Өзекті мәселелер

  • 19.04.18

    ӨМІР   СОҚПАҒЫ...

    Жол – экономиканың күретамыры, тіршілік ізі. Қала ішіне қамшының өрі­міндей таралатын сол жолдардың  қазіргі  жағдайы  қандай?

    Көктем бастала салысымен Қызылорданың орталық көшелері ғана емес, шетаймақ жолдарына да жан біте­тіні бар. Қазіргі күні қала бо­йынша ұзындығы 619 шақырымды құрайтын 766 көше бар. Оның 503,2 ...

    Толығырақ...
  • 19.04.18

    Жақында үйге туыстарымыз келіп, кішкентай бүл­діршіндермен оңаша қалып, бала да болса әңгімеге тарттым. Сөйтіп «Кімге еліктейсіңдер?»  деп  сауал  тастадым. Сонда 8 жастағы інім «Бэтмен», «Өрмекші адам», «Халк», «Темір адам», «Флеш» секілді шетел мульт­фильмдерінің басты кейіпкерлерін тізбектей жөнелді. Арасында бірде-бір қазақ батырл­арының есімі жоқ. Онысымен қоймай, сол кейіпке­рлердің өзіне...

    Толығырақ...
  • 19.04.18

    «Менің байқауымша, сұлу әйелді ит қаппайды. Олай болса­, сұлулықты ит те сезеді». Жазушылық жылнамасында әйел, ана тақырыбына ең көп қалам сілтеген талантты жазушы Ғабит Мүсірепов осылай депті. Иә, сұлулықты кім жақсы­ көрмейді, сұлулық кімге билік жүргізбеген десеңізші? Бота көзді, шие ерінді, үріп ауызға салғандай сұлу! Қыздардың осы сипаты қазір бар ма? Әрине, бар. Бірақ көзін линза арқылы қ...

    Толығырақ...
  • 19.04.18

    Қаржы және қоғам

    - Бұрын бәрін кадр шешкен деседі. Осы рас па, әлде өзгенің бе өсегі?

    - Иә, қазір қоғам емес кешегі, қаржы бәрін шешеді... Қысқартады, кеседі. Өшіреді, өседі... Қаржысы жоқ қасқаның маңдайда соры бес елі.

    - Сонда кадр ешнәрсе шешпей ме?

    - Жоқ, ол да аз-маз шешеді. Қаржың болса қалтаңда,...

    Толығырақ...
  • 19.04.18

    МЫҚ  ШЕГЕ  ҚАЙДА?

    Профессор  Темірбек

    ҚОЖАКЕЕВ  рухына Толығырақ...

Сәуір 2018

Қымбат қазына 10 000 данамен таратылады PDF Print Email
Жаңалықтар - Халық-хабар
24.04.2018 17:44

Бұдан былай жоғары оқу орнының студенттері әлем мойындаған даралардың еңбегімен тыныстайды. Тегін. Әрі өзге тілдегі кітаптарды аударуға да уақыт жұмсамайды. Кітапқұмарлар үшін мұнан асқан жағымды жаңалық жоқ шығар!? Себебі ұсынылған оқулықтар – білім іздеген талаптыға таптырмас құрал. Айта кетейік, Елбасы «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласында 6 үлкен жобаны атап көрсеткен болатын. Соның бірі – «Жаңа гуманитарлық білім: қазақ тіліндегі 100 жаңа оқулық» жобасы. Ал жаңа гуманитарлық білім деп Президент ғылымның 7 бағытын айтты. Олар: философия, әлеуметтану, психология, мәдениеттану, тарих, филология және саясаттану. Бүгінде осы бағыттағы әлемдік деңгейдегі оқулықтарды қазақ тілінде сөйлету жұмыстары басталып та кетті. Сонымен қазақ жастарына арналған 100 оқулық қандай болуы керек? Оған қойылған талаптар турасында былтыр Астанада өткен баспасөз мәслихатында Ұлттық аударма бюросының басшысы Рауан Кенжеханұлы былай деген-ді. «100 оқулықты іріктеу кезінде шартты түрде қойылған талаптардың ішінде бұл оқулық кемінде 3 рет басылған болуы керек деген талап бар. Бірақ біздің аударатын оқулықтарымыздың көбі оннан көп басылып шыққан. Соның негізінде өзінің өміршеңдігін дәлелдеген. Сонымен қатар соңғы басылымы 2014 жылдан кеш болмасын деген талап қойылды. Ондағы ой – қазіргі күнде өзектілігі бар деген көзқарас. Және ең басты талап, әрине, әлемдегі алдыңғы қатарлы оқу орындарының педогогикалық практикасында болуы керек».

