Өзекті мәселелер

  • 13.12.18

    Жазылған  жайттың  жалғасы

    Қоғамдағы кейбір жайттарға көңілі толмаған, мәселесіне тиісті орындардан мардымды жауап ала алмаған­ жандардың бір ықпалы тиер деп БАҚ-қа үміт артып келетіні бар. Жалпы, бұқаралық ақпарат құралдарының мақсаты мен міндеттері, онда қызмет ететін журналистердің басты қызметі – қоғам үшін маңызды ақпарат іздеу, табу, аны...

    Толығырақ...
  • 13.12.18

    Анар   РАХЫМЖАНОВА,

    желтоқсан  оқиғасына  қатысушы:

    «Қазақстан Компартиясының бірінші хатшысы Дінмұхамед Қонаев орнынан алынып, сол қызметке Г.Колбин таға...

    Толығырақ...
  • 13.12.18

    Қай күні ақын Ұлықбек Бекұзақұлы «Ит жылы дүниеге келгендіктен бір-бірімен «ырылдасып» ойнап, әзілдің түбін түсірген (және түсіретін – ред.) «Сырдың бес серісі, бес перісі» атанған 58-дер: Бекұзақ Тәңірбергенов, Сұраған Мырзаев, Ниятолла Раманқұлов, Серік Ыдырысов және Оңталап Нұрмахановтар болатын. Бұлардың соңғы екеуінен басқасы «түйе қарап» кетті...» деп жазған еді. Уақытынд...

    Толығырақ...
  • 13.12.18

    Ерғали  АБДУЛЛА

    ШҮКІРШІЛІК

    «Түн баласы дөңбекшіп, олай бір аунап, былай бір аунап, ұйықтай алмай, көрер таңды көзіммен атырамын» дейді де отырады бір парақор. Құлқындап өліп жүрсе де, жүрегінің арғы бір терең, қапас түкпірінде ұят пен ардың болмашы бір қалдықтары, тозаңдары қалғанына да әйтеу...

    Толығырақ...
  • 13.12.18

    Елбасының жыл сайынғы Қазақстан халқына Жолдауы тың мәселелерге толы. Әрбір Жолдау мазмұны қоғам дамуы үшін өте маңызды. Барлық жұмыстар тек билік өкілдеріне ғана емес, ел азаматтарына да үлкен міндеттер жүктейді.

    Осы жылдың күзіндегі Жолдауда мемлекет басшысы келесі жылы «Педагог мәртебесі туралы» заңды әзірлеп, қабылдау қажеттілігі туралы айтқан болатын. Ұлт көшбасшысы аталмыш заң мұғ...

    Толығырақ...
Бейсенбі, 12 Сәуір 2018

БИДАЙ мен ҰН ЭКСПОРТЫ: ҰТЫЛАМЫЗ БА, ҰТАМЫЗ БА? PDF Print Email
Жаңалықтар - Саясат
12.04.2018 14:22

«Сақал сипағанша» деп сипаттама беретін сауда нарығында бидай ұны – өтімді тауар. Қазақ халқының басты тұтынатын тағамдарында да ұн өнімдері алғашқы орында тұр. Біз үшін құндылығы жоғары өнім болса, Қытай елі үшін қазақтың ұны құнды сыйлық саналады. Өйткені әлемде ақ бидай мен ұнды шекара асырушы ең ірі экспортер елдердің қатарында екенімізді мақтанышпен айтамыз. Оған себеп те жоқ емес, өткен жылғы көрсеткішпен салыстырғанда елімізде астық пен ұн экспорты 2 млн тоннаға өсіп, 8,2 млн тоннаға жетті. Ал жыл басынан бері Қазақстанда өндірілген бидай экспортының өзі 83 пайызға жығылып тұр.

Бидай және ұн экспортының көлемі неге артуда деген заңды сұрақ туындары сөзсіз. Бұл – сауда заңы және нарық талабы. Ақшаның алыс-берісі бар жерде өтімді заттың сатылатыны секілді біздің елден өндіріліп жатқан ұн өнімдеріне тәуелді мемлекеттер қатары аз емес. Әлемнің 35 еліне таралады. Бүгінде бидай мен қара бидай қоспасының 17,7 млн тоннасы Өзбекстанға, 1 млн тоннасы Тәжікстанға, 306,9 мың тоннасы Қытайға, 285 мың тоннасы Ауғанстанға, 227,1 млн тоннасы Қырғызстанға сатылған. Ұн сатып алудан 324,8 млн долларға сауда жасаған Ауғанстан алғашқы орынға шықса, одан кейінгі орындарға Өзбекстан мен Түркіменстан жайғасқан. Негізгі импорттаушы мемлекеттер қатарында Өзбекстан, Түркіменстан бар, Азияның шығыс бөлігі мен Африка мемлекеттерімен де байланыс орнағанын арагідік естіп қаламыз. Жалпы, еліміз дәнді дақылдарды экспорттауда аса белсенді. Ішкі сұранысты қоса қамтамасыз етіп отырса, сыртқы нарыққа шығарудан ешқандай зиян жоқ. Алайда жыл сайын экспорт көлемі арта түссе, еліміздегі астық өнімдерінің ішкі нарықтағы бағасы күрт қымбаттап кетпейді ме деген қауіп бар. Осының өзінде жылына 8 млн тоннадан астам астық өнімдері өзге елдерге тасымалдануда. Статистикалық  мәліметтерге сүйенсек, экспорттың 90 пайызға жуығы Қытай, Түрікменстан және Иранға тиесілі. Астықты шетел асырудан әлемнің үздік 10 елінің тізімінде тұрғанымыз  да  сондықтан.

Өткен жылдың аяқ шенінде Алматы қаласында «Орталық Азиядағы астық және ұн на­ры­ғы: даму ағымдары және қатерлер» тақырыбында халықаралық конференция өтті. Ірі астық өңдеуші және ұн өндіру кәсіпорындары бар Қазақстан, Қырғызстан, Өзбекстан, Ресей, Украина секілді елдер қатысқан жиында астық өнімдерінің нарығы туралы­ әңгіме кеңінен өрбіді.

- Соңғы 10 жылда дү­ниежүзі бойынша бида­й  өндіру  көле­мі 17 па­йызға өс­кен. Соның ішін­де азық-түліктік мақсатта бидай тұтыну мөлшері 509 млн тоннадан 600 млн тоннаға дейін артқан. Бидай тұтыну мөл­шерін Үн­дістан   79 млн тоннадан  90 млн тоннаға дейін жеткізген. Бұл көрсет­кішпен алға жылжи бере­тін болса, таяу онжылдықта тұтыну кө­ле­мі бойынша Қы­тайды басып озады деп күтілуде. Сондай-ақ, Пәкіс­тан, Египет, Эфиопия, Алжир, АҚШ, Иран, Бангладеш, Нигерия, Сахарадан оң­түс­тікке қарай орна­ласқан елдер Судан мен Мозамбикте де осы көрсет­кіш өсуі әбден мүмкін, - деді БҰҰ Азық-тү­лік және ауыл шаруашылығы ұйымының экономисі Дмитрий Приходько сол  жиында.

Рас, экспорттың ұлт­тық экономиканы дамытудағы басым­дығын ешкім де жоққа шығармайды. Бұл жағдай, әсіресе, экономикасы дағдарыс жағ­дайында тұрған елдерге қатысты. Сыртқы сау­даның құ­рамдас бөлігі болып, динамикасы сыртқы сауд­а айналымының өсуін немесе азаюын көрсететін экспорт пен импорт эко­номика үшін тиімді. Ал, сауда теорияларында экс­портқа басымдық көп беріледі, өйткені ол елге табыс, валюта әкеледі, жұмыспен қамтиды. Десек те соңғы кездері осы экспорт саласына қатысты «жердің астынан» жік шықты. Жаһандық нарықта қазақстандық ұнның жет­кіз­ілімі құлдырауда деген­ пікір жиі айтылып жүр. Отанымызда өнді­рілген ұнның 60 пайыз­ға жуығы экспортталса, қалған 40 пайыздан астамы­н қазақстандықтар өздері тұтынған. Ал қапталған ұнды шетел­дік нарыққа сату 3,3, ақшалай құнда 7,1 па­йызға азайып кетті. Оған себеп, импорттаушы өзге елдер қазақстандық ұнды тұтынудың мөлшерін азайтып тастаған. Тіпті өткен жылы Қырғызстан Қа­зақстан, Армения, Белорусь және Ресейден импортталып, бірақ йодпен, пайдалы ферменттермен байытылмаған  ұнды  тасуға  және пайдалануға тыйым салды­. Алайда ортақ «қа­заннан» ас ішіп отыр­ған ел ретінде бұл кесімді шешімі ұзаққа созыла  қоймады. Одақтың ор­тақ шарттарын бұзғандығы туралы ойы­нан­ шығарып алса керек, шекара сызы­ғынан асып  келетін тауар­ларға қайтадан рұқсат  берді.

