмыстары басталған. Бас-аяғы 46 адам қол қойған арыз негізінде аймақ әкімдігі мен тиісті және құзырлы ор­гандар тексеру жұмыстарын жүргізіп, мәселені реттеуге дереу­  кіріскен еді. Алайда араға бір айға жуық уақыт салып жұмысшылар шымкенттік заңгерге «арызданып барғанымыз үшін қудаланып жатырмыз» деп уәж білдірген. Әлеуметтік желіге жүктелген осы мазмұндағы мәтін қоғамдық резонанс туғызып, тиісті сала басшыларының істің анық-қанығын жеткізуі үшін брифинг өткізуіне тура келді. Қос тараптан алған түсініспеушілік жағдайға байланысты жиынға қытайлық «Сибу-Қызылорда» ИБК ЖШС-нің бас дирек­торы Ван Дося, облыстық ішкі істер департаменті бастығының орынбасары Нұрлан Анарбаев, облыстық еңбек саласындағы бақылау басқармасы басшысының орынбасары Тұмар Шалбаева және «Алтай ТоргСервис»  ЖШС-нің  мамандар бөлімінің басшысы Берікбол Жеткергенұлы  қатысты.

- «Сибу-Қызылорда» компаниясының 46 жұмысшысынан Әлия Егембергенованың заңсыз әрекеттеріне қатысты шағым түскен болатын. Арыз бойынша жоспардан тыс тексеру жүргізілді. Нәтижесінде, ауысымдық жұмысқа баратын жұмысшылардың жұмыс кестесінің жоқтығы, сондай-ақ жыл сайынғы еңбек демалы­сына берілетін төлемақының уақытынан кеш берілетіні анықталды. Айта кету керек, заң талаптарына сәйкес бизнес субъектілерін тексеру нақты фактілер көрсетілген арыздар бойынша жүргізіледі. «Сибу-Қызылорда» компаниясы қызме­ткерлерімен бірнеше мәрте  кездестік. Оларда біздің байланыс нөмірлеріміз бар. Кез келген өтініш-шағым бо­йынша дер кезінде көмек көр­сетуге әзір екенімізді ескерт­тік, - деп мәлімдеді облыстық еңбек саласындағы бақылау басқа­рмасы басшысының орынбасары Тұмар Шалбаева.

Арызданушылардың барлығы да Қызылорда облысының азаматтары, оның ішінде Шиелі  ауданының  тұрғын­да­ры­ басым. Мәселе жұмысшылардың қай жерден келгенінде емес, басты мәселе – еңбек құқықтарының қорғалмай, зардап шегіп жүргендерінде. Бүгінде аталмыш компанияда жұмыс істейтін 459 адамның 436-сы – қазақстандық азамат, ал ауысымдық негізде 23 шетелдік жұмыс істейді, оның  3-еуі – басшылық қызметте. Жергілікті қызметкерлердің жұмыс істеу қарқыны мен тәртібінде мін жоқ деп отырған­ компанияның бас директоры Ван Дося жұмысшылардың айлы­ғын 8-10 пайызға көтергенін  айтты.

- Жұмыс көлемінің азаюына­ қарамастан қызметкерлер қысқартылмаған. 2015 жылы компания 11 бұрғылау қондыр­ғысына  қызмет көрсетсе, қазір 3 ғана қондырғы жұмыс істеп тұр. Осыған қарамастан, біз, әкім­дік, жұмыс беруші және жұмысшылардың өкілдері арасындағы үшжақты меморандумға сәйкес жұмыс орындарын сақтап қалдық. Арызданушылардың ешқайсысына қудалау жасал­ған жоқ. Өндірісте істей­тін жұмысшылардың еңбек шарттары мен тамақпен қамтылуына  қатысты кемсітушілік болған  емес. Алдағы айда компания қосымша бұрғылау қондыр­ғыларын іске қосса, тағы 450 адамның жұмыспен қамтылуына мүмкіндік береді. Әкімдіктің ұсынысымен осы жылдың 1 наурызынан бастап бас директордың әлеуметтік мәселелер бойынша орынбасары лауазымын Қазақстан Республикасының азаматы атқарады. Сондай-ақ, БАҚ өкілдеріне  компанияның ар-намысы­ мен абыройын сот арқылы қорғауға құқылы екенін ескерткім келеді, - деді «Сибу-Қызылорда» ИБК ЖШС-нің бас  директоры  Ван  Дося.

Айта  кетейік, ауысым сайын­ ақша  жинап отыру фактісі арызданған  барлық            46 жұмысшыға қатысты емес. Олардың басты талабы – ауы­сым кесте­сінің жасалуы. Одан кейін тамақ­тану мәселесін көтеріп, «Қытай азаматтарына тамақ­тану үшін күніне 4000 теңге, қазақ жұмысшыларына 900 теңге  жұмсалады. Біздің істей­тін  жұмысымыз олардан ауыр» деп заңгер Айгүл Орынбекке жүгінген. Алайда қытайлық компанияны 2013 жылдың қаңтарынан бастап азық-түлікпен қамтамасыз етіп келе жатқан «АлтайТоргСервис» ЖШС мамандар бөлімінің басшысы Б.Жеткергенұлы бұл мәселенің шындыққа түбегей­лі жанаспайтынын мәлім­деді.

