Өзекті мәселелер

  • 15.11.18

    Сыр елінің серпіні ерекше екенін аймақ тұрғындары да, сырт көз – сыншылар да жиі айтып жүр. Экономикалық даму тұрғысынан кей салаларда сәл шегініс болса, басым бағыттар да жеткілікті. «Жұмыла көтерген жүк жеңіл» екендігін дәлелдеп келе жатқан қызылордалықтар мемлекеттік бағдарламалар аясында біраз шаруасын шалқытып отыр. Әсіресе кәсіпкерлер тарапы жолдауда айтылған тапсырмалар бойынша өз міндет...

    Толығырақ...
  • 15.11.18

     

     

    Берікбол  БАЙХОЖАЕВ,

    ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Қызы...

    Толығырақ...
  • 15.11.18

    «Балама әйелді өзім таңдап алып беремін. Байдың байлығына қызықпаймын, бидің билігіне қызықпаймын, асыл пышақ қап түбінде жатпайды. Келінім ақылды болса, ұлымның елге даңқы кетеді. Би түскендей үй болу – әйелден. Әйелі жақсы болмай ер оңбайды? Ердің бақытын кетіретін де – әйел, ерге бақыт әперетін де – әйел» деп келінін өзі таңдайтынын айтқан Төле бидің Данагүлді қалай жолық­тырып, баласына айт...

    Толығырақ...
  • 15.11.18

    Қытық! Қызылы бар қызық сөз, құмары бар құнды сөз. Мұны солдан оңға қарай оқысаң да – қытық, оңнан солға  қарай  оқысаң да – қытық. Бұрын­ғы қыздардың бетінде қызарып, көз тартып­, көрініп тұрушы еді. Қазір ше? Зәру. Қат дүние. «Бүгінгі күні бүтін махаб­бат бар ма? Әй, қайдам? Сезім шіркін семіп кеткен. Ал қытық байғұс қырық жыл бұрын қайтыс болған» деп гөйітеді баз біреулер. Жо-жоқ, қытық әлі ...

    Толығырақ...
  • 15.11.18

    Бір күні қарап отырмай жеке бизнес жасағым келді. Жұрттың бәрі байып жатыр.­ «Кедей бол» деп менің маңдайыма біреу бормен бадырайтып жазып қоймағ­ан болар. Ауладағы жазғы үйді бұзып, «шындық» сататын дүкен аштым.

    - Әй, балам көп ұзамай тақырға отыра­сың,­ - деп әкем басын шайқады.

    ...
    Толығырақ...
Бейсенбі, 17 Мамыр 2018

Сәрменбаев қала әкімінің орынбасары болды PDF Print Email
Жаңалықтар - Халық-хабар
18.05.2018 10:23

Қала әкімінің өкімімен 2018 жылдың 15 мамырынан бастап, Сәрменбаев Берік Әбдіғаппарұлы қала әкімінің орынбасары қызметіне тағайындалды.
Сәрменбаев Берік Әбдіғаппарұлы 1963 жылы 18 қазанда Қызылорда қаласында дүниеге келген. Жоғары білімді.
1985 жылы Алматы архитектура – құрылыс институтын «Құрылыс инженері» мамандығы бойынша бітірген. 
Еңбек жолын 1985 жылы Қазақ-сауда құрылыс трестінің шебері ретінде бастаған.
1987-1994 жылдары осы мекемеде бас инженер, участке шебері;
1995-1998 жылдары «ШАК» құрылыс басқармасының учаске шебері;
1998-2001 жылдары «Шебер» ЖШС шебері;
2001-2003 жылдары қалалық құрылыс және сәулет бөлімінің жетекші маманы;
2003-2004 жылдары «Механикаландырылған жұмыс басқармасы» ЖАҚ бас директорының орынбасары;
2005-2006 Қызылорда қалалық жер ресурстарын басқару бөлімінің бас маманы;
2006-2007 жылдары қалалық жер қатынастары бөлімінің бас маманы;
2008-2010 жылдары қалалық сәулет және қалақұрылысы бөлімінің басшысы;
2010-2013 жылдары Қызылорда қаласы әкімінің орынбасары, Қармақшы ауданы әкімінің кеңесшісі, орынбасары;
2013-2014 жылдары Шиелі ауданы әкімінің орынбасары;
2014-2016 жылдары «Мұнай Газ Инжиниринг» ЖШС директорының орынбасары;
2016-2017 жылдары Қызылорда қалалық жер қатынастары бөлімінің басшысы;
2017 жылдың шілде айында Қызылжарма ауылдық округінің әкімі лауазымына сайланған.
2017 жылдың 10 қазанынан бастап осы кезге дейін қалалық тұрғын үй коммуналдық шаруашылық және тұрғын үй инспекциясы бөлімінің басшысы қызметін атқарған.

 


Қала әкімі аппаратының басшысы тағайындалды PDF Print Email
Жаңалықтар - Халық-хабар
18.05.2018 10:15

Қала әкімінің өкімімен 2018 жылдың 17 мамырынан бастап, қала әкімі аппаратының басшысы қызметіне Есмаханов Алмасбек Әбілқасымұлы тағайындалды.

