Өзекті мәселелер

  • 11.10.18

    Облыстық прокуратура әкімшілік істер бо­йынша қабылданған шешімдерді зерделеу барысында полиция қызметкерінің әкімшілік өндіріс материалдарын бұрмалау фактісін  анықтады.

    Нақтырақ айтатын болсақ, жергілікті полиция қызметінің полицейі Д.Амангелдіұлы қызметтік автокөлікпен кезекшілікте жүрген кезін­де қаладағы дүкендердің бірінің тұсында тоқтап тұрған «Hyunday Accent» маркалы авто­көлігі...

    Толығырақ...
  • 11.10.18

    КӘСІПКЕРЛІК –  ЖЕТЕКШІ   КҮШ

    Еліміздегі басты саяси құжаттардың қатарында «Қазақстан – 2050» страте­гиясы да бар. Ұзақ мерзімді дамуды бекіткен бұл стратегияда айтылған міндеттерді жүзеге асыру үшін орта мер­зімді кезеңге арналған мемлекеттің 2025 жылға дейінгі жоспарлау құжаты да айналымда. Бұл құжаттың басты мақсаттарының қатарында жеделдет...

    Толығырақ...
  • 11.10.18

    Жат діни ағымға еріп, адасу Әселдің жастық ғұмырының біршама жылдарын жалмады. Бойжеткен өміріне жағымды өзгеріс енетініне сенген. Дәл сол сенімнің «арқасында» ә дегеннен ештеңе түсіне алмады. Мұнысын жастыққа жарасатын аңғалдық дерсіз. Уақыт өте келе өзінің және жұбайының «роботқа» айналып бара жатқанын сезген ол көңіліндегі күмәнмен арпалысты. Рухани дертке ұшыра...

    Толығырақ...
  • 11.10.18

    Бауырлас он екі мүше,

    Бір анадан туғанмен,

    Әрекеттері әртүрлі...

    Бас – ақшаға тартып,

    Аяқ – басқаға тартып,

    Әуреге салды әркімді...

    ...
    Толығырақ...
  • 11.10.18

    Елуде еді өз жасым,

    Тыйылмады көз жасым...

    Жұмыс іздеп шығып ем,

    Киім-кешек тозғасын...

    ...
    Толығырақ...
Сәуір 2018

ЕКІ АЙ БОЙЫ АДАМ КӨП ШОҒЫРЛАНҒАН НЫСАНДАРДЫҢ ӨРТ ҚАУІПСІЗДІГІ ТЕКСЕРІЛЕДІ PDF Print Email
Жаңалықтар - Халық-хабар
03.04.2018 09:31

Бұл туралы кеше өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз конференциясында төтенше жағдайлар департаментінің бастығы Омар Бержанов мәлімдеді.

Тұрғындар көп жиналатын орындар, 15 сауда үйі, оның ішінде "Жібек жолы" ойын-сауық орталығы, "Мұз айдыны" спорт кешені, "Арай" спорт-сауықтыру кешені және базарлардағы өртке қарсы қауіпсіздіктің сақталуына жоспардан тыс тексеру жүргізілмек.

Сонымен қатар, облыстағы 300-ден астам жеке балабақша да тексеріледі. Оқыс оқиға орын алғанда шаралардың дайындығы пысықталады. Отқа тез жануға бейім құрылыс материалдары, жоғары қабатта орналасқан ойын-сауық алаңдарының орналасуының да заңдылығына толық тексеру жүргізіледі. Өткен жылы осы нысандарды тексеру  кезінде 86 өрт қауіпсіздігі талаптарының бұзылғандығы анықталған еді. Төтенше жағдайлар департаментінің бастығы Омар Бержановтың айтуынша, жоспардан тыс тексеру 2 ай уақытқа созылмақ.

Сондай-ақ, қалада 20 наурыздан бастап тазалық айлығы басталды. Осыған орай, тұрғындар тарапынан өрт қауіпсіздігіне немқұрайлы қарамау қажеттігі ескертілді.

