Өзекті мәселелер

  • 06.12.18

    «ЖУСАНДА  ТУҒАН  ЖЕРДІҢ  ИІСІ  БАР»

    Қазақ елі сонау «қарағай басын шортан шалған» ХІХ ғасырға дейін, ұлт тағдырының сілкіленіп, ұлттық сана ояна бастаған ХХ ғасырда да өзінің тегеуріні мықты ел екенін дәлелдеді. Киіз туырлықты қазақ санасындағы рухан­и-мәдени жетілу мен әлеуметтік-экономикалық салада өрлеу секілді мақсаттары заман көшіне ілес...

    Толығырақ...
  • 06.12.18

     

    Ерғали  АБДУЛЛА

     

    АРТЫҚШЫЛЫҚ   пен  КЕМШІЛІК

    Оның көп артықшылығы бар: гү...

    Толығырақ...
  • 06.12.18

    * Ерлердің психикасы зейіннен тоқылған. Ол жай өмір сүре алмайды. Ол биікке ұмтылуы керек.­ Еркек қатты жерде ұйықтап, суық сумен шайынып, ерте тұруы қажет.

    * Ер адам әрдайым өзінің жаман­ қылықтарын тыйғаны жөн. Өзіне ұсақ-түйек жеңілдік жасамауы  керек.

    * Қалаған нәрсесіне жету үшін ол мақсат қойып қимылдайды. Бұл – ер-азаматтың таби­ғаты. Сыйласатын ортасында өзіндік орны бол...

    Толығырақ...
  • 06.12.18

    Жалпы, өзімді жаман адам не ұсқынсыз қызбын деп айта алмаймын­. Жоғары қызметім бар. Адамдармен қарым-қатынасым да жақсы. Бір әттеген-ай дейтінім, осы уақытқа дейін екінші жар­тымд­ы жолықтырып, асыл жар атана алмадым. Жасым 34-те. Бұған дейін карьера құрып, өз жағдайымды өзім жасап алғым келді әуелі. Бір кездері мен үшін арман болған, одан соң мақсатыма айнал­ған марапаттың барлығына жетті...

    Толығырақ...
  • 06.12.18

    Бір сәт аспаннан ақша жауғандай күйге еніп, мол қаржыны қайда жұмсарыңызды білмей қалған мезетте... Мұндай көңіл күйді көбіне несие алған кезде сезінеріміз сөзсіз. Ал ай сайын алатын жалақыға телміріп отырған­ қарапайым халыққа бұл аса таңсық жағдай емес. Иә, өте көп мөлшердегі қаражатты алып, қалтамызды қампайттық делік. Ары қарай қайда жұмсаймыз? Бұрындары тұрмыстық техника, автокөлік немесе ...

    Толығырақ...
Наурыз 2018

«ХАЛҚЫМНЫҢ ҚАЛАУЛЫ АҚЫН ҚЫЗЫ БОЛАМЫН!» PDF Print Email
Жаңалықтар - Арнайы беттер
29.03.2018 10:28

Алтынай  БЕРІК,

оқушы:

«Ерте, ерте, ертеде, ешкі жүні бөртеде, қырғауыл жүні қызыл екен, құйрық жүні ұзын екен...» - деп ата-әжелеріміз немере-шөберелеріне ертегі айтып, қазақ халқының салт-дәстүрін, тарихын, мәдениетін дәріптеп отырған. Баланың тәрбиелі, өнегелі азамат болып өсуіне ықпал жасаумен қатар, ұлттық сана-сезімін дамытатыны да рас. Қазақта «Бесік жырын» тыңдап өспеген бала кемде-кем шығар. Әже жырын құлағына құйып өскен ұрпақтың болашағы жарқын, келешегі кемел болатыны анық.

Аялы алақан иесі әжесінің зерделі ертегілерін тыңдап өскен Алтынай Берік те – бүгінде 40-тан аса ертегінің авторы. Жас өрен 7 жасынан ертегі жазуды бастаған. Қолына қалам алып, бейнелеу өнеріндегі қабілетін шыңдап, сурет салып, соған қарап ертегі жазу Алтынай үшін таңсық нәрсе болмады. Алғашқы оқырмандары жас дарынның бауырлары, отбасы болса, қазіргі уақытта оның туындыларын  мектеп  оқушылары, барша бүлдіршіндер оқиды. Себебі,  жас қаламгердің ертегілері  республикалық  газет-журнал  беттерінде  жарияланып  жүр. Болашағынан  көп үміт  күттіретін Алтынай  Айбекқызымен  арнайы  барып сұхбаттасқан  болатынбыз.

- Алтынай, өзің туралы, от­басың­  туралы айтып өтсең...

- Менің аты-жөнім – Берік Алтынай Айбекқызы. 2007 жы­лы дүниеге келдім. Жасым 11-де. Отбасында жеті ағайындымыз. Мен үйдегі екінші баламын. Әкем Айбек – жұмысшы, ал анам Айзат бала күтімімен үй шаруасында отыр. Отбасында атам, әжем, әкем, анам және бауыр­ларыммен бірге тұрамын. Жеті баланы­ң бесеуі №267 орта мектепте білім алады, ал екеуі кіш­кентай.  Жанұямызбен  тату-тәтті өмір сүріп келеміз, үлгілі отбасының  біріміз.

- Ертегі жазуға не түрткі болды  және жарық  көрген  кітабың  бар ма?

- Сурет салып, сол суреттерге қарап, әңгіме құрап, ертегі жазуды  бастадым. 40-тан аса ертегім бар. Алғашқы кітабымның жа­рық­қа шыққанына көп уақыт болғ­ан жоқ. Кітап «Ертегіле­р» деп жарық көрді. Бұл кітапқа менің барлық туынды­ларым енді. Облыс әкімі Қырымбек Көшербаевтың қолдауымен, «Нұр Отан» партиясының қаржылай кө­мегінің арқасында кітап мың данаме­н  түрлі-түсті  болып  басылып  шықты.

- Өз жетістіктеріңмен бөлісе отырсаң.

- Елбасымыздан екі кітап сыйлыққа алдым. Бірі – «Қазақстан жолы-2014», ал екіншісі – «Еуразия жүрегінде». Елбасы кітапқа: «Айналайын, Алтынай! Талабыңа нұр жаусын! Жақсы оқып, ақылды, білімді, өнерлі қыз  болып өс», - деп қолтаңбасын  қалдырған. Жетістіктерімді айтар болсам, «Қазақстан Тәуел­сіздігі және Елбасы» ашық шығармашылық конкурс лауреатымын. Республикалық «Өнеге» интеллектуалды білім порталының қашықтықтан өткізілген «Жырым менің...» байқауының бас жүлдесін, «Мөлдір бұлақ» журналының редакциясы ұйымдастырған «Адамзаттың бәрін сүй бауырым деп» атты бәйгенің ІІІ орынын, республикалық «Жас ақын-2» шығармашылық байқауының І дәрежелі дипломын  алдым. Сондай-ақ, халық­аралық  ғылым мен білімді қол­дау­ орталығының  қолдауымен, «Эрудит» интеллектуалды білім порталы­ның ұйымдастыруымен респуб­лика оқушылары арасында өткен «Ертегілер елінде» атты байқаудың ІІІ орын иегері атандым. «Шамшырақ» ғылым мен білімді қолдау орталығының ұйымдастыруымен өткен  «Біз­дің болашақ» атты республикалық  жас  таланттар  байқауында І  орын­ға ие болсам, республикалық «Болашағым өзіңмен туған  Отан» атты жазбаша шығармашылық байқауда ІІІ орынмен марапатталдым.

«IQ» Интеллектті дамыту орта­лығының ұйымдастыруымен республика оқушылары арасын­да  қашықтықтан  Қазақстан  Республикасының Тәуел­сіз­дігінің 25 жылдығына орай өткізілген «Менің елім – мақтанышым»  байқауында ІІ орын алға­н кезім де болды.

- Алдағы уақытта қандай жоспар­ларың  бар? Болашақта  кім болғың  келеді?

- Алдағы  жоспарым, жарыққа шыққан кітабымды сатылымға шығарамын. Түскен қаржыға екінші кітабымды шығару ойда бар. Оған керекті материалдарды дайындап та қойдым. Болашақта ақпарат көздерінде әрбір жастың көкірек сарайын кәусар жаңалықтармен сусындатып, Мағжанның  жауhар  жырларына, Абайдың дана ойларына, Әсет­тің әндеріне, Сәкеннің лири­касына, еліне, жеріне сүйіс­пеншілігін оятатын журналист болуды армандаймын. Ақиқатқа келгенде сөз семсерін сермеп, әдебиетке сусаған жұрттың айызын­ қандырып, адамның өзіне, көзіне қарамай шындықты айтатын, заман сипатын тайға таңба басқандай көрсететін журнали­ст болғым келеді. Ауыр жүкті қайыспай арқалап, сөз маржанын молайтып, қаламы қарымды маман болуды мақсат тұтамын. Тіліміздің бүлінуіне жол бермейтін, ұлтжанды, әдебиетті сүйетін қазақтың дара қызы, дана қызы боламын. Еркін сөйлеп, халық ауызбірлігін ойлайт­ын, ықыласына бөленетін мен таңдаған мамандық журна­листика  болмақ.

- Ең алғашқы жарық көрген ертегінің атауы? Қандай басылымдарда ертегілерің жиі жарық көреді?