- Айырмашылық тек ас мәзі­рінде ғана бар. Қытайлық жұмысшылар  қытай  асханасын, қазақ азаматтар ұлттық тағам­дарды қалайды. Дегенмен, адам басына бөлінетін қаржы сомасы бірдей. Қайталап  айтамын, қаражат сомасы бірдей, - деп қадап  айтты ол.

Ал жұмысшылардың өре түрегеліп, қарсы шыққан Ә.Егембергеноваға  қатысты  іс әлі жалғасуда. Бүгінде ол жұмыстан шеттетілген, әрине, арызданушылардың талабы негізінде.

- Облыстық ішкі істер департаментіне «Сибу-Қызыл­орда» ЖШС қызметкерлері атынан ұжымдық арыз түсті. Бір емес, бірнеше адамның және бұл ұжымдық сипаттағы арыз болғаннан кейін күрде­лілігі бар. Сондықтан істің уақыты да ұзарады. Бүгінде алаяқтық және заңсыз сыйақы алу мәселелері бойынша іс қозғалуда. Әзірге «Сибу-Қы­зыл­орда» ИБК ЖШС еңбек ресурстары департаментінің директоры Ә.Егембергеноваға қатысты ҚР ҚК-нің 190-бабы, 2-бөлігі, 3-тармағы «алаяқтық» дерегі бойынша тергеу амал­дары  жалғасуда. Ал қылмыстық істе жұмысшыларға еш­қандай  қысым  көрсетіліп жатқа­н  жоқ. Тергеу  барысында біз «беттестіру» әдісімен екі тараптың уәжін тыңдап, тек­серу жұмыстарын жүргізіп жатыр­мыз. Аталмыш іс «Сибу-Қы­зылорда» инженерлік-бұр­ғылау компаниясы» ЖШС жұмысшыларының арызы негіз­інде  қозғалды, - деді ОІІД бастығының орынбасары Нұрлан  Анарбаев.

Бүгінде ушыққан мәселе облыс  басшылығының  тікелей назарында болады. Арыз бағытталған компанияның ма­ма­ны жұмыстан шығарылып, жұмысшылардың ауысым кестесі жасалды. Ал тергеп-тексеру амалдары әлі де жалғасады.

Н.ҚАЗИ

 


ОБЛЫС ӘКІМІ ТИТОВТАҒЫ ҚҰЛАҒАН ЖАТАҚХАНА ОРНЫНА БАРДЫ PDF Print Email
Жаңалықтар - Халық-хабар
01.03.2018 12:30

Қызылорда облысының әкімі Қырымбек Көшербаев Титов тұрғын ауданындағы бір бөлігі құлаған жатақхана орнына барды. «Мұрагер» мектебіне уақытша орналастырылған тұрғындармен жүздесті.

Естеріңізге сала кетейік, 28 ақпанда жергілікті уақытпен сағат 22.40-та Титов тұрғын ауданы 16А мекенжайы бойынша орналасқан жатақхананың тұрғындар қоныстанбаған бөлігі құлады. Ғимараттың төртінші подъездінің 1 және 5-қабаты аралығындағы бөлігі опырылып түсті. Зардап шеккендер жоқ. Жатақхананың екінші бөлігінде тұратын 46 отбасы қауіпсіз жерге, «Мұрагер» мектебіндегі эвакуациялық бекетке көшірілді. Оларға алғашқы медициналық және психологиялық көмек көрсетілді. Тұрғындар тамақ және дәрі-дәрмекпен қамтамасыз етілді.

Қазіргі таңда, аталған жатақхананы бұзу туралы шешім қабылданды. Облыс әкімі Көшербаевтың тапсырмасына сәйкес, тұрғындар 6 ай мерзімге уақытша тұрғын үймен қамтамасыз етіледі. Қаржысы жергілікті бюджеттен беріледі. Сондай-ақ, арнайы комиссия құрылып, олар әр тұрғынның жағдайын зерттеп, заң шеңберінде баспанамен қамтамасыз етілмек.

Аталған жағдай облыс əкімдігі мен қала басшылығының жіті бақылауында.

Облыс әкімінің баспасөз қызметі

 


АЛҒЫС АЙТУ - ПАРЫЗ PDF Print Email
Жаңалықтар - Халық-хабар
01.03.2018 12:25

Кеше Алғыс айту күніне орай Жалағаш ауданында «Алғыс айту - парыз» атты кездесу өтті. Кездесуге аудан әкімінің орынбасары Жағыпар Айтбайұлы, аудандық соттың бас маманы Ж.Қоңырбаев, «Жалағаш ауданының Төтенше жағдайлар бөлімі» РММ аға инженері А.Арапбаев, ауылдық округ әкімдері, түрлі этнос өкілдері, БАҚ өкілдері қатысты.

