Өзекті мәселелер

  • 13.09.18

    Кез келген жұмысқа тұрарда қандай болмасын мекеме, ең алдымен, «сотты болмаған» деген құжат сұрататыны белгілі. Сол бір «қара тізімде» бар екенсіз, онда арманыңыздағы қыз­метке қол жеткізу қиын дей беріңіз. Алайда облысымызда осы бір мәселеге назар аудармайтын бөлім басшыларының бар екендігі анықталып отыр. Атап айтар болсақ, Арал, Жалағаш аудандық білім бөлімдері мен Сырдария аудандық мәдениет...

    Толығырақ...
  • 13.09.18

    Саяси тұрақтылық пен қоғамдық келісім – мемлекетіміздің басты ұстанымдарының бірі. Сарабдал саясаткер, ел Президенті Н.Назарбаев «Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері» атты Жолдауында бұл туралы тарқатып айтқан болатын. «Көл-көсір мұнайдың» дәуірі аяқталып келе жатқанын ескерткен Елбасы жаңа заманға сай болуға үндеді.

     

    ...
    Толығырақ...
  • 13.09.18

    Шыны керек, көптің көкейінде «облыс орталығындағы басты көше­лерд­ің бірі Желтоқсан көшесі нелік­тен жылда жөндеуден өтеді? Оның орнына шетаймақтағы көшелерді жөндесе қайтеді?» деген мазмұндағы пікірлер жиі айтылады. Мәселенің мәнісі былай. Былтыр сол көшеге су жүйелері мекемесі ауызсу желілеріне жаңғырту жұмыстарын жүргізген. Асфаль­т қабаты бір рет қайта қазылса болды, жаңадан салынған жол бі...

    Толығырақ...
  • 13.09.18

    Ерғали  АБДУЛЛА

    Көрініс

    Қыз Жібектей керімсығысы келгені­мен де, тұқымы  құрғыр мыстандығы қылымсып қайта-қайта көрініп  қала береді...

     

    ...
    Толығырақ...
  • 13.09.18

    Нұржамал  ӘЛІШЕВА,

    журналист

    БІР   ҚИЫҚ  ОРАМАЛ

    Қазанға ет салып қойған. Қамыр илемекші болып еді, ұн бітіп қалған екен.

    Толығырақ...
Сейсенбі, 15 Мамыр 2018

Рамазан айы ертең басталады PDF Print Email
Жаңалықтар - Халық-хабар
16.05.2018 11:21

Газетіміздің өткен №18 санында (10.05.2018 ж.) қасиетті Рамазан айының мамырдың 16-сы күні басталатыны туралы мақала мен Қызылорда облысы бойынша Ораза тұту кестесін жариялаған болатынбыз. Өткен аптаның соңында Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы Рамазан айының басталуына қатысты жаңа мәлімдеме жасады.

- Рамазан айының басталуын нақты анықтау шариғи үкімдер мен астрономиялық есептер негізінде жүзеге асады. Алғашқы кезеңде мұсылмандар жаңа туған айды көзбен көретін. Ғылым мен технология дамыған заманда мұсылмандық күнтізбе шариғи үкім мен ғылыми зерттеулер негізінде жасалды. Пайғамбарымыз Мұхаммед (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Оразаны айдың тууына қарап бастап, айдың тууына қарап аяқтаңдар. Егер ай көрінбесе, шағбан айын отыз күнге толтырып, бастай беріңдер» деген. Демек, мұсылман жұртшылығы Рамазаннан бұрын болатын Шағбан айының жиырма тоғызы күні кешке қарай жаңа айдың (Рамазанның) тууын күтулері керек. Жаңа ай көрінсе, онда келесі күні ораза ұстайды. Егер көрінбесе, сол айды отыз күнге толтырып, оразаны бастайды. Бірқатар мұсылман мемлекеттерінің ғалымдары осы хадисте айтылған Шағбан айының 29-ыншы күні 15 мамырға, ал 30-жұлдызы 16 мамырға сай келетінін мәлімдеуде. Демек, астрономиялық есептер 16 мамырда жаңа айдың туылатынын көрсетуде. Ал 17 мамыр – Рамазан айының алғашқы күні болып есептеледі, - деді бас мүфти Серікбай қажы Ораз.