- Алғашқы туындым «Ақ кө­жек» деп аталады. Менің 40-тан аса ертегім республикалық «Сөз өнері», «Мөлдір бұлақ», «Ертегі­лер елінде», «Балдырған», «Ұлан», «Ақ желкен» және Қы­зылорданың «Халық», «Сыр дида­ры», «Ақмешіт жастары», «Тіл сақшысы» және тағы да басқа­ басылымдарда жарық көріп келеді. Қазіргі уақытта ертегілерді азайтып, әңгіме, өлеңдер жазып жүрмін. Болашақта елім­нің елеулі, халқымның қалаулы ақын қызы боламын!

- Әңгімеңе рақмет! Арманың аласармасын!

Сұхбаттасқан

Арай  ӘРІПЖАН,

ҚМУ-дың  4-курс  студенті

 


ҰЛТТЫҚ ҚҰРАМАДА ҰЛТТЫҚ РУХ ПАЙДА БОЛДЫ PDF Print Email
Жаңалықтар - Сергек
29.03.2018 10:25

Футболсүйер қауымға белгілі жақында ғана ұлттық құраманың бас бапкері қызметіне болгариялық маман тағайындалған болатын. Станимир Стойлов – Қазақстан ұлттық құрамасының 16-шы бас жаттықтырушысы екен. Оның бұл қызметке отырмас бұрын ел­ордалық “Астана” футбол клубын жаттықтырып, орасан жетістікке жеткізгенін қалың көпшілік жақсы­ біледі. Бұған дейін “шөп” те, “шөңге” де тізгінін ұстаған Қазақстан құрамасы 2016 жылғы 6 маусымнан бері жеңіс дегеннің не екенін ұмытып қалған-ды. Содан болар, FIFA-ның  рейтингінде тым төменде  тұрмыз. Наурыз  айындағы ұлттық құрамалардың бүкіләлем­дік жаңартылған рейтингісінде еліміз 136-орынға жайғасқан. Ақпан айында ешқандай да ресми кездесу өткізбеген соң, наурызда екі жолдастық кездесуді жоспарлаған болатын.­ Сонымен, 23 наурыз күні Венгриямен, 26 наурызда Болга­риямен бақ сынасқан ұлттық құраманың ойынын көріп, өзіміз­ше  ой түйген едік.

Венгрлерге қарсы ойын Будапешт қаласында өтті. Поляк төре­шісі Томаш Мусялдың ысқырығы естілісімен ойынды ширақ бастаған жігіттер мақсатына жетпей қоймады. Ойынның небәрі 6-минутында астаналық шабуылшы Роман­ Мұртазаев “Қайраттың” ойын­шысы Бауыржан Исламханның бұрыштамадан әуелеткен соққы­сын голға айналдыра алды. Араға санаулы минуттар салып, “Уфа” клубы сапында доп теуіп жүрген жас талантымыз Еркебұлан Сейдахмет бірнеше ойыншыны алдап өтіп, допты қақпаға көлбеулетіп тепкен-ді. Допқа қарсылас команданың футболшысы бірінші жеткендей көрінгенімен, астаналық ойыншы, тағы бір жас бөріміз Бақтиер Зайнутдиновтың аяғынан табылды. Өз кезегінде Тараз футбол мектебі түлектерінің шабуылы нәтижелі аяқталды. Бұл ойынның 10-минуты болатын. Мұнан кейін венгрлер таблодағы есепті қыс­қарт­қан еді. Қорғаушылардың қателігін ұтымды пайдаланған Еркебұ­лан Сейдахмет ұлттық құрама сапындағы алғашқы ойынында алғашқы голын, ұлттық құраманың Венгрия қақпасына үшінші голын соқты. Айтпақшы, есеп ашқан қазақстандықтардың барлығы ел құрамасы сапындағы алғашқы голдарын салып, жан­күйерлерді қуантып жатты. Екінші таймда қарсыластар астаналық қақпашы Эрич қорғаған қақпадан саңылау тауып, екінші голын соқты. Ойыннан кейін ұлттық құрамаға бағыт­талған жылы лебіздер мен құттықтаулардың санында шек болмады. Әсіресе, Стойловтың мықтылығы, алаңда қазақ жас­та­рының ойқастағаны ерекше әсер қалдырса керек-ті. Десе де, әліптің артын бағуға тура келді. Өйткені, келесі­ қарсыласымыз болгарлар болаты­н. Ал, бас бапкердің ғана емес, ҚПЛ-дегі бір­қатар ұжымның тізгінін аталмыш ұлттың мамандары ұстап отырғаны баршаға мәлім. Мұнымен не айт­қымыз келді? Оны бапкердің  өзі  де  айтты. “Болгария – отаным, Қазақстан – екінші  отаным­...”

Сонымен, Қазақстан ұлттық құрамасы араға екі күн салып, Болгари­ямен де жолдастық кездесу өткізді. Шыны керек, бұл жолы бірінші болып “жұдырықтай” алма­дық. Ойынның бірінші бөлігі бел ортасынан ауғанда алматылық клубтың­ қорғаушысы Ғафуржан Сүйімбаев жаза басып, төреші он бір метрлік айып соққысын белгілеуге мәжбүр болды. Пенальтиді Ивелин Попов мүлтіксіз орын­дады. Екінші таймда бас бапкер екі ойыншымызды алмастырып, алаңға “Ордабасының” оғланы Еркебұ­лан Тұңғышбаевты шығарды. Сол-ақ екен, ұлттық құраманың ойынына жан біткендей. Үсті-үстіне оқ атқан зеңбіректей, қауіпті  шабуылдар жасалып жатты.­ Сол қапталдан Еркебұлан Сейдахмет бастаған шабуылды Еркебұлан Тұңғышбаев голға айналдырды. Осылайша, қос Еркоштың, жігіт­тердің арқасында есеп теңесті. Айтпақ­шы,  бұл  да Тұңғышбаевтың ел құрамасы сапындағы тұң­ғыш голы еді. Одан кейін ұлттық құрама ойыншыларының есепті еселей түсетін бірнеше мүмкіндігі болған  еді. Әттең, Илиев қорғаған қақпаға екінші доп дарымай-ақ қойды. Ойынн­ың негізгі уақытына­ қосылған төрт минуттың өзі түге­сіле бастағанда болгарлар біздің қақпаның маңынан айып соққысын орындау мүмкіндігіне ие болып, сол арқылы жеңісті жұлып әкетті. Мұны футболда “соңғы секун­дтар синдромы” десе керек. Қорытынды есеп: 2:1, Болгарияның пайдасында. Ойыннан кейін жеңілсе де, Стойлов пен ұлттық құрамаға айтылған мақтауларды көп естідік, оқыдық. Айт­қандай, ұлттық құрамада 7-8 қазақ ойыншысы бір мезетте ойнады. Алаң жиегінен де қазақша дауыстар жиі естіліп жатты. Футболшылардың да ойын үстінде бір-біріне қазақша­ сөйлегендері болды. Біз ұлттық құраманың ұлттық рухы оянғандай әсер алдық. Ұзағынан болсын дейміз!

Қазақстан – Венгрия – 3:2

Қазақстан – Болгария – 1:2

Қазақстан ұлттық құрамасы: Плотников, Эрич, Исламxан, Қуат, Тұңғышбаев, Бейсебеков, Сей­даxмет, Әліп, Зайнутдинов, Ахме­тов­, Мұртазаев, Сүйімбаев, Малый, Постников, Парагульгов, Перцух, Хижниченко, Шомко, Мирош­ниченко.

Рыскелді  ЖАХМАН

 


Амангелді  Сейітхан:

 

...Екінші тайм тактикалық шешім құрсауын­да өтті. Тыңнан қосылған ойыншыла­р серпіліс әкелген жоқ. Әсіресе,­ тағы бір Еркоштан қауіптеніп еді, Тұңғышбаевтан. Ол ойынға онша араласа  алмады.

Вайсс бір күлді, бір күрсінді. Күлетіні, Қазақстан  футболшылары  дөрекі  ойнау­дан  арыла алмай келеді. Қорғаушылары көп қателеседі. Күрсінетіні, Стойлов жас таланттарға кезек ұсынды. Солардың  атасы  емес пе еді, “Бала бүркіт түл­кіден  аянбайды” деп әндететін... Бұйырғанын  күзде көрер...

Дүрәлі  Дүйсебай:

“Футболдан Қазақстанның ұлттық құрамасы Болгариядан ұтылды” деген шартты. Үш минут қосылды, айып добын тебеті­н уақытта 93.21 минутты көрсетіп тұрды. Гол 93.30-да соғылды.­ Мейлі ғой, есеп – 1:2. Ұтылдық-ақ. Бірақ, бізден әлдеқайда тәжірибелі, Еуропада ойнап жүр дейтін болгардың ересек жігіт­терінің екінші голды соққандағы қуанышын көріп, біздің футболшылар үшін “авторитет” азайып келе жатқанына көз жеткізгендей болдым. Жігіттердің бойына сенім, жігер қоса білген Стойловқа рақмет! Осы беттен таймасақ, тәп-тәуір команда қалыптасатын секілді. Тек құрама ойыншылары енді өз клубтарында да осылай ойнап, шеберл­іктерін шыңдай түссе, шіркін, біздің жеңістерге бұдан  былай  ешкім таңғалмас еді.

