Өзекті мәселелер

  • 19.04.18

    ӨМІР   СОҚПАҒЫ...

    Жол – экономиканың күретамыры, тіршілік ізі. Қала ішіне қамшының өрі­міндей таралатын сол жолдардың  қазіргі  жағдайы  қандай?

    Көктем бастала салысымен Қызылорданың орталық көшелері ғана емес, шетаймақ жолдарына да жан біте­тіні бар. Қазіргі күні қала бо­йынша ұзындығы 619 шақырымды құрайтын 766 көше бар. Оның 503,2 ...

    Толығырақ...
  • 19.04.18

    Жақында үйге туыстарымыз келіп, кішкентай бүл­діршіндермен оңаша қалып, бала да болса әңгімеге тарттым. Сөйтіп «Кімге еліктейсіңдер?»  деп  сауал  тастадым. Сонда 8 жастағы інім «Бэтмен», «Өрмекші адам», «Халк», «Темір адам», «Флеш» секілді шетел мульт­фильмдерінің басты кейіпкерлерін тізбектей жөнелді. Арасында бірде-бір қазақ батырл­арының есімі жоқ. Онысымен қоймай, сол кейіпке­рлердің өзіне...

    Толығырақ...
  • 19.04.18

    «Менің байқауымша, сұлу әйелді ит қаппайды. Олай болса­, сұлулықты ит те сезеді». Жазушылық жылнамасында әйел, ана тақырыбына ең көп қалам сілтеген талантты жазушы Ғабит Мүсірепов осылай депті. Иә, сұлулықты кім жақсы­ көрмейді, сұлулық кімге билік жүргізбеген десеңізші? Бота көзді, шие ерінді, үріп ауызға салғандай сұлу! Қыздардың осы сипаты қазір бар ма? Әрине, бар. Бірақ көзін линза арқылы қ...

    Толығырақ...
  • 19.04.18

    Қаржы және қоғам

    - Бұрын бәрін кадр шешкен деседі. Осы рас па, әлде өзгенің бе өсегі?

    - Иә, қазір қоғам емес кешегі, қаржы бәрін шешеді... Қысқартады, кеседі. Өшіреді, өседі... Қаржысы жоқ қасқаның маңдайда соры бес елі.

    - Сонда кадр ешнәрсе шешпей ме?

    - Жоқ, ол да аз-маз шешеді. Қаржың болса қалтаңда,...

    Толығырақ...
  • 19.04.18

    МЫҚ  ШЕГЕ  ҚАЙДА?

    Профессор  Темірбек

    ҚОЖАКЕЕВ  рухына Толығырақ...

Сәуір 2018

ТІСТІҢ БҮЛІНГЕНІ – ІШТІҢ БҮЛІНГЕНІ PDF Print Email
Жаңалықтар - Мәселенің мәнісі
05.04.2018 11:22

Қазіргі күні балалар арасында жиі кезде­сетін аурулардың қатарынан тіс ауруы ойып орын алады. Осыдан бірер жыл бұрын республика бойынша балалардың 25 пайызының ғана тісі сау болған­. Бұл ақпарат М.Оспанов атындағы Батыс Қазақстан мемлекеттік медицина университетінде өткен ІІ халықаралық ғылыми-тәжірибелік форумда айтылды.

Қызылорда облыстық кеңес беру диаг­ностикалық орталығында стоматология саласында еңбек етіп келе жатқан маман Гүлнәр Сейсенбаеваның сөзіне сүйенсек, 2017 жылы 105 000 адам орталықтағы тіс дәрігерінің қабылдауынан өткен. Оның ішінде 1 жастан 14 жасқа дейінгі балалардың  саны – 80 000. Бұл науқастардың барлығы емді тегін алған. Қызылордалық балалар арасында аурудың жиі кездесетін түрі – кариес, пародонтоз. Мамандардың айтуынша, тіс кариесі – ең көп таралған аурулардың бірі. Бұл сырқатқа шалдыққан адамда қатты тіндерінің бұзылуынан тісінде қуыс пайда болады. Ал балаларда бұл тым ерте басталады, әсіресе, тұрақты азу тіс шыққаннан кейін тіс кариесінің «қонаққа» келгенін аңдамай қалуыңыз мүмкін. Кариес тұрақты тіске де, сүт тіске де зақым келтіреді. Тіс кариесі пайда болға­ннан кейін бактериялар ішке еніп, түрлі тәтті тағамдарды жеген соң қышқыл­ ферменттер бөліп шығарады. Ал мұның өз кезегінде тістің қатты тінін жұмсартып, оны бұзуына зор әсері тиеді. Аурудың баста­пқы кезеңінде тісте ақ дақ пайда бола­ды. Осы кезде дереу тіс дәрігеріне көрінбесеңіз, бұл процесс тоқтамастан, тіс қуысындағы жұмсақ тіндерге таралып, тістің эмалін босатып жіберуі мүмкін.

Ал пародонтоз кезінде тіс ткані желі­ніп, сына секілді ақау пайда болады да, тіс түбірлерінің ыстық-суыққа сезімталдығы артып, мазалай бастайды. Тіс мойы­ны түбірінің жалаңаштанып, қызыл иектің семи бастағанын байқасаңыз, пародон­тоздың  алдын  алуға  көшіңіз.

Облыстық кеңес беру диагностикалық орталығында мемлекеттік тапсырыс бойын­ша жұмыс істейтін стоматолог маманд­ары балаларға арнайы профилактикалық  шаралар  ұйымдастырып тұрады. Мәселен, тіс гигиенасының сақ­талуы, тісті қандай жіппен тазалау қажеттігіне дейін баса назар аударып, мектеп жасындағы балаларға түсіндіру жұмыс­тары жүргізіледі. Сондай-ақ, үнпарақтар таратылып, ауру туралы нақты мәліметтер­ беріледі. Мұнан бөлек жазғы маусымда балалардың тынығу лагерьлеріне өз өкіл­дерін жіберіп, ондағы балалардың арасынан тіс ауруы барын анықтап, емдейді.

- Қазіргі таңда біз мемлекеттік тапсы­рыс бойынша науқастарға қызмет көр­сетеміз. Алдағы уақытта физкабинет ашуды жоспарлап  отырмыз. Пародон­тозды емдейтін құрал-жабдықтар алдырып, сырқаттарға көрсетілетін қызмет сапасын  одан  әрі  жетілдіре  түспек ниет­те­міз, - дейді облыстық кеңес беру диагностикалық  орталығының  бас дәрігері­нің  орынбасары  Г.Сейсенбаева.

Тістің бүлінгені – іштің бүлінгені. «Ауру – астан» десек, күллі аурудың бастау­ы ауыз қуысынан дегенді де қоса айтамыз­. Себебі жақсы күтілмеген тістің соңы түрлі ауруларға, ал шала шайналып желінген тағам асқазанды бұзуға алып келеді. Мұнан соң дерттің бірінен кейін екіншісін «жамай» бере­тініміз анық. Сондықтан қазақ ежелден-ақ «атақсыз» деп атау берген тіс ауруына салғырт қарау кешірілмек емес.

Ж.ҚОЙШЫБЕКОВА

 


САРЫ АУРУ САРСАҢҒА САЛМАСЫН PDF Print Email
Жаңалықтар - Арнайы беттер
05.04.2018 11:20

Жуырда Қызылорда қаласында А вирусты гепатитіні­ң эпидемиологиялық ахуалы тұрақсыз деп хабарланды. Себебі аталмыш ауруға шал­дыққан оқушылар қатары уақыт өткен сайын көбейе  түсуде. 2016 жылы науқастар саны бар-жоғы  төртеу  болса, былтыр бұл дерек артқан, яғни  9  ауру  дерегі  тіркеліпті.

