Оқырманнан хат
Келіп кету есептегіші








![]() | Бүгін | 3328 |
![]() | Кеше | 3755 |
![]() | Осы аптада | 10123 |
![]() | Өткен аптада | 20075 |
![]() | Осы айда | 32628 |
![]() | Өткен айда | 58946 |
![]() | Бәрі | 4213718 |
-
05.12.19
Толығырақ...
«Құмкөл-Қызылорда» автожолының 70-інші шақырымында «Кеңлік» кен орнынан Шымкент қаласына бағыт алған «Neoplan» маркалы автобус аударылып, 8 адам қаза тапты. 21 адам жарақат алған. Мәліметтерге сүйенсек, автобус ішінде барлығы 36 адам болған. Олардың барлығы – «Саутс Ойл» мұнай компаниясының қызметкерлері» деген ақпарат барша қазақстандықтың қабырғасын қайыстырғаны анық.
... -
05.12.19
Алты құрлықты ақпарат билеген уақытта оған ілесіп отырудың өзі жетістік. Соңғы жылдары «жаңа медианың келешегі кемел, ал дәстүрлі БАҚ-тың болашағы бұлыңғыр» деген пікір бірен-саран айтылып жүр. Қай медианың алға озып, қайсысы артта қалатыны уақыт еншісіндегі дүние деп білеміз. Бірақ ел алдымен интернетте жылт еткен жаңалыққа емес, газет бетінде қатталған хабарға сенетіні анық. Ол – ақиқат. Толығырақ...
- 05.12.19
Толығырақ...Ерғали АБДУЛЛА
Қу ақша
Бермеймін дегенді – бергізеді. Көрмеймін деге...
- 05.12.19
Толығырақ...Арнайы бетіміздің тұрақты айдарындағы кезекті қонағымызбен сұхбаттасудың сәті түсті. Бұған дейін есепшілер мен ұстаздар әулеті туралы жазған болатынбыз. Жасыратын түгі жоқ, бұл жолы кейіпкер таңдау оңайға соқпады. Нәтижесінде таңдау арманы – бір, мақсаты – ортақ, болмысы – егіз, бірге оқып, медицина саласында бірге қызмет етіп, бір шаңырақтың түтінін түзу ұшырып отырған дәріг...
- 05.12.19
Толығырақ...Тұңғыш Президент Н.Ә.Назарбаев өткен жылғы 5 қазандағы Жолдауында «2019 жыл – Жастар жылы» деп жариялады. Жыл аяғы жақын. Күні бүгінге дейін елімізде жастар мәселесі бойынша озық істер орындалып, межелі мақсаттарға қол жеткізілді. Елбасы өзінің «Тәуелсіздік дәуірі» атты кітабында: «Менің ойымша, біздің жастар елеспен өмір сүрмеуге тиіс. «Қазақстанның әлеуметтік жаңғыртылуы: Жалпыға орт...
- 05.12.19
БІЗ ҚОҒАМНАН ШЕТТЕП ҚАЛДЫҚ |
![]() |
![]() |
![]() |
Жаңалықтар - Бүгінгінің болмысы |
17.05.2018 11:21 |
Айжарық СӘДІБЕКҰЛЫ, жазушы: “Баяғы советтік дәуірімізде басшылар мен мектеп директорлары, көптеген интеллигенттер кітапты өздері түбірлеп оқымаса да, не сән үшін, не ұрпағы үшін жинайтын еді. Шамамен он үйдің біреуінде шағын кітапхана болатын. Ал қазіргі кезеңде біз кітапты сән үшін де жинамайтын болдық. Жинағанды айтасыз, кешегі кісілердің немерелері әлгі кітаптарды сыртқа шығарып тастады. Кітапханаларға тапсыру ойларында жоқ. Мәңгүрт дейін десең, пайдасына түгел...”. Бұл қазақтың қабырғалы қаламгерлерінің бірі Айжарық Сәдібекұлының ілгеріде ағынан жарылып айтқаны еді.
– Көке, сұхбатымызды, егер қарсы болмасаңыз, өзіңіз сияқты жазушылардың тұрмыс жағдайынан бастасам деймін. Республикалық айтыстардың бірінде Өміржан Көпбосынов: “Кітабын өткізе алмай жазушы жүр, Берілер қаламақы тиын боп тұр...” деген еді. – Рас, ақын-жазушылардың тұрмыс жағдайы ала-құла болып тұр ғой. Зейнетақы қолға тиген күні шала байып қаламыз. Анау Астана, Алматыдағы әріптестеріміз бізден гөрі тәуірірек тұрып жатқан шығар. Оларда екі-үш жерде жұмыс істеуге мүмкіндік бар, егер денсаулығы көтерсе. Жамыраған телеарналар, радио және газет-журналдар редакциялары, кітап баспалары сол жақтарда. Бізде ондай мүмкіндік жоқ. Өміржан ақын біліп айтқан. Жинағымызды тендерге ұсынсақ, жатып қалады. Біз сияқты елдегілерді кейінге шегере береді. “Өмір жыры” деген кітабымды мемлекеттік тапсырысқа 2016 жылы ұсынған едім. Хабар жоқ. Кітабымызды тендерден тіленбей-ақ жеке баспалардан шығарайық десек, шытырлаған теңге керек. Өмір сүрудің өзі қымбаттап кетті ғой. Біз қазіргі қоғамнан шеттеп қалдық. Демеушілерден демеу болмаса, кітабымыз қалай жарық көреді? Жалпы, кинематографистер де, суретшілер одағы да, сәулетшілер ұйымы да ақын-жазушылар сияқты тығырыққа тап болған. Кино қайраткерлері мен суретшілердің жуырда өткен құрылтайынан олардың да күйзеліс жағдайында екенін аңғардық. Көзіқарақты кинорежиссерлер кино түсіру үшін монополистерге алақан жаятын болған. Мүсіншілер мен суретшілер “таңғы тамақ Тәңірдің мойнында” деп жекелерден тапсырыс іздейтін көрінеді. Ақын-жазушылардың да бір ісі осы. Асықпай қимылдайтын менің өзім де жеке адамдардың өтінішімен оншақты кітап жазып беріппін. Оның орнына неге көркем шығарма жазбаймын...
– Жазушылар одағы көмектеспей ме? – Одақтың өзіне көмек керек болып тұрған жоқ па?! Одақ қатардағы қоғамдық ұйымға айналған соң барынан жұрдай болып қалды ғой.
– Қазіргі қоғамда бұрынғы ақын-жазушылар шетінен журналист болып кетті деген әңгіме бар. Осының қисыны қалай? – Рыскелді, білетін шығарсың, Қабдеш Жұмаділов деген екі аяғын тең басқан классик жазушымыз бар. Сол Қабекең ертеректе “көркем әдебиетке журналистер де араласып кетті” деп айтып жүрді. Рас, тәуелсіздігімізді алғалы әдебиетке жорналшы машығымен жазушы болған жазушы-журналистер қаптап кетті. Солардың бірі, міне, алдыңда отырған пақырыңыз. Мен газетте жарияланған қарабайыр мақалаларын жинақ етіп шығарып, одақтың мүшесі болып алған бір халтурщикті білемін. Оның одаққа қалай мүше болып алғанына ақылым жетпеді. Ал ақын-жазушылар журналист болайын деп болған жоқ. Бәрі күнкөрістің қамы.
– Қалай ойлайсыз, жазушы оқырманмен санасуы керек пе? – Санасуы керек. Егер жазушы шығармаларын оқырман оқитын болса. Өткен жылы мені бір кездесуге шақырған еді. Сонда бір студент қыз: “Сіздің “Қызыл орамалды қыз” деген әңгімеңіз маған ұнады” деді. Ұнаса, ұнаған шығар. Ал, мен неге “Қызыл орамалды қыз” дедім? Оқырман астарын түсінді ме екен? Оқырман көркем шығарманы оқығанымен жазушының ойын түсінбесе, қабылдай алмаса, қиын ғой.
– Жарық көрген кітаптарыңыздан басқа қандай шығарма жаздыңыз? – Қарап отыруға болмайды. Қаламды көңіл соққанда ғана жұмсап аламын. Соңғы жылдары “Өлермен өмір” деген бір роман, “Сұрапыл” деген бір повесть-хикаяны бітірдім. Сосын бір шоғыр көркем және деректі әңгімелер жаздым. – Сіз “Қараша үйдің келіні” деген әңгімеңізде кейіпкеріңіз Күлғаныстың болмысын өте шебер беріпсіз. Сол кейіпкеріңіздің өмірде прототипі бар ма? – Негізі бұл деректі әңгіме. Дарияның арғы жағында “Қызылжар” деген ауыл бар. Күлғаныс сол ауылдан. Біраз жасқа келіп қалды, әңгімеде суреттелген ері бақи болды. Жалпы, әңгімелерімде кейбір кейіпкерлерімнің прототипі өмірде бар. Мен не жазсам да өмірден алып қабілетімнің жеткенінше суреттеп, баптап, асықпай көркемдеп жазамын. Жазатын негізгі жанрларым – көркем очерктер, деректі және көркем әңгімелер, повесть-хикаялар, публистикалық көсемсөздер. Тәуелсіздігімізді алғалы кейбір қалам ұстағандар тарихи тұлғалар туралы қисынға келсін-келмесін ел аузында айтылып келген аңыз-әпсаналарды құрақ құрағандай жамап жазғандарын тарихи роман дейтін болды. Және, өзін жатпай-тұрмай насихаттайды. Суреткер классиктеріміздің соқталы шығармалары болмаса, әлгілердің “тарихи роман” дегендеріне өз басым сене бермеймін. Тарихи шығарма сол өткен заман адамдарының лексиконымен, мысалы, айталық, біздің баяғы ата-бабаларымыздың құнарлы тілімен жазылуы керек емес пе? Қазіргі кейбір “тарихи” дегендерінің сөзінде мәйек жоқ. Кешегі классиктеріміз бір тарихи романды 10-15 жылда жазып бітіретін. Айталық, бүгінгі Қ.Мұхамбетқалиев Сырым Датұлы туралы романын (“Тар кезең”) 25 жылда, С.Жұбатыров “Абыржы” романын 17 жылда бітірді. Кейбір жазғыштар тек өзінің ғана “тарихын” әремдегі әңгелектей аунатып тастай беретін болды. Лев Толстой: “Адамдар алдында ұялу – жақсы сезім, ал ең жақсысы – өзіңнен-өзің ұялу” деген екен. Сол айтқаны бізде әлі де тапшы болып тұр. Адам деген ұялу керек.
