Өзекті мәселелер

  • 19.07.18

    Бұған дейін Бас прокурор қызметінде болғанда да адалдығымен, іске берілгендігімен көзге түскен Жақып­  Асанов бұл жолы да бұрынғы әдетінен таймады­.  Жартыжылдық   есебін  қорытындылаған бас  қазы  қолшоқпарға  айналған  судьялардың  атын атап,  түсін  түстеді.

    ...
    Толығырақ...
  • 19.07.18

    Алдағы 3 жыл Ақмешіт атырабы үшін кәсіпкерлік жылы болып белгіленді. Бұл туралы кеше облыстық мәслихаттың­ кезекті 21-сессиясында облыс әкімі Қырымбек Елеуұлы айтты. Алқалы басқосуда аймақ басшысына ұсынысты облыстық мәслихат депутаты Асқар Махамбетов жеткізген­ болатын. Оны бірден қабыл алған Қ.Көшербаев «халықтың қолын аузына жеткізудің бірден-бір жолы – кәсіп­керлікті дамыту» деп қадап айтты...

    Толығырақ...
  • 19.07.18

    Талант дегеніміз дала тілімен түстегенде хас тұлпар секілді. Жүйрікті баптамаса, бәйгеге қоспаса, қора тұт­қынына айналады. Ел құша­ғындағы дарабоздар ондай сыңаржақ тон пішуді пыру демейді. Бұлар әу бастан туған­ жердің бір тамшыдан нәрленер сүйрігіндей ми қайнатар аптаптың өзіне шыдас береді. Қолдан жасалатын қайшылықтардан жа­сы­май, намыс шарқайрағына жанылып, бұрынғыдан да өткірлене түседі...

    Толығырақ...
  • 19.07.18

    «Адам екі нәрседен қателеспеу керек. Бірі жар таңдаудан болса, екіншісі – мамандық таңдау­дан» деп жатамыз. Әлбетте, жар таңдау – өзге тақырып. Біздің қозғағалы отырғанымыз маманд­ық жайында. Яғни, қазіргі кезде ерлер­ қауымына сәйкес келмейтін кәсіп жайлы болмақ. Рас, мамандық түрлері өте көп. Мамандықтың бәрі жақсы дегенмен, ер-азаматтардың көпшілігі әйел адамдарға тән жұмыстармен айналысуға ...

    Толығырақ...
  • 19.07.18

    Мен «Мырза» беті үшін ер-азамат туралы өз ойымды білдіргім келеді. «Қазіргі ерлер ұсақталып кетті» деген пікір бар. Өзім ол пікірге толық қосыла алмаймын. Өйткені оларға бүгінгі нарық жағдайы, жұмыссыздық себеп болып отыр. Бірақ атам заманнан еркектің аты – еркек.

    Расы сол, әйелдерге қарағанда көп жұмыс атқаратын да, өндіріп табыс табатын да – еркек. Ал қазір үйде де, түзде де бала тәрб...

    Толығырақ...
Сәуір 2018

Көпқабатты үйдегі өрт оқиғасы кезінде адам құтқарылды PDF Print Email
Жаңалықтар - Халық-хабар
26.04.2018 11:40

2018 жылдың 24 сәуірінде 11 сағат 55 минутта «101» телефон нөміріне Абай даңғылы №41 тұрғын үйдің 2-қабатында пәтер жанып жатқаны және пәтер ішінде адам болуы мүмкін деп хабар түсті.

12 сағат 00 минутта шақырылған жерге Қызылорда облысы ТЖД Өрт сөндіру қызметінің №2 мамандандырылған өрт сөндіру бөлімінен жауынгерлік есеп 2 техникасымен жетті.

Өрт барлау барысында тұрғын үйдің 2-қабаттағы терезесінен түтін шығып жатқандығын анықталды. Жергілікті тұрғындардың айтуынша, пәтер ішінде адам қалған. Газ-түтіннен қорғау буыны 2-қабаттағы пәтерге шабуыл сатысымен балкон арқылы кіріп, №28 пәтер ішінде ес-түссіз еденде жатқан азаматшаны тапты. Дер кезінде пәтердің балконынан өрт сөндіру автосаты арқылы өрт сөндірушілер азаматшаны Апаттар медицинасы орталығының қызметкерлеріне тапсырды, олар алғашқы дәрігерлік көмек көрсетіп, Облыстық медициналық орталығына арқа және жамбас бөлігі ІІ, ІІІ дәрежелі күйік алған күйде жеткізді.

№2 МӨСБ ауысым жетекшісі, азаматтық қорғау лейтананты Б.Романқұлов, бөлімше командирі, азаматтық қорғау старшинасы Е.Пазлиев, аға өрт сөндіруші-құтқарушы, азаматтық қорғау кіші сержанты Б.Баймаханның жедел іс-әрекет арқасында өрт оқиға орнынан 1975 жылы туылған азаматша М.А. құтқарылды, өмірі сақталды.

12 сағат 16 минутта көлемі 1 шаршы метр өрт толығымен сөндірілді. Өрттің себебі анықталуда.

Өртті сөндіруге ТЖД Өрт сөндіру қызметінің жеке құрамынан 18 адам мен 4 техникасы, Оңтүстік өңірлік аэроұтқыр жедел құтқару жасағы (1 техникасымен 5 қызметкер), Апаттар медицинасы орталығы Қызылорда филиалы (1 техникасымен 4 қызметкер), ІІД (3  техникасымен 10 қызметкер) қатысты.

Айгүл Нұрманова,

Қызылорда облысы ТЖД

Мемлекеттік тіл және ақпарат

тобының бас маманы

 


ЕРЕВАНДАҒЫ ЕРЕУІЛ PDF Print Email
Жаңалықтар - Саясат
26.04.2018 11:26

Сансыз себептерге байланысты әлемдегі саяси толқулар, қақтығыстар, пікірлер мен көзқарастар қарама-қайшылығы халықтың бүтін іргесін сөгіп отыр. Бабадан қалған тәмсілде ет бұзылса тұз себетіні айтылған, алайда нақтылы емес ғылымға теңелетін саясаттың  «жарасы» өзгені ұшындырмаса, өзінің  басы  қисаюы екіталай. Сондықтан  болар, А.Суворов  «Саясат – сасып кеткен жұмыртқа»  деп  анықтама  берген. Мұнымен  не  айтқымыз келгенін ішіңіз  сезсе  керек, соңғы айда Еуроодаққа  мүше  мемлекеттің бірі Арменияда  оппозиция  басшысы Н.Пашинянның  ұйымдастыруымен бейбіт барқыт  революциясы өтті. Біртұтас бірұлтты елдердің қатарындағы  армян  халқы неге ашуланды?  Оппозиция  өкілдерінің жиналып  бас көтеруіне қандай  саяси ахуал  әсер  етті?

Сәуір айы Арменияның экс-президенті Серж Саргсян үшін аса тәуір болмады. Табаны күректей  он жыл бойы президент болған ол Ұлттық жиналыс­тың арнайы жиынында елдің премьер-министрі, ал Армен Саркисян Армения тарихындағы төртінші президент болып сайлан­ған еді. Жаңа конституция бойынша, билік парламент пен үкімет қолында болады, ал парламент тағайы­ндайтын президент билігі өкілеттік ғана. Даудың басын бас­тағ­ан «Дайрабайдың көк сиыры»­ – осы  жиын. Естеріңізде болса, 2015 жылы бұл мемлекеттің конститу­циясына өзгерістер енгізіліп, ел басқа­ру президенттік биліктен парламенттік жүйеге ауысқан бо­латын. Ал президент жеті жыл мерзімге сайланады. Экс-президент С.Саргсян одан әрі мемлекет билігін өз қолында ұстау үшін премь­ер-министр қызметіне ауысу керек болды. Айдың басында билік­тен кеткен ол биліктің тұт­қасын өзінен басқаға ұсынғысы келмеді ме, әйтеуір премьерлікке де өзі отырды. Осы әрекетіне ызаланған халық оның бұл таңдауына қарсылық білдірді. Өйткені ол бұған дейін президенттіктен кетер алдында ел басқару ісіне аралас­пайтынын мәлімдеген. Уәде орындалмады. Наразы топтың ойынша парламенттік жүйеге көшкен елдің билігін ол өзінің уысынан шығар­ғысы  жоқ. Осыны  ұққан  қарсы  топ­тың  басшысы  Н.Пашинян Ереванның орталығында наразылығын білдіріп, үкімет ғимаратына кіруге мүмкіндік бермеген. Өз жақтас­тарын революциялық әрекетке баруғ­а үндеп, алаңға 40 мыңнан астам­ адам жинап, бұрын-соңды болмаған үлкен көлемдегі шеру ұйымдастырды. Наразылық акция­лары Ереванмен шектеліп қалмай, Гюмри, Ванадзор тәрізді ірі қалаларға да тарады. Апта басында митинг­тер шарықтау шегіне жетіп, демонстранттар жағына кезінде Ирак, Ауғанстан, Косоводағы со­ғыстарда шыңдалған беделді де бітімгер  әскер бригадасы да қосылған. «Бәрі көшені жақтады» дейді Брюссельдегі Карнеги-Еуропа институтының Кавказ аймағы­ жөніндегі сарапшысы Томас­ де Валл. Он күнге созылған ереуіл кезінде жүздеген адам ұсталып, жарақат алғандары да болған. Басты мақсаты – елдің жаңа премьер-министрі Серж Саргсянның биліктен кетуі. Билік басында отырғандарды түбегейлі өзгертуді ұсынған оппозиция өкілдері мақсатына  жетпей тынбады. Он күнді  қамтыған  наразылық акцияларына байланысты апта басында отс­тавкаға  кетті.

