Өзекті мәселелер

  • 20.09.18

    Биыл облыс экономикасының бәсі жоғарылайтын, негізгі көрсет­кіштердің көбеюіне қолайлы жыл. Өндіріс ошағына айналмағанымызбен, өнім өндіру мен экспорттауда алдыңғы қатарда тұрғанымыз рас. Өңірімізде соңғы жылдары көптеген зауыттар мен өндіріс ошақтары салынуда. Солардың қатарында молибден өндіру, балық өңдеу, цемент және шыны зауыттары да бар. Әрине, бұл төртеуі де – аймақтық индустрия­ландыру ...

    Толығырақ...
  • 20.09.18

    КӨНЕ  ҚАЛА  мен  ЖАҢА  ҚАЛА

    Біздің дәуірімізден әрі асатын шежіре-тарихы бар Сақтар мәдениеті көм­бесінің бір бөлігі Сыр бойында жатыр. Ашық аспан астында ата-баба аманатын арқалап, біздің дәуірімізге дейінгі ІV-VІІ ғасырларда ғұмыр кешкен Шірік-Рабат, Бәбіш молда, Бұланды, Сығанақ тарихи-мәдени ескерткіштері бүгінде көздің қарашығындай мемле...

    Толығырақ...
  • 20.09.18

    Ұшы-қиыры жоқ ну орман жым-жырт тыныштық құшағында мүлгіп тұр. Желмен тербелген зәулім талдар­дың жапырағынан күн көзі зорға көрінеді. Айнала өзгеше, рақат күйге бөленгендей. Табиғаттың дәл осы сәттегі ана уызына тойып маужыраған нәресте тектес кейпіне қарап маңай­да қанды қырғын соғыс жүріп жатыр десе, сенбес едіңіз. Алайда амал қан­ша?! Бірін-бірі жыртқыштан бетер жұлмалап, қыршын боздақтарды...

    Толығырақ...
  • 20.09.18

    Тағдыр тауқыметі болар, Аяулым анасынан ерте айы­рылды. Бар-жоғы 7 жасында ең ардақтысынан көз жазып қалды. Әкесі мен әжесі шешесін жоқтатпаса да, періште көңіл ананы аңсап тұрады емес пе? Күніге кешкілік жатар алдында ақ сүтін беріп аялаған аяулысының қойнында ұйықтайтын сәттерін еске алғанда, көзіне еріксіз жас келе­тін. Бала ғой. Енді ғана мектепке­ барды өзі. Сыныптастарын аналары әкелгенде...

    Толығырақ...
  • 20.09.18

    Леннокс Льюис, аса ауыр салмақта әлемнің бұрынғы абсолют чемпионы:

    - Жекпе-жек тең болды деген ойда едім, бірақ Головкин мықтырақ көрінді және екі раундта басым болғандай. Екі боксшы да барлық күшін рингте сарп етті! Жеңісті екеуіне де беруге болатын раундтар болды. Тамаша жекпе-жек! Ең мықты екі боксшыны да көрдік. Екеуін де сыйл...

    Толығырақ...
Бейсенбі, 10 Мамыр 2018

СЫБАЙЛАС ЖЕМҚОРЛЫҚҚА ҚАРСЫ ІС-ҚИМЫЛ ТУРАЛЫ ҰЛТТЫҚ БАЯНДАМА PDF Print Email
Жаңалықтар - Халық-хабар
10.05.2018 17:34

Тәуелсіздікке қол жеткізген кезден бастау алған Қазақстанның қазіргі заманауи тарихында Қазақстан Республикасының Президенті – Елбасымыз Н.Ә.Назарбаевпен жарияланған жемқорлықпен табанды және ымырасыздық күрес бағыты республиканың сыбайлас жемқорлыққа қарсы саясатының негізгі мағынасын қалыптастырады.

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл саясатының базалық бағыттары Елбасының «Қазақстан-2050» Стратегиясында, «100 нақты қадам» Ұлт жоспарында белгіленген сыбайлас жемқорлықты іріктеу міндеттерін іске асыру арқылы нақты белгіленген.

Бұл ретте, сыбайлас жемқорлықтың көріністерін азайтудың мақсатты нұсқамаларына қол жеткізу алгоритмі сыбайлас жемқорлыққа қарсы жоспарлаудың көп деңгейлі жүйесінде бүгінгі күні басты бағдарламалық құжат болып табылатын Қазақстанның 2015-2025 жылдарға арналған Сыбайлас жемқорлыққа қарсы стратегиясында көрсетілген.

Қазақстанда сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл бойынша шараларды жүйелі және бірізді іске асыру ұлттық тәжірибе ауқымы мен озық халықаралық сыбайлас жемқорлыққа қарсы тәжірибелерді тартуды ескерумен өзін-өзі жетілдіру режимінде тұрақты тұрған сыбайлас жемқорлыққа қарсы саясаттың бірегей үлгісін қалыптастыруға мүмкіндік берді.

Қазіргі уақытта Қазақстан Республикасында Сыбайлас жемқорлыққа қарсы стратегияның бірінші кезеңін іске асыру табысты аяқталды, бұл оны орындаудың алғашқы нәтижелерін ұғыну қажеттілігін өзектендіреді. 2015 жылғы 18 қарашада бекітілген «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл туралы» ҚР Заңының талаптары тұрақты әзірлеуге негіз болған осы жыл сайынғы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл туралы Ұлттық баяндамада өзінің көрінісін тапты.

Аталған баяндаманы әзірлеу үрдісі, құрылымы және мазмұны «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл туралы Ұлттық баяндаманы дайындау, Қазақстан Республикасының Президентіне енгізу және оны жариялау қағидаларын бекіту туралы» Қазақстан Республикасы Президентінің 2015 жылғы 29 желтоқсандағы №154 Жарлығына сәйкестендірілген.

Ұлттық баяндаманың мақсаты сыбайлас жемқорлықтың алдын алу бойынша практикалық іс-шараларды әзірлеу және сыбайлас жемқорлыққа қарсы заңнаманы жетілдірумен Қазақстандағы сыбайлас жемқорлыққа қарсы саясатты және оның таралуының жай-күйі мен үрдісіне объективтік талдау болып табылады.

«Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл туралы» ҚР Заңына сәйкес Ұлттық баяндама сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі уәкілетті орган жұмысының және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимылдың басқа да субъектілері (мемлекеттік органдардың, жергілікті атқарушы органдардың, квазимемлекеттік сектор субъектілерінің) қызметінің нәтижелері негізінде қалыптастырылады.

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл туралы Ұлттық баяндама мәтінінің толық нұсқасымен Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің ресми интернет-ресурсында танысуға болады. (http://www.kyzmet.gov.kz/…/pa…/nacdoklad_kaz_-compressed.pdf сілтемесі бойынша).

