Оқырманнан хат
Келіп кету есептегіші








![]() | Бүгін | 673 |
![]() | Кеше | 2076 |
![]() | Осы аптада | 673 |
![]() | Өткен аптада | 15302 |
![]() | Осы айда | 36163 |
![]() | Өткен айда | 52979 |
![]() | Бәрі | 3573183 |
БАС ПРОКУРАТУРА "ҚАЗАҚСТАННЫҢ ДЕМОКРАТИЯЛЫҚ ТАҢДАУЫ" ҚОЗҒАЛЫСЫН ЭКСТРЕМИСТІК ДЕП ТАНЫДЫ |
![]() |
![]() |
![]() |
Жаңалықтар - Халық-хабар |
16.03.2018 09:17 |
Айта кету керек, Мұхтар Әбіләзов 20 жыл бас бостандығынан айыруға соттталған. Ол сотпен қылмыстық қоғамдастықты құрғаны, 7,5 млрд АҚШ долларын ұрлап, шетелге шығарғаны үшін кінәлі болып танылған. "Шетелде сот жазасынан жасырынып жүрген Әбілязов Қазақстан Республикасы Конституциясының талаптарын бұзып, конституциялық құрылысты күштеп өзгертуді насихаттау мен үгіттеу бойынша заңсыз әрекетін жалғастыруда. Интеренет желілер, месенджерлер, сондай-ақ әртүрлі әлеуметтік топтарға парақшалар тарату арқылы, Әбілязов белсенді түрде Қазақстанның азаматтарын қозғалысқа қосылуға шақырады, қазіргі биліктің жағымсыз бейнесін құрып, қоғамда наразылық көңіл күй қалыптастыруда. Осылайша, жоспарлы түрде әлеуметтік араздық пен алауыздықты қоздыруда", - деді Оксана Ласкутова. Сонымен қатар, 2018 жылғы 13 наурызда Астана қаласының Есіл аудандық сотының шешімімен қозғалыстың әрекеті экстремистік деп танылып, оған Қазақстан Республикасының барлық аумағында тыйым салынды. Ал, ҚР Бас прокуратурасының Қылмыстық қудалау қызметінің бастығы Ерлан Абаевтың айтуынша, ҚДТ қозғалысына қолдау көрсету қылмыс болып саналады. "Қозғалыстың идеясын үгіттеу және насихаттау, оның жарияланымдарын, парақшаларын, посттарын, пікірлерін және басқа да ақпараттық материалдарын дайындап, шығару, көбейту және таратып, пікір жазғаны, қаржыландырғаны үшін Қылмыстық кодекстің 182, 258 және 405-баптарына сәйкес қылмыстық жауапкершілік көзделеді", - деді Е.Абаев. Сондай-ақ, заңнамаға сәйкес, экстремистік топтың әрекетіне қатысуды өз еркімен тоқтатқан адам қылмыстық жауаптылықтан босатылады. |
ҚЫЗЫЛОРДАДА ЖЕРДІ ҚАШЫҚТЫҚТАН ЗОНДТАУ ЖОБАСЫ ТАНЫСТЫРЫЛДЫ |
![]() |
![]() |
![]() |
Жаңалықтар - Халық-хабар |
15.03.2018 17:36 |
Қызылорда облысының ситуациялық орталығында облыс әкімі Қ.Көшербаев, «Қазақстан Ғарыш Сапары» ҰК» АҚ вице-президенті Айдын Айымбетов және компания қызметкерлері, сондай-ақ, мемлекеттік орган басшыларының қатысуымен өткен жерді қашықтықтан зондтау және «Смарт сити» жобаларының презентациясы өтті. Онда жобаны жүзеге асырудың артықшылықтары таныстырылып, оны Сыр өңірінде еңгізу мәселелері талқыланды. «Бұл жобалардың болашағы зор, сондықтан біз оларды қолға алуға мүдделіміз. Осы орайда Қызылорда облысында әріптестік орнатуға жағдай жасалды, өйткені бізде Қазақстандағы тұңғыш ситуациялық орталық жұмыс істеп тұр. Сондай-ақ, Татарстан және Қытай елдеріндегі «ақылды қала» құру тәжірибелері зерттеліп, бірлескен жобаларды жүзеге асыру жөнінде келісімдерге қол қойылды, математикалық және ІТ-мамандықтар бойынша кадрларды дайындау бағдарламасы іске асырылуда», - деді облыс әкімі Қ.Көшербаев. Өз кезегінде, Айдын Айымбетов аймақтың қарқынды даму үстінде екенін және оң өзгерістер көп екенін атап өтті. «Осы жобаны таныстыруға және әріптестік орнатуға ниеттеріңіз үшін рақмет. Өз тарапымыздан, біз Қызылорда облысын әрі қарай дамыту үшін қолдау көрсетуге әзірміз», - деді Айдын Айымбетов. «Қазақстан Ғарыш Сапары» компаниясы қызметкерлерінің айтуынша, жерді қашықтықтан зондтау деректерін өз бетімен иеленген жер телімдерін анықтау; жерді аймақтарға бөлу жобасын жасауды ұйымдастыру бойынша көмектесу; қатты тұрмыстық қалдықтардың мониторингі; көпжылдық көшеттердің мониторингі; жер қойнауын пайдаланушылардың лицензиялық учаскелерінің мониторингі; ауыл шаруашылық өндіріс мониторингі; табиғи ресурстар мониторингі және жағдайын бағалау; су тасқандары жағдайының мониторингі, қар қорын бағалау және т.б., облыстың жерлерді тиімді қолдану бойынша бағдарламалар, жобалар және сызбаларды жүзеге асыруға көмектесу үшін қолдануға болады. Презентация қорытындысымен облыс әкімі жауапты тұлғаларға таныстырылған жобаларды аймақта еңгізу мақсатында қажетті шараларды қолға алуды және тиімді әріптестік салаларын анықтауды тапсырды. Облыс әкімінің баспасөз қызметі |
Қарымы қарқынды «Арал құрылысы» |
![]() |
![]() |
![]() |
Жаңалықтар - Халық-хабар |
15.03.2018 14:35 |