- Қазір қалыптасып отырған жағдайға қатысты әртүрлі шешім қабылдауға болар еді. Бірақ, мен ондай­ әрекеттердің ешқайсысына бармаймын. Никол Пашинянның айтқан­ы  дұрыс.  Мен  жаңылдым. Ел басшысы, Армения премьер-министрі қызметінен кетемін, - деп өз еркімен портфелін тапсырды С.Саргсян.

Рас, сырттан келген қауіптен гөрі бүйірлей шектесіп, бірлікке іріткі салған оқиғалар әлдеқайда қауіпті. Арменияның экс-президенті түпкілікті шешімін қабыл­дағаннан кейін Беларусь президенті  А.Лукашенко ондағы «бар­қыт­ революциясы» туралы «Міне, бізді осылай бір-бірлеп кетірмек» деген пікір білдірді. Қызығы сол, бұл сөздің астарында қандай құ­пияның барын немесе кімнің саясаты «сөйлеп» тұрғанын аңғару қиын. Шамасы Еуроодақ мемлекеттерінің «мойны» саналатын Ресейд­і меңзеді ме екен?! Өйткені бір жолдауы кезінде «Ақылға келіп, мәселені бірге шешудің орнына, бір-біріміздің жағамыздан алып өзімізді-өзіміз сабап жүрміз» деген болатын. Осыған қарап, револю­цияның саяси реңкін жобалауға болаты­н секілді. Бұл ретте Ж.Бала­сағұнидің «Халық бүлінсе, саясат түзейді» деген сөзінің мағынасын кері  айналдыруға  тура  келеді.

Бейбіт  аяқталған  революциядан  кейін  премьерлік  постқа экс-премьер Карен  Карапетянды  кері  қайтарды. Әзірге  Арменияның  болашағы  хақында кесіп-пішіп бір болжам айту қиын. Дегенмен, бұл оңтүстіккавказдық мемлеке­т  парламенттік  республикаға  айналғандықтан, онда  көп  кешікпей  мерзімінен  бұрын  сайлау  өтуге  тиіс.

А.НҰРТАС

 


«ӘДЕП ПОЛИЦИЯСЫ» НЕГЕ ҚҰРЫЛМАДЫ? PDF Print Email
Жаңалықтар - Мәселенің мәнісі
26.04.2018 11:22

Мемлекет  басшысының 2015 жылғы «Ұлт жос­пары­ – бес институционалдық реформа – 100 нақты қадам» бағдарламасының 12-қадамында «Жаңа этикалы­қ ережелерді енгізу, мемлекеттік қызметтің жаңа этикалық Кодексін жасау» туралы айтқан болатын­. Тапсырма негізінде әр аймақта мемлекеттік қызметшілермен әдеп нормаларын сақтау бойынша талаптар  күшейтіліп, ел президентінің Жарлығымен  Әдеп  кодексі қабылданды. Ол халықтың мемле­кеттік органдарға сенімін нығайтуға, мемлекеттік қызметте­ өзара қарым-қатынастың жоғары мәдение­тін қалыптастыруға және мемлекеттік қызметшілер­дің әдепсіз әрекетінің алдын алуға бағытталған.

Дұрыс делік. Халықпен тікелей жұмыс істеп отырған­ лауазымды тұлғаларды әрқашан бақылауда ұстағанды ұнатамыз. Ал қарапайым жұрттың, көшедегі жүргіншілердің, одан қалды, қоғамның назарынан тыс қалмайтын кезбелер мен қайыршылардың әрекетін­ солай неге бақыламасқа? Иә, олар жұмыс істемейді, қалай жүрсе де, не кисе де, қандай ас ішсе де бәрібір. Бірақ, мемлекеттік қызметшілер жөндеп, жинап, әдептілік танытып жүрген жерлерде олардың да жүрері анық. Қоғамның көрінісіне кері сипат беріп, көше-көшелерде қайыр сұрап, кезбелікке салын­ып, бұрыш-бұрыштарда қисайып ұйықтап жататын­, болмаса көшеде әр адамның ізінен ақша сұрап ере жөнелетін көріністерден арылатын кезіміз келген  сияқты.

Рас, қайыршылыққа ұласқан кедейшілік қай елде де бар. Әлемдегі дамыған, алпауыт деп санайтын Америка­ның өзін БҰҰ қайыршысы көп мемлекет деп танып отыр. Статистикалық мәліметтерге сүйенсек, онда әрбір сегізінші адам кедейліктің шегінде өмір сүруде. Осыдан кейін көше жағаламағанда басқа жұмысты­ қайдан тапсын? Ал Қазақстанда қол жаюды бизнестің көзіне айналдырып алғандар бар. Күн көзі жылт ете қалса, жылдағы әдеттеріне басып, ала дор­басын асынып тәжік ұлтының әйелдері үй аралайды, көшеде қаңғыбастар саны артады. Ал оларға «бұл жерде­ отыруға болмайды» деп айтып жатқан ешкім жоқ. Өйткені әркімнің өзінше өмір сүру құқығы, дағдысы­ бар. Осы ретте ҚР Ішкі істер министрі Қ.Қасымов 2013 жылы Астанада өткен құқық қорғау жүйесін жаңғырту бағдарламасының жобасын тал­қылауға арналған дөңгелек үстел барысында қызық әрі қисынды, жобасы бар, жоспары жоқ бір ұсыныс тастаған­  еді.

-  Алдын алу жұмыстарының тиімділігін арттыру және мемлекеттік органдар қызметін үйлестіру мақсатын­да қала, аудан, облыс әкімдеріне Әдеп полиция­сын енгізуді ұсынамын. Бұл маскүнемдіктің, қаңғыбастық пен қайыр сұраудың алдын алуға бірыңғай­  амал-тәсілдерді  жасауға мүмкіндік береді,- деген еді ол.

Одан кейінгі жылдары да бұл мәселе арагідік көтеріліп, бірақ үнемі аяқсыз қалатын әдетке ұшырады. «Айқын» газетінің сол жылдардағы сандарында да Қазақстан Парламенті халқымыздың мінез-құлқына жат, аморальдық қылықтарға тыйым салатын Әдеп­тілі­к заңының жобасын қарайтыны туралы мақала жарияланды. Онда осы заңның құзырымен республикада Әдеп полициясы құрылуы мүмкін екендігі тағы айтылған.

Ар-намыс, адамгершілік, ұят, сыйластық секілді қасиеттер адамның қанынан табылатын қасиеттер болғанымен, оны «итке бақтыруға» болмайды. Қазаннан­ қақпақтың кетуін аңдып жүретін мақұлықта қайдағы­ қасиет болсын?! Қаз дауысты Қазыбекше айтқанда, «Біз қазақ мал баққан елміз, Бірақ, ешкімге­ соқтықпай, жай жатқан елміз. Елімізден құт-береке қашпасын деп, Жеріміздің шетін жау баспасын деп, Найзаға үкі таққан елміз!». Десек те, соңғы уақыттары рухани құндылығымызды құлдыратып, жастарымыздың тәрбиесіне тізгін тарта алмай қалғанымыз рас. Тойға барсақ тойда, мектепке барсақ сабақта, қыдырсақ көшеде барымызды ашып, абыройды шашып қайтат­ын деңгейге түстік. Қала көшелерінде әкімшілік заңбұзушылық жасағандарға жаза барын мойындаймыз, десек те қара жердің беті түкірікке толып жататыны әдептіліктің қай деңгейде екенін айқындап тұрады. Шекілдеуік шаққандарға толтыратын әкімшілік хаттама көрінген жерге түкірігін тастап, инфекциясын­ шашып кеткен адамға да жазылса деген ой бәріміздің санамызда жүретіні анық. Алайда қай көшеде, кімнің аузын кім аңдып жүреді?

Күні кеше жұмысқа бару үшін үш ғана аялдама жерді жаяу жүріп өттім. Көше тап-таза болғанымен, тротуардың бетінен адам ұялады, түкірік, қақырық, т.с.с. жерге қарап жүру мүмкін емес. Енді «мұны бүл­дірген сен!» деп ешкімнің мойнына қиып сала алмайсың. Бұл – бір. Дәл аялдаманың артында қайыр сұрап (сағат тілі таңғы 8-ден енді асып жатыр!) бір апа тұр, жаяу жүргіншілер жолағынан өткеннен кейін, электр бағанына сүйенген келіншек тұр, келесі аялдамаға жақындағанда екі ер адам отыр! Алдына картон қағаз жайып алып, өткен-кеткеннен «көмек» сұрап, жұмыс­қа бара жатқан адамның көңіл күйін, мектепке баратын оқушылардың ойын бұзып отыр. Тіленшілікті кәсіп еткендерді көріп жүрген бала не істейді? Ақшам таусылғанда осылай ақша тапсам болады екен деген ойға шомады. Мектеп оқушылары демекші, қала ішінде кей кездері мұндай жағдайды да көреміз. «Мамам­ жұмсап жіберді» деген жалған желеумен тиын-тебен сұрайды. Сұрақтың астына ала бастасаң, дереу жүгіріп қаша жөнеледі. Хош, қайыршыларға оралайық, әлгі отырғандардың біреуінің көзіне, бірінің өзіне, келесісінің түріне қарап аяп, қалтаңдағы барыңды беріп өтерің анық. Аяқ-қолы сау (ақыл-есін біл­ме­дім) адамдардың мұндай қадамға не үшін баратынын көбіміз білеміз. Басты себеп – маскүнемдік. Ал мас­күнемдікке итермелеген жоқшылықпен, қайыршы­лық­қа жеткізген кедейшілікпен қалай күресуге болады?­

Бірде жүрек ақылдан «Иман деген не?» деп сұрағанда, ол «Әдептілік» деп жауап беріпті. Әдепті жан ғана кесірін тигізбей жүреді, ал әдепсіз жүрген жерін түгел ластайды екен. Осыдан кейін өзіміздің қандай екенімізді ренжімей ғана мойындай салған дұрыс сияқты,­ меніңше. Айтқандай, Әдеп полициясы хақы­сында айтар болсақ, ішкі істер министрі ұсынған маскүнемдік, қаңғыбастық, қайыршылықпен күресу үшін арнайы штат құрғаннан, оны болдырмаудың себеп-салдарымен күрескен әлдеқайда тиімді ме, қалай өзі?!