Сонымен қатар, Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы еліміздегі іргелі зерттеу орталықтарының бірі болып табылатын «Ұлттық ғарыштық зерттеулер мен технологиялар орталығы» мекемесінен жаңа айдың көрінуіне қатысты ресми мәлімет сұратқан. Аталмыш мекеме 16 мамырда астрономиялық құралдар көмегімен жаңа айды көруге болатынын мәлімдеді. Осыған орай, ҚМДБ Ғұламалар кеңесі шариғи үкім мен отандық астрономиялық ғылыми зерттеу нәтижесін негізге ала отырып: «17 мамыр – Рамазан айының бірінші күні» деген шешім қабылдаған. Осылайша, биыл мұсылмандық ай күнтізбесі бойынша қасиетті Рамазан айы – 29 күн. Ал, маусым айының 11-інен 12-сіне қараған түн – қасиетті Қадір түні. Пітір садақа – жан басына 300 теңге.

Оразаңыз қабыл болсын, ұстаған жан!

Халық-хабар

 


Жалағашта жалпыұлттық ата-аналар жиналысы өтті PDF Print Email
Жаңалықтар - Халық-хабар
16.05.2018 10:15

Кеше Жалағаш ауданындағы барлық білім ошақтарында Халықаралық отбасы күніне арналған «Білімді ұрпақ – сапалы оқыту мен отбасы құндылығы» жалпыұлттық ата-аналар жиналысы өтті. Жиналыс барысында «Рухани жаңғыру» бағдарламасын іске асыру, 11-сынып оқушыларын қорытынды аттестаттау, оқу жылының қорытындылары, оқушылардың білім сапасы, мектептердегі қорғаншылық кеңестердің қызметі, отбасы құндылықтарын насихаттау және отбасы мен мектептің өзара байланысын нығайту барысына кеңінен тоқталды. Мектепке келген әрбір ата-ана балаларының сыныптарын аралап, сынып жетекшілермен, мұғалімдермен, мектеп басшылығымен сөйлесіп, пікірлесулеріне жағдай жасалды.

Жалағаш ауданы ішкі саясат бөлімі

 


«Көңіл әйнегі» кітабының тұсаукесері өтті PDF Print Email
Жаңалықтар - Халық-хабар
16.05.2018 10:10

Кеше Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі, ақын, сатирик-журналист Қазына Өзденбаеваның «Көңіл әйнегі» кітабының тұсаукесері өтті. Салтанатты шарада аудан әкімі Қ.Сәрсенбаев киелі Жалағаш топырағында дүниеге келіп, сұлу Сырдың жағасында сөз өнерін бойына сіңірген қарымды қаламгер, ерен еңбегімен ел құрметіне бөленген, еңбектің пірі атанған, Сыр елінің мақтанышы, Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі Қазына Мералықызының «Көңіл әйнегі» атты кітабының тұсаукесер рәсімімен құттықтап, ауданның Құрмет грамотасын және сый-сыяпат көрсетті.

Шарада сонымен қатар ақынның өлеңдеріне арқау болған тракторшы апамыз, Еңбек Қызыл ту орденінің иегері Г.Қуандықова мен Қазақстан Журналистер одағының мүшесі, Халықаралық «Алаш» сыйлығының иегері, ақын Қ.Жәленова, «Көңіл әйнегі» кітабының баспадан шығуына демеушілік көрсеткен жеке кәсіпкер Б.Мырзағалиев, Р.Ералы сөз алып, естеліктерімен бөлісті.

Шарада автордың сөзіне жазылған әндері, өлең-жырлары, толғауы, сатиралық туындылары орындалып, жыр сүйер қауымның ыстық ықыласына бөленді.

Жалағаш ауданы ішкі саясат бөлімі

 


Сырдариялық тігінші «Бизнес-кеңесші» курсын оқып, кәсібін кеңейтті PDF Print Email
Жаңалықтар - Халық-хабар
16.05.2018 10:07

Облыста жарияланған «Жаппай кәсіпкерлікті дамыту жылы» сырдариялықтардың да бизнеске бет бұруына себепші болуда. Аудан бойынша 2000-нан астам кәсіпкерлік субъектілері тіркелсе, олардың 1600-ден астамы өз кәсіптерін дөңгелетіп отыр.

Кәсіпкерлер палатасының аудандық филиалына келіп, кеңес алушылардың дені мал шаруашылығымен айналысуды жоспарлауда. Жыл басынан бері «Бизнес кеңесші» курсын 32 адам оқып, инновациялық грантқа 96 тұрғын қатысқан.