Осы талаптарға сақадай сай кітаптар Қызылордаға да келіп жетті. Әзірге 18-і қазақ тіліне аударылған. Қымбат қазынаға баланған кітаптың әрқайсысы 10 000 данамен таралмақ. Бұл жөнінде бүгін өңірлік коммуникациялар қызметінде дінтану ғылымдарының магистрі Әлібек Бақытжанұлы мен экономика ғылымдарының кандидаты Абай Серікұлы ақпарат берді.

-        Еліміз тәуелсіздік алған 25 жыл бойы біз экономикамызды көтеру мақсатында жұмыс істеген болатынбыз. Кейін Елбасының мақаласынан соң гуманитарлық білімге бет бұра бастадық. Себебі біздегі гуманитарлық білім салалары қазіргі әлемдік тенденциялардан қалыс келе жатыр. Сол себепті ең бірінші ретте осы бағыттағы оқулықтар аударыла бастады, - деді дінтану ғылымдарының магистрі Әлібек Жаппасбаев.

Оның айтуынша, философиялық кітаптардан Сократтан бастап Дейлиге дейінгі данышпандар туралы оқуға болады. Сондай-ақ құдайтану баяны, барлық діндегі құдайды тану мәселесін біле аласыз. Ал экономика ғылымдарының кандидаты А.Серікұлы ұсынылған оқулықтарда экономиканың жаңа бағыттары, Батыс ғалымдарының экономика бойынша теориялары жинақталғанын айтты.

Ал кеше Қызылорда педагогикалық колледжінің директоры Б.Сайлыбаев аударылатын 100 оқулық әлемнің 42 елінде, 34 тілде басылып шыққанын, сондай-ақ ол кітаптардың құны өзге елдерде қымбат екенін айтқан болатын. Айталық, профессор Мэнкьюдің «Экономикс» атты оқулығын америкалық студенттер 280 долларға сатып алатын көрінеді. Себебі, бұл деңгейдегі бір оқулықты құрастырып, баспаға дайындау құны 500 мыңнан 3 миллион долларға дейін жетеді екен. Ал біздің елдегі аударылатын 100 кітап кез келген адам үшін қолжетімді болмақ.

Ж.Қойшыбекова

 


Қыздардың құлағындағы сырғасын алдап алатын алаяқ ұсталды PDF Print Email
Жаңалықтар - Халық-хабар
24.04.2018 14:06

2018 жылғы 28 ақпанда жедел тергеу шаралары кезінде қызылордалық полицейлермен мектеп оқушыларының құлағындағы сырғаларын алаяқтық жолмен иемденген 1987 жылы туылған азаматша ұсталды. Ол «мектепте сырға тағуға болмайды» және «құлақта дұрыс тұрмайды» деген желеумен  жасөспірімдердің құлағындағы сырғаларын шешулерін сұрап, білдіртпей сөмкесіне салып, ізін суытып отырған.

Осыған қатысты Қызылорда қаласының ішкі істер басқармасына оқушылардың ата-аналары арызданған. Оның заңға қайшы әрекетінен 6 адам зардап шеккен. Жедел іздеу шаралары барысында заттай айғақтар алынып, алаяқ әйел кінәсін толық мойындаған.

Аталған азаматша Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 190-бабы 3-бөлігімен 1-тармақшасына сәйкес кінәлі деп танылып, сот үкімімен 3 жылға шартты түрде бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды.

Осыған орай, Қызылорда облысы Ішкі істер департаменті ата-аналарға балалармен түсіндірме жұмыстарын жүргізу қажеттігін ескертіп, бөтен адамдармен сөйлескенде сақтық шараларын сақтау қажеттігін баса көрсетеді.

