Өзекті мәселелер

  • 21.06.18

    Ұлы Жібек жолының бойында орналас­қан көне қалаға жаңа атау берілді. Оңтүстік Қазақстан облысы бұ­дан былай Түркістан облысы деп аталады. Орталығы – Түркістан қаласы. Бұл тарихи шешімді бүрсі­гүні Ел­басы ресми түрде мә­лімдеді.

    Ақордада «Қазақстан  Республикасының әкімшілік-аумақты...

    Толығырақ...
  • 21.06.18

    Жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыру бүгінгі қоғамның басты мәселесіне айналғандай. Жыл сайын парақорлыққа қарсы күрес, оның алдын алу шаралары қанша кү­шейтілсе, керісінше қылмыстық фактілер де солай көбейіп барады. Әкім­дік­тердің құқық қорғау органдарымен бірлесіп өткізген түрлі іс-шаралары да, экс-премьер-министр, министр мен әкімдердің қолына салынған кісен де парақорларды тоқтата алм...

    Толығырақ...
  • 21.06.18

    Нақты жұмыстардың нәтижесі сұралатын уақыт жетті. Бұл облыстағы кәсіп­керлік саласына қатысты. Өткен  сенбіде Жаңақорған, Шиелі  аудандарында  өткен көшпелі  жиында облыс  әкімі  Қырымбек  Көшер­баев өңірдегі кәсіпкерлік са­ласының даму барысын назарға­  алды.

    Мемлекеттік органдар мен қаржы институттары өкілдері қатысқан жиында аймақ  басшысы:

    ...
    Толығырақ...
  • 21.06.18

    «Оның бүркеншік аты – Пеле. Футболды жақсы көретін, жанын сала ойнайтын. Жылдамдығында шек жоқ. Осыдан 50 жыл бұрын, 19-20 жасымызда Алматы мемлекеттік консерваториясында Төлепберген Әбдірашевпен бірге бес жігіт бір бөлмеде тұрдық. Ауылдан келгенбіз. Қалтамызда тиын-тебеніміз де аз болды. Ішіміздегі ең пысық, ең жылдамымыз Төлепбереген еді. Вокзалға бару керек, троллейбусқа ақша керек деген сын...

    Толығырақ...
  • 21.06.18

    Азаттық таңымен бірге келген тарихымыздағы көптеген ақтаңдақтарды ашу, көмескіленген ұлттық сананы жаңғырту сияқты үлкен міндеттерді жүзеге асыруда­ көрер көз, сезер жүрек болса, қаламгерлеріміз атқарған істер аз емес. Жаңа тарих үдесінде өмірге бітімі бөлек көркем дүниелер келе бастады. Олар кейде жаңа өмір көктемінің алтынкүрек өкпегіндей еді. Сондай туындылардың бірі – жазушы Сайлаубай Жұбат...

    Толығырақ...
Сәрсенбі, 04 Сәуір 2018

ҚҰРЫШ ҚАЛҚАН: ҚОРҒАНЫС һәм ҚОРҒАСЫН PDF Print Email
Жаңалықтар - Саясат
05.04.2018 11:59

«Мемлекеттік идеологияның бізге аса қажет бір ірі бұтағы, қомақты тармағы – халықты, ұрпақты патриотизмге, отаншылдыққа, рухқа, елді, жерді сүюге, қорғауға жұмылдыру». Бұл – ел президенті, ҚР Қарулы Күштерінің бас қолбасшысы Н.Назарбаевтың сөзі.

Қазақ елі бұрынғы кезеңге  қарағанда  әлемге аузын ашып қарайтын емес, жаһанға жар салып, алақанын ашып та, жұдырығын жұмып та көрсететін мемле­кеттердің қатарында. Айналамыздағы кей елдер­дегі әлеумет­тік, қоғамдық-саяси тұрақсыздық  салдарынан туын­дап отырған күр­делі ахуалды көзбен көріп  отырмыз. Осыдан тұп-тура жеті жыл бұрын басталған Сириядағы үкіметке қарсы қимылдар Таяу Шығыстағы револю­циялар серия­сының жалғасына ұласты. Башар Асадтың басқарып отырған еліндегі келіспеушілік себебінен болған көтеріліс соғыс сипатын таныта бастады. Түптеп келгенде Сирия елінің аумағы сырттан келетін түрлі террористік топтардан қорғана ал­мады.

Оған себепті өзге елден басып кірушілерден емес, сол елдің құ­рыш қалқанының әлсіз­дігінен іздесек әбден бола­ды. Әрине, мұндай деңгейге жеткізбесін деп тілейтініміз анық. Десек те сақтықта қорлық жоқ. Мәселе туындағаннан кейін себебін іздестіріп жүргеннен оны болдырмаудың салдарымен кү­рескен әлдеқайда тиімді. Мұнымен не айтқымыз келгенін ұққан боларсыз. Запастағы генерал-майор Әмірбек Тоғысов «Қа­зақстан қорғаныс өнер­кәсібі тіпті сонау Кеңес Одағы кезіндегі әлеуетінен де айырылып қал­ған» деген пікірді қандай негізге сүйеніп айтты? Бәлкім, астарында ащы өкініш пен елге деген жана­шырлық сезімі жат­қан­  болар? Бұл сөз­дер­ден асып түсу үшін әуелі Қазақстан армиясының әскери техникаларының оқу-жаттығудан өзге де қуатты жағдайларға жарайтынын дәлелдеу керек.  Ал бізде қуаттың бұл түрі  қаншалықты мықты? Тосыннан тиген «иық қағу», «аяқтан шалу» мәселесіне еліміз­дің Қарулы күштері қалай  төтеп  бере  алады?

«Global Fireрower» халық­аралық кеңсесінің мәліме­тінше, Қазақстанның әскери қуаты дүниежүзінде 55-орынға ие. ТМД елдерінің ішінде алдым­ызға Ресей, Украина, Беларусь пен Өзбекстан түсіп кеткен көрінеді. Рейтинг тізімінде жалпы саны 133 мемлекет бар. Заман ақпарат пен технологиялардың дамуына жол беріп тұрған шақта көштің ортасында тұрғанымызды бір абырой санап қойдық. Біз өзімізден  кейінгі  орындарға ие болған 78 мемлекетпен емес, алдымызға түсіп тұрған елдермен теңесуге ұмтылып, бәсі  биік  белестерді  сол құрыш  қалқанымызбен  жеңуге тиіспіз. Ол үшін сырттан төнетін қауіп-қатерлерден қорғай білетін Қарулы күш­терге қыруар қаржы бөліп, заманауи үлгіде жабдықтап қою артық етпейді­. Әскер мықты­лығын  зерттеп-зерделеп  отыратын  әлемдік рейтинг  ақпарат­тарына  сүйенсек, Қазақстан шабуылдаушы ұшақ саны жағына­н – 20, жой­ғыш ұшақтар бойынша – 23, әскери­ транспорттың әуе сала­сы бойынша – 53, әскери тікұшақтар бойынша – 54, танктер жөнінен – 49, бронды  техника  бойынша – 44, өзді­гінен жүретін артиллериялық қондырғылар саны бойынша – 24, сүйрей­тін зеңбіректер  жөнінен – 18, реактивті атыс қарулары бо­йынша 12-орында  екен.

Тарихтың сыры тұнған тұнбаға көз жүгіртсек, ежелде ғұндардың атақты батыры  Мөде жастық  шағында Қы­тайдың батыры Дун Хуанды жекпе-жекте жеңіп, басын алыпты-мыс. Қытайдың жүз мың әскері Ғұн жеріне кіре берісте тас-талқан болып жеңілі­ске ұшырап, содан кейін қытай басқыншылары ғұн еліне көп уақытқа дейін көз  қырын сала алмапты. Бір күні Қытай патшасы Гао-ди қолбасшы­лары мен батыр­ларын шақырып алып мәжіліс құрыпты. «Біз ғұн еліне соғыс ашамыз. Ғұндарды тонаймыз, жерін жаулап  аламыз…» деп алдына мақсат­ қойыпты. Әскери қолбас­шының  бірі «Ғұндарға соғыс  ашып  жауынгерлері­мізден айырылып қаламыз. Олар оңайлықпен беріле қоймайды. Менің әкем Мөденің жас кезінде  біздің әскерлермен шайқа­сына  қатысқан  еді. Әкем «Ғұн­дар ат бауырында ойнайтын, ат үстінде би билейтін жауынгер халық...» деп айтып, соғыс ашудан тайсалған жауынгерді Гао-ди абақтыға қамап тас­таған  екен. Бұдан  ұғатынымыз, қанша жерден қарумен жасақт­ал­ғанмен, әскери күш құрамындағы сарбаздарға өжеттілік пен намыс жетіс­песе,  бәрі бекер. Таби­ғи қажет­тілік бойынша адамға алдымен ауа қажет. Ал бүгінде Қарулы күштерге ауадай қажеті – қаржы. Ресми дерек­көздеріндегі мәліметтерге  сүйенсек, ҚР Қорғаныс  министрлігінің  бюджеті 2006 жылы 80,5 миллиардтан 2016 жылы  434,1 миллиард теңгеге өскен. Ал 2017 жылы 382,4 миллиард теңгеге дейін  қысқарған.