Н.ҚАЗИ

 


ҚОЛЫМЫЗДЫ МЕЗГІЛІНЕН КЕШ СЕРМЕП ЖҮРМЕЙІК... PDF Print Email
Жаңалықтар - Мәселенің мәнісі
26.04.2018 11:21

Бұрындары “айта-айта Алтайды, Жамал апай қартайды” дейтін едік, қазіргі таңда Сыр жұртшылығы “Қайсар­дың” сүреңсіз ойынын айтып қартайып жүр. Биыл ел бірін­ші­лігін асыға күткен жанкүйерлер қа­расы көп еді. Себебі, Қызылорда xал­қын қос дүбірлі той күтіп тұр. Бірі – Сыр шаһарының 200 жылдығы болса, екіншісі – “Қайсардың” жартығасырлық  мерейтойы. Командамыздың соңғы кездегі ойынына қарап, “қарғайын  десем – жалғызым, қар­ғамайын десем – жалмауызым” демес­ке шара жоқ. Облысымыздың нөмірі  бірінші  жанкүйері Қырымбек  Елеуұлының жыл басында берген тапсырмасы орындалмақ түгілі, премьер-лигадағы орнымыздан айырыл­ып  қалмаймыз  ба деген күдік  басым қазір. Шынына келгенде, командамызға не жетпей жүргені түсініксіз? Өзгелерде бар қаражат, бізде де бар.

Тіпті, клубтың биылғы бюджеті біраз командаларға қарағанда едәуір жақсы. Өзгелерде бар “сен тұр, мен атайын” дейтін ойын­шылар “Қайсарда” да жетіп артылады. Өзгелерде бар жанкүйерлер бізде де бар. Бір қуан­тарлығы, сырт алаңдағы ойындарды да қалт жібермейтін жан­күйерлер қарасы көбейіп келе­ді. Қарап отыр­саңыз, бізде барлығы бар сияқты. Бірақ, бірнәрсе жетіспейді. Ол – команданы псиxологиялық тұрғыда дайындайтын жаттықтырушының жоқтығы. Болгар елінен ат терлетіп келген Стойчо Младеновке биыл жан­күйерлердің өкпесі қара қазандай. Көгалдағы шаршы алаңда белдесіп  болып, “жеңілгеннің сөзі құрысын” демекші, ойыннан соң сылтау іздейтінін айтсаңызшы? Бірде бие десе, бірде түйе деп, әйтеуір командамыздағы орнын сақтап қалуға бар күшін  жұмсап  жүр.

Құрметті “Қайсар” басшылығы! “Жұмыла көтерген жүк жеңіл” демекші, сіз болып, біз болып, бұл маман­ды еліне дер кезінде қайтарған­ дұрыс деп ойлаймын. Әйтпесе, Огайдың (экс-бапкер.ред.) кезіндегі сценарий айна қатесіз қайталанайын деп тұр. Әйтеуір, қолымызды мезгілінен кеш сермеп жүрмейік. Қыруар қаражатты арнайылап шетелден алдыр­ған жаттықтырушыларға бергенше, еліміздегі көк құжаты бар өз ісінің xас шеберлеріне шашқанымыз абзал. Себебі, олар ақшасын алған соң тайып тұрады. Ал, ең соңында қиналатын біз секілді жанкүйерлер ғана.

Самат  БОТАЕВ,

жанкүйер

 


ТЕГІС ЖЕРДЕ СҮРІНГЕН КІМ? PDF Print Email
Жаңалықтар - Саясат
26.04.2018 11:18

Тапсырманы аларда «түсінікті» деп тындыратын ауыл әкімдерінің төбесіне қара бұлт үйіріле бастаған сыңайлы. Жұмысың – жемісті, тір­лігің – келісті, ауылың өрісті болса­, ешкімнің өкпелемейтіні рас. Яки, облыс әкімі Қырымбек Елеу­ұлы айтпақ­шы, әкімдер халықтың басшысы  емес, қызметшісі болуы тиіс. Кезекті аппарат отырысында шаһар басшысы Нұрлыбек Мәшбек­ұлы қызметін  қарық  қыла алмағандарды­ біраз  “сілкіп”  алды.

Өткенде ғана іргелес екі кентінің әкімдері «кеткен кемшілікті қалып­қа келтіреміз» деп уәдені үйіп-төккен.  Кешегі сейсенбіде соның сұрауы болды. Берілген тапсырманың орындал­мауы себепті Тасбөгет кентінің әкімі Пахуатдин Шамұратов пен Белкөл кенті әкімінің мін­детін атқарушы Жасұлан Сәду орнына­н он рет тұрып, сонша рет отырды. Екеуіне де ескерту берілді. Шаһар­ басшысы енді мұны да елемес­е, кешірімнің болмайтын­дығын айтты. Осыдан кейін Қос­шыңы­рау ауылдық округінің әкімі Дулат Таубай жыл басынан бері атқарыл­ып жатқан шаруалар ба­рысын  жіпке тізді.

– 2017 жылы барлық салық түрі бойынша  жалпы 4 млн 200 мың теңге түсім  жоспарланған  болса,  2 млн 500 мың теңге бюджетке кірістеліп, орындалу көрсеткіші 60 пайызды құрады. Ал салық базасын кеңейту мәселесі туралы хаттамасына сәйкес мемлекеттік органдармен сәйкестендіру  жұмыстарының  толық аяқталмауына байланысты ауылдық округ бойынша 2018 жылдың І тоқсанына қойылған 1 250,0 мың теңгенің 160,0 мың теңгесі орындалды, қалған меже ІІІ - ІV тоқсанға ауыстырылды. Сондай-ақ, Елордамыздың 20 жылдығы және Қызылорда қаласының 200 жылдығына орай тұрғындарға  тарту ретінде маңызды бастамалар  мен бірнеше жобаларды жүзеге  асыруды жоспарлап отырмыз, - деді Дулат Раушанбекұлы

Ауыл әкімінің есебі тамамдалған соң қызықтың көкесі басталды. Әлгі бас шаһардың мерейтойына орай ұйымдастырылып жатқан жобалардың жөн-жосығын қала әкімі «Есе­біңізде мерейтойға орай ауқымды шаралар ұйымдастырып жатырмын дедіңіз. Ол қандай жобалар?» деп сұрады. Дулат Таубай түймедейді түйедей етіп көрсетті ме, әлде өзіне сенімсіздік танытты ма, аз-кем іркіліп, тұтығып тұрып «елді мекеннен шыққан 6 азамат жөнінде іс-шара  өткізсек  дейміз. Мәдениет үйі мен мектептерде сол азаматтарды дәріптеу сынды шараларды жос­парладық» деді.

– Сіздің  бұл іс-шараңыз ауқымды жобаға  жата  ма? Мен Сізді ауылыңызға кәсіпкер тартып, балаларға спорт алаңдарын салып берейін деп жатқан  шығар  десем. Сөзіңізбен ісіңіз  сәйкес болуы керек,- деп Нұр­лыбек Мәшбекұлы қадап айтты.

Сонымен қатар, ауылда мемлекеттік  бағдарл­амалардың  орындалу  ба­ры­сы да тым  төмен. Айталық, гранттық жобаларға  қатысуға  ауылдан ешқан­дай  ұсыныс түспеген. «Құ­лан», «Сыбаға» бағдарламасы бо­йынша бірде-бір ауыл тұрғыны жұмыс істеуге ниет танытп­аған. Мұны:

– «Сыбаға» бағдарламасы бойынша осы кезге дейін ауыл тұрғындары жұмыс істеп келді. Несиесін алды. Енді ешкім ниет танытып отырған жоқ, - деп түсіндірді ауыл әкімі.

Мәдениет үйінде де қалыптас­қан жағдай мәз емес. Жыл басында мәдениет саласы бойынша ақылы қызмет көрсету 596 мың теңге деп болжан­ған екен. Оның тек 26 пайызы ғана орындалған. Осыдан екі жыл бұрын мемлекеттік-жекеменшік әріптестік аясында тұрғызылған медици­налық пункт те азып-тозып кеткен. Биыл Досан ауылында мемлекеттік-жекеменшік әріптестік шеңберінде медициналық пункт салу жоспарланған. Оған 16 млн теңге­ қарастырылыпты. Тиісті органдар мақұлдаған. Дегенмен, аталмыш нысанның құрылысы бастал­мақ  түгілі, іргетасы да құйылмаған. Бұған  шаһар  басшысы қатты шүйлікті. Ал ауылдың қақ ортасында  орналасқан  тақтайшалар да күнге күйіп, ілінген билборд алқам-сал­қам. Былтыр ғана ауылдың  кіре­бері­сіне  жол салын­ған-ды. Оның да құрылысы әлі біт­пеген. Биыл елді мекеннің тазалығын сақтауға бюджеттен 849 мың теңге бөлініпті. Алайда ол қаржының  қайда  жұм­салып  жатқандығын қайдам, экраннан  көрсетілген  слайдтан тау-тау боп үйілген қоқысты байқадық.