 


Қызылордада «Балалардың жолдағы қауіпсіздігі» акциясы жүргізілуде PDF Print Email
Жаңалықтар - Халық-хабар
10.05.2018 17:21

Қызылорда облысы көлемінде жазғы демалыс қарсаңында балалардың жол-көлік оқиғаларынан жарақаттануының алдын алу, көшелер мен жолдарда қауіпсіз жүріс-тұрысына байланысты дағдыларын нығайту мақсатында жергілікті атқарушы органдармен, денсаулық сақтау, білім беру органдарымен, саламатты өмір салтын қалыптастыру жөніндегі аумақтық орталықтармен, мүдделі азаматтық қоғам институттарымен, БАҚ-пен бірлесіп, 2018 жылғы 1-31 мамыр аралығында «Балалардың жолдағы қауіпсіздігі» атты кең ауқымды республикалық акциясы өткізілуде.

Бұл акцияның мақсаты балалардың қатысуымен болған жол-көлік оқиғалары себептері мен мән-жайларын зерттеу, мектепке баратын, мектептен қайтатын, балалар жиі баратын орындарда қауіпсіз қозғалыс бағыттарын әзірлей отырып балалардың жолдағы қауіпсіздігін қамтамасыз ету болып табылады.

Акцияның алғашқы күні Қызылорда қаласының мәдениет паркінде өтті. 2018 жылғы 9 мамыр күні Жергілікті полиция қызметкерлері Жол қозғалысының жас инспекторларының қатысуымен «Баяу қозғал», «Балалардың өмірін сақтайық» тақырыбында акция ұйымдастырды.

Іс-шара барысында Жол қозғалысының жас инспекторлары жол ережелерін сақтау және жолда қауіпсіздікті қамтамасыз ету мәселесі бойынша қала тұрғындарына түсіндірме жұмыстарын жүргізіп, ата-аналар мен көлік жүргізушілеріне сауалдар мен сұрақтар қойды.

Шара соңында балалардың қатысуымен орын алатын жол-көлік оқиғаларының алдын алу, болдырмау мақсатында алыстан жарыққа белгі беретін лента (отражательная лента) тағып жүрулері керектігі жөнінде кеңес бере отырып, балалар мен олардың ата-аналарына таратты.

Сонымен қатар, «Жүргізуші, біз өмір сүргіміз келеді» деген ұранмен жол қозғалысының жас инспекторлары жаяу жүргіншілер жолағына шығып, жүргізушілер арасында насихаттау шараларын жүргізіп, жолда жүру мәдениетін сақтауға, барлық жол қозғалысы қатысушыларының қауіпсіздігін қамтамасыз етуге шақырды.

Бұл бағыттағы жұмыстар ОІІД Жергілікті полиция қызметімен ары қарай жалғасын тауып, өз деңгейінде жүргізілетін болады.

Қызылорда ОІІД Баспасөз қызметі

 


Prima Park пайдалануға берілді PDF Print Email
Жаңалықтар - Халық-хабар
10.05.2018 17:00

Облыс әкімінің қолдауымен, «Асбол» ЖШС-нің бастамасымен жалпы құны 1,5 миллиард теңгенің, жалпы аумағы 9578,4 шаршы метрді құрайтын Prima Park бизнес орталығы қала халқына пайдалануға берілді. Ашылу салтанатына арнайы келген аймақ басшысы Қырымбек Көшербаев құттықтауын жеткізді.

- Бүгін Қызылордада ерекше қуанышты сәт деп есептеймін. Өйткені мынадай замануи талапқа сай бизнес орталығы іске қосылып отыр. Өзіміздің жергілікті кәсіпкер жігіттердің бастамасы. Басында базармен айналысып жүрген кәсіпкерлер қомақты қаражат жиған соң осы зәулім ғимаратты соғуға талаптанды. «Асбол» ЖШС-нің басшыларына, құрылтайшыларына және «Даму» қорына да ризашылық білдіргім келеді. Бұл жер үлкен кәсіпкерліктің орталығы болады. Аймақтағы туризмді дамытуға, Сыр еліне деген көңілдің арта түсуіне септігі тиеді деп ойлаймын. Сіздер білесіздер, Елбасының да мақсаты – кәсіпкерлікті дамыту. Ендеше өз бетінше бизнес бастаудың көмегі зор. Өзінің тарихын өзі шешетін, қыстың күні Дубайға, жаздыгүні Түркияға барып демалығыңыз келсе, балаларыңызды оқытқыңыз келсе, кәсіпкерлікпен айналысу керек, - облыс әкімі.

«Асбол» ЖШС-нің директоры Ғани Пірімжановтың сөзінше, ғимаратты салуға 4 жыл кеткен. «Жол картасы» бағдарламасы арқылы және «Даму» қорының қолдауымен «Халық» банкінен несие алып, іске кіріскен. Нәтиже жоғары. Кәсіпкерлер шоғырланатын ауқымды орталық құрылды. Ғимараттың жалпы аумағы 10 000 шаршы метр болса, оның 8 мың шаршы метрі бизнес орталығына, қалған 3 мың шаршы метрі қонақүйге арналған.

Осылайша Сыр елінің кәсіпкерлік саласында тағы бір серпіліс болды. Бұл өз кезегінде облыс экономикасының дамуына оң әсерін тигізеді деп күтілуде.

Ж.Қойшыбекова

 


Асылдың бірі – адалдық PDF Print Email
Жаңалықтар - Халық-хабар
10.05.2018 16:55

ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі Қызылорда облысы бойынша департаментінің бастамасымен балабақша қызметкерлерінің, Н.Бекежанов театрының әртістерімен және «Нартай бүлдіршіндері» қуыршақ тобымен «Айжұлдыз», «Шұғыла №3», «Балбұлақ", «Шұғыла №2», «Супер бэби», «Тәп-тәттім», «Сыр берекесі» , «Жарығым», «Аңсар-Кәусар», «Марал шах», «Аңсар-Кәусар№1», «Құралай бөбек», «Шұғыла №1», «Хадидже», «Шұғыла №2», «Мадияр», «Айым», «Баян сұлу», «Детская страна», «Ботақан», «Заңғар», «Д.Әулет», «Нұр бесік» балабақшаларында адалдық пен шыншылдықты дәріптейтін кейіпкерлер бар ертегілер мен театрландырылған қойылымдар өткізілді.

Департаменттің баспасөз қызметі

 


«Адамзаттың табиғатсыз күні жоқ» айлық шарасы басталды PDF Print Email
Жаңалықтар - Халық-хабар
10.05.2018 14:50

Мамыр айының 3-і күні Қорқыт Ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінің №5 оқу ғимаратында «Экология және химиялық технологиялар» кафедрасының ұйымдастыруымен Қазақстан Республикасының Экология саласына 30 жыл толуын атап өту мақсатында ұйымдастырылған «Адамзаттың табиғатсыз күні жоқ» тақырыбындағы йлық шаралар аясында профессор-оқытушылар мен студенттерге арналған «Арал өңірінің экологиялық проблемалары және оларды шешудің жолдары» тақырыбындағы ашық лекция өтті.