Аталмыш мекеме Арал ауданындағы бұрынғы теміржол саласындағы көпір құрылысы мекемесінің ізінен құрылған дейді біздегі деректе. Құрылыс-монтаж, күрделі және жай жөндеу, автокөлік, теміржол құрылысы жұмыстарымен айналысатын іргелі де материалдық-техникалық мықты базасы, темір-бетон бұйымдарын дайындайтын, ағаш кесіп өңдейтін басқа да цехы, қуатты техникалары, теміржол тұйығы бар кіші кәсіпкерлік саласындағы заңды тұлға. Айта кетерлігі, мекеме жұмысын бастағаннан тізгінін ұстаған Құлмырзаев Оразғали ағамыз қазіргі таңда зейнеткерлік демалыста болса, әке жолын үлкен ұлы Мейрамбек абыройлы жалғастырып жүр. «Арал құрылысы» ЖШС құрылыс жұмысын алған лицензиясына сай жүргізеді. Мекемеде бірқатар адам тұрақты жұмыспен қамтылған. Жазғы маусым кезінде бұл көрсеткіш арта түседі», - дейді М.Құлмырзаев. Дағдарыс дендеген шақта әр адамның жұмыспен қамтылуы өте маңызды екенін ешкім жоққа шығара алмайды. Ал ауданның қаншама адамын жұмыспен қамтып отырған «Арал құрылысы» ЖШС басшыларының бұл игі қадамы қалай мақтасақ та лайықты. Еңбек адамының көпшілігі суырылып сөйлегеннен гөрі нақты іспен айналысқанды абзал санайтыны үйреншікті жайт. Бұл жолы да сондай сезімде болдық. Мейрамбек менің қойған сауалыма тайға таңба басқандай нық жауап қайтарды. Оның байсалды үнінен жастыққа тән жігер-қайратты, сенім лебін аңғардым. Тағы да сана түкпірінде «жас келсе - іске» деген халық даналығы қылаң берді. Мына төмендегі біз жеткізер жайт шаруаны ұқсата алған адамның ұтылмасын дәлелдей түскендей. Темір-бетон цехын қайта жарақтандыру бетон өнімдерін өндіру көрсеткішін арттыруға, мұнай өнімдерін сақтау орнын қайта жарақтандыру сақталатын мұнай өнімдерінің көлемін ұлғайтуға, теміржол тұйығын, құрылыс техникаларын, қойма орындарын жалға беру негізгі қызмет түрлерінің ауқымын кеңейтуге жол ашты. Айта кетерлігі, мекеме күрделі құрылыс жүргізу және қайта жөндеу жұмыстарымен қатар, жол салуға қоса автокөлік жолдарын күрделі, орташа жөндеу, қалпына келтірумен де айналысады. Осынау жылдар аралығында «Арал құрылысы» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің қалдырған қолтаңбасын көп жерлерден кездестіруге болады. Солардың арасынан тындырылған бірнеше жұмысқа тоқтала кетсек. Баршаны елең еткізген «Сексеуіл-Жезқазған» теміржолында «Арал құрылыстың» ауыр құрылыс техникалары жер жұмыстарын атқаруға қатысқан болатын. Нәтижесінде бірқатар адам еңбек етіп, табыс тапты. Осының арқасында өндірістік базада да жол құрылысына қажетті темір-бетонды құйып, дайындауға атсалысты. Мұнан біршама уақыт бұрын «Сарыбұлақ-Қазалы» су құбырын жүргізу үшін теміржол тұйығын пайдаланып, вагонмен келген темір-бетон мен су құбырларын түсіріп, тиеп берумен айналысты. Сондай-ақ «Батыс Қытай – Батыс Еуропа» көлік жолын салуға да қатысып, вагонмен келген құм-тастарын түсіріп, тасу, «Бозой – Шымкент» газ трубаларын теміржол тұйығына түсіріп, жинап, қайта тиеу барысында да ыждағаттылық танытты. Әке жолын қуған Мейрамбек Оразғалиұлы мен ол басшылық жасайтын ұжымның тыныс-тіршілігі туралы ел азаматтарынан сұрастырған болатынбыз. - «Арал құрылысы» ЖШС-нің жұмыс көлемі жылдан-жылға қарқын алуда. Мәселен, (жетекшісі М.Құлмырзаев) «Қонақүй кешені құрылысын салу» жобасының құны 234 млн теңге болатын. Сауда кешені өткен жылы толығымен іске қосылды. Кешенде 30 адам жұмыспен қамтылып отыр. «Бизнестің жол картасы-2020» бизнесті қолдау мен дамытудың бірыңғай бағдарламасы аясында несие алып, аталған жоба бойынша алынған несиенің пайыздық мөлшерлемесі субсидияланып отыр. Сондай-ақ «Асфальт-бетон зауытын ашу» жобасы 2017 жылы облыс әкімінің қатысуымен өткен телекөпір барысында пайдалануға берілді. «Арал құрылыстың» қадамы қарымды. Алға койған ауқымды жоспарлары да аз емес. Мемлекет тарапынан жасалған қолдау, жеңілдіктерді де тиімді пайдаланады. Мейрамбектің өзіне келсек, тұрмысы төмен отбасыларға қолдау көрсетуден, аудандағы ұлағаты мол істерге демеушілік танытудан ешқашан тартынып қалмайды. Нағыз елі-жеріне шынайы жаны ашитын кең пейілді азамат, - дейді Арал аудандық кәсіпкерлік бөлімінің басшысы Бектемір Жұмағұлов. «Халықтан асқан сыншы жоқ». Ендеше, ел бағасына біз де қосылдық. Жұмабек Табынбаев, Арал ауданы |
Өнімдердің қауіпсіздігі қадағаланды |
![]() |
![]() |
![]() |
Жаңалықтар - Халық-хабар |
15.03.2018 12:52 |
