Өзекті мәселелер

  • 11.10.18

    Облыстық прокуратура әкімшілік істер бо­йынша қабылданған шешімдерді зерделеу барысында полиция қызметкерінің әкімшілік өндіріс материалдарын бұрмалау фактісін  анықтады.

    Нақтырақ айтатын болсақ, жергілікті полиция қызметінің полицейі Д.Амангелдіұлы қызметтік автокөлікпен кезекшілікте жүрген кезін­де қаладағы дүкендердің бірінің тұсында тоқтап тұрған «Hyunday Accent» маркалы авто­көлігі...

    Толығырақ...
  • 11.10.18

    КӘСІПКЕРЛІК –  ЖЕТЕКШІ   КҮШ

    Еліміздегі басты саяси құжаттардың қатарында «Қазақстан – 2050» страте­гиясы да бар. Ұзақ мерзімді дамуды бекіткен бұл стратегияда айтылған міндеттерді жүзеге асыру үшін орта мер­зімді кезеңге арналған мемлекеттің 2025 жылға дейінгі жоспарлау құжаты да айналымда. Бұл құжаттың басты мақсаттарының қатарында жеделдет...

    Толығырақ...
  • 11.10.18

    Жат діни ағымға еріп, адасу Әселдің жастық ғұмырының біршама жылдарын жалмады. Бойжеткен өміріне жағымды өзгеріс енетініне сенген. Дәл сол сенімнің «арқасында» ә дегеннен ештеңе түсіне алмады. Мұнысын жастыққа жарасатын аңғалдық дерсіз. Уақыт өте келе өзінің және жұбайының «роботқа» айналып бара жатқанын сезген ол көңіліндегі күмәнмен арпалысты. Рухани дертке ұшыра...

    Толығырақ...
  • 11.10.18

    Бауырлас он екі мүше,

    Бір анадан туғанмен,

    Әрекеттері әртүрлі...

    Бас – ақшаға тартып,

    Аяқ – басқаға тартып,

    Әуреге салды әркімді...

    ...
    Толығырақ...
  • 11.10.18

    Елуде еді өз жасым,

    Тыйылмады көз жасым...

    Жұмыс іздеп шығып ем,

    Киім-кешек тозғасын...

    ...
    Толығырақ...
Сейсенбі, 10 Сәуір 2018

Жаңақорғандық ұста «Бастаумен» кәсібін ашты PDF Print Email
Жаңалықтар - Халық-хабар
11.04.2018 09:42

«Бастау» жобасына қатысушылар 1 ай мерзімде 12 модуль бойынша білім алады. Модульдер енді бастап жатқан кәсіпкерлер үшін барынша пайдалы. «Бастауды» үздік тамамдап, өз жобасын сәтті қорғағандар 19 млн теңгеге дейін жылдық 6 пайыздық мөлшерлемемен оңтайлы қаржыландыруға және бизнес ашқан соң жан-жақты қолдауға ие болады.

Жаңақорған ауданында да аталмыш жоба бойынша аудан тұрғындары бизнес сауаттылығын арттырып, өз кәсіптерін ашқан.

Бұл туралы «Бастау» жобасының Жаңақорған ауданы бойынша үйлестірушісі Заура Қарабалаева: «2017 жылы Жаңақорған ауданында 195 азамат оқытылып, оның 140-ы өз жобасын қорғап шықты. Оның 108-інің жобасы қаржыландырылды. Бүгінгі кейіпкеріміз Данияр Ахметов өткен жылы «Бастау» жобасын сәтті бітіріп, өз кәсібін ашты. Жобаға қатысуға сұраныс көп», - дейді.