"20 наурыздан бүгінге дейін 52 рет өрт сөндірушіге дабыл қағылған. Оның 7-еуі өрт болса, 45 өртке жатпайтын жану орын алған. Қураған шөптерді өртеудің соңы жалынға ұласқан. Желдің күшті болуынан тіптен қора, одан қалды, 2 автокөлік өртенген. Сенбілікке шыққандар шөпті өртегенде мұқият болса дейміз", - деді О. Бержанов.

Өңірлік коммуникациялар қызметі

 


Бәсі биік би бәсекесі PDF Print Email
Жаңалықтар - Халық-хабар
02.04.2018 16:16

Адамдардың мінез-құлқын, ішкі жан дүниесін, әрекетін көрсететін таза ырғақтың көрінісі. Бұл – Аристотельдің би туралы түйгені. Көне заманнан күні бүгінге дейін жеткен би өнерінің қазір де беделі биік. Сұлулықпен астасқан саф өнерге деген құрмет ерекше.

Кеше Астана қаласының 20 жылдығы, Қызылорда қаласының 200 жылдық мерекесіне арналған облыс әкімінің кубогы үшін «Qyzylorda open – 2018» атты халықаралық балдық би турнирі өтті. Бұл жолғы би додасы бұрынғыдан өзгерек. Әрі ауқымдылығымен есте қалды. Бишілердің өнерін 5 елден келген өнер майталмандары бағалады. Бас әділ қазы Ресей елінен келген Мария Кривко болса, қалғандары Қазақстан, Белоруссия, Украина, Өзбекстан елінің би өнеріндегі үздіктері. Бірінші турға 92 адам қатысты. Бірі-бірінен өтетін мың бұралған бишілер Латынамерика, Еуропа билері, ча-ча-ча, санба, вальс түрі бойынша бақ сынасты. Нәтижесінде қатысушылар 150 марапатқа ие болды. Балалар мен жасөспірімдер арасында өткен алғашқы турдан оза шыққан 18 қатысушы алтын медаль ұтып алды. Ал 17 адам күміс медальды иеленсе, 13-іне қола бұйырды. Марапатталған бишілердің қатарында қызылордалық «Алекс» би мектебінің шәкірттері де бар. Би сайысының екінші кезеңінде 138 талапкер өнер көрсетіп, 34 алтын медаль иегерлері анықталды. Оның ішінде Тараз қаласынан келгені – 7, Қызылордадан – 13, Ташкенттен – 3, Астанадан – 4, Шымкенттен – 6, Қарағандыдан – 1. Ал күміс медаль 47 қатысушыға лайық деп танылса, қола медальды 20 талапкер еншіледі. Осылайша таң ата басталған халықаралық би турнирі түс ауа өз жалғасын тапты. Үшінші бөлімде қарсыластарынан оқ бойы оза шауып алтын белгіні 5 қатысушы қанжығасына байлады. Олар: тараздық А.Саттыбаева, қызылордалық А.Бақытжан, қарағандылық С.Богатеева, Р.Бонет және Ташкенттен келген А.Чепикова. Ал күміс медальді қоржынға салғандар саны – алтау. Оның бесеуін шымкенттік бишілер иеленсе, қалған біреуін қызылордалық өнерпаз ұтып алды. Шымкенттік Я.Халқожаева, А.Смирнова, тараздық Е.Гаража және қызылордалық Д.Жандосқызы қола медаль алды.

Соңғы төртінші кезеңіне облыс әкімінің орынбасары Р.Рүстемов келіп, жиылған жұртшылықты Елордамыздың 20 жылдық, Қызылорда қаласының 200 жылдық мерейтойымен құттықтады. Облыс әкімінің кубогы үшін ұйымдастырылған би сайысында талапкерлерге сәттілік тілеп, жүрекжарды лебізін жеткізді. Турнирдің «Ювеналы – 1 Латина» ІV кезеңінен 12 қатысушы алтын медаль ұтса, 12-сі күміс медаль алды. Ал қола медальды 8 үміткер қанағат тұтты.

