Өзекті мәселелер

  • 19.04.18

    ӨМІР   СОҚПАҒЫ...

    Жол – экономиканың күретамыры, тіршілік ізі. Қала ішіне қамшының өрі­міндей таралатын сол жолдардың  қазіргі  жағдайы  қандай?

    Көктем бастала салысымен Қызылорданың орталық көшелері ғана емес, шетаймақ жолдарына да жан біте­тіні бар. Қазіргі күні қала бо­йынша ұзындығы 619 шақырымды құрайтын 766 көше бар. Оның 503,2 ...

    Толығырақ...
  • 19.04.18

    Жақында үйге туыстарымыз келіп, кішкентай бүл­діршіндермен оңаша қалып, бала да болса әңгімеге тарттым. Сөйтіп «Кімге еліктейсіңдер?»  деп  сауал  тастадым. Сонда 8 жастағы інім «Бэтмен», «Өрмекші адам», «Халк», «Темір адам», «Флеш» секілді шетел мульт­фильмдерінің басты кейіпкерлерін тізбектей жөнелді. Арасында бірде-бір қазақ батырл­арының есімі жоқ. Онысымен қоймай, сол кейіпке­рлердің өзіне...

    Толығырақ...
  • 19.04.18

    «Менің байқауымша, сұлу әйелді ит қаппайды. Олай болса­, сұлулықты ит те сезеді». Жазушылық жылнамасында әйел, ана тақырыбына ең көп қалам сілтеген талантты жазушы Ғабит Мүсірепов осылай депті. Иә, сұлулықты кім жақсы­ көрмейді, сұлулық кімге билік жүргізбеген десеңізші? Бота көзді, шие ерінді, үріп ауызға салғандай сұлу! Қыздардың осы сипаты қазір бар ма? Әрине, бар. Бірақ көзін линза арқылы қ...

    Толығырақ...
  • 19.04.18

    Қаржы және қоғам

    - Бұрын бәрін кадр шешкен деседі. Осы рас па, әлде өзгенің бе өсегі?

    - Иә, қазір қоғам емес кешегі, қаржы бәрін шешеді... Қысқартады, кеседі. Өшіреді, өседі... Қаржысы жоқ қасқаның маңдайда соры бес елі.

    - Сонда кадр ешнәрсе шешпей ме?

    - Жоқ, ол да аз-маз шешеді. Қаржың болса қалтаңда,...

    Толығырақ...
  • 19.04.18

    МЫҚ  ШЕГЕ  ҚАЙДА?

    Профессор  Темірбек

    ҚОЖАКЕЕВ  рухына Толығырақ...

Сәуір 2018

РЕСЕЙДІҢ ОТАРЛАУШЫ ӘСКЕРІНІҢ ҚАЗАҚ ДАЛАСЫ АРҚЫЛЫ ЖОРЫҚТАРЫ PDF Print Email
Жаңалықтар - Арнайы беттер
12.04.2018 11:12

Биыл Сыр өңірінің  бас  қаласы Қызылорданың  200 жылдығын атап өткелі отырмыз. Қамысқала – Ақмешіт – Перовск – Қызылорда – бірнеше жүздеген жылдарға созылатын тарихы бар, Сыр өңірінің басты қалаларының бірі. Талай шапқыншылықтар мен шайқастарды басынан кешкен, үстінен елдер мен құрлықтарды байланыстырған керуен жолдары өткен. Басты тіршілік артериясы болған Сырдария (Яксарт) өзенін жағалай орналасқан қалалар көп болған. Қаланың аймағы ертедегі уақыттарда Орта Азияның мәдени оазисі болыпты. Бізге жеткен аңыздар бойынша бір заманда бұл өлке гүлденген бақ болып, бұлбұлдар бұтақтан-бұтаққа қонып, Ташкенттен Ақмешітке жетеді екен. Сыр бойындағы осы заманда табылып жатқан ежелгі қалалардың қирандылары сол мәдениеттің айғақтары екені сөзсіз.

Осы орайда басылым бетінде «Қызылордаға – 200 жыл» деген тұрақты айдар ашып, қаламыздың өткеніне, тарихына байланысты әртүрлі мақалалар мен жазбалары жариялауды қолға алып отырмыз. Ғалымдарды, тарих мамандарын, оқырмандарымызды осы тақырыпқа атсалысуға шақырамыз. Алғашқы ұсынылып отырған танымдық мақаланың авторы –  жергілікті өлкетанушы Сағат Жүсіп.

Бізге кеңес заманы кезінде жеткен тарихи деректерге сүйенетін болсақ, Қазақ даласы­на татар-монғол, қал­мақ пен жоңғар, Ақсақ Темір, Хиуа, Қоқан хандықтары ғана шапқыншылық жасаған, ал Ресей қазақ даласына жорық жасамаған. Орыс империясының қазақ жеріне, Орталық Азияға жаңа сауда, экономикалық қарым-қатынастар жасау мақсатындағы «енулері» 18-ғасырдан кейін ғана басталды деп келдік. Бірақ, шын мәнінде, солай ма? Ресей патшалығының Азияның бүкіл солтүстік айма­ғына қазақ жерін жаулап алудан екі жүз жыл бұрын оп-оңай иелік еткенін білеміз. Сонда олар қазақ даласын бағын­дыруды, қазақ даласы арқылы Үнді мұхитына жол салып, жаңа бай өлкелерге иелік етуді неге кейінге қалдыра  берген деген сауал туады. Аяп келді ме? Жоқ, олай емес. Қазақ даласын жаулап алуды  орыс  патшалығы                 16-17-ғасырдан бастап жоспарлаған болатын, бірақ ол ойлары жүзеге аспады, қазақ тайпалары мен батырлары жүзеге асыртпады. Әрине қазір орыс тарихшылары мен зерттеушілері «Біз азиялық халықтарды қарумен жаулап алуға асықпадық, оларды екі-үш ғасыр бойы достық қатынастарға шақырып келдік, оларға деген сыртқы саясатымызды әділетті сеніммен жүргіздік, талаптарымызды нысапты қанағатпен қойдық, оларды достыққа шақыру жолын­да жігерлілік, шыдамдылық таныттық, ең соңғы жағдайда ғана күш қолдандық. Бізге олардың жерінің қажеті жоқ, өндірісіміз бен саудамызды дамытуды басты мақсат етіп қойдық» деген әңгімелерді  айтады.

Бірақ, шын мәнінде, орыс патшалығы қазақ жеріне «көз салуын», қазақ жері арқылы орталық Азия елдеріне, ары қарай Үнді мұхитына шығу әрекеттерін 17-ғасырдың ар жағынан  бастаған  болатын.

Орыс патшалығының қа­зақ жеріне, қазақ жері арқылы Хиуа хандығына бірінші жорығы 1605 жылы жасалды. Оны Оралдың орыс казак­тары бастаған. Бұл жорық жайлы деректі біздерге Әбіл­ғазы Баядүр хан сипаттап қалдырған, оның әкесі Арап-Магомет ханның тұсында бұл жорық жасалған болатын (Татарлардың ру шежіресінің тарихы. Әбілғазы Баядур хан (354-358-беттерінде). Казактарда бұл жорық жайлы бір ғана аңыз әңгіме сақталған. Әбілғазы оны былай айтады: «Хиуалық он көпес Оралға тауарларымен келгенде, оралдық казактар олардан Хиуа ханы түгел ордасымен Аму өзенінің жағалауында көшіп жүргенін естиді; осыны естіген казактар көпестің сегізін өлтіріп, екеуін жол көрсетушілікке аман қалдырып, 1000 адам болып Хиуа хандығына жол тартады, Үргеніш  қаласына  жақындап (сірә қазіргі Көне Үрге­ніш болар), қалаға кіріп, тұр­ғындарын қырып, ең жақсы тауар­ларын тонап, оларды мың  арбаға  тиеп, мың әйелді алып  кейін  қайтады».