Өнімдерді сыртқа тасымалдау мәселесінде шаң тозаңындай кө­рінбейтін проблемалар жеткілікті. Мәселе ұн­ның қанша көлемі сатылып, бидайдың қаншасын өзге мемлекеттің импорттап алғанында емес, бұл екеуінің қайсысын экспорттаған қазақ еліне тиімдірек? Балықты арзан бағада сатып алып тұтынғаннан, қармақ алып, су­дың жағасынан аулаған тиімді әрі денсаулыққа пайдалы деген секілді мысалдардан  қандай  ой түюге болады? «Қа­зақстан бидай өндіру­шілер одағының» президенті Евгений Ган:

- Қазір біз бидайдың өзін сатумен ғана шектеліп отырмыз. Одан ұн өндіріп саудалайтын болсақ, көбірек пайда түсер еді. Яғни, диірмендер іске қосылып, жаңа жұмыс орындары ашылады. Мұндай кә­сіпорындарды қуатпен қамтамасыз ететін энергетика саласы да жанданатын болады. Сол секілді транспорт пен тасымал, сауда-саттық сияқты әлеуметтік бағыттағы салалардың жұмысы өнім­ділігін арттырады. Осылайша шикізаттан да­йын­ өнім шығарып, оны қымбатырақ сатсақ, елі­міз үшін әлдеқайда тиімді болмақ, - деген пікірде.

Демек, Қазақстан әлемдік сауда нарығында өзін тұрақты әрі сапалы астық ресурстарын жеткізуші ретінде үздік елдердің қатарында болға­нымен, ішкі пайда­ түсімдері жағынан ұтылып отырған­ға ұқсайды. Бидай және ұнға сұраныс зор, сол себептен алдағы уақытта экс­порт­тауға бағытталатын өнім­дер­ді мейлінше арт­тыру үшін жұмыс жүргізіледі. Айтпай кетуге болмайтын жайттардың  бірі, нарықтағы Қазақстанның ұны мен бидайының бағасы егіннің бітік шығымдылығына байланып тұр­ған  жоқ. Теріс­кейдегі көршінің егін ору  нәтижесіне тікелей тәуелді десек, бізден жаман адам болма­уы мүмкін. Бірақ, бұл – сауда заңдылығы. Оның үстіне «сауда – сақал  сипағанша».

О.МӨҢКЕ

 


МОМЫН ҚАЛАНЫҢ МҰҢЫ PDF Print Email
Жаңалықтар - Мәселенің мәнісі
12.04.2018 14:18

Зерде биігінен қарағанда, заманнан асқан сарапшы жоқ. Уақыт айнасы ештеңе­ні бүркемелемейді. Адам өмірін қадірлеуде қаланың да, жолдың да үлкен-кішісі жоқ. Басқа жаққа көз сүзбей, Аралға ғана аялдайықшы. Бұрын теңізді қала атансақ, қазір көлікті қалаға айналдық. Hе өзгерді?!

Жаңа  проблема  жалаулатып  шыға келді. Жол  апаты  жиіледі. Жүргізу­ші­лер тарапынан кінәрат басым. Алыс-жақын шетелден әкелінген мінілген көліктер қатары есепсіз. Аралдың­  тар қолтық көшелері жаяуды жол шетіне қақпайлай бастады. Осылайша жүргінші қауіпсіздігі барынша­  өткірленді.

Мәселенің мәнісіне үңілейік. Негізгі  қиылыстардағы бағдаршам талабы­на жаяулар түсіністікпен икемдел­ді. Керісінше  көліктілер  баса-көктеп лыпылдауын тоқтатар емес. Ондайда жүргіншілердің ауыз екі кейістігін елеп жатқан жүргізушіні байқамаған  да  шығарсыз.

Тығырықтан шығар мүмкіндік қайда?!  Біздіңше,  жүргінші  жолағына­  басымдық  берілгені  орынды. Аралдың жаңа ауыл бетінде көшелер кең. Соған­ қарамастан орталық көшедегі көлік жылдамдығы тым жоғары. Мұнда  жүргінші жолағы  сирек.

Қаланың ежелгі бөлігінде кең көше санаулы. Салтан­атты келім-кетімнің өзінде Бақтыбай батыр кө­шесін қаншама сылап-сипағанда, қала ажарын ашатын­ жұқалтаң жаяулар жолағы ғана! Тротуарымыз жарнамалық сипаттағы кесінділер сияқты. Оң-солымыздағы жүргінші жолы үнемі тегістеуді тілейді. Ал құлама көшелердегі жол қауіпсіздігі сөз етуге тұрмайды!

Аралдың қала статусына сәйкестігіне сызат түсіретін мұндай келеңсіздіктен қашан арыламыз?! Момын­ қаланың сәулетті келешегіне кім сендіреді? Үкіметтік бағдарламалар аясындағы жаңа қоныстың көбеюі төмендегілер тапқан тапқырлық нәтижесі емес. Қала  сәулеті  мен   мәдениетін  көзден таса етпеуге­ тиіс  жергілікті  билік  көше жолында  жиі көрінсе құба-құп. Мекен мәнері, әлбетте, ғимараттан ғана ізделмейді. Панно, билборд, жалаушалар амандық­  кепілі  емес!

Жә, бүгінгі берешегімізге оралайық. Жүгенсіз кеткен жүргізушілерді дауыс көтермей-ақ сабасына түсіретін тиімді тетік – жүргінші жолағын жиілету мен айқын бояумен бедерлеуде. Қазіргісі тақтадағы жазуды­ ұқыпсыз сүрткен оқушы әрекетіндей әсер қалдырады. Арзан тауардың күн көзінде бірден оңып кететіні сияқты жұқа жалатым екі-үш аптада бозамықтанып сала береді. Дөңгелек пен аяқкиім ізіне шыдамаған ақ  жолақтан  не  қайран?!

Жол қозғалысы ережелерін бұзу әрекетіне байланысты жергілікті бюджетке бірталай аударым қосылатыны белгілі. Жол күтіміне қатысты онсыз да мөлшерлі қаржы бөлінетін шығар. Бір жағынан қауіпсіздік, екінші жағынан қала келбетін ойлағанда, Аралдың ішкі жолдарындағы қауіпсіздікті реттеуге жедел бетбұрыс жасау қажеттігі мен мұндалайды.

Ұсыныс кімнен, орындау қайдан?! Жол полициясы, қала басшылығы, осы мәселеден шет қалмайтын жолаушы көлігі мен автомобиль жолдары, кәсіпкерлік бөлімдері бір жеңнен қол шығаратындай ұмтылыс байқатар деп дәмеленеміз. Анау Батыс Қытай-Батыс Еуропа автожолына шықсаңыз, лезде еңсең көтеріліп сала бермей ме?! Жол ережелеріне сүйсіне ығыланатынымыз жолдың кеңдігімен бірге аңдағайлаған ақ жолақ­тардың әдемі үйлесімінен емес пе?! Сол сәйкес­тік Аралға да жұғысты болса кәнеки!