– Жергілікті билікке айтар назыңыз бар ма? – Неге болмасын, бар ғой. Дегенде, қала басшылығы осы Қызылорда қаласында тұратын Қазақстан Жазушылар одағы мүшелерін біледі деп те, білмейді деп те айта алмаймын. Себебі, біраз уақыт болды, кітаптарымыз жарыққа шықпай толастап тұр. Қолжазбаларымыз сарғайып жатыр. Жас ұлғайғанда кімге сақалыңды сатасың. Өмір күннен-күнге көңілсіз болып барады. Жаңа қоғамның бізбен шаруасы шамалы болып тұр.
– Енді жергілікті журналистика жайына ойыссақ. Облыс ақпарат құралдарының өзіңіз аңғарған артықшылығы мен кемшілігін айтып бересіз бе? – Айналайын, Рыскелді, мен өткен ғасырдың адамымын. Біз сол ғасырдың жырын жырладық. Мына жаңа ғасыр – сендердің дәуірің. Оның ақпаратына біз араласпай-ақ қояйық. Айтар тілегім: қаламдарың мұқалмасын, ерік-жігерлерің жасымасын. Бір байқағаным, біздің қазақ журналистері көбіне аңғырт келеді. Мысалы, қытайлар “Біз аспанасты елміз” деп өздерін дәріптейді. Ал Израильде еврейлер сөзін “Біз – әлем адамымыз” деп бастайды. Осылай жұмбақтау тегін бе? Біздің кейбір журналистеріміз осы күні қытайға еріп “аспанасты елі” деп астарын ойламай жазады. Немене, басқа жұрттың аспаны жоқ па? Алла аспанымыздан айырмасын. Құдайы көршіміз Қытай мен Ресей үшін біз кімбіз, мәңгілік елміз бе? Ойланып көрейік те...
– Ақын-жазушыларға атақтың қаншалықты қажеті бар? Сіздің ойыңыз... – Жалғыз ақын-жазушы деймісің, жан біткеннің бәрі атақты қалпақпен қағып алғысы келеді. Соған қарағанда атақтың пендеңізге қажеті бар-ау деймін. Заманымыздың ұлы ақыны болған Қадыр Мырза-Әлі дәл осындай сұраққа былай деп жауап берген болатын. “Ақын-жазушыға атақ керек. Не үшін? Атақ – қаламгердің мұрагері” деген еді, қайран Қадыр ағамыз. Расында абырой, атақ классиктерге жарасады. Ал жалған атақ пендеңізді жарға жығады. Жарияға жуыспайтын жалған атақты бергеннің де, алғанның да көңілі марқайып береке таппайды. Атақтан бұрын өміріңді абыройлы аяқтағанды айтсайшы.
– Сіздің ойыңызша жазушының басты қызметі не дер едіңіз? – Меніңше, жазушының басты қызметі әрі міндеті – шығармасын оқырманның жүрегіне жеткізіп жазу. Жеткізіп жазу оңай емес. Бір мысал айтайын. Ұлы жазушы Ғабит Мүсірепов аударма үстінде бір сөздің қазақы мағынасын келтіре алмай бір жеті ойланып, қиналып жүріпті. Сондағы тапқаны “шырғалаң” деген сөз екен. Сөз үйлесімін дәл тапқанына жазушы әйелі ұл тапқандай қуанған көрінеді.
– Соңғы сұрағым: тағы да “хан” сайлауын көргіңіз келе ме? – Неге көргім келмейді? Көргім келеді. Ауамыз тазарады ғой. Құдай қаласа, көретін де шығармыз. Еліміз аман, байтағымыз тыныш болсыншы. Сосынғысы бола жатар. Әңгімелескен Рыскелді ЖАХМАН |
АРДЫҢ ЖҮГІН АРҚАЛАҒАН |
![]() |
![]() |
![]() |
Жаңалықтар - Құқық құрығы |
17.05.2018 11:06 |
Әділдік жолынан таймай, қырағы соттың сақшысы болып келе жатқан Абдуллажан Сайдуллаев 1962 жылы Өзбекстан Республикасы, Ферғана облысында туған. Ұлты – қазақ. Әке-шешесі 1920-30 жылдардағы саяси қуғын-сүргін заманында ел асып, көшіп кеткен. Кейіннен қайта елге оралып, мектеп бітіре салысымен 1979 жылы Шиелі аудандық сот отырысының хатшысы болып еңбек етеді. Арада екі жыл уақыт өткеннен соң С.Киров атындағы Қазақ мемлекеттік университетінің заңгерлік мамандығына оқуға түседі. 1986 жылы оқуды аяқтаған, қалтасында дипломы бар жігіттің арманы асқақ еді. Судья болсам деген жас маман осылайша 1986 жылдың қыркүйек айында Қазалы аудандық прокуратурасында стажер, 1987 жылдың қазан айынан Қазалы аудандық прокурорының көмекшісі, 1988 жылдың желтоқсан айынан Қармақшы аудандық прокуратурасының тергеушісі болады. Ал 1992 жылдың шілде айынан Шиелі аудандық сотының судьясы болып қызметін бастайды. Тұлғасы өзгеден бөлек, қарапайымдылығы өнегелі, үнемі тыңнан түрен салып, ізденуді мұрат тұтқан судьяның ар-ожданын басшылыққа алып, осы салада қызмет етіп келе жатқанына бүгінде 25 жылдан асып барады. Қарнының ашатынынан емес, қадірінің қашатынынан қорқатын қазы қараға жақ болып, кінәсін өтірік жуып-шайып, басын ала қашатындардың қатарынан емес. Кеудесін асқақ ұстайды. Өйткені адам тағдырына тек әділдік әйнегімен ғана үңіледі. Сондықтан да бейнесінен тектілігі байқалып, көш жерден салиқалығы сезіліп тұрады. Өмір көші өскелең белесті бағындыруымен құнды. Қай салаға қарасаңыз да қарқынды даму, өсіп-өну жолы бар. Абдуллажан ағаның да судья лауазымынан бөлек төраға қызметін атқарған кездері көп болған. Атап айтар болсақ, 2002 жылдың мамыр айынан бастап Жаңақорған аудандық сотының, 2007 жылдың маусым айынан бастап Сырдария аудандық сотының, ал 2012-2013 жылдары Арал аудандық сотының төрағасы қызметтерін абыройлы атқарған. Заңгерлік мамандықты таңдап, сол арқылы биік белестерді бағындырған судья қашан да шындықты шімірікпей айтып, батылдығын көрсетіп келеді. Көп істің басы-қасында жүретін ұйымдастырушылық қабілеті тағы бар. Сұхбаттасқан сәтте байқағанымыз, құр сөзбен көпіріп, қу шөппен ауыз сүртетіндердің қатарынан емес екен. Бар болғаны қысқа әрі нұсқа сөйлейді. Ол қай жерде жұмыс істесе де қызметіне ерекше жауапкершілікпен қараған. Әріптестерінің айтуынша, қарапайымдылығымен, өз ісіне берілгендігімен ерекше көзге түсіп келеді. Бүгінгі күні өмірлік жарымен 4 ұл, екі немере сүйіп, тәрбиелеп отыр. «Әке көрген оқ жонар» демекші, Абдуллажан ағаның екі ұлы да заңгерлік мамандығын таңдаған. Тіпті келіні де сот саласының қызметкері. Өзі үміт артқан, артынан ерген балаларына: «Адамның ала жібін аттама, көзің жетпей тұрып, көлденең сөзге сенбе!», - деп әрдайым ақылын айтып отырады. Қазақ «Су сүзілмейді, ұрпақ үзілмейді», - деп айтады. Сондықтан үзілмейтін ұрпақтың алтын арқауына айналған ағаның бұл өнегелі ісі оларға мәңгі үлгі болары хақ. Сот – бүкіл биліктің абыройы, адамдардың әділдік іздеп баратын ең соңғы сатысы, адалдықтың шыңы. Сондықтан судья болу – оңай шаруа емес. Адамның тағдырына қатысты мәселеге билік айту, кесім жасауға ғана оңай. Қазының алдынан осы уақыт аралығында сан тағдырлы, қилы-қилы қылмыстар жасаған пенделер өткен. Оның әрқайсысына әділ қазылық ету екінің бірінің қолынан келе бермейді. Мұндайда кемеңгер жазушы Мұхтар Әуезовтің «Ар жазасы – бар жазадан ауыр жаза» деп ар мен ұятты жоғары қоюы тегін емес екендігі айқындала түседі. Міне, сол күрмеуі қиын қазылық қызметінде ар-ожданын басшылыққа алып, таразы басын тең ұстауымен танылып келеді. Осы жерде А.Сайджаппарұлының «Ол үшін заңды бес саусақтай жатқа айта білу жеткіліксіз. Қанша біліп тұрсам да, міндетті түрде кітапқа қарап, соған көзімді 100 пайыз жеткіземін. Өйткені бұл – адам тағдыры. Ал онымен ойнауға болмайды» дегені күні кешегі би-шешендеріміздің ұлы жолын жалғастырып келе жатқан судья екенін тағы бір дәлелдей түседі. Өзі қараған ісі бойынша шешім қабылдағанда батылдық пен табандылықты көрсете білетін А.