Соңғы дереккөздер Қазақстан  халқының 18 миллионға жеткенін  растап  отыр. Соның 80 мыңға жуығы – әскери­лер. Әскерге жарамды деп сана­латын адам саны – 6 млн 440 мың. Әлемдік рейтинг ұйымдастырушылар 50 санат бойынша салыстырмалы түрде тізім жасайт­ынын ескерсек, жаңа техноло­гиялық бағытта Қорғаныс саласына қажетті кере­к-жарақтар  да жаңартылып  отырады.  Алғашқы ондық емес, ортаң­ғы елулікке енбе­геніне де реніш біл­дір­месек болады. Өйткені алып державалардың қатарынан көріну үшін бізге де ел дамуы жолында тәжірибе қажет. Ал шека­расында ши шықса, шиелеп байлап­  тастайтын дәрежеге АҚШ жеткен­. Қарулы жасағы қызыл отқа лап қойып кетуге дайын Ресей екінші, аждаһа­  атанған, түтінге ұмтылғанды отпен­ орайтын Қытай үшінші орында тұр. Ондықты толтырып  тұрған елдер­дің қатарында Египет, Германия, Түр­кия, Жапония, Ұлыбритания, Франция және Үндістан бар. Қорыта келгенде, қолына най­за,­ қынына  қылыш, жорық белдеуіне қынапты семсер мен қынды пышақ секілді қаруларын салып жүріп, елін қорғаған жауынгер бабаларымыз секілді бүгінгі қазақ әскері бей­біт елдің тыныштығын күзетіп тұруға жарап-ақ тұр. Шын майданда шыңдалып, құрыш қалқан қорғанысымыздан қорғасын оқтың  өтуінен  сақтасын!

Н.ҚҰДАЙБЕРГЕН

 


СЫБАЙЛАСТЫҚ БАР ЖЕРДЕ, САПАЛЫ ҚҰРЫЛЫС ЖОҚ PDF Print Email
Жаңалықтар - Құқық құрығы
05.04.2018 11:54

Көшеде зәулім-зәулім үйлерді көрсек, қызыға да, қызғана да қарайтынымыз рас. «Шіркін-ай, менің де осындай үйім болса ғой» деп іштей бір армандап та аламыз. Кереме­т  екі  қабатты  үйлерге  көзіміз тоймай  қарап, «Біз осы неге осындай үй сала алмаймыз? Пысық емеспіз ғой» деп кейде өз-өзімізді кінәлап  та аламыз­. Рас. Біз пысық емеспіз, бірақ жұрт сияқты «жеп», «өзгелермен  ауыз  жаласып», арам ақшамен арымызды былға­маймыз. Әрине, бәріне бірдей топырақ шашудан аулақпыз. Алайда апта басында Әдеп кеңесінде талқыланған лауазы­мды тұлғалардың сеніп тапсырылған мемлекеттің қаржысын игі­лік­ке  емес, өз пайда­сына  жаратып  жіберуі осындай ой түюге мәжбүрлейді  екен.

Жалпы, құрылыс саласы сыбайлас жемқорлықтың нағыз өршіп тұрған жері дерсің. Өйткені Әдеп кеңе­сінің төрағасы А.Мұхимовтың өзі сыбайлас жемқорлық сипатындағы заңбұзушылықтар бойынша құрылыс саласының екінші орында екенін айтты. Тіпті, осы бағытта атқарылып жатқан­ шаралардың бәрі «для галочки» деп ашуланды. Оған себеп те жоқ емес. Статистикалық мәлімет­терге сүйенсек, 2017 жылы облыс көлемінде құрылыс саласы  бойынша  сыбайлас жемқорлық  сипатындағы  20  қылмыс  тіркелген.

– 2017 жылы облыс көлемінде құрылыс саласы бо­йынша сыбайлас жемқорлық сипатындағы 20 қылмыс тіркелген, оның 4-еуі лауазымды тұлғаға қатысты (Қызылорда облысының құ­рылы­с, сәулет және қала құрылысы басқармасы бас­шы­сының орынбасары Қ.Бекенов және басқар­маның құрылы­с бөлімінің басшысы К.Искаков, Шиелі аудандық құрылыс бөлімі­нің басшысы А.Сүйіндіков, Қазалы аудандық құрылыс бөлімінің бас­шысы Б.Әбдіғаппаров). Олар­ға­ қатысты соттың айыптау үкімі шыққан,- деді облыстық құрылыс, сәулет және қала құрылысы басқарма­сының басшысы М.Әлсе­ріков.

Былтыр қозғалған 20  қылмыстық істің 6-ауы – пара алу, 2-еуі – парақорлыққа делдал­ болу, 11-і – лауазымдық  өкілеттіліктерін теріс пайдалану  және 1-еуі сеніп тапсырыл­ған бөтен мүлікті иемденіп алу немесе­ жымқыру дерегі бойынша орын  алған.­

Ашып айтсақ, Қазалы аудандық құрылыс бөлімінің басшысы Б.Әбдіғаппаров  лауазымды қызметін пайдалана отырып, мемлекеттің мүддесіне 12 млн теңгеден астам­ зиян келті­рген. Яғни ол Қазалы­ ауданы Әйтеке би кентіндегі «Әйтеке би - Басықара» бағытындағы автожолының бойында орналасқан 56 гектар жер учаскесін инфрақұрылыммен қамтамасыз ету жұмыстары жоба-сметалық құжаттарда көрсе­тілгендей толық аяқталмаса да, «толық­тай орындалды»  деп «Кап Строй» ЖШС-дан  нысанды  қабылдау  актісі арқылы қабылдап алып, мемлекеттің мүддесіне 12 974 256 теңге көлемінде­ елеулі түрде зиян келтірген. Осы ісі үшін сот үкімімен екі жылға бас бостан­дығынан шектелген Б.Абдигапбаровтың меншігіндегі қылмыстық жолмен табылған не қылмыстық жолмен табылған қаражатқа сатып алынған мүлкі тәркіленіп алынды. Сондай-ақ ол мемлекеттік қызметті атқару құқынан өмір бойына айырылды.­

Жалпы, құрылыстың сапалы не сапасыз салынғаны – «өтіріктің құйрығы бір-ақ тұтам» дегендей, түбі бір ашылатын дүние. Өйткені ол халық­тың пайдаланылуына беріле­тін болғандықтан, жасырудың реті келмей­тіні сөзсіз. Алайда нысанның құлап не жарамсыз болып қалаты­нынан, одан өзгелердің зардап шегуі ықтималдылығынан қорықпайтын басшылар мен мердігер мекемелер­дің ісі   «маған екі қойың бір сом» дегенге келеді екен. Рас, егер құрылыс  толық аяқталмаса, тапсырыс беруш­і мекеме мердігер мекемеден нысанды толық аяқтауды, сапалы салыну­ын талап етуге құқылы. Алайда біздің кей басшылардың әрекеті «жаны ашымастың  басы  ауырмас» дегенге сай келіп  тұр. Өткенде ғана облыстық балала­р ауруханасында орын алған жағдай естеріңізде болса, ауруханада жатқан емделушіге дәл төбесіндегі сылақ құлаған еді. Өзі нау­қастанып жатқан ауру балаға одан сайын­ залалын­ тигізген болатын. Дәл осы нысанны­ң салынуында да сыбайлас жемқорлық фактілері болған. Нақ­тырақ­  айтатын  болсақ, жалпы нысанды салуға мердігер мекеме «Дәнекер» ЖШС-ға бөлінген 6 874 840 000 теңгенің 792 048 теңгесі игерілмей қал­ған. Бұған облыстық құрылыс, сәулет және қала құрылысы басқармасы басшы­сының орынбасары Қ.Бекеновтің тікелей қатысы бар. Ол балалар ауруханасының цементпен қаптал­атын керамогранит бөлігі, стойкалар монтажы және ішкі жұмыстары толығымен жасалып бітпегенін біле тұра, қабылдау актісім­ен аурухананы қабылдап алған­. Бұдан бөлек оның Әдеп кеңес­і  отырысы  барысында тағы да біраз былығы ашылды. Ол  Арал ауданы Қамыстыбас көлі­нің жағасын­дағы демалыс аймағына инженер­лік желілерді жеткізу­ жұмыстарын «Асар» ЖШС толық аяқтамағанын  біле тұра, оны  да  қабылдап алған.­ Дәлірек айтсақ,  құрылыс  нысаны бойынша жол құрылысы толығымен аяқталмағанын, жол белгілері орнатылмағанын, ауызсу құбырлары толығымен қосылма­ғанын және тағы да басқа жұмыс­тардың толық жасалып бітпегенін білген. Осы істе басқарманың құрылыс  бөлімінің басшысы К.Искаковқа тапсырма беріп, оған қолын қойдыртып, жүйелі түрдегі сыбайлас жемқорлық қылмысын жасаған. Сондай-ақ техникалық қадағалаушы «ҚұрылысКонсалтинг» АҚ-ның фи­лиал директоры К.Ушатованы және авторлық жобала­ушы «Сарытөбе» ЖШС-нің директоры Н.Абиловті құрылыс нысанын­ қабылдау актісіне қолдарын қоюға мәжбүрлеген. Қорыта  айт­қанда, «Асар» ЖШС-мен жалпы сомасы­  49 344 561 теңгенің құрылыс жұмыстары атқарылмаған. Дәл осындай­  былық­тар Шиелі ауданы, Еңбекші ауылындағы (814 957 теңге­нің жұмысы  аяқталмаған,  яғни  ауа тазарту­ құрылғылары, жылу жүйесін  қаптау жұмыстары, жылу трубас­ының  дұрыс  орнатылмауы  және т.б. жұмыс­тар) және Сырдария ауданы, Қоға­лы­көл ауылындағы  дәрігерлік  амбула­тория­лардың (979530 теңгенің жұмысы­ аяқталмаған, атап айтқанда металлопластикті есіктер, тамбур жылытқ­ышы, ауа тазарту және көгалдандыру жұмыстары) құрылыс жұ­мыста­ры  барыс­ында  анықталған.

