Өзекті мәселелер

  • 09.08.18

    Ел іші ешқашан даусыз болмаған. Бұрында да ренжісіп, жер, жесір дауы үшін бір-бірімен араздасқан адамдар өмір сүрген. Әсіресе, жайылымдық жер үшін таласып, бірінің малын екіншісі қуып шыққан сәттер әдебиеттерден белгілі. Алайда ол кезде қазіргідей сот билігі болмаса да, ата-бабаларымыз шыңыраулы түрмесіз-ақ сол дауды бейбіт жолмен шешіп, екі тарапты бір ауыз сөзбен татуластыра білг...

    Толығырақ...
  • 09.08.18

    Біздің «Алдымен экономика, cодан  соң  саясат» деген­ айқын  формуламен ілгерілеп келе жатқанымызды мемлекет басшысы ай­қындап берген. Саяси реформалардың әрбір кезеңі эко­номика дамуы­ның  шекті  деңгейімен ұштасады. Сондықтан да біз саяси ырықтандыру жолын дәйекті ұстанудамыз. Осылайша халықтың рухани қазынасын жаңғыртып, оны бәсекеге қабілетті етуге қол жеткіземіз. Ал білі­мі мен білігі сай ...

    Толығырақ...
  • 09.08.18

    Бас шаһардың әр бұры­лысында жер қазылып жат­қандығын байқаған шығарсыз. Шыны керек, облыс ортал­ығында жыл сайын осындай шаруалар шығады да тұрады. Бұған наразы тұр­ғындар жергілікті билікті сынап­ әлек. Бұл мәселенің мәнісі былай екен. Оны қала әкімі Нұрлыбек Нәлібаевпен бірге бірқатар құрылыс нысандарын  аралау  барысында біліп  қайттық.

    ...
    Толығырақ...
  • 09.08.18

    Өткен жұмада республикалық Қоғамдық кеңес төрағасы, ҚР Парламенті Сенатының депутаты Бақытжан Жұмағұлов пен «Нұр Отан» партиясының хатшысы Фархад Қуанғанов бас­таған делегация Сыр өңіріне жұмыс сапары­мен келді. Олар бірқатар ны­сан­дарды аралап, мемлекет басшысының 5 әлеуметтік бастамасының жүзеге асыры­лу  барысымен  танысты.

    ...
    Толығырақ...
  • 09.08.18

    Н.НӘЛІБАЕВ,  қала  әкімі:

    Қала әкімдігінің мәжіліс залында өткен кезекті жиында екі мәселе қаралды. Әуел­гісі Қызылорда қаласының жылу маусымына дайындығы туралы болса, екіншісі кент және ауылдық округтердегі 4-деңгейлі бюджеттің орындалу  барысына  арналды. Қала әкімі Н.Нәлібаев аппарат мәжілісіне арқау болған тақырыптарды айт...

    Толығырақ...
Сәрсенбі, 18 Сәуір 2018

Сұлулықты сатып алуға бола ма? PDF Print Email
Жаңалықтар - Мәселенің мәнісі
19.04.2018 11:59

«Менің байқауымша, сұлу әйелді ит қаппайды. Олай болса­, сұлулықты ит те сезеді». Жазушылық жылнамасында әйел, ана тақырыбына ең көп қалам сілтеген талантты жазушы Ғабит Мүсірепов осылай депті. Иә, сұлулықты кім жақсы­ көрмейді, сұлулық кімге билік жүргізбеген десеңізші? Бота көзді, шие ерінді, үріп ауызға салғандай сұлу! Қыздардың осы сипаты қазір бар ма? Әрине, бар. Бірақ көзін линза арқылы қалаған түсіне «бояп» алса, ернін иненің «құдіретімен» қиялындағы  қа­лыпқа  келтірсе­, нағыз  сұлулық  деп  бағалар ма едіңіз? Сіздіңше, шынай­ы сұлулық­ дегеніміз не, көзі­қарақты  оқырман?

Әйелдің бәрі әдемі, әрі әсем болуға жаны құмар. Бұл заңды да. Ал табиғи түріне көңілі толмайтын қыздар өздерін келбетті сезін­у үшін қандай әрекетке барады­? Әрекет дегенімізден құрбандық дегеніміз дұрыс болар­. Қазіргі таңда бет әлпеті мен дене бітімі өзіне ұнамаған кез келген  қыз-келіншек оны оп-оңай  өзгерте  алады. Тек қалтаңы­з қалың болса, жеткі­лікті. Соңғы кезде көз бен ерінді үлкейтіп, беттегі әжімдерді тартты­ру  үшін пластикалық  ота жасату трендке айналғандай. Біршама уақыт бұрын тележүргізуші Э.Ергалина өзінің бетін­е  пластикалық  ота  жасат­қан кезін instagram желі­сінен  тікелей  эфирден  көрсеткен болаты­н. Бұл туралы ол парақ­шасында:  «Өзімнің  бетімді  алып  тастап, басқа  біреудің бетін қойып қоятындай «ұрысып» едіңізд­ер кеше. Бүгін бетіме ота жасатып, үйде шай ішіп отырмын. Жағдайым жақсы. Операция  үстінде  тікелей  эфирге шықтық,­  көрген  шығарсыздар?»  деп  жазған.