Сайджаппарұлы «қазы қара қылды қақ жарған әділ болса, даугерлер төреліктің дұрыстығына күмән келтірмейді» деп санайды. Біз де «Сіз шығарған қаулылардың ішінде аппеляциялық сатыда өзгергендері көп пе?» деп сұрағанымызда, «Мүлдем жоқ деп айта алмаймын. Бірақ олар сотталушыларға жазасын өтеу үшін берілген жылдан емес, көбіне жаңа заңдардың қабылданып кетуімен байланысты келеді» деді. «Яғни біз ескі нұсқасымен қаулы шығарамыз. Ол аппеляциялық сатыға барамын дегенше, заңның жаңа нұсқасы қабылданып жатса, сол бойынша өзгеріп жатады» деді. Сондай-ақ өткен жылдың аяғында бағдаршамның жасыл түсіне өтіп бара жатқан 60 жастағы ананы байқаусызда қағып кетіп, жантәсілім еткен жүргізушіні бас бостандығынан айырып ғана қоймай, жәбірленуші тарапқа бір жарым миллион моральдық шығын да өтеуге қаулы еткен. Еліміз тәуелсіздікке қол жеткізген алғашқы күндерден бастап, құқықтық жүйенің кәсіби әрі адал қызметін жолға қоюда аз жұмыс істелінген жоқ. Ең бастысы, соттар мен судьялар қағаз жүзіндегі емес, іс жүзіндегі тәуелсіздікке қол жеткізді. Судьяның заң алдында да, заңға сүйене отырып шешім қабылдаған уақытта да қатаң бақылауда болатындығын, кешірімсіз ерекше жауапқа тартылатындығын бәріміз білеміз. «Тура биде туған жоқ, туғанды биде иман жоқ» дейді қазақ. «Алдыңызға туған-туыс, дос-жаран көмек сұрап келген болар?» деп сұрақты төтесінен қойғанымызда, судья Сайдуллаев «ҚР Қылмыстық процестік кодекстің 87-бабының 5-тармағы бойынша «Егер судья жәбiрленушiнiң, азаматтық талапкердің, азаматтық жауапкердiң немесе олардың өкiлдерiнiң туысы, күдіктінің, айыпталушының немесе оның заңды өкiлiнiң туысы, прокурордың, қорғаушының, тергеушiнiң немесе анықтаушының туысы не процеске қатысушылардың қайсыбіреуінің жекжаты болса, процеске қатыса алмайды. Бұл ретте мен өзім қарсылық қағазын толтыруым керек» деп жауап берді. Жақсының жақсылығын айтудан шаршамаған халықпыз. С.Сайджаппарұлы бірден «мұндай жағдай болса, мен өзім бірінші қарсылық білдіремін» деді. 25 жыл ішінде бірде-бір тәртіптік жауапкершілікке тартылмаған қазы мұндай жағдаймен бетпе-бет келмегенін айтты. Бiз өз ортасында еңбегiмен құрметке бөленіп жүрген азамат туралы қысқаша ғана баян еттiк. Оның әрбiр iсi, қарапайымдылығы мен табандылығы кейiнгi ұрпаққа өнеге болсын дедік. Өйткені, Лев Толстой айтқандай, қарапайымдылық, жақсылық пен ақиқат жоқ жерде ұлылық та болмайды. Ж.ЖҮНІСОВА |
Төртінші өнеркәсіптік революция – қазақтың өркендеу дәуірі |
![]() |
![]() |
![]() |
Жаңалықтар - Саясат |
17.05.2018 10:51 |
саяси ғылымдарының кандидаты, қауымдастырылған профессор, «Болашақ» ғылыми-зерттеу институтының директоры
Бүгінде әлемдік қауымдастық төртінші өнеркәсіптік революция туындатқан қарқынды технологиялық, экономикалық және әлеуметтік өзгерістерге қадам басты. Жалпы анықтамаларға сәйкес, төртінші өнеркәсіптік революция – жаһандық заттар өнеркәсіптік желілері мен қызметке бірігу келешегі негізіндегі толықтай автоматтандырылған цифрлық өндіріске өту, басқарылатын интеллектуалды жүйелер болып табылады. Әлемдік экономика жаһанданудың ықпалынан бөлек, технологиялық өркендеуге байланысты өзгерістер кезеңін басынан кешіруде. Алдағы уақытта төртінші өнеркәсіптік революция қарсаңында тұрған елдердегі үйреншікті технологиялық процестерді түрлі технологиялар мен өнеркәсіптік тың жаңалықтар өзгертеді. Өнеркәсіп салаларындағы технологиялар бірігіп, өзара шектеулер жойылады. Қалыптасқан жаңа сын-тегеуріндерге әрбір мемлекет дайын болуы керектігі түсінікті. Әрбір ел мен ұлттың өркендеуі терең институционалдық реформалар жүргізу және экономика құрылымына сапалық өзгерістер енгізумен байланысты. Бұл экономикада материалдық, адами және қаржылық ресурстарды тиімді пайдалану үшін қажет. Тәуелсіз елімізде қазіргі заманауи шарттарға сәйкес әзірленген стратегиялық және бағдарламалық құжаттар ретінде «Қазақстан-2050» Стратегиясы, Ұлт Жоспары бес институционалдық реформаны жүзеге асыру жөніндегі 100 нақты қадам, «Қазақстанның Үшінші жаңғыруы: жаһандық бәсекеге қабілеттілік» атты мемлекет басшысы Н.Назарбаевтың Қазақстан халқына Жолдауы, «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласы, «Цифрлық Қазақстан» мемлекеттік бағдарламаларын атай аламыз. Жаңа ақпараттық технологиялардың кеңінен таралуы қоғамды жаңаша түсінуге және қалыптасқан ақпараттық-коммуникациялық технологиялардағы ақпараттық қоғамды «желілендіруге» ықпал жасады. Осы желілер заманауи қоғамның жаңа әлеуметтік құрылымын жасау арқылы күнделікті өмір, өндіріс, мәдениет және билікпен тығыз байланысты үдерістер нәтижесіне әсер ететіндігін дәлелдеді. 2000 жылдың 22 шілдесінде қабылданған Жаһандық ақпараттық қоғамның Окинава Хартиясында көрсетілгендей, «Ақпараттық-коммуникациялық технологиялар – ХХІ ғасырдағы қоғамды қалыптастыруға ықпал жасайтын ерекше маңызды факторлардың бірі». Елімізде ақпараттық қоғамға көшуге ықпал ететін барлық қажетті жағдайларды жасау және «Қазақстанның әлеуметтік жаңғыртылуы: Жалпыға Ортақ Еңбек Қоғамына қарай 20 қадам» атты 2012 жылғы 10 шілдедегі мақалада берілген Мемлекет басшысының тапсырмаларын орындау үшін 2013 жылы «Ақпаратты Қазақстан - 2020» мемлекеттік бағдарламасы әзірленген болатын. Жоғарыда аталған Окинава Хартиясымен қатар, Ақпаратты қоғам құру қағидаттары декларациясы (Женева, Швейцария, 2003 жыл), Тунис міндеттемесі іс-қимыл жоспары (Тунис, Тунис Республикасы, 2005 жыл), басқа да халықаралық құжаттардың, сондай-ақ Қазақстан Республикасы Президентінің 2010 жылғы 1 ақпандағы №922 Жарлығымен бекітілген Қазақстан Республикасының 2020 жылға дейінгі Стратегиялық даму жоспарының негізгі ережелері ескерілген бағдарламаның басты міндеттері қатарына мемлекеттік басқару жүйесінің тиімділігін қамтамасыз ету, ақпараттық-коммуникациялық инфрақұрылымның қолжетімділігін қамтамасыз ету, қоғамның әлеуметтік-экономикалық және мәдени дамуы үшін ақпараттық орта құру, отандық ақпараттық кеңістікті дамыту жатады. Қазақстан Республикасының Президенті Н.Назарбаевтың осы жылғы «Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері» атты Қазақстан халқына Жолдауы еліміздің ілгері дамуы үшін жасалған маңызды стратегиялық бастамалардың логикалық жалғасы болып табылады. Жолдау тақырыбы айтып тұрғандай, құжатта еліміздің төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктеріне ерекше назар аударылады. Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы тарихи өрлеу бастауында тұрған ұлт болуымыз керектігіне көңіл бөлінген. Ол үшін Елбасы шешуіміз тиіс әрқайсысының жүгі бөлек, түсінікті әрі айқын он міндетті атап көрсеткен болатын. Қазақстан Республикасының Президенті Н.Назарбаевтың «Президенттің бес әлеуметтік бастамасы» атты халыққа үндеуінде де төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы жаңа экономика сұраныстары туралы айтылады. «Қазір жыл сайын бөлінетін 54 мың грантқа қосымша 2018-2019 оқу жылында тағы 20 мың грант бөлу керек. Оның 11 мыңы техникалық мамандықтар бойынша бакалаврлық білім беруге тиесілі болады. Бұл төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы жаңа экономикада зор сұранысқа ие болатын сан мың жаңа маманды даярлауға мүмкіндік береді. Мұнда ең алдымен инженерлер, ақпараттық технология, робот техникасы, нанотехнология саласының мамандары туралы сөз болып отыр» делінген. Адамзат тарихы өнеркәсіптік революциялардың бірнеше сатыларынан өтті. Бірінші өнеркәсіптік революция қоғам мен экономикалық құрылымға ерекше ықпал жасады. Бу қазандығының пайда болуы қалалардың өрлеуі және алғашқы зауыттардың ашылуына әсер етуімен қатар, өндірістің дамуына қажетті нақты ғылымдардың ілгерілеуіне серпін берді. Екінші өнеркәсіптік революцияның негізгі қозғаушы күші болған электр қуаты өндіріс екпінін үдете түсті. Өнеркәсіптік революцияның үшінші кезеңі сандық технологиялардың қалыптасуы және оның өндірісте енгізілуімен ерекшеленді. Бүгінде технологиялар тез өзгереді және ескіру жылдамдығының шапшаңдығы өте жоғары. Төртінші өнеркәсіптік революция жаһандық бәсекелестік жағдайында барлық елдердің әлемдік қауымдастықтағы орны мен рөлін ауыстыруы мүмкін. Технологияларды заман талабына сай дамытқан мемлекет ғана қарыштап дамиды. Сондықтан Елбасының 2018 жылғы Қазақстан халқына Жолдауындағы міндеттер еліміздің жаңғыру бағытындағы жұмыстарын ілгерілетіп, жаңа жетістіктерге жеткізетіндігіне сенеміз. Төртінші өнеркәсіптік революцияның қоғам мүшелері үшін маңызды қызметі ретінде азаматтық қоғам мен билік арасындағы тығыз өзара қимылдарды жүргізуге ықпал жасауын да айта аламыз. Барлық басқару құрылымдары мен әлеуметтік процестерге ақпараттық технологиялардың енуі осы қарқынды процестің нәтижесі