Балта, балға, ара, шот, сүргі, бұрғы, қашау, шапқы, егеу, пышақ секілді бұйымдар – Данияр Ахметовтің күнделікті еңбек құралы. Бұл құралдармен Данияр ағаштан көркемдеп бұйым жасайды. Жаңақорғандық азаматтың бұл кәсіппен айналысып, отбасын асырағанына да 10 жылдан асты. Дегенмен, еңбек өнімділігін арттыру үшін бұл құралдар жеткіліксіз. Сондықтан шебер Кәсіпкерлер палатасының аудандық филиалынан кеңес алып, «Бастау» жобасы аясында оқиды. Жобасын сәтті қорғаған ұста 2,5 млн теңге несие рәсімдеп, қажетті құрал-саймандарын алады.

«Бұл жұмысымның тез жүруіне сеп болды. Қасымда 1 жұмысшы бар. Екеуміз күнде тапсырыс қабылдаймыз. Балабақшаға қолжуғыштар, өзге де түрлі тұрмысқа қажетті бұйымдарды жасаудамыз», - дейді кәсіпкер.

Данияр бүгінде ағаштан ойып, қолжуғыш, сандық, үстел, кітап сөрелері сынды түрлі бұйымдар жасайды. Алдағы жоспары - үлкен ағаш шеберханасын ашу. Аудан тұрғындарынан түскен тапсырысты дер кезінде орындап, қызмет аясын кеңейту.

Айта кету керек, биыл Қызылорда облысында «Бастау» жобасы аясында 1600 азаматты оқыту жоспарлануда. Оның 250-і - жаңақорғандық.

Қызылорда облысы

кәсіпкерлер палатасының баспасөз қызметі

 


АРАЛДА ФУТБОЛДАН ОБЛЫСТЫҚ ТУРНИР БАСТАЛДЫ PDF Print Email
Жаңалықтар - Халық-хабар
11.04.2018 09:36

Кеше Арал ауданында 2003-2004 жылғы жасөспірімдер арасында футболдан «Былғары доп» республикалық лигасының облыстық іріктеу жарысы бастау алды. Ауданымыздың белгілі азаматы, «Жанар и К» толық серіктестігінің директоры, аудандық мәслихаттың депутаты болған Алмат Аманұлы Балшамбаевты еске алуға арналған турнирдің ашылу салтанатына аудан әкімінің орынбасары Еркін Әбішев қатысты.

Өз сөзінде Алмат Аманұлының өмір жолына тоқталған аудан әкімінің орынбасары өңіріміздің тумасы А.Балшамбаевтың аудандық балалар мен жасөспірімдер лигасының президенті, футбол спортының жанашыры болғандығын атап өтіп, жарыс қатысушыларына сәттілік тіледі.

Атап өту керек, облыстық турнирге аймағымыздың Қазалы, Қармақшы, Жалағаш, Сырдария және Арал аудандарынан командалар қатысуда. Жарыстың қорытындысы ағымдағы жылдың 12 сәуірі күні белгілі болады. Сонымен қатар, жарыстың жеңімпаз командасы Астана қаласында ағымдағы жылдың 16-24 мамыры аралығында өтетін республикалық жарысқа жолдама алады.

Арал ауданы әкімінің баспасөз қызметі

 


СЫБАЙЛАС ЖЕМҚОРЛЫҚҚА ҚАРСЫ МАРАФОН ТУЫ ҚАЗАЛЫҒА ЖОЛ ТАРТТЫ PDF Print Email
Жаңалықтар - Халық-хабар
11.04.2018 09:29

Елімізде «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес туралы» заңнаманың қабылданғанына биыл 20 жыл толып отыр. Осы айтулы датаға орай, биыл қоғамда сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыру мақсатында Қазақстан Республикасының Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігімен әзірленген 2018 жылға арналған кешенді жоспар аясында аймағымызда бірқатар іс-шаралар ұйымдастыру көзделген болатын.

Осы ретте, облысымызда ағымдағы жылдың 5 сәуірі күнінен бастап «Адал жол – честный путь» ұранымен парақорлыққа қарсы марафон бастау алды. Адалдықты ту еткен көш бірінші Арал ауданына аттанып, жиырма жылдыққа 20 автокөлік теңізді өлкемізге жол тартқан болатын.