Осылайша Сырдың төрінде өткен халықаралық би турнирі діттеген межесіне жетті. Әр мемлекеттен келген бишілер қабілет-қарымын көрермендерге, қазылар алқасына барынша көрсете білді. Шығармашылығымызға эмоциялық серпін беретін бұл өнерге қызығушылар саны осы турнирден кейін арта түспесе, кемімейтіні анық. Бишілердің әрбір қимыл-қозғалысы, бидің «мінезін» ашуы сұлулықты байқай алатын кез келген адамды бей жай қалдырған жоқ. Қайта рухани тынысының ашылуына оң әсер еткендей.

Ж.Қойшыбекова,

Н.Нұржаубай (сурет)

 


Қазалым менің, осындай! PDF Print Email
Жаңалықтар - Халық-хабар
02.04.2018 11:30

Сүйікті өлкем Қазалы,

Қайнаған тірлік қазаны.

Көгінен иман төгілген,

Айтылып асқақ азаны.

Астығы толқып теңіздей,

Жинаған диқан көз ілмей.

Тулаған көлде балығы,

Киттің тура өзіндей.

Жайнаған сауда, базары,

Көрікті, қандай ажары.

Мекені қылған ғасырдан,

Сан ұлт, қалың қазағы.

Ежелден мәлім Сұлутам,

Көргендер қалған, болып таң.

Ордасы дейді Қазалы,

Әбілхайыр, дана хан!

Жырлайын тағы толғанып,

Сәл кішкене, ойланып.

Жанқожадай өр бабам,

Әз әулие, шын алып.

Күн туғанда еліне,

Жауға шапқан еміне.

Он жетіде Тықыны,

Түсірген бабам көріне.

Айтайын тағы ерімді,

Қорғаған байтақ жерімді.

Үрмәш атты боздағым,

Біз үшін жерге көмілді.

Төгейін жырды тосылмай,

Бар қазақ менің досымдай.

Құлағың сал, ей ғалам,

Қазалым менің, осындай!

Жұмабек Табынбаев,

Қазалы ауданы

 


Елім деген ерлерге PDF Print Email
Жаңалықтар - Халық-хабар
02.04.2018 11:30

Астана қаласында тұратын қазалылықтар Ұлыстың Ұлы күнінде Әзірет Сұлтан мешітінде жиналып, бабалар рухына арнап ас беріп, тұрмысы төмен отбасыларына қолдау жасады. Осынау игілікті іске Қаршыға Жұмабаев бастаған бір топ азаматтар бастамашы болды.

Басылым  бетінен

Қаршеке, жақсымысыз, асыл аға?!

Отбасы, аман-сау ма, бала-шаға.

Ұлыстың ұлы күні құтты болып,

Әкелсін мол бақытты жылың жаңа.

Есен бе, Астанада туыс-жерлес?!

Ер жігіт, жақсыларды сірә, бөлмес.

Десе де, жырақ жүрген ағайынға,

Ешбір жер, Қазалыға келмес теңдес.

Сауабын жазсын Алла, істің игі,

Деген бар, мейірімдіні Тәңірі сүйді.

Тарады жылы хабар туған елде,

«Мешітке өңшең өрен көпті жиды.

Еске алды, батыр туған бабаларды,

Ас беріп, құрбандыққа шалып малды.

Көмекке мұқтаж жанға қолын созып,

Жасады елге үлгі, шара мәнді».

Сүйсінді ауыл-аймақ, құрдас-құрбың,

Оқ бойы өзгелерден озып тұрдың.

Ағасы топ бастаса қалыс қалмай,

Айналдым атасынан, ерген ұлдың.

Тілекші Тұран өлкең, қалың қауым,

Болсыншы дәйім биік, шығар тауың.

Пейілі кең даладай, шалқып жатқан,

Ұлының қайтармасын Алла бағын!

Жұмабек Табынбаев,

Қазалы ауданы,

Жанқожа батыр ауылы

 


Шуақты шаңырақтың шаттығы PDF Print Email
Жаңалықтар - Халық-хабар
02.04.2018 10:04

