Өзекті мәселелер

  • 24.05.18

    «Ауру – астан». Алайда біздегі білім ордаларындағы асханалардың жай-күйі біраз жайттың бетін ашып бергендей. 18 мамырда Жаңақорған ауданы, Келінтөбе ауылдық округіндегі №192 орта мектептің асханасынан тамақтанған 25 оқушы уланып қалды. 21 балаға алғашқы медициналық жәрдем көрсетілсе, 4-еуі аудандық ауруханаға жеткізілген. Ақ халаттылардың айтуынша, эпидемиологиялық ...

    Толығырақ...
  • 24.05.18

    Сыбайлас жемқорлық – қоғамның жегі құрты. Онымен күрес барлық уақытта да маңыздылығын жолғалтпаған. Соңғы кезде қанатының кең жайылып кетуінен қауіптенген еліміз оның тамырына балта шабу үшін жаңа стратегиялар қабылдап, үзіліссіз күрес жүргізіп келеді­. Тіпті 2017 жылы Елбасына  «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл туралы Ұлттық баяндамасы» ұсынылған болатын. Онда әлеуметтік зерттеу қорытындыла...

    Толығырақ...
  • 24.05.18

    Қашанда таланттыларды  тасада  қалдырмаған  қазақ  тағы бір өнерлі ұлын ұлықта­ды. Сыр елі ҚР Еңбек сіңірген қайраткері, әнші, композитор Батырхан Шөкеновті еске алуға арналған ау­қымды шара ұйым­дастырды.

    Бұл жолғы сән-салтанат пен халық құрметі айрықша есте қалды. Себебі кейбір сарсаңға са­латын «көпсөзді» жиынға  барудан шаршаған жұртшылық  көңілді кон­церт­ке  келіп, рухани демалыс ...

    Толығырақ...
  • 24.05.18

    Жоғарыда аталған тақырыпқа орай жастар арасында­ сауалнама жүргіздік. Бірі былай тартады, енді біреуі былай тартады. Пікірлер сан алуан. Расымен, сөз байласып жүрген жастардан бұрын, біраз жыл бірге тұрып, ажырасып кететін отбасылар да аз емес. Сенімге селкеу, сыйластыққа сызат түсіп, сүйгеніне берген сертін бұзатын білектілер мен бұрымдылар баршылық. Қос ға...

    Толығырақ...
  • 24.05.18

    КІСІНЕГЕН   КІСІ

    Сықақшы

    Ғаббас  ҚАБЫШҰЛЫНА

    Толығырақ...
Сәрсенбі, 28 Наурыз 2018

Қызылордадағы атысқа қатысы бар 3 күдікті ұсталды PDF Print Email
Жаңалықтар - Халық-хабар
29.03.2018 11:54

Қызылорда қаласы, Әйтеке би көшесі бойында жәбірленушінің қайтыс болу дерегіне күдікті 3 тұлға ұсталып, Уақытша ұстау абақтысына қамалды. Күдіктілер өз кінәларын мойындап жауап берді.

Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 293-бабы 2, 3-бөліктері (бұзақылық) және 99-бабы 2-бөлігімен (адам өлтіру) сотқа дейінгі тергеп-тексеру жұмыстары жүргізілуде.

Қызылорда ОІІД баспасөз қызметі

 


АЛПАУЫТТАР АРПАЛЫСЫ PDF Print Email
Жаңалықтар - Саясат
29.03.2018 11:32

Құрлықтың арғы бетіндегі АҚШ билігіне Дональд Трамп келген сәттен бастап әлем жұртшылығының пікірі шиеленісіп, Американың болашағына деген үміттері өше бастаған. Алақанынан ақшаның буы бұрқырап, саясаттан гөрі сауда мәселесіне бас қатырған миллиардер президент өз кандидатурасын ұсынған кезден бастап сауда мәселесіндегі реформаны қатаң сынға алды. Сол сәттен бастап-ақ екі ел арасындағы экономикалық саясатты тығырыққа тіреген де – осы президент. Алпауыт мемлекеттің 45-інші басқарушысы болып билік басына келгеніне бір жылдан астам уақыт болды. Бірақ бір мемлекетті ширек ғасырға жуық басқарған басшылармен қатар аты аталып, халықаралық саяси аренада «санкцияшыл» президент атағын алды. Көздегені мен көксегені темпераменті мықты Трамптың тұжырымынан анық байқалды.

Президенттікке үміткер болған сәтте-ақ «Президент қызметіне сайланғандағы бірінші әрекетім – жалақыдан бас тарту» деген сөзімен халықтың жүрегіне жақындаған ол кей елдерге саяси салқын көзқарас танытуын әлі қойған жоқ. Әсіресе, Қытай елімен экономикалық сауда қатынасының бәсекелестігіне көзқарасы алабөтен. Бұл жағдай шекаралас отырған Қазақстанға қалай әсер етуі мүмкін?

«Тала» десе бір-біріне тарпа бас салайы­н деп отырған алпауыт штат та, қытығына тисе, қылығына жауап бермей­тін Қытай да – қарулы күштері мықты, жауынгерлік жасағы қызыл оттың құшағына қойып кетуге тас түйін тұрған елдер. Алда-жалда сауда келіс­пеушілігі туындай қалса, жеңімпазды анықтау қиынға соғатын тәрізді. Америкалық саясаткерлердің өзі екі елдің арасында сауда-экономикалық кикіл­жіңдерге байланысты соғыс болуы мүмкін деп болжаған. Кейбір сарап­шылардың пікірі Вашингтонның экономикалық және әскери-саяси мүдде аймағ­ы Пекиннің Оңтүстік Қытай теңі­зі­не деген қызығушылығы соғыс қаупін туғызуы ықтимал дегенге саяды. Бұл Солтүстік Кореяның ықтимал қауіп-қатерін жоюға  бағытталған американдық зымыран жүйелерінің Оңтүстік Кореяда­ орналасуымен тығыз байла­нысты. Ал Қытай билігі Пентагонның өз шекарасына тікелей жақын орналасқан жерлерді нығайтуға қатаң түрде қарсылық білдіріп, американдық әскер­дің көздеген мақсаты Қытай жері екенін жақсы біліп отыр. «Ранда» корпорациясының «Америкалық анали­тика және талдау ұйымының» соңғы зерттеулері­нің беделді авторлары АҚШ пен Қытай арасындағы әскери қақтығыс күтпеген жерден басталуы мүмкін екенін үнемі айтып келеді. Өзінің діт­теген мақсаты мен  тұжырымы бар Трамп­ты  қызуқанды­  президент  ретінде бір жылдың ішінде танып үлгердік. Штат санының тым көптігіне байла­нысты  онда  билікке қарсы ереуілдер де жиі болады. Басым көпшілігі Трамп­тың ұстанған қағи­да­лары  мен  басты  бағыт­тарына  келіспейді. Оған қоса, сыртқы  қатынас пен сауда  кеңістігіндегі  мәселелер жергі­лік­ті  жұртты  титық­татып  біткен.

Германия басылымдарының мәлі­метінше, Трамп үкіметі 2001 жылы Қытайдың ДСҰ-ға кіруіне сол кездегі АҚШ үкіметі қате қолдау көрсеткен деп қарайды. Трамп үкіме­ті­нің көзқарасында, Қытайдың сол кездегі экономикалық жағдайы Бейжің билігін ДСҰ-ға кіруге мәжбүрледі. Бұл қадамдардың АҚШ пен Қытай сауда-саттық шиеле­ністерін күшейте түскенін айтады. Ал, Жапонияның «Sankei Shimbun» басылымы өзімшілдік саясатын ұста­натын Трамп үкіметі Қытаймен сауда тапшылығын шешу үшін пәрменді шаралар қа­былдайтын болады деп тұжырым жасап­, Корей  түбегі  шиеленісі рет­тел­се, АҚШ пен Қытай арасындағы сауда соғысы тіпті де өрши түседі деп жазған. Германиядағы «Global Times» ақпарат агенттігі «Трамп билікке келгеннен бері, «мұсылман елдеріне қаратқан иммигр­ация саясаты­», Иерусалимді Израиль астанасы деп мойындауы, Африка­ны құдық түбіндегі  құрбақаның  елдік теория­сына  балауы, Еуропа елдеріні­ң идео­ло­гияларын ұнатпауы, АҚШ-тың  өз  ішіндегі  қайшылықтар... қатарлы  қадамдарға  барды. Онда Қытай  мен Ресейге қарсы тұратын капита­л бар деп қарамаймын. Қазір, АҚШ пен Қытай арасында шиеленіс­тер мен жарылыстар тым көп, бірақ қырғиқабақ соғыстан бері алып қарайтын  болсақ та, АҚШ ұдайы Қытайға дәл осы кездегідей қысымды жасап келед­і» деген көз­қараста. Осы жағдайлардан АҚШ-Қытай арасында жаңа «сауда соғысы» тууы ықтимал. Рас, Трамп пен Ши Жинпиң басқарып отырған қос ел арасындағы дау-дамай дәл осы жылы өрши түседі деген болжамдар растала бастағандай. Дональдтың доқ көрсеткенінен сескенді ме, Қытай Сыртқы істер министрлігі АҚШ үкіметі жолға қойып отырған қосымша кеден салығы саясаты­ әлемнің екі мемлеке­тінің арасында сауда­  соғысын тудырады деп қауіптеніп, кезектен тыс баспасөз конференциясын өткізді. Қытай СІМ өкілінің айтуын­ша, ресми Бейжің заң талап­тарына сай қадамдарды жасап­ келе жатқанын және заң жүзінде қысым­дардан қорғануға, АҚШ-пен қосымша кеден салығы мәселесі бойынша келіссөз  жүргізуге  әзір.