50-ден аса студентті қамтыған шара барысында Жаратылыстану факультетінің деканы, «Биология, география және химия» кафедрасының аға оқытушысы, ауыл шаруашылығы ғылымның кандидаты Самалбек Қосанов «Инновационные технологии для улучшения качества почвы при посадке декоративных деревьев и овощных культур» тақырыбында баяндама жасап, өзінің көгалдандыру саласында жүргізіп жатқан ғылыми-инновациялық тәжірибесімен бөлісті.

Самалбек Оразбайұлы көгалдандыру барысындағы өсімдік отырғызудың әдістерін, еккен өсімдіктердің тұзданған жерде еркін өсуін қамтамасыз ететін негізгі қоректік заттарды атап көрсетті. Оның тәжірибесіндегі өсімдік тамырына жақын сеуіп көметін негізгі зат – «агроперлит». Агроперлит – экологиялық таза, бойына өз массасынан үш есе артық су сіңіре алатын тау жынысынан құралған жыныс. Агроперлитті қолдану экологиялық тиімді болып келетінін түсіндірді.

С.Қосановтың тағы бір салмақты тәжірибесі – жауынқұрттардың көмегімен биогумус, яғни жауынқұрттың ерекше түріне әртүрлі тұрмыстық органикалық қалдықтармен қоректендіру арқылы қарашірік топырақ дайындау.

Ғалым өз сөзінде агроперлитті және биогумусты қолдана отырып, өсімдіктермен тәжірибе жасап жатқандығын және көгалдандыру арқылы табиғатқа өз үлесімізді қоса алатындығымызды насихаттады.

Ашық лекция «Физика-химиялық талдау зертханасының» жетекшісі, х.ғ.к., қауымдастырылған профессор міндетін атқарушы Нұрбол Аппазовтың баяндамасымен жалғасты. Нұрбол Орынбасарұлы тыңдаушыларды зертханада орындалып жатқан «Күріш шаруашылығының қалдықтарын өңдеу жолдары» тақырыбындағы зерттеу нәтижелерімен таныстырып өтті. Ол өз тәжірибесінде күріш қауызынан медициналық мақсатта қолдануға болатын кәдімгі адсорбент, күріш сабанынан жасалған қағазды көрсетіп, әсіресе, экология мамандығында оқитын студенттердің қызығушылығын туғызды. Болашақта тәжірибе нәтижелерін өндірістік мақсатта дамыту жолдарын қарастырып жатқанын айтты.

Ашық лекцияны «Экология және химиялық технологиялар» кафедрасының аға оқытушысы, т.ғ.к. Аскарова Гүлзат Шәкірбекқызы «Ғаламдық жылыну құбылысы және оның Қызылорда облысында байқалуы» тақырыбындағы баяндамасымен жалғастырып, ғаламдық жылыну құбылысының жергілікті деңгейде байқалуы жөнінде жүргізген зерттеу жұмыстарының нәтижелерімен бөлісті.

Баяндамашыларға студенттер тарапынан сұрақтар қойылып, ашық лекция пікірталас алаңына айналды. Студенттер оқытушы-профессорлардың ғылыми тәжірибелері туралы лекцияларды жиі ұйымдастыру жөнінде пікірлерін білдірді.

Гүлзат Шәкірбекқызы,

ҚМУ-дың инженерлі-экологиялық факультеті, экология және химиялық технологиялар кафедрасының аға оқытушысы, техника ғылымдарының кандидаты

 


Мен – майдангердің ұлымын PDF Print Email
Жаңалықтар - Халық-хабар
10.05.2018 14:43

Міне, уақыт түн ортасынан асты. Жаңа тәуліктің алғашқы минуттары да басталды. Ұйқым келер емес. Кеше (нақтысы, мұнан бірнеше сағат бұрын) кешкілік өзіміз туып-өскен батыр атамның ауылынан Мака досым қоңырау шалып, папасының (санамызға осы сөздің сіңісті болғаны соншалықты әке деп айту керек екендігін білсек те, аузымыз үйренген папа-мамаға кетіп қала береміз. Бұл үшін кешірім өтінемін. Алайда бұл, турасына келгенде, тек біздің кінәміз ғана емес. Сол тұстағы қоғамның да дерті ғой деп өзімізді жұбатқан боламыз) қайтқан күніне байланысты құран бағыштататынын айтып, ішінде болуымды өтінді. Санама ұстаздардың ұстазы атанған досымның әкесі Күлімбет Тілеубергенов ағайдың бейнесі оралғанда, тамағыма өксік тығылғандай болды. Көз алдымнан топырағына аунап өскен ауылым, елді мекеннің береке-құтындай Ащыкөл, өзіміз білім алған алтын ұя мектебіміз, омырауында орден-медальдары жарқыраған мұғалім әкем, анам жұмыс істеген дөң басындағы дүкен, үйректің балапанындай шүпірлеген өңшең қарасирақтар өсіп-өнген қасиетті қарашаңырағымыз ...бәрі-бәрі сырғып өтіп жатты.

Бүгінгі Жеңіс күні мерекесі барша майдангерлер сияқты Ұлы Отан соғысы және еңбек ардагері менің папам Айдарбек Табынбаев үшін ең қымбат күн саналатын. Қашаннан қалыптасқан үрдіс бойынша әулетіміз бұл күнді ерекше атап өтетін. Үлкен отбасымыз мерекелік көңіл күйде жүріп, қой сойылып, мамам кең қылып дастарқан дайындайтын. Кеудесінде қаптаған орден-медальдары бар әкемнің достары біздің үйде бас қосатын. Қайран, келмеске кеткен күндер!

Балалық дегенді қойсаңшы. Қонақтар отырған бөлменің есігінен сығалап жүріп, сол көкелеріміздің сырнайға қосылып орысша өлең айтқандарына, әңгіме барысында кейде дардай кісілердің көздерін сулап, жанарларына жас алғандарына таңдана қараушы едік. Сөйтсек... әкелеріміз соғыста мерт болған қанды көйлек достарын, жер бетіндегі тамұқтан бір де кем емес, қанды шайқастың зардабын еске алады екен-ау...

Марқұм папамнан соғыс жайлы, неміс солдаттары туралы сұрастырғанымда көп ашыла бермейтін. «Балам-ай, олар да адам баласы ғой. Қарапайым адамдарда, әсіресе солдаттарда не ерік бар дейсің?! Кімнің өмір сүргісі келмейді?! Соғыстың аты – соғыс. Адам өлтіргеннің несі мақтаныш дейсің?!» деп қатқыл жауап қайтарушы еді.

Есейе келе папамның взвод командирінің көмекшісі ретінде соғысқанын, Кеңес Одағының батыры Александр Матросовпен кіші командирлер дайындайтын қысқа мерзімді курста бірге оқығанын естідім. Папам Матросовтың мінезді болғанына қоса, ұлты орыс емес дегенді жиі айтушы еді.

