Өзекті мәселелер

  • 21.06.18

    Ұлы Жібек жолының бойында орналас­қан көне қалаға жаңа атау берілді. Оңтүстік Қазақстан облысы бұ­дан былай Түркістан облысы деп аталады. Орталығы – Түркістан қаласы. Бұл тарихи шешімді бүрсі­гүні Ел­басы ресми түрде мә­лімдеді.

    Ақордада «Қазақстан  Республикасының әкімшілік-аумақты...

    Толығырақ...
  • 21.06.18

    Жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыру бүгінгі қоғамның басты мәселесіне айналғандай. Жыл сайын парақорлыққа қарсы күрес, оның алдын алу шаралары қанша кү­шейтілсе, керісінше қылмыстық фактілер де солай көбейіп барады. Әкім­дік­тердің құқық қорғау органдарымен бірлесіп өткізген түрлі іс-шаралары да, экс-премьер-министр, министр мен әкімдердің қолына салынған кісен де парақорларды тоқтата алм...

    Толығырақ...
  • 21.06.18

    Нақты жұмыстардың нәтижесі сұралатын уақыт жетті. Бұл облыстағы кәсіп­керлік саласына қатысты. Өткен  сенбіде Жаңақорған, Шиелі  аудандарында  өткен көшпелі  жиында облыс  әкімі  Қырымбек  Көшер­баев өңірдегі кәсіпкерлік са­ласының даму барысын назарға­  алды.

    Мемлекеттік органдар мен қаржы институттары өкілдері қатысқан жиында аймақ  басшысы:

    ...
    Толығырақ...
  • 21.06.18

    «Оның бүркеншік аты – Пеле. Футболды жақсы көретін, жанын сала ойнайтын. Жылдамдығында шек жоқ. Осыдан 50 жыл бұрын, 19-20 жасымызда Алматы мемлекеттік консерваториясында Төлепберген Әбдірашевпен бірге бес жігіт бір бөлмеде тұрдық. Ауылдан келгенбіз. Қалтамызда тиын-тебеніміз де аз болды. Ішіміздегі ең пысық, ең жылдамымыз Төлепбереген еді. Вокзалға бару керек, троллейбусқа ақша керек деген сын...

    Толығырақ...
  • 21.06.18

    Азаттық таңымен бірге келген тарихымыздағы көптеген ақтаңдақтарды ашу, көмескіленген ұлттық сананы жаңғырту сияқты үлкен міндеттерді жүзеге асыруда­ көрер көз, сезер жүрек болса, қаламгерлеріміз атқарған істер аз емес. Жаңа тарих үдесінде өмірге бітімі бөлек көркем дүниелер келе бастады. Олар кейде жаңа өмір көктемінің алтынкүрек өкпегіндей еді. Сондай туындылардың бірі – жазушы Сайлаубай Жұбат...

    Толығырақ...
Наурыз 2018

ҚЫЗЫЛОРДАДАҒЫ АТЫС: бұзақылық дерегі бойынша қылмыстық іс қозғалды PDF Print Email
Жаңалықтар - Халық-хабар
28.03.2018 09:39

Кеше Қызылордада жергілікті уақытпен сағат 14.50 шамасында Әйтеке би көшесінде жастар арасында төбелес орын алды. Нәтижесінде 1 адам дене жарақатымен облыстық медициналық орталыққа жеткізілді. Бұл туралы өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте ОІІД бастығының орынбасары Нұрлан Анарбаев мәлімдеді.

Сонымен қатар, брифингке облыстық медициналық орталығы директорының міндетін атқарушы Қанат Жундабеков, облыстық білім басқармасы басшысының орынбасары Құралай Ерташова және облыстық жастар саясаты мәселелері басқармасының басшысы Еркебұлан Меңлібаев қатысты.

"ҚІІБ кезекші бөліміне Әйтеке би және Желтоқсан көшелерінің қиылысында бұзақылық орын алғаны туралы хабарлама түскен. Оқиға орнына жедел-тергеу тобы жетіп, 7-8 адамнан құралған топтың бұзақы әрекеті анықталды. Нәтижесінде қаланың 1 тұрғыны дене жарақатымен облыстық медициналық орталыққа (ОМО) жеткізілді. Аталмыш дерек бойынша ҚР ҚК 259-бабы, 3-бөлігі, "бұзақылық" фактісі бойынша қылмыстық іс қозғалды. Қазіргі таңда күдіктілер, бұзақылық әрекеттің мүшелері ҚІІБ жеткізілді, тергеу амалдары жүргізілуде. Тергеу мүддесіне байланысты мәліметтер жария етілмейді", - деді ОІІД бастығының орынбасары Н.Анарбаев.

ОМО директорының міндетін атқарушы Қанат Жундабековтің айтуынша, зардап шеккен азамат облыстық медициналық орталығының жансақтау бөліміне жатқызылды. Оған ота жасалған.

«Науқас облыстық медицина орталығына ауыр жағдайда жеткізілді. Дереу қабылдау бөлімінен жансақтау бөліміне жатқызылды. Сол мезетте "іш қуысына терең оқ тиген, ішкі ағзалары зақымдалған» деген диагноз қойылды. Дәл қазіргі кезде науқасқа ота жасалып жатыр. Оның жағдайы кейін белгілі болады", - деді ОМО директорының міндетін атқарушы Қанат Жундабеков.