Обалына не керек, кейінгі жылдары қаламызда көшені асфальттау үрдіс алды. Медальдың екі жағы бар дегенмен, жүргінші үлесіндегі жол жиегіне үнемі назар аударылмайды. Аяқ ізіне әзер бағынатын түйетай­ды, кедір-бұдыр сүреңсіз сүрлеуге асфальт жалат­у бұйырмай-ақ келеді. Жылдамдық десе делебесі­ қозатын желөкпе жүргізушілер бұл тұстағы жаяуды шаң қаптырғанына мәз.

Бұдан кейін тротуар дәмету тек кекесін шақырады­. Демек, жол мен тұрғын үй аралығындағы жер телімін шарбақ алды көзқарасымен емес, жүргінші құқығы тұрғысынан бағалағанымыз абзал. Осынау аса жаңа­шыл­дық тілемейтін зәру мәселеге аудан, қала басшы­лы­ғының ерекше жанашырлықпен қозғау салғанын қалаймыз. Аралдың арын арлап, мұңын мұңдау теңізге­ ғана қатысты емес. Күнделікті ділгер қажеттілікті бұқара көзімен жүрек төріне шығаруда!

Тағы да қала ішіне оралайық. Көлік қозғалысы жыл санап жоталанып барады. Ептестірген айналма жолдар­  бұраңдады. Жүргінші жолағының айқындығы дәл осы арада өте-мөте маңызды. Айналма жолдың қиылыстарындағы, созылыңқы тұстағы ескерту жо­лақтарына  айрықша  мән  берілуі  тиіс.

Жүргіншіге қатер төнбеуі үшін жаяулар жолағының тым алшақ болмағаны абзал. Жедел жәрдем, по­лиц­ия, төтенше жағдай көліктерінен басқаның асығыстығына кеңшілік жасалмауы керек. Жол жиегінің қыста тайғақ, көктемде балшық, жазда борпылдаққа айналатынын тағы да тіл ұшынан ысыра алмаймыз. Ал сырттан келетін көліктер мұндай бейқамдық салдарынан қаралай жүрісінен жаңылуы әбден мүмкін.

Жаздың аптабы, күздің жаңбыры, қыстың оппа қары, көктемнің лайсаңы асфальт бетіндегі жұқалтаң жолақты тым сүмірейтіп жібереді. Көлік ағыны, жүргінші табанына шыдас беретіндей ақ жолақты қашан көреміз?! Қазіргі жаяулар жолағы ұқыпсыз оқушының ұшталмаған қаламмен сурет салғанындай өте солыңқы.

Шіркін, жүргінші жолағы күндіз көз қарықтырып, қараңғылықта айсыз түнгі құс жолындай ағараңдап жатса ғой?! Жалпы, жол қауіпсіздігіне байланысты бүкіл жол белгілері жарықта да, қараңғылықта да ел амандығына қорған болатындай сақшылық міндетін жарнамалап тұрса екен. Жаяулар назын үлкенді-кішілі билік құрылымы ескерусіз қалдырмайтын шығар. Баяғы­дан қабағы қатулы Аралды момын қала кейіпін­де қалдырмай, ақылды қалалар деңгейіне жеткізу – жергілікті жаңа буын басшыларға үлкен сын.

Жаңабай  Кемал,

Арал  қаласы

 


ЖҰМЫСТЫ ЖЕР ЖҰТЫП ҚОЙДЫ МА? PDF Print Email
Жаңалықтар - Бүгінгінің болмысы
12.04.2018 12:34

- Жұмыста  қысқарту  болып  жатыр. Ілігіп  кетсек,­ кредитті  қалай  төлейтінімді  білмеймін?

- Бізде де солай деп жатқан. Құрысын, күн көру, өмір сүру қиындап бар ма, қалай өзі?

Міне, бұл – тұтастай ел ішінде кездесетін диалог.­ Көзіміз көріп, құлағымыз естіп жүр. Әрине, үкімет жұртқа жаппай жұмыс тауып беруге міндетті емес. Бірақ, жағдай жасауға міндетті. Бәрі ақшамен­ теңелген заманда оқымай-ақ диплом алғандар тастан­ таққа секіріп тайраңдаса, терін төгіп диплом алғандар жұмыс таппай екі қолын “пай-пайлап” жүргені шындық. Осылайша, қазақ қоғамында­ Әділет, Әділжан, Әділбек есімді талай жандар әділеттілік жайлы әңгіме қозғауға ұялуда. “Жатқан­ға берсін” деп үйінде аяғын аспанға көтеріп жата алмайтындар дипломын қажет етпей, қара жұмысқ­а араласып кетті.

Бала-шағасының қамы үшін есектің артын жусам да мал табайын дегендер бар. Өйтпегенде қайтсін, жұмыстан жаппай қысқарту белең алғалы қашан? “Менмін” деген белді-беделді компаниялар нарықтық заманның көшіне ілесе алмай, жұмысын тоқтатуға мәжбүр болуда. Жабылуын­ың себебі “жұмысты жүргізе алмады” ғана болмауы мүмкін. Көзінен өзгерісті көргісі келмейт­індер өзінен зор шыққанды аяқтан шалып, арқадан итеруге “мәстір” емес пе? Бұл басқа тақырып­  болса да, елдегі жұмыссыздықтың  бастауы болып  отыр.

Жалпы, 2015 жылғы дағдарыс кезінде жұмыссыздық қатты өсіп кеткені көпші­лікке таңсық емес шығар. Десе де, біраз жылдардан бері жұмыссыз халықтың саны қысқар­ғанын статистикаға сүйеніп, мойындамасқа шарамыз жоқ. 2016 жылдан бастап-ақ жағдай тұрақтанып, өткен жылы да едәуір­ түзелген. 2017 жылдың 4 тоқсанында ҚР бойынша 439,3 мың жұмыссыздар саны бір жыл бұрынғы көрсеткіштен 0,4%-ға азайса, 2017 жылдың басынан бері 4,9%-дық көр­сеткіш сақталып келеді.

Energyprom.kz зерттеу орта­лы­ғының мәліметіне сүйенсек, 2018 жылдың ақпан айындағы есеп бойынша Қазақстанда жұмыссыздардың саны 440,7 мың адамды құрап отыр. Биыл­ғы жылдың алғаш­қы екі айында екі қолға бір күрек таппағандардың саны 400 адамға артыпты. Негізінен, жұмыссыздықпен күрес бо­йынша Қарағанды облысы көш бастап тұр. Жұмыссыздар саны бір жыл ішінде 7 %-ға, яғни 32,2 мың адамға азайған. Жұмыс табу бойынша қиындықтарды жою бойынша көш­басшы аймақ­тардың ішінде Қостанай облысы (жұмыссыздар саны 5%-ға, яғни 24,5 мың­ға азайған) мен Ақмола облысы­ да бар (2,8%, 20,6 мың адам). Жұмыс табу бойынша ең көп қиындық туын­дап отырған – Астана қа­ласы. Елордада жұмыссыздар саны бір жыл ішінде бірден 6,8%-ға өскен. Бұл  көрсеткіш 23,8 мың  адам­ға  сәйкес  келеді.

Жұмыс іздеп, талай табалдырықты тоздырғандардан айлығы шайлығына әзер жетіп отырғандар бақытты екен ғой дейсің осындайда. Өлместің күні деп, күнкөрісін ғана ойлайтындар бір айға, бір айын бағамдайтындар қашан бір жыл­ға уайымсыз отырар екен? Қаржылық жағдайының төмен­дігі ер-азаматтың көпшілік ортад­а өзін төмен ұстауына әкеліп соқтыратыны рас. Еңсе­ні тіктеймін деп жүріп, басын бұтының астынан тауып алып жатқандар көп бізде. “Өкімет өлтірмейді” деуден танбайтын бір кісінің жұмыс іздегеніне біраз уақыт болыпты. Шіркін, жалқаулық та жар бермей жүрген шығар. Көршісі күнде сұрайтын көрінеді:

- Жұмыс таптың ба?

- Жоқ, жер жұтып қойған-ау, құрғырды! Жағынбасаң, жұмыс жоқ қазір, соны білдім. Алдына­ жұмыс сұрап барғанда, руласы не танысы болмасаң, бет-жү­зіңе қарауға ерінеді. Әлгінде ғана бос тұрған орын бастықтың бірдеңесіне бұйырады да кете­ді. Бірінші қимылдасаң да болмайды екен...

