Өзекті мәселелер

  • 21.06.18

    Ұлы Жібек жолының бойында орналас­қан көне қалаға жаңа атау берілді. Оңтүстік Қазақстан облысы бұ­дан былай Түркістан облысы деп аталады. Орталығы – Түркістан қаласы. Бұл тарихи шешімді бүрсі­гүні Ел­басы ресми түрде мә­лімдеді.

    Ақордада «Қазақстан  Республикасының әкімшілік-аумақты...

    Толығырақ...
  • 21.06.18

    Жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыру бүгінгі қоғамның басты мәселесіне айналғандай. Жыл сайын парақорлыққа қарсы күрес, оның алдын алу шаралары қанша кү­шейтілсе, керісінше қылмыстық фактілер де солай көбейіп барады. Әкім­дік­тердің құқық қорғау органдарымен бірлесіп өткізген түрлі іс-шаралары да, экс-премьер-министр, министр мен әкімдердің қолына салынған кісен де парақорларды тоқтата алм...

    Толығырақ...
  • 21.06.18

    Нақты жұмыстардың нәтижесі сұралатын уақыт жетті. Бұл облыстағы кәсіп­керлік саласына қатысты. Өткен  сенбіде Жаңақорған, Шиелі  аудандарында  өткен көшпелі  жиында облыс  әкімі  Қырымбек  Көшер­баев өңірдегі кәсіпкерлік са­ласының даму барысын назарға­  алды.

    Мемлекеттік органдар мен қаржы институттары өкілдері қатысқан жиында аймақ  басшысы:

    ...
    Толығырақ...
  • 21.06.18

    «Оның бүркеншік аты – Пеле. Футболды жақсы көретін, жанын сала ойнайтын. Жылдамдығында шек жоқ. Осыдан 50 жыл бұрын, 19-20 жасымызда Алматы мемлекеттік консерваториясында Төлепберген Әбдірашевпен бірге бес жігіт бір бөлмеде тұрдық. Ауылдан келгенбіз. Қалтамызда тиын-тебеніміз де аз болды. Ішіміздегі ең пысық, ең жылдамымыз Төлепбереген еді. Вокзалға бару керек, троллейбусқа ақша керек деген сын...

    Толығырақ...
  • 21.06.18

    Азаттық таңымен бірге келген тарихымыздағы көптеген ақтаңдақтарды ашу, көмескіленген ұлттық сананы жаңғырту сияқты үлкен міндеттерді жүзеге асыруда­ көрер көз, сезер жүрек болса, қаламгерлеріміз атқарған істер аз емес. Жаңа тарих үдесінде өмірге бітімі бөлек көркем дүниелер келе бастады. Олар кейде жаңа өмір көктемінің алтынкүрек өкпегіндей еді. Сондай туындылардың бірі – жазушы Сайлаубай Жұбат...

    Толығырақ...
Бейсенбі, 05 Сәуір 2018

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы марафон өтті PDF Print Email
Жаңалықтар - Халық-хабар
05.04.2018 14:39

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы заңнама мен мемлекеттік қызмет органдарының 20 жылдығы, сондай-ақ, Астана қаласының 20 жылдығына орай Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Қызылорда облысы бойынша департаментінің, Қызылорда қаласы әкімдігі мен облыстық жастар саясаты басқармасының ұйымдастыруымен ҚР Тұңғыш Президенті атындағы саябақта «Адал жол - честный путь» сыбайлас жемқорлыққа қарсы марафоны өткізілді.

Аталмыш марафон облысымызда барлық аудандарды қамти отырып, алғаш рет өткізіліп отыр. Марафонға мемлекеттік орган қызметшілерімен қатар, жастар, үкіметтік емес ұйымдар және қоғамдық ұйым өкілдері белсенді қатысты. «Адал жол – честный путь» марафоны Қызылорда қаласынан бастау алып, эстафета ретінде аудандарға беріліп отырады. Марафон аясында облыста лекциялар, пікірталас алаңдары, дөңгелек үстелдер, кездесулер, конференциялар, автошерулер және өзге де шаралар өткізіледі. Әр аудан жемқорлыққа қарсы іс-шаралар өткізіп, халықты жемқорлыққа қарсы тұруда күш біріктіруге шақыратын болады.