Айта кету керек, аймақ жастары арасында қылмысты және басқа да әрекеттерді болдырмау мақсатында білім, жастар саясаты мәселелері басқармалары жергілікті полиция қызметімен бірлесіп түсіндірме жұмыстарын жүргізуде. Мәселен, әр сенбіде жастар көп шоғырланатын орындарда "Стоп - қылмыс" атты рейдтер ұйымдастырылады.

Өңірлік коммуникациялар қызметі

 


АРАЛ ТЕҢІЗІ КҮНІ АТАЛЫП ӨТТІ PDF Print Email
Жаңалықтар - Халық-хабар
27.03.2018 09:41

26 наурыз Арал теңізі күні болып белгіленген.

Қызылорда облысында Халықаралық Аралды Құтқару Қорының 25 жылдығы және Арал теңізінің күніне арналған мерекелік шаралар өтті.

Естеріңізге сала кетсек, 2017 жылы облыс әкімдігі мен Халықаралық Аралды құтқару Қорының ұйымдастыруымен өткен тұрақты даму форумында Халықаралық Аралды құтқару Қорының құрылған күні 26 наурызды - «Арал теңізінің күні» ретінде атап өту туралы шешім қабылданды.

Арал және Қызылорда қалаларында эколог-ғалымдар, теңізді құтқаруға үлес қосқан мемлекет және қоғам қайраткерлерінің қатысуымен шаралар өтті. Айта кету керек, салтанатты шараға бұрынғы ҚазКСР Мелиорация және су шаруашылығы министрі Нариман Қыпшақбаев және бұрынғы ҚазКСР балық шаруашылығы министрі Құдайберген Саржанов, қор өкілдері және "ғасыр жобасының" ұйымдастырушылары қатысты.

А.Тоқмағанбетов атындағы мәдениет үйінде өткен салтанатты шарада облыс әкімі Қырымбек Көшербаев Халықаралық Аралды Құтқару Қорының мерейтойымен құттықтады.

Облыс әкімі Аралды құтқару - Елбасының ерен еңбегі екенін атап өтті.

"Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында Мемлекет басшысының қарауына Қызылорда облысын тарату және Арал халқын көшіру туралы құжаттар ұсынылды. Алайда Аралдың жарқын келешегіне сенген Елбасы «ғасыр жобасы» атанған – «Сырдария өзенінің арнасын реттеу және Арал теңізінің солтүстік бөлігін сақтау» (САРАТС) жобасын ұсынып, өлі теңізге жан бітірді», - деді Қырымбек Көшербаев.

Сонымен қатар, шарада бұрынғы ҚазКСР Мелиорация және су шаруашылығы министрі, мемлекетаралық су шаруашылығын үйлестіру мемлекетаралық су шаруашылығын үйлестіру жөніндегі комиссиясының Қазақ ғылыми-зерттеу орталығы филиалының директоры Нариман Қыпшақбаев және Халықаралық Аралды Құтқару Қоры атқару дирекциясының директоры Болат Бекнияз сөз сөйледі.

Сондай-ақ, Болат Бекнияз Қордың жақын арада іске асыратын жобаларын таныстырды. Мәселен, Арал теңізінің шығыс жағалауы мен елді мекендер маңынан  "жасыл белдеу" жасау, жабайы жануарларды оңалту орталығын ашу, "Арал" ғылыми-туристік орталығын ашу, табиғи ресурстарды бақылау және т.б.

"Қазақстан тәуелсіздік алған жылдары Мемлекет Басшысы Халықаралық Арал теңізін құтқару Қорын құру және "САРАТС" жобасын іске асыру бастамасын көтерді. Небәрі 9 айдың ішінде Сырдарияның арнасын қалпына келтіру және Кіші Аралды жандандыру, экологиялық шараларды жүргізу, аудан тұрғындарының жағдайын жақсартуды қамтыған үлкен бағдарлама әзірленді. Көп ұзамай адамдардың үміті оянып, өңірден көшуді қойды", - деді бұрынғы ҚазКСР Мелиорация және су шаруашылығы министрі, мемлекетаралық су шаруашылығын үйлестіру жөніндегі комиссиясының Қазақ ғылыми-зерттеу орталығы филиалының директоры Нариман Қыпшақбаев.

"Бүгін тарихи күн. 30 жыл біз Арал балықшыларының күнін атап өтпедік. 2015 жылдан бастап облыста балықшылар слеті тұрақты ұйымдастырылуда. Өткен жылы аталмыш слет ҚР Мемлекеттік Хатшысы және өзге елдерден келген қонақтардың қатысуымен халықаралық деңгейде өткізілген болатын. Ал, биыл алғаш рет, көктемнің шуақты мерекесі Наурыздан кейін Арал күнін атап өтудеміз. Аймақ басшысына облыстағы балықшылар мен балық шаруашылығының қызметкерлеріне көрсетіп келе жатқан қолдауы үшін зор алғыс айтамын", - деді бұрынғы ҚазКСР балық шаруашылығы министрі Құдайберген Саржанов.