«Қызылорда» Өңірлік инвестициялық орталығы арқылы бақылау кеңесіне 49 жоба ұсынылып, оның 22-сі мақұлданып, кәсіптерін бастап та кетті.

«Қазіргі таңда біздің ауданнан 180 жоба ұсынылып, жалпы құны 200 млн. теңгеге жуықтайтын 67 жоба мақұлданды. Бүгінде жоба иелері құжаттарын жинақтауда. Жалпы, аудан тұрғындарының кәсіппен айналысуға қатысты белсенділігі жоғары. Сонымен қатар, жастар кәсіпкерлігін дамыту мақсатында «Студенттік бизнес инкубатор» жобасын қолға алып жатырмыз», - дейді Кәсіпкерлер палатасының Сырдария аудандық филиалы директоры Фархад Әбжаппаров.

Тігінші - еңбек нарығында ерекше танымал, сұранысқа ие мамандық. Одан бөлек заманның талабына сай талғаммен киіну - табысқа бастайтын алғышарттардың бірі.

Осы орайда, Асқар Тоқмағамбетов ауылының тұрғыны Нұрсұлу Ажарова да ісмерлік өнермен айналысқанды жөн санайды. Өзі сурет пәнінің мұғалімі. Бейнелеу өнерін жетік меңгерген ол өзінің тігіншілік қабілетін дамытып, ауылынан шағын тігін цехын ашуды ойластырады. Ісмер қыз алдымен «Ақниет» бағдарламасына қатысып, 300 мың теңге грант жеңіп алады. Осылайша өзіне қажетті құрал – тігін машинасын алады.

Нұрсұлу «Бизнес кеңесші» сабағына қатысып, кәсіпкерлік саласындағы біліктілігін арттырады. Өз кәсібін жеңіл заттарды тігуден бастаған ол бүгінде қыз жасауын, құрақ көрпешелер тігеді. Ауыл тұрғындарының сұранысына орай ұлттық киімдер мен көйлектер де тігуде. Кәсіпкер бизнесін дамыту үшін Кәсіпкерлер палатасынан кеңес алып, бизнес-жоспарын жасап, Өңірлік инвестициялық орталықтан 3 млн. теңге қаржы алуға қол жеткізеді.

«Өз ісімді қолға алғаныма 10 жылдан асыпты. Сала маған соншалықты таңсық емес. Өз мамандығым бейнелеу саласы болғандықтан, тігіншілікті ары қарай алып кету аса қиын болмады. Тігін өнері - халықта жұтамайтын кәсіп түрі. Жақсы істі бастасаң, алға ұмтылады екенсің. Кәсібімді дамыту үшін 1 млн. теңге көлемінде несие алып, бұл қаржыға екі қосымша тігін машинасын сатып алдым. Тігін цехымды кеңейттім. Өзге де қосымша құрал-жабдықтар алмақ болып, Өңірлік инвестициялық орталығынан 3 млн. теңге несие алуға өтінім берген болатынмын. Міне, бұл қаржыға да қол жеткізіп отырмын. Кәсібімді жүргізуде Палатаның Сырдария аудандық филиалы қызметкерлері көп көмектесті. Кіріс, шығысты есептеуді үйретіп, қаржы институттарына құжаттарымды, кепіл мүлкімді әзірлеуде жобамды сүйемелдеп, қолдау көрсетті », - дейді кәсіпкер Нұрсұлу Ажарова.

Тігін өнерінің қыр-сырына қаныққан Нұрсұлу алдағы уақытта перде, жалюзи тігіп, көрсететін қызмет түрлерінің қатарын арттырмақ.

Қызылорда облысы

кәсіпкерлер палатасының баспасөз қызметі

 


Қызылордалық күкірт қышқылы зауыты «Алтын сапаға» қатыспақ PDF Print Email
Жаңалықтар - Халық-хабар
16.05.2018 10:02

«Атамекен» ҰКП-ның ұйымдастыруымен өткізілетін ҚР Президентінің «Алтын сапа» сыйлығы мен «Қазақстанның үздік тауары» көрме-байқауына қатысушылар үшін құжат қабылдау жүріп жатыр.

