Өзекті мәселелер

  • 13.09.18

    Кез келген жұмысқа тұрарда қандай болмасын мекеме, ең алдымен, «сотты болмаған» деген құжат сұрататыны белгілі. Сол бір «қара тізімде» бар екенсіз, онда арманыңыздағы қыз­метке қол жеткізу қиын дей беріңіз. Алайда облысымызда осы бір мәселеге назар аудармайтын бөлім басшыларының бар екендігі анықталып отыр. Атап айтар болсақ, Арал, Жалағаш аудандық білім бөлімдері мен Сырдария аудандық мәдениет...

    Толығырақ...
  • 13.09.18

    Саяси тұрақтылық пен қоғамдық келісім – мемлекетіміздің басты ұстанымдарының бірі. Сарабдал саясаткер, ел Президенті Н.Назарбаев «Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері» атты Жолдауында бұл туралы тарқатып айтқан болатын. «Көл-көсір мұнайдың» дәуірі аяқталып келе жатқанын ескерткен Елбасы жаңа заманға сай болуға үндеді.

     

    ...
    Толығырақ...
  • 13.09.18

    Шыны керек, көптің көкейінде «облыс орталығындағы басты көше­лерд­ің бірі Желтоқсан көшесі нелік­тен жылда жөндеуден өтеді? Оның орнына шетаймақтағы көшелерді жөндесе қайтеді?» деген мазмұндағы пікірлер жиі айтылады. Мәселенің мәнісі былай. Былтыр сол көшеге су жүйелері мекемесі ауызсу желілеріне жаңғырту жұмыстарын жүргізген. Асфаль­т қабаты бір рет қайта қазылса болды, жаңадан салынған жол бі...

    Толығырақ...
  • 13.09.18

    Ерғали  АБДУЛЛА

    Көрініс

    Қыз Жібектей керімсығысы келгені­мен де, тұқымы  құрғыр мыстандығы қылымсып қайта-қайта көрініп  қала береді...

     

    ...
    Толығырақ...
  • 13.09.18

    Нұржамал  ӘЛІШЕВА,

    журналист

    БІР   ҚИЫҚ  ОРАМАЛ

    Қазанға ет салып қойған. Қамыр илемекші болып еді, ұн бітіп қалған екен.

    Толығырақ...
Сәрсенбі, 02 Мамыр 2018

АДАМ ӨЗІНІҢ БІЛІКТІЛІГІН ДЕ, БІЛІМІН ДЕ САТУЫ ҚАЖЕТ PDF Print Email
Жаңалықтар - Бүгінгінің болмысы
03.05.2018 11:25

Сұлтан  МАҚАШОВ,

Қармақшы  ауданының  әкімі:

 

– Сұлтан Ысқақұлы, тарихи жылнама­ға көз жүгіртсек, Қармақшы ауданын  басқарған  азаматтар  кемі 3-4 жыл ғана  әкім болған екен. Сіз 2015 жылы бұл қызметке келдіңіз. Қазір үш жылға жуықтады. Ауданның қыр-сырына, тыныс-тіршілігіне қа­ныққан  шығарсыз...

– Жалпы, Қармақшы  ауданы кеңес­ өкіметінен бері ауыл шаруашылығы саласымен тұрақты түрде ай­на­лысып келеді. Ал солтүстік (Арал, Қазалы. - ред.) және оңтүстік өңірдегі екі ауданның халқы (Шиелі, Жаңақорған. - ред.) өндіріске, сауда-саттыққ­а бейімделген. Мен бұған дейін Қазалы ауданы әкімінің орынбасар­ы қызметін атқардым. Өзіңіз білетін шығарсыз, кезінде Қазалыны «екінші Түркістан» дейтін. Онда сауда-саттық, бәсекелестік  өте  жоғары.

Содан  2015 жылы 24 маусымда осы  қызметке  тағайындалдым. Әдепкі­де қызық болды. Әлі мұнда қоныстанбаған кезім. Түскі үзілісте жүргізушім екеуміз тамақтануға шықтық­. Дәмханалардың бәрі  жабық. Дүкендер кәдімгідей түскі үзіліске шығады екен. Тіпті, бір­сыпырасы жексенбі күні де демалады. Дүкендерін кешкі сағат 19:00-ден кейін жауып тастайды. Кейіннен жергілікті кәсіпкерлермен жиын өткіздік. «Айналайындар-ау, сауда-саттық күндіз-түні тоқтамайды. Қазір кәсіпкерлердің көпшілігі тәулік бойы жұмыс істеуге тырысып жатыр. Адам деген кешкі сағат 7-ден кейін жұмыстан шығып, дүкеннен қажетті заттарын алмай ма? Сіздердікі не жатыс? Сіздер де мемлекеттің 8 сағатындай 7-ден соң дүкендеріңізді жауып тастаса­ңыздар, кәсібіңіз қалай алға дөңгелейді? Бұлай  болмайды...» деп түсіндірдік.  Сөйтіп, бір жыл бойы осы бағыт  бойынша жұмыс істедік. Қазір қалыпқа келді ғой. Алғашқыда тұрғындардан  бөлек, кәсіпкерлердің де  менталитетіне  таңғалғанымыз  рас енді. Бір облыстың ішінде болса да, әр ауданның өзіне тән ерекшелігі жеткілікті.

 

– Облыс әкімі биыл «кәсіпкерлікті дамыту жылы» деп бекітті. Қармақшыда бұл бағытта қандай жұмыстар ат­қарылып  жатыр?

– Елдегі салық базасын ұлғайту, жұмыссыздықты жою, қоғамдық-саяси­ тұрақтылықты қамтамасыз етудің бір жолы кәсіпкерлікті дамыту екендігін аймақ басшысы айтты. Бұл өте дұрыс. Мұны жетілдіру үшін 32 млрд теңге бөлінді. Өткен екі жылда елдегі жұмыссыздықты және азамат­тардың статусын анықтау бойынш­а жұмыстар жүрді. Статис­тикаға сүйенсек, облыста жұмыс­сыздық деңгейі 4,8 пайызды құраса, бізде 5,1 пайыз деп көрсетті. Ал нақты­  өзін-өзі жұмыспен қамтығандардың саны көп екендігі белгілі. Бұл біздің облыста ғана емес, республика бойынша қалыптасқан ахуал. Биыл аймақ басшысының барлық деңгейдегі  әкімдерге қойып отырған талабы  өте жоғары. Тұрғындарды кәсіп­тің  қай түріне болса да, қайта бейімдеуге, шағын несиелерге қол жеткізуге жәрдемдесу. Біз «Бизнес бастау» жобасы аясында тұрғындарды оқы­туды бастадық. Былтыр 107 адам оқып, 106-сы өз жобасын қорғап шықты. 2010-2013 жылдар аралы­ғында шағын несиелер берілді. Дегенмен­, ол кезде қаржы несие серікте­стігі арқыл­ы берілгендіктен, соңғы пайдаланушыға тікелей жете қоймады. Ал жыл басынан бері «Қызылорда өңірлік инвестициялық орталығы» арқылы қаржы қаралды. Алғашқы бөлігінде ұсынылған 55 жобаның 21-і қолдау тапса, 2-бөлігінде 66 жобаның 35-і мақұлданды. «Бизнес­тің жол картасы» шеңберінде­ 4 жоба қолдауға ие болды. Гранттар бойынша 70 жобаны әзірлеп қойдық. Бір айта кетерлігі, соңғы екі жылда кәсіп ашып жатқан азаматтардың басым­  бөлігі – жастар. Отызға да толмаған.­ Идеясы мықты. Әсіресе, Байқоңыр, Төретам, Ақайда кәсіп­керлік өте жақсы. Өйткені онда нарық бар. Логистика жағынан да қолайлы. Шыны керек, өңірде кәсіп бастауға ниетті азаматтар саны артты.

 

– Аудандағы ауыл шаруашылығы саласына тоқталсаңыз.

– Мемлекет басшысы 5 жылда ауыл шаруашылығы саласындағы еңбек өнімділігін 2,5 есеге арттыру туралы тапсырма берді. Біз облыс көлемінде соңғы үш жылда жақсы өнім алып келеміз. Егін шаруашылығы бойынша жоғары көрсеткішке қол жеткіздік. Былтыр әр гектардан 59,5 центнерден өнім алдық. Еңбек өнімділігі болу үшін барлық агро­технология сақталуы қажет. Жерді тегіст­еу, каналдарды тазалау, элиталық 1, 2, 3 репродукциялық тұқымдарды егу бағытында жұмыстарды күшейттік. Бұның барлығы тікелей өнімге әсер етеді. Лазерлік тегістегіш арқылы өнімді арттыруға мүмкіндік молайды. Биыл оның санын тағы да 7-еуге көбейттік. Өткен жылы ирандық торем-хошеми сортын Ақтөбе ауылында жаңадан салынған күріш зауытында ақтап, Алматы қала­сындағы зертханада тексерттік. Сөйттік де, Ираннан келген тұқыммен салысты­рдық. Күріштің 11 түрлі индексі бар екен. Бізде өсірілген күріш жоғары нәтиже көрсетті. Алдыңғ­ы жылы 2-ақ гектар, былтыр 70 гектар еккенбіз. Жақында Алматыдан кәсіпкерлер келді. Әлгі ирандық күрішті 900 теңгеден алып кетті. Сол бағаға сұрап тұр. Дегенмен, экспор­ттық әлеуетті арттырмасақ болмайды. Биыл «Ақтөбе и К» шаруа­шылығы 500 гектарға егіп жатыр. Бұйырса, осы жылы аз дегенде 1000 тонна күрішті Иранға экспорттауға жұмыс  істейміз.

Ал мал шаруашылығына келсек, биыл асыл тұқымды мал басын көбейтіп, онымен ет бағытында жұмыс істеу тиімді. ІІІ Интернационал  ауылында «Болашақ» ЖШС асыл тұқымды ордабасы қойын бордақылап отыр. Одан кейін Қуаңдарияда «Олжа» ШҚ 125 бас қазақтың ақ бас сиырын алып келді. Бағасы – 400 мың теңге. Міне, осы сынды жұмыстар атқары­лып  жатыр.