Ш.ШАТҚАЛ

 


«БІЗГЕ ӘДЕМІ СӨЗДІҢ КЕРЕГІ ЖОҚ» PDF Print Email
Жаңалықтар - Саясат
12.04.2018 12:22

Нұрлыбек  НӘЛІБАЕВ,

Қызылорда  қаласының  әкімі:

«ЖЫЛДАҒЫ   ӘҢГІМЕ   ҒОЙ»

Шаһар басшысы Нұрлыбек Нәлібаевтың төрағалығымен өткен мәжілісте қалалық білім бөлімінің басшысы Ақарыс Нұрсейітов пен Белкөл кенті­нің әкімі Асхат Ибрагимовтың атқарған жұмысы тыңдалды. Алдымен Ақарыс Дүйсенұлы алдағы Ұлттық бірыңғай тестілеуге қала мектептерінің дайындығына тоқталды. Биыл қала бойынша  50  білім ордасын 2139 оқушы бітіреді. Бүгінде олардың 1720-сы ҰБТ-ға қатысады деп жоспарлануда. Ал биылғ­ы оқу жылында Қызыл­орда қаласы бойынша «Алтын белгіге» (2017 ж - 107) – 92, «Үздік аттестатқа» (2017 ж - 102) 108 үміткер тіркеліп отыр. ҰБТ қаладағы «Мұрагер» мектебі мен Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінің №5 оқу ғимаратында өткізілмек. Наурыз айында алынған сынама тестілеудің қорытындысы бойынша орташа балл – 93. Жауапкершілігі жоғар­ы білім бәсекесіне бөлім басшысы «тас түйін дайынбыз» деп сендірді. Алайда қала әкімі:

– Бұл жылда айтылып жүрген әңгіме ғой. Биыл  жақсы нәтиже­ болатын болсын! Әдемі әңгіменің  керегі  жоқ, - деп бөлім басшысына  қатаң  ескертті.

ҰБТ-ға аз оқушы қатыстырып, жоғары нәтижеге қол жеткізіп жүрген мектептердің бар екендігі рас. Нұрлыбек Мәшбекұлы осы мәселені де назар­ға  салды.

– Бізде түлектердің ҰБТ-ға қатысуы жағынан ешқашан 80 пайыздан төмен түскен емес. Дұрыс! Бірақ, қорытындыға келгенде оқушылардың қатысуын ескермейді де, көрсеткен нәтижесіне көңіл бөледі. Мен білемін, кейбір өңірлерде мектеп бітірушілердің саны 30 болса, оның ең жақсы оқитын 5-6-ауы ғана ҰБТ-ға қатысады. Нәтижесі 100 пайызды көрсетеді. Бізде - керісінше. Шыны керек, бұған қарап отырып көңіл түседі. Шахмардан Асқар­ұлы (қала әкімінің орынбасары.- ред.), осы мәселені­ тиісті министрлікке жеткізіңіз­дер. Тек ҰБТ көрсеткішін есептемей, түлектердің де қатысуын назарға алсын! - деп білім бөлімі басшысы мен өзінің орынбасарына тапсырма жүктеді.

Түлектер ҰБТ-дан төмен балл жинаған­ жағдайда өз-өзіне қол жұмсауы мүмкін. Шаһар басшысы оқыс оқиғаларды болдыр­мау үшін қалалық ішкі істер бас­қармасының бастығы Дәулет Сүлейменовке қаладағы көпірлердің маңы мен Сырдария өзенінің жағалауында бақылауды күшейту  керектігін айтты.

 

«БОСҚА   АЙЛЫҚ   АЛЫП

ОТЫРҒАНДАРДАН   ҚҰТЫЛМАСАҢ, ӨЗІҢНЕН   ҚҰТЫЛАМЫЗ»

Осыдан соң Белкөл кентінің әкімі Асхат­ Ибрагимов жыл басынан бері атқар­ған жұмысын баяндады. Қызылорда қала­сы­на іргелес  орналасқан кентте 3994 адам тұрады. Тұрғындардың тең жартысы эконо­микалық  тұрғыдан  белсенді.

– Белкөл кентінде 2018 жылдың 1 сәуірі­не 80 кәсіпкерлік субъекті тіркелген. Оның ішінде 23 мал шаруашылығы, 1 егін шаруашылығы, 21 дүкен, 1 монша, 1 техникалық жөндеу орталығы, 1 шаштараз, 1 жеке балабақша, 2 асхана, 2 газ сақтау және өткізу  орны, 12 жолаушылар және жүк тасымалы, 1 кірпіш зауыты, 1 асфальт-бетон зауыты, т.б. кәсіпкерлік нысандар жұмыс істейді. 2018 жылдың 1 тоқса­нында қалалық кірістер басқармасына 7 кәсіп­керлік субъекті тіркелген. «Бизнестің жол қартасы 2020» бизнесті қолдау мен дамыту­дың бірыңғай бағдарламасы шеңберінде мемлекеттік грантқа кент тара­пынан 10 жоба ұсынылып отыр,- деді кент әкімі  Асхат  Жорабекұлы.

Қазіргі таңда кентте 21 көше бар. Олардың­ 3,9 шақырымы асфальттанған, 7,8 шақырымына тас төселген, қалған  11,5 шақырымы – қара жолдар. Биыл Белкөл­дегі «2-Линия», «Зеленая» көшелерін асфальттауға облыстық бюджеттен 31,5 млн теңге қаражат қарастырылған. Асхат Жорабекұлының І тоқсанда атқар­ған  жұмыстарының  ішінде  ақсағаны тұсы аз емес. Мәселен­, кентте ірі қара малы өткен жылдың  есепті  мерзімімен  салыстырғанда 4,5 пайызға кеміген. Ал «Агроөнеркәсіп кешенін дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған» мемлекеттік бағдарламасы аясында және «Сыбаға» бағдар­ламасы шеңберінде 20 бас сиыр мен 1 асыл тұқымды бұқа сатып алу межеленген. Алайда бұл жоспардың біреуі де орын­далмаған. Олқылық­тарды осылай жіпке тізген қала басшысы Нұрлыбек Мәшбекұлы:

– Халықпен есепті кездесуің жақсы өтті. Жарайды! Әдемі сөйлейсіздер! Ал іске келгенде мүлде басқаша. Сонда мұның барлығ­ы көзбояушылық па? Оның үстіне биыл облыста кәсіпкерлікті дамытуға үлкен  күш  салынып  отыр.  Өткенде сіздерді облыс әкімі Қырымбек Елеуұлының өзі тыңдады­. Ендеше бұл көрсеткіштердің барлығы неге төмен? - деп кент әкімін сауалд­ың  астына  алды.

– Өткен  жылы «Сыбаға» бағдарламасы бойынша жоспар орындалмады. Дегенмен шаруашылықтар ірі қараны өз қаражаты есебінен сатып алып отыр. Сондықтан оны бағдарламаға енгізе алмаймыз. Алдағы уақытта кеткен кемшіліктің орнын  толтырамыз,- деп ақталды Асхат Ибрагимов.

Сонымен қатар кентте орын алған қылмыс пен ұрлық-қарлықтың ашылуы да төмен. Мәжілісте кенттегі келеңсіздіктердің көпшілігі слайд арқылы көрсе­тіл­ді. Көшедегі қоқыстарды былай қойғанда, ондағы балабақшаның қабырғасы сарғайып, күзгі жапырақтарға ұқсап кеткен. Тіпті, Нұрлыбек Мәшбекұлы кент әкіміне қарата: «Мына қабырғаларды (слайдта көрсетілген суретті нұсқап.- ред.) 10 кило әк алып, әктеп қоюға болады ғой. Бұған бюджеттен ақша керек емес шығар. Оны істейтін ниет жоқ, ниет!» деді қатқыл үнмен. Ал мәдениет саласында да бір­қатар  кемшіліктер  анықталған.