Арал теңізін құтқаруға және өңірдің экологиялық жағдайын жақсартуға атсалысқан мемлекет және қоғам қайраткерлері облыс әкімінің алғыс хатымен, Қордың арнайы төсбелгісімен және құрмет грамоталарымен марапатталды.

Мерекелік шара Сергей Азимовтың аралдағы экологиялық апат пен теңіздің қайта оралуына арналған "Жоқтау... Жиырма жыл өткенде" деректі фильмінің көрсетілімімен тамамдалды. Сонымен қатар, осы күні Қызылордада "Арал - ел тағдыры" атты фотокөрме және "Арал теңізінің экологиялық жағдайы" тақырыбындағы дөңгелек үстел отырысы өтті. Сондай-ақ, осы күні 300 көшет отырғызылды.

Атап өту керек, «Сырдария өзенінің арнасын реттеу және Арал теңізінің солтүстік бөлігін сақтау» жобасының алғашқы кезеңін іске асырудың нәтижесінде Арал аймағында балық шаруашылығын дамытуға зор мүмкіндік жасалды.

Егер 2003 жылы теңіз бен қаланың аралығы 70 шақырым болса, қазір бұл қашықтық 17 шақырымға дейін азайды. 15 жылда Арал ауданында балық аулау көлемі 83 есеге артты, егер 2003 жылы 83 тонна балық ауланса, 2017 жылы 6 934 тонна су маржаны ауланды. Бұрын 7 ғана балық түрі болса, өткен жылы олардың саны 22-ге көбейді. Бұған дейін Аралда 4 балық өңдеу зауыты болса, қазіргі кезде облыс бойынша жылдық қуаттылығы 11 мың тоннадан астам 8 жұмыс істеп тұр.

Аралдың жандануы ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуына оң әсерін тигізді. Өнеркәсіптік кәсіпорын саны үшеуден жетіге көбейді. 2003 жылы жұмыс істеп тұрған шағын және орта бизнес субъектілерінің саны 874 болса, 2017 жылы олардың қатары 3266 бірлікке артты. 2003-2017 жылы пайдалануға берілген тұрғын үйлер саны 2 есеге (9,1 мың шаршы метрден 19,2 шаршы метрге) өсті.

Әлеуметтік нысандар - мектеп, ауруханалардың саны да артты. 15 жылда Арал ауданында 29 медициналық мекеме және 31 мектеп салынған. 2003 жылы 7 балабақша болса, қазір 52 бөбекжай жұмыс істейді.

Қазіргі кезде Арал ауданында 78 мың адам тұрып жатыр.

***

Халықаралық қоғамдастық тарапынан ХХ ғасырдың ең ірі апаттарының бірі деп танылған Арал теңізі бассейніндегі экологиялық дағдарысты еңсеру және әлеуметтік-экономикалық жағдайын жақсарту мақсатында 1993 жылы Орталық Азия мемлекеттерінің басшылары Аралды құтқару жөніндегі халықаралық Қор құрып, ережесін бекітті.

Ашылғаннан күннен бастап ХАҚҚ мен оның ұйымдары мемлекеттер арасындағы келіссөздер жүргізетін, екіжақты және көпжақты келіссөздер құжаттар әзірлейтін алаңға айналды. Су бөлісу, су ресурстарын бірлесе басқару, пайдалану және қорғау жөніндегі шарттар мен келісімдер жасалды, 1995-2010 жылдар аралығында Арал теңізі бассейніндегі іс-қимылдың 2 бағдарламасы жүзеге асты (АТББ-1, АТББ-2)

2008 жылдың желтоқсан айында ХАҚҚ БҰҰ Бас Ассамблеясынан бақылаушы мәртебесін алды. Сондай-ақ, қор жұмысына 2009 жылдың 28 сәуірінде ХАҚҚ құрылтайшылары бас қосқан Алматы саммиті тың серпін берді. Саммитте мемлекет басшыларының бірлесе қабылдаған мәлімдемесі Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамаларын іске асырудың кезекті мысалы болды.

Облыс әкімінің баспасөз қызметі

 


Қызылордада облыстық кәсіпкерлер форумы өтті PDF Print Email
Жаңалықтар - Халық-хабар
26.03.2018 18:03

Қызылорда облысы кәсіпкерлер палатасының алаңында Қызылорда облысы бойынша мемлекеттік қызмет істері департаменті мен Палатаның ұйымдастыруымен Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл мәселелері бойынша ІІ облыстық кәсіпкерлер форумы өтті.

Шараға мүдделі мемлекеттік орган өкілдері мен аймақ кәсіпкерлері қатысып, кәсіпкерлердің қызметіне қолайлы жағдай жасау, сыбайлас жемқорлықты және әкімшілік кедергілерді болдырмау жолдары талқыланды.

Форумда Кәсіпкерлер палатасы директорының құқықтық мәселелер жөніндегі орынбасары Ғалым Едігеев «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасы мен Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің өзара әріптестік негізде жүйелі жұмыс жасап жатқандығын айтып, қос тарап ынтымақтастық туралы Келісімді жүзеге асыру бойынша Жол картасын қабылдағандығын жеткізді.