 

– Жергілікті  тұрғындар  тарапынан аудандағы электр желілерінің ескіргендігі жөнінде жиі айтылады. Күн күркіреп, жауын жауса болды, жарық сөнеді де қалады екен. Бұл мәселе жақын­  арада  шешіле  ме?

– «Күн күркіреп, жауын жауса, жарық сөніп қалады» дегенге келісе алмаймын... Ол осыдан 20 жыл бұрынғы­ әңгіме шығар. Ал электр желілері­нің тозығы жеткендігі жасырын­ емес. Олар 1980-1982 жылдары салынған. Шынын айтсақ, кеңес­ өкіметінен бері электр желілерінің құрылысы жүргізілген жоқ. Жалпы, жыл сайын «ҚЭТТК» АҚ ағымдағы және күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізеді. Магистралді желілердің барлығын жөндеп болды. Ендігі мәсел­е – барлық елді мекендегі ішкі желілерін жөндеу. Кейбір елді мекендерде 40-60 пайызға дейін тозығы жеткен. Ол желден немесе жауын-шашынн­ан өшіп қалып тұрған жоқ. Қазір халық саны өсті. Жаңадан баспа­налар салынды. Оған әлеуметтік нысандарды қосыңыз. Сонымен қатар тұтынатын техникалық заттар көбейді. Оның барлығына электр қуаты қажет емес пе? Қуаттылық жетпейді­. Кешке  сығырайып  қалады. Елімізде ең бірінші боп ауызсу мәселесін  қолға  алды ғой. Сол бағыт­та­ғы  жұмыстар  әлі де атқарылуда. Сан салаға қатысты бағдарламалар болса да, республика бойынша электр энергияс­ына  байланысты  бағдарл­ама яки жүйелі жұмыс бас­талған жоқ. Бұл өз кезегін күтіп тұрған секілді. Бізде магистралды желіле­рде проблемалар жоқ. 2015 жылдан бері Жосалы кентінің өзіне 11 трансформатор сатып алдық. Менің ойымша, елімізде электр желілері­н жаңғырту жұмыстарын бастау­дың кезегі жетті.

Мәселен, Қуаңдария маңында судың ортасында қалып тұрған жоғары­ кернеулі электр желілері бар. Алда-жалда апаттық жағдай орын алуы мүмкін. Өйткені ондағы су ешқашан­ тартылған емес. Оған тех­ника, не адам баруы мүмкін емес. Егер ол үзілген жағдайда арғы жа­ғындағы екі ауыл жарықсыз қалуы ықтимал. Қазір тиісті жоба-сметалық құжаттарын дайындап жатырмыз.

 

– Өзіңіз басқарып отырған ауданда біз білмейтін қандай проблемалар бар?

– Біріншіден, әдепкіде кәсіпкер­лік саласының кенжелеп қалғандығын байқадық. Соны ақырындап қолға алдық. Екіншіден, ауызсу мәселесін шешу. Үшіншіден, газдандыру. Төртіншіден, салық базасын нығайту. Өткен жылдың өзінде 335 жобаға 1 млрд 800 млн теңге қаржы алдық. Кәсіпкерлерге «кәсібіңді ашып, жұмыс істе» дегеннен бөлек, салық төлеу мәдениетін үйрету керек болып тұр. Шынын айтсақ, салық төлеу мәдениеті төмен. Ретсіз тексеруге де тыйым­ салынған. Барлығын бір парақ­қа жазып, кірісін, шығысын есептеп те бердік. Тіпті, өз отбасына қажетті қаражатты да, табысты да көрсеттік. Мысалға, шағын мал шаруашылығымен айналысатын кәсіп­керлер. Ең  төмен табыс көзі екі миллион теңге болса, төлейтіні – 35-ақ мың теңге. Бәріне де тайға таңба басқандай етіп жазып, сызып бересің. Қараңызшы, айына ұялы телефонына­ 1000-1500 теңге бірлік құюға аямайды, ал сөйтіп салық төле десек, шошып  кетеді. Есесіне, мемлекет несие­ беріп, аяққа тұруға жәрдемдеседі. Мемлекеттен ала бермей, айналдырған 35 мың теңгені төлеу қажет ғой. Аудандағы жолды Сіз жөндейсіз бе, ауызсуды біреу жүргізіп бере ме? Инфрақ­ұрылым Сіз бен біздің салығымыздың есебінен жүргізіледі. Олай  біржақты  қарауға болмайды.

Түсінесіз бе, шағын кәсіпкерлік субъектілері баршылық. Онда еңбек ететіндердің көпшілігі жалақыны қолма-қол алады. Еңбек шартын жасас­пайды. Соның салдарынан нәтижесіз еңбекпен қамтылған мыңда­ған адам жүр. Сөйтіп, жұмыссыздар санын көбейтіп отыр. Шынтуайтында, олай емес. Өткенде об­лыста кеңейтілген жиналыста жауапты орган өкілдері мәселе көтерді. Олардың сөзінше, шаруа қожалығының 1 мың гектар жері бар екен. Жылдық өнімі жоғары. Ал онда 1 ғана адам еңбек етеді екен. Міне, осы мә­селелерді қалыпқа келтірмейінше, салық  базасы  көтерілмейді.

 

– Мемлекеттік қызметкерге қойылатын талап тым жоғары. Оның үстіне 50 мыңнан аса халқы бар бүтіндей бір ауданды басқарып отырсыз. Жалпы, жұмыс істеу принципіңіз қандай? Қызметкерлеріңізге қандай талап қоясыз?

– Жалпы, қай салада болмасын, азаматтардың кәсіби біліктілігіне бас иемін. Менде принцип біреу. Сауатты жастарды, сауатты азаматтарды мүмкіндігінше қолдауға тырысамын. Ылғи да олардың айтқан ой-пікір­леріне  құлақ  түремін. Ең жақсы нәрсе – берілген тапсырманы түсі­ніп, сол деңгейде орындап шығу. Өкінішке орай, кейбір жоғары оқу орындарында дайындалып жат­қан мамандардың біліктілі­гіне көңілім толмайды. Оның үстіне сырттай оқу дегеніңіз де көбейіп кетті ғой. Сондықтан да ЖОО-ны  бітірген мамандар бүгінгі нарықта, яки сұранысқа ие емес. Адам өзінің біліктілі­гін де, білімін де сатуы қажет. Және ойланған бағада. Ол да – өнім. Білім  бағаланады. Әлі де халықтың арасында «мемлекттік қызметке тамыр-таныс арқылы қабылданады» деген пікір бар. Ол – көне көзқарас. Ешкім біліксіз кадрды қасына алғысы келмейді. Айтыңызшы, қай басшыға ондай проблема қа­жет. Дәл қазір техникалық жо­ғары­ білімді маман жоқ. Шын айтқанда, осындағы 50 мың халық­тың ішінен аудандық тұрғын үй-коммуналық шаруа­шылығы, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің  басшысына  лайықты адам  таппай отырмын...

 

– ...Сонда  бұл  саланы  бітір­ген  мамандар  қайда?

– Сенесіз бе, соңғы үш жылда маған «Мен ЖОО-ны инженер-құрылысшы мамандығы бойынша бітіріп келдім» деп бірде-бір жас келген емес. Есесіне, психолог, заңгер, экономист, тарих, қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша оқуын тамамдағандар бірінен соң бірі келіп жатыр, келіп жатыр­. Оларға қазір сұраныс аз. Ал қазір мұғалімдердің ішінде математика, орыс тілі, химия, биология пәні бойынша мамандар тапшы. Неге? Өйткені ол пәндер бойынша оқуға түсу оңай емес. Аталған пәндерден сабақ беретін ұстаздар зейнеткерлікке шығуға жақындады. Осы сияқты мәселелер көбей­ді. Инженер-құрылысшы, гидротехника саласындағы мамандар тым қат. Биыл техникалық саланы жетіл­діруге бетбұрыс бар. Бөліне­тін гранттар саны артты. Есіңіз­де шығар, қайбір жылы медициналық мекемелерде қажетті құрал-жабдықтардың пайдаланылмай тұр­ғандығы жөнінде мәселелер көтерілді ғой. Бұл да мамандардың тапшылығынан туындаған проблема. Осының сал­да­рынан жаңа технология­лар­ды игеруден ақсап тұрмыз. Сондықтан амалсыздан сырттан маман әкелуге тура келеді.

 

– Ал  өзіңізбен  бірге  сырттан маман  әкелдіңіз  бе?

– Жоқ. Сырттан маман әкелген емеспін. Барлығы жер­гілікті  жердің  азаматтары.

 

– Кейде бұқаралық ақпарат құралдарында ел басқарып отырған азаматтарға қатысты сыни мақалалар жарық көреді. Сіз сынды  қалай  қабылдайсыз?

– Егер барлығы нақты, жүйелі  болса, дұрыс қабыл­даймын. Олай болмаған жағдайда пікір жазуға тура келе­ді... (күліп)

 

– Байқоңыр қаласында қазақстандық білім беру жүйе­сіне өткен мектептердің бүгінгі жағдайы қалай? Қажетті құрал-жабдықтармен толық қамта­масыз  етілген бе?

– Байқоңырдағы 6 мектеп пен 1 балабақшаны 2015 жылы қабылдадық. Біз өзі салыстырмалы түрде қарағанда «Ресейдегі білім беру жүйесі жоғары» деп ойлаймыз. Әйтсе де, онда­ғы мектептердің материалдық-техникалық жабдықталуы нашар­лау екен. Республикалық бюджеттен екі жыл қатарынан 300 млн теңгеден бөлін­ді. Бұл – жалпы білім беруге бөлінген қаржыдан бөлек ақша. Соның арқасында ондағы оқу ордаларын толықтай қажетті жабдықтармен қам­тамасыз еттік. Бізді алаңдат­қаны – ондағы коммуналдық төлемдердің жай-күйі. Оларда өте қымбат. Өткен екі жылда бюджетке кәдімгідей салмақ түсті. 6 айдың ішінде жылу шығынына 280 млн теңге­ шығындандық. Тариф алты ай сайын өсіп отырады. Сөйтіп, 6 мектепке модульдік қазандықтарды қоюды ұйғардық. Бұған 170 млн теңге қар­жы жұмсадық. Сенесіз бе, былтыр  жылуға 280 млн теңге­ жұмсағанбыз, биыл – 41 млн теңге. Есептеңізші? Бір сөз­бен айтқанда, Байқоңырдағы білім ошақтарының мате­риалдық-техникалық жабдықталуы  жоғары  деңгейде.