деп білеміз. Электронды үкімет жүйелерінің дамуы, әсіресе еліміздегі «egov.kz» «мемлекеттік қызметтер мен ақпарат онлайн», шын мәнінде, бюрократиялық кедергілерді, сыбайлас жемқорлық белгілерін азайтатындығы анық. Бұл технологиялардың мемлекеттік құрылымдарға енуі қоғамдағы барлық процестерге сырттан әсер етуге тосқауыл қояды. Сонымен қатар, электронды үкімет жүйелері арқылы мемлекеттік құрылымдардың қызмет көрсетуін бақылауға мүмкіндік туады, азаматтардың қызметтің жүру барысын қадағалауына да жағдай жасалады. Бүгінде билік органдары үшін ақпараттың ашықтығы өте маңызды мәселе болып табылады. Ақпараттың ашықтығын арттыру міндеті бұқаралық ақпарат құралдарымен өзара байланыс, аймақ тұрғындары, инвесторлар мен журналистерге дайындалған арнайы іс-шаралар көмегімен жүзеге асады. Ақпараттың ашықтығын арттырудың негізгі құралдарының бірі ретінде жергілікті мемлекеттік органның ресми сайты және әлеуметтік желілердегі белсенділігі де саналады. Ресми сайт қызметінің негізгі қыры ретінде оның қарапайымдылығы мен қолданудағы оңтайлылығы деп ойлаймыз. Сонымен қатар, сайттағы ақпараттардың өзектілігі, ашықтығы, мөлдірлігі, интербелсенділігі, тұтынушыға бағытталуы, қолжетімділігі өте маңызды. Барлық деңгейдегі әкімдіктердің ресми сайттары өңірдің төлқұжаты болып табылатындықтан, оның мазмұнына ерекше мән беруіміз қажет. Әсіресе, беріліп жатқан ақпараттардың ағылшын тіліндегі нұсқасы басты назарда болуы тиіс. Өйткені, өңір туралы ақпарат алу барысында, әсіресе шетелдік инвесторлар ең алдымен аймақтың ресми сайтына назар аударатындығы жасырын емес. Бүгінде кейбір ғалымдар арасында төртінші өнеркәсіптік революция түсінігімен қатар, индустрияландыру 5.0 ұғымын пайдаланушылар да кездесіп жатыр. Әрине, бұл көзқарастардың пайда болуы дұрыс та шығар. Өйткені үшінші және төртінші өнеркәсіптік революциялар арасындағы ұзақтық тым жақын. Зерттеушілердің болжамы бойынша келесі өнеркәсіптік революция болып табылатын индустрияландыру 5.0 азаматтық қоғам, басқару мен құрылым, адам бірегейлігіне ықпал жасайтын, экономикалық және өндірістік зардаптары болуы мүмкін жүйелі өзгерістерді тудыруы ықтимал. Соңғы жылдары Елбасы Н.Назарбаевтың Қазақстан халқына арналған жолдаулары Үшінші жаңғыру және төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктеріне арналуда. Сондықтан еліміз үшін экономикалық даму парадигмаларын түбегейлі өзгерту және оны төртінші өнеркәсіптік революция қағидаларына сай бағыттау маңызды болып табылады. Елімізде жүзеге асып жатқан мемлекеттік бағдарламалар осы бағытта жұмыс істеп жатыр. Бұл үшін мемлекетіміздің экономикалық, әлеуметтік, саяси, технологиялық, мәдени және рухани әлеуеті жоғары деп есептейміз. Ал, Елбасының осы жылғы Қазақстан халқына Жолдауы аясындағы міндеттерді орындау барысында мемлекеттік органдар, азаматтық қоғам, барлық ел тұрғындарының жұмылуы төртінші өнеркәсіптік революция кезеңіндегі еліміздің әлемдік қауымдастықта лайықты орын алуына септігін тигізеді. Төртінші өнеркәсіптік революция басқарудың құралдары мен әдістерінің жаңғыруына әкелуімен қатар, басқару қызметі заманауи қоғамдағы әрекеттердің түбегейлі өзгерістеріне ұшырайды. Жаңа технологиялық әрекеттер адам мен техника арасындағы өзара қимылдарды өзгертуімен бірге, адамзаттан жаңғыртылған кәсіби дағдыларды талап етеді. Бұл тұста құнды кадрларды даярлауды дамытуға мән беріледі. Төртінші өнеркәсіптік революция дәуірінде еңбек нарығында түбегейлі өзгерістер орын алады. Индустрияландыру 4.0 кезеңіне жаңғыртылған түрде жұмыс істейтін қызметкерлер қажеттілігі туындайды. Қоғам кәсіби маманданған, өзін-өзі ұйымдастыра алатын, әлеуметтік дағдылары қалыптасқан тұлғаны таңдайды. Сондықтан еліміз үшін рухани дүниетанымы бай, іскер, білімді азаматтардың қызметіне сұраныс артады. Индустрияландыру 4.0 кезеңінде қолданылатын техниканың адамға бейімделуін назардан шығармайтын ұйымдастыру-техникалық жетілдіру міндеттерін шешуге бағытталған әлеуметтік-техникалық жүйелердің ерекшелігі мол. Адам еңбегінің өнімділігі, қауіпсіздігі, денсаулығы мен жұмысқа қабілеттілігін сақтау сынды адамзаттың ерекшеліктері мен мүмкіндіктерін өндіріс ортасына бейімдеу маңызды саналады. Бұл процесте адам – техника – өндірістік орта сынды жүйелердің өзара әрекеттерін кешенді зерттейтін эргономика ғылымының жетістіктерін пайдаланған жөн. Жалпы, төртінші өнеркәсіптік революция әкелетін мүмкіндіктер мен туындатуы мүмкін қиыншылықтар барлығымыздың мәселеге сын көзбен қарауымызды талап етеді. Қоғам мүшелері мәселенің мәнін түсінген жағдайда ғана өзгермелі шарттарға тез бейімделеді, ал еліміз мерзімі жеткен реформаларға дайын болады. |
ТАНА КӨЗІН СҮЗБЕСЕ, БҰҚА ЖІБІН ҮЗБЕЙДІ |
![]() |
![]() |
![]() |
Жаңалықтар - Арнайы беттер |
17.05.2018 10:47 |
Нәзипа – қарапайым ғана ауылдың қара торы келіншегі. Осыдан 11 жыл бұрын ата-анасының қолынан ұзатылып, өзге босағаны аттаған еді. Бүгінде жасы 36-да. Адал жары, 3 баласы бар. Екі жыл бұрын әкесі өмірден озар шағында, «осы үй мен аналарың сендерге аманат, бас-көз болыңдар» деп қызы мен күйеубаласына табыстап кеткен. Содан бері бұлар жалдап жүрген пәтерлерін біржола тастап, осында көшіп келген. Бір жағынан төсек тартып қалған анасына көмектеспек. «Күшік күйеу болып, енесінің үйін паналап алыпты» деген аты бар демесең, тәп-тәуір-ақ өмір сүріп жатты. Бәрі бақытты. Тек бар мәселе Нәзипаның соңынан ерген жалғыз сіңлісі Нұрсұлуда еді. Нұрсұлу үйдің еркетотай, кішкентайынан бұзықтау болып өскен қызы болатын. Өз айтқанынан таймайтын, дегенін істетпей қоймайтын мінезі тағы бар. Рұқсат сұрау дегенді мүлдем білмейді. Бетінен ешкім қақпаған соң да балалық дәуірден тез өтіп, ерте есейді. Бар бәле осы кезде басталды. Түнделетіп қыдырып, сауық-сайран құру, үйге таңата келу біртіндеп жиілей бастады. Анасы төрткөз болып телміріп, Нұрсұлуды күтумен-ақ талай таңды атырды. Ал үкілеген қызы болса небәрі 19 жасында отбасылы еркекпен көңіл жарастырып, ақыр соңында жүкті болып қалды. Әйтпесе анасы бар-жиған тергенін салып, білдей оқу орнына түсірген еді. Жастықтың буымен алданып қалған қызы анасын жерге қаратса да, шеше байғұс оған еш қарсы келмеді. Керісінше, «баланы туа бер, өзіміз көмектесеміз» деп, бетінен қақпай, қолдау көрсетті. Бұл уақытта жас қызды арбауына түсірген әлгі еркек бар жауапкершіліктен тайып тұрған болатын. Алайда тек қара басының қамын ойлайтын сылқым да баланы туа сала балалар үйіне тастап кетті. Сөйтті де «жаңа өмір бастаймын, жұмыс істеймін» деп қалаға біржола қоныс аударды. Осыдан кейін анасының «есі кірді, енді тәртібін түзетер» деп дәмеленгені рас. Бірақ қуанышы көпке созылмады. Бұл жолы қызы өзінен 10 жас кіші жігітпен көңіл жарастырып, ішімдікке салынып кетті. Бір күні масайған күйі ауылдан бір-ақ шықты. Бар жақсылықты үлкен қызынан ғана көріп, кіші қызының қылығына тойынған ана бұл сорақылықты көргенде, есінен танып, құлап қалды. Құламай қайтсін, түннің бір уағында бөтелкелес досымен ішімдікке сылқия тойып алып, аузына келгенін айтып, бүкіл ауылға масқара етті. Анасының денсаулығына алаңдаған Нәзипа сіңлісінің бөтелкелес досын қуып жіберді де, Нұрсұлуды дереу үйге кіргізіп, төргі бөлмедегі төсекке жатқызды. Қанша дегенмен артынан ерген жалғыз сіңлісі, бауыры. «Сүрінбейтін тұяқ, жаңылмайтын жақ болмайды». Қателескен шығар, кешірейік» деп, өзгеруіне тағы бір мүмкіндік сыйлаған да өзі. Нұрсұлу таңғы шапақта өңі айрықша боз тартып оянды да, ойлана отырып, кешегі ісін еске алды. Жалғыз әпкесінің қолдау білдіргеніне ризашылығын айтып, анасы екеуінен кешірім де сұрады. Көп ұзамай ауылдағы мектепке еден жуушы болып жұмысқа орналасты. Бойы аласа демесең, нағыз сымбаттының өзі болатын. Сондықтан да болар еркек атаулыны