Өзекті мәселелер

  • 09.08.18

    Ел іші ешқашан даусыз болмаған. Бұрында да ренжісіп, жер, жесір дауы үшін бір-бірімен араздасқан адамдар өмір сүрген. Әсіресе, жайылымдық жер үшін таласып, бірінің малын екіншісі қуып шыққан сәттер әдебиеттерден белгілі. Алайда ол кезде қазіргідей сот билігі болмаса да, ата-бабаларымыз шыңыраулы түрмесіз-ақ сол дауды бейбіт жолмен шешіп, екі тарапты бір ауыз сөзбен татуластыра білг...

    Толығырақ...
  • 09.08.18

    Біздің «Алдымен экономика, cодан  соң  саясат» деген­ айқын  формуламен ілгерілеп келе жатқанымызды мемлекет басшысы ай­қындап берген. Саяси реформалардың әрбір кезеңі эко­номика дамуы­ның  шекті  деңгейімен ұштасады. Сондықтан да біз саяси ырықтандыру жолын дәйекті ұстанудамыз. Осылайша халықтың рухани қазынасын жаңғыртып, оны бәсекеге қабілетті етуге қол жеткіземіз. Ал білі­мі мен білігі сай ...

    Толығырақ...
  • 09.08.18

    Бас шаһардың әр бұры­лысында жер қазылып жат­қандығын байқаған шығарсыз. Шыны керек, облыс ортал­ығында жыл сайын осындай шаруалар шығады да тұрады. Бұған наразы тұр­ғындар жергілікті билікті сынап­ әлек. Бұл мәселенің мәнісі былай екен. Оны қала әкімі Нұрлыбек Нәлібаевпен бірге бірқатар құрылыс нысандарын  аралау  барысында біліп  қайттық.

    ...
    Толығырақ...
  • 09.08.18

    Өткен жұмада республикалық Қоғамдық кеңес төрағасы, ҚР Парламенті Сенатының депутаты Бақытжан Жұмағұлов пен «Нұр Отан» партиясының хатшысы Фархад Қуанғанов бас­таған делегация Сыр өңіріне жұмыс сапары­мен келді. Олар бірқатар ны­сан­дарды аралап, мемлекет басшысының 5 әлеуметтік бастамасының жүзеге асыры­лу  барысымен  танысты.

    ...
    Толығырақ...
  • 09.08.18

    Н.НӘЛІБАЕВ,  қала  әкімі:

    Қала әкімдігінің мәжіліс залында өткен кезекті жиында екі мәселе қаралды. Әуел­гісі Қызылорда қаласының жылу маусымына дайындығы туралы болса, екіншісі кент және ауылдық округтердегі 4-деңгейлі бюджеттің орындалу  барысына  арналды. Қала әкімі Н.Нәлібаев аппарат мәжілісіне арқау болған тақырыптарды айт...

    Толығырақ...
Бейсенбі, 19 Сәуір 2018

ҚЫЗЫЛОРДАДА ЛӘТИПА ҚОЖЫҚОВАНЫҢ ҚҰРМЕТІНЕ АРНАЛҒАН КӨРМЕ ӨТТІ PDF Print Email
Жаңалықтар - Халық-хабар
19.04.2018 16:23

Қызылорда көркемсурет галереясында Қазақстанның алғашқы театр суретшісі, халық шебері Ләтипа Қожықованың 125 жылдығына орай ұйымдастырылатын «Қожықовтар қолтаңбасы» көрмесі ұйымдастырылды.

Көрменің ашылуына Алматы қаласынан Ләтипа Қожықованың немересі Сәуле Құлахметқызы және өнер иесінің әріптестері мен шығармашылығын зерттеуші ғалымдар қатысты.

Облыс әкімі Қырымбек Көшербаев Қожықовтар династиясы - киелі Сыр топырағынан шыққан өнер әлемінің биік шыңын бағындырған, сол өнер өлкесінде қолтаңбасы қалған, қазақ мәдениетінде өз орны бар династия екенін атап өтті. Ләтипа Қожықованың жары, әулеттің басшысы, Қоңырқожа Қожықов «қырғыз» аталып келген ұлттың «қазақ» деген тарихи әрі нақты атауын қалпына келтіру мәселесін қоюына өз үлесін қосқан ағартушы ғалым. Ұлдары Құлахмет, Қожахмет, Нұрахмет, Сұлтан-Ахмет сынды он саусағынан өнер тамған азаматтар ұлт өнерінің төрінен өз орындарын алды.

«Қазақты әлемге қазақ ретінде танытқан екі дүние бар. Оның бірі – Мұхтар Әуезовтің «Абай жолы» эпопеясы болса, екіншісі, қазақ кино өнерінің тарихында алтын әріппен жазылған, әлемнің 80-ге жуық елінде көрсетіліп, бағасын алған «Қыз Жібек» фильмнің режиссері, тектінің тұяғы Сұлтан-Ахмет Қожықов екені бәрімізге аян. Әулеттің анасы, сән және қолданбалы өнер шебері Ләтипа Қожықованың қазақ қолөнеріне қосқан үлесі ұшан-теңіз. Екінші дүниежүзілік соғыс жылдары мемлекеттік тапсырыспен Ләтипа Мұңайтпасқызының қолынан шыққан қазақтың ұлттық киімдері Ф.Рузвельтке сыйға тартылып, қазір АҚШ-тағы Рузвельт музейінде сақтаулы. Сондай-ақ, ежелгі қазақ қолөнері дәстүрінде тоқылған сәндік бұйымдары мен ұлттық киім үлгілерін Алматыдағы Ә.Қастеев атындағы Өнер музейінен көруге болады», - деді аймақ басшысы.

Ләтипа Қожықованың немересі Сәуле Құлахметқызы әулет өмірінен естеліктерімен бөлісіп, алғыс айтты. Одан кейін қонақтар шебердің 70 суреті қойылған көрмемен танысты.

Сондай-ақ, бүгін «Ләтипа Қожықова және қазақтың ұлттық сурет өнері» атты  ғылыми-практикалық конференция өткізіліп, белігілі режиссер Болатхан Нүсіпбековтың Қожықовтар әулетінің өмірі мен шығармашылығына арналған «Тарлан» деректі фильмінің тұсауы кесілді.

Атап өтейік, 1926 жылы сол кездегі Қазақстанның астанасы Қызылордада тұңғыш Бүкілқазақстандық республикалық көрмесі өткен. Қазақстан суретшілерінің тұңғыш көшпелі көрмесі де 1928 жылы Қызылорда қаласында ұйымдастырылыпты. Көрмеге қойылған суреттерді республикамыздың бір қаласынан екіншісіне түйемен тасыған.

Өңірлік коммуникациялар қызметі

 


ДОНАЛЬД ДОҚ КӨРСЕТТІ PDF Print Email
Жаңалықтар - Саясат
19.04.2018 14:22

АҚШ президенті Дональд Трамптың есімі Батыс пен Ресей арасын жалға­ушы көпірге айналғандай. Құрлықтың ар жағы мен бер жағындағы саяси қақтығыс санкцияға ұласып­, әлемдік процестерге кері ықпалын тигізуде. Қағаз жүзіндегі қақтығыс әлем картасына өзгеріс енгіз­бесе де, бірқатар елдің «мұртын шауып» отырғаны сөзсіз. Өткен  ХХ ғасырда кіші сипатқа ие болған қарулы қақтығыстар үлкен соғысқа ұласып­, салдарынан ондаған елдің күлін көкке ұшырып, «жұрнағын» жерге­ жұттырған еді. Тарихты шеңбер, уақытты серіппе деп алсақ, талай жыл­ғы тарихи оқиғалар серіппенің кері қайтуымен байлығы тасып, шекесі тырсиып тұрған мемлекеттердің өзін жоқ қылып жібергеніне оқырман ретінде­ таныспыз. Қазіргі күні Сирия­да сегіз жылдан бері жалғасып келе жат­қан сұрапыл соғыс та тура сондай сипатқ­а ие болмаса, одан кем түсіп тұрған жоқ.

Жаһандық өлшеммен қарағанда сегіз жыл сүт пісірім уақыт секілді көрінеді. Алайда тұтастай бірігіп отырған бүтін елдің қабырғасын қиратып­, іргесін сөгіп, алқымнан алып, тұншықтырып, шаңырағын шайқап, қанша адамның қарғысына қалған уақыт болды. Туған жерінен топырақ бұйырып, жер жастанған­дарды есепке алмасқа тағы болмайды, үй-күйін тастай қашқан босқындар, далада қаңғырып қалған тұрғындар, тағысы­н тағы... бұлардың обалын кімге артамыз?