А вирустық гепатиті халық арасында бауырдың  ұлғаюы және сары ауру деген атпен жақсы таныс. Қазақстанда  ғана  емес, дүниежүзінде  кең тараған инфекциялардың бірі. Бірақ тарауы әр жерде біркелкі болмайды. Мамандардың айтуынша­, сырқат әсіресе, күз, қыс мезгілінде жоғарылайды. Фекальді-оральді жолмен тарайтын  вирусты инфекция 3-12 жас аралығындағы балаларда  жиі  кездеседі.

Өңірімізде осы аурудың дендеп кетуіне байланысты қазір қала мектептеріне тексеріс шаралары  жүргізілуде. Талапқа сай емес мектептерге хаттама толтырылған. Бұл жөнінде қалалық қоғамдық денсаулық сақтау басқармасы бас­шысының міндетін атқарушы Гүлмира Сыздықова науқасқа  шалдыққан  оқушыларға   жұқпалы­    А гепатитіне қарсы екпе егілмегені белгілі бол­ға­нын айтқан. Қазіргі таңда аурушаңдықтың алдын­ алу мақсатында мектептерде эпидемиологиялық көрсеткішке байланысты қарым-қаты­наста болған­ 14 жасқа дейінгі 961 баланың 751-іне екпе егілген. Екпенің тиімділігі туралы мектеп басшы­лығымен бірлесе отырып, одан бас тартқан ата-аналарға түсіндіру жұмыстары жүргізілген.

«Даудың басы» екпеде болса, аурудың алдын алу мақсатында егілетін екпеден ата-аналар неге бас тартуы мүмкін? Бұл туралы өңірлік коммуни­кациялар қызметінде өткен брифинг барысында облыстық қоғамдық денсаулық сақтау департаментінің басшысы Ұлжан Аханаева «екпе егу кей­бір ата-аналардың діни көзқарасына қайшы, осы сияқты көптеген себептермен ата-аналар балаларына екпе егуді құп көрмейді» деген болатын.

Байқағанымыздай, екпе екпеудің салдары дерттің жоғарылауына ғана алып келді. Ал басты байлығына жауапкершілікпен қарайтын әрбір адам оған қатысты таңдауға да салғырт қарамасы шындық.

Ж.Бағланқызы

 


«АЙНАМЫЗҒА» ЖИІ ҚАРАП ЖҮРМІЗ БЕ? PDF Print Email
Жаңалықтар - Арнайы беттер
05.04.2018 11:14

«Адам бүгін театрға ертең адам болып қалу үшін барады» депті канадалық режиссер Робер Лепаж. Сан түрлі өнердің басын бір ордада біріктіріп, майталман мамандардың еңбегін сахнаға шығаратын театр, расында, құдіретті. Актерлердің шынайы эмоциясынан туған кейіпкерлер арқылы қоғамды, өмірді тағы бір қырынан танимыз.

27 наурыз – Халықаралық театр күні. Мерейлі мерекеге орай облыстық Н.Бекежанов атындағы қазақ музыкалық драма театрында «Театр – өмір айнасы» атты кеш өтті. Айтулы күн қарсаңында ұйымдастырылған салтанатты шара жаңашылдығымен, ерекшелігімен көрермен көзайымына айналды. Залдың лық толы болуы өнерсүйер қауымның актерлерге деген ыстық ықыласын аңғартқандай. Мерекелік кеш шымылдығы театрда қызмет атқарған ардагерлерді еске алумен ашылды. Қазақстан Республикасының мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы,  облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының басшысы Мира Рахымжанқызының және басқа да театр ұжымдарының арнайы құттықтаулары оқылып, жұртшылық театр актерлеріне құрмет білдірді. Кәсіби мерекеге орай өнер үздіктері марапат биігінен көрінді. Қойылымдарға жиі келіп, тұрақты көрермен болғаны үшін Алмат Шалқарбаев «Үздік көрермен» номинациясына лайық деп танылды. Ал театр өнерін БАҚ арқылы қалың бұқараға насихаттап, үздік бейнетүсірілімдер жасағаны үшін «Театр өнерін насихаттаушы» номинациясымен «Қызылорда» телеарнасының операторы Ахан Әлиев, сахна шеберлерінің өнердегі өмірі туралы үздік мақалалар жариялағаны үшін «Театр өнерін насихаттаушы» номинациясымен облыстық «Сыр бойы» газетінің тілшісі Назерке Саниязова марапатталды.

Жыл бойына табысты еңбек еткені үшін «Үздік қызметкер» номинациясымен театр менеджері К.Жүсіпова, сахна жұмысшысы Ж.Кәрімбердиев және кіші қызметкер Ж.Бұлтынбаева, «Қуыршақ» спектакліндегі табысты ролі» номинациясымен «Қожа мен спорт» қуыршақ спектакліндегі әже ролі үшін артист А.Қиятова, «Ойнайықшы бір, ойлайықшы бір...» комедиясындағы Уылдырық ролі үшін артистер С.Жүзбай және Бекіреш ролі үшін З.Кенжәлі «Үкілі үміт» номинациясымен, «Ғашықтар хикаясы» комедиясындағы Ақмақта ролі үшін «Эпизодтық табысты әйел бейнесі» номинациясымен артист, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Ү.Бегімова және «Ойнайықшы бір, ойлайықшы бір...» комедиясындағы Файл ролі үшін «Эпизодтық табысты ер бейнесі» номинациясымен артист Д.Сабыров, жыл бойында сахналанған спектакльдерді бимен көркемдегені үшін «Үздік қойылым» номинациясымен балетмейстер М.Абишева, Уильям Шекспирдің «Макбет» трагедиясындағы Мыстан ролі үшін «Ең үздік әйел бейнесі» номинациясымен артист М.Пұшпақова және Қанат Жүнісовтың «Ғашықтар хикаясы» комедиясындағы Дастан ролі үшін «Ең үздік ер бейнесі» номинациясымен артист Б.Ошақбаев, «Театрымыздың тарихи тұлғасына айналған артист Яһуда Халықұлов атындағы ауыспалы жүлдемен» артист Қ.Архабаев, «Қазақстанның еңбек сіңірген артисі Әлия Арысбай атындағы ауыспалы жүлдемен» артист А.Төлеуова, «Қазақстанның халық артисі Серік Шотықов атындағы ауыспалы жүлдемен» артист, Мәдениет саласының үздігі Б.Темірбеков марапатталды.

Айта кету керек, айтулы дата қарсаңында Алматы қаласында өткен Қазақстан Театрлар Ассоциациясының «Сахнагер-2018» Ұлттық театр жүлдесін тапсыру салтанатында театрдың жас артисі А.Оразалиев «Үміт» номинациясын алған болатын. Осылайша шара барысында талантымен тамсандырып, қабілетімен ерекшеленген дарабоздардың еңбегі еленді, мерейі тасыды. Әсем ән, әдемі әуен де осында. Мың бұралған бишілердің өнері келген қонақтардың көңілін бір серпілтіп тастағандай. Кеш өнерсүйер қауымға рухани тарту болды.

Театр – өмір айнасы. «Өміріңізбен» бетпе-бет келуден именбей, «айнаңызға» қаншалықты жиі қарайсыз, көрермен? Жауабыңыз болмаса, театрға келіңіз!