Көшіп жүрген Арап-Магомет-Хан тез қайтып үлгермеген болса керек, казактардың шапқыншылығын естіп соңынан бір шатқалда қуып жетіп, жолын кеседі. Казактар екі күнгі қанды шайқастан соң қоршаудан күшпен шығады, бірақ алған барлық олжасы мен хиуалық әйелдерді тастап кетуге мәжбүр болады. Арап-Магомет-Хан оларды тағы да қуып жетіп, құтыла алмайтын тар қуысқа тығады. Ол жерде су жоқ болғандықтан, олар өздерінің өлген жолдастарының қандарын ішуге мәжбүр болады. Тағы да біразға созылған ұрыст­ан соң бәрін қырып, жүзге жуығы қашып үлгеріп, Тука қаласының жанына, Кгессиль өзенінің жағасына (Әбілғазының әңгімесінің кейбір тұстарына қарап, бұл жер, сірә, Аму өзенінің бір салас­ы шығар, ал Әбілғазы айтқан қуыс шатқалдар Үстіртке шығатын және түсетін жерлер деп топшылауға болады) тығылады. Олар бұл жерде балық аулап күн көріп, еліне қайтатын сәтті күндерді күтіп жатады. Он бес күннен соң бұл жерде оларды тауып алып, бәрін өлтіреді. Әбілғазы бұл жерде казактардың Оралдың қай линиясынан шыққанын, қандай жолмен жүргенін, отря­дтың қандай құрамда бол­ғанын жазбайды. 1000 казак, 1000 арба, 1000 ұсталған әйел деген стереотиптік сандар­ болғандықтан, оның жалпылама сөзіне сенбеу де қиын. Әңгіменің қысқалы­ғына қарамастан түсінгені­міз, үйсіз казактар әйелді болу мақсатымен Хиуаға шапқ­ан, Үргенішке барған, көп әйел алып қайтқан, әйел­дер­дің қалың малын көбей­тіп бер деп зорлық жасамағанда мүмкін аман-есен елдеріне қайтқан болар ма еді. Бірақ, тонаушылықпен айналысамын деп кідіріп қалып, үлкен керуенімен тар шат­қалдан шыға алмай, көзсіз ерліктері­нің құрбандарына айнал­ған.

Хиуаға  екінші   жорық Ұлы Петрдің кезінде 1717 жылы болды, ол да жазда жасалды. Бұл жорықты Ресей армия­сының Бас штабының офи­цер­і В.Иванин өзінің «1839-1840 жылғы В.А.Перовскийдің Хиуаға қысқы жорығының сипаты» деген кітабында  былай  баяндайды.

Жорыққа дайындық үш жылдай созылып, мынадай себептен басталған. Хаджа Нефес деген түрікмен 1714 жылы Петербургте болған кезінд­е Ұлы Петрді Арал теңі­зіне құйып жатқан Амудари­я өзенінің суларын Каспийге­ бұру арқылы Орта Азия­ның үстімен Индияға сауда жолын ашуға болады деп сендірген. Осы мақсатты жүзеге асыру үшін Ұлы Петр князь Бекович-Черкасскийге­ (Бекович-Черкасский, туған­ жылы белгісіз, 1716 жылы қаза тапқан, тегі кабарда княздарынан, шоқынған, туа­бі­тті аты Дәулетгирей) дереу­ жарлық айтып, жеткі­лікті санда матростар мен әскер беріп, Нефес түрікмен­нің айтқандарын және Каспийдің жағалауларын көріп сипаттап кел деп жұмсайды. Келесі жылы Бекович Аму­дарияның ескі арналарын тексерген зерттеулерін және Каспий теңізінің шығыс жағала­уының картасын патшаға көрсетеді; оларды көр­ген Ұлы Петр князь Бековичтен жеке түсініктеме талап етіп, 1716 жылдың 16 ақпанында Амудария өзенінің ескі құяр сағасына гавань және 1000 адамдық қамал салуғ­а бұйрық береді. Сосын отрядпен Хиуаға аттанып, Аму өзенінің ескі арнасының бағытымен жүріп отырып Аму өзенінің ағысын тоқтатып, Каспий теңізіне бұратын жерге барып ескі бөгетті бұзып, Амудың суын ескі бағы­тпен жіберу, өзеннің басқ­а салаларын бекіту, Хиуаны­ң ханын өз еркімен қосылуға көндіруді тапсырады. Казактар мен жүздеген драгунд­ерден тұратын басқа отряд­ Астраханьнан Хиуаға шыққан керуенді бастап Хиуаға жол тартуы тиіс. Ол бө­гетке келген кезінде отрядты Аму өзенінің саласымен те­ңіз­ге бағыттап жіберуі тиіс еді.

Осы жұмыстарды орындау үшін Бековичтің қара­мағы­на 3 жаяу полктың құ­ра­мындағы 4000 солдат, 100 адамнан тұратын бір эскадрон драгун, 1500 оралдық казак­тар, 500 гребен казак­тары, 24 зеңбірекші, 2 инженер, 3 емші (бір жылдық дәрі-дәрмек қорымен), офицерлерді қосқанда  барлығы 6129 адам берілді. Сол кездегі монетамен бұл экспедицияға 218 000 рубль бөлінді. Әскерлерге күрек, қайла, балта­ және т.б. берілді. Қазан мен Астраханьнан бір жылға азық-түлік  әкелінді, сонымен бірге  теңіз пароходшыларына Астраханьнан  жарты  жылдық  азық-түлік  бөлінді.

Жоғарыда көрсетілген Беко­вичтің әскерлер са­нынан 1716 жылы теңізбен   3 жаяу полк Каспий теңізінің шығыс бөлігінде салынған қамалдардың гарнизонын толықтыру үшін, атап айт­қанда, Александр-Бай шығанағындағы Түп-Қарағанға және Красноводскының жағас­ына жіберілді. 9 қазанда­ Түп-Қарағанға полковник Хрущев бастаған бірнеше зеңбірегі бар 240 адам түсті; бұл гарнизоннан 1717 жылдың 9 мамырында өлгендер­дің саны 500-дей болды.

Александр-Байдағы гарнизонда Астрахань полкының үш ротасы қалдырылды.

Красноводскіге Астрахань полкының бір бөлігі және Крутояр (немесе Азов полкы) полкының 1000 адамы­ түсірілді, бұл полк­тағы өлім бәрінен көп болды.

Александр-Бай гарнизонының тағдыры белгісіз. Бұл үш бекіністің қандай мақсатпен салынғанын түсіндіру қиын. Хиуадан шегінген отряд­қа деп азық-түлік пен заттар үшін қоймалар сал­ғы­сы келсе, онда Хиуаға жақын жерден бір қамал салса жетіп жатыр еді. Егер де осы бекі­ністер арқылы, Хиуаға жорық жасау мақсатында, олардан жалдап немесе сатып алу арқыл­ы қажетті түйелер мен жылқы сатып немесе жалға алу, әскер үшін қажетті мөл­шерде ет сатып алмақ ойы болы­п, жергілікті халықпен сауда арқылы байланыс жасағысы келген болса, оған көп уақыт қажет болатын; оған қосымша, жергілікті халықпен сауда жасаудың орыс­тарға тиімділігі жоқ еді, себебі олардың біздің астық пен иленген тері және басқа тауар­ларымыз үшін төлейтін басты тауары қой, жылқы, түйе ғана еді. Ол кезде бұл жануа­р­ларды теңізбен тасу, ол үшін жолға ауызсу мен жем-шөпті бірге алып жүру, сол себептен де  сауда  қатына­сы  орын­далуы мүмкін емес тірлік еді.

Бекович 1717 жылы Астраханьда жорыққа дайындықтың барлық жұмыстарын аяқтап, пасханың бірінші күні 21 сәуірде Астраханьнан Гурьевке шықты, қасында 4000 адам; жаяу әскер теңізбен, атты әскер жағалаумен келе  жатты. Бұл жерде айтуға тиіспіз, кейін отрядтың құрамы Бековичтің талабы бойынша өсірілді, өзгертілді; оған Астраханьға жаяу әскерден 3727 адам, драгуннен 617 адам, казактардан 2000, артил­лерия командасына       26 адам 22 зеңбірегімен; 3 ин­женер, теңіз командасы 232 адам, емшілер, шенеуніктер мен дворяндар 46 адам, барлығы 6651 адам, 138 әртүрлі қайық пен кеме берілді.