Өткен аптада жүрегі шайлығып отырған халықтың үстінен тағы да химиялық қару тасталып, бейбіт адамдар тұншығып, балалардың тыныс­ы тарылып, шетінеді. Бұл жағым­сыз ақпарат Таяу Шығыстағы ахуалды шиеленістіре түсті. Сирия мәселесі мен Ресейдің әр ізін аңдып отырған АҚШ билігі химиялық затпен толтырылған жарылғыш құралды Дума қаласының үстінен Асад әскерлері лақтырды деген айып тағып­, оған жауап ретінде Сирия әскерінің Т-4 әуе базасына АҚШ, Ұлыбритания және Франция үштігі зымыранмен шабуыл жасады. Айта кетерлігі, Тель-Авив Сирияның хими­ялық қаруды тіпті, өз аумағында қолдануын да жазасыз қалдырмайтынын әуелден-ақ ескерткен. Осыдан соң Араб елдері тез арада БҰҰ-ның Қауіпсіздік Кеңесін жинап,­ Сириядағы жағдайды тал­қылауды ұсынды. Әлем жұртының ойы сан-саққа жүгіргенімен, пікірі екіге жарылып отыр. Бірі Башар Асад билігін жақтаса, екіншісі химиялық қару қолданғандар жазалануға тиісті деп есептейді. Ресми Вашингтонның мәлімдеуінше, әуеден берілген соққылар химиялық қару жасалатын өндірістік кешендер мен оны сақтайтын қоймаларды жоюға бағыт­талған.

- Өткен сенбіде Асад билігі Дума қаласында өз халқына қарсы химиялық қару қолданды. Содан кейін АҚШ-тың қарулы күштеріне Сирия­да химиялық қаруға қатысы бар нысандарға жоғары дәлдікпен ша­буылдауға бұйрық бердім. Бұл операцияны Ұлыбритания мен Францияның қарулы күштерімен бірге жүргіздік. Егер Асад режимі химиялық қару қолдануды доғармаса, біз де шабуылды тоқтатпаймыз. Ал Франция билігі әуеден қайтып соққы берілмейтінін мәлімдеді. Өйткені алға қойған мақсат толық орындалған. Енді Башар Асад шектен шықпауы тиіс, - деп мәлімдеді АҚШ президенті Дональд Трамп.

Таяу Шығыстың ғана емес, әлемнің соғыс ошағына айналып тұрған Сирияның бүгінгі ахуалын бұдан оншақты жыл бұрынғы бет-бейнесімен салыстыру отын мен оның күлін көргенмен тең. Төбесі түнеріп, күннің көзін көлегейлей ұшқан зымырандар қаптаған мемлекетке «жығылғанға жұдырық» деп айтудың өзі жеткіліксіз. Бүрсігүні Оттавада бас қосқан «Үлкен жетілік» елдері химиялық қару қолдану – Химиялық қару туралы Конвенцияны бұзу, әлемдегі бейбітшілік пен оның тұрақтылығына қауіп төндіру деп айыптап, зымыран соққыларына «шектеулі, дәл тиетін және қа­жетті шара» деген баға берді. Ал күні кеше Қазақстан мен Ресей прези­денттері Таяу Шығыстағы ахуал туралы­ телефонмен сөйлесіп, әлем­дік жағдайларды сөз еткен. Сөйлесу барысында В.Путин Мәскеу мен Дамас­к Думада химиялық шабуыл болғанын жоққа шығарып, химиялық қару турал­ы хабарларды «арандату» деп есептейтінін айтқан. Ал Пентагонның  мәліметінше, Сирия­дағы Үкімет бақылауындағы үш нысан­ға 105 зымыран жіберілген.

- Әуе соққысынан ғылыми-зерттеу институты зақымданып, ғылыми зертханаларға материалдық зиян келді. Хомстағы әскери базаларға жасалған шабуыл кезінде үш тұрғын жараланды. Сирия армиясы халықты қорғауын тоқтатпайды. Мұндай соққылар сарбаздарымыздың Отан қорғауға деген рухын көтермесе, түсірмесі анық. Сириядағы ахуалға қатысты ресейлік тарап Біріккен Ұлттар Ұйымы Қауіпсіздік Кеңесін шұғыл жиын өткізуге шақырды. Ал Ресей президенті Владимир Путин АҚШ пен оның одақтастарының Сирияға жасаған соққыларын қатаң сынға алды. Тіпті әуе соққыларына жауап ретінде Сирияға С-300 зенитті-зымыран жүйесін жеткізу мәселесі қайта қарастырылатыны да сөз болды. Ресей әскерилерінің ай­туын­ша, бұл жолғы әуе соққыларын залалсыздандыруға Ресейдің зымыраннан қорғаныс жүйесі қатысқан жоқ. Өйткені ешбір зымыран Ресейге қарасты жерге жақын келмеген, - дейді Сирия армиясының өкілі.

Ал өз кезегінде Еуропалық одақ Сирия мәселесі бойынша кепілгер елдерді деэскалация аймағындағы әскери шабуылдарды тоқтатуға шақырды. Сондай-ақ, Шам еліне гуманитарлық көмектің кедергісіз жетуіне атсалысуға үндеді. Еуропалық одаққа мүше елдердің сыртқы істер министрлері Люксембургте кеңес өткізіп, Таяу Шығыстағы өткір мәселелерді талқылады. Еуроодақ деэскалация аймағына қатысты келісім­нің бірнеше мәрте бұзылғандығына алаңдаулы. Одаққа мүше мемлекеттердің өкілдері Астана процесіне кепілгер елдерді, яғни Ресей, Иран және Түркияны Сирияның барлық аумағына гуманитарлық көмек көрсетуге шақырып отыр.

О.СЕМСЕР



 

Жан-Ив Ле Дриан,

Францияның сыртқы істер министр­і:

- Әуе соққыларының басты мақсаты – Сирияның химиялық және биологиялық қаруды дамыту мен қолдану мүмкіндігін жою. Башар Асад режимі халықаралық заңды өрескел бұзды. Бұл қадам – соған жауап ретінде жасалған заңды әрекет­. Бұл операция елдегі азамат соғысына ықпал етуді немесе билікті құлатуды көздемейді. Ал Ұлыбритания Премьер-министрі Сирияға жасалған соққы Башар Асад билігіне ғана емес, жалпы әлемде химиялық қару қолдануға әрекет жасайтындарға ескерту екенін мәлімдеді.

 

Тереза Мэй,

Ұлыбритания премьер-министрі:

- Сирияның Дума қаласындағы химиялық қаруды Башар Асад билі­гінің қолданғаны айдан анық. Сондықтан Британия әскерилеріне американ және француз серіктес­терімізбен бірігіп, химиялық қаруға тосқауыл қою үшін шабуыл жасауға рұқсат еттім. Біз мәселені диплома­тиялық жолмен шешуге талпындық. Алайда нәтижесі болмады. Сондықтан күш қолданудан басқа амал қалмады. Бұл әрекетті Сирия­дағы азамат соғысына араласып неме­се елдегі режимді өзгерту үшін жасап отырған жоқпыз. Сирия үкіметі «шабуыл халықаралық талап­тарға қайшы» екенін мәлім­деді. Жергілікті мемлекеттік телеарналардың хабарлауынша, Дамаск бағытына 100-ден астам соққы жұмсалған. Елдің зымыраннан қорғаныс жүйесі оның жартысынан астамын залалсыздандырып үлгерді.

 

Сергей Рудской, Ресей Бас штабының жедел әрекет ету басқармасының басшысы:

- Дәл соққы жасалған күні Хи­мия­лық қаруға тыйым салу ұйымы­ның мамандары Думад­а тексеру жұмыстарын бастайтын еді. Да­маск­те химиялық қару жасай­тын мүмкіндік жоқ. Сондықтан бұрынғы нысанның бәрі қаңырап бос тұрды. Бірақ АҚШ-ты бұл ұйымның зерттеу нәтижелері қызықтырмады. Осылайша Таяу Шығыста бей­біт келісімдерге кесірін тигі­зіп, Сириядағы ахуалды одан әрі ушықтырды. Әзір­ге әлем елдерінің пікі­рі екіұдай. Ал Дамаск тұр­ғындары бомбалауға қар­сы болып, бас көтерді. Олар мемлекеттік жалауды биік ұстап, «бізді ешкім де қорқы­та алмайды» деп ұрандатты.

 


ЕКІ ТҮРЛІ ЕСЕП БОЛА МА? PDF Print Email
Жаңалықтар - Саясат
19.04.2018 14:12

Ауыл әкімдерінің ел алдында есепті кездесуі құдды қойылым секілді. Мұндай жиындарға ба­рып­ та жүрген шығарсыз. Сценарий бойынша жоғарыдан келгендер әкімнің атқарған жұмысын тыңдап, сондағы ағайынның уәжіне құлақ түреді. Сосын ауылдың ақсақалы «атып» шығып, «рақметтен басқа айтарымыз жоқ» деген сыңайдағы пікірін білдіретіні және бар. Ақсақал демекші, өткенде қызық болды. Жақында Сыр еліне Үкімет басшысы Бақытжан Сағынтаев ат басын бұрған. Ел-жұрт­пен кездесті. Сонда бір ақсақалымыз «Құрмет­ті, Бақытжан Әбдірұлы! Сіз бүгін сәтті күні келіп отырсыз. Кеше ғана біздің ауданда алай-түлей дауыл соғып, жаңбыр жауды. Осындағы жігіттер «Үкімет басшысын қалай күтіп аламыз?» деп алаңдады. Бүгін қараңызшы, ауа райы қандай тамаша болы­п тұр. Бұл да сіздің сапарыңыздың құттылығы» деп пікір айтты. Осыдан кейін еріксіз езуге күлкі үйірілетінін қайтерсің? Лауазымды кісілердің келуімен күн райын астастырып жі­берген ақсақалдардың әңгімесіне қайран қал­дық...