«Біздің автоматтар қызу ұрыс кезінде қызып кетіп, істен жиі шығады. Немістердің қаруында мін жоқ. Оғы таусылғанша септіріп ата бер. Мыңқ етпейді. Оның үстіне біздің әскерлерде автомат командир мен көмекшісінде ғана болады. Көпшілігінде – винтовка. Мылтығыңның затворын тартқыштап жатқанда жаудың қарша боратқан оғына тап болуың оп-оңай. Сондықтан біздің солдаттар жау шабуылын тойтарған соң, окоп маңында өліп жатқан немістердің автоматтарын жинап алып, пайдаланады. Мұны көрсең де, көрмеген кейіп танытасың. «Алма» десең, келесі шабуылда оққа ұшасың. «Ал» десең, басың үлкен дауға қалады. «Жаудың қаруын, адам күшін мақтап, насихаттап жүрсің» деп сатқын ретінде жазалануың, тіпті соғыс уақытының заңымен атылып кетуің мүмкін. Взводыңдағы солдаттардың біреуі – үндеместердің адамы. Оның кім екенін ешкім, ешқашан біле алмайды. Бірақ кез келген айтқан сөзің, жасаған әрекетіңді арнаулы орындар сол мезетінде айна қатесіз біліп отырады. Талай мәрте солдаттарды шабуылға көтеруге тура келді. Сондайда оқ тиіп, ажал аузында жатқан солдаттардың «Отан үшін!» деген ұранмен басын көтеріп, «Сталин үшін!» дегенде жан дәрмен алға ұмтылып, жан тапсырғанын сан мәрте көзім көрді» деп көзіне жас алушы еді.

Папам Сталинді керемет жақсы көретін. «Қолында қандай құдіретті күш болғанымен, байлыққа қызықпаған адам. Өлгенде де әскери киіммен кетті. Нағыз солдат!» деп атына шаң жуытпаушы еді. Менің «Сталин қанішер. Қаншама жазықсыз адамды аттырды, репрессияға ұшыратты» дегеніме «Бәріне жергілікті жердің атқамінерлері кінәлі. «Халық жауы» деген статьяға жазықсыздарды енгізген сол құйыршықтар. Болмаса Мәскеуде отырған Сталин сенің айдаладағы Қазалыңның қарапайым колхозшысын қайдан білсін?!» деп күйіп-пісетін.

Папамның денесінде неміс автоматының оғы өмір бойы жүрді. Жеңістің 30 жылдығы қарсаңында өлім аузынан қалды. Соғыста алған жарақаты ашылып кетіп, облыс орталығында ауыр операция жасады. Дәрігерлер денесінен алынған оқтың арада қаншама уақыт өтсе де өзгермей, сол қаз-қалпында тұрғандығына айран-асыр қалды. Марқұм папам күн райы бұзылып, бұлттанған сәтте қызуы көтеріліп, қатты қиналатын. Сондай сәтте папаның қол-аяғын уқалап, егіліп отыратын маманың аянышты түрі, әжемнің «Жалғызымның орнына мені ал!» деп Аллаға жалбарынған зарлы үні жадымызда сақталып қалыпты. Қазіргі сәтке дейін күн бұлттанса, жанарыма жас үйіріледі.

Иә, атың өшкір соғыс енді ешқашан, еш жерде болмаса екен! Біз сіздерге қарыздармыз, майдангерлер! Бейбіт күннің қадірін білейікші, замандас!

Жұмабек Табынбаев,

Қазалы ауданы,

Жанқожа батыр ауылы

 


ҰРПАҒЫ МӘҢГІ ҰМЫТПАС PDF Print Email
Жаңалықтар - Халық-хабар
10.05.2018 14:28

Жеңіс күні – жанқияр ерліктің, еңселі елдіктің рухы өрлеген күн. Ерлік жалауы желбіреген шақ.

Осы орайда, Жеңіс күні Арал ауданында да кең ауқымда тойланды. Жиынға тыл ардагерлері және мемлекеттік органдар мен әскери бөлімдердің, құқық қорғау органдарының өкілдері және қала тұрғындары қатысты. Айтулы күнді атап өту ең алдымен Арал қаласындағы Семей полигоны мен Чернобыль апатын қалпына келтіруге қатысқан азаматтар құрметіне арналған ескерткіш тақтаға гүл шоқтарын қою рәсімінен бастау алды. Осы ретте, аудан әкімі Мұхтар Оразбаев бастаған қала тұрғындары Семей полигоны мен Чернобыль апатына қатысушыларға арналған ескерткіш тақтаға және орталық алаңдағы «Тағзым алаңына» гүл шоқтарын қойып, қанды қырғында қаза тапқан майдангерлерді үнсіздікпен еске алды. Жиналғандар сұрапыл майданда қаза тапқандар рухына дұға оқыды.

Тағылымды шара одан әрі «Тарих ұлықтайтын, ұрпағы ұмытпайтын – Ұлы Жеңіс» атты театрландырылған мәдени көпшілік салтанатқа ұласты. Көпшілік қауымның назарын сел еткізген көрініс барысында «Ұрпағың мәңгі ұмытпас» атты «Портрет» шеруі ұйымдастырлды.

Салтанатты жиында аудан басшысы жұртшылықты Жеңіс мерекесімен құттықтап, ізгі тілегін арнады. Мұнан әрі жиналған көпшілік аудан өнерпаздарының мерекелік концертін тамашалап, Жеңіс мерекесіне арналған эстафеталық жарыстың куәсі болды.

Мәртебелі мереке, қуанышты күн айдынды Арал өңірінде осылайша атап өтілді. Халқымыздың ерлігі мен даңқының жарқын көрінісін қазақ аяғы басқан әрбір мекен ұмытпайды. Әлемге қуаныш пен қайғы жұтқызған күннің жеңісті сәті ел есінде ғасырлай бойы сақталады.

Арал ауданы әкімінің баспасөз қызметі

 


ОРАЗА ТҰТУ – РУХАНИ ТАЗАРУ PDF Print Email
Жаңалықтар - Арнайы беттер
10.05.2018 12:36

Оразаң   қабыл  болсын, ұстаған   жан!

Бірде әкесі мен баласы өнегелі әңгіме айтып отырады. Тағылымды тәрбие бұлағымен баласын сусындатып отырған әкесі:

- Балам, мені кәрілік жеңді. Саған бір ақыл айтайын. Әрқашан  5 атың мен 30 атыңа берік бол. Осы екі нәрсені ұмытпа! Есіңнен шығарма! Бұл екеуі адам баласын жақсылыққа жетелейді, иманды да бақытты адам етеді. Адамгершілікке бастайтын  тура  жол – осы, - дейді. Сонда баласы:

- Әке, мен бұл айтқан сөзіңізді ешқашан есімнен шығармаймын, - деп әңгіменің түп-төркінін айтқызбай ұғады.