Қ.Бекеновтың жаға ұстатарлық қылмыстық іс-әрекеттері салдарынан мемлекетке барлығы 51 931 096 теңгеге­ зиян келді. Қазіргі таңда мүлкі тәркі­леніп, мемлекеттік қызметте басқару лауазымын атқару құқығынан өмір бойына айырылған ол екі жыл бас бостандығынан шектеті­ліп, пробациялық  бақылауға алынып  отыр.

Құрылыс саласындағы былықтар Бекеновпен шектелмей отыр. Мұнан бөлек Шиелі аудандық құрылыс бөлімінің басшысы А.Сүйіндіков  те бюджет қаржысын жымқыруда алдын­а жан салар емес. Алдымен «Аймақ­тарды дамыту-2020» мемлекеттік бағдарлам­асы аясында Шиелі ауданыны­ң «Ақ Орда» және «Бәйтерек» мөлтек аудандарындағы инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылым­дары құрылысы бо­йынша 8 453 262 теңгені жым­қыр­са, кейіннен сол аудандағы Н.Бекежанов ауылдық ок­ру­гі­нің инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылымының құрылысы бойынша жұмыстар бітпесе де төлемдер жүр­гізіп, 4 199 750 теңге көлемінде бюджет­  қаржысын өз мақсат­ына жаратқа­н. Қазіргі  таңда  ол да проба­циялық  қызметтің бақы­лау­ында.

Сырдария ауданында да лауа­зымды тұлғалардың сыбайлас жем­қорлық сипатындағы қылмыс­тары азаймай отыр. Мысалы, 2017 жылы ауданда сыбайлас жемқорлық сипатындағы 12 қылмыс тіркелсе, оның төртеуі  лауазымды тұлғаға қатысты. («№1 Қызғалдақ балабақшасы» КММ-нің меңгерушісі Қ.Оспано­ва, «№11 Балалар және жасөсп­ірімдер  спорт мектебі» КММ-нің  дирек­торы С.Камалов, Сырдария аудандық ауруханасының бас дәрігері М.Садыкова, Шаған  ауылының   №37 мектеп лицейінің дирек­торы Б.Абуталипов). Бұл туралы  аудан  әкімі Ғ.Қазантаев Әдеп кеңес­інің  отырысында  баяндады.

Аудан бойынша 2017 жылы қоз­ғалған 12 қылмыстық істің 6-ауы – пара алу, 2-еуі – парақорлыққа делдал болу, 1-еуі – лауазымдық өкі­леттіліктерін теріс пайдалану және 1-еуі сеніп тапсырылған бөтен мүлікті иемденіп алу немесе жымқыру дерегі бойынша орын алған.

Кеңес отырысы соңынан «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасының Қызылорда облысы бойынша филиалының директоры Ғ.Жақсылықов сөз алды. Ол  мемлекеттік қызметшілердің жұмыстан тыс уақытта қалуы бойынша жүргізілген талдау нәтижесі туралы баяндады. Талдау нәтижесі көрсеткендей, облыстық әкімдіктен бастап басқа да мемлекет­тік мекемелерде мемлекеттік қызметшілер жұмыстан тыс уақытта да қалып жұмыс істейтін болып шықты.­ Осыған байланысты Кеңес отырысының төрағасы А.Мұхимов мемлекет­тік қызметшілерге негізгі жұмыс уақытынан бөлек жұмыстан тыс уақытта немесе демалыс, мереке күн­дері жұмыс атқарған жағдайда өтем­ақы төлеу шараларын қабылдау керек­тігін ескертті. Ал құрылыс салас­ы бойынша нақты жиындар өткізіп, оған мердігер мекемелердің қатысуы керектігін қадап айтты. Өйткені, олар да сыбайластық бар жерде, сапалы құрылыс жоқтығын білгені жөн.

Ж.ЖҮНІСОВА

 


ШЫДАМНЫҢ ДА ШЕГІ БАР PDF Print Email
Жаңалықтар - Мәселенің мәнісі
05.04.2018 11:45

Нарықтық заман орнағалы халықтың қал­тасы жұқарып, жүйкесі де сыр бере бастаған сыңайлы. Бір жағынан банктегі несие де наразы жұрттың ығырын шығарған. Оған ай сайын есігіңе ентелеп келетін коммуналдық төлемдердің түбіртегін қосыңыз. Ал жалдамалы пәтерде жан баққан қараша үй иесінің қас-қаба­ғы­на қарайлайтыны шындық. Қысқасы, екі айлық еңбекақысын ала алмай жүрген жекеменшік балабақша қызметкерлері құрғақ уәдеден әбден мезі болғанын жасыр­мады.

– Түсініңізші, мен көпбалалы  анамын. Жолдасым жұмыссыз. Адал еңбегіміздің ақшасын ала алмай жүрміз. Кімге, қайда шағымданарымызды білмейміз. Қалалық білім бөлімінің басшысы Ақарыс Нұрсейітовке бірнеше рет бардық. Ба­зынамызды айттық. Ол «әне  береміз,  міне  бере­міз» деп созбалаңға салып келед­і. Қарызға белшеден баттық,- дейді балабақша қызметкері Гүлзар Махамбетова.

– Жалдамалы  пәтерде­ тұратын әріптестеріміз көп. Шынын айтайық, бізге оңайға түсіп жат­қан жоқ. Несиемізді де төлей алмай жатырмыз. Адал еңбегіміздің ақысын берсе болды. Басқа ештеңе де қажет емес. Онсыз да алатын жалақымыз мардымсыз,- дейді бала­бақша қызметкері Назгүл  Қартаңбайқызы.

Өңірде 2017 жылдың қараша-желтоқсан айының  жалақысын 206 жеке балабақша қызметкері даулап жүр. Тәрбиешілер күні кешеге дейін қазақылыққа салып, сабырлық танытқан. Алайда олар «шыдамның да шегі бар ғой» деп ашынады. Біз осыған дейін де жекеменшік балабақшадағы жалақы дауына байла­нысты мәселе көтерген­біз. Облыстық білім басқармасына хат та жол­дадық. Бұған тиісті бас­қарма басшысының мін­детін атқарушы Қ.Ершатова:

– Мектепке дейінгі білім беру ұйымдарында орналасқан мемлекеттік білім беру тапсырысының жұмысын ұйымдастыруға республикалық қазынадан 2017 жылға 9,9 млрд теңге бюджеттік өтінім жолданған болатын. Алайда ҚР Білім және  ғылым  министрлігі 2017 жылға бөлген қаржы көлемі – 6,6 млрд теңге. Бұған байланысты жер­гілікті әкімдік тарапынан министрлікке ұсыныс жолданды. Бүгінге дейін жетіспейтін қаржыны республикалық бюджеттен бөлу үшін тиісті жұмыстар жүргізілуде,- деген еді «Халық» газе­тіне (28.01.2018 жылғы №3 санында) берген ресми жауабында. (Қызылорда облыстық білім басқар­масы біздің сауалымызға екі рет жауап жолдады. Бірінші жауабында «же­тіс­пейтін 2,1 млрд теңге қаржыны республикалық бюджеттен  бөлу жұмыстары  қарастырылуда» деп көрсетілген. Алайда бұл қатынас хат мекеме бланка­сы мен басшының қо­лынсыз келген еді. Ал екінші рет жолдаған ресми­ хатта бұл сома нелікт­ен көрсетілмегені түсініксіз. - ред. ).

Жеке балабақшалардың  кәсіпкерлік  нысаны­ екені белгілі. Қазіргі таңда­ өңірде олардың саны – 394. Онда 60 мыңнан аса бала тәрбиелену үстінде.

– Қызылорда облысы бүлдіршіндерді балабақшамен қамту бойынша республикада алдыңғы орында. Жеке балабақшалардың   негізгі  табыс     көзі – мемлекет тара­пынан әр балаға бөлінетін субсидия және ата-аналардың балабақшаға төлейтін төлемақысы. Алдыңғы жылы және былтыр 3 жылдық бюджетті енгізген кезде экологиялық 30 пайыздық төлем коэффициенті есептелмей қалған. Бұл республикалық бағдарлама болғандықтан, 30 пайыз қаражат облысқа кем түскен. Сондықтан жеке балабақша қызметкерлеріне қараша-желтоқсан айына төленетін жалақы жетпеген. Аталмыш қа­ражатты төлеуді қалалық білім бөлімі өз мойнына алды. Шыны керек, бұл мәселе ұзаққа созылып кетті,- деді облыстық кәсіпкерлік палатасы дирек­торының орын­басары Ғалым Едігеев.

Ғалым Қайырбекұлының сөзінше, дәл осындай жалақы дауы өткен жылы да болған. Мақаланы дайындау барысында қалалық білім бөлімінің басшысы Ақарыс Нұр­сейітовтің ұялы телефонына да, жұмыс телефонына да бірнеше рет хабарластық. Алайда жауап алу мүмкін болмады. Ал осы бөлімдегі жауапты мамандар басшының рұқсатынсыз қандай да бір мәлімдеме жасаудан бас тартты.