Facebook-тегі парақшаларынан

 


ОЛИМПИАДА ТҰҒЫРЫНДАҒЫ ҚОС ҚАЗАҚ PDF Print Email
Жаңалықтар - Сергек
29.03.2018 10:20

Бұл сурет осыдан 10 жыл бұрын Қытай астанасы Бейжіңде өткен XXIX Жазғы Олимпиада ойын­дарының финалында түсі­рілген. Қазақ спорты үшін бұл – тарихи маңызы  бар  аса  құнды  сурет.

Қазір кез келген қазақстандық суреттегі екі спортшымен мақтана­ алады. Себебі бейнедегі екі қазақтың бірі (Бақыт Сәрсекбаев) – Олимпиада чемпионы атанса, екінші қазақ (Қанат Ислам) Қытай құрамасы сапында сынға түсіп, қола жүлде алды. Сөйтіп екі бірдей оғланымыз Олимпиадада медаль алып, тұғырдың ең биік сатысында­ өткенге өнеге, жастарға үлгі болатындай тарихи суретке түскен еді. Бір қызығы, Олимп шыңын ба­ғын­дырған Бақыт Сәрсекбаев пен Қанат Ислам өзге елде туып, тарих­и отанына оралған спортшылар.

Бақыт Сәрсекбаев 1981 жылы Өзбекстанның Ташкент облысы, Табақсай ауылында туған. 2004 жылы Афинада өткен жазғы Олимпиада ойындарында Өзбекстан құрамасымен бара алмай, сол жылы Қазақстанға оралған. Ал, Қытайдың 10 дүркін чемпионы болған Қанат Ислам сол жақтың Іле Қазақ автономиялық облысы, Алтай аймағында туған. Бейжің Олимпиадасынан кейін 2010 жылы азаматтығын ауыстырып, атамекені Қазақстанға қоныс аударды. Ол  елге Лондон Олимпиадасына тарихи отанының атына­н қатысуды мақсат тұтып келген болатын. Бірақ, Қытай тарапы­ Қанат Исламға қарсылық танытып, Қазақстан атынан сайысқа түсуге рұқсат бермеді. Сөйтіп ол 2012 жылдан бүгінге дейін кәсіпқой бокста бақ сынап келеді. Тарихи суретті таспаға түсірген қазақстандық фототілші Станислав Филиппов сол уақытта Олимп тұғырында тұрған екі қазақты суретке түсіріп тұрғанын білмегенін айтады. “Қателеспесем, Олим­пиада ойындарының соңғы күндері болатын. Басшылар “бүгін Бақыт Сәрсекбаев финалда жұдырықтасады. Бұйырса, құрама қоржынына алтын жүлде түсіп қалуы мүмкін, сен сол сәтті суретке түсіруің керек” деді. Күткеніміз­дей Бақыт финалдық айқаста жеңім­паз атанып, ел мерейін үстем етті. Аренаға жиналған қазақстандықтардың қуанышын сөзбен айтып жеткізу мүмкін емес. Ол өз алдына­ бөлек естелік. Сөй­тіп кезек жеңім­паз бен жүлдегерлерді марапаттау сәтіне келді. Бар ойым – жақсы кадр жинау болатын. Ресми марапаттау сәті аяқ­талған соң Бақыт жанына Қанатты шақырып, суретке түсуге ыңғайланды. Қазақстандық спортшының әрбір қимылын назардан тыс қалдырмау үшін оның әрбір әрекетін суретке түсірумен болдым. Қапелімде еш ой жоқ, Бақыт жақын досымен суретке түскісі келген екен ғой дедім де екеуін суретке түсіріп алдым. Жарыс аяқталып, суреттерді өңдеп жатқанда ақпараттық сайттардан “Қытайдағы қазақ боксшысы Олимпиаданың қола жүлдесін алды” деген сыңайдағы ақпаратты көзім шалып қалды. Сонда ғана Бақытпен бірге суретке түскен Қанат Исламның қазақ екенін білдім. Өзімнің тарихи­ сурет түсіргенімді де сол кезде аңғардым десем болады. Дегенм­ен, фототілшілердің кез келген кадры құнды ғой”, - дейді Станислав Филиппов.

Қазіргі  таңда  Бақыт  пен  Қанат – еліміздің мақтаныштары. Қос қазақ оғланының Олимп төріндегі жеңісі мен жетістігі соңдар­ынан ерген боксшыларға үлгі. Бақыт пен Қанаттың бұл жетістігін көріп, естіп өскен саңлақтар дүбірлі додаларда Қазақстанның намысын қолдан бермейтіні  анық.

Әли  БИТӨРЕ

 


ТӨРКІН СЫБАҒА PDF Print Email
Жаңалықтар - Арнайы беттер
29.03.2018 10:11

Алмас  АЛМАТОВ,

Қазақ Ұлттық өнер университетінің профессоры,

Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері

1973 жылдың қыркүйек айы. Мектеп  бітірген жылым.  Оқуға  түсе  алмай  ауыл­ға қайта оралдық... Ендігі бұйырған жұмыс механик Машараптың (Машарап Әлиев, 1916-1987) көмекшісі болып, Жаңақала совхозының №4 фермасындағы шопанд­арының құдығына мотор  құруға  тапсырма алып, жолға шықтық... Таңертең гараждан мотор тиеп жатсақ, жұрт бізге:

- Бірің молда, бірің қожа, Құдай қосқан екен екеуіңді!- деп, күліп жатыр.

«Дін – апиын» деп, қожа мен молданы құбыжық қы­лып қойған заман... Жұртқа арзан сөз, мазақ керек... Маше­кеңнің  бір әдеті, ондай­ сөздерді естімеген жандай кейіп танытады. «Тәуекел!» деп, біз өз шаруамызға шықтық. Астымызда Машекең­нің совхоздың өтелінен құ­растырып алған қорапты, құрама қашыр машинасы бар. Үстімізде 10 «ЗИД» мотор­ы мен қосымша бөл­шектері тиеулі, шығысқа қараған ауылдың шетіндегі аққұмақ төбеден асып жолға түстік. Қыркүйек айы кірсе де, күн әлі ыстық. Таңертең ерте, күнге қарсы жүрдік. Біздің Қызылдың жолы – қияметтің жолындай ауыр. Өзім бұрын көрмеген, жүр­меген қырық тарау жолмен қия құмды кеселеп, ілбіп келем­із. Я «тегі», я «зауыты» жоқ ескі темірден жинаған машина қарсы қабақ, биік төбеге келгенде ышқына зарлан­ып, өзін құрастырған Машекең молдадан медет тілеп, Қызылқұмның құмын маңдайымен бір өзі итеріп келе жатқандай қалш-қалш етіп, азу тісі сақылдап ала жөнеледі. Шаң мен түтін араласып, кабинаның іші алай-түлей. «Батып қаламыз-ау!» деп ойланып, көз қиығымды Машекеңе салсам, ол кісі тап солай болуы керек секілді, иегіндегі сақал-мұр­ты шошайып, балуан білегімен машинаның рөлін орай ұс­тап, қаннен-қапер­сіз, жайсын келе жа­тыр­. Жылдамдық – 40-50 шақырым. Әр төбеден әупірімдеп өткенде: «Басады біздің Қара айғыр!»,- деп, мұртын таулап, өз-өзіне риза болып, жымиып қояды... Ойға қарай отыз алмай­тын машинасын бала секілді мақ­тайтыны бар-ау?!... Қалай болғанда бұл кісінің жұртқа ұқсамайтын мінез-құлқы мен іс-әрекетіне шәкірт болып ізіне ерген бала жасымнан қанықпын... Қайда бара жатқанымыз Машекең мен Құдайға ғана аян. Естіген­ім «Генерал тамы» деген жерде ферманың  орталығы болуы керек. Үй жың­ғылдың  үсті­мен, сексеуілді- жың­ғылды қалың жынысты аралап, біраздан соң тақыр жолға түстік. Әнше­йінде әңгімеден жалық­пайтын молдекең әзір үнсіз келе жатыр... Әңгіме кез келген уақытта, кез келген тақырыпта басталады.