Адам баласы тамырын тереңге жай­ған бәйтерек секілді. Тереңнен нәр алып тұрған тамыры тараған топырағы қандай құнарлы болса, соншалықты табиғаттың көркін ашады, баптауы қаншалықты бабында болса, соншалықты жайқала түсе­ді. Адам баласы да ұяда адами құндылы­ғы мол тәрбие тінін көрсе, оның тұла бо­йында да имандылық іздері жаңғырып, адамдықтың иісі аң­қып тұратыны хақ. Әлгі әке мен бала әңгімесі барысында айтылып отырған   5 атты дегеніміз –  5 уақыт намаз, 30 ат­ты дегеніміз – 30 күн ораза. Түптеп келгенде, әкесі баласына ғибратты үлгі көрсе­тіп, танымды тәрбие сіңіргені қуантады. Ұлы Жаратушы Алла тағаланың күллі мұ­сылманға парыз қылған 5 уақыт намаз бен 30 күн оразасын бе­рік ұстансақ, адамгершілік қалпынан шығып кету әсте мүмкін емес. Бұл әң­гіме тек бір ғана нәр­сені емес, ата-ана мен бала арасындағы сыйластық, отбасындағы ізгі құрмет, ұлы тағылым, әкені құр­меттеу, үлкенді үлгі тұту, имандылық иірімдерінің өрне­гін, Алла тағала алдындағы парызды өтеу, мұсылмандық міндеттен жалтармау, Алланың құлы мәртебесін сезіну, дініне берік адамның адамгершілігі мол, иманжүзді болатынын ұқтырып тұрғандай. Ал бұл ізгі  амалдардың барлығы да – күллі мұсылман қауымның міндеті. Әр пенденің жүрек түкпіріндегі рухани қазына қоржынын сарқылмас іліммен, тәрбиемен толықтырып отыру – имандылықтың негізін қалайтын игі тәсіл. Мәселен, Ибн Омардың (р.а.) риуаят етуінше, Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) былай деген: «Ислам діні мына бес нәрсеге негізделген: Алладан басқа тәңірдің жоқтығына, Мұхаммедтің Құдайдың құлы әрі елшісі екеніне куәлік ету; намаз оқу; зекет беру; қажылыққа бару және Рамазан айын­да ораза ұстау» (Бұхари, Иман 1; Мүслим, Иман 19) делінген. Демек, біз Алла тағаланың көк­тен демеп тұрған сәтінде айлардың сұлтаны саналатын қасиетті Рамазан айындағы мәртебелі парызымызды өтеуге және Аллаға құлшылық етуге­ асығуымыз керек. Және де бұл ораза тұту дегеніміз – астан тыйылу деген мағына емес, керіс­інше, имандылықты нығайту, көркем мінезділікті қалыптастыру, сабырлылыққа жол ашу, жаман әдеттерден тыйылу, көз көрген, құлақ есті­ген күнәлардан арылу, бір сөз­бен айтқанда, рухани тазару және барша мұсылман қауымды тәнті еткен Алланы мадақтау, құрметтеу дегенді білді­ре­ді. Бұл туралы да Әбу Хұрайраның (р.а.) риуаят етуінше, Алла елшісі (с.ғ.с.): «Кімде-кім ауыз бекіте тұра, өтірік айтуын қоймаса, әрі алаяқтық істеуін доғармаса, оның ішіп-жеуден ғана тыйылғаны Алла тағалаға қажет емес», - (Бұхари, Саум 8) деген. Керісінше, имани сауатын арттырып, сабырлылықты жанына серік етіп, айналасына­ үнемі жақсылық жасап, игі амалдарға асық болғандар жайлы­ Әбу Хұрайраның (р.а.) риуаят етуінше, Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) былай деген: «Кім­де-кім Рамазан айында шынайы сеніммен сауапты бір Алладан ғана күтіп, ораза ұстаса, бұрын-соңды жасаған күнә­лары түгелдей кешіріледі» (Бұ­хари, Саум 6; Мүслим, Сиям 203).

Сәті түскенде бір оқырман Батыс жазушысы Бернард Шоу­дан: «Сіздің ойыңызша, дүниедегі ең таңданарлық оқи­ға қайсы?» деп сұрағанда ол: «Жер бетінде бітіспес ұрыстар мен соғыстар, пікір таластар болып жатса да, 1400 жылдан бері Алла елшісі Мұхаммед пайғамбардың хадистерінің сол күйінде өзгермей қалуы мені қатты таңғалдырды» деген екен. Демек, мәдениет мәйегі саналатын Ислам діні мен оның қадір-қасиетін бүкіл дүниежүзі мойындағаны – оған ешқандай насихаттың, жарнаманың да қажет еместі­гінің көрінісі. Мұндай ибалылық салтанат құрған елде адамдардың көңіл таразысы да, көз айнасы мен жүрек тазалығы да саф болады. Дегенмен, соңғы кездері әлеуметтік желі қолданушылары арасында «Егер де кімде-кім Оразаның уақытын бірінші болып хабарласа, тозақ отынан сақтанғаны, оған тозақ оты харам етіледі» деген мәтін­дегі хабарламаны жиі бөлісіп жүр. Дінтанушы Тұрар Әбуовтың айтуынша, «Оразаның келуі­мен хабарлаған адам тозақтан аман қалады» немесе «тозақ оты оған харам болады» деген хадис жоқ. Осы тектес көп нәрсеге уәде беретін хабарламалар ойдан шығарылған. Хадис – діннің Құраннан кейінгі қайнар бұлағы. Жалған хадистер көбейсе, діннің ақиқаттығына көлеңке түсіп, тазалығын кір шалады. Сол себептен әлдекімдерден тараған хабарламалардың дұрыс-бұ­рыс­тығына аса мән берген жөн. Керісінше, Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) сахих бір хадисінде «Кімде-кім менің атымнан жал­ған сөйлейтін болса, тозақтағы орнына дайындала бер­сін» деп қатаң ескерткен. Әлеу­меттік желі арқылы келген ақпаратты тарату арқылы жұ­маққа барамын деп сену – иман әлсіздігін көрсету. Ал иман – адамның жүрегіндегі тозбайтын байлық. Оны ақылмен бас­қара білу «дін – ұстай алған­ға қасиет, ұстай алмағанға қасі­рет» дегенді ұқтырады.

Рамазан айындағы басты сауапты істердің бірі – қасиет­ті ай ішінде жетімдерге, жесірлерге, тұрмысы төмен отбасылары мен мұқтаж жандарға қол ұшын созу, садақа беру – ұлы іс. Өйткені хадистерде апатқа апаратын 7 түрлі күнәдан аулақ болуды ескертеді. Олар: Құдайдың құдіретіне шек келтіру; алдап-арбаумен шұғылдану; біреуді нақақ өлтіру; пайда­күнемдік; жетімнің ақысын жеу; күйеуіне адал әйелді сөгу; Отан қорғау үшін болған соғыс­тан қашу. Ал мына үш түрлі нәрсеге иманың кәміл болу керек: садақа бергеннен ырысың ортаймайды; ақадал малың қолды болса, сабыр сақта; тіленшілікпен мал табуға кіріс­сең, Тәңірдің сыйы бейшаралық болмақ.