Алмасбек Әбілқасымұлы 1982 жылдың 8 қаңтарында Қызылорда қаласында дүниеге келген.

Жоғары білімді.

2005 жылы Қызылорда гуманитарлық университетінде «Қаржы және несие»;

2009 жылы Қазтұтыну одағының Қарағанды экономикалық университетінде «Экономика саласында құқықтық реттеу» мамандықтары бойынша білім алған;

2013 жылы Президент жанындағы мемлекеттік басқару академиясында Мемлекеттік саясаттың ұлттық мектебі және АҚШ-тың Каролина штатының ДЮК университетінде «Саясаттану» мамандықтары бойынша білім алған.

Еңбек жолын 2006-2007 жылдары қалалық экономика және бюджеттік жоспарлау бөлімінің маманы, жетекші маманы;

2007 – 2008 жылдары облыстық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар департаментінің жетекші, бас маманы;

2008 – 2012 жылдары қала әкімі аппаратының ұйымдастыру – инспекторлық бөлімінің бас маманы, бас инспекторы, Тасбөгет кенті әкімінің орынбасары, бөлім басшысы;

2012 – 2014 жылдары Қарауылтөбе ауылдық округінің әкімі;

2014 – 2015 жылдары облыс әкімі аппаратының ұйымдастыру-инспекторлық жұмыс және аймақтық даму бөлімінің бас инспекторы, бөлім басшысы;

2015 жылдан осы кезге дейін Шиелі ауданы әкімінің орынбасары қызметін атқарған.

 


ЕҚДБ ҚЫЗЫЛОРДА ОБЛЫСЫНДА КҮН ЭЛЕКТР СТАНЦИЯСЫНЫҢ ҚҰРЫЛЫСЫ ЖОБАСЫН ҚАРЖЫЛАНДЫРАДЫ PDF Print Email
Жаңалықтар - Халық-хабар
18.05.2018 10:06

«Байқоңыр Солар» ЖШС-нің қуаты 50 мВт электр станциясының құрылысы Еуропалық қайта құру және даму банкі мен Азия даму банкі және Таза технологиялар қорының бірлескен жобасы аясында қоса қаржыландырылатын болады. Жаңартылатын энергия көздері саласындағы халықаралық қаржыландырудың бірінші бірлескен жобасы жыл сайынғы CO2 шығарылуын 75000 тоннаға азайтуға мүмкіндік береді.

Кеше Астанада ҚР Энергетика министрі Қанат Бозымбаев пен Еуропалық қайта құру және даму банкінің бірінші вице-президенті Юрген Ригтеринк арасында күн электр станциясын салу жобасын қолдау туралы келісімге қол қойды.

«Байқоңыр Солар» ЖШС-нің күн электр станциясы Шымкент-Қызылорда автожолынан 1,8 шақырым қашықтықта Шиелі ауданының Сулутөбе мен Бірқазан елді мекендерінің ортасында салынады. Құрылыс алаңының маңында 600 м қашықтықта «ТҚ-6-Қызылорда» және «ТҚ-6-Шиелі-Қызылорда» екі 220 кВ жоғары вольтты электр тарату желісі өтеді. Станция көрші аудандар мен Қызылорда қаласына қызмет көрсететін болады.

Инвестициялар Қызылорда облысында стационарлық күн электр станциясы мен жаңа қосалқы станциясының жобасын әзірлеу, құрылысын салу және пайдалануға беріледі. Жаңа жоба  CO2 газының жыл сайынғы шығарылуын 75000 тоннаға қысқартуға және аймақта қосымша жұмыс орындарын ашып, шетелдік инвестицияларды тартуға мүмкіндік береді.

Айта кетейік, ЕҚДБ Азия даму банкі және Таза технологиялар қорымен бірлесе қуаттылығы 50 мВт күн электр станциясының құрылысын салуға несие береді.  Несие алушы - United Green жеке британдық инвестициялық холдингінің 100 пайыз еншілес компаниясы «Байқоңыр Солар» ЖШС.

Жобаның қаржылық пакеті ЕҚДБ-нің 30 000 АҚШ долларға дейін (теңгемен есептегенде) және Таза технологиялар қорының 10 400 000 АҚШ долларға дейін (доллар мен евромен есептегенде) екі аға несиені қамтиды. АДБ 11 500 000 долларға дейін теңгемен несие бермек. Бұл ЕҚДБ Жаңартылатын қуат көздерін қаржыландыру бағдарламасы аясында мақұлданған бесінші жоба. Осы күнге дейін ЕҚДБ Қазақстан экономикасына 8.7 млрд.АҚШ доллар инвестиция салды.

Облыс әкімінің баспасөз қызметі

 


ЖЕМҚОРЛЫҚ ЖАЙ ҚҰҚЫҚБҰЗУШЫЛЫҚ ЕМЕС! PDF Print Email
Жаңалықтар - Халық-хабар
17.05.2018 16:37

ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл Агенттігінің Қызылорда облысы бойынша департаменті, Қызылорда облыстық ішкі саясат басқармасы және «Самұрық» инновациялық идеяларды дамыту орталығы» қоғамдық қорының ұйымдастыруымен Қызылорда қалалық ауруханасының еңбек ұжымымымен кездесу өтті.