Этафета алауы ретінде эстафета туы мен өткізілген іс-шаралар туралы ақпарат пен тілектер жазылған кітап берілді.

«Адал жол – честный путь» марафонын Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі Қызылорда облысы бойынша департаментінің басшысы Абзал Мұхимов пен «Нұр Отан» партиясы облыстық филиалы Төрағасының орынбасары Ибадулла Құттықожаев ашты.

Марафон аясында Сыр елі жастарының жемқорлыққа қарсы флэшмобы өткізілді. Флэшмобқа 200-ден аса жас студенттер қатысты. Биыл - атаулы жыл сыбайлас жемқорлыққа қарсы заңнаманың 20 жылдығы. Осыдан 20 жыл бұрын, яғни 1998 жылы алғашқы сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес туралы заңы қабылданып, жемқорлыққа қарсы тұрудың құқықтық негіздері қаланды. Сондықтан сыбайлас жемқорлыққа қарсы заңнама мен мемлекеттік қызметтің 20 жылдығына және Астана қаласының 20 жылдығына орайластырып ерекше белгі ретінде 20 автокөліктен тұратын жемқорлыққа қарсы автошеру ұйымдастырылып отыр. Автошеру бүгінгі марафон туын желбіретіп, Арал ауданына жеткізетін болады. «Адал жол – честный путь» марафон эстафетасын Арал ауданына беру үшін марафон туы мен кітапты Абзал Сансызбайұлы Арал ауданы әкімінің орынбасары Еркін Әбішевке табыстады.

Марафон аясында Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінде студенттердің қатысуымен «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы заңнаманың 20 жылдығы» тақырыбында брейн ринг, пікірталас алаңы және өзге де шаралар ұйымдастырылды.

 


СЕНІМ мен СЕРПІН PDF Print Email
Жаңалықтар - Саясат
05.04.2018 12:03

ТАБЫСТЫ  ТӘЖІРИБЕ

ЖЕТІСТІККЕ  ЖЕТЕЛЕЙДІ

Өткен бейсенбіде Қазақстан Республикасының Премьер-министрі Бақытжан Сағынтаев Сыр өңіріне жұмыс сапарымен келді. Басты мақсат – мемлекет басшысының Жолдаулары мен Бес әлеуметтік бастамасын іске асыру мәселелерін талқылау және 2018 жылы әлеуметтік-экономикалық дамудың мақсатты индикаторларына қол жеткізу бойынша Қызылорда облысының жобалық бақылау жұмыстарының жүйесімен танысу.

Алдымен облыс әкімдігінде аймақ активі мен кәсіпкерлердің кездесуінде болған Үкімет басшысы денсаулық сақтау,­ білім беру, көлік және авто­жолдар, тұрғын үй-коммуналдық шаруаш­ылығы және басқа салаларда атқарыл­ып жат­қан жүйелі жұмыс­тар­мен  танысты.

- Мемлекеттік-жекеменшік әріп­тестік аясында Қызылорда облысы бойынш­а құны 29 млрд теңгені құрайтын 66 жоба  жүзеге  асырылуда. Бүгінгі таңда­ 10 жоба бойынша МЖӘ келісімшарты жасалды, - деді облыс әкімі Қырымбек  Көшербаев.

Аймақ басшысының ай­туынша, қазіргі күні облысымызда мемлекеттік білім беру тапсырысы бойынша 394 жекеменшік балабақша бар. Осы ретте балабақшалардың 71 па­йызы мемлекеттік-жекеменшік әріптестік негізінде жұмыс істеп жатқанын атап өткеніміз жөн. Бұл туралы Премьер-министр Б.Сағынтаев алғашқылардың бірі болып мемлекет­тік-жекеменшік әріптестік аясында жобаларды жүзеге асыр­ған сырбойылықтардың тәжірибесі табысты болғанын тілге тиек етті.