Бірде Хазірет Әбубәкір ыстық жаздың күні ораза ұстайды. Кешкісін ауызашарда дастарқанда бар болғаны бір тоста­ған су тұрған. Суық суды енді іше бергенде Әбубәкір (р.а.) әлдене еске түскендей еңкілдеп жылап жіберді. Өз-өзіне келгенде, қасындағылар одан неліктен жылағанын сұрады. Әбубәкір (р.а.) былай деп жауап­ берді:

- Бір күні Пайғамбарымызбен (с.ғ.с.) отырғанда, әлден уақытта қолымен бір нәрсені кері итергендей тосын қимыл көрсетті. Жақындамақшы бол­ған біреуді өзіне жақындат­қысы келмегендей әсер берді. Сәлден кейін мен:

– Уа, Алланың елшісі, әл­гінде қолыңызбен бір нәр­сені кері итеріп жаттыңыз? - деп әлгі қимылының мәнін білмек болдым. Сонда ол «Дүние қы­зылды-жасыл күйінде таяп келіп, өзін қабылдатқысы кел­ді. Мен оны қасымнан қудым. Ол «Ант етейін, сен менен қашып құтылсаң да, сенен ке­йінгілер менен құтыла алмайды, қайткенде де құрығыма ілі­неді деп кетті» деп түсіндірді.

Хазірет Әбубәкір осыны айты­п:

– Осы суық суды ішем деп мен де дүниеге құмартқан жоқпын ба?! - деп жыладым, - деген­ екен.

Демек, көздің құндылық қабатын қызылды-жасылды дүниенің шелі басса, онда адам адамгершілік ақиқаттан аттап, имандылық иірімдерінен алшақтай түседі деген сөз. Сондықтан бойға сіңірген имани құндылықтар мен көркем мінезді  өмір бойы сақтап қалу­ға тырысу керек.

Бұл туралы Хазреті Ибн Ата «Мінез жақсы болмағаннан кейін оқылған намаздың, тұ­тыл­ған оразаның көп болуының маңызы жоқ. Тіпті садақа және мүжахада, яғни нәпісті жеңуге  тырысу да оның жанында түк емес. Бұл жолда ілгеріле­гендер намаздарымен де, оразаларымен де ілгерілеген емес. Жоғары дәрежелерге садақамен де, мүжахадамен де қа­уышқан емес. Ілгерілеген адам тек жақсы мінезімен ғана ілгеріледі. Өйткені пайғамбарымыз (с.ғ.с.) «Қиямет күні маған ең жақын болатындарың – мінез-құлқы ең жақсы болғандарың» деп бұйырды.

Рамазан айы. Бір падишах уәзіріне мешітке барып, на­маз­ға келгендерді ауызашарға шақыруын бұйырады. Күн батып­, намаз оқылады. Намаздан кейін уәзір 5-10 кісі­лік бір топпен падишахтың алдына келед­і. Падишах таңғалып:

- Мен саған намазға келгеннің бәрін шақыр демеп пе едім? Үлкен жамағаттың арасынан бір дастарқанды да толтырмайтын аз ғана қонақпен келгенің не? - деп сөйлейді.

- Мәртебелім, сіз маған мешітке келгендерді емес, намаз­ға келгендерді ауызашарға шақыр дедіңіз. Намаздан шығып, мешіт кіреберісінде тұрдым да, шыққандардан имамның намаз оқытқан кезде қандай сүре оқығанын сұрадым. Сүрені тек осы кісілер ғана білді. Мешітке келгендер көп-ақ еді, бірақ намазға келген осылар ғана болды, - дейді.

Демек, Алла тағала парыз еткен намаз оқу – сәждеге маңдай тигізу ғана емес, Алланың ұлылығын мойындай отырып, өткенге салауат, бүгінге қанағат, ертеңге шүкірлік ету. Қу тірліктің қамытын мойынға тағып алып, қутыңдап, дүние көрсе көзі қараятын дүние­қоңызға айналу – имандылықты өшіреді, адам бойындағы рухани азықты азғындап, имансыздыққа тап қылады.

Бір жұмадан кейін қасиетті Рамазан айы басталады. Қазақстан мұсылмандары діни бас­қармасы бекіткен 2018 жылғы діни күндер күнтізбесіне сү­йенсек, биылғы Рамазан айы  16 мамырдан 14 маусымға сәй­кес келеді. Ал Қадір түні – мау­сымның 10-ынан 11-іне қараған түні. Ораза айт – 15 маусымда, Құрбан айт 21 тамызда басталады. Сондай-ақ, биылғы пітір садақа мөлшері ҚМДБ Төралқа мәжілісі мүшелерінің ортақ шешімімен 300 теңге болып­ бекітілді. Пітір садақасы Рамазан айының бірінші күнінен Ораза айт намазына дейін беріледі.

Ниеттеріңіз қабыл болсын, жамағат!

Н.ҚАЗИ

 


ДИПЛОМ БАР, ЖҰМЫС ЖОҚ PDF Print Email
Жаңалықтар - Мәселенің мәнісі
10.05.2018 12:20

Жаныңыз қалап, қызыққан мамандығыңызды оқыдыңыз делік. Ал оны қоғам қажет ете ме? Бүгінгідей нарық заңына бағынған заманда күректей дипломыңыз кәдеге аспай қалса, шығынға батты деген сол емес пе? Уақыт, қаражат, еңбек желге ұшты. Ал сіздің ары қарай өмір сүруіңіз керек...

Сандарды сөйлетейік. Қызылорда облыстық білім басқармасынан алынған ақпаратқа сүйенсек, Сыр өңірінде 2016 жылы оқуды аяқтаған 4736 студенттің 374-і үздік диплом, 4362-сі жай диплом алған. Ал 2017 жылы оқу бітірген 6505 студенттің 493-і үздік диплом, 6002-сі  жай  дипломды  қолына  ұстапты. Үздік дипломмен  бітірген  студенттердің 32,7 пайызы білім саласын  таңдаған түлектер  болса, 29,3  пайызы – техникалық  және  технологиялық, 21,2  пайызы – медицина, 16,8 пайызы  – экономика, экология саласының  мамандары. Мұнан  байқағанымыз, білім саласын  таңдап, оқитын  талапкерлер  саны көп.

Иә, көпшілігіміз айтатындай, «мұғалім – өлмейтін мамандық». Сондықтан да болар, кез келген уақытта бұл мамандық бойынша жұмыс тауып алуға мүмкіндік бар. Сенімді. Қазіргі уақытта­ беделі биік болмаса да, әйтеуір, нан тауы­п жеуге болады. Екінші орында техникалық және технологиялық мамандықты таңдағандар тұр екен. Бүгінгі таңда сұранысқа ие мамандар. Сондықтан да түлектер гуманитарлық пәндерден гөрі техникалық мамандықтарға қарай ойыса бастаған.