ҚР ДСМ ҚДСК "Ұлттық сараптама орталығы" ШЖҚ РМК Қызылорда облысы бойынша филиалымен жүргізілген зерттеулердің қорытындысы бойынша 2226 сынаманың 48 немесе 2,1% техникалық регламенттер талаптарына сәйкес келмеген, оның ішінде таңбалануы бойынша 24 сынама, санитарлы-химиялық көрсеткіші бойынша - 3, микробиологиялық көрсеткіші бойынша - 21 сынама. Сәйкес келмеген 48 сынаманың 79% (38 сынама) тағам өнімдерінің үлесінде болса, оның 19 кулинариялық өнімдердің, 7 сынама ет және ет өнімдерінің, 2 сынамадан құс еті, сүт және сүт өнімдері, ұн, макарон, жарма өнімдері 3 сынама көкөністермен жеміс-жидектер, 1 сынамадан тұз, кондитерлік және мамандандырылған өнімдер құрады. Сонымен қатар 3 сынама жеңіл өнеркәсіп өнімдері мен 7 сынама балаларға арналған ойыншықтардан сәйкессіздік анықталды. Анықталған кемшіліктерге сәйкес 16 нысанға ҚР-ның халықтың санитарлық-эпидемиологиялық салауаттылығы саласындағы заңнамасының талаптарын бұзуды жою жөніндегі нұсқамалар берілді. Нұсқама орындалуын тексеру бойынша 12 объекті жоспардан тыс тексерумен қамтылды. Тексерулер нәтижесімен ҚР «Әкімшілік құқық бұзушылық туралы» Кодексінің 425-баптың 1-бөлімі бойынша 5 нысанға жалпы соммасы 158830 теңге айыппұл салынса, 1 материал ҚР «Әкімшілік құқық бұзушылық туралы» Кодексінің 462-бабының 3-тармағына сәйкес сотқа жолданып, сот шешімімен 100 АЕК көлемінде айыппұл салынды. Өңірлік коммуникациялар қызметі |
Ұлыстың ұлы күнін тойлау басталып кетті |
![]() |
![]() |
![]() |
Жаңалықтар - Халық-хабар | ||||||||||||||||||||||||||||||||||||||||||||||||||||||||||||||||||||||||||||||||||||||||||||||||||||||||||||||||||||||||||||||||||||||||||||||||||||||||||||||||||||||||||||||||||||||||||||||||||||||||||||||||||||||||||||||||
15.03.2018 12:46 | ||||||||||||||||||||||||||||||||||||||||||||||||||||||||||||||||||||||||||||||||||||||||||||||||||||||||||||||||||||||||||||||||||||||||||||||||||||||||||||||||||||||||||||||||||||||||||||||||||||||||||||||||||||||||||||||||
«Наурыз дәстүр» күні болып бекітілген 16 наурыз күні қала көлеміндегі барлық білім беру мекемелерінде «Қош келдің, Наурыз!» тақырыбымен мерекелік салтанатты шаралар ұйымдастырылып, «Наурыз мейрамы» ұғымының пайда болу тарихы бойынша танымдық сабақтар тізбегі өткізілетін болады. Бұл бағыттағы шаралардың жалғасы ретінде халыққа танымал зиялы қауым өкілдерін, еңбек ардагерлерін тарта отырып, оқушыларға ынтымақ пен бірліктің, мызғымас татулықтың Тәуелсіздігімізді баянды етуге тигізер ықпалын түсіндіру мақсатында «Ұрпақтар сабақтастығы» тақырыбымен кездесу шаралары ұйымдастырылады. Сонымен қатар, қаладағы ЖОО-ның студентері арасында қалалық мәдениет және демалыс паркінде ұлттық спорт түрлерінен студенттер арасында сайыстар ұйымдастырылып, жеңімпаздар бағалы сыйлықтармен марапатталатын болады. Ал, 17 наурыз «Наурыз-жаңару» күні болып бекітіліп, бұл күні арнайы белгіленген орындарда «Наурыз береке» тақырыбымен халыққа қолжетімді бағада ауылшаруашылық өнімдерінің жәрмеңкесі ұйымдастырылып, оған аудандардың кәсіпкерлері өз өнімдерін ұсынады деп күтілуде. Қызылорда қаласы – Толыбеков көшесінің бойы; Шиелі ауданы – Тасбөгет кентінің орталық алаңы; Жаңақорған ауданы – «Астана» даңғылының бойында. Қаладағы ерікті жастардың бастамасымен Ұлы Отан соғысы, еңбек және тыл ардагерлерлері, тұрмысы төмен жалғызбасты азаматтарға «Ардагерлерге тағзым» атты қысқы мезгілден кейінгі тазалау, көркейту-көгалдандыру жұмыстарына жәрдем беру шаралары өтеді. Сонымен қатар, мереке қарсаңында тұрғындарды көркейту-көгалдандыру шарасына тарта отырып, «Наурыз – Көк» тақырыбымен жалпыхалықтық сенбіліктер ұйымдастырылып, «Наурыз - Тал» экологиялық акциясы аясында 2000 ағаш көшеті отырғызылатын болады. «Наурыз салауаты» күні, яғни 18 наурыз күні қала тұрғындары арасында ұлттық ойын түрлерінен сайыстар ұйымдастырылып, жеңімпаздар бағалы сыйлықтармен марапатталатын болады. Сонымен қатар, қала көлеміндегі барлық спорт алаңдарында заманауи спорт түрлерінен (Воркаут, Стритбол, Скейтбол) жас ерекшеліктеріне қарамай біріншіліктер өткізіледі. «Наурыз тарту» күні болып бекітілген 19 наурыз күні «Қазантаев» көшесінің бойында («Жайна», «Қасиет», «Бірлік» СҮ-нің алдында) қала көлеміндегі «Сыбаға», «Жайна», «Талғат» базары кәсіпкерлерінің тұрғындарға арналған сый тартуы ретінде киіз үйлер тігіліп, халыққа тегін дәмділер таратылатын болады. 20 наурыз күнін «Наурыз думан» күні етіп бекітіп, бұл күні басымдық кент және ауылдық округтердегі мерекелік шараларға берілді. Қалаға қарасты елді мекендердегі мәдениет үйі мен клубтарда, орталық алаңдарда мерекелік шаралар ұйымдастырылып, тұрғындардың басым көпшілігін тарту көзделіп отыр. Әз наурыз – жыл басы (Жастар күні) ретінде белгіленген 21 наурыз күні орталық алаңда жастардың «Домбыра думан» мерекелік шарасы ұйымдастырылып, кешкі уақытта Наурыз мерекесіне арналған «Жастар» кеші өткізіледі. Мерекелік шара барысында өз өнерімен танымал болып жүрген қала жастары қала тұрғындарына, жастарға өз өнерлерін паш ететін болады. 22 наурыз күні орталық алаңда Ұлыстың Ұлы күнін атап өтуге арналған театрландырылған қойылымдар ұйымдастырылып, Астананың 20 жылдығы және Қызылорда қаласының 200 жылдық мерейтойы аясында қала тұрғындарына арналған тақырыптық бағыттары бекітілген киіз үйлер тігіледі. Өңірлік коммуникациялар қызметі