– Ауылдық округ бойынша наурыз айынан бастап әр сенбі күні жалпыхалықтық  сенбілік  ұйымдастырылуда. Бұл  жұмыстар  мамыр  айына  дейін  жалғасын  табады, - деп ауыл әкімі  азар да безер.

Жалпы, Қосшыңырау ауылдық округінде 3 мыңнан аса тұрғын бар. Бұған қарамастан ондағы қылмыс өршіп  тұр. Биылғы жылдың алғаш­қы 3 айының өзінде 11 қылмыс тір­келген. Оның 4-еуі ашылып, 7-еуі ашылмаған.

Сан салада кеткен кемшілікті қалпына келтіру үшін Дулат Рау­шанбекұлына уақыт берілді. Әйт­песе, келесі отырыста әңгіменің басқа­ша болатындығын қала әкімі қатаң  ескер­тті.

Аппарт мәжілісінде 18 бен 27 жас аралығындағы  азаматтарды мерзімді әскери  қызметке  шақыруды  жүр­гізу­ді ұйымдастыру туралы Қызыл­орда қаласының Қорғаныс істері жөніндегі басқармасының бастығы Ғалымжан Тасжанов баяндама жасады.­

– 2018 жылдың Қызылорда қаласының­  қорғаныс істері жө­ніндегі басқармасы көктемгі мерзімді әскери қызметке шақыру жұмыс­тарына азаматтард­ы алдын ала зерделе­у жұмыстарын аяқтады. Зерделе­у нәтижесінде 361 әскерге шақырылушы іріктелді. 2018 жылдың 15 нау­рызы мен 23 сәуірі аралығында облыс бойынша 10 команда  жөнелтілді. Оған  Қызылорда қаласының қорғаныс істері жөніндегі басқарм­асы бойынша 76 әскерге шақырылушы әскер қатарына аттандырылды, - деді ол.

Мәжілісте әрбір ауыл әкімдеріне­ мерзімді әскери қызметке шақыруды жүргізу кезінде тиісті органдармен бірлесіп жұмыс істеу тапсырылды.

Қозы  Көрпеш   ЖАСАРАЛҰЛЫ

 


ТОҚАБАЙДАҒЫ ТҮЙТКІЛ PDF Print Email
Жаңалықтар - Мәселенің мәнісі
26.04.2018 11:15

Арал ауданына қарасты Тоқабай елді мекенінің тұрғындарын алаңдатқан мәселе тым көп. Туған топыра­ғын қимаған 1000-ға тарта тұрғынның тұрмысы­ қалыпты. Түлігін төскейге түлетіп отырған жайы бар. Бірақ...

Заман ағымы ілгерілеген сайын сұраныстың да артатын­ы түсінікті. Оның үстіне ел үкіметі қағазбастылықтан арылып, электронды жүйеге көшетінімізді мәлімдеген. Алайда Арал қаласынан небәрі 50 шақырым қашықтықта орналасқан тоқабайлықтар интернет, инфрақұрылым дегеніңізден ада. Интернет болмағ­ан соң ұялы телефонның да қажеті шамалы. Міне, осындай түйткілдер Тоқабайдағы тұрғындардың титығына тиіп біткен. Әсіресе интернет желісі медициналық пункт пен мектепке ауадай қажет. Себебі  айтпа­са да түсінікті. Тұрғындар аудан әкімінен бастап, сонау министрлікке дейін құлаш-құлаш хат жазғанна­н жалыққандарын  жеткізді. Оған қоса ауызсу­дың  азабы (тұрғындар  4  шақырым  жерден тасып  ішеді.- ред.) мен жолдың машақаты да мазасыз мүйіске  айналған.

Осыдан 2-3 жыл бұрын Тоқабайды және іргелес орналасқан бірнеше елді мекенді интернет желісімен қамтамасыз ету үшін қажетті құрылғылар әкелініпті. Былтыр желтоқсан айында оның құрылысы басталып, аз уақыттан соң тоқтап қалған. Бұл мәселелердің барлығынан жергілікті билік хабардар. Жауаптылар «Күн райының қолайсыздығы жұмыс істеуге кедергі келтіріп тұр. Келер көктемде құрылысты қайта жалғастырамыз» деп уәде етіпті. Содан бері жобаны бастаған компания өкілдері ат ізін салмаған. Ал ауыл тұрғындары «басталған құрылыс толық тамамдалмай қала ма?» деп алаңдаулы. Осы мәселеге қатысты жауапты орган­дармен тілдесіп, мәселенің мән-жайына қанықтық.

– 2017 жылы шалғай елді мекендерді кең жолақты интернет желісімен қамтамасыз ету үшін біраз жұ­мыстар атқардық. Былтыр Арал ауданына қарасты бір­неше ауылды интернет желісімен қамтамасыз еттік. Ал Тоқабай елді мекеніне келсек. Былтыр қыс қатты болды. Жұмыс істеуге мүмкіндік болмады. Біз тиісті құрылыс жұмыстарын (мұнара. – ред.) алдағы шілде айында толық бітіреміз, - деді «Қазақтелеком» АҚ ҚОТД директорының орынбасары Болат Кішібаев.

Демек, Тоқабайдағы ағайынды толғандырған түйткілдің түйіні тарқайтын күн алыс емес. Ал көптен шешілмей келе жатқан жолдың да жайы биыл бір­жақты болатын сыңайлы. Осы мақсатта республикалық бюджеттен 670 млн теңге бөлініп, оған 27,8 шақы­рым жолдың құрылысы басталады. Сондай-ақ, ауызсу­ желісін жүргізуге де тиісті жоба-сметалық құжаттары әзірленіп жатқан көрінеді.

Қозы  Көрпеш   Жасаралұлы

 


«ЦИФРЛЫ ҚАЗАҚСТАН» – ЖАҢҒЫРУ ДАҢҒЫЛЫ PDF Print Email
Жаңалықтар - Саясат
26.04.2018 11:01

Мемлекет басшысы «Қазақстанның Үшінші жаңғыруы: жаһандық бәсекеге қабілеттілік» атты Қазақстан халқына Жолдауында еліміздің болашағы үшін маңызды мәселелерді көтерген болатын. Онда елімізде үлкен экономикалық және технологиялық дүмпу болуы тиістігі баса айтылған еді. «Біз цифрлы технологияны қолдану арқылы құрылатын жаңа индустрияларды өркендетуге тиіспіз. Бұл – маңызды кешенді міндет. Елде 3D-принтинг, онлайн-сауда, мобильді банкинг, цифрлы қызмет көрсету секілді денсаулық сақтау, білім беру ісінде қолданылатын және басқа да перспективалы салаларды дамыту керек. Бұл индустриялар қазірдің өзінде дамыған елдердің экономика­ларының  құрылымын өзгертіп, дәс­түрлі  салаларға жаңа сапа дарытты» деп нақты  бағдар  да берді.

Цифрлы технология біз­дің өмірімізге тәуелсіз­дігі­міздің бастапқы жылдары-ақ енгізіле бастаған. Оған мысал ретінде мектептерді жаппай компьютерлендіруді, оның тек мектептерде емес, кеңседе де, үйде де негізгі ақпа­рат­тық құрал болғанын, ол арқыл­ы ақпаратты сақтап, интернет желісі арқылы кез келген жерге жібергенді, сондай-ақ айлық жалақыны банкомат карточкалары арқылы алғанды, сымсыз телефондар арқылы байланыса бастаған уақытты, желілік телеарналар көрсетілімін тамашалаған алғашқ­ы  сәттерді  жатқызуы­мызға болады. Ал кейінгі жылдары  білім  саласында  енгізіле  баста­ған  электронды  күнделік  те – осы цифрландыруға көшуде жасалған қадамдардың бірі. Сонымен қатар бүгінде  электронды  сауда  да  дамыған. «Instagram», «OLX», «Маркет» желілері арқылы сауданың қыза түскенін де айтуғ­а  болады. Бұрындары жаңа бас­пана сатып алу үшін қалада «Үй сатылады» деген барлық жерді көлікпен аралап­, уақыт шығындайтын жұрт бүгінде үйде отырып-ақ аталмыш желілерде суретімен қоса орналасқан жарнама­ларды көріп, өзіне керектісін ала алатын болған. Сондай-ақ, коммуналдық төлемдер үшін кезек күтіп, арнайы­ бір күнін жоғалтатындар да қазір кез келген дүкенде орналасқан терминалдар не ұялы телефонға жүк­телетін қосымшалар арқылы төлемдерін жүргізе алады. Ал «eGov» жүйесі немесе Қазақстанның электронды үкіметі көмегімен бүгінде жүзеге асырылатын  жүздеген  операцияның  орны тіптен  бөлек.  Жалпы,  «Цифрлы Қазақстан»  бағдарламасын  жүзеге  асыруда   4 бағыт бар. Бірінші бағыт – ауыл-аймақ­ты кең жолақты интернетпен қамтамасыз етіп, Қазақстанның транзит­тік әлеуетін арттыру. Екінші бағыт – экономиканың салаларына (көлік және логистика, денсаулық сақтау­, білім беру, ауыл шаруашылығы және электронды сауда) цифрлы техноло­гияны ендіру. Үшіншісі – мемлекетт­ік органдар жұмысының сапасы­н арттыру және төртінші бағыт – IT-маманд­арды  даярлау.