Биыл Қызылордадан «Алтын сапада» бағын сынау үшін алғашқылардың бірі болып жаңақорғандық күкірт қышқылын өндіретін зауыт  «СКЗ-U» ЖШС құжаттарын тапсырды.

«СКЗ-U» ЖШС 2007 жылы қазақстандық, канадалық және жапониялық компаниялардың құрылтайшылығымен құрылған.

Жаңақорған ауданындағы күкірт қышқылы зауыты - 2010-2014 жылдарға арналған Үдемелі индустриалды-инновациялық даму бағдарламасы аясында салынған Қызылордадағы ғана емес еліміздегі теңдесі жоқ озық технологиялы өндіріс.

Зауыттың қуаттылығы күніне 1500 тоннаны, жылына 500 мың тоннаны құрайды.

Кәсіпорын 200-ден астам адамды жұмыспен қамтып отыр. Күкірт қышқылын өндіруден зауыттың еліміз бойынша аналогы жоқ. Өндіру технологиясы бойынша қалдықсыз жұмыс жасайды десе де болады. Шикізатты өнімге айналдыру көлемі 99,9 пайызды құрайды. Жобаның ерекшелігі – экологиялық тұрғыдан таза.

Дүниежүзінде мұндай ондаған зауыт бар. Дегенмен, қызылордалық күкірт қышқылы зауыты өнім өндіру көлемі жағынан олардан көш ілгері болып саналады. Мәселен, Италияның Сардиния аралындағы осындай зауыт жылына 180 мың тонна өнім өндіреді екен.

Зауыт «Қазатомпром» АҚ-на қарасты уран өндіретін кәсіпорындарды ең басты реогент күкірт қышқылымен қамтамасыз етеді.

«СКЗ-U» ЖШС күкірт қышқылымен бірге электр энергиясын да өндіреді. 2013 жылы зауытта өнім өндіріле бастағанда электр энергиясына деген сұраныс артып, нәтижесінде зауыт сағатына 420 кВТ-тық өзінің күн электр станциясын іске қосады. Бүгінде аталмыш электр энергиясы серіктестіктің жұмысшылар тұратын қалашығын толықтай жарықпен қамтамасыз етіп отыр.

«СКЗ-U» ЖШС еліміздің экономикасына үлес қосумен бірге әлеуметтік жауапкершілікті де қатар алып жүр. Жұмысшыларының өміріне жауапкершілікпен қарайтын серіктестік басшылығы қызметкерлердің әлеуметтік пакетіне ерекше мән берген. Әлеуметтік пакетке толықтай медициналық сақтандыру енген. Мұнымен қоса, зауытта күн сайын қызметкерлердің денсаулығын қадағалайтын тұрақты медициналық пункт жұмыс істейді.

Серіктестік болашақ мамандарды дайындауда да белсенділік танытуда. Мәселен, бүгінгі күнде кәсіпорын есебінен 3 студент жоғарғы оқу орнында, 5 студент колледжде оқуда. Жастар оқуын бітірген соң осы зауытта жұмыс істейтін болады.

«СКЗ-U» ЖШС өңірдің әлеуметтік мәселелеріне де баса мән беріп, қайырымдылық, демеушілік шараларына белсенді қатысады. Мәселен, 2012-2016 жылдары серіктестік бұл бағыттағы шараларға 32,45 млн. теңге қаржы бөлген. Сондай-ақ, зауыт орналасқан Кейден ауылында скважина қазып, ауыл тұрғындарын ауызсумен қамтамасыз етіп отыр. Мұнымен қоса, жыл сайын «Мектепке жол» акциясына қатысып, тұрмысы төмен отбасы балаларын тиісті мектеп құралдарымен мереке күндері арнайы сыйлықтармен, Ұлы Отан соғысы және тыл ардагерлерін қаржылай сыйақымен қамтамасыз етуде.

Айта кету керек, «Алтын сапа» сыйлығына қатысуға үміткерлер комиссияға кемiнде үш жыл iшiнде шығарылатын өнiмнiң немесе көрсетiлетiн қызметтiң жоғары сапасын растауға тиiс.

Ұйымдар байқауға мынадай номинациялар бойынша қатысады:

1) «Өндiрiстiк мақсаттағы үздiк кәсiпорын»;

2) «Халық тұтынатын тауарларды шығаратын үздiк кәсiпорын»;

3) «Қызметтер көрсететiн үздiк кәсiпорын».