Пластикалық отаның тарихына көз жүгіртсек, деректер былай­ дейді. Пластикалық ота жасату бірінші дүниежүзілік соғы­с кезінде пайда болыпты. Жауынгерлердің соғыс салда­рынан беттеріне түскен тыр­тықты жасыру  үшін  ең алғаш ота жасаған – хирург, орыс дәрігері Николай Пирогов. Бұл өз кезе­гінде  медицина  саласындағылар үшін жаңа бизнестің көзін тауып, толағай  табысқа  кенеле­тін  есіктің  ашылуы  еді. Осылайша  XX ғасырдың II жартысынан бастап қарттықты мо­йындағысы келмейтіндер мен сұлу болып көрінгісі келетін әйел адамдар пластикалық отаға жиі бара  бастаған. Дегенмен, отаның бәрі үнемі сәтті шыға бермейді. Тіпті, кейбір есімі әлемге аян жұлдыздардың артық қыламын деп  тыртық  қылғаны  мәлім. Рас, әдемілік өз-өзімізге сенім­ділі­гімізді  арттырып,  ерекше  әсерге  бөлейді. Алайда  мұндай  сұлулық түрінің зияндылығын ес­кері­п жүрміз бе? Бүгінгі күні Қызыл­орда қаласында ажарын ашып, әрлене түсу үшін қылықтыларымызға түрлі сұлулық салон­дары  қызмет көрсетеді. Ондағы мамандардың көмегімен бір күннің ішінде хас сұлуға айнал­ғыңыз келсе, қалтаңызда қанша теңге болуы тиіс? Сұлулық салондарын аралап көрге­німізде, көрсетілетін қызмет түрлерінің құны әртүрлі екенін зерттедік. Мәселен, қасыңызға татуаж жасатудың орташа бағасы 20 000 теңгені құраса, тырнақты сәндеу – 5000 теңге, ал кірпік жапсыру  үшін 6000 теңге қажет. Шашты боятуға (мелирование, сложное окрашивание) кемінде 7000 теңге керек болады. Яғни қызылордалық қыздардың бір күндік өзгеруіне 38000 теңге қаражат кетеді екен. Жасанды  сұлулық  туралы  мамандар  не  дейді?

– Татуаж  жасату үшін косметологпен кеңесу шарт. Ал сұлулық  салондарында косметолог ма­манның  қарасын  көре  алмаймыз. Татуаж жасату ине арқылы жүзеге асады. Ине инфекция тарату­да алдыңғы қатардағы зиянды зат болып табылады. Косметикаларға мән бермейміз. Олар­ға көбіне гормональды пре­параттар қосылады. Яғни, бұл тәуел­ділікке алып келеді. Бір рет макияж жасату арқылы күнде­лікті бояусыз жүре алмайтын халге түсудің себебі осында. Жасанд­ы сұлулық  жасатамыз деп  инфекция жұқтырып, аллергия, көздің зақымдануы сынды жағдайға  тап  болып жатырмыз. Бұл жағдайлар орын алмас үшін не істеу қажет? Сұлулық салон­дары жайлы нені білуіміз керек?­ Бет терісіне қолдануға болат­ын  немесе  болмайтын­дығына  көңіл бөлген абзал. Косметиканың сапасына баса назар аударған жөн. Көбісі арзан екен деп, сапасы сын көтермейтін зат­тарға әуес. Косметиканың са­палысына жүгіну арқылы бет тері­сіне оң әсерін көреміз. Сұлулық салондарының қызметін пайдала­нбас бұрын міндетті түрде келісімшарт жасау керек. Саламатты өмір салтын ұс­та­нып, дұрыс  тамақтану қа­жет. Ең  бастысы, тазалықты басты  назар­да ұстаған абзал, - дейді Қызылорда  облыстық тері-венерология диспансерінің дәрігері, дерматовенеролог, дерма­то­косметолог  маман  Еркін Серікқалиұлы.

Қасиетті Құран Кәрімде: «Адам баласын ең көркем мүсін­де жараттым» делінген. Соның ішінде әйел адам әлсіз әрі әдемі етіп жаратылған. Ұсқынсыз  адам, әдемі емес әйел заты жоқ, тек соған сенбейтін көңіл, көрмейтін көз бар. Бетіне­ бес батпан бояу, түрлі жасанды жапсырмаларды бойына жуытпай-ақ сұлу атануға болады. Ол үшін жүрегіңіз жылы, деніңіз сау болса, болғаны. Ал жасанд­ылықпен әрленгіңіз келсе,  мархабат,  қалтаңыздан  қаржы жұмсап, сұлулық салонын жа­ғалайсыз. Таңдау  өзіңізде!

Айдана  ЕРКІНҚЫЗЫ,

Қорқыт  ата  атындағы

ҚМУ-дың  1-курс  студенті

 


Қазіргі қазақ сатирасы PDF Print Email
Жаңалықтар - Арнайы беттер
19.04.2018 11:35

Қаржы және қоғам

- Бұрын бәрін кадр шешкен деседі. Осы рас па, әлде өзгенің бе өсегі?

- Иә, қазір қоғам емес кешегі, қаржы бәрін шешеді... Қысқартады, кеседі. Өшіреді, өседі... Қаржысы жоқ қасқаның маңдайда соры бес елі.

- Сонда кадр ешнәрсе шешпей ме?

- Жоқ, ол да аз-маз шешеді. Қаржың болса қалтаңда, ешнәрсеге алданба. Оқып білім аласың, болмасын бұған таласың. Бакспен алған біліммен біраз жерге барасың­. Кадр мен қаржының түсіндің бе арасын?! Қысқасы, айтсам төтесін, бәрін сосын шешесің.

Қымбатқа  түскен  күшік

Үй тонаушы мазаңнан,

Қорғану үшін азардан,

Сатып алдым қымбатқа,

Бір күшікті базардан.

 

Атын деп қойдым Кредит,

Жағалап үйді жүреді ит...

Өзгемен жоқ жұмысы,

Өзіме қарап үреді ит...

 

Мені ғана біледі ит,

За мной күнде следит...

Қорғасай десем қорқаудан,

Құйрығын бұлғап күледі ит.

 

Түсіме түнде кіреді ит,

Бірақ ол не вредит.

Бар болғаны мазалап,

Кредит деп үреді ит...

 

 


 

Пендешілік-ай

Бір отырыс жиында,

Сол қоғамдық ұйымға,

Ол мүше боп сайланды.

Сонан бастап,

Әй, бірден бас сап,

«Әңгіме-сөзге» айналды...

Біреу: «Төрағаға бағынып жүр», - деді,

Біреу: «Жалтақтап, жағынып жүр», - деді.

Тіпті біреу: «Табынып жүр», - деді.

Күнде жанынан табылып жүр, - деді.