Кездесу барысында Департаменттің бас маманы А.Сәлімжан сыбайлас жемқорлыққа қарсы тұрудағы мемлекеттік саясатының басым бағыттарына, сыбайлас жемқорлықтың алдын алу мен болдырмау шараларына тоқталды және сыбайлас жемқорлық әрекеттерінің зардаптарын түсіндіріп өтті. Сондай-ақ, Агенттіктің бастамасымен қолға алынып жатқан жаңашыл «Қоғамдық бақылау картасы» жобасы және оның негізгі мақсаты туралы түсіндірме берілді.

Сонымен қатар, «Самұрық» инновациялық идеяларды дамыту орталығы» қоғамдық қорының директоры Ж.Тұсмағамбетов, аталмыш қоғамдық қор директорының орынбасары Ж.Алтынбасова тұрғындардың құқықтық сауаттылығын арттыру, құқықбұзушылыққа, қылмыстылық, сыбайлас жемқорлыққа төзбеушілікті қалыптастыру бойынша хабарлама жасады.

Кездесу қорытындысымен қатысушыларға тақырыптық бейнеролик көрсетіліп, қойылған сұрақтарға заң шеңберінде жауаптар берілді.

Департаменттің баспасөз қызметі

 


БАТЫРХАН ШҮКЕНОВТЫҢ БҰҒАН ДЕЙІН ОРЫНДАЛМАҒАН ӘНДЕРІ ЖАРЫҚҚА ШЫҒАДЫ PDF Print Email
Жаңалықтар - Халық-хабар
17.05.2018 16:17

«В нас вселяют любовь» атты Батырхан Шүкеновтың еш жерде орындалмаған 13 әні енген альбом 20 мамыр күні жарыққа шығады. Бұл жайында Б.Шүкенов атындағы "Отан - Ана" атты ІІ республикалық әншілер конкурсы алдында өткен баспасөз конференциясында қор директоры Олжас Байканов мәлімдеді.

Естеріңізге сала кетсек, конкурс Қызылорда қаласында өтуде. "Отан - Ана" конкурсына арналған баспасөз конференциясына Дильназ Ахмадиева, Ринат Гайсин, Рүстем Нұржігіт, Сағынай Абдулин және Ержан Әбдрахманов қатысты.

- Соңғы жылы біз Батырдың жаңа альбомы бойынша жұмыс істеп жатырмыз. Бұл жинаққа бұрын-соңды ешкім естімеген 13 жаңа әуен енеді. Ал, 20 мамыр күні Мәскеуден әндер жинақталған диск жеткізіледі. Бұл жинаққа Қазақстан ғана емес, көптеген елдердің мамандары бірлескен үлкен топ жұмыс істеді, - деді Олжас Байканов.

Сонымен қатар, Батырхан Шүкеновпен тығыз әріптестік жұмыс істеген композитор Ринат Гайсин әншінің тағы да бірнеше әнін өңдеп, жаңартып шығаратынын жеткізді.

- Біз ұзақ уақыт бірлесіп жұмыс жүргіздік. Мен Батырға арнап бірнеше ән шығардым. Мәселен, бүгінгі конкурста оған арнап жазған "Астана" әні орындалады. Конкурс аяқталған соң, мен Прагаға барып, студия архивінде сақтаулы Батырдың бірнеше әнін жаңартып, қайтадан өңдеймін. Қандай ән екенін әзірге айтпаймын, құпия болып қала берсін, - деді Ринат Гайсин.

Естеріңізге сала кетсек, Қызылордада 16-18 мамыр күндері облыс әкімдігінің қолдауымен Б.Шүкенов атындағы "Отан - Ана" атты ІІ республикалық әншілер конкурсы өтуде.

Оған еліміздің барлық өңірлерінен және Өзбекстан мемлекетінен 25 орындаушы қатысуда.

Конкурс талабы бойынша, қатысушылар 2 ән орындайды, оның бірі Батырхан Шүкеновтың репертуарынан болуы керек.

Өңірлік коммуникациялар қызметі

 


«Сыбайлас жемқорлыққа төзбеушілік – тұрақтылық пен бірліктің кепілі» PDF Print Email
Жаңалықтар - Халық-хабар
17.05.2018 16:12

Қазақстан Республикасының Мемлекеттік қызмет істері және жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Қызылорда облысы бойынша департаментімен «Сыбайлас жемқорлыққа төзбеушілік - тұрақтылық пен бірліктің кепілі» тақырыбында дөңгелек үстел өткізілді. Оның жұмысына этномәдени бірлестіктерінің өкілдері және жоғары оқу орындарының студенттері қатысты.