Күн тас төбеге келгенде, бір бұлақтың басына келіп тоқтадық. Ол кісі дәрет алып, намаз оқуға кірісті. Бұлақтың суы жылы екен, өзім де шешініп жуынып-шайынып, үстімнің шаңын қағынып алдым. Ол кісі киініп алуыма қарамай, машинаны от алдырып, шаңын бұрқ еткізіп, айдалаға тастап кете барды. «Бұнысы несі?!» деп, тұрғанымда, әу дейтін жердегі биік төбенің басына барып тоқтад­ы. Жаяулап ізінен кел­дім. Тоқтаған жері ескі бейіттің басы екен. Ортасында түйе өркештеніп  құландысы қалған­ үлкен қорым. Айналасында екі-үш сыпа түріндегі қорымдардың жауынмен мүжіліп жерге сіңіп кеткен сұлбасы көрінеді. Үстіне дарақ сексеуіл шыққан, жон төбе. Келуімді күтіп тұрғандай Машекең басын­а тақиясын киіп, сыртынан жиектеп орамалын орап, жерге жүрелеп отырып құран оқыды. Өзім де жанына жүрелеп отырдым. Құран ұза-а-ақ оқылды. Үп еткен жел сезілмейді. Жер мен көк біздің (қожа мен молданың) енші­міз­ге тигендей үнсіз тыныштық орнады. Айдала. Құран аятымен өріліп, қалықтай көтерілген қоңыр үнді көңілім құдірет иесінің көктен жеткен дыбысындай сезінді. Бұл кісінің аят оқығандағы қырағаты өзіме айрық­ша ұнайтын еді. Бұл жолы баябан даладағы мына әрекеті жүрегімді қозғап, көзі­ме жас үйірілді. Қоңыр, әуезді бірқалыпты мақам иірімі, аяттың әрбір әрпі мен буынын көмейімен күмбездеп, күмбір­летіп құйылатын қырағаты еріксіз жан-жүрегімді қозғап жіберді. Машекеңнің жанының жалғызсырап отырғанын түсіндім... Ауыл-үйдің адам­дары: «Әй, сол Машарабыңның сөзін қойшы!», «Құдайдың қасында болып келгендей сөйлейді», «Құдай, пайғамбардан басқа айтар сөзі жоқ», - деп, «хан сыртынан жұдырық» айтпайтындары болсайшы... Машекең қол жайып әулие-әнбиелер мен Сыр бойындағы өзі білетін жандардың аты-жөнін ұзақ тізбектеп дұғасына қосып, бет сипап, орнымыздан тұрдық. Содан соң маған маңыздана  қарап:

- Қожа, бұл кімнің бейіті екенін білдің бе? - деп, сұрады.­

- Білмедім. Бірінші келіп тұрмын.

- Ә-ә-ә! Өлген соң ердің орны төлене ме, Қу мола сау күнгідей елене ме? Орнына мың тал шыбық шыққанменен, Бұрынғы гүжімшілік кө­гере ме!? - деп, Тұрмағамбет ақын айтқан гә-ә-п. Бұл – нар­дай шөгіп, опырылып жатқан Кете Ешнияз салдың үйтамы. Алпыс жасында алпыс қараға Айтжан деген шешемізді қыздай  ұзатып алып, "Айтжан-ай" деген ән қалдырған гөзәліңнің жатысы осы-е-е. Бұл кісі, атақты Кете Жүсіптің әкесі. Одан Мұзарап жырау туады. Соңына­ «Балымша-ай» әнін қалдырған. Оның баласы, кешегі Нартаймен  бірге ән салып, концерттік бригадасында болған Сабыт жырау. Кешегі, 41-45-жылғы қан майданға осы Қармақшыдан бес жүзден аса жігіттер аттанд­ық. Содан аман келген аз  адамның  бірі. Ол  қазір Қармақшыда. Дауысы қарлығып қалып, ол кәсіпті қойды. Болмаса Ібаш пен Сабыттан ән оздырған адам жоқ... Бұл біздің бала уақытымызда күмбезді, көрнекті кесене еді. Ендігі қалған жұрнағы осы ғана. Осындағы атқа мініп жүрген бірталай азаматтарға неше қайтара айттым. Ел сыйлаған адам еді, басын көтеріп, белгі қойыңдар?! - деп. Бәрі жалған белсенді... Қожа мен молда, үйтам мен мола десе, ат-тонын ала қашады. Сірә өздерін өлмей­тіндей  көреді-ау!?... Ой, Алла-ай! Бұл заманның адамы бұзау секілді, алдыға тартсаң, төрт аяқтап артқа шегінеді. Анау сексеуіл, жыңғылдың түбіндегі шашылып жатқан арақтың бөтелкесін көрдің бе?! Соның бәрі бағанағы гаражда екеуі­мізді мазақ қылып тұрған біздің ауылдың жігіттерінің жұмысы. Олар үшін бұл төбе, арағын ішіп, бұтаның түбіне тышып кететін жер! Құдайдан безіп, азғындап болды ғой жұрт, - деген­де, намыстан бетім дуылдап кетті. Алқымыма өксік тіреліп, екі қайтара жұтынып, зорға тоқтадым. Шындықтың мұншама ащы боларын сонда сезіндім...

Бұл кісіні осындай үкімет­тің саясатына «қарсы қайраты» үшін де жұрт жақтырмай қа­лады. «Жаңақалада төрт-ақ үй мұсылман бармыз», - деп жүрген де осы кісі... Әр сөзінің астары кекесін, шындықтың найза ұшын тіреп айтады. Одан әрі: - Қожа сен, Тағайға, №2 фермаға барамын деген екен­сің. Замдиректор Жалмағам­бетов Нәбиге айтып: «өзіме көмекші болады» деп, бөліп алдым. Бірге бара жатқан адамдарыңды білдім. Оларға ерсең, «құсығыңа тайғанап жүріп», арақ ішуді үйреніп қайтасың! Маған бұл совхоздың адамы мен итінің күшігіне дейін бел­гілі ғой... Сен – қожаның бала­сысың. Біз өлмей тұрғанда, ізімізге еріп көретініңді көріп, үйренетініңді алып қал. Ертең біз де өлгесін құмға араласып қаламыз, - деп, машинаға қарай жүрді.

Мына сөз сүйегіме өтіп кетті... «Оқуға бардым-келдім» деп, көптен қолына түспей жүр едім, оның үстіне бозбала, жігіт болған уақытымыз... Ал енді, құтылып көр. Өзіме де дауа болды. Машинаның көлең­кесіне жайғасып, түскі ас-суымызға отырдық. Бұл кісінің жолға шыққанда бес қаруы сай болады. Машинаның арқалығының  артында  ыдыс-аяқ, теке­мет, көрпеше, ас-суы, т.б. өзімен бірге жүреді. Айтқандай-ақ, әйдік қара күләбі қауынды алып шықты: - Ал, қожа. Алла, екеумізге жұмақтың дәмін татқызамын дегенше, бұйырған дәмнен ауыз тиіп, мына төбенің басында жатқан мұсылмандарға дұға оқиық! - деп, қынынан өзі соққан  күміс мойнақ, мүйіз сапты­ пышағын  шығарды... Бұл кісі­нің  ұсталығы, жыраулық-ақындығы елге мәлім, өз алдына бір сала әңгіме... Сонымен барлығы молдекең айтқандай болып, қайтадан жолға шықтық. Көп кешікпей егістік ал­қапқа түстіп, жол да тегістеліп, машинаның жүрісі де өне бастады. Күн арқаға ауып, жел алдым­ыздан тұрды. Машекең ыңылдап, мақамға салып Шегеба­й­дың ғазал, мінәжәт­тарын бірінен соң бірін айтып келе жатыр... Құдай берді! Бірден құлақ күйімді келтіріп, бар зейінімді аударып, іштей жаттауды бастадым. Әуенге салы­п айтылған сөзді есте сақтау­ өзіме оңай еді. Бұл кісі заматында қайта сұрайды... Жаттай алмасаң, қайтып бұл кісіден сөз алудан үміт үзе бер... Сыр бойының ақын-шайырларының бар сөзі осы кісінің басында. Совхоздың есепшілері  күлге  тастаған  жазу машинасының екеуінен біреуін­ құрастырып алып, қолжазбаларын арабшадан қазақшаға аударып басып жатыр. Оның қазақша әріптерін Қы­зылорданың баспаханасынан құйдырып әкел­дім деп, отырады. Орысша, арабша, парсыша, шағатайша толық сауатты жан. «Біз, Шора­ның мешітінде­ оқыдық», - деп отырады... 1934 жылы Ресейдің «Тангорский сельхоз техникумында» білім алып, «ауыл шаруа­шылығы техникаларының механигі, 3-ші класты шофер­» маман­дығын игерген. Одан әрі Қарағандыға жібері­ліп, сол жерден 1938 жылы Армия­ қатарына шақырылады. 1939 жылғы Фин соғысына, 1941-45 жылғы Ұлы Отан  соғы­сына  басынан  аяғы­на дейін қатысып, Германияда тағы бір жыл әскери қыз­метте болып, елге 1946 жылы келген адам... Бұл кісінің бо­йындағы сан алуан­ мүмкіндік­терін көріп, өзіңнен-өзің түңі­лесің... Бір саусағы, біздің екі саусағымыздай. Домбыра тартқ­анда тыңдаған жанның алпыс екі тамырын иітеді... 1943 жылы әйгілі «Курск доғасы­ның»  қанды  қырғынына қатысқан, танк коман­дирі, аға сержант Машара­п Әлиев. Бас Қолбасшы И.В.Сталиннен жасағ­ан ерлігі үшін он қайтара алғыс алған қанды өзек, қайсар  жан.

- Сендер осы, мектепте не оқып жатсыңдар? Қане, бүгін қандай тақырыпта сабақ өттің­дер? - деп, бізді бала мысық ойнатқандай тергейтіні тағы бар...