 

– Биыл Қармақшы ауда­нының  90  жылдық  мерейтойы келе жатыр. Алдағы күндері аудан тұрғындарын немен қуан­та­  аласыздар?

– Бұйырса, құс фабрикасының  құрылыс  жұмыстарын жыл аяғына дейін бітірсек дейміз. Сондай-ақ, күзде «Мөлтек» шағын ауданына газды бастап кіргізсек деп жоспарлап отырмыз. Мерейтой аясында мәдени іс-шаралардан бөлек, көптен бері айтылып жүрген балалар лагері­нің құрылысын күзде тамамдасақ, аудандық музыка мектебін жаңа ғимаратқа көшіру де ойда бар.

 

– Киелі  Қармақшы  өңірінде Қорқыт ата мемориалдық кешен­і бар. Ауданда туристік саланы жетілдіру үшін қандай жұмыстар  атқарылуда?

– Өткен жылдың өзінде кешенге алыс-жақын шетелден 13 мыңнан аса турист келді. Оған елімізде өткен “EXPO 2017” халықаралық көрмесі әсер етті. Былтыр «Сыр туризмі» деген агенттік өздерінің туристік маршруттарына қосты. Байқоңырға барған­дар мін­детті түрде Қорқыт баба­мыздың басына келед­і. Ресейлік тур агенттіктері былтыр 16 маршрут бо­йынша конкурс өткізіп, оның 8-ін қазақстандық тур агент­тіктер жеңіп алған еді. Олар да өз маршруттарына Қорқыт ата мемориалдық  кешенін қос­ты. Қазір онда дербес меке­ме құрылды. Оның үстіне кешен «Батыс Еуропа-Батыс Қытай» тас­жолының бойында орналас­қан. Бабамыздың рухына кез келген ұлттың өкілі келіп, тағзым­ етіп кетеді. Тіпті, ресей­ліктер «дядя Коркыт» деп бас иіп жатады. Ал Елбасы  да осында ат басын бұрып, кешеннің жұмысымен та­нысып  кетті.

 

– Елбасы  келді дедіңіз ғой... Жалпы, Қызылорда облы­сына табаны тиген лауазым­ды тұлғала­р Қорқыт ата кешеніне тоқтап, тәу етіп кететінін біле­міз. Жиі қонақ  күтуден  шаршаған   жоқсыздар ма?

– Өзге аудандағы әріптестерім «Бізді қойшы, сені аяймыз» дейтін. Айына екі-үш мәрте мейман келеді. (күліп) Қонақ күтуден шаршамаймыз. Бұған үйрендік. Қармақшыда кім болған жоқ? Елбасы­ келді, Үкімет басшылары келді, түрлі саладағы басшылар келді. Осының барлығы елдің тілеуіне оң болатын шығар. Ауданымызға жақсы адамдардың табаны тигені дұрыс ғой. Жоқ дегенде әр­қайсысынан бір із қалады. Жалпы, қармақшылықтардың пейілі кең. Пейілі кең халықты­ң болашағы жарық болады деп ойлаймын.

– Әңгімеңізге  рақмет!

Сұхбаттасқан

Қозы  Көрпеш   ЖАСАРАЛҰЛЫ

 


МАХАТОВТЫҢ «МЫРЗАЛЫҒЫ» PDF Print Email
Жаңалықтар - Құқық құрығы
03.05.2018 11:21

Қандай жағдайда да ар-ұяттан аттамай, ешкімге кек сақтамай, кешірімшіл бола білетін, халықтың қамын ойлап, ақиқатын айтатын, сөзімен емес, ісімен өнеге көрсететін әкім ғана халықтың алғысы мен үлкеннің батасын алатыны сөзсіз. Ал елдің жайын екінші орынға қоятын, өзгелерден қызғанып, өзі ғана жегісі келетін әкімге кім бой түзеп, арқа сүйейді дейсіз?

Шаруаның тізгінін ұстатып, «ел ағасы» деп саналған олар ертең ел есінде қай ісімен қалады деп ойлайсыз? Әрине, қай бағытта жұмыс істесе, сол ісімен көптің көкейінде қалмақ. Бұлай деуімізге өткен аптадағы Әдеп кеңесінде Арал қаласының әкімі Б.Махатов пен оның орынбасары  Р.Жанаевқа қатысты  қаралған тәртіптік  іс  себеп болды.

Сәуір айының басында Әдеп жөніндегі кеңес хатшылығына Арал қаласы әкімі Б.Махатов пен оның орын­басары Р.Жанаевқа қатысты Арал аудандық прокуратурасынан заңбұзушылықтарды жою туралы ұсыныс түседі. Аталған ұсыныс негізінде ҚР Мемлекеттік қызмет істері және  сыбайлас  жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі Қызылорда облысы бойынша департаментінің мемлекеттік қызмет саласындағы бақылау басқармасы қызметтік тергеп-тергеу жұмыстарын жүргізген. Нәтижесінде қала әкімі мен орынбасары жеке тұрғын үй үшін жер учаскесінде 4000-нан астам адам кезекте тұрса да, оны ескерм­ей, кей жеке және заңды тұл­ға­ларға  артықшылықтар  көрсеткені анықталған.

–  ҚР Жер кодексінің 43-бабы 3-тармағында «Жер учаскесіне құқық беру туралы­ өтінішті қараудың жалпы мер­зімі ол  түскен кезден бастап 2 айға дейін­гі  мерзімді құрайды» делінген. Алайда­ азамат Қайназаровтың  қо­сымша жер учаскесін сұраған өтініші Арал  қаласының  әкімдігіне 2014  жылғы 6 ақпанда тіркеліп, аталған өтініш 3 жыл мерзімге негізсіз қаралып, нәтижесінде әкімдіктің 2017 жылғы 21 ақ­пандағы шешімімен қанағаттандырылған. Осы тектес заңдылықты бұзушылықтар 37 қала тұрғыны өтініштерін қарау  барысында  орын  алғандығы  анық­тал­ып  отыр, -  деді департаменттің мемлекеттік қызмет саласындағы ба­қылау басқармасының басшысы Қуа­ныш  Әбілдаев.

Сондай-ақ  аталмыш  кодекстің 37-бабының 2-тармағына сәйкес, өз міндеттерін тиісінше орындаған уақытша өтеулі жер пайдаланушы шарт мер­зімінің аяқталуына 3 ай уақыт қал­ғанда, жазбаша түрде шарттың аяқталатындығы жөнінде хабардар ету керек. Алайда­ азаматша Рановаға табысталған уақытша өтеулі жер пайдалану құқы­ғының мерзімі 2014 жылдың 17 ақпанында аяқталуына қарамастан, жаңа мерзімге  құқық  табыстау  жөнінде  2017 жылдың 23 мамырында әкімдікке өтініш берілген. Қызығы сол, өтініш сол жылдың 5 маусымында қанағат­тандырылып, 1 жыл мерзімге негізсіз ұзартылған. Әрине, шалыс баспайтын адам жоқ. Қателік кетуі әбден мүмкін. Алайда осы тектес заңбұзушылықтар әкімдікпен 15 азаматтың шешімдерін ұзарту барысында да орын алған. Ал ең сорақысы – жер учаскесін заңсыз иеленіп  алып, онда құрылыс жұмыс­тарын жүргізген қала тұрғыны Төлемесовтің іс-әрекетіне әкімшіліктің еш­қан­дай шара қолданбауы. Себебі әкім­дікке аталған заңбұзушылық тура­лы­ шара көру үшін 2017 жылдың 30 маусымында хат жолданған. Өйткені ҚР «Әкімшілік құқықбұзушылық туралы» кодексінің 136-бабында «мемлекеттік жер учаскелерін заңсыз иеленіп алу үшін әкімшілік жауапкершілік қарал­ған» делінген. Дегенмен, қала әкімі құқық бұзушы Төлемесовке қозғалған әкімшілік істі 2 айдан астам уақыт бойы қарамаған. Бұл туралы Қ.Әбілдаев «Құқық бұзушыны әкімшілік жауап­тылыққа тарту мерзімін өткізіп, құқық­қа сыйымсыз  қолдау  көрсеткені анықталып  отыр»  деді.

Ал қала әкімінің орынбасары Р.Жана­ев  болса, жаңа мерзімге құқық табыстау жөніндегі жер комиссиясының  төрағасы  ретінде  жоғарыда  аталған қала тұрғындарына табысталған уақытша өтеулі жер пайдалану құқығы мерзімінің аяқталуына қарамастан, заңға қайшы болса да, ұзартып беріп отырған.

Сонымен қатар қазіргі таңда Арал қаласында 4451 азамат жеке тұрғын үй салу үшін жер кезегінде тұр. ҚР Ұлттық экономика министрінің бұйрығымен бекітілген жеке тұрғын үй құрылысы үшін  учаскелеріне құқықтар беру туралы­ қағидасының 3-тармағы 30-тармақшасында «Бөліп беруге арналған алаңдар болған кезде жалпы тізімдегі кезектілік сақтала отырып, өтініш беруш­іге алаңдар дайын болған күннен бастап 1 ай ішінде өтініш беру қажет­тілігі туралы хабарлама беріледі» делінге­н. Алайда бұл заңдылық та сақтал­маған. Әкімдікке түскен өтініш­тердің бірқатарына кезектілік сақталмай-ақ жер учаскелері берілген. Осындай­ заңбұзушылықтар жіберген басшыларға кеңес төрағасы да, оның мүшелері де жер мәселесінің өзекті екенін, осы үшін пара алып, сыбайлас жемқорлық қылмыстарына барып, сотталы­п жатқан жас басшылардың да бар екендігін ескертті. Ал өз кезегінде әкім мен оның орынбасары, кінәларын мойындап, кей қателіктерін түсіндіруге тырысты. Дегенмен, кеңес отыры­сына қатысқан атқарушы орган өкілі өз уәжін  айтты.