«IRNА» ақпарат агенттігінің мәлі­метінше, Трамп өзінің бизнес өкіліне алдағы 15 күннің ішінде АҚШ-тың жыл сайын Қытайдан 60 миллиард долларға импорттайтын тауарларының тізімін жариялауды бұйырды. Ақ үй Қытайды тауар өндіру үшін заңсыз жолдар­  арқылы АҚШ-тың технология­сына қол жеткізді, Американың 60 000 зауыты мен 6 млн жұмыс орнының жойылу­ына себеп болды деген кінә артып­  отыр.

Ши Жинпиңнің ұстараның жүзінде отырған елі Трампты қалай болса да тоқтатуға тырысуда. Себебі, ақша саясаты мен «сауда сырқатына» шалдыққан АҚШ билігі өзімен іргелес отырған­ мемлекеттердің өзін «тұншықтырып» тұр. Айтпақшы, АҚШ-тың Қытаймен арадағы импорты бұл елдің экспортынан артық. Соның салдарынан да болат­ пен алюминийге жаңа тариф енгізуді бұйырған болуы мүмкін. Ал алпауыттар арасындағы араздық салдарынан енгізі­летін кедендік салық Еуроодақ, Оңтүс­тік Корея, Канада, Мексика, Австралия, Бразилия және Аргентина елдерінен айналып өтеді. Демек, Қазақстан және ортақ одақтағы елдердің мұртын балта шаппайды деген сөз.

СЕМСЕР

 


 

 

Министрлер   мәлімдемесі

Данияр  Ақышев, Ұлттық банк төрағасы:

- Ұлттық банк мемлекет басшысы айқындаған талаптармен «7-20-25» бағдарламасын іске қосады. Ең бас­тысы, ипотекалық кредиттерді секьюритилендірудің міндетті тетігімен екінші деңгейдегі банктер арқылы ипотекалық кредиттеудің нарықтық қағидаттарын пайдалану керек.

 

Ерлан  Сағадиев, ҚР Білім және ғылым  министрі:

- Жатақханалар құрылысын «Нұр­лы жер» бағдарламасына енгізу қажет. Университеттерде, әсіресе мемлекет­тік университеттерде қажетті аумақ бар, біз әкімшіліктерден жоғары оқу орындарын жер телімдерімен өз деңгейінде қамтамасыз етуді және тиісті байланыстар орнату мәселелерін шешу­ді сұраймыз.

 

Жеңіс  Қасымбек,  Инвестициялар  және даму  министрі:

- Тамақ өнеркәсібі мен агроөнер­кәсіп кешенінің өнімдері шетелдерде үлкен сұранысқа ие. Экспорттың жалпы көлемі 1,6 млрд долларды құрады. Атап айтқанда, ет және құс өнімдерін Ауғанстанға, Біріккен Араб Әмірлігі мен Иранға, өсімдік майы мен балды Қытайға экспорттау басталды. Жыл сайын 380 экспорттаушы қаржылық және сервистік қолдауға ие болады.­

 

(Үкімет  сағатынан)

 


САҒЫНТАЕВ СҮЛЕЙМЕНОВТІ СІЛКІП АЛДЫ PDF Print Email
Жаңалықтар - Саясат
29.03.2018 11:30

Апта басында Үкімет отырысы өтті. Онда тасқын судан зардап шегіп жатқан Шығыс Қазақстан облысының әкімі Д.Ахметов тасқынға тосқын боларлық техниканың жоғын айтып, шағымданды. Яғни, аймақта қайықтан бастап, қарапайым су өткізбейтін киімдерге дейін жеткіліксіз екен.

- Мынау Бәке, Төтенше жағдайлар департаментінің бірде-бір құрал-саймандары жоқ, қараңызшы. Мысалы, норма бойынша 249 мотопомпа болуы керек, біздің облыста 55 қана. Қайық туралы айтсақ, 69 болуы керек, 14-і ғана бар. Ал, жігіттер судың басында жүр ғой, оларға гидрокомбинезон мың дана болуы керек, бізде 86 ғана, - деп ағынан жарылды аймақ басшысы.

Сондықтан, шығысқа көмекке өзге аймақтардан техника мен адамдар жөнелтіліп жатыр. Осыны естіп, бұған қалайша жол беріп қойғандарына қайран қалған Үкімет басшысы Б.Сағынтаев ҚР Ішкі істер вице-министрі Жанат Сүлейменовті сұрақтың астына алды. Алайда алдындағы баяндамасын үтір-нүктесіз оқып шыққан министрдің орынбасары орайлы тұста жауап бере алмай қиналды. Есесіне премьер вице-министрді бір сілкілеп алды. Екеуара диалог былай өрбіді.

Б.Сағынтаев: - Қандай іс-шара жасалып жатыр министрлік тарапынан?

Ж.Сүлейменов: - Рұқсат болса, ол туралы баяндамамда жоқ, цифра.

Б.Сағынтаев: - Баяндамаңызға жазып берген жоқ ғой. Сонда сіздер қалай басқарасыздар? Баяндамада жазып бергенді оқып бересіз, жазбаса, не болып жатқанды білмейсіздер. Соңында келіп осындай жағдайға душар боламыз. Техника жоқ. Комбинезон жоқ. Мотопомпа жоқ.

Иә, бізде осындай да қызық пен шыжық болып жатады. Бізде осылай да басқара береді. Енді кімге сенеміз?..

Н.АҚПАН

 


ТҰРМЫСТЫ ТҮЗЕТКЕН ДЕ, КҮЙЗЕЛТКЕН ДЕ – ТЕҢІЗ PDF Print Email
Жаңалықтар - Саясат
29.03.2018 11:25

Алдымен – аңыз. Қорқыт ата дүниеге келерде күн күркіреп, алай-түлей дауыл соғып, табиғат өзінің долы мінезін көрсетіпті. Адамдар мұнан сескеніп, зәре-құты қалмаған деседі. Сөйтіп, Қорқытты қатты құрмет тұтқан. Осыдан соң ел арасында «Қорқыттың бейіті бұзылса, адамзат оның зардабын тартады» деген аңыз тараған. Өткен ғасырдың алпысыншы жылдары Қорқыттың бейіті құлады. Ал жылға жетпей жатып Арал теңізі тартыла бастаған. Теңіздің көлемі кішірейіп, әлгі аңызда айтылған жайттар шындыққа ұласқандай. Тұрғындардың базары тарқап, айдынды Арал ажарынан айырылды. Ел үдере көшті. Балапан басына, тұрымтай тұсына кетті. Тоқсаныншы жылдары теңіз деңгейі 22 метрге төмендесе, көлемі 10 есеге дейін азайды. Судың тұздылығы 70 г/литрге жетті. Қысқасы, Арал «өлі теңізге» айналды.

Кеңес өкіметі ыдырап, азаттыққа қол жеткіздік. Елбасы іле-шала Арал теңізінің ахуалын назарға алды. Мемлекет басшысы Халықаралық Аралды құтқару Қорын құру және «САРАТС» жобасын іске асыру бастамасын көтерді. Бар-жоғы 9 айдың ішінде Сырдария арнасын реттеу және Кіші Аралды жандан­дыру жөнінде бағдарлама дайын­далды. Жасыратыны жоқ, теңізді қайта толтыру оңайға соқпайтыны анық. Оның үстіне әр мемлекеттің өз мүддесі һәм саясаты бар. Былтыр облыс әкімдігі мен ХАҚҚ-ның ұйымдас­тырумен өткен Арал халықаралық тұрақты­ даму форумында 26 наурыз «Арал теңізінің күні» деп бекітілсе, биыл дәл осы күні ХАҚҚ-ның құрыл­ғанына 25 жыл толды. «Ғасыр жобасының» алғашқы кезеңі сәтті тамамдалып, «Көкарал» бөгеті пайдалануға берілгелі көптің көкейінде ертеңге деген сенім пайда болды. Мәселен, 2003 жылы теңіз бен қаланың аралығы 70 шақырым болса,­ қазір бұл қашықтық 17 шақы­рымға  дейін  қысқарған.

– Өкінішке қарай, Арал теңізін толық­тай қалпына келтіру мүмкін емес. Қалыптасқан экономикалық қиындықтарға қарамастан еліміз Арал теңізінің проблемасын ұдайы назарда ұстап отырды. Нәтижесінде Арал балығымен мақтана алатын­дай деңгейге жетті. Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында Мемлекет басшысының қарауына Қызылорда облысын тарату және Арал халқын көшіру туралы құжаттар ұсынылды. Алайда Аралдың жарқ­ын келешегіне сенген Елбас­ы  «ғасыр  жобасы» атан­ған  «Сырдария  өзенінің арнасын реттеу және Арал теңізі­нің солтүстік бөлігін сақтау» (САРАТС) жобасын ұсынып, өлі теңізге жан бітірді,- деді об­лыс­ әкімі Қырымбек Кө­шер­баев апта басында Арал теңізі күніне арналған шарада.

Экологиялық апаттың алдын­ алу мақсатында қыруар шаруа қолға алынды. Айталық, 10 жыл ішінде 70-тен аса ірі жоба жүзеге асқан. Бұл бағыт­та жұмыстардың тоқ­тамайтыны  анық.

Айтулы датаны атап өтуге бұрынғы ҚазКСР Мелио­рация және су шаруашылығы министрі Нариман Қып­шақбаев, бұрынғы ҚазКСР  балық  шаруа­шылы­ғы ми­нистр­і Құдайберген Саржанов, Халық­аралық Аралды Құтқару Қоры атқару­ дирекциясының директоры Болат­ Бекнияз,­ ҚР Ауыл шаруашылығы министрлі­гі  Су  ресурс­тары комите­тінің төрағасы Ислам Әбішев және «ғасыр  жобасының» ұйымдастырушылары  қатысты.