Пасхадан кейінгі 7-ші аптада, яғни маусым айының орта шамасында Бековичтің отряды үш айлық тамақ қо­рын алып ары қарай Үстіртке жүреді. Отряд мына құрамда келе жатты: драгундердің полкы, 600 адам, атқа мінген екі жаяу рота, 6-7 зеңбірегі және артиллериялық қызметшілері бар, астрахандық дворян­дар, мырзалар, ноғайлық татарлар 500-дей адам; 500 гребендік казактар, 1500-ге жуық оралдық казактар; соны­мен бірге отрядта орыс, татар, бұхарлықтар 200-дей адам болды, барлығы 4000 адам.

Жаяу әскердің азық-түлі­гін алып жүру үшін 297 ат сатып­  алынды, драгундарға әр екеуіне біреуден жүк артатын­ ат берілді; казактардың өздерінің жүк аттары болды, басқа ауыр заттарды алып жүру үшін әр түйе үшін 10 рубльден 200 түйе сатып алу бұйырылды. Сонымен бірге 300 арба, азық-түліктен тыс адам басына жарты пұттан балық, бір шелектен шарап пен сіркесу берілді.

Гурьевтен Эмбаға дейін (250 шақырым шамасында) отряд 10 күн жүрді; ол жерден­ Үстіртке дейін (140 шақырым шамасы) 5 күн, Үстіртпен 7 аптадай жүріп, отряд 15 тамызда Қарағаш шатқалына келді, соған жақын жерде Амудың ескі арнасына суды бөгеп тұрған бөгет бар деп жоспарлаған болатын. Сірә, бұл Амудың Лаудан деп аталатын арнасы болар, Амудың су тасқыны кездерінде одан Шарқырауық деген сала бөлініп, ол Аму өзенінің ескі арнасымен ағады; бұл саланың тереңдігі сонша, үлкен сулар кезінде керуендер одан қайықпен өтеді. Егер Лауданның арнасындағы Қарағаш пен Гурьевтің арасын 1000 шақырым дейтін болсақ, оған отряд екі ай уақытын жұм­сады. Отрядтың бұлай өте баяу жылжуының себебі, аттар­дың күшін сақтау және су табу үшін отряд Үстіртте әлсін-әлсін күндіз тоқтап, тереңдігі 2-ден 4 сажынға дейін болатын құдықтар қазуға мәжбүр болды.

Сағат  ЖҮСІП

(Жағасы бар)

 


ҚАҢҒЫП КЕЛГЕН ШҮРЕГЕЙ КӨЛГЕ ПАНА БОЛМАЙДЫ немесе “Қайсар” бапкері қыл үстінде тұр PDF Print Email
Жаңалықтар - Сергек
12.04.2018 10:53

Біз бұл сөзді бұған дейін де айтқанбыз, мағыналас сөзді талай рет жазғанбыз. Себебі, бірнеше жылдан соң бапкер  де, ойыншылар да кетеді. Соңында  күйініп,  опық  жеп  қалатын – жанкүйерлер. Иә, қаңғып келген шүрегей көлге пана бола алмайды екен. Мұны тура “Қайсар” сапында доп теуіп жүрген легионерлерге қатысты қолданып көрдік. 4 ойыннан 1 ғана ұпай жинаған Младенов  ұжымына  облыс әкімі  Қырымбек  Елеуұлы  биыл бестіктен  көрінуді  тапсырған-ды. 12 ұпайдың 11-інен көз жазып қалған бапкерге жергілікті жанкүйерлердің өкпесі мен ашу-ызасы қара қазандай.

Сондықтан болар, “Қайсардың” қолдаушылары өздерін қуанта алмаған бапкерге шүйлігіп, орнын босатуын талап етуді бастап кеткен еді. Десе де, дәл қазіргі уақытта бапкер ауыстырудың қаншалықты тиімді екенін біз де білмейміз. Себебі бар. Бір ғана мысал келтіріп көрелік. “Қасқырлар” келесі ойынын “Ертіске” қарсы өткізсе, одан кейін алматылық “Қайратқа” қонаққа барады. Осы орайда, алдымыздан алғашқы 4 ойында да ұтылмаған “Ордабасы” клубы шыға келеді. Артынша “Тобылмен” иық тірестіріп көреміз. Енді қараңыз, аталғандардың қай-қайсысы да болмасын, сұрмергендері бар сұрапыл клубтар. Жаңадан келген бапкерге бұл айтарлықтай қиындық тудырады. Және ол командаға үйренісемін деп жүргенде бірнеше турдың өтіп кететіні тағы бар.

Дегенмен  біздің  уәжіміз  100%-ға орынды  дей  алмаймыз.  Өйткені, жанкүйерлер  қолымызды  мезгілінен кеш сермемейік  деп, “аурудың” алдын  алып  жатқан  жағдайы бар. Жанкүйерлердің  көпшілігінің айтуынша, “Қайсар” “Ертіспен” өткен  ойында  жеңіліс  табатын  болса, Стойчо  бапкер  орнын  босатуы  тиіс екен.

Стойчо  МЛАДЕНОВ,

“Қайсар” футбол

клубының  бас бапкері:

- Ең біріншіден, барлық жан­күйерлерден сүреңсіз ойындар үшін кешірім сұраймын. Ойынның алға баспауына түсініксіз кедергілер болып­ жатқан сияқты. Нағыз жанкүйерлер клубқа қуанышта да, қиын кезеңде де қолдау білдіруі тиіс деп ойлаймын. “Ертіспен” өтетін ойын­да барымызды салатын боламыз.


Серік ДОСМАМБЕТОВ, “Қайсар” футбол

клубының­  директоры:

- Біз де Қызылорданың түлегіміз. Жанкүйерміз, жанымы­з ашиды. “Жұмыла көтерген жүк жеңіл” дейді. Сондықтан, командаға барынша қолдау көрсетейік дегім келеді. “Қайсарда” қазіргі уақытта қаржы жағына­н да, басқа жағынан да мәселе жоқ. Тек, жақсы­ ойын өрнегін көрсету ғана қалды.


Мақсат  БАЙЖАНОВ,

“Қайсар” футбол  клубының  капитаны:

- Біз  өте жақсы қарым-қатынаста­ғы ұжымбыз. Қазіргі таңда клубтағы ойын­шылардың арасында ешқандай түсі­ні­спеушілік және бөліну жоқ. Бапкеріміз де жақсы. Иә, ойынымыздың жүрмей жатқ­аны рас. Бірақ, біз барымызды салып­ жатырмыз, барымызды саламыз. Жеңуге күш-қайрат та, жігер де жетеді. Құдай қаласа, “Ертісті” жеңеміз!


Асхат  ТАҒЫБЕРГЕН, “Қайсар” футбол клубының

жартылай  қорғаушысы:

- Ойынның   сәтсіз   болып  жүрге­ніне  тек  бапкерді  кінәлау  дұрыс емес. Оған  ойыншылардың да қатысы бар. Стойчо Младенов былтыр­ команданы алға сүйреп, 6-орын алып берді ғой. Меніңш­е, жанкүйерлер осындай қиын шақта команданы қолдауы­, жігер беруі керек. Сонда ғана жеңіске бірге жетеміз.­

 


ТАР ЖОЛМЕН ТАЙҒАҚ КЕШКЕН ТАНКИСТ PDF Print Email
Жаңалықтар - Арнайы беттер
12.04.2018 10:44

Өткен ғасырдың 1941-45 жылдары жарты әлемге ойран салған сұрапыл соғыстың зардабы мен залал­ы адамзат баласының сана­сына­ өзіндік өшпес ыза мен із қалдырды. Сол қан майданға қаншама­ қазақстандықтар қатысып, ерен ерлік көрсетті десеңші. Майдан даласынан оралмаған боздақтар қаншама?... Отан соғысына біздің аймақтан да мыңдаған марқасқа азаматтар аттанды. Солардың қатарында Жаппасбаев Айтбай ағамыз да бар болатын.