Жазира БАҒЛАН,

Н.Нұржаубай (сурет)

 


“АСТАНА” ЖҮРІСІНЕН ЖАҢЫЛМАДЫ PDF Print Email
Жаңалықтар - Сергек
05.04.2018 10:59

Футболдан Қазақстан Премьер-лигасының кезекті турында Қызыл­орданың “Қайсарын” былтырғы ел чемпиондары қабылдады. Бұған дейін екі мәрте өз алаңында доп тепкен “қасқырлардың” бұл биылғы біріншілік барысындағы өткізген түздегі тұңғыш ойыны болатын. Қарсыласымыз – атынан ат үркетін, еуропалық стильге біртабан жақын “Астана” футбол клубы. Алғашқы турда еліміздің төрт дүркін чемпионы саналатын елордалықтар “Ақжайықты” 3:0, одан кейін түзде “Жетісуды” 2:0 есебімен жеңген еді. Осылайша, қос ойында 5 гол соғып, қақпасын құрғақ ұстаған астаналықтарға  қарсы  ойын  және  матчтың  барысы  былайша  өрбіді.

Ас-суын қамдап, құрал-сайманын түгелдеген егіншідей ісіне екпін қосқан қайсарлық жан­күйерлер 30 наурыз күні азанғы 10:00-де Ғани Мұратбаев атындағы орталық стадион маңына жиналды. Аз ғана уақытта бір-біріне бірнеше күн жолсерік бола­тындар өзара танысып, білі­сіп жатты. “Алға, Қайсар!” деп ұрандатқан Сыр клубының жанкүйерлері сапынан біз де табылып, көп ұзамай “Қызылорда-Қарағанды-Астана” бағытына жолға шығып кете бардық. Қолдауға аттанғандардың жас шама­лары әртүрлі. 30-40 жыл бойына туған клубының туын төмен жыққыс­ы келмейтіндермен қатар, соңғы 2-3 жылдың көле­мінде ғана “қасқырларды” қолдап, әр ойынын асыға күтетіндер де табылд­ы. Ең бастысы, автобус­қа жайғасқан 50 жанкүйердің арманы­ – “Қайсардың” жеңісін, сү­йікті командасының ойынын көру.

Ә дегеннен әңгіме жергілікті клубтың өткен ойындары, биыл­ғы құрамы турасында өрбіді. Өзімізше “Болжам-бәйге” ұйымдастырып, матчтың есебін дәл тауып көруді бастап кеттік. Қан­ша адам болса, сонша пікір болады дегендей, әртүрлі жорамалдар айтылды. Керіспеді, келісті. Болжады, болмады. Жүйткіп келе жатып, “Қайсарға” қандай жағдай болса да, 90 минут бойына қолдау білдіруге өзара уәделестік. Өйткені, жанкүйерліктің анықтамасы жеңсе ғана болысу емес екендігін футболсүйер қауым жақсы  түсінеді.

“Жол азабын жүрген білер” демекші, Жезқазған қаласы аумағына келгенде, табиғат тосын мінез танытып, айнала шаңнан көрінбей қалды. Құйындай құйғытқан бұрқасын автобустың жүруіне қиындық тудырды. Ұшы-қиыры жоқ секілді көрінетін Бетпақдала бір ғана көріністі көз алдың­а  әкелетіндей. Әлсін-әлсін алыстан шаңдатып машина көрініп қояды. Ойдым-ойдым жол кітап оқуға мұрша бермейді. Қолыңызды шекеңізге таянып, ойланудың өзі мұң. Терезеге тел­міріп, мидай мекеннен кеңдік пен шексіздіктің символын байқайсыз. Ойпаң жерден жай өтіп, қыраң жерге тоқтаған автобустың жүрісі тасжолға түскенде ғана өне бастады. 12 сағатқа жуық жол жүр­ген автобус күннің ауысуына бір сағат қалғанда Қарағанды маңындағы “Атбасар” деген жерге тоқтауға мәжбүр болды. Бізге жеткен ақпарат бойынша, шахтерлер қаласы қалың қар, боран және көктайғақ екен. Сол тұрғаннан мол тұрдық. Қасқыр сынды қайраты бар жанкүйерлер 8 сағат бойына аялдап, Тәңірдің таңы атқанда, яғни сағат 7:50-де Астанаға  қайта аттана жөнелді.

Жалпы, “Қайсар” басшылы­ғы өзге қалаларға жанкүйерлер апаруда мықтылық танытып келеді. Өткен жылы Алматы, Тараз, Шымкент, Ақтөбе қалаларына сырбойылықтарды алып барып, команд­аға қолдау білдіргені қалың көпшіліктің есінде шығар. Аталмыш үрдіс биыл да өз жал­ғасын тауып отыр. Әлгі тізімге клуб басшылығы және жанкүйерлермен жұмыс істеу тобы Қарағанды қаласын қосыпты. Жақсының жақсылығын айту керек, мұны жерлестердің пікірімен санасу, оларға құрмет көрсету деп ұғын­ғанымыз жөн. Сонымен, 1200-ден аса шақырымды артқа тас­таған сырбойылық жанкүйерлер 27 сағат дегенде “Астана Арена” ста­дионының дәл жанынан табыл­ды.

“Астана Арена” – төбесі жабылатын, еуропалық стандартқа сай еліміздегі бірден-бір емес, бірегей стадион. Құшағына бір мезетте 30 мың көрерменді сыйдыра  алатын алаңға ел біріншілігі аясында мұндай сандағы адамды көру мүмкін емес. 3500 көрермен жиналған ойын тағдыры небәрі 15-минутта шешіледі деп кім ойлаға­н? Себебі сол, қос команданың қайраты қашып, ойынға зауқы соқпай қалды ма дерсің?!     9-минутта ганалық футболшы Патрик Твумаси хорват легионері Марин Томасовтың пасын голға айналдырды. Арада 6 минут өтер-өтпестен Роман Мұртазаев мергенд­ігімен танылып, есепті 2:0-ге жеткізді. Бұл жолы да әріптесіне пас берген – Марин Томасов. Бірінен соң бірі кірген голдан “Қайсар” ойыншылары есеңгіреп қала берді. Десе де, алыстан ат арытып барған жан­күйерлер және сондағы жерлестер 90 минут бойына өз клуб­тарына қолдау білдірумен болды. Ойыннан кейін команда капитаны Мақсат Байжанов, клуб дирек­торы Серік Досмамбетов қолдаушылардың ортасына келіп, алғысын білдірді. Өз кезегінде жанкүйерлер де жағдай жасағ­аны үшін клуб басшылы­ғына  рақметін  айтып  жатты.

Осыдан соң, “Астана” алғаш­қы үш турда гол жібермеген Премье­р-лигадағы жалғыз команда атанып отыр. Сондай-ақ, турнир кестесіндегі көшбасшылық қалпынан таймай, 9 ұпаймен бірін­ші орында келеді. Дегенмен, шәкірттерінің өнері бас бапкері Григорий Бабаянның көңі­лінен шықпапты. “Біз алғашқы 20 минутта жақсы ойын өрнегін көр­сетіп, 2 гол соға алдық. Одан кейін он минуттай өз ойынымызды көрсетіп, бірнеше қауіпті шабуы­лдар ұйымдастырдық. Шынын айтсам, одан кейін ко­ман­да футбол ойнаған жоқ. Шабу­ыл шебінде де, қорғаныста да  сәтсіз  өнер көрсеттік. Матчты­ бақылауда ұстадық, гол соғатын мүмкіндіктеріміз де болды. Алайда командамның бүгінгі аяқ алысы­ көңілімнен шыққан жоқ”, - деді ол  баспасөз  мәслихатында.

Ал, “Қайсар” “Ақжайықтан” алған жалқы ұпайымен турнир кестесінде 9-орында тұр. Қызыл­ордалықтардың  ендігі қарсыласы – талдықорғандық “Жетісу” клубы. Егер де “қасқырлар” бұл ойында да ұпай ала алмайтын болса, Стойчо Младеновтың жағдай­ы қиындай түспек. Қазіргі уақыттың өзінде жанкүйерлер бас бапкердің орнын босатуын талап етіп жатыр.