– Бүгін тарихи күн. 30 жыл біз Арал балықшыларының күнін атап өтпедік. 2015 жылдан бастап облыста балық­шы­лар слеті тұрақты ұйымдастырылуда. Өткен жылы аталмыш слет ҚР Мемлекеттік хатшысы Гүлшара Әбдіхалық­ова және өзге елдерден келген қонақтардың қатысуымен халықаралық деңгейде өткізілген болатын. Ал, биыл алғаш рет, көктемнің шуақты мерекесі Наурыздан кейін Арал күнін атап өтудеміз. Аймақ басшысына облыстағы балықшылар мен балық шаруашылығының қызметкер­леріне көрсетіп келе жатқан қолдауы үшін зор алғыс айтамын, - деді бұрынғы ҚазКСР балық шаруашылығы министрі Құдайберген  Саржанов.

Шара барысында Арал теңізін құт­қаруға және өңірдің экологиялық жағдай­ын жақсартуға атсалысқан мемлек­ет және қоғам қайраткерлері облыс әкімінің алғыс хатымен, Қордың арнайы төсбелгісімен және құрмет грамотала­рымен марапатталды. Соны­мен­ қатар режиссер Сергей Әзімовтың «Жоқтау... Жиырма жыл өткенде» дерект­і фильмі ұсынылды.

Осы күні Қызылордада «Арал – ел тағдыры» атты фотокөрме және «Арал теңізінің экологиялық жағдайы» тақырыбында дөңгелек үстел өтіп, 300 түп көшет отырғызылды.

Бүгінге дейін атқарылған жұмыстың нәтижесінде балық аулау көрсеткіші ұлғайды. 2003 жылы жылына 83 тонна балық ауланса, былтыр 6 мың тоннадан аса су маржаны сүзілген. Сондай-ақ, Арал  қаласында  жылдық  қуаттылығы 11 мың тоннадан асатын 8 балық өңдеу зауыты тұрақты түрде жұмыс істеп тұр. Теңізден нәпақасын тапқан тұрғын­дар­дың тұрмысы түзеліп, ел еңсесі тіктеле  бастағанын да ерекше атап өткен  жөн.

Қозы  Көрпеш   ЖАСАРАЛҰЛЫ

Б.Есжанов (сурет)

 


АЛТЫННАН ЖАБУ ЖАПСАҢ ДА... PDF Print Email
Жаңалықтар - Бүгінгінің болмысы
29.03.2018 11:20

Шынын айтқанда, біз төрдегі төрелерге бекерге өкпелейміз. Әкімшілік­тен бөлінген қаржының ауылға жетпейтіні сияқты, ауылдағы айтылған өсек-аяңның не ақиқат-шындықтың әкім отыратын жерге неге жетпейтінін енді түсіндік. Несі бар екен, кеш болса да түсіндік. “Ештен кеш жақсы” деген. Ал, мұны бұған дейін біреуден сұрап көрдік пе? Керек емес. Өйткені, сіздің шыр-пыр болғаныңыз басшыға керек болса да, құны жандайшаптары үшін көк тиын. Себебі, түйткілдің салдары “туфли жалағыштардың” өсу жолына орасан­ кедергісін тигізіп, орға жығып, омақаса құлатуы мүмкін.

Оның үстіне майшаммен қарайтын мәселеге келгенде ауруын жасыра жөнелетіндер жетеді бізде. Қанмен келген қасиет емес, бірақ етке сіңісті, іске орнықты, жұмыста тұрақты болып барады. Басшысын мақтаға­н кезде қос құлағына майдай жағаты­н сөздері дайын, мәселені меңзесең, мүләйімси қарап, “креслодағысының” қос құлағын мақтамен тол­тырып, шындықты  мақтамен  бауыздай­ салуға  әзір.

Иә, қазір жағынудың жанданып, ТЖ-лардың тартын­бай, төремен төрде тең дәрежеде тұратын дәуірі. “Жаңа­ғың жалған” деп көріңіз, қос қолымды қосарлап жағаңыздан алмай­-ақ, қара сөздің құдіретімен сізді шыбындаған атша бас изетуге бармын.­ Шала бүлініп, шырқыңыз қашқа­н соң, шарасыздан шекеңізді қасып, қараптан-қарап үстел үстіндегі қаламмен қағазды шимайлай кетер ме екенсіз, бәлкім!? Көрген көзге күдік болмаса да, құлақпен естігенді елемей көрсеңші бір. “Жүрген соң бауырында күнде көріп, таулардың биіктігі бай­қалмайды” дегендей, біле-тұра “сен мені, мен сені көрмедімдер” көбейді. Үйреншікті әдеттен барлығының хабары бар, айтуға ауыз болса­ да, батылдық жоқ. Қазіргі таңда түйткілдер іс жүзінде емес, іс-қағаз жүзінде шешімін тауып­, сұрқы қашқандардың сырты алтын тастан болса жеткілікті деңгейде жүріп жатыр. Іс-шараның өтуін арнайы барып, бас бармақпен емес, суретт­ен көріп, сыртынан саспай пікір айта салаты­н жағдайға жеттік. Біз сөйткен соң басшыл­ар қайтпек? “Қонақ қойдан жуас” демеу­ші ме еді? Ал, жуас малдың жүндеуге жақсы­ екенін білесіздер ғой. Ол түгілі, аласұр­ған арғымақ та арқанға байланады, түбі тәр­тіпке көнеді. Бірақ, түйеге жантақ керек болса­, мойнын созушы еді ғой...

Айтарымыз астарланып, көңіліңіз күңгірт­теніп бара жатқандай. Жариялылық пен ашықтық­ты ұран етіп алып, қажет етпейтін біз ғана емес шығармыз. Ендеше, ашынып айтып, ашығын әңгімелейік. Елге түзден беделді біреу келсе, тілмен жалағандай тап-таза тасжол­дармен  жүргізіп, тап-тұйнақтай бола қала­тынымыз  жаман. Көше жақ беті көрікті үйлер мен көшеде күзететіндер көбейіп кететіні тағы бар. Бай болсақ екен, бөтенге қай жолмен болса­ да, барымызды білдіртпеуге болады. Яғни, қанды қанмен жумас болар, алтынды алтын­мен жаппас болар. Сол секілді жауырды жаба тоқығанмен, жараның аты жара екенін биліктегілер білсе ғой. Бас ал десе, шаш алатын­дар емес, шаш ал десе, бас алатындар көбейді. Солардың кесірінен халықтың мұң-мұқтажы жетер жеріне жетпей, бәріміз бай-қуатты өмір сүріп жатқан жайымыз бар. Осындайд­а жамандықты жылтырақпен жамап­-жасқап,­ жақсылықтың жалынын жақтыр­а түскен жалған-ай дейсің ғой...

Ш.ШАТҚАЛ

 


МҰҒАЛІМ НЕГЕ ЖЫЛАДЫ? PDF Print Email
Жаңалықтар - Бүгінгінің болмысы
29.03.2018 11:15

Елімізде «Білім са­ласы быт-шыт болды» деп айтпаған адам қал­маған  шығар, сірә?! Ата-аналар  мен  оқушыларды  былай қойғанда, ардагер  ұстаздар да, білікті ғалымдар да, тіпті, мәжі­лісмендер де білім министрлігінің әзірлеген «ботқасын» түсіне алмай әлек. Мәжіліс депутаты Бекболат Тілеуханның ҚР Білім және ғылым министрі Ерлан Саға­диевке «Сауат ашуды құртыңыз да, бұрынғы әліппені әкеліңіз» дегені де есімізде. Оқу бағдарламасының күрделілігі көпшіліктің сынына қалғаны  рас. Әйтсе де, айтылған, жазылған сын бас мұғалімнің құлағана жетпей­ тұр әлі. Мұғалім демекші, ұстаздық ұлы мамандық емес пе? Дегенмен олар іштегі мұңын  айта  алмай  жүр.

Сенбілікте көше сыпыратын да, әкімдіктің жиынында отыратын да, әншілердің билетін алатын да, массовкаға ба­ра­тын да – ұстаз. Айтпақшы, бұған осы саладағы қағазбастылықты  қосып қойыңыз.

Жақында бір топ мұ­ғаліммен сапарлас болдық. Пойызда. Облыс орталығына 3 айға білік­тілігін арттыруға келе жатқ­ан көрінеді. Олар өзара әңгімелесіп отыр. Біз тыңдап. Сөмкелерінен  бума-бума құжаттар мен тест кітапшаларын алды. Құдды ҰБТ-ға да­йындалған оқушыдай әлгі тесттерді жаттап, бір-біріне сұрақ қойып, әуре-сарсаңға түсуде. Жалпы, еліміздегі ұстаздардың басым бөлігі әйел адамдар ғой. Оның үстіне үйдегі  барлық  тірлік  осы кісілердің мойнында. Ұстаздар аз-маз дайындықтарын пысықтағаннан кейін, үй-жайын әңгіме  етті.

- Балалар бүгін не тамақ жеді екен? Үйдегі азық-түлік те аздау еді...

- Мен де соны уайымдап отырмын,- деді екін­шісі әріптесінің сөзін қоштағандай  боп.

- Кенже ұлым бас­тауыш  сыныпта  оқитын. Ойын баласы болған соң сабақтан киімі бүлініп келеді. Әкесі соның кір-пірін тазалап қойса жарар­  еді.

- Бәріміздің де басымыздағы жайт осы ғой. Балалар газды өшірді ме екен? - деді тағы біреуі.

Кенет тест жаттап отырған  мұғалімнің  ұялы телефоны безілдеп қоя берді. Хабарласқан ба­ласы екен. Жанымызда болғасын тұтқаның арғы  жағынан  4-5  жастағы баланың «Анашым, қашан келесің? Қарным ашты» деген дауысы анық естілді. Осыдан соң ана жүрегі езіліп, дауысынан дірілді  байқадық.

- Құлыным, жақында барамын,- деді де, көзі­нен ыстық жас ытқып шықты.