Айтбай аға 1903 жылы Қармақшы ауданына қарасты Абыла ауылында өмірге келген. Ол жастай еңбекке араласып, ерте есейді. Егін де екті, құрылыста да жұмыс істеді. Жасынан техника түрлерін меңгеруге құштар болды. Ол ақыры көздеген мақсатына жетіп, 1932-38 жылдар аралығында Жосал­ы кентіндегі Қарсақпай автотр­есінде, 1938 жылдан 1942 жылдың маусым айына дейін Қызылорда облыстық партия комите­тінің шаруашылық бөлі­мінде көлік жүргізуші болып істеді. Сол жылы өз еркімен майданға  аттанды. Мәскеу қаласында танк жүргізушілерін даярлайтын курсқа курсант болып қабылданады. Ол курсты ойдағыдай тамамдаған соң №274 механикаландырылған батальон командирі Айтбай­ ағаны бөлімше командирі етіп тағайындаған. Сол сәттен бастап­ танкист, бөлімше командирі А.Жаппасбаев ұрыс даласына аттанады. Бірінші Белорусь майданында болып, Гомель қаласын фашисттерден азат етуде аға сержант А.Жаппасбаевтың бөлім­шесіндегі танкистер асқан ерлік көрсетеді. Айтекең – Польша жерін азат еткен, оның ішінде Варшава қаласын басқыншылардан босатуға тікелей қатысып, Берлинге дейін жеткен жаужүрек жауынгер болған кісі. Ол талай жауынгерлік жауапты тапсырмаларды қалтқысыз орындап, көптеген мадақт­ар мен марапаттарға ие болға­н азамат. Жаудың Висла өзені үстіндегі көпір секілді мықты­ бекінісі мен жаудың байланыс телефон­  желілерін  жойғандығы  өз алдына  бөлек  әңгіме.

Польша жерін азат ету басталар алдында барлаудың көмегімен бір селода немістің екі жүз елуге жуық «СС»-тері орналасқан орынды ойранын­ шығарып, қырығын тірі­дей қолға түсіргені Айтбай аға бастағ­ан бөлімшенің асқан ерлігі еді. Одер өзенінен өткендегі қиян-кескі  ұрыста жасаған ерлігі ерекше­ болатын. Ағамыз қызмет еткен баталь­он 1945 жылы сәуір айында Берлинді алуға қатысқан. Сол сұрапы­л соғыста көрсеткен ерен ерліктері­ үшін Айтбай Жаппас­баев І-ІІ дәрежелі «Отан соғысы», «Қызыл жұлдыз» ордендерімен, «Варшаваны алғаны үшін», «Берлинді алғаны үшін» медальдарымен  және Бас қолбасшының  Алғыс­  хаттарымен  марапатталған.­

А.Жаппасбаев 1945 жылдың қазан айында жеңіспен аман-есен елге оралып, қаладағы механизация мектебінде мұғалім, инструктор болып қызмет атқарды. Жастардың техника тілін толық меңгеруіне бар күш-жігері мен білімін жұмсады. Аталмыш мектептен мыңдаған жастарды көлік жүр­гізу­ші мамандығына машықтандырып шығарды. Айтбай аға 1963 жылы зейнеткерлік демалысқа шықса да, үйде қарап отыра алмады. 1963-74 жылдар аралығында қаладағы Мемлекет­тік банкте ақша тасымалдайтын көліктің тізгінін бас­қарды. Сол кездегі Одақ пен облыстың Құрмет грамоталарымен, Алғыс хаттарымен, ақшалай-заттай сыйлықтарымен  марапатталды.

Иә, Айтбай аға сияқты аяулы ағаларымыздың есімдері ел есінде мәңгі сақталары анық. Ел осындай ерлерін ұмытпақ емес. Мен Айтбай ағамен қаладағы Төлебаев тұйығындағы №19 көпқабатты үйде  көршілес  тұрдым. Бүгінде ұлы Жомарт – еліміздің әлеумет­тік-экономикалық өсіп, өрлеуіне өз үлесін қосып жүрген білімді де білікті  азамат.

Бүгінде Айтбайдай аяулы аға ортамызда жоқ, 1986 жылы дүние салды. «Орнында бар оңалар» дейді атам қазақ. Қазіргі таңда Жомарт інім әкесінің барлық құжаттарын көзінің қарашығындай  сақтауда. Оған  алғыстан  басқа­ айтарымыз  жоқ.

Қазыбек   ӘШІРБЕКҰЛЫ

 


ЗЕЙНЕТАҚЫ ТӨЛЕМІНІҢ МӨЛШЕРІ ДҰРЫС АНЫҚТАЛҒАН PDF Print Email
Жаңалықтар - Саясат
12.04.2018 10:38

Сұраңыз, жауап береміз

Құрметті «Халық» газетінің ұжымы! Басылымның алдыңғы санындағы оқырман сауалына арнайы мекемелерден жауап сұратып, газет бетіне жариялағандарыңызды көріп, мен де зейнетақы­ға  байланысты  сауал  жолдап  отырмын.

Мен Ерепбаева Аманкүл, Қызылорда облысы, Шиелі ауданы, Бидайкөл ауылының тұрғынымын­. Менің  еңбек  өтілім – 33 жыл. 1976  жылы 1 қыркүйектен бастап мектеп буфетіне­  жұмысқа  тұрдым. 1977  жылдан  бастап  мектеп  кітапханасына  кітапханашы  болып орналастым. 1994 жылы  бала  санымен  зейнетке  шықтым  да, бірақ  сол  жерде  жұмыс істеп, 2009  жылы  шықтым. Сонда  маған  зейнетақы қалай есептеледі? Мен қанша мөлшерде зейнетақы  алуым  керек?

Аманкүл  ЕРЕПБАЕВА,

Шиелі  ауданы

 

Оқырман сауалына Еңбек, әлеуметтік қорғау және көші-қон комитетінің Қызылорда облысы бойынша департамен­т директоры Т.Жолымбетов жауап береді:

- Азаматша А.Ерепбаеваның  зейнетақы  ісқағазындағы құжаттары бойынша 17.06.1991 жылғы «Қазақ ССР-інде азаматтарды пенсиямен қамсыздандыру  туралы»  Заңының 14-бабына сәйкес көпбалалы ана ретінде жеңілдік шартымен  29 жыл 6 ай еңбек өтілімен (1993-1994  жылдың 169 теңге 11 тиын орташа айлық есебінен) 1994 жылдың 17 наурызынан бастап жасына байланысты зейнетақы тағайындалған.

Азаматша А.Ерепбаеваның зейнетақы төлемін тағайындау кезінде ұсынған еңбек кітапшасындағы 01.09.1976-05.08.1977 ж.ж., 01.09.1977-17.03.1994ж.ж., 18.03.1994-30.06.1996ж.ж., 01.07.1976-16.04.1997 жылдардағы еңбек өтілдері және 9 жыл бала күтімімен отырған жылдар аралық­тары толығымен есепке алынған. Әрі қарай, зейнет­ақысының  мөлшері  жыл  сайын­  қолданыстағы Заң нормала­рына сәйкес индек­сациялау жолымен көбейтіліп, 01.01.2018 жылдан бастап азамат­ша А.Ерепбаеваның зейнетақысының мөлшері 93274 теңгені құрады. (Жасына байланысты зейнетақы төлемі – 62917 теңге, базалық зейнетақы  төлемі – 15274 теңге және көпбалалы ана ретінде мемлекеттік жәрдемақы – 15392  теңге).

Жоғарыда айтылғандарды ескере отырып, азаматша Ерепбаеваның зейнетақы төлемінің мөлшері заң нормаларына сәйкес дұрыс анық­талғандығын  хабарлаймыз.