Алдымен өзі сөз алады, - деді.

Бұрынғыдай емес көз көрген,

Өзі тым өте өзгерген.

Қызметке құныққан,

Басқаны мүлде ұмытқан.

Біз де текті адамбыз,

Бәрінен шет қаламыз, -

Деп кернеген көмейді,

Қыңқыл-сыңқыл көбейді...

Біз осы кімді күндеп,

Кімді тілдеп жүрміз демейді.

Иә, оның салтында,

Ат басындай алтынға,

Қызықпайтынын білмейді-ау.

Кек сақтамай артында,

Келгенін солай қалпында,

Қаперіне де ілмейді-ау.

Өзгені бермей даттай,

Өзіңе де қараған жөн.

Ішіп-жеп бірден жатпай,

Ішкен ас бойға тараған жөн.

Әйтпесе...

 

 


 

Баспанасыздың батасы

 

Ей, Жаратушы ием!

Бас ауру болды баспана...

Баршылық түйткіл басқа да...

Баспана іздеп босуды,

Бермесін Құдай басқаға!

Үй алу түгіл айлығым,

Әрең жетеді асқа да.

Әрнәрсені ойлаумен,

Ақ түсті самай шашқа да...

Түйе үстіне түйеқұс,

Жұмыртқалап жатқанда,

Тақыр жерге тастама!

Қамыстан күрке болса да,

Қараса көрші қасқаға!

 

 


 

Жыл сұрасу

- Әй, биыл жыл не?

- Кене.

- Даладай болады екен ғой дене.

- Сенің жылың не?

- Акула.

- Ойбай, оны ауыстыр шабаққа, мақұл ма?

- Сенікі ше?

- Бит.

- Әй, срочно киіміңді шешіп, отқа сілкіп, оларды үйіт! Әйтпесе...

- Өзіңнің жылың не?

- Ит.

- Ол – жеті қазынаның бірі,

Ит жүре берсін тірі.

Ит жылы жақсы болады,

Бірақ, баға ащы болады.

Топливо тапшы болады,

Бәрі бірақ жақсы болады.

 


 

 

Сатира жайлы сұхбат

- Сатира кімге қалай әсер етеді?

- Сатира:

Жемқорға – жыландай,

Жетесізге – тұмандай,

Кеңкелеске – кірпідей,

Тоғышарға – түрпідей,

Арсызға – ағындай,

Жансызға – сағымдай...

Жандыға – жақындай әсер ететін жанр.

 

***

 

- Күн күрт суытып кетті ғой. «Сәуір болмай, тәуір болмайды» дейтініміз қайда?

- Асылы, бұдан былай «Мамыр болмай, мамыражай болмайды» дейтін шығармыз. Иә, бәрі дұрыс болады.

 

 


 

Жымы  белгілі  жұмбақтар

 

Бір көзі – қияда,

Бір көзі – ұяда.

(Ұлар емес, ұры)

 

Ішкені – ірің,

Жегені – желім.

(Жай емес, БАЙ)

 

Бір көзі жылап тұрады,

Бір көзі сұрап тұрады.

(Жалақор емес, парақор)

 

Екі көзін жұмып тұрады,

Бірақ бәрін біліп тұрады.

(Мысық емес, пысық)

 

Ти десем тимейді,

Тиме десем тиеді.

(Ерін  емес, есер)

 

Сұрасаң шық бермейді,

Сылтауратып түк бермейді.

(Арам  емес, сараң)

 

АРын былғап арамға,

Айналды аш аранға...

(Алаяқ)

 

Көп жеймін деп құсты,

Бұтына да тышты.

(Жемқор)

Қазыбек   ӘШІРБЕКҰЛЫ

 


ЭХ, ЭПИГРАММА! PDF Print Email
Жаңалықтар - Арнайы беттер
19.04.2018 11:11

МЫҚ  ШЕГЕ  ҚАЙДА?

Профессор  Темірбек

ҚОЖАКЕЕВ  рухына

Қаншама дүниенің қаны қашты,

Қаусады, қаңырады, арып-ашты.

Жегі құрттың жеміне айналдырған,

Дүниені зәлімнің зәрі басты.

 

Тоқырадық тап  болып тосын  жайға,

Көзбен көріп жүрген ел шошынбай ма?

Қақыратып қағатын мық шегедей

Ұлы ұстазды іздейміз осындайда.


 

ӘЗІЛ-СЫҚАҚ  ӘЙТЕКЕСІ

Сықақшы  Үмбетбай

УӘЙДАҰЛЫ  рухына

Ағып жатыр қанынан,

Сын-сықақпен күй тасып.

Ал өзіне қандай сөз

Жатыр екен ұйқасып.

 

Ой, керемет оспағын,

Оқып өстік біз күліп.

Одан сайын ынтыға

Одан сайын үздігіп.

 

Әзілінде әдеп бар,

Ық жағында ызғырық.

Тұла бойы тұнған ой,

Іздегені ізгілік.

 

Ал тәртібі «военный»,

Так точно Үмбетбай.

Көпен ағам айтпақшы,

Үйіне барар күн батпай.

 

Әңгімесі ұлағат,

Әрі ибалы, әрі ізгі.

Ұлтымыздың ұйытқысы,

Әйтеке би тәрізді.


 

ӨНЕРДІҢ   ДЫРАУЫ,

ӨМІРДІҢ   ЖЫРАУЫ

Сықақшы  Мыңбай  РӘШКЕ

 

– Сайтан қайда?

Жын қайда?

Тура жолдан тайдырып,

Қолын бізге бұлғай ма?

Састыратын сайтанды

Хабарлаңдар Мыңбайға!

 

– Жымысқы қайда?

Жым қайда?

Әр нәрсені қаралап,

Былапыттап былғай ма?

– «Химчисткадай» тазартар

Хабарлаңдар Мыңбайға!

 

– Терме қайда?

Жыр қайда?

Ду-ду думан құрмай ма?

Пародия жасапты

Ғабит,

Сәбит,

Сырбайға...