Әр номинация бойынша мынадай:

1) шағын кәсіпкерлік субъектісі;

2) орта кәсіпкерлік субъектісі;

3) ірі кәсіпкерлік субъектісі санаттары бойынша сыйлық беріледі.

Ал «Қазақстанның үздік тауары» көрме-байқауы мынадай үш номинация бойынша жүргізіледі:

1) «Өндірістік мақсаттағы үздік тауарлар»;

2) «Халық тұтынатын үздік тауарлар»;

3) «Үздік азық-түлік тауарлары».

Байқауға құжаттар қабылдау жүргізілуде. Қатысуға ниеттілер Қызылорда қаласы, Әйтеке би 28 мекенжайындағы Кәсіпкерлер палатасына құжаттарын тапсыра алады. Жауапты маман Гүлдана Таңатова. Сұрақтар туындаған жағдайда 40-09-81 /ішкі 4311/ байланыс телефонына хабарласа аласыздар.

Қызылорда облысы

кәсіпкерлер палатасының баспасөз қызметі

 


Мол өнімге негіз қаланды PDF Print Email
Жаңалықтар - Халық-хабар
16.05.2018 09:58

«Көктемнің әр күні жылға азық». Құлаққа әбден сіңісті болған осы сөз ешқашан маңызын жоймақ емес. Мұны дала төсінен нәпақасын айырған диқандар қауымы жақсы түсінеді. Күн қабағы жылт етісімен егіс танабына асығатын дала перзенттері тәулік тұрмақ, сағаттың әрбір бөлігін қалт жібермеуге тырысып бағуда. Ағымдағы жылы Қазалы ауданында 17790 гектар жерге егiс егу межеленді. Оның ішінде негізгі дақыл күріш 6950 гектарды құрайды.

Қазақта «шымшық сойса да қасапшы сойсын» деген бар. Аудандағы осы саланың қыр-сырын жете меңгерген азаматтармен пікірлескенімізде, біраз жайтқа қанықтық. Олардың айтуынша, дақылдарды орналастыруды әзірлеу барысында әртараптандыру бағытындағы дақылдардың егіс көлемін ұлғайтуға ерекше мән беріледі. Бұл өз кезегінде нәтижесін көрсетіп те үлгерді. Өткен жылмен салыстырғанда жаздық бидай, тары көлемі ұлғайтылып егілсе, 90 гектар жерге арпа орналасуы жыл жаңалығы десек жарасымды. Жаңалықтар мұнымен шектелмейді. Ауданда тұңғыш рет «РЗА-Агро» ЖШС құнарлы мал азығы саналатын түйе жоңышқа, судан шөбі, сорго, соя дақылын сеуіп тастапты. Оған қоса межеленген көктемгі ақ егіс дақылдарын егу толығымен орындалған. Аудан бойынша жоңышқа тырмаланып, суарылып, күтімге алынуда. Қазіргі таңда шығымы жаман емес. «Сыр саржаны» ЖШС болса, «Торем Хошеми» сортын ұлғайтып егуді жоспарлап отыр екен.

«Казагрэкс» АҚ тұқым сараптау зертханасының мәліметі бойынша күріш 100 пайыз себу дәрежесіне жеткізіліпті. Шаруашылықтарда күріш тұқымын тазалау жұмыстары аяқталуға жақын. Көктемгі дала және егін егу жұмыстарын 122 трактор, 55 соқа, өзге де техникалар атқарады деп межеленген. Жеңілдетілген бағамен бөлінген дизель отынын жеткізіп беруші оператор «Нефтьтранс-Қызылорда» ЖШС-гі болып белгіленді. Диқандарды толғандыратын басты мәселенің бірі суармалы жерлерді сумен қамтамасыз ету және су жүйелерінің дайындығы да Қазалыда ойдағыдай көрінеді.

Өткен жылдан бастап Қазалы ауданында бау-бақша өнімдерін егу жұмыстары жанданғанын бұрын да жазған едік. Игілікті іс тұрғындар арасында қызу мақұлданды. Қала, кент, ауылдық округтерде бау-бақша, көкөніс өнімдерімен айналысатын кооперативтер құрылып, оларға жерді қоршау, өңдеу, аяқсу жеткізу жұмыстарына қолдау көрсетілген еді. Қорытындысында мол өнім алынды. Оны айтасыз, Ресейге 552 тонна қауын-қарбыз экспортталды. Ақтөбе, Астана, Байқоңыр қаласы мен Арал, Қармақшы ауданына да қазалылық өнімдер жеткізілген болатын.