Сонымен қатар, 2018 жылдың 1 шілдесінен бастап қолданыстағы зейнетақы заңына өзгерістер мен толықтырулар енгізілуіне байланысты базалық зейнетақы төлемінің тағай­ындау тәртібі өзгертіледі. Базалық зейнетақы төлемін есептеу үшін 1998 жылғы 1 қаңтарға дейінгі еңбек өтілі және 1998 жылғы 1 қаңтардан кейінгі (міндетті зейнетақы жарналары, міндетті кәсіптік зейнетақы жарналарын төлеу кезеңдері) жинақтаушы зей­нетақы жүйесіне қатысу кезеңдері есепке алынатын болады. Жалпы еңбек өтілі 33 жыл және одан жоғары болған жағдайда базалық зейнетақы төлемінің мөлшері ең төмен күнкөріс деңгейінің 100%-на тең болады. Азаматша Ерепбаева Аман­күлдің  01.01.1998 жылға дейін­гі ынтымақты жүйедегі және 1998 жылдан кейінгі жинақ­таушы зейнетақы жүйе­сінд­егі еңбек  стаждарын  қосқанд­а        31 жыл 6 айды құрап отыр, осыған байланысты базалық­ зейнетақы төлемі күнкөріс деңгейінің 96 пайызын құрайтын болады. (2018 жылғы ең төменгі күнкөріс деңгей­і – 28284*96%=27153 теңге).

ҚР «Жеке және заңды тұл­ғалардың өтініштерін қарау тәртібі туралы» 2007 жылғы  12 қаңтардағы №221 Заңының 12-бабына сәйкес арызыңыздың жауабына қанағаттанбаған жағдайда жоғарғы тұрған ор­ганға немесе тікелей сотқа шағымдануға құқылы екенді­гіңіз­ді түсіндіреміз.

 


БАЙЫПТЫ БАСТАМАНЫҢ ОҢ БАҒЫТЫ PDF Print Email
Жаңалықтар - Саясат
12.04.2018 10:00

ӘЛЕУМЕТТІК   САЛАНЫҢ ӘЛЕУЕТІ

Еліміздің дамуына әлеуметтік сала бойынша жүргі­зіліп жатқан жұмыстар мен қолға алынып отырған жобалардың қосатын үлесі зор. Халық­тың  жағдайын  жақсарту  мақсатынан  бөлек, қоғамда өмір  сүріп жатқан мүмкіндігі шектеулі жандарға қолдау көрсету, олардың қоғамнан өз орнын табуына ықпал ету де маңызды іс. Осы ретте аймақтағы  бірқатар  басқармалар  ел президентінің «Төртінші өнеркәсіптік революциялық жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері» Жолдауы ая­сында жұмыстар атқарып келеді.­

Мемлекет басшысының өткен жылғы Қазақстан хал­қына арнаған «Қазақстанның үшінші жаңғыруы: жаһандық бәсекеге қабілеттілік» атты жолдауында бірінші басымдықтың үшінші кешенді мін­деті – еңбек  нарығын  жаңғырту. Халықты нәтижелі жұ­мыспен қамтуға жәрдемдесу және азаматтарды жаппай кәсіпкерлікті ынталандыру мақсатында 2017 жылдан бастап­ «Нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіп­керлікті  дамыту»  бағдарла­ма­сы жүзеге асырыла бастады. Бағдар­лама еңбек нарығында сұранысқа ие кәсіптік білік­тілікті, дағдыларды меңгерудің тиімді жүйесін және жаппай кәсіпкерлікті дамы­туға бағыттал­ған. Аталмыш бағдарламаның  аймақта жүзеге асырылуы үшін 2018 жылы 4,6 млрд теңге қарастырылып, 6 мыңнан астам адамды қа­тыс­тыру мақсаты тұр. Бағдарламаның бірінші бағыты шеңберінде еңбек нарығының қажеттілігін ескере отырып, 1515 адамды техникалық және кәсіптік даярлау жоспарлануда. Тегін кәсіптік  оқы­тумен мектептердің түлектері, ҰБТ тапсыра алмаған, оқу орындарына түсуге мүмкіндігі болмаған орта  жастағы адамдар қамтылатын болады. Қысқа мер­зімді кәсіптік оқытудың  қатысушыларының дені – жастар мен жұмыссыздар және өзін-өзі жұмыспен қамтығандар.

Бағдарламаның екінші бағыты шеңберінде жаппай кә­сіпкерлікке жағдай жасалатын болады. Аталған  бағытқа 2018 жылы «Бастау Бизнес» жобасы ар­қылы 1600 адамды оқыту жоспарланып, оған 1 млрд 600 мың теңге қаржы бөлу қарастырылуда. Кәсіпкерлік дағдыларын  алу  үшін «Бас­тау Бизнес» жобасы өңірлік кәсіпкерлер палатасының қатысуымен  жүзеге  асыры­лады. Басымдық берілген халықты жұмыспен қамтуға жәрдемдесу арқылы еңбек нарығы­н дамыту және еңбек ресурстарының ұтқырлығын арттыру деп аталатын үшінші бағыт  аясында  6663 адам жұмыстың белсенді шарала­рымен  қамтылмақ.

Айта кетейік, жұмыспен қамту бағдарламасындағы халық арасындағы жұмыс­сыздар қатарын азайту мақ­сатындағы Оңтүстік тұрғын­дарын Солтүстік облыстарға көшіру  бағдарламасы да жүйелі жүзеге асырылып келеді­. Жыл басынан бері Солтүстік өңірлерден келген жұмыс  берушілер 2 мыңға жуық бос жұмыс орындарын ұсынып, 222 отбасы (құрамында 740 адам) қоныс аударуға ниет білдіріп отыр. Қызыл­орда халқын жұмыспен қамтуға ықпал жасау жөніндегі кешенді жоспар аясында 39 мыңнан астам­  адамды жұмыспен қамту көзделуде.

- Бүгінде аймағымызда  28 мыңнан астам мүмкіндігі шектеулі жандар бар. Оның 2822-сі – І,  11133-і – ІІ,  10438-і – ІІІ топтағы мүгедектер. Алдағы уақытта есту және сөйлеу қабілетінен айы­рылған 78 адамға веб-камералы, ал көру мүмкіндігі жоқ көз мүгедектеріне сөйлеу синтезаторы бар 156 ноутбук алу жоспарланып отыр. Ал алда келе жатқан ҰОС-ның 73 жылдығына орай аймағымыздағы 37 соғыс ардагері мен 5900 тыл ардагеріне жергілікті бюджет есебінен бір реттік көмек беріледі, - деді облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Т.Дүйсе­баев өңірлік  коммуникациялар қызметінде  өткен брифинг  барысында.­

Одан бөлек, жыл басында басталған жаңа форматтағы атаулы әлеуметтік көмек көр­сетуге бюджеттен 2,8 млрд теңге­ қаражат қарастырылды. Бүгінде  аймақта  9468  отба­сымен мамандар әңгімелесу жүргізді. Аз қамтылған 17825 адамға 245,5 млн теңгеге атаулы  әлеуметтік көмек тағайындалып, 15867 адамға 284,6 млн теңгесі төленді. Одан бөлек 6421 отбасына коммуналдық қызмет шығындарын өтеуге 190,2 млн теңге тұрғын үй көмегі тағайындалып, төленді. Жергілікті өкілетті органдардың шешімімен жекелеген санат­тағы азаматтарды қолдауға 938 адамға әлеуметтік төлемдер төленген. Тағы бір айта кетерлігі, халықтың осал топтарына жататын көмекке мұқтаж 1511 адамға 89,2 млн теңге көлемінде қайырымдылық  көмек  көрсетілген.

