Өзекті мәселелер

  • 12.07.18

    Қазақтың ұлттық болмысындағы өзіне ғана тән қасиеттердің бірі – «аманат­» қағидасы. Ұлы даланың демо­кра­тиялық принциптерінің нақты көрі­нісі болып табылатын осынау ерекше түсінік отарлық жүйенің қасаң саясатының негізінде «майдаланып» та кетке­нін жоққа шығару қиын шығар. Мұның сыртында ұлтымызды рухани мешел­дікке ұшырату мәселесі тұрғаны белгілі. Кезінде заманымыздың заңғар, данагөй қайратк...

    Толығырақ...
  • 12.07.18

    Шығармашылықтың шыңына лезде­  шығу екінің бірінің қолынан келе бермейтіні белгілі. Ал Аралдың жағасын­да  туып, анау асқаралы Алатауды бағындыру – бөлек әңгіме. Тұңғыш рет «Білім және еңбек» журналы­нда «Аралды қайтсек сақ­таймыз?» мақаласы басылды. Жұрт назары­ бірден ауған. Сонан соң «Қазақстан пионері» газетінде «Бо­з­айғыр»   әңгімесі   жарыққа  шықты. 1971 жылы республикалық жастарға арна...

    Толығырақ...
  • 12.07.18

    Жаз айлары еліміз үшін мерекеге толы. Сол мерекелердің бірегейі – Елордамыз Астана қаласының туған күні. Ел болып атап өтетін Ел­ордаға биыл – 20 жыл. Қызыл­орда қаласының 200 жылдығымен  тұспа-тұс келген мерейтойдың  қуанышты еселей­ түскені рас. Еура­зия­ның жүрегінде бой көтерген қаланың тынымсыз еңбек пен даму жолына түскеніне де жиырма жыл. Ару қала Астананың туған күнімен құт­тықтауды Сыр...

    Толығырақ...
  • 12.07.18

    Қазақта «балалы үй – базар, баласыз үй – мазар» деген мақал бар. Расымен, үйдің іші сыңғырлаған бала күлкісіне толы болғанға не жетсін, шіркін! Отбасын құрудағы басты мақсат та – осы. Алайда үлкен жауапкер­шілікті талап ететін бұл ұғым ер мен әйелге өзіндік қиыншылықтар тудырады. Дүниеге бала әкелу адамның денсаулығына байланысты, бірақ оған тәуелді емес. Физикалық, психологиялық және әлеуметті...

    Толығырақ...
  • 12.07.18

    Әке жүрегі таудан үлкен, ана жүрегі теңізден терең деп бекер айтылмаса керек. Әрбір ата-ана сәбиі дүниеге келген сәттен бастап мәпелеп, қанаттыға қақтырмай, тұмсықтыға шоқтырмай өсіреді. Бөбегінің былдырлаған тілін қызықтап жүріп, бірінші сыныпқа баратын уақытының келгенін де аңғармай қалады. Бірінші сыныпқа барған соң, оң-солын танытып, бар керегін алып беру үшін күні-түні еңбекте...

    Толығырақ...
Сәрсенбі, 09 Мамыр 2018

КӨШЕРБАЕВ ҚАЗАЛЫНЫ КӨРІКТІ ЕТЕДІ PDF Print Email
Жаңалықтар - Саясат
10.05.2018 11:58

“ҚЫРУАР  АҚШАНЫҢ  СҰРАУЫ  БАР!”

Қазір кез келген саладан өсімді байқауға болады. Әрине, барлы­ғында  сандар  артып  жатыр  деу  қате шығар. Десе де, жыл өткен сайын аймақт­ағы  халықтың  саны  өсіп келе жатқандығы  белгілі  жайт. Ал, оларға­ жағдай жасау кезек күттір­мейтін мәселе болып отыр. Есте­ріңізде болса, ағымдағы жылдың қаңтар және  ақпан  айларында облыс орталығында Әйтеке би кенті және Қазалы қаласын дамыту мәселелері бойынша бірнеше мәжіліс өткізілген болатын. Дәл осы мақ­сатта қала мен кенттің аралығындағы 441 гектар аумақты қосу жұмыста­ры  бүгінде  басталып  кетті.

Жаңа елді мекенді көгалдандыру және абаттандыру жұмыстары туралы­ облыс әкімі Қырымбек Көшербаевтың  қатысуымен  Қазалы ауданында өткен көшпелі мәжі­лісте талқыланды. Қадамы құтты ­саналатын Қырымбек Елеуұлы Қазалы шаһарына жасаған ісса­парында өңірдегі өзге де өзекті мәселелермен танысып, олардың шеші­мін табуды тиісті сала басшыларына шегелеп тапсырды.

Ең алғаш мінберге Қазалы ауданы­ның әкімі Мұрат Ергешбаев көтерілді. Ол аудандағы атқары­лған жұмыстар мен бұған дейінгі өткізілген мәжі­ліс  отырыстарындағы  берілген тапсырмалардың орын­далуы туралы сөз сөйледі. Сондай-ақ, алдағы уақытта бой көтерет­ін Әйтеке би ескерт­кішінің жобасын таныстырып, Өзбекстан Республикасы, Науаи  облысы, Нұрата елді мекеніне барған делегацияның елге Әйтеке би бейі­тінен топырақ әкелгенін жеткізді.

- Әйтеке би кен­тінің аумағынан “Жасыл белдеу” ұйымдастыруға 13,3 гектар жер телімі белгіленген болатын. “Батыс Еуропа-Батыс­ Қытай” автожолының  бойынан  7 гектарға, Әйтеке би кентінің бас қақпасынан теміржол өткеліне дейінгі аралықтағы 2,6 гектарға арық қазу, қоршау шартақтарын орна­ластыру жұмыстары атқарылды. Бүгінгі  күні 2 белдеуге барлығы 26 мың сыр талы, 10 мың қаламша, 5 мың қара ағаш отырғызылды, - деді М.Нәл­қожаұлы.

Әйтеке би кентінің 55 көшесін орташа жөндеуге құны 2,7 млрд теңген­і құрайтын жоба-сметалық құжаттары әзірленсе, өткен жылы кенттегі құны 1 млрд теңге болатын 18 пә­терлі 6 тұрғын үйдің құрылысы басталған еді. Тұрғын үйлер жыл аяғына дейін пайдалануға берілмек. Сондай-ақ, “Шағала” балалар тынығу лагерін­ің құрылысын салуға “Қазақстан МЖӘ орталығы” АҚ-мен келі­сімге отырып, инвесторлар іздес­тірілуде. Ал, аталған аумақтарды қосу мақсатында әзірленіп жатқан құры­лыс­ нысандарының жобалары да естігенд­е жағымды. Олардың қатарында 250 орындық аудандық аурухана, 12 екіқабатты тұрғын үйлер, ұлттық қауіпсіздік комитеті аудандық бөлімінің кеңсе ғимараты, аудандық орман және жануарлар дүниесін қорғау мекемесі секілді бірқатар әлеумет­тік  нысандар  бар.

- Әйтеке би кенті мен Қазалы қа­ласының аралығын қосу мақсатындағы жұмыстар басталып кетті. Қазіргі таңда  ол  жерлердің  инфрақұрылымын жақсарту  үстіндеміз. Аудан орта­лығынан 180 және 210 гектар жер телім­деріне  жол салу, электрмен жаб­дық­тау, ауызсумен қамту, газ жүргізу  жұмыстары  жүруде.  Атал­ған­ аумақтан  рәміздер алаңы  мен дема­лыс  паркін  салу  үшін 8,2 гектар жер телімі белгіленіп, эскиздік жо­басы әзірленді, - деді аудандық құрылыс­, сәулет және қала құрылысы бөлімінің басшысы Бақытжан Тиыштық­ов.

Сонымен Қазалыда жақын күн­дері үш тұрғын аудан бой көтермек. Жаңа аумақтан кәсіпкерлік мақсатта жер телімдерін алуға ниет білдіріп отырған азаматтар да жоқ емес секілді. Бұған байланысты жабық базар­ салу үшін ескі аэропорт ау­мағынан 2 гектар жер телімі бел­гіленді.

