Өзекті мәселелер

  • 14.06.18

    Заман  талаптарына  сәйкес  жол­дауда  көрсетілген  барлық  міндеттер­, әлеуметтік  және экономика сала­лары біздің қоғам алдында бірінші кезект­е  тұрады.

    Президенттің Қазақстан халқына бағыттаған «Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері» Жолдауында көрсетілген 10 негізгі басымдықтың іске асуы экономиканың барлық салалары­ның  жоғары өсу қарқынын қамтама...

    Толығырақ...
  • 14.06.18

    Әдетте, қырандар  көкте – патша, жерде – мейман. Қалықтау үшін биіктік керек. Құлдилау екпінінен күш алады. Жазыққа емес, құзар шыңға қонақтайды. Халықшыл тұлғалар табиғаты да сондай­. Олар Алашын аспан­ға, асқар тауға балайды. Сұңқарға самғау жарасқан дейтініміз  де  сондықтан.

    Сол өршіл рух Аралдың айбозым азаматы Тоғыс Жұмашевтың ақ дидарын аңсатқанда, құс көңіл сағыныш қанатымен жүз...

    Толығырақ...
  • 14.06.18

    Елімізде тек дәрінің ғана көмегімен өмір сүріп жүрген азаматтар аз емес. Мемлекет тарапынан оларға қандай жәрдем беріліп жатыр? Көрер жары­ғы әуелі Аллаға, кейін сол дәрілік препаратқа байланысты болып­ отырған науқасқа қарасатын кім?

    ...
    Толығырақ...
  • 14.06.18

    Қызылорда  қалалық

    №6  емхананың  инфекционист дәрігері  Жамила  УМЫШЕВА:

    - Қазір жұртшылық арасында менингит туралы ақпарат кеңінен тараған. Аурудың алдын алудың медициналық бетперде тағудан басқа тағы қандай жолдары  бар?

    - Сақтану үшін екпе ектіру қажет. Оның құны д...

    Толығырақ...
  • 14.06.18

    Мағжан  ЕРАЛИЕВ,

    “Абзал және К”  ТС  директоры:

    Газеттегі биыл ғана ашылып, бесінші мәрте жарыққа  шығып отырған ер-азаматтарға арналған “Мырза” б...

    Толығырақ...
Наурыз 2018

ПРЕЗИДЕНТ САЙЛАУЫ: ПУТИН һәм ПАРАДОКС PDF Print Email
Жаңалықтар - Саясат
24.03.2018 17:43

Сайлау десе арқасына қамшы ұрылып, жердегі аяғына шаң жұқпай кететіндердің төбесі көкке жететінін көріп жүрміз. Жердің бетіндегі мен көктен түсетін бұқпантайлар жердің астынан жік шығатындай әрекет етеді. Қазақстанмен «еншілес» һәм елшілес мемлекет Ресейдегі президент сайлауы  да  баяғы  жартастың  қалпында  өтті. Яғни, таздың басына түк, мылқауға тіл бітірген түгі жоқ. Саясатта сақ қимылдайтын теріскейлік көрші қауымның президенті Путиннің «патшалық» орынтақта отырғанына биыл – алтыншы жыл. Айтпақшы, бұл елдегі саяси сайлау бұған дейін бір мәрте картаның ойыны іспеттес жоспармен өткізілген болатын. Ол кезде РФ-ның қазіргі премьер-министрі Медведев «аю патша­лығының» азулысына айналған еді.

Алайда азуы айналасындағылар мен айналдыра қоршап тұр­ғандарға бата қоймады ма, әйтеуір­ қазықтың егесі араға 4 жыл салып қайта оралды. Ғасырлар тоғы­сынан бері алып федерацияны «фишка» ойнағандай басқарып отырған оны 2008 жылы сайлаудан жеңілгеннің өзінде «сахнаның сыртынан басқарып отыр» дегендердің қарасы қалың болды. Қатты айтқандар төрт жылдық президентін қуыршаққа теңеп, оның көлеңкесінен Путинді кө­ретіндерін  де жасырған жоқ. Әйтсе де әлемге бір сәтке сынақ жүргізген бұл екі президенттей саяси ойыншыларды табу қиын. Ең  қызығы сол, өткен жылдан бері қызу  талқыға  салынған  президент­ сайлауы қас қағым сәтте аяқталды. Кім  үміткер  болды? Бұл жолы қуыршақтар  мен  көлеңкелер қандай  қызмет  атқарды?  Жеңіс кімге және  қалай  бұйырды?

 

Қазақстандағы сайлау алдында­ түрлі қойылымдар қойылып, жеті қабат жердің астындағы жіктің құлағы аспаннан бір-ақ шығушы еді. Ал іргелес көрші елдегі саяси науқаннан тартыс пен арпалыс күткен көпшіліктің көз қытығы қанбай қалды. Үміткер ретінде әу баста тіркелетінін мәлімдеген Путинмен бірге «желкенін» көтергендердің қатарында «РЛДП» саяс­и партиясының басшысы Владим­ир Жириновский, «Яблоко» партиясының негізін қалаған Григорий Явлинский, «Ресейдің жалпыхалықтық одағы» партиясының басшысы Сергей Бабурин, Ресей Федерациясы Коммунистік партиясы өкілі Павел Грудинин, «Азаматтық партия» өкілі Ксения Собчак, «Ресей коммунистері» партиясынан Максим Сурайкин, «Өсім» партиясынан Борис Титов бар. Басты үміткер ретінде пре­зи­дент  тіркелген соң, қалғандарының  оның  көлеңкесінде  қалуы – заңдылық немесе қағида. Одан өзге тіркелген жеті кандидаттың ішінен Грудининді ғана «үлкей­тіп»  көруге  болады. Қалғандарының  да  өзіндік орны болғанымен, саяси сахна алаңынан тақасының тақылы естілген жоқ. Шыны керек­, бұл жолғы сайлау әлем жұртшылығына да қойылым секілді көрінді. Қызығып, жеңіске­ кімнің жететінін жарыса жазып жатқандар да аз. Ал президент сайлауының алдында Қазақстан президенті Орталық Азия басшыларының кездесуінде сөз түйген болатын.

- Біздің үлкен көршілеріміз бар. Олар – Ресей мен Қытай Халық Республикасы. Олармен қарым-қатынасымыз зор, көлік бағыттары бойынша да... Біз осы көрші елдермен және үлкен нарық­тағылармен белсенді түрде қарым-қатынас жүргізгіміз келеді және  жүргізіп  жатырмыз. Әрине, Ресейдегі сайлаудың жақсы өткенін, Владимир Владимирович Путиннің жеңіске жетуін қалаймыз. Мұның барлығы ынты­мақ­тастықты кеңейтіп, дұрыс диало­г құруға жақсы әсер етеді, - деген болатын мемлекет басшысы Н.Назарбаев.

Рас, одақтас ел болғандықтан ондағы саяси науқанның қызуы бізге де «тебетінін» ескерсек, тәбетіміз ашыла қоймас. Жасы­ратыны жоқ, бұған дейін де көрші қырғыз ағайынның басшысын сайлау науқанында екі елдің шешенде­рінің кеңірдектері бір қызарған еді. Бұл жолы теріскейліктер мұндай қызбалыққа салын­ған жоқ. Өйткені жеңіске кімнің жететінін болжап отырса керек-ті. Таудың бөктеріндегі жусанның көлеңкесінен гөрі тау шыңының көлеңкесі  әлдеқайда  ұзаққа түсе­тінін ескерсек, орыстың  ойы тілін  қызарта қоймайды.

Елімізден ұзын-ырғасы 203 бақылаушы аттанған президент­тік сайлау 22 сағатқа созылған. Сайлау басталған 18 наурыз күні Мәскеудегі сайлау бюллетеньдері арқылы кешке дейін 60% адам дауыс­  берген. Хаттаманың 91%-ы жасалғаннан кейін 67%-дан аса адамның келгені белгілі болды. Ең белсенді деп Тыва, Чукотка, Кеме­ров  облысы, Шешенстан өңірлері аталды. Санкт-Петербург пен Мәскеу қалаларында да халық белсенділігі жоғары сипатта болды­ деген ақпар бар. Ресейлік ақпарат көздерінің таратқан мәліметтеріне сүйенсек, сайлау кезінде Владимир Путин 76,65% дауыс жинап, орынтағына қайта жайғасты. Дауыс санағы бойынша екінші орында 13-38 пайызбен РФКП-ның үміт артқан қатысушысы Павел Грудинин, одан кейінгі орындарға РЛДП-ның лидер­і Владимир Жириновский, Ксения Собчак жайғасты. Калған үміткерлерге майлы жіліктен сынық­тай ғана тиген. Ондай да болады екен! Бәлкім, парадокс! Иә, Ресейдің жергілікті сайлау комитет­інің  хабарлауынша  да, ел тарихындағы рекордтық көрсет­кіш  болып тұр.

«Тойдың болғанынан бола­дысы қызық» деген осы шығар?! Ресей Федерациясының жаңа презид­енті болып қайта сайлан­ған экс-президент В.Путинді бірқатар  ел  басшылары құттықтап та үлгерді. Төртінші мәрте таққа жайғасқалы  отырған  оған ресей­лік  саясаткерлер қандай баға  беріп  отыр?

Ресейлік танымал философ және әлеуметтанушы Игорь Чубайс­ «Путинге дауыс берген адамдар – елдің  болашағын  ойла­май­тын, өзгерісті қаламайтын консерваторлар. Бұл сайлауда саяси­ бәсекелестік пен азаматтық белсенділік жоқ. Оның барлығының  жолы  кесілген. Сайлау қорытындысы  көзбояушылық  және өте аянышты» деп топшыласа, «Ашық Ресей» қозғалысының төрағасы Александр Соловьев «Өкінішке орай бұл жолғы сай­лауда да таңғалатындай ешнәрсе болған  жоқ. Бұл жолғы  сайлаудың 2012  жылғы  сайлаудан  еш­қандай  айырмашылығы  болмады­. Бүкіл сайлау жүйесі Владимир Путин­нің жеңісіне жұмыс істеді. Ол 40 пайыз дауыс алған күннің өзінде оған 70 пайыз деп жазып беретін еді. Бұл сайлауда қандай жағдай болса да, Путин жеңетін еді. Сол себепті бұл – сайлау емес» деп мәлімдеді.

Естеріңізде болса, әлем байларының қатарындағы Д.Трамп та АҚШ-қа президент болып таға­йындалғанда алақанынан ақшаның иісі шығып тұратын оған көп­шілік наразы болған-ды. Көрші елдегі сайлауда да құдды сондай ой басым болған секілді. Бұл – болжам ғана. Әйтпегенде, Мемлекеттік Думаның экс-депутаты Максим Шингаркин «Грудинин­нің  екінші орын алуы – халықтың­ олигархтарға қарсы күресі. Бұл – халықтың Путинге қойған талабы. Путин билікті олигархтардан тазарту­ы тиіс. Күмәнді жолмен қыруар қаржы тапқан адамдар билікк­е жақындамауы керек» деген­  пікір  айтпас  еді.

Ресей президентінің сайлауы барысында  теріскейдегі  көршінің атағын оздырып, атын дәріптеу үшін  саяси  науқан Қазақстанда да ашықтан-ашық жүргізілгенге ұқсайды. Әйтпесе, алматылықтар еліміздегі Ресей Федерациясының бас консульдығы ғимаратының алдында ұзын-сонар кезекке тұрып, дауыс  бермес еді. Еліміз­дің 17 қаласынан 17 сайлау учаске­сін құрмас еді! Сонда бұл не бол­ғаны? Бас қатырып  көп  ойланбай-ақ  қойыңыз. Тіршілік иеле­ріне қатысты қосмекенділер отряды­ дегенді білмеуіңіз мүмкін емес. Қазақстанда  олардың  12 түрі бар. Бірақ, олар үшін бұл – заңды әрі табиғи құбылыс. Ал адамдар арасында осы секілді қос азаматтық алып, екі елден әлеуметтік жәрдемақы мен зейнетақыға «шомылып­» жүргендерді осы сайлау­да аңғардық. Азаматтық және заңдық негізде бұл – мем­лекет  заңын  аяқасты  ету.