– Мәдениет үйінде халыққа өз деңгейінде іс-шаралар өткізілмейтін болса, онда оның керегі қанша? Неге ондағы қызметкерлерге мемлекеттен ақша төлеп отырмыз? Одан да жауып тастайық! Болмаса, сапалы, білімді кадрлар іздейік. Асхат Жо­рабек­ұлы, босқа айлық алып отырғандардан құтылмасаң, өзіңнен құтыламыз. Белкөлден сапалы маман таппасаңыз, қаладан алыңыз, - деп шаһар басшысы шүйлікті.

Жоғарыда анықталған кемшіліктерді қалпына келтіруге Белкөл кентінің әкімі Асхат Ибрагимовке бір апта уақыт берілді.

 

«БӘРІН  БІРДЕН  ШЕШУ

МҮМКІН  ЕМЕС»

Жиын барысында жақында ғана әлеу­мет­тік  желілерде тараған қаладағы «50  әжетхана» жайында да сөз болды. Қала әкімінің сөзінше, Елбасының, аймақ басшысының көмегімен бес жыл ішінде Қызыл­ордадағы 32 апаттық жағдайдағы үйдің мәселесі толыққан­ды  шешілген. Оған  8 млрд теңгеге­  жуық  қаражат  жұм­салған.

– Әрине, біз ол мәселелердің барлығын шешуіміз қажет. Бірақ, бәрін бірден шешу мүмкін емес. Мұндай үйлер, жатақханалар өзге қалаларда да бар. Сол үйді жаң­ғыртудан өткізейік десек, тұрғындардың 70 пайызы қол қоюы қажет. Ал тұрғындар оған  келіспей  отыр. Олардың  ойынша,  оның барлығын  тегін істеу керек. Кәсіпкерлерге­ қашанғы өтініш айтып  жөндете береміз. Шынын айт­қанда,­ ол да – «нарушение». Шахмардан Асқар­ұлы, осындай мәселелерге келгенде телеарналар мен газеттерге толық, әрі нақты жауап беріңіздер! - деді Нұрлыбек Мәш­бекұлы.

Қала әкімі шаһардың тазалығына да мән беру керектігін ескертті. Егер ол талап­ орындалмаса, тиісті шаралар көріл­мек. Ал қалаға қарасты ауыл әкімдері әр апта сайын мәжілісте атқар­ған жұмысы туралы есеп беретін болады.

 

МАРАПАТТАР  мен  ТАҒАЙЫНДАУЛАР

Қаңтардың 28-і күні Титов қыстағында­ 5 қабатты жатақхананың адамдар тұрмайтын бөлігі құлап, төтенше жағдай орын алғаны белгілі. Зардап шеккендер жоқ. Жергілікті билік тарапынан жедел шаралар қабылданып, тұрғындар қауіпсіз аумаққа көшірілді. Оқиға орнына қала әкімі Нұрлыбек Нәлібаевтан бастап, ат үстіндегі азамтардың барлығы дереу жетті. «Жұмыла көтерген жүк жеңіл» деген­дей екі күннің ішінде онда тұратын 50 отбасы уақытша пәтерлерге орналасты­. Төтенше жағдайға байланысты өңірдегі құрылысшы кәсіпкерлердің демеушілігімен 50 млн теңгеге жуық қаражат жиналды. Оған қаладағы 9 көпқабатты үйлерге жөндеу жүргізіліп, айдың-күннің аманында далада қалған 50 отбасы тұрғын үй кезегі келгенше уақытша баспанамен қамтылды. Аталған жұмыстардың барлы­ғы бюджеттен тыс қаражат көздері арқылы­ жүргізілген. Мәжілісте қысылғанда қол ұшын созған бір топ жомарт жандар Қызылор­да об­лысының «Құрмет грамотасымен» және төтенше жағдай кезінде әлеуметтік көңіл күйдің тұрақталуына қосқан ерекше қызметі үшін «Қызылорда» телеарнасының тілшісі Елжас Әбділдә облыс әкімінің «Алғыс  хатымен»  марапатталды.

Сондай-ақ, жиында облыстық қоғамдық денсаулық сақтау департаментінің бұйрығымен Жанат Нәбиқызы Қызыл­орда қалалық қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының басшысы қызметіне тағайы­ндалды. Ол осыған дейін денсаулық сақтау саласында түрлі лауазымды қызметтер атқарған.

Қала әкімінің №732 өкімімен «Қызыл­орда қаласының қаржы бөлімі» коммуналдық мемлекеттік мекемесінің басшысы болып Сейтмахан Айменов тағайын­далды. Сейтмахан Нұрәліұлы 2014 жылдан осы кезге дейін Қызылорда облысы бойынша Мемлекеттік кірістер департаментінде  бөлім  басшысы  болған.

Түйін. Ендігіде есеп беретін ауыл мен кент әкімдеріне тықыр таянған тәрізді. Себе­б­і қала әкімінің өзі жұмыс істемейтін кадрлардың керегі жоқтығын тағы да ескертті.

Қозы  Көрпеш   ЖАСАРАЛҰЛЫ

 


ЖҮЙЕЛІ ЖҰМЫСТЫҢ ЖОҚТЫҒЫ ШАМҰРАТОВТЫ «ШЫРЫЛДАТТЫ» PDF Print Email
Жаңалықтар - Саясат
12.04.2018 12:20

Сейсенбіде қала басшысы Нұрлыбек Нәлібаев Тасбөгет кентінің әкімі Пахуатдин Шамұратовтың шаңын қақты. Әрине жайдан-жай емес. Жүйелі жұмыстың жоқтығы. Алдымен 2018 жылдың І тоқсанында атқарыл­ған жұмысын жіпке тізген Пахуат­дин Сыражадинұлы сан салада­ ­ оң  өзгерістердің  бар  екендігін айтты­. Өз  есебінде  құны  807 млн 838 мың теңге болатын 23 көшеге орташ­а жол жөндеу жұмысын жүр­гізуге­, 15 көшеге (оның ішінде Қ.Байдаулетов, Ә.Жалғасбаев, С.Шажанбаев, Қ.Юсупов, Қ.Тілеубергенов көшелер­іне) тасжол төсеуге, жалпы сомасы 43 млн теңгені құрайтын газ желісі құрылысын салуға облыстық бюджетке өтінім жолданғанын жеткізді.

Сондай-ақ, кенттің жаңадан қалыптасқан аумағына жалпы ұзындығы 17,9 шақырымына электр желісін тартуға жоба-сметалық құжаттары әзірленуде екен. Ауыл шаруаш­ылығы саласында құрамында 56 мүшесі бар «Тасбөгет» АӨК қар­қынды түрде жұмыс істесе, жаңадан «Тасбөгет-Агро» АӨК құрылғандығын  жеткізді.

Кент әкімінің есебін мұқият тыңдаған Нұрлыбек Мәшбекұлы «Тас­бөгет кенті тұмсығымыздың астында тұр. Күнделікті қадағалап отырамыз» деп бастады әңгімесін. Сөйтті де, Тасбөгетте  жұмыссыздық  деңгейі  0,4 пайызға көбейгендігін, мемлекеттік-жекеменшік әріптестік аясында ешқандай жоба қолға алынбағандығын, қылмыстың ашылуы өте төмендегенін мәлімдеді. Ең қызығы, кент әкімі «жүйелі түрде жұмыс істеп жатыр» деген ауыл шаруашылығы коопер­ативі Салық комитетіне бір тиын да салық төлемеген. Мұны шаһар­  басшысының  өзі  айтты.

Тасбөгетте мемлекеттік-жекеменшік  әріптестік  аясында  бірқатар әлеуметтік  нысандар  салынуы қажет болған. Соның бірі – спорт кешені. Аталмыш нысанға бюджеттен 7,8 млн теңге бөліген. Тез арада бұл нысанның құрылысы басталмаса, қаражат  кері  қайтарылады.

– Нұрлыбек Мәшбекұлы, бұған байланысты бірнеше ұсыныс түсті. Алдағы  уақытта сол жобаларды қарап, өзіңізге өткізетін боламын,- деді  П.Сыражадинұлы.