Осының ішінде денсаулық сақтау саласында  атқарылып  жатқан жұмыстар  жетерлік. Бүгінде басы ауырып, балтыры  сыздамайтын  адам жоқ. Әсіресе, денсаулығы  сыр  бергендіктен дәрігерге қаралу үшін емхана жағалап жүргендерден көз сүрінеді. Таяғын таянып, пакет­іне ауыр денсаулық карточкасын салып не баласын көтеріп, әупірімдеп жүрген жандар дәрігер қабылдауына кіру үшін тіркеу бөлімінде сағаттап талон­ күтіп тұрады. Ауырып тұрған науқа­сты дәрігер талонсыз қабылда­майтынын ескерсек, олардың осы жағдай­да кезекке тұруының өзі – мұң әрі үлкен жұмыс. Ал егер дәл сол күнге, сол сәтке талон жоқ болса, қанша уақытыңыз босқа кетіп, амалсыздан кері қайтасыз. Бірақ «Цифрлы Қазақстан» жобасы аясында іске қосылған «DamuMed» мобильдік қосымшасы бұдан былай кез келгеннің уақытын үнемдеп, үйінде отырып-ақ дәрігерге жазылуына, дәрігерді шақыртуына мүмкіндік  беретін  болады.

«DamuMed» – 2017 жылы «Денсаулық сақтау саласындағы ең үздік ІТ шешім» халықаралық байқауында жеңім­паз болған арнайы мобильдік қосымша. Бұл қосымшаны сіз ұялы телефо­ныңызға «Play market» арқылы жүктей аласыз. Ал оған кіру үшін өзіңіз тұратын аймақты белгіліп, ары қарай ұялы  телефоныңыздың  нөмірі  мен жеке куәлігіңіздің ЖСН (ИИН) нөмі­рін тіркесеңіз болғаны. Деректердің бәрі алдыңыздан шыға келеді. Жасыратыны жоқ, осыған дейін балаңыз не үйдегі қарт кісі ауырып қалса, емхана дәрігерін шақырту мұң болатын. Үй телеф­оны жоқ болса, уақытыңызды шығынд­ап арнайы емханаға баруға да тура  келетін. Осындайда бұл қосымша смартфоны  бар кез келген адамға көмекке келеді. Ал смартфоны  жоқ жандар  бүгінде  аз.

«Цифрлы Қазақстан» бағдарламасына сай Қызылорда облысының медицина қызметкерлері 2017 жылдың ортасынан бастап қағазсыз құжат айналымына­ көшкен. Қазіргі таңда сырбойылық­тардың электронды денсаулық пас­порты  даярланып жатыр. Қаламыздағы №6 емхана да бұл бағыттағы жұмыс­тарын бастап кетті. Әрбір дәрігер көмегі­не келген тұрғынға осы бағдар­лама туралы түсіндіріп, өздерінің үйде отырып-ақ дәрігерге жазылуына, оны шақыртуына мүмкіндіктері бар екен­діктерін айтуда.

– Былтырғы жылдың ортасынан бастап­  медициналық ақпараттанды­рылған жүйеге көштік. Онда әр тұрғынның  өзінің электронды денсаулық паспорты болады. Басталған цифрландыру жобасы­ бізге басқа да қосымша мүм­кіндіктер  береді. Сол мүмкіндіктердің бірі – қазіргі таңда көп тараған «Даму-мед»  мобильдік  қосымшасы. Бұл мобиль­дік қосымша – әр тұрғынның жеке кабинеті. Бір  рет тіркелгеннен кейін оның мүмкін­діктерін ұдайы пайдаланып отыруға болад­ы. Оның ішінде дәрігерді үйге шақыруға, қабылдауға алдын ала жазылуға, еңбекке жарамсыздық парағын, рецептің электрондық нұсқалары мен зертханалық сараптаманың нәтижесін көруге мүмкіндік бар. Сондай-ақ, осы қосымша арқылы  әрқайсысы өзіне ғана емес, өзінің ата-анасына, 14 жасқа дейінгі балаларына да қызмет ала алады. Сонымен қатар  «Дабыл  түймесі»  модулі  арқылы 5 жасқа дейінгі балалардың ата-аналары, жүкті әйелдер мен диспансерлік есепте­ тұратын науқастар бір түймені баса отырып, жедел жәрдем дәрігерлерін шұғыл түрде үйге шақырта алады,- дейді №6 емхана бас дәрігерінің пациенттерді қолдау қызметі бойынша орын­басары Күлмариям Ташенова.

Айта кетейік, бұл бағдарлама арқылы ақпарат алмасу да өте жеңіл. Өйткені мәліметтің  барлығын интернет желі­сіне қосылған кез келген ұялы телефоннан көре аласыз. Кейде өзге өңірге порталмен емделуге барып, кенеттен кей анализдеріңіздің жауабы карточкаға тіркелмей қалатын сәттер де болады. Осындайда өзгелерге «поездан салып жібересің бе, факспен аудара аласың ба?» деген секілді өтініштерді айтпай-ақ, аталмыш мобильдік қосымша арқылы­  бар  ақпаратты  ала  аласыз.

Рас, облыс, аудан орталықтарында интернет желісі жақсы тартқанымен, мүлдем желі ұстамайтын шалғайдағы ауылдар бар. Осындайда «ұялы телефонның желісі ұстамайтын алыс елді мекендер, тек үй телефонымен күн көретін тұр­ғындар қайтеді?» деген сұрақтың туатыны­ заңды. Алайда бұған бола дамыға­н  елдердің  тәжірибесінен  қашу­ға  болмайды. Ақпарат  және  коммуникациялар  министрлігінің  мәліметінше, 2021 жылы елімізде аудан, қала ортал­ықтарынан шалғайда орналасқан 1249 елді мекен жоғары сапалы интернетпен қамтамасыз етіледі деп жоспарлануда екен. Бұл алыстағы ауыл тұрғындарына тек дәрігерлік қызмет емес, мемлекеттік және тағы да басқа интернет арқылы жүргізілетін қызмет түр­лерін  алуына  оңтайлы  жағдай тудырып, үлкен  мүмкіндік  беретіні  анық.

Одан бөлек жыл басында облыс әкімі Қ.Көшербаев Қытай еліне арнайы іссапармен барып, онда «ақылды қала» жобасы­мен танысып қайтқан болатын. Іссапар барысында «Huawei» компания­сымен меморандумға қол да қойылған еді. Өйткені Сырдарияның сол жаға­лауында салынып жатқан қала құрылысы «ақылды қала» ретінде жүзеге аспақ. Ал бұл сізге жұмысыңызда отырып-ақ үйіңіздегі жарықты сөндіруге, есігіңізді құлыптауды ұмытып кетсеңіз, сол олқылы­қты жоюға мүмкіндік береді. Сондай-ақ, егер де сіз аялдамада өзіңіз мінетін қоғамдық көлікті күтіп тұрсыз делік. Күткеніңізге жарты сағаттан асып кетті, ал оның қашан келетіні белгісіз. Осындайда «ақылды аялдамалар» келесі автобустың қанша уақытта келетінін көрсететін болады. Соған сәйкес сіз де «бұл автобус әлі келмейді екен, одан да мына қоғамдық көлікке міне берейін. Үйіме сәл де болса жақындайды» деп екі-үш аялдама ерте тастап кететін маршр­уттарға мінуге асығасыз. Облыс­ әкімі Қ.Көшербаев қатысқан қаламыздағы ІТ парктің ашылу салтанатында мұнан да басқа ақылды қала жобасы аясында атқарылатын жұмыстар туралы айтылды. Мысалы, қалалық қосымша білім беру орталығындағы «Робототехника» үйірмесінің жетекшісі Раушанбек Сағадиевтің қарамағындағы бір топ оқушы, дрон тәрізді құрал, 3D принтер, спорттық және мүмкіндігі шектеулі адамдарға су әкеліп беруге көмектесетін роботтар ойлап тапқан.

– Мысалы, дрон тәрізді бұл құрылғыға арнайы камера орнатылған. Ол пультпен басқарылады. Егер адамдар жоғалып кететін­ болса, оны табуға көмектеседі. Ал  мүмкіндігі шектеулі жандарға арнал­ған робот мобильді қосымша арқылы басқа­рылып, тұрған стаканға су құйып әкеліп бере алады. 3D принтердің пайдасы тіптен көп. Олар арнайы бағдарлама­ға салынған кез келген заттың мүсінін, яғни оның бөліктерін зат ретінде шы­ғарып бере алады (өз көзімізбен де көр­дік. – ред.). Егер кәдімгі принтер суретін ғана   шығарса, бұл  принтердің  ерекшелі­гі – заттың өзін шығарады, тек бөлшектеп. Ал оны кейін құрастырып аласыз. Кейде өзімізге қажетті құралдар жетпей­ қалып  жатса, осыдан  шығарып­ аламыз­,- дейді  Раушанбек  Сағадиев.