Еуразиялық экономикалық одаққа мүше елдердің мүддесіне байырғы басшыны бірауыздан сайлау  науқаны – саяси  тиімділік. Экономикадағы   өзара  алыс-беріс тауарлардың сақтау мерзімі се­кілді  бұл  басшылықтың да белгі­лен­ген уақыты бар. Бір бай­қаға­ны­мыз, одақтас елдердің басшы­л­ары әлеуметтік-эконо­микалық  өсімнен  гөрі ел басқаруда тәжі­рибе  өтілін  жарыс­тырып жатқа­н  сияқты. Әйтпесе, Батыс­т­ың Ресейг­е салған санкциясын ес­керсек, жер қабатының қыр­тысы жазылып, тау жынысының үгіліп, құм болатын кезі жеткен жоқ па?

СЕМСЕР

 


ШЕВЧЕНКОҒА ШАҒЫНАМ ШАМЫРҚАНЫП... PDF Print Email
Жаңалықтар - Мәселенің мәнісі
24.03.2018 17:42

Халық көшеде жүр. Бастықтар жиында жүр. Сырт айыр­ма­мыз осындай. Ішкі жағын індетпей-ақ қоялық. Көше көп нәрсені аңғартады. Көрмегенді көресің, естімегенді естисің. Биліктің осалдығы – ел тынысын сырттай қадағалауында. Әдетте, жоғарыға төменнен жеткізушілер олқылықты орағытып бүркемелеуге қалыптасқан. Жиынның да жадағай тартуы осы маймөңке көзқарастан туындайды.

Әлбетте, нақты жағдайды бұқара бұрын байқайды. Билік көбіне бастамаларға ден қояды. Әйтпесе, алақандай Аралдағы мына бір шетін мәселе жаңғыруға дейін назардан­ тыс қалар ма еді?! Қалада ежелден интернационалдық есім еншілеген екі бірдей тарихи мектеп бар. Алғашқысы – Н.К.Крупская, екіншісі – Т.Г.Шевченко атында.

Гәп – мектеп атауында емес. Бұйыртса, жүз жасаған №14 мектеп-лицей келесі оқу жылын жаңа ғимаратта жалғаст­ырмақ. Ал қаланың қақ ортасындағы №13 орта мектеп проблемасы шаш етектен. Ең сорақысы – мұнда оқушы  киімі  ағаштан  жасалған  атам  заманғы талтақ  киім ілгіштерге  ілінулі. Бір ілгіші – қайырулы шеге, екіншісі – емізіктей  ағаш.

Бастауыш балғындары тар орындағы арқалас киім ілгіштер  арасында тышқан-мысық ойынындай күй  кешуде­. Сыртқы  киімінің сусып жерге түскеніне де, бірінің үстіне бірі қабаттасып, ілмегінің үзілгеніне де қабақ шытқан­нан басқа қайтсін?! Бұл не деген масқара?! Гигиена­ қайда, гардеробқа қатысты штат не бітіреді? Таспаға­  тартуға дәтіміз бармады. Жариялаудың өзі жүрек айнытады. Биліктен  емес,  заманнан  қысылдық.

Неге бұлай?! Бәлкім,  типтік  жобада салынбаған  байыр­ғы  білім ошақтарының бірқатарында жағдай осы тектес шығар. Олай дейтініміз – аудандық оқушылар үйінде әлгі ахуал айна қатесіз қайталанулы. Жағаңды ұстайсың. Мектеп директорлары, аудандық білім бөлімі бұл  жағдаятқа  онша  бас ауыртпайтын  тәрізді.

Аудан, қала басшылығы кабинеттен, жиналыс залынан шығыңқырап, білім, денсаулық, халыққа қызмет орталықтарын жиі аралауды үрдіске айналдыруы керек. Сонда ғана ауызда жүрген реніш сырын нақпа-нақ ұғынып, дұрыс шешім қабылдау жеделдейді. Демек, біз дабылдатқанды олардың бүгінге дейін байқамай келгені анық.

№13 Т.Г.Шевченко атындағы орта мектеп – бүкіл басшы­лықтың көз алдында. Жүз метр жаяулатса жетіп жатыр.­ Мұндағы алаңдаушылық бұрыннан айқай салулы. Мектеп ауласы тым тар. Ғимараты да ескі, қосымша корпустармен амалдап келеді. Қалыпты білім берудегі орын тығыздығы алдымен ауладан мен мұндалайды. Асфальт төсенішті баскетбол алаңы мен отын қоймасы кеудені қысып тұр. Дене шынықтыру кешені қырқылған құс қанатындай. Жүгіретін, секіретін, қарғитын бос топыра­қты  алаңқайды  емге  таппайсың.

Неге екені белгісіз, спорт залы екінші қабат­қа шығарылған. Еңбек шеберханасы да сонда. Оқу процесіне мүлдем қисынсыз шешім. Бас­тауыш  жағы тіптен түсініксіз. Сынып бөлмелері  тар әрі аласа. Дәліздерінде екі оқушы қатар  жүре  алмайды. Тар да тік құлдилама басқы­штар балғындар қозғалысына аса қауіпті. Ауа жеткіліксіздігі  өкпеңді  қысады.

Аудан басшылығының бұл қара шаңыраққа көреген көзқарасы жетіспейді. Бұрын да, қазір де солай. Әйтпесе, ілгеріде теңіз порты кеңсесі, аудандық білім бөлімі, музыка мектебі болған орынды №13 орта мектепке рәсімдеу кезінде жапсарлас парктің ыңғайлы бөлігін қоса еншіле­генде, бұл тығырықтан әлдеқашан абыроймен шығуға болатын. Сөйткенде, спорт зал да, шебер­хана да, жеңіл атлетика алаңы да әдемі үйлесім таппас па еді?! Әттең, өкінішке орай, ақылды баста­р осы жерде миға салмақ түсірмеді.

Білеміз,  көп нәрсе қаржыға байланысты. Сол себепті  бұл  мәселеге облыстық мәслихат назарын аударуға тура келеді. Әдетте, жыл бюджет­і ертерек жоспарланады. Әйткенмен, қажеттілікке орай қосымша өзгерістер мен толықты­рулар  енгізу  тәжірибеде  бар  нәрсе.

Демек, Арал ауданы бойынша, тиісінше облыс­ мектептеріне тән қордаланған ортақ проблема ретінде оқушы гардеробын түбегейлі шешу үшін арнайы мақсатты қаржы бөлінуі ауадай қажет. Шәкірттер назына халық қалаулары жайбарақат қарамас деген үміттеміз.

Бірінші сыныптағы немеремді жетектей жүріп, күн  сайын  мектеп ауласындағы Шевченко­ ескерткішіне қаймыға қараймын. Азаттық үшін айдауда жүріп Аралмен сырласқан Тарас ақыннан­ қаралай қысыламын. «Театр киім ілгіштен басталады» дейтін мәдени мәтел мектепк­е қатысты емес деуге кімнің дәті барады? Кемшілікті түзетуді өткірлеуге батылы бармай­, ылғи да бірінші басшыға ысырып салып­, тымпиып отыратын бағыныштыларды аттап өтіп, облыс әкімінің құлағын шулатпасқа болмады. Бұл тәуекелге бел будырған Шевченко рухына мың тағзым!

Жаңабай  КЕМАЛ,

Арал  қаласы

 


ИТ – ЖЕТІ ҚАЗЫНАНЫҢ БІРІ PDF Print Email
Жаңалықтар - Арнайы беттер
24.03.2018 17:37

Талай жылдар бойы діни мереке деп саналып, тыйым салынып келген (соңғы рет 1926 жылы аталған) Наурыз мейрамы Қазақстанда қайтадан ресми түрде (1989 жылы) атала бастады. Бұл іске көрнекті мемлекет қайраткері, этнограф-ғалым Өзбекәлі Жәнібеков көп еңбек сіңірді.

(«Адамзат  күнтізбесі»,

Елорда,  Астана-2002)

Наурыз – қазақтың шын мәніндегі ұлттық мейрамы. Неге десеңіз, марттың­  ескіше 9-ында, жаңаша 22-сінде Күн мен Түн теңеледі, қыс өтіп, жаз  жетіп, шаруа  кенеледі, ...табиғаттың, жанды-жансыздың тірілуі кімнің де болса көңіліне шаттық беретіні анық болса, тіршілік жағынан М.Дулатовты­ң айтуы бойынша: «қыстың өтуіне, жаздың жетуіне қазақтан­ артық тілектес, қазақтан артық қуанатын ел жоқ деуге сияды».

Егер зерттеуші тарих ғалымдарының дәлелдеріне сүйенсек, Наурыз – қазақ халқының Ислам дінін қабылдаудан бұрынғы ұлттық мейрамы. Науры­з тойының басты мақсаты – халыққа молшылық, тоқшылық тілеу. Сондықтан да болар қазақ халқы Наурыз күнін «Ұлыстың ұлы күні» деп, ескі жылдағы өкпе-араздықты ұмытып, «ұлыс оң болсын, ақ мол болсын, ел тоқ болсын» десіп, кәрі-жас бірін-бірі құттықтап, құшақтасып көріседі. Өйткені, 12 жылдық мүшел жыл есебі бойынша жаңа жыл осы наурыздан басталып, ескі жыл шығады. Осылайша, биылғы 2018 жылдың 22 нау­рызынан Ит жылы басталады.

 

АДАЛ   ДОС,  СЕНІМДІ   СЕРІК

Ислам аңызы бойынша ит – Адам ата мен Һауа ананың алғашқы серігі, қорғаушысы, жеті қазынаның бірі болса, қазақтар итті ер жігіттің өмірімен байланыстырады. Онда жүйрік ат, қыран бүркіт, құмай тазы, берен мылтық, қандыауыз қақпан, майланғыш ау, өткір кездік аталады. Бұл жердегі құмай тазысы – абыройын асырар сенімді серігі. Бұған қоса, қазақ хал­қының  «жеті  қазынаны – жеті ырыс» дейтіні де бар. Олар: адамның ақылы, денінің саулығы, ақжаулық, бала, көңіл, жер және әуел бастан-ақ адамға сенімді серік болған ит. Адамзат итті қолға үйреткен дәуірден бастап, оның қызмет көрсету саласы сан қилы деңгейге  жетті. Міне, сол иттердің бүгінгі күндері 400-ге жуық түрі бар дегенді ғылыми әдебиеттерден кездестіреміз. Қоғамның дамуына сәйкес оның қызмет ету өрісі бұрынғыдан да кеңейе түсті. Тіпті дамыған ғылым мен техниканың өзіне де ит қажет болды. Ол шаруа­шылық және әскери қоймаларды аса қырағылықпен қорғады. Малшыларға серік, күш-көлік те болды. Жыртқыш аңдардан, ұры-қарыдан малды сақтап, қой да  жайды. Қоғам­дық­  тәртіпті қорғауда, анаша тартып, онымен кәсіп, сауда жасайтындармен күресте, үй күзетуде қаншама қызмет көрсетіп жүр.

Ұлы Отан соғысы кезінде санитар, байланысшы, жауынгер-минер жұмы­сын­ атқарған иттер ше? Тіпті, ғарыш әлеміне тұңғыш рет сапар шеккен «барлаушы­»  ит  Лайканы кім ұмытады? Иттердің  адам  өмірінде  алатын орнына­ сәйкес үш топқа бөлінетіні де сондықтан болар: аңшылық, қызмет­тік, сәндік  иттер.

 

ИТ   ЖАҚСЫСЫ – ТАЗЫ

Ал, бұлардың ішінде қазақ халқының аңшылық өнерінде тазылардың жөні ерекше ғой. Тұқымын асылға балағ­ан, алғырлығы мен ақылдылығы қатар айтылатын бұл жануар жайлы қызығы бітпестей әңгіме көп... Жүні тықыр, сирақты, сүйек бітімі нәзік, түсі ақ, қара, сары, көк. Дала тазы­сының кеуде­ жағы мен бөксе жағын­ың биіктігі бірдей, өте шапшаң, ұшқыр, сүйегі жеңіл, нәзік келеді, сондықтан оны ши тазы  деп  атайды. Ал таулы жердің  тазы­сының кеуде жағынан бөксе жағы биіктеу, аяғы сіңірлі, мықты­, мойны ұзын әрі жуандау, өте ашулы келеді­. Тазыны күшік күнінен таңдап алып тәрбиелейді, ұсақ  аңға салып  ауыздан­дырады. Тәжірибелі  аңшы тазыны­ өте семіртпей, не арытпай ұстап, із кесуге үйретеді. Тазымен аң аулау – саятшылықтың бір озық  түрі.