Әуелгі әңгімемізге оралсақ. Қайбір күні қала басшысы Нұрлыбек Нәлібаев Белкөл мен Тасбөгет кентінің әкімдерін «сойып» салды. Аппарат мәжілісінде екі бірдей әкімнің атқарған жұмысы сараланды.

– Өткенде ел алдында есеп бердіңіздер. Бардық, тыңдадық! Жақсы ұйымдастырыпсыздар! Кейбір мәселелер шеші­мін тапқан. (Белкөл кентінде. - ред.). Бірақ атқарылмай жатқан шаруалар да жетерлік. Құрметті ауыл әкімдері, есепті жиын­да өздеріңнің сөз­деріңді сөйлейтін кісі­лерді әкелесіңдер. Олар сендерді мақтайды. Дұ­рыс! Дегенмен сол сөз­дерге Сіздер­дің істеріңіз лайық  болуы керек қой! - деп шаһар басшысы шүй­лікті.

Байқағанымыз, екі бірдей кентте де жұмыссыздық, тазалық, мемлекеттік-жекеменшік әріп­тестік аясында жұмыс істеу, мемлекеттік бағдарламалардың орын­далу барысы төмен. Сонда, ауыл әкімдерінің есебі екі түрлі болғаны ма, әлде «қойылымның» жақсы ұйымдасты­рыл­ғаны ма? Әйтпесе, шаһар басшысы неге ашуға мінді? Нұрлыбек Мәш­бекұлы бір сөзінде «Ауыл  әкімдері, Сіз­дерге  барлық  жағдайды жасап отырмыз. Қолдан келген көмекті көрсетіп жатырмыз. Жақсы жұ­мыс істесеңіздер, мақтап та жүрміз. Тіпті, «осы кісілер ел алдында жүр, еңселері түспесін» деп бір-бір су жаңа қызметтік көлік те алып бердік. Неге жұмыс істемейсіздер?» деді.

Иә, осындай оқиға­лар жиындарда жиі болып тұрады. Былайғы жұртқа құрғақ сандарды сөйлеткеннен гөрі, ауы­лының ажары айшық­талғаны қажет. Айтпақшы, кейбір елді мекендерде «ауылдың оппозиционері» атанған кісілердің есепті жиынға кіре алмай кеткендігін де көргенбіз...

Асан  ДӘУЛЕТ

 


НЕСИЕНІ НЕСІНЕ АЛАМЫЗ? PDF Print Email
Жаңалықтар - Бүгінгінің болмысы
19.04.2018 14:08

ТІЛЕНІП   АЛСАҢ   АУРУДЫ,

ТІРІ   ҚАЛУЫҢ   ЕКІТАЛАЙ

Алғашқыда тақырыптағы сауал сіздің ызаңызды келтіруі мүмкін. Әрине, әдетте­ өзіңде  жоқ  нәрсені біреуден сұрайтының бесенеден белгілі ғой. Аяқастынан қажеттілік туындағанда немесе қомақты қаражатты керек еткенде адамдар амалсыздан банкке жүгіреді және банк қызметіне жүгінеді. Айтпақшы, бір-біріне ешқандай кепілсіз қарызға ақша беретін халық қазақ екенін көзіміз көріп жүр. Солай болған күннің өзінде әлгіндей ақша қазір екінің бірінде бар деуге аузың бармайды. Оны халықтың бүгінгі хал-ахуалы да айқындап тұр. Өткен жылғы статистикаға сүйенсек, 5 миллион отан­дас­тың мойынында несие бар екен. Олардың миллионнан астамы банктің маңына жолай алмай, қашып жүр. Бір жылда байығаннан олардың саны қыс­қарды деу ақылға сыймайтын шығар. Қайта жаңбырдан кейінгі саңырау­құлақтай қаптап келеді. Шенеуніктерше сөйлесек, “өсім бар, дамып жатырмыз”.

25 жылдан бері тәуелсіз мемлекет атансақ та, несиеге тәуелді біз ғана шығарм­ыз. Жо-жоқ, шетелде де несие­ деген ұғым бар екен. Бірақ, оларда еліміз­бен  салыстырғанда  едәуір айырмашылық байқалады. Еуропа елдері халқына 5-6 пайызбен несие берсе, бізде 17-25 па­йызбен ұсынады. Біздегі банктердің пайызы жоғары болған соң, ақшаны айызы­ қанып алады. Үсті-үстіне қосыл­ған ақша, ай сайын безектеп кеп тұратын­ кредиттің уақыты жұртшылықты әбден әуре-сарсаңға, мұң-қайғыға батырып отыр. Рас, сұрап алған аурудың емі жоқ. Қалай десек те, бел шешіп төсегіне жатар­ кезде белшеден кірген қарыз қазақты тыныш  ұйықтатпай  жүр.

 

КҮЛІП КЕЛЕТІН ҚАРЫЗ

ҚАЙТҚАНДА  НЕГЕ  ЖЫЛАЙДЫ?

Кредит алудың денсаулыққа зияны көп. АҚШ ғалымдары несиенің адамды қарызға ғана емес, сарыуайымғ­а батыратынын дәлелдеді. Олар көп қары­зы­ бар адамдардың инсульт алуға бейімділігі 15%-ға артық болатынын анықтаған. Әрине, бұл бір жағынан дәлелдеуге де келмейтін нәрсе ғой. Адам болған соң барлығы уайымдайды, мұңаяды. Өйткені, бұл өмірде мұңсыз адам жоқ, тек мұңын жасыратындар ғана бар. Сондай-ақ, несие – өз-өзіңді алдаудың бір жолы. Мән беріп қарасаңыз, әрбір кредиттің қайтару төлемақысы екі есеге дейін көбейеді. Осыны біле тұра алған затын арзанға түсті деп ойлайтындар көп. Бұл – психологиялық  берілу, адасу. Адамдар да қызық. Кредит алып той жасайды да, төлейтін кезде зар қақсап жылай жөнеледі­. Иә, бір қарағанда несие алу тығырықтан шығуды­ң оңтайлы жолы секілді көрінеді. Шын мәні­сінде, өзіңді алдап, өрге шыққанмен бірдей.

Қазақстанда банктер беретін несиенің 85%-ы мақсатсыз алынады екен. Той жасауға, қымбат көлікке, киімге, телефонға деген секілді жайттар мақсатсыз емес дейтін шығарсыз. Ал, мұның бәрі мақтаныш, дарақы­лық үшін немесе “ұят болады” деген елдің бір ауыз сөзі үшін жасалатын болған соң, мақсатты дей алмаймыз. Өткен жылғы несиелердің 16%-ы ипотекалық несие көрінеді. Яғни, уақытылы төлей алмасаң, үйіңді, сосын күйіңді тартып алады. Күліп келетін қарыздың қайтарда неге жылатып қайтатыны енді түсінікті болар. Ал, күліп келу мен жылатып кетудің ортасында жүйкеге сан мәрте салмақ түсіп, жүз мәрте жыр, мың мәрте мұң “сыйлайтынын” айтудың керегі шамалы.

 

БАНККЕ  БАР  БОЛҒАН  СОҢ  БЕРЕШЕГІ,

БҰЛЫҢҒЫР  БАЗ  БІРЕУДІҢ  КЕЛЕШЕГІ

6 жыл бұрын Дүниежүзілік Банк Қазақстанды қайтарылма­йтын кредиттер көлемі бойынша әлемдік рейтингтің үздігі деп таныды. Сол уақытта әрбір берілген үшінші кредит уақытында қайтпаған. Бұл – жай статистика. Ал, осы қайтарылған-қайтарылмаған несие­лердің артында басы бәйгеге тігілген, қолымен от көсеген миллиондаған тағдырлар тұр. Ойрандалған отбасы, сорақы суицид, қызметтен қуылу, ащы сумен араласу, қолын қанға малу, дене мүшелерін саудаға салу секілді жайттарды несиемен байланыстыруға болады­. Жамандықты жасыруға құштар басшылық тұрғанда қайғылы оқиғалар тап мынаның салдарынан болды деген әңгіме бізде айтыла қоймайды.

“Кредит алу – ақымақ әрекет”, - дейді маркетолог, іскерлік кітаптардың авторы Сэт Годин. Яғни, еліміздегі 18 миллион адамның 5 миллионынан астамы ақымақтың, шарасыз адамның әрекетін жасайды. Айтпа­қшы, сіздің алған несиеңіз көршіңізге не жақының­ызға да зиянын тигізуі мүмкін. Ол жайлы ойлап көрдіңіз бе? Мысалы, “пәленше де алды ғой, түгенше де төлеп отыр” деген ой адамды орға жығып, кредит алуға “қанаттандырып” жібереді. Осылайша, сіз ойда-жоқта өзгенің ойына “сенімділік” ұялатып тастайсыз.­

 

ҚАНДЫ  ҚАНМЕН  ЖУЫП  ЖҮРМІЗ...