Қызылорда ОІІД баспасөз қызметі

 


Бас имам бас мүфтидің бастамасын жеткізді PDF Print Email
Жаңалықтар - Халық-хабар
24.04.2018 10:04

Кеше ҚМДБ-ның Қызылорда облысы бойынша өкілі, орталық «Ақмешіт-Сырдария» мешітінің бас имамы Б.Абуов жұмыс сапарымен Жалағаш ауданында болды. Алдымен аудандық тарихи-өлкетану музейінің экспозициясымен танысқан Болатбек Ұласқанұлы кенттегі Мәдениет және өнерді дамыту орталығында аудандағы мешіт имамдарымен кездесті. Кездесуде жиынға қатысушы дін қызметкерлерін Бас мүфти Серікбай қажы Сатыбалдыұлының «Өзгеруді өзіңнен баста!» бастамасы аясында жамағатқа үлгі болуға шақырды. Кездесуде өзекті мәселелер талқыланып, мазмұнды тақырыптар төңірегінде әңгіме өрбіді. Имамдар тарапынан қойылған сұрақтарға тұшымды жауап берілді.

Кездесуден соң бас имам аудандық «Иманқұл» мешіті мен мешіт жанынан жаңадан салынып жатқан асхана құрылысының жұмысымен танысып, игі бастамаларға мұрындық болған азаматтарға алғысын білдіріп, қызметтеріне сәттілік тіледі.

Жалағаш ауданы ішкі саясат бөлімі

 


ЖАҢА ОҚУЛЫҚТАР – БІЛІМНІҢ ҚАЙНАР БҰЛАҒЫ PDF Print Email
Жаңалықтар - Халық-хабар
24.04.2018 09:58

Кеше Өңірлік коммуникациялар қызметінде «100 жаңа оқулық» жобасы аясында қазақ тіліне аударылған кітаптардың білім беру процесінде алатын орны туралы баспасөз конференциясы өтті. Оған Қызылорда педагогикалық жоғары колледжінің директоры Бақытжан Сайлыбаев және Абылайхан атындағы жоғары колледж директоры Руслан Дүлдүл қатысты.

Елбасының "Рухани жаңғыру" бағдарламасы аясында жүзеге асырылған "100 жаңа оқулық" жобасының алғашқы нәтижесі ретінде 18 оқулық қазақ тіліне аударылды.

Жоба шеңберінде 800-ден аса оқулықтың тізімі жасалынды. «Ұлттық аударма бюросы» алдыңғы қатарлы жоғары оқу орындарымен бірлесе отырып, алғашқы 18 оқулықты аударды. Бұл кітаптардың әрқайсысы 10 000 дана таралыммен басылып, еліміздегі оқу орындарына тегін таратылмақ.

"Аударылған  оқулықтарды таңдауда алдымен, оқулық дүниежүзіндегі алдыңғы қатарлы 100 университеттің бағдарламысында болуы, екіншіден, бұл оқулықтар кемінде үш рет баспа жүзін көруі тиіс болған. Ал таңдап алынған оқулықтардың алды он рет қайта басылып шыққан екен. Үшіншіден, соңғы үш жылда оқулық студенттер үшін де, оқытушы мамандарға да қажетті, таптырмас оқу құралы болуы керек. Демек заманауи талаптарға сай болмаса, ол оқулықтың қажеті шамалы деген сөз. Сондықтан, аударылып жатқан жаңа оқулықтар білімнің нағыз энциклопедиясы болып саналады",-деді Қызылорда педагогикалық жоғары колледжінің директоры Бақытжан Сайлыбаев.

Ал, Абылайхан атындағы жоғары колледж директоры Руслан Дүлдүл жобаның 3 артықшылығы бар деп мәлімдеді.

«Жобаның 3 артықшылығы бар, біріншіден, қазақ мектептерінде аударма ісін дамыту. Екіншіден, жоғары және орта арнаулы оқу орындарында білім беруді жаңғырту. Үшіншіден, қазақ әдебиеті ғылымын байыту», - деді ол.

Өңірлік коммуникациялар қызметі

 


1560 қызылордалық «Бизнес кеңесші» оқу курсын оқуға ниетті PDF Print Email
Жаңалықтар - Халық-хабар
24.04.2018 09:53

Қызылордада «Бизнес кеңесші» оқу курсы үлкен сұранысқа ие. Жыл өткен сайын аталмыш курсты оқуға қызығушылық танытушылардың қатары артып келеді.