Машекең машинамен тай шаптырым ақбасты табанды кесіп өтіп қарсы қабаққа қарай көтеріліп, жал төбенің үстіне шығып тоқтады. Күн де ең­кейіп, екіндіге барып қалды. Машинаның маңдайын желге қаратып ашып, суытып қойды. Сосын маған қарап: - Ал, қожа, от жағып шай қой. Жоғарыда флягте су бар, - деп, өзі дәрет алып, намаз оқуға қамданды... Бәрін айтқанындай дайындап, көлеңкеге төсеніштерді жа­йып­, дастарқанға апамның жол­ға деп пісіріп, майлыққа орап берген қойдың сүр жамбасы мен сүбесін қойдым. Әсіресе, апамның шоққа көміп пісірген таба наны айрықша дәмді болатын... Машекең машина­дан белінен тоғалап таста­ған тұтқалы сары сөмкесін ала отырды. Соғыстан өзімен келген мүлік-ау. Екі құлағын ағытып ашып еді, оның іші бүтін  магазин  болып  шықты: - Мә, мынау сүт. Төретамнан алдырып қоямын. Оларды Мәскеу қамтамасыз етіп тұрады. Мынау үнді шәй, - деп, т.б. беріп жатыр. Дастарқан тәуір жасауланды. Пышағын салқын сумен үш қайтара шайып, алдына­ көлденең қойды. Әңгі­месін жалғап: - «Жолға шықсаң жолдасыңды тауып шық, үйің­нің ішін шауып шық», - деп, атаң қазақ айтқан. Не қаже­тің­нің бәрі өзіңмен бірге жүруі керек. Қапелімде ғаріп болып қаласың, - деп, мұқият оралған­ екі кесе берді: - Шайды осыған құй! Ана темір күрешкіңді алып қой. Кешегі үлкен соғыста: «Елге аман жетіп, ағайынның ортасында, кеседен шай ішіп отырар күн болар ма?!», - деп, елді сағынғанда, көз жасымыз қалайы күрешкедегі қайнаған қара суға тамшылап отырған заман  болды... Алла жеткерді ғой! Қаншама жан шейіт болып майданда қалды, - деп, әңгі­менің сүрлеуіне түсті: - Ал, қожа  мен әдейі сені біраз нәрсені біліп қалсын деп, сыртқы жолмен келе жатырм­ын. Болмаса, табан­ жол бағанағы «Ешния­здың жолымен» әрі кетеді ғой... Мына біз отырған жердің ескілікті атауы Ақбастының табаны деп аталады. Менің туған жерім. Ескілікті Аққыр, Жаман сыр, Түп­бөгет болысына жапсарлас жатқан қалың ел едік. Бізді Шораяқ ауылы дейтін. Шораяқ – Омардың әкесі. Батыр, би кісі болған. Қарабазар Кете аталығының өзі, толық бес ауыл ел едік... Кешегі «бай талаудан» кейін, үкімет 28-30-жылдары бұл табанда әуелде «ТОЗ» болып, кейін «Молотов», «Каганович», «Сталин» деген үш колхозға адамды­ зорға жинады. Әр колхоз 30-40 отбасынан тұрды. Сыр мен Қуаңның арасындағы қалың елдің қуғын-сүргін, босқыншылықтан тірі қалған жұрнағын белсенділер күшпен айдап келіп, осы жерде егін ектірді. Ол заман­да ес білген баламыз. Бар сұмдықты көзі­міз­бен көрдік. Елдің ішінен шыққан кедей қосшы белсенділер елді аш қасқырдай тонады. Адамнан мейірім-шапағат жойылғанда, хайуаннан айырмасы болмай қалады. Әсіресе, өзіміз­дің іші­мізден шыққан ағайындарымыз  белсен­ді болып, білегіне жарты кез қызыл мата байлап алып, ағайын-тума, әйел-бала демей білгенін істеді... Елдің мал-мүл­кін, азық-түлігін, киім-кешегіне дейін тартып алып, босқыншылыққа ұшыратты. Соңы 32-жылғы ашаршылыққа ұласты. Аштан қырылған адамның сүйе­гі шашылып қалды... Обал-сауапты ұмытып, жанын үрей билегенде талай жандар қатын-бала­ға қарамай, қара басы­н сауғалап, босып кетті. Құдай белсенділердің де жазасын берді! Көбі тұқымсыз кетті. Халы­қтың қарғысына ұшырағандарын көрдік... Ой, бала, айтпа, айтпа! - деп, Машекең ернін тіс­теп, күйзеліп кетті... Сәлден соң, Ақбас табан­ға қарап отырып: - Әй, қожа, мен мынаны-ақ айтайын?!... Кешегі­, 32-жылы ашаршылық бас­талғанда «ТОЗ» да, колхоз да далада қалды. «Үкімет асырайды» деп, шапқылап жүрген белсенділер мен әкім-қаралар елде тігерге тұяқ қалдырмай тонап болып, күз келгенде қа­расын көрсетпей кетті. Ел жаппай қырылды. Аштық бір бастал­са, індеттей тарайды екен. «Аштық бір үйге келсе, бүкіл ауыл ашығады», - деп  отыратын еді үлкендер. Әуелі бір-екі адамның ісіп жүргенін көрдік. Соңы сол нәубет бәрі­мізге тарады. Ел босып, шұбырыншылыққа ұшырады. Әкеміз Әлі деген кісі, егін еккен бірбет қайратты, шаруа адам болды. Өзімізге қараған Әжібай, Алтай тұқымынан бес-алты үйінің адам-қарасын қасына жинап, осы отырған төбеге айналдыра жеркепе қазып беріп: - Көктем­нің шығуына дейін амалдап шыдайық. Күш-көлік жоқ болғанымен, аздаған құрал-сайманымыз бар. Көк­темге жетсек өлмеспіз. Егін егерміз... Қара орыннан қозғалдым деген­ше шығынға ұшырайсыңдар, - деп, қо­ғамшылық жасады. Көнгені көнді, көнбегені кетті... Біз осы жерде қалдық. Ортамызда Сарыөзен қожа деген қожамыз қалды. Елге сыйлы, еңбекқор, қарапайым барынша адал жан еді. Жасы сол кездерде алпыстың ішінде болатын. Жас шағында Құлыс Бекет би Бұхарадан алдырған, арғы түбі Мағзаман әулиеден тараға­н, пірдің тұқымы. Ол, білген адамға... Болмаса кәсібі егін­ші­лік, шаруа адам болды. Кешегі «бай талауға» дейін Бекеттің құмы дейтін жерден, Еш­нияз­ға дейінгі ара­лықта Аман болыстың қарауындағы елді, Құлыс Бекет ауылы деп, отыратын едік... Кешегі «бай талаудан» кейін белсенділер Қызылқұмнан тозған жұрттың жұрнағын Ақбас табанға атпен өкшесін бастырып, жаяу шұбыртып айдап әкелгенде, Шөмекей Аспан аталығынан Ұлғасбай, Жалғасбай, Жексенбай, Нұрбай, Тоқсанбай, Шәртімбай деген кісілермен бірге Сарыөзен қожа да, жалғ­ыз баласы Мәлікті жетек­теп кемпірі мен екеуі бізге қосылды. Қаншама қырғын, қу­ғында жүріп бес уақыт намазын үзбеген шын мұсылман, сол адамды  көрдім. Шапанының ұзын жеңінің ішіне таспи­ғын тігіп алған екен... Адам ашыққанда ештеңеге қарамайды. Ақбасты табандағы қоғаның түбін қопарып жедік. Құрт-құмырсқа, бақа-шаян жеп кетті жұрт. Қыстың түсуі бар күнкөрісімізден айырды... Көктемге көктырна болып зорға іліктік. Әр үйдегі тұқымға деп сақтаған дәнін жұрт жеп қойды. Біздің қос­тың да жағдайы солай. Өзіміз қарындасыммен төрт жанбыз. Көктем созылмалы кеш шықты. Қар суы жылғалап босап жатқан мезгіл. Әкем мен шешемнің беті қалқып жылтырап, ісе бастады. Тұзақ құрып, шыр айналып жүгіріп жүрмін. Аштың аңы жүрмейді деген сөзді сонда түсіндім. Қыс бойына алғаным – екі қоян... Қоста жарты қапқа жақын арпа араласқан тарының дәні болуы керек еді. Сол жоғалды... Әкемнің тұқымға сақтап жүрген соңғы қоры еді. Ендігі жағдай бізге де белгілі болды... Көзі қарауытқан жұрт бір-бірін талап жеуге келді. Әр қосшы, колхоздың ізін­де қалған он-он бес үйдің қарасы, оған шұ­бырынды жұрт қосыл­ған. Өлген жанның есебі жоқ. Көктемнің ашөзек айы, жаннан күдер үзгізе жаздады...

(Жалғасы бар.)

 


Бірлігі бекем «БІРЛІК» PDF Print Email
Жаңалықтар - Арнайы беттер
29.03.2018 10:04

Елбасының «Болашаққа бағдар:  рухани  жаңғыру» мақаласында  «Туған жер – әркімнің шыр етіп жерге түскен, бауырында еңбектеп, қаз басқан қасиетті мекені, талай жанның өмірбақи тұратын өлкесі. Оны қайда жүрсе де, жүрегі­нің түбінде әлдилеп өтпейтін жан болмайды» деген. Осы орайда Жаңақ­ұрылыс  топырағында  туып өсіп, өркен жайған, ұрпақ сабақтастығын жалғастырып келе жат­қан азаматтар туралы әңгімемді әріден бастағым келіп отыр.

Қазақта «Жігітте де жігіт бар, азаматы  бір бөлек» деген қанатты сөз бар. Иә, осы аталы сөз қай жастағы кісіге болмасын, ісіне, ағалық азаматтығына, тіпті ақсақалдық қадір-қасиетіне қарай айтылса да артық емес. Халық – таразы, ел – сыншы. Өмірден өткен ата-бабасының кәсібін, тізгін жолын ұрпақтан-ұрпаққа жалғастырушы кейіпкерімді айтпас бұрын сәл шегініс жасап, өмірден өткен ата-аналары туралы аз-кем тоқтала­йын.