|
ПРЕЗИДЕНТ ПӘРМЕНІ: бұлжытпағандар һәм бойсұнбағандар |
![]() |
![]() |
![]() |
Жаңалықтар - Саясат |
15.03.2018 12:19 |
Тарқата кетейік, мемлекет басшысы Ақпарат және коммуникациялар министрі Дәурен Абаевты қабылдаған сәтінде “...Парламент пен Үкіметтің қызметі мемлекеттік тілде жүргізілуге тиіс. Сондай-ақ, бұл мәселе бойынша азаматтардың құқығын шектеуге болмайды. Бұл ретте ілеспе аударма жасау мүмкіндігі бар” деген болатын. Бұған дейін Елбасы әр жылдары “Қазақстанның болашағы – Қазақ тілінде”, “Қазақ қазақпен қазақша сөйлессін” деген секілді айшықты сөздерімен де мемлекеттік тілдің мәртебесін көтеріп, маңыздылығына тоқталып жүрген-ді. Мемлекет басшысының айтқаны сол еді, ертесіне мәжілісте жаппай қазақша сөйлеу “науқаны” басталып кетті. Біздегі көп жайттардың белгілі бір уақыт аралығын ғана қамтитынын ескеріп, науқан демеске шарамыз жоқ. Сонымен, ұлты өзге мәжіліс депутаттары да Үкімет мүшелеріне қазақша сауал жолдап, таңғалдырды. Олардың қатарында Наринэ Микалян, Ирина Унжаков, Магеррам Магеррамовтар бар. Ұлттық Банк әзірлеген заң жобасында сақтандыру полисіне қатысты шикілік бар екен. Соны меңзеген мәжіліс депутаты Геннадий Шиповских: “Құрметті Данияр Талғатұлы, қазіргі уақытта көлік құралдары иелерінің азаматтық-құқықтық жауапкершілігі бойынша сақтандыру полисі бір жылға жасалады. Неліктен сақтандыру полисі сақтандырудың жалпы қолдану мерзімі толық өткенше, яғни бір жылға немесе сақтандырудың барлық сомасы біткенше жарамды болмайды?” деген сауал жолдаған-ды. Ұлттық Банк төрағасы Данияр Ақышевтың “А, сұрағыңызға рақмет. Өте маңызды, өте дұрыс сұрақ. Қазіргі уақытта бұл мәселені халықаралық тәжірибені ескере отырып, қарастырып отырмыз. Жол апаты болған жағдайда кінәлі тұлғаны сот анықтайды” деп тоқтағаны сол еді, мәжіліс спикері Нұрлан Нығматулин Геннадий Шиповскихке қарап, атын атап, одан “қанағаттандыңыз ба?” деп сұрағандай болды. - Кешірім сұраймын, құрметті Нұрлан Зайроллаұлы, алайда мен баяндамашының сұрағына қанағаттанған жоқпын. Сондықтан да өз сұрағымды қайтадан қоюға мәжбүр болып отырмын, - деді Мәжіліс депутаты Геннадий Шиповских. Осы кезде Ақышевтың түрі өзгеріп сала берді. “Мен жауап бердім. Бәрі осы...” деді созбақтайтын дым таппай. Мәжіліс спикері Нұрлан Нығматулинның “Жоқ, сіз мына оқып берген басқаша болды ғой, сұраққа қарағанда. Сол ғой депутат Шиповскихтың...” дегенімен әңгіме біте қалмады. Ұлттық Банк төрағасы сұрақтарға алдын ала дайындалып келгенімен, сын сағатта “шпаргалкасын” таппай қалғандай көрінді. Тілін сындырып, Президент пәрменін бұлжытпай орындаған төраға ақырында сауалға жазбаша жауап беретін болды. Мұнан шығатын қорытынды қандай? Орыс қазақ тілінде мүдірмей, таза сөйлеп тұр. Ал, қазақ ана тілінде сөйлей алмауда. Ал, Үкімет отырысында қазақшасына сәл орысша қосып алған Білім және ғылым министрі Ерлан Сағадиев журналистерге “келесіде 100 пайыз қазақша сөйлеймін” деп уәде берді. Естеріңізде болса, бұған дейін Ұлттық банк төрағасы Данияр Ақышов пен Ұлттық экономика министрі Тимур Сүлейменов те қазақша сөйлейміз деп уәде берген-ді. “Уәде – Құдайдың сөзі” дейтін болсақ, Құдайдың сөзін олардың қаншалықты орындап жүргенін сырттай бағамдай жүргеніңіз абзал. Айтпақшы, қазақша отырысты бұзғандардың бірі – Ақмола облысының әкімі Мәлік Мырзалин болды. Ал, Әділет министрі Марат Бекетаев журналистерге: “Енді, өзіңіз көріп отырсыз ғой. Үйреніп жатырмын” деді. Біз оның үйреніп жатқанын көпшілікке көпше түрде айтпағанынан біліп алдық. Сонымен қатар, Ішкі істер министрі Қалмұханбет Қасымов анау-мынауға бағына бермейтінін дәлелдеп кеткендей. Тиісінше, Инвестициялар және даму министрі Жеңіс Қасымбек баяндамасын толық қазақша жүргізіп шықты. Өз кезегінде Энергетика министрі Қанат Бозымбаев тілі келмей, күрмеліп, біраз қиналса да, тілге адалдық танытты. Сондай-ақ, Ауыл шаруашылығы вице-министрі Арман Евниев қазақша сөйлеймін деп өзінің не айтқанын түсінбей қалған секілді. Абырой болғанда Премьер-министр Бақытжан Сағынтаев Үкімет отырысын бастан-аяқ қазақша жүргізді. Айта кету керек, Парламент пен Үкіметте бұл жолы бас бұғып, үндемей қалғандардың да қатары көп болды. - Жұрт “Президент “Үкімет пен Парламент қазақша сөйлесін” деді” деп мәз болып жатыр, ал мен дал болып отырмын. Біріншіден, бұл мәселе сөзбен емес, заңмен шешілуі керек. Егер Президенттің сөзі Жарлық ретінде шықса ғана “шүкір” деуімізге болады. Сөз айтылады да, қалады... ...