ІТ парк – бойында таланты бар кез келген жанды одан әрі шыңдауға мүм­кіндік беретін орталық. Мұндай орталық алғаш рет республика бойынша Қызылорда қаласында ашылып отыр. Елбасының «Төртінші өнеркәсіптік револю­ция жағдайындағы дамудың жаңа  мүмкіндіктері»  атты Жолдауына сәйкес, 10 міндеттеменің 7-еуі сала­ларды цифрландыруға бағытталған. Осы  негізде  ағымдағы жылдың  қаңтар айында  облыс  әкімінің  басшылығымен  арнайы  топ Қазан қаласындағы ІТ-Паркінің қызметімен танысып, соның үлгісіндегі орталықты облысымызда жүзеге асыруға шешім қабыл­даған  болатын.

– IT саласындағы жас таланттарды іздестіру мақсатында 2017 жылдың желтоқсан айында «HackDay-2017» фести­валін өткізген болатынбыз. Негізі 100 адамға  жоспарлаған  едік,  бірақ 500 адамға дейін жетіп, біздің потен­циалымыз, әлеуетіміз бар екендігін анықтадық. Яғни бізде программалауға, протот­иптер, үлгілер жасауға мүмкін­дігі бар ресурс көп екенін түсіндік. Осыған байланысты ІТ орталық ашуды облыс­ әкімі өзі қолдаған болатын. Идеясы барлар  осында  идеяларын одан әрі дамы­туы­на­ болады. Әсіресе, программистердің жұмыс істейтін уақыты – түнгі мезгіл. Сондықтан қазіргі таңда түнгі ауысымды да қарастырып жатырмыз. Қазір облыс­ бойынша 50-ге жуық жобаның үлгісі бар. Бұл жобалар өз кезегінде лабораториялық симуляторлар, контроллер (трамвай, электровоз және жүк көтер­гіш машиналардың жүрісін басқаратын аппарат) мен видеопанельдерде 2D, 3D графикалық жобалардан VR/AR технологиялар бойынша жасалынған бастамалады әзірлеу мен өндірістегі қолданысын тестілеуге, түрлі бағдарламалық оқу курстарын іске қосуға, робототехникалық прототиптердің өндірістік жоба­ларын әзірлеуге мүмкіндік туғызады. Айта кету керек, бұл жерде облыс әкімі­нің жанындағы эксперттік топ жұмыс істейді. Солар нарыққа қажетті  деген өнімдерді одан әрі жүзеге­ асырылуына, енгізілуіне, тираждалуына мүмкіндік береді­. Әйтпесе, жазылып жатқан жобал­ар көп болуы мүмкін. Ал оны мемлекеттік, кәсіпкерлік қолдау болмаса, ары қарай дамымай қалады, - дейді облыс­ әкімі  аппараты  басшысының  орын­басары  Индира  Ақжігітова.

Жалпы, мұның бәрі – халық үшін жасалынып жатқан дүниелер. Өрке­ниетті елдердің бәрі бүгінде цифрландыруға  көшкенін  ескерсек,  дамыған 30 елдің қатарына кіру үшін бұл – үлкен мүмкіндік. Ал мемлекетіміздің өзге елдер­ден қалмай, алға қарай ұмтылған бастамаларын қолдау біздің міндетіміз деп білген жөн.

Жансая   ЕЛУБАЙҚЫЗЫ

 


АШЫҚТЫҚ ХАЛЫҚҚА ЖАҚЫНДАТАДЫ PDF Print Email
Жаңалықтар - Құқық құрығы
26.04.2018 10:58

Елімізде осыдан 3 жыл бұрын 2015-2025 жылдарға арналған сыбайлас жемқорлыққа арнал­ған стратегия бе­кітілген болатын. Соның аясында арнайы мониторингтік топ та құрыл­ған еді. Ондағы мақсат – топ мүшелерінің ел-елді аралап, халықпен кез­десу арқылы алыстағы ағайынның мәселесін анықтау. Тек анықтап ғана қоймай, оны шешуге де атсалысу. Өйткені мониторингтік топтың құрамында ой-пікірле­рін жасырмай айта алатын, халықтың сеніміне ие болған азаматтар бар. Жуырда бұл топ өңірі­мізге екі күндік іссапармен келген болатын. Өңірлік коммуникациялар қызметінде БАҚ өкілдерімен кездескен қонақтар бұл жолғы келудегі басты мақсатын айтты.

– Бұл мониторингтік топтың мүшелері ретінде екінің бірі емес, қоғамның көшбасшылары, жасырмай ойын, пікірін айта алатын, елдің алдында жүрген, халықтың қалаулы азаматтары таңдалып алынған.  Біз бәріміз жұмыла, қоғаммен бірлесе отырып, қазір көрсетіліп жатқан мемлекеттік қызметтің сапасы қандай, халық оған сенім артып отыр ма, осы тектес­ басқа да бақылау жұмыстарын жүргізіп жатырмыз.  Қазір бұл мониторингтік топ Қазақ­станның барлық өңірін аралап келе жатыр­. Қызылордада іссапарамыз бүгін басталды. Өткен жолы жасалы­нған  ұсыныстарды  да  қарай  кетеміз. Түзелген бе, жоқ па. Сонымен  қатар  агенттіктің  басты ұстанып отырған саясаты – ашықтық. Біздер барынша ашықпыз. Сіздер арқылы бұқара халыққа агенттікке кез келген мәселеде, кез келген уақытта хабарласу мүм­кіндігі  зор екенін жеткізгіміз келе­ді, - деді ҚР Мемлекеттік қызмет істері  және сыбайлас жемқорлық­қа қарсы  іс-қимыл агенттігі Қо­ғаммен  байланыс департаменті­нің  директоры  Арман Бердалин.

Республикалық арнайы мониторингтік топтың шалғай елді мекендерді аралап, ондағы мәселемен танысуы – бұл қағаз жүзінде «бәрі керемет» деп берілетін құжат­қа емес, халыққа сенетінді­гінің дәлелі. Шындығында, тек осылай  ғана  жемқорлық  дертінен айығуға  болады.

– Өздеріңіз білесіздер, Trans­parency International үкіметтік емес халықаралық ұйымының рейтин­гісінде Қазақстан өте төмен орын алған болатын. Өйткені бұл ұйым мемлекеттен қандай да бір салаға қанша қаржы бөлінді, оның қаншасы игерілді, қанша мемлекеттік қызметкер сыбайлас жемқорлық дерегімен ұсталды, мемлекет қандай заңды актілер қабыл­дады деген сияқты ақпараттарға қарамайды, олар қарапайым халықтың пікірімен санасады. Егер халық өмірде сыбайлас жемқорлықпен бетпе-бет жиі ұшырасатынын айтс­а, сол пікірді ескереді. Сондықтан біз бұл ұйымның рейтингісінде төмен орын алған едік. Бірақ осы жылы жүргізілген жұмыстардың арқасында Қазақстан жемқорлықпен күрес жүргізуде 9 сатыға көтеріліп, бүгінде әлем бойынша 122-орынды иеленді,- деді республикалық арнайы мониторингтік топ жетекшісі Айгүл Соловьева.

Рас. Мониторингтік  топ  өткен жолы келгенде облысымызда кезде­сетін бірқатар кемшіліктерді байқапты. Осы жолы солардың кейбірі  реттелген  екен.

– Мысалы, Астанаға қарағанда­ Қызылорданың автоцонын (авто­көлік жүргізушілеріне қызмет көрсету орталығы. – ред.) мақтап кеттім. Кейбір техникалық ақау­лары бар екенін айттым, әрине. Биыл келдік, өзгерді. Сондай-ақ дәрігерлердің  қосымша  жұмыс істеу уақытын қосу туралы айтқан­ болат­ынбыз. Өйткені көп жағдайда сенбі күні дәрігерлер жұмыс істемейді де, азаматтар демалғанда бара алмай жатады. Бір мекеменің кемшілігінен дәрігерге қаралу үшін олар бір жұмыс күнін кейде жоғалтып жатады. Осы жайлы ұсыныс бердік, мәселе шешіліп жатыр. Жер қатынастары бойынша да біраз ұсыныстар айттық. Астана, Алматы болсын бір кәсіп ашылса, коммуникацияға қосылу бойынша беріле­тін ақпараттарға көп сын айтылады. Мен енді кәсіпкерлер палатасының өкілі ретінде келіп осыны айты­п едім, жаңа ғана өзгергенін көріп қуанып жатырмыз. Бір облыс­та жоқ, шынын айтайын. Қызыл­ордада қай жерде қандай коммуникация жатыр, қай жерге қалай қосу  керек, соның  бәрін  бүкіл келген кәсіпкерлерге тегін беріп жатыр. Ал  бұл  ақпаратты көп жерде кей­бір топ пайда табу үшін сатып жүр,­ - деді «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасының жасыл экономика және ақпараттық-коммуникациялық технологиялар коми­тетінің мүшесі Мұрат Абенов.

Сөз соңында, республикалық мониторингтік топ мүшелері қарапайы­м халықтан сыбайлас жем­қорлық деректерін байқаса, өздеріне  жүгінулеріне  болатынын жеткізді.

 


МІНДЕТ МІНБЕСІНДЕГІ МЕРЕЙ PDF Print Email
Жаңалықтар - Саясат
26.04.2018 10:51

 

Мейрамбек  ЖҰМАШЕВ,

облыстық  мәслихат депутаты


Уақыт қадірі мен талабы ешқашан ешкімге кеңшілік жасамаған. Тәуелсіздік дәуі­рінің жылдамдығына ілесу қалғ­ып-мүлгуді кешірмейді. Бүкіл тіршілік әлемдік қағи­даттар төрелігіне жүгіндіреді. Біліміңе де, білігіңе де тосын сын табан астында пайда бо­лады. Заман адамзатты  кірпік қақпай  қадағалап отыр. Қоғам үнімен  теңесіп,  халық көзімен бағаңды бажайлайсың. Жа­һан­дану тек үйлесімге ден қояды.