Рыскелді  ЖАХМАН,

Қызылорда-Астана-Қызылорда

 

“Астана”– “Қайсар” (Қызылорда) 2:0 (2:0)

Голдар: Твумаси, 9 (1:0). Мұртазаев. 15 (2:0).

Ескертулер: Курьор 12, Томасов 63, Коробкин 76, Граф 81.

“Астана”: Эрич (к), Аничич, Кляйнхайслер, Маевский (Щеткин 46), Твумаси (Зайнутдинов 90+1), Станоевич, Томасов, Шомко, Бейсебеков­, Постников, Мұртазаев (Перцух 67).

Қосалқы  құрамы: Мокин, Шитов, Логвиненко, Мужиков, Малый, Прокопенко.

“Қайсар”: Григоренко, Граф, Ламанж, Курьор (Гурман 83), Вере, Коробкин, Әмірсейітов, Евстигнеев, Жаңғылышбай (Аркин 61), Байжанов­ (к), Тағыберген (Камара 61).

Қосалқы  құрамы: Исламқұлов, Джа Джедже, Аржанов, Марочкин, Нәрзілдаев, Чуреев.

Төрешілер: Игорь Чесноков (Өскемен), Анатолий  Ходин (Атырау)­, Ринат  Якбаров  (Семей).

Астана  қаласы, “Астана Арена” стадионы. 3500 көрермен.

 


«Қалағаңның қалжыңдары – халық мұрасы» PDF Print Email
Жаңалықтар - Халық-хабар
05.04.2018 10:47

Жақында осы тақырыппен Ә.Тәжібаев атындағы облыстық әмбебап ғылыми кітапханасында белгілі драматург-жазушы, аудармашы, сыншы, қоғам қайраткері Қ.Мұхамеджановтың 90 жылдығына әдеби кеш ұйымдастырылды.

«Қалтайдың кеудесінде өмірде сарқылмайтын алтын ұядай – күлкі ұясы бар. Сол ұядан оның сүйгеніне де, сүймесіне де арналған күлкілері кезектесе ұшып тұрады», - деп қазақтың классигі Ә.Тәжібаев айтқанындай Қ.Мұхамеджановтың қалжыңы, әзіл-күлкісі астарында ғаламат білім, қатпарлы ой жататын. Оның әрбір сөзі айналасына ой сәулесін төгіп, адамдарды жадыратып, әрі ойландырып тастайтын. «Қалтай айтыпты» деген әрі терең, әрі ойға ұялай қоятын алғыр да қанатты сөздер жетіп артылады. Сол кестелі сөз кемеңгерінің қалжыңдарына арналған кештің мақсаты - өткір сөз, тапқыр ой, әдемі әзіл, қазақы қалжың арқылы ой тастау, тәрбиелеу, жастардың сана-сезімін ояту.

Іс-шараға Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінің оқытушылары Қазыбай Құдайбергенов, Айман Айтбаева және студенттері, Абылайхан колледжінің студенттері және журналист Б.Сәтжан қатысты.

Ә.Тәжібаев атындағы облыстық әмбебап ғылыми кітапханасы

 


ОБЛЫСТЫҚ СЕМИНАР ӨТТІ PDF Print Email
Жаңалықтар - Халық-хабар
05.04.2018 10:38

Қазақ әліпбиін латын графикасына көшірудің негізгі қағидаларын түсіндіруге байланысты кеше Жалағаш ауданындағы Мәдениет және өнерді дамыту орталығында «Латын әліпбиіне көшу – рухани жаңғырудың негізі» атты облыстық семинар өтті. Семинарды аудан әкімінің орынбасары Ж.Тажмаханов ашып, қазақ әліпбиін латын графикасына көшірудің маңыздылығына тоқталды.

«Қызылорда-Ақиқат айнасы» жастар қоғамдық бірлестігінің медиа координаторы, облыстық ақпараттық-насихаттық түсіндіру тобының жетекшісі Е.Құсан семинарға медиаторлық жасаса, Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінің қазақ тілі мен әдебиеті және журналистика кафедрасының аға оқытушысы, филология ғылымдарының кандидаты Б.Боранбай «Әліпби мәселесінде аса ыждаһаттылық қажет», Қызылорда облыстық ішкі саясат басқармасы жанындағы Өңірлік тілдерді оқыту орталығының әдіскері, топ мүшесі Ж.Ерекешова «Әліпби алмастыру – уақыты жеткен шешім» атты хабарламалар жасап, қазақ әліпбиін латын графикасына көшірудің өзектілігіне, маңыздылығына тоқталды.

Семинарға қатысушылар ұсыныс-пікірін білдіріп, АНТ мүшелеріне алғыстарын білдірді.

Жалағаш ауданы ішкі саясат бөлімі

 


Мәжіліс депутаттары Қазалы ауданында болды PDF Print Email
Жаңалықтар - Халық-хабар
05.04.2018 10:31

Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаттары Дархан Мыңбай мен Аманкелді Дәуренбаев Қазалы ауданында жұмыс сапарымен болды. Е.Бозғұлов атындағы №249 мектеп-лицейде аудан ұстаздарымен өткен жүздесуге мәжіліс депутаттарымен бірге "Нұр Отан" партиясы Қызылорда облыстық филиалы төрағасының орынбасары Ержан Байтілес, Қазалы ауданы әкімінің орынбасары Әлімжан Жарылқағанов қатысты.

"Президенттің бес әлеуметтік бастамасы" атты халыққа үндеуіне тоқталған депутаттар халықтың әлеуметтік жағдайын жақсартуды, бірінші кезекте әрбір отбасының баспаналы болуына жаңа мүмкіндіктер беру, күнкөрісі төмен, жалақысы мардымсыз жұмысшылардың еңбекақысын салық мөлшерін төмендету арқылы көбейту, түлектерді жоғары біліммен барынша қамту, студенттер үшін жатақханалар салу, жұмыссыз және өзін-өзі еңбекпен қамтыған азаматтардың жаппай кәсіпкерлікпен айналысуы үшін шағын несие беруді жандандыру, орталық және солтүстік өңірлердегі елді мекендерді газбен қамтамасыз етуді жалғастыру сияқты әлеуметтік маңызы бар өзекті мәселелерді кеңінен талқылады.

Мұнан соң Мәжіліс депутаттары жыл басында іске қосылған аудандық аурухана ғимаратын аралап көріп, дәрігерлермен пікірлесті. Келесі кезекте "Нұр Отан" партиясы аудандық филиалы ғимаратында қоғамдық қабылдау өткізіп, тұрғындарды жеке мәселелері бойынша қабылдады. Сапар барысында депутаттар Қазалы локомотив жөндеу зауытында, Жалаңтөс батыр ауылында болып, халықпен кездесті. Ауылдың тыныс-тіршілігімен танысты.

Жұмабек  Табынбаев

 


ТӨРКІН СЫБАҒА PDF Print Email
Жаңалықтар - Арнайы беттер
05.04.2018 10:21

Алмас  АЛМАТОВ,

Қазақ Ұлттық өнер университетінің профессоры,

Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері

Бір күні анам таң алдында­ оятып: - Балам, қар кетіп, жер аршылып жатыр. Құбыла беттегі жыңғылды ойда балықкөзді табан бар. Тұзағыңды сонда құр. Құдай берсе, бірдеңе ілігер. Қайтарыңда дорбаңа балықкөзден толтырып ала кел, - деді. Таң қараң­ғысында тұрып тұзақ құруға кеттім. Анамның әкесі аңшы адам болған еді, оны да жақсылыққа жорып үміттеніп келемін. Айтқандай-ақ, сіл­теген жеріне келсем, қардың ойдым-ойдым ашылған жері­нен қырғауылдар балықкөзге жайылып шашып тастаған екен. Айналдыра тұзақтарымды құра бастадым. Күн көтеріле екі төбенің астына барып, үйжыңғылдың күнгей бетінен орын дайындап, астыма сексеуілдің шырпысынан төсеп, әкемнің шекпенін оранып жатып алдым. Көзім ілініп бара жатса түсімде әлденелер елестеп, оянып кетіп отырмын.