ҚР Еңбек Кодексінің талаптарына сәйкес жұ­мыс беруші жұмысшының жалақысын ай са­йын толық мөлшерде және уақытылы төлеуге міндетті. Сондай-ақ, осы Кодекстің 113-бабының 1-тармағында «Жалақы Қазақстан Республикасының ұлттық валютасында ақшалай нысанда белгіленеді және айына бір реттен сиретпей, келесі айдың бірінші он­күндігінен кешіктірілмей төленеді. Жалақы төленетін күн еңбек шартында көзделеді. Жалақы төленетін күн демалыс немесе мереке күндеріне тура келген кезде төлем олардың қарсаңында жүргізіледі» делінген. Жыл басынан бері об­лыстық еңбек саласында­ғы бақылау басқармасына жекеменшік балабақшаларға қатысты 31 арыз-шағым түскен. Басқарма тарапынан оның 12-сіне жоспардан тыс тексеру жұмыстары жүргізілген. Олардың 8-іне нұсқама беріліп, 2 кәсіпкерлік субъектісі (жекеменшік балабақша. - ред.) әкім­шілік жазаға тартылған. Облыстық еңбек саласындағы бақылау басқармасының бас маманы, мемлекеттік инспекторы Нұрбек Сағатбекұлының айтуынша, былтыр да ай­мақ­та жекеменшік балаб­ақшаларда жалақы төлеу­ге қатысты даулы мәселелер тым көп бол­ған. Сондай-ақ, ол осындай келеңсіздікке ұшыраған кез келген қызметкер бас­қармаға шағымдануға құ­қылы екендігін жет­кізді.

Қараша-желтоқсан айының еңбекақысын ала алмай жүрген жекемен­шік балабақша қызметкерлері бұдан әрі мәселе шешілмесе, құ­зырлы ор­гандарға шағымданамыз деп бекініп отыр.

Қозы Көрпеш  Жасаралұлы

 


МЕКТЕП АСХАНАСЫ НЕГЕ ЖҰТАҢ? PDF Print Email
Жаңалықтар - Мәселенің мәнісі
05.04.2018 11:32

Жазылған  жайттың  жаңғырығы

Естеріңізде болса, «Халық» газетінің №10 (15.03.2018 жыл) санында «Мектеп асханалары талапқа сай ма?» деген тақырыппен мәселе көтеріп, мектеп жасындағы балалардың тамағын тиімді ұйымдастыру – тек ата-ана ғана емес, қоғам болып назар аударатын жайт екенін жазған едік. Сондай-ақ, «мектеп асханаларындағы тағам сапасы мен бағасына көңіліңіз тола ма?» деп жалпы оқырманға ой тастадық. Редакциямызға алғашқы хат та келіп түсті. Ата-ана әрі журналист ретінде Астана қаласынан жерлесіміз, басылымның бұрынғы тілшісі Гүлжан Рахман төмендегідей зерттеуін жолдапты. Мәселенің өзектілігін ескере отырып, мақаланы жариялағанды жөн көрдік. Басқа ата-аналарды да бала болашағына қатысты мәселеде үнсіз қалмайды деп сенеміз.

Мектеп оқушыларының 50 пайызында ішек жолдарымен байланысты аурулар бар. Қазақстан бойынша жүр­гізілген медициналық-демографиялық зерттеулер нәтижесіне көз салсақ, бала­лар арасындағы қаназдық (анемия) деңгейі 69 пайыздан асып түскен. Соңғы бес жылда балалардың түрлі ауруға шалдығ­у оқиғалары 22 пайызға артқан. Жағдайдың бұлай ушығуына негізгі фактор  – мектеп асханаларындағы ахуал­ екенін біле тұра, жайбарақат жүрміз. Білім және ғылым министрлігі мектептердегі тамақтануға қатысты түйткілдердің бар екендігін жыл сайын мойындап, жаңа жүйе енгізуден жалықпай-ақ келеді. Нәтижесіз жүйенің жаңа­лығы да аз болып тұр. Себебі сол, жуыр­да қалалық «Әділет» тұтынушылардың құқығын қорғау қоғамы 84 мектептің ішінен 47 мектептің асханасын кешенді түрде зерттеп, оның ішінде 20 мектеп асханасының талапқа сай еместігін анықтады. Қалған 37 мектептің енді тексерілетінін ескерсек, басқасын айтпа­ғанда, бас қаланың білім ошақ­тары  баланы  дұрыс тамақтандырудың жүйелі  жолын  таппаған  болып  отыр.

 

Тамақтан  жыру  –  баланың  несібесіне  ортақтасу

Балалар тамағын ұйымдастыру, әсіресе, оқу процесі кезіндегі тамақтандыру – мемлекеттік маңызы бар мәселе­. Оған мемлекет те, қоғам да, ата-ана да жеткілікті көңіл бөлуге тиіс. Мектепте балаларды тамақтандырудың басты талапт­ары сақталуы, оқушының жас ерекшелігіне сай дамуы ескерілуге тиіс.

«Әділет» тұтынушылардың құқығын қорғау қоғамы жүргізген жұмыстың нәтижесінде мемлекеттік орган тарапынан мектеп асханасын  жалға алып отырған 45  жалдаушыға  айыппұл  салыныпт­ы.

Мәзір дайындап, пайдалы тағам әзірлемес бұрын тиісті органдар ұсын­ған және сертификаттаған азық-түлікті сатып алу керек. Оның үстіне, бала деген­ сан түрлі азық-түлікті пайдалануы қажет. Күнделікті рационда міндетті түрде ет, сүт, нан, жарма, жаңа піскен көкөніс пен жеміс-жидектер болуы шарт. Кей тағамдарды (балық, жұмырт­қа, қаймақ, ірімшік және басқа да ашымал­ сүт өнімдері) күн сайын жеу міндетті емес, бірақ бір апта көлемінде 2-3 рет тұтынуға тиіс. «Зерделеу барысында түсінгеніміз, мектептегі сапасыз және бейберекет тамақтандыру жүйесі анық көзге ұрып тұрды. Осыдан кейін қалайша оқушылардың денсаулығын ойлап, алаңдамайсың?! Жұмысымыздың нәтижесінде 10 адам жұмыстан шығарылып, табылған кемшіліктерді түзету үшін 45 нұсқама жаздық. Мектеп­ тамағын зерттеу кезінде жыл сайын сол бір фактілерді анықтаймыз. Мәзірді көбінде баланың биологиялық құнды заттарға деген физиологиялық қажет­тілігін емес, азық-түліктің бағасын еске­ре­  отырып жасайды. Ол аз болғандай, кей кәсіпкерлер әлі күнге дейін кем өл­шеп, ақшадан жеп, басқаша айт­қан­да, баланы тонап отыр. Тамақтан жырып, баланың несібесіне ортақтасып отырған­ мұндай кәсіпкерлерді тоқта­татын уақыт жетті» дейді қор төрағасы Қабыкен Зака­риянов.

 

Мектеп  тамағының  ғылыми  негізделген  стандарттары   жоқ

Мектеп оқушыларын тамақт­андырудың өзіндік ерекшеліктері бар. Бірақ оны ескеріп отырған кім бар? Қалтасының ғана қамын күйттей­тін кәсіпкерлердің көбейгенін, ең қорқыныштысы, олардың бала тамағына ортақта­сып, ойындағысын жасап­ жүргенін жанашыр зерттеушілер шырылдап айтып отыр. Балалар мен оқу­шылардың денсаулығына пайдалы тамақ саясатын ендір­у және бақылау комите­тінің төрағасы Марат Белаев мектеп тамағын ұйымдас­тырудағы негізгі кемшіліктерді  жайып  салды. «Олар баланың дене және ақыл-ойы­ның дамуына ықпал етпейді, тіпті оқушының денсаулығына зиянын тигізуі мүмкін. Әлі күнге дейін балаларды тамақтандырудың нормативті құжаттары, мектеп тамағының ғылыми  негізделген  стандарттары  жоқ. Міне, мектеп асханасын жалға алып отырғандар осыны ұтымды пайдаланып отыр» деген ол мектеп тамағының басым  бөлігінің тұрмыстық қалдыққа айнал­уы бекер емес екенін айтады. Сарап­шылардың оқушылар мен ата-аналар  арасында  жүргізген сауална­масы­ негізінде мектеп асханасындағы тамақтың­ дәмсіз, біркелкі екені де анық­талыпты.

 

Баламыз  –  319,  мысығымыз  450  теңгеге  тамақтанады

Кезінде Астана қаласы бойынша бірінші рет бастауыш сыныптарға, аз қамтамасыз етілген отбасының бала­ларына тегін тамақ беріле бастағанына қуандық. Әу баста әр балаға 80 теңгеден­ бөлінген. Сосын бұл сома 120, 180, 281, қазір 319 теңгеге дейін өсті. Өкінішке қарай, қазіргі нарық жағдайында азық-түліктің бағасы айтарлықтай қымбаттап, қыс және көктем кезінде одан сайын­ көтеріледі. Міне, дәстүрлі түрде жалғасын табатын бұл қымбатшылық оқушылардың да құнарлы, толыққанды азықпен қамтамасыз етілуіне өз зиянын тигізеді. Осыны ескерген «Әділет» тұтынушы­лардың құқығын қорғау қоғамы  Астана  қалалық  мәслихатына жүгініп,  әр  балаға бөлінетін соманы 319 теңгеден ең болмаса 450 теңгеге дейін  көтеруді  сұрап  отыр.