Өз басым, ешбір елде, ешбір жерде мемлекеттік тілі бар елдің Үкіметі мен Парламентіне мемлекеттік тілде сөйлеу керек деген үндеуді естімеппін, - дейді саясаткер Дос Көшім. Айтпақшы, “Президенттің талабы талқыланбайды” деген бар. Бірақ, ертесіне Ақпарат және коммуникациялар министрі Дәурен Абаев Мемлекет басшысының сөзіне түзетулер енгізгісі келіп, ой қозғаған еді. Шыны керек, Абаевтың сөзін адам айтып жатыр екен-ау деп тыңдағандар аз болды-ау. Бірауыз сөзден кейін мемлекеттік тілдің айналасында жақсысы мен жаманы бар жаңалықтар легі толып қалды. Орыс тіліне ешкімнің шектеу қоймағанын айтқан Сенат депутаты Дариға Назарбаева “Құдайға шүкір, ондай әлі болмайтын да шығар” деп қойып қалды. Қазақша тәуір сөйлейтін сенатордың бұл сөзі әлеуметтік желілерде біраз талқыланды. Есесіне тағы бір сенатор Мұрат Бақтиярұлы балабақшаларда бөбектерді тек қазақ тілінде тәрбиелеп, латын графикасына негізделген әліпбимен оқыту жүйесіне көшіруді ұсынды. Қызығы сол, Астанада министрлер, шенеуніктер мен депутаттар қазақ тілі курстарына жаппай ағыла бастапты. Мемлекеттік тілді үйрететін мұғалімдер вип-клиентерінің барлығын қабылдап үлгере алмай жатқан көрінеді. Демек, Парламент пен Үкімет мүшелері тілді тездетіп үйреніп алуға жанталасуда. Дәл қазіргі жағдайға қарағанда, шенеуніктер бұдан былай қазақшасыз жұмыс істеу қиын болатынын мойындап, жете түсінген секілді. Елімізде ана тіліміз үшін трамвайдың астына түсуге дайын жан бар екенін білдік. Әйгілі “AirAstana” әуекомпаниясын сотта жеңіп, тіл тәуелсіздігін алып берген түркиялық азамат та табылды. Қысқасы, “қазақ тілім не көрмеді, тіл жолында тұлғаларым не көрмеді?” дегеннен асырып айта алмайтын сияқтымыз. Енді, Президент сөзі заң жүзінде іске асып, қазақ тілін барлығынан талап ететіндей деңгейге жетсек, қанеки! Сонда ғана мемлекеттік тілге миы жетпейтіндер министр болмас еді, мемлекеттік тілдің мәртебесі биіктер еді...
Ш.ШАТҚАЛ |
ЕМХАНА ҚЫЗМЕТІНЕ КӨҢІЛІМІЗ ТОЛМАЙДЫ |
![]() |
![]() |
![]() |
Жаңалықтар - Мәселенің мәнісі |
15.03.2018 12:11 |
Өткенде ауылдық округ әкімшілігі ұйымдастырған қоғамдық кеңес отырысының біріне қатысқан едік. Сол жиында айтылған жергілікті қоғамдық кеңес және халық алдында ауылдағы мекеме басшылары есеп беретіні қуантарлық жағдай. Осы жылғы ақпан айында ауылдық емхананың есебі тыңдалатыны жадыма жазылып, маза бермей келеді. «Дені саудың – жаны сау» демей ме қазақ атамыз. Қай жерің ауырса, жаның сол жерде деген де бар. Алайда қынжылтатыны сол, даңғарадай ғимараты бар, барлық жағдайы жасалған ауылдық емхана қызметінің өте төмен деңгейде болуы еді. Нақты айтар болсақ, осыдан екі ай бұрын қайғылы жағдай орын алды. Бәрі де бір Құдайдың қолында шығар, бірақ бұл – қателік. Себебі ауылдық емхана қызметкерлерінің салғырттығы, шақырту кезінде бірінші кезекте жеке басының жұмыстарын қоюы. «Қолым тимей жатыр», «қонақ келіп қалды», «үйде адам жоқ» деген жайттарды жиі естиміз. Олай болмаған жағдайда келген дәрігердің қолында дәрісі немесе құралы жоқ, тек тамыр ұстаушылар келеді. Тамыр ұстаудың заманы өтті, алғашқы медициалық көмек көрсететін арнайы қолсөмке бар емес пе, ол қайда? Науқастың жанына келген медбикелер көп жағдайда дәрігеріне қоңырау шалып жатады: температурасы бар немесе жоқ, «ана жерім дейді», «мына жерім дейді, не істейін» деп. Осы кезде арғы жақтан «ана дәріні салып көр» деген дауысты естиміз, сонда ауру адам сынақ жүргізетін сынақ алаңы болғаны ма? Соңғы кезде ауыл тұрғындары арасында «бірден қалаға көрінейік» деген сөз туындауда. Жолдама алу үшін амалсыз ауылдық емханаға келеміз. Сонда ауылдық емхана кеңес дәуірінде жұмыс істегеніміздей жүргізушілерге жолдама (путевка) беретін диспетчердің қызметіне айналғаны ма? Дәрі жоқ! Бөлінген дәрі қайда? Емхана жанында дәріхана бар, онда дәрі де бар. Бұл дәріхана қалай ашылған? Жеке біреулердің дәрісін сатуға арнайы маман бекіткен бе? Әлде бөлінген дәрі саудаға шыға ма? Ең бірінші дәрігер науқасты жүрегімен емдейтіні қайда? Басы ауырып, балтыры сыздағандарға жылы сөз, оң көзқарас қажет емес пе? Жақында болған қайғылы жағдайдан соң, қателігі бар дәрігердің оның отбасына барып: «Өлетін адам өлді, енді не қыласыңдар?» дегені қалай? Гиппократтың алдындағы ант қайда? Осыдан 2-3 жыл көлемінде ауыл тұрғынының