Жырақта жүрген жерлестер

Бәрі де күтпеген жерден өрбіді. Әрбір тұрақты жұмысы бар адамның жылына бір мәрте берілетін еңбек демалысын тағатсыздана тосатыны баршаға ортақ жайт. Оны айтасыз, сол тынығу күндеріңді ұтырлы пайдалануға тырысып, алдын ала түрлі жоспар жасап қоятынымыз тағы бар. Осындай сәтті кезеңде Орал қаласына жолымыз түскен болатын. Құдамыздың жалғыз қызы тұрмысқа шығып, отбасымызбен қыз ұзату тойына барғанбыз. «Той – Алланың қазынасы, мал – баланың шашуы» деп ұғатын қазекеңнің дарқан пейілі қытымыр қыстың ызғарының өзін жұмсартып жібергендей. Той өте жоғары деңгейде өтті. Асаба жігіт те ділмарлығының үстіне «сегіз қырлы, бір сырлы» дейтіндей өнерлі жан екен. Әрбір тілек айтушыны мақтауын келістіре жеткізіп, сөз кезегін ұсынып жатыр. «Жақсы сөз - жарым ырыс» демекші бәрі де мәре-сәре. Кезек маған келгенде әлгіндей қошеметтен соң «Сыр өңірінен, қасиетті Қазалы жерінен арнайы келген құдамыз!» деп көпшілікке таныстырып өтті. Той иелеріне, екі жасқа ақ тілегімізді білдіріп, сыйлығымызды тапсырдық.

Үзіліс кезінде жаныма келген жастау келіншек «Ағай, сіз Қазалыдан екенсіз ғой. Мен Алматы облысынан келген құдаша боламын. Менің өзім үлгі тұтатын, көпшілікке аса сыйлы әрі жақсы танымал Ғалия Жұмабайқызы деген бір апайым бар. Ол кісі де Қазалының тумасы. Айтпақшы, менде екеуміздің түскен суретіміз болуы керек» деп ұялы телефонынан бірнеше адам түскен суретті көрсетті. Мына қызықты қараңыз. Орта тұста, жылы жымиып тұрған әдеміше жүзді әйел көзіме отттай басылды. Иә, бұл менің ауылдасым әрі кластасым Ғалия Жұмабаева (қазір жолдасының тегіне өткендіктен Әліпбаева екенін жаңа танысымнан естідім) болатын. Өзіне жақын адам менің де жақсы танысым болғандықтан шығар, алматылық құдаша да Ғалия туралы жақсы пікірін білдіруден жалықпады. Менің де кеудемді мақтаныш сезімі кернеді. Олай болмағанда ше?! Мен Ғалияны мектеп бітіргелі кездестірмеген едім. Арада тура 40 жылға қадам басыпты. Осы аралықта кешегі сыпайы мінезді, оқуға алғыр, көрікті, ақ бантикті балауса бойжеткен салиқалы да білікті басшы, үлгілі отанасы, аяулы жар, ардақты әже, оған қоса аудандық аналар кеңесінің төрайымы, ҚР денсаулық сақтау ісінің үздігі атанса, қалайша масаттанбассың?! Ғалияға менен сәлем айтуын өтініп, алматылық құдашамен жылы қоштастық.

Арада күндер өтті. Бірде құдаша қалдырған телефон номері бойынша құрдасыма қоңырау шалдым. Тұтқаның арғы жағынан Ғалияның байсалды, құлаққа жағымды дауысы естілгенде, «Адамның мінез-құлқын сөйлеу мәнерінен, үнінен ажыратуға болады» деген даналық сөз есіме түсті.

Аз-кем тілдесу барысында «Е-е, құрдасым, сол баяғы ақ көңіл мінезің екен. Осыншама атақ, ұзақ жылғы лауазымды (өмірде сәл қызметі көтерілсе, бағыныштыларын адамға санамайтын дүмбілездер аз ба?!) қызмет, түзу тұрмыс ежелгі қарапайым дағдыңды өзгерте алмаған сынды. Бұл қасиет саған берген әуелі Алланың сыйы. Мұнан соң асқан мейірімді жан, анаң Ақбала апамның, ауыл-аймаққа өте сыйлы, өзің «бапа» деп атайтын сырбаз азамат Қаршыға бауырыңның тағылым-тәрбиесінің жемісі де. Бар бол, кластасым!» деп іштей тебіренгенімді несіне жасырайын?!