Аудан әкімі шешімін күтіп тұрған бірнеше мәселелердің барын да атап өтті. Ол Қазалы ауданындағы 49 көшені газданд­ыру, “Ақкиіз” және “№165” каналдарын тазарту, көшелерді жөндеу, т.б. Өз кезегі­нде облыс әкімі бас­қарма басшыларына құрылыс жұмыстарын қаржыландыру және мәселелердің тез шешімін табуы үшін бірігіп жұмыс істеулерін тап­сырса, аудан әкіміне ат­қарылған жұмыстарды тұрақты түр­де бақылауда ұстап, сапасына көңіл бөлуді жүк­теді. Аймақ басшысы қазалылық шенеунік­терге “қыруар ақшаның сұрауы бар екендігін” естеріне сал­ғанын  да  айта  кетейік.

 

“БАРЛЫҚ   МҮМКІНДІКТЕР  БАР,  ТЕК  ТАЛПЫНЫС  ҚАЖЕТ”

Сыр өңірінде жастарды қолдау және әлеуметтік қамтамасыз етуге республика  бойынша ең көп қара­жат­ бөлінеді екен. Иә, біздің облыс қаржыға келгенде сараң емес. Басқа­-басқа дәл осы жастар мәселесі  және  білім, денсаулық  сала­лары мол қаржы құюға тұрарлық секілді. Әншейінде “ертеңіміз – жастар­, болашақ – осылардың қолында” дейміз. Ал, көзі ашық, көкірегі ояу адамдар қай заманда болмас­ын, өз биігінен аласарған емес. Ең бірінші байлықтың ден­саулық екенін ұғынсақ, сауатты ұрпақпен  қатар,  саламатты   жандар да керек екені белгілі емес пе? Міне, осы үш салаға жанашырлығымыз, қолдауымыз  әлі  күнге  дейін  азай­ған емес, қайта артпаса. “Аймақ тұр­ғындарының айтарлықтай бөлігін жастар  құрағандықтан  жастар  саясаты­  мәселелері аса маңызды”. Бұл – облыс әкімі Қырымбек Көшербаевтың Қазалы ауданында өткен жастар саясаты мәселелері жөніндегі көшпелі кеңес отыры­сындағы   айтқан  сөзі.

Жиын басында аймақ басшысы жастарды қолдау мәселелері аса маңызд­ы әрі шұғыл шешімді қажет ететіндігін  атап  өтті.

- Өздеріңіз  білетіндей, облыс хал­қының  айтарлықтай  бөлігі  жас­тарға тиесілі. Тұрғындардың  жалпы  санының 24 пайызын жастар құраса, олардың  42 пайызы қалада, 58 пайызы ауылда­  тұрады. Біз оларға сапалы білім мен сұранысқа ие мамандық ұсынып­, жұмысқа орналасуға көмектесуіміз керек. Сондықтан жастар саясатын қаржыландыру – жұмыстағы басымдықтардың бірі. Қызылорда­ об­лысы республика бойынша жастарды қолдауға ең көп қаражат бөліп келеді­. Қазірдің өзінде аймақта біраз мәселе шешілді, дегенмен, атқарыл­мағаны да аз емес, - деді  облыс  әкімі.

Өз кезегінде Қазалы ауданының әкімі Мұрат Ергешбаев өскелең ұрпақты  қолдау  бойынша  орын­далған  жұмыс  туралы  баяндады. Жалпы­, аудан халқының 26 пайызын жастар құрайды. Мемлекеттік жастар сая­сатын  жүзеге  асыру  мақсатында  биыл жергілікті  бюджеттен 12,4 млн теңге бөлінген. “Дипломмен  ауылға” бағдарламасы  бойынша  биыл  50 ма­ман­ға  тұрғын үй  сатып  алуға  және салуға 182 млн теңге, 70 маманға біржолғы көтерме  жәрдемақы түріндегі әлеуметтік көмекке 12 млн теңге қа­ралыпты.  Аудандық жеке кәсіпкер­лік субъектілердің 12 пайызы – жастар. 113 қазалылық жас “Бизнес­ Бастау” жобасы бойынша оқудан өтсе, тағы да  56-сы “Бизнес-Кеңес­ші” курста­рын  бітірген, ал  3 кәсіпкер өз ісін бастауға қайтарымсыз грант алған.­ Жергілікті  жастардың  ұсы­нысы бойынша аудан ор­талығында көше кинотеатры салынып, жастар көп шоғыр­ланатын  орындарда  тегін Wi-Fi  желісі  орнатылатын  болады.

Жастар саясаты мәселелері бас­қармасының басшысы Еркебұлан Меңлібаев “Жастар саясатын дамыту­ бойынша 2021 жылға дейінгі жол картас­ын” жүзеге асыру барысы туралы­ баяндады. “Жол картасы” денсаулық  сақтаудан  бастап үкімет­тік емес ұйымдармен әріптестікке дейін барлық салалар бойынша жастар­мен  жұмыс  істеудің 10  бағытын қамтиды. Мәселен, жаппай кәсіпкерлікті дамыту мен нәтижелі жұмыспен қамту бағдарламасы бойынш­а  жастарды оқыту мақсатында 1515 грант, мемлекеттік тапсырыс бо­йынша  3088  грант  бөлінді.

- Бұған қосымша “Серпін-2050” жобасы бойынша бөлінетін грант­тарды қосатын болсақ, 100 пайыз оқумен қамтуға толық мүмкіндігіміз бар. Биылғы жылы Ресей Федерациясының  жетекші  жоғары  оқу  орын­дарын  бітіретін 76 түлекті  жұмыс­қа орналастыру бойынша тапсыр­маңызды орындауды ойластырдық. Қазіргі таңда түлектердің 31-і магис­тратураға тапсыруды көздеп отыр, ал 45-ін жергілікті әртүрлі меншіктегі кәсіпорындарға жұмысқа орна­ластыру жоспарлануда, - деді Ерке­бұлан Меңлібаев облыс әкіміне қарап.

Жастардың еңбек нарығына қажетті мамандықтарды таңдауы үшін тиісті шаралар қабылданып жатқан­ға ұқсайды. Бүгінде басқарма оқушыларға кәсіби бағыт-бағдар беруді­ қолға алған. Себебі, Қызыл­орда қаласының 8-11 сынып оқу­шылары арасында жүргізілген сауалнама қорытындысы бойынша “болашақта қандай мамандық иесі болғыңыз келеді?” деген сауалға 12,4 па­йыз қатысушылар әлі күнге дейін мамандықтарын таңдамағандықтарын жеткі­зген. Мамандығын ерте бажайлаған кейбір мамандар да жұмыссыз жүр. Оқу орнын үздік бітірген маманның еш сұранысқа ие емес екендігі қынжылтатыны рас. Мұны аймақ басшысы­ да ескертті. Кеңес отырысын  қорытындылай келе, облыс әкімі мемлекеттік орган басшыларына жастар­ды қолдау шараларын жал­ғастыру  жөнінде  біршама  тапсыр­ма­лар  берді.

Жастармен әңгімеде Қырымбек Елеуұлы қатты айтар жерінде қатты айтып, арагідік еркін форматқа да иек артты. Табаны құмға, маңдайы күнге күйген ауыл және асфальтта өскен қала жастарын бөле жармай, барлығына теңдей қолдау білдіру керектігін жеткізді. Басшы ретінде ғана емес, ел ағасы ретіндегі ағалық ақылын да аямады. “Әркім өз тағдырына өзі ие болуы керек!”, “Өкімет өлтірмейдінің уақыты өтті”, “Әлеуметтік салаға әділеттілік керек”, “Масылдық көзқарастан арылайық”, т.б. секілді мән-мағынасы, астары бар сөздердің айтылуын солайша ұғындық. Рас, Көшербаевша  айтсақ, бүгінде жастарға барлық мүмкіндіктер бар, тек  талпыныс  қажет.  Айтпақшы,  жастар  жиналысында  жасы  29-дан асқандардың қатары көп болды. Соңғы қатарларды ғана толтырғандардың отырыстан не түйгені, қаншалықты түйгені белгісіз? Бір әттеген-ай дегеніміз жастар саясаты мәселелері жөніндегі көшпелі кеңес отырысындағы жастардың белсенділігі төмен болды. Солтүстік пен оңтүстік аудандарды түгел қамтыған жастар ұйымдарының ел сенген белсенділері ұсыныс білдіруден, пікір айтудан, сұрақ қоюдан қорыққан секілді. Мүмкін олай емес шығар, әйтсе де пікір алмасудың болғаны дұрыс деп топшылаған едік. Оқушы кезімізде мұғалім сабақ түсіндіргеннен соң сұрақ қоймасақ, “дым түсінбегенсіңдер не барлығы түсінікті болды ғой деймін” дейтін. Мүмкін, мұнда да солай болған шығар. Алғашқыда мен барлығымыз түсіндік деп ойлайтынмын. Бірақ, келесі сабақта болмашы сұраққа жауап бере алмай, жан-жағына алақ-жұлақ еткен сыныптастарымды да көретінмін. Кім білсін!?