Кеше аудан орталығында осы аталған марафон эстафетасын көршілес Қазалы ауданына беру рәсімі өтті. Мемлекеттік орган қызметшілерімен қатар, жастар, үкіметтік емес ұйымдар және қоғамдық ұйым өкілдері белсене қатысқан шарада аудан әкімінің орынбасары Е.Әбішев сөз алып, арнайы Астана қаласының және сыбайлас жемқорлыққа қарсы заңнаманың 20 жылдығына арнап Сыр өңірінде бастау алған шараның мақсатына тоқтала келе, «Осы марафон аясында өңірімізде екі күннен бері қоғамдық-саяси маңызы бар, сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыру бағытында түрлі іс-шаралар ұйымдастырылып, аралдықтар республикалық акцияға өз үлестерін қосты. Бүгін, мінеки, аталған эстафета туын Қазалы ауданына ұсынғалы тұрмыз. Ендеше, Қазалы ауданына жол тартқан эстафета жоғары деңгейде жалғасады деп сенеміз»-, деп, адалдықтың ақ туын Қазалы ауданы әкімінің аппарат басшысы Н.Жалғасбаевқа табыс етті.

Орталық алаңда ұйымдастырылған шарада мектеп оқушылары «Жемқорлықтан бойын аулақ ұстайтын – адал ұрпақ адалдықтың бастауы» деп ұрандатып, белсенді жастар флешмоб өткізді. Одан әрі марафонның автошеруі Қазалы ауданына қарай жол тартты.

Арал ауданы әкімінің баспасөз қызметі

 


Тарихтан тағылым PDF Print Email
Жаңалықтар - Халық-хабар
10.04.2018 18:52

Зиялы қауым өкілдері Сыр өңірінің Тәуелсіздік жылдарындағы даму тарихына шолу жасады.

«Қызылорда: кеше, бүгін, ертең» атты тарихи-тағылымдық кеш басқа салтанатты шаралардан ерекше ұйымдастырылған. Қызылорданың төл тарихы турасында тек тарихшы-ғалымдар, журналистер ғана емес, Қызылорда қаласының экс-әкімдері де өздері басқарған тұстағы шаһардың ахуалы мен елдің әлеуметтік жағдайын тілге тиек етті. Алғашқы болып сөз алған қала әкімі Нұрлыбек Нәлібаев:

- Бүгінгі ұйымдастырылып жатқан шара бүгінімізге шүкіршілік айтып, болашағымызды бағамдау үшін маңызды, мән-мағынасы зор. Қызылорда – 200 жылдық тарихында талай тағылымды оқиғалардың куәсі болған, сұлу Сырдың бойынан орын тепкен киелі мекен. Қызылорда қаласының арғы тарихына көз жүгіртер болсақ, біздің заманымызға дейін 4-5-ғасырдан бастау алған Сақтардың Ордасы, бертінде Оғыз-Қыпшақ бірлестіктерінің орталығы, Алтын Орда мен Ақ Орда хандарының туын тіккен қасиетті топырақ – бұл Сыр топырағы. Осындай ұлы оқиғалардың Отаны ретінде тарихы тізбектелген қасиетті топырақта осыдан 2 ғасыр бұрын Қамысқала атты елді мекенде Қоқан хандығының Ақмешіт бекінісі ретінде қаланған. Кейін генерал Перовскидің атымен бекініс Перовск аталса, бертін келе оған қала мәртебесі беріліп, уезд орталығына айналған. ХХ ғасырдың басында қазақтардың ең көп шоғырланған жері атанды.