Түйін. Еліміз  тәуелсіздік  алғалы  бері 13 министр ауысқан білім саласында біраз қордаланған түйткіл баршылық. Министрлердің әрқайсысы әрқилы жаңалықпен һәм өзгеше реңді реформалармен келуді әдетке айналдырғаны қашан?! Сәйкесінше, сағат сайын құбылатын оқу бағдарламалары ауылдағы мұғалімнің бас ауруына айналды. Жоғарыда өзіміз куә болған оқиға да соның бір дәлелі іспеттес...

Қозы  Көрпеш   ЖАСАРАЛҰЛЫ

 


КЕМЕРОВО ҚАСІРЕТІ САБАҚ БОЛУЫ ТИІС PDF Print Email
Жаңалықтар - Құқық құрығы
29.03.2018 11:09

Алай-түлей өрт бола қалса, не өзге бір төтенше жағдай орын алса, «апат айтып келмейді» деп көбіне жылы жауып­  қоятынымыз  бар. Бәрі Алланың әмірімен, Құдайдың қалауымен боп жатыр деп өз-өзімізді соған сендіріп, жұбатып та жатамыз. Алайда кешег­і Кемеровода болған жағдай бәрімізді ойлантып тастағаны сөзсіз. Көкейімізге бейқам отыруға болмайтынын, «сақтансаң, сақтаймын», «сақтықта қорлық жоқ» деп кез келген жағдайға тас түйін дайын болу керектігін дәлелдеп берді.

Еске салсақ, 25 наурыз күні тапа-тал түсте «Зимняя вишня»­ сауда, ойын-сауық үйінде өрт шыққан болатын. Орталықтың төртінші қабатынан басталған қызыл жалын әп-сәтте тұтанып, орталық оттың құрсауында қалған еді. Соңғы мәліметтер бо­йынша, қаза тапқандар саны 64 адам­ға  жеткен. Тағы 50-ден астам адам  ауруханаға  жеткізілсе, із-түзсіз жоғалып кеткендері қаншама. Улы түтінге тұншығып өлгендер­дің арасында, әсіресе, балалардың көп екендігі айтылады. Тіпті, Трещевский ауылынан келген бүтін бір сыныптың оқушылары да болуы мүмкін деген ақпар тарап отыр. Ал соңғы деректерде қайғылы жағ­дайдан Павлодар  тұрғыны,  57 жастағы Марина Баранова да көз жұмған. Ол Ресей азамат­тығын алғанымен, Павлодарда жұбайымен тұ­рып, сонда жұмыс істеген. Ал бұл уақытта еңбек дема­лысына шыққан соң, Кемеровода  тұратын қызына қонаққа барған  екен.

Куәгерлердің айтуынша, төртінші қабаттан шыққан өрттен адамдар сыртқа­ шықпақ болғанда, күзетшілер басқа баспалдақтан түсулерін сұрап, өткізбеген көрінеді. Өрттен қашып, сыртқа шығуға ұмтылғандар бір-бірін таптап, енді біреулері терезеден секі­ріп түскен. Өйткені өрт бола қал­ған жағдайда жұмыс істеуі қажет қо­сымша есіктер бұл уақытта жабық бол­ған көрінеді. Бүгінгі таңда бір сәтте ресейліктерді есеңгіретіп тастағ­ан қай­ғылы­ оқиғаға қатысты 4 адам қамалды.

– Тергеушілер күндіз-түні жұмыс істеп жатыр. Куәгерлер мен зардап шеккенд­ер сұралуда. Сауда орталығының қожайыны мен жалға алғандар да тер­геу­ге  алынды. Қажетті құжаттар тәркі­ленді. Сот сараптамасы тағайындалып жатыр. 4 адам қамалды. Арасында өрт шыққан аумақты жалға алған кәсіпкер мен сауда үйіне қызмет ететін басқарушы компанияның  жетекшісі де бар, - деді  РФ Тергеу  комитетінің  ресми­ өкілі  Светлана Петренко.

Алдын ала болжам бойынша, тілсіз жау ғимараттың жоғарғы қабатындағы батутта кішкентай баланың сіріңкемен ойнауынан тұтанған делінуде. Ал кей­бір деректерде бұл жағдайды жақында ғана президент сайлауы өткен Ресейге әдейі жасалынған қастандық, яғни террорлық әрекет деп те айтылуда. Өйткені бала тәрбиесінде ұқыптылық танытанын орыстардың айдың-күннің аманында 41 бүлдіршінінен айырылып қалуы көңілге күдік ұялататыны рас. Әсіресе кинозалда қалған балалардың есікті аша алмай, телефон арқылы ата-аналарынан көмек сұрағаны түсініксіз. Магнит  есіктердің  не  себепті ашылмай­ қалғанын  орталықтың  басшысы На­деж­да Судденок сотта «мүмкін бұзылып қалған шығар» деп түсіндірген. Ал бес күн бұрын ғана тексерілген дабылды жүйе оқиға болардан 15 минут бұрын сөндіріліп тасталған екен. Сотта «Қор­ғау  орталығы» жекеменшік күзет ұйымын­ың қызметкері Сергей Антюшин үнемі себепсіз ойнаған дабылдан басшы­лық  мезі  болғаннан кейін өшіріп  тастағанын  айтады.

Естеріңізде болса, екі жыл бұрын Алматыдағы Almaty Towers бизнес орталы­ғында осындай өрт болған болатын­. Алты адамның өмірін жал­маған өрт кезінде де бас сауғалағандар жабық тұрған есіктен шыға алмай, тірідей өртеніп кеткен еді. Осы жағдайдан кейін де өрт қауіпсіздігі үшін арнай­ы жүргізілетін тексерулер сол бұрынғысынша, жоспарлы жүрде жаса­лыны­п  келді. Енді  Кемероводағы қайғылы  қасірет  бізге сабақ болғандай. Өйткені, ҚР Премьер-министрі Б.Сағын­таев барлық қазақстандық сау­да  орталығын  тексеруді  тапсырды.­

–  Бұдан сабақ алуымыз қажет. Бұл проблема қазір әлеуметтік желілерде талқыланып жатыр, блогерлер өз ерік­терімен ойын-сауық орталықтарына барып, тексеріп, апат есіктерінің ашық тұрғанына көз жеткізіп жатыр. Осы себепті ІІМ, өртке қарсы қызмет әкімдіктермен бірге сауда орталық­тарын тексеріп, қажетті шараларды қабылдауы  қажет,- деді.

Негізінен жылына бір рет жүргі­зі­летін жоспарлы тексеру бір ай бұрын кәсіпкерлерге хабарланып барып жасалы­нады. Бұл уақытта кей кем­шіліктерін түзеп үлгеретін олар жыл 12 ай жөндеу көрмеген кей құралдарын сол мезетке тап-тұйнақтай даярлап қоятыны жасырын емес. Енді қайғылы­ жағдайдан кейін мұндай тексерулер жоспарсыз да болуы мүмкін. Бұл туралы ҚР ІІМ Төтенше жағдайлар коми­теті­нің төрағасы Владимир Беккер­ айтты.

– Төтенше жағдай комитеті ұсыныс­ әзірлеп  жатыр. Бұл құжат қабылданып жатса, өрт сөндірушілер тексеруді жоспар­сыз жүргізетін болады. Ал, қазір бақылау жүргізу тек жоспарға сай,- деді В.Беккер.

Сондай-ақ премьер­-министр тапсыр­масынан кейін қаламыздағы «Жібек жолы» сауда,­ ойын-сауық орталы­ғы мен «Ағжан»  сауда  орталығы  тексерілді.

Айта кету керек, қайғылы жағдайдан соң Кемеровоның орталық алаңын­да жаппай митинг өтті. Әкім­шілік алдына жиналған 4 мыңға жуық халық губернатор Аман Төлеевтің отстав­каға  кетуін талап еткен. Алайда митинг кезінде губернатордың өзі емес, вице-губернатор Сергей Цивилев шығып, болған жағдай үшін тұр­ғындардан тізерлеп тұрып кешірім сұрады. Ал халық алдына қала мэрі Илья Сердюк шығып, басу айтқанымен, тұрғындар оның да қызметтен кетуін талап етіп, сөзін тыңдаудан бас тартқан. Халық қаза тапқан тұрғындардың толық тізімін көрсетуді талап еткен. Жағдаймен танысу үшін ел президенті Владимир Путиннің өзі келді. Ол сауда орталығында болған өртке қызметкерлердің салғырттығы мен жауапс­ыздығы себеп болуы мүмкін екенін айтып, кінәлілер қатаң жаза­ланатынын  ескерткен.

Ж.ЖҮНІСОВА

 


НҰР СЕБЕЛЕГЕН КҮН PDF Print Email
Жаңалықтар - Арнайы беттер
29.03.2018 11:03

Жер бетіндегі тір­шілікке жан бітіп, дүние қайта түлеуде. Қазақ даласынан мезгілмен бірге  мерейлі  мерекенің де  лебі есіп тұр. Бұл айтулы датаны  Ақмешіт  атырабы жылдағыдан асыға күткендей. Себебі жұртшылық Ұлыстың ұлы күнін айрықша  көңіл күймен жадырай  қарсы  алды.

Қызылордадағы мерекелік думанның қызған шағы 22 нау­рызда  болды. Орталық алаңға 30 киіз үй тігі­ліп, әр киіз үйге өзіндік атау берілген. «Рухани жаңғыру», «Астана қаласына 20 жыл, Қызылорда қаласына 200 жыл», «Шығыс жұлдызы» және т.б. Мұндай салтанатты думан­ға жиылған ха­лық­тың қарасы қалың болды. Үлкен сахнада өнерпаздар «Көктем» композициясын бейнелегеннен кейін, «Сырдария  бойындағы өркениет» қаз-қалпында көз алдымызға келді.