Ашқұрсақпын, қалай да ұйықтап кетіп­пін. Оянсам, күн төбеге келген екен. Аяздаған денемді зорға жаздым. Дереу тұзақ құрған «балықкөз табанға» қарай асықтым. Аш адамда тамақтан басқа қайғы болмайды. Қанша адымдап жүр­сем де, жүрісім өнбейді, ойым­нан шықпайды. Сол жерде, «Өзім де әлсіреген­мін-ау», - деген ой келді. Жың­ғылдың қураған таяғын алып таяу қылып, алдыға қарай асығып келемін. Төбеге шыққаным сол, құдай берді! Ойдағы тұзаққа түскен қыр­ғауылдың қоразын көріп, аяғым жерге тимей кетті. Жүгірген беті, жетіп таяқпен салып өттім. Келесі тұзаққа мекиені түсіпті... Ойпырмай, сондағы «Аллаға, сансыз тәуба айтып жылағанымды көрсең?!»... «Жан бергенге – дән берем» деген Алла, жеткердің-ау!» деп. Шешемнің айтқан «балықкөзін» жинап дорбама салып, екі қырғауылды белімді байлап қойныма тығып­, қуанғаннан ауылға төтелеп тарттым. Баратын жерім үш шақырымдай жер. Көктемде өлексені жейтін тазқара мен ақсары төбемде айналып жүр. Алдымдағы ойға түс­сем, өлімтікке үймелеген қарға-құзғын шуылдап қоя берді. Жүрегім тартпаса да, солай қарай жақындап жүрдім. Қар астынан аршылып қалған адам мүрделерін көрдім. Жемсауын найзалап тоят­тап алған тазқара, орнынан мені көріп зорға көтері­ліп, ұзамай төбенің басына қайта қонды. Қар­дың бетінде қою қара шашы бұрқырап жатқан жас әйел екен. Бір бұрымы тарқа­тылып, бір бұ­рымы өруімен қа­лыпты. Әйел бауырына баласын қы­сып, бүк түсіп қырынан жатыр. Үстінде сырма масатыдан шапаны бар. Баласымен  екеуінің кө­зін құзғындар ойып алып тастапты. Сәл әріректе тағы бір­неше адамның өлігі көрінді... Қарға-құз­ғынның шуылы кү­шейіп, жүрегім қалтырап қоя берді. Бо­йымнан әл кетіп бара жатқандай се­зіндім. Үрей билеп айғайламақ болдым, дыбысым шықпады. Тез кетуге асықтым. Жүрегім айнып, екі-үш қайтара лоқсыдым. Төбенің басына әзер шығып, отыра кеттім. Қарама-қарсы жыңғылдың түбіндегі үрлесін қардан басы көрініп отырған екі адамның сұлбасын байқадым... Қайта қарағанымда, жердің беті түгел өлікке толып бара жатты... Басым айналып, жер мен көк төңкеріліп түскендей күй кештім. Қайта лоқсып қара құрым запыран тастадым. Бойым­ жеңілдегендей болды. Бетімді қармен жуып, қайта жүрдім. Өзіме-өзім: «өлікке жақындап нем бар еді?!» - деп, келемін... Теңселіп, жүрегім аттай шауып, көзім қарауытты. Бойымнан әл-дәрмен кетіп, көз алдыма анам елестегендей болды... Әкем бе екен, біреудің сұлбасы... Одан әрі есімде жоқ... Есімді жисам, түн ортасы­ болар, төбеме төніп отырған анамды көрдім. Абырой бол­ғанда, қостың алдына келіп құлаған екенмін. Басымды тізесін­е қойып: «Жаным, құлыным!», - деп, бір ырғақпен тербетіп отыр екен. Көзінің жасы тарам-тарам болған анамды, мұншама жақын жерден көр­семші  бұрын... Салалы саусақтарымен маңдайымның терін сүртіп, «әлди бөпем» деп, бесік тербеткендей ыңылдап, көзі­нің жасы бетіме тамшылап отыр. Қолының сыртынан қолымды қойып: «Апа, тірімін, жыламаңыз!?», - дедім, бөліп-бөліп. Анам сол кезде құшағына қапсыра қысып, өксіп-өксіп қатты жылады. «Я, Алла не жазы­ғымыз бар еді!? Мұншама апат жіберетіндей?!», - дегенде жүрегім езіліп кетті. Қосыла жыладым. Анамның аһ ұрған зарынан қара жер жарылғандай күй кештім. Анам өте сабырлы адам еді... Іле-шала, кәлимасын қайырып, «Алла, Алла мың қайтара шүкір!», - деп, тәубасына түсіп жатыр. Маған дейін­гі бес-алты перзенттері өліп, баланы зарығып көрген жандар ғой... Тұруға талаптандым, әлім жоқ. Былауға түскендей терлеп, су болып ағып жатырмын. Сегізкөзім мен жауырын тұсым ашып бара жатыр. Анам құлағыма сыбырлап: - Қожа атаң қоз қойдырды. Шыда құлыным! -деп, жан-жағымды қымтап жатыр. Сол кезде алакөлеңке оттың жарығынан көрдім, қостың ішінде әкем мен Сарыөзен қожа отыр екен. Ол кісі жұмсақ биязы даусымен: - Балам, Алла жар болды! Қатты аяздап қалған екенсің. Енді тұрып, жуынып-шайынып ас-ауқатыңды ішсең бо­лады, - деді. Қоз қойғанда – жауы­рын мен сегізкөздің тұсынан үлкен кесе шамасында жерді ойып, соған сексеуілдің қайту шоғын салып күлмен қоламталап, бетіне жұқалап топырақ тастап, үстіне қоғадан тоқыған мардан төсеп, соған жатқызған екен. Келесі күні денем тыстап, көрпедей қаптап кетті. Егер терлемегенде ішке түсіп, адамды өлтіретін жаман дерт екен. Ескіліктіде ол дертті  «күл»  деп атайтын. Әуелі Құдай, сосын Сарыөзен қожаның арқасында сөй­тіп бір өлімнен қалдым. Он-он бес күн  жатып, қатарға ендім. Бетім­де сол дерттің дағы қал­ды. Ол дерттің шарты сол: «жаның­ды аламын, болмаса,  әріңді аламын» деп келеді екен. Өлмеген жанға жаннан артық олжа бар ма?!... Кейін анамнан: - Апа, қалай мені «балық­көз ойға» білгендей жібердіңіз?, - деп сұрадым. Анам: - Сол күні түсіме әкем кірді. Өзіңнің атыңды атап, «балықкөз табанға барсын», - деп, тірісіндегідей бір-ақ ауыз сөз айтты... Түн ортасы екен. Оянып кеттім. Қайтып көзім ілінбеді. «Ойпырмай бұл кісі түсіме кірмейтін еді. Аруақ желеп-жебеп жүрген шығар»  деп, содан өзіңді ояттым. Әкем аңшы кісі еді. «Аң мен құс жа­йылған шөптің бәрінде «дән» болады, болмаса «нәр» болады»  деп айтып отыратын... Ал, анам: «Балықкөздің ортасындағы жалғыз дәні – құстың азығы. Олар да ет пен сүйектен жаралған мақұлық ғой, шырағым. Жоқ жерде оның дәні де, қуырып шәй орнына демдеп ішуге болады», - дегенін бала кезімде шешемнен естіп едім. Әуелі құдай, сол екі қырғауылдың сорпасы дертіңнен сауалуыңа демеу болды ғой жаным. Болмаса сорпа-суды қайдан табамыз? - деді...