Ал осыдан екі жыл бұрын Ораз­баев  көшесіне жаңадан жол салын­ған. Әйтсе де, асфальттың қазіргі күйі адам көргісіз.

– Бұл көше 2016 жылы күз мезгі­лінде салынды. Мердігер мекеме – «Қыран» ЖШС. 2017 жылы мердігер мекемеге ескертпе хат жолдадық. Жолдың бұзылу себебі – үлкен автобустардың көп жүруі. Биыл қалыпқа келтіруге ұсыныс береміз. Орындамаған жағдайда, тиісті орындарға шағымданып, мәжбүрлеп жасатуға жұмыс істейміз,- деді кент әкімі.

Қала басшысы аталмыш көшені қалыпқа келтіруге 1 мамырға дейін уақыт берді. Тасбөгетте тазалықтың жоқтығына орай П.Шамұратовтың тағы ақталуына тура келді. Тіпті, кент орталығында орналасқан «Белгісіз солдат» ескерткішінің маңайы аңғал-саңғал. Сылағы түсіп, сиқы кеткен. Көше қиылыстарында, шеткі аумақтарда тау-тау боп үйілген қоқыстың жөні бір бөлек. Ал көпір жиегіндегі қоршаудың жоқтығын слайдтан көр­ген қала әкімі:

– Мынаны көрдің бе? Қоршау қайда? Бұған ақша керек емес қой. Неге істемейсің? Әлде күнделікті бәрін бақылап, айтып отыру керек пе? Тез арада көпірге қоршау салатын болыңыз!- деді Н.Мәшбекұлы.

Сонымен қатар мәжілісте қалалық сәулет және қала құрылысы бөлімінің басшысы Жақсылық Ержанов атқарған жұмысын баяндады. Әсіресе құрылысы басталып, аяқсыз қалған нысанның иелерін тауып, осы бағытта жұмыс істеу жөнінде айтылды. Бөлім басшысы бос жатқан аумақты мемлекет меншігіне өткізу керектігін жеткізді. Ал қаладағы көше атауларына байланысты ономастикалық комиссия жұмыс істеуде.

Бөлім басшысы мен кент әкімінің есебін тыңдаған Нұрлыбек Нәлібаев оларға бірқатар тапсырма жүктеп, оны орындауға міндеттеді.

Халық-хабар

 


ҚЫЗЫЛОРДАДА ҚЫЛМЫС КӨБЕЙІП ТҰР PDF Print Email
Жаңалықтар - Құқық құрығы
12.04.2018 12:19

Соңғы кездері облысымызда криминогенді жағдайлар жиі орын алып кетті. Адамдардың  бұзақылық  жасап, төбелесуі, болмашы мәселе үшін қақтығысып, жаға жыртысуы қалыпты жағдайға айналып бара­ды. Тіпті кейде 1990-2000 жылдардың басындағы «ра­йон» болып жиі төбелесетіндерден «асып түсіп, басып озамыз деп жүр ме?» деген де ой келеді. Алайда қазір –  құқық қорғау қызметкерлерінің барынша күшейтілген режимде жұмыс істеп жатқан уақыты. Таң атқаннан күн батқанға дейін «форма» кигендер қала тәртібін бақылап жүр.

Әр жерде­ орнатылған камералар, құқық қорғау қызметкерлеріне берілген  су жаңа автокөліктер, оның үстіне соңғы кездері прокуратураның бастамасымен  салын­ған «Полиция» бекеттері, бәрі-бәрі об­лыстағы тәртіпті сақтап, қылмыс санын азайту үшін жасалы­нған. Алайда қанша  жағдай жасалынға­нымен, қоға­мымыз күн өткен сайын­ қауіпті болып барады. «Халық көп шоғыр­ланатын орындарда құқық­бұзушы­лық­тардың алдын­ алу мақсатында жұмыс істейді»  деп  салынған полиция бекеттері­нің  маңында да атыс-шабыс болып жатады. Оны өткенде ғана орын алған атыс оқиғасы дәлелдеп тұр. (Тәртіп сақшыларының қыра­ғылы­ғын осыдан-ақ бағамдай беріңіз). Тіпті, статистикалық деректер де құқықбұзушылықтан гөрі қылмыстың көп екенін дәлелдейді.

ҚР Бас прокуратурасы Құқықтық статистика және арнайы­  есепке алу комитеті сай­ты­ мәліметтеріне назар салсақ, өткен жылы облысымыз бойынша тіркелген 8333 (2016 жылы – 9367, оның 8662-сі – қылмыс) құқықбұзушылықтың 7248-і – қылмыс (оған Байқоңырды қоспай­сыз, онда  өз  алдын­а  486  құқықбұзушылық тіркелген) болған. Тіркелген 8333 құқық­бұзушылықтың  2434-і әйел­дерге, 61-і жасөс­пірімдерге, 35-і мектеп оқушы­ларына, 10-ы колле­дж студенттеріне және т.б. қарсы жасалынса, барлық қылмыстың 25-іне құқық қорғау органдары қызметкерлерінің тікелей  қатысы  болған.  Яғни 25 қылмыс бізді қорғайды, тәр­тібімізді сақтайды деген қыз­меткерлердің қатысуымен бо­лып­  тұр. Олардың ішінде төтенше жағдай департаменті (1), прокуратура (1), сот (1), ұлттық қауіпсіздік (3) қызметкерлері де бар. Ал бір ішкі істер департаменті қызметкерімен жаса­лын­ған қылмыс байқаусызда адам өлімімен  аяқталған.

Жоғарыда аталған барлық көрсеткіштің тең жартысынан астамы, яғни 5659-ы Қызыл­орда қаласына тиесілі. Бұл қылмыстың әлі де болса облыс орта­лығында өршіп тұрғанын көр­сетеді. Сондай-ақ қылмыстың өршуі Қазалы (603), Шиелі (456), Жаңақорған (374) аудандарында сейілмей тұр. Осылардың ішінде адам өлтіру фактіле­рі облыс бойынша 28-ге жетсе, соның 21-і қалада болған екен. Бұл Қызылорда қаласында өткізілетін профилактикалық шара­лар­дың әлі де бол­са­ әлсіз екенін аңғар­та­тындай.

 


ҮЙ ИЕСІНІҢ ЗАҢДЫ ҚАРУЫН КІМ ПАЙДАЛАНА АЛАДЫ? PDF Print Email
Жаңалықтар - Құқық құрығы
12.04.2018 12:18

Бүгінде  қорғану  немесе қажеттілігі үшін қару ұстайтындардың қатары көбейген. Статистикалық мәліметтерге сүйенсек, облысымыз бойынша азаматтық­ қару айналымын бақылау саласының есебіне­ 8165 азамат алынған екен. Ал олардың сақтауын­да барлығы 10439 қару тіркелген. Оның ішінде 346-сы иір ойықты, 9736-сы тегіс ұңғылы аңшы қаруы болса, 346 газды және 11 пневматикалық тапанш­а бар. Негізінен, заң бойынша қаруды жасы он сегізге толған кез келген азамат өзінде сақтауға құқылы.  Әрине, арнайы шарттарымен.

– Қазақстан Республикасы жасы 18-ге толған, психо­-неврологиялық, наркологиялық диспансер есебінде тіркелмеген және соттылығы жоқ азаматтарға тегіс ұңғылы аңшы қаруын, газды және пневматикалық тапаншаларды сақтауға және алып жүруге рұқсат береді­ және тегіс те ұзын ұңғылы аңшылық атыс қаруын­ да меншігінде кемінде үш жыл ұстаған, белгіленген тәртіппен аң аулау құқығы берілген ҚР азаматтарының ойық  ұңғылы аңшы атыс қаруын иемденіп алуға құқы бар,- делінген ОІІД бастығының орынбасары Қ.Қоблан­дин біздің хатымызға жолдаған жауабында.