 

 

ЖАЛАҚЫНЫҢ КЕШІКТІРІЛУ

МӘСЕЛЕСІ  БАР

Аталмыш  брифингке  об­лыс­тық еңбек саласын бақылау басқар­масының өкілдері де қатысты. Бүгінде басқарма тарапы­нан мемлекеттік еңбек инспекторларымен әртүрлі меншіктегі мекемелер мен кәсіпорындарда еңбек заңнамаларының сақталуына ішін­ара және жоспардан тыс тек­серулер жүргізіліп, үнемі бақылауда.

- Жыл басынан бері аймақтағы 75 мекеме мен кәсіпорын­ға жоспардан тыс тексеру жүргізгенде анықталған 97 заңбұзушылықтың 76-сы жойыл­ған. Бірқатар басқармада жалақ­ының кешіктірілу мәселесі  бар.  Яғни, 6 кәсіпорында 177 жұмыскерге барлығы 34,5 млн теңге жалақы қарызы қалыптасып отыр. Қабылдан­ған шаралардың нәтижесінде 26 кәсіпорынның 56 жұмыс­шысына 6,8 млн теңге қарызы төленді. Сонымен қатар еңбек қарым-қатынастары  мен  әлеу­ме­ттік-ұжымдық  еңбек  дауы­ның­ туындау жағдайларына қатысты мәселелер де ерекше бақылауға  алынған, - деді бас­қарма  басшысы  Е.Жалғас­баев.

Бүгінде аймақтағы жұмыс берушілермен  бірлесе  отырып, әлеуметтік  шиеленістің  алдын алу, штат санын қыс­қартпау және жұмыс орнын сақтау мақсаты­нда ынтымақ­тастық туралы­ 2975 кәсіп­орынмен мемора­ндум  жасалып,  оған  54 мыңға  жуық  адам  қатыс­қан.

Жұмыс  барысындағы  қа­уіп­сіздікті сақтаудың өзі еңбек талабын орындаумен қатар өмірін сақтандыру болып табылады­. Қауіпсіздіктің сақ­талмау­ы салдарынан жаза­тайым оқиғаларға ұшырап жатқанд­ар қаншама?! Ағымдағы жылдың 3 айында осындай 15 оқиға тіркеліп, оның 8-і еңбек қызметімен байланысты деп танылған. Зардап шегуші 15 адамның 11-і ауыр жарақат алып, 1-еуі қайтыс  болған.

 

 

АЛҒАШҚЫ МҮГЕДЕКТІККЕ   ШЫҒУ

ПАЙЫЗЫ   КӨБЕЙГЕН

Ел президентінің Жолдауы аясында басқармада атқарып жатқан  жұмыстарымен  таныс­тырудың реті түскен баспасөз мәслихатында Еңбек, әлеуметтік қорғау және көші-қон комитетінің Қызылорда об­лысы бойынша департамен­тінің басшысы Т.Жолымбетов те  өз  саласынан  хабардар  етті.

Халық  арасында  әлеуметтік маңызы бар сауалдардың көбіне жауап беріп отыратын да – осы мекеме. Қазіргі таңда аймағымызда 258 мыңнан астам­ әлеуметтік төлем алушы бар. Жыл басталғалы 21,7 млрд теңге зейнетақы және әлеуметтік төлем төленген. Елбасының тапсырмасына сәйкес, 2018 жылдың 1 қаңтарынан бастап­ жасына байланысты зейнетақы 8 пайызға, мемлекеттік базалық  зейнетақы және  жәрдемақылардың басқа түр­лері  6 пайызға арттырылды. Мүгедектерге, асыраушысынан айырылған және мүгедек балалар тәрбиелеп  отыр­ған отбасыларына арналған жәрдемақылар 16 пайызға дейін  өсті. Осыған орай, облыс­ бойынша 223 мыңнан астам зейнетақы мен жәрдемақы алушылардың  қайта  қаралған төлемдері жыл басынан бері төленуде.

- Мемлекет басшысы өзінің «Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері» атты Қазақстан  халқына  Жолдауында 2018 жылдың 1 шілдесінен бастап базалық зейнетақы еңбек өтіліне байланысты орташа­  алғанда 1,8 есе көбейе­тін болады деген еді. Осыған сәйкес, шілде айынан бастап базалық зейнетақыны таға­йындаудың  жаңа механизмі 1998 жылдың 1 қаңтарына дейін жинақталған еңбек өтілі және 1998 жылдан кейін жинақ­таушы  зейнетақы  жүйесіндегі кезеңдерін есепке алады. 2018 жылдың шілде айынан бастап мемлекеттік базалық зейнет­ақы төлемдерінің мөлшерінің өзгеретіндігіне байланысты облыс­ көлемінде «Е Макет» бағ­дар­ламасындағы электронды құжаттардағы мемлекеттік базалық зейнетақы төлем алушы­лардың  зейнетақы  жүйе­с­іне қатысу стаждарының дұрыс енгізілуіне зейнетақы іс-құжаттарымен салыстырып тексеру  жүргізілуде. Тексерілуге тиісті 68 мыңнан астам құжаттың 43 мыңнан астамы аяқталды, жұмыс әрі қарай жалғасуда, - деді депар­тамент басшысы  Т.Сайлаубайұлы.

Айта кетейік, айта берсең де шырмауы көп, жаза берсең де шешілуі қиын бұл сала биыл біраз өзгеріске ұшырады. Ел президентінің Жолдауы мен бағыттары аясындағы жұмыстың ауқымдылығы түбегейлі реформа жасамаса да, соны серпіліс жасап тұр. Жылдың екінші жартыжылдығынан баста­п кәмелетке толған, бала кезінен бірінші топтағы мүгедектерді бағып отырған ата-аналар үшін қосымша мемлекеттік жәрдемақы енгізіледі. Ең төменгі күнкөріс деңгейінен кем емес мұндай жәрдем­ақыны аймағымызда 600-ден астам отбасы алып отыр. Биыл бұл мақсатқа республика бойын­ша 3 млрд теңге қаржы қарастырылады деп күтілуде.

- Ересектер арасында мүгедектікке шығу себептерінің ішінде бірінші орында қатерлі ісік ауруымен, екінші орында қанайналым жүйесі қызметі бұзылған  адамдар,  үшінші  орында көз ауруларымен ауыратын, төртінші орында түрлі жарақат салдарынан мүгедектікке шалдыққан адамдар тұр. Ал балала­р арасында да мүгедек­тікке шығу көрсеткіші жоғарылаған. Әрине, бұл сандарды айтудың өзі қиын. Десек те, дабыл­  қағатын  жайт. Олардың мүгедектікке шығу себептерінің басында туабітті кемістік аурулары, екінші себебі­ ретінде жүйке жүйесінің аурулары тұрса, үшінші орында тыныс алу аурулары мен түрлі жарақаттар, төртінші орында жүйке аурулары мен сүйек-буын аурулары балаларды мүгедекті­кке шалдықтырып отыр, - деді Еңбек, әлеуметтік қорғау және көші-қон комитетінің Қызылорда облысы бойынша департаментінің басшысы Т.Жолымбетов брифи­нг  барысында.

Рас,  Қызылорда облысымен экологиялық аймақ ре­тінде барлығы таныс. Кейде кейбір  аурулардың өрши түсуін сол фактормен байла­ныстыратынымыз шындық. Бұл жолы да сондай тұжырым жасауға себеп болатындай сандар­ баршылық. Мәселен, алғашқы 3 айдың  өзінде ал­ғаш­қы­  мүгедектікке  шығу  пайызы өскен. Интенсивтік көрсеткіш 10 мың халыққа шаққанда 7,6-дан 7,7-ге көте­ріліп  отыр.

Басқармалардың осы уа­қытқа дейін атқарған жұмыс­тары мен алдағы атқарар міндеті туралы әңгіме өрбіген брифингте осындай өзекті мәселелер көтерілді. Оқиғаны жоюмен емес, оны болдыр­маудың себеп-салдарымен күресу – мемлекеттік мекемелердің басты жоспары десек қателеспейміз.