Халқымызда аяқ-қолы сидаң, жүні қалың тазылар жүйріктігімен ғана ерекшеленбейді, төзімділігімен  де өзін  таныта  білген. Ол аңшы «ізде» деп бұйрық бермей-ақ өзі ізге түсіп, қуып жетіп ұстайды. Бірақ иесін күтіп тұрмайды. Көзінің көргіштігі, сезімталдығы, батылдығы аң аулауда басты роль атқаратындықтан, аңшылардың оны ерте жүретіні сондықтан болар. Сонымен бірге тазылар ізге бір түсіп алса, зырылдап зуылдай жүгіріп, тыным­  таппайды. Алты Алашқа белгі­лі «Аңшының әніндегі» «Жүйрік ат, қыран бүркіт, ұшқыр тазы. Жігіттің бұған құмар өнерпазы» дегендей, көшпелі өмір кешкен ата-бабаларымыз аңшылық пен дәстүрлі мал шаруа­шылығымен айналыса жүріп, ерекше қадірлеп, тазыны үйіне кіргізген.

Зерттеуші ғалымдардың болжам­дары бойынша тазы атауы «таза» сөзі­нен алынуы мүмкін. Өйткені ол жаратылысынан кірпияз, шікәмшіл, лас үйшіктерде жата бермейді. Бойын таза ұстайтын, көрінгенді қылғытып жей бермейтін талғампаз, ауызын сұғанақтана ешқайда салмайтын тектілігі мен естілігіне қарай «таза», «тазы» деп атаса­ керек.

Бұл біздің тарихи, мәдени тарихымызда бір ауылды асыраған, әлімсақтан-ақ дешті жұртында мекен еткен. Қазақстан өңірінде тасқа қашалып салын­ған петроглифтерде біздің дәуірімізге дейін 12-10 мың жыл бұрын өрнектелген. Яғни, тазы ежелден қазақ даласында өмір сүріп келген. Оның тарихи  болмысы Мысырдағы пирамидалардан да әрі.

Кейбір дерек көзі тазының түбі – ежелгі Сирия мемлекеті дегенге апарады­. Кейінірек Арабияда, Иранда тарап­, одан Орта Азияға, сосын түркімен жұрты арқылы біздің тұр­мысымызға кіріккен. Арабияда иттің бұл тегін – салюки, қырғыздар – тай­ған, орыстар борзая дейді. Ал тазы – қазақтың төл сөзі. Өйткені, тазының соңына түсіп, алғаш рет ғылыми тұр­ғыда зерттеген ғалым А.Слудский өзінің 1939 жылы шыққан кітабын «Азиатская борзая таза и охота с ней» деп атап, онда ...Талды­қор­ған өңіріндегі Қаратал өзені­нің бойында бір байдың қызына берге­н қалыңнан бас тартып, оның орнына тазының күшігін қала­ға­нын «до революции за одну тазу с реки Каратала отдавали девушку, отказы­ваясь  от  калыма  в  47 лошадей», - деп таңданыспен  жазған.

Бұл жерде 47, менің ойымша, бір 47 емес, әрқайсысы 7-ден 40 болуы мүмкін. Себебі, ол жай ит емес, ол тазы ғой! Қазақтың тазысы! Ол кезде тазысы­ бар адам тек саятшылықтың ләззатына­ кенелмейді, дәулеттілікке де біртабан жақындайды. Бір қыста ұшқыр тазы 80-100-ге тарта түлкі алса, 5-6 қасқырды жусатады. Қоян сияқты ұсақ жан­уарларды есептемей-ақ қояйық. Осы олжалардың терісін базарға шығарса, біраз ақша, бұл қыр қазағының ажарын аша түспей ме?! Ресей саятшылары бұндай асылзатты иттің барын алғаш рет 1873 жылы ғана білген. Петербор университетінің ұйымдастырған экспедициясы орыс әскерінің тұрақтаған жері Хиуаға келе­ді. Сонда қазақ даласынан ұшырастырып, құмай тазының қылығына қайран қалады. Алғырлығы орыс­тарды айрықша таңдандырады. Кейіннен тазының тамаша табиғи қасиеттерін мұқият­ зерттеген 1-санаттағы сарапшы-кинолог К.М.Эсмонт қазақтың дарқандығын пайдаланып, оны иесіз өскен жабайы ит дегенге әкеліп, тездетіп «далалық борзой» дегенді қалыптастыруға күш жұмсау керектігін айтып, стандартта­рын рәсімдеп, өздеріне қарай заңдық тұрғыда икемдеуді жөн көреді, «южнорусская борзая» деп атағылары келеді.

Мұны 10 жылдай бұрын сарапшы-кинолог Сергей Матвеев ашық мойындайды: «Оңтүстік орыстық (далалық) борзайға деген қызығушылықтың шыңы өткен ғасырдың 60-жылдарына тұстас келеді. ...Көпшілік жұрт біле бермейді. Бүкілодақтық кинологиялық кеңестің тарихындағы соңғы отырысының шешімімен, 1992 жылы ақпанда «оңтүстік орыс борзайы» стандартының күші жойылды. Бұған дейін-ақ Кеңестер одағы тарағасын, бірден бүкілодақтық итпаздар кеңесі жұмысын тоқтатты. Мәжілістің хаттамасы көбейтілген жоқ. Оның көптеген шеші­мдері кинология жұртшылығы үшін құпия күйінде қалды, мүмкін жоғалып­  та  кеткен  шығар...», - дейді.

Бұлай болатын себебі: біреудің төлтумасын «жақсы мен мықтының бәрі бізде болуы керек» деген пенделік ашқарақтық пен тойымсыздықпен өзіне бірден таңа қою, әрине, қиын нәрсе.

Осыған орай, тазы тұқымының жана­шырларының бірі – республикалық қоғамдық бірлестігінің президенті Нина Макерова: «Еліміз тәуелсіздік алғаннан бері қазақ тазысына деген жанашырлық жоқтың қасы. Біз осылай енжарлық танытып жүргенде өзге бір ел қазақ тазысын құжат жүзінде иемденіп алса, өкініштің көкесі сонда болмай  ма?», - дей отырып, өзбек жұртының өз тазы­ларының стандартын 1995 жылы бекітіп алғанын, қырғыздар әкімшілік кодексіне жаңа талаптар енгізіп, ұлттық мақтанышына айнал­ған тайғанды басқа ит тұқымымен ша­ғылыстырғандарды  жауапқа  тартып, 5 айлық көрсеткіш көлемінде айыппұл алса, түркімендерде жергі­лікті тазы мемлекет қарауында – алабай мен шилері­н сыртқа шығаруға тыйым салынған­, кішкентай ғана Болга­рияда мұндай асыл тұқымды әр күшік­ке 100 еуродан қаржы беріледі екен», - деп  сыр  шертеді.

Сарапшының жаны ашып айтқан осы бір әңгімесін оқығанда, бала күнімде өзім куә болған мына жағдай есіме түскені: ауылда қойдың кезегі деге­н болатынын онда өскен кез келген­ бала біледі. Шамамен айына бір рет келет­ін сол кезектегі біздің міндет таң сәріден күн батқанға дейін ауылдан  2-3 шақырым ұзап шығып, малды жайып келу еді. Сондай бір шілденің шіліңгір ыстығында менен бір жас кішілігі бар көршіміздің баласы Әбді­рашидті қасыма қосып жіберді. Мен сонда 9-10 жастамын-ау. Бала емеспіз бе, ауылдан шыға бере-ақ шөл қысып, басымыз ауырайын деді. Бір кезде отар қойдың басы бір жаққа, аяғы бір жаққа кетіп шашырай бастады. Екеуміз екі жаққа қарай жүгіріп жүрміз. Кенет отар басында бірнәрсе қарайғандай болып, отар басы қайтарыла бастады. Жақындағанда барып таныдық, бұл әкемнің («ата» дейтінмін) тазысы Аққұс екен. Қуанғаннан «Аққұс!» деп жарыса айқай­лап  жібердік.

Әкемнің рұқсатынсыз аттап қадам баспайтын текті тұқымның тек қой бағу үшін емес, ай далада бізге баласынып шибөрілер айбат шегеді ме деген күдікпен еріп отырды ма деп те ойлаймын қазір. Кешкісін малдарын күтіп алуға келген жұртшылық жоғалып кеткен Аққұсты көргенде әкемнен «тазың табылды» деп сүйінші сұрап жатты. Марқұм әкем өз көзіне өзі сенбей, басын­ шайқай берді. Бар айтқаны: «бұл расында сендермен жүрді ме?» дегені болды...

Сөйлемейді демесеңіз, иесінің иегі­мен көрсеткенін ымнан түсінетін, айтқызбай-ақ ұғатын киелі тазы жөнінде сан түрлі аңыздар сыр шерте­ді. Ол туралы көсіліп те жазуға болады.­ Әйтсе де, 22 наурызда келетін 2018 жыл – Ит – Тазы жылымен, қазақтың ұлттық мейрамы – Наурызбен «Халық» газеті оқырмандарын құттықтай отырып, барлық кезде де тізгінді қолдан жібермей, берік ұстап, қай істе де ерекше табандылық, бұл жылдың басты ұраны – Құштарлық тілеймін! Ұлыс  оң  болсын!

Қуанышқали  Шапшанов,

Қызылорда  облысының Құрметті  қайраткері,

Арал  ауданының

құрметті  азаматы

 


Біз барған МАҢҒЫСТАУ PDF Print Email
Жаңалықтар - Арнайы беттер
24.03.2018 17:29

БАТЫСҚА   БАРҒАНША...

Өткен аптада қойнауы «қара алтынға­» толы, теңізі тасыған, ынтымағы мен ырысы жарасқан батыс өңіріне  барудың сәті түсті. Оған себеп­, сондағы ағайын жылдағы дәстүр бо­йынша Амал мерекесін ұйымдас­тырып жатқан көрінеді. Несін жасырайы­қ, бұрын-соңды бұл өлкеге табанымы­з  тимеген.  Білеті­ні­міз,  362 әулие тұрақтаған мекен. Қарт Каспийдің жағасында қоныстанған мұнайлы  өлке  екендігі.  «Жол мұраты – жету» дегендей, «Алматы-Маң­ғыстау»  пойызына  отырдық. Жанымда – ардагер журналист Жұматәлі Әбдіраманов. Қамыстыбастан Нұрбай Жүсіп, Аралдан Жұмабай Жақып пен Ерғали Абдулла сынды қарымды қаламгерлер қосылды. Бәріміздің де бағытымыз – Маңғыстау облысы. Айтары­ бар азаматтардың әсерлі әңгімесін тыңдап, Шалқар станциясына  қалай жеткенімізді де байқамай қалдық. Шалқар демекші, қайбір жылы осы станциядан Бейнеуге тікелей­  баратын  теміржол  салынды. Ұзындығы – 507 шақырым. Ендігі меже  – осы  жолды  жүріп  өту...

Иен далада екпіндетіп келеміз. Жүйткіген жүрдек пойыздың тарс-тұрсы өлі тыныштық құшағына енген өлкенің берекесін алғандай. Байқағанымыз, бұл өңірді  «кәрі құда» әлі де қимай жатқан тәрізді. Қарыңыз қалың. Қара жер көрінбейді. Ауық-ауық терезеге үңілеміз. Төңі­ректі бір шолып, «апыр-ай, ә, қазақтың даласы қандай кең?» дестік. Далаңыз кейде төбе, кейде ойпат. Ақ ұлпа қарда із де жоқ. Биыл Ақтөбе облысында қыс қатты болыпты. Сапарла­с кісіміз солай дейді. Айтпақшы, үйір-үйір жылқыны да аз кездестірдік. Шамасы, шаруалар түлігін қорада ұстап отыр. Жазыққа жібермепті. Себеп – жердің тоңы жібімеген. Әрбір 25 шақырым сайын бекет орнал­асқан. Бірақ онда қоныстан­ған қарашаның  қарасы  көрінбейді. Қысқасы, 12 сағат елсіз жермен жүріп өттік. Күн райының қолайсыздығы бізді қобалжытқаны рас. Дегенмен, Бейнеуге барған соң көктемнің жылы лебін сезіндік. Не керек, Маңғы­стауға Қызылордадан барлығы  32  сағатта  жеттік.