Дөңгелек үстел отырысын Департамент басшысының міндетін атқарушы Б.Байхожаев ашып, іс-шарада департаменттің сыбайлас жемқорлыққа қарсы профилактика басқармасының бас маманы А.Сәлімжан, «Русская община Казахстана» қоғамдық бірлестігінің облыстық филиал басшысы Толоконников Владимир Петрович және облыстық татар этномәдени бірлестігінің басшысы Гизатуллина Галия Камилевна хабарламалар жасады.

Дөңгелек үстелдің қатысушыларымен сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жасауда уақыт талабына сәйкес қоғамның барлық өкілдері қатысуы маңызды екендігі аталып өтілді және осы бағытта барлық этномәдени бірлестіктерінің күшін біріктіру арқылы жемқорлыққа қарсы шаралар жүргізу қажеттілігі айтылды.

Сондай-ақ, Қазақстан Республикасының мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл Агенттігі мен Қазақстан халқы Ассамблеясы хатшылығы арасында сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыруға бағытталған іс-шаралар жүйелі түрде жүзеге асырылуда.

Қазақстан Республикасының мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл Агенттігінің Қызылорда облысы бойынша департаменті мен Қызылорда облысы Қазақстан халқы Ассамблеясы хатшылығы арасында сыбайлас жемқорлықтың алдын алуға арналған бірлескен іс-шаралар жоспарына сәйкес, Қазақстан халқы Ассамблеясы өкілдерінің еліміздің сыбайлас жемқорлыққа қарсы саясаты туралы әлеуметтік сұхбаттары әлеуметтік желілерде кеңінен орналастырылып, әлеуметтік сауалнамалар жүргізіліп, бұқаралық ақпарат құралдарында мақалалар жарияланып, кездесулер мен семинарлар өткізілуде.

Департаменттің  баспасөз  қызметі

 


Таудай табыс – тәубеден PDF Print Email
Жаңалықтар - Халық-хабар
17.05.2018 14:45

Бір досымның «Өмір болған соң қуаныш пен қайғы қатар жүретіні белгілі. Осындай сәтте халқымыздың «Қуаныш бөліссең, көбейеді. Қайғы бөліссе, азаяды» деген даналық сөзі еске түседі. Осынау қағиданы жомарт жанды қазекеңнің берік тұтынатынына талас жоқ. Десе де, той немесе қазалы кезде жалған намыстың жетегінде кетіп, артық соғып жататын тұсымыздың барын несіне жасырамыз?! Әрі «бұл ата-баба салты деп» бүркемелеуге тырысамыз. Бәлкім, менің түсінігім қате де шығар. Қарапайым тіршілік кешкен соң көп нәрсені өзімше қабылдайтын да болармын. Сонда да көкейдегі пікірімді айта кетсем» деп тебірене толғағаны бар. Оның айтуынша, мұнан жарты ғасыр бұрын небары он сегізге қадам басқан ең үлкен ағасы дүниеден озыпты. Менің досым ол кезде мектеп табалдырығын жаңа аттаған ойын баласы екен. Қайғыдан аһ ұрған қазалы үй боздағын ақтық сапарға аттандырып салуға кірісетіні мәлім. Сол жолы да осылай болыпты. Азасына ірі қара сойылып, дастарқан жайылыпты. Алайда қазаға көңіл айта келгендер (марқұмды қыршын десе керек) дәмнен ауыз тигені болмаса, жарытып ас ішпепті. Міні бұзылмай, сол қалпында кері қайтқан табақ-табақ былқып піскен семіз жылқы етін ауыл іргесіндегі көлге төгуге тура келіпті. Әрі ас-ауқат өлік шыққан үйде емес (қазалы үйде қан тұрады деген ұғым сынды), көршілердің отбасында дайындалыпты. Ал қазір ше?! «Той мен қазаға жайылатын дастарқан мәзірінің айырмашылығы азғантай. Аста-төк дастарқан, қазаның өзін той ма деп қаласың» деп мұңайған-ды. Өзі айтқандай, жеке көлігімен адам тасып, адал еңбегімен отбасын асырап жүрген құрдасымның сол әңгімесі көпке дейін есімнен кетпей қойды. Дардай отағасының мұңды кейпі қазір де көз алдымда тұр.

Дәл осы тектес әңгіме күні кеше Қазалыда көрініс тапты. Аудан әкімінің орынбасары Әлімжан Жарылқағанов төрағалық жасаған «Салт-дәстүр мен діни рәсімдер сабақтастығы» тақырыбындағы аудандық діни-танымдық семинарға ардагерлер, әйелдер кеңесі бастауыш ұйымдарының жетекшілері, ардагерлер, мешіт имамдары, үкіметтік емес ұйымдар, БАҚ өкілдері қатысты. Аса тартымды өткен, көпшілікке ғибрат болатындай семинарда Әлімжан Мұратбайұлының өз пікірін нақты, құнды деректермен әрлеп, шебер тілде жеткізіп , баяндамашылардың аса қажетті мағлұматтарды ұғынықты ұсынуы, шараның дәл уақытында басталып, белгіленген мерзімде аяқталуы көпшіліктің ішін жылытқанын атап кеткен жөн.