өзіне қаратқыш еді. Бір сөзбен айтқанда, өзі ұнатқан ер-азаматты қалай болса да қаратып алатын. «Ауру қалса да, әдет қалмайды». Нұрсұлу мектепке жұмысқа тұрғаннан кейін бұрынғы әдетіне қайта басты. Әуелі мектептегі мұғалімдерді қармағына ілді. Ақыр соңында бар абыройдан айырылып, ол жұмысынан да шығып қалды. Мұнан кейін қарауға беті қалмаған ол үйде біраз жатты. Әпкесі күнұзақ базарда тұратын. Күнделікті мардымсыз табысы тамақтан артылмады. Қас қылғанда осы кезде Нәзипаның күйеуі Самат та жұмыстан шығып қалған еді. Анасы да қатты науқастанып, ауруханаға түсіп қалған болатын. Қырсық бір айналдырғанды, шыр айналдырды деген осы. Нәзипа қатты қажып кетті. Таңсәріден базарға барғаннан кешке дейін тыным жоқ. Үйге келсе балаларының кір-қоңы, тамағы тағы бар. Әйтеуір жыбырлап жүріп, түн ортасы ауғанда көзін бір іліп алатын. Тіпті, соңғы кезде Саматқа көңіл аударуды да қойды. Мұнысына күйеуі, әрине, ренжитін. Саматтың сәл бетін безеу басқаны болмаса, көздері өзін сүйкімді көрсететін. Мінезі де жақсы. Әжептәуір істеп жүрген жұмыс орны да қырсыққанда жабылып қалды. Әйтпесе бар табысын отбасына әкелетін. Ішімдікке де аса құмар емес. Тек отырыстарда болмаса. Алайда еркек әйелден нәзіктік күтеді емес пе? Оның үстіне соңғы күндері Нәзипа екеуінің арасы тым алшақтап кетті. Мұны сезді ме, не бұрынғы әдетіне қайта басты ма, Нұрсұлу күндіз жездесінің жанынан айналшықтап шықпайтынды шығарды. Балалар мектепке кетісімен, оған асын дайындап, қамқорлық танытқан сыңай танытатын. Әйтеуір осылай жүріп-ақ, жездесінің бетін бері қаратып алды. Осылай арам ойын іске асырған Нұрсұлуды енді Самат күнделікті өзі іздеп тұратын болған. Әйеліне деген сезімі де өшіп барады. Осылайша күндер өте берді. ...Көктемнің соңғы айы болатын. Бір күні жұмысынан ерте қайтқан Нәзипа ауылдың шетіндегі қалың тоғайдың жанынан өтіп келе жатқан еді. Сарқырай аққан өзеннің дауысына тамсанған ол байқаусызда сол жағалауда отырған «екі ғашықты» көріп қалады. Алғашында мән бермегенімен, байқап қараса, жігіттің үстіндегі көк көйлегі өзі Саматқа алып берген жейдесіне ұқсайды екен. Қанша жүрегі сенгісі келмесе де, Нәзипа сол «ғашықтардың» жанына барып, өз көзін жеткізгісі келді. Жақындай бергені сол еді, «қашанғы тығылып жүрмекпіз, біржола қалаға кетейікші» деген сіңлісінің дауысын анық естіді. Ал оның жанында «ер-азаматым» деп құрметтеп жүрген Саматы отыр. Көңіл күйінің астан-кестенін шығарған екеуді Нәзипа бар ашуымен кеп итеріп жіберді. Онысымен қоймай, сол маңда жатқан таяқты алды да, «әй, оңбағандар, сендер менің сыртымнан не тірлік істеп жүрсіңдер?» деп, екеуін де сабалай жөнелді. Мұнысымен қоймай, сол күні-ақ Саматты бар киімін ала дорбаға салып, үйден қуып шықты. Істеген ісіне түк қысылмаған Нұрсұлу да сол күні үйден біржола кетіп қалды. Отбасындағы абыройлы азаматтың оты осылайша сөніп, балаларынан біржола қуылып кетті. Ал жасынан бұрын ерте қартайған, аңқылдаған ақкөңіл Нәзипа тағдырдың ауыр жүгін арқалап қала берді. Күш-қайраты мол әйел тірі жесірдің азабын тарта жүріп, бір өзі балаларын ел қатарлы аяғына тұрғызу үшін тірлік етіп келеді. Кейде «Тана көзін сүзбесе, бұқа жібін үзе ме»? Бар бәле – Нұрсұлуда. Еркекте ес бар ма, егер жездесі өзеуреген күннің өзінде кеудесінен итеріп, болмаса басқа үйге кетіп қалмай ма? Босқа мені күйдіргенше?», - деп анасына еңіреп жылап та алады. Амал не, сіңлісінің осыншалықты сұрқия боларын кім білген? Ж.ЖҮНІСОВА |
ТҰРМЫСТЫҚ ЗОРЛЫҚ-ЗОМБЫЛЫҚТАН АНА мен БАЛА ЗАРДАП ШЕГЕДІ |
![]() |
![]() |
![]() |
Жаңалықтар - Арнайы беттер |
17.05.2018 10:36 |
Статистикалық мәліметтер бойынша елімізде болатын қылмыстардың үштен бірі тұрмыстық зорлық-зомбылықтан орын алады екен. Ал бұл ретте қара күштің иесі ер-азаматтардан, әсіресе, әйелдердің таяқ жеп, зардап шегетінін ескерсек, олардың тұрақтар жерге зәру болатыны анық. Қаламыздағы «Қамқорлық» дағдарыс орталығы дәл осындай жағдайға тап болғандарға қол ұшын созады, уақытша болса да паналарға орын тауып, көмектеседі. Орталықтан көмек сұрап келетіндер саны жыл сайын көбеймесе, азаймаған.
Қарап отырсақ, мұндағы тұрғындардың көпшілігі балалар екен. Олардың жастайынан бақытты балалық шақтың қызықтарына тоймай жүретін кездерінде әкелерінен қорқып, тығылып жүргендері, әрине, өкінішті. Ал бұл жағдайда «балам үшін» деп барын салатын аналардың емін-еркін жұмыс та істей алмайтыны белгілі. Осыған орай «Самұрық» инновациялық идеяларды дамыту орталығы» қоғамдық қоры жанынан құрылған бұл орталық биыл жаңа жобаны қолға алмақшы. Ол – «Әлеуметтік балабақша» атты жоба. Мақсаты – өмірдің қиын жағдайына тап болған, тұрмыстық-зорлық зомбылыққа ұшыраған әйелдердің балаларын осы балабақшаға тегін орналастыру. Әрі арнайы тасымал көлігі апарып, алып келеді. – Аналарымыз қалалық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімі ұсынып отырған қайта даярлау оқыту курстарына жазылып, 3 ай курстан өтеді. Сонымен қатар арнайы мемлекеттен берілетін стипендия бар. Соны алады. Осындай жобаларды бастағалы жатырмыз. Сондықтан мүмкіндік туып тұрғанда, масылдыққа салынбауы қажет,- дейді орталық директоры Ж.Тұсмағамбетов. Бүгінде орталықтағы ең жас ана – 22-де. Жаңақорғандық қыз бір жігітпен танысқандарына бар-жоғы бір апта болған шақта көрші ауылға қыдырып барады. Дәл осы кезде қызды әлгі жігіті алып қашады. Алайда көп ұзамай әйеліне жұдырығын ала жөнелетін бұл еркек келіншегінің аяғы ауырлаған шақта да ұруын қоймайды. Арасында «босанбайсың, өлтіремін» деп те қорқытатын көрінеді. Ай-күні толған кезде баласын өлтіріп қоя ма деп қорыққандықтан осында келген қыз бүгінде аман-есен сәбиін бауырына басқан. Қазір бөбегі – екі апталық. Жағдайдың бұлай жақсы аяқталуы, әрине, қуантады. «Алайда мұнан да сорақы оқиғалар болып тұрады»,- дейді Ж.Тұсмағамбетов. Мысалы, өткен жылы Тасбөгет кентінің бір тұрғыны орталықтың сенім телефонына хабарласқан. Көмек сұраған апа екінші күйеуінің алғашқы некеден туған қызына азғындық жасайтынын айтып, шағымданған екен. Бұл сорақы жағдайдан хабардар болған мамандар дереу іске кіріседі. Ішкі істер департаментіне хабарласып, әлгіні тұтқындайды. Ал сот оны 10 жылға бас бостандығынан айырады. Дәл осыған ұқсас жағдай биыл да болған. Өгей әкесі қызына анайы қылық жасап, тиісуін қоймағандықтан, анасы мен қызы бүгінде орталықты паналап отырған көрінеді. Ал осы айдың ішінде өтетін сот отырысы абыройсыз тірлігі үшін ол азаматтың қанша жылды темір торда өткізетінін шешетін болады. Қазақта «үй болған соң, ыдыс-аяқ сылдырламай тұрмайды» дейді. Әрине, бір шаңырақ астында өмір сүргендіктен түрлі қиыншылықтар орын алуы мүмкін. Тек осы ұрыстың соңын жұбайлар ушықтырмай, дер кезінде бір-біріне түсіністік танытып жатса, оның соңы өкінішке апармайтыны рас. Ж.ЕЛУБАЙҚЫЗЫ |
ХАТТАР БАР ТАСТАУҒА КӨҢІЛ ҚИМАЙТЫН... |
![]() |
![]() |
![]() |
Жаңалықтар - Арнайы беттер |
17.05.2018 10:28 |
Айтыстың абаданы Серік ағам 60-қа келіпті. Ұлтының уызына жарыған елдің еркесі Серік Ыдырысовтың Сыр елі үшін орны бөлек. Сәкеңді өзімнің аяғым сынып, бауырымнан айырылып, қайғының уын ішіп жүрген көңілсіз күндердің, мазасыз түндердің бірінде ұялы телефон арқылы іздедім. 2017 жылдың 24 қыркүйегі түнгі сағат 11-ден 36 минут өткенде хабарлама жібердім. «Серік ағам бар ма екен кең дүниеде?». Арқалы кісіні халықтың буы көтереді.
Бар екен Серік ағаң кең дүниеде Сөзіңнен бір қуаныш енді көңілге де. Айманға көп рақмет іздеу салған, Ағаң үшін білесің сен сүйсіне де.
Қадірін денсаулықтың білдім жаңа Қалыпқа келтіруге бар ма шара? Қолыма қайта айналып келтірсе Алла, Аялар ем оны мен жас балаша.
Айманжан, ақылың бар көркіңе сай, Мықты сөз, жақсы жырға сен мұражай. Жарай алмай қаламын көп істерге. Қарай алмай жүрмін ғой дертіме жай.