ҮСТІРТТІҢ   ҮСТІНЕН  КӨРІНЕТІН   ОТ

Ендігі бағыт – Отпан тауы. Бұл жер – Маңғыстаудағы Батыс Қаратаудың ең биік нүктесі. Теңіз деңгейінен 532 метр биіктікте жатыр. Ертеректе елге жау шапқанда осы өлкені жағалай қоныстанған халықтың басын жинау үшін тау басында «Ұран оты» жағылған деседі. Тіпті, Отпан таудың басынан жаққан алау сонау Үстірттің үстінен де көрінеді екен. Бертін келе бұл үрдіс елді бірлікке, татулыққа үндейтін салтқа айналыпты. Таудың атауы туралы тарих­шы Мұхамбеткәрім Қожырбайұлы: «Отпан (От Ман) – От, ан, пан (Ман) деген біріккен сөздерден тұрады. Сөз түбірі – От. От – Адтар­дың, яғни бүгінгіше айтқанда Адайлардың  лақап  аты. Ежелгі жазбаларда, тіпті мына жақын көрші орыс  елінде күні бүгінде де Адайды – Одой, Уодой, Одоют деп жазып жүр. Ад-Од, Ат-От екеуі де бір қайнардан. Ан – Пан (пана). Оттың  тікелей мағынасы Адам баласын суықтан қорғайтын  қорғаны (панасы)» дейді жазған мәліметтерінде. Отпан таудың ең биік нүктесінде Адай Ата кесенесі орна­тылған. Онда «Адай Ата» сөзі алтын әріппен жазылыпты. Ал қос қапталында Адай атаның екі баласы Келімберді мен Құдайкенің құрме­тіне арналған кесене тұрғызылған. Кесененің диаметрі – 7 метр, биік­тігі – 13 метр. Сәл әріректе Көкбөрі­нің ескерткіші қойылған. Ертеден-ақ бабаларымыз бөріні пір тұтқаны белгілі. Төзімділігі бір төбе, тектілігі бір  бөлек, баққанға көнбейтін, айдағанға жүрмейтін түз тағысы символдық бейне ретінде салынған. Отпан­ тауы маңайында «Ана келбеті», «Адай ата – Отпан тауы» рухани тарихи-мәдени кешені, «Ту төбе», «Батырлар алаңы» ескерткіші орнық­қан. Кешегі Елбасы екшеген «Рухани  жаңғыру»  дегеніңіз  осы-ау, сірә?!

 

АМАЛ – АЛАШҚА ОРТАҚ  МҰРА

Амал мерекесін түркі жұрты ежелде­н ат шаптырып, ас беріп, өзіндік сән-салтанатымен атап өткені аян. Қар еріп, Жер-ананың бауыры  жібіген  мезгілде қыбыр­ла­ған тіршілік атауы жаңаша күйге енеді. Көкке аузы тиген төрт түлік қайта түлесе, Амалға аман жеткен адамдар тәубе етеді. Бұл – жаңа жылды­ң  бастауы.  Амал тек жаңа жыл ғана  емес, Амалда араздасқан ағайын­ның арасы жақындап, төс қағысып татуласады. Осынау Ұлық мейрамды  маңғыстаулық  ағайын  он жылдан бері наурыздың 13-14-і күн­дері Отпан таудың етегінде ұйым­дастырып жүр. Бүгінге дейін Адай атаның ұрпағы игі істің басы-қа­сын­да болса, бұған биыл Әлім атаның ұрпағы  қосылды. Жалпы 60-қа тарта­ киіз үй тігіліп, республиканың түкпір-түкпірінен, алыс-жақын шетел­ден 2000-ға  жуық  адам  жиналды. Ал дүбірлі думанның әрін аша түскен аламанға 60-тан аса арғым­ақ қатысты. Еліміздің әр қиырынан қосылған тұлпарлардың   бәйгесін  тамашалауға келген көп­шілікте қисап жоқ. Ә деген­нен кіл жүйріктен шын жүйрікті  анықтауға  асыққан  аға­йын қиқуға басты. Топырақ­ты төңкеріп, аламанда алдын­а қара түсірмеген қордайлық жануар бас бәйгені еншілед­і. Оған Әлім ата ұрпағы тағайы­ндаған «Toyota» маркалы автокөл­ігі бұйырды. Ұлттық спорт түрлері де ұмыт  қалмады. Жауы­рыны  жер  иіскемеген балуандар бозкіле­мде барын салып, көрерменнің ыстық ықыласына бөленді. Наурыздың 13-і күні кешкілік «Бірлік  алауы»  жағылды.

– Елбасымыз рухани жаңғыруды қолға алып жатыр. Ұлттың рухани жаңғыруы үшін ұлт өкілдері салт-дәстүрі мен әдет-ғұрпын, ырым-жоралғ­ыларын  естен  шығармауымыз қажет. Ұлт болғымыз келсе, Қазақ болып  қара  жердің  бетінде қалғымыз келсе, онда біз аталған ұлттық мұрағаттарымызды сақтауымыз тиіс. Амал мерекесіндегі қара шаңырақ дәстүрі – үлкен ұлттық пәлсапа. Қарашаңырақ ұғымы – тек қазақ халқын­да  ғана  бар  құндылық. Ал оның Маңғыстауда сақталып тұрған себебі­ қазақ қара шаңырақты кіші ұлға берген. Ал сол Кіші жүзден тараған  кенже ұл – Адай ата. Әрбір қазақ Маңғыстауға келгенде «Адай атаның басына келдім деп емес, қара шаңы­рағыма  келдім» деп  айтсын!  - деді  ақын  Сабыр  Адай.

Отпан тауда қайбір жылы «Қарашаңырақ» кешені  салынған-ды. Ол өзіндік  мән-мағынаға толы. Кешегі мерекеде «Шашу болып жырым шашылс­ын» атты жыр кеші ұйым­дастырылды. Оған Арқа, Жетісу, Сыр, Батыс жыр мектебінен 200-ге тарта өнерпаз қатысып, Маңғыстау аспанын әнмен әуелетті. Бірлікті, берекелі тірлікті үндейтін концерттік бағдарламалар жиылған жұртшылықтың көңілінен шықты. Сондай-ақ, Мәшһүр Жүсіп мұражайынан, Абайдың «Жидебай-Бөрілі» мемлекеттік тарихи-мәдени және әдеби-мемориалдық қорық музейінен, «Бекет ата» кесенесінен, «Ақмешіт» кесенесінен, Түркістандағы «Әзірет-Сұлтан» мемлекеттік тарихи-мәдени қорық музейінен, Атыраудағы «Хан орда - Сарайшық» музей қорығынан, Сыр бойындағы «Қорқыт ата» мемориалды музейінен, Жезқазғандағы «Ұлытау» ұлттық тарихи-мәдени табиғи қорық музейі­нен және белгілі ғалымдар қатысып, пайымды пікірлерімен бөлісті. Мереке­ге аймақтың бірқатар атқамінерлері келіп, ізгі тілегін білдірді.

– Бірліктің белгісіне, татулықтың таңбасына айналған қастерлі мерекеде кең құшақтар айқара ашылып, төс тоғыс­тырып, алыс-жақын көрісіп, бар өкпе-наз кешіріледі. Амалда айтылар көл-көсір көптің тілектері қабыл болып, жаңа Ит жылы әрбір шаңыраққа шырайлы шуағын төгіп, ырыс-несібесін әкелсін! Береке-бір­лікке шақырар бата-тілекпен қарсы алатын  халықтық  мерекені  қасиетті  Отпан­ тауда сән-салтанатымен тойлау биылғы жылы да жалғасын тауып отыр. Еліміз аман, жұртымыз тыныш болып, әлемдік озық елдердің санатына қосылуды көздеген асыл мұратымызға амандықпен, ауызбір­шілікпен қол жеткізейік, - деді Маңғыстау  облысының әкімі Ералы Тоғжанов.

Қазан-қазан ет асылып, көптен көріс­пеген ағайын амалда амандық-саулық сұрасып, арқа-жарқа. Әлім ұрпағының ұйытқы болуымен жүзеге асқан думанда жырау Елмұра Жаңабергенова, ақын Шынберген Сүлейменов, әнші Өмірқұл Айниязов, Демеу Жолымбетов сынды өнер қайраткерлері жырдан шашу шашты. Ал уағында тұрмыс талабымен Арал өңірінен Маңғыстауға қоныс аударған Әлім ата ұрпақтары ұйымшылдық танытып, жұмыла жұмыс істеді. Шара барысында  Сексеуілдің  тумасы,  ақсақал Жантек­е Жәрімбетовпен жолықтық. Көргені көп көкеміз  – Әлім ата ұрпағының сондағ­ы  ұйытқысы. Ізінен ерген інілеріне  жөн  сілтеп, ұдайы жанашырлық  та­нытып  отырады­. Сыр елінен барған­  меймандарды  құрақ  ұшып қарсы алып, қимай  қоштасты.

– Амал елді ауызбіршілікке, татулыққа шақыратын мереке ғой. Кеңес өкіметі тұсында талай әдеп-ғұрпымыздан, асыл қазынамыздан айырылып қала жаздадық. Осының бірі Амал мерекесі еді. «Қазақ руға бөлінбейді, рудан құралады». Биыл киелі Маңғыс­тауда Отпан таудың етегінде Әлім ата ұрпағы  осынау айтулы шараны өт­кізуді жөн көрдік. Негізгі мақсатымыз – халықты бірлікке шақыру. Бұл үрдіс – кейінгі  ұрпаққа  қажетті дүние. Сонда ғана  рухани  тұрғыдан  кемеледене  түсеміз, ұлттық  салт-дәстүріміз сақталады,- деді Әлім ата ұрпағы  Жантеке  Жәрім­бетов.

Маңғыстаудағы ағайын алдағы жос­парларымен де бөлісті. Олардың айтуынша, осындай Ұлық мерекені еліміздің оңтүстігі мен солтүстігі, батысы мен шығыс­ы түгел тойлауға шақыру. Мереке­нің ауқымын әлі де кеңейте түсу. Ағайын, алдағы Амал мерекесінде амандықпен қауышқанша!

Қозы  Көрпеш   ЖАСАРАЛҰЛЫ

Қызылорда –Маңғыстау –Қызылорда

 


КҮЙЕ ЖАҒЫЛДЫ, АУЫЗ ЖАБЫЛДЫ PDF Print Email
Жаңалықтар - Мәселенің мәнісі
24.03.2018 17:24

Ауру кірді дегенше, әлек кірді дей беріңіз. Дене­мізге­ дерт  «қонақтаса», әп-сәтте  жан-тәнімізді дел-сал  етіп, дәріге  кіріптар  қылып  қоятынын  қайтер­сіз?! Ал осы кезде Алланың қалауымен адамның жанына­  араша түсер тек ақхалаттылар екенін тереңірек­ сезіне түсетініміз шындық. Ауырып, жан мұрынның  ұшында  тұрғандай  көрінгенде, дәрігердің сөзі біз үшін  патшаның әмірінен кем түспейді. Себебі­,  «дәрігер  дәрімен емдемейді, сөзімен  емдей­ді» дейді халық. Ал қазір ше? Шалғай елді мекенде­р­дегі  медицина қызметкерлері өзінің кәсі­біне һәм Гиппок­рат антына қаншалықты адал? Сіз қай емхананы­ң қызметіне жүгінесіз, көзіқарақты оқырман? Ауруханада ем алу, демалу үшін бір қойдың құнын  төлемейтін  шығарсыз?

«...Алайда қынжылтатыны сол, даңғарадай ғимарат­ы  бар, барлық жағдайы жасалған ауылдық емхан­а қызметінің өте төмен деңгейде болуы еді». Әңгіменің әлқиссасынан-ақ, бұқараның ақхалат­тыларға  деген  базынасы мен көңіл толмаушылығының лебі оңай байқалады. Бұл – Қазалы ауданы, Жанқож­а батыр ауылының бір топ тұрғынының редакци­яға «аттандырған» электронды хатынан үзінді. Естеріңізде болса, хаттың толық нұсқасы басылымның 15 наурыздағы нөмірінде жарияланған еді.