– Қошеметтеп қаумалап,

Қол соғамыз Мыңбайға.

 

– Сықақ қайда?

Сын қайда?

Күлкіменен күйдіртіп,

Кім алады ыңғайға?

– Мұндайда

Тағы айтамыз Мыңбайға.

 

Нұрсұлтан   ОҚПАНҰЛЫ

 


РЕСЕЙДІҢ ОТАРЛАУШЫ ӘСКЕРІНІҢ ҚАЗАҚ ДАЛАСЫ АРҚЫЛЫ ЖОРЫҚТАРЫ PDF Print Email
Жаңалықтар - Арнайы беттер
19.04.2018 10:59

Бұл жорық жайлы деректерді хиуа­лық тұтқыннан құтылған біздің адамдарымыздан ғана, басқа да нақты емес деректер көздерінен алғандықтан, бұл отрядтың жүрген бағытын анықтау қиын, өзгертіліп айтылған шатқалдар мен құдықтардың аттары әртүрлі, олар қалмақша, қазақша, түрікменше  айтып  жеткізілген.

Қашып келген тұтқындардың аузынан жазылып алынған атаулар, жүру реті бойынша мыналар: Богочь шатқалы, құдықтар Дучкан, Мын­суальмас, Чилдан, Сан, Косшегозе, Беляу­лы, Дурали, Ялгизу. Ялгизуда (Жалғызсу болар. - С.Ж.) Бекович 1000 казакты аттарын қалпына кел­тіру үшін қалдыруға мәжбүр болды. Бұл казактар отрядқа Қарағаш шат­қалында келіп қосылды. Отряд Жал­ғыз­судан Шемилдун, Карагумбет, Аккул­ь арқылы жүріп отырып Қарағаш шатқалына жетуі тиіс еді, ол жерде­ қамал соғу жоспарланған, бұл жерде Амудариядан ағатын Порсунган өзеншесі бар. Шатқалдар мен құдықтардың аттары өзгертіліп айтыл­ғандарына қарамастан отряд Бекеттің зираты бағытында жүрген болса керек, ол осы бағытта Эмба өзенін­ен өтеді де, Үстіртке көтеріліп, құм арқылы Мыңсуалмас шатқалына, сосын Беляулы құдығына жетеді. Бұл жерде ескі үйлердің қиранды орындары бар, бұл жерде тұщы су бар дегенді­ білдіретін Қарагүмбетке жетеді.­ Бұл өзі Үстірттен түсетін жер, бұл жерде Порсунган өзеншесі немесе­  Амудан тарайтын Лаудан ба, әлде Порсу деген жерде қазылған суармалы­ жарма да болуы мүмкін. Міне, осы жерде Хиуадан қайтарыл­ған біздің тұтқындарымыздың айтуынш­а, Бековичтің хиуалық­тармен соңғы шайқасы болса керек. Бұл жерді хиуалықтар­ да көрсетеді. Осы жерде (Порсыға жақын­  жерде   болар)  Бековичті  24000  хиуалық пен түрікмендер  қоршап­  алады, үш күнгі ұрыстан  соң  хиуа­лықтар  жеңіске жете алмасын біліп, келіс­сөзге түседі, Бекович отрядқ­а азық-түлік әкеп беруд­і талап етеді, хиуалықтар бір жерде оларға осын­шама көп адамға тамақ дайындау мүмкін емес деген қара ниетті уәдемен  Бековичті  отря­дын  бес  жерге  бөліп  орналастыруға көн­діреді; осылай­ оның күштерін бөліп әлсіреткен  хиуалықтар  біздің әс­керге тұтқиылдан шабуыл жасап, бөліп-бөліп  қиратады,  тұт­қынға   алады.

Үстірт арқылы жасалған екі жорық та жазда болды. Соңғысында жаяу және атты әскер, артиллерияны қосқанда кемінде 3800 ат, 200-ден артық түйе және 4000-ға жуық адам болды, бірақ отряд судан көп кемшілік көрген жоқ, жазғы уақытта Орал линияс­ынан төменгі жақтағы Хиуаға баратын жол, жұрт айта беретіндей адам өте алмайтын жол емес еді.

 

ПОЛКОВНИК   БЕРГТІҢ

АРАЛ   ТЕҢІЗІНЕ   ЖОРЫҒЫ

Қазақ жеріне тағы бір жорық Сарай­шықтан Арал теңізіне жасалды. 1825-1826 жылдың қысында бас штабтың полковнигі Бергтің (кейін генерал-фельдмаршал) басқаруындағы әскери отряд, қарамағында 1200 оралдық казактар, 400 орынборлық казактар, Орынбор линиялық ба­тальонының 475 жаяу әскері және   6 казактың жеңіл зеңбірегі, барлығы 2310 адам жорыққа шықты. Азық-түлік, фураж, қажет заттар 30000 пұт болды, олар 872 қос аттық көлікке тиелд­і, бұл керуенге 600 оралдық казакт­ар, 600 орынборлық казактар және  544  башқұрттар  (барлығы 1744 ат) өздерінің аттарын берді. Отрядта барлығы 2695 ат болды. Отрядта 200 балта, 400 кетпен, 100 күрек, 2000 торсық болды; азық-түлік кепкен наннан, жарма, арақ, сұлы және қой мен ірі қарадан құралды. Жаяу әскер мен артиллерист солдаттар тонмен қамтамасыз  етілді,  казактар  өз  салт-дәстүрімен киінді, көпшілігінің буркал­ары болды. Азық-түлік қорын алып жүруге 2000 түйе сатып алу қажет  болатын, бірақ онда шығындар­ 600 000 асс. рубльге жететін болды, экспедицияға барлық бөлінген шығын­ – 200 000 асс. рубль. Солай болса  да  Эмба  өзенінің  құяр  жерінде  тағы 100  қой  сатып  алынды.