Баласы мектеп асханасында тамақтанатын көптеген ата-аналар түскі асқа деп ақша береді, ал балалар ол ақшаны шоколадты бәліштерге, тәтті сусынға жұмсайды. «Хот-дог секілді жартылай дайын өнімді балалардың 86 пайызы күнделікті тұтынады екен. 18 пайызы газды  сусындарды  күнделікті ішеді. Бұл тағамдарды  үздіксіз пайдалану салдарынан оқушылар арасында семіздік, жүрек, жүйке жүйесі аурулары, қаназдық, қан айналым жүйесінің бұзылуы, тыныс алу, ас қорыту мүшелерінің сырқаттануы, құрт ауруы белең алып келеді. Расында да бүгінде бұл аурулар балаларда жиі кездесетін болды» дейді №1 қалалық емхананың учаскелік терапевт дәрігері  Гүлзия Қайырбекқызы. Осыны­ ескерген АҚШ мемлекеті 2004 жылы жүріп бара жатып, жүрек жалғайтын «фаст-фуд» тағамдарын оқушылардың жеуіне тыйым салған. Ал біздің мектеп­тің асханаларына бұл тағамдар сатылымда  әлі  самсап  тұр...

 

Бәліш  –  100  теңге,

компот  –  80 теңге

Мектеп асханаларындағы өнім­дер­дің бағасы тым шарықтап кеткен. Мысалы, картоп қосылған бәліш – 100 теңге, компот – 80 теңге, ал олардың өзін­дік  құны бұл сомадан әлдеқайда төмен. Мектеп асханасының өзіндік ерекшелігін ескере отырып, сатылатын тағамда­рдың шектік баға мәнін бекіту керек, себебі олардың қызметін пайдаланатын, негізінен, балалар. Оның үстіне, тамақ сапасын зерттеушілер мектеп асханаларындағы нан өнімде­рінің тым көптігін алға тартып отыр. Балал­ар уақыт пен ақшаны үнемдеу үшін толыққанды түскі астың орнына соны жей салады екен. Сондықтан ұн өнімдерінің көлемін қысқартып, мәзір­ден шұжық өнімдерін, атап айтқанда сосисканы алып тастау керек. Бұған қоса, алдағы уақытта бұл мәселеге ата-аналар да араласып, баласының қандай тамақ жеп жүргенін қадағалап отыру керек. Ата-аналар комитеті, сауатты тәуелсіз сарапшыларды, технологтарды тартып, өз мектебіндегі тамаққа кешен­ді түрде жүйелі зерттеу жүргізгенде ғана бұл мәселенің түйіні ептеп шеші­мін таба бастауы мүмкін. Сондай-ақ, сарапшылар мектеп асханаларына бақы­лаушы  камералар  орнату  керектігін  де алға  тартып  отыр.

 

Комбинаттар  қашан  іске  қосылады?

Бастауыш сынып оқушыларын тегін тамақтандыру жүйесі бізге шетелден жеткенімен, солардағы «тамақтану комбинаттары» атқаратын жұмыс түрі әлі жете қойған жоқ. Оқушының жас ерекшеліктеріне сәйкес тағамның мөлшері­не дейін есептелетін комбинатта әзір­ленген тағамдар контейнерлерге салынып, арнайы көліктермен ғана мектептерге таратылады екен. Осылайша, халық­аралық стандарттың қажетті жерін ала алмай отырған біздің асханалардың жайы ақсап қалып отыр.

Ұмытпасақ, 2011-2020 жылдарға арнал­ған білім саласының мемлекеттік даму бағдарламасына мектеп тамағын жетілдіру жөніндегі іс-шаралар да енгізілген болатын. Бұл бағдарламаға сәйкес, 2020 жылы мемлекеттік-жекеменшік әріптестік негізінде облыс орталы­қтарында, Астана мен Алматы қалаларында мектеп тамағын әзір­лей­тін 16 энергияүнемдегіш комбинат салу да жоспарланған еді. 2014 жылы үш­сатылы сапа тексеруінен өткен, жоғары сапалы азық-түліктен таңғы ас пен түскі асты әзірлейтін мектеп тамағын ұйымдастырушы кәсіпорын құрылысын баста­у мәселесі жолға қойылып, тіпті аталмыш комбинаттың құрылысына жер телімін бөлгені туралы ресми мәлі­мет те берілді. Соңы сұйылып кеткен бастаманың басы-қасындағылар әлі де оқушылардың денсаулығын, еліміздің болашағын ойласа, осы мәселеге қайта оралады деп ойлаймыз. Себебі қымбатшылық қысқан, азық-түліктің сапа­сына сын көзбен қарайтын, оқушылардың денсаулығын ойлайтын уақыт жеткенде­ жалғыз жол – осы комбинаттардың іске қосылуымен қатысты болып тұрғандай.

Гүлжан   РАХМАН,

журналист,

Астана   қаласы

 

P.S. Мектептің асханасына қатысты мәселеге жалғыз білім басқармасы­ емес, мектеп директорлары да жауапты. Бұл мәселе қанша көтерілсе де, Астананың әлі бірде-бір мектеп директоры бас көтеріп көрген емес. Қарауын­дағы қаншама мың баланы тамақтандыратын кәсіпкерді таңдайтын­ мектеп басшылығының өзі болғандықтан, олардың да баланың болашағына­ бейжай қарамағаны керек. Ендеше, Үкіметтің белгілеп бергені 319 теңге болса, осы сомаға қызмет етем деген нағыз мамандардың қолына жұмыс беруді ең алдымен мектеп директоры қадағалауы қажет емес пе? Үкімет ұлт болашағын ойласа,  мектеп  асханасын  реттеуді қолға  алар  деп  үміттенеміз.­


 

 

Сіз не дейсіз?

Тұрсын ЖАҒЫПАРОВА, «Әділет» тұтынушылардың құқығын қорғау қоғамы төрағасының орынбасары:

– Шыны керек, кәсіпкердің 80-90 пайызы тек ақша тапсам деп ғана ойлайтын болып кетті. Біздің заңымыз оларға өте көп мүмкіндіктер беріп отыр. Сонда баланың жайын кім ойлайды?

Мектеп директорларын да түсінуге болады. Бұрын олар мектептің тек білім сапасына, тәрбиесіне мән беріп келсе, қазір олар – менеджер. Барлық істің басы-қасында өздері жүруі керек. Қандай шараға да өздері қатысу керек. Екінші жағынан тұтынушылардың өздері белсенді емес. Олар мемлекетке иек артып алған. Неге әрбір ата-ана өз баласы үшін келіп мектеп асханасын тексермейді, неге өздерінің құқықтарын пайдаланып, қадағаламайды? Қоғамда осындай қозғалыс болғанда ғана біздегі бұл жүйеде өзгеріс болуы мүмкін.


 

 

Сәкен ЕРМЕКОВ, кәсіпкер:

– Астана қаласы бойынша мектеп оқушыларын тамақтандыруға жарияланған тендерді ұтып алғандардың денінде жоғары санатты аспаздар да жоқ. Жылда қайталанатын жағдай, тендерге қатысқандардың арасында ұзақ жыл қызмет еткендер емес, жаңа кәсіпкерлер көбіне бой көрсетеді. Тіпті үш күн бұрын ЖШС ашып, төртінші күні тендерді жеңіп алғандары да болды. Нәтижесін өзіңіз білесіз... Әрбір үшінші баланың денсаулығында  кінәрат  бар.


 

 

Бағым ТӨЛЕПБЕРГЕНОВА, ата-ана:

– Балам былтыр бірінші сыныпқа барды. Мектептің тамағын ішпейді. Мәзірлеріне қарасам сүзбе, бал деп тұр. Ваниль, шоколад және құлпынай дәмдері бар дейді. Мұның бәрі химиялық қоспаларға жатады. Ішіп көрсең, бала түгіл, өзің іше алмайсың. Қаншама жағдайы жоқ, үй жағдайында ыстық тамақ іше алмайтын балалардың жайын неге ойламайды? Олар ең болмаса мектепке келіп бір мезгіл дені дұрыс тамақ ішсе қалай болар еді?

 


БӨЛІНГЕН АҚША БӨЛІСКЕ ТҮСПЕСІН PDF Print Email
Жаңалықтар - Саясат
05.04.2018 11:26

Мұғалім мәртебесін арттыру мақсатында білім берудің жаңартыл­ған мазмұнына көшкен ұстаздардың лауазымдық жалақыс­ы осы жылдың 1 қаңтарынан бастап 30 пайызға көбейген болатын. Әлбетте, жалақының өсуі “Білім беру мен ғылымды дамыту­дың 2019 жылға арналған” мемлекеттік бағдар­ламасына тікелей  байланысты. Осының  негізінде олардың жалақысы жоспар­ бойынша өседі. “Қазіргі таңда елімізде 300 400 ұстаз бар. Олардың 67 пайызының жалақысы  осы жылы көбейеді. Ал қалған мұғалімдердің жалақысының көтерілуі жоспар бойынша жүргізіледі” деген болатын ҚР Білім және ғылым вице-министрі Бибігүл  Асылова  өз  сөзінде.

Ал, апта басында өткен Үкімет отырысында қаржы министр­і Бақыт Сұлтанов алдағы үш жылға арналған республи­калық бюджет­ке  қандай  өзгерістер  енгізілгенін  баяндады.