Хал сұраған бір сөзге тояр едім, Қайтейін заманымның Нояны едім. Айманның аппақ көңіл-ықыласын Бар байлықтан мен биік қояр едім Қандай ғажап сезімтал аялы едің...
Ағамыздың хатына 30 минуттан соң, былайша мен де жауап хат жолдадым: Атына заты лайық парасаты Жүзіңе жұлдыз біткен таласады. Өзіңдей болса егер жігіт біткен Алаштың асқақтап бір бағы асады.
Уәдеге тұрақты берік ақын, Жаныма тұтам ылғи сені жақын. Серіге сезім ғана жарасады, Ауруды ысырыңыз, Серік ақын.
Желкенін жыр көгіне жайған кемем, Сіз үшін жұлдыз алып, айдан келем. Тәңірден саулығыңды тілеп жүрген Бір қызбын ақмаңдайлы Айман деген. Айтыста жауын да сіз, дауыл да сіз Әлі де қазанаттай бабындасыз. Жырыңмен ел-жұртыңды емдей жүріп, Жалғанда жарқылдап жүр, жалындаңыз.
Сезімге серік болар сылқым ерік, Көрмеңіз бұл өмірде еш түнеріп. Ауырмай күліп тұрсаң кетеді екен, Ақмешіт аспанынан бұлт үдеріп. Әрине, туған ағайымның жүз күндігі де өтіп кеткен болатын. Жастықта білмейсің, үлкейе келе бет түзер құбылам бауырларымның бүтіндігін, айналамның амандағын көбірек ойлайтын халге жақындадық. Бір жақсы көретін ағам Әуезовтің кемеңгерлігін, адамдық қалпының биіктігін шәкірті, 2-курс студенті З.Қабдоловтың әкесі өмірден өткенде сонау Атырауға барып, көңіл қосын білдіргенін айтқан еді. Жанымдағы жақсы ағалардың мынау тұрған Ж.Маханбетов ауылына бармақ түгіл, жұбату айтпағанына өкпелі екенім де рас еді. Бірақ анам марқұм: «Тойға келмедің деп өкпелеуге болады, бірақ маған біреу көңіл айтпады екен деп ренжуші болма», - дейтін. Серік ағама бастағы ауыр халді жазып, хабарламаны қайта жібердім. «Айналайын арқа сүйеп, марқайып мақтан тұтатын қарындасым қайғыңа ортақпын. Алла бергенін алғанмен, беретінін алмасын. Сауығып кет. Сен ерекше адамсың, бәрімізге керексің» деп, мына шумақтарды жіберді: Жаным-ау бауырыңды естімедім, Негізі көп жағдайды кеш білемін. Япыр-ай, айта салса болар еді, Қасыңда бірге жүрген естілерің.
Бауырдың жөні бөлек білемін мен, Көңіл-хош айтамын шын жүрегіммен. Аман-сау айналайын тұрып кетші, Көрмейін ешқандай мұң реңіңнен.
Аймансың, ақ маңдайың жарқыраған, Ғалымсың әрбір сөзі алтын адам. Қасқайып өрге қарсы жүрген жансың, Сөйлесең дұшпандарың қалтыраған.
Шіркін-ай кең құшағын жайғандарға, Айды алып берер ем, айлам бар ма? Сыр елі сөз қадірін ажыратар Ақылды қарындасым өзің барда. Ақ көкем әлі бірге күресеміз, Адамдық жолмен жүрер майдандарда. Айман Айтбаева, Қорқыт ата атындағы ҚМУ-дың доценті |
ТЕҢІЗ ДЕП ТЕБІРЕНГЕН |
![]() |
![]() |
![]() |
Жаңалықтар - Арнайы беттер |
17.05.2018 10:22 |
Қазақ поэзиясының керегесі кеңейіп, тақырыптық аясының түрленіп, құлашының кеңге жайылуының бір айғағы – ұлан-байтақ еліміздің түкпір-түкпірінде өзіндік, мәнерлі қолтаңбасы бар, айрықша үнді ақындардың сол өңірде қоныс теуіп, төгілтіп өлең жазып, алашқа атын шығарып жүргендігі. Қайбір жылдары «Ақындар ауылда туып, астанада өледі» дейтін едік. Бүгінде бұл тәмсіл түбірімен өзгерді. Анау жер шұрайы Алтайда да, сары жонды Арқада да, сырлы Сырда да, сонау батыстағы маңғаз Маңғыстауда да, көк теңізді Атырауда да талантты ақындар шоғыры сол аймақтың рухани-әдеби дамуына елеулі үлес қосып келеді.
Қазақтың батыр Бауыржаны «батырды ситуация тудырады» деген екен. Ал ақынды ше? Ақынды халықтың жүрегіндегі толқыныстар, өміріндегі бұралаңдар, көңіліндегі селкеуліктер, қабағындағы кірбіңдер, жанындағы жаралар тудыратыны мәлім. Әрбір ақын халықтың соққан жүрегінің дүрсілі мен лүпіліне үндесуге тырысады. Ал үндесе білу үшін сол жердің адамдарының көргенін көріп, татқанын татып, тонның ішкі бауындай араласып, рухани біртұтас әлемге айналу керек. Өйткені, шынайы ақын мен халық егіз. Аралдың адамзаттың жүрегіне жара салған қасіретінің үні ақынның жүрегінде бұрқақша атқылап шықпағанда қалай шығады? Төрткіл дүниеге, айнала әлемге осы Аралдың мұңы мен зарын, қуанышын кім жеткізеді? Міне, осы бір сәтте Арал деп айтқанда ауызға түсер, тілдің ұшына үйіріле кетер екі есім болса, соның бірі – ақын Толыбай Абылаев. Ол о бастан Аралдан кіндігін үзбеген. Ауылда жүріп-ақ Бөгенім деп бұлғаң күй кешсе, Аралым деп айдындағы ақ кемедей алыс қияндарға қиялымен жол тартады. Басқаны айтпағанда соңғы бір он шақты жылда шыққан кітаптарының өзі Аралдың атына көгенделген қозыдай болып тұр: «Арал көшіп келеді», «Аралдан соққан жел», «Арал Атлантидасы». Осылайша Арал ақынның басты тақырыбына біржолата айналған. Ақ толқынды Аралын, салқын самал естірген көк теңізін, теңіз маржанын сүзген балықшы жұртшылығын шексіз сүйген ақын аталмыш кітаптарында ата қонысқа деген перзенттік ұлы махаббатын үзбей жеткізіп келеді. Иә, туған жерін жыр әлемінде өрнектеген ақынның осынау тақырыптық, тұлғалық, поэтикалық ерекшелігі оның шығармашылығының бір биік шоқысы екендігін оқырмандары әлдеқашан мойындап қойған. Келесі кітаптарынан осының үзілмес жалғасын көргісі келеді, оның сырға толы ғажайып әлемін бөліскісі келеді. Тағатсыз оқырмандарын автор көп күттірмеді. Ақын Толыбай Абылаевтың «Қыран шайыр» кітабы қолдарына тиіп отыр. Кітап мазмұны ежелден белгілі-ақ – сол Арал тақырыбы. Аралдың ақеден перзенттері, мағыналы өткені, қатпар-қатпар шежіресі, сан қилы тағдырлары... Осы кітабында ақын көркемдік тұрғысынан жаңашылдық таныта алды ма екен, жаңа ізденістерге барды ма екен деп көзі қарақты оқырманы елеңдеген. Жаратылысында жан-тәнімен лирик ақын бұл жолы осы кітабына басы-бүтін эпостық жанрдағы туындыларын енгізіпті. Екі дастан мен балладалар легі. Кітап атын иеленген «Қыран шайыр» дастаны – оның бірнеше жылғы толғанысынан, тынымсыз ізденісінен туған бас-аяғы жұмыр поэма. Қазақтың тағдыры қиын, талантты ақыны Зейнолла Шүкіров туралы қалам тербеу әсте оңай емес-ті! Осыдан 50-60 жыл бұрын «Құрыш қазақ» деп белгілі ақын Мұзафар Әлімбаев поэма жазған. Және де біраз ақындар түрлі жанрдағы өлең-жырларын арнаған. Яғни аңызға айналған Зейнолла бейнесі әдебиетімізде сомдалған десек болады. Дегенмен, талай соқпақ салынған тұсқа Толыбай ақын да тәуекел етіпті. Сірә, енді жазбасына болмаған болуы керек. Өйткені Зейнолла мен Толыбай түтіні қатар ұшқан бір ауылдың тумалары. Өлеңге ғашық болған бала ақын Толыбай титтейінен құрыш таланттың жанына айналсоқтап, әңгімесіне құлақ құрышын қандырып, өрелі өлең жырын жастанып оқып, жаттап өскен. Кейін жігіт ақын шағында арда ағасының соңына ерген. Ерген дегеніміз сөздің келе жағы, негізінен ақын ағасын құшағына алып көтеріп те жүрген. Сөйтіп талай-талай сырласқан, жырларымен мұңдасқан... Көркемдік шешімі қиялында қылт еткенде ақын тағдырын, ақын әлемін өзінің сәтті бейнелеуімен оқырмандарына алғаусыз жеткізген. Шағын дастанында Зейнолла ақынның бүкіл ғұмыры, ақындық кейпі, толысуы көрсетіледі. Кино жанрындағы кадрлардай оқырманның санасын селт еткізіп, көз алдында өтіп жатады. Зейнолланың қаламгерлік өмірінің үнемі марапатқа ғана бөленбей, заман, қоғам қыспағына ұшыраған сәттерін, әсіресе, Кеңес тұсындағы жабық тақырып Жанқожа батырдың қаһармандық ерлігін өзек қылған «Сыр бойы» романын жазғандағы дәлдүріштерден көрген түртпегін, нәзік жанының қиналысын оқушы сезіне алады. Иә, ақын Зейнолла көзсіздікпен қалам сілтеп, заман батырына айналған деп білеміз. Дүниежүзін суық қаруымен, қатқыл идеясымен тұнжыратып отырған Кеңестік идеологияның өзіне бой ұсынбай, елдік, ерлік шежіресін ұрпаққа аманаттап жазып кеткен. Ол жайлы ақын: Қалайша жан жүрегін жылытпасын, Көненің сипап қойып құлыптасын. Өткенге қиялымен көз жүгіртті, Қатерге тәуекелшіл тігіп басын, - дейді. Уақыт бәріне әділ таразы. Жылдар өтіп, тәуелсіздігімізге қол жеткіздік. Кешегі мызғымастай болып тұрған қоғам келмеске кетті. Күнмен таласқан қайбір биіктер аласарды, жермен жексен болды. Ал Зейнолла ақын қырандай қалықтап, сол өз биігінде қалды. Міне, Толыбай ақынның «Қыран шайыры» көк тағысындай қанатын кеңге сермеп мәңгілікке қалды емес пе? Тоғыз бөлімнен тұратын лирикалық дастан былай тұжырымдалады: Бойында болған жыры алып, күшті, Үркітті-ау аш көз ажал шабыт құсты. Көгінен өлең-жырдың Қыран шайыр Құйрықты жұлдызға ұқсап ағып түсті... Толыбай ақынның «Қыран шайыр» поэмасы әдебиеттегі аса дарынды ұстазы Зейнолла Шүкіровке қойылған тамаша ескерткіші деп бағаласақ болады. Кітаптағы екінші көлемді туынды «Шектілер» деп аталады. Жанры – автор өзі айқындағандай, тарихи дастан. Қазақ халқы ірі-ірі тайпа, рулардан құралса, соның бірі тарихы мыңжылдықтарға барып тірелетін – Шекті руы. Ақын Шектілердің өткен тарихына көз салғанда ұлттың ұйысуы жолында қан мен тер төгіп, ел мен жерді қорғаған батырлар мен ел тұтқасы болған би-бектерге әдейі тоқталып отырады. Оларды тек бір рудың мақтанышы емес, ұлтына ұран қосқан тұлғалар деп біледі. Өз ауылындағы Тұрғанбай шежіреші арқылы олардың айбынды бейнелерін жасайды. Кейінгі ұрпаққа үлгілілік, өнегелілік өмір парақтарын көрсетеді. Тарихи дастанда Еуразия даласында ат ойнатқан көшпелі елдің көшелі тарихы әсерлі жыр жолдарымен өрілген. Даладай дарқан көңіл, ер мінезді, Шектілер! Дүние сондай көрді көзді. Жоқтауын жер асырып жоңғарыңның, Ойратты ойсыратқан ол күн озды...