Бұл жұмыстар биыл да жалғасын табады. Алға ауылдық округінде 60 гектарға бау-бақша егу жоспарланып отыр. Ауылда 2 кооператив құрылған. «Айтбай» кооперативінің төрағасы Кенжетай Нағызалиев 35 отбасыны біріктіріп, жұмыс істес, «Жаңа тал» кооперативінің төрағасы Сабырбай Мұханов 15 отбасыға жетекшілік етуде. Аяқсу өз ағынымен барады. Абай ауылында 20 отбасы 30 гектар жерді игеру жұмыстарын бастамақшы. Майдакөлдің тұрғындары мен «Майдакөл» өндірістік кооперативі 80 гектар жерге бау-бақша өнімдерін егуді жоспарлаған.

Талап оң болсын!

Жұмабек  Табынбаев,

Қазалы  ауданы

 


Облыстың бас имамы Рамазан айына орай өткізілетін шараларды айтты PDF Print Email
Жаңалықтар - Халық-хабар
16.05.2018 09:55

Қасиетті Рамазан айының келуіне орай ҚМДБ-ның Қызылорда облысы бойынша өкілі, «Ақмешіт-Сырдария» орталық мешітінің бас имамы Болатбек қажы Ұласқанұлы баспасөз мәслихатын ұйымдастырады. Онда Рамазан айына орай өкілдік тарапынан ұйымдастырылатын шаралар сөз болады. Мысалы, «Ақмешіт-Сырдария» орталық мешітінде Құран жаттау орталығын ашу», «діни кітапхана ашу», «жаңа үлгідегі сайт парақшасын мобильді қосымшасымен бірге ашу», «жамағатқа тегін ауызашар беру», «уағыздардың үздіксіз айтылуы», «ғалым ұстаздарды шақыртып, жамағатпен кездесу ұйымдастыру», «мешіттерде арнайы Хатым Құран оқылу», «тарауих намазын өткізуге Түркия мемлекетінен 2 қари шақырту», «Қайырымдылық акцияларын өткізу» және т.б. Сондай-ақ ораза ұстаудың шарттары мен үкімдері туралы толық ақпарат беріледі, анықтамалық кітапша мен жергілікті уақыт бойынша белгіленге кесте таратылады.

Атап айтқанда, төмендегідей мәселелер қозғалады:

  1. 1. Рамазан айында ораза ұстау – ақыл-есі дұрыс, балиғат жасына жеткен, мұсылман адамға парыз.
  2. 2. Қасиетті Рамазан айы мамырдың 17 жұлдызында кіреді.
  3. 3. Рамазан айында оқылатын тарауих намазы мамырдың 16-сы күні басталады.
  4. 4. Тарауих намазы құптан намазынан кейін оқылады.
  5. 5. Рамазан айында берілетін пітір садақа - жан басына 300 теңге.
  6. 6. Пітір садақаны жүкті әйелдер ішіндегі сәби үшін де береді.
  7. 7. Пітір садақа үй жануарларына берілмейді. Мысалы,сСиыр, қой, ит, мысық, т.б.
  8. 8. Рамазан айында ораза ұстауға шамасы келмейтін, қарт, жазылмайтын ауруға шалдыққандар фидия садақасын береді.
  9. 9. Фидия садақасы дегеніміз – бір ай бойына бір міскінді тамақтандыру немесе тамақтандыратын көлемде қаржылай садақа беру.

10. Ораза ұстап жүрген адам үйықтап қалып, оянғанда таң атып кеткен болса, тамақ жемей оразасын жалғастырады.

11. Өзінің ораза екенін білмей тамақты ішіп-жесе ораза бұзылмайды, есіне түскенде немесе бір кісі ораза екенін ескерткенде бірден өзін тоқтату қажет.

12. Оразаны бұзбайтын нәрселер: 1)Ұмытып ішіп-жеу; 2)Қан алдыру; 3)Ауыз, мұрынды шаю; 4)Шомылу, төбеден су құйынып жуыну; 5)Бой дәретсіз таң аттыру; 6)Еріксіз құсу; 7)Көзге сүрме жағу; 8)Еріксіз тамағына түтін, тозаң, шыбын кіру; 9)Аузындағы сілекейін не түкірігін және сіңбірігін ішке тартып жұту; 10)Тістің арасындағы бұршақтан кішкене нәрсені жұту.