Мұнан соң денсаулық сақтау саласындағы түйткілдер талқы­ланды. Соңғы 5 жылда сала бойынша 57 апатты нысанның 49-ы жаңадан салын­ған. «Ал қалған 8 нысанның құрылысын алдағы 2 жылда аяқтау жоспарланып отыр. Сондай-ақ, 2025 жылға дейін Бірыңғай перспективалық жоспарға сәйкес облыста   90 денсаулық сақтау нысанын, оның ішінде Сырдарияның сол  жағалауынан  600  орындық көпсалалы аурухана, 2 аудан­аралық, 1 аудандық және   3 ауылдық аурухана,  48 амбулатория, 23 фельдшерлік-акушерлік бекет және 3 емхана салу көзделуде. Бұл ретте 59 нысан мемлекеттік-жекеменшік әріптестік аясында  бой  көтереді», - деп мәлім­деді облыс әкімі.

Өңірдегі байыпты бастамалардың бірі – физика-математика мектебін ашу. Бүгінгі таңда аталмыш мектептің құрылыс жо­басы даярлануда. Аймақ басшысы Қырымбек Елеу­ұлының айтуынша, физика­-математикалық бағыттағы мектеп-интернаты мен 300 орындық жатақхана құрылысының жобасын әзірлеуге қаражат қаралған. Бұл дарынды балаларға, әсіресе, ауылдан шыққан жеткіншектерге арналған мектеп болмақ. Бұл жө­нінде ҚР Премьер-министрі Бақытжан Сағынтаев:

- Физика-математика мектебін ашу – дұрыс шешім. Бүгінгі таңда біз цифрлан­ды­ру, индустрияландыру туралы айтамыз, ал колледждер мен университеттерде негі­зінен гуманитарлық сала мамандарын да­йындайды.  Сондықтан мұндай   мектеп  керек, - деп пікір біл­дірді.

КАПИТАЛДЫҢ КӨЗІ – ТАЛАНТТА

 

Ал Қорқыт ата атындағы ҚМУ-дың Студенттер сарайында мәртебелі меймандар білім ордасының жұмыс барысымен танысты. Қара шаңырақ саналатын оқу ордасының 10 оқу ғимараты, 5 жатақханасы, Студенттер сарайы­, 7 асханасы, «Сейхун» спорттық-сауықтыру кешені, оқу-әскери полигоны, ғылыми-техникалық кітапханасы,        4 шеберханасы және оқу-зертханалық жылыжайы студенттердің терең білім алуына оң ықпал  етіп отыр. Залдағы көр­ме арқылы Үкімет басшысына университеттің интерактивті мұражай концепциясы, ақпараттық қауіпсіздік жүйелері мамандықтарына қорғау мен шабуылға арналған кешен  және бизнес инкубатор жо­балары таныстырылды. Одан арғы әңгіме өзегі дөңгелек үстелде өрбіді.

Жаңа қадам, тың мүмкін­дікті пайдаланып кез келген мемлекет өркениет көшіне ілесу үшін әлемдік тәжірибеге сүйене қарқынды жұмысқа кіріседі. Бұл тұрғыда Қазақстан да өзінің табанды теориясы мен баянды бастамаларын жүзеге асыру үшін барынша жұмыс істеуде. Әсіресе ел президентінің бес бастамасын заман­ауи жаһандық ахуал тығырығынан шығатын бірден-бір бағдарлама десек, қате айтқандық емес. Жұмылып жұмыс істеп, бірлесіп бітімді етсек, келешек ұрпаққа мұра етіп қалдыратын дүниелердің туын­дары хақ. Бұл – ҚР Премьер-министрінің денсаулық сақтау және әлеуметтік сала өкілдерімен кездесуінен түйгеніміз.

Жүздесу барысында Елбасының бес бастамасы мен Жолдауы аясында айтылған мәселелер талқыланып, әлеуметтік бастамаларын ашатын жаңа мүмкіндіктері саналатын қолжетімді баспана, салық салуды­ төмендету, студент­терге арналған қосымша гранттар мен жатақханалар, газдандыру және бизнесті дамыту мәселелері қаралды.