Елек пен Орға созған ел қанатын, Атағы Шектілердің жер жаратын. Ер жүрек батырларын Жаманақтың Бітпепті бес күн жырлап толған ақын, - дегендей, халық тарихының ерлік пен намысқа толы беттері жігерімізді қайрап, қажырымызды ұштап, еркін елдің ұландары екенімізге сендіреді. Тарихта айшықталған нақты мәліметтер шежірелік ауызша әңгіме нұсқаларымен қабаттаса жырланып, халықтың бірнеше ғасырлық қилы-қилы тағдырлы жолы көрсетіледі. Бұл күнде осы дастанда ерлігі әспеттелген «Мың бала» мен Сартай батыр, Жылқаман, Жылқайдар, Толыбай, Айдарбек, Тілеу, Жанқожа, Тайлақ, Танық, Төлеш, Жәнкедей ерлер мен Нұрмағамбет, Нұртуған, Еспенбет шайырлардан кейінгі қазақ көркемсөзінің дүлдүлдері Әбдіжәміл, Тахауи, Жарасқан, Нұрпейістерге шырайлы шумақтар арналған. Шекті тайпасының шежіресі арқылы халықтың ұлы озандарының асыл бейнелері оқырмандарға етене таныс болады. Кітапта «Балалық шақ балладалары» деп топтастырылған сюжеттік жырлары автордың алдыңғы жинақтарында бастау алған туындыларының жалғасы іспетті. Сол баяғы біз таныған балықшы ауыл, тапшылық жайлаған жоқ-жұқа замандағы ауыл балалары, еңбегін елге арнаған нар тұлғалар, ауыл-үйдің еркек, әйелдері, үй арасының тентектері бала көзімен қызықты беріледі. Балықшы ауыл адамдарының өзіне тән қарекеттері, өзіне тән мінездері, характерлері көрінеді. Тумысында аңғырттау боп келетін ауылдастардың таныс та бейтаныс келбеттері оқырманды сүйсіндіреді. Сол бір жылдарға ақынмен бірге еніп кеткендей боласың. «Бригадир Сансызбай», «Пошта бастық Насырадин Жолаев», «Тастыбай ақын», «Қызыл өгіз» балладалары ақынның ата жұрты Бөген ауылының бейнелері арқылы өткен ғасырдың 60-жылдардағы күллі қазақ ауылының тіршілік-тынысына ортақ жайларды жүрек тебіренте, сағыныш сазына бөлей отырып жыр етеді. Өлең қонған халықпыз ғой, астана асып, атағы жер жармаса да, қазақтың қай-қай ауылында да қоңырқай тіршілік кешіп жатқан ақындар бар. Соның бірі – кейіпкермен аттас баллададағы Тастыбай ақын. Тастыбайдың тақпағынан үркесің, Жинай алмай дал болады жұрт есін. Ал, ол болса жырдан боран төпейді, Пілте шамның сығырайтып білтесін, - дегеннен-ақ көрініп тұрғандай, кеңестік үкіметтің тасқамау заманында, ауызға қақпақ орнатқан кезеңде айтулы ақындар ашып айта алмаған жайларды ауылдағы Тастыбай ақындар ауызекі өлеңінде мысқылға толтырып, елге жайып жіберетінін білеміз. Сол қайсар мінезді Тастыбай ауылдан шыққан болашақ талай ақындардың аузына түкіріп, кейін елдің елеулі ақыны, азаматы болуына септігін тигізген. Елдің, жердің көркі осындай қарапайым адамдар екеніне көңілің сеніп, көзің тояды. Өзі ауылдан ұзап шықпаса да, ізбасарлары алаштың кең-байтақ даласын шарлап жүр. Биік-биік трибуналардан саңқылдап өлең оқып жүр. Мүмкін Тастыбайдың бақытының өзі де сол шығар. Толыбай ақынның жүрегінде сақталып қалған ғажайып ұстазының әпенділікке жақын болмыс-бітімі жүрекке жылылық ұялатады. Бөген ауылының адамдарының түрлі-түрлі мінездерін ақын мынандай әдемі шумақтармен өрнектейді: ...Велосипеді кемі бұл бір қаралық, Күллі ауылға болды тосын жаңалық. Басқарманың баласының соңында, Күн ұзаққа шапқылаймыз қамалып... («Қызыл велосипед»).
Күреңітіп ақша жүзі от Күнмен, Есіл-дерті кеткен отпен боп мүлдем. Біз сияқты боқмұрынды көзге ілмей, Алтыншаш жүр кіріп-шығып шеткі үйден... («Ең ыстық жаз»).
Негр қызы сияқтанған түрінде от, Іргемізден өтті «МТЗ» гүрілдеп. «Тіфу, қызға лайық па трактор»- Жанназар шал бір түкірді күбірлеп... («Жақайдың тракторы»). Осындай шумақтардың қай-қайсысын да оқып отырып сол кездегі Бөген ауылы өмірінен суреттер салуға болатындай. Шағын ауылдың қазандай қайнап жатқан тіршілік-тынысы қаншама уақыт өтсе де айқын сезіліп тұр. Ақын соны ерекше бір іңкәрлікке толы көңілмен жырға айналдырады. Езуге күлкі қыстырар юморы да бар. Басқарманың баласы мінген велосипед те, мектепті үшке бітірсе де алғаш ауылда трактор айдаған қыз Жақай да, ауыл-үйдің аруы Алтыншаш та көз алдымызда әлі де өмір сүріп жатқандай... Қорыта айтқанда, ақын Толыбай Абылаевтың «Қыран шайыр» кітабы автордың шығармашылық жолындағы тағы бір бел-белесі деп білдік. Тамаша лирик ақынның туындылары парасатты жырдың жаңа деңгейіне көтерілгендігін көрдік. Өмірдің өзінен ойып алғандай болған осынау өлең-жырлар енді оқырмандарын қуанта бергей! Ерғали АБДУЛЛА, Арал қаласы |
СИМУЛЯЦИЯ ЖАСАУ – ФУТБОЛДАҒЫ ҚУЛЫҚ |
![]() |
![]() |
![]() |
Жаңалықтар - Сергек |
17.05.2018 10:00 |
Тоқтар ЖАҢҒЫЛЫШБАЙ, “Қайсар” ФК-ның шабуылшысы:
ВКонтакте желісінде “Қасқырлар|ФК Кайсар Кызылорда” парақшасы жұмыс істейді. Қызылорданың басты клубы “Қайсардың” жаңалықтарын жариялауда, қиыншылығына төзіп, қуанышына ортақтасуда шығармашыл топ алдына жан салмай келеді. Аталмыш парақшадағы “Футболшыға сұрақ” айдары облыс намысын қорғайтын аяқдопшылармен сәтті сұхбат жасап, оқырман қауымды толғандырған сұрақтарға үздіксіз жауап іздеп келеді.
Әріптестеріміздің Сыр футболына жасаған жанашырлығын ескере отырып, “Қайсар” футбол клубының шабуылшысы Тоқтар Жаңғылышбаймен болған сұхбатын өңдеп, ықшамдап, газет бетіне жариялағанды дұрыс деп таптық.