Қазалы ауданының құрметті азаматы, аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Оразғали Бекбанов өзінің баяндамасында жомарттық пен ысырапшылдықтың бір-біріне мүлде кереғар дүние екендігін, ұрпағына тал бесіктен бастап тәрбие берген, батырларын жыр қылған, адалдықты нәр қылған, атастырып жар қылған, үлкенді тыңдап, ата-анасын сыйлап, туған жерін жаудан қорғап, дін мен дәстүрді даналықпен үйлестіріп, өнегелі өмір сүрген халқымыздың салт-дәстүрі кейінгі ұрпаққа бұлжымас заң дей келе, қазіргі таңда қоғам өмірінде зинақорлық, нашақорлық, алдау-арбау, жемқорлық, әке-анасын қарттар үйіне, балаларын жетімханаға өткізу, тіпті бауыр еті перзентін сату тәрізді санаға сыймайтын жексұрын әрекеттің кездесетініне алаңдаушылық білдірді. Абыз ақсақалдың «Жанқожа бабамыздың мазары Өзбекстан мен Қазақстан арасындағы шекара аймағын анық белгілеп тұр. Батыр атамыздың мәңгілік мекені бізге бабалар қанын төгіп қорғаған құт мекеніміздің, туған жеріміздің тұтастығын сақтауды, қадірін білуді аманаттағандай сезіледі» деуі жанымызды тебірентті.

Танымал ұстаз, ғалым Шарафадин Алтынбайұлының сөзіне көпшілік аса қызығушылықпен көңіл бөлді. «Ысырап түбі – кепиет» деген тақырыбының өзі естігенді елең еткізердей баяндаманы жасауға байырғы ұстаз, Қазақстан Журналистер одағының мүшесі Шәкең ағамыздың көп ізденгені байқалып тұрды. Айтар ойын Құран кәрімнің Меккеде түскен беташар сүресі «Фатиха» мен іле-шала Мәдинада түскен «Бақара» сүресінің аяттарымен бастаған себебін жұртшылықтың жетесіне жеткізе ұғындырған кәнігі шешен «қонақжай халық» дегенге басымыз айналып, Алладан қорқудың орнына жаназа дастарқанын жасаудың өзінде де әлдекімдермен бәсекеге түсіп, «қалып қоюдан ұялып», ұрпақтарымызға «ысырап» деген сөздің мағынасын түсіндіре алмаудан зардап шегіп, тығырыққа айналған «қазаққа» айналдық деп қынжылды. Шарафадин Алтынбайұлының «Жуырда бір көршім дүниеден озды. Сол рудың үлкені «4-5 аталығымыз бар. Тақырдан бөлек әр атаға шапан мен 10 мың теңгеден бересің» деп, оны жандайшап інілері қоштап, мазаны алды. Ал марқұмның көзі тірісінде малға деп алған талқан жемді суырып, ішіндегі күріштің сағын көже етіп ішіп отыратынын күнде көретін мен ара түстім. Алайда әлгі адамдар дегеннен қайтпады» дегеніне көпшілік қосыла мұңайды.

«Дәстүр сабақтастығы немесе бүгінгі күннің ынсабы мен ысырабы» тақырыбында баяндама жасаған «Жанқожа батыр» мешітінің бас имамы Берік Сүлейменов бауырымыз өзінің дана Абайдың қара сөздерін жақсы білетінін, дүние танымының кеңдігін байқатты. «Құнанбай қажының баласы Абай байлығына масаттанып, асып-тасып кеткен жоқ. Шыңғыстаудың етегін тұтас жапқан малы болса да, рухани байлыққа татымайтындығын ұқты. «Патша Құдай, сыйындым тура баста бір өзіңе» деп өмірін дін жолына арнады. Дәстүрді берік ұстанды. Адалдықтан айнымады. Жаратқан иеміз Жәбірейіл (ғ.с) арқылы түсірген Құранында: «Және де ысырап етпеңдер! Расында, Ол (Алла) ысырап етушілерді жақсы көрмейді» деп («Әнғам» сүресі, 114-аят) деп қатаң ескерткен. Осыдан кейін Тәңірдің ризашылығына бөленгісі келетін жан болса ойлана жатар» деген имам лебізі шынымен де баршаға ой тастағандай.

«Қожаназар ишан» мешітінің имамы Кенжебай Берінбаев қатысушыларды жаназа, құдай жолына берілген ас мәзірімен таныстырып, залдан түскен пікірлер тыңдалды. Семинарды Қазалы ауданы әкімінің орынбасары Әлімжан Жарылқағанов қорытындылады.

Жұмабек  Табынбаев,

Қазалы  ауданы

 


Табыстың тілін тапқан PDF Print Email
Жаңалықтар - Халық-хабар
17.05.2018 14:19

Бүгінгі таныстыратын кәсіпкеріміз де – Сырдария ауданы Асқар Тоқмағамбетов ауылының тұрғыны. Рашид Ысқақов 2012 жылдан бері «Мырзабек» шаруа қожалығын құрып, кәсібін өрістетуде. Ең алғаш малды асылдандыру бағытында жұмыс жасауға «Агро несие» корпорациясынан 10 млн. теңге несие алады. Оған қыстау сатып алады, басқа өңірлерден асыл тұқымды ірі қара мал әкеледі.