Мәселен, Кәсіпкерлер палатасының бизнес-тренерлері жыл басынан бері 804 қызылордалықты (оның ішінде 389-ы – грантқа қатысу үшін оқығандар) «Бизнес кеңесші» курсы аясында оқытқан болса, әлі де 1560 азамат кезекте тұр.

Аталмыш курс аясында оқып, кәсібін жетілдірген азаматтың бірі – Ермек Жақатаев.

Мал шаруашылығымен ерте айналысқан ол халқымыздың «мал баққанға бітеді» деген тәмсілін санасына жастайынан сіңіріп өскен. Ерінбей еңбек етсе, кәсіптің қиындығы болмайтынын білетін кәсіп иесі мал бордақылаумен айналысуды ұйғарады. Өз ойын жүзеге асыру үшін облыстық кәсіпкерлер палатасына жүгініп, бизнес біліктілігін де шыңдайды. Осылайша «Береке» бағдарламасы арқылы 4 млн. теңге несиеге қол жеткізеді.

«Біз бұрыннан мал ұстап келеміз. Жаңа бағдарлама шығып жатыр дегенді естіп, Кәсіпкерлер палатасына барып, мамандарынан кеңес алдым. Екі күндік «Бизнес кеңесші» оқуын оқыдым. Содан кейін мемлекеттік бағдарлама аясындағы 4 млн. теңге несиеге алынған малды қыс бойы бағып, бордақылап, сойып саттық. Кейіннен малдың басын көбейтсек деген мақсатпен сиырларды алдық. Қазір бұл сиырларымыз да төлдеп жатыр», - дейді кәсіпкер Ермек Жақатаев.

Алған несиеге баспақтарын алып, қорасын салып, жем-шөбін түсіреді. Кәсіпкердің қыс бойы бордақылап баққан баспақтарының күйі жақсы, қоңды. Енді алушы табылса, сатып, қаражатқа айналдырмақ. Одан бөлек қорасында сауын сиыры да бар. Күнделікті сауып, сүтін ішеді, артылғанын сатады. Отбасылық бизнес болғандықтан оның жемін беру, шөбін салып, астын тазалауды отбасы мүшелері бірлесіп атқарады. Кәсіпкер енді жылқы байлап, бие сауып, айналасындағыларды саумалмен де қамтамасыз еткісі келеді.

Қызылорда облысы

кәсіпкерлер палатасының баспасөз қызметі

 


Арнайы мониторингтік топ ғарышкерлер музейі мен Қорқыт ата мемориалдық кешеніне барды PDF Print Email
Жаңалықтар - Халық-хабар
24.04.2018 09:49

Қазақстан Республикасының Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің бастамасымен құрылған республикалық арнайы мониторингтік топ Қызылорда облысындағы жұмыс сапары аясында ағымдағы жылғы 21 сәуір күні ғарышкерлер қаласында "Байқоңыр космодромының тарихы" музейінде және "Қорқыт ата" мемориалдық кешенінде болды.

Республикалық топ мүшелері Байқоңыр космодромының тарихымен танысып, ғарышты игеру жолындағы адамзаттың жеткен жетістіктеріне қанықты. Одан кейін Қармақшы ауданының аумағында орналасқан "Қорқыт ата" мемориалдық кешеніне арнайы ат басын бұрды.

Арнайы топ мүшелері мемориалдық кешенді толық тамашалап, бүкіл түркі жұртына ортақ ойшылы, қобызшы Қорқыт атаның ұрпаққа қалдырған жәдігерлерімен танысты.

Қазақстан Республикасының Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің бастамасымен құрылған арнайы мониторингтік топ Қармақшы ауданында да жұмыс істейді. Қазіргі таңда арнайы мониторингтік топқа үкіметтік емес ұйым өкілдері, мәслихат депутаттары, қоғамдық бірлестіктердің өкілдері мүшелікке кіреді. Қармақшы ауданы бойынша арнайы мониторингтік топ басшысы болып Әбдірахман Құлдүйсенов сайланған. Аудан көлемінде сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл мәселелері бойынша азаматтық бастамалар кеңесі тұрақты өткізіліп тұрады.