Қанды қанмен жууға бола ма? Әрине, болады. Бірақ, одан қанның ізі кетпейді ғой. Сол секілді, кредитті кредитпен жабу да – сордың зоры. Жыртықтың үстін жыртықпен жамау немесе қауіп-қатерге бір қолыңды емес, екі қолыңды беру секілді. Алдау-арбау, жалған құжаттар, жемқорлық, т.с.с. жайттар Қазақстанда бір адамның басында бірнеше несиенің болуына­ себепкер болып отыр. Несиені несиемен қайтару – онсыз да аз емес қарызыңды тағы да арттыру, үстіне қосу, тиісінше батпаққа бату. Былайынша айтқанда, бұл – бір күндік ғана қуаныш.

Халық – Құдайдың бір аты десек, осы атпен де халықты “тонайтын” банк бар бізде. Несібесін несиеден іздеген талай жанның тағдырға наз айтып, налып жүргені шындық. Банкке бағынышты болып қалғандар, яғни еті үйренгендер есігін қайта қағуға қорықпайтындай. Тиісінше “атын атай көрме” деп ат-тонын ала қашатындар табылып қалар. “Несиені несіне аламыз­?” деген сауалға жауапты шамданып беретіндер, “несиені неге жабамыз?” деуі де мүмкін ғой. Меніңш­е, несиенің анықтамасы “адамдардың саналы түрде істейтін санасыздығы” дегенге келетін секілді. Несие алу – қарызға тәуелділік дегенімізбен, қысымда­ жүру, шынайы қарым-қатынастан алшақтау екенін де ұмытпаған жөн болар.

Рыскелді   ЖАХМАН

 


ЖОШУА НЕГЕ ЖЫЛАДЫ?.. PDF Print Email
Жаңалықтар - Арнайы беттер
19.04.2018 13:58

Солтүстік теңіздің жылы жібегі қарт құрлықтың жонын жібіте бастады. Шуылдақ құстар шуақ шалқымасын шертіп, шалғындар шаштарын сілкіп жатыр. Шабытыңды түртіп, көңіліңді көтеретін көктемнің қош күнінде Жошуаны жолықтырдым. Лидс қаласында кіндік қаны тамған, нәсілі – пәкістандық. Мұсылман жігіттің өз басынан асып, аумағындағы ағайын-туысын асырауға жетер кәсібі бар. Арғы-бергіні сөзге азық етіп, әңгі­ме күннің шуақтылығына ауа бергенде­ Жошуа Англияның асау ауа райындай күрт  бұзылды.

- Күн райы керемет, иә, бала-шағамды алып, парк араласа не қылсын... Анау ағылшындар құсап, болмаса, кабакта таңдай жібітіп те отыра алар ем. Оған жетер дәулетім де бар. Бірақ, мен олай ете алмаймын, түсінесің бе!? Сирия­да менің мұсылман бауырларым миллиондап босып жатса, пәк сәбилер xимиямен уланып жатса, үстеріне тажалдар құлап жатса, Алла берген алтын ғұмырлары тірідей тозаққа айнал­ып жатса, мен қалай шаттанып, шалқи  аламын...

Жошуаның  саусақтары  сәл  діріл­де­гені байқалды. Азаматтық, бәлкім, адам­заттық алғаусыз жүрегінің жасы да сол саусақт­арынан  саулап  кеткендей...

«Азаматсың ғой» дедім іштей күбірлеп. Қара бастың қамынан аса алмайтын пенделік қыбыр-жыбырымызда мына Біз жүрегіміздің (о баста Алла мен ана мейірімімен лүпілін бас­таған) жылуын әлсіретіп алдық па? Қазаны бөлектің қайғысына қабақ та аудармайтын қатты денелерге айналып кеттік пе?

Лидстің құбылмалы күні қайта бұзылды. Жаңбыр желкеден ұрып, өкшемнен ағады. Тоң-тамшыдан қашқан адамдар қолшатырдың астынан сығалай қарап, жолға таласады.

Бірақ мен қайнап барам. Жошуаның жылы жүрегінің лебі тоңазыңқы тәнімді әлі қыздырып тұр...

Нұрбек  ӘМИША,

журналист,

Ұлыбритания

 


“ЕРІККЕН АДАМ СОТҚА БАРМАЙДЫ” PDF Print Email
Жаңалықтар - Құқық құрығы
19.04.2018 13:49

Жандос  АБСАТ,

Қызылорда облысы Әділет департаментінің жеке сот орындаушылар қызметін ұйымдастыру бөлімінің басшысы:

Соңғы кездері баласы үшін әкесінен алимент өндіре алмай не несиесін уақытылы төлемегендіктен жалақы алатын шоттарын аша алмай жүрген жандарды жиі кездестіреміз. Сол үшін сот орындаушылардың есігін торуылдап жүргендер қаншама.

Өйткені сот нақты шешім не ұйғарым шығарып бергенімен, оны орындамай, жауапкершіліктен қашып жүргендер көп. Сондықтан жұрт борышкерді жауапкершілікке тарту не болмаса белгілі бір шектеулер қою арқылы берешегін өндіріп алу үшін сот орындаушыға жүгініп жатады. Біз де қызығынан қиындығы көп бұл саланың жұмысы туралы білу үшін Қызылорда облысы Әділет департаментінің жеке сот орындаушылар қызметін ұйымдастыру бөлімінің басшысы Жандос Абсатпен сұхбаттасқан едік.

– Жандос Дәуренбекұлы, мемлекеті­мізде  мемлекеттік  сот орындаушымен  қатар жеке сот орындау­шы­лары да қызмет етеді. Осы тұрғыда айтып өтсеңіз, екеуінің ат­қа­ратын функциялары бір ме әлде қандай да бір өзгешеліктер бар ма?

– Қазақстан Республикасында жекеменшік сот орындаушылардың институты 2011 жылдан бастап жұмыс істейді. Бұл – франциялық жоба. Алайда мем­лекеттік сот орын­даушының да, жекеменшік сот орындаушының да жұмыс істейтіні – бір заң, бір функцияның аясы. Яғни, ҚР-ның «Атқарушылық іс жүргізу және сот орындаушылардың мәртебесі туралы» заңының аясында атқару­шылық әрекеттер жасайды. Ел­басы­мыздың Ұлт жоспары – «100 нақты қадамының» 27-қадамында «Мемлекеттік сот орындаушыларды біртін­деп қысқартып, жекеменшік сот орындаушылар институтын одан әрі дамыту» керек­тігі айтылға­н. Осыдан кейін 2016 жылы мемлекеттік сот орындаушылардың республика  бойынша 30, 2017 жылы 30 пайызы қысқартылса, ал 2018 жылы 25 пайызы қыс­қартылғалы жатыр. Айта кету керек, мемлекеттік сот орындаушылардың орындайтын функциялары бөлек. Яғни олар мемлекеттен өндіріп алу, дауыс беретін акцияларының (жарғылық капиталға қатысу үлестерінің) елу және одан көп пайызы мемлекетке және олармен үлестес заңды тұлғаларға тиесілі заңды тұлғадан өндіріп алу, табиғи монополиялар субъектілерінен немесе тауарлар және көрсетілетін қызметтер нарығында үстем жағдайға ие субъектілерден өндіріп алу, өндіріп алу мөлшері бір мың айлық есептік көрсеткіштен асатын (2 405 000 теңгеден жоғары) соманы мемлекет пайдасына өндіріп алу, мүлікті тәр­кілеу не мүлікті мемлекетке беру туралы, мемлекет мүддесі­не жүргізілетін үйден шығару, үйге қоныстандыру, үйлерді бұзу, жер учаскелерін алып қою және басқа да істердің санаттары туралы атқарушылық құжаттарды мемлекеттік сот орындаушылар орындайды. Қалған санаттағы атқарушылық құжаттарды жеке сот орындаушылары орындайды.

– Жаңа өзіңіз мемлекеттік сот орындаушылардың жылдан-жылға азайып келе жатқанын айттыңыз. Ал олардың орнын баса алатын жеке сот орындаушылар облысымыз бойынша жеткілікті  ме?

– 2018 жылғы статистика бойынша облыста 53 жеке сот орындаушы (оның 19-ы – ауданда,  қалғаны – қалада) бар. Ал бұл көрсеткіш 2015 жылы 24, 2016 жылы 47 бол­ған. Өткен жылдың қорытынды­сымен 52 болды. Яғни біздің қаламыз бен барлық аудандар республикадағы кей облыс­тарға қарағанда толық жеке сот орындаушылармен қамтылған.

– Сіздерге халық ең көп деген­де қандай сот актілерімен жүгініп  жатады?

– Негізі барлық сот актісі бойынша. Оларды бөліп-жару­ға келмейді. Бірақ көбіне мемлекет пайдасына өндірілетін сот актілері бойынша көп атқарушы­лық құжаттар түсіп жата­ды. Яғни мемлекет пайдасына өндірілетін әкімшілік айыпп­ұлдар, мемлекеттік баж салықт­ары, жер мүлік салықтары,  қылмыстық істер бойынша сот шығындары, үкім бо­йынша айыппұл­дар. Содан кейінгі орынға алимент, жеке және заңды тұлғалардың арасындағы қаражат өндіру мәселелерін жатқызуға болады.

– 2017 жылы  сіз­дердің  көмектеріңізге қанша  адам  жүгін­ді немесе қанша атқарушылық құжат  түсті?