Осылайша таңдаған мамандығыңызды оқыдыңыз. Оған тәуір жұмыс табылмай, жұмыссыздар қатарын тағы бір адам­ға көбейтсеңіз, көмекке кім келеді? Бұл ретте мемлекет үздіксіз бағдарлама­лар жасап, қазынадан қыруар қаражат бөліп келеді. 1990 жылдан бері жұмыссыздықты жою үшін елімізде 4 бағдарлама қабылданған. Алғашқысы - «Кедейлікпен күрес». 2002 жылға дейін жалғасты. Мұнан соң ол 2009 жылы арнайы «Жол картасы» бағдарламасы болып өзгерді. Одан кейін 2011 жылы тағы да өзгерістер еніп, «Жұмыспен қамту 2020 жол картасы» болып қабылданды. 2017 жылдан бастап бұл бағдарлама толықтырылып, жауапкершілік күшейтіл­ді. Нәтижесінде «Нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың бағдарламасы» болып бекітілді.

Жұмыссыз қалған жандарды «жа­рыл­қайтын» мемлекет ұсынған тағы бір бастама бар. Бос жұмыс орындары жәр­меңкесі. Қызылорда қаласының жұмыспен қамту орталығының директоры Г.Аяпбергенова 2017 жылы қалалық жұмыспен қамту орталығы 16 рет бос жұмыс орын жәрмеңкесі өткізілгенін жеткізді. Соңғы рет биыл 30 наурызда А.Тоқмағамбетов атындағы мәдениет үйінде бос жұмыс орындары жәрмеңкесі ұйымдастырылған. Онда 170 бос жұмыс орындары ұсынылды. Ал жұмыс іздеп келген адамдар саны 200-ден асады. Айталық, оның ішінде 16-29 арасындағы  жастар  саны 90-ға жуық болса, әйел азаматтардың нақты саны – 90. Ал 110-ы – ер-азаматтар. Олар мейірбике, фельдшер, есепші, жүргізуші, аспазшы, моторист, дәрігер-нарколог, электр­жөндеуші, эстрадалық оркестр, оператор, аптека менеджері және т.б. мамандықтар бойынша жұмыс іздеп келген. Яғни, жоғарыда аталған техникалық мамандықтар бо­йынша білім алған мамандар екі қолға бір күрек таппай, жұмыссыз жүр. Ал зейнетке шығуға жақын қалған адам­дарға кассир, аспазшы, сатушы, дәрігер, қарауыл, дезинфектор, газбенэлектрдәнекерлеуші, меха­ник, моторист мамандықтары бо­йынша бос жұмыс орындары ұсыныл­ған. Жұмыс беруші тарапынан дәрігерлер, мұғалімдер (орыс бөліміне), сатушылар, менеджерлер, логист мамандықтары бойынша сұраныс басым екен. Қалалық жұмыспен қамту орталығының директоры Г.Аяпбергенова ұсын­ған мәліметке сүйенсек, осы жәрмеңке бойынша 170 азамат тұрақты жұмысқа орналасыпты. Бұл керемет жаңалық емес пе? Алайда тепсе темір үзетін азаматтардың жолды жағалап, «Құлбазар» атанған жерде жұмыс берушісін «зары­ға» күтіп тұратыны көңілге кірбің ұялатпай ма? Қызылордада «Құлбазар» бір­неше жерде бар. Біз «Сұлтан» сауда үйі маңына барып, кезекті тапсырыс беру­шіні күтіп тұрған еңбеккерлерге жолығып, сұрақ қоя бастадық. Әрине, анонимді түрде. Аты-жөніңізді еш жерде жарияламаймыз деген уәдемен ғана ақпаратқа қол жет­кізе алдық. Сонымен, біз сөйлескен кісілердің бірінің мамандығы темір кесу­ші болса, енді бірі – құрылысшы. Олар «істейтін жұмысымыз әртүрлі, тал­ғап барамыз, ақшасына­ келісіп» дейді. Бір жақсысы, олар жұмыс істеген 2 жыл ішінде жұмыс беру­шіге алданып қал­ғандары болмаған. Адал тапқан ақшасы отбасын асырауға жетіп жатыр. Мұндағылардың жасы 45-тен асқан орта жастағы кісілер ғана емес, жастар да жетіп артылады екен. «Бұл арада адам толып тұрады. Қазір күн жылынды. Нағыз еңбектің, жұмыстың маусымы баста­лды. Шүкір, Қызыл­ордада бай-бақуатты кісілер көп» деп қуанды аты-жөнін айтпауды өтінген жұмысшы. «Күн суық кезде мұнда күні­не 70-ке жуық адам тұрады» деп тағы да қосып қойды сосын. Біреудің бақшасын тазалайды, енді бірінің затын көшірісіп беред­і. Осындай түрлі жұмыстар істеп жүріп, табатын төменгі баға – күніне 3000 теңге. Газетіміздің өткен сандарында «Жезтабан жігіттермен» болған әңгі­мені жариялағанбыз. Айтуға ауыз бармайтын арсыз тірліктің сағаты (жеңіл­дікпен немесе саудаласудың нәти­жесін­де) – 10 мың теңге деген еді-ау сонда.

Байқағанымыздай, жұмыссыздықты біреу екінші бір кісіге жалданып, «Құл­базар» маңында тұрып жеңіп жатыр. Ал енді бір азаматтар арын сатып... Қайткен күнде де нәпақа тауып, ертеңгі күн­ді көруге тырмысып жатыр олар. Біз үшін жұмыссыздар мәселесі шешімін тапқаны жақсы. Тек жұмысына жасал­ған таңдауға таңданатынымызды жасырмайық.

Мемлекет тарапынан жағдай жасалып-ақ жатыр. Ал олай болса, жұмыссыз жүргендердің мұндай ахуалына кінәлі кім?

ТОЛҚЫН

 


ЖҮРЕКТІ ЕМДЕЙТІН ЖАБДЫҚҚА ЖАУАПТЫ КІМ? PDF Print Email
Жаңалықтар - Мәселенің мәнісі
10.05.2018 12:17

ҚР Денсаулық сақтау министрі Е.Біртановтың,

Қызылорда облыстық денсаулық сақтау басқармасының

басшысы А.Әлназарованың назарына

Халықтың денсаулығын бақылап отырған жоғарғы лауазымды басшыларға науқастардың мұңын көзбен көріп, құлақпен естіген шынайы әңгімелерімді халықтың қамын ойлайтын «Халық» газеті арқылы білдірмек болып, қолыма қалам алдым.

Әңгіме түсінікті болуы үшін көргенімді айтайын.­ 2009 жылы облыстық ауруханада кар­диология орталығы ашылды. Оның ішінде кардио­хирургия бөлімі жұмыс істей бастады. Шетел­ден мамандар келіп, бір жылдай жергілікті жерден мамандар дайындап, тәжірибеден өткізіп, облыста­ алғаш рет жүрекке ашық ота жасауды бастады­. Халық­тың шексіз шынайы алғыстарына бөленді.