- Республикалық бюджет түсімдері 81 млрд теңгеге ұлғай­тыл­ып, 8 трлн 759, 7 млрд теңгені құрады. Бұл негізінен мұнай бағасы мен өндіру көлемінің ұлғаю нәтижесінде мұнайға экспорттық-кеденді­к жағынан түскен түсімдер есебінен болып­ отыр. Тапшыл­ық 883,3 млрд теңгені құрайды. Нәтижесінде 2018 жылға арналған республикалық бюджет шығыстары 417 млрд теңгеге ұлғайып, 9 трлн 463 млрд теңгені құрайтын­  болады. Осы қаражат көлемінен 292 млрд теңге мемлекет басшысының “Қазақстанның үшінші жаңғыру­ы: жаһанды­қ бәсекеге қабілеттілік” және “Төр­тінші  өнеркәсіптік  революция  жағдайындағы дамудың  жаңа  мүм­кіндік­тері” атты Жол­дауларын іске асыруға бағытта­латын  болады­, - деді  министр.

Министрдің ақпаратынша, мұғалімдердің жалақы­сын  30-дан  50  пайызға  дейін  көтеруге  62 млрд теңге, Назарбаев университетін одан әрі дамытуға 31 млрд теңге қарастырылып отыр. Білім беру гранттарын ұлғайту бойынша 5 млрд теңге бөлінбек. Үкімет басшысы Бақытжан Сағын­таев  республикалық бюджетті нақ­тылау­ туралы­ заң жобасын тез арада Парламе­нт қарауына  енгізуді­  тапсырды.

Шынын айту керек, ұстаздар “мұғалімдердің айлығы көбейеді, қосылады, осынша­ ақша  бөлінеді” деген секілді жауыр болған­ ақпараттардан шаршағандарын айтады. Өйткені, “айтылған­ сөз сол жерде қалып қойма­ды ма екен?” деп алаңдайтындар көп. Қолына әлі көк тиын алмаған ұстаздардың мұндай жаңалық­қа атүсті қарай салуы содан шығар.

 


ОҚУШЫ БІЛІМІН ЖЕТІЛДІРМЕЙ, СЫНЫПТА СМАРТФОН ҚУАТТАСА... PDF Print Email
Жаңалықтар - Мәселенің мәнісі
05.04.2018 11:23

Дәл қазір балаға білім мен смартфон тең берілсе, қайсысын тез қағып алатынын сіз де, біз де жақсы білеміз. Өйткені, оны көз көріп жүр. Смартфонның сал­дарынан  көздің  көруі нашар­ла­са да, одан көз тарту әлі сиреген жоқ. Бұл тұтастай Қазақстан мектептерінде бар ахуал. Мұнымен күрес қалай жүргізілмек? Сана-сезімін сабақ сайын дамытуға тиіс оқушылар саусақпен смартфон шұқылап отыра берсе, білімнің көкжиегін бағындыра ма? “Иә” деп сенімді айта алмаймыз. Аталмыш мәселе әлі күнге түбегейлі өз шешімін тапқан  жоқ. Десе де, Қазақстанның бірқатар облыстарында оқушыларға смартфондарды ұстауға тыйым салу мәселесі қарастырылып жатқан көрінеді. Бұл туралы­ “ҚазАқпарат” ХАА-ға ҚР БҒМ Балалардың  құқықтарын қорғау комитеті  хабарлады.

“Бірқатар өңірлерде (Алматы қаласында, Алматы, Ақмола, Атырау, Ақтөбе, Жамбыл, Қы­зыл­орда, Қостанай, Маңғыстау, Павлодар, Батыс Қазақстан, Солтүстік Қазақстан және Оңтүстік Қазақстан облыстарында) мектеп оқушыларына тек қарапайым ұялы телефондарды қолдану туралы мәселе қарас­тырылуда. Мұндай шешім оқушылардың  ата-аналарымен келісіл­геннен кейін қабыл­данды”,- дейді комитет мамандары.

Айта кетейік, ҚР “Білім тура­лы” Заңы аясында оқушылар мектептің ішкі тәртіп ережеле­рін сақтауға міндетті. Ережелерде олардың бұзушылықтары үшін қабылданатын шаралар көрсе­тілген және әрбір жағдай ата-аналардың (заңды өкілдерінің) қатысуымен жеке педагогикалық кеңестерде қаралып отырады. Егер мәселе толық шешімін тап­қан жағдайда білім беру ұйымдарында планшеттерді және смартфондарды қолдану жайы мектептердің ішкі тәртіп ере­желерімен реттелмек. Сонымен қатар, Қазақстан Республикасының заңнамасымен ішкі тәртіп қағидаларын әзірлеп, бекіту жергілікті атқарушы органдардың және сол білім беру ұйымдарының құзыретіне жататындығы  айтылған.

Ел ішінде “оқушыларға мектепте тек сапалы білім берілсе жеткілікті. Смартфонды мек­тепке кіргенде сөндіріп қойып, шығарда қосса да болады. Сабақ барысында смартфон қолданса, ойы бөлініп, сабаққа зейіні де болмайды” деген пікірді ұста­натындар өте көп. Тиісінше, мектепте оқушыға смартфон берілг­енін дұрыс санап, жақсы жағынан,  яғни   сабаққа  қатысты пайдаланғанын  құптайтындар да табылады. Біздіңше, бұл саны бар болса да, сапасы жоқ ком­пьютерлерді  алмастырудың тиімді  жолы  секілді.

Оқушы мектепте білімін жетіл­дірмей, сыныпта смартфонын қуаттап отырса қалай болар екен? Әрине, мұны қолдап, қолпаш­тайтындардың саны аз шығар.­ Шикіліктің де шегі болуы­ керек. Қит етсе, бар кінәні мұғалімге ысыра салатындар жетеді бізде. Былайынша қарағанда бұл алдымен басшылық, содан соң ата-ананың жұмысынан аспайтын нәрсе. Мемлекеттен міндет­ті тыйым, отбасынан орынды тәртіп алған оқушылар мектеп ережесіне кедергі келтіреді деу қиын. Ал, біз қашан да барлығын мұғалімнің мойнына жүк­тейміз де жүреміз...

 


ТІСТІҢ БҮЛІНГЕНІ – ІШТІҢ БҮЛІНГЕНІ PDF Print Email
Жаңалықтар - Мәселенің мәнісі
05.04.2018 11:22

Қазіргі күні балалар арасында жиі кезде­сетін аурулардың қатарынан тіс ауруы ойып орын алады. Осыдан бірер жыл бұрын республика бойынша балалардың 25 пайызының ғана тісі сау болған­. Бұл ақпарат М.Оспанов атындағы Батыс Қазақстан мемлекеттік медицина университетінде өткен ІІ халықаралық ғылыми-тәжірибелік форумда айтылды.

Қызылорда облыстық кеңес беру диаг­ностикалық орталығында стоматология саласында еңбек етіп келе жатқан маман Гүлнәр Сейсенбаеваның сөзіне сүйенсек, 2017 жылы 105 000 адам орталықтағы тіс дәрігерінің қабылдауынан өткен. Оның ішінде 1 жастан 14 жасқа дейінгі балалардың  саны – 80 000. Бұл науқастардың барлығы емді тегін алған. Қызылордалық балалар арасында аурудың жиі кездесетін түрі – кариес, пародонтоз. Мамандардың айтуынша, тіс кариесі – ең көп таралған аурулардың бірі. Бұл сырқатқа шалдыққан адамда қатты тіндерінің бұзылуынан тісінде қуыс пайда болады. Ал балаларда бұл тым ерте басталады, әсіресе, тұрақты азу тіс шыққаннан кейін тіс кариесінің «қонаққа» келгенін аңдамай қалуыңыз мүмкін. Кариес тұрақты тіске де, сүт тіске де зақым келтіреді. Тіс кариесі пайда болға­ннан кейін бактериялар ішке еніп, түрлі тәтті тағамдарды жеген соң қышқыл­ ферменттер бөліп шығарады. Ал мұның өз кезегінде тістің қатты тінін жұмсартып, оны бұзуына зор әсері тиеді. Аурудың баста­пқы кезеңінде тісте ақ дақ пайда бола­ды. Осы кезде дереу тіс дәрігеріне көрінбесеңіз, бұл процесс тоқтамастан, тіс қуысындағы жұмсақ тіндерге таралып, тістің эмалін босатып жіберуі мүмкін.

Ал пародонтоз кезінде тіс ткані желі­ніп, сына секілді ақау пайда болады да, тіс түбірлерінің ыстық-суыққа сезімталдығы артып, мазалай бастайды. Тіс мойы­ны түбірінің жалаңаштанып, қызыл иектің семи бастағанын байқасаңыз, пародон­тоздың  алдын  алуға  көшіңіз.

Облыстық кеңес беру диагностикалық орталығында мемлекеттік тапсырыс бойын­ша жұмыс істейтін стоматолог маманд­ары балаларға арнайы профилактикалық  шаралар  ұйымдастырып тұрады. Мәселен, тіс гигиенасының сақ­талуы, тісті қандай жіппен тазалау қажеттігіне дейін баса назар аударып, мектеп жасындағы балаларға түсіндіру жұмыс­тары жүргізіледі. Сондай-ақ, үнпарақтар таратылып, ауру туралы нақты мәліметтер­ беріледі. Мұнан бөлек жазғы маусымда балалардың тынығу лагерьлеріне өз өкіл­дерін жіберіп, ондағы балалардың арасынан тіс ауруы барын анықтап, емдейді.