Әліпбаева Ғалия Жұмабайқызы бүгінгі таңда Алматы облысы, Балқаш аудандық коғамдық денсаулық сақтау басқармасының басшысы қызметін атқарады. Әрі бұл лауазымға кездейсоқ келген адам емес. Осы мекемеде жұмыс істегеніне биыл 34 жылға қадам басты. Өз кәсібінің қыр-сырын терең меңгерген, нағыз майталман маман. Ал ұжым тізгінін ұстағалы да біршама уақыт болды. Шүкір, бедел-абыройсыз емес. Сондай-ақ қоғамдық негізде аудандағы аналар кеңесінің төрайымы. Жолдасы Айдар Әліпбаев болса, Бақанас обаға карсы күрес бөлімінің басшысы. Балқаш аудандық мәслихаты депутаты, яғни халық қалаулысы. Ғалия да, Айдар да ҚР денсаулық сақтау саласының үздігі. Қос үздік бауырынан өрбіген қызы мен ұлдарынан немерелер сүйіп отырған бақытты ата-әже. Перзенттері де жоғары білімді, парасатты жандар. Әрқайсысы өз саласының дарабоздары. Айтпақшы, Әліпбаевтардың жанұясы сәл уақыт бұрын облыс орталығында өткен «Үлгілі отбасы» байқауына аудан атынан қатысып, облыс әкімнің марапатын иеленген болатын. Шаңырақтарыңыз шаттыққа толсын!

Жұмабек Табынбаев,

Қазақстан Журналистер Одағы сыйлығының лауреаты,

Қазалы ауданы

 


Қазалыдағы тігін кәсібін дамытқандар PDF Print Email
Жаңалықтар - Халық-хабар
02.04.2018 09:59

Кәсіпкерлікке  кең  өріс

Елімізде шағын және орта кәсіпкерлікті қолдауға мемлекет тарапынан зор қамқорлық жасалып жатқаны, несие алуға, әсіресе ауыл тұрғындарына қомақты қаржы бөлінетіні, әрі заңды жолымен ешқандай кідіріссіз берілетіні, осындай игі қадамдар Сыр өңірінде де жиі кездесетіні талай мәрте айтылып, жазылып жүр. Оған қоса ағымдағы жыл облыс көлемінде «Кәсіпкерлікті қолдау жылы» деп жарияланғаны кәсіпкерлердің сенімін еселей түскені анық. Дәл осындай игі істің нақты көрінісін Қазалы ауданынан да аңғаруға болады. Ауданда кәсіпкерлік саласының көптеген түрлері қарқынды дамыған. Соның бірі – тігін кәсіпшілігі.

Мархаббат Асанова есімді қарындасымыз – Тәуелсіздіктің төл құрдасы. Қазалы қаласының тумасы, нақты кезеңде жеке кәсіпкер ретінде қыздардың жасауы мен әсем өрнектелген құрақ көрпе-төсектер тігумен айналысып жүрген Мархаббатты он саусағынан өнері тамған десек, лайықты. Мектептен соң Ақтөбе көліккомуникация және жаңатехнологиялар колледжін бітірген кейіпкеріміз еңбек жолын туып-өскен Қазалы қаласындағы №8 кәсіптік мектепте инженер-педагог ретінде бастады. Жылдар өте жеке кәсіп ашуға деген қызығушылығы артқан ісмер ару өз мақсатын жүзеге асыруға бекінді. Бойындағы тігін өнеріне деген бейімділігі мен табандылығы да жоспарының жүзеге асуына септігін тигізді. Оған қоса мемлекет тарапынан кәсіпкерлікті қолдауға деген оң көзқарас та талабын ұштай түсті. Ақыры кәсібі де алға басты, қолдау да жасалды. Соның нәтижесінде «Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау» бағдарламасымен мемлекеттен екі мәрте несие алуға қол жеткізді.

Өз кәсібіне, тігін өнеріне деген құштарлық Мархаббат Маратқызын алға жетеледі. Алдымен Астана қаласындағы “Сырлы саусақ” сән үйінде тігін курсын оқып, тігінші сертификатын иеленді. Мұнан соң Ақтөбедегі “Құрақ өрлеу” сән үйінде білімін жетілдірді. Қазіргі сәтте жас кәсіпкер алған білімін тәжірибемен ұштастыруда. Әрі жеміссіз емес. Мархаббаттың икемді саусақтарымен дайындалған қыз жасаулары мен көрпе-төсегі тұтынушылар тарапынан зор сұранысқа ие.