Ал тағылымды тарихта ерекше орны бар Ұлы Жібек жолының сән-салтанатын Ұлы көш-керуен көрсетті. Ат жетектеп, түйе мінген азаматтар көптің алдына шығып, Наурыз мейрамына аман-есен жеткен жұртшылықты құттықтады. Қаза­қы нақыштағы киімі келісті тау тұлғалы азаматтар ертеректегі батыр­ларды елестеткендей. Көрген де, көрмеген  де  арманда деуге лайық Сырдағы салтанаттың шымылдығын аймақ басшысы Қырымбек Елеуұлы  ашты.

- Биыл біз Астананың 20 жылдығы мен Қызылорда қаласының 200 жылдық мерейтойын тойламақпыз. Наурыз бен наурыз аралығында Сыр өңірі де желкенді жетіст­іктер мен тағылымды табыс­тар ордасына айналды. 2018 жыл облысымызда «Жаппай кәсіпкерлікті дамыту жылы» деп жарияланды. Сұлу Сырдың сол жағалауы­нан жаңа қала бой көтеру­де. Елордамыз Астананы газдандыру  біздің Сыр өңірінен баст­ау алатыны  –   біз үшін үлкен қуаныш. Осындай жақсылығы мол ізгі істермен Наурыз мейрамына аман-есен жетіп отырайық, - деп жүрекжарды лебізін білдірді облыс­  әкімі.

Мұнан соң көңілді, нұр себелеген күн ән мен биге ұласты. Орталық алаңға келген қонақтар наурызкөжеден дәм татып, қы­зықты ойындардың куәсі болды.­ Арнайы павильондарда Жаппай кәсіпкерлікті дамыт­у жылына арнайы­  көрме  ұйымдастырыл­ған. Қорқыт ата мен Әйтеке би көшелерінің бо­йында қаз-қатар орналастырылған көрмеден түрлі мазмұндағы тың деректер, қызықты мәліметтер жинауғ­а, құнды жәдігерлерді тамашалауға болады. Мәселен, «Ақмешіт» көрме­сінде архив құжаттарын негізге ала отырып, «Ақмешіт» музейінің экспози­ция­лары ұсынылса, «Білім шаңыра­ғында» Сыр өңірінің білім саласындағы мол жетістіктерін көруге болады. «Чемпиондар меке­нінде» өңір спортының аяқ алысы, даму қарқыны бейнеленген. Ал азаматтық қорғаныс саласын­ біл­гіңіз келсе, «Ерлік рухына» қарай бұрылыңыз. Ең ерекшесі – «Қазына», мұнда валюталар қойылған. Түрлі купюралар мен әр елдің құнды қағазынан хабардар­ бол­ғысы келген жұрт осы көрмені жағалады. Мереке мұнымен таусылмайды. Орталық алаңның ортасы­на қарай жүр­сеңіз, қазақша күрес, асық ату, арқан тарту, гір көтеру секілді ұлттық спорт ойындарында бақ сынап жатқан жұртты байқайсыз. Қазақ зиялыларын, төл өнердің дарабоздарын ұлықтау да осы Ұлы мерекеден тыс қалмады. Жетес бидің 190 жылдығы, Байназар Өтеповтың 115 жылдығы, Тұрымбет жыраудың 150 жылдығы, Темір­бек Жүргенов, Асқар Тоқмағамбетов, Манап Көкенов, Қалмақан Әбдіқадыровтың өмірі мен өнерін насихаттау жұмыстары белсенді жүргізілді. Шиелі ауданы Қалмахан Әбді­қадыровтың атынан сегіз қанатты киіз үй тігіп, есіктің алдына ұлттық нақыштағы кішігірім этно-ауыл жасаған. Қалмахан Әбдіқадыровтың 115 жылдығына орай қараша үй ішіне есімі елге белгілі, еңбегі ерен тұлғаның бейнесі сомдалып, «Мың бір түн» кітабын аударып отырған кезеңінен көрініс көр­сетілді. Ал үйдің сыртында даң­ғайыр диқан Ыбырай Жақаев дала қосындағы қамыстан жасалған­ қоста отыр. Халық сүйер, жұртшылық пір тұтар азамат­тар қайта тіріліп келгендей әсер қалдырд­ы елге. Осы көріністің айналасындағы адам қарасы көп болды. Қазақтың табиға­тына жақын, өмірінің өзегіне­н  алынған  жарқын  бейне, көркем көрініс шебер көрсетілген. Этно-ауылды көріп сүйсінген халық бір сәт жайлауға барып келгендей еді. Себебі, киіз үй сыртындағы кісілер 40 литрлік самаурынға шай қойып, таба нан пісіріп, диірмен тартып, келі түйіп, құрт  жайып,  бидай қуырып, жент, майсөк жасап отыр. Қала тұрғындары мен қонақтары дәмнен ауыз тиді. Қолөнер шебер­лері кілем құрып, өрмек тоқып,­ салтанатты шараны тамашалап жүргендерге басқұрдың қалай тоқылуын көрсетті. Сондай-ақ, жүннен текемет басу, орамал­, кеудеше, шұлық, бас киімді киізден қалай жасау керекті­гі де көрсетілді. Ал ағаш ұстасы  болса  ағаштан  ағаш  астау  және  домбыранының  жасалу­  жолын  түсіндірді. Мұндай әдемі­лікті өңір басшысы Қ.Көшербаев арнайы­  тамашалады.

Шатырларда  арнайы  ас мәзі­рін  ұйымдастыру түрлі мұнай меке­мел­еріне жүктеліпті. Ме­ре­кел­ік даст­арқан жайылып, дәмді нау­рызкөже ұсынылды. Жұрт­тың көңілі  тоқ,  өздері  мәз-мейрам.

- Наурыз мерекесі келіп, еліміз тойлап жатыр. Бұл той Батыс Қа­зақстан, Атырау, Ақтауда  14 нау­рыздан бастап аталып өтілуде. Ұлыс дегеннің өзі «ұлы іс»  дегенді  білдірсе керек, яғни ұлы істің тойы бүгін. 22 наурызда­ ұлы істердің таңы атады. Жаңа жылды­ң бірінші күні   –  Самарқанның көк тасы еритін, жер-дүние бусап,­ табиғаттың берері жаңадан басталар күн. Біз барша халық­ты жаңа жылмен құттықтаймыз. Керемет тойды тойлап жатыр­мыз. Той тойға ұлассын, ел аман, жұрт тыныш болсын. Егістік дәнге, дастарқан нанға толсын. Елтаңбамыз төрімізде, туымыз тек биікте самғасын, - деді  қалалық  ардагерлер  кеңесі төрағасының орынбасары Ж.Бодық­баев.

Киелі Сырдың бойындағы шырай­лы шаттық мерекесінде «Браунис» компаниясының ас­паз­дары салмағы 700 келі болатын ауқымды торт әзірледі. Аталмыш кондитерлік компанияның ашылғанына  биыл – 7 жыл. Ұлыс­тың ұлы күні қарсаңында айтулы датаны атап өткен компания қызмет­керлері тәтті тортты Орталық алаңдағы елдің көзінше жасап­, тарту етті.

Көгінен нұр төгіліп, жеріне гүл егілген  мекенде бұқара үшін маңызды  әрі  қуанышты  жаңалық – жаңа үйге қоныстану болса,­ осы қуаныш иелерін аймақ басшысы мерекеге орай арнайы құт­тықтады. Қырымбек Көшербаев Титов мөлтек ауданындағы бұрын­ғы апатты үй тұрғындары қоныстанған Тасбөгет кентіндегі мөлтек ауданға барып, жағдайларын көзімен көріп, Ұлыстың ұлы күнімен құттықтады. Мереке қарсаңында жаңа үйге қоныстанған тұрғындар аймақ басшысына мәселелерін тез арада шешіп бергені үшін алғаусыз алғысын біл­діріп  жатты.

Осылайша барша түрік хал­қына ортақ мейрам Сыр топырағында ауқымды түрде атап өтілді. Бірлік пен татулықтың, жаңарудың күнін жаны жомарт жұрт жоғар­ы деңгейде қарсы алды. «Қазақтың қазақ болғалы өзіне арналған, сыбағасына тиген жалғыз мейрамы – Наурызнама» дейді Мәшһүр Жүсіп. Мерекелік іс-шарада халықтың әдет-ғұрып, салт-санасы, ұлттық ойыны көрі­ніс тапқаны зор қуаныш. Ал нау­рыздың ажырамас белгісі – нау­рызкөжеден дәм татқан жұрт­шы­лық дән риза болып тарқасты.

Ж.БАҒЛАН,

Б.Есжанов (сурет)

 


ЗАМАНЫНА ҚАРАЙ АДАМЫ... PDF Print Email
Жаңалықтар - Бүгінгінің болмысы
29.03.2018 11:01

Ей, тасжүрек адамдар-ай! Қандайсыңдар? Аспандағы күңіренген қара бұлт сынды­ жер бетіндегі жандарға мейірім емес, қаһар төгесіңдер. Алланың жаратқан­ бейнесіне «біз ерекше жандармыз» деген жалған атты жалғап аласыңдар. Мен бұл жерде бүгінгі байлар мен тоғышарлар турал­ы айтып отырмын. Бай болғанда, жүрегі таза, иман жүзді, көмекке зәру жандарға қол ұшын беретін байларды емес, рухани жұтаңдаған, жүректері тастай қатты, көңілдері мұздай суық, әке-шешенің тапқа­нын өз пайдасына шашып, өз білгенін істеп жүргендер жайлы  жазбақпын.