Ал Департамент басшысының орынбасары Берікбол Байхожаев хабарламасында: «Қызылорда облысы бойынша мемлекеттік қызмет істері департаменті Кәсіпкерлер палатасымен бірге ветеринария және мемлекеттік кірістер органдарының қызметіне сыбайлас жемқорлық тәуекелдері бойынша талдау жұмыстарын жүргізген болатын. Жүргізілген талдау салық заңнамасында сыбайлас жемқорлық тәуекелдері бар екендігін анықтаған. Мәселен, Салық кодексіне сәйкес есептік құжаттама салық салу объектісін анықтау үшін нақты құжаттар тізбесі белгіленбеген. Осыдан тексеруші тұлға сұралатын құжат түрлері мен санын өзі анықтауға мүмкіндік беріліп отыр. Осындай мысал, салық берешегіне байланысты мүлікке иелік етуге қатысты мәселеге де қатысы бар. Салық кодексінде салық органдары құзырлы мемлекеттік органдарға қарызы бар салық төлеушінің меншігінде мүліктің бар-жоғын растау туралы сұрау жолдайтыны белгіленген. Салық заңнамасымен нақты қандай мемлекеттік органдарға сұрау салу қажеттілігі көрсетілмеген. Осы жайттың өзінен-ақ құқыққа қайшы әрекет жасау мүмкіндігі басым екендігі көрініп тұр», - деді.

Жиында кәсіпкерлер тарапынан балабақшаларға, құрылысқа, сот органдарына, мемлекеттік сатып алуға қатысты мәселелер қозғалды. Нәтижесінде құзырлы мемлекеттік орган басшылары көтерілген әр мәселені жеке бақылауларына алатын болып, кәсіпкерлерді жеке қабылдауларына шақырды.

Қызылорда облысы

кәсіпкерлер палатасының баспасөз қызметі

 


Кәсіпкерлерге керек кеңес PDF Print Email
Жаңалықтар - Халық-хабар
26.03.2018 11:39

Қымбатты достар, кәсіпкерлерге кеңес беру айдарымызды жалғастырамыз. Бүгінгі қозғалатын тақырып салық мәселесіне қатысты. Кеңес беруші Кәсіпкерлер палатасының менеджер-кеңесшісі Айзада Есенбаева.

- Айзада ханым, сәлеметсіз бе. Кәсіпкерлерді толғандыратын сауалдың бірі бұл салық мәселесіне қатысты. Биылғы жылы Салық кодексінде қандай да бір өзгерістер бар ма?

- Кәсіпкерлердің басым бөлігі салық режимінің арнайы салық режимін қолданады. Оның ішінде патент, яғни оңайлатылған декларацияны қолданады. Биылғы жылы патентке өзгерістер енді. Патенті бар кәсіпкер дегеніміз – бұл кәсіпкерлік формасында бір ғана адам – кәсіпкердің өзі ғана жұмыс істей алады, қосымша жұмысқа ешкімді ала алмайды және бір бағытта жұмыс істейді. Патентті көбіне сауда орындарындағы, базардағы кәсіпкерлер, сондай-ақ таксистер жиі қолданады. Патенті бар кәсіпкерлер үшін биылғы жылдағы өзгеріс әлеуметтік салық қысқартылды. Себебі 2017 жылдың 1 шілдесінен бастап әлеуметтік медициналық сақтандыру қосылуына байланысты бұл кәсіпкерлерден әлеуметтік салық алынып тасталды. Бұл кісілер (кәсіпкерлер) қолма-қол ақшамен жұмыс істеген жағдайда бұрын жалпы табысынан 2 пайыз салық төлейтін. Сол екі пайыздың 1 пайызы - табыс салығы, 1 пайызы - әлеуметтік салық. Осы медициналық сақтандыруға байланысты кәсіпкерлерге берілген жеңілдік әлеуметтік салық алынып тасталды. Бірақ егер де кәсіпкерлер қолма-қол ақшамен жұмыс істеген жағдайда 2 пайыз жеке табыс салығын төлейді. Биыл жаңадан салық режимі қосылды. Бұл салық режимі бойынша 50 адамға дейін қызметкер алуға болады және табысы 300 млн теңгеге дейін болуы қажет.

- Келесі сұрақ, кәсіпкерлер үшін өте маңызды мәселе, міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыруға қатысты. Өткен жылы арнайы реформа болды. Бірақ Елбасының тапсырмасы негізінде бағдарлама уақытша тоқтатылды. Осы мәселеге қатысты кәсіпкерлер тарапынан жиі қойылатын сұрақ: «Медициналық сақтандыру қорына қаржыны төлей береміз бе, әлде тоқтатамыз ба?». Осы жағын ашып айтып бересіз бе?

- Міндетті әлеуметтік медицналық сақтандыру бойынша 2017 жылы 1 шілдеде Заң күшіне енді. Содан бері кәсіпкерлер айына 2446 теңге, яғни ең төменгі айлық көрсеткішінің екі еселенген 5 пайызын төлеп келген. 6 ай көлемінде кәсіпкерлер төледі. 2018 жылдың 1 қаңтарынан бастап уақытша тоқтатылды, 2020 жылға дейін. Тек айта кететін бір мәселе, кәсіпкерлер қарамағындағы жұмысшыларына 1,5 пайыздан төлеп отыруы тиіс.