Рыскелді  ЖАХМАН

 


«ШЫНДЫҚТЫ АЙТПАЙЫН ДЕСЕҢ, ТЕАТР ҚҰРДЫМҒА КЕТЕДІ» PDF Print Email
Жаңалықтар - Бүгінгінің болмысы
10.05.2018 11:48

Ақтөре ОРАЗАЛЫ,

Қызылорда облыстық Н.Бекежанов атындағы қазақ музыкалық драма театрының режиссері:


Режиссер болып туылу керек. Бұл – даңқты театр режиссері Вл.И.Немирович-Данченконың айтқаны. Тыңнан түрен салу, ойда озық идеяларды пісіру, тіпті қарапайым пьесаға сахнада жан бітіру үшін режиссер қыруар еңбек етеді. Яғни, режиссер – ұстаз, режиссер – әдебиетші, режиссер – суретші, режиссер – ұйымдастырушы.

Оған мамандықтың кәсіби заңдылықтары мен құпияларын білу қажеттігін тағы қосыңыз. Залға жиналған көрермен сахнадағы актерлердің өнерін тамашалайды. Ал қойылымның арғы түкпіріндегі терең ойды ұға алса, бұл – актермен қоса режиссердің жетістігі.

Бүгінде Сыр өңірінде өнер саласында айрықша жетістіктерге жетіп жүрген жастар жетерлік. Соның бірі – Н.Бекежанов атындағы қазақ музыкалық драма театрының режиссері Ақтөре Оразалы. Жас та болса жарқын идеяларымен, өміршең қойылымдарымен көптің көңілінен шығып жүр. Оның саф өнер турасында, өзі туралы пікірін білгіңіз келсе, сұхбатқа көз жүгіртіңіз.

- Ақтөре, режиссерлік бала күнгі  арманыңыз  ба  еді?

- Бала кезімнен актер болу­ды армандадым. Қазалы ауданы, Әйтеке би кентіндегі №70 Жанқожа батыр атындағы қазақ орта мектебін бітірдім. Мектепте жүрген жылдары актерлікке есім кеткен. Болашақта мықты актер болуды армандадым. Ауылдағ­ы Оқушылар үйінде драма үйірмесіне қатысып, актриса Ұлжан апайдан білім алып жүрдім. Сондай-ақ поэзияда бақ сынадым. Мектеп бітір­геннен кейін Т.Жүргенов атындағы өнер академиясына тапсырдым. Арманым сахнада ойнау болған. Сөйтіп Оразхан Кенебаевтың шеберханасына тапсырдым. Бірақ ол кісі қабылдамай қойды, ол кезде көзілдірік киген болатынмын. Мүмкін, сол әсер етсе керек. Сонан кейін режиссер мамандығына ҚР Халық әртісі, профессор Маман Байсеркеевтің шеберханасына құжат тапсырдым. Емтихандарынан сүрінбей өтіп, оқуға түстім. Бес жылдай білім алдым. Бұрын мектепте сахнаның арғы жағындағы құпияны біле алмадық. Сахнада ойнау арманым болғандықтан, бірден жұлдыз болып кетемін деп ойла­дым. Алайда адам болып барып едік, бізді «жан-жануар» қылып жіберді (күліп). Ит, мысық болып кеттік. Бұл – бірінші курстағы сабақтар болатын, яғни актерлық өнердің әліппесі. Екі жыл  бойы сахнада сөйлемей жүрдік. Тек ғана мимикамен, этюд нұсқада жұмыс істедік. Бірінші жануарлар, екінші адамдар болып, бірақ сөйлемей. Екі жыл солай болды. Уақыт өте сахна тілі сабағында әртүрлі жаттығулар өтіп, үшінші курстан бастап сөйлей бастадық. 2016 жылы Н.Бекежанов атындағы қазақ музыкалық драма театрына келдім. Сол кезде дипломдық спектакльге үлкен шығарма алу керек болды.­ Балалардың қойылымы емес, салмағы бар мәселе көтеретін. Қысқасы, режиссерлік шеберлігін көрсететін шығарма. Оған театрдың талабы, ұсынысы бо­йынша  балалар спектаклін қою қажет болды. Сая Қасымбектің «Наурыз аруы» атты қойылымын қойдым. Еңбегім театр­ға ұнаған болуы керек, жұмысқа шақырды. Академияны бітірген соң бірден  осында  тарттым. Мұндағы  алғаш­ қойған спектаклім – «Бір түп алма ағашы» драмасы. Халыққа ұнады. Бастамасы жаман болған жоқ. Содан бері қазір 7-8 қойылым қойдым. Театрдың не екенін түсініп, атмосферасын білдік. Академияда бәрін үйретіп жіберді. Теорияны практикамен ұш­тасты­рып  жүрген  жайымыз  бар.

- Бүгінгі көрермен сұранысын қана­ғаттандырып отырмын деп ойлайсыз ба? Сіздің ойыңызша, қазір көрермен нені көргісі келеді?

- Бүгінгі  таңда  көрерменнің театрға деген сұранысы жақсы. Қанша қойылым қойдым. Үлкен буындарға. Жоғары­ сұра­нысқа ие болды. Жоспарға сәй­кес ай сайын­ спектакль жүріп отырады. Зымырап уақыт өтіп жатыр. Ал адамдардың жұмыс­тан қолы тимейді. Театрға келуге­ мүмкіндігі жоқ. Күйбің тірлік. Көрермен  комедия  жанрын ұнатады. Драмалық немесе  тарихи қойылымдардан гөрі комедия өтімдірек. Себебі, халық мұнда демалуға келеді. Қазір бір жылдың өзінде 3 комедия қойылды. Күзден бастап.­ Маусым басталғалы. Келушілер, шүкір, аз  емес.

- Өзіңіз режиссер ретінде спектакль арқылы  не  айтқыңыз  келеді?

- Спектакльдің негізгі миссиясы – қазіргі қоғамның дертін көрсетіп, мәселелерді жеткізу. Бүгінде технологияның дамуы адамға әсер етіп жатыр. Телефон­ға шұқшиып, бас алмай қалатынымыз тағы бар. Сол сияқты өзекті мәселелер. Тіпті теледидардан көрсетілетін кей бағдарламаларға жұртшылықтың көңілі толмайтындығын да байқап отырамыз. Арзан дүние өтімдірек, өйткені. Сол нәрселерді қозғауға тырысамыз. Алдағы уақытта тексіздік тақырыбын көтергіміз келеді. Шарананы қоқысқа тастау, бір атаның балаларының бір-біріне біл­местікпен үйленіп қоюы секілді мәселелер...

- Кейде шығармашылық шабыт келмей қояды. Бірақ спектакль қойылуы тиіс. Осындай жағдайдан қалай шығасыз?

- Бұл мәселе театрдың жұмыс жоспарына да байланысты. Негізі жылына 3 спектакль деп қабылданады. Осы жылды алар болсақ, кеше ғана «Пай-пай жас жұбайлар-ай» болды. Одан кейін «Қозы Көрпеш – Баян Сұлуды» қой­дық. Енді менің жұмыс жоспарым күзге қарай шегеріліп тұр. Қазір менің жұмыс жасауыма мүмкіндік аз болып отыр. Жұмыс болмағаннан кейін адамда тоқыр­ау болады. Шығармашылық жұмысым жүрмегеннен кейін актерлермен жұмыс істемеген себепті ізденіс те болмайды. Тек жоспармен шектеліп қалған соң, мүмкіндіктер қарастырылмай тасада қалып отыр. Мен бір пьесаны алып, өзім жұмыс істей беремін іштей. Ал оның ары қарай дамуы артис­терге байланысты. Себебі, оны сахнаға алып шығып, жан беретін – солар. Спектакль жақсы шығуы үшін 50 пайыз­ еңбек актерлерге байланысты болса, қалған елу пайызы – режиссердің қолында.

- Шабытты қайдан аласыз?

- Ол құпия болып қалсын. Көп нәрсеге байланысты. Жеке өмірге, театр­дағы аураға. Себеп көп. Тіпті ауа райы да әсер етуі мүмкін.

- Қойылымыңыз сахнада көрсетіліп жатқанда, мына жақтан (сахна сыртынан) жасырын қарап тұрасыздар ма?