Қар кетіп, әкем тіршілік қамында жүр. Қара арықтың бойында ертелі-кеш екі адам жүреді. Бірі ақ дамбал, ақ көй­лек, ақ орамалды Сарыөзен қожа. Ол кісі бес уақыт намазын жарманың басында оқиды. Бірі – кетпенін арқалаған әкем. Арыққа әлі су түскен жоқ. Жер дегдіп, күн жылына бастаған мезгіл. Бір күні ауыл сыртына бір бөлек адамдар келіп тоқтады. Өре түрегелдік. Анау қыр­қаға келіп орнықты. Адамдарының жүрісі тың, өздері ширақ секілді. Ол заманда бейсауат адам қарасы көрінсе, әуелі елге ақылдан бұрын, үрей келеді. Атқа мінген адам көрсе әзірей­ліні  көргендей қорқып, халықты әбден үрей билеп, жетесі жер болып қалған заман ғой... Жағалай қостан шығып қарап отырмыз. Келген күні сол жерге­ тынықты. Ертеңіне тұрып, төбенің басынан жыңғыл қос соға бастады. Сәске мезгілінде бір келіншек қасында сегіз-тоғыз­ жастағы қыз баласы бар қабақтан түсіп, біздің ауылға қарай келе жатты. Ауылдың шетінен әр қосқа кіріп, кідір­мей жағалап келе берді. Кезегі біздің қосқа жетіп, әкемді кө­ріп: - Сәлембердік, аға! - деп, ішке кіріп, қызын бауырына тартып оң босағадан, мешіт молласына дәріске кірген шәкірттей жүрелеп отырды. Киім киісі, әдебі алыс жақтың адамына ұқсады. Өзі өңді, қараторы жасы 25-30-дар ішіндегі қажырлы келіншек көрінді. Біздің қосқа кіріп кідіргенге айналадағы ауыл адамдары да жинала бастады. Әкем: - Саламат бол, шырағым! - деп, аңтарылып қайта қарады. Келіншек: - Аға, біз алыс Тауелібайдан келе жатқан ағайынбыз. Еліміз Шөмекей, Отарбай Бал­қы. Майдабек ауылының бір үзік жұртымыз. Қызылқұм бетінде малды ауылда отыр едік. Біздің елімізде де осы жұтшылық жайлады. Мал-жанның бәрі тәркіленді. Азаматтарымызды үкімет адамдары айдап әкетті. Өлі-тірісінен хабарымыз жоқ. Елден шыққанда көш көлігіміз бар, 40-50 жан едік. Тонаушылыққа ұшырап, осы жерге бала-шағамызды қосқанда 22 жан жеттік - деп, кідірді. Әкем: - Айналайын-ау! Ел біткен жан сақтауға Бұхараға шұбырып жатқанда, теріс көшкенің не?! - деп салды. Келі­ншек жанарын төмен салып­, сәл кідіріп сөзін жалғады: - Әлі аға! Мен сізді енді ғана, даусыңыздан танып отырмын. Бұдан он жыл бұрын осы Ақбас табаннан өздеріңіз ұзат­қан, Құлыс Кете Бегімнің қызы Зухрамын!? - дегенде әкем еңсесін тез көтеріп алып, келін­шекке зер сала қарап: - Ойбөй, шырағым-ай!? Айналайын-ай! Шілмахан жанның қарындасы екенсің ғой!? - деп, дауысы дірілдеп: - Енді не істе­дік? Енді не істедік, - деп жан-жағына қарап, екі тізесін уқалай берді. Анам дауыс салып: - Жан  бауырым, жан бауы­рым!  деп келіншекті бауырына қысып, құшақтасып көрісті. Бұл кісілер немере туысқан болып шықты. Әкем: - Әй, қоя тұр! Тыңдайық, - деп шешеме зекіп тастады. Келіншек те басы­ндағы орамалын жөндеп, әңгімесін қайта жалғады: - Аға, жолшыбай халықтың жағдайын көріп келе жатырмын. Кей ауыл түндігі ашылмай түгел нәубетке ұшырапты... Өткен жылғы қыркүйекте, өзімді ұзат­қан жолмен Сырға қарай Ақ­бөгеттен шығып, Қуаңның бойына жетіп, Қоян түлейді қыстап шықтық. Сол жерде тонау­шылыққа ұшырап, оншақты адамымыз шығын болды... Көліктен екі түйе, екі атымыз бар еді, соны тартып алып кетті. Бұл жерге жеткен әйел, бала-шағамыз. Өзімнің үш баламна­н қолға ұстап қалғаным – мынау, үлкен қызым. Екі ер балам жолай шетінеді. Көктем шыға ерте қозғалып, қар суымен сіздерге жеттік. Аң екеш, аңның баласы да қиналғанда туған ініне қарай қашып, жан сақтайды екен. Бұдан әрі баратын жерім де, елім де жоқ. Менің туған жерім – осы Ақбас табан ғой, Әлі аға!? - дегенде әкем екі иығы бүлкілдеп, жасқ­а булығып тебіреніп кетті: - Айналайын-ай! Айналайын-ай! Әлім мен Шөменге сөзін өткіз­ген Кете Бегім бидің қызысың! Қандай ел едік? Соншама жерден еліме жеттім деген­де, қаңсып өлік сасыған дала­ға келдің-ау, - деп, басын шайқап­ отырып қалды. Сәлден соң әкем бойын жинап: - Біз­дің жағдайымыз осы. Төркін жұр­тыңнан да ешкім қалмады. Тірісі айдалып кетті, өлісі қардың астында қалды, - деп, әкем орамалымен бетін сүртті. Келіншек: - Аға, ел қарасына жеттік, қалған жерде құдайдың басқа салғанын бірге көрейік. Сізден, қапталыңызда қос салып отыруға рұқсат сұрай келдім. «Жұтаған шүкірге тоймайды» деген, біздің ішімізде ер-азамат жоқ. Еркекше киініп жүрген төрт әйелміз. Қалғаны –  ата-анасыз қалған бала-шаға, ағайын-туманың тұқым жұрағаттары. «Ақбас табандағы егін еккен еліме жеткізсем жетімдерді өлтірмеспін» деп, күні-түні сабылып келе жатқан жағдайым сол. Ең болмаса, есіл азаматтардан артында қыз да болса тұқым қалсын деп ертіп келе жатқаным, алды 15-16 жаста,­ соңы 10-12 жастағы балалар. Мына заманда қайыр тілеп тарап кетсе, жинай алмай қаламын. Сіздерден өтінішім, кеңестеріңіз жарасса, маған «төркін сыбағама» Қара арықтың суынан бір құлақ су бері­ңіздер? Егін егіп, жетімдерімді асырайын, ағалар? - деп, тоқтады.