Марқұм Молдадосов Оразбай ақсақал Кеңес Одағы кезінен Тәуелсі­здік  алғанға  дейін  жұбайы Күләш  екеуі  43 жыл бойы кеңшар мен ұжымшардың төрт түлік малын­ бағып, елге еңбегі сіңген елеулі отбасы болды. Ол кезде бүгінгідей  емес, мал бағудың жайы өте қиын, қаһарлы қыста, жаздың аптап күндерінде болған соң, әрине, оңай емес, көзбен елестетуге де ауыр. Мен бұл кісілерді сонау­ 1970 жылдан бері қарай білемін. Қай уақытта көрсең де жүздерінен шаршаңқылық білін­бей, шуақ шашып­, қайта жүздері нұрланып, еңбекке тартып тұратын. Марқұм Күләш жеңгеміздің айтқан сөзі әлі есімде, «мал бақ­қанға бітеді, малды күтіп-баптау, малдың жатын орынының тазалығы – Орекеңнің мойынында, мен көмекшімін, осының   арқасында  Құдайға  шүкір жаман емеспіз»  дейтін. Үй ішінің жинақылығы  және  сол  кездері   80-ге жақындаған енесі Тор­ғын  әже­міздің бабын тауып, жағдайын жасау­ – өз алдына бір жұмыс. Орекең­нің еңбегі еш бол­ған жоқ, қажырлы еңбегінің ар­қасында  кеуде­сіне Еңбек Қызыл ту орденін және бірнеше рет Социа­листік жарыс­тың озаты медаль­дарын тақты.­ Үш рет ауылдық советт­ің депут­аты атанды. Марқұм Ораз­бай­  ақсақал жолдасы Күләш екеуі алты ұл-қыз тәрбиелеп, ұлдарын ұяға, қыздарын қияға қондырып, жапырақтары жай­қа­лып, шаңырақтары шалқыған  отбасы  болды. Өмірден өткенге дейін елдің ақылшы­  ақсақалы  атанса, Күләш жеңгемі­з  абысын-ажынға  беделді ене, әже атанып, немере, шөбере сүйіп, өмірден өтті.

Міне, осындай отбасынан шыққан, «әке көрген оқ жонар, ана көрген тон пішер» деп атам қазақ айтқандай, әкесінің ұстанымын ұстап, кәсібін жалғастырып келе жатқан, әңгімеміздің арқауы болып­  отырған Кішкене Молдадосов 1957 жылы Майдакөл ауылдық  кеңесінде  дүниеге  келді. 1974 жылы мектеп бітіргеннен кейін-ақ, әкесіне көмекші болып көмектесе бастайды. Мал бағудың қыр-сырына толық үйренген Кіш­кене 1986 жылы Орекең зейнетке шыққаннан кейін, әке жолын жалғас­тырып, бір отар табынды жолдасы Сұлушаш Жиенбаева екеуі қарамағына алып, баға бастайды. Еңбек еткен жылдары жаман­ болған жоқ, төл басын аман сақтау, оның өсірілуі жайлы сов­хоздың алдыңғы қатарлы бақташысы болды. 1999 жылы совхоз тарап, өндірістік кооперативке айналды. Мал басы азая бастады. Келешегін ойлаған Кішкене ағасы Жаңалық, інілері Кеңес, Жаңабергенмен ойласып, өз күштерімен бірлесе келіп, «Бірлік» шаруа қожалығын құрады. Шаруа қожалығының «Бірлік» аталуының өзі ағайындылардың ауызбірлігін көрсетіп тұрған жоқ па? Бауырларының бірі – механизатор, бірі – жоғары білімді зоотехник, інісі – жоғары білімді малдәрігерлік маман­дық иелері, нағыз шаруа қожалықтардың таптырмайтын мамандары. Кішкене інісі Кеңеске осы шаруа қожалықты ұйым­дастыруды тапсырып, жоғарыда айтқандай, бауырлардың бірлескен «Бірлік» шаруа қожалығы заңды түрде құрылып, жұмыс істей бастад­ы.  Өздерінің ата-бабасының мал баққан, өніп-өскен жері Алтынтапқан алқабынан 489 га жер алып, ет бағытында мал өсіруге бел байлады. «Сыбаға» бағдарламасымен мемлекеттен 8,5 млн теңге рәсімдеп, оған 47 бас аналық сиыр және асылдандыру мақсатында 3 бас бұқа сатып алды. Малдың қора-жайы салынып, шөп дайындайтын жаңа техникалар жеткізілді. Малды толық асылдандыру үшін екі жылда бір рет бұқаны ауыстырып, сатып алып отыр­ған. Осының нәтижесінде бүгінгі таңда мал басы 158 басқа жеткен. Кішкенеден шаруа жайы туралы сұрағанымда, «мал бағу оңай шару­а емес, бірақ ол маған өте қиыншылық әкелмейді, мал баққанды жақсы­ көремін. Менің атам Молдадос, әкем Оразбай да киыншылық кезде мал баққан. Мен де атам мен әкемнің жолын жалғастырып келемін. Құдайға шүкір, төрт отбасы­н асырап, ауылдың да шаруа­ларына қол ұшын беріп көмектесіп  келеміз. Елбасымызға рақмет. «Ұрлық  жасама, кәсіппен айналыс» деп қаншама кәсіп түрлеріне қаражат бөліп жатыр. Бұған қуану керек. Сонымен қатар, облыс әкімі Қырымбек Елеуұлы биылғы жылды «Кәсіпкерлік жылы» деп жариялады, әрине бұған шүкіршілік ету керек, аузыңа несібеңді салып тұрғанда, енді оны дұрыстап жұту керек. Басшыларға өкпеміз жоқ. Адам өзіне-өзі өкпелеу керек. Алда мақсат көп. Мал азығын дайындауда жоңыш­қалық  жерімді 10-15 гектар жерге ұлғайтып, жалғыз малмен емес, балық, құс өсірумен де айналыссам  деген  ойым  бар. Көлдерім бар, оны жоспарлап қойып отырмын. Пайғамбар жасына да келіп қалдым, келешек таяғымды, мал бағуға  ұсынысты  балам Орын­басарға ұстатсам  деген­ ойым бар. Бұл ойым­ды аға-інілерім құптап  отыр», - деді.

Кейіпкерімнің жүзіне ойлана қарағанымда, шынайылық, алдағы күндерден көп үміт күтетіндігін бай­қа­дым. Ойлана отырып, ұрпақтан-ұрпаққа жалғасып келе жатқан, өткені мен бүгінгінің жақсы істерін оқырман қауымға айтуды өзіме жөн санай келе, бірлігі бекем «Бірлік» шаруа қожалығындай елімізде шаруасы шалқыған құрылымдар көбейе берсін демекпін.

Сердалы   Шалбаев,

Жаңақұрылыс  ауылдық  ардагерлер  кеңесінің  төрағасы,

Арал  ауданы

 


ТҮНГІ ТӨБЕЛЕС PDF Print Email
Жаңалықтар - Арнайы беттер
29.03.2018 10:01

Көпқабатты  үйіміздің  ауласынан алысқа ұзамай есік алдында жүр­генмін. Сәлден соң қабырғалас тұраты­н көршім Нұрым да сыртқа шықты. Осынау тұйық мінезді, ірі тұлғалы жігіт ағасының қашан көрсең де терең ой үстінде жүретін әдеті бар. Осы  жолы да қабағы түксиіп, әлде­неге­ мазасызданып тұрғаны байқа­лады. Қолына үлкен жол сөмкесін ұстап алыпты. Сірә, алыс бір жаққа сапар шегетін сыңайлы. Ауылда тұрып, әке-анамның «жасы үлкен адамға таны, таныма, сәлем беру – міндетің»  деген  сөзін кішкента­йымнан бойға сіңіріп өскендіктен сәлем  беруге  асықтым.

Ғұмыр бойы  мұғалім  болған  марқұм әжем де «Сәлем – имандылықтың белгісі» дегенді жиі айтушы еді. Мен кейде қала тұрғындарының қылығына таңғаламын. Қарсы жолық­қан бейтаныс қарт адам­дарға сәлемдесе қалсаң, бетіңе тосыр­қай қарап кім екеніңді, қайдан танитыныңды сұрап сауал­ жаудырғанда еріксіз қы­сыласың. Ежелгі дағдымен көршіме  «Ассалаумағалейкүм» деп қос қолымды создым. Күректей алақанымен сау­сақтарымды қысқанда қатты ауырсындым. Алайда  намысқа тырысып зорға шыдадым. Амандық-саулық  сұрасқаннан кейін Нұрым өзінің Қарағандыға жол жүріп бара жатқандығын  айтты.

Жалпы, ол өзің әңгімеге тартпасаң, ашылып сөйлесе бермейді. Темекіні көп шеге­тіні болмаса, бөтен жаман әдеттері жоқ. Біздің ауладағы көпқабатты үйде тұрып жат­қанына жылға жуықтаған еді. Сонан бері екеуміз жақын тіл табысып, еркін әңгімелесіп кеттік. Жасы қырықты ал­қымдаған жанның туыстарының үйінде жүргені өзгелерге оғаш көрінетіні де рас. Оның үстіне  өзінің отбасы да, тұрақты жұмысы да болмауы себепті көршілер оған үрке қарайтын. Бетіме үңіле, ұзақ қараған Нұрым «қолың бос болса, мені пойызға шығарып салшы» деп өтініш жасады. Мен қуана келістім. Екеуміз вокзалға келдік. Жолаушылар көп екен. Күткен пойызымызға әлі ерте бол­ған­дықтан, көршім мейрам­ханадан тамақтанып алсақ деген­  ұсынысын  айтты. Шеткері  тұрған столға жай­ғасып, дәмге тапсырыс бер­дік. Сәлден соң Нұрым өзінің басынан өткен өмірі жайлы әңгімесін бастады. Оның ауыр да күрделі тағдырын естігенде көңілде терең күрсіністер  болғанын  несіне жасырайын.