- Иә, әрине. Қызық ғой! Оның өзі адамға шабыт береді. Келген көрермендердің эмоциясын байқау арқылы әрі қарайғы жұмысым белгілі болады. Қиялыма қанат бітеді. Келесі қойылымды қоюға асығамын.

- Спектакль барысында залда орындықтар бос қалып немесе қойылымға аз адам жиналғаны сізге қалай әсер етеді?

- Ондай жағдай көп болады. Ол үйреншікті жайт. Кері әсер етеді деген тұжырым жоқ. Көрермен аз болғанымен, актерлердің ойыны керемет болса,­ сол жеңіп кетеді. Өйткені сенің жасаған­ дүниең – тірі, өмір сүріп жатыр. Соның өзі жетістік. Ертеңгі көрермені бар.

- Сіз үшін кімнің бағасы маңызды?

- Әрине, халықтың. Өйткені бұл маңдай тердің, еңбектің барлығы халық үшін. Мына дүниені жасап, мен байып кетейін демеймін.

- Ал өз-өзіңізге берер бағаңыз?

- Өзімнің өзіме берер бағам – төмен. Әлі де жұмыс істеу керек. Ізденіс керек. Адамның өзіне көңіл толуы қиын нәрсе.

- Театр сыншылары тарапынан қандай  сын  естідіңіздер?

- Қазір ондай жағдайлар жоқтың қасы. Себебі, театр сыншысы жоқ. Бұл нәрсе сырттан болуы керек. Қазір театр жанашырлары деген әдемі тіркес бар. Бірақ ол тек сөз жүзінде ғана. Әр театр өзінше тірлік қылып жатыр тырмысып. Тек қазақ өнері үшін жұмыс істейтін жүйе керек. Театр сыншыларынан құрал­ған Көркемдік кеңес сияқты, мәселен. Жалпы, қазақ мәдениеті үшін Көркемдік кеңес керек деп ойлаймын, армандаймын. Қазір теледидар деген нәрсені сындырып тастағым келеді. Оны көргім келмейді. Жаңалықтарды, мәселе көтеретін, халықтың сөзін сөй­леп, көкейдегісін айтатын бағдарламалар аз. Алайда қазір көкжәшіктен арзан­ дүниелер көп көретін болдық. Бір ғана «Қалаулымның» өзі не тұрады!? Түрік­тің, үндінің, филиппиннің сағызша созы­латын сериалдары адамды жан-жақты дамытып, мәдениетін үстей түседі деп айту қиын. Әсте қиын. Ол кинолар қазақтың менталитетіне сай емес.  Жұрт жүйкесін жұқартып отырып көреді  сол  сериалдарды.

- Біздің театрға жарнама керек пе?

- Міндетті түрде. Театрдың атасы К.Станиславский  «Театр  киімілгіштен басталады»  деген  кезінде.  Ол – сол заманның сөзі. Одан бері  бір  ғасыр  өтті. Сол кезде театрға деген қызығушылық күшті болатын. Ха­лық келетін қойылым көруге. Ал қазіргі күні театр киімілгіштен  емес, жарнамадан  басталады. Жарнама  жағы  бізде барынш­а жасалып жатыр. Әлеуметтік желіден болсын. Әлемжеліден театрды  жарнамалағанымызбен, нәтиже жоқ. Көшеде  жарнама ілуге рұқсат етілме­ген. Сол мәселе қазір қиындық ту­дыру­да.  Қаланың  орталық  көше­леріне  ілуге немесе лэд-экрандардан көрсетуге­  мүмкіндік  жоқ.  Ал жекелері қымбат.

- Соңғы оқыған кітабыңыз қандай?

- Дулат Исабековтың повестерін оқып жатырмын. Оның алдында Оралхан Бөкейді оқыдым. Әлемдік классиктерден көбіне пьесалар, аудармаларды іздеп оқимын. Марк Камолеттидің бір оқиға желісі керемет аудармасын оқыдым. Бұйырса, келер жылы соны қойып  қалуым  мүмкін.

- Адамдағы қандай қасиетті жек көресіз?

- Өсек, жағымпаздық, екіжүзділік. Бірақ көзіміз көріп жүр. Жоқ емес бар.

- Сіз жүрген ортада да бар.

- Міндетті түрде. Қазір есікті ашсаңыз­, жүреді. Өзгелер туралы айтқан­ сөз мейлі жақсы, мейлі жаман болсын, басқа бірінен қайта айналып өзімді  тауып  жатады.

- Ондай  қасиет өзіңізде жоқ па?

- Бетім, жүзім таза қазіргі жағдайда. Барлық шындықты айтуға тырысамын. Бірақ ашық айтылған ақиқат ешкімге ұнай бермейді. Тіпті сынның өзін қабылдай алмай, амандық сұрасуға жарамай қалып жататын кісілер де бар. Шындықты айтпайын, үндемейін десең, театр құрдымға кетеді. Өнер бол­ған жерде сын айтылуы заңды нәрсе. Сын арқылы өсеміз. Бірақ қазір сын айтсаң, қабылдамайды жұрт. Үлкені болсын, кішісі болсын – гений, Халық әртісі.

- Сөзіңізді дәл осы қалпында газетке баса берейік пе? Тағы да ренжімей ме сізге?

- Айтып отырғаным шындық ғой. Шындық ащы келеді негізі. Адам бол­ғаннан  кейін  дамығың  келеді.

- Сізді қуантатын нәрсе не?

- Театр саласына, қоғамға тамшыдай болса да үлесімді қосып жүргенім. Жұртшылықтың ыстық ықыласы, берген батасы мен үшін бақыт дер едім.

- Әңгімеңізге рақмет! Шабытыңыз шалқи түссін!

Әңгімелескен  Жазира  БАҒЛАН

 


БАТЫСТЫҚ МЕНТАЛИТЕТ «МЕНМЕНДІККЕ» ҰРЫНДЫРЫП ТҰР PDF Print Email
Жаңалықтар - Арнайы беттер
10.05.2018 11:35

Біздің ата-әкелеріміздің тұсында жүргізілген коммунистік идеоло­гиядан қазақтың ұлттық құндылықтарын жоюға тырысқанын бай­қаймыз. Бәлкім, олай емес дейтіндер де табылып қалар. Олай дейтініміз, еліміздегі тым орыстанып кеткен солтүстік облыстарда батыс елдерінің гендерлік саясатына деген құрмет оңтүстік облыстарға қарағанда анағұрлы­м жоғары.

Мәселен, қазаққа тән дәстүр-жоралғыны ысырып қойғанны­ң өзінде, бала басын шектеп, менталитет пен көзқарастың жат жұртқа икемделіп тұратыны қынжылтады. Бұл халықтың өсімін шектейтін факторға айналып барады. Осыдан келіп, бір-екі бала туса болды, оны өсіп-жетілдіру де оңай емес деген әңгіменің төркіні басталады­.  Яғни, батыс  елдеріндегі отбасы құндылықтарының кері әсері Қазақстанға  да  тиіп  отыр.

Бұл үрдіс Ресеймен шекараласқан солтүстік және шығыс облыстарда қатты байқалады. Шындығында гендерлік саясаттың ұлттық және жыныстық ерекшелі­кке қарай түзілген қағидаттары – көп дау тудыратын проблема. Гендерлік сая­сатты әркім әртүрлі қабылдауда. Ал гендерлік теңдіктің оңтүстік облыстардағы отбасылық дәстүрі бұзылмаған халыққа әсері сәл де болса төмен. Себебі, қазақ хал­қында онсыз да әйелдің орны өте жоғары құрметпен теңестірілген. Ал халықтың санын көбейтуге қандай өңірлер бейім және қандай себептер ықпал етіп отыр?

Біріншіден, климаты қоңыржай не  ыстық белдеулік өңір­лер­де өсім жоғары. Халықтардың тұр­мысына керекті киім-кешек шығыны да төмен, ішіп-жемді өндіру мүмкіндігі жоғары. Бір сөзбен айтқан­да, өмір  сүруге  қолайлы.

Екіншіден, діни көзқарас әсер етуші басты факторлардың алдыңғы легінде. Мысалы, Ис­лам­ дінінде Мұхаммед пайғамбардың «Мен Алланың алдында үмбетімнің көптігімен мақтанамын! Үйленіңдер, көбейіңдер!» деген хадисі де зор рөл атқарды.

Үшіншіден, тарихи ұлттық сана. Түркі текті халықтарда берік отбасылық құндылықтар сабақтастығы тарихи жалғасып келеді. Яғни сапалы ұрпақ қалдыру көзқарасын атап айтуға болад­ы. Сонымен бірге «көп бол­ған сайын, өзара көмек те көп, жағдайдың да жақсы» бо­латыны онсыз да белгілі.