Тағы бір кейіпкеріміз Гүлайна Ерназарова шеберлігі шыңдалған тігінші болуымен қатар берекелі шаңырақтың отанасы да. Алғашқыда маталардан қалған қиындылардан құрап, жеңіл көрпешелер жасауды меңгерді. «Шеберден іс қорқады» деген бар. Алуан маталардың қиындысы Гүлайнаның епті қолы тиісімен көздің жауын алатын бұйымдарға айналып шыға келетін. Құдды сиқыршы дерсіз. Ал мұның астарында қаншама еңбек, асқан шеберлік жатқаны кәсіп иесіне жақсы мәлім. Десе де, төгілген тер, қаншама еңбек текке кетпеді. Ауданда шағын және орта кәсіпкерлікті дамытып, өнім өндіру саласындағы қызметі мен ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуына белсенді үлес қосқаны үшін Қазалы ауданы әкімі Мұрат Ергешбаевтың қолынан «Үздік тігін бұйымдарын дайындайтын кәсіпкер» номинациясын алды.

- Құрақтың 200-ден астам түрі бар. Оларды тұтыну қажетіне қарай түрлі өлшем-деңгейде жасауға болады. Ең бастысы, тұтынушы талғамынан табылу қажет. Бұл өнер маған әжемнен қонған. Сондай-ақ анам мен енемнен де үйренгенім аз емес. Кәсіпкерлік негіздерін оқып, білім алдым. Тапсырыспен құрақ тігемін. Ата-бабамыздың ұрпақтан-ұрпаққа жалғасып келе жатқан қолөнердің осынау түрі ешқашан ұмытылмасы даусыз, - дейді жеке кәсіпкер Гүлайна.

Светлана Кенбай болса сапалы дайындалған тігін заттарымен көпшіліктің ықыласына бөленіп жүрген кәсіпкер қарындасымыздың бірі. Ол әзірлеген ұлттық нақыштағы ою-өрнектермен әдіптелген сәнді ұлттық киімдер жұртшылық тарапынан жоғары бағалануда. Бір кереметі, Светлананың тігіншілік өнерге деген бейімділігі мектеп қабырғасында жүргенде байқалған еді. Ойыншық қуыршағына тіккен киімдері, көрпе-жастығын көрген жан қайран қалатын. Уақыт өте Шымкент қаласындағы «Жалын» әлеуметтік-педагогикалық колледжіне оқуға түскен кезінде де өзінің және құрбыларына тіккен көйлектері ерекше назарға ілікті. Светлана уақыт өткен сайын шеберлігін шыңдай түсті. «Жас Орда» жастар қоғамдық бірлестігінде жоба үйлестіруші болып, мәдени-көпшілік шаралардың өтуіне ұйытқы болды. «Шағала» балаларды сауықтыру-демалыс орталығында аға тәлімгер қызметін атқарып, балаларға білгенін үйретуден жалықпады. Қашанда қарапайым дағдысынан танбайтын Светлана отбасында сыйлы келін. Жары Талғат Сағидуллаұлы алып берген тігін машинасымен кәсібін жалғастыруда. Тігін машинасы озық үлгідегі электронды түрде жұмыс істейді. Он алты түрлі тігіс өлшемін дайындауға мүмкіндік қарастырылған. Светлана кәсіпкерлік білім алуды көздейді. Мұнан соң шағын кәсіпкерлікті дамытуға арналған бағдарламалар арқылы несие иеленіп, шеберхана ашсам деген жоспары бар.

Жұмабек Табынбаев,

Қазалы ауданы

 


БАСҚАРМА БАСШЫСЫ ТАҒАЙЫНДАЛДЫ PDF Print Email
Жаңалықтар - Халық-хабар
02.04.2018 09:52

Облыс әкімінің өкімімен Абдуалиев Айдар Сейсенбекұлы Қызылорда облысының табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының басшысы лауазымына тағайындалды.