– Әке-шешеден тым ерте қалдым. Аға-жеңгемнің қо­лында  өстім. Шыны керек, ағам Ғалым мен жеңгем Гүлсім қанша өбектеп тұрса да, бәрібір әкенің аялы алақаны мен ананың мейірімін аңсаушы едім. «Артыма ерген жалғыз інім ғой» деп ағам ешқаш­ан бетімнен қаққан емес. Обалы нешік, жеңгем де ағамның қабағына қарап, «тәйт» деген кезі болған жоқ. Не кием, не жеймін демедім. Өз балаларынан гөрі мені мәпеледі. Ағамның аздаған алыпсатарлығы, саудаға икемі бар тұғын. Соның арқасында «қайта құру» аталып, кеңестік кезеңнің құлдырауға таяу тұрған тұсында да біздің жағдайымыз нашар болды дей алмаймын. Мектепте оқып жүргенде айтулы тентектің бірі болдым. Сонау советтік кезеңнің тұсында бозбалалардың көшеге, аула-аулаға бөлініп төбелесуі жаппай етек алғаны мәлім ғой. Мен де талай жанжалды басымнан өткердім. Көп төбелестім. Кейін келе түнделетіп жүру әдетке айналды. Үйірімен  жүрген шибөрілердей көше кезетін едік. Бала кезімнен еркін өскендікі шығар мінезім де тік, өжет болды. Құдай берген бұла күшіммен «менмін» дегендердің де мысын басып тұратынымды айтсам, мақтанғаным емес. Оның үстіне тілге шешендігім де бар. Көше шеңберінде  аз уақытта жақсы бедел иелендім. Айтқан сөзімнің жерде қалған сәті жоқ. Не істейміз десем де жанымдағы жігіттер  екі  айтқызбай  орындайтын. Тұр десем тұрып, отыр десем отырады. Орындалмаса соққы жейтіндері белгілі. Сондықтан амалсыздан көнеді. Осы аралықта аға-жеңгеммен, олардың үйімен де арамызға сызат түсіп,  салқындай  бастаған  еді. Бірақ, олар  ештеңе  білдірмеуге  тырысатын. Менің өз өмірім, өрлікке толы еркін­дігім, олардың бала-шағасы, тіршілігі бар дегендей...

Жиырма жасқа толғанда Айсұлу атты бойжеткенге көңілім ауды. Оқыған, зиялы  жердің қызы еді. Өмірі  төбелесіп, әркіммен  жағаласып жүретін мені әдепкіде менсіне қоймады. Алайда көше тентегі атанып, өз ортамда билігім жүріп тұрған мен оған көне қоямын ба? Жандайшаптарыммен ақылдаса отырып қыздың басын айналдырудың түрлі әдіс-тәсілін  жасадық. Ақыры Айсұлу­дың сезімін жаулап алдым. Сол кездегі шексіз бақытты күндерімді әлі ұмыта алар емеспін. Екеуміз үйленетін болып келістік. Шіркін, өзі де атына заты сай сұлу еді. Сенесің бе, мен түзеле бастадым. Арақты мүлде тастауға бекіндім. Бөтелкелес, төбелеске бірге қатысатын достарыммен де көп араласпайтын болдым. Бірақ, мендей тас жетім өскен, оның үстіне содырлығымен жаман аты шыққан сорлыны Айсұлудың әке-шешесі жақтыр­мады. «Бай мен кедей құда болса, қайдан құда болдым деп зорға жүреді» демеуші ме еді. Зорға жүргісі келмей, қыздарын бір байдың бала­сына ұзатып жіберді. Алғаш рет кеудеме күйік түсіп, тағдырыма қатты налыд­ым. Жазмышқа кеткен есемді өзгелерден алуға тырыстым. Біреудің мұрнын бұзып, біреудің көзін көгер­тіп, немесе теуіп кету дағдыма айналды. Ішімдікті суша сімірдім. Қысқасы, азғындай бастадым. Бір жақсысы менен таяқ жегендер ешкімге шағымданбады. Ол кезде қазіргідей қит етсе қағаз-қаламын ала жүгіріп, үстіңнен арыз боратпайтын. Мұндайды жігіт­тік мінезге жат санап, ерсі көретін.

«Мың асқанға - бір тосқан» деген. Ақыры ойда-жоқта сүріндім. Бірде дәл осы теміржол вокзалында бір жігітпен ерегесіп қалдым. Менің жаным­да екі жолдасым бар да, ол жалғ­ыз  болатын. Шарт кететін мінезімнен пайда көрген жерім жоқ. Бұл жолы да солай болды. Керісіп тұрып оң қолыммен періп жібердім. Иек тұсына дөп тиді. Кескен теректей ұзынынан түскен жігітті бір соққымен құлатқаныма мәзбін. Жанымдағы екі жолдасым да қызып кетсе керек. Жабылып кеттік. Мен бетінен тепкілеуге көштім. Неткен қатыгез­дік. Жон арқасына табанымды тіреп, үстіне шығып та секірдім. Басынан, бүйрегінен құнымыз кеткендей тепкілей  бердік. Алғашқыда ыңырсыған жігітіміз артынан дыбысын шығаруға да әлі келмей қалды. Талдырып тастап түн қараңғысын жамылып сытылып кеттік. Алайда вокзал жанындағы буфеттің сатушысы бізді байқап қалға­н екен. Полицияға қоңырау соғып­ты. Ертеңіне-ақ тұтылдық.

Күн шығар-шықпастан іздеп келген полиция қызметкерлері қолыма кісен салды. Ағам іссапарға кеткен болатын. Мені тор есікті машинаға мінгізгенде жеңгем дауыс шығарып жылап қалды. Тұңғыш рет өзімнің қылығыма қатты өкіндім. Көзімді әрең ашып теңселіп отырдым. Басым айналып, құлағымның іші шыңылдап барады. Қоңыр ғимаратқа кіргенде денемді ызғар шарпып өткендей болды.­ Қызыл жағалы жандар мен олардың жұмыс орындарынан сал­қындық лебі есіп тұратыны неліктен екен? Қанша мықтымын десең де тәртіп сақшыларын көргенде мысың басылып қалатыны өтірік емес. Еңсем түсіп суға кеткен мысықтай болып қалғанымды жасырып қайтейін. Көшеде басбұзар атаман атанғанмен бұл жерде ешкім емес екен­дігімді ұққандаймын.

Екінші қабатқа көтеріліп, көп есіктің біреуіне кірдік. Көзінде көзәйнегі бар, ұзын бойлы офицер «отыр» деген пәрмен берді. Ескі көк орындыққа сылқ ете түстім. Әлгі офицер алдыма бір бума қағазды тастай­ салды. Ішінде өткен түнде екі жолдасыммен бірге тепкілеп, тас­тап кеткен жігіттің фотосуреті, тағы басқа құжаттары жатыр. Әлгі жігіт аса ауыр халде аурухананың жансақтау бөліміне түсіпті. Өмірімде бойымды бірінші рет қорқыныш биледі. Кеуде тұсым шаншып, көзімнің алды қарауытып кетті. Тергеуші менің өмір­жолыммен жақсы таныс екен. Тіпті кімдермен төбелесіп, қай жерде қандай іс-әрекет жаса­ғаныма дейін ап-айқын қылып айтып­  берді. Сұрақтарды қарша жаудырды. Жұмған  аузымды  аша алмадым. Не  айтам?

Міне, әп-сәтте қылмыскер­міз. Қанша жусаң да кетпейтін, өмір бойы көкіректе өшпейтін күнәға тап болдық. Бәріне өзіміз кінә­ліміз. Тергеу изоляторында жатыр­мын. Бір күні кездесу бөлмесінде ағам Ғалыммен жолық­тым. Ағам ашулы екен. Аздан­  соң:

– Болар  іс  болды, бояуы  сіңді. Өкінгенмен шара не? Өзің де әбден дандайсып, көкірегіңмен көк тіреп кетіп едің. Қапастағы күндерде тәубеңе келгенге ұқсайсың. Әке-шешемнен қал­ған тұяқсың. Солардың аруағы үшін, оған қоса жеңгең жылап мазам­ды алған соң амалсыздан келдім. Әйтпесе «қолымен істегенін мойнымен көтерсін» деп отыр едім. Енді тығырықтан шығар­ жол қарастыруымыз керек.­ Жаныңдағы екі жолдасың да осында уақытша қамауда жатқанға ұқсайды. Бар жиған-тергенімді бала-шағамның аузынан жырып, жолыңа шашсам да шығары­п алуға тырысамын. Ол үшін жәбірленушіден кешірім алып, татуласуымыз қажет. Сонда ғана сотталудан аман қаласыңдар. Бәрін бастап жүрген сенсің. Қылығыңа  қарағанда  обалың жоқ дер едім. Амал қанша? Сырт ағайын бір інісіне араша бола алмад­ы деп күледі ғой, - деп күйін­ген  ағам  ызаға  булықты.