«Біз асылдандырумен айналыстық. Асыл тұқымды бұқаларды Орал, Ақтөбе қалаларынан, Арал жақтан алып келдік. Міне, 7 жылдан бері асылдандыру жұмысымен айналысып жатырмыз. Нәтижесін көргеніміз, біздің төлдеріміздің бұрынғыдай емес, түр-тұлғасы жақсаруда. Малды асылдандырмай нәтиже күту қиын. Мәселен, 1 жастағы өгізшені асылдандырсақ, 150-160 килоға дейін ет беріп отыр. Бұл бағдарлама бізге үлкен көмек көрсетті», - дейді кәсіпкер.

Табыстың тілін тапқанның және ерінбей еңбек еткеннің берекесі еселене түседі демекші, Рашид Ысқақов өзінің еңбекқорлығының арқасында егін егумен де, мал шаруашылығымен де айналысады. Өткен жылы 5 шаруашылық қосылып, «Береке» атты ауыл шаруашылық кооперативін құрады. Әр шаруашылық қолында бар малы мен техникасын біріктіріп, мемлекеттік бағдарлама аясында «Қызылорда» өңірлік инвестициялық орталығынан 14 млн. теңге несие алды. Қаржы институтына құжаттарын әзірлеуде Кәсіпкерлер палатасының Сырдария аудандық филиалы мамандары жобасын сүйемелдеп, жан-жақты қолдау көрсеткен.

«Мұның да үлкен нәтижесін көрдік. 14 млн. теңге несие алып, шөп тайлағыш, оның шөп орғышын, тырмасын алдық. Соның арқасында ешкімге тәуелді емеспіз. Малға қажетті шөпті өзіміз әзірлеудеміз. Одан бөтен күріш егумен де айналысып жатырмыз. Оған да мемлекеттік қолдау бар. Жалпы, бизнесті бастау үшін оның негізін, экономикалық тиімділігін түсіну керек», - дейді «Игілік-Береке» ауыл шаруашылығы кооперативінің төрағасы Рашид Ысқақов.

Мал тұқымын асылдандырумен және малды бордақылаумен айналысатын кәсіпкердің ендігі жоспары - құс шаруашылығымен айналысу. Ол үшін жер дайындап, қорасын да салып қойды. Енді қажетті құрал-саймандарын алып келіп, іске қосу, мал соятын алаң ашу да ойында бар. «Сол кезде 20-ға жуық адамды жұмыспен қамтимын» дейді кәсіпкер.

Айта кету керек, осы жылдың 4 айының өзінде сырдариялық 67 азамат Палатаның аудандық филиалынан сервистік қызмет алып, 340 жеке тұлғаға 680 кеңес берілген.

Қызылорда облысы

кәсіпкерлер палатасының баспасөз қызметі

 


Күліп келген ҚАРЫЗ жылатып жүрмесін PDF Print Email
Жаңалықтар - Саясат
17.05.2018 12:44

Қарыз түнде – қайғы, күндіз – қорлық. Қазір жұрт заманауи мақалға айналдырып алған тағы бір тәмсіл бар: Досыңды да, ақшаңды да жоғалтқың келсе, қарыз бер. Осыдан-ақ қоғамдағы, адамдар арасындағы қарыздың құны қаншалықты екенін бағамдай беріңіз. Бастапқыда басымызға іс түсіп, қиыншылыққа кезіккенде жұрттан қарыз сұрай бастаймыз. Сосын рақымшылық жасағанға рақмет айтамыз да, қарыздың көмегімен ойдағы істі орындап аламыз. Бұл бір көңіл жайланып, жан дүниеміз рақатқа бөленетін кез делік. Аз ғана уақыт. Тіпті бір мезет болуы да мүмкін. Мұнан кейін ше? Қарызды қайтаруға қауқарымыз жетсе, жақсы. Ал жетпесе, төлем мезгілі жақындаған сайын әзірейілдің келер күнін білетіндей тыпырши түсеміз. Таппасақ, тап бір жардан жығылардай баз кешеміз. Осылайша күліп келген қарыз қайтқанда  «жылайды».

Енді қарыз алу деңгейін жо­ғары көтеріп көрейік. Мәселен, мемлекеттер арасында. Жуырда «Қазақ елінің сыртқы қарызы 2018  жылдың  наурыз  айында 14,8 триллион теңгеге жетті» деп хабарлады Абай.kz. 14,8 триллион теңге. Миллиондар мен мил­лиард­тардан асып, тіліміз күрмелетін, жайшылықта сөз ете қоймайтын триллион теңгені тілге тиек етіп отырмыз. Осындай мол қаржыны қазақ қашан болмасын төлеуі тиіс. Өйткені, ол қаражат елдің мүддесі үшін жұмсалды. Экономист мамандар әлемде да­мыға­н мемлекеттердің өзі қа­рыз алатынын айтып жүр. Тіпті сырт­қы қарызы көп елдердің кө­шін бастайды екен олар. Демек, сырт­қы қарыз елдің бай немесе кедей екендігін білдірмейді. Бұл – сала мамандарының түсіндірмесі. Осы орайда Қазақстанның сыртқы қарызы ел экономикасына әсер етпей ме деген күдік һәм қауіп туары сөзсіз. Еліміздің экономикасы мұнай-газ саласына мұқ­таж. Мұнай арзандаса, ертеңіміз не болмақ? Ресми деректерге сүйенсек, Қазақстанның қарызы 20,9 пайызға өскен. Тарқатайық.