- Ең бірінші мәселе – адами капитал. Негізгі күштің бәрі осында. Елімізде қабылданған рухани жаңғыру, төртінші өнеркәсіптік революция дегенімізбен, бұлардың барлығы адамсыз жүзеге асырылмайды. Сол себептен бірінші кезекте адамның денсаулығына баса мән беру керек. Денсаулық сақтау саласын сандық  жүйеге көшіру, жаңа технологиялармен жабдықтау секілді мәселелерді түбегейлі шешуіміз керек. Тек мемлекеттің  қаржысына  қарамай, мемлекеттік-жекеменшік әріптестікті дамыту керек. Екінші мәселе – білім. Капиталдың көзі – талантта. Мәселен, осыдан 6-7 жыл бұрын дүние­жүзіндегі табысы көп бес мұнай компаниясы болатын. Ал қазір ең бай компаниялар – «Apple», «Google», «Facebook» деген секіл­ді  технологиялық компаниялар. Қарап отырсаңыз, мұнай қазу үшін  таланттың  қажеті  жоқ, ал жаңа технологияны ойлап табуға талант керек. Бұрын мектептерде информатика пәні 7-сыныптан басталатын. Қазір 3-сыныптан басталу керек.­ Еліміздегі жоғары оқу орнын­ бітіргендердің 70-80 па­йызы гуманитарлық маман­дықты игерген. Сол себептен бізге техникалық мамандық студенттеріне арнап 20 мың грант қарастырылуда. Оларға жатақхана салу мәселесі де шешімін  табады. Үшінші мә­селе – ипотекалық несие беру. «Нұрлы жер» бағдарламасы аясында салынған үйлерді мемлекет сатып алып, баспанаға мұқтаж  жандарға  тұрғын  үйді бастапқы жарнасыз алуға мүмкіндік беру. Қыркүйек айының  соңына таман сол жаға­лау­дан үй беріле бастайды, - деді ҚР Премьер-министрі Б.Сағынтаев Студенттер сарайында өткен жиын барысында.

Президент пәрменімен берілг­ен тапсырмаларды жүзеге­ асыру үшін Үкімет барлық­ қажетті шараларды қабылдауда. Әсіресе, әлеумет­тік бес бастама бойынша нақты іс-шаралар мен оның орын­далу мерзімін қамтитын Жол картасы іске қосылуда. Барлық жұмыстар 2022 жылға дейін жүзеге асырылмақ. Қажетті теті­ктері  пысықталу  үстінде.

Шара барысында Инвес­тициялар  және  даму  министрі Ж.Қасымбек қазақ­стандық­тарға тиімді шарттармен баспана  беру  бойынша  қолжетім­ді ипотекамен қам­тамасыз ететін  «7-20-25» бағ­дар­ламасының жасалуы, іске қосылатын мерзімі мен қатысу шарттары туралы мәлімдеді. Ал Білім және ғылым вице-мини­стрі Т.Ешенқұлов білім беру мәселелері және жоғары білім беру­дің сапасы мен қолжетім­ділігін арттыру, студент жастардың тұрмыс жағдайын жақсарту жоспарлары туралы баяндама жасады. Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі Н.Әлтаев әлеуметтік ахуалы төмен азаматтарға бері­летін шағын несие туралы түсіндірді. Ұлттық экономика министрі Т.Сүлейменов жал­ақысы төмен жұмысшылардың ең­бека­қысын көтеру үшін жеке табыс салық жүктемесін тө­мендету процесі 2019 жылдан бастап жүзеге асырылатынын мәлімдеді.

Сондай-ақ, белгілі жырау, қоғам қайраткері А.Алматов «Сыр өңірінде қазақ дәстүрлі өнер  академиясын  құрылуына идеялық қолдау білдіріп, аталмыш­ мәселені мемлекет басшысының атына ұсынуға ықпал  етуіңізді  сұраймын»  деп халықтың атынан ұсыныс айтты.­

Жиын соңында премьер-министр «Болашақ» универ­ситетінің ғылыми басшысы Б.Досманбетов, жырау А.Алматов, облыстық медицина орталы­ғының дәрігер-хирургы Н.Амитов, облыстық Н.Бекежанов атындағы қазақ музы­калық драма театрының көр­кемдік жетекшісі Х.Әмір-Темірдің сауалдарына жауап берді.