Келіншектің айтқан сөзіне егіліп жылап отырмын... Әкем ойланып отырып қалды. Бұл жеке адам шешетін мәселе емес... Дүниенің кең уақытында «бір құлақ» суға таласып, бір-бірін кетпенмен шауып өлтір­ген, ағайын мен ағайын араздасқан жағдайлар болған... Мына заманда кім-кімді ая­сын!? Бағанадан сөзін тыңдап аш көздері үңірейіп тұрған көршілер сөздің абағын түсі­ніп, келіспейтін кейіп танытып, қолдарын сілтеп, селдіреп тарай бастады. Әкемнің оң қапталына келіп құлағын тігіп отырған, ауыл-үйге сүй­кім­сіз­деу белсенді біреу бар еді. Сол шу шығарды: - Ойбай, әкең­нің..., мыналар біздің жері­мізді тартып алуға келген байдың тұқымдары екен! Үкі­метке хабарлайық! Ұстату керек!.. Сол заманның адам шошырлық бар сөзін ұрандап елеу­реп кетті... Әкем, «қой» десе, өжеттеніп өршелене түсті. Одан әрі шыдамаған әкем іргесіндегі таяғы­мен қақ маңдайдан оңдырмай тартып жіберді. Айғай­ға ойбай жалғасып, жолда отырған келіншекті тізесімен қағып өтіп далаға қашты... Жиналған жұрт «бәлесінен аулақ» деп, бет-бетіне кетті. Әкем: - Қара­құрым халықтың қарғысын арқалаған, атаңа нәлеттер! - деп, таяғын іргеге тастай салды. Содан соң келген келіншекке қарап: - Айналайын, менің арығымнан бір құлақ су аласың. «Арқақос» болып егінді бірге егеміз. Ағамның мойнындағы аманаты «төр­кін сыбағаң» үшін! Қия­метке барғанда Алла Бегім ағама жолықтырса, жауап беремін ғой, шырағым!? - дегенде, келіншек қызын бауырына тартып, солқылдап жылай берді. Өксігін баса алмай біраз жылады. Шешем байғұс құшақтап жұбатып-ақ жатыр. Бәріміз жыладық. Азапты жолдан өтіп келгенде, әкесінің көзін көрген бір адамның маңдайынан сипаған бір ауыз сөзі іштегі шерін қозғап жіберді, білем... Анам байғұс су әкеліп беті-қолдарын жуғызып, майлық төсеп жеті түйір жүгерінің шоққа пісірген дәнін қойды. Әкемнің жидеден ойған шай ішер­лік ыдысына қаңылтыр шелектен ожаумен алып балықкөздің шайын құй­ды. Біздегі бар дүние –  осы. Анам: - Айналайын, дәм тата отыр. Алла, өнемейін бұлай қыса бермес,- деп, ас мезіретін жасады. Келіншек шекпенінің ішінен белін буып тастаған шәйі  жібек белбеуін төрт орап ағы­тып, арасынан май шүберекке ораған нәрсені даста­рқанға  қойып: - Аға, шөмекейдің елі аңшы болады ғой. Оншақты қақпанымыз бар. Абысынымыз екеуміз сол қақ­панмен осыншама жанды талғажау асырап келе­міз. Мынау сіздерге сыбаға болсын деп ала келген асым еді, - деп, орамалды ашты. Бәріміздің көзіміз сонда. Ой, Алла-ай! Сүрленіп, шоққа пісі­рілген семіз киіктің үш қабырғасынан төменгі сүбесі екен. Әкем пышағын суға шайып жіберіп, жоғарғы екі қабырғалығын кесіп алып, қалғанын шешеме қарай ысырып қойды. Анам байғұс, майлыққа орап тыққыштап жатыр... «Аштықта жеген құйқаның дәмі аузыңнан кетпейді» деген, соны көзіміз көрді. Күні бүгінге дейін ойласам, дәмі аузыма келеді. «Елге ел қосылса, құт» деген, егіншілікпен айналысқан, кәсіпті елдің қызы ғой. Өздерімен алып келе жатқан тұқымдық дәндері де бар болып шықты. Әкем келіншекке: - Шырағым, жұрт аш. Біз – отырықшы елміз. Ер­тең көктемге жетем де­генше, халық бұдан да бетер қиналады. Тұқымдық дәніңді берік жерге сақтайық. Ұры-қары, жүргінші көп. Түнделетіп мына  балаға  беріп   жі­бер, - деп ақылын айтты. Соған келісіп, бір қап дәнді арқалап келсем, әкем далада күтіп тұр екен. Алдыма түсіп жүре берді. Сол бойы Сары­өзен қожаның қосына келдік. Қожекең де сырт­та күтіп отыр екен. Ішке кірсек, қостың ортасындағы ұраны ашып қойыпты. Арқалап келген қап­ты соған салдым. Біздің үйден «ұрланған» алаша қап та сонда тұр. Бірдеңені түсінгендей болдым... Қайтып келе жатып әкем: - Балам, бұл тұқым – иманына берік. Аманатқа қиянат жасамайтын әулет! Жалғыз баласы мен кемпірі үшеуі аштықтан ісіп отырса да, астында ұрадағы дәннен бір түйір дәме қылмайды. Есіңде болсын! - деп, ескертті...

Көктем шыға, жаппай егінге кірістік. Құдай беремін десе, демде ғой! Егін жай­қалып, бітіп қалды. «Меке жүгері» деген дақыл­ды солардан көр­дік. Ол жылдам, тарымен жарысып пісетін дән екен. «Ердің назын жер көтереді» деген, аштықтан қалған жұрттың жұрнағы то­йымшылыққа ілінді-ау!... Асылы қатынның аты шықпайды ғой!? Болмаса сол Бегімнің қызы үш жыл ішінде өзімен келген жұртты тойындырып, киін­діріп, көшерлік көлік­ті, мінерлік атты қы­лып, керуен салып, ағайынмен той жасап қоштасып, Тау еліне қайтты. Бір адамын шашау шығармай еліне қосты. Бұл, «мен» деген азаматтың қолынан келмейтін, туымдылық ғой. «Аспан  аяқтай, жер таяқтай» болып, қара су теріс аққан заман­да тәубасынан жаңылмаған, жолынан жығылмаған, иманын аттамаған сол жан­дарды көрдік. Елді біріктірер еркек-әйел­дің туымы бөлек болады екен. Соған көзім жетті, - деп, Машекең әңгіменің бір түйінін қайырды. Одан әрі: - Қожа  сен, «төркін сыбағаның» мәнісін түсі­не  алдың ба? - деп сұрады. - Естуім бар еді. Әлі де толықтырып айта отырыңыз, - дедім. - Онда, «төркін сыбағаның» мәнісі былай, біліп ал. Ұзатылған қыз барған жерінде өсіп-өнгеннен соң ата-анасына сый-сияпатымен арнайы сәлем бере келіп, мал-мүліктен таңдап алатын сыба­ғасы. Содан соң, ел ақсақалдарының  басын­ қосып: - Ана, қиямет күнге дейін ақ сүтіңе ризамын! Әке, аталық  ақыңызға ризамын! - деп баталасады. «Өмір барда қаза бар», кімнің басы қайда қалады? Қыз бала жатжұрттық, шалғайда біреудің елінде жүреді. Ата-ананың қадірін тірлігінде біліп құрметтеу, ризашылығын алу дегеніміз сол. Бегім бидің қызы әкем болмаса, әкемнің көзін көрген жұртына келдім, менің «төркін сыбағама» бір құлақ су беріңіз?» - деп салмағын салып сөйлегені, сол – ата жолымыз! Ал, «арқақостың» мәнісі: Бір құлақтан су ішкенмен әркім өз еккенін өзі жинап, пайдала­на­ды. Қос болып ексең өнім қанша болса да, қосқа біріккен адамға тең бөлінеді. Білдің бе қожа? - деп, Машекең маған қарады...

Машекеңнің  айт­қан әңгімелерін көз алдым­да көркем кинодай көріп отырдым. Сол бойында күні бү­гінге дейін есімде сақталды. Өлімнің ортасынан «өзегі өлмей шыққан» осы әңгімені жазуға біраз ойландым. Сәті енді түскен секілді...