Елдің мемлекеттік қарызының жиынтығы: мемлекеттік қарыз – 14,3 триллион теңге (бір жылда 20,1 пайызға артқан), кепілден­дірілген  мемлекеттік қарыз – 428,5 миллиард теңге (59,4 пайыз­ға  өскен) және мемлекет кепіл­дігімен алынған қарыз – 37,8 миллиард  теңге.

Сонымен қатар, мемлекеттік қарыздың өсуіне негізгі себеп – ҚР үкіметінің ішкі қарызы (салыс­тыр­малы  үлесі – 39,5 пайыз). Бір жылда ол  30,9 пайызға өскен – 4,4-тен 5,7 триллион теңгеге дейін. Ал сыртқ­ы қарыз айтарлықтай өзгермеген – 0,1 пайыз немесе 5 мил­лиард теңге. Соңғы бес жылда мемлекеттік  қарыз 3,7 есе (10,8 триллион теңге) артқан – 4-тен 14,8 триллион  теңгеге  дейін.

Қарызға қызмет көрсетуге 2018  жылдың  алғашқы  тоқсанын­да 156,7 миллиард теңге  бөлінді, бұл былтырғы көрсеткішпен са­лыстырғанда  21  пайызға артық (129,5  миллиард  теңге  болған).

Сонымен  қатар, мемлекеттік бюджеттің  жалпы  шығыны – 2,4 триллион теңге (бір жылда 13,5 пайызға артқан). Қарызға қызмет көрсету шығыны – 6,5 па­йыз (былтыр 6,1 пайыз болатын).

Соңғы бес жылда мемлекеттік қарызға қызмет көрсету 3,5 есе (328,4 миллиард теңге) артқан, 130,5-тен 458,9 миллиард теңгеге дейін.

«Қарызды мен алған жоқпын, төлеуге де негіз жоқ» деп өзімшіл­дікке салынбаңыз. Қазақстан – ортақ үйіміз. Демек, ортақ үйдің мәселесі де ортақ. Тек Үкіметтің ғана емес, барлық қазақстандықтардың мойнындағы қарыз. 2018 жылдың 1 қаңтарынан мем­лекеттік борыш 13,5 трлн теңгені (40,6 млрд АҚШ доллары) немесе жалпы ішкі өнімнің 26 пайызын құраған. Екі айдан кейін ол сома 14,8 триллион теңгеге жетіп жығыл­ған. Мұнан берешегіміз күн санап өспесе, кеміп жатпағанын бағамдаған боларсыз? Ел дамуы, мемлекет құлпыруы жолында жұмсадық дейміз. Десек те кезінде күліп алған қарызымыз қайтарда жылатпаса болды...

ТОЛҚЫН

 


ПЕДАГОГ ЕРЛЕР НЕГЕ АЗ? PDF Print Email
Жаңалықтар - Мәселенің мәнісі
17.05.2018 12:37

“Ортаға  біліміңмен  емес, мінезіңмен  сиясың” деді хәкім Абай. Иә, алып-қосарымыз жоқ. Ал, әлем­нің екінші ұстазы Әл-Фараби “Тәрбиесіз берілген білім – адамзаттың  хас  жауы” дегенді  айтқан. Көрдіңіз бе, білім  беру  үшін әуелі тәрбие, тәртіп керек.­ Тиісінше, қанша  жерден  білімді  болсаңыз да, ұжымда  ұзақ  тұрақтай  алмауыңыз  мүмкін. Мәселе  мынада. Бөтен ортаға келгенде біліктілігіңіз ұжымдағы жандар­дың назарына ілігеді. Риза болып, қолдау көрсететіндер көп болса, қызғаныштан қанжарын қайрай  жүретіндер  де  табылады. Сөз басында ұлылар  ұлағатынан  теріп, мінез, тәрбие жайында бостан-босқа­ жазбаған едік.

Осыдан жүз жыл бұрын ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлы “Баланы ұлша тәрбиелесең, ұл болмақшы, құлша тәрбиелесең, құл болмақшы” деп еді. Бағанадан  бері  турасына тартпай, астар сөзбен айналсоқтап отырғанымыз осы. Сіз­діңше, әйел мұғалім ұлды ұлша тәрбиелей ала ма? Білім  бәсекесінде ер-азаматтардың орны, рөлі біліне ме?  Осы  және  өзге  де  бірқатар  сұрақтарға  жауап алу  мақсатында  аз-кем  ізденіп  көрген  едік.