САРЫАРҚА   ГАЗЫ

СЫРДАН   БАСТАУ  АЛАДЫ

 

Премьер-министр Бақытжан Сағынтаевтың келесі тоқта­ған жері “Қараөзек” компрессорлық  станциясы  болды.­ “Бейнеу-Бозой-Шымкент” магистральдық газ құбырының 994-інші шақырымына салынған станция 2017 жылы пайдалануға берілген болатын. Бүгін­де “Қараөзек” КС елдің оңтүс­тік облысын отандық газбен тұрақты  жабдықтайтын маңызды газ тасымалдау объек­тілерінің  бірі  болып табы­лады. Зауыттың негізгі элемен­ті – “Solar Turbines” газ тур­биналы қондырғысы. Мамандар бұл агрегаттарды ең күрделі жұмыс режимінде де қолданып жүр. Былтыр жоба шеңберінде басқа да инфрақұрылым объектілері, газ құбырлары, газды есепке алу торабы және т.б. салын­ған еді. Жалпы, “Қара­өзек” КС Қазақстан кен орындарының батыс топтарынан (Қарашығанақ, Қашаған, Теңіз, Жаңажол және Өріктау газы) табиғи газды тұрақты жеткізуді қамтамасыз ету үшін Бейнеу-Бозой-Шымкент газ магистралды жүйесінде  жұмыс  істеуге  бағытталған.

Биылғы жылдың шілде айын­да, яғни бірінші кезеңде “Қараөзек” компрессорлық станциясынан 1081 шақы­рымды  құрайтын “Қызыл­орда-Жезқа­зған-Қарағанды-Теміртау-Астана” бағытында 2,7 миллион адамды табиғи газбен қамтамасыз ететін “Сары­арқа” газ құбырының құрылысы басталмақ. Екінші кезеңде ұзындығы 276 шақырым  болатын “Астана-Көкшетау” газ құбыры тартылады. Үшінші кезеңде 177 шақы­рымға  созылатын “Көкшетау-Петропавл” учаскесі және соңғы төртінші кезеңде атал­ған газ құбырынан газ тұтынудың  болжамды ұлғаюын есепке  ала отырып, магистралды газ құбырының өткізгіштік қуа­тын жылына 3 млрд текше метр­ге дейін жеткізу үшін “Жезқазған” және “Теміртау” компрессорлық станцияларын тұрғызу жоспарланған. Магистралды газ құбырын толтыру және тұтынушыларды газ жеткі­зумен қамтамасыз ету мақсатында Қарағанды, Ақ­мо­л­а облыстары мен Астана әкімдіктері 2019 жылдың шілдесіне дейін газ құбырының аяқталуын синхрондау арқыл­ы газ тарату желілерін жобалайды.

“Қараөзек” компрессорлық станциясына  арнайы  аялдаған Премьер-министр Бақытжан Сағынтаев Президенттің бесінші әлеуметтік бастамасы “Елді газбен қамтамасыз етуді жалғастыру” шеңберінде “Сары­арқа” магистральды газ құбырының құрылыс жос­па­рымен танысып, станцияның қалыпты жұмыс істеп тұрғандығына  көз  жеткізді.

- “Қараөзек” компрессорлық станциясы жаңа үлгіде, жаңа технологиялармен салынған. Соңғы үлгідегі газ айдаушы агре­геттар Америкадан алынды. Негізі, зауыттың өнімділігі жылына 10 миллиард текше метрді құрайды, бірақ, біз бұл көрсеткішті болашақта жылына 15 миллиард текше метрг­е дейін жеткізуді жоспарлап отырмыз. Бүгінде станция қазақстандық газды Қытайға экспортқа тасымалдауды қамтамасыз етіп отыр. Былтырғы жылдың қазан айынан бастал­ған жұмыстардың нәтижесінде 2 миллиард текше метрден асатын қазақстандық газ экспортталды, - деді “Интергаз Орталық Азия” АҚ бас директорының  бірінші  орынбасары Мұхатай  Шаңмұратов.

Сондай-ақ, бұл жоба магис­тралды газ құбыры бойындағы инфрақұрылымды белсенді дамыту­ға, табиғи газды пайдалануға қатысты жаңа жұмыс орындарын құруға мүмкіндік береді. Сапар барысында “Қызылорда-Жезқазған” автожолын дамыту перспектива­лары  да  қаралды.