Жерлестер сенімін иеленіп, №1 Арал сайлау округінен облыс­тық мәслихат депутаты болып сайланғаннан бергі ішкі жан дүниемдегі ой сүзгісі осылай­ша  бір екшеп алады. Ел қолғанатына жараудың өзі – үлкен  құрмет. Қоғамдық талқы тұлғалық қадамға табан тіре­месіңе қоймайды. Сөз сап­тауымыз  да көпше түрге көшті. Оқшауланбай, ортақ міндетке арқа тосуға дағдыланып кеттік. Жауапкершілік жүгі нық қадам басуға бейімдеді.

Сайлауалды бағдарламамдағы әрбір тармақ насихаттық ұшпа сөз болмауын қаперден шығармаймын. Ағымдағы қа­жеттілік жыл межесімен қап­тал­дасқанда, еріксіз депутаттық сауал тасталады. Жос­пар­д­ағыдан да өткір, жедел­ шешілетін мәселелер туындайтынын мәслихат мінбері қалпел­сіз ұқтырды. Облыстық бюджетте Арал ауданының көкейтесті проблемалары сәйкесінше  қаржылық  қолдау табуына басқа да әріптесте­ріммен бірге қозғаушы болып келемін.

Бұл арада облыс, аудан басшы­ларының ел алдындағы есептерінде баяндалған Аралға қатысты көрсеткіштерді қайта қаузау артық шығар. Депутат дауысы естілген бірқатарын ғана тізбелейік. Жаңа ауыл беттег­і мөлтек ауданда ішкі су жүйесі жаңартыла отырып кеңейтілд­і. Қала көшелері жолдары орташа жөндеуден өткізілді. Қызылжардағы қалқымалы көпір қайта жаңғыртылды. №14 мектеп-лицей жаңа ғимаратқа қоныс тебеді. Экологиялық  ахуалға  орай 49 канал, 3 қорғаныс бөгетінің техникалық негіздемесі әзір­ленді. Аудан орталығындағы жер учаскелерін аймақтарға жіктеу, шекарасын нақтылау жүзеге  асты.

Осы тұста аңғарта кеткен орынды. Ауыл біткенде жапа-тармағай зәулім білім ошақ­тарын салу қай жағынан да ұтымды емес. Мұның қасында Аққұлақ, Көктем, Үкілісай, Ерімбетжағада  тұрғызылған 50 орындық мектеп пен 20 орындық балабақша кешені сияқты ықшам жоба әлдеқайда тиімді. Сонымен бірге басталған жұмыстың ырғағы бұ­зылмай, сапалы  аяқталуын  жіті қадағалау қажет. Бюджет қаржысы жоғары-төменнен құралатындығына  қарамастан, халық  несібесі  екенін жоспарлаушы, орындаушы, бақылаушы тарап жадында тоқуы керек. Бұрмалау  болған жағ­дай­да, тиісті жедел шара қол­да­ныл­ғаны  дұрыс. Бұған  халық қалаулылары да жайбарақат қарай  алмайды.

Мәслихат залына енген сайын, жүрегім өрекпи соғады. Мұнда кезінде облыстық мәслихаттың екі шақыры­лымында депутат болып сай­ланған марқұм әкем Тоғыс Жұмашевтың асқақ бейнесін көргендей, өр үнін естігендей күй кешемін. Ол кездері бюджет қоржыны бүгінгідей тырсиып тұрмаған. Жоспарлы жұмыстардың өзіне азын-аулақ қаржы екі шұқып, бір қарап бөлінетін.

Жекешелендірудегі то­йым­сыздық, оңтайландырудағы опынулар, жең ұшынан жал­ғасқан жемқорлық тісті қайратпай қоймайтын. Сондайда аса ділгер ел мұқтажын мәслихат мінбесінен дабылдатқан оның халықшыл қасиетін, батыл­ байламдарын депутаттық корпус әлі күнге аузынан тастамайды. Бұл ілтипат жа­ныма жылу сыйлайды. Сондықтан  да мен үшін ел назы әке  сертімен пара-пар.

Қазір жағдай басқаша. Инвес­тициялық құйылым, индуст­рияландыру басым­дығына арқа сүйейміз. Дәуірлеу кезеңіне бағытымыз ай­қын. Үкіметтік бағдарламалар негізгі салмақты төменге ысырмайды. Елбасының пәрмені заманамен үндестікке бейімдейді. Атқарушы  билікке  жаңашылдықпен жұмыс істеу ғана  қалды.

Депутат жайбарақат емес, үнемі қозғалыста. Облыстың, ауданның қоғамдық өміріне етене араласамыз. Халықтық жиындарға, жастар жүздесуіне, іскер топ өкілдерімен кездесуге жарқын идея, тың бастама, ұтырлы  ұсыныс  іздеп  барамыз. Рас, кейде  бірсыдырғы шаралар мезі етеді, босқа уақыт жоғалтасың. Іссапармен түрлі аймақ, қала аралағанда, өркениет  ұшқынына  көбірек  назар­ аударамыз. Үздік үлгіні өз өңірімізден  көргіміз келеді.

Дербес проблема барлық жерде кездеседі. Ерте ме, кеш пе аяқсыз  қалмайтыны  ақиқат. Сессия  назарын  аударған Аралдағы екінші теміржол өткеліндегі жүргінші мен көлік қозғалысы қауіпсіздігін түбегейлі шешуге байланысты ұсыны­сым зерттелуде. Нәтижесі ұзақ күттіре қоймас деп үміттенемін.

Кәсіпкерлікті қолдау жө­ніндегі тұрақты комиссия мүшесі ретінде жерлес талапкерлердің бизнес әлеміне бойлай түсуіне мүдделімін. Әсіресе, ауыл шаруашылығына тән қадамдарды қуана құптаймын. Тұтыну тауарларын бір жерден екінші жерге тасымалдауға айрық­ша ақылдың қажеті ша­мал­ы. Сатармандық деңгейден ұзай алмау өрісті тарылтады.

Бақшалықпен әр ауылда шұғылдануға болады. Диқаншылық  мектебін  қалыптас­тыру – ауадай қажеттілік. Сүт өнімдерінің ежелгі ұмыт қал­ған түрлерін таңдайға қайта оралтсақ, кәнеки. Қолөнерлік төл­тумаларды мұражайдан ғана таңсықтаудан қашан арыламыз?! Мал терісі мен жүнін ұқсату ескілікке оралу емес қой.

Айтары жоқ, өркениет жыл санап алды-артымызды орап барады. Әлі ауылдың иісін, кең даланың шалғынын сағынатынымыз хақ. Төрт түлікті түгелдей жүрмесек, ішіп-жемнің барлығына сөреден көз сүзетін шығармыз. Ауыл барда табиғи өнімнің қадірі де, құны да еш кемімейді. Ақша барлық құн­дылықты қаз-қалпында қай­тара алмайды.

Қазақтың ата кәсібі алдымен ауылда жандануы керек. Мен осы идеяны ұлт бейнесі ретінде қарастыруды қалаймын. Бізге шағын бизнестің осынау халықтық нұсқасын айрық­ша ықыласпен қолдау жарасады. Нағыз энтузиазм ауылда жатыр. Іс басындағылар, көшбастар аға-апалар, заман­дастар, іні-қарындастар қайтарымды қаржыны дәл осы араға құюды тілейтіні анық. Барлық жерде әрбір отбасын дәстүрлі еңбекке ынталандыра шоғырландырсақ, сөз жоқ, қазақ  бизнесі  халықтық  сипат­қа көшеді. Мұндай кәсіпкер­лікте  қызғаныш, аяқтан шалу деген  әсте  болмайды.

Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласы кім-кімнің де көкі­рек қақпасын айқара ашқаны мәлім. Негізі, гәп – ұлттық сана қуатында. Мәңгілік ел мұратын күйініп те сүйініп тіл ұшынан түсірмейтін Нұрсұл­тан Әбішұлының  халықаралық  беделі бәрімізді терең ойға жете­лейді. «Сана істен озуы, бұрынырақ жаңғыруы тиіс» дейтін оқшау түйін аясы мей­лінше кең. Әлбетте, сана тетігі сан алуан. Қанымызға сіңген қазақилық діліміз бен дініміз, дәстүріміз арқылы рухымызға алтын жылғадай болып сіңеді емес пе?!

Жалындаған жиырма бесте құқық қорғау саласында әділет әміріне жүгіндім. Орда бұзар отызда әке аманатымен бизнеске бетбұрыс жасадым. Қамалы көп қырықтың қырқасына халық қалаулысы ретінде қадам басудамын. Кәсіпкерлік қазанын ықтасынға тыққыш­та­май, мұқтаждарға, өнер, білім, спорттағы үкілі үміттерге, имандылық жоралғысына, еліміздегі табиғи тосын қиын­шылықтарға қол ұшын созып келемін. Жанқожа батырдың жорықтас серігі, қарадан шыққан Бекмырза ханның ұрпағы ретінде аймақтағы қайырымдылық шараларына белсене араласамын.