Жас мамандар жыл сайын шетелдегі білікті мамандардан тәжірибе жинай бастады. Жүрек, жүрек-қан тамырлары ауруларымен ауы­ра­тын адамдар ота жасату үшін Астана, Алматы қалаларына бармайтын болды. Әрине, бұл тұрмысы төмен отбасылар, зейнетақы алмайтындар, зей­нетақы алса да, отбасын толық қамтамасыз ете алмай­тын отбасыларға өте тиімді еді. Жылына 200-ден астам адамның жүрегіне ашық ота, 2500-ге жуық адамға коронарография жасап, қаншама адамның өмірін ұзартып, аман алып қалды. Есептей  берсеңіз, 8-9 жылда қаншама адамның өмірін сақтады. Халыққа осындай түн ұйқысын төрт бөліп қызмет жасап жатқан білікті дәрігерлердің еңбектерін еш қылып, 2018 жылдан бастап облыстық кардиохирургия бөлімінде жүрекке ашық ота жасауд­ы тоқтатып отыр. Не себепті екенін ешкім дөп басып айта алмай­ды. Жүрек ауруымен ауыратын адамдардың жүздері солғын, емдеуші дәрігерлер «бізде аппарат бұзылып жатыр, оны жөндеу үшін көп уақыт кетеді, уақыт кетірмей Астана, Алма­тыға барыңыздар» дейді. «Осы облыс орталығына зорға жол қаражатын тауып келгенімізде Астан­а, Алматыға қалай барамыз, тағы да портал дегені бар, ол қай уақытта болады? Оған дейін кім бар, кім жоқ? Мұңымызды кім тыңдайды, бұған кім  жауап беретінін де білмейміз?» деп, науқастар­ төмен қарайды, жанарына жанарың түссе, өзің ауырасың.

Бүгінгі таңда жүрек ауруы өте белең алып тұрған жоқ па? Қаншама адам аяқ астынан өліп кетіп жатыр­. Бұл дерт жас та талғап тұрған жоқ. Біздің облыс нағыз экологияның орталығы емес пе? Жел батыстан соқса, Арал теңізінің ұлтанынан ұшқан тұзды шаң үстімізді басып, тынысымызды тарылтып  жатқан жоқ па? Соны біле тұра, халыққа адам өмірін сақтап қалу үшін күні-түні қызмет жасап жатқан жабдықты «бұзылып жатыр» деп, неге жүрекке ашық ота жасауды тоқтатады? Біздің білуімізше, әңгіме аппараттың бұзылуында емес, әңгіме қаражаттың жоқтығында болуы керек. «Ауруын жасырған өледі» демекші, түбінде шындықтың беті ашылады емес пе? Халықты қашанғы алдайды?

2010 жылы облыстарда кардиохирургия орталығ­ы сынақ үшін ашылды дейді. Сонда кімді кім  сынап  жүр? Халықты ма, әлде халыққа көмек көрсеткен  дәрігерлерді  ме? Қаншама жас мамандар шетелге барып оқып, тәжірибеден өтіп туған жерінде қаншама халыққа қалтқысыз қызмет жасап­ жатыр, олардың ертеңі қалай болады? Кім тұрақтайды?

Тұңғыш Президентіміз Н.Назарбаевтың Қазақстан халқына биылғы Жолдауының жетінші міндетінде «Денсаулық сақтау саласында жаңа техно­логияларды қолдану, аурулардың алдын алу мен емдеуді айтарлықтай жақсартып, медициналық қызмет көрсетулердің сапасын жоғарылатуы тиіс» деген. Ал ойланып көрейік, бұл Елбасымыздың Жолдауына қарама-қайшы жұмыс емес пе? Аурудың алдын алғанымыз қайсы, жаңа технология дейміз, жаңа аппарат қайда? Облыстық медициналық орталықтың эндоваскулярлық бөлімінде коронарография жасайтын жалғыз-ақ аппарат бар. Ол да 2009 жылы алынған. Ал қазіргі кезде 10 жыл­ға жуық үздіксіз жұмыс істеп келеді. Құдай білсін, оның да қай уақытта істен шығатынын, әйтеуір операцияның үстінде бұзылмасын деп тілейік. Бұзылған жағдайда ауыстыра қоятын қосымша жабдық жоқ. Сонда науқастың күні не болмақ, шарасыз  дәрігер  не  істейді?

Оқырман қауымға түсінікті болу үшін бұл аппа­раттың қызметін айтайын. Бұл аппарат жүректің, жүрекке баратын қан тамырларының, мидың, миға баратын қан тамырларының қызметін анықтайды. Қан тамырларының бітелген жерлері болса ашып, стенд (стенд дегеніміз – кәдімгі серіппе.-ред.) қояды, жүрек-қан тамырлары қалыңдау болып бітсе, онда оған ота жасау керек екендігін анықтап береді. Менің білуімше, бұл ангиография аппараты күрделі аурулардың қай түрі болмасын, анықтап береді.

Халық саны бойынша бізде 3 аппарат болуға тиіс. Ал бізде біреу-ақ. Ол да ескі. Ойланып көрейік, ағайын. Әлемдегі дамыған 30 елдің қатарында боламыз дейміз, сонда 30 елдің қатарында қалай боламыз? Ұлттың байлығы – адамның денсаул­ығы  емес  пе?

Дені сау ұлттың ғана келешегі кемел болмай ма? Олай болса, ҚР Денсаулық сақтау министрі Е.Біртанов, Қызыл­орда облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы А.Әлназарова тұшымды жауап берер деген үміттеміз. Біреуді кінәлаудан аулақпыз. Тек түсіністікпен қарап, қаражат көздерін тауып, облыс орталығындағы жүрекке ашық ота жасап жатқан кардиохирургия бөлімін жаппай, қолдан келген көмегін халыққа көрсетеді деген сенімдеміз.

ТҮЙІН. Ойлы да білікті, елдің қамын күні-түні ойлап, халықтың көңілінен шыға білген аймақ басшысы­  Қырымбек Елеуұлы бұл жағдайды біл­мей­тін  шығар. Білсе, науқастарды әуре-сарсаңға салмай­,  оң  нәтиже  шығарады  деген  ойдамыз.

Сердалы   ШАЛБАЕВ,

Жаңақұрылыс  ауылдық  ардагерлер

кеңесінің  төрағасы,

Арал ауданы

 



<< Бірінші < Алдыңғы 1 2 Келесі > Соңы >>

Күнтізбе

< Мамыр 2018 >
  1 2 3 4 5 6
7 8 9 11 12 13
14 15 16 17 18 19 20
21 22 23 24 25 26 27
28 29 30 31      

Сауалнама

Аса мәртебелі шенеуніктердің қылмысқа шатылып жатқандығы нені аңғартады?
 

Ауа райы

Валюта бағамы

Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі валюталардың ресми бағамдары