– 2017 жылы облыс бойынша барлық жеке сот орындаушылардың  орындауында 85377 атқарушылық құжат болға­н. Оның 46031-і (54 па­йыз) аяқталса, 2018 жылдың 1-тоқсанына 39346-сы қалды. Ал І тоқсанда түскен құжат­тарды қоса есептегенде 56052 құжат болып, 6585-і аяқталған. Яғни 1 сәуірге 49467 құжат қалған. Шыққан санды 53-ке бөліңіз (жеке сот орындау­шылардың саны. – ред.), сонда әрқайсысына 933-тен келеді деген сөз. Дегенмен де бұл 1 сот орындаушыда 933 атқару­шылық құжат бар дегенге сәй­кес келмейді. Себебі біреуінде 1500, біреуінде 1000, біреуінде 500 болуы мүмкін. Өйткені соттан келген құжаттар тікелей сот орындаушыларға соттың өзінің арнайы «Төрелік» деген электронды  жүйесі  арқылы  сот орындаушылардың  атқару­шылық іс жүргізу орган­да­ры­мен автоматтандырылған  жүйесіне түседі, электронды түрде жеке сот орындау­шы­лар­ға бөлінеді. Әкімшілік айып­пұл­дар  да  дәл  солай. Ішкі істер  органдарынан  келгенде де  сөйтіп  бөлінеді. Ал қал­ған  уәкілетті органдар жаз­баша береді. Сондай-ақ бұл салада бәсекелестік бар. Мысал­ы, сіз «мына жеке сот орындаушы жақсы жұмыс істейді екен» деп естисіз де, сол  кісінің  көмегіне  жүгіне­сіз. Осындай сәттерде тәуір жұмыс істейтіндердің қа­рауында өте көп атқарушылық құжат болуы мүмкін. Бәйгеге қоссаң да жүйрік ат алдында  шабады  да, қалғаны қала  береді­  емес  пе? Сол сияқ­ты  істі  толық  аяқтамай, істей алмай­ жауып кетіп жат­қан­дары  да  бар.  Бірақ көш жүре  келе  түзеледі  дейді ғой.

– Ал жеке сот орын­дау­шы­ларға жалақы қалай төленеді?  Жұмыс  істей  алмаса  да  өзгелермен  бірдей  кө­лемде  жалақы  алып  отырады  ма?

– ҚР «Атқарушылық іс жүргізу және сот орындаушыларының мәртебесі» туралы заңының 118-бабында көрсетілгендей, жеке сот орындаушыларға жалақы өндірілген сомадан алынады. Яғни бірінші істі аяқтайсыз, содан кейін қызмет ақысы алынады. Үкіметтің 2014 жылғы  4 мамырдағы №437 қаулысы бар. Ол жерде айлық есептік көр­сеткішпен көрсетілген. Мысалы, орындауында 60 АЕК-ке дейінгі сомалар болса (144300 теңге), соның 25 па­йызын жеке сот орын­даушы өзінің қызметіне алады. Өндірілетін сома көбейген сайын пайызы да төмендей береді. 60-300 АЕК арасы болса, 20 пайыз болады деген сияқ­ты. Айта кету керек, бұл сома борышкердің берешегінен бөлек өндіріліп алынады.

– Оны кім төлейді, мем­лекет  пе?

– Жоқ, борышкерден өндіреді. Яғни қарызды бір өндіреді, қызметіне тағы өндіреді. Өзін-өзі қаржы­ландыру  бұл  жерде.

– Сонда мемлекеттен ешқандай айлық  берілмейді  ме?

– Алименттер мен жалақыны өнді­ріп алу туралы атқарушылық құжаттар бойынша мәжбүрлеу шараларын қолдануына байланысты жеке сот орын­даушының қызметіне 15  АЕК мөлшерінде ақы төленеді. Мысалы, борышкер жұмыс істемейді  делік. Сот орындаушы берешегін төлету үшін бүкіл әрекетін жасайды. Алимент бойынша айтаты­н болсақ, борышкерге қатысты атқарушылық іс қозғау, хабарлама жіберу, оның берешегін  айқындау, республика аумағынан шығуға уақытша шектеу қою, оны әкімшілік жауапкершілікке тарту, қылмыстық жауапкершілікке тарту, атында жылжитын, жылжымайтын мүліктері бар-жоғын анықтау сияқты әрекеттерін жасайды. Бірақ одан еш нәтиже болмаса, ол бізге есеп құжаттарын ұсынады. Өйткені шығын жеке сот орын­даушыдан кетіп жатыр. Біз сол қызметі үшін 15 АЕК мөлше­рінде қаражат төлейміз. Ол 36075 теңге­ болады. Бұл тек 1 атқарушылық құжат бойынша. Бұрын бұл көрсеткіш 5 АЕК еді. Былтыр өзгерістер болып 15-ке көбейді. Егер он құжат өткізсе, 360 мың теңгенің көлемінде ала алады деген сөз. Яғни мемлекет  қарап  отырған  жоқ.

– Борышкер берешегін төлемесе, қандай­  жауапкершілікке  тартылады?

– ҚР-ның әрбір азаматы заңды орындауға міндетті. Біздің өзіміздің Конституциямыз бар. Кодекс, заң, нормативтік-құқықтық актілердің бәрі осы Конституциядан тарайды. Конс­титуцияның 76-бабының 3-тармағында, ҚР Азаматық процестік кодексінің 21-бабында «ҚР азаматының атына шыққан сот шешімі, сот үкімі, сот ұйғарымдары, яғни сот актілері республика­ аумағында орындалуға міндетті. Қажет жағдайда шет мемлекеттерде халық­аралық дәрежеде орындалады» деп көр­сетілген. Еріккен адам сотқа бармайды. Мәселені шешуге, ымыраға келе алмаға­ндықтан барады. Соттан шешім шығады. Ал оның орындалуы өте қиын. Соны сот орындаушы әрекетін жасап, орын­датуға тырысады. Жоғарыда айтып кеткендей, атында жылжитын, жылжымайтын мүлкі, зейнетақы жарналары бар-жоғын анықтайды. Бар болса, тыйым салады. Сондай-ақ, борышкер 20 АЕК-тен асатын сома бойынша сот актісін орындамағанда сот орындаушы борышкерді республика аумағынан уақытша шығуына шектеу қоюына құқылы. Мұндай фактілер тәжірибемізде болды. Алиментін, мемлекетке айып­пұлын төлемей жүріп, бір жағдайлармен шетелге шыққысы келгенде, шекарадан қайтып келген азаматтар болған. Сондай-ақ заң бойынша сот актісін орындамаған адамның жүргізу куәліктерін, лицен­зияларын (жеке тұлғаларға 250 АЕК-тен, заңды тұлғалар­ға 1250 АЕК-тен асатын болса) уақытша тоқтатуға сот орындаушысы сотқа ұсыныс енгізеді. Көбіне алимент бо­йынша борышкерлердің кө­лік жүргізу куәліктерін тоқ­тату жөніндегі сотқа ұсыныстар енгізіліп,  қанағат­тан­дырылып жатады. Сонымен қатар әкімшілік жауапкершілік бар. ҚР Әкімшілік құқықбұзу­шылық туралы кодек­сінің 669-бабында «Сот үкімін, сот шешімін орын­да­мау немесе өзге атқарушылық құжат­тарды орындамау» туралы арнай­ы жауапкершіліктер көр­сетілген. Жеке тұлғаларға 5 АЕК мөлшерінде, лауазымды тұлғаларға 20 АЕК мөл­шерінде айыппұл салынады неме­се екеуі де 5 тәулікке дейін қамаққа алынады. Ал егер сот актісін борышкер          6 айдан астам уақыт орындамаса, онда ҚР Қылмыстық кодекстің 430-бабымен қылмыстық жауапкершілігін көру жөнінде құқық қорғау органдарына сот орындаушы ұсыныс енгізеді. Ары қарай анықтаушылар тергеу әрекеттерін жүргізеді. Ал алимент бойынша ҚР ҚК-нің 139-бабы бойынша, борышкер 3 айдан астам уақыт алимент төлемеген­ жағдайда, өндіріп алушы ішкі істер органдарына шағым беруге құқылы.

– Мысалы, ерлі-зайыптылар үш жыл бұрын ажырасып кетті делік. Ал алимент өндіру туралы тек үш жылдан кейін ғана сотқа арызданады. Осы кезде алимент ажырасқан күннен бастап төленеді ме, әлде  арыз  жазған  күнінен  бастала  ма?

– Өте орынды сұрақ. Негізі бұл соттың құзыретіне жататын мәселе ғой. Заңгер ретінде айтайын, алимент берешег­і арыз жазған күннен бастап есептелінеді.

– Ал алимент қалай есептелінеді? Борышкердің  айлығы 50 мың  теңге делік. Ол екі баласына оның қаншасын төлейді?