Бірден айтайық, бұл жария­ға жар салып жалғыз біз ашып отырған жаңалық емес. Яғни, кейінгі жылдары сан мәрте сыналып жүрген білім сала­сын­да бар мәселе. Мектептегі мұға­лімдердің көбі қыз-келін­шек­тер болуы бала психология­сына, оның тұлға болып қалып­тасуына кері ықпалын тигізуі мүмкін екенін жоққа шығара алмаймыз. Әрине, бұл әйел-ана балаға нашар тәрбие береді деген сөз емес. Қазақтың әйел­дері ұрпағының тәрбиесіне тал­бесіктен мән береді емес пе? Десе де, нағыз қайсарлықты, қиындыққа мойымай, нар көтерер жүкті еңсеруді ұл бала жаны нәзік әйелден емес, ерге тән болмысы бар әкеден үйрен­се, дұрыс болар еді. Мектепте ер мұғалімдерді көбейту керек деуіміздің мәнісі осында.

Ер мұғалімдердің мектепте жетіспеу мәселесі 60-70-жыл­дары Түркияда байқалған екен. Сонда мемлекет тарапынан бағдарлама жасалып, ерлерді мектепке тарту мәселесін ал­дыңғы кезекке қойған. Олар “ер мұғалімдердің аздығынан ер балаларымыз жібектей сызы­лып, қыз мінездес болып бара­ды, қыздарымыз еркекшора­лыққа бой алдырды, ұсақ бұза­қылық, сөзге тұрмаушылық, сатқындық, жалған сөйлеу оқу­шылар арасында білінуде” деп мәселе көтерді. Сондықтан мек­теп ұстаздарының тең жартысын ер мұғалім етуді қолға алып, екі-үш жыл ішінде дегендеріне жет­ті. Мұны мамандар білмей отыр­ған жоқ. Біздегі психологтар бұл беталысымыз ұлтымыздың ертеңі үшін қауіпті деп сан мәрте айтып жүр. 2011 жылғы мәлімет бойынша елімізде 222 929 әйел мұғалім, 52 726 ер мұғалім бо­лыпты. Ер-азаматтарымыз­дың көбіне дене шынықтырудан, алғашқы әскери дайындық пәнінен сабақ беретіні, өзге негізгі сабақтардың денін әйел­дер жүргізетіні де жасырын емес. Бүгінде облыс бойынша 20466 педагог болса, оның 17599-ы – әйел, 2867-сі ер мұғалім екен. Сондай-ақ, Қызылорда қала­сын­да бар-жоғы 200 ғана ер мұғалім жұмыс істесе, 6000-ға жуық қыз-келіншектер бар. Әрине, бұл статистика арқылы дабыл қағып, жігіттерімізге орасан қауіп төн­діруде дегіміз келмейді. Бір біле­ріміз бұл жыл өткен сайын маңызы артып келе жатқан, мемлекет дер кезінде араласып, шешімін  шығармаса,  болашақта жанымызды жегідей жейтін мәселе  болуы  мүмкін.

“Ер-азамат – қашаннан да отбасының тірегі. Ендеше, оның тапқан табысы отбасын асырай алатын дәрежеде болмай, білім саласына келеді деу ертегі тың­дағанмен бір­дей”. Бұл – әлеу­меттік желідегі қаптаған пікір­лердің бірі. Демек, ер мұғалім­дердің санын арттыру үшін жалақы жоғары болуы керек секілді. Оның үстіне қағазбас­тылықтан басын аулақ салғысы келетін адамдар да педагог ауылына жақын-жуық жүруден қашқақтайды. Жалақысы мар­дымсыз, жұмы­сы көп, қағаз­бас­тылық басым жұмысқа ер адам­дардың бара қоюы екіталай. Бұл мәселенің облыстық, рес­публикалық басылымдарда  сан мәрте көте­рілгеніне қарамас­тан мүлде нәтиже жоқ деуге болады. “Мектепке ер мұғалім­дер ауадай қажет” дегенді әйел педагогтердің өздері де айтып жүр. Әріге бармай-ақ, кешегі кеңестік білім беру жүйесінде мектеп директорларының ілуде біреуі ғана нәзікжанды болып, көпшілігі ер мұғалімдер бол­ға­ны шындық. Ал, қазір жағдай мүлде басқаша.

Қорыта айтқанда, мектепте ер мұғалімдердің салмағы бар екендігі айқын көрініс тауып отыр. Оқушы білімді ағайсыз да игеріп, жақсы маман болады. Ол рас. Ал, сіз қалай ойлайсыз, ойлы оқырман?

Рыскелді  СӘРСЕНҰЛЫ

 



<< Бірінші < Алдыңғы 1 2 Келесі > Соңы >>

Күнтізбе

< Мамыр 2018 >
  1 2 3 4 5 6
7 8 9 10 11 12 13
14 15 16 18 19 20
21 22 23 24 25 26 27
28 29 30 31      

Сауалнама

Аса мәртебелі шенеуніктердің қылмысқа шатылып жатқандығы нені аңғартады?
 

Ауа райы

Валюта бағамы

Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі валюталардың ресми бағамдары