– Қозғалып отырған мәселе өте өткір. Себебі жердің кезегінде тұрған адамдардың саны өте көп. Оны баршаңыз білесіздер. Ал бұл жерде кезектен тыс беріліп  кеткен бұл әрекет мысалдарынан кейінгі 4000 адамның құқығы бұзылып отыр. Сол себепті мемлекеттік қызметші тарапынан, әсіресе елді мекен басшыларының тарапынан, мұндай қателіктің жіберілгендігі дұрыс емес. Жекеленген 15 тұлғаға артықшылық көрсетіліп тұр. Төлемесовті әкімшілік жауаптылықтан босатып отырғаны кешірі­летін мәселе деп ойламаймын. Себебі­  міндет жүктелген. Оны орындау керек. Сол үшін берілген екі ай жеткі­лікті  мерзім  болған деп  есептеймін. Сондықтан ҚР мемлекеттік қызмет туралы­ заңына сәйкес жауаптылық­тары қаралып, тиісті жазаларын алуы керек, - деді Қызылорда облыстық прокура­турасының басқарма аға про­куроры Ш.Есжанов.

Осыдан кейін Әдеп кеңесінің төрағасы А.Мұхимов тәртіптік теріс қылығы үшін екі азаматқа ҚР Мемлекеттік кызмет­  туралы заңының 50-бабының 1-тармағына сәйкес, қызметінен бо­сату немесе қызметіне толық сәйкес емес деген тәртіптік жазалардың соңғы нұсқасын дауысқа салды. Бұл ұсынысты­ кеңес мүшелері толығымен қолдап, бірауыздан қабылдады.

Мұнан кейін Қызылорда облысының  білім саласындағы бақылау департаментінің басшысы Е.Қарабалаев депар­тамент қызметіндегі сыбайлас жемқорлық тәуекелдеріне жүргізген талдау жұмыстары туралы айтса,  Қызыл­орда облысы әкімі аппаратының Әдеп жөніндегі уәкілі Б.Ідірісов өз есебін  баяндады. Ол  соңғы кезде­ әдеп жөніндегі уәкіл туралы мемлекет­тік қызметшілердің жақсы хабардар болып­ жатқандығын, сондай-ақ 2017 жылы уәкіл кеңесіне 33 адам жүгінсе, бүгінде ағымдағы жылдың алғашқы тоқсан­ының қорытындысымен бұл көрсеткіш 63-ке жеткенін айтты. Сонымен­ қатар Қызылорда қаласы, Арал, Шиелі аудандарында пара алу дерегіні­ң өзге аудандармен салыстыр­ғанда жоғары екенін де жасырмады. Осыған орай, кеңес төрағасы БАҚ беттері­ мен интернет желілерінде ақпа­рат­тық  материалдар  жариялап  ғана қоймай, Арал ауданынан бастап Жаңақорғанға дейінгі аралықты аралап, мемлекеттік қызметшілермен кездесу ұйымдастыру  керектігін ескертті.

Кеңес отырысы барысында мемлекеттік органның қызметшілеріне үстем­ақы, материалдық жәрдемақы және сыйақы  беру кезінде құқықтары, ісса­па­р шығындары мен кепілдері сақ­талуы­на жүргізілген талдау қорытын­дысы туралы Қызылорда облысы бойын­ша ішкі мемлекеттік аудит департаментінің басшысы, Әдеп жөніндегі кеңес мүшесі Ғ.Қалиев баяндама жа­сады­. Ол өз баяндамасында осы бағыт­та жүргізілген сауалнамаға 191 мемлекеттік қызметшінің қатысқандығын айтып, кей мемлекеттік мекемелерде жоғарыда аталған талаптардың сақ­талмайтындығын  хабарлады.

Ал облыстық мәслихаттың депутаты, Әдеп жөніндегі кеңес мүшесі Р.Байназарова еңбек демалысына шығару кезінд­е мемлекеттік қызметшілердің құқықтары сақталуына жүргізілген талдау­ қорытындысын мәлімдеді. Рай­күл Мансұрқызының айтуынша, бұл сауал­нама қамтылған 25 мемлекеттік мекеменің 18-інде (Қызылорда облысы және Қармақшы ауданы әкімдігі, қар­жы, денсаулық сақтау, құрылыс, сәулет және қала құрылысы, дене шынықтыру және спорт басқармалары, Қызылорда қалалық АХАЖ бөлімі, Қызылорда облы­сы соттар әкімшілігі және т.б.) мемлекеттік қызметшілер кестеге сай еңбек  демалысына  шықпаған.

Жансая  ЕЛУБАЙҚЫЗЫ

 


ЕРЛІК пен ЕЛДІКТІҢ ӨШПЕС ӨНЕГЕСІ PDF Print Email
Жаңалықтар - Саясат
03.05.2018 11:14

Біз соғысты көрген жоқпыз,

Естідік,

Соғыстан соң туғандармыз,

Етек жауып, ес біліп.

Соғыс үні жетім болып, жесір боп,

Тұратындай әлі бізге естіліп…

Ж.Әуелбайұлы

Иә, біз Ұлы Отан соғысы жылдарындағы ердің ері ғана шыдайтын жаңбырша жауған оқ пен қарша бораған бом­баны, соғыстың алғы шептерінде қайсарлықпен шайқас жүргізіп, ерліктің сан үлгісін көрсеткен ардагерлер ерлігін көзімізбен көрген жоқпыз. Десе де, сол кездегі кеңес халқының ержүректілігі мен төзімділігін паш ететін, тарихта мәңгі қалған бұл күн туралы кітап бет­тері­н оқып, түрлі фильмдерден тамашаладық. Сондықтан да жалғыз жанын қу шүберекке түйіп, ұлан-байтақ даласының бір тұтам жері үшін қорқу деген сезімді жүрегінен жұлып алып тастаған аға буын ерлігін ел ешқашан ұмытпайды.

Міне, сол сұрапыл соғыстың аяқталғанына бүгінде 73 жыл толып отыр. Бұл күнді қара­түнек фашизмге қарсы жан аямай күрескен әр­бір соғыс­ ардагері, тылдағы  қажырлы  еңбегімен жеңісті шыңдаған, тынымсыз жұмыс істеген жұмысшылармен қоса бүкіл Кеңес одағына мүше елдер мен тәуелсіз Қазақстанның да барша азаматы  атап  өтеді. Орасан зор қасіретпен келген Жеңіс мерекесін ерекше еске алады. Алайда жыл сайын сол кездегі сұрқия жаудың кеудеге жара, есте­н кетпес естелік салып  кеткені  салдарынан ардагерлеріміз  күн  санап азайып  барады. Сондықтан қанды қырғында қаймық­пай соғысқан Қазақстан  атынан аттан­ған 1 миллион 600 мыңнан аса жауынгердің облыс­ымыз бойынша арамызда жүрген 37-сіне ерекше  ілтипат көрсетіп, құрметтеу – біздің мін­де­тіміз.

Әрине, жыл сайын ҰОС мен тыл ардагерлеріне мемлекет тарапынан көмек көрсетіліп отыры­лады. Биыл да «ҰОС-ның 73 жылдығына орай аймағым­ыздағы 37 соғыс ардаге­рі мен 5900 тыл ардагеріне жергілікті  бюджет  есебінен бір реттік көмек беріледі», - деді облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқарма­сының басшысы Т.Дүйсебаев. Дегенмен, жауынгер ерлігі мен жеңісті жақын­датқан еңбекшінің ерен ерліктерін болашақ ұрпаққа насихаттап, оларды осы арқылы­ Отанын сүюге, елінің, жерінің адал патриоттары  болуға тәрбиелеу – біздің парызымыз.

Ежелден еркіндік аңсаған ер қазақтың өршіл рухты ұлдары бүгінде арамызда өсіп келеді. Бүгіннің өзінде еліміз бойынша 2018 жылдың көктемінде ҚР Қарулы Күштері мен басқа да әскери құрылымдарына 1991-2000 жылдары туылған 17 мыңнан аса азаматты шақыру жоспарланған. Ал Қызылорда облысынан «Көктем-2018»  мерзімді әскерге шақыру нау­қаны барысында 800-ден аса азамат Отан алдындағы борышын өтейтін болады.  Бұл  жұмыстар  наурыздың 15-і мен маусымның 27-сі  аралығына  дейін  жалғасады.

– Қазіргі таңда ҚР Ұлттық қауіп­сіздік комитеті Шекара қызметіне қарасты Алматы, Үшарал, Сарыағаш, Қордай өңірлеріне 200-ге жуық  Сыр елінің азаматтары әскер қатарына жіберілді.  Сәуір  айының 15-інен бастап  ҚР  Қарулы Күштеріне  қарасты әскери­ бөлімдерге  сарбаздарды  жіберу  шарасы­ ұйымдастырылды. Сонымен қатар, элиталы­  әскери құрылым саналатын ҚР Мемлекеттік күзет қыз­метіне 16 азаматты сәуірдің 23-інде салтанатты түрде шығарып салдық. Мамыр айының ортасынан бастап шақырылу­шылар келесі әскери құрылым саналатын ҚР ІІМ Ұлттық Ұланға жіберіледі,- деді Қызылорда облысы қорғаныс істері жөніндегі департаменті баспасөз қызметінің бастығы А.Шағырбаева.

Осы сәтте ер жігітке тән Отан алдын­дағы  борышын  өтеп,  аман-есен туған жерге оралған Еркебұлан Бақытбекұлын сөзге тартқанымызда, ол «атақты халық қаһарманы Б.Момышұлы «Отбасының өнегесі – Отан өнегес­і» демекші,  ата-анам «әскерге бару – сенің ел алдындағы міндетің» деген соң, олардың ақылдарын тыңдап­, әскери өмірдің қыр-сырымен танысып қайтқанын айтады. Ал Арал қаласының тұрғыны Самат Кеңесов отбасындағы жалғыз ұл болса да, әскерге баруды жөн санаған. Себебі бала кезден  бірге өскен 6 дос, мектеп қабырғасында  жүргенде-ақ  бір-біріне уәде беріпті. Ондағысы – әскери оқу орынға немесе әскерге баруға мін­деттіміз деп уәделескен. Сол уәдені орындау мақсатында 6 достың біреуі Кеңес Одағының екі мәрте батыры Т.Бигелдинов атындағы Әуе қорғаныс күштерінің әскери институтына оқуға түссе, үшеуі әскер қатарында болып қайтқан. «Енді мен де әскери мінде­тімді орындауға аттанғалы тұрмын» дейді  Самат Кеңесов.