Шара барысында түрлі этнос өкілдерінің қолөнер бұйымдарынан жасалған көрме, кітаптар көрмесі қойылды. Жиылған қауымды аудан әкімінің орынбасары Ж.Тажмаханов айтулы күнмен құттықтап, аудандағы қоғамдық келісім мен этносаралық бірліктің нығаюына өзіндік үлесін қосып жүрген бірқатар азаматтарды Қызылорда облысы әкімі аппаратының «Қоғамдық келісім» КММ-нің Алғыс хатымен марапаттады.

Шарада сөз алған «Жалағаш достық мекені» қоғамдық бірлестігінің төрайымы Д.Мирман барша азаматтарға алғыс білдіріп, бірлестік атынан Ризалық хат және арнайы сыйлықтар табыстады. Ал, шешен этносының өкілі А.Орсиханова  ыстық ықыласын білдірсе, кәріс этносының өкілі М.Цой аудандағы барлық түрлі этнос өкілдерінің атынан елге, аудан әкімдігіне зор алғысын білдіріп, арнайы қолдан жасалған қолөнер бұйымын аудан әкімдігіне табыстады.

Кеште аудандық мәдениет үйінің өнерпаздары өнер көрсетті.

Жалағаш ауданы ішкі саясат бөлімі

 


ҚЫЗЫЛОРДАДА ТҰРҒЫНДАР ҚОНЫСТАНБАҒАН ЖАТАҚХАНА ҚҰЛАДЫ PDF Print Email
Жаңалықтар - Халық-хабар
01.03.2018 12:20

Титов тұрғын ауданында ұзақ уақыттан бері бос тұрған ескі жатақхана ғимаратының бір бөлігі құлап қалды. 1971 жылы салынған ғимарат Титов 16А тұрғын ауданында орналасқан.

Төтенше жағдайлар департаментінің хабарлауынша, 28 ақпанда түнгі сағат 22.40 шамасында жатақхананың бос тұрған бөлігі опырылып түскен. Жедел ақпарат бойынша зардап шеккендер жоқ.

Қала әкімінің орынбасары Асылбек Шәменовтің айтуынша, оқыс оқиға туралы хабар жергілікті уақытпен сағат 22.40-та түскен.

«Жедел жұмыстар жүргізіліп, жатақханада тұратын 46 жанұяны қауіпсіз жерге эвакуацияладық. Оларға алғашқы  медициналық және психологиялық көмек көрсетілді. Тұрғындар тамақ және  дәрі-дәрмекпен қамтамасыз етілді. Қаладағы жедел штаб қажетті заттарды жинау жұмыстарын жүргізІп жатыр. Алдағы уақытта болған жағдайға байланысты нақты ақпарат беріледі»,-деді қала әкімінің орынбасары.

Облыстық төтенше жағдайлар департаментінің бастығы Омар Бержанов апат болғандығы жөнінде 112 телефонына хабарлама түскен бойда оқиға орнына "Оңтүстік өңірлік аэроұтқыр құтқару жасағының" 1-бөлімшесі жіберілгенін мәлімдеді.

«Олар Титов қыстағындағы 16А мекенжайындағы жатақханының 4 подъезінің 1-қабатынан 5-қабатқа дейін құлағандығы анықталды. Қазіргі кезде осы жерде жеке құрамның 82 маманы мен 17 арнайы техника жұмыс жасап жатыр»,-деді төтенше жағдайлар департаментінің бастығы.

«Талап» пәтер иелері кооперативінің төрайымы Улья Арынованың айтуынша, жатақхананың құлаған бөлігінде тұрғындар болмаған.

«Құлаған жерде адам болған жоқ, бұл бөлік бос тұрған. Адам шығыны болған жоқ. Ар жағында тұратын 46 пәтердегі тұрғындар «Мұрагер» мектебіне шұғыл көшірілді. Ертең, 1 наурызда олардың уақытша тұрғылықты жерлері қайдан берілетіндігі анықталады. Апаттың себептері анықталып жатыр. Әзірге неден болғаны белгісіз»,- деді Улья Арынова.

 

Аталған жайт облыс əкімдігі мен қала əкімдігінің жіті бақылауында.

 

Қызылорда қаласы әкімдігінің баспасөз қызметі

 


Күнтізбе

< Наурыз 2018 >
      2 3 4
5 6 7 8 9 10 11
12 13 14 15 16 17 18
19 20 21 22 23 24 25
26 27 28 29 30 31  

Сауалнама

Аса мәртебелі шенеуніктердің қылмысқа шатылып жатқандығы нені аңғартады?
 

Ауа райы

Валюта бағамы

Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі валюталардың ресми бағамдары