Қызылорда қаласының бүгінін жарқын, болашағын баянды ету жолында талай жылдар тынымсыз тірлік, елеулі еңбек еткен ел азаматтары, аға буын өкілдері, сіздердің арқаларыңызда қала көркейіп, көктеді. Сіздердің ел үшін еткен еңбектеріңіз бен туған жеріңізге деген жанашырлықтарыңызға зор ризашылығымыз бен шексіз алғысымды білдіруге рұқсат етіңіздер. Еліміз, Елбасымыз аман болсын!, - деп жүрекжарды лебізін білдірді.

Мұнан соң Қызылорда қаласының бұрынғы әкімі Бақберген Досмамбетов ортаға шығып, жиылған жұртшылықты Қызылорданың 200 жылдық мерейтойымен құттықтады. Оның сөзінше, қаланың көркеюі үшін архитектор мамандары мықты болуы қажет. Сонда шаһардың келбеті мен көркі келісті бола түспек. Бұған дейінгі қызметінен сыр шерткен ол қазіргі уақытта архитектор мамандарының заманға сай біліктілігін арттыра түскенін, ал бұрнағы жылдары олардың өзі тапшы болғанын айтты. Қорқыт ата атындағы ҚМУ-дың профессоры Меруерт Аңсатова да осы кештің құрметті қонағы болды. Оның жасаған баяндамасында Сыр елінің талайлы тарихына жіті көңіл бөлінген. Ал тәуелсіздік жылдарындағы Қызылорданың рухани өмірі туралы өлкетанушы, журналист Нұрлан Көбегенұлы толғады. «Ақмешіт астана болып тұрған кезде барлық бұқаралық ақпарат құралдары осында шоғырланып, Алаш арыстары туған елдің рухын биіктетіп, отанды сүюге шақырды» деді ол. Сондай-ақ қырғыз атауының қазақ деп өзгертілген уақыты да Сырдың еліміздің бас қаласы болып тұрған кезде екенін мақтанышпен айтты. Кеш барысында А.Тоқмағамбетовтың поэмасын жас актерлер асқан шеберлікпен орындай білді. Залдағы қонақтардың қошеметі дүркірей соғылған қол шапалағынан бірден байқалды. Басқару ісінде өзіндік қолтаңбасын қалдырған экс-әкім Қожахмет Баймаханов ел ести бермеген деректерді ортаға салды.

- Бұл жер (А.Тоқмағамбетов атындағы мәдениет үйі. – ред.) түнгі клуб болған. Жекешелендіру уақытында біраз мекемелер жекешеленіп кетті. Алайда бұл мекеменің иесімен мемлекетке қайтып беруіне келістік. А.Тоқмағамбетов атындағы мәдениет үйі қалпына келтірілді. Асекеңнің ескерткішін алып тастап, мына бюстін қойдық. Кеш барысында бейнероликтерде Қорқыт ата кешенін жиі көрсетіп жатыр. Өзім Қорқыттың топырағында туғаныма сүйсінемін. Біз Қорқыт кешенін қою үшін сол кезде 14 мекемені көшірдік. Кезінде генерал-губернатор Перовскидің кезінде бұл жерде жүйке ауруханасы болған. Оның әскерінің көбі шыдамаған: масасы бар, сонасы бар, ауа райының қолайсыздығы бар. Сонау 60-70-жылдары жүйке аурулары ауруханасы болған. Жанында шошқа фермасы. Кейін Қорқыт бабамыздың ескерткіші сол жерге қойылды, - деді Қ.Баймаханов.

Салтанатты шара соңында әдемі ән әуелеп, келген қонақтардың көңілін серпілтті. Өнерпаздардың жанды дауыста ән шырқауы жұртшылықтың көңілінен шыққан сыңайлы. Ұйымдастырушыларға дән риза кейіппен тарқасты.