Бұдан Отан үшін отқа түскен аға буынның теңдессіз ерлігі, отаншылдық  нәріне суарылған биік парасаты, асқақ адами болмысы бізге мәңгілік өнеге, өмірлік мектеп болғанын көруге­  болады.  Ендігі жерде осы ұлы мұратты, елім деген ердің ұлағатты тағы­лымын құрметтеп, ерлігінің алдында тәу  етуге міндеттіміз.

Жансая   ЕЛУБАЙҚЫЗЫ

 


«ТАҒЗЫМ АЛАҢЫ»: ҚҰРМЕТ пен ҚАТЕЛІК PDF Print Email
Жаңалықтар - Мәселенің мәнісі
03.05.2018 11:10

Көрмейін  десем,  көзім  бар...

Тарихи деректерге сүйенсек, 1941-1945 жыл­дары Ұлы Отан соғысына Қызылорда  облысынан 150 мыңға жуық азамат аттан­ған екен. Олардың 30 мыңнан астамы елге оралмаған. Облыс орта­лығында ҰОС мен Ауған соғысы, Семей атом полигоны, Чернобыль апа­ты­ның құрбандарының рухы­на арнап «Тағзым алаңы» ашылған. Алайда онда орналасқан  ескерткіш тақталарда қателер өріп жүр. Соны  санамаласақ...

Айталық, «Тағзым алаңында» «Кеңес Одағының Батыры» атағын иеленген майдангерлердің құрметіне қойылған арнайы мемо­риалды тақта бар. Солардың бірі – Николай Самороков. 1910 жылы Перовск (Қы­зылорда)  қаласында  дүние­ге келген. 1940 жылы Чкалов  қалалық  әскери  комиссариатына шақырылып, әскери-авиациялық учи­лищеге оқуға жіберіледі. Николай  Самороков жүз­ден астам  жауынгерлік  ұшу жасаған. Ол екі жүзден астам­  неміс  солдаттары мен офицерлерін, паровоздарды, вагондарды, төрт зенит зеңбірегін, көптеген соғыс техникаларын жойып жі­берген. Ұрыс даласында көрсеткен ерлігі мен жан­қиярлығы үшін КСРО Жоғары Кеңесі Президиумының 1944 жылғы 24 қазандағы  Жарлығымен  ұшқыш-штурмовик, гвардия аға лейтенанты Николай Николаевич Самороковке Кеңес Одағының Батыры атағы берілді. Дегенмен, «Тағзым алаңында» оның құрметіне қойылған мемориалдық тақтада тегі «Чамороков» деп көрсетілген. Бұл – бірінші  қателік.

Екіншіден, КСРО Жо­ғарғы Кеңесінің 1939 жылғы Жарлығымен Батыр атағын алғандарға кеудеге тағатын «Алтын медаль» қоса бе­рілетін болған. Оның авторы – архитектор Мирон Мержанов. Бұл атақты ең бірінші болып 11 ұшқыш иеленіпті. Қызылорда об­лысынан 20 Кеңес Одағының батыры, 1 «Даңқ» орденінің толық кавалері шыққан.

Әуелгі әңгімемізге оралсақ. Әлгі мемориалдық тақтал­арда ардагерлердің атақ-даңқын айшықтайтын кескін дұрыс салынбаған. Кейбірінде «Қызыл жұл­дыз» ордені ғана бейнеле­ніпті. Атап айтқанда, Геннадий  Шляпинге жаужүрек батырлығына орай "Ерлігі үшін", "Сталинградты қорғағаны  үшін", «Кеңес Одағының Батыры» атағы беріл­ген. Алайда оның аты-жөні жазылған тақтада неліктен «Қызыл жұлдыз» ордені тұрғаны түсініксіз? Аты-жөнін атамауды өтінген қала тұрғынының сөзінше, мемориалдық тақталардың құрылысы жүрдім-бардым жасалған тәрізді. Өйткені, Кеңес Одағының Батыры атанған майдангерге берілетін төсбелгінің сипаты: ен­сіз жұқа тақтайшаға ілінген бес жұлдыз болуы қажет. Ал «Даңқ» орденінің үш дәрежесімен марапат­талғандар Кеңес Одағының Батыр атағына теңестірілген. Олай деуімізге де себеп бар. Айталық, Иван Журба, Яков Михайлюк, Ерденбек Ниетқалиев, Жақыпбек Маханбетов, Тәйімбет Кө­мекбаевқа арналған мемориалдық тақталардың сапа­сы­ тым төмен. Айқыш-ұй­қыш. Кейбір тақталардағы жазу мүлдем көрінбейді (суретте).­ Сондай-ақ, Чернобыль апатының құрбан­дарына арнап тұрғызылған ескерт­кіштің сыры ұшып, сыны кеткен.

Оны аз десе­ңіз, «Тағзым алаңының» маңы той кортеджінде жүре­тін автокөліктердің тұрағына әл­деқаш­ан айналып үлгерген. Мұның өзі біреулер үшін ұсақ-түйек нәрсе болы­п көрінер. Әйтсе де, оқ пен оттың ортасында қан кешкен арыстардың рухына көр­сеткен  құрме­тіміз  қай­да?

Асан  ДӘУЛЕТ

 


САН ТАҒДЫРҒА ТОЛЫ «АНАЛАР ҮЙІ» PDF Print Email
Жаңалықтар - Бүгінгінің болмысы
03.05.2018 11:04

Қазақ қыз бала тәрбиесіне аса сақ­тықпен қарап, оның әдептен озбай, инабатты болып өскенін қалаған. Қызға қырық үйден тыйым салып, бойжеткенін бөтен үйде қондырмауға тырысқан. Өйт­кені ол – ертеңгі ибалы келін, ардақты ана, салиқалы әже. Шаңырақтың құты, отбасының ұйытқысы. Ал бүгінгі қыздарымыз қандай күйде жүр? Өзі ұнатқан, өзін ұнатқан сүйіктісін кездестіріп, «бақыт­ты отбасы боламын» дегенде, жігіттеріміз «ер-азамат» деген атқа ла­йықты іс жасап жүр ме?

2013 жылы белгілі кәсіпкер Айдын Рахымбаевтың баста­масымен алдымен Астана, Алматы қалаларында ашылған «Аналар үйі» қоғамдық қорының бүгінде республика қалаларының барлығында қызмет етуіне не себеп? Өмірдің қысылтаяң шағында паналарға жері болмаған қыздарға қол ұшын беріп, қамқорлығына алатын бұл үй қанша жанға қамқоршы бола білді? Осы сауал­дарға жауап іздеп көру мақсатында қаламыздағы «Аналар үйіне» бас сұққан едік.

Біз барғанда «Аналар үйінің» меңгерушісі Дина Маратқызы жаңа ғана пер­зентханадан келіпті. Айтуынша, осында жатқан қыздардың бірі бүгін толға­тып, ай-күні жеткен соң босануға жіберілген. Ал алғаш ана атанған қыз аналық мейірім іздегендіктен, осындағы анасы Дина апайына хабарласқан екен. Сондықтан бар қызына аналарының орнына ана болып келген Дина Жусупб­аева сол сәтте перзентханаға барып­, қызының қуанышымен ор­тақ­тасып  қайтқан.

Қаламызда 2014 жылы жұмысын баста­ған «Аналар үйін» осы уақытқа дейін 151 ана қоныстап шыққан. Бұл уақыт ішінде талайға пана болған үйді небір тағдыр тәлкегіне ұшыраған нәзік жандылар мекен еткен. Қаншама балалар тірілей жетім болып қалудан аман қалса, баласынан безінбек болған не сәбиін туа салысымен тастап кетпек болған аналар райларынан қайтып, пікірлерін  өзгерткен.

Мұнда түрлі тағдырлар тоғысқан. «Ішінде балалықтың ауылынан алыстай қоймаған «бала-аналар» да болды» дейді «Аналар үйі» қоғамдық қорының меңгер­ушісі Дина Жусупбаева. Солар­дың бірі – небәрі 14 жасында аяғы ауыр болып­  қалған  мектеп  оқушысы. Аң­қау­лы­ғынан ба әлде сенгіштігінен бе екен, отбасылы жігіт­пен көңіл қосқан жас қыз соңында опық жеп қаламын деп ойлама­са керек. Тіпті аяғы ауыр екенін де сезбеген. Құрсағында бала барын тек «астан уландым» деп жұқпалы аурулар ауруханасына түс­кенде ғана дәрігер­лерден естіпті. Бұл уақытта жүк­тіліктің 7  жарым айлығына келген ол толғағын аурумен шатастырған екен. Қыз сол сәтте перзентханаға жеткізіліп, уақы­тынан бұрын босанады. Үйінің жалғыз ерке қызы алдындағы 4 ағасы мен анасына­ (әкесі қайтыс болған) бұл хабард­ы айтуға дәті бармаған. Құдды олар мұны «қарабет» деп табалай­тындай көрінген. Ал «Аналар үйін» панала­ғаннан  кейін  мұндағы мамандар психоло­гиялық та, моральдық та көмек  көрсетіп, «бала деген­ балдан тәтті дүниеден­ қалай ғана бас тартуға болады?­» деп қыз бала және оның анасым­ен жұмыс жүргізген. Одан қалды, осыншама уақытқа дейін бар қиындыққа шыдап келген жас қызға бәрін жарты жолдан тастап кетуге болмай­тынын, сәбиінен безінбеуі керек­тігін айтып түсіндіреді. Тек бірнеше ай өткізілген  осындай  дайындықтан  кейін ғана анасы қызымен кездесіп, соңы жақсы­ жаңалықпен аяқталады. Іштен шыққан қызын анасы сыртқа тастас­ын ба?!  Сәбиді өз атына тіркеп, бала асырап­  алған болып, бар шын­дықты  жасырады. Ал қызы 9-сыныпты аяқ­тағаннан кейін  спорт мектебінде оқуын  жалғастырады.