«Біреу тоңып секіреді, біреу тойып секіреді» демек­ші, сөздерінде еш пәтуа жоқ, барған  жерлері – жын ойнақ мекені болған клуб пен барлар, ойнағандары – бильярд­ пен құмар ойындары, ішкендері – арақ пен шарап, шеккендері – кальян. Міне, бүгінгі күннің ашық бейнесі, қатқыл шындығы. Жүрек ауыртар тұстары көп әттең. Жүрек ауырғанда тыйылса қанеки, ол еш тоқтамас өрескел дүние екені ақиқат. Қылмыс жасап, аяғын шалыс басып жатса да, оларда­  қорқыныш   жоқ,  неге?  Себебі олар – байлар. Нендей түйткіл болса да, оны шешер жолдары жетерлік. Оның  үстіне қазір парақорлар заманы  болды ғой...

Ақша... Бәрі осы ақша дегеннен шығады емес пе? Ақша үшін тер төгіп, еңбек ететіндер де бар, ал кейбіреуі  қолдың кірі саналатын ақша үшін жеңіл жолға түсіп те жатқанын бай­қаймыз. Дүние-мүлкің көбейген  сайын, көңілің кемелденбей, керісінше ашкөздік деген алабұртқан сезімге ерік бере қоя­сыз. Өзің тойғанмен, көзің тоймайды. Небір билік басындағы ағасымақтарымыз балаларын шетелде оқытып, қымбат көлік­тер әперіп, тіпті зәулім үйлер салдырады. Әрине қолыңда барды бағалаған жөн. Бірақ сол бір жеңіл табысқа құнықпай, өз өміріңді таза жолда қалыптастырсаң, ол үлкен бір адамдық болар еді. Қадыр Мырза Әлі атамыз: «Әкім де болма, атшабар да болма, патша да болма, пәтшағар­ да болма, Адам бол!», - деген. Иә, адам бол, арыңды сақта, досыңды сатпа, қызыңды шетел асырмай, ұрпақ ұлағатын ақта.

Пайғамбарымыз: «Сондай бір заман келеді, адамдардың бүкіл қайғысы асқазаны болады, абыройы - дүниесі, құбыласы - әйел, діні - ақша болады», - деген. Бүгінгі күннің бет-бейнесін  көріп, ішің ашиды. «Естімеген елде көп» дегендей қазақ дейтін, намысты, ұят пен арды сақтап, иман мен ибаны үлгі еткен­ жастарымыз қазір некен-саяқ. Ұлтын ұлықтап, үлкенге құрмет, кішіге ізет көрсеткен, қазақтың салт-дәстүрін сақтап, ешкімнің бетіне қарсы келмей өскен біздің қазақ арулары қайда? Қазір олар Төлеген сүй­ген Қыз Жібектей ару қыз емес, ауру қыздар болғаны белгілі. Олай дейтінім, мына ақша құр­ғыр адамға не істетпейді? «Періш­те алтын көрсе, жолдан таяр»  демек­ші  жеңіл жолмен байлыққа өз-өзін  жетелеу – ол тозақ отына асыққан­ адам  бейнесі. Қазіргі қоғамда орыс болсын, тәжік болсын, тіпті үнді, қытай, түрік пен арабқа кетіп жатыр біздің сұлуларымыз. Неге? Олар сол елдің азамат­тарымен бақытты. Олар еркін, олар тәуел­сіз болғысы келеді. Ал сол өзге елге бар­ғаннан кейін сол байғұстар бақыт деп аталатын дүниені тапты ма екен? Түркімендер біреуге атын сыйлаған кезде ұрғашысын құлындамайтындай қылып, ал еркегін одан ұрық алмайтындай етіп береді екен. Осыдан-ақ түркімендердің нағыз текті халық екенін көресіз. Текті халық дегеннен шығады­, қазақ та текті емес пе еді? Жеті атадан  қыз  алыспайтын...

Жүре берсең, көре бересің деген рас екен-ау! Ақша үшін шешінген адам көріп пе едіңіз? Иә, көрген боларсыз, бірақ қазақ дейтін ұлағатты ұлы даланың қыздары солай­ жасайды  дегенге  сену  үш ұйықтасам түсіме кірмеген дүние еді. Арам ақшаға  бола  бар  сұлулығынан, ар-ибасынан айырылу деген нендей масқара?! Бұрын қызға қырық үйден тыйым деуші еді ғой. Әдемі комзолы мен сылдыраған шолпысы қандай десеңіз­ші! Қазақта  қыстың қыстай болғаны, қыз­дың қыздай болғаны жақсы деген бар. Қазіргі қоғам ашықтан-ашық, не болса соны жасайтын  болған. Тіпті, Батыс елдері­не көп еліктеп кеткендері тағы бар. М.Шаханов  атамыз: «Батыстың цивилизациясын аламын  деп, канали­зациясына түсіп кетпең­дер», - дейді бір сөзінде. Расында да жақсылық іздеп біреуге еліктеу жақсы дүние шығар, бірақ ертеңгі күні опық жейтін дүние болмасына кім кепіл?! Қарап отырсақ, біздің қоғамда қысқа киініп, ойын-сауыққа баратын қыздармен күресудің орнына, әуретін жауып, ұзын көйлекті серік еткен қаракөздерге тыйым салу жиілеп  бара жатқан сынды. Қазақ олай киінбеген, қазақ қыздары ешқашан­  оранып жүрмеген дейтін де болар­, бірақ арын сатып­, қолдағы барынан айырыл­ған  абыройсыз қыздардан олар мың есе артық дер ем. Жаңылмайтын жақ, сүрінбейтін тұяқ болмайтыны  тәрізді  әрбір адам қателеседі.  Ал  сол қателікті түсініп, түйсіну, міне, нағы­з  жеңіс  осында!

Бұл дүние керемет болса, туылғанда жыламас едік... Өмір сүргенде тап-таза болсақ, өлгенде жуылмас едік... Өмірдің барша құндылығын, мейлі сен бай бол, мейлі сен кедей бол, ақшаға сатып ала алмайс­ың. Бақытты өмір байларда емес. Қалайша дейтін шығарсыздар. Байларда бәрі бар, бірақ бақыт деп аталатын адамзаттың ақшаға сатып ала алмайтын дүниесі­ жоқ. Қолдарында барлығы бар, не киемін, не ішемін демейді. Сол себепті өмірдің қиыншылығын көрмейді. Ал өмір қиын­шылығы мен қуанышы қатар жүруі арқылы­ ғана қызықты. Бір философтан: «Бақытты адам деген қайсы?», - деп сұрапты. Сонда ол: «Бақытты адамдардың арасында өмір сүріп  жатқан  адам  бақытты», - деген екен. Ал  біздің  бақытымыз – жұмағымыз, жәнатым­ыз – ата-анамыз. Сол ата-ананың жанында өмір сүріп жатқан біз – нағыз бай, нағыз бақытты жандармыз. Бұл дүние бізге бір-ақ рет беріледі. Адамды бай қылатын­ – дүние-мүлкі мен ақшасы емес, кіршіксіз аппақ пейілі мен адал көңілі. Соны  ұмытпайық,  ағайын!

Гүлдана  АСАНЖАНОВА,

№21 орта мектебінің  11-сынып оқушысы,

Арал ауданы

 


МОНШАҚТАЙ ӘҢГІМЕЛЕР PDF Print Email
Жаңалықтар - Арнайы беттер
29.03.2018 10:47

Ерғали АБДУЛЛА

 

АУЫЗЫҢ   АУЫРМАЙДЫ

Аузы-мұрны  сүйреңдеп, арамызда сөз  тасушылардың  болғанының өзі қандай жақсы! Аузыңды ауыртып жатпай­сың. Бір-ақ рет айтасың. Қалғандарын  олар  айналадағының  бәрі­не өздері дер шағында  жеткізеді.

 

ЛАЙФХАК

Газет... Балық орауға да жарайды. Майды өзіне сіңіріп алады. Шыжыған­ ыстықта терезені жабуға да жарайды. Шілде-тамызда шыбын қозғанда, ұйықтай қалсаң, бетіңді жауып жатуға да жарайды. Ең аяғы қысылғанда дым таппасаң, ұятты жеріңді де жабуға әбден жарап қалады.

ДЫБЫСТАР  ӘЛЕМІНДЕ

Жаныңа жантайып ап, мысықша мияулап миыңды жейтіндер бар. Мамық креслосында малынып отырып­ ап, ыңыранғанда көтеншегі үзі­лердей керіліп-созылатындар бар. Ыңырсып, ызбайланып отырып, ыңыршағыңды айналдыратындар да бар. Қайта-қайта қақырынып-түкірі­ніп, көмекейінің бүлкілін танытатындар да бар... Осындай дыбыстар әлемінде жүріп әр үннен мағына табасың.

 

ЖЫЛУЛЫҚ

Алған айлықтан күн санап алыстап, берер айлыққа біртабан жақындаған сайын көңіліңде жақсы бір жылулық пайда  болады. Сол жартымсыз, жалқы жылудан ләззат алған жақыба­й  өмір-ай!

 

ЖЫЛЖЫҒАН  ЖЫЛДАР...

Дейтін едік: «Қиын бұған келу», артта қалды ғой елу... «Жаспыз, жаспыз»­  деп жалақтап жүргенде, келіп  те  қалыпты алпыс... Келген соң, «Алпыс­ – тал түс» деппіз, енді шығатын тауымыз – жетпіс... Одан да өтсең – алдыңда сеңгірі мол сексен... Солай қарай барсаң, тұмсық тірей­тінің – тоқсан... Содан кейін қайда болар  екенбіз  біз, әйтеуір  ойда бар – бұлыңғыр  жүз...

 

ЕЛУ  ДЕ  ЕЛУ

Бәрі  де  үлкен байлықты армандап жүр. Ойбай-ау, үлкен байлықты ұстауға үлкен күш керек. Өйткені үлкен  байлық я  арқаңнан  қағып таққа отырғызады, я талқаныңды шығары­п табытқа түсіреді. Осы таңдауға – елу де  елуге  дайынсың ба?!

 

«БАЙЛЫҚ»

Жарымаған  айлығы – жалғыз  ғана байлығы.