1825 жылдың 16 желтоқсанында отряд Сарайшық қамалынан шығып, Каспий теңізінің қамысты жаға­лауымен  250  шақырым жол жүрді; 27 желтоқсанда Үстіртке бет алып, ол бағытта 12 қаңтарға (1826 жылы) дейін даламен 150 шақырым қалың қармен жүріп, көптеген қиыншылықтарға тап болды, полковник Берг Үстіртке дейін жете алмай отрядтың біраз бөлі­гін шекараға қайтаруға мәжбүр болды. Атап айтқанда 1000 оралдық казак­ пен екі жеңіл зеңбіректі қайтарды. Полковник Берг ары қарай Арал теңізі­не жүрісін тоқтатпады, Аралға дейін 242 шақырым қалған еді, теңіз­ге дейін аман-есен жетіп, оның батыс жағасымен оңтүстігіне қарай  80 шақырым жүріп, 11 ақпанда кері қайтып, тіке жолмен төменгі Оралға келді; 360 шақырым жүріп отряд  Үстірттен  түсті,  сосын тағы 440 шақырым жүріп, Сарайшыққа 1826 жылдың 5 наурызында қайтып келді.

Бұл  экспедицияның  жүру  тәртібі мынадай  болатын: алдында  Оралдың­ үш казак полкы үш колонна болып екі казак артиллериясымен жүреді; оның артында екі қатар болып жүк тиелген түйелер, оның артында керуен­нің жанындағы Орынбор корпусының жаяу әскері мен казактар төрт немесе сегіз колонна болып (арбала­рдың қатарына байланысты) жердің ыңғайына қарап жүреді, олардың қасында Орынбор казак әскері­нің артиллериясы бар. Отрядтың ең алдында авангард, артында аръергард, екі жақтауында казактардың командасы және бас штабтың жерді картаға түсіретін офицерлері жүріп отырады. Лагерь тоқтаған кезде керуен каре әдісімен орналасады, атты әскер каре­ден тыс орналасады, түнейтін жер мүмкіндігінше су мен жемге, отынға жақын  болады.

Отрядтағы аурулар: 26 қаңтарға дейін барлығы 7 адам, оның 5-еуі өлді (бұл кезде отрядта барлығы 1000 оралдық казак екі зеңбірегімен; бірақ отряд­тың қайтарылған бөлімінде аурулар мен өлгендердің саны одан да көп болды), 5 наурызға дейін аурулар 40 адам, өлгендер – 15. Жорық жал­ғасқаннан кейін аяз мынадай болды: 16-19 желтоқсан күндері 15-16 градус, 19-31 желтоқсан күндері 8-ден 11 градусқа дейін, 1 қаңтар мен 14 қаң­тар аралығында 10-нан 20 градусқа дейін, 14-18 қаңтарда 1-10 градус, 18 қаңтардан 1 ақпан аралығында 10-нан 31 градусқа дейін, 24 ақпаннан 5 нау­рыз  аралығында 1-10 градус аяз болды.

Күніне 4-тен 10 шақырымға және  25-тен 30 шақырымға дейін өтіп жүр­ген, орташа  жүрісі – 18-23 шақырым.

Осы экспедициядан оралған соң полковник Берг Хиуаға жорықтың жоспарын тапсырды, нақты ыждағаттылықпен орындалса, бұл жоспар табыс­ты болуы мүмкін болатын, бірақ қойма бекеттерін дұрыс көрсетпеуі және жоспарды дұрыс орын­дамаудың 1839-1840 жылғы жорық үшін тағдырлы салдары болды, ол жайлы  төменде  айтылады.

Полковник Бергтің экспедициясы Каспий және Арал теңіздерінің деңгейлерін нивелирге түсіру деген желеумен жасалды, бірақ дайындық шаралары оның мақсатын айқын көрсетті, жағдайдың сәті келсе, хиуалықтарды бейбастық істері және түрікмен мен қазақтарды біздің адамдарымызды ұрлауға және Хиуаға апары­п құлдыққа сатуға айдап салып отырған әрекеттері үшін жазалау мүмкіндігіне дайындықты көрсетті.

 

ГЕНЕРАЛ  В.А.ПЕРОВСКИЙДІҢ 1839-1840  ЖЫЛҒЫ  ХИУАҒА ҚЫСҚЫ  ЖОРЫҒЫ

Осы жорықтан кейін қазақ даласына жасалған жорықтар бірінен соң бірі жалғаса берді. Ресейдің қазақ далас­ы арқылы Хиуаға келесі жорығы 1839-1840 жылдың қысында жасалды. Бұл жорық Ресей әскерінің тарихында болмаған ең үлкен сәтсіз жорықтардың бірі болды. Бұл жорықтың ең басты ұйымдастырушысы, дем беру­шісі  патшаның  және  оның төңіре­гін­де ықпалды қолдаушылары бар Орынбордың генерал-губернаторы В.А.Перовский еді. Ресей үкіметі көпке дейін бұл ұсынысты қолдамай кейінге қалдыра берген болатын. Петер­бург бұл жорықтың өте қиын болатындығын, оған көп адам қажет, қаражат жағынан өте шығынды бо­ларын, осындай әрекет жасаған князь Бекович-Черкасскийдің қайғылы қазасын мысалға келтіріп көпке дейін келіспеген.

Әрине, орыс үкіметінің Қазақ далас­ы мен Орталық Азияны жаулап алу жоспары бұрыннан, империялық тәбетін онсыз да қоздырып келе жатқан мәселе еді. Оның үстіне сол кезде­ Англия мен Ауғанстан арасында соғыс­ жүріп жатқандықтан, ағылшындар оны жаулап алса, олардың Орта Азиядағы ықпалы күшейіп кетуін­ен де қорқып отырған еді. Сөйтіп, орыс үкіметі 1839 жылдың 12 наурызында Перовский ұсынған жобаны мақұлдап, Хиуаның ханын орнынан алып, орнына Қайсақ ханын (бұл жерде орыс авторлары қалып­тасқан «қырғыз» сөзін қолданбай «қай­сақ» деген қулығына назар аударыңыз) қоюды жоспарлады. Бірақ жорықты құпия ұстап, оны ғылыми мақсаттағы ортаазиялық шөл даланы зерттеуге жіберілетін экспедиция деп дайындай бастады. Перовский Илецкая защи­та арқылы Үстіртпен 1250 шақы­рым жүріп, Хиуаға 50 күнде жетпек болады. Экспедициялық отрядтың құрамына 22-ші дивизиядан таңдаулы 31 батальон, екі батарея, казак­тардың 4 зеңбіректі отряды, 8 артиллерия қаруы, 3 казак (Орал, Башқұрт, және Орынбор) полктарын тағайындады. Олардан басқа мортирлер, генерал­ Шильдердің ракеталары, белгі беретін ракеталар, фальшей­ферлер  дайындалды.