- Мен 1993 жылдың 25 мамырында Байқоңыр қаласында дүниеге келдім. 7 жасыма дейін балғын балалығымды сол жерде өткізіп, кейіннен Қарағанды қаласына көшіп, сонда қоныстандық. Тіршілігімнің қайнар көзі, мейірімнің кәусар бұлағы бола білген ата-анамның мен үшін орны бөлек. Әкем Сәбит Өтеулиев жеке кәсіппен айналысады, ал анам Орынгүл Өтеулиева үй шаруасында. Отбасымда үш ағайындымыз: әпкем, мен және қарындасым бар. Өмірде әке-шешенің мейірімін ешнәрсе алмастыра алмайды. Сондықтан, жарық дүниедегі ең жақын жанашырларымның қамқоршысы болу, қадірлеу, сол кісілердің алдындағы борышымды өтеу адамдық парызым деп санаймын. - Ата-анаңыз футбол саласын таңдауыңызға қарсылық білдірмеді ме? - Жас бала – жас шыбық. Жас күнінде қалай иіп тастасаң, өскенде сол иілген күйінде қатып қалмақ. Теріс иіліп қалған шыбықты артынан түзеймін десеңіз, сындырып аласыз. Баланы тәрбиелеу – тұрмыс майданында ақылмен күресе білетін адам шығару деген сөз. Бұл тұрғыда ата-анам қырағылық танытты деп ойлаймын. Менің үй маңында, көшеде футбол ойнап жүргенімді көріп, икемім мен қызығушылығымды байқаған әкем қолымнан жетектеп, осы саланың табалдырығын аттатқызды. Ал, анам бастапқыда қарсы болды. Кейіннен азды-көпті жетістіктерге жете бастағанымда қолдау көрсете бастады. Мүмкіндік болса, әр ойынымнан қалмауға тырысады. - Алғашқы бапкерлеріңіз кім? - Футболға алғаш келуім де Қарағанды қаласынан басталды. Алғашқы бапкерлерім – Александр Асылбаев, Олег Кемалов деген кісілер. 16 жасыма дейін солардың қарамағында болдым. Одан соң “Шахтердің” дубліне ендім. - Кезінде “Астана”, “Қайрат” сынды үздік командаларда доп тептіңіз. Бірақ, сізге қосалқы құрамда ғана отыру бұйырған сияқты. Ол командаларда негізгі құрамда көріне алмауыңызға не кедергі? - Өзімнің ойымша, сол кездерде ол командаларға ойнауға дайын болмадым. 21-22 жасымда атап айтатындай тәжірибем де болған жоқ. Бәсеке тудыратындай деңгейім де болмады. “Астана” мен “Қайраттың” деңгейі қалай айтсақ та жоғары ғой. - “Сол кезде уақытым босқа кетті” деп қапаланбайсыз ба? - Жоқ. Ол командаларда ойын көрсете алмасам да, жаттығу жасау барысында көптеген тәжірибе жинақтадым. Жалпы айтсам, үйренгенім де, үйренерім де көп. - Гол соққанда ерекше атап өтесіз. Негізі олай тойлау қай ойыншыға тән? Болашақта басқа да тойлау түрлерін көре аламыз ба? - Негізі бәрі алдыңғы жылы басталды. Өйткені, бір досым Неймардың жанкүйері еді. Сол Неймардың бір биі болатын. “Астанаға” қарсы ойында гол салсаң, осылай билеші” деп ұсыныс айтты. Бірақ, менің гол соғатыныма сенімсіздік те білдірді. Алланың қалауымен мен гол салып, Неймардың биін биледім. Және сол биім жанкүйерлерге де ұнап қалғанын байқадым. Содан кейін биді шамалы өзгертіп, өзіме қалыптастырып алдым. (күліп) - Таңдауыңыз не себепті “Қайсар” болды? - Маған алдыңғы жылы “Қайсардан” ұсыныс түсті. Ойлана келе Қызылордаға келгенім дұрыс деп шештім. - Көп симуляция жасайтын сияқтысыз. Осыған орай қандай пікір білдіресіз? - Өте жақсы сұрақ. Симуляция үшін өмірімде “Тобылмен” болған ойында бірінші рет сары қағаз алдым. Симуляция жасау – футболдағы қулық. Біреуі өтсе, енді бірі өтпей жатады. Мақсатымыз жеңу болса, барлық айла-тәсілді пайдаланамыз. - Қандай әлеуметтік желіні пайдаланасыз? - Әлеуметтік желіде тек инстаграм парақшасын пайдаланамын. Әйелім екеуміздің атымыздан ашылған ортақ парақшамыз бар. Көбінесе, жаңалықтар оқып отырамын. - Болашақта ұлыңыздың футбол саласын таңдағанын қалар ма едіңіз? - Әр адамның таңдау құқығы бар. Алла жазып, ұл-қызым болып жатса, мен оларға “бүйтіңдер, сүйтіңдер” деп ештеңе де айта алмаймын. Менің әке-шешем маған қалай бағыт берді, мен де сөйтуге тырысамын. Бастысы, тұрмыстың тұңғиық теңізін қайратпен, өз күшімен кеше білетін, адалдық жолға құрбан бола білетін, адамзат дүниесінің керегі бола алатын, төрт құбыласы түгел адам болса, мен үшін одан асқан бақыт болмас. - Ойын жейдеңіз неге 77? Бұл нөмірде сіз үшін айтарлықтай мән бар ма? - Өз басым нөмірге назар аудармаймын. Мен келген кезде екі нөмір болды. 77 және 99. Мен 77-ні таңдадым. Маусым біткен кезде, 9 және 11-ші нөмірлер босады. Бірақ, мен осы нөмірде қалуды жөн көрдім. - Қай футболшыға еліктеп өстіңіз? - Менің кішкентай кезімде Роналдиньоның жанып тұрған кезі болатын. Сол кісіге еліктеп өстік. Бертін келе Фалькао, Кавани, Левандовский деген шабуылшыларға еліктедім. - Бойыңыздағы ең жек көретін қасиетіңіз қандай? - Өте тез ашуланамын, эмоцияға тез берілемін. Ашуым қайтқан кезде менен кеткен қате екенін түсінемін. Эмоцияма бақылау жасап отыру – мен үшін ең қиыны. Осы мінезім өзіме ұнамайды. - Жанкүйерлерге айтарыңыз... - Жанкүйерлерді бағалаймын. Біздің ойындарымызға келіп, тіпті қонақта болатын ойындарда да қолдау көрсететіндеріне ризамын. Тек ғана қуанышта емес, жеңілісте де бізбен бірге болдыңыздар. Барлық футболшылар атынан рақметімді айтқым келеді. Сұxбаттасқан Фаризат АМАНГЕЛДІ |
МЕРЕЙІ ТАСЫҒАН МӨЛДІР |
![]() |
![]() |
![]() |
Жаңалықтар - Халық-хабар |
16.05.2018 17:39 |
Жапонияның Окинава қаласында каратэ-додан Азия чемпионаты өз мәресіне жетті. 50 келіге дейінгі салмақта жастар арасында өнер көрсеткен жерлесіміз Мөлдір Жаңбырбай ел намысын абыроймен қорғап, алтын жүлдені иеленді. Жарыс барысында сырбойылық спортшы үш кездесу өткізді. Әуелі Үндістан спортшысын 8:0 етіп жеңсе, малайзиялық қарсыласынан 2:1 есебімен басым түсті. Ал, ақтық сында Тайпей елінің спортшысынан 6:1 есебімен айласын асырып кетті. Қарсыластарын қоғадай жапырған қызылордалық жас каратэші осымен жастар арасында үшінші мәрте Азия чемпионы атанып отыр. - Жарыс жоғары деңгейде өтті. 13 елден қатысқан спортшылар жақсы дайындықпен келген. Енді маусым айында Ақтау қаласына оқу-жаттығу жиынына барамын. Сол айда Түркияның Стамбұл қаласында өтетін рейтингілік халықаралық жарысқа қатысамын. Яғни, бұл 2020 жылы Токиода өтетін Олимпиада ойындарына қатысуға мүмкіндік беретін рейтингтік ұпай жинау жарысы болмақ. Олимпиадаға жолдама алу үшін, ел намысын қорғау үшін бар күш-жігерімді салатын боламын, - дейді үш дүркін Азия чемпионы. Спортқа небәрі 6 жасында келген жерлесіміз республикалық, халықаралық жарыстарда еліміздің әнұранын шырқатып, көк байрағын желбіретіп жүр. Мөлдір қазіргі таңда Қорқыт ата атындағы ҚМУ-дың 4-курс студенті. Облыстық жоғары спорт шеберлігі мектебінде тәлім алатын спортшыны білікті бапкер, ҚР еңбек сіңірген жаттықтырушысы Рүстем Әбжәмиев жаттықтырады. Спортшының жетістіктері: - каратэ-додан ҚР чемпионатының бірнеше дүркін жеңімпазы; - республикалық және халықаралық турнирлердің көпдүркін жеңімпазы; - 3 дүркін Азия чемпионы (2013, 2017, 2018); - 3 дүркін Әлем чемпионы (2015, 2016 – 2 мәрте); - ҚР халықаралық дәрежедегі спорт шебері. |
ЖҮЗ ПАЙЫЗ ЖҮЛДЕГЕ ІЛІКТІ |
![]() |
![]() |
![]() |
Жаңалықтар - Халық-хабар |
16.05.2018 17:38 |
Моңғолияның Ұлан-Батыр қаласында самбодан жасөспірімдер, жастар және ересектер арасында өткен Азия чемпионатында Қызылорда облысының құрамасы 10 медаль (5 алтын, 5 күміс) иеленді. Айта кетейік, Сыр елінен барған 10 спортшының барлығы да жүлделі орындарға ие болды. Әйелдер арасында 72 келі салмақта өнер көрсеткен №1 олимпиадалық резерв мектебінен Динара Қодарова, ересектер арасында жоғары спорт шеберлігі мектебінен 74 келіде Ғалымжан Әбдірахманов Азия чемпионы атанып, еліміздің әнұранын шырқатты. Жасөспірімдер арасында қармақшылықтар Дәулет Тұрғанов (48 келі) пен жастар арасында Диана Тілеумұратова (52 келі) және Ж.Баһадүр атындағы облыста спортта дарында балаларға арналған мектеп-интернат оқушысы Абылайхан Жұбаназар (74 келі) жеңіске жетті. №1 олимпиадалық резерв мектебінің спортшылары Бибіхан Нәбиева (48 келі), Аида Файзолла (70 келі) және жалағаштық Арайлым Оразбаева (75 келі), жастар арасында қармақшылық Дамир Әбдеков (62 келі) пен Ж.Баһадүр атындағы облыста спортта дарынды балаларға арналған мектеп-интернат оқушысы Жанерке Қуанышова (80 келі) күміс жүлдені иеленді. Енді спортшылар ағымдағы жылдың қазан айында Тбилиси қаласында (Грузия) жалауын желбірететін жасөспірімдер мен жастар арасындағы жарыста бақ сынамақ. Сондай-ақ, ересектер құрамасы қараша айында Бухарест қаласында (Румыния) өтетін Әлем чемпионатына қатысады. |
<< Бірінші < Алдыңғы 1 2 Келесі > Соңы >>