- Кеңесіңізге рақмет!

 

Қызылорда облысы

кәсіпкерлер палатасының баспасөз қызметі

 


Ғасырдан ұзақ ғибратты ғұмыр PDF Print Email
Жаңалықтар - Халық-хабар
26.03.2018 11:34

Биылғы қыс ұзақ та қытымыр болғаны әмбеге аян. Наурыз айы орталанса да, салқын ызғардың әлі де пәті қайта қойған жоқ. Десе де, «таң атпаймын дегенмен, күн қоймайды» деген бар. Күн райы сәл жылт етсе, маңайдан көктем лебі байқалады. Бұл – тіршілік заңы. Ұлыстың ұлы күні жақындаған сайын ел арасында мерекеге дайындық қызу жүргізіледі. Үлкен де, кіші де көтеріңкі көңіл күй жетегінде атаулы күнді ақ тілегімен қарсы алуға қарбаласып жүр. «Қарттың батасы қабыл» деген оймен Аралқұм елді мекеніне хабарластық. Неге деймісіз? Осынау тіршілігі отыны мол жағылған қазандай қайнаған, берекелі де құтты қоныста Тәжігүл Еңсепова (құжат бойынша Ензепова) есімді абыз әже тұрады. Бір әулеттің ғана емес, тұтас ауылдың анасы атанған, бүгінгі таңда 102 жастағы Тәжігүл әже теңіз төскейіндегі ең жасы үлкен адамның бірі саналады. Өзінің осынау ғибратқа толы ғұмырының жүз екінші көктемін қарсы алып отырған әжеміз әлі тың. Аллаға шүкір, әлі күнге құлағы айтқан сөзді қалт жібермей есітіп, жанары жарық ғаламды көріп, пікірін нық түйіндеп жеткізіп, далаға өзі кіріп-шығады. Мұны білгенде кеудемді «Шегені дәл осындай рухы мықты жандардан жасаса, ешқашан майыспас еді. Неткен, асыл сүйекті адам!» деген сүйсіну сезімі биледі.

Өмірдерегіне көз салсаңыз, ұзақ жасаудың сырын да ұғынардай боласыз. Тәжігүл әже жарық ғаламның есігін қазақ даласы дүрбелеңге толған 1916 жылы ашыпты. Баршаға мәлім Көкарал деген жерде өмірге келген Тәжігүлдің қабырғасы еңбекпен қатайып, бұғанасы бекіген. Өзге де балықшы қауымының перзенттеріне тән дағдымен Кәрібөгет маңында жылымда балық аулап, қамыс шауып, жұмыс істеді. Арада жылдар өтті. Төреғұл Еңсепов есімді жігітпен шаңырақ көтерген Тәжігүл берекелі жанұяның парасатты отанасы атанды. Тәкең болса балықшылар қосынының бригадирі болатын. Жалпақ жұртты есеңгіреткен Ұлы Отан соғысы жылдарында ерлі-зайыпты Еңсеповтер «Бәрі де майдан үшін, бәрі де Жеңіс үшін!» деген жалынды ұранды басшылыққа алды. Уақытпен санаспай еңбек етті.

- Бұл бір өте қиын кезең болатын. Аш құрсақ жүріп, тынымсыз жұмыс істедік. Таңның атысы, күннің батуын елемедік. Шаршау деген ұғым бізге мүлде жат еді. Әрі соғыс кезінің талабы да солай тұғын. Тәулігіне бір-екі сағат көз шырымын алатынбыз. Басымыздан небір қысталаң шақ өтсе де, сабырлы қалпымнан танған емеспін. Ешкімнің адал жібін аттағаным жоқ. Несібемді ғұмыр бойы адал еңбегіммен таптым, - дейді Тәжігүл әже Еңсепова.

«Адал еңбек – ердің досы, бақ іздеудің жолы – осы». Анамыздың өмірлік жары Төреғұл аға болса балықшылықтан бастаған кәсібін кейін сауда саласында жалғастырды. Осынау қиын да қызықты салада ұзақ жыл қызмет атқарып, зейнеткерлік демалысына шықты. Өзі дүниеден өткенше ортасына, ағайын-туысқа сыйлы болды. Тәжігүл ана мен Төреғұл көкеміз алтын асықтай тоғыз перзент сүйді. Балаларын ержеткізіп, өмір аталатын ұлы көшке қосты.