- Қазіргі таңда біз мемлекеттік тапсы­рыс бойынша науқастарға қызмет көр­сетеміз. Алдағы уақытта физкабинет ашуды жоспарлап  отырмыз. Пародон­тозды емдейтін құрал-жабдықтар алдырып, сырқаттарға көрсетілетін қызмет сапасын  одан  әрі  жетілдіре  түспек ниет­те­міз, - дейді облыстық кеңес беру диагностикалық  орталығының  бас дәрігері­нің  орынбасары  Г.Сейсенбаева.

Тістің бүлінгені – іштің бүлінгені. «Ауру – астан» десек, күллі аурудың бастау­ы ауыз қуысынан дегенді де қоса айтамыз­. Себебі жақсы күтілмеген тістің соңы түрлі ауруларға, ал шала шайналып желінген тағам асқазанды бұзуға алып келеді. Мұнан соң дерттің бірінен кейін екіншісін «жамай» бере­тініміз анық. Сондықтан қазақ ежелден-ақ «атақсыз» деп атау берген тіс ауруына салғырт қарау кешірілмек емес.

Ж.ҚОЙШЫБЕКОВА

 


САРЫ АУРУ САРСАҢҒА САЛМАСЫН PDF Print Email
Жаңалықтар - Арнайы беттер
05.04.2018 11:20

Жуырда Қызылорда қаласында А вирусты гепатитіні­ң эпидемиологиялық ахуалы тұрақсыз деп хабарланды. Себебі аталмыш ауруға шал­дыққан оқушылар қатары уақыт өткен сайын көбейе  түсуде. 2016 жылы науқастар саны бар-жоғы  төртеу  болса, былтыр бұл дерек артқан, яғни  9  ауру  дерегі  тіркеліпті.

А вирустық гепатиті халық арасында бауырдың  ұлғаюы және сары ауру деген атпен жақсы таныс. Қазақстанда  ғана  емес, дүниежүзінде  кең тараған инфекциялардың бірі. Бірақ тарауы әр жерде біркелкі болмайды. Мамандардың айтуынша­, сырқат әсіресе, күз, қыс мезгілінде жоғарылайды. Фекальді-оральді жолмен тарайтын  вирусты инфекция 3-12 жас аралығындағы балаларда  жиі  кездеседі.

Өңірімізде осы аурудың дендеп кетуіне байланысты қазір қала мектептеріне тексеріс шаралары  жүргізілуде. Талапқа сай емес мектептерге хаттама толтырылған. Бұл жөнінде қалалық қоғамдық денсаулық сақтау басқармасы бас­шысының міндетін атқарушы Гүлмира Сыздықова науқасқа  шалдыққан  оқушыларға   жұқпалы­    А гепатитіне қарсы екпе егілмегені белгілі бол­ға­нын айтқан. Қазіргі таңда аурушаңдықтың алдын­ алу мақсатында мектептерде эпидемиологиялық көрсеткішке байланысты қарым-қаты­наста болған­ 14 жасқа дейінгі 961 баланың 751-іне екпе егілген. Екпенің тиімділігі туралы мектеп басшы­лығымен бірлесе отырып, одан бас тартқан ата-аналарға түсіндіру жұмыстары жүргізілген.

«Даудың басы» екпеде болса, аурудың алдын алу мақсатында егілетін екпеден ата-аналар неге бас тартуы мүмкін? Бұл туралы өңірлік коммуни­кациялар қызметінде өткен брифинг барысында облыстық қоғамдық денсаулық сақтау департаментінің басшысы Ұлжан Аханаева «екпе егу кей­бір ата-аналардың діни көзқарасына қайшы, осы сияқты көптеген себептермен ата-аналар балаларына екпе егуді құп көрмейді» деген болатын.

Байқағанымыздай, екпе екпеудің салдары дерттің жоғарылауына ғана алып келді. Ал басты байлығына жауапкершілікпен қарайтын әрбір адам оған қатысты таңдауға да салғырт қарамасы шындық.

Ж.Бағланқызы

 


«АЙНАМЫЗҒА» ЖИІ ҚАРАП ЖҮРМІЗ БЕ? PDF Print Email
Жаңалықтар - Арнайы беттер
05.04.2018 11:14

«Адам бүгін театрға ертең адам болып қалу үшін барады» депті канадалық режиссер Робер Лепаж. Сан түрлі өнердің басын бір ордада біріктіріп, майталман мамандардың еңбегін сахнаға шығаратын театр, расында, құдіретті. Актерлердің шынайы эмоциясынан туған кейіпкерлер арқылы қоғамды, өмірді тағы бір қырынан танимыз.

27 наурыз – Халықаралық театр күні. Мерейлі мерекеге орай облыстық Н.Бекежанов атындағы қазақ музыкалық драма театрында «Театр – өмір айнасы» атты кеш өтті. Айтулы күн қарсаңында ұйымдастырылған салтанатты шара жаңашылдығымен, ерекшелігімен көрермен көзайымына айналды. Залдың лық толы болуы өнерсүйер қауымның актерлерге деген ыстық ықыласын аңғартқандай. Мерекелік кеш шымылдығы театрда қызмет атқарған ардагерлерді еске алумен ашылды. Қазақстан Республикасының мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы,  облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының басшысы Мира Рахымжанқызының және басқа да театр ұжымдарының арнайы құттықтаулары оқылып, жұртшылық театр актерлеріне құрмет білдірді. Кәсіби мерекеге орай өнер үздіктері марапат биігінен көрінді. Қойылымдарға жиі келіп, тұрақты көрермен болғаны үшін Алмат Шалқарбаев «Үздік көрермен» номинациясына лайық деп танылды. Ал театр өнерін БАҚ арқылы қалың бұқараға насихаттап, үздік бейнетүсірілімдер жасағаны үшін «Театр өнерін насихаттаушы» номинациясымен «Қызылорда» телеарнасының операторы Ахан Әлиев, сахна шеберлерінің өнердегі өмірі туралы үздік мақалалар жариялағаны үшін «Театр өнерін насихаттаушы» номинациясымен облыстық «Сыр бойы» газетінің тілшісі Назерке Саниязова марапатталды.

Жыл бойына табысты еңбек еткені үшін «Үздік қызметкер» номинациясымен театр менеджері К.Жүсіпова, сахна жұмысшысы Ж.Кәрімбердиев және кіші қызметкер Ж.Бұлтынбаева, «Қуыршақ» спектакліндегі табысты ролі» номинациясымен «Қожа мен спорт» қуыршақ спектакліндегі әже ролі үшін артист А.Қиятова, «Ойнайықшы бір, ойлайықшы бір...» комедиясындағы Уылдырық ролі үшін артистер С.Жүзбай және Бекіреш ролі үшін З.Кенжәлі «Үкілі үміт» номинациясымен, «Ғашықтар хикаясы» комедиясындағы Ақмақта ролі үшін «Эпизодтық табысты әйел бейнесі» номинациясымен артист, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Ү.Бегімова және «Ойнайықшы бір, ойлайықшы бір...» комедиясындағы Файл ролі үшін «Эпизодтық табысты ер бейнесі» номинациясымен артист Д.Сабыров, жыл бойында сахналанған спектакльдерді бимен көркемдегені үшін «Үздік қойылым» номинациясымен балетмейстер М.Абишева, Уильям Шекспирдің «Макбет» трагедиясындағы Мыстан ролі үшін «Ең үздік әйел бейнесі» номинациясымен артист М.Пұшпақова және Қанат Жүнісовтың «Ғашықтар хикаясы» комедиясындағы Дастан ролі үшін «Ең үздік ер бейнесі» номинациясымен артист Б.Ошақбаев, «Театрымыздың тарихи тұлғасына айналған артист Яһуда Халықұлов атындағы ауыспалы жүлдемен» артист Қ.Архабаев, «Қазақстанның еңбек сіңірген артисі Әлия Арысбай атындағы ауыспалы жүлдемен» артист А.Төлеуова, «Қазақстанның халық артисі Серік Шотықов атындағы ауыспалы жүлдемен» артист, Мәдениет саласының үздігі Б.Темірбеков марапатталды.

Айта кету керек, айтулы дата қарсаңында Алматы қаласында өткен Қазақстан Театрлар Ассоциациясының «Сахнагер-2018» Ұлттық театр жүлдесін тапсыру салтанатында театрдың жас артисі А.Оразалиев «Үміт» номинациясын алған болатын. Осылайша шара барысында талантымен тамсандырып, қабілетімен ерекшеленген дарабоздардың еңбегі еленді, мерейі тасыды. Әсем ән, әдемі әуен де осында. Мың бұралған бишілердің өнері келген қонақтардың көңілін бір серпілтіп тастағандай. Кеш өнерсүйер қауымға рухани тарту болды.

Театр – өмір айнасы. «Өміріңізбен» бетпе-бет келуден именбей, «айнаңызға» қаншалықты жиі қарайсыз, көрермен? Жауабыңыз болмаса, театрға келіңіз!