әлеуметтік желіде жариялаған мақаласы елді елең еткізді. Себебі емханаға барсаң, шай болмаса, қарамай ма деген. Бұл не сонда, шай беру, шай ішу үрдіс пе? ҚР ҚК-інде медицина қызметкерлерінің осы кәсiпқой қателіктері үшін қылмыстық жауапқа тартылады делінген. Сол шектеулі тізімдегі «Заңсыз сыйлық берудi алу» деген бапқа жатпай ма? Демек, бұл – дәрігерлік қателіктің пайда болуы. Анығырақ ашып айтайық. Дәрігерлік қателіктің пайда болуының себебі, бірінші – дәрiгердiң құзырлы еместiгi, емделушіге енжар қатынас, бұл – ең ауыр жағдайлар. Кейбір кезде ең сирек кездесетін аурудың пайда болуы дәрiгердiң төмен бiлiктiлiгiне тікелей байланысты. Төменде көрсетілген тізімдер бойынша ҚР ҚК-нің баптарымен медицина қызметкерлері осы кәсiпқой қателіктері үшін қылмыстық жауапқа тартылады: - байқаусыздық бойынша өлтiрiп алу; - алып қоюға мәжбүр ету немесе адамның мүшелері және кездемелерiнiң заңсыз алып қоюы; - дәрiгерлiк және фармацевтикалық қызметкерлердiң кәсiби мiндеттерiн лайықсыз орындауы; - клиникалық зерттеулердiң жаңа әдiстер мен профилактика бойынша диагностика, емдеу және медициналық оңалтудың өткiзуiндегі қолдану ретiн бұзу; - түсiктiң заңсыз өндiрiсi; - ауру адамға көмек көрсетпеу; - қауіпті жағдайда қалдыру; - психиатриялық стационарға заңсыз жатқызу; - адамдармен сауда; - бөпені ауыстырып жiберуi; - бала асырап (қыз бала асырап алу) алудың жасырын сырдың ашылуы; - дәрiгерлiк жасырын сырдың ашылуы; - заңсыз сыйлық берудi алу; - есiрткi заттарды заңсыз жасау, өңдеу, алу, сақтау, тасымалдау немесе өткiзуi; - заңсыз дәрiгерлiк немесе фармацевтикалық қызмет; - рецепттердi заңсыз беруi немесе басқа құжаттардың жалғаны. Осы мәселелерге байланысты дәрігердің кінәлі әлде кінәлі еместігін сот шешеді. «Айта-айта Алтайды, Жамал апам қартайды». Бұл не? Түсінбей қалсаңыздар, айтайық. Ауылдың ұйыған ауызбірлігіне кері әсерін туғызар, ағайындық араға жік түсер, бірақ айтпасқа болмайды. Бұл мәселе бұрындары да туындап, өзгеріссіз қалған жедел жәрдем көлігінің уақытында келмеуі, кешігуі, бұзылдым деп сылтау айтуы, науқастан бензинім жоқ деп жанар-жағармай талап етуі. Басқа салғасын амал жоқ, табасың, болмаса, өле бер. Неге өлу керек осындай заманда? Бөлінген қаржы қайда? Жедел жәрдем жүргізушісінің үйінен сататын жанар-жағармайы не май? Осыған үңіліп көрдіңіздер ме? Қарақұм беткейінен мал тасу, өзінің немесе басқа біреудің сойылған малының етін тарату не деген сұмдық немесе жеке жұмыстарға жалдануы қалай? Санитарлық талаптар қайда? Қасқырға қой бақтырғанымыз ба? Тұрғындардың емделемін деп жүріп, ауру жұқтырмасына кім кепіл? Жедел жәрдем көлігі үнемі дайын болуы керек емес пе? Әлде дәрігердің жиналысқа қатынайтын немесе жүргізушінің жалданып пайда тауып, шаруасын бітіретін жеке көлігі ме? Білмесеңіздер, анықтап көрейік. Жедел медициналық жәрдемнің міндетіне мыналар кіреді: 1. Ауруханаға дейінгі кезеңде науқастың немесе оны қоршаған адамдардың денсаулығына және өміріне қауіп төнген жағдайда, кенеттен болған аурулар және созылмалы аурулардың асқынуы, бақытсыз жағдайлар, жарақаттар, уланулар, жүктіліктің және босанудан кейінгі асқыну жағдайлары. 2. Науқастарды емдеу профилактикалық мекемелерге тасымалдау. 3. Табиғат, төтенше жағдайлар, жол апаттарын жоюға белсенді араласу. Негізгі талаптары: 1. Тәуліктің барлық уақытында ЖМЖ-ге тұрғындардың толық қолы жетуі. 2. Ауруханаға дейінгі түрлі медициналық қызметтің шапшаң, әрі дер кезінде көрсетілуі. 3. Барлық санаттағы жарақаттанғандар мен науқастарға қажетті ЖМЖ көлемін көрсету үшін жоғарғы білікті медициналық мамандармен қамтамасыз етілуі. 4. Нақтылы медициналық мекемелерге кідірусіз жатқызуды қамтамасыз ету. 5. ЖМЖ-мен жеткізілген жарақаттанғандар мен науқастар аурухананың қабылдау бөлімінде шұғыл қаралып, қажет болса, ауруханада бос орынның бар-жоғына қарамастан жатқызылады. 6. Аурухананың қабылдау бөлімінде ЖМЖ 10 минуттан артық кідіруге немесе кідіртуге болмайды. (Науқас немесе жарақаттанғандарды аурухананың кезекші дәрігеріне өткізетін уақыт). Шұғылдылық: Сыртқы және ішкі факторлардың әсерінен болған барлық шұғыл патологиялық жағдайларды жою және оларды ауырлық дәрежесіне қарай тез арада анықтау және ем шараларын жүргізу. Шұғыл жағдайлар: Адам денсаулығын күрт нашарлатып және өміріне қауіп төндіретін ағзадағы патологиялық өзгерістер. Бұл кезде күттірмейтін шұғыл емдік шараларды жүргізу қажеттігі туындайды. Шұғыл көмекті қажет ететін патологиялық жағдайлар: 1. Жедел медициналық жәрдемсіз өлімге әкелетін өмірге қатер төнуі жағдайлары. 