Тәжігүл әже – өте байыпты мінезді, парасатты жан. Жалпақ тілде айтсақ, «жер сілкінсе, қозғалмайтынның» нақ өзі. «Алла тағала сабырлыны сүйеді» дейді ескіден жеткен есті сөз. Анамыздың ұзақ жасап, ұрпағының, ел-халқының оған деген қошеметі, шынайы ықыласын көргенде еріксіз осындай пікір түйесің. Әжеміздің тағы да бір жайсаң ісін кейінгі келіндерге үлгі қыла кетсек. Тұрсынкүл ана өзінің қайын енесіне қоса қайын апасы Ұмсынды ғұмыр бойы бағып-қағып, қабақтарына кірбің шалдырмады. Жастайынан ауыр дертке шалдыққан қайын апасының ұзақ жылдар бойы күтімін жасап, құдды перзентіндей қызмет жасады. Сырқаттың зардабын тартқан Ұмсын дәл иек қағарда «Тұрсыным, аман бол. Саған екі дүниеде разымын. Көгеріп, көкте. Ұрпағыңның рақатын көр, алтыным!!» деп әлсіз үнмен алғысын жаудырған-ды. Тектіден тараған қайын апасы шын ниетімен алғысын арнаған екен. Ал батамен ер көгеретіні тағы мәлім. Бәлкім, Тұрсын әженің ұзақ жасауының сырының бір ұштығы халқынан естіген ризашылықтарында жатқан шығар.

Нақты кезеңде Тұрсынкүл әже бауыр етінен өрбіген перзенттерінен 40 немере, 70 шөбере, 1 шөпшек сүйіп отыр. Шөпшегінің алақанынан май жалаған адам жұмаққа барады деседі. Рас болғай! Әжемізге ұлы Елухан мен келіні Күләш риясыз қызмет жасауда.

Айтпақшы, әжеміздің ортаншы қызы, қазіргі таңда өзі де жетпіс жасқа жақындаған, Сексеуіл кентінің тұрғыны Айнамкүл анасының «теледидарға түсірген балалар мені әлі күнге дейін экраннан көрсеткен жоқ. Неге кідіріп жатыр екен?» деп күн сайын көгілдір экранға қарап, жанары талатынын жеткізді. «Адам үлкейгенде бір бала» деген.

Жұмабек  Табынбаев,

Аралқұм елді мекені,

Арал  ауданы

 


Қазалыда Наурыз мейрамы кеңінен тойланды PDF Print Email
Жаңалықтар - Халық-хабар
26.03.2018 10:33

Ұлыстың ұлы күні – әз Наурыз мейрамы Қазалы ауданында кеңінен тойланды. «Жеңіс» саябағында тал көшеттерін отырғызған аудан әкімі Мұрат Ергешбаев, өзге де ел ағалары, тұрғындар қатысқан шара «Бір тал кессең, он тал ек» қағидасының өміршеңдігін еске салды. Аудандық тарихи-өлкетану музейінің ашылу салтанатында сөз алған Мұрат Нәлқожаұлы ел тарихын түгендеп, кеше мен бүгінді жалғайтын жәдігерлері мол музейдің болашағы жарқын болатынына сенім білдірді. Бұл ғимаратта қазыналы Қазалының өткені мен бүгіні көрініс тапқан. Шараға қатысушылар аудан тарихын бейнелейтін залдарды аралап, көне жәдігерлерді тамашалады.

Наурыз мейрамына арналған көпшілік шара Тәуелсіздік аллеясында өтті. Оған жиналған аудан тұрғындары мен қонақтарға концерттік бағдарламалар, театрландырылған көріністер, тарихи кезеңдердегі сахналық қойылымдар ұсынылды. Көпшілікті Наурыз мейрамымен құттықтаған Мұрат Ергешбаев «Қазақылықтың қаймағы бұзылмаған біздің ауданымыз үшін де Наурыздың алар орны айрықша. Ел тәуелсіздігімен бірге қайта түлеп, ұлттық мейрамға айналған әз Наурызға қазалылықтар да шабытты көңіл күймен, жарқын табыстармен жетіп отыр. Баршаңызды еңбек пен ырыстың, ізгілік пен жақсылықтың жарқын мерекесі - Наурыз мейрамымен шын жүректен құттықтаймын. Әз-Наурыз елімізге бақ-береке, мол табыс алып келсін» - деген ақ тілегін білдірді.

Қаз-қатар тігілген ұлттық нақышта безендірілген киіз үйлерге қойылған халқымыздың салт-дәстүрін, тұрмыстық ерекшеліктерін бейнелейтін бұйымдар, кең жайылған дастарқан мейрамға ерекше сән бергендей. Хош иісті бауырсақ пен дәмі тіл үйірген наурызкөже кеңпейіл, қонақжай дағдымызды паш етті. Киіз үйлердің жанында мерекелік бағдарламалар, спорттық ойындар ұйымдастырылып, алтыбақан құрылды.

Мерекелік шаралар Қазалы қаласы мен ауылдарда да жалғасын тапты.

Жұмабек Табынбаев,

Қазалы ауданы

 


КЕЛІНІ ЖАҚСЫ ҮЙДІҢ КЕРЕГЕСІ АЛТЫН PDF Print Email
Жаңалықтар - Халық-хабар
24.03.2018 18:02

Ұлыстың ұлы күні – Наурыз мейрамына орай «Келіні жақсы үйдің керегесі алтын» атты аудандық келіндер байқауы өтті.

Жас ұрпақтың бойына ұлттық салт-дәстүріміз, әдет-ғұрыптарымыз, адамгершілік пен имандылықты сіңіртіп, ұлтжандылыққа баулып, ата-бабаларымыздан қалған бай мұрамызды жаңғырту, мейірімді, зерделі, тәрбиелі болып өсуге баулуға бағытталған байқау бес кезеңнен өткізілді.