Төртіншіден, халықаралық гендерлік саясат та қатты ықпал етті. Бұл, әсіресе батыс елдеріндегі ер мен әйел арасындағы тарих­и қатынасты өзгертті. Соны­мен әйел теңдігінің көте­рілуі – онсыз да өмір сүру өресі көтерілген  елдердегі  әйелдердің психологиясын  қалыптастырып,  ұрпақ қалдыру және өмір­дің мәні туралы танымын түбегейлі бұрды. Міне, бұл ұрпақ қалдырып қиналғысы келмейтін немесе жеңіл тұрмысқа құныққан қоғамдық орта қалыптас­тырғаны  белгілі.

Бесінші, неке құндылығы. Мысалы, қазақта тарихи салт-дәстүрге сай ажырасулар мүлде болмайтын. Тіпті, жесірлердің өзін әмеңгерлік жолмен алу ар­қылы әлеуметтік және тұрмыстық мәселені шешетін. Кеңес Одағы ке­зінде де ажырасулар қабылданбайтын. Ал батыстық өмір  сүру құндылығы енгеннен кейін неке куә­лігін ажырасу туралы құжат­қа айырбастау қалыпты жағдайға айналды. Сонымен бала сүю азайды. Десек те Ислам діні құндылы­ғы мен түр­кілік отбасы құн­ды­лығын берік ұстанған халық­тарға  әлі  айтарлықтай әсер  ете  қойған  жоқ.

Алтыншы, өркениетке ілесу қағидасымен ауылдан қалаға топтасу. Бұл да – әлеуметтік жағдай­  мен  өмір сүру ортасының  өсуіне  байланысты  туудың төмендеуіне әкеп соғатын маңыз­ды фактор. Қалаға шо­ғырлану қаншалық көп болса, табиғи өсім де соншалық төмен болып  отыр.

Сонымен бірге жыныстық азшы­лық ретінде қорғалатын «қызтекелер» сынды топтар да халық санының өсуіне кері әсер етеді. Бұл ислам дінін ұстанатын халықтар мен шығыс елдерінің басым­ бөлігінде шектелетінін ескерг­ен жөн. Ал бұл қылық қазақ халқына тән емес болса да, қатары­ көбейіп келе жатқанын мойын­дамасқа амал жоқ.

Айзия  НҰРТАС

 


Польшаның қазақ партизаны PDF Print Email
Жаңалықтар - Арнайы беттер
10.05.2018 11:27

Екінші әлем соғысы кезінде­ үш жарым мыңнан астам қазақстандық Украина, Белоруссия, Польша, Югославияның немістер жаулап алған жерлеріндегі партизандар қозғалысында болып, ерліктерімен көзге түсіп, сол елдердің батырлары атанып, медальдарын таққан екен. Бірақ, бәрі емес. Партизан қозғалыстарында жүргендердің көпшілігі соғыс бітіп елге оралған соң, сол жерлерде партизан болғандықтарын дәлелдей алмады, кейбіреулері жасыруға мәжбүр болды.

Се­беб­і олар кеңес әскерлері сол аймаққа кірген кездерде өз ар­ми­ясына қосылып, ары қарай соғыса берген, партизандық қозғалыста болғанын дәлелдейтін құжаттар алуға мән бермеген. Тағы бір себебі олардың арасында қоршауда қалып қойғандар, тұтқында болғандар, партизан қозғалыстарына немістің тұтқын лагерьлерінен қашып қосылғандары аз емес-ті. Немістің тұтқынында болды деген таңба соғыс бітіп, елге оралған соң олар үшін арылмас күнә болды.

Солардың бірі – Жаңа­қорған ауданының тумасы Омар Тойымбетовтың (1921-2007ж.ж) аты-жөні қазір 9-сыныптың «Қазақстан тарихы» оқулығында Польша жеріндегі партизан соғысының қатысушысы ретінде жазылған, балалары мен неме­релері мақтан тұтып дүниеден өт­кен адам. Бірақ бұл кісінің Польша жерінде бір жылдан (1943 жылдың аяғынан 1944 жылдың соңына дейін) астам уақыт партизан қозға­лысында болғандығын 30 жыл бойы дәлелдей алмай, жылына екі рет қауіпсіздік комите­тіне шақырылып жауап беріп, бақылауда болғандығы Омар ақсақалдың өмірінің соңғы жылдарында ғана белгілі болды.­

- Әкеміз  Омар Тойымбетов  5 жасында әкесінен жетім қалып, анасы Қалдықыз тәрбие­леп жеткізеді. Еңбек жолын 1940  жылы  Жаңақорған  аудандық кітапханасының меңгеру­шісі  болып  бастаған. Спортшы­  болуға бейімдігі болса керек, әкеміз 1940 жылы Москвада өткен физкультура парадына қатысыпты. 1942 жылдың  10 ақпанында соғысқа шақырылып, Украина майданында артиллерист болыпты, бір шай­қаста тұтқынға түседі, бірақ тұтқында көп болмапты. Польша жеріндегі бір лагерьден қашып шығып, поляк партизандарына қосылған. Олармен бір жылдай бірге болып соғысып, жаужүректігімен көзге түсіп, поляк партизандарымен бауырласып кетеді. 1944 жылдың аяғында кеңестің 8-гвардиялық армиясы Польша жеріне кірген кезде өз әскеріне қосылғанына қуанған әкеміз өзіне қажеті болат­ын құжаттарды алмаған, оның үстіне Польша партизандарының басшылығы барлық құжаттарымен бірге бір шай­қаста опат болса керек, - дейді Омардың бүгінде өздері де ақсақал атанған балалары Жап­пар­ мен Саттар. -1946 жылдың 10 ақпанында елге оралған әкеміз ауылға мектепке мұғалім болып орналасады. Қызылорда педагогикалық институтының филология факультетін бітіріп, елу жылдан астам уақыт қазақ тілі мен әдебиетінің мұғалімі болып істеді. Бірақ әкеміз соғыс біткеннен кейінгі тыныш өмірді басынан кеше алмапты. Неміс­тің қолына тұтқынға түскен «айыбы» бар және бір жылдай Польша жерінде әкеміздің пар­тизан болған уақытын дәлелдейтін құжаттарды іздестірген қауіпсіздік комитетінің қызметкерлері оны Украинадан, Мәскеуден, Польшадан табылмағанын айтады. Әкемнің ауызша, жазбаша жазып берген­де­ріне сенім болмайды. Осылай әкемді комитетке жылына екі рет шақыртып жауап алып тұрған. Әкеміз әңгімеге жоқ, тұйық кісі болатын, оған қандай­ сұрақтар қойылғанын, оларға әкеміздің қалай жауап бергендерін біз білмейміз. Соғыста талай қиын-қыстау кезеңдерді атқарғандары, бастан кешкендері жайлы көп айта бермейтін, бір-екі ауыз сөзбен ғана қысқа қайыра салатын. Мысалы, немістің лагерінен бір-екі қашқаннан жолы болмағанын, немістің овчарка иттері ізіне түсіп екі рет таланып, тек үшінші жолы ғана қашып құтылып, Польшаның бір деревнясына­ кіріп, поляктар жасырып, аман-есен қалыпты. Поляк партизандарының құрамында бірнеше рет немістердің қару-жарақ, техника сақтаған қоймаларын жоюға қатысқаны, басқа да ерліктері жайлы кейін естідік. Поляктың Ира деген қызына үйленгені жайлы да басқа кісі­лерге айтқандары бойынша білдік. Елге оралғаннан кейінгі мәртебесінің күдікті, күмәнді адам болғандығы әкемізге қат­ты батыпты, одан арылу үшін көп ізденген, тіпті болмаған соң сол кездегі обкомның бірінші хатшысы Исатай Әбдікәрімовке дейін барыпты. Ол кісі «мұн­дай мәселеге менің құзырым жүрмейді» депті. Осылай әке­міздің соғыстан кейінгі 30 жыл өмірі мазасыздықпен, жабыр­қаумен өтеді, осылай жалғаса берер ме еді, ойда-жоқта бол­ған бір жағдай көмектеспегенде...