Иә, батыр бабамыздың туған же­ріндегі жұрт дәрігерлерге неліктен өк­пе­лі? Хатта айтылғандай, ауылдық емхана қызметкерлері жұ­мысына салғырт қараған. Осыдан екі ай бұрын қайтыс бол­ған отбасыға дә­рігер  барып: «Өле­тін адам өлді. Енді не қыласыңдар?» деген­і де қайғыдан қан жұтып отырған отбасыға төбеден  жай  түскендей  әсер  қалдыратыны айқын. Ал одан да сорақысы, бір шаңырақ жалғыз ұлы­ның ажал құшуына дәрігерді кінәлі санайды. Себебі, дәрі­гер шақыртылған уақытынан кеш кел­ген­ және жедел жәр­дем көлігі ол уақытта  ауылда болмапты. Дәрігердің нау­қасқа қойған диаг­нозы да дұрыс болмаған. Бұл туралы биыл­ғы 28 ақ­панда өткен Арық­балық ауылдық округі бо­йынша жер­гілікті қоғамдастық  өкіл­дері  алдында «Жан­қожа» дәрігерлік амбул­ато­риясының  2017 жылы атқарған жұмыстарының есебін тыңдау жи­на­лысында мар­құм­ның  жақыны Жеткерген Бектібай айтқа­н. Бұған ау­дандық ауруханының бас дәрігері  К.Әбілов:

- Бұл мәселе бо­йынша ауылдық емха­на дәрігеріне қатаң сөгіс жазасы қолданылды. Қателік орын алғаны рас, жедел­ жәрдем көлігіне келер болсам, ол күні Қызылорда  қаласына  іссапар­ға жібе­ріл­ді. Облыс орталығына  басқа науқасты алып  кеткен. Ауылдық емхана дәрігері науқасты өзге көлікпен аудан орталы­ғына  жеткізіп  тексертіп, ем алу керектігін ескерткен. Бірақ науқасты ауруханаға жатқы­зуға еш себеп болмаған. Сол үшін ауылдық емханадан ем алу үшін қайтарған. Алайда науқас түн мезгілінде қайта ауырып, соның салдарынан өмірден озып отыр. Ауданда жедел жәрдем көлігі жеткілік­сіз бол­ғандық­тан, кей жағдайларда ауылдық емханалардың   көлігін  пайдалануға  тура  келеді­. Қазіргі таңда бұл мәселе шешімін тапты деп ойлаймын.  Өйткені  ауруханаға 2 жаңа көлік алып отырмыз. Алдағы уақытта ауылдық емхана көлі­гінен  көмек  сұрау  тоқта­тыла­ды, - депті.

Сондай-ақ хатта сөз бол­ғандай, жеде­л жәрдем жүргізушісінің үйінен жанар-жағармайдың сатылуы, дәріхананың ашылуы секілді жайттар тұрғындардың көңіліне күдік ұялатыпты. Әдетте­  басы ауырып, балтыры сыздаған­ адам ең алдымен дәрігердің көмегіне жүгінетіні заңды. Сондай шақыртулардың кезінде ауылдық аурухана дәрі­гер­лерінен ауыл жұртшылығы «қолым тимей­ жатыр», «қонақ келіп қалды», «үйде адам жоқ» деген сылтауға бергісіз сөздерін  естіген. Естіген құлақта жазық жоқ, жиірек ести бастапты бұл сөздерді. Тағы бір айта кетер жайт, сырқаттанып жатқан адам дәрігерлерді шақырса, медбик­ені  жібереді. Сосын олар нау­қастың жанында отырып алып науқастың  жайын дәрігеріне баяндап, қандай ем көрсету керектігін сұрап жатады делін­ген  хатта.

Аталмыш  хат газет бетінде жарық көргеннен  кейін  облыстық денсаулық сақтау басқармасы оперативті түрде мәселенің анық-қанығын білуге кірісті. Басқарманың баспасөз хатшысы Нұржамал Бектайқызымен бірге біз де «бір топ тұрғындардың жанайқайы жеткен­»  ауылға  аттандық. Аудандағы су  жаңа  ауруханаға бас сұғып, аудандық  аурухананың  бас  дәрігері Күн­шы­ғар Әбілұлымен сөйлестік. Жазыл­ған жайт  төңірегіндегі уәжін  тыңдадық.

- Ауруханаға, қажетті  медициналық аппараттарды  алуға  барлығы 1 млрд 300 млн теңгедей қаржы бөлінді. Оның үстіне қосымша 400 млн теңге ангиограф аппаратын алуға бөлінді. Бүгінде емханамызда 154 дәрігер, 758 орта буын медиц­ина қызметкері бар. Санитарлық автокөлікпен қамтамасыз етілген. Интер­нет жүйесі барлық емханаларда жұмыс істейді. Шалғай жатқан елді мекенд­ерде облыс әкімінің қолдауымен келеше­кте қосылады деп жоспарлануда. Дәрі-дәрмекпен қамтамасыз етілуі кепілде­ндірілген медициналық көмектің түрі әртүрлі санатта ауруына сәйкес, дәрі-дәрмектер беріледі. Дәрі-дәрмектердің барлығы жеткілікті мөлшерде уақытылы қамтамасыз етіліп жүр.

Біз кез келген нәрсеге «реакция» бере­міз. Біз сіздерге өкпелеп отырған жоқпыз. Дұрыс. Бізге ашығын айтсын деп, аудан әкімінің орынбасары, мен бар, бастапқы  медициналық-санитарлық көмек жөніндегі орынбасары, арыз-шағым, аудит жөніндегі орынбасары бәріміз барып­, халықпен кездестік. Әңгімеден түсінгеніміз, бізге соны жазған адамның неге фамилиясын айтпайды дегендей қылды. Бірақ ел болған  соң,   «шөптің басы  қимылдамай  тұрмайды», арасында өкпе-қақпалары бар, олар наурыз­  айының  алдында  бір-бірімен  татул­асты. Біздің дәріхана ашып, оны ұстап  тұратын  мүмкіндігіміз  жоқ, дәріні  аудан­дарға  қатынап жүрген медицина­  маманына  жүктейміз. Халық 150  шақырым  жерден  бір  аспиринге  бола келмесін дейміз. Көп болса, ауданда 20 теңге тұратын аспирин ол жаққа барып­ 25 теңге болуы мүмкін. Оны да кеше түсіністі. Ал науқасқа дәрігер емес, медби­кенің келуін айтсақ, замануи алдыңғ­ы  қатарлы  елдер­дің  медицина­сына  бетбұрыс  жасап­  жатырмыз. Қазір бізде сондай бағдар­лама бар. Яғни, дәрі­герге дейінгі көмекті көрсету. Логикалық нәрсе, 1500-2000 халық­қа бір дәрігер жетпейді ғой? Газетт­е жарияланған сын-пікірлермен келіспеймін. Тек түсі­ніспеушіліктер ғана, - дейді Қазалы ауданының  бас  дәрігері  К.Әбілұлы.

Хош. Мұнан кейінгі бағытымыз – Жанқожа батыр ауылы. Ондағы ауылдық ауруханада ауыл әкімінен бастап, ақсақалдар кеңесінің төрағасы, қоғамдық кеңестің төрағасы, аудандық аурухан­аның бас дәрігері, ауылдық аурухана­ның дәрігерімен бас қосып, пікірлерін  білдік.

Ауылдық  ардагерлер кеңесінің төрағас­ы Әли Шайхыұлы: «Ауыл қаладан­ қашықтау тұрады. Сондықтан жедел жәрдем көлігінің жүргізушісіне машинама май ала кел деп ақша береді. Ол артық ақша алмайды. Дәрі-дәрмекті өз ақшасына алу туралы ұсынысты елдің бәрі қолдап отыр. Хатта тек қара жаққысы келген шынын айтқанда. Кеше халық бір дауыспен қол көтеріп, жағдайды басты. Бізге де оңай емес, ауылдан осындай шу шығып жатқаны», - дейді.

Ал ауыл әкімі С.Қуатов: «Елді мекеннің қоғамдық-саяси ахуалына әсер ететін азғантай ғана топ. Қайғылы жағдайдың болғаны рас. Ауылдық ауру­хананың бас дәрігері есебін беріп, болған­ жайтты сыртқа шығармай-ақ қояйық деді. Сөйтіп, екі тарап: мойындаушы және кінәлаушы. Ауылдың бас дәрігері медициналық қателік жібергенін айтты. Сотқа береміз деді. Ал екінші  жақ  болса  келісімге келуді ұсынды. «Жаңадан жұмысқа алынған көлік жүргізушісінің өзі байқамай адамды­ басып кетеді ғой. Сол секілді бұл кісі (дәрігер. - ред.) де әдейі істемеген шығар. Сондай бір жағдай болған шығар»­ деп. Сосын дәрігер де қаттырақ сөйлеп қойып, «Өлетін бала өлді ғой» деген. Бұл адамы қайтыс болған үйдегі кісілердің шамына тиіп кетті. Сонан кейін сондай кішкентай нәрселерді іліп, қоғамдық кеңеске салып, екі жақ келісімге келді. Менің міндетім – елдің ағасы болғаннан кейін елдің ішкі ахуалын дұрыс сақтау. Келісімге келген сияқт­ы  болып  еді, артынан мақала болып­  шығып  кеткен», - дейді.

- Болар  іс  болды.  Бәрі  түсіністі.  Осы жердегілердің барлығы ағайын ғой бір-бірімен: туыс-жекжат, нағашы-жиен. Балалар бәрін түсініп, жауапкершіліктерін мойындап жатыр. Бұл да бір тайпа ел ғой, ел болғаннан кейін әрбір мекеме­ халық үшін құрылған деп есептейміз. Осында жүрген мамандар халық­қа адал қызмет істеуі керек. Жаңағыдай кемшіліктер болады. Оны сондай  жиында өзіміз талқылап алмасақ, сыртта­н келіп ешкім жөндеп кетпейді. Сондықтан өзіміздің ішімізден өзіміз талқы­лап жатқандығымыз, - дейді қоғамдық  кеңест­ің  төрағасы Қонысбай  Ниетә­лиев.

Жанқожа батыр ауылының дәрігері Г.Қожабаевадан  сұрағанымызда, өзінің айтқан  сөзін  бұрмаланған деді. Ал ауыл әкімі дәрігердің «Өлетін бала өлді» деп «қаттырақ» кеткенін басқосу  бары­сында  өз  сөзінде  анық  айтты.

Осылайша газет бетінде жарық көрген хаттағы кемшіліктердің шындыққа жанаспайтынын айтты сала өкілдері. Яғни, хаттағы қателіктерге сенуг­е  еш  негіз  жоқ  екен.

ТҮЙІН. Қай салада болмасын, кәсібіне адалдық танытқанның ары алдындағы абыройы­  төмендемейді. Бұл – аксиома. Мәселен, тілшілер қауымы қаламын «заңсыз сыйлыққа» айырбастамаса, жариялайтын ақпаратын «құнды қағаздармен» алмас­тырмаса, халық алдындағы беті жарық. Ұяты алдында қызармайды. Сол секілді, ақхалатт­ылар  да  науқасқа көрсеткен  қызметі үшін мемлекет беретін айлықтан (оның өзі  халықтан  түсетін  салықтан  алынады)  бөлек, ақша дәметпесе, бұқараның базынасы­  болмайтыны ақиқат. Халық қаласа, хан түйесін сояды. Ал «бір атым  насыбайда­н»  көңілі  қалатын  қазақ үшін сөздің орны ерекше. Жанқожа батыр ауылының­  бас дәрігеріне, ауыл әкімі айтпақшы, науқастың отбасына «қаттырақ» кететіндей­  құқықты  кім  берген деп қалдық, расында. Бәлкім, бұрмаланған болар. Бастысы, екі тарап та келісті. Татулық орнады. Жау кеткен соң қылышыңды боққа шап деген. Болары болып, бояуы сіңгеннен кейін, басылым бетіне ақпарат ұсынып, кейін  оны  ешкімнің  мойнына  алмағаны «қызық» бәрінен. Әлде бұл жерде «күйе жағылып,  ауыз  жабылған» біз  білмейтін  бір «құпия» бар ма?