 

ӨМІРДІҢ  ӨЗІ  ҚАЛАЙ?

Өмір – бар адамға базар, жоқ  адамға­  азар.

 

АЙШЫЛЫҚ  пен  КҮНШІЛІК

Жел ұшырып жүрген жиырма бес жасыңда алдағы алпыс жасыңды көзге елестетесің, айшылық алыс, адам аяғы жетпес жер  сияқты көрінеді. Ал алпыс­ты­ң  асқарына  табан тірегеніңде, қайран­  жиырма  бесіңді еске алсаң, күні кешегідей, тіпті жап-жаңа ғана  иектің астында қалып қойғандай  көрінеді. Ұмсына, мойын созып қарағың  келеді...

 

ҚОЛТЫРАУЫННЫҢ  КӨЗ  ЖАСЫ

Жаңартылған білім берудің жал­ғыз жетістігі сол: мұғалім білім бермейді. Тек бағалайды. Ал білімді керек еткен­ шәкірттер құмдағы жұмыртқадан шыққан қолтырауынның баласындай өзі тырбанып, ілім мұхитына ұмтылады. Жетер-жетпесі белгісіз, дүдәмал...

 

АДАСУҒА  СЕП

Ақылы  тасыған, кемел адамдардың  да  алабөтен ақымақтығы болады.­ Осыны­ білмеген, оған сенген көп кісі өмірлік ұстанымдарын ажырата алмай­,  адасып  жүр...

 

СЫПТУРЫН

Біздің сыптурын пиғыл зиялы­лардың ұлтжанды, ұлтшыл болуға қор­қақтауының  өзі – отаршылдарды отандасым деген кезеңнен қалған, миындағы жылпыл таңба. Осы түп қазығы жоқ таңбаны көбі өздерінің жетістігі  санайды...

 

АЗАПТЫ   САПАРДА

Ақиқатқа апарар жолдардың аумалы-төкпелілігі сондай – жал-жал қалың құмда арбамен жүргендей ап-ауыр күй кешесің. Жүйкең ширығып үзілердей болғанда, діңкәң құрып, құр сүлдерің қалып, титығың таусылғанда ғана оның шалғайына қолың әзер-әзер жетеді. Сондай тірі адам төзер-төзбес, тозақтай­ азапты сапардың соңында да көкжал жүрек  жігіттердің көзінен от ұшқындап­  тұратынын да  көрдік...

 

САУ  МҰРНЫҢ

САҢҚИМАСЫН  ДЕСЕҢ...

Сұлу қызға, жүйрік атқа, алғыр тазыға, ұшқыр бүркітке және аңқылдаған ақындарға мұрныңды шүйіріп қарама! Олар – Жаратқанның мейірлі шапағатынан жаралғандар. Жаратқанның кәріне ұшырап, сау мұрның саңқиып, пүштиген  пұшық  боп  қалуы  мүмкін.

 

ШИКІЛІК

Кеуек  бас  дарынсыздығыңды жасырып, дақпыртыңды асырып, даңға­заңды­ қанша жерден қоздыруыңды қозды­ра  бер. Бәрібір, сылп етіп бір жы­лым­шы шикілігің шығады да тұрады.

 

ПАРОДОКС

Білімі тасыған халықпыз деп мақ­танудай-ақ мақтанамыз. Ал халқымыз кітап оқымайды. Жүз үйдің тоқсан тоғыз­ында кітап жоқ... Сонда қалай білімді боп  жүрміз. Әлі де мақтана береміз­  бе-оу?!

 

ФЕЙСБУКТАН  КӨР

Ақындар  ақындармен түскен суре­тін мақтан тұтатын. Бүгінде ақындар әкімдердің қасында тұрып түскен суре­тін  мақтаныш қылатын болыпты.

 

КІРДІҢ   ТҮРІ

Ардың кірі бет-ауыздың кірі емес. Сабын-сулап жуып, әп-сәтте тазарта алмайсың.

 

ЖЫЛАТПАСЫН

Адам келерінде шар етіп шыңғырып жылап келеді. Кетерінде тұншығып жылап кетеді. Екі жылаудың ортасында­ өмір жатыр. Ең болмаса осы аралықты жыламай өткізсем деп ойланасың...

 

АЛҒЫС  АЛЫП  ЖҮР

Асқан ақылымен емес, терең білімі­мен емес, ел қамын жеген қайраткерлігімен емес, айналасына нұрын шашқан адамгершілігімен емес, құрық бойламайтын қутың қулығымен бір қауым  жұртты басқарып-төскеріп жүр. Қызы­ғы сол – әжептәуір жақсы басқарып, бір­шама алғысқа бөленіп, жақсы атанып, бірсыдырғы беделге ие болып жүр...

 

ҚАҚСАТҚЫШ

«Жастарға жол берейік. Жол – жастардікі» деп кез келген жерде қақсауын қақсайды-ау. Алайда алдына түскен жас­ты көрсе, аяғынан қақпандай шалып,­ омақаса асырып, қан қақсатады­ да жүреді.

 

ЕҢ  ТАР

Дүниедегі ең тар нәрсе – біреудің қылдай артықшылығын көре алмайтын қызғаншақтың көр кепе көңілі.

 

БҮГІНГІ  ҚОРҚЫНЫШ

Ел-жұрттың иесіздігінен, саудаға түскен  жердің  киесіздігінен, былықбай­  білімнің  жүйесіздігінен қорқамын.

 

ШЫРЫЛДАУЫҚ

Өз «шындығы» үшін шырылдағандағы  дауысы  жұрттың құлағының жарғағын  жарып  жіберердей...

 

«ТАҒА»

Елге аға, халыққа жаға бола алмай жантаңдап жүрсе де, әкім-қаралардың аяқкиіміне «таға» болуға әбден жарап-ақ жүр.

 

ҚАНДАЙ   ЖАҚСЫ!

Кейде бәрін, бәрін білгенің қандай жақсы! Кейде бәрін, бәрін білмегенің қандай  жақсы!

 

ӨЗІМІЗДІКІНДЕЙ   КӨРЕМІЗ

Мемлекеттің мүлкін көп адам өзіні­кіндей көреді: жұмсар кезде жұм­сайды, шашар кезде шашады, басар кезде басады­... сосын қашар кезде қашады...

 

«ӨКІНІШ»

«Көзің түскен майкемік қызметті келеріңде шытыр­латып төлеп сатып алатының қандай керемет! Ал енді кете­ріңде  сол орныңды қайта сатып кете алмайтының қандай жаман­-ақ!».

 

ЖОЙЫЛУ

«Жемқорларды жою керек» деп оннан да, мұннан да сарнап айтып, жағы талмай жүр­гендердің  сөзі  ғайыптан  тайып­ періштелердің  құлағына шалынып  орындалар болса, аз жылда «жемқорларды жою  керек»  деп  айтатын  адамдарды таба алмай қалуымыз мүмкін  сияқты...

 

«ҚАЙРАТКЕР»

Қазіргі кей «қайраткерлердің» ерен қайраты сондай – «кет енді, орныңды босат» деген­ халықтың жеккөрінішті қарсылығына қасқая, қасарыса қарсы тұрып, құйрығы креслоға жабысқандай мызғымай отыра беруге өгіз қара күшін сарп етеді.

 

МАҚТАМА

Оны сыпайы, момақан, қой аузынан шөп алмас, биязы, нанға жаққан майдай мінезді деп өлгенше мақтама. Құлқынынан қылқылдай өткен екінші стақаннан кейін оның маңына екінші рет жолай алмай­тындай боп әзер құты­ласың...

 

АМАНАТ

Халықтың сенің өміріңе берген шын бағасын ешқашан ести алмайсың. Ол уақытта сен пайғамбардың ақ туының астын­да жүресің... Осы баға – сенің өз ұрпағыңа тастап кететін жақсы-жаманды, ең маңызды  аманатың.

 

БАҒЫ  БАР

Әйелі шұқшиып өлең оқы­майтын ақынның бағы бар. Көп  шатақтан  аман  жүреді...

 

ҚЫЖЫЛ

Жұрт асқазанның әр қы­жылына  дереу  назар аударады­. Тамаққа  бас қояды. Ал жүрек­тің беймезгіл қыжылына кө­біне-көп мысқалдай да назар аудармайтыны қызық...

 

ЗАРЫПТЫҢ ЖАРҚЫНДЫҒЫ

Үнемі тесік қалта боп, жетпес дүниенің жетімсіздігінің зарпын көп көріп жүргендіктен ғана адамдардың өмірге деген құштарлығының өршіл тал­пынысы бір сәтте бір пәске де бәсеңдемей, алға талпы­нады...

 

«ОҚЫТУШЫ»

Қулық-сұмдықтың шылқы майына өмір бойы ықылық ата тойып кеп, кеңірдегі азып, кенезесі­ кепкенде ғана шындықтың сусынын сұрайтын кісілер енді өмір философиясын соқпандап соғып, қасындағыларды кеудеден нұқып, көзден шұқып «оқытып» отырады.­

 

ЕМДЕУ  мен  ЖЕМДЕУ

Ел ішіндегі емшілер өзіңді емдеу үшін, әуелі сен оларды «жемдеуің» керек.

 

ЖАСЫРЫН  ЖАЛТАҚ

Бір пара адам өмірден өз қайымындағы нақ орнын тап басып таба алмай, әлде бір мансапт­ың желігін малданып, ысқырып өмір сүріп, пысқырып билік айтып, бәрі дұрыс, төрт құбылам түгел дегендей шырай-сымбат  көрсеткенімен,  адасқанның  аты  адасқан,­ арғы жағында бір бекемдік  жетпей, дақыл-дақыл  жабы­ғыңқы күй кешіп, іштей жалтақтап  жүреді.