 

 

Бақытжан  Сағынтаев:

«АРАЛ  ТЕҢІЗІНІҢ

МӘСЕЛЕСІН   НЕ  АРЫ,

НЕ  БЕРІ  ШЫҒАРАЙЫҚ»

 

Жұмыс сапары аясында Үкімет басшысы Арал ауда­нына да барды. «Ғасыр жобасының» бірінші кезеңі сәтті аяқталғалы өңірдегі балық аулау көлемі 83 есеге артты. Былтырдың өзінде 6934 тонна су маржаны сүзілсе, 3 мың тоннад­ан аса балық Ресей, Польша, Грузия, Әзірбайжан, Өзбекстан, Голландия, Дания, Германия, Қытай еліне экспортталған. Бүгінде аймақта  8 балық өңдеу зауыты жұмыс істесе, оның 4-еуі соңғы 5 жылда салынған. Ал «еурокод» белгісін иеленген 4 зауыт еліміздің экспорттық әлеуе­тінің артуына зор үлес қосып отыр. ҚР Қаржы министрлігі мемлекеттік кірістер комите­тінің мәліметінше, ел қазынасына  балық  және  балық  өнім­дерін экспорттау  көлемінен         56 млн доллар пайда түскен. Аймақтағы балықшылардың мұндағы үлесі – 12 млн доллар. Шетелде Арал балығына сұраныс өте жоғары деңгейде. Мәселен, «СПК Қызылорда балық» ЖШС құрылтайшысы Аманбай Ерхатов 2016 жылы Ресейдің Димитровград қа­ласында зауыт салған. Онда өндірілген өнімдер Мәскеу мен Санкт-Петербургте са­тылуда. Премьер-министр Бақыт­жан Сағынтаев «Арал балық өңдеу зауытының» жұмысымен танысып, балықшы  қауыммен  жүздесті.

– Мен 1978 жылдан бері балық  шаруашылығында  жұ­мыс істедім. Зауыт теңіздің тартылуына байланысты тоқыра­уға  ұшырады. Сосын біраз  жыл бұл саладан қол үзіп қал­дық. Ал «САРАТС» жобасы жүзеге асқан соң, ата кәсібі­міз­ге қайта оралдық. Осыдан он шақты жыл бұрын зауы­тымыз қайта іске қосылды. Содан бері тұрақты түрде жұмыс істеп келемін,- деді балық өңдеуші Марал  Бей­сен­әлиева.­

Үкімет басшысы аялдаған «Арал балық өңдеу зауытының» жылдық қуаттылығы – 300 тонна. Мұнда өндірілген өнім Ресей мен Еуропаға жөнелтіледі.

– Осыдан он жыл бұрын зауыт­ өз жұмысын бастады. Бүгінде 50 адам тұрақты түрде еңбек етсе, маусымында 100-120 адамға дейін көбейеді. Былтыр біз Ресейге 80 тонна, Еуропаға 220 тонна балық экспорттадық. Ал биылғы межеміз – 400 тонна. Қазіргі таңда балықтың 13 түрі өндіріледі. Олардың ішінде көксерке Еуропа елдерінде жоғары сұранысқа ие,- деді атқарушы директор Гүлмира Рысмамбетова.

Теңіз төскейінде ата кәсіпті жалғастырып, балық шаруашылығының қарқын алуына үлес қосқан «Арал Сервистік да­йындау орталығының» атқа­рушы директоры Әділбек Әйімбетов  үкімет басшысына бірнеше  ұсынысын  жеткізді.

– Бүгінгі таңда Сырдария өзені арнасын өзгертіп, тікелей «Көкарал» бөгетіне құйып тұр. Біріншіден, бұл – бөгетке үлкен қауіп. Екіншіден, сол сумен бірге кеткен балық тірі қалмайды. Мұны шешу үшін дарияның сағас­ын өзгерту қажет. Нақ­тырақ айтқанда, қазіргі сағасын бөгеп, бұрынғы сағасымен жіберген жөн. Тіпті, суды Қарашалаң көлі немесе Тұщыбас көлі арқылы жіберуге де болады. Сонда­  ғана  дария тең құйылады да, теңіздің суы тұщылана түседі, - деді ол.

Қазіргі таңда теңіз бен аудан орталығының қашықтығы 17 шақырым ғана. Егер «ғасыр жобасының» екінші кезеңі жүзеге асса, жоба бо­йын­ша өңірдегі балық аулау көлемі 30 мың тоннаға көбейеді.

Күннің екінші жартысында үкімет басшысы аудан активімен кездесті. Елбасы өз назарына алған Арал өңірінің келешегі кемел. Теңіз төскейіндегі тұрғындардың тұрмысы түзе­ліп, елдің еңсесі тіктеле бастағаны рас. Теңіз-анамен қайта қауышқан қауымның әлеуметтік-экономикалық даму динам­икасында оң өзгерістер баршылық.