Аналар үйінің келесі бір паналау­шысы оқу оқып жүргенде жігітінің «сүйдім, күйдім» деген сөзіне сеніп қалған. Бірақ, бұл уақытта бәрі кеш еді. Құрсағында сәбиі бар бойжеткенді жеме-жемге келгенде жігіті жауапкер­шіліктен тайқып, далада қалдырады. Айналып келіп «Аналар үйін» пана­ла­ған қыз көп ұзамай анасымен тату­ла­сады. Шындығында, осындағы маман­дар татуластырады. «Біз реті келсе,­ ата-анасымен татуластыруға тырыса­мыз. Өйткені бәрібір өзінің отбасы­, ең  бірінші  жаны  ашитын адамы­ ол – ата-анасы. Сондықтан ол кісілерден артық адам жоқ», - дейді қоғамдық  қор  меңгерушісі.

Бірақ, жауапкершіліктен қашқан кей жігіттер соңында қателіктерін түсініп жата­тын жағдайлар да болад­ы екен. Мысалы, «Аналар үйін» қиын- қыстау шағында пана еткен  қазалылық жас қыздан жігіті бастапқыда «сәби менен­ емес» деп бас тарт­қанымен, соңына­н  баласымен  бетпе-бет кездескенде,  ДНК  сараптамасын жасатпай-ақ өзінікі екеніне күмән келтірмеген. Тіпті, босануы ауыр өткен бұл қызды Алматыдағы  перзентханадан (жағдайы ауыр болғандықтан сонда­ босануына тура  келген) шыға салысы­мен жігіті мен енесі үйлеріне әкетіпті. Міне, ғажап! Егер қыз басына осы бір қиындық түскен алғаш сәтте-ақ салы суға кетіп, әлсіздік танытқанда, «Аналар үйін» паналам­ағанда, мүмкін бұл қауышу болмас­ па еді?! Өйткені адамдар  бас­тарына іс түскенде әл-дәр­мендері таусы­лып, көп жағдайда өз-өздеріне қол жұмсап жатады. Немесе іштегі тірі сәбиін өлтіріп, сол арқылы бар ауыртпалықтан құтыламын деп ойлайды. Керісін­ше,  адам  өлтіріп, күнәға  батып­ жатқандарын  түсіне  бермейді.

«Аналар үйінің» меңгерушісі, сондай-ақ, осыған дейін мекен еткен қыздар­дың 30 пайызға жуығы өзге жандар­мен тұрмыс құрып кеткенін айтады.­ Тіпті, осында ұлан-асыр той жасап,­ ұзатылып  кеткендері де бол­ған екен. Өйткені  өмірдің қиындығын  көрген, отбасының, ерінің қадірін түсінетін  қыздарды жар етуге ниет­тілер  өздері  хабарласатын көрінеді. Бірақ бұл  «қателікке бой алдырған қыздарды­ң  бәрі  осында мекен етсін, біз  ұзатылуына­  көмектесеміз» немесе­ «қыздар­дың   бәрі  қателессін, ұзатамыз» деген сөз емес. Бұл жер – тек аяғын шалыс­  басып  қана  қоймай, тағы біреуі­н­е ұрынардың алдында  жүрген жан­дарға қол ұшын созып, сол жағ­дайдан  шығуына  көмектесетін  мекен.

Негізінен «Аналар үйі» 13 орынға жабдықталған.  Жыл басынан бері мұнда 17 қыз тіркелсе, соның қазіргі таңда тек 8-і қалған. Бір қуантарлығы, шығып кеткен қыздардың 4-еуі өз азамат­тарымен табысып, отбасын құрған екен. Әрине, барлығының да солай­ бақытты болып кеткенін кім қаламай­ды дейсіз?! Алайда жігіті тұрмақ, бұрынғы  жұбайымен  қайта қосылудың еш мүмкіндігі болмай жатқа­н жағдай да кездеседі. Мысалы, Түркістан қаласының тұрғындары өздерінің 25 жастағы қызын өзінен 16 жас үлкен ер-азаматқа ұзатады. Қиыншылықты көп көрген, жақсы өмірді тек армандап ғана қоятын олар «ең болмаса қызымыз қиналмасын» деп, қыруар  малы  бар, Жаңақорғандағы дәулетті малшы отбасыға­ қыз­дарын  өздері береді. Алайда бәрі адамның қалағанындай бола бермейді. Қызы келін болып түсісімен енеге жақпайд­ы. Бұған дейінгі әйел­деріне (бұл қыз 3 не 4-інші әйелі) күн бермеген ене бұл жолы да баяғы әніне салады­. Арада бір жарым жыл уақыт өтіп, қыз құрсағына бала біткенде енесі «бұл менің баламнан емес, осыған дейінгі әйелдері көтермеген, сен өзгемен ойнас­ жасап көтердің» деп айыптап, жер-жебір­іне жеткен. Осылайша шаңырақтан шаттық кетіп, отбасы ойран­дала бастай­ды. Тіпті, босана салысы­мен үйіне де қуып жіберген. Жағдайы нашар­, еденнен ыза өтетін ата-ана­сының  үйінде  сәбиімен тұратын қызды әлеуметтік қызметкерлер осында­  әкеліпті. Бөбегіне суық тигізіп алған анаға медициналық көмек көр­сетіледі. Ауруханаға бірнеше рет жат­қызыл­ғаннан  кейін  ғана  қалыпқа  келіп, адам қатарына қосылады. Айта кетейік, «Аналар үйі» №3 қалалық емханаға қарайды.  Ондағы  мамандар жас аналар мен  сәбилерді ұдайы бақылап тұратын­ көрінеді. Ал құжаты болмай, баланың  жәрдемақысын  да ала алмай жүрген  жандар  болса, заңгерлік көмек­терін­  көрсетеді. Керек  десеңіз, аналарды үй кезегіне қойып, барлық құқық­тарын қорғауға тырысады. Сондай­-ақ осында мекен ететін аналар ішкі  тәртіпке де бағыну керек. Бұрын­ғы  бойдақ өмірдегі еркінсу енді жоқ. Басқ­а қиындық түс­кенде қол ұшын созған­ «Аналар үйінің» өз ережесі бар. Мысалы, таңертеңгілік сағат 7-де тұрғаннан күні бойғы тірлік алдын ала жоспар­ланып, уақыты белгіленген. Егер де аналар­  серуендеп, таза ауамен тыныс­тағы­сы келсе, қыс мезгі­лінде кешкі сағат­ 19.00-ге дейін, жаз мезгі­лінде 21.00-ге дейін қалаған жерлеріне барып келулері керек. «Ал үйден шыққан­ екенсіз, онда арнайы дәптерге қайда,  қашан шық­қаныңызды не қашан келгеніңізді жазып­, қолыңызды қоя­сыз. Сонымен қатар аптасына бір рет кезекшілік ұйымдас­тырамыз. Жаз мезгілінде егін егіп, қыстың қамына кірісе­міз. Әрине, «Аналар үйін» қаржыландырып оты­ратын­ меценаттар бар. Бізді Әлидар Өтемұра­тов мырза қар­жыландырады. Ол кісіге айтар алғысым шексіз. Сондай­-ақ  қаламыздағы «Ералаш­» бала­бақшасы, «Технодом» сауда үйі, «Петро­Қазақстан», «ҚазГерМұнай» компа­ниялары біздің қыз­дарымызды елеп, мереке сайын сыйлықтарымен қуантып отырады. Оларға Алланың нұры жаусын»­, - дейді қара­мағындағы қыз­дарын еңбексүйгіш­тікке, ысырапшыл  болмауға, дайын асқа тік қасықтан сақтан­уға   үйрететін  Дина  Марат­қызы.  Сондай-ақ мұндағы  тігін цехы – аптасына  төрт күн қыздардың бір мезгіл ине-жіп ұстап, тігін тігуіне жасалын­ған жағдай. Яғни бұл жерде қыздар таңның атысынан кештің батысын­а дейін тегін тамақ ішіп, бос жатпайды­, тірлік жасап, жаңа өмірге бейімделуге  тырысады.

ТҮЙІН. Ет пен сүйектен жаралған жанның  бәрі қателеседі. Кімнің де болсын «әттеген-ай» деп өкінген жерлері бар. Өйткені, пендеміз. Періште көкте ғана. Сондықта­н тағдырдың талқысына түсіп жататын қыздарды талағанша, керісінше, қол ұшын созып, қорлануына жол бермеу керек сияқты. Өйткені, қаншама қыздар тасбауыр­ланып тілдеудің арқасында өз-өздеріне қол жұмсап, өздерімен қоса, бейкүнә сәбилерін де өлімге қиды. Бұлай деуімізге себеп, осыған дейін «Қазақстан-Қызылорда»­ теле­арнасының «Өмірдің өзі» бағдарламасына шақырылған «Аналар үйін» пана еткен қызға сол жерде қонақтар қатарындағы журналистен қаттырақ пікір айтылғаны бар еді. Дұрыс та шығар. Қанша адам болса, сонша пікір бар дегендей. Бірақ дәл сол жағдайдан кейін «Аналар үйіндегі» барлық ана БАҚ өкілдерімен тілдесуден­ бас тартқан. Бұл олардың қоғамнан шеттетіліп, өздерін жайсыз сезінуге әкелген алғашқы қадам деп ойламайсыз ба? Жоғарыдағы біз әңгіме еткен қыздар туралы қоғамдық қор меңгерушісі барлық жағдайды  түсіндіріп, тек өзінің тарапынан ғана айта алатынын жеткізгеннен кейін кейіпкерл­ер  тағдыры Дина Маратқызының айтуы бойынша жазылды. Сондықтан қыз  тағдыры  әңгіме  болғанда, жігіттердің  жауапкершілігі  де  ұмыт  қалмаса  екен.

Жансая   ЖҮНІСОВА

 


ҰРЛАП ЖҰТҚАННЫҢ ІШЕГІНЕ ЖАРА ТҮСЕДІ PDF Print Email
Жаңалықтар - Саясат
03.05.2018 11:01

Бюджеттің бүйірін кеміргендерден бөлек, бөлінген қаражаттың икемін таппай­, игерілмеген қаржының көлемін естігенде-ақ есіміз кете жаздайды. ҚР Есеп комитетінің мәліметінше, 2016 жылы орталық­ мемлекеттік органдар респуб­ликалық  бюджет қаражатының 267,9 млрд теңгесін  тиімсіз  пайдаланған. Оның  ішінде игерілмегені – 36 млрд теңге. Бұдан мемлекет бөліп тұрған қаражатқа нәтижесіз жұмыс істеп,  бағдарламалардағы  атқаруға тиісті міндеттерді толықтай­ орындамағанын аңғарамыз.