Жазира  БАҒЛАН

 


АРАЛ ПРОБЛЕМАСЫ – ҚАЗАҚ ДАЛАСЫНЫҢ ЖАН ЖАРАСЫ PDF Print Email
Жаңалықтар - Саясат
24.03.2018 17:07

Аралдың экологиялық проб­лемасы  әлем  жұрты  алаңдайтын  өзекті  мәселеге айналды.  ХХ ғасырдың 60-80-жылдары Әмудария мен Сырдария өзені бойындағы халықтың саны  2,2 есеге  артып, суға қажеттілік өсті. Соның салдарынан теңізге құйылатын су мөлшері азайды. Яғни, қос өзеннің суын бел ортадан­ бөгеп, күріштік пен мақт­а алқапта­рының көлемі артты.­ Мұндай антропогендік факторлардан теңізге­ 1960-1965 жылдары  44 мың текше метр су  кұйылса, 1974-1978 жыл­дары    13  мың  текше  метрге  азайды. Тіпті, 1990  жылдары  судың  мөл­шері екі есеге кеміді. Нәтижесінде  Аралғ­а  құйы­латын судың көлемі 89 пайыз­ға азайып, теңіз­дің су айдыны 30-200 шақы­рымға дейін құр­ғады. Судың  тұздылығы 40 па­йызға  дейін  артты. Осы­лай­ша,­ Арал шөл­ге айналып, құрғап қалған теңіз түбінен жыл сайын­  зиян­дылығы  жоғары 2 млн тонна  тұзды  шаңдар  көтері­ліп, экологиялық  зардап  аймағына   ай­нал­ды. Экологиялық  дағдарыс салдарынан  Арал   өңірінде  адамдардың   денсаулығы  күрт  төмендеп, аурушаңдық  белең алды. Аралды құтқару әлемді құт­қарумен пара-пар мәселеге айналды.­

Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарынан-ақ Арал проблемасын мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев ашық айтып, әлем елдерінің назарын аударды. Мәселенің өткір екендігін Орта Азия елдерінің басшыларына түсін­діріп, бірлесе шешуді үндеп, Прези­денттердің басын Қызылорда қала­сында  қосты. Бұл 1993 жылдың 26 нау­рызы еді. Яғни, Арал проблемаларына арналған алғашқы халықаралық конференцияға Қырғызстан Президенті Асқар­ Ақаев, Тәжікстан Президенті Эмомали Рахмонов, Түрікменстан Президенті Сапармұрат Ниязов, Өзбекстан Президенті Ислам Каримов қатысты. Конференция барысында «Арал теңізі және Арал маңы проблемаларын шешу, экологиялық сауықтыру және Арал аймағ­ының экономикалық дамуын қамтамасыз ету бойынша бірлескен әрекет­тер туралы «Келісімге» келіп, Халық­аралық Аралды құтқару қоры турал­ы  Ережеге  қол  қойды.

Әрине, Арал мәселесіне арналған халықа­ралық конференция Сыр өңі­ріндегі  айтулы  мәселелердің  шешілуі­не­  ұйытқы  болды. Яғни, конференция қорытындысы бойынша қатысушы мемлекет басшылары атынан Біріккен Ұлттар Ұйымына үндеу жолданды. Халықаралық қауымдастықтың қолдауымен Арал теңізі бассейнін экологиялық са­уықтыру мен аймақ тұрғын­дарының әлеуметтік-экономикалық деңгейін көтеру мәселелері бойынша бірлескен нақты істер мен бағдарламалық жобаларды қаржыландыру жөнінде келісімге келді. Ең бастысы, Халық­аралық  Аралды  құтқару  қоры құрылды. Қордың төрағалығына Нұрсұлтан Назарбаев сайланды. Орта Азия елдері үш жыл сайын қордың жұ­мысын үйлестіретін болып шешілді. Міне, осы Халық­аралық қордың құрылғанына биыл 25 жыл толып отыр.

Айта кететіні, сол кездегі облыс басшысы, мемлекет және қоғам қайраткері Сейіл­бек Шаухаманов Арал проб­лемасын терең түсініп, 90-жылдардың басында-ақ облыс әкімдігінің жанынан «Арал проблемасы жөнін­де­гі» комитет құрды. Сондықтан Сейілбек Шаухаманұлы облыс басшысы ретінде ха­лық­аралық конференцияның жоғары деңгейде өтуіне жауап­кершілікпен қарады. Мен облыс әкімінің бірінші орынбасары ретінде конференцияның жұмысшы тобының төрағасы болдым, әрі халықаралық шараны ұйымдастыру жұмыстарымен шұғылдандым. Конференцияны  ұйымдас­тыру­ жұмыстарымен Алматы қаласына бірнеше­ рет барып, Су шаруашылығы коми­тетіне және т.б. мекемелерде арнай­ы болып, Арал теңізі жайлы матери­алдарды жинадық. Тіпті, Санкт-Петерб­ургке іссапармен барып, Арал теңізінің экологиялық картасын алдық.

Конференциядан кейін Арал дағдарысын қалпына келтіру жолында Халық­аралық Аралды құтқару қоры үйлестіруді бастады. Біріккен Ұлттар Ұйымының Даму бағдарламасымен, Экологиялық бағдарламасымен, ЮНЕСКО, Бүкіләлемдік Банк, Азия Даму Банкі, ТАСИС ұйымдарымен, соныме­н қатар, Германия, Дания, Израил­ь, Канада, Нидерланд, АҚШ, Швейцария, Кувейт және басқа да донор­ елдер үкіметтерімен біріге отырып, ХАҚҚ аймақтың әлеуметтік және экологиялық проблемаларын шешуге бағытталған  түрлі жобалар мен бағ­дар­ламалар  жүргізіп  келеді.

Атап  айтқанда, 1994 жылы Орталық Азия мемлекеттерінің басшыларымен «Арал теңізі алабының Бағдарламасы» қабылданды. Бағдарлама арқылы Арал теңізі алабындағы қоршаған ортаның жағдайын тұрақтандыру, Арал маңының  бүлінген  экологиясын, алқаптың су және жер ресурстарын қалпына келтіру­ және т.б. көзделді.

1997 жылдың бірінші жартысында Бағдарламаны қаржыландыратын Орталық Азияның бес елі және негізгі халық­аралық ұйымдар және оның ұйымдастырушылық-басқарушылық құрылымы анықталды. Яғни, су ресурстарын бас­қарудың аймақтық стратегиясы, су қоймаларын және бөгеттердің тұрақтылығын қамтамасыз ету, гидрометеорологиялық қызметтер, экологиялық ақпараттың аймақтық жүйесін, су сапасын басқару, Арал теңізінің солтүстік бөлігін қалпына келтіру және т.б. жүйеленіп, жұмыстар қолға алынды. Мәселен, құны 65 млн АҚШ доллары тұратын «Сырдария өзенінің ағысын және Арал теңізінің солтүстік бөлігіндегі су деңгейін реттемелеу» (І кезең) Жобасын сәйкестендіру және бағалау бойынша жұмыстар  басталды.  Жобаны іске асыру­  1998  жылы  басталып, Бүкіләлем­дік Банк, Германия Үкіметі және Кувей­т қоры  қаржы  салды.

2002 жылдың 6 қазанында Душанбе қаласында Халықаралық  Аралды құт­қару қорының құрылтайшы мемлекеттерінің басшылары Бағдарламаның бірінші кезеңі­н талқылап, екінші кезе­ң­ін бас­тауғ­а уағдаласты. Осылайша  2003-2009 жылдары екінші кезеңінде солтүстік Аралды қайта қалпына кел­тіру жұмыстары жүргізілді. 2009 жылдың   28 сәуі­ріндегі мемлекет басшыларының шешіміне  сәйкес Халықаралық Аралды құт­қару қоры Атқарушы комитеті Бағдарламаның 3-кезеңін бастады. Осылайша, «Ғасыр  жобасына», «Дүние­нің сегізінші кереметіне»  баланып  жүрген «Сырдария  өзенінің арнасын реттеу және Арал теңізінің солтүстік бөлігін сақтап қалу» жобасы дүниеге келді. Адамзат­ тари­хында теңізді екіге бөліп, сақтап қалу тәжірибесі  болған  емес-тұғын. Жобаның  маңыздылығы  осында.­

Айта кететіні, тұңғыш Халықаралық конференциядан кейін жұмысшы топ (төрағасы мен) Сыр өңірінің экологиялық жағдайын Үкіметке түсіндіріп, Қызылорданы экологиялық облысқа жатқызу үшін жұмыстар жүргізілді. Тұңғыш  халықаралық конференцияның жұмысшы топ мүшелерінің белсенді ізденісімен «Арал өңіріндегі экологиялық қасірет салдарынан зардап шеккен азаматтарды әлеуметтік қорғау туралы» Заң жобасы жасалды. Әрі оны Ұлттық ғылым академиясының ғима­ратында Үкімет мүшелері мен ғалымдардың алдында қорғадық. Топ мүшелері теңіздің экологиялық әсерін жан-жақты­ ғылыми негізде түсіндіріп берді. Осындай талқылаулар мен пікірталастардан кейін Заң жобасы қабылданды.

Заң бойынша экологиялық апат айма­ғы, экологиялық дағдарыс аймағы, экологиялық дағдарыс жағдайына жақынд­аған аймағы болып топтастырылып, тұрғындарға әлеуметтік көмек тағай­ындалды. Осылайша, Сыр өңірі тұрғындарының айлық жалақыларына пайыздық үстеме қосылды. Сондай-ақ, медициналық қызмет көрсетуді, ден­саулық сақтау ісін қаржыландыруды және материалдық жағынан жабдық­тауды ұйымдастыру, халықты әлеумет­тік жағынан қолдау, экологиялық апат салдарынан зардап шеккен адамдарға берілетін қосымша өтемдер мен жеңілдіктер және т.б. халыққа тиімді жағдайлар бекітілді. Мұнын игілігін аймақ жұрты  осы  күнге  дейін  көріп  келеді.

Ғаламат жобаның басы-қасында жүріп, он жыл Арал ауданының әкімі болдым. Жобаның арқасында Арал теңіз­іне жан бітіп, балық шаруашылы­ғы  дамып, өзге өңірлерге көшіп кеткендер атақонысқа қайта оралып, атакәсі­бін жалғаған ұрпаққа куә болдым. Расын­да, қазір Аралдың балығы қайтадан алыс-жақын шетелдерге экспорт­тала  бастады. Теңіз  қалаға  жақындады.­ Халықтың  әлеуметтік  жағдайы дұрыстала  бастады. Солтүстік Аралдың жаң­ғыру жұмыстарымен  жұрттың  бойында­ үміт оянып, бойларында келешекке сенімділік орнықты. Мұны теңіз маңында қоныс тепкендердің жанарынан көруге  болады.

Әлі есімде, 2005 жылдың 27 сәуірінде Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың Арал ауданына сапары болды. Президент Көкарал бөгетін көзімен көріп, ғалымдар  мен жобалаушылардан:

– САРАТС жобасы іске асқанда Арал қаласына теңіз суы келе ме? - деп сұрады.­

Бұл сауалға мамандар теңіз жиегінің 25-30 шақырым ғана жетпей қалатынын айтты.

– Ендеше, Кіші Аралды теңізден бөліп алып, жағалауды қалаға дейін жеткізуі­міз керек. Ол үшін САРАТС жобасының екінші кезеңін бастап кетуі­міз  қажет, - деп  кесіп  айтты.

Осыдан бастап айтылған шаруаны орындау жолында қыруар жұмыстар баста­лып кетті.

Кіші  Аралдың су баспаған жерлері­не­ сексеуіл ормандары бой көтере бастады. Сексеуілді орман алқаптарын құру сырбойылық азаматтардың белсенділігінің арқасында жүзеге аса бастады. Қазір Арал теңізінің түбінде 500 гектар алқапта сексеуіл жайқалып тұр.

Арал теңізі бассейніндегі шекаралық өзендердің су ресурстарын бірлесе басқаруды ұйымдастырудағы шешілмей жатқан мәселелер мен әлеуметтік-экономикалық, экологиялық жағдайлардың ушығуы Орталық Азия елдерін Арал  дағдарысына қарсы күресте күш-жігерлерін біріктіріп, аймақтық қар­қынды қызметтестікке мүдделі етуді мақсат  ететін  халықаралық  ұйым осындай келелі істерді жүзеге асыруда үлкен рөл атқарды. Әрине, мұндай маңызды қадамдарды алдағы уақытта да атқара беретіні сөзсіз.

Нәжмадин   МҰСАБАЕВ,

Қазақстан  Республикасы

Балық  шаруашылығы  саласының еңбек  сіңірген  қызметкері

 


ЕНДІГІ ҮМІТ – СОТТА PDF Print Email
Жаңалықтар - Құқық құрығы
24.03.2018 17:05

Газетіміздің биылғы №9 санында «Алаяққа алданған ана аштық жариялады» тақырыбында Қазалы ауданының тұрғыны Д.Дастенованың жанайқайын жазған едік. Онда Л.Тәуекелова есімді азаматшаның бұл кісінің атынан 2015 жылы заңсыз несие рәсімдеп, оны осы күнге дейін төлемегенін айтқанбыз. Осыған байланысты Қызылорда облысы прокуратурасына арнайы  хат  жолдап, мәселенің  шешілуіне ықпал  етеді деп күттік. Көп  күткен  жауабымыз 2 аптада келді.