Сол кездегі қазақтың жас ұл-қыздарының кітапқа, білімге деген құштарлығы ерекше еді ғой. Бір күні мектебінің бір оқушысы сабақ үстінде әкемізге: «Ағай, сіздің атыңыз мына кітапта жүр екен, міне, мына кітап» деп, Москвадан шыққан «Всегда на чеку» деген кітапты көрсетеді. Кітаптың авторы – генерал-майор А.Петров. Кітаптың 162-бетінде  «... В польских партизанских отрядах сражались Айдархан Ержанов, ныне декан факультета и Омар Тайымбетов, учитель Чиилийского района Кызылординской области...» деп жазылған. Иә, сол баяғы өзі құрамында болған 8-гвардиялық армияның командирі А.Петров. Мәскеуде отырып әкеміздің қай жерде мектепте мұғалім болып істеп жат­қанына дейін біліп отыр­ғанын айтсаңшы. Осылай күт­пеген жерден тайға таңба басқандай айқын айғақ табылып, әкеміз бір сәтте барлық күдік, күмәннен толық құтылады. Әкеміздің тауқыметті тағдырының осылайша бір сәтте оңай шешілгені үшін тағдырға, мұн­дай генералға қалайша алғыс айтпасқа? Комитетшілердің әкемізді «немістің дайындап жіберген адамы, қорқып тұт­қынға түскен дезертирі» деген қара таңба айыптарынан құт­қарғанын айтсаңшы. Ең бастысы, оқушы қызға рақмет, қандай көзі қарақты, көкірегі ояу қыз, егер ол қыз сол кітапты оқымағанда, әкеміз сол қара таңба мен күйені үстінен тазар­та алмай өмірден күйік­пен өткен болар ма еді? Әттеген-ай, сол оқушы қыздың атын әкемізден сұрап алмағанымызды-ай...

Міне, сол кезден бастап Омар ағаның өмірінде жарқыраған күндер өте бастады. Жыл сайын Жеңіс күнін жұртпен бірдей мерекелеп, оқушылар мен жастар кездесулерге ша­қырып, соғыстағы бастан кеш­кендерін айтып, журналистер сұхбат алып, теледидарға түсі­ретін болды. Соғыс ардагер­леріне тиісті медальдар мен ордендер, қошеметтер мен марапа­ттаулар берілді. Поль­ша жерін­де партизан болған қа­зақтар санаулы ғана екен, оның есімі мектеп оқулығына енді. Омар аға Әпикүл апа екеуі 60 жыл бірге отасып, 1 қыз, 4 ұл тәрбиеледі. Олардан 22 не­мере, 25 шөбере сүйген мәуелі бәйтерек  қалдырды.

- Жас кезімізде соғыс жайлы,­ әсіресе партизандар туралы кітаптарды сүйсініп оқитынбыз. Атап айтқанда, Қ.Қайсенов, Ә.Шәріпов, Т.Жангелдин, С.Ковпактардың кітаптарындағы кейіпкерлер сүйікті геройларымыз болды. Қасымызда жүрген өз әкеміздің солардан кем емес батыр болғанын білмеге­німізді айт­саңшы. Бірақ, олардың ауызда­рына құлып салған, ерлік­терін айттырмаған сол заманн­ың қу саясаты шығар, - деп өздерін жұбатып қояды  Өмекеңнің  ұлдары.

Сағат  Жүсіп

 


ЖАЛҒАСОВТЫҢ ЖАУЫНГЕРЛІК ЖОЛЫ PDF Print Email
Жаңалықтар - Арнайы беттер
10.05.2018 11:08

Ауданға  танымал кәсіп­кер Анарбай Жалғасовпен бала кезімізден бірге өстік. Тіпті бір сыныпта оқыдық. Құрдасым сол кездегі көп­теген шаңыраққа тән көрі­ніспен  өзім  сияқты көпбала­лы отбасының перзенті. Біз есімізді білгенде досымның әкесі Бұхарбай көкеміздің есімі озат механизатор ретінде дүрілдеп аталып тұрған еді. Анамыз Қантау болса, бар ғұмырын отбасына арнаған барша қазақ әйелде­ріндей қарапайым мінезді, тым мейірімді адам тұғын.

Өзінің адал еңбегі, тазалықты сүйетін дағдысы, ең бастысы, міндетті жұмысына жауапкершілігімен совхоз басшыларының сеніміне, көпшіліктің ілтипатына бөленген Бұхарбай  әкеміз – туып-өскен ауы­лының әл-ауқатының алға басуына өз үлесін қосқан атпал азаматтардың бірі. Өңін жел қағып, күн қақтаған ағамыз тәрізді басқа да көптеген қарапайым еңбек адамының маңдайынан төгілген тері, уақытпен санаспай жасаға­н еңбегі сол тұста Қазақстанның 40 жылдығы атындағы кеңшардың даңқын аудан, облыс, респуб­ликадан асырып, кең-байтақ Кеңес одағына таратқаны бұлтартпас шындық­.

«Әке көрген оқ жонар, шеше көр­ген тон пішер». Бәкеңнің тек адал еңбекпен өрілген ғибратты жолын уақыт өте Серікбай, Әміржай, Анарбай, өзге де перзенттері жалғастырды.­ Көздерін ашқаннан техникаға машықтанған  осынау  сайдың  тасындай ұлдар  әке есіміне дақ түсір­ген жоқ. Әулет абы­ройын онан әрі  биіктете түсті. Жалпы, ең­бек­сүйгіштік – Жалғасовтар жанұясының басты  ерекшелігі. Ал дана  халқымыз «адал еңбек – ердің досы, бақ іздеудің жолы осы» деп текке тебіренбесе  керек.

Бұл күнде Бұхарбай көкеміз бен Қантау анамыздан тараған ұрпақ өсіп-өніп, іргелі шаңыраққа айнал­ған. Тіл-көзден сақтасын. Осынау ауызбіршілігі мол, берекелі әулет мүшелері үшін ең қастерлі күн бар. Ол – Жеңіс күні мерекесі. Бұл күні Жалғасовтар қарашаңыраққа жиналып, әке рухына тағзым жасайды. Күні кеше ортақ Отан аталған алып елдің басына қиын-қыстау күн туғанда кеудесін оққа төсеген батыр солдат көкесі мен іргелі шаңырақтың қорған-панасы болған ана аруағына құран бағыштатады. Бұхарбайдан тараға­н перзенттер ата есімін, өшпес ерлігін немере-шөбересінің зерде­сіне құяды. Осынау тағылымды істері­мен  қашанда  өскен  елді  қор­ғау, туған  жерді  аялау  парыз  екен­дігін балдырғандарының санасына сіңіреді.

Бұхарбай Жалғасов Ұлы Отан соғысына­ алғашқы айлардан бастап қатысады. Сол бір қанды қасап белең алған 1941 жылдың қыркүйегінде майда­нға  аттанған  ауылдың  ақпейіл, мейірбан баласы өзінің осынау жорық  жолы  табандатқан  жеті жылға­ созылатынын  қайдан білсін?! Он сегіз жасқа толып та үлгермеген түбіт мұртты бозбаланың алдында жан алып, жан беріскен тағдыр, мил­лиондаған солдаттың қаны судай аққан, адам баласы шыбынша қырыл­ған, әлем тарихына «Сталинград шайқасы» деген атаумен мәңгі енген ауыр ұрыс күтіп тұр еді. Сол қиямет кезең кейін көп уақытқа дейін сол сұмдықты көзімен көргендердің талай­  түсіне  кірген  де шығар.

Бәкең сұрапыл шайқаста ерекше ерлігімен көзге түсті. Сол тұста майдан даласында алысқа ататын зеңбіректерді «Соғыс тәңірісі» деп атайтын. Атына заты сай сол қарулардың қуатын майдангерлер жақсы біледі. Снарядтары дөп түскен жердің сау тамтығын қалдырмайтын күші жау бекіністерінің талай күлін көкке ұшырған-ды. Бұхарбай ағамыз алдымен №1081 артиллериялық полкте, мұнан соң №1449  артполкте 85, 122, 152 мм зеңбіректерінде қару оқтаушысы болды. Соғыс адамды шар­болаттай шыңдайтыны рас екен. Кеше ғана өңінен биязылық лебі есіп тұратын ауыл баласы осынау қуатты қарудың шын мәнісіндегі иесіне, кәнігі маманына айналды. Әрі бұл үшін көп уақыт кеткен жоқ. Алғашқы ұрыстың өзінде дәл есеп, әбжіл қимылмен жау танкісін қызыл жа­лынға ораған қатардағы жауынгер Бұхарбай Жалғасов «Жауынгерлік ерлігі үшін» медалымен марапатталды. Жалғасовтың  жауынгерлік жорық  жолы  жалғаса  берді.