Қармақшы ауданы әкімінің баспасөз қызметі

 


Миллионға – мүмкіндік PDF Print Email
Жаңалықтар - Халық-хабар
24.04.2018 09:47

Себепсіз сенделіп, есепсіз ерігіп жүрген жастар қай күні болмасын, бір бәлеге ұрынатыны белгілі. Соқталдай жігіттердің таңды атырып, кешті батырып жүргендері қаншама? Әлгі әзілкештер айтатын «таза ауаның директоры» дегендей. Қайран, босқа кеткен есіл уақыт! «Мемлекет маған жұмыс тауып беруі керек» деген масылдық сананың дәуірі әлдеқашан өтті. Тырбанып тірлік етпесең, біреуге өкпелеуің орынсыз.

Жақында ҚР Білім және ғылым министрлігі мен Дүниежүзілік банк бірлесіп ауқымды жобаны қолға алыпты. Күйіп, шамыңа тиіп тұрған мәселені шешудің бұл да бір жол іспетті. Жобаның жөн-жоралғысы былай. Оқу оқымайтын, жұмыс істемейтін яки табысы төмен жастарға бақандай бір миллион теңгеге дейін грант алуға мүмкіндік берілмек. Білікті бизнесмендер «қазір ақшасы бар адамдар емес, идеясы мол адамдар бай» дейді. Рас. Бұл жобаға да керегі осы. Тың идеясы бар, бірақ оны жүзеге асыруға қаражаты жеткіліксіз болып жүрген жастарға керек-ақ. Бұған 14 пен 29 жас аралығындағы кез келген қыз-жігіттер қатыса алады. Тек алға қойған жоспарыңыз жүйелі, жауапкершілігіңіз жоғары болса жеткілікті. Өйткені, мемлекет «сауын сиыр» емес. 20 мамыр мен 20 маусым аралығында гранттық конкурсқа қатысуға құжаттар қабылданады. Ал іріктеу 21 маусым мен 21 шілде аралығындаөткізіледі.

Жобаның барлық қатысушылары 60 000 теңге (ЖОО-ның түлектері) және 40 000 теңге (қалған қатысушылар) мөлшерінде ай сайынғы шәкіртақы алады. Олар өмірлік маңызы бар дағдылар және жобаларды басқару бағдарламасына оқытудан өтеді және менторлардың қолдауын алады, - деді облыстық жастар саясаты мәселелері басқармасының басшысы Еркебұлан Меңлібаев.

Осы жобаны орындаушы Үйлестіру агенттігінің басшысы Вера Кимнің сөзінше, мұндай мүмкіндік жастарға зор сенім жүктейді. Сондай-ақ, грант бөлу кезінде идеясы мықты, бірақ жұмыс істемейтін және оқуда жоқ жастарға басымдық берілмек.

Халық-хабар

 


ҚАЛАМЫЗДА ЭЛЕКТРОНДЫ БИЛЕТ ЖҮЙЕСІ ЕНГІЗІЛДІ PDF Print Email
Жаңалықтар - Халық-хабар
24.04.2018 09:37

Қызылорда тұрғындары енді қоғамдық көліктерге жолақыны электронды билет арқылы төлей алады. Бұл бір қарағанда сізге қиындық тудыратындай көрінгенімен, мұның аса күрделі емес екенін байқау оп-оңай. Оңай демекші, бұған дейін еліміздің кейбір аймағында енгізілген “Оңай” жүйесі халықтың көңілінен толық шықпаған болатын. Уақытында сан мәрте сыналып, қолайсыздығы әңгімеге арқау болғаны тағы бар. Ал, Сыр елінде жүзеге асқан жобаны “iPay” компаниясының “OyBy” мобильді базасы іске қосты. Аталмыш жоба Қазақстандағы цифрландыру бағдарламасының шеңберінде жұмысын бастап отыр. Ең бірінші, “OyBy” электронды платформасын орнату жұмыстарына бюджеттен ешқандай қаражат қаралмағанын айта кетейік.