Ағам сөзінде тұрды. Дәулетін шашып жүріп кешірім алды. Жеңіл жазамен құтылдық. Өкініштісі біз соққыға жыққан жігіт өмірлік мүгедек болып қал­ды. Кейін кешірім берген сәтте жәбірленуші жігіттің атасының сақалынан жасы сорғалап бізді қар­ғап, теріс батасын бергенін естідім. Ол кезде көңіл бөлмеген едім. Зардабын жылдар өте сезін­дік. Сол оқиғадан кейін Гүлсім жеңгемнің алыстау сіңлісінің бірі­не үйленіп, өз алдыма отау тіктім. Бірнеше жыл бірге тұрғанмен сәбилі бола алмадық. Ажырастым. Қайтадан шаңырақ көтердім. Тағы да ажырастым. Үшінші рет үйлен­дім. Тағы да жолым­  болмады. Ал кеше баяғы екі досымны­ң жол апатынан қаза тап­қаны жайлы хабар алдым­. Қазір солардың жаназасына бара жатырмын. Әттең менің еркімде­ болса өмірімді жаңадан бастап, адамдарға тек жақсылық жасар едім, - деген­ Нұрым жас сәбише солқылдап жылады.

Көп ұзамай оны күткен пойызына­ мінгізіп салып, үйге беттедім.

Есет ТАБЫНБАЕВ

 


Оймақтай ойлар PDF Print Email
Жаңалықтар - Арнайы беттер
29.03.2018 09:56

Бір кісі білімсіздігін көп сөйлеу арқылы көрсеткісі келді. Ол сынық қоңыраудың сыңғырлап жарытпайтынын білмесе керек-ті...

* * *

Ақшаны қажет ететіндердің бәрі оған зәру емес...

 

* * *

Бүгін “бәрекелді!” деп АРҚАҢЫЗДА­Н қаққандар, ертең АРҚАҢЫЗДАН итеріп, шұңғымаға сырғыта салуы әбден мүмкін. Абайлаңыз!

* * *

Қазақты инстаГРАМ мен жүзГРАМға байлап қойған заман­-ай.

* * *

Бұрындары  ЖЫР  ТЫҢДАЙТЫНДАР көп еді, қазір ЖЫРТЫҢДАЙТЫНДАР  көбейген.

* * *

Қазір көбісі құрғақ жолдағы кедір-бұдырдан қашып, тегіс көрінген батпақты жолға түсіп кетуде...

* * *

Тіпті, ойыңызға келген жаман ойдың бәрін жүзеге асыра алмайсыз. Көрдіңіз бе, сіздің құқығыңыз шектелген.

* * *

Күлкі ойнап тұрғанымен келбетінде,

Мұңсыз адам жоқ дер ем жер бетінде!

 

P.S. Мұңсыз  адам  болмайды,

мұңын  жасыратындар  болады...­

 

Рыскелді   ЖАХМАН

 


ҚЫМБАТ ҚОҢЫРАУ (қысқа әңгіме) PDF Print Email
Жаңалықтар - Арнайы беттер
29.03.2018 09:51

Жұмыс бөлмесі. Кешкі уақыт. Телефон шы­рыл­дады.­  Тұтқаны еден жуушы көтерді...

Бұл кезде оның бастығы кепілдіктегі өз ұлын құтқаруға кеткен еді. Өзі де ұсталды. Қылмыскерлер оған бір ғана нөмірге телеф­он шалуға мүмкіндік берді. “Қоңырауыңа жауап берсе, екеуіңді бірге босатамыз” деген-ді. Жұмыс уақытынан соң, жиі мазалайтындықтан қызметкерлерінің еш­қайсысы оның қоңырауына жауа­п бермейтін. Ойына біреу оралды.

- Алло...

- ...мәңгілік қарыз­дармын...

 


ОБЛЫС ӘКІМІ ӨРТ ҚАУІПСІЗДІГІ МӘСЕЛЕЛЕРІ БОЙЫНША ЖҰМЫСТЫ КҮШЕЙТУДІ ТАПСЫРДЫ PDF Print Email
Жаңалықтар - Халық-хабар
29.03.2018 09:43

Облыс әкімі Қырымбек Көшербаев барлық әлеуметтік және ойын-сауық нысандар мен адамдардың көп шоғырланатын орындарда өрт қауіпсіздігі талаптарының сақталуын тексеріп, қажетті іс-шараларды өткізуді тапсырды.

Аймақ басшысы осы мәселе жеке өзінің бақылауында болатынын ескертті.

«Өздеріңізге белгілі, ағымдағы жылдың 25 наурызында Ресейдің Кемерово қаласында «Зимняя вишня» ойын-сауық орталығында орын алған өрт салдарынан 64 адам қаза болды. Мамандардың айтуы бойынша қаза болғандар санының осынша көп болуы авариялық шығу жолдарының жабық болуы, өрт шыққан кезде автоматты өрт сөндіру жүйесінің жұмыс істемегендігі, өрт шыққандығы жөнінде келушілер құлақтандырылмағандығы және адамдарды көшіру жұмыстары өз деңгейінде жүргізілмегендігі себеп болған. Сонымен бірге, өрттің тез таралуы орталықтың тез жанғыш арзан құрылыс материалдарымен жабдықталуына тікелей байланысты екендігін атап өткен жөн. Осыншама адамның өмірін алып кеткен бұл жағдай бәрімізге де сабақ болу керек», - деді облыс әкімі.

Облыстық төтенше жағдайлар департаменті бастығының міндетін атқарушы Асқар Төлешев облыс аумағындағы көпшілік жиналатын орындардағы өрт қауіпсіздігі жағдайы бойынша баяндама жасады.

Аймақ басшысы жауапты тұлғаларға облыс аумағындағы адамдардың көп шоғырланатын нысандар, яғни сауда орталықтары, базарлар, ауруханаларда және т.б. өрт қауіпсіздігі талаптарының сақталуына мониторинг жұмыстарын жүргізіп, тиісті қауіпсіздік шараларын өткізуді, сондай-ақ, БАҚ құралдары арқылы қалыптасқан жағдайға байланысты өрт қауіпсіздігі бойынша халық арасында кеңінен түсіндірме жұмыстарын жүргізуді тапсырды.

Облыс әкімінің баспасөз қызметі

 


ҚЫЗЫЛОРДАДАҒЫ АТЫСТА ЗАРДАП ШЕККЕН АДАМ КӨЗ ЖҰМДЫ PDF Print Email
Жаңалықтар - Халық-хабар
28.03.2018 09:44

Облыстық денсаулық сақтау басқармасы баспасөз қызметінің хабарлауынша, зардап шеккен азамат өміріне қауіпті жарақат алып, қайтыс болды.

«Науқас облыстық медицина орталығына ауыр жағдайда жеткізілді. Дереу қабылдау бөлімінен жансақтау бөліміне жатқызылды. Сол мезетте "іш қуысына терең оқ тиген, ішкі ағзалары зақымдалуы. 4 дəрежелі геморрагиялық шок» деген диагноз қойылды. Науқасқа шұғыл ота жасалды. Алайда көрсетілген реанимациялық шараларға қарамастан жарақаттанған азамат 27 наурыздың кешінде көз жұмды»,- деп хабарладыоблыстық денсаулық сақтау басқармасының баспасөз қызметі.

Естеріңізге салайық, кеше Қызылордада жергілікті уақытпен сағат 14.50 шамасында Әйтеке би көшесінде жастар арасында төбелес орын алды. Нәтижесінде 1 адам дене жарақатымен облыстық медициналық орталыққа жеткізілді. Бұл туралы өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте ОІІД бастығының орынбасары Нұрлан Анарбаев мәлімдеді.

"ҚІІБ кезекші бөліміне Әйтеке би және Желтоқсан көшелерінің қиылысында бұзақылық орын алғаны туралы хабарлама түскен. Оқиға орнына жедел-тергеу тобы жетіп, 7-8 адамнан құралған топтың бұзақы әрекеті анықталды. Нәтижесінде қаланың 1 тұрғыны дене жарақатымен облыстық медициналық орталыққа (ОМО) жеткізілді. Аталмыш дерек бойынша ҚР ҚК 259-бабы, 3-бөлігі, "бұзақылық" фактісі бойынша қылмыстық іс қозғалды. Қазіргі таңда күдіктілер, бұзақылық әрекеттің мүшелері ҚІІБ жеткізілді, тергеу амалдары жүргізілуде. Тергеу мүддесіне байланыстыолар туралы мәліметтер жария етілмейді", - деді брифинг барысында ОІІД бастығының орынбасары Н.Анарбаев.

Өңірлік коммуникациялар қызметі

 



<< Бірінші < Алдыңғы 1 2 3 4 5 6 7 8 9 10 Келесі > Соңы >>

Күнтізбе

< Наурыз 2018 >
      1 2 3 4
5 6 7 8 9 10 11
12 13 14 15 16 17 18
19 20 21 22 23 24 25
26 27 28 29 30 31  

Сауалнама

Аса мәртебелі шенеуніктердің қылмысқа шатылып жатқандығы нені аңғартады?
 

Ауа райы

Валюта бағамы

Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі валюталардың ресми бағамдары