2. Өмірге қаупі жоқ, бірақ патологиялық жағдайға байланысты, түрлі уақытта қатер төнуі мүмкін. 3. Өміріне қаупі жоқ, бірақ науқастың қасіретін жеңілдету. 4. Науқас өміріне қауіп жоқ, бірақ айнала қоршаған адамдарды сақтандыру үшін көмек қажет. ЖМЖ дәрігерінің жауапкершілігі: 1. ЖМЖ дәрігері заңмен қарастырылған тәртіп бойынша жауапты. 2. ЖМЖ жұмысын ЖМЖ дәрігерлері үшін бекітілген салалық өлшемдерге, ережелер мен стандарттарға сәйкес сапалы ұйымдастыруға. 3. Науқастың денсаулығына нұқсан келетін немесе оның өліміне әкелетін құқыққа қарсы әрекеттер мен әрекетсіздіктерге. ЖМЖ шақыртылу тәртібі: ЖМЖ телефон немесе өз бетінше шақыртылуы мүмкін. ЖМЖ ЖМК көрсету үшін келесі жағдайларда жіберіледі: 1. Төтенше жағдайларда. 2. Өмірге қауіп төндіретін кенеттен болған ауруларда. Келесі жағдайларда көмек көрсетіп, арнайы медициналық мекемелерге тасымалдайды: 1. Босану және жүктілік ағымының асқынуында. 2. 1 жасқа дейінгі балаларға. 3. Жіті және денсаулығының күрт нашарлап кетуіне байланысты әртүрлі созылмалы аурулардың асқынуында. 4. Емдеу дәрігерінің шақыртуымен денсаулығына қарай, зембілмен, санитарлы автокөлікпен тасымалдауды қажет ететін жол-жөнекей медициналық көмек қажет ететін науқастарға. Ауруханаға жатқызу үшін тасымалдау: 1. Емдеу дәрігерінің шақыртуымен жіті жарақаттануларда, жіті хирургиялық, акушер-гинекологиялық ауруларда. Жүрек-қантамыр жүйесінің ауруларында жол бойы медициналық көмекті қажет ететін және зембілмен тасымалданатын жағдайларда. 2. Ауыр жағдайдағы жұқпалы ауруларды жұқпалы аурулар ауруханасына. 3. Жоспарлы түрде ауруханаға жолдама алған науқастарды, егер жағдайы санитарлық көмекті қажет етсе. Әлқисса, қандай міндеттері бар екенін білдік. Жиналысқа немесе жеке шаруаға пайдалануға еш негіз жоқ. Сонда бекітілген ережені белінен басқаны ғой. Түсінбедік, елдің иесі қайда? Ауыл әкімінің жұмысы от жағушыларды тексеру ғана ма? Құрметті қоғамдық кеңес мүшелері мен ауыл әкімі, бұл – ел аузында айтылып, наразылық туғызып жүрген жағдай. «Ел болам десең, бесігіңді түзе» деген, бұл мәселе шешімін таппай, алға басу қиын. Көп жағдайда біреудің өзі, біреудің көзі жақсы дейміз. Биліктегілерге келсек, «бақсыға айтып бақтыртам, балгерге айтып қақтыртам» деумен сиырқұйымшақтанып жоқ болады. Ал сондағы нәтиже қандай: «баяғы жартас – бір жартас». Қорытындылай келсек, емделуші де өз денсаулығына жауапты болуы абзал. Яғни адамның өз денсаулығына салғырт қарауы да қателікке әкеліп соқтыруы әбден мүмкін. Мысал келтірсек, емделушілердің аурудың нақты белгілерін жасыруы, немесе өз-өзін емдеумен айналысуы... Соған қоса тағы бір негізгі мәселе бар. «Дәрігер-емделуші» қатынастарында құқықтық сауаттылықтың орны ерекше. Егер емделуші өз құқықтарын жеткілікті білсе, ол өз денсаулығына қатысты барлық тиісті қызметті талап етер еді. Мүмкін осындай жағдайда ғана көптеген қайғылы қателіктер болмас еді.
Бұл мәселе шешімін таппаған жағдайда, жоғарғы тұрған құзырлы органдарға, әлеуметтік желіге, аймақ басшысы Қырымбек Елеуұлына, облыстық денсаулық басқармасының басшысы Ақмарал Шәріпбайқызына жолданатындығы ескертіледі.
Жанқожа батыр ауылының бір топ тұрғындары, Қазалы ауданы
РЕДАКЦИЯДАН: Аталмыш хат газетіміздің электронды поштасына келіп түскеннен кейін, әдепкіде нақты бір адамдардың аты-жөндері көрсетіліп, қолы қойылмағандықтан, бейтарап қалуға тырысып едік. Бірақ, тиісті орындар мәселеге мән беріп, құлақ аспағаннан кейін соңғы үміті ретінде БАҚ-қа арқа сүйеп, пана іздейтінін ескеріп, хат мәтінін барынша өзгертпей, сол күйінде бергенді жөн санадық. «Халық» газетіне үміт артып, жолдаған хатында: «Ел болам десең, бесігіңді түзе» демей ме? Айып етпессіз, елдің арасындағы ренішін ашығынан жеткізейін. Бұл мәселе ауыл әкімшілігі ұйымдастырған жергілікті қоғамдық кеңес отырысына ұсынылды. Халық алдында оқып беру сұралды. Алайда ауыл әкімінің бұл мәселені жасырып қалғаны қалай? Ауыл тұрғындарының жанайқайы емес пе? Оны қараусыз қалдырғаны несі? Тура бидің бүйрегі басқа жаққа бұрғаны ма, ханның алдында қара халық тартынбай сөйлеу керек дегендері қайда? «Ханның сөзін қара да айтады, бірақ аузының дуасы жоқ» деген рас болғаны ма? Ауыл халқы атынан жазылған өтініш қараусыз қала бере ме? Анығына үңіліп көрерсіз, кімдікі дұрыс, кімдікі бұрыс екенін» депті. Ендеше, бір топ ауыл тұрғындары көтеріп отырған мәселеге тиісті орындар атүсті қарамай, оңтайлы шешім қабылдайды деп ойлаймыз. Сондай-ақ, қарсы тараптың уәжі болса, тыңдауға, басылым бетінен орын беруге дайын екенімізді де айта кетейік. |