- Бұл – қызмет көрсету ауқымын кеңейтудің бірден-бір жолы. Жобаны басқа инвесторлардың қаржыландыруынсыз жүргіздік. Барлық шығын өз компаниямыздың қаражатынан өтелді. Алайда жобамыздың алға жылжуына инвестор іздеу жоспарымызда бар. Төлемдер кондуктор арқылы бақыланып, тікелей автобус паркіндегі экрандар арқылы сол мезетте көрінеді. Еліміз бойынша жаңа жүйені Қызылордадан бастап отырмыз, - деді “iPay” компаниясының директоры Алмас Әйменов.

Енді қызмет нақты қалай жүзеге асатынына тоқталсақ. Электронды жүйенің жұмысы тым қарапайым. Қызметті смартфоны бар кез келген жолаушы пайдалана алады. Ол үшін телефоныңызға “OyBy” мобильді қосымшасын енгізуіңіз керек. Одан соң қосымша арқылы осы “QR” кодын сканерлеп, жолақыңызды ұялы телефон бірлігімен немесе кез келген банк картасы арқылы төлей аласыз. Автобус салонының қолжетімді жерлерінде орналастырылған “QR” кодтарын пайдалану арқылы жолақысын төлеу комиссиясыз жүргізіледі. Ағымдағы жүйе қолданыстағы жолақысын төлеу жүйесінен тәуелсіз. Электронды жүйеде қолма-қол ақшасыз қаржы аударымдары айқын және процеске қатысушылардың тексеруіне қолжетімді.

Жаңа жоба жайында Қызылорда қалалық коммуналдық шаруашылық және жолаушылар көлігі бөлімінің маманы Алтынбек Сатжановтың да пікірін білген едік.

- Көлеңкелі бизнестің алдын алу мақсатында, сосын түсімнің тікелей автобус паркіне түсуіне және салықтың базалық кірісті арттыру мақсатында жасап отырмыз. Цифрландыру бағдарламасы аясындағы бұл бастаманың игілігін алдағы уақытта басқа да аймақтар көруі мүмкін, - дейді ол.

Қоғамдық көліктерде жолақысын электронды жүйе арқылы төлеу үшін осы жылдың наурыз айында “Қызылорда автобус паркінде” бағдарламалық өнімнің функцияларын егжей-тегжейлі таныстыру жүргізілген болатын.

- “OyBy” бағдарламасы өте ыңғайлы екен. Қалтаңда ақша жүру міндетті емес. Смартфоныңыз немесе банк картасы болса жеткілікті. Автобус паркінің басшылығы да электронды жолақының пайдасы көп дейді. Айтуларынша, осы жобаның арқасында кондукторлардың жұмысы жеңілдейді әрі жолаушылардың қолма-қол ақшасын қалтаға басу фактісі азаяды, - дейді қала тұрғыны Аслан Байұлов.

Бүгінде қаладағы 112 автобусқа “QR” кодтары орнатылып үлгерді. Ал, алдағы уақытта бұл кодтар автобус паркіне тиесілі барлық автобус салондарына ілінбек. Сол секілді смартфонсыз жолаушылар үшін жолақыны қолма-қол төлеу жүйесі де қалдырылады. Жобаны жүзеге асырып жатқан “iPay” компаниясы басшылығы еліміздегі жолақыны төлеудің электронды жүйесін алғаш болып Қызылорда қаласынан бастап отырғандарын айтады. Яғни, бұл компанияның қаламыздың 200 жылдығына жасаған ерекше тартуы болмақ.

Рыскелді  ЖАХМАН

 


Есірткі затын заңсыз сатқан азамат құрықталды PDF Print Email
Жаңалықтар - Халық-хабар
23.04.2018 17:32

2018 жылдың 1 ақпан күні сағат 17.00 шамасында Қызылорда қаласы, Астана мөлтек ауданында жедел іс-шаралар барысында Қызылорда облысы ІІД Есірткі бизнесіне қарсы күрес басқармасының қызметкерлері есірткі затын заңсыз сатқан, тұрақты жұмысы жоқ 27 жастағы азаматты ұстады.

Ұсталған азаматтың қалтасынан 2 дана газетке оралған ерекше иісі бар жасыл түсті шөпке ұқсас зат анықталып, алынды. Алынған заттарға сараптама тағайындалып, қорытындысы бойынша салмағы 6,07 грамды құрайтын «кептірілген марихуана» екені дәлелденді.