 

ЗАРДАП

Қоғамдағы  қатқылдық пен тапшылық қорадағы кәрі төбетке дейін әрі-сәрі күй кештіреді: беймезгіл үре алмайд­ы, бейсауат жүре алмайд­ы, кеміргені – мүжіл­ген жіліктің сүйегі емес, тауық­тың ши  борбай  сира­ғы­ның  талшықтары...

 

САЯСАТТЫҢ   СОЙЫЛЫ

Саясаттың сойылы ауыр. Сілтегеніңде дәл тимесе, өзің­ді қоса алып  жығады. Алайда  сол сойылды кей­де­  кез келген дәлдүріш көтеріп соққысы келіп, мықшыңдап, сол мықшынын мақтан көріп, қам­пайып, өзінше «ірілік»  көрсе­тіп  жүр.

 

БҰЛ  ДА  ҚУАНЫШ

- Кешегі жиналыс жақсы өтті!

- Не? Әкімдер  келелі, келіс­ті мәселелер  шешті ме?

- Жоқ, уақытында басталып, уақытында  аяқталды...

 

ҚИНАЛЫС

Күніне төрт-бес мәрте жиналы­п, жағалай отыра-отыра­ қалып суретке түсіп үлгірмесек, күн тәртібіндегі шараларды өткендігін жоғарыға  білдіруге  тіпті мүмкін­ші­лік  болмай қалады. Енді сөйт­пегенде  қайтеміз?!

 

«БАҚЫТТЫЛАР»

Досы  көп  адамдар  бақытты болатыны шын болса, осы әлеум­еттік желілердегілер бақытт­ы-ақ   шығар...

 

МҮЙІЗГЕК

Біреудің жүйкесін жұқартып шаршатқың келсе, өзі де анық біліп тұрған нәрсесін қадап  айтып, бұйрық  бер...

 

ЖИНАЛЫС

Бұрын оның түрі көп болатын:  жиын, митинг, талқылау, дебат... Бүгінде тек жиналыс ғана қалды. Ол, міне, атына заты  сай, қамаған  қойдай қып жинап әкеледі. Аяғына дейін отырсаң  болады...

 

АУЫЗШАНЫҢ   АЗАБЫ-АЙ!

Көбіне көкіректегі көп ойды ақ қағазға жазумен ғана шығарып  жүргендіктен, кейде кішкентай ғана түйткілдің жай-жапсарын қапелімде ауызш­а жеткізіп түсіндіре алмай­, маңдайдан тер шығып, діңкәң құрып қалады.

 

МЕНІҢ   КЕЙІПКЕРЛЕРІМ

Кісімсудей  кісімсиді. Кеудесін  көтереді. «Иесін» таныса­ «иіскейді». Ақыл айтқысы кеп өзеурейді. Асқақтағысы келеді. Астамсиды... Осы сиықтарға қараймын да мұртым жыбырлап мырс етемін. Неге күлесің дейсің бе? Мұндай типтерді мен  әлдеқашан «танып» ал­ғанмын. Бес саусақтай білемін. Ішегінің қырындысындағы қиқымына дейін... Содан да көрсем болды, езуімді күлкі түрткілейді.

 

ҚЫЗМЕТТІҢ  БІР КЕРЕМЕТІ

Дүмді қызмет кешегі бір сүмеңбайдың өзін көріктен­діріп, сұлуландырып  жібереді-ау деймін. Көркіне көз тоймайтын қыз-келіншектер аш белдері бұраңдап, тоқ бөкселері дір-дір ете бұлтыңдап, сол күні-ақ қолтығында жайнаңдап  кетіп  бара жатады.

 

ҚИЯЛ  ҚУҒАНДАР

Кәлладағы қиялдың да бір шегі бар. Ал қиялдаудың жетегінде мәңгі кететіндер – көк етіктіні менсінбей, көк етіктіге­ қолы жетпеген, қойны суық кәрі қыздар мен талантты фантаст-жазушылар ғана...

 

БІЗДІҢ   «БАҚЫТЫМЫЗ»

Біздің бақытымыз – бақытсыздығымыздың шегін біл­меуіміз.

 

ПАРАҚОРДЫҢ  АЛАҚАНЫ

Ел ішінде «Сұмдық алаған» деп аты шыққандармен амандасқан сайын, қолдарына көз тоқтатып қараймын. Алақандарының біздің алақандарымыздан еш айыр­машылығы жоқ. Ал көз тоқтатып, тіктеп қарасаң, өңсіздеу, қан-сөлі жоқ бірдеңе  елестейді.

 

ДӘНІКТІ

Бермейтінді беріп ұял­тайын дегенмін. Сөйтіп келгенмін. Тағы бір ретті-ретсіз жерлерде «өй, құрысыншы» деп, қолымдағы барымды да бергенмін. Қатар  келгенде жол да бергенмін. Иықтаса шыққанда сөз де бергенмін... Сөй­тіп  тасемен  неменің  ұялуын күткенмін. Әлі де күтіп келе­мін... Беті шіміркенетін сабазың ол емес. Тіпті араны ашылып барады. Дәнігіп, дәндеп алғаны  сондай – мен оған мәңгі қарыздар  адам  болғандай түрім  бар.

 

МЫЛЖЫҢНАН   ДА  МЫСҚАЛ  АЛ

Көр-жерді көпсітетін көке мылжыңдарды да тағат тауып тыңдай біл. Тонна-тонна құм­ның ішінен жасудың көзіндей алтын түйіршігін іздегендей, көбікті көп сөздің ішінен бұрын  елден  естімеген бір-жар сөзді құлағың шалып қалуы мүмкін. Сонда мәз-мейрам боп қуанарсың. Ал алтындай асыл сөзді данышпаннан алдың  ба, көк езу қыртыңбайдан алдың ба, кімнің қандай шаруа, шатағы  бар?!

 

СОҢҒЫ   МЕЖЕ

Жақсы мен жаманды айы­рудан қалған адам ақымақ болады­. Ал жақсы мен жаманды айырудан қалған қоғам тоқыра­п  тозады.

 

ЖАЗЫЛМАС  КЕСЕЛ

Қыршаңқы сөздің жазылмас кеселі бар: не иесін есіртеді, не тыңдаушысын «жындандырып» тынады. Әйтеуір сау  қалдырмайды.

 

КЕР  ЗАМАНДАҒЫ КӨРІНІС

Шындықтың дәуірі жүріп тұрған кезде сұмырайлар та­сада­н-тасаға қашып, інне­н-інге тығылатын, қара басын сауғалайтын. Енді сұмырайлардың итше дүреп көбейіп кеткені сонша – өзара тез табысы­п, ауыз жа­ласып­, жұдырықтарын ысып, жұ­мырықтан қысып, шындықты шығанға шығарып жалаң қамшымен шиыра ұрып, шыбын  жанын  шырқы­ратып көзіне  көрсетіп  жүр.

 

АЛАҚАНДАР

Аялағанда тұла бойыңды шымырлатып, жан-жүрегің­ді жібітіп жіберетін алақандар бар. Және де қалтаңды қа­ғып, малтаңды тауып, барыңды мұрныңнан сығып шығарып алатын алақандар да бар.

 

ОНЫҢ  АЗАБЫ

Науқандық бастамаларға дүрмекке еріп «ура» деп үн қосып үйренгені сондай – өз білдігімен күнделікті жұмыс­ты күпсітіп істеуге келгенде тап  жаңа  кестірілген бұқадай­ мәңгіп қалатын ол үшін бұл сәт  тұрғанымен азап.

 

ОҚУДАН  ҰШЫНҒАН

Оқып туған сабаз. Біл­мей­тін пәлесі жоқ. Өзінің өзгелерден осы артықшылығын жақсы сезінеді. Сондықтан да кезінде де, қазір де оқуға аса мән бермеген. Содан келіп қай жерде отырса да, ілім-білімді мансұқтап, екі сөзінің бірінде: «Оқудан мүйіз шықпайды. Қалтаң толық болса болды. Оқусыз да адам болдық» деп даудыраудан  жағы  бір  тынбайды.

 

«ӨЛМЕУДІҢ»  ЖОЛЫ

Әкіммен арыздасқандар ағайын болса, алпыс шақырым алыстан аулақ жүр. Әкіммен ауыз жа­лас­қандар мен жалбақтап жағымпаз­данғандар жатта болса, жанынан  табыл. Осы жол сені өлтір­мейді. Бас­қада нең  бар, қасқа!

 

ҒАЛАМАТ ТҰРАҚТЫЛЫҚ

Оның араққа деген­  махаббатының тұрақтылығы ғаламат. Төбесіне әңгір­таяқ ойнатып, әкесі де қойдыра алмады­. Қарғап-сілеп жүріп шешесі де қойдыра алмады. Бетінен алып жүріп жанындағы қосағы да қойдыра  алмады. Жалынып-жалбарынып, жылап-сықтап өтініп балалары да қойдыра алмады. Ұялтам, қызартам деп құрдас, қатар­ластары  да  қойдыра алмады. Енді қойдырса,  тек  ажал  ғана қойдыра алатын сияқт­ы...

 

«КҮРЕСІН»

Әр заманның өз қоқысы болады. Зама­н өзгергенде, сүріліп тасталатын күре­сін қоқыстың ішінде  кетпейтіндей өмір сүр.

 

МІНЕ, ҚЫЗЫҚ

Өзгенікі түгілі, өз әйелін өзімдікі деп айтуға жүрегі бата алмай жүргендер  бар.

Арал  қаласы

 



<< Бірінші < Алдыңғы 1 2 3 Келесі > Соңы >>

Күнтізбе

< Наурыз 2018 >
      1 2 3 4
5 6 7 8 9 10 11
12 13 14 15 16 17 18
19 20 21 22 23 24 25
26 27 29 30 31  

Сауалнама

Аса мәртебелі шенеуніктердің қылмысқа шатылып жатқандығы нені аңғартады?
 

Ауа райы

Валюта бағамы

Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі валюталардың ресми бағамдары