Шолақ мылтық­тан атылған бытырадай шашырап кеткен қаражат айналып «қазығын» тапса, мұртымызды балта шаппас еді. Өкініштісі сол, «жемсауы» кең жайындар қылғытып жұтқан соң оның ізін табу қиын. Не халықтың күткен нәтижесі шықпайды, не Үкімет артқан үміт ақталмайды. Әр басшы өзі басқарып отырған саланың ұңғыл-шұңғылын бітеп, елден «етекке жамау­» сұрамаса, халықтың да еңсесі жығыл­мас еді. Әйтеуір, осы жемқорлық сала­сында «қалпағы» қайырылғандар темір тордың ар жағына қанша тоғытылса да, «бәйгеге» бүйірлеп қосылатындар қатары­ қашан да дайын тұрады. Олардың бұл әрекеті шабақтарды «шалшық суға» лақтырып кететіндерден гөрі билікте «белі қатпағандарға» едәуір салмақ салып-ақ тұр. Олардың кім екенін сұқ саусақпен нұқып көрсетпесек те елдің елу құлағы естусі­з қалған жоқ. Бар болғаны, «судың да сұрауы бар» екендігін ми қауашағындағы қыртысты мүшесінің қалбырға айналғ­анын ұқпайтын секілді. Әйтпесе, қалтасын қампайтып, жамбасын баса қашқан­ымен, ертеңгі күні алдынан тұзақтың­  шығарын білмейді емес, біледі, сезеді. Сонда да қорегін қаржы қымқырумен айырғысы келетін «айыр­бастылар»  қатары  азаймай тұр.

Мәселен, ағымдағы жылдың алғашқы тоқсанының өзінде елімізде бюджет қаражатының ұр­лануы өткен жылмен салыстыр­ғанда үш есе көбейген. Мемлекеттік қызмет және жемқорлыққа қарсы агенттіктің мәліметінше, осы кезеңге дейін ел қазынасына 3 млрд теңгеден астам қаржы қайтарылды. Кәсіпкерлік қызметке заңсыз араласудың сексен бес фактісі тоқтатылып, қылмыстық қудалау репрессиясының төмендеуі салдарынан ұсталғандар мен сыбайлас жемқорлық жасап қа­мал­ғ­андардың саны екі есе кеміген.

- Қоғамдық бақылау мен жем­қо­рлыққа қарсы білім беру де маңыз­ды рөл ойнайды. Ол белсенді азаматтардың көптеп тартылуын талап етеді. 2017 жылы Қазақстанның сыбайлас жем­қорлықты қабылдау индексі бо­йынша ең үлкен жетістігі – жемқорлыққа қарсы саясаттың тиім­ділігін білдіреді және қажетті жұмыс қарқынын сақтауды талап етеді, - деген еді бір жиында ве­домс­тво  басшысы  А.Шпекбаев.

2018-2020 жылдарға арналған республикалық бюджетке өзге­рістер мен толықтырулар енгізу туралы заң жобасын талқылауға бағытталған ыстығы басыла қоймаған жиында «Ақ жол» партиясының көшбасшысы өткен жылдарда түрлі мақсаттар үшін қаражат алу инвестициялық кіріс­терден әлдеқашан асып түскен кезде және Қордың жинақтаушы бөлігіне қол сұға бастаған сәтте ел Үкіметінің шамадан тыс Ұлт­тық қордың трансферттерімен әуестенуін парламенттік фрак­цияның бірнеше мәрте сынға алға­нын  еске  салды.

«Табаққа»  салынған  тобықтай сүйекті ұрлап жұтқанның ішегіне  жара  түсетінін  ұғатын  кез  қашан  келеді  екен?

 

А.НҰРТАС

 


БІЛЕКТІЛЕР БІРСӨЗДІ МЕ? PDF Print Email
Жаңалықтар - Ой-талқы
03.05.2018 10:58

Басқа-басқа қазақ халқы үшін сөздің киесі, орны бөлек. Біз қай заманда болмасын, қара сөздің қадірін біліп, сөзге тоқтаға­н халықтанбыз. Ат сүрінгенше ақыл табатын би-шешенде­рдің өзі аңдамай сөйлеп, ауырмай өлетін болған. Оны тарихтағы пәленшенің сөзден жеңілуі, түгеншенің сөзден жеңілу­і  деген  секілді оқиғалар дәлелдеп бере алады. Десе де, олар  өздерінің  теріс әрекетін әшкерелеуден қорықпады және оның жарыққа шыққанынан аласарып қалмады.

Сол секілді, айтыс өнерінде де қарсыласының қақпанына түсіп, айтарға уәжі жоқ айтыскерлер жеңілгенін мойында­п, сөз сиқырының парқына ақыл-ойын бағындыра алды. Ұялы телефон қолданыста жоқ кездегі кездесу­лер қалай өтетін еді? “Жоспарланған жерде, белгілен­ген уақытта, келісілген кісің дайын тұратын”. Бұл – үлкендердің пікірі. Мәнін бұзбай, мағынасымен жеткіздік. Бүгінде сәт сайын сан-саққа сандалып, минут­ сайын мың құбылғандар сөзге серік болса да, уәдеге берік дей  алмаймыз. “Ер жігіттің екі сөйлегені – өлгені” деген бар. Дәл осы сөз шындыққа айналса, тірі жігіттер сирек кездесетін шығар. Ал, “Уәде – Құдайдың сөзі” дегенді барлығы біледі. Екі сөйлейтін, уәдесінде тұр­майтын жігіттер жайындағы жұртшылықтың ойын біліп көрген едік. “Қазір олардың қатары көп пе?” деуді де ұмытпадық.

 

Саламат  ҰЛЫМБАЕВ, қала тұрғыны:

- Бұрынғыдай емес, орынсыз сөз, орындалмас уәде дегенде­р көбейіп кетті. Ер-азаматтар тарапынан мұндай жайттардың көп болғаны көңіл түсіреді. Кейде таныс жігіттердің “алдап кеттім, содан соң мүлдем бармай­  кеттім ғой” деген сарындағы сөздерді мақта­нышпен айтып тұрғанын естимін. Бұл мен үшін ғана емес, барлығы үшін ыңғайсыз жайт. Негізі, қазақ жігіттері ежелден бірсөзді еді ғой. Көрінгенді алдап-арбап, құр сөзбен күн кешіп жүргендердің күні жарқын дей алмаймын. Ерте ме, кеш пе жасап жүрген әрекеті үшін ұялатын не қина­латы­н  болады.

 

Маржан  ӘШІРАПБАЕВА, студент:

- “Жігітте де жігіт бар азаматы бір бөлек, Жылқыда да жылқы бар қазанаты бір бөлек” деген бар. Қазіргі жігіттер туралы пікір білдірмес бұрын өзіңе де қараған абзал. Себебі біреуді сынау, мінеу оңай. Көпке топырақ шашып, біздің жігіттер уәдеге берік емес деп біржақты шешім шығара алмайсың. Еліміздің ертеңін ойлаған ерлерімі­з де жетерлік. Менің ойымша, осындай дәрежеге жетіп, қазақтың көгінде көк туы желбірегені – азаматтарымыздың  арқасы.

Десе де, қоғамдағы кейбір ер-азаматтарымыз туралы көзқарасым мұнан бөлек. “Қой ақсағымен мың болатыны” секілді, ерлеріміздің арасында уәдеге берік емес, құлап жатып, сүрінгенге күлетіндері бар. Қоғамда болған келеңс­іздіктер үшін жігіттерімізді кінәлап, оларды жаман­дағаннан ештеңе шықпайды. Оның қайта жамандығын жасырып, жақсылығын асырғанымыз жөн. Қандай пенденің болсын жаман тұсын көрсеңіз, тек жаман бола береді емес пе? Қазақ атамыз тауып айтқандай, “жындыға жынды десең, бөркі қазандай болады”. Сондықтан, оны бетке басуға емес, түзеуге атсалысу қажет.

 

Еркебұлан ҚҰРМАНҒАЛИЕВ, қала тұрғыны:

- Қазір екі сөйлейтін жігіттер көп. Айтпақшы, оларды­ жігіт деуге де келмейтін шығар. Жалған сөйлеу, айтқан сөзінен жалтару әдетке айналып барады. Бірнеше қызбен бір  уақытта  сөйлесіп, махаббат құрып жүргендері де бар. Қарапайым  ғана  мысал,  кейбір  таныстарымыз  бірге тамақ­танып отырып, “мен ана жақтамын, мына жақтамы­н” деп өтірікті соға салады. Осындай өтірік­терден   жігіттердің  сөзінде мән  жоқ, мағына  жоқ екенін  байқау қиындық тудырмайды. Ер жігіт болған соң, майдала­нудың  не қажеті бар? Сөзі мен ісі сай келіп, үйлесіп  тұрмаса,  бәрі бекер.

 

Қонысбек  МӘЛІК, студент:

- Өткенге қарап, қазіргіні салыстыру қашаннан бар дағды. “Бұрынғының жігіттері асқақ еді, өр еді, батыр еді” дегенді жиі еститініміз бар. Содан болар, көнекөз қариялар, баяғының  адамдары  қазіргі  жігіттер  қауы­мына­ көңілі толған емес. Киген киімін, жүрген жүрісін, сөйлеген­ сөзін сынға алып отырады. Заманына қарай адамы­. Дегенмен­, ер атын арқалап жүрген азаматтардың дені сужұқпас, өтірікші, ретін тауып, сынапша сусып­ екі сөйлейтін жігітсымақ болып жүргені тағы бар. Кімге өкпелейміз? “Алып анадан туады, бірақ әкенің темірдей тәртібі қажет” деген сөз бар емес пе? Қазіргіше айтсақ, “мамасының баласы” болып жүрген жігіттерден ер мінезді тұлға шығуы екіталай. Осындай екі сөйлейтін, уәдесінде тұрмайтын жігіттерге әкенің тәрбиесін, яки тәртібін көрсетсе, шіркін! Бүгінде балаларды сыртқы орта тәрбие­леуде. Осыдан сырты бүтін, іші түтін суайт шықпағанда, сері шығуы сирек құбылыс.