Әр отрядтың қарамағында құрастырылатын қайық, судан өту үшін қажет болатын ағаштан ойылып жасалға­н  6 қайық, 12 мың түйе сатып алуға қаражат бөлінді. Экспедиция жарты жылға созылады деп жоспарланды, екі айлық азықты түйемен алып жүрмек болды. Қалған азықты Ново-Александровск бекінісінен Хиуа арқылы жеткізбек еді. Солдаттарға жолда ет пен шарап өнімдері берілу көзделді. Оқ-дәрі мен патронды толтырып алуы тиіс болды. Жолда­ қазақтардың пайдасы тиеді деген мақсатта Перовский олардың сұлтандары мен байларына, жай қазақтарға алдын ала көптеген сыйлықтар таратты. Жорықтың басталу уақытын 1840 жылдың көктеміне белгілеген болатын, бірақ С.Т.Циолковский деген поляк генерал Перовскийдің көңілін тауып, оны жазды күн ыстықта ауызсудан қиямет болады, ал қыста судан тапшылық болмайды деп жорықты қыста бастауға көндіреді. Перовский Циолковскийдің кеңесіне құлақ түріп, патшаға 1839 жылдың қараша айында жорықты бастаймын деп хабар­  жіберді.

Жылы киімдерді таңдап алған (кейін бұл киім жарамсыз болып шықты) соң 21 қазанда алғашқы отряд­ты  жіберді, өзі төрт күннен соң төрт отрядпен жолға шықты. Алғаш­қы күннен бастап 30 градус суық ұрды. Орынбордан 150 шақырым шыққан  кезде  34 адам  ауру  болса, 19 желтоқсанда Орынбордан 500 шақырым шыққан кезінде аурулар кө­бейе бастады, 34 адам өлді, 202 адам өлетін халде жатты. 18 желтоқсанда Ақбұлақ бекінісіне хиуалықтар шабуыл жасап, 5  адам  өліп, 13  адам жарақаттанған.

1840 жылдың 13 қаңтарында Перовск­ий Ақбұлаққа жетті. Қалың қар мен боран күн сайын соғып тоқтамаған, түйелер мен адамдары өле бастаған, азық-түлік жетіспеген, себе­бі азық-түлік әкеле жатқан пароходтар мұз құрсауында қалған. Перовскийдің штабының адамдары негізі­нен алғанда жеңіл соғыста батырлық жасап марапат, шен аламын деп ойла­ған, мұндай қиындықты көрмегендер үйлеріне қайтқысы келген. 10000 түйеден бар болғаны 5200, жауын­герлерден қатарда 1900-і қалып, басқалар­ы жолда өлген. Сол кезде ғана Перовский өзінің қатесін түсініп, аттар­ы жемсіз қалған Циолковскийді қарғай бастайды. Жағдайды түсінген Перовский «жауға шығын жасай алмад­ым, отрядымды жоғалтпайын, жеңілсем, табиғаттан таяқ жеп жеңілей­ін» деп шегінеді. Ақпанның 18-інде Эмбаға келгенше отряд тағы 1800 адамынан айырылады. Тек 8 сәуір­де ғана Перовский құрқұлақпен ауырған 800 солдатымен, жолда 1000 адамды жерлеп, қаншама азық-түлігі мен заттарын тастап, Орын­борға  жетеді.

Бұл жорық Ресей әскерінің тарихында болмаған ең үлкен сәтсіз жорық­тардың бірі болды. Бұл жорық кезінде орыстың бес мың әскерінің жартысынан көбі, қазақ даласынан күшпен жиналған 12 мыңнан астам түйе, екі мыңнан астам түйе жетек­теуші және жол көрсетуші қазақтар суықтан,  аурудан  қаза  тапты.

Келесі жорықты Ақмешітке 1852 жылы  полковник (осы  жорығы үшін генерал  атағы  берілді) И.Бларамберг жасап, қамалды  ала  алмады, тек 1853 жылы ғана В.Перовский Ақмешіт қамалын алып, сол жерге орыстың туын  тікті...

Сағат  ЖҮСІП

(Басы өткен санда. Жалғасы бар.)

 


ЕЛУ ЖЫЛДА – ЕЛ ЖАҢА PDF Print Email
Жаңалықтар - Сергек
19.04.2018 10:43

Биыл – “Қайсардың” 50 жылдық мерейтойы. Қызылорданың басты клубы саналатын команд­а аталмыш­ датаға әзірлігін бастап та кетті. Бір жағынан мерейтойын кең көлемде тойлауға қамданса­, жақсы ойын көрсетуге­ де тырысып жатқандай. Бір қызығы, осыдан тура 50 жыл бұрын құрылған­ клуб алғашқы кездесуін 14 сәуірде өткізіпті. Биыл “қасқырлар” ел біріншілігінің 5-турында дәл осы күні өз алаңында Павлодардың “Ертісін” қабылдады.

Алғашқы  гол,

алғашқы  жетістік!

1968 жылдың 14 сәуірі. Қызылордадағы “Локомотив” стадионында Қазақстан кубогының алғашқы ресми кездесуі өтті. Біздің қарсы­ласымыз – Лениногорск қаласының “Лениногорец” ұжымы. Аталмыш стадион Қызылорда қаласының барлық футболсүйер қауы­мын жинады. Сағат тілі 16:30-ды көрсетіп тұрған еді. Бас төреші Г.Попов, ассистенттер В.Бабаян, Е.Мартыненко  ойынның  жоғары деңгейде  өтуіне  атсалысты.