– ҚР-ның «Неке және отбасы» туралы­ кодексіне сәйкес, 1 бала болатын  болса, айлық және өзге де табысының 25 пайызы, 2 бала болса, 33 пайызы, 3 немесе одан көп болса, 50 пайызы­ төленеді. Алимент десе, көбі тек ер-азамат өзінің баласына ғана ақша төлеу керек деп ойлайды. Ал бірақ ата-анасы баласынан өндіріп отырғандар жоқ. Қызылорда облысы 98 пайыз қазақы өңір ғой. Бізде мұндай жағдайлар көп кездесе қоймайды. Солтүстікте, Алматы, Астана қалаларында мұндай жағдайлар бар. Мысалы, 18-ге толған баласы­ анасын қарттар үйіне өткізді немес­е ата-анасы мүгедек болғандықтан, қарамай кетті делік. Бала өз-өзін асырай алады. Енді ол әке-шешесіне қарау керек ғой. Егер баласы осылай тастап кетсе, әке-шешесі баласынан алимент өндіруге құқысы бар. Қазақ халқы – көп ұлтты мемлекет. Неге? Себебі 1937, 1947 жылдары өзге ұлт азаматтары біздің Қазақстанға қарай жер аударылды. Сол кезде біздің ата-бабамыз өз баласынан бөлек, өзге ұлттың баласын өзегінен теппей, бауырына басты. Біз – сол кісілердің қазіргі ұрпағымыз. Аллаға шүкір, жақсы өмір сүріп жатырмыз, бірақ ұсақталып барамыз. Өзгенің баласы түгілі, өзінің баласының  өзегінен теуіп, алиментін төлемей қашып жүргендер қаншама! Жүрегімді ауыртатыны да сол. Бүгінгі ұрпақ – ертең­гі ел болашағы. Елбасымыздың 2012 жылғы желтоқсан айындағы жолда­уында ана мен бала құқығына арнайы­ тоқталған еді. Сол кезде «Әкесі қой баға білмегеннің, баласы қозы да баға  білмейді» дегені есімде. Тебірентіп тұрып  айтты. Сондай-ақ ол кісі «Мені алаңдататыны – Қазақстанның  әлемдік аренадағы  дамуы,  өркендеуі  емес, әке­сіз өскен кейінгі ұрпақ, жастар» деп еді. Қазақта айтады ғой, «Бір әкенің тәр­биесін жүз мектеп те бере алмай­ды» деп. Қазір жылда «Мерейлі отбасы» байқауы өтіп жатыр. Не себепті дейсіз? Бұл –  ұлттың  бірлігін, тұтастығын сақтау мақсат­ында өткізіліп жатқан­ дүниелер. Әке, меніңше, бауыр еті баласынан безінбе­уі керек. Ерлі-зайып­ты бір-біріне  кек сақтап, ажы­рас­ты делік. Ер-азаматқа әйел, әйелге ер­кек­ табылады. Ал бірақ бала жасқаншақ болып қалады, оның психоло­гиясына бұл жағдай әсер етпей қоймайды. Бала әке, ана мейірімін бірге көріп өспегеннен кейін ол қатыгездене түсуі мүмкін.

– Көбіне несиесін уақытылы төлемеген жандардың шоттарын жауып тас­тайсы­здар. Ал оны ашу қалай болады?

– Сот орындаушы шотты жауып таста­уға  құқылы. Өзінің қаулысы мен соттың санкцияларымен. Мысалы, банкте есепшоты анықталса, соған тыйым­  салуға құқысы бар. Сосын инкас­салық  өкіммен  шотта ақша бол­са,­  ақшаны  шешіп  ала  алады.

– Ол ақша кімге кетеді?

– Бірінші өзінің шотына аударып алады, сосын барып өндіріп алушыға аударады. Банк болсын, жеке тұлға болсын, сот шешімі түскеннен кейін сот орындаушы оны орындауға міндетті. Мысал­ы,  несиені  уақытылы төлемеген­ жағдайда айлық жалақымен ашылған шотты банк 100 пайыз шектеуге қоя алмай­ды. Тек 50 пайыз ғана қоюға құқылары бар. Себебі оның бала-шағасы бар дегендей. Сосын жәрдемақы, алимент, асыраушысынан айырылған кезде алатын жәрдемақыларды алуға арнайы ашылған шоттар мүлдем шектеу­ге қойылмауы керек.

– Бірақ солай 100 пайыз шектеу қойып  жатқандар бар.

– Иә, бар ондай. Бірақ оны сотқа беріп, сотпен жеңіп жатқандар бар.

– Әңгімеңізге  рақмет!

Сұхбаттасқан   Жансая   ЖҮНІСОВА

 


Кітап фестивалі өтеді PDF Print Email
Жаңалықтар - Халық-хабар
19.04.2018 13:47

Құрметті қызылордалықтар және қала қонақтары!

Құрметті кітап сүйер қауым!

23 сәуір күні сағат 11.00-де Ә.Тәжібаев атындағы облыстық әмбебап ғылыми кітапханасында  «Дүниежүзілік кітап және авторлық құқықты қорғау күніне» орай «Kitap Fest - 2018» кітап фестивалі ұйымдастырылады.

«Kitap Fest» фестивалінің мақсаты – кітапты насихаттау, кітап пен оқуға деген қызығушылықты қолдау, қоғамның интеллектуалды әлеуеті мен мәдени құндылықтарын арттыру, кітап оқуға тарту, өскелең ұрпақтың рухани-адамгершілік білімін арттыру, жастардың кітап оқуға, көркем әдебиетке деген құштарлығын ояту. Фестиваль аясында кітап көрмелері, поэзия оқуы, кездесу кештері, балалар арасында сурет салу байқауы, кітап жәрмеңкесі және тағы да басқа ойын-сауық бағдарламалары ұйымдастырылады.

Сіздерді кітап фестиваліне қатысуға шақырамыз.

 


ЖАҢАРҒАН ЖОЛ, ЖАҢҒЫРҒАН КӨШЕ PDF Print Email
Жаңалықтар - Саясат
19.04.2018 12:10

ӨМІР   СОҚПАҒЫ...

Жол – экономиканың күретамыры, тіршілік ізі. Қала ішіне қамшының өрі­міндей таралатын сол жолдардың  қазіргі  жағдайы  қандай?

Көктем бастала салысымен Қызылорданың орталық көшелері ғана емес, шетаймақ жолдарына да жан біте­тіні бар. Қазіргі күні қала бо­йынша ұзындығы 619 шақырымды құрайтын 766 көше бар. Оның 503,2 шақырымы асфальт жамылғысын «жамылса», қалған 115,8 шақырымы – тасты және қара жолдар­. Қызылордаға Қ.Кө­шербаев облыс әкімі болып тағай­ындалған  уақыттан  бері  өңірдің  өңі өзгеріп, дами  түскені  шындық.

Ресми мә­ліметтерге  сүйенсек, соңғы 5 жылда   қала   бойынша   жол жөндеу жұмыстарына  23 млрд теңгеден астам қаржы қаралды. Нәтиже­сінде 500 шақырымға жуық жол орташа, күрделі жөндеуден, қайта жаңғыртудан өт­кізілген. Бүгінде тұрғындар қыруар қаражат жұмсалған тындырымды  тірліктің  нә­тижесіне дән риза. Өмір соқ­пағы  деп  бағаланған  жолдың­ жайы күн өткен сайын жақсарып  келеді.

 

ИНВЕСТИЦИЯ   ИГІЛІГІ

Өңірдегі жол жөндеу жұ­мыстарын жүргізудің кіші­гірім шежіресіне тоқталсақ. 2013 жылы жол инфрақұрылымын дамытуға республи­калық және жергілікті бюджеттен 5 млрд 412 млн теңге бөлінген. Оның ішінде   3 көшеге қайта жаңғырту,  1 көшеге күрделі және  74 көшеге орташа жөндеу жұмыстары жүргізілген. Ал 2014 жылы облыстық және қалалық бюджеттерден  4 млрд 572 млн теңге қарал­ған. Оның ішінде 2 көшеге жол құрылысы, 8 көшеге қай­та жаңғырту, 2 көшеге күр­делі және 85 көшеге орташа жөндеу жұмыстары жүргі­зілді. Сонымен қатар қалалық  бюджеттен бөлінген 98,8 млн теңгеге 26 мың 300 шаршы  метрді  құрайтын 46 көше  ағымдағы  жөндеуден өткізілген. 2015 жылы республикалық, жергілікті бюджет­терден қаралған 1 млрд 752 млн теңгеге жалпы ұзындығы 53 шақырымды құрайтын 87 көшеге қайта жаңғырту, ағымдағы және орташа жөндеу жұмыстары жүргізілді. Оның ішінде: жалпы ұзындығы 4,8 км құрайтын 2 көшені қайта жаңғы­ртуға - 1 млрд 156,1 млн теңге,  жалпы  ұзындығы 19,5 км болатын 23 көшені орташа жөндеуге - 03,8 млн теңге,  жалпы  ұзындығы 28,7 км болатын 62 көшені ағымдағы жөндеуге - 92,2 млн теңге. 2016 жылы жол жөндеу жұмыстары  бойынша  жалпы­ ұзындығы 101,6 шақырымды құрайтын  174  көшеге Ұлт­тық қордан, республикалық, облыс­тық және қалалық бюджеттерден барлығы 4167,0 млн теңге бөлінді. Оның ішінде ағымдағы жөндеу жұмыстары бойынша барлығы 24,5 шақырым бо­латын 80 көшеге қалалық бюджеттен 82,9 млн теңге бөлінген. Орташа жол жөн­деу жұмыстары бойынша 68,5 шақырымды құрайтын 91 көшеге республикалық және жергілікті бюджет­терден  барлығы 1694,0 млн теңге бөлінді. Қайта  жаң­ғырту жұмыстары бойынша жалпы­ ұзындығы 2,6 шақырымды құрайтын 2 көшеге облыстық бюджеттен 301,7 млн теңге қаралған. Көше құрылысы бойынша жалпы   ұзындығы  6  шақырым  болатын 2  көшеге  облыстық  бюджеттен  2088,4 млн теңге қаржы бөлінді. 2017 жылы қала бойынша 113 көшенің жол жөндеу жұмыстарына облыстық және қалалық бюджеттен 2 млрд 978,5 млн теңге қаралып, тиісті жөндеу жұмыс­тары  жүргізілген.