Н.ҚАЗИ

 


ИНДУСТРИЯ мен КӘСІПКЕРЛІК – ЭКОНОМИКАНЫҢ КҮРЕТАМЫРЫ PDF Print Email
Жаңалықтар - Халық-хабар
11.04.2018 17:29

ИНДУСТРИЯЛАН­ДЫРУДЫҢ  ИГІЛІГІ

Аймақтың индустрияландырудың жаңа деңгейіне кө­терілуіне жергілікті кәсіп­орындардың инновациялық жобалары айрықша серпін беріп отыр. Инновациялық өндірістер құру, жаңа бастамаларды қолдау шаралары экономикалық жетістіктер­дің, құндылықтардың бірі болып­ тұрғаны рас. Кез келген ұжым, кәсіпорын, өңір­дегі  әрбір кәсіпкер өзінің жаңа бастамасы негізінде кәсібін ашып ғана қоймай, мемлекет тарапынан қолдау көріп отыр. Қызылорда об­лысы да инновациялық белсенділігі жағынан жыл сайын алға жылжып келеді. Бұл – аймақта  ел  экономикасының өркендеуіне, еңбек өнім­ділігін арттыруға мүмкіндік беретін жаңа өндірістердің ашылуының, тың идеялар мен болашағы баянды жобалардың жүзеге асырылып жат­қандығының  жарқын  дәлелі.

ҚР индустриалды-инновациялық дамытудың 2015-2019 жылдарға арналған мем­ле­кеттік бағдарламасы аясында облыста құны 620 млрд теңген­і құрайтын, іске қосыл­ғанда 6,2 мың жұмыс орны құрылатын 26 жоба жүзеге асырылуда. Бүгінде оның 5-еуі іске асты, оның 2-еуі – Арал  ауданында  іске  қосыл­ған қаптама кірпіш пен асфальтбетон  зауыты.

- Жыл басынан бері 3,8 млрд теңгенің өнімі өнді­рілді. Индустриялық кәсіп­орындарда өндірілген өнім көлемі жалпы өңдеу өнер­кәсібінде 12,5 пайызды құра­ды. Бұл ретте индустриялық жобалармен экспортталған өнім көлемі өткен жылдың салыстырмалы кезеңіне қараға­нда 74,2 пайызға ұлғайған. Өнім экспорты өткен жылғы секілді ТМД мемлекеттеріне шығарылуда. Аталған бағдарлама аясында биылғы жылдың екінші жартыжылдығында өнімдері экспор­тқа бағытталған құны 102 млрд теңгені құрайтын тағы да 4 жобаны іске қосуды жоспарлап отырмыз, - деді облыст­ық индустриялық-инновациялық даму басқармасының басшысы Р.Сұлтангереев  өңірлік коммуника­ция­лар қызметінде өткен баспасөз конференциясында.

Экономика сөзімен қатар жүретін индустриялық аймақ дегеніміз – коммуникациялармен қамтамасыз етілген, мемлекет кәсіпкерлік субъектілеріне өнеркәсіп объектілерін орналастыру және пайдалану мақсатындағы жер. Бүгінгі күні Қызылорда аймағындағы мұндай мақсаттағы жер телімі 940,9 гектарды құрайды. Бұл аймақтарда 36 жоба жүзеге асырылуда. Басқарма басшы­сының  айтуынша, алдағы уақытта өңірге  тартылатын инвестиция  көле­мін 7,5 пайызға, өңдеу өнеркәсібіне тартылатын инвестицияны 40, өңдеу өнеркәсібі көлемін 3 және шикізаттық емес экспорт көлемін 16,7 пайызға арттыр­у  көзделуде.

 

САУДА  НЫСАНДАРЫ  ЗАМАН  ТАЛАБЫНА  НЕГІЗДЕЛЕДІ

Экономиканы дамытудың негізгі көзі саналатын кәсіпкерлік және туризм саласындағы жүйелі жұмыстар өзек­тілігін жойған емес. Статистикалық мәліметтерге сүйенсек, бүгінде айма­ғымызда тіркелген шағын және орта бизнестің саны 50 мыңнан асқан. Оның ішінде жұмыс істеп тұрғаны 38 мыңға жуықтайды. Өздеріңізге белгілі, биыл Қызылорда облысында «Кәсіпкерлікті қолдау жылы» болып жарияланды. Осыға­н орай «Жаппай кәсіпкерлікті дамыту­дың Жол картасы» әзірленді. Онда жалпы бюджеті 32 млрд 86 млн теңгені құрайтын барлық негізгі бағ­дарламалар  қамтылды. Бұл қаражаттың өз кезегінде 3 млрд теңгесі «Стартап» жобаларға бағытталатын болады. Қазір­дің өзінде өңірлік коммуникациялық орталықпен жалпы құны 500 млн теңге­ге микробизнес субъектілерінің 172 жо­басы мақұлданды. Жалпы, бұл мақсат­қа  әртүрлі қаржы көздерінен қосымша 2 млрд теңге  қарастырылады  деп күтілуде. Мемлекеттік «Нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіп­керлікті  дамыту­  бағдарламасы»  ая­сында шағын несие беру үшін 1 млрд 900 млн теңге бөлінді. Оның ішінде ауылдық жерлерге 1 млрд 810 млн теңге­, ал қалалық жерге 89 млн 490 мың теңге. Ауылдық жерлерде шағын несие беру үшін бөлінген қаражаттың 1 млрд теңгесі «Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қорына», ал 810 млн 986 мың теңгесі «Аграрлық несие корпорациясына»  аударылды.

- Бағдарлама шеңберіндегі бөлінген қаражаттар бойынша несиелендіру осы сәуір айынан бастап жүргізілмек. Жыл соңына дейін 1500 шағын несие беру жоспарда тұр. Негізгі қатысушылары – жұмыссыз және нәтижелі жұмыспен қамтылмаған  халық. Олар  үшін  сапалы­ оқытуды  ұйымдастыру  маңызды. Ағымдағы жылы «Бастау Бизнес» жобасы бойынша кәсіпкерлік негіздеріне оқыту курстарын жүргізуге облыстың барлық аудандары қамтылған. Аталған жоба аясында 1600 адамды оқудан өткізу жос­пар­да бар. Одан бөлек, тұрақты бизнес­тер үшін іске асырылып жатқан «Бизнест­ің жол картасы – 2020» бағдарламас­ы шеңберінде биыл 1 млрд 319 млн теңге бөлінді. Оның ішінде несиенің­ пайыздық мөлшерлемесін субсидиялауға 1 млрд теңге, несиелендіруге 119 млн теңге бағытталды, - деп мәлімдеді баспасөз мәслихатында облыст­ық кәсіпкерлік және туризм басқар­масы  басшысының  орынбасары А.Досжанов.

Облыс әкімдігінің ахуалдық орталығы арқылы ауыл әкімдерімен және бекітілген лауазымды тұлғалармен жаппай кәсіпкерлікті дамыту бойынша атқар­ылған жұмыстарына ай сайын монит­оринг жүргізілуде. Жедел статис­тикалық деректерге сенсек, жыл басынан  бері бөлшек сауда көлемі 36,4 млн теңгені құраған. Сондай-ақ, қала көлемінде орналасқан сауда базарларын заман­ауи бағыттағы сауда нысандарына­ көшіру бойынша жұмыстар жалғасуда. Соның бірі ретінде облыс орталығында заманауи форматтағы «ArayCityMall» сауда ойын-сауық орталығы ел игілігіне­ пайдалануға беріледі деп күтілуде.

Н.ҚАЗИ

 


«ЖОЛ КАРТАСЫ» АЯСЫНДА 2020 ЖЫЛҒА ДЕЙІН 103 ЖОБА ЖҮЗЕГЕ АСЫРЫЛАДЫ PDF Print Email
Жаңалықтар - Халық-хабар
11.04.2018 14:31

«Жол картасы» аясында республикалық және облыстық бюджеттен қаржыландырылатын 103 жоба, оның ішінде жалпы ұзындығы 1390 км құрайтын автомобиль жолдары мен көшелер және 12 көпірге құрылыс, қайта жаңғырту, күрделі және орташа жөндеу жұмыстары жүргізіледі. Ол туралы брифинг барысында облыстық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасы басшысы Ержан Әбдіхалықов мәлімдеді.