13. Оразаны бұзатын нәрселер: 1)Таң атқаннан күн батқанға дейінгі аралықта ішіп-жеу, жыныстық қатынаста болу; 2)Дәрі ішу, құрамында нәрлі заттары бар укол қабылдау және темекі тарту; 3)Әдейі құсу, әрі ауыз толы құсықты жұту.

14. Қасиетті Рамазан айында толық бір ай ұстау парыз. Айдың басында, ортасында, аяғында үш күн ораза ұсталынбайды.

15. Сәресі ішу таң намазына 10 минут қалғанда тоқтатылады.

16. Ауыз ашу ақшам намазының уақыты кірумен басталады.

17. Қасиетті Қадір түні – маусым айының 11-нен 12-не қараған түн.

18. Айт намазы 15 маусым күні сағат 07.00-де оқылады.

19. Ауыз бекіту дұғасы: «Алла разылығы үшін қасиетті Рамазан айының оразасын ұстауға таңнан күн батқанға дейін ниет еттім».

20. Ауызашар дұғасы: «Жаратқан Ием Сен үшін ораза ұстадым, саған иман келтірдім, Саған тәуекел еттім, Сен берген ризық-несібеңмен ауыз аштым. Уа, кешірімді Алла! Менің алдыңғы және соңғы күнә-кемшіліктерімді кешіре көр!».

Өңірлік коммуникациялар қызмет

 


«MEN QAZAQPYN» халықаралық телевизиялық мега жобасының ІІ кезеңі басталды PDF Print Email
Жаңалықтар - Халық-хабар
16.05.2018 09:49

Атадан балаға мұра болып келе жатқан төл өнеріміз дәстүрлі ән-күй, термелерді одан әрі дамытып, бүгінгі күн талабына сай түрлендіре отырып, өскелең ұрпаққа насихаттау мақсатында Қазақстан Республикасының Ақпарат және коммуникациялар министрлігінің қолдауымен, «QAZAQSTAN РТРК» АҚ-мен бірлесіп «MEN QAZAQPYN» халықаралық телевизиялық мега жобасының ІІ кезеңін өткізуді бастады.

«MEN QAZAQPYN» мега жобасы арқылы тәрбиелік мәні зор ұлттық рухани мұрамыз – ән мен күйді, терме, толғауларды орындаушы жастардың шеберлігін шыңдап, көпшілікке таныстыру, сондай-ақ қазақтың әр аймағында қалыптасқан өнер мектептерінің таңдаулы туындыларын дәріптеу көзделіп отыр. Бұл туралы өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте «QYZYLORDA» телеарнасының директоры Жағыппар Қарабала айтты.

Байқауға Қазақстан Республикасында тұратын және алыс-жақын шетелдегі қандас бауырлардың 18 бен 40 жас аралығындағы, қазақ композиторларының және халық әндерін  домбыра, қобыз, сырнай аспаптарының сүйемелдеуінде орындайтын өнерпаздар қатыса алады.

Қазір біздің облыста жобаға іріктеудің аудандық кезеңі басталды. 11-12 мамырда Арал, Қазалы аудандарында өтті. Қорытындысы бойынша 5 өнерпаз облыстық кезеңге жолдама алды.

Енді 18 мамырда сүлейлер мекені –Қармақшыда;

19 мамырда- Жалағаш ауданында;

20 мамырда- Сырдария ауданында

25 мамырда- шежірелі Шиеліде,

26 мамырда- Жаңақорғанда

27 мамырда- Қызылорда қаласында өтеді.

Аудандық, қалалық кезеңнен өткен өнерпаздар облыстық турда бағын сынайды. Оған білікті мамандардан құралған қазылар алқасы бағалау жасайды. Дәстүрлі ән, күй, терме- жанры бойынша үш жеңімпаз республикалық халықаралық кезеңде облыс намысын қорғайды.  Ол тамыз-қараша айлары аралығында Астана қаласында өткізіледі. «QAZAQSTAN» Ұлттық арнасынан беріледі.

Жеңімпаз болған дәстүрлі әнші, термеші, күйші жеке-жеке марапатталады.