Байқауға Жалағаш ауданы бойынша Жалағаш кенті және ауылдық округтерден 14 үміткер қатысты.

Жарыс нәтижесінде әділқазылардың шешімімен Жалағаш кентіндегі орталықтандырылған кітапханалар жүйесінің қызметкері Ж.Ешімова бас жүлдені иеленсе, Шәменов, Аққұм, Ақсу ауылдық округінің қатысушылары жүлделі орындардан көрініп, барлық қатысушыларға ұйымдастырушылар тарапынан сый-сыяпаттар табысталды.

Жалағаш ауданы ішкі саясат бөлімі

 


НҰР СЕБЕЛЕ, ӘЗ-НАУРЫЗ! PDF Print Email
Жаңалықтар - Халық-хабар
24.03.2018 17:58

Наурыздың 14-жұлдызынан бастау алған Әз Наурыз мейрамы Жалағаш ауданында «Нұр себеле, әз-Наурыз»» атты Ұлыстың ұлы күніне арналған дүбірлі тойға ұласты. Орталық алаңда қаз-қатар тігілген ақ шаңқан киіз үйлер ұлттық нақышта безендіріліп, қазақ халқының салт-дәстүрлерінен көріністер көрсетіліп, киіз үйлер жанында ән мен күй әуелеп, ізгі тілек пен ақ бата қанаттана көтерілді. Аудан тұрғындарына арналып дастарқан жайылды, Наурызкөже таратылды.

Аудан әкімі Қайратбек Әубәкірұлы жаңа күннен жаңа үміт күткен, жақсылыққа жаны құмар жалағаштықтарға жаңа тыныс ала келген Наурыз мейрамымен аудан халқын құттықтап, жылымыздың ырысы артық, ырзығы мол болуына тілектестігін білдірді. Театрландырылған көріністен бастау алған ұлық мейрам күміс көмей әншілердің, күйшілер мен мың бұралған бишілердің өнерлерімен жалғасты. Ұлттық спорт түрлерінен сайыстар өткізіліп, білегі мықты балуандар мен тау көтерер толағайлар арасынан жүйріктері анықталып, бағалы сыйлықтармен марапатталды.

Жалағаш ауданы ішкі саясат бөлімі

 


ҚЫЗЫЛОРДАЛЫҚТАР НАУРЫЗ МЕЙРАМЫН АТАП ӨТТІ PDF Print Email
Жаңалықтар - Халық-хабар
24.03.2018 17:54

Ұлыстың ұлы күніне орай ұйымдастырылған мерекелік іс-шаралар 14 наурыз күні «Қауышу күнінен» басталды.

Орталық алаңда 30 киіз үй тігіліп, әр киіз үйге өзіндік заманға сай атау берілді: «Шығыс жұлдызы», «Рухани жаңғыру», «Астана қаласына 20 жыл, Қызылорда қаласына 200 жыл» және т.б. Мұнда келген қонақтар тәтті тағамдардан дәм татып, қызықты ойын-сауық бағдарламаларын тамашалады.

Одан бөлек, арнайы павильондарда Жаппай кәсіпкерлікті дамыту жылына арналған көрме ұйымдастырылып, жергілікті өндірушілердің өнімдері орналастырды.

Мерекелік іс-шара барысында қазақша күрес, асық ату, арқан тарту, гір көтеру секілді ұлттық спорт ойындарынан жарыс ұйымдастырылды, тақырыптық сахналық көріністер мен концерт көрсетілді.

Облыс әкімі Қырымбек Көшербаев аймақ тұрғындарын  құттықтап, жылы лебізін білдірді.

«Биыл біз Астананың 20 жылдығы мен Қызылорда қаласының 200 жылдық мерейтойын тойламақпыз! Наурыз бен наурыз аралығында Сыр өңірі де желкенді жетістіктер мен тағылымды табыстар ордасына айналды. 2018 жыл облысымызда Жаппай кәсіпкерлікті дамыту жылы деп жарияланды. Сұлу Сырдың сол жағалауынан жаңа қала бой көтеруде.  Елордамыз Астананы газдандыру біздің Сыр өңірінен бастау алатыны - біз үшін үлкен қуаныш. Осындай жақсылығы мол ізгі істермен Наурыз мейрамына аман-есен жетіп отырайық», - деді аймақ басшысы.

Сондай-ақ, облыс әкімі Титов мөлтек ауданындағы бұрынғы апатты үй тұрғындары қоныстанған Тасбөгет кентіндегі мөлтек ауданға барып, жағдайларымен танысып, Ұлыстың ұлы күнімен құттықтады. Мереке қарсаңында жаңа үйге қоныстанған тұрғындар аймақ басшысына мәселелерін тез арада шешіп бергені үшін тағы да алғыс айтты.