Естеріңізге сала кетейік, облыс әкімінің тапсырмасы бойынша автомобиль жолдары желісін дамыту мақсатында 2018-2020 жылдарға арналған «Жол картасы» әзірленді.

«Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері» атты Елбасының биылғы Жолдауында көлік ағынын тиімді басқаруға және жергілікті маңызы бар жолдарды барынша дамытуды қамтамасыз ету қажет екендігін міндеттеді. Осыған орай, биыл Қызылорда қаласының Сырдария өзенінің сол жағалау алқабын игеру мақсатында көше-жолдары желісін орналастыру үшін облыстық бюджеттен бөлінген 370,5 млн. теңгеге 2 жоба бойынша өткен жылы басталған екі магистралды көше құрылысын салу жобасы жалғасады. Шіркейлі каналына көпір салуға қажетті қосымша 706,0 млн. теңге ел қазынасынан бөлініп, биыл құрылыс жұмыстарын бастау жоспарлануда. Сонымен қатар, Қазалы ауданының «Әлсейіт» учаскесінде Сырдария өзеніне көпір салу жұмыстары жалғастырылады», - деп хабарлады Ержан Әбдіхалықов.

Сондай-ақ, облыста басқа да жол инфрақұрылымын дамыту бойынша жұмыстар жүргізілмек. Нәтижесінде, облыстық және аудандық маңызы бар автомобиль жолдарының жақсы және қанағаттанарлық индикаторлық көрсеткішін 63,5% жеткізу қамтамасыз етіледі.

Өңірлік коммуникациялары қызметі

 


«ҚЫЗЫЛОРДА-ТАШКЕНТ» ХАЛЫҚАРАЛЫҚ БАҒЫТЫ АШЫЛАДЫ PDF Print Email
Жаңалықтар - Халық-хабар
11.04.2018 14:30

Алдағы 3 ай ішінде Қызылорда қаласынан «Қызылорда-Ташкент» бағыты бойынша автобустар жолаушыларды тасымалдайтын болады, ол туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифинг барысында облыстық жолаушылар көлігі және автокөлік жолдары басқармасының басшысы Ержан Әбдіхалықов баяндады.

«Бүгінде Қазақстан Республикасы Инвестициялар және даму министрлігі Көлік комитетімен аталған бағыттағы маршрутты таяу уақытта ашу көзделіп отыр. Ұйымдастыру мәселелерін шешуге шамамен 3 ай уақыт қажет, одан кейін жаңа рейс жолаушыларға қызмет көрсете бастайды», - деп мәлімдеді Ержан Әбдіхалықов.

Одан бөлек, басқарма басшысының айтуынша, өткен жылы жергілікті маңызы бар автомобиль жолдары мен елді мекендер көшелерін жөндеуге және көлік инфрақұрылымын дамытуға 9,73 млрд теңге бөлініп, 215,9 шақырым жолдар жөндеуден өткізілген. Ал, биыл бұл бағыттағы инфрақұрылымды дамытуға барлығы 15,0 млрд. теңге бөлініп, 360 шақырым жолдар желісі жөндеуден өтеді деп күтілуде.

Өңірлік коммуникациялары қызметі

 


Ұйымдасқан қылмыстық топтың мүшесі құрықталды PDF Print Email
Жаңалықтар - Халық-хабар
11.04.2018 12:32

9 сәуірде Қызылорда облысы Ішкі істер департаментінің Ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес басқармасының қызметкерлері Алматы облысы аумағында құқық қорғау қызметінен бой тасалап жүрген Серікбаев Әділет есімді облыс тұрғынын анықтап, ұстады. Полицияның жедел ақпаратына сәйкес, ол ұйымдасқан қылмыстық топтың мүшесі және қылмыстық әлемде «Әдөн» есімді лақап атымен танымал болған. Аталған азамат құрықталып, Уақытша ұстау абақтысына қамаққа алынды.

Жасаған бұзақылық қылмысы үшін (ҚР Қылмыстық кодексінің 293-бабы 3-бөлігі 2-тармағы) 4 жылға бас бостандығынан айыру жайлы Қызылорда облысы сотының үкімінен кейін қашып кеткен 25 жастағы тұлға өткен жылдың қараша айынан бастап іздеуде болған. Ол бұрын қылмыстық жауапкершілікке тартылып, бірнеше қылмыстары үшін сотты болған.

Қызылорда ОІІД баспасөз қызметі

 


Жаңақорғандық ұста «Бастаумен» кәсібін ашты PDF Print Email
Жаңалықтар - Халық-хабар
11.04.2018 09:42

«Бастау» жобасына қатысушылар 1 ай мерзімде 12 модуль бойынша білім алады. Модульдер енді бастап жатқан кәсіпкерлер үшін барынша пайдалы. «Бастауды» үздік тамамдап, өз жобасын сәтті қорғағандар 19 млн теңгеге дейін жылдық 6 пайыздық мөлшерлемемен оңтайлы қаржыландыруға және бизнес ашқан соң жан-жақты қолдауға ие болады.

Жаңақорған ауданында да аталмыш жоба бойынша аудан тұрғындары бизнес сауаттылығын арттырып, өз кәсіптерін ашқан.

Бұл туралы «Бастау» жобасының Жаңақорған ауданы бойынша үйлестірушісі Заура Қарабалаева: «2017 жылы Жаңақорған ауданында 195 азамат оқытылып, оның 140-ы өз жобасын қорғап шықты. Оның 108-інің жобасы қаржыландырылды. Бүгінгі кейіпкеріміз Данияр Ахметов өткен жылы «Бастау» жобасын сәтті бітіріп, өз кәсібін ашты. Жобаға қатысуға сұраныс көп», - дейді.

Балта, балға, ара, шот, сүргі, бұрғы, қашау, шапқы, егеу, пышақ секілді бұйымдар – Данияр Ахметовтің күнделікті еңбек құралы. Бұл құралдармен Данияр ағаштан көркемдеп бұйым жасайды. Жаңақорғандық азаматтың бұл кәсіппен айналысып, отбасын асырағанына да 10 жылдан асты. Дегенмен, еңбек өнімділігін арттыру үшін бұл құралдар жеткіліксіз. Сондықтан шебер Кәсіпкерлер палатасының аудандық филиалынан кеңес алып, «Бастау» жобасы аясында оқиды. Жобасын сәтті қорғаған ұста 2,5 млн теңге несие рәсімдеп, қажетті құрал-саймандарын алады.

«Бұл жұмысымның тез жүруіне сеп болды. Қасымда 1 жұмысшы бар. Екеуміз күнде тапсырыс қабылдаймыз. Балабақшаға қолжуғыштар, өзге де түрлі тұрмысқа қажетті бұйымдарды жасаудамыз», - дейді кәсіпкер.

Данияр бүгінде ағаштан ойып, қолжуғыш, сандық, үстел, кітап сөрелері сынды түрлі бұйымдар жасайды. Алдағы жоспары - үлкен ағаш шеберханасын ашу. Аудан тұрғындарынан түскен тапсырысты дер кезінде орындап, қызмет аясын кеңейту.

Айта кету керек, биыл Қызылорда облысында «Бастау» жобасы аясында 1600 азаматты оқыту жоспарлануда. Оның 250-і - жаңақорғандық.

Қызылорда облысы

кәсіпкерлер палатасының баспасөз қызметі

 



<< Бірінші < Алдыңғы 1 2 3 4 5 6 7 8 9 10 Келесі > Соңы >>

Күнтізбе

< Сәуір 2018 >
            1
2 3 4 5 6 7 8
9 10 11 12 13 14 15
16 17 18 20 21 22
23 24 25 26 27 28 29
30            

Сауалнама

Аса мәртебелі шенеуніктердің қылмысқа шатылып жатқандығы нені аңғартады?
 

Ауа райы

Валюта бағамы

Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі валюталардың ресми бағамдары