Асқан шеберлік танытқан үздік орындаушыға «Жылдың үздік дәстүрлі әншісі», «Жылдың үздік термешісі», «Жылдың үздік күйшісі»  Бас жүлде және лауреат атағы беріледі.

Көрермендердің дауыс беруі арқылы «Көрермен көзайымы 2018» аталымының иегері анықталып,  бағалы сыйлықпен марапатталады.

Өңірлік коммуникациялар қызметі

 


Құрылысшылардың кәсіби шеберлігі республикалық конкурсы өткізіледі PDF Print Email
Жаңалықтар - Халық-хабар
16.05.2018 09:42

Қызылорда облысы әкімдігі 2018 жылдың 16 мамыр күні Қызылорда қаласы Сырдария өзенінің сол жағалауында құрылысшылардың кәсіби шеберлігі республикалық конкурсын өткізуді жоспарлап отыр. Ол Елордамыз Астана қаласының 20 жылдығы және Қызылорда қаласының 200 жылдығын мерекелеу шеңберінде ұйымдастырылады. Бұл туралы кеше өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Қызылорда облысының құрылыс, сәулет және қала құрылысы басқармасының басшысы М.Әлсеріков айтты.

Конкурсқа қатысу үшін еліміздің барлық облыстарынан және Астана мен Алматы қалаларынан кәсіби шебер мамандар шақырылды. Конкурстың мақсаты қоғамдағы Еңбек адамының мәртебесін ұлықтап, насихаттау болып табылады. Конкурста тас қалаушылар арасынан «Үздік қалаушы» және сылақшылар арасынан «Үздік сылақшы» номинациялары бойынша жеңімпаздар айқындалады.

Әлеуметтік салада барлығы 41 құрылыс нысаны салынып жатыр. Оның ішінде білім саласында-18, денсаулық сақтау саласында-4, мәдениет саласында-5, спорт саласында-8, қоғамдық тәртіп саласында-2, мемлекеттік органдар нысандары-2, «Бизнестің жол картасы-2020» бағдарламасы бойынша-1, коммуналдық шаруашылық нысаны-1. 41 құрылыс нысанының 30 нысаны биыл пайдалануға беріледі, қалған 11 нысан 2019 жылға өтпелі нысан болып табылады.

«Нұрлы жер» тұрғын үй құрылысы бағдарламасы аясында облыс бойынша барлығы 118,2 мың шаршы метрді құрайтын 42 көпқабатты тұрғын үй (1664 пәтер) құрылысы жүргізілуде. Оның ішінде 17 көпқабатты (620 пәтер) арендалық үйлер бар. 25 көпқабатты үйлер (1044 пәтер) жеке құрылыс компаниялары есебінен салынуда.

Жалпы, облыс бойынша 2018 жылы 620,8 мың шаршы метр тұрғын үй және 2019 шақырым инженерлік желілер жүргізу жоспарланған.

Бүгінгі республикалық конкурсқа қатысу үшін еліміздің барлық өңірлерінен 30 қатысушы өтінім берді. Қызылорда қаласының сол жағалауындағы құрылыс алаңдары конкурс іс-шараларын өткізуге дайын. Конкурс комиссиясымен айқындалатын конкурс жеңімпаздарына:

І орынға компьютер моноблок, І дәрежелі диплом және І орынға арналған кубок;

ІІ орынға теледидар, ІІ дәрежелі диплом және ІІ орынға арналған кубок;

ІІІ орынға ноутбук, ІІІ дәрежелі диплом және ІІІ орынға арналған кубок табысталады.

Қалған қатысушыларға республикалық конкурсқа қатысқандары үшін республикалық конкурсты ұйымдастырушының және Қазақстан Республикасы «Құрылыс комплексі және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық қызметкерлерінің салалық кәсіподағы» қоғамдық бірлестігі атынан диплом табысталады.

Өңірлік  коммуникациялар  қызметі

 


Күнтізбе

< Мамыр 2018 >
  1 2 3 4 5 6
7 8 9 10 11 12 13
14 16 17 18 19 20
21 22 23 24 25 26 27
28 29 30 31      

Сауалнама

Аса мәртебелі шенеуніктердің қылмысқа шатылып жатқандығы нені аңғартады?
 

Ауа райы

Валюта бағамы

Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі валюталардың ресми бағамдары