Тәжірибелі қарсыластар    ә дегеннен жаңа командаға толас­сыз шабуылдар жасады. Сыр елінің клубы көптеген қауіпті шабуылдарға төтеп беріп, қарсыласып-ақ жатты. Біртіндеп бас бапкер Боголюбовтың командасы ойынды өз қолына ала баста­ды. 27-минутта қонақтар ережені бұзды. Төреші еш ойланбастан айып соққысын белгіледі. Доп пен қақпаның аралығы 25-30 метрдей қашықтықта еді. Сергей Улитиннің шабуылын жалғастырған орталық шабуылшы Геннадий Бородин допты қақпаның оң жақ бұрышына бағыттай салды. Мұнан соң жергілікті ойыншыларды қолдау қар­қыны күшейе түсті. Олардың әр шабуы­лына трибунадан “Алға, алға!” деген сарын­дағы дауыс­тар естіліп жатты. Бұл сәтте ойын­шы­лардың да жүрісі ширақ, ойын мәне­рі көңіл көншітерліктей еді. Десе де, қарсыластар қызылордалық ұжымның қақпасына қауіпті соққылар жасай білді. Ойын “Кызыл-Орда” клубы­ның пайдасына шешілді. Қорытынды есеп: 1:0. Осылайша, ойында футболшылар  көрермендерге,  ойыннан соң жан­күйерлер жеңімпаздарға жақсы көңіл күй  сыйлады.

 

Сол уақытта “Кызыл-Орда” клубы сапында  доп  тепкен  ойыншылар: Благуши­н, Сұлтанов, Климов (к), Епачинц­ев, Кузнецов, Смехнов (Балануца 46), Полянский (Паршаков 60) Бородин, Закаморный,  Макатов,  Улитин­  (Самай 71).


 

Кезекті  ойын,

кезекті  кемшілік!

2018 жылдың 14 сәуірі. Қызылордадағы Ғани Мұратбаев атындағы орталық стадионның қосалқы алаңы. Тура  50 жылдан соң Сыр елінің басты клубы өз алаңында кезекті ойынын өткізді. Бұл жолғы қарсыласымыз – Павлодардың “Ертісі”. Стадионға “Қайсарды” қолдауға 3000-нан аса көрермен жиналды. Сағат тілі 16:00-ді көрсетіп тұр. Бас төреші Б.Абдуллаев және ассистенттер Р.Бейжанов, Д.Виноградов ойынның өз деңгейінде өтуіне көмектесуге әзір. Павлодарлық ұжымның бізден гөрі тәжірибелі екендігі бесенеден белгілі. Оның үстіне өткен турда астаналық клуб­қа 1:6 есебімен оңбай есе жібергені тағы бар. Содан-ақ бірқатар жанкүйерлер “таз ашуын тырнаудан алып жүрмесе жарар еді” деп ойынға баға беруді бастап кеткен болатын. Шынын айту керек, төрт тур бойына басын тек төмен ұстауға мәжбүр болған “қасқырлар” бұл жолы жақсы ойын өрнегін көрсетті. Бұған дейін бірде-бір мәрте жеңіске жете алмаған қызылордалық команда үш ұпай үшін барын салды. Бірақ, Павлодардан келген қонақтар жергілікті коман­даның жеңіс тойын тойлауына мүмкіндік бермеді. Айтпақшы, команданы алаңға Асхат Тағыберген бастап шықты. Мақсаттың  діттеген мақсатына­ жете  алмай  жүргенін көріп, “Асхаттың дегені  боп  қалар” дегеннен туған жақсы­ ырым  шығар бұл.

Қос команда осыған дейін 39 мәрте кездесіпті. Оның 8-інде “қасқырлар” жеңіске жетсе, 21-інде “Ертіс” ойыншыларының бағы басым болған. Ал, кешегі ойын команданың 40-ыншы кездесуі әрі 11-інші тең ойыны саналып отыр. Мау­сым­ басталғалы бері 1 гол соғып, 5 гол жіберген “Қайсар” турнир кестесінде  2 ұпаймен 11-орынға жайғас­қан. Көш басын­да  – “Астана” футбол клубы. Одан кейінгі орындарды Қостанайдың “Тобылы” мен Шымкенттің “Ордабасы” коман­далары  өзара  бөлі­сіп отыр.

 

50 жылдан соң “Қайсар” құрамында алаңға шыққан ойыншылар: Григоренко, Граф, Курьор, Вере, Марочкин, Нәрзілдаев (Гурман), Коробкин, Әмір­сейітов, Жаңғылышбай (Джедже), Чурее­в, Тағыберген (к) (Камара).

 

“Кызыл-Ордадан” “Қайсарға” дейін

Алғаш құрылғанда команда “Кызыл-Орда” деп аталатын. Артынша атауын “Волна” деп өзгертсе, көп ұзамай “Автомобилист” атанды. Кейін қызылордалық команда КСРО чемпионаттарында “Орбита”, “Мелиоратор” және “Қайсар” деген атаулармен өнер көрсетті. Жалпы, клуб КСРО чемпионаттарында әр жылдары әртүрлі нәтижесімен есте қалды. Команда 1991 жылы КСРО біріншіліктеріндегі ең жоғарғы жетістігіне қол жеткізіп, Виктор Веретновтың жаттықтыруымен өз аймағында үздік төрттіктен көрінді.

Кеңестік чемпионаттарда Сыр өңірінің командасы барлығы 858 ойын өткізіпті. Оның 304-ін жеңіспен аяқтаса, 184-інде тең түсіп, 370 кездесуде жеңіліп қалған. Доп айырмашылығы – 1013:1126. Сондай-ақ, “Қайсар” 2008 жылы ел біріншілігін 4-орынмен аяқтаған болатын.