Жазира БАҒЛАН,

Н.Нұржаубай (сурет)

 


“АСТАНА” ЖҮРІСІНЕН ЖАҢЫЛМАДЫ PDF Print Email
Жаңалықтар - Сергек
05.04.2018 10:59

Футболдан Қазақстан Премьер-лигасының кезекті турында Қызыл­орданың “Қайсарын” былтырғы ел чемпиондары қабылдады. Бұған дейін екі мәрте өз алаңында доп тепкен “қасқырлардың” бұл биылғы біріншілік барысындағы өткізген түздегі тұңғыш ойыны болатын. Қарсыласымыз – атынан ат үркетін, еуропалық стильге біртабан жақын “Астана” футбол клубы. Алғашқы турда еліміздің төрт дүркін чемпионы саналатын елордалықтар “Ақжайықты” 3:0, одан кейін түзде “Жетісуды” 2:0 есебімен жеңген еді. Осылайша, қос ойында 5 гол соғып, қақпасын құрғақ ұстаған астаналықтарға  қарсы  ойын  және  матчтың  барысы  былайша  өрбіді.

Ас-суын қамдап, құрал-сайманын түгелдеген егіншідей ісіне екпін қосқан қайсарлық жан­күйерлер 30 наурыз күні азанғы 10:00-де Ғани Мұратбаев атындағы орталық стадион маңына жиналды. Аз ғана уақытта бір-біріне бірнеше күн жолсерік бола­тындар өзара танысып, білі­сіп жатты. “Алға, Қайсар!” деп ұрандатқан Сыр клубының жанкүйерлері сапынан біз де табылып, көп ұзамай “Қызылорда-Қарағанды-Астана” бағытына жолға шығып кете бардық. Қолдауға аттанғандардың жас шама­лары әртүрлі. 30-40 жыл бойына туған клубының туын төмен жыққыс­ы келмейтіндермен қатар, соңғы 2-3 жылдың көле­мінде ғана “қасқырларды” қолдап, әр ойынын асыға күтетіндер де табылд­ы. Ең бастысы, автобус­қа жайғасқан 50 жанкүйердің арманы­ – “Қайсардың” жеңісін, сү­йікті командасының ойынын көру.

Ә дегеннен әңгіме жергілікті клубтың өткен ойындары, биыл­ғы құрамы турасында өрбіді. Өзімізше “Болжам-бәйге” ұйымдастырып, матчтың есебін дәл тауып көруді бастап кеттік. Қан­ша адам болса, сонша пікір болады дегендей, әртүрлі жорамалдар айтылды. Керіспеді, келісті. Болжады, болмады. Жүйткіп келе жатып, “Қайсарға” қандай жағдай болса да, 90 минут бойына қолдау білдіруге өзара уәделестік. Өйткені, жанкүйерліктің анықтамасы жеңсе ғана болысу емес екендігін футболсүйер қауым жақсы  түсінеді.

“Жол азабын жүрген білер” демекші, Жезқазған қаласы аумағына келгенде, табиғат тосын мінез танытып, айнала шаңнан көрінбей қалды. Құйындай құйғытқан бұрқасын автобустың жүруіне қиындық тудырды. Ұшы-қиыры жоқ секілді көрінетін Бетпақдала бір ғана көріністі көз алдың­а  әкелетіндей. Әлсін-әлсін алыстан шаңдатып машина көрініп қояды. Ойдым-ойдым жол кітап оқуға мұрша бермейді. Қолыңызды шекеңізге таянып, ойланудың өзі мұң. Терезеге тел­міріп, мидай мекеннен кеңдік пен шексіздіктің символын байқайсыз. Ойпаң жерден жай өтіп, қыраң жерге тоқтаған автобустың жүрісі тасжолға түскенде ғана өне бастады. 12 сағатқа жуық жол жүр­ген автобус күннің ауысуына бір сағат қалғанда Қарағанды маңындағы “Атбасар” деген жерге тоқтауға мәжбүр болды. Бізге жеткен ақпарат бойынша, шахтерлер қаласы қалың қар, боран және көктайғақ екен. Сол тұрғаннан мол тұрдық. Қасқыр сынды қайраты бар жанкүйерлер 8 сағат бойына аялдап, Тәңірдің таңы атқанда, яғни сағат 7:50-де Астанаға  қайта аттана жөнелді.

Жалпы, “Қайсар” басшылы­ғы өзге қалаларға жанкүйерлер апаруда мықтылық танытып келеді. Өткен жылы Алматы, Тараз, Шымкент, Ақтөбе қалаларына сырбойылықтарды алып барып, команд­аға қолдау білдіргені қалың көпшіліктің есінде шығар. Аталмыш үрдіс биыл да өз жал­ғасын тауып отыр. Әлгі тізімге клуб басшылығы және жанкүйерлермен жұмыс істеу тобы Қарағанды қаласын қосыпты. Жақсының жақсылығын айту керек, мұны жерлестердің пікірімен санасу, оларға құрмет көрсету деп ұғын­ғанымыз жөн. Сонымен, 1200-ден аса шақырымды артқа тас­таған сырбойылық жанкүйерлер 27 сағат дегенде “Астана Арена” ста­дионының дәл жанынан табыл­ды.

“Астана Арена” – төбесі жабылатын, еуропалық стандартқа сай еліміздегі бірден-бір емес, бірегей стадион. Құшағына бір мезетте 30 мың көрерменді сыйдыра  алатын алаңға ел біріншілігі аясында мұндай сандағы адамды көру мүмкін емес. 3500 көрермен жиналған ойын тағдыры небәрі 15-минутта шешіледі деп кім ойлаға­н? Себебі сол, қос команданың қайраты қашып, ойынға зауқы соқпай қалды ма дерсің?!     9-минутта ганалық футболшы Патрик Твумаси хорват легионері Марин Томасовтың пасын голға айналдырды. Арада 6 минут өтер-өтпестен Роман Мұртазаев мергенд­ігімен танылып, есепті 2:0-ге жеткізді. Бұл жолы да әріптесіне пас берген – Марин Томасов. Бірінен соң бірі кірген голдан “Қайсар” ойыншылары есеңгіреп қала берді. Десе де, алыстан ат арытып барған жан­күйерлер және сондағы жерлестер 90 минут бойына өз клуб­тарына қолдау білдірумен болды. Ойыннан кейін команда капитаны Мақсат Байжанов, клуб дирек­торы Серік Досмамбетов қолдаушылардың ортасына келіп, алғысын білдірді. Өз кезегінде жанкүйерлер де жағдай жасағ­аны үшін клуб басшылы­ғына  рақметін  айтып  жатты.

Осыдан соң, “Астана” алғаш­қы үш турда гол жібермеген Премье­р-лигадағы жалғыз команда атанып отыр. Сондай-ақ, турнир кестесіндегі көшбасшылық қалпынан таймай, 9 ұпаймен бірін­ші орында келеді. Дегенмен, шәкірттерінің өнері бас бапкері Григорий Бабаянның көңі­лінен шықпапты. “Біз алғашқы 20 минутта жақсы ойын өрнегін көр­сетіп, 2 гол соға алдық. Одан кейін он минуттай өз ойынымызды көрсетіп, бірнеше қауіпті шабуы­лдар ұйымдастырдық. Шынын айтсам, одан кейін ко­ман­да футбол ойнаған жоқ. Шабу­ыл шебінде де, қорғаныста да  сәтсіз  өнер көрсеттік. Матчты­ бақылауда ұстадық, гол соғатын мүмкіндіктеріміз де болды. Алайда командамның бүгінгі аяқ алысы­ көңілімнен шыққан жоқ”, - деді ол  баспасөз  мәслихатында.

Ал, “Қайсар” “Ақжайықтан” алған жалқы ұпайымен турнир кестесінде 9-орында тұр. Қызыл­ордалықтардың  ендігі қарсыласы – талдықорғандық “Жетісу” клубы. Егер де “қасқырлар” бұл ойында да ұпай ала алмайтын болса, Стойчо Младеновтың жағдай­ы қиындай түспек. Қазіргі уақыттың өзінде жанкүйерлер бас бапкердің орнын босатуын талап етіп жатыр.

Рыскелді  ЖАХМАН,

Қызылорда-Астана-Қызылорда

 

“Астана”– “Қайсар” (Қызылорда) 2:0 (2:0)

Голдар: Твумаси, 9 (1:0). Мұртазаев. 15 (2:0).

Ескертулер: Курьор 12, Томасов 63, Коробкин 76, Граф 81.

“Астана”: Эрич (к), Аничич, Кляйнхайслер, Маевский (Щеткин 46), Твумаси (Зайнутдинов 90+1), Станоевич, Томасов, Шомко, Бейсебеков­, Постников, Мұртазаев (Перцух 67).

Қосалқы  құрамы: Мокин, Шитов, Логвиненко, Мужиков, Малый, Прокопенко.

“Қайсар”: Григоренко, Граф, Ламанж, Курьор (Гурман 83), Вере, Коробкин, Әмірсейітов, Евстигнеев, Жаңғылышбай (Аркин 61), Байжанов­ (к), Тағыберген (Камара 61).

Қосалқы  құрамы: Исламқұлов, Джа Джедже, Аржанов, Марочкин, Нәрзілдаев, Чуреев.

Төрешілер: Игорь Чесноков (Өскемен), Анатолий  Ходин (Атырау)­, Ринат  Якбаров  (Семей).

Астана  қаласы, “Астана Арена” стадионы. 3500 көрермен.

 



<< Бірінші < Алдыңғы 1 2 Келесі > Соңы >>

Күнтізбе

< Сәуір 2018 >
            1
2 3 5 6 7 8
9 10 11 12 13 14 15
16 17 18 19 20 21 22
23 24 25 26 27 28 29
30            

Сауалнама

Аса мәртебелі шенеуніктердің қылмысқа шатылып жатқандығы нені аңғартады?
 

Ауа райы

Валюта бағамы

Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі валюталардың ресми бағамдары