«САРАТС» жобасының алғаш­қы кезеңі сәтті тамамдалды. Дегенмен «Сырдария өзенінің арнасын реттеу және Арал теңізінің солтүстік бөлігін сақтау» жобасының екінші фазас­ын жүзеге асыруға Өзбекстан тарапы келісім бермей отыр. Әйтсе де, тұрғындардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында «САРАТС-2»-нің  4 компоненті биылдан бастап республикалық бюджет есебінен жүргізілмек. Нақтырақ айт­қанда, 3 компоненті (Қы­зылорда су торабын кешенді жөндеу, қорғаныс бөгеттерін нығайту, өзеннің арнасын түзету­) «Су тасқыны қатерлерінің алдын алу және жою жөніндегі 2017-2020 жылдарға арналған шаралар кешені» Жол картасы, 1 компонент (Қазалы ауданында Бірлік елді мекені тұсында көпір салу) «Өңірлерді дамыту» бағдар­ла­масы шеңберінде жүзеге  асырылмақ. Бұл туралы облыс әкімі Қырымбек Көшербаев  мәлімдеді.

– Өткен ғасырдың елуінші жылдары салынған Қызылорда су торабы бүгінгі күні апаттық жағдайда және оның үстімен автокөліктердің жүруіне 2014 жылдан бастап тыйым салын­ған. Ол бұзылған жағдайда, шама­мен  400 мың адам тұратын Қызылорда қаласы мен үш ауданның аумағында 110 мың гектар суармалы жерлер және 250 мың гектар шабындықтар мен жайылымдықтар сусыз қалады. Ал 38 елді мекенді су басу қаупі туындайды. Осыған орай, Бақытжан Әбдірұлы, Ұлттық экономика министр­лігіне инвестициялық ұсынысты қысқа мерзімде қарау және Қаржы министрлігіне аталған су торабын кешенді жөндеу бойын­ша жоба-сметалық құ­жатын әзірлеуге қаржы бөлу мәселесін сәуір айында 2018 жылға арналған республикалық бюджетті нақтылау барысында республикалық бюджеттік комиссияның қарауына енгізу жөнінде тапсырма беруіңізді сұраймыз, -  деген аймақ басшысы Премьер-министрге бұл мәселені көпке созбау керек­тігін  айтты.

Ал Қармақшы, Қазалы аудандарындағы қорғаныс бөгеттерін нығайтуға, «Тұрымбет» және «Қорғанша» учаскелерінде Сырдария өзенінің арнасы­н түзету бойынша тиісті құжаттардың барлығы дайын. Тек сараптама қорытындысын күту қажет. Жиын барысында Қырымбек Елеуұлы Дүние­жүзілік Банктің қатысуымен «САРАТС-2» жобасының  12 жылдан бері кейінге шегері­ліп келе жатқандығын үкімет басшысының назарына салды. Сондықтан облыс әкімі:

– «САРАТС-2» жобасын Дүниежүзілік Банк заемы есебінен жүзеге асырудан бас тартып, оны Қазақстан Республикасының Үкіметі және халық­аралық қаржы ұйымдары арасындағы әріптестік туралы негіз­демелік келісімдерді іске асыру жөніндегі Үйлестіру кеңес­інің отырысында қарау қажет. Ал Дүниежүзілік Банкке «САРАТС-2» жобасының орнын­а «Ирригация және дренаждық жүйелерді жетілдіру» жобасының үшінші фазасын (ПУИД-3) жүзеге асыру үшін заем беруді ұсыну керек. Бұл Елбасы­ның 600 мың гектар суар­малы жерлерді қалпына кел­тіру тапсырмасының аясында, Қы­зыл­орда  облысында 144 мың гекта­р суармалы жерлердегі иррига­циялық инфрақұрылымдарды қайта жаңғыртуға мүмкіндік береді,- деп нақты ұсынысын жеткізді.