Ж.Қойшыбекова

 

 


Өтпелі кезең өкіндірмесін PDF Print Email
Жаңалықтар - Халық-хабар
10.04.2018 13:06

Қызылорда қаласында 7 сәуір – Дүниежүзілік денсаулық сақтау күніне орай «Репродуктивті денсаулықты қорғау: денсаулық сақтау қызметтерімен жаппай қамту жолында» атты ауқымды республикалық ғылыми-тәжірибелік конференция өтті. Оған еліміздің 14 облысынан білікті дәрігерлер келіп, пікір білдірді. «Адамның саулығы – ұлттың саулығы». Әсіресе, жастардың денсаулығы, ұрпақтың ұсақталмауы – ешқашан өзектілігін жоғалтпайтын мәселе.

Соңғы жылдары Қазақстанда жасөспірімдер арасында түсік жасату жоғарылаған. Бүгінде қазақылықтың қаймағы саналатын Қызылордадағы «Аналар үйінде» 9 жас ана бар. Олардың 2-еуі – жүкті, 7-еуі – балалы. Оң жақта отырып босанғандар да баршылық. Мұндай жайттардың соңы жақсылыққа әкелмейтіні белгілі ғой. Былтыр жасөспірімдер арасында өз-өзіне қол жұмсағандар саны – 6. Әрине алаңдатарлық жайт. ЮНФПА мәліметтері бойынша елімізде жыл сайын жасөспірімдер арасында жүктіліктің 6000-нан аса жағдайлары тіркелсе, оның әрбір үшіншісі түсік жасатаумен тамамдалады. Мамандардың айтуынша, елімізде жыныстық тәрбиеге арналған жеке пән енгізілмеген. Тек 9 сыныпта ғана, яғни балалар 15 жаста биология пәнінде аз-кем оқытылады. Бұл кезеңде жасөспірімдердің 33 пайызы сексуалдық тәжірибеден өтсе, 19 жасқа қарай олардың 49,2 пайызы жыныстық белсенділікте болады. Ал басым көпшілігі сақтанбайды екен.

Белден төмен әңгіме демеңіз. Бекерге қаузап отырған жоқпыз. Қалалық №6 емхана бас дәрігерінің орынбасары Индира Ермаханованың сөзінше, Қазақстанда әрбір 3-ші жүктіліктің соңы түсік жасатумен аяқталады. Бұл тек ресми деректер екендігін еске саламыз. Түсік жасатудың зияны тым көп. Айталық, алғашқы жасалған түсіктің 30 пайызы бедеулікке алып келеді. 12-19 жас аралығындағы жас аналардың дүниеге әкелген балаларының 50 пайызы – аурушаң.

Өтпелі кезеңде жасөспірімдер оң мен солын анық бағамдай алмайтыны белгілі. Көпшілігі алабұртқан сезімнің жетегінде жүріп, жаңылысатыны да жасырын емес. Бозбалалардың жыныстық қатынас қызметкеріне жүгінетіні де шындық. Мұның соңы АИТВ-ға алып барады. Бұл дерттің 81 пайызы жыныстық аурулар арқылы жұқса, қалғаны вирустың бірден қанға түсуі және анасынан балаға берілуі арқылы таралады. Қызылорда облысында осыдан он жыл бұрын АИТВ-мен есепте тұрғандар саны небәрі 28 еді. Биыл 128-ге жетті. Оны жұқтырғандардың ең жасы 15-те, ең үлкені – 81 жаста.

Жоғарыда аталған олқылықтарды болдырмау үшін қалада «Қызылорда облыстық жастар денсаулығы орталығы», «Тәуекел» тобы құрылған. Ол орталықтардың негізгі масқсаты – жастардың денсаулығын зерттеп, қажет болған жағдайда тиісті ем-дом жасауға ықпал ету.

Халық-хабар

 


Күнтізбе

< Сәуір 2018 >
            1
2 3 4 5 6 7 8
9 11 12 13 14 15
16 17 18 19 20 21 22
23 24 25 26 27 28 29
30            

Сауалнама

Аса мәртебелі шенеуніктердің қылмысқа шатылып жатқандығы нені аңғартады?
 

Ауа райы

Валюта бағамы

Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі валюталардың ресми бағамдары