Пікірлерді  топтастырған  Рыскелді  ЖАХМАН

 


Жігітше төбелес те – жігіттік PDF Print Email
Жаңалықтар - Арнайы беттер
03.05.2018 10:54

«Атып кетіпті», «пышақтап кетіпті» десек, елең ете қалатын әдетіміз бар емес пе?! Бұрынырақта мұндай жайтты аз еститінбіз. Қазір таңғалмайтын болдық. Айдың күннің аманында қару қолдан­у дегеніңіз не сұмдық?! Жақында ғана қаланың қақ ортасынд­а атыс болып, өрімдей жігіт ажал құшты. Естуімізше, күдікті  де  марқұм  болған жігітпен  құралыптас  екен.

Жігіттердің арасында топтық төбелестің болатыны жасырын емес ғой. Дегенмен, өтпелі кезеңде бір-біріне өкпелі жастың қару кезенуі қынжылтатыны рас. Жоғарыда «топтық төбелес» дегенді бекер қозғаған жоқпыз. Осындай оқиғалар бұрын да болған, бүгінде де бар, бола да бермек. Оны тоқтатуға құзырлы органның қауқары  жетпейді.

Ел арасында батыр Бауыржан Момышұлы Ұлы Отан соғысында «жаудан сескенген солдатты атып тастаған­» деген әңгіме бар. Мұнысы «жаудан қашып, жан баққанша, ерлікпен қаза тапсын» дегені шығар. Бірақ бүгінгінің бәрі Бауыржан емес. Шүкір, ел аман, жұрт тыныш!

Ешкім де еріккеннен қол көтермейді. Оған бір себептің­ болатыны сөзсіз. Осы ретте айта кетейік, жігіт­тердің арасында болмайтын дүниені сөзбұйдаға салатындар көбейді. Бұдан не ұтып, не ұтылатынымызды кім білсін?! Білетініміз, ірілердің ұрпағы ұсақталып бара жатқандығы. Бұл тақырып та күн өткен сайын қоюланып барады.

Қалтаға  қару салып жүретіндей не күн туды?! «Қорыққанға қос көрінеді»  дегендей, қойын-қолтық ұрысқа түсуге бүгінгі жігіттерде­ қауқар қалмаған ба? Әлде жастар тым жауыз болып бара ма?! Соңғы уақытта «еркекше төбелес» деген түсінік жойылып барады­. Иә, кәдімгі төбелес. Оқ  атпай,  пышақ сұқпай, газ шаш­пай­, қойын-қолтық  ұрыс. Ашуға  булыққанда білегіне емес, қаруына­  сенетін  бүгінгілердің  қылығына  кейде қаның қараяды­. Бұл жерде «жігіттік намыс» туралы айтудың өзі артық әңгіме  тәрізді. Ұрыста жеңу немесе жеңілу адамның жүректіл­ігіне байланы­сты. Қару қолданып, жеңіске жеткенше, ерлікпе­н таяқ жегенің  де – жігіттік.

Асан  ДӘУЛЕТ

 


БАЛА БИ ХАНДЫҒЫ (ертегі) PDF Print Email
Жаңалықтар - Арнайы беттер
03.05.2018 10:49

Ертеде бір патшалық болыпты. Ол патшалықтың өзімшіл, сараң, қатал, мақтаншақ ханы бар екен. Ол хан халыққа салықты көп салады. Осы себептен оның қол астындағы халық көп азап шегеді. Оның жүзден астам уәзірі болады.

Бір күні хан сарайынан шығып бара жатып сыбырласып сөйлесіп жатқан уәзірлерін көреді. Жақынырақ барып тыңдаса, уәзірлері бір аса дана, мейірімді, ақылды, шешен, өнерлі бала жайында айтып жатады. Хан қатты ызаланып кетеді­. Дереу жарлық шығарады. Ол жарлығында “Осыдан бірнеше күндік жерде тұратын бір ақылды­  бала бар екен. Сол бала менің сарайыма келіп, менімен сайысқа түссін. Сайыста мені жеңіп кетсе,­ мен оған өз тағымды әрі жалғыз қызымды беремін­. Ал егер менен жеңіліп қалса, онда мен оның басын аламын” дейді.

Бірнеше күн өткен соң хан сарайына әлгі бала келеді. Хан оның түріне қарап күліп жібереді. Ол бала он төрт жас шамасындағы бала болатын.

– Мынау ма сендердің мақтап жүрген балаларың?! - деп хан уәзірлеріне қарап қарқылдап күледі. Уәзірлері төмен қарайды. Бала ханға қарап:

– Сіздің жарлығыңызда менімен сайысқа түсемін деп айтылмап па еді? Ал сіздің мына қылығыңыз күлкі болды ғой, - дейді бала ханның  бетіне  қарап.

Хан күлкісін дереу доғарып, баланы қасына шақырады. Содан соң сайыс басталып кетеді.

Хан:

– Дүниеде  нені ең  алдымен жақсы көру керек­, қандай затсыз  күнің, ал несіз өмір жоқ? - деп сұрайды. Бұл  сұрақтарға бала:

– Дүниеде ең алдымен ата-ананы жақсы көру керек, сосын білімсіз күнің жоқ, махаббатсыз өмір жоқ, - деп жауап береді.

Бұл сайыс ұзаққа созылады. Хан сұрағын қоя береді, ал бала оған нақты-нақты жауап қайтарып отырады. Арада  бірнеше күндер өтеді, сайыс­ мәресіне  таяп қалады. Кенет ханның қояр сауалы­ таусылады. Ханның сұрағының тау­сылғанына  уәзірлері  қуанып  кетеді. Сөйтіп бала ханды  жеңеді. Ханның өз тағын балаға беруден басқа  амалы  қалмайды.

Алдымен қызын балаға ұзатып, үлкен той жасайды. Содан соң тағын босатады. Хан ақылды балаға қызын бергеніне қатты қуанады. Халық та қуанады. Елі тыныш, бейбіт өмір сүре бас­тайды. Осыдан кейін халық бұл хандықты “Бала би” хандығы деп атап кеткен екен.

Елігай  ЕЛЕМЕС

 


АЙТЫЛМАҒАН ӨТІРІК (әңгіме) PDF Print Email
Жаңалықтар - Арнайы беттер
03.05.2018 10:44

Нұрай өте елгезек қыз. Үлкендердің бірі “Кім үй тазалайды, кім төсек жинайды не­месе кім ыдыс-аяқ жуады?”  десе, “мен” деп бірінші болып қол  көтеріп, көмекке  келеді.

Міне, ол бүгін де нағашы әжесінің қасынан табылды. Әжесінің бір шұғыл жұмысы шығып, қолындағы шаруаны Нұрайға тапсырды да, асығыс киініп, шығып  кетті.

Нұрай шыныаяқты жууға кірісті. Тазарған ыдыстарды жайлап­ орнына қойды. Бір шәшкенің сыртындағы дақтың кетпей  қалғанын  байқады. Оны ысқышпен  сүрте  салмақ  болды. Қатты  ұстады, әлде  қатты ысты, білмей  қалды, кенет  шәшке екіге­  бөлінді  де қалды.

Нұрай сасып қалды. Қалай болды бұл? Әжесі “кім сындырды” десе, не дейді енді? “Жанай сындырды” деп, інісіне жаба салай­ын  десе, үйде  өзінен  басқа­ ешкім  жоқ.

Қоқыс салатын шелекке лақтыра салайын деп бір оқталды да, әжесі көріп қоятынын ойлап, бөгеліп қалды. Не істесе екен? Ал бұл әжесі жақсы көретін шәшке болып қалса ше? Іздесе, сұраса, не айтуы керек?

Әжесі қабағы қалың, көзі өткір, сұсты кісі болатын. Жайшылықта өте мейірімді болға­нымен, ашуы келсе, барлығы қаймығатын. Соны ойлап Нұрай тіпті де жайсыздана түсті. Сөй­тіп  тұрғанда сырттан кенет аяқ тықыры естілді. Әжесі екен, жайлап­  басып  кіріп  келе жатты. Нұрайдың жүрегі дүрсілдей түсті.

– Нұрай, қайдасың? - деді әжесі  ішке  енген  соң.

Әншейінде “әже, мен мұн­дамын” деп, алдынан жүгіріп шығатын­ Нұрай  үнсіз  қалды.

Әжесі  енді  асүйге  бұрылды.

– Нұрай?

Есікке қарап тұрған Нұрай қолындағы екі бөлінген шәш­кен­і әжесіне қарай ұсына берді.

– Кім сындырды? - деді әжесі таңырқап.

– Мен, - деді Нұрай дауысы дірілдеп. Артынша өз-өзін тоқтата  алмай  жылап жіберді.

– Не болды? - деді не бол­ғанын түсінбеген әжесі одан ары таңырқап.

– Мен… байқамай… шәш­ке­ні сындырып алдым, әже…

– Ештеңе етпейді, құлыным!- деді  әжесі  мән-жайды  білген  соң Нұрайды бауырына тартып. – Жылама! Ештеңе етпейді. Қайта сенің шындықты айт­қаныңа риза болып тұрмын! Ақылды балала­р ешуақытта өтірік айтпа­йды. Қорықса да айтпайды…­

Бұл сөзді естіген Нұрай әжесін жақсы көргені сонша, етегіне оралып, құшақтай алды.

Сәлден соң:

– Ешуақытта өтірік айтпа! Өтірік айтқан балаға достары сенбейтін болады,– деген әжесінің мейірімді сөзі келді құлағына.

Нұрай жылап тұрып басын изеді.

Маркиза  БАЗАРБАЙҚЫЗЫ

 



<< Бірінші < Алдыңғы 1 2 3 Келесі > Соңы >>

Күнтізбе

< Мамыр 2018 >
  1 3 4 5 6
7 8 9 10 11 12 13
14 15 16 17 18 19 20
21 22 23 24 25 26 27
28 29 30 31      

Сауалнама

Аса мәртебелі шенеуніктердің қылмысқа шатылып жатқандығы нені аңғартады?
 

Ауа райы

Валюта бағамы

Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі валюталардың ресми бағамдары