Аталған азамат Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 297-бабы 1-бөлігімен (есірткі заттарды, сол тектестерді өткізу мақсатында заңсыз дайындау, сақтау) кінәлі деп танылып, сот үкімімен мүлкі тәркілене отырып 5 жылға бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды.

Қызылорда ҚІІБ баспасөз қызметі

 


ҚЫЗЫЛОРДА ОБЛЫСЫНДА СУ ТАСҚЫНЫ МАУСЫМЫ ҚОРЫТЫНДЫЛАНДЫ PDF Print Email
Жаңалықтар - Халық-хабар
23.04.2018 16:40

Қызылордада 2017-2018 жылдардың қыс-көктем айларындағы су тасқыны кезеңінің қорытындысы бойынша мәжіліс өтті.

Мәжілісті ашқан облыс әкімі Қ.Көшербаев су тасқыны маусымында жауапты тұлғалардың өзара үйлескен жұмысының арқасында адам шығыны болмай, тұрғын үйлерге зақым келтірілмегендігін атап өтті. Су тасқынына қарсы дайындық шараларын тиісті деңгейде ұйымдастырып, атқара білген жауапты ұйым қызметкерлері мен еріктілер жасақ мүшелері, барлығы 18 адам, аймақ басшысының алғыс хатымен марапатталды.

Су тасқыны кезеңінің өту қорытындысы туралы  облыстық жұмылдыру дайындығы басқармасы басшысының міндетін атқарушы Ғабит Жаңабаев баяндама жасады. Оның айтуынша, өзен арнасындағы мұздың жүруі ағымдағы жылдың ақпан айының 26-сынан басталып, сәуірдің 1-не  аяқталды. Көктем-қыс мезгілінде бірнеше мәрте өзен суы арнадан шығып, жайылу оқиғалары орын алды, дегенмен, айтарлықтай шығын келтірмеді. Су тасқыны маусымы барысында жауапты ұйымдар тұрақты түрде  өзен бойында мониторинг жүргізіп, төтенше жағдайлардың алдын алу мақсатында арнайы техникаларды жұмылдырды. Алайда, осы кезеңде аудан әкімдіктерінде  су сорып тазалау жұмыстарына қажетті  арнайы техникалардың (мотопомпалар) жетіспейтіндігі белгілі болды. Осы орайда  жұмылдыру дайындығы басқармасы Қызылорда қаласы мен барлық аудан әкімдіктеріне өз бюджеттерінен қаржы бөліп, қажетті көлемдегі мотопомпалар сатып алу туралы ұсыныс айтты.

Жауапты департамент пен мекемелердің басшылары және аудан әкімдері жүргізілген жұмыстар туралы баяндады.

«Биылғы мұз жүру жағдайын аса көп шығынсыз өткіздік. Бұл Сырдария өзені бойындағы су шаруашылығы нысандары атқарған жұмыстардың нәтижесі десек те болады. Алайда, босаңсуға болмайды. Төтенше жағдайлардың алдын алу шараларын тұрақты түрде жүргізуіміз қажет», - деді облыс әкімі.

Мәжіліс қорытындысы бойынша аймақ басшысы аудан әкімдері мен мемлекеттік орган басшыларына келесі су тасқыны маусымына дейін өзен бойында қауіпті аймақтарды анықтап, қалпына келтіру жұмыстары мен  су шаруашылығы нысандарын жөндеуді және өзге де қауіпсіздік шараларын қолға алуды тапсырды.

Облыс әкімінің баспасөз қызметі

 



<< Бірінші < Алдыңғы 1 2 3 4 5 6 7 8 9 10 Келесі > Соңы >>

Күнтізбе

< Сәуір 2018 >
            1
2 3 4 5 6 7 8
9 10 11 12 13 14 15
16 17 18 19 20 21 22
23 24 25 26 27 28 29
30            

Сауалнама

Аса мәртебелі шенеуніктердің қылмысқа шатылып жатқандығы нені аңғартады?
 

Ауа райы

Валюта бағамы

Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі валюталардың ресми бағамдары