ШЫҒЫСТЫ СУ АЛЫП ЖАТЫР |
![]() |
![]() |
![]() |
Жаңалықтар - Тіршілік тіні |
15.03.2018 12:00 |
«Апат айтып келмейді» деген тәмсілді Шығыс Қазақстандағы төтеннен келген табиғи апат дәлелдеп берді. Қытымыр қыстан аман шығып, тоң жібіп, мұз еритін уақытта табан астымыздағы су төбемізге жетеді деп кім ойлаған? Қаннен- қаперсіз отырған халық лездің арасында судың құрсауында қалды. Бір күнде екі айлық мөлшердегі түскен жауын-шашынның салдарынан Шығыс Қазақстан облысындағы Аягөз, Үржар, Күршім, Ұлан, Глубокое, Зайсан аудандары қас-қағым сәтте тасқын судан зардап шекті. Ресми мәліметтерге сүйенсек, 70 жер үй мен 150 аулаға, 110 саяжай нысанына су кірген. Тілсіз жаудан тірі қалудың амалын жасаған тұрғындар үйлеріндегі тірнектеп жиған дүниесін бас амандығымен айырбастап, әкімшіліктің жұмылдырған көлігімен қауіпсіз жерге көшірілді. Су жайылған аудандарда облыстық және республикалық маңыздағы жолдар жабылған. Ал таулы аймақтарда көшкін жүру қаупі сол күйінде сақталып отыр. Оқиға орнына жеткен төтеншеліктер мен жергілікті полиция қызметкерлері, «Өскемен Тәртіп», «Водоканал», Шығыс өңірлік аэроұтқыр құтқару жасағы өкілдері 1440 құмқап төсеп, 13 000 текше метр су сорғытқан. - Аягөз ауданында 40 үй, Өскеменде 8 үй, 27 аула, Ұлан ауданында 2 үй мен 4 аула, Глубокое ауданында 3 үй, 53 аула, Күршім ауданында 42 аула су құрсауында қалды, - дейді төтенше жағдай департаменті мамандары. Қарғын судың жолға шығып кету оқиғасы Күршім, Ұлан, Зайсан және Үржар аудандарында тіркелген. Апат салдарынан су алған жерлердегі суды сорғыту үшін 137 техника мен 27 сусорғы машина жұмылдырылған. Жағдайды естіген Шығыс Қазақстан облысының әкімі Даниал Ахметов апта басындағы кеңейтілген жиналысын кейінге шегеріп, су басқан көшелерді аралауға кірісті. Екі-үш күн бойы толассыз жауған қардың соңы жаңбырға ұласып, салдарынан қаланың бірқатар аудандары мен көшелеріндегі арық көздері суға толып, тасып, қара жаяу адамға да, көлікке де жол қозғалысы болмай қалған. Арықтың арнасынан асқан судың мөлшері 30-40 сантиметрге дейін жетіп, қозғалыс қиындығын туғызғанынан хабардар облыс әкімі жауапты сала басшыларына жұмсақ сөйлеген жоқ. - Қаладағы арықтар үнемі тазаланып отыруы керек. Сол үшін мердігер компанияларға ақша төленген. Қазір белгілі боп отырғандай, бұл жұмыс дұрыс жүргізілмеген. Бар мәселе – осы! Бұл арада басқа ештеңе жоқ. Оны ашық айтамын. Арамтамақтық, бассыздық, жауапсыздық орын алған. Жұмыс жайына қалған. Енді осыған жауаптылардың барлығы таяу арада өз жазаларын алады, - деді Шығыс Қазақстан облысының әкімі Даниал Ахметов. Қарғын судың құрсауында қалған аудандарды аралап, тасқыннан зардап шеккен тұрғындармен де жүздескен әкім Красин кенті мен Аблакетка ықшам ауданы тұрғындарымен жолығып, жағдайдың мән-жайын жүзбе-жүз сұрады. Аудан тұрғыны Андрей Татарченко апатты жағдайдың орын алуына осы маңдағы арық көздерінің дер кезінде тазаланбауы себепші дегенді алға тартады. Көше мен аулаларды түгелдей басып қалған суды тазарту жұмыстары жүргізіліп жатқанына да көңілі толмаған облыс әкімі төтенше жағдайлар департаменті мен қала әкімдігінің жұмысын қатаң сынға алды. - Сіздер бір арықтың суымен бір тәулік бойы алыстыңыздар. Айналдырған төрт үйдің проблемасын осыншама ұзақ уақыт шеше алмауларыңыз ақылға сыймайды. Бұл – барып тұрған масқара! Былтыр сіздерге қомақты қаражат бөліп, қажет техника алуға көмектескенбіз. Сол техника қайда, неге пайдаланбайсыздар? Жалпы, мұндай ахуалдың қалыптасуына, табиғат емес, өз міндеттеріне салғырт қараған кей лауазымды тұлғалар кінәлі, - деді аймақ басшысы. Құтқару жұмыстарына 708 адам, 204 техника, 27 сусорғыш құрал жұмылдырылғандықтан ешқандай адамның да, ірілі-ұсақты малдың да шығыны жоқ. Бүгінде Аягөз ауданындағы қауіпсіз жерге көшірілген 300-ге тарта адамның 260-ы өз баспаналарына оралған. Десек те, ыза сіңіп, дымқыл тартқан үйлердің қабырғалары сөгіліп, кейбірі құлай бастаған. Алдағы уақытта судың астында қалған қанша баспананың опырылып түсетіні, қанша отбасының үй-жайсыз қалатыны белгісіз. «Тасты жапалаққа ұрсаң да, жапалақты тасқа ұрсаң да, жапалақ өледі» демекші басшылардың сөз естіп, жазасын алғанынан не пайда, жеме-жемге келгенде зардап шегуші – бұқара. Апаттың айтып келгенін ешкім естіген емес. Бірақ ауылды жайлап кеткен суды сорғытып, тартқаннан гөрі арыққа жиналған кезде-ақ қам жасаған жөн еді. Қарғын судың қала ішіне жайылып, қараша халыққа зардабын тигізетінін алдын ала анықтап, тазартқанда абырой биігінен түсе қоймас па еді, кім білсін?! Н.ҚАЗИ |