Алайда «қару ұстауға құқығым бар екен» деп оны иемдену айтарлықтай қауіпті екенін ұмытпау керек. Әсіресе, ашуға булыққан адамның қолында қаруы тұрса, жағдай тіптен қиын. Қарсыласына ойланбастан қару жұмсауы ғажап емес. Бүгінде қоғамда мұндай жағдайлардың  жиі  болып  тұратынын естіп те жүрміз. Бірақ 2016, 2017 жылдары  және  ағымдағы  жылдың 3 айында қанша адамның заңсыз қару пайдаланып, салдарынан зардап шеккендердің бар-жоғын білу қиын болды. ОІІД «ҚР Қылмыстық процестік кодексінің 201-бабына сәйкес, тергеп-тексеру деректері жария етілмейді» деп, мұндай ақпаратты беруден бас тартты­. Дегенмен көп жағдайда үй иесінің қаруын сол үйдегі өзге мүшелерінің пайдаланып жататыны өтірік емес. Әсіресе, аңшы мылтығын қыс басталғанда әкесінен бастап өзге балалары күнделікті аң аулауға алып барады.­ Алайда заң бойынша заңды иесі бар қаруды сол үйдің өзге мүшелерінің пайдалануына рұқсат жоқ. Ал егер пайдаланған жағдайда ҚР Әкімшілік құқық­бұзушылық туралы Кодексінің 484-бабының 1-бөлі­гіне сәйкес, әкімшілік шара қолданылады.

Айта кетейік, заңсыз сақталған қаруды өз еркімен тапсырған тұлға, егер оның әрекеттерінде өзге де құқықбұзушылық  құрамы  болмаса, әкімшілік  жауап­тылықтан  босатылады.

 


Жоспарсыз тексерулер басталып кетті PDF Print Email
Жаңалықтар - Құқық құрығы
12.04.2018 12:14

Жылына қаншама өрт болып, соның салдарынан қаншама адам ажал құшып жатады. Көбіне өрт адам факторының әсерінен, яғни өрт қауіпсіздігі талап­тарын толық сақтамағандықтан болатыны жасырын емес. Жақында ғана Кемеровода болған  қайғылы оқиға да  осының  дәлелі. Төтенше жағдай  туралы  алдын ала дабыл  беретін  құрылғының сол күні өшіріліп тасталуы – адами фактордың айтарлықтай азабы бар екенін көрсетіп тұр. Сондай-ақ қосымша есіктердің сол сәтте жабық тұруы да жүзден аса бүл­діршіндерді бақилық етті.

Осы оқиғадан кейін әлем­нің ақпарат құралдары бұл жағдайдың қайта қайталанбасы үшін адам көп шоғырланатын барлық орындар­ды тексеру қажеттігін жарыса жазды. Бұл іске араласқан еліміздің Премьер-министрі Б.Сағынтаев та жауапты мамандарға еліміздегі барлық ойын-сауық орталықтарына жоспарсыз тексерулер ұйымдастыруға тапсырма берген еді. Осыған байланысты біз де Төтенше­  жағдайлар  департаментінен  жылына  қанша нысан  тексеруден  өтетінін  сұрап білген  едік.

– 2017 жыл көлемінде өрт қауіпсіздігі саласы бойын­ша 1 556 нысан тексеріліп (2016 ж. - 1566), 0,6%-ға азайды. Оның ішінде, ерекше тәртіп бойынша 900 нысан,­ жоспардан  тыс  656 нысан  (бақылау  бағытында 621, прокуратура органдарының тапсырмасы бойынша 28, арыз  бойынша 7 нысан) тексерілді. Тексерулер барысында 3 887 тармақты құрайтын өрт қауіпсіздігі талапта­рының бұзушылығы анықталды,- дейді Қызылор­да  облысы Төтенше  жағдайлар  департаменті бастығы­ның  орынбасары  А.Төлешов.

2018 жылдың есепті кезеңінде 232 нысан тексері­ліпті. Оның 160-сы ерекше тәртіп бойынша, ал қалған­ 72-сі жоспардан тыс тексерілген. Тексерулер барысында­ 732 тармақты құрайтын өрт қауіпсіздігі талаптары­ның бұзушылығы анықталса, өрт қауiп­сiз­дiгi талаптарын бұзған 164 жеке және заңды тұлғаға қатысты әкімшілік іс қозғалып, 649 мың 350 теңге айыпп­ұл  салынған. Ал 2017 жылы салынған айып­пұлдардың жалпы сомасы 20 млн 057 мың 960 теңгеге дейін жеткен. Төтенше жағдайлар департаменті маманы­ның сөзіне сенсек, мұндай айып­пұлдарды, әсіресе, білім беру мекемелері төлейтін көрінеді. Өйткені оларға жылына­  екі  рет  тексерулер   жүргізіледі  екен.

Айта кетейік, 2018 жылдың І  жартыжылдығында ерекше тәртіп негізін­де 614 нысан, ІІ жартыжылдығында 401 нысан тексерілетін болады­. Олардың басым көпшілігін жоғары тәуекел дәрежесіне жат­қызылған (адам көп жиналатын орындар, базарлар, орта мектептер мен балабақшалар) нысандар құрайды­. Қазірдің өзінде бұл тек­серістер басталып кетті. Жақында ғана департ­амент қызметкерлері «Жібек жолы» ойын-сауық орталығын (блогерлердің тексерісінен бөлек) тексеріп, арнайы оқу-жаттығу өткізді.

 


ОБЛЫСТАҒЫ РУХАНИЯТТЫҢ ОЗЫҚ ОРДАСЫ PDF Print Email
Жаңалықтар - Саясат
12.04.2018 12:10

КІТАПХАНА   ТАРИХЫНАН СЫР   ШЕРТСЕК…

Аймақтағы мәдениет пен өнердің, ғылым мен білімнің дамуына зор үлес қосып келе жатқан орындардың бірі – облыстық Ә.Тәжібаев атындағы әмбебап ғылыми кітапханасы. Іргетасы ХІХ ға­сырда қаланған орталық 1867 жылы Перовск қаласында Ақмешіт уезі әскери бекінісі­нің халқына арналған кітап­хана болған. 1938 жылы облыс­тың құрылуына байланысты Максим Горький атындағы Қызылорда облыстық кітап­ханасы деп аталды. 1999 жылғы 21 сәуірдегі «Қазақстан Республикасының білім және мәдениет мекемелеріне есімдер беру және оларды қайта атау туралы» қаулысына сәйкес облыстық әмбебап ғылыми кітапханасына халық жазу­шысы, көрнекті ақын Әбділдә Тәжібаев есімі берілді. Ал, 2009 жылы кітапхана жаңа ғимаратқа көшіріл­ді. Осы күні кітап­хана қызметі­нің не­гізгі бағыттары заман талабына сай ұйым­дасты­ры­лып, оқырмандардың ақпараттық сұ­раныстарына сәйкес қорды қа­лыптас­тыру, сұра­ныстарын жылдам әрі сапалы қанағаттандыру  мақсатында жұмыстар жүргі­зіліп келе­ді. Сондай-ақ, оқуға және білімге қызығушылықтарды қолдау, қоғам дамуы әдісте­рінің бірі ретінде тұлғаның үздіксіз білім алуына көмектесу жолында еңбек етуде.

 

ИГІЛІГІ  КӨП ІС-ШАРАЛАР

Ә.Тәжібаев атындағы облыстық әмбебап ғылыми кітап­ханасы облыс көле­міндегі барлық кі­тап­ханалар үшін ұйымдастыру, әдістемелік орталығы болып табылады. Құжаттық мұраларды сақтау және қайта өңдеу  қызметтері - кітап­хананың басты ба­ғытары. «Құжаттық мұраларды цифрлау» жобасы аясында өлкетану бағытындағы 2483 кітап цифрлық форматқа кө­шірілді. Кітап­ханада 9 бөлім, 7 сектор жұмыс іс­тейді. Қа­зіргі уа­қытта 30870 оқыр­манға қызмет көр­сетуде. Кітап қоры  411201 дананы құра­са, оның 112227-сі – мемлекеттік тілде. Ал, кітап берілімі 146701-ді құрап отыр.