– Қызылорда қаласының тұрғыны Л.Тәуекелова 2015 жылы Ақтөбе қаласында өзінің құжатынсыз Д.Дастенованың атынан «Каспий банк» арқылы несие рәсімдеп, осы уақытқа дейін оны төлемеген. Аталған дерек бойынша Ақтөбе қалалық ішкі істер басқармасының Зауыт ішкі істер бөлімімен (Ақтөбе облысында орын алуына байланысты) Л.Тәуекеловаға қатысты Қылмыстық  кодекстің 190-бабының   1-бөлігімен  (алаяқтық) сотқа дейінгі тергеп-тексеру басталып, нәтижесімен қылмыстық іс 17.12.2017 жылы Қылмыстық процестік кодекстің 35-бабының 1-бөлігінің 4-тармағымен (ескіру мерзімінің өтуіне байланысты) өндірістен тоқтатылған. Қызылорда облыстық прокуратурасымен аталған қаулы көшірмесі Ақтөбе қалалық прокуратурасынан алынып, азаматша Д.Дастеноваға табысталды, - делінген облыс прокуроры Х.Дәуешовтің бізге жолдаған  хатында.

Осыған байланысты Д.Дастенованың өзіне хабарласқанымызда, «Қазалы  қаласының әкімі  хабарласып, қаулыны  алғанын айтты. Енді  наурыздың 25-інен  кейін  қаулыны және  алдында  жазып  берген  талап-арызымызды  қоса алып, сотқа  баратынымызды  айтты. Ендігі  бар  үмітім – сотта», - деді.

Әділдік пен турашылдықты ту еткен судьяларымыз бен халық үшін қызмет етіп, заңдардың сақталуын қатаң қадағалайтын қадағалаушы орган ашынған ананың мәселесіне селқос қарамай, оң шешілуіне ықпал етеді деп сенеміз.

 


ТІЛ ТАЗАЛЫҒЫ ТЕК ТЕАТРДА САҚТАЛЫП ЖҮР PDF Print Email
Жаңалықтар - Арнайы беттер
24.03.2018 17:01

Дариға Тұранқұлова:

Жарты ғасырдан бері қазақ тілінің тазалығы, құнарлығы, шешендігі сияқты қасиеттерді жас ұрпақтың бойына сіңірумен келе жатқан Дариға Тұранқұловамен біз Сыр еліне сапары кезінде жолықтық. Өзі армандаған актерлікті үздік бағаға аяқтаса да, ұстаздық жолға бұрылған Дариға апа  –бүгінде  Т.Жүргенов атындағы қазақ ұлттық өнер академиясының «Сахна тілі»  кафедрасының  меңгерушісі, профессор,  Қазақстанның  еңбек сіңірген  қайраткері.

– Дариға апа, актерлікті бітіріп, ағартушылыққа қалай ауысып кетіп жүрсіз?

– Бұған бірден-бір себепкер – марқұм ұстазым, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, профессор Рабиға Қаныбаева. Мен 1970 жылы Құрманғазы атындағы қазақ ұлттық консерваториясын қызыл дипломмен бітірдім. Ол кезде бізді жұмысқа ректорат пен министрлік өздері бағыттап отыратын. Оқу бітірер тұста курс жетекшім болған Рабиға Мұқайқызы мені ректорат­қа шақыртып, консерваторияға жұмысқа алып қалғысы келетінін айтты. «Сен жақсы актриса болумен қатар, теорияға да өте бейім­сің. Бізге театр актерларының сөйлеу шеберлігін арттыруға үлес қосатын сен секілді мамандар керек», - деді ол. Бір жағынан Алматыда актрисалар жеткілікті болды. Хадиша Бөкеева, Шолпан Жандарбекова, Зәмзәгүл Шарипова, Тор­ғын Тасыбекова секілді маңдай­алды дарын иелері көрермен көзайы­мына айналған еді. Актер­лікті армандап келіп, арманым қол жетер­лік жерде тұрса да, үлкеннің сөзі­нен аттап кете алғаным жоқ. Сөй­тіп, оқу бітіре салысымен Рабиға­ Мұқайқызының кеңесімен қазақ топырағында сол кісі өзі бастап­ негізін қалаған сахна тілі кафедра­сына  мұғалім боп жұмысқа орна­ластым.

– Өмір бойы адамның өз дегені бола  бермейді  екен-ау...

– Иә, Рабиға Мұқайқызының өзімен әріптес болуды ұсынуы менің өмірімді күрт өзгертті. Бірақ ол кісі сахнадан біржола қол үзіп кетпеуімді қалады. Осылайша Назым­  Хикметтің  «Фархад-Шырынындағы»  Мехменебануды, Әбділ­да Тәжібаевтың «Майрасындағы» Майраны, Мұхтар Әуезовтың «Еңлік-Кебегіндегі» Еңлікті, Николай Гогольдің «Үйленуіндегі» Фекла Ивановнаның рольдерін сомдадым. Кино өнерінде де бағымды сынап көрдім. Өзбектің «Сүйінші», қазақтың «Алпамыс мектепке барады» деген көркем фильмдерін қазақ тілінде сөйлетуге­ атсалыстым. Жастар­мен  араласып  жүріп  те біраз нәрсе үйрендім. Ұстаздық жолда үлкен  тәжірибе  жинадым.

– Қазақтың маңдайына біткен талай  талант  сіздің  тәрбиеңізді көріп, тәліміңізді  алған  екен. Кімдермен  мақтанасыз?

– Мені консерваторияға алып қалғаннан кейін оқытушылық бағыт­та білімімді жетілдіруге тура келді. Осы мақсатта елдің сол кездегі орталығы – Мәскеу қаласындағы беделді оқу орындарында оқуымды жалғастырдым. Ресей театр­ өнері институты мен Михаил­ Щепкин атындағы театр училищесінде танымал тіл мамандары мен ғалымдарының мектебінен өттім. Жиған-терген тәжірибемді Алматыға келіп, жастармен бөлістім. Алғашқы шәкірттерімнің қатарында Қазақстанның халық артистері, Мемлекеттік сыйлықтың иегерлері Тұңғышбай Жаманқұлов, Досхан Жолжақсынов, Қазақстанның еңбек  сіңірген артистері Құдайберген  Сұлтанбаев, Меруерт Өтеке­шова, Уәйіс Сұлтанғазин, Лидия Қаденова, Қызылорда облыстық театрының артисі, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Үмігүл­сім Бегімова сынды хас таланттар бар. Тізбектей берсем, таусылмайды. Олардың мықтылығы, кісілігі сол, барлық жұмысты, мәселені ақылдасып жүріп бітіретінбіз, шешетінбіз. Сабаққа берілген уақыт жетпей қалған күндері аудиторияда түн жарымына дейін отырамыз. Осындай бейнетті еңбек біздің ұстаздық тәжірибемізді дамытты.

– Болашақ актерларға арнап бірнеше  оқулық  та  жазыпсыз...

– Оқулық – кез келген ұстаздың көмекшісі. Онсыз аудиторияда бос­тан-босқа сөйлеп кеткендей бола­сың. Оқулық жазу ісімді «Сахна тілі» деген кітабымды шығарудан бас­тадым. Оны ғалымдар дұрыс қабылдап, оң бағалады. Республикаға кеңін­ен таралып кетті. Артынша ұстазым Рабиға Мұқайқызының кеңесі­мен «Көркемсөз оқу шебер­лігі» атты еңбегім дүниеге келді. Үшінші  кітабым «Сырлы сөз – сахна­ сәні» деп аталады. Ол болашақ театр актерларының тілдік шеберл­ігін артты­ру мақсатында техник­алық жаттығулардан құрал­ған. Өзім аралас-құралас болған Әшірбек Сығай, Маман Байсер­кенов, Есмұхан Обаев,­ Асанәлі Әшімов сынды мықтылар­дың  дәрістерін  негізге  ала және қазақтың эпостарын, моно­логтарын қамти отырып, кейін «Сахна­ тілі» оқулығының  жаңа  нұсқасын  өмірге әкелдім. 2015 жылы шығармашылық әрі ұстаздық жолдағы­  50 жылдығыма  байла­нысты осы кітап­тарымды төрт томдық­қа  айнал­дырдым.

– Дариға апа, саналы ғұмырыңызды  арнаған  сахна  тілі  деген  не?

– Мәдениет, әдебиет, өнер, сая­сат және тағы басқа да мәселелерді уағыздайтын, халықтың санасы­на сіңіріп, ұрпақты тәр­бие­лейтін – дәл осы сахна тілі. Ол адамның жүрек сезімін шертетін, оны қуанышта да, қайғыда да тәр­биелей алатын құдіретке ие. Аталған пәннің негізін қалап, дамытқан­ уақыт ішінде тіліміздің таза, тамырымыздың терең, тарихымыздың бай екеніне көзім жетті. Жүргенов академиясында 20 жылдан бері ұстаздық қызметтемін. Кейде маған атқарған жұмысымыз теңізге тамған тамшы сияқты болып көрі­неді. Жастардың тілдік нормаларды бұзып сөйлеуі, арзан сөзге құмарлығы қазақ тілінің құнар­лы­ғын кемітіп жіберді. Бұл бізге ой салуы  тиіс. Әзірге тіл тазалығын тек  театрдан  байқап жүрміз.

– Сонда қазақ телевидениесі мен радиоларында жағдай қалай? Халықты тәрбиелеуде экран мен эфирдің бір кісідей үлесі бар екенін білеміз...

– Турасын айтып, туғанына жақпай жүргендердің бірімін мен. Экрандағы, эфирдегі тілдің жағдайы өте тө­мен. Осыны шырылдап айтсам, мені ата жауындай көреді. Шындықты бетіне шұқып көрсеткенді кім жақтырсын?! Тіл тазалығына бейжай қарамайтын мықты теле-радиожүргізушілер бар. Бірақ олар саусақпен санарлықтай. Бүгін­де микрофон тізгіндегендердің, оның ішінде әншісі, артисі, журналисі бар – бәрі жүргізушілер мектебінің қыр-сырынан бейхабар. Олар көрерменге өздерін ғана ұсынуға бейім. Мысалы, кейбірі  аудитория үшін өзінің түрі, бұраңдап отырғаны, күл­гені ғана маңызды деп ойлайды. Мұның экран әдебіне сай келмейтінін ескермейді. Оның  үсті­не, көбі қазақ тілінің ережелері мен заңдылықтарын дұрыс біл­мей­ді әрі сақтамайды. Үн­дестік заңын мүлдем бұзып сөйлейді. Олардың айтатын ойын тиянақтап алмастан эфирге, экранға шығуы қатты қынжылтады. Жұтаң дауыспен, үзік-үзік деммен сөйлегенде өзің ұяласың. Тілінің сақаулығы бар біреулер де бағдарлама жүргізіп жүр. Ондайларды телевидение мен  радиоға мүлдем жолатпау керек. Өйткені бұл ТВ «тәрбиелеген» ұрпақты бұзады. Оны өзіміз де көріп жүрміз. Бізге оқуға келген жастардың көбі теле-радиожүргізушілерге, артистер мен әншілерге ұқсағысы  келеді, еліктейді.

– Сізге  рақмет.

 

Әңгімелескен

Назерке  САНИЯЗОВА

 


ТАҒЫ ДА ҚҰДАЙ САҚТАДЫ! PDF Print Email
Жаңалықтар - Мәселенің мәнісі
24.03.2018 16:58

Жақында ғана Қызылорда қаласында  300-ге тарта адам тұратын 5 қабатты жатақхананың бүтіндей бір бөлігі құлап, тұтас қаланы аяғынан тік тұрғызды. Абырой болғанда адам аман. Осыдан кейін жауаптылар облыстағы жатақханалардың жай-күйін тексеруге кіріскен-ді. Енді ғана ес жинай бергеніміз сол еді, Аралдан шұғыл ақпарат жетті.  17 наурызда аудан орталығындағы Жароков көшесіндегі екі қабатты үйді бөліп тұрған бөлігі опырылып түскен. Зардап шеккендер жоқ. Іргетасы 1986 жылы қаланған ғимарат әуелгіде балабақша ретінде салынып, кейіннен тұрғын үй мақсатында пайдалануға берілген.

Екі жыл бұрын жүргізілген сараптамадан соң жергілікті билік тарапынан нысанның апаттық жағдайда екендігі ескертіліпті. Алайда тұрғындар үйді заңсыз иеленіп, қоныстанып алған екен.