Қаһарлы 1942 жыл да жайлап өтіп жатты. Бұл кезде сержант шенінде, бөлімше командирі қызметін атқаратын Бұхарбай Жалғасов кәнігі майдангерге айналған. Сталинград об­лысын жаудан тазарту шарасы шыңына жеткен кез. Әрбір сүйем жер, елді мекен үшін жан аямай жұлысып, толар­сақтан қан кешуге тура келеді. Осындағы бір хуторда болған қанды соғыс оған қатысушылардың сана­сына берік жазылып қалған. Бұхарбай басқаратын зеңбірек рас­четы сол ұрыста жаудың көптеген жаяу әскері мен бірнеше техникасын жойып­ жіберді. Алайда осы шайқас барысында Бәкең ауыр жараланып, гос­питальға түсті. Десе де, ерлік іс текке кеткен жоқ. Біздің қолымыздағы уақыт табы сарғайтқан, ба­тальон коман­дирі майор Белов қол қойған марапаттау қағазында «шайқас да­ласында көрсеткен ерекше ерлігіне орай Бұхарбай Жалғасовтың ІІІ дәрежелі «Даңқ» орденімен марапаттал­ғаны» жазылыпты. Госпитальда ұзақ уақыт емделген Бұхарбай көкеміз мұнан соң дербес құрылыс теміржол батальонында ағаш ұстасы, көпір салуш­ы  болып  маңызды  нысан­дарды салуға қатысады. Елге тек 1948 жылы  оралып, бейбіт  өмірге  құл­шына араласады. «Ерлік ешқашан ұмытылмайды»  деген  осы  болар.

Жұмабек  Табынбаев,

Қазалы  ауданы

 


ЕШКІМ ДЕ, ЕШТЕҢЕ ДЕ ҰМЫТЫЛМАЙДЫ PDF Print Email
Жаңалықтар - Арнайы беттер
10.05.2018 10:19

Қазақ елінің ұлылығын сөзінен, тілінен, дінінен, ділінен ғана емес, ата-баба ерлігінен де байқауға болады. Қазақ деген ел болып іргесі қа­ланғалы талай ғасырлардан бері тарих­ қойнауынан сыр шертетін жорықтар мен оқиғалардың тізбесі аз емес. Сонау­ 1723 жылдағы «Ақтабан шұбырынды, Алқакөл сұлама» жоңғар шапқ­ыншылығы кезіндегі елім-айлап күңіренген қилы заман, 1930-1933 жылдардағы ашаршылық, 1937-1938 жылдардағы депрессияға ұшыраған жазықсыз құрбандар, одан бері 1941-1945 жылдардағы Ұлы Отан соғыс­ы елдің тыныштығы мен бей­бітшілігін ұрлады.

Бұл жылдар тек Қазақстанға ғана емес, басқа мемлекеттердің де тыныштығын алған. Ленинг­рад, Сталинград, Курск, Берлин шайқастарына да қазақ жауынгерлері қатысқан. Соғысқа жанқиярлықпен аттанған жауынгер-офицерлер мен солдаттардың, тыл жұмыс­тарына қатысқан әйелдер мен жас­өс­пірім  балалардың  еңбектері  қалың қазақ  болашағы үшін, келешек  ұрпақ үшін  жасалған ерлік еді.

Ұлы Отан соғысы ешкімнің де жанынан бөлек жүрегін де жараламай кетпеді. Біреуі әкесінен, біреуі анасынан, енді біреуі баласы мен аға­сынан айырылды. Төрт жыл бойы халық­ты тығырыққа тіреген майданның соңы жеңіспен аяқталды. Ерлік­тері еленіп, Кеңес одағының батыры атағы, «Қызыл Ту» ордені, 3-ші дәрежелі Суворов  ордені, «Халық қаһарманы» атағы беріліп, түрлі марапа­т­тар алса, кейбіреулері тіпті із-түзсіз кетіп, енді бірі жараланып, мүгедек қалпында елге оралған. Ұлы Отан соғысы кезінде жауынгер бол­ған  адамдар  қатарында  атамыз Нұри Бидембайұлы да  бар еді.

Атамыз 1915 жылдың 15 қаңтарында Қармақшы ауданына қарасты, Энгельс колхозында дүниеге келген. Алғаш ауыл молдасынан сауат ашып, арабша хат таниды. Қазақ, араб, орыс тілдерін жетік меңгерген. Жас кезінен өнерге бейім болып, домбыра тартып, жыр-дастандарды жатқа айтқ­ан,  саятшылықпен  айналыс­қан. “Қобыланды”,“Алпамыс”, “Көр­оғ­лы”, “Бес ғасыр жырлайды”, т.б. шығармаларды үлкен жиындарда айтып,­ жыршылық қасиетімен таныл­ған. Сол кездегі заман тала­бына  сай  техниканы  жақсы меңге­ріп, үй салып, етік тігіп, егіншілікпен­ айналысқан.

1942 жылы Ұлы Отан соғысына байланысты Шығыс Қазақстандағы Аягөз лагерінде әскери дайындықтан өтеді. Сондағы орыс-қазақ әскерлерінен құралған рота-батальондарды басқарады. 1943 жылы қазақ-орыс солдаттарын бастап, Украина арқылы Германияның Кенигсберг қала­сына дейін барады. 1945 жылы соғыс аяқталып, елге  бейбітшілік орнайды. Атамыз да майданда сол қолына оқ  тиіп, Германияның  госпиталінде­ жатып,  емделеді. Сауыққаннан  кейін  стройбатқа, яғни қаланы қалпына келтіру жұмысына қалып, Мәскеу арқылы 1946 жылы  елге аман-есен  оралады.

Қармақшы ауданында шофер болып­, еңбекке араласып, ауыл шаруа­шылығымен айналысады. Жұбайы Әлпешпен бірге балалары Мауия, Бақытгүл, Шынаргүл, Қалдыгүл, Разия, Дәмеліні тәрбиелеп, оқытып, өсіреді. Нұри атамыз еліне сыйлы, қарапайым, еңбекқор, абырой­лы кісі болған. 1991 жылдың 30 қарашасында 76 жасында дүниеден  өтті. Міне, осындай аталарымыз халықтың  арасында  әлі  де  бар.

«Жақсының аты өлмейді, ғалымның хаты өлмейді» демекші, атамыздың ұрпағына қалдырған өнегесі мен тәлімін, жасаған жақсылығы мен даналы­ғын артында қалған ұрпақ­тары әркез айтып отырады. Атамыздың жасаған ерліктері мен ерен еңбектерін еске алып, ардақты есімін аялап өту – бізге парыз.

Ақерке  ОРЫНБАСАРҚЫЗЫ,

Қызылорда  қаласы

 


ЖАҢАҚҰРЫЛЫС ЖАСТАРЫНЫҢ ЖАРҚЫН ІСТЕРІ PDF Print Email
Жаңалықтар - Саясат
10.05.2018 10:00

Пайғамбар жасынан ас­қан соң өткен өміріңді зерделей отырып, бүгінгі күнде­ріңді ой елегінен өткізіп, елдің тыныс-тіршілігіне көз жүгіртесің. Атқарылып жатқан игі істер болса, қуанып, бойың бір сергіп қалатыны рас. Әрине, біз жасымыз келгесін кейінгі буынның жөні түзу азамат болғанын тілей­міз. «Жақсының жақсылығын айт, нұры тасы­сын»  дейді  емес  пе?

Менің айтпағым, Жаңа­құрылыс ауылы әкімшілігінің жанынан  құрылған «Жастар» ұйымының жарқын істерін көпшілікке жеткізгенді жөн көрдім. Дана қазақ «Балам жаман дегенше, өзім жаман де, Өзім жаман дегенше, тәр­бием жаман де» дейді. Ата-ананың міндеті – өз ұрпағына­ дұрыс тәлім-тәрбие беру.