Атап өтейік, биыл Наурыз мейрамын Сыр елінде жаңаша бастау мақсатында 14 наурыз күнінен бастап «Қауышу» күні деп атап өтті. Мереке қарсаңында Қызылорда қаласы мен барлық аудандарда сенбіліктер, ауыл шаруашылық өнімдері жәрмеңкелері, түрлі мерекелік шаралар ұйымдастырылды. Мәселен, 21 наурызда орталық алаңда «Домбыра-думан» және «Жастар кеші» өтті. 20-31 наурыз күндері көркемсурет галереясында «Көктем лебі» көрмесінде жас суретшілер көрермендердің назарына өз өнерлерін ұсынады. Қалалық ипподромда бәйге, аударыспақ, теңге ілу, қыз қуу секілді ұлттық ойын түрлерінен жарыстар өтті.

Тағы бір ерекшелік – биыл әрбір мерекелік күн белгілі тақырыппен өткізілді. Мәселен, 16 наурыз  - «Наурыз дәстүр»,  17 наурыз - «Наурыз-жаңару» күні болып бекітіліп, салтанатты шаралар, танымдық сабақтар мен кездесулер ұйымдастырылды.

Облыс әкімінің баспасөз қызметі

 


БІРІККЕН АРАБ ӘМІРЛІКТЕРІНІҢ ӨКІЛДЕРІ «БАЙҚОҢЫР» КЕШЕНІНІҢ ҒАРЫШ ИНФРАҚҰРЫЛЫМЫН ЖАҢҒЫРТУ ҮШІН ИНВЕСТИЦИЯ САЛУҒА НИЕТТІ PDF Print Email
Жаңалықтар - Халық-хабар
24.03.2018 17:50

Қазақстан Республикасы, Ресей Федерациясы және Біріккен Араб Әмірліктері делегацияларының кездесуінде «Байқоңыр» кешенінде бірлескен жобаларды жүзеге асырып, коммерциялық ұшырылымдарды ұйымдастыру туралы шешім қабылданды.

Жұлдызды қалашықта Қазақстан Республикасы, Ресей Федерациясы және Біріккен Араб Әмірліктерінің делегациялары кездесіп, ғарыш саласындағы әріптестік мәселелерін талқылады.

Келіссөз қорытындысымен «Роскосмос» агенттігінің бас директоры Игорь Комаров, ҚР қорғаныс және аэроғарыш өнеркәсібінің министрі Бейбіт Атамқұлов және БАӘ ғарыш агенттігі директорлар кеңесінің төрағасы Ахмад Белхул Аль-Фаласи ғарыш саласындағы үш жақты әріптестікті кеңейту жөнінде хаттамаға қол қойды.

Тараптар 2018 жылы сәуір айында ғарыш айлағындағы әлеуеті жобалардың мән-жайын нақтылау үшін бірлескен жұмыс тобын құру туралы келісті.

«2017 жылдың аяғында «Байқоңыр» кешенін дамыту жөніндегі бірлескен тұжырымдамаға қол қойылды. Осы тұжырымдама аясында ғарыш айлағына сыртқы инвестиция тарту мәселесі шешілді. Біріккен Араб Әмірліктері жобаға қатысуға қызығушылық танытты. Арнайы жұмыс тобы құрылып, үш жақты келісімге қол қойылды. Жоба аясында 1961 жылы қосылған «Гагарин старты» алаңы қайта жаңғыртылып, «Союз-2» зымырантасығыштар шығарылатын болады. Әрі қарай мұнда ғарыш саласы ғана емес, басқа да салаларды дамытып, мәселен, технопаркты саламыз. Яғни, Байқоңыр кешенінің болашағы жарқын деп ойлаймыз», - деді Қызылорда облысы әкімінің орынбасары, «Байқоңыр» кешеніндегі ҚР Президентінің өкілі Серік Қожаниязов.

ҚР қорғаныс және аэроғарыш өнеркәсібі министрінің кеңесшісі Мейірбек Молдабаевтың айтуынша, «Байқоңыр» кешенінде бірлескен жобаларды жүзеге асыру аясында ғарыш айлағының дамуына жаңа серпін беріледі.

«Роскосмоспен» бірге 2050 жылға дейін бірлескен тұжырымдаманы әзірлеп, бюджеттік қаржыға қарап қалмай, сырттан инвестор тарту туралы келістік. Міне, енді Біріккен Араб Әмірліктері ұсынылған коммерциялық ұшырылымдарды ұйымдастыру мақсатында старт алаңқайы мен зымырантасығышты жаңғырту жобасына қызығушылық білдірді», - деп атап өтті Мейірбек Молдабеков.

Естеріңізге сала кетейік, 21 наурыз күні сағат 23:44-те БАӘ мен Қазақстан Республикасының делегациялары «Союз МС-08» ғарыш кемесінің «Байқоңыр» ғарыш айлағындағы №1 алаңынан ұшырылуын тамашалады.

Облыс әкімінің баспасөз қызметі

 



<< Бірінші < Алдыңғы 1 2 3 4 5 6 7 8 9 10 Келесі > Соңы >>

Күнтізбе

< Наурыз 2018 >
      1 2 3 4
5 6 7 8 9 10 11
12 13 14 15 16 17 18
19 20 21 22 23 24 25
26 27 28 29 30 31  

Сауалнама

Аса мәртебелі шенеуніктердің қылмысқа шатылып жатқандығы нені аңғартады?
 

Ауа райы

Валюта бағамы

Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі валюталардың ресми бағамдары