 

ҚОРҚЫТ   АТА   КӨШЕСІ –

БАСТЫ   НАЗАРДА

Тұтас  түркі  жұртының  ойшылы, сөз баста­ған шешені, ұлы күйші Қорқыт бабамыз­дың атындағы көшеге құрмет ерекше. Ұзындығы 5,8 шақырым болатын­ аталмыш көшеге Қазыбек би көшесі­нен Қызылорда - Жезқазған трассасына дейін күрделі жөндеу жұмыс­тары жүргізілді. Көшені жаңарту үшін 1 305,487 млн теңге жұмсалған. Бұл жоба бойынша 156 дана жарық шам­да­ры орнатылып, көшелер сама­ладай жар­қы­раса, жолаушыларға арнап 22 дана аялдама, жаяу жүргінші жол­дары мен суағарлардан салынған. Мұнан өзге Қорқыт ата – Қазыбек би және  Қорқыт  ата – Яссауи көшелерінің қиылысына  жауын-шашыннан  жиналатын қалдық сулар ағып кетуі үшін резерв­уарлар орнаты­лды.  Ал  «Қызыл­жарма»  каналы  арқылы  өтетін жаңадан авто­көлік  және  жаяу  жүргіншілерге  арнал­ған  көпірге,  Яссауи көшесі мен Қорқыт ата көшесі қиылысындағы темір­жол өткеліне заманауи үлгіде резина­  төсеніші  салынды.

 

ШЕТАЙМАҚТЫҢ  ШЫРАЙЫ  КІРДІ

Қала орталығындағы ұзындығы  8 шақырымды құрайтын 9 көшеге 403,797 млн теңге қаржы бөлініп, орташа жол жөндеу жұмыстары жүргізілді. Сондай-ақ шетаймақтар да жөндеу жұмыстарынан кенде емес. 29 шақырым болатын 50 көшені жөндеуге облыстық және  қалалық  бюджеттен  719,297 млн теңге  бөлінген.  Атап  айтқанда:

- Шанхай м/а бойынша, ұзындықтары 500 метр болатын 2 көше жолы,

- КБИ м/а  бойынша,  ұзындығы 600 метр  болатын 1 көше жолы,

- Саяхат м/а бойынша, ұзындық­тары 4,2 шақырым болатын 4 көше жолдары,­

- Гагарин м/а бойынша, ұзындықта­ры 1,1 шақырым болатын 2 көше жолы,

- Арай м/а бойынша, ұзындықтары 3,3 шақырым болатын 5 көше жолдары,­

- Сәулет м/а бойынша, ұзындық­тары 19,3 шақырым болатын 32 көше жолдары (оның ішінде, 18 көшеге тасжол құрылысы, 14 көшеге орташа жөн­деу жұмыстары).

Сонымен қатар, ұзындығы 3 шақырымды құрайтын Қарауылтөбе ауылдық округі­нің кіреберіс жолын орташа жөндеуге 59,726 млн теңге және ұзындығы 7 шақырым болатын Абай ауы­лына кіреберіс жолын орташа жөндеу жұмыстарына 100 млн теңге бөлініп, Қарауылтөбе а/о бойынша жұмыс аяқталып, пайдалануға берілген. Ал Абай ауылына кіреберіс жолдың қалған 2 шақырымына жөндеу жұмыстарын толығы­мен аяқтауға ағымдағы жылы облыс­тық бюджеттен 46,868 млн теңге бөлінген.

Қазіргі кезде қалада 51 көшенің асфал­ьт  қабаттары  бұзылған. Оны қайта қалпына келтіру мақсатында қалалық­ бюджеттен 72,179 млн теңге қаржы  қаралып, жүйелі  жұмыс атқа­рыл­ған.  Айта кету  керек, 85  көше  жо­лы­на­ 45,1 млн теңгеге орташа жөндеу жұмыс­тарын жүргізу бойынша жоба-сметалық  құжаттамасы әзірленді. Енді діттеген межені  бағындыру  ғана қалды.

 

«ЖОЛ  КАРТАСЫ»  ЖАНДАНУДА

Облыс әкімінің 2018 жылғы 8 қаң­тарда бекіткен Қызылорда облысының жергілікті маңызы бар автомобиль жолдары­н дамытудың 2018-2020 жылдарға арналған «Жол картасы» бағдарламасы бойынша Қызылорда қаласына қарасты Талсуат, Талдыарал, Қараөзек, Қызылөзек, Иіркөл елді мекендеріне кіреберіс автожолдарына орташа жөндеу жұмыстарын жүргізуге осы жылы облыстық жолаушылар көлігі және авто­мобиль жолдары басқарма­сына бюджеттік өтінім жолданып, респуб­ликалық  бюджеттен  қаржы  бөлу қарастырылуда.

Қалалық  коммуналдық шаруашылық және автомобиль жолдары бөлімі ұсын­ған­ ақпаратқа сүйенсек, 2018 жыл­ға авто­мобиль жолдарының жұмыс істеуін қамтамасыз ету мақсатында барлығы 360,124 млн теңге бөлінген. Оның ішінде  қаланың көше жолдарына ағымдағы жөндеу жұмыстарына 76,509 млн теңге қаралса, 75 көшенің ЖСҚ-ын әзірлеуге 37,306 млн теңге, 14 көше жолына орташа жөндеу жұмыстарына 246,308 млн теңге қаржы бөлінген. Қазіргі  таңда  жоғарыда  аталған  жұмыс­тарды  жүргізуге  мемлекеттік  сатып  алу конкурсы  жарияланыпты.

Естеріңізде болса, биылғы 20 ақпанда қалалық мәслихат депутаттарының кезекті сессиясында қала көшелеріне ағымдағы жөндеу жұмыстарын жүргізуге­ (заливка швов) 9,755 млн теңге, Жаппас­бай батыр көшесін Қорқыт ата көше­сінен көпірге дейін орташа жөндеу жұмыс­тарын бастауға 1 млн теңге, Бай­тұр­сынов көшесін Абай даңғылынан Сүлейменов көшесіне дейін орташа жөндеу жұмыстарын бастауға 1 млн теңге­, Тоқмағанбетов көшесін Қазыбек би көшесінен Жанқожа батыр көшесіне­ дейін орташа жөндеу жұмыстарын бастауғ­а 1 млн теңге бөлінген.

Сонымен қатар С.Бейбарыс көшесі­нен Жібек жолы көшесі – «Қызылжарма» каналына дейін магистральды жол құрылысының жоба-сметалық құжат­тарын мемлекеттік сараптама қорытындысымен бірге әзірлеуге 33,335 млн теңге, Сырдария өзенінің сол жаға­лауында жоспарланып отырған, ұзындығы 1,1 шақырым және 2 шақырымды құрайтын 2 магистральды жол құры­лысының жоба-сметалық құжаттарын мемлекеттік сараптамадан өткізуге 2,709  млн  теңге  қаржы  бөлінді.

 

ҚАУІПСІЗДІККЕ – 91 МИЛЛИОН

Жолаушылардың қауіпсіздігі – бірінші  орында. Биыл елді мекендерде жол қозғалысы қауіпсіздігін қамтамасыз  ету мақсатында қалалық бюджеттен­ 91,302 млн теңге бөлінген. Оның ішінде 37 дана бағдаршамды күтіп-ұстауға 15,017 млн теңге, 651 дана жол белгісін орнату және күтіп-ұстауға 19,535 млн теңге, жасанды жол үсті кедергілерін күтіп-ұстауға 3855 млн теңге, Байтұрсынов көшесі бойында орналасқан №3, 15 гимназиялар тұсына консульды баған­аға орнатылған светидиодтық жарық­пен қамтылған «Абайлаңыз, балала­р» делінген 4 дана жол белгілерін орнату жұмыстарына 2,3 млн теңге, жол үсті таңбаларын сызу жұмыстарына 50,595 млн теңге бөлінген. Осы миллиондаған қаражаттың тұрғындардың қауіпсіздігіне бағытталғаны көңіл қуантады. Жұртшылық күн сана­п көркейген келбетті қаланы көріп, серпіле түседі деген сенімде­міз. Мүгедек жандардың жүріп-тұруын­а  жағдай жасалғанын жол белгілерінен-ақ байқауға болады. «Мүгедектердің құқықтарын қамтамасыз ету және өмір сүру сапасын жақсарту» жөніндегі іс-шаралар жоспарын іске асыру үшін жол белгілерін орнатуға (облыстық  «Нұр  Отан» мекемесі­, қалалық  мәслихат, қалалық мұрағат­тар, Статистика агенттігі, облыстық көліктік бақылау инспек­циясы, Жахаев­ көшесі мен Әбілқайыр хан көшелері қиылысы, Көші-қон полициясы, ЕНПФ ғимараты, М.Ерәлиева атындағы мәдениет үйі, облыстық филармония мекемелерінің алдына) 2,341 млн теңге бөлінген. Ал жол белгілерін қай жерге орнату қажеттігі ҚІІБ-сы мамандарымен  бірлесіп  анықталды.