Біздің ауылдың жастары қолға алынған жаңа баста­ма­ларға болысып, араласып келеді. Бұған аға буын бек қуанышты. Ауыл әкімші­лігі­нің өткізген әрбір іс-шараларына атсалысып, әр жылдары жаңа бір іске ұйытқы болып, көпші­ліктің  алғысына бөленіп келеді. Мысалы, Нұржан Төрениязов, Ғалымжан Базарбаевтың бастамасымен ауыл жас­тары 180 түп тал егіп, елді мекен­нің жасыл желекке айна­луына үлес қосты. Сондай-ақ, жолаушыларға автобус күтетін жаңа аялдама салып берді. Былтыр ауылдың кіреберіс жеріне­ «Жаңақұрылыс ауы­лына қош келдіңіздер!» деген­ арка орнатты. Бұл бағыттағы жұмыстар тоқтамайтын тәріз­ді. Биыл ауыл ортасындағы паркте орналасқан Ұлы Отан соғысы­нан оралмағандарға қойылған ескерткішті қайтадан заман талабына сай жа­ңар­тып салуды жоспарлап отыр. Бұл айтылған нәрсенің бәрі қаражатсыз бітпейтіні белгілі. Олар жыл көлемінде ұйымдасқан түрде қаржы жинап, туған жерін­е бір игі істі жасауды жоспарлаған. Кешегі Наурыз мейрамында ауыл жастары бірігіп, ауызбірші­ліктің, ынтыма­қтың, татулықтың озық үлгісін көрсетіп, өзіндік сән-салтанатымен атап  өттік. Жақында ғана ата-бабаларға арнап орталық «Өтеш ахун» мешітінде жалпы­ ауыл тұр­ғындарына ас берді. Өмірден өткендерге құран бағыштап, үлкендердің ба­та­сын алды. «Жауынмен жер көгереді, батам­ен ер көгереді» дегендей, аруақтар қолда­п, жас­тарымыздың  жарас­ымдылығы арта  берсін демекпін!

Сөзімнің басында айтқандай, әр отбасында берілген дұрыс тәлім-тәрбиенің ар­қа­сында, ауыл жастарының өнегелі істерін айту менің парызым деп білемін. Бұл елдің бірлігі ажырамасын, ағайын! Жастарымыздың өнегелі істері көп болсын!

Сердалы  Шалбаев,

Жаңақұрылыс ауылдық ардагерлер кеңесінің төрағасы,

Арал ауданы

 


Жеті тур күттірген жеңіс PDF Print Email
Жаңалықтар - Халық-хабар
09.05.2018 19:35

Қазақстан премьер-лигасының 8-турында Қостанайға қонаққа барған жергілікті “Қайсар” биылғы маусымдағы алғашқы жеңісіне қол жеткізді. Жеті тур бойына жолдары  бір  болмай-ақ  қойған “қасқырлар” сырт  алаңда  жауапсыз  3 гол соқты. Рас, қызылордалық  ұжым гол соғуға біраз уақыттан бері шорқақ болып келеді. Курьордың әуелі “Ақжайыққа”, одан кейінгі “Қайратқа” салған қос голы болмаса, Исламқұлов пен Григоренко қорғаған қақпаға 9 гол кіріп үлгеріпті. Осылайша, жеңіліс пен тең нәтижеге көңілдері толмай жүрген “Қайсар” “Тобылға” қарсы ширақ ойнады.
Ойынның 37-минутында Тоқтар Жаңғылышбай есеп ашты. Араға он минут салып, команда капитаны Думан Нәрзілдаев есепті еселей түсті. Айта кетейік, қызылордалық талантты ойыншының алаңға капитандық қызметпен бірінші рет шығуы емес. Ал, матчтың 82-минутында Курьор биылғы маусымдағы үшінші голын соқты. Дәл осы уақытта қақпасын құрғақ сақтауда Марсель Исламқұлов ҚПЛ-де екінші орында келеді. Бірінші орында қақпасын 232 минут құрғақ ұстаған ордабасылық Жасур Нәрзіқұлов болса, Марсель Исламқұлов 197 минут бойы қақпасына гол өткізбеді. Үшінші орынды Игорь Шацкий иеленген (Шахтер, 154).
“Қайсардың” жеңісіне қатты қуанған бір топ жанкүйерлер және клуб басшылығы команданы әуежайдан құрметпен күтіп алды. Одан бұрын қызылордалық жанкүйерлер автошеру жасап, “қасқырларға” қолдау білдірген еді.
“Қайсар” бүгін ел біріншілігінің 9-турында  Қарағандының “Шахтерін” өз алаңында  қабылдады. Алдыңғы турдағы жеңістен қанаттанған "қасқырлар" бұл жолы да жеңісті жолын жалғай түсті. Бір қызығы, өз алаңымызда да кеншілерді 3:0 есебімен ойсырата жеңдік. Ойыннан кейінгі баспасөз мәслихатында бас бапкер Стойчо Младенов футболшыларының ойынына көңілі толатындығын, бүгін өте жақсы ойын болғанын айтты. “Қайсардың” келесі қарсыласы – керекулік “Қызылжар” футбол клубы.

Рыскелді ЖАХМАН

 


Жалағаштықтар да 73-ші бейбіт көктемді қарсы алды PDF Print Email
Жаңалықтар - Халық-хабар
09.05.2018 17:20

Батырлық пен ерліктен жаралған, рухын қасиеттеген, ардагерлерін айбын көрген, Жеңіс пырағын бейбітшілік шырағына айналдырған, Ұлы Жеңісті бақыт бәйтерегіне байлам қылған жалағаштықтар бүгін орталық алаңда Ұлы Жеңіс әкелген 73-ші бейбіт көктемді қарсы алды. Ең алдымен аудан әкімі Қ.Сәрсенбаев бастаған басшылық құрам мен бір топ еңбек және тыл ардагерлері орталық алаңда орналасқан «Ер есімі – ел есінде» ескерткішіне гүл шоқтарын қойып, Ұлы Отан соғысынан оралмаған боздақтардың рухына құран бағыштап, бір минут үнсіздікпен еске алды.

Салтанатты шара орталық алаңда «Заманның ұлы жыры – Жеңіс күні» атты театрландырылған қойылымға ұласты. Жалағаштықтарды Ұлы Жеңіс мерекесінің 73 жылдығымен құттықтап, сөз сөйлеген аудан әкімі Қайратбек Әубәкірұлы сұрапыл соғыс кезінде қазақ даласы қандай көмекпен қолдау көрсеткенін, қарыштап дамып келе жатқан ел әлеуетінің барша жетістіктері соғыс өртін өшірген аталарымыз бен аналарымыздың еңбегі арқасында екендігін атап өтті.

Салтанатты шара барысында аудандық Қ.Қазантаев атындағы Мәдениет үйінің көркемөнерпаздары аудан тұрғындарының назарына концерттік бағдарлама ұсынып, мерекелік көңіл күйдің көтеріңкі болуына үлес қосты.

Жалағаш ауданы ішкі саясат бөлімі

 


Қазалылықтар Жеңіс күнін атап өтті PDF Print Email
Жаңалықтар - Халық-хабар
09.05.2018 14:26

Бүгін Қазалы ауданының тұрғындары 9 мамыр – Жеңіс күні мерекесін салтанатты түрде атап өтті.

Шара «Тағзым алаңында» басталды. Мерекеге соғыс ардагері Қабақ Смағұлмен бірге тыл еңбеккерлері және тұрғындар қатысты. Аудан әкімі Мұрат Ергешбаев бастаған азаматтар гүл шоқтарын қойып, Отан қорғау жолында мерт болған жауынгерлерді бір минут үнсіздікпен еске алды.

Мереке «Жеңіс» саябағында жалғасты. Салтанатты шарада аудан басшысы жұртшылықты Жеңіс күнімен құттықтады. Сұрапыл жылдары жалын кешкен батырларымызға қандай құрмет көрсетсек те жарасымды екенін жеткізіп, еліміздің бүгінгі бейбітшілігі мен тұрақтылығы мәңгілік болсын деген тілегін арнады.

Шара жергілікті өнерпаздардың концерттік бағдарламасына ұласты.

Жалпы, Қазалы ауданынан 10770 азамат майданға аттанса, 6229 жауынгер ғана аман-есен елге оралған. Олардың жыл артқан сайын қатары азайып, бүгінгі күнде 5 ардагер Пірназар Мырзатаев, ТілеубегенТобабергенов, Қалеп Бектұрғанов, Лепес Әуесбаев, Қабақ Смағұл аталарымыз арамызда жүр.

Қазалы ауданы әкімінің баспасөз қызметі

 



<< Бірінші < Алдыңғы 1 2 Келесі > Соңы >>

Күнтізбе

< Мамыр 2018 >
  1 2 3 4 5 6
7 8 10 11 12 13
14 15 16 17 18 19 20
21 22 23 24 25 26 27
28 29 30 31      

Сауалнама

Аса мәртебелі шенеуніктердің қылмысқа шатылып жатқандығы нені аңғартады?
 

Ауа райы

Валюта бағамы

Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі валюталардың ресми бағамдары