Бүгінде Кіші Арал теңізіндегі «Көкарал» бөгетінің 135 метрін су шайып, оны үгітіп үлгерген. Ал Сырдария өзені­нің Арал теңізінің құярлығындағы «Ақшоқат» учаскесінде солға қарай жаңадан екі арна пайда болып, дарияның ағысы тікелей Кіші Арал теңізінің «Көкарал» бөгетіне кері әсер етуде. Ол бұзылған жағдайда Кіші Арал теңізінің 27 млрд м3 суы Үлкен Аралға қайтарымсыз  кетіп, жаһандық  эколо­гия­лық апат орын алады. Облыс­ әкімі бұл түйткілді Бақытж­ан Әбдірұлының қапе­рін­е салып, шұғыл түрде республикалық бюджеттен қаржы бөлу туралы тапсырма беруін сұрады. Аймақ  басшысының   жоға­рыда аталған ұсыныс­тарын ҚР Су ресурс­тары комитетінің төр­ағасы  Ислам­  Әбішов  қуат­тады.

Облыс  басшысының  баяндамасын мұқият тыңдаған Премьер-министр Бақытжан Сағынтаев:

– «САРАТС-2» жобасының екінші кезеңін жүзеге асыру бо­йынша өзбек ағайындармен біраз «айтысқа» түстік. Дүние­жүзі­лік Банк пен Сырдария өзеніне қатысы бар мемлекеттер Алматыда келіссөздер өткіздік. Онда да өзбек ағайындар көнбей кет­ті. Өздеріңіз білесіздер, Өзбекстанда билік ауысты. Дегенмен әр елдің өз мүддесі, ұстанған саяса­ты бар. Енді бұл мәселені Астанада тағы да жиналып, ақылдасып, шешіп алу қажет. Не ары, не бері шығарайық. Халық­қа иә, болатынын, иә, болмай­тынын айту керек. Өз бюджетімізден немесе Өзбекстанмен келіссөздерді жалғастырамыз. Бірақ, түбінде шеші­мін табу қажеттігіне бәрі­міз­дің де көзіміз жетіп отыр,- деді де, аталған ұсыныс­тардың барлы­ғын Елбасыға жеткізе­тіндігін және бұл ба­ғыттағы  жұмыстардың жалға­са­тынды­ғын  айтты.

Ал Арал халқының атынан бұрынғы Қазақ КСР Балық шаруа­шылығының министрі Құдайберген Саржанов атқарылып жатқан шаруалар барысына оң баға беріп, ел үкіметіне  алғысын  білдірді.

Үкімет басшысы аудан орталы­ғына  іргелес  орналас­қан Жақсықылыш кентіндегі «Аралтұз» АҚ-да болды. Елі­міздегі ең ірі йодтал­ған тұз шығаратын зауыт былтыр 332 600 тонна өнім өндірсе, ал экс­порт көлемі 212 600 тоннаны құраған. Аталмыш кәсіп­орында өнімнің   23 түрі шығарылуда. Отандық өнім сырт­қы нарықта мол сұраныс­қа ие. Үкі­мет басшысына «Аралтұз» АҚ директорлар кеңесінің төрағасы Дәурен Мұқашев жақында жылдық қуаттылығы 300 мың тонна болатын кальцийленді­рілген сода өндірісі іске қосылатын­дығын баяндады.  Жоба­ның  құны –90 млрд теңге. Зауыттың жұмысымен танысқан мәртебелі мейман қолға алынған жобаларға сәтті­лік тіледі.

Осылайша ҚР Премьер-министрі Бақытжан Сағын­таев өңір дамуының оң динамикасын атап өтіп, атқарылып жатқан жұмыс пен алда тұрған іс-әрекеттерге өз бағасын берді. Мұның өзі Сыр өңірінде сер­пін, халқының да, биліктің де көңілін­де сенім бары­н бекіте түсті.

Жазира  Бағланқызы,

Нұрбике  Қазиқызы,

Рыскелді  Сәрсенұлы,

Қозы  Көрпеш   Жасаралұлы,

«Халық»  газетінің  тілшілері

 


Күнтізбе

< Сәуір 2018 >
            1
2 3 4 6 7 8
9 10 11 12 13 14 15
16 17 18 19 20 21 22
23 24 25 26 27 28 29
30            

Сауалнама

Аса мәртебелі шенеуніктердің қылмысқа шатылып жатқандығы нені аңғартады?
 

Ауа райы

Валюта бағамы

Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі валюталардың ресми бағамдары