Рыскелді  ЖАХМАН,

Жеңіс Қожамқұлов (мәліметтер мен суреттер)

 


ТЕХНИКАДА МІН, ДИҚАНДА БОС КҮН ЖОҚ PDF Print Email
Жаңалықтар - Арнайы беттер
19.04.2018 10:35

Сыр даласында соқасын сүйреткен тракторлардың будақ-будақ түтіні тынымсыз тірліктің басталғанынан хабар беретіндей. Дәл қазір далаңыздың астан-кестені шығып жатыр. Әрлі-берлі ағылған ауыл шаруашылығы техникалары. Ә дегеннен диқандар көктемгі қарекетке кірісіп кеткен.

Осы жылы облыста ауыл шаруа­шылығын жетілдіруге біраз күш жұмсалып отыр. Оның үстіне соңғы бес жыл қатарынан күріш­тен рекорд жаңартып келе жат­қанымыз  және бар. Аймақтың экс­порттық әлеуеті артып, Сыр диқандары әлі де сыр бермей келеді. Лайым солай болсын! Қыс­қасы, шаруалар кетпен-күрегін сайлап, тракторын майлап, егіс алқаб­ына  аттанды. Облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Бахыт Жақанов журна­листермен өткен баспасөз жиынында асыраушы саладағы ауқымды істердің бірқатарына тоқталған-ды. Оның айтуынша, биыл бюджеттен аграрлық секторды арттыруға әжептәуір қаражат бөлініпті. Шамамен, 10 млрд теңгеге  жуық. ҚР Ауыл шаруашылығы министрінің бұйрығымен ауыл шаруашылығы  дақылдарын тұрақты  суаруға  4,2 млрд  текше  метр су лимиті бекітілген. Ал өңірде 177,1 мың гектар жерге егiс егу межеле­нген. Атап айтқанда, дәндi дақылдар – 88 мың га, майлы дақыл­дар – 10,6 мың га, малазықтық дақылдар – 60,6 мың га, картоп, көкөнiс, бақша – 17,7 мың гектар. Ал негізгі дақыл күрiштің көлемі – 81 мың гектар.

Бүгінгі таңда аймақтағы шаруашы­лық құрылымдарында 9635 гектар ескі жоңышқа тырмаланған. 2917 гектар жаңа жоңыш­қа, 934 гектар мақсары, 225 гектар жаздық бидай және 20 гектар арпа егілген. Осы маусымда диқан­дар­дың күтері көп. Сондай-ақ, егілге­н күздік бидай дақылының 969 гектары тырмаланып, 287 гектары үстеп қоректендірілді. Биыл­ғы жылдың егісіне облыс  бойынша 22 695 тонна жоғары репродук­циялы күріш тұқымы, 658 тонна жаздық  бидай, 65,4 тонна арпа, 238 тонна жоңышқа және 138,5 тонна мақсары дақылдарының тұқымы  дайындалған.

Ауыл  шаруашылығы  министр­лігінен биылғы жылдың егісіне керекті минералдық тыңайтқыштарға сұрау салынған. Бүгінде тыңай­тқыштардың 32,1 мың тоннасы (59,3%), 6,2 мың литр (10,8%) гербицид  сатып  алынған.

Жоғарыда  шаруаларға қажетті техникалардың сақадай сай екен­дігін айттық. Көктемгі дала жұ­мыс­тарына қатысатын 1655 трактор, 450 соқа, 222 тұқым сепкіш, 359  автомашина және 830 трактор  тіркемесі  бар. Аталған техникалардың барлығы биыл толық жөндеуден өткен. Басқарма басшысы солай  деп  сендірді.

Ал облысқа көктемгі егін егу және дала жұмыстарына 14 мың тонна дизель отыны бөлінген. Шаруашылықтарға жеткізуші операто­рлар белгіленіп, наурыз айына бөлінген 4900 тонна дизель отынының қаржысы толықтай қаралып, шаруашылықтарға та­ратылды.

Ақпан айындағы статистикалық деректерге сүйенсек, ауыл шаруашылығы  өнімдерінің  өңдеу саласында  барлығы  6,3 млрд тең­ге­нің өнімі өндіріліпті. Бұл былтырғы жылдың осы кезеңімен салыс­тырғанда 114%-ды құрайды. Аймақта негізгі дақыл саналатын күрішті өңдеу артқан. Қаңтар-ақпан  айларында 30 мың тоннадан аса күріш жармасы өңделген. 2018 жылдың 1 ақпанына облыс бойынша 2 473,0 мың АҚШ долларын құрайтын 8 600,6 тонна ауыл шаруашылығы өнімдері сыртқы­ нарыққа жол тартқан. Оның ішінде, күріш 8217,7 тонна (Тәжікстан, Украина, Моңғолия, Әзірбайжан, Қытай), балық  191,5 тонна (Қытай, Нидерланды, Поль­ша) және бидай ұнының қалдығы (кебек) 191,4 тоннаны (Өзбекстан) құрайды. Аймақтың АӨК дамыту және экспорттық әлеуетін арт­тыру бағытында 2017-2020 жылдар аралығында 30 млрд теңге көлеміндегі 99 жобаны жүзеге асыру межеленген. Биылғы жоспар бойынша экспо­ртқа бағытталған инвестициялық құны 7,1 млрд. теңгенің  10 іргелі жобасын іске асыру көзделген.

Бүгінде көктемгі дала жұмыс­тары  жалғасу  үстінде.  Диқандар дамыл табар емес. Өйткені көктемнің бір күні – жылға азық.

Халық-хабар

 


Фотоайыптау PDF Print Email
Жаңалықтар - Арнайы беттер
19.04.2018 10:00

 


Күнтізбе

< Сәуір 2018 >
            1
2 3 4 5 6 7 8
9 10 11 12 13 14 15
16 17 19 20 21 22
23 24 25 26 27 28 29
30            

Сауалнама

Аса мәртебелі шенеуніктердің қылмысқа шатылып жатқандығы нені аңғартады?
 

Ауа райы

Валюта бағамы

Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі валюталардың ресми бағамдары