А.Абдуалиев 1974 жылы туған. Қазақ ұлттық техникалық университетінің Қаратау филиалы мен М.Х.Дулати атындағы Тараз мемлекеттік университетін бітірген.

Еңбек жолын 1996 жылы Жамбыл гидромелиоративтік құрылыс институтының оқытушысы ретінде бастаған.

Жамбыл, Маңғыстау және Қызылорда облыстарының жергілікті атқару органдарында жауапты басшы қызметтер атқарған.

2015 жылдың желтоқсан айынан бастап осы кезге дейін Қызылорда облысы әкімі аппараты басшысының орынбасары қызметін атқарып келді.

 


Сыр сақшылары Ұлыстың ұлы күнін атап өтті PDF Print Email
Жаңалықтар - Халық-хабар
02.04.2018 09:44

Наурыз мейрамы – ежелгі заманнан қалыптасқан жыл бастау мейрамы. Күн мен түн теңеліп, жер-көкке жан бітіп, адамдардың аузы аққа тиіп, жақсылыққа жол бастайтын Ұлыстың ұлы күнін Қызылорда облыстық ішкі істер департаменті қызметкерлері ерекше мерекелік көңіл күймен ұжым болып атап өтті. Шараға ардагерлермен қатар қызметкерлер және олардың отбасы мүшелері де қатысты.

Мерекелік шара ішкі істер органдары ардагерлерінің ақ батасынан басталды. Аға буын өкілдері мұсылман халқының жаңа жылында барша халыққа жақсылық, молшылық, мол табыстар тілей отырып, қыстан аман шыққандарына шүкірлік етіп, көптен көрмеген әріптестерімен, замандастарымен қауышып, иық түйістірді.

Одан кейін шара спорттық сайыстарға ұласты. Департаменттің қызмет салалары мен қалалық ішкі істер басқармасы бөлімдерінің қызметкерлері бір-бірімен топтасып, 13 құрама команда жасақтады. Арқан тартудан, гір тасын көтеруден, асық ату, ләңгі тебу, қой көтеру сынды ұлттық ойын түрлерінен бақтарын сынады.

Полиция қызметкерлерінің дене шынықтыру дайындығын жоғары деңгейде ұстауын қамтамасыз ете отырып ұлттық ойын түрлерін насихаттауды мақсат еткен сайысқа департаменттің басшылық құрамынан құралған төрешілер алқасы төрелік етті.

Тәртіп сақшылары арасындағы бірлікті, командалық қолдауды нығайтуды мақсат тұтқан бұл спорттық дода өте тартысты өтті.

Спорттық бәсекенің қорытындысы бойынша арқан тартудан І орынды Оқу-жаттығу взводының құрама командасы иеленсе, ІІ және ІІІ орындарды "Ақсай" полиция бөлімшесі мен Ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес басқармасының құрама командалары қанжығаларына байлады. Гір тасын көтеруден Жедел қимылдайтын арнайы жасағының инспекторы Талант Ахметов үздік деп танылды. Ал асық атудың және ләңгі тебудің шеберлері болып Жедел қимылдайтын арнайы жасағының инспекторлары Мұхит Серікбейітов пен Женсерік Абдулайтов танылса, қой көтеруден Жедел қимылдайтын арнайы жасағының инспекторы, дзюдодан және қол күрестен әлем және республикалық деңгейдегі чемпионаттардың жеңіспазы Ержан Абдуллаев талассыз жеңімпаз атанды.

Шара соңында ішкі істер органдарының ардагерлері мен қызметкерлеріне және қонақтарға арналып мерекелік дастарқан жайылып, ұлттық тағам – наурызкөжеден дәм татты.

Қызылорда ОІІД баспасөз қызметі

 



<< Бірінші < Алдыңғы 11 12 13 14 15 Келесі > Соңы >>

Күнтізбе

< Сәуір 2018 >
            1
2 3 4 5 6 7 8
9 10 11 12 13 14 15
16 17 18 19 20 21 22
23 24 25 26 27 28 29
30            

Сауалнама

Аса мәртебелі шенеуніктердің қылмысқа шатылып жатқандығы нені аңғартады?
 

Ауа райы

Валюта бағамы

Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі валюталардың ресми бағамдары