Заман тамаша! Ешқайсымызға шегінуге жер жоқ. Отанымыз үшін арға тырысып бұйырған белесте елімізге еркелеп емес, тапсырмасына шабар­мандық елгезектікпен алғаусыз  қызмет  жасаудың  өзі өлшеусіз  бақыт! Қазақстанның  қарышты  қадамы болашақ бәйгесіне елеңдеген тұл­пардың тыпыршуына ұқсайды. Батасының аяғын «Жүзге жет!» деп түйіндейтін бабаларымыздан жұғысты болған экономикадағы 100 нақты қадам, руханияттағы 100 жаңа есім, ғы­лымдағы 100 үздік оқулық ояу сәттеріміздің көбірек бола­тынын зерделеткендей.

Арал  қаласы

 


ҚОЛТАҢБАСЫ АЙҚЫН ДИНАСТИЯ PDF Print Email
Жаңалықтар - Арнайы беттер
26.04.2018 10:43

1926 жылы  сол кездегі  Қазақстанның астанасы Қызылордада  тұңғыш Бүкілқазақстандық республикалық  көрме өткен. Қазақстан суретшілерінің тұңғыш көшпелі  көрмесі де 1928  жылы Қызылорда қаласында ұйымдастырылыпты. Көрмеге қойылған суреттерді республикамыздың  бір  қаласынан  екіншісіне түйемен  тасыған.

Қашанда дарындыларын ұмыт  қалдырмай, ұлықтайтын қазақ бұл жолы да әдетінен танбады. Биыл сән және қолдан­балы өнерде ерекше еңбегіме­н ел есінде қалған Л.Қожықованың  125 жылдық мерейтойы. Ол – Қазақстанның алғашқы театр суретшісі, халық шебері, талантты тұлға. Өткен аптада Қызылорда көркемсурет галереясында «Қожықовтар қолтаңбасы» атты  көрме  ұйымдастырылды. Көрменің ашылу салтанатына Л.Қожықованың не­мересі Сәуле Құлахметқызы Алматы қаласынан арнайы келді. Сондай-ақ, шебердің шығармашылығын  зерттеуші ғалымдар мен әріптестері де осы салтанатты шараның құрметті  қонағы  болды.

Облыс әкімі Қырымбек Көшербаев Қожықовтар династиясы киелі Сыр топырағынан шыққан өнер әлемінің биік шыңын­ бағындырған, сол өнер өлке­сінде қолтаңбасы қалған, қазақ мә­де­ние­тінде өз орны бар династия екенін тілге тиек етті. Еске сала кетейік, Ләтипа­ Қожықованың жары Қоңыр­қожа  Қожықов «қырғыз» аталып келген  ұлттың  «қазақ» деген тарихи әрі нақты атауын қалпына келтіру мәселесін  біржақты етуге өз үлесін қосқан ағар­тушы  ғалым. Ал ұлдары Құлахмет, Қожахмет, Нұрахмет, Сұлтан-Ахмет сынды өнерлі азаматтар ұлт өнерінің алтын   қазығына  айналған  десек,  артық айтқандық  емес.

- Қазақты әлемге қазақ ретінде таныт­қан екі дүние бар. Оның бірі  Мұхтар  Әуезовтің «Абай жолы» эпо­пеясы болса, екіншісі, қазақ кино өнерінің тарихында алтын әріппен жазыл­ған, әлемнің 80-ге жуық елінде көрсетіліп, бағасын  алған  «Қыз  Жібек»  фильмнің режиссері, тектінің  тұяғы  Сұлтан-Ахмет­  Қожықов  екені  бәріміз­ге  аян. Әулеттің  анасы, сән және қолданбалы өнер шебер­і Ләтипа Қожықованың қазақ қолөнеріне қосқан үлесі ұшан-теңіз. Екінші дүниежүзілік соғыс жылдар­ы мемлекеттік тапсырыспен Ләтипа Мұңайтпасқызының қолынан шыққан қазақтың ұлттық киімдері Ф.Рузвельтке сыйға тартылып, қазір АҚШ-тағы Рузвельт музейінде сақ­тау­лы. Сондай-ақ, ежелгі қазақ қол­өнері дәстүрінде тоқылған сәндік бұйым­дары мен ұлттық киім үлгілерін Алматыдағы Ә.Қастеев атындағы Өнер музейінен көруге болады, - деді облыс әкімі.

Мұнан соң Л.Қожықованың немересі  Сәуле  Құлахметқызы  әулет  өмірін­дегі естеліктерімен бөлісіп, жұрт­шылыққа алғаусыз алғысын білдірді. Одан кейін қонақтар шебердің 70 суре­ті  қойылған  көрмемен  танысты.

Ләтипа Қожықованың өмірі мен шығармашылығына терең талдау А.Тоқмағам­бетов атындағы мәдениет үйінде өткен конференцияда жалғасты. «Ләтипа Қожықова және қазақтың ұлттық  сурет  өнері» атты ғылыми-практикалық  конференция  барысында  сән саңлағының өмір сүрлеуі қамтылды. Алқалы басқосуды облыс әкімінің орынбасары Руслан Рүстемов тізгіндеді.

- Сырдың өнегелі әулеті, Қожықовтар  династиясының қазақ руханиятындағы, мәдениетіндегі орны айрықша. Өнерлі отбасының ұлт үшін жасаған істері көпке өнеге. Бүгінгі конференция барысында белгілі театр суретшісі туралы тың деректер айтылады деген сенімдемін, - деп сөз бастады Р.Рүстемұлы.

Жиын барысында саналы ғұмырын сүйікті кәсібімен сәулелі еткен жан турасы­нда ерекше естеліктер айтылды. Сәуле Қожықова Лапиндер әулеті мен атасы Қоңырқожа туралы тарихи деректе­р  мен суреттерді сөйлетті. Әкесі Мұңайтпас Әндіжанұлы Кеңтүп ауы­лында  болыс  болып, халық үшін игі істер атқарған. Туған жерінде «Хан» мектебінің ашылуы сол кезеңдегі жұрт үшін жағымды жаңалық болды. Ауыл балаларының сауат ашып, білім жиюына  алғашқы  баспалдақ  болған бұл мектеп  тұрғындардың  алғысына бөленген. Екі әулеттің тағдыры туралы тұшымды әңгіме айтқан С.Қожықова қонақтарға ерекше көңіл күй сыйлады. Тыңнан түрен салып, сән шеберінің көпшілік біле бермейтін тұстарын ұсынды.

Қазақтың төл өнері туралы білгіңіз келсе, ою-өрнекке үңіліңіз. Ә.Қастеев атындағы өнер музейінің аға ғылыми қызметкері Гүлнар Жұбаниязова Л.Қожықова­ның  қолынан  шыққан  ою-өрнектердің сақталуы мен зерттелуі туралы баяндады. Мұндағы ерекшелік – оюлар киіз үй жабдықтарына арнал­маған, тек сахналық киімдер мен декорацияларға пайдаланылыпты. Ал өнертанушы Жамбыл Нәтбаевтың сөзінше, елде әлі де сақталып, жарыққа шықпай жүрген қолөнер туындылары бар. Осыны­  жандандыруды ұсынды ол. Қолөне­р туындыларын бір орталыққа жинап, олардың жасалу тәсілін үйретсек, тарих  та  жаңғыра түспек.

Түркістан қаласынан келген Қожа Ахмет Яссауи атындағы ХҚТУ докторанты Хакан Ас қожықовтануда қолға алынған байыпты бастамаларға тоқ­талды. Қорқыт ата атындағы ҚМУ-дың филология  ғылымдарының  кандидаты,­ доцент Алдажар Әбілов тақырып аясында тың деректер айтты. Оның сөзінше, әліппе алғаш Сыр топыра­ғында тәжірибеден өткен. «А.Байтұр­сынов әліпби емес, оқу құралын жасаған. Ол әдістемелік құрал болатын. Кейін ол әліпби құрастырды. Сол кезде,­ менің шамалауымша, ол Қожықовтың әліпби жасаудағы тәжірибесін пайдаланды» деді А.Әбілов. Осы ретте Сыр өңірінде «Рухани жаңғыру» бағдарла­масы бойынша тындырымды тірліктер жасалып жатқанын айтуға болады. Мәселен, «Қазақстанның киелі жерле­рінің географиясы» жобасын іс жүзінде жүзеге асырып, киелі орындар нақтыланды. Ұлтқа, өңірге айтарлықтай маңызы бар ескерткіштер реті белгіленген.

Конференцияда айтылған тың ақпарат­тар, деректерді тыңдаған соң қонақтарға «Тарлан» деректі фильмі көрсетілді. Тұңғыш рет тұсауы кесілген фильмде режиссері Болатхан Нүсіп­беков Қожықовтар әулетінің өмірі мен шығармашылығынан қызықты мәлі­меттер ұсынған. Режиссерлік шеберіл­гінің арқасында өткен жылдардағы ел көп біле бермейтін ақпарларды «сөйле­тіпті».

Ж.ҚОЙШЫБЕКОВА,

Н.Нұржаубай (сурет)

 



<< Бірінші < Алдыңғы 1 2 3 4 5 6 7 8 9 10 Келесі > Соңы >>

Күнтізбе

< Сәуір 2018 >
            1
2 3 4 5 6 7 8
9 10 11 12 13 14 15
16 17 18 19 20 21 22
23 24 25 26 27 28 29
30            

Сауалнама

Аса мәртебелі шенеуніктердің қылмысқа шатылып жатқандығы нені аңғартады?
 

Ауа райы

Валюта бағамы

Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі валюталардың ресми бағамдары