- Кітапханада көрсетілетін кітапханалық қызмет түрлері мен өткізілетін барлық мәдени шаралар, қорға келіп түскен жаңа әдебиеттер туралы, бел­гілі бір қаламгер шығармасына арналған виртуалды көрмелер туралы кітапхана сайтында жүйелі түрде жарияланып тұрады. Кітапхана пайдаланушылары үшін соңғы жаңалықтардың бірі – мобильді кітапхана қызметі. Аталмыш қызметті планшет пен смартфон иелері пайдалана алады. Пайдаланушылар виртуалды көрмеден тегін Wi-Fi қызметіне қосылып, қажет кітаптың QR-кодын сканерлеп, оны электронды түрде өз мобильді құрылғысына жүктейді. Мобильді кітапхана қорында Сыр бойының белгілі қаламгерлерінің туындылары бар, - дейді кітапхана директоры Нұржамал Ахметқалиқызы.

Кітапхана – тек ғана кітап, журнал сақталатын орын ғана емес, отбасылық басқосулар мен көңілді кездесулер өткізе­тін орын. Қызықты және ерекше өтетін «Кітапханадағы туған күн» жобасы балалардың есінде мәңгі сақталып қалатын мерек­е болып табылады. Жоба­ға туған күн иелері ата-аналарымен және достарымен бірге қатысады. Балалар кітапханадағы уақыттарын өте көңілді өткізе алады. Бұл күні туған күн иелеріне ерекше сый-құрмет көрсетіледі. Зал мерекеге сай әсем безендіріледі. Мерекеде туған күн иелеріне құттықтаулар, жылы лебіздерін айтады. Балалар ән салып, би билеп, түрлі ойындарға белсене қатысады. Сонымен қатар, «Кітапханадағы түн» акциясының орны бөлек. Дәстүрге айналған­ шараның негізгі мақсаты қалың көпшілікті кітап оқуға шақыру   болып  табылады.

 

КІТАПХАНА – ҚҰНДЫЛЫҚТАРДЫҢ  МЕКЕНІ

Кітапхананың сирек кітаптар мен қолжазбалар қорында 606 дана кітап бар. Мұнда әмбебап сипаттағы әртүрлі сирек­ кездесетін құнды басылымдар сақталған. Олардың қатарында қазақ, орыс, өзбек, қырғыз, араб, парсы, латын, тәжік, түрік, шағатай, татар, корей тілдеріндегі жазба ес­керт­кіштер бар. Кітаптар мен қолжазбалардың  жазылу  әдіс­тері де әр алуан: қисса, дастан, естелік және басқа да жанрда. Кітап басылымдарының дені  Қазан төңкерісіне, яғни 1961 жылға дейін  жарық  көрген.

Сирек  кітаптардың ішін­дегі ең  құндысы – арабша жазы­лып, 1293 Һижра жылы шыққан «Құран Кәрім» кітабы. Кітаптың сырты терімен қаптал­ып, аяттары шөп бояумен боялған. Қазы Фаткулл­мад, Қазы Абдулкарим, Шархуакия Халидің 1303 һижра жылы шыққан «Діни философиялық түсіндірме сөздігінің 1-томдығы, 1306 жылы ескі түркі тіліндегі «Имам Азам Бәтуа кітабы», 1307 жылы шыққа­н араб тіліндегі «Намаздың келу тарихы: намаз тәр­тіптері» кітабы, 1850 жылы түрік тілінде шыққан «Хуләсә Людфия»  пайғамбарлар  туралы  өлең-насихат  кітабы,  1860 жылы  шыққан «Аталы Әл-Азхар» даналық сөздер кітабы, 1824 жылы парсы тілінде шыққа­н «Жүсіп-Зылиха» жыры сияқты жазба мұралары бар. Мұнда Қызылорда қаласы еліміздің алғашқы аста­насы болған кезіндегі баспадан  жарық көр­ген 33 кітаптың кө­шір­мелері сақталған. Олар – араб қарпінде жазылған қазақша кітаптар. Сирек кездесетін қолжазбалар мен кітаптар қорында 1892-1909 жылдар аралы­ғында шыққан анық­тамалықтар жинақтары мен орыс классиктерінің алғашқы басылымдары да бар. Кітаптар арасында 4х5см-ді құрайтын өте кішкентай кітаптар коллекциясы сақталған. Олардың арасында А.Құнанбаевтың, Ы.Жахаевтың, А.Пушкин­нің, М.Лермонтовтың, С.Есен­иннің, А.Ахматованың, Омар Хаямның, Пьер-Жан Беран­женің, т.б. кітаптары бар.

 

ҮЙІРМЕЛЕРДІҢ ҮЙРЕТЕРІ  КӨП

Кітапханада өнер саласындағы дарынды жандар шығармашылығын насихаттау, мүд­делері мен қызығушылықтары ортақ жандарды біріктіру, жаст­ардың өнерге деген қызығушылығы мен ынтасын қа­лыптастыруға ықпал ету мақсатында «Өнер» клубы жұмыс істейді. Клубта «Домбыра үйрену»­ және «Фортепиано» үйірмелері бар. Сондай-ақ, «Рауан», «Бағбан», «Дидар» клубтары да үздіксіз оқыр­мандарға қызмет көрсетіп келед­і. Жастардың бос уақы­тын  тиімді  ұйымдастыру  мақсат­ында әр айдың соңғы жұма күндері «Экран алдындағы кездес­улер» айдарымен  фильм көрсету  ұйымдас­ты­рылады.

Кітап оқу мәдениетін ілгері жылжыту, оқуды қолдау, ұлт­тық құндылықтар мен жалпы адамгершілік тәрбиесі арқылы білімді жеке тұлға қалыптас­тыру, өз өлкесіне және оның тарихына деген сүйіспеншілік сезімін ояту мақсатында кітапханада «Оқитын өлке» акциясы, «Кітаппен бірге өсеміз», «Кітапханамен бірге оқу» жобала­ры жүзеге асырылды. Кітапханада «Досыңа кітап сыйла» және «Кітапханаға кітап сыйла» акциясы ұйым­дастырылды. «Міндетті түрде оқылуы тиіс 10 кітап» атты бетбел­гі дайындалып, оқырмандарға  таратылды.

Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласын жүзеге асыру мақ­сатында  кітапханада  көптеген шаралар  өткізіліп  жүр. Рухани­ жаңғыру үшін, өзгеру үшін, алға ұмтылу үшін білім керек. Ал, білім көзі – кітапта. Об­лыстық кітапхана жастарды кітап оқуға шақыру, оқу мәдениетін, оқу талғамын қалып­тастыруға  бағытталған «Жастар таңдайды» – «Молодежь предпо­ЧИТАЕТ» жобасын жүзеге асыруды жоспарлап отыр. Жобаның мақсаты – жастард­ы кітап оқуға ынта­ландыру, әдеби талғамын қалыптастыру, кітапты насихаттау. Жастар оқитын таңдаулы 100  кітапты  анықтау.

Артық білім кітапта болуы мүмкін. «Мен» деген ұлы жазу­шылардың өзі кітапты ешқашан тақпен ауыстырмайтынын айтқан.­ Сірә, олар рухани жалаң болып жүргеннен, заттай жұтаң болып жүруді қаласа керек. Облыс­тағы руханияттың озық ордасы саналған кітапханадағы жаңалықтар мен өзгерістердің әлі де бола беретіні анық. Кітап­хана заман ағымынан қалыспай жаңа технологияны меңгеру, халыққа жаңа ақпараттарды жылдам жеткіз­у, оқырмандар сұранысын қанағаттандыру мақсатында жаңа инновациялық тәсілдерді қолдана отырып, электронды және дәстүрлі ақпараттардың мәңгілік сақтаушысы болып қала  береді.

Рыскелді   ЖАХМАН

 


Күнтізбе

< Сәуір 2018 >
            1
2 3 4 5 6 7 8
9 10 11 13 14 15
16 17 18 19 20 21 22
23 24 25 26 27 28 29
30            

Сауалнама

Аса мәртебелі шенеуніктердің қылмысқа шатылып жатқандығы нені аңғартады?
 

Ауа райы

Валюта бағамы

Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі валюталардың ресми бағамдары