– Біз түсіндіру жұмыстарын жүргіздік. Тұрғындардың 70%-ы келісімін берсе, бағдарлама бойынша ғимаратқа күрделі жөндеу жүргізілетінін айттық. Осы бағдарлама шеңберінде Арал қаласында орналасқан 47 екі қабатты үйдің 22-сіне күрделі жөндеу жүргізілді. Бірақ, бұл үйдің тұрғындары мұндай жұмысты жүргізуге келіспеді, - деді Арал қаласының әкімі Бауыржан Махатов.

Оқиға орнына 50 адам және 3 ауыр техника жұмылдырылған. Онда қоныстанған 15 отбасының 8-і аудандық жастар ресурстық орталығына эвакуацияланса, қалғандары туыстарының үйіне тұрақтаған. Осыдан кейін аудан әкімі Мұхтар Оразбаевтың тапсырмасымен арнайы комиссия құрылып, тиісті тексеру жұмыстары жүргізілуде.

Ал апта басында аймақ басшысы Қырымбек Көшербаев апатты үйдің тұрғындарымен жүздесті.

– Сіздердің жағдайларыңызды біліп, барлық жағдай жасалғанына көз жеткізгім келді. Апатты ғимарат бұзылады. Сіздерге Кіші Арал көшесінен 31 жаңа жеке үйлер беріледі. Біз көпқабатты үй емес, жеке үйлер салуды жөн көрдік. Осындай шара қолдану арқылы Арал қаласындағы апатты тұрғын үй мәселесі толықтай шешіледі, - деді облыс әкімі.

Бүгінде Арал қаласында екі қабатты 1 тұрғын үй апаттық жағдайда деп танылған. Қала әкімінің сөзінше, осы мәселені шешу бағытында бірқатар шаралар атқарылу үстінде.

Халық-хабар

 


ҚАЗАҚТЫҢ БОЙЫНДА ЖЫЛҚЫҒА ДЕГЕН ЖЫЛЫЛЫҚ БАР PDF Print Email
Жаңалықтар - Арнайы беттер
24.03.2018 16:55

Исламхан  БОРАНБАЕВ,

облыстық  ат  спорты түрлерінің  аға  жаттықтырушысы:

Ер жігіттің бойынан жақсы қасиеттің бәрі табылуы тиіс. Спорт түрлерінің ішінде қыз баласы айналыспайтын бірден-бір спорт түрі көкпар екен. Қазақ жігіттерінің қабілет-қарымын көкпардан байқап жатамыз. Білекті, ержүрек жандардың ойыны нағыз жанкештілікке баланады. Ұлыстың ұлы күні қарсаңында ұлттық спортымыздың дамуына үлес қосып жүрген облыстық ат спорты түрлерінің аға жаттықтырушысы Исламхан Боранбаевқа жолығып, аз-кем әңгімеге тартқан едік. Екеуара әңгімеде тек спорт тақырыбы емес, ұлтқа, ұлттық болмысқа қатысты сұрақтар қойылып, тұщымды жауаптар да алынды деген ойдамыз.

- Аға, сұхбатымызды үйреншікті сауалдан бастасақ. Жалпы, көк­парға қалай келдіңіз? Кімнің сеп­тігі тиді?

- Жылқыға деген қызығу­шылық әр қазақтың бойынан табы­латын қасиет емес пе? Негізі, көкпарға алғаш қолымнан жетектеп әкелген Жаңабай деген ағам болатын. Ары қарай оны дамытып, белгілі бір деңгейге жеткізсем деген ой болды­. Ең  алдымен бұрынғы облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Садық Шоңмұрынұлы ағамыз Жаңа­қорған ауданынан ат спор­ты бөлімшесін ашып берді. Сонда біраз қызмет еттік. Былтыр спорт басқармасына жаңа басшы Олжас Азатұлы келіп, мені облыстың аға жаттықтырушысы етіп таға­йындады. Бірталай жетістіктеріміз бар. Әлі де еңбектеніп жа­тыр­мыз.

- Айтпақшы, көкпаршыларды “палуа­н, балуан” деп айтып жүрміз? Бұл қаншалықты дұрыс?

- Шабандоз бен балуан екеуі – екі бөлек атау. Негізі, балуан дегенді аударыспақ спортына қаратып айтсақ жөн шығар. Сондықтан айтар кезде өзінің мағынасына қарай қолдану керек. Шабандоз – көкпар, бәйгеге шабатын адам.

- Көкпарда біршама өзгерістер болып жатқан көрінеді. “Арамызда көкпардан қазандықтың алынып тасталуы салдарынан мән кетті” деп жүргендер де бар. Алып-қосарыңыз бар ма?

- Осы 4-14 наурыз аралығында Тараз­ қаласында он күндік семинар өткен болатын. Сол жерде де осы сауал төңі­регінде сөз болған-ды. Сіздің де айтып тұрғаныңыз жөн шығар. Десе де, қазандық атты, адамды көп жарақаттайды. Ал, оған жыл сайын қайта-қайта ат қосып отырудың қаншалықты қиын екенін сезіп те тұрған боларсыз. Ең маңыз­дысы – адам өмірі. Небір мықты шабандоздар ауыр жарақат алып, ұзақ мерзімге спортты қойып кетуге мәжбүр болуда. Оның үстіне қазандық көкпар ережесіне қырғыздардың ұсынуы бойынша еніп кеткен. Бірақ, біз қазір өз ұсынысымызды айттық және өзіміздің нұсқамыз дәлелденіп шықты. Алдағы уақытта этноойындар, әлем чемпионаты, т.с.с. жарыстар азды-көпті өзгеріске енген жаңа ереже бо­йынша өткізілмек. Ертеректе қазақтар ортаға шапан тастап, оны өз жағына қарай бірінші әрі бірнеше рет жеткізу­ге тырысқан. Бұл нені білдіреді? Яғни, қырғыздардың ережесі бұған қарама-қайшы. Жалпылама айтқанда қарсыластың қазандығына емес, өзіне, өзінің туына қарай тасуы керек. Сондай-ақ, жаңа ережеде жетектеуді алып тастады­. Ендігі көкпарда ешкім ешкімге көмектеспейтін болды.

- Көкпардың, жалпы ат спортының ер-азаматтарды тәрбиелеудегі рөліне тоқтала кетсек.

- Біздің ұлттық спортымыздың қай-қайсысын алып қарасақ та, патриоттыққа тәрбиелейді ғой. Ал, олардан көкпардың ерекшелігі тағы бар. Бұл спорт тү­рінде тек білегіңе сене алмайсыз. Мұнда астыңдағы атыңмен түсінісу, бірі­гіп жұмыс істеу ғана нәтиже береді. Бір сөзбен айтқанда, нағыз ерлердің, білекті әрі ержүрек жандардың ойыны. Көкпарға ең бірінші қатысу үшін келген адамға патриоттық тәрбиені айтамыз, ұғындырамыз. Қазақтың қанында жылқыға деген жылылық бар ғой.

- Сыр өңіріндегі көкпар мектебінің хал-ахуалы қалай? Жастардың аяқа­лысы дегендей...

- Қызылорданың көкпардан жастар құрамасын біз 2010 жылы шығардық. Ақтөбе қаласында 16 команда қатыс­қан жарыста 4-орын алып қайтқанымыз бар. Бұл жаңа құрылған команда үшін үлкен жеңіс еді. Одан кейін әр жылдары жақсы нәтиже көрсетіп жүр­дік. 2014 жылы Жаңақорған ауданында 14 команда қатысқан чемпионатта 2-орынға ие болдық. 2015 жылы да сол жетістігімізді сақтап қалдық. Сондай-ақ, жамбы атудан – 3, аударыспақтан 2-орын алдық. 2016 жылы көкпардан жасөспірімдер арасындағы чемпионаттан 2-орынмен, 2017 жылы Шымкент қаласынан жастар құрамасы 2-орынмен оралды.

- Спорт саласында, әсіресе көкпарда ісімен де, сөзімен де нағыз ер-аза­матқа тән жұмыс істеп жүрген 3 адамды таңдар болсақ, Сіздің тізімге кімдер енер еді?

- Республикалық деңгейде айтар болсақ, Қуанышбек Құрамаев деген кісі көкпар спортына көп жыл бойы тер төгіп келеді. ЭКСПО-да көкпардың артықшылығын, қазақтыкі екенін бүкіл әлемге паш етті. Сонымен қатар, Бекболат Қанайұлы федерацияға келгелі ат спортына, ұлттық спорт түрлеріне деген жанашырлық байқалып келед­і. Рамазан Сәттібаев та көкпардың даму­ына айтарлықтай үлес қосуда. Сол секілді Ғабит Махатаев, Жаңа­бай Орынбасаров, Бақытжан Төлегенов сынды азаматтар аймақтағы ат спортының дамуына сүбелі үлесін қосып жүр.

- Жақында ғана бір жерге барғанда қарсы алдымдағы адамның не қыз, не еркек­ екенін білмегендіктен, “Сәлемет­сіз бе!” деп амандасуыма тура келді. Ұлтты ұялтатын мұндай жайттардан қалай құтылуға болады?

- Еркектердің қызға ұқсап бара жатқа­ны өте өкінішті жағдай. Мұны ауру дегеніміздің өзінде тәрбиеге де байланысты ғой. Баланы ұлша тәр­бие­лесең – ұл, құлша тәрбиелесең – құл болып өседі. Кішкентайынан дәмі болса да, дәруі жоқ тағамдарды беріп, киімдерді кигізіп қоямыз. Еңбектеген баланың шымыр болып өсетіні анық. Қастандықты ата-аналар өздеріне-өздері істеп тұрғандай көрі­неді маған.

- “Қайран біздің қазақтың ұрпағы да, барады майшабақтай майдаланып” деп келетін жыр жолдары бар еді. Мұнша майдаланудың себебі неде деп ойлайсыз?

- Қазақ жігіттерінің бойы, дене тұрқымен қатар, ойы, сана-сезімі де қысқарып келе жатқандай. Жалпы, бұған біржақты қарауға болмайтын шығар. Экологиядан, ауадан деп жата­мыз. Сондай-ақ, ішіп-жейтін ас-суымыздың құнарсыздығынан да бар. Мысалы, ертеде алып болған, күш­ті бол­ған дей­міз. Ол кездің жегені – қазы-қарта, жал-жая, ет, ішкені – қымыз, қымыран, сүт еді ғой...

- Қысқа етекті қыздардың көбеюі намыс­ты  жігіттердің  аздығынан  ба, сана­ның төмендігі ме?

- Ұлттық болмысқа келетін болсақ, өзге ұлттардың барлығы бізден үлгі алуы тиіс болатын. Айта беруге де ұят. Қазір “үлгі алыңдар” деп айта алмаймыз. Қыздардың жалаңаштануы – ұлттың жалаңаштануы ғой. Тәрбие талбесіктен­ басталады. Барлығы өз отбасында дұрыс тәлім-тәрбие беруге және алуға тиіс! Ата-ана баласының жүріс-тұрысын жіті назарда ұстаса, олай болмас еді. Жігіттер ол қыздарға пасықтық көзқараспен қарамай, дұрыс жолды нұсқаса да жеткілікті.

- Меніңше, жылқыны, домбыраны қазақтан бөле-жарып қарау мүмкін емес. Атқа мінген екі қазақтың бірі ойынан өлең өруші еді. Бойыңыздан жеті өнер табыла ма?

- Рас айтасыз. Бұларды ешкім, ешқашан қазақтан бөліп қарай алмайды. Шабыт келіп, ойымыздан өлең өріп, түртіп қоятынымыз бар. Бір отырысты­ басқара алатындай қабілет те бойымнан табылады. Домбыра шертіп, ән сала­мын. Балға, шот ұстап ұсталықпен айналыспаймын, бірақ аттың ер-тұр­манын, қажетті құрал-саймандарын өзім дұрыстап, жөнге келтіруге шамам жетеді.

-  Әңгімеңізге  рақмет!

Сұхбаттасқан

Рыскелді  СӘРСЕНҰЛЫ

 



<< Бірінші < Алдыңғы 1 2 3 4 5 6 7 8 9 10 Келесі > Соңы >>

Күнтізбе

< Наурыз 2018 >
      1 2 3 4
5 6 7 8 9 10 11
12 13 14 15 16 17 18
19 20 21 22 23 24 25
26 27 28 29 30 31  

Сауалнама

Аса мәртебелі шенеуніктердің қылмысқа шатылып жатқандығы нені аңғартады?
 

Ауа райы

Валюта бағамы

Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі валюталардың ресми бағамдары