 

БІТЕР  ІСТІҢ  БАСЫНА...

Жуырда қалалық коммуналдық шаруашы­лық және автомобиль жолдары­ бөлімінің басшысы Талғат Құл­мағанбетов қала көшелеріне жүргізіліп  жатқан  жұмыстармен таныс­  болды.

Алдымен Желтоқсан көшесі мен А.Тоқмағамбетов көшесінің қиылысындағы бағдаршамдардың сыр­лануын қадағалаған ол әрі қарай Шанхай­ ықшам ауданына жол тартты.­ Мұнда жұмысшылар 1-мамыр көше­сін  жаңалап  жатыр  екен.

- Шанхай ықшам ауданындағы 1-мамыр көшесін асфальттап жатырмыз. Жұмысқа 15 адам, 10 техника жұмылдырылған. Көшені жөндеуді баста­ғанымызға 1 апта уақыт болды. Екі күннен кейін жолды бітіріп, тапсыруға дайынбыз,- деп қуанышты хабары­н жеткізді «Қызыл­орда жол­дары» ЖШС директорының орынбасары Артур Абжанов.

Бітер істің басына, жақсы келер қасына. Кәсібін терең меңгерген бөлім басшысының жұмыс барысын байқау­ға арнайы шыққаны жауапкершілігінің деңгейі деп ұқтық. Халықтың ортасына барып, көше жағдайын көзі­мен көріп, көңілге түйгендігі­не риза болды жұрт. Бөлім басшысын таныған тұрғындар «көрші» көшеге қашан жол салатынын сұрап жатса, енді бірі келіп алғысын жаудыры­п  кетті.

Әдемі көше қаланы көрік­тендіре түседі. Бірақ одан бұрын темір тұлпарды жүрісі­нен «жаңылдырмайтын» қауіпсіздігі маңызды. Алысты жақындатып, байланыс, қатынас құралы болған жолдың экономикаға тигізер пайдасы шаш етектен. Инфақұрылымдарға жергілікті, республикалық бюджеттен миллиардтаған теңге бөлініп жатыр. Бұл – жолды жаңартуға жасалған құтты қадам. Ал жол жаңғырса, шаһар жанданады, жұрт қуанады.

Ж.Қойшыбекова

 


ҚАЗАҚ МУЛЬТФИЛЬМДЕРІ НЕГЕ ӘЛСІЗ немесе балаларымыз кімдерді үлгі тұтып жүр? PDF Print Email
Жаңалықтар - Мәселенің мәнісі
19.04.2018 12:05

Жақында үйге туыстарымыз келіп, кішкентай бүл­діршіндермен оңаша қалып, бала да болса әңгімеге тарттым. Сөйтіп «Кімге еліктейсіңдер?»  деп  сауал  тастадым. Сонда 8 жастағы інім «Бэтмен», «Өрмекші адам», «Халк», «Темір адам», «Флеш» секілді шетел мульт­фильмдерінің басты кейіпкерлерін тізбектей жөнелді. Арасында бірде-бір қазақ батырл­арының есімі жоқ. Онысымен қоймай, сол кейіпке­рлердің өзіне тән қасиеттерін, істейтін әре­кеттерін де қоса жалғады. Тіпті, ер жеткен соң солар сияқты «супергерой» бол­ғысы бар. Қарап отырсақ, көгілдір экран арқылы балғын­дар, қандай да бір саяс­ат құрбаны болып жатыр­. Біз­дің киноиндустрияның сапас­ыздығы ма, әлде сыртқы­ жаудан қорғаушы қалқанның әлсіздігі ме, өз елімізде өзгенің ойдан құрас­тырған,  фантастикалық  кейіпкерлерінен  бас  ала  алмай  қалдық.

Гүлзина Бектастың «Айқын­» газетіндегі «Мульт­фильм де – саясат» мақаласында «Соңғы жылдары шығып­ жатқан мультфильмдердің дені саясаттан алыс емес. Қоғамның шынайы бейнесін көрсетуді аниматор мамандар да басты мақсат етіп алған сияқты. Анима­циялық фильмдерді тәрбие құралының бірі деп санасақ, онда ол мейірімділікке, достық пен бақытқа үндеуі тиіс емес пе еді? Бүгінгі мультфильмдер нені насихаттап жүр?» деп бүгінгі  мультфильмдер  туралы  ашына­  айтқан  болатын.

Рас. Көгілдір экранды ашсақ, көретініміз – шетелдік мультфильмдер мен кинолар. Ал ол кинолардың атыс-шабыссыз тұздығы болмайтыны да айқын. Бала көрген нәрсесін  миға жақсы қабылдайтынын және өмірде оны қайталауға тырысатынын ескерсек, «неге өз елімізде өзімізді дәріп­темей, шетелдік бағдарламаларды тайраң­датып қойдық?» деген заңды сауал туады. Мысалы, қазақ балаларына арналып ашылған «Балапан» арнасында шетелдік немесе шетел тілінен қазақшаға аударылған «Бобби мен Бил», «Майя», «Мияның ертегілер әлемі», «Құтқарушы күшіктер», «Қайсар  сері», «Джунгли кітабы», «Шахризада», «Анна мен Элза» және т.б мульт­фильмдер көптеп кездеседі. Ал, таза қазақи «Қазақ ертегілері», «Әли мен Ая» секілді аса жоғары болмаса да, жақсы­ анимацияланған қазақ мультфильмдері бар. Бірақ бұл мультфильм­дерді балалар басқасына қарағанда қызыға көрмейді. Себебі біз оларға жақсы дүние ұсына алмай келеміз. Өйткені қазақ мультфильмдері қаралымының аздығына әсер етуші үлкен фактордың бірі – анимациялық деңгейдің төмендігі. Шетел мультфильмдерінің кей кейіпкерлері өте қорқынышты әрі сұрықсыз болса да, балалар оны жақсы анимацияланғаны үшін қарайды. Олардың қызығатыны да сол. Бояуы қанық, әуені әдемі, кейіпкерлері сүйкімді мультфильмдерді қай бала сүймесін?! Ал қазақ мультфильмдерінде таңдай қаға көретіндей сапалы­ анимациялық дүние аз. Ондай мамандар да саусақпен санарлық. Сондықтан өзіміз жасай алмаған дүниені өзгенің  арзанқол әрі бала санасын улайтын мультфильмдерімен алмас­тырып келеміз. Осы дүниелерді экран­ға ұсынып отырған жандар теледидар ең үлкен тәрбие құралы екенін ұмыт қалдырған секілді. Мысалы, Қытайда шетел мультфильмдерін көруге қатаң тыйым салынған екен. Себебі олар әр ел өзінің фильмдері арқылы өз халқының ұлттық мәдениеті мен салт-дәс­түрін, әдет-ғұрпын, менталитеті мен саясатын, идеологиясын насихаттауы керек деп біледі. Ал біздің телеарналарда нақты бір шекара жоқ, кім көрін­геннің салты мен саясатын жас ұрпақтың миына құйып беріп жатырмыз. Сонда біздің балғындар «кумир» санайтын қазақ халқы­нда  батырлар болмағаны ма? Әрине, болды. Бірақ оларды жас жет­кіншектер неге үлгі тұтпайды? Өйткені олар өз халқының өткен тарихын, тарихта аты қалған, елі үшін толар­сақтан қан кешкен батырлар жайлы­  білмейді. Батыр бабалары­мыздың жасаған ерліктері шетел­дік «супергеройлардың» ешбірінен кем түспейді. Тіпті, бабалар ерлігі балал­а­рымыз қызығатын Бэтмендер­дің  ұшып-қонғанынан  асып  түседі  десек,­  артық айтқандық емес. Сондықтан бүгінгі жас ұрпақты кінәламас бұрын, үлкендеріміздің олар үшін жаса­п  жатқан­  дүниесіне  бір  сәт болсын назар­  аударсақ екен. Әйтпесе, бүгінгі ұрпақтың ертеңгі күні өз ата-баба­ларынан  жаңылысуы  ғажап  емес.

Бейбарыс  ҚАРАКЕСЕК,

Қорқыт  ата  атындағы

ҚМУ-дың 1-курс  студенті

 


Күнтізбе

< Сәуір 2018 >
            1
2 3 4 5 6 7 8
9 10 11 12 13 14 15
16 17 18 20 21 22
23 24 25 26 27 28 29
30            

Сауалнама

Аса мәртебелі шенеуніктердің қылмысқа шатылып жатқандығы нені аңғартады?
 

Ауа райы

Валюта бағамы

Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі валюталардың ресми бағамдары