Астана  қаласы

13.07.2017 ж.

(Соңы. Басы өткен санда.)

 


ЕСІЛДІҢ ЖАҒАСЫНДА БІР ҚАЛА БАР... PDF Print Email
Жаңалықтар - Саясат
05.04.2018 10:00

Елдіктің рухын кө­теріп, халықтың еңсе­сін тіктеген уақытта еліміздің бас қаласын Алматыдан Астанаға көшіру туралы шешім­ді мемлекет басшысы 1994 жылдың 6 шілде­сінде қабылдаған. Төскейге арқасын тосып, Арқан­ың әйбат жерінде орналасқан Ақмоланың қабырғасын қазақ елінің астанасы етіп қалау презид­енттің басты арманына айналды.

- Жаңа астанаға көшу және оны салу туралы ой менде ертеректе, сонау 1992 жылы туған еді. Бірақ мен ол кезде бұл ойымды аузымнан шығармадым. Өйткені Қазақстанның экономикасы ойлағанд­ы іске асыруға мүмкіндік бермеді. 1992 жылы Қазақстанның президент­тігіне сайланғаннан кейін  Ақмолаға келдім. Есіл­де­н көлденең тар­тылған ескі көпір­дің ортасында тұрып, өзенге қарадым. Маған қаланың ортасы­нда өзен ағып жатқа­ны қашанда ұнайтын. Өзен қалаға ерекше бір көрік береді, мәртебесін көтереді. Мысалы, бізде Жайықтың бойында Атырау, Сырдарияның жағасында Қызылорда, Тобылдың бойында Қостанай, Ертістің бойында Семей мен Кереку орналас­қан. Ал әлемде қан­шам­а астаналар өзен жағасына салынған. Санкт-Петербург – Невада, Мәскеу – Мәскеу өзенінде, Париж – Сенада, Лондон – Темзада тұр. Ал Ақмола­ Қазақстан мен бүкіл Еуразияның орталығын­да орналасқан, - деп қазіргі Астана қаласын  елдің  жүрегіне айнал­дыру  туралы  ойын айтқан  болатын  мемлекет  бас­шысы.

Тарихтың сырын бүге еркелеп ағып жатқан, қазақтың дарқан даласын құшағына алып, толқы­нымен тербеп тұрған Есілдің жағасына Астана қаласын ресми көшіру 1997 жылы жүзеге асты. Бір жылдан кейін Ақмола атауы Астана қаласы болып­ өзгертіліп, қазақ жұртының бас қаласы ретінде дами түсті.

Қазақ «елу жылда ел жаңа, жүз жылда қазан» дейді. Бүгінде Отанымыздың астанасына 20 жыл толып отыр. Көз тартар көріктілігі, жаңа үлгідегі биік ғимараттары, күн сайын қарқынды жүргізіліп жатқан құрылысы Астананың келешегі енді ғана басталып келе жатқанын меңзейтіндей. Еуразия құрлығының кіндігінде орналасқан қала Еуропа мен Азияны жалғастырушы алтын көпір, әлемдік қақпаның кілті, ал Қазақстан қалаларының жүрегі. Бұл да тәуелсіздіктің тұғырлы жеңісі деп айтуға болады. Әлем елдерінің қатарында өркениетті даму бағытымен ажары айшықталып келе жатқан жас қала бір шаңырақтың астына бірнеше ұлт пен ұлысты сыйғызып отырған бауырмалдылығымен тартымды.

Астананың сәулеткерлік тұжырымдамасын жасау барысында Елбасы Елордада Батыс пен Шығыстың мәдени дәстүрлері үйлесім тапқан ерекше еуразиялық стиль қалыптастыру идеясын негізге алды. Мәселен, «Бәйтерек» кешені – жаңа елорданың басты символы, өзіндік бойтұмары. Өзге де бірегей сәулеткерлік ғимараттар қатарында­ белгілі британдық архитектор Норман Фостердің жобасы бойынша пирамида үлгісінде салынған «Бейбітшілік және келісім» сарайын, әлемдегі ең биік шатыр үлгісіндегі ғимарат «Хан Шатыр» сауда­-ойын-сауық орталығын, теңізден алыс орналас­қан «Думан» океанариум орталығын, «Астана опера» мемлекеттік опера және балет театрын, Орталық Азиядағы ірі мешіт – «Әзірет Сұлтан» мешітін, Әулие Үспен Богородица кафедралдық соборын, Әулие Мария Архиепархиясы рим-католиктік кафед­ралдық соборын, «Бейт Рахель Хабад Люба­вич­» синагогасын, «Қазақстан» орталық концерт залын, «Қазақ Елі» монументін, қазіргі заманғы өнер музейі мен Президенттік мәдени орталық ғимараттарын атауға болады.

Өткен жылы «ЭКСПО – 2017» халықаралық маманд­андырылған көрме аясында әлемнің түкпір-түкпірінен  келген  қонақтар  арасында қазақ елінің астанасының даму жылдамдығына, көріктілігіне,  мұндағы  халықтың  қонақжайлы­лы­ғы  мен  кеңпейілділігіне  риза  болғандар же­терлік­. Расымен де, Астананың даму жыл­дамдығы­на  қа­рап, небәрі 20 жылда­ бой түзеген қала деп ойлау­  қиын.

Нұрбике  ҚАЗИ

 


МӘЖІЛІС ДЕПУТАТТАРЫ ЖАЛАҒАШ АУДАНЫНДА БОЛДЫ PDF Print Email
Жаңалықтар - Халық-хабар
04.04.2018 10:15

Кеше Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаттары, заңнама және сот-құқықтық реформа комитетінің мүшесі Балайым Кесебаева, әлеуметтік-мәдени даму комитетінің мүшесі Фахриддин Қаратаев жұмыс сапарымен Жалағаш ауданына келді. Халық қалаулылары ең алдымен «Нұр Отан» партиясы Жалағаш аудандық филиалының мәжіліс залында құқық қорғау органдарының қызметкерлерімен кездесті.

Тұрғындардың түрлi мәселелеріне, олардың шешiлуiне мүмкiндiгiнше ықпал ету мақсатында партия филиалының Қоғамдық қабылдау бөлмесінде азаматтардың өтініш-тілектері бойынша қабылдау жүргізді.

Сонымен қатар, жаңадан салынып жатқан аудандық ішкі істер бөлімі ғимаратының құрылысымен, «Өркен әлем» ЖШС тігін цехының жұмысымен, «Бағдаулет-57» шаруа қожалығының мал бордақылау алаңы жұмыстарымен танысты. Сондай-ақ, халық қалаулылары Аққұм ауылдық округі тұрғындарымен кездесіп, Елбасы Жолдауы мен Үндеуі ел дамуына тың қарқын беретін жаңа бағдар екендігі жөнінде айтып өтті.

Аудан тұрғындары ризашылықтарын білдіріп, ұсыныс-пікірлерін ортаға салса, өз кезегінде мәжілісмендер Жалағаш ауданындағы келелі, ауқымды істер одан әрі өз жалғасын табуына тілек-ниеттерін білдірді.

Жалағаш ауданы ішкі саясат бөлімі

 



<< Бірінші < Алдыңғы 1 2 3 4 5 6 7 8 9 10 Келесі > Соңы >>

Күнтізбе

< Сәуір 2018 >
            1
2 3 4 5 6 7 8
9 10 11 12 13 14 15
16 17 18 20 21 22
23 24 25 26 27 28 29
30            

Сауалнама

Аса мәртебелі шенеуніктердің қылмысқа шатылып жатқандығы нені аңғартады?
 

Ауа райы

Валюта бағамы

Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі валюталардың ресми бағамдары