Оқырманнан хат
Келіп кету есептегіші








![]() | Бүгін | 104 |
![]() | Кеше | 1631 |
![]() | Осы аптада | 10283 |
![]() | Өткен аптада | 15302 |
![]() | Осы айда | 45773 |
![]() | Өткен айда | 52979 |
![]() | Бәрі | 3582793 |
ЖЕМҚОРЛЫҚПЕН КҮРЕС – ЕЛ ДАМУЫНА ҮЛЕС |
![]() |
![]() |
![]() |
Жаңалықтар - Құқық құрығы |
24.05.2018 11:47 |
Сыбайлас жемқорлық – қоғамның жегі құрты. Онымен күрес барлық уақытта да маңыздылығын жолғалтпаған. Соңғы кезде қанатының кең жайылып кетуінен қауіптенген еліміз оның тамырына балта шабу үшін жаңа стратегиялар қабылдап, үзіліссіз күрес жүргізіп келеді. Тіпті 2017 жылы Елбасына «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл туралы Ұлттық баяндамасы» ұсынылған болатын. Онда әлеуметтік зерттеу қорытындылары, сыбайлас жемқорлықтың көріністерін төмендетуге қол жеткізу үшін жасалынған ұсынымдар мен жемқорлыққа қарсы саясат көрсетілген.
Әрине, арынан гөрі ақшаны артық көріп, абыройсыздыққа ұшырағандар жауапқа тартылды, сотталды. Бірінің мүлкі тәркіленіп, қызметінен қуылса, екіншісі өмір бойына атқарған қызметіне қайта оралмайтын жазаға тартылып жатыр. Алайда сыбайлас жемқорлықтың тек салдарымен күресу мәселенің шешімін табады дегенге саймайды. Әйтпесе, осы уақытқа дейін сотты болған министр мен басшылардан кейін-ақ бәрі керемет болып кетер еді. Сондықтан оның алдын алумен күресуді мақсат тұтқан жөн. Елбасына ұсынылған баяндамада да ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігімен 340 мемлекеттік орган мен ұйымдардың қызметіне барлығы 3028 ұсыныс жасалынған. Қазіргі таңда оның 2837-сі, яғни 94 пайызы орындалған. Бұл ұсыныстардың негізгі бөлігі азаматтар мен кәсіпкерлердің құқықтарын қорғауға және жүзеге асыруға, жемқорлық бойынша алдыңғы қатарда тұрған білім, денсаулық салаларын жақсартуға бағытталған. Мысалы, баяндамада көрсетілген ұсыныстардың біріне Астана қаласындағы пилоттық режимде автоматтандырылған жүйені жатқызуға болады. Бұл бойынша ата-ана үйден шықпай-ақ балабақшаны таңдап, жолдама алу мүмкіндігіне ие болмақ. Алдағы уақытта бұл жаңашыл бастама республиканың барлық қалаларында жүзеге асырылады деп жоспарлануда. Мектепке дейінгі ұйымдарды қаржыландыру жүйесі де қайта қаралған. Өздеріңіз білесіздер, күні бүгінге дейін бірнеше балабақшаның меңгерушілері мен есепшілері сыбайлас жемқорлық әрекеттері үшін қылмыстық жауапкершілікке тартылған әрі бұл туралы газетіміздің өткен сандарында да жазылған болатын. Сондықтан осындай олқылықтың орнын толтыру үшін мемлекет енді бюджет қаражатын балабақшаға емес, студент шәкіртақысына ұқсас баланың есебіне аударуды көздеп отыр. Ал мектептерде «Бұлтты бухгалтерия» жүйесі 2017 жылы енгізіліп, ағымдағы жылы толығымен аяқталмақшы. Күнделікті өмірде балтырымыз сыздап, басымыз ауырса, бағасы шарықтап кеткен дәрі-дәрмекке де алдағы уақытта ортақ баға қойылып, ол мемлекеттік бақылауға алынбақшы. Сондай-ақ, дәрілік заттар мен медициналық мақсаттағы бұйымдарды электронды сатып алуға біртіндеп көшетін боламыз. Қандай керемет бастама! Енді халықты қанап, бағасын асыра сілтеп сататын дәріханалар айласын асыра алмайды деп сенеміз. Сыбайлас жемқорлық фактілерін азайту мақсатында Әдеп жөніндегі уәкілдердің де құрылғаны белгілі. Қоғамдағы қауіпті індетті осы уәкілдер арқылы сәл де болса азайту – бұл бағытта атқарылған шаралардың бірі ғана. Бір оқығанға «уәкіл деген кім?» деуіңіз мүмкін. Айта кетейік, уәкіл – қарамағындағы мемлекеттік қызметкерді ұдайы назарында ұстайтын жауапты мемлекеттік қызметкер. «Әй осы бала бір пәлеге ұрынайын деп жүр-ау» деп, сыбайлас жемқорлық тәуекелдеріне барғалы тұрған азаматты бұл індеттен сақтайтын адам. Қабылдауына шақырып, жеке сөйлесіп, жасағалы тұрған ісінің арты жақсы болмайтынын ескертіп, жөнге салатын жан. Қарап отырсаң, тәп-тәуір бастама. Бұл бойынша біздің облыста да атқарылған жұмыстар көп. Қызылорда облысы әкімі аппаратының Әдеп жөніндегі уәкілі Б.Ідірісов соңғы кезде уәкілдер көмегіне жүгінген қызметкерлердің қатары артқанын да айтқан болатын. Қазақстан бүгінгі күні сапалы білім беруді қалыптастыруға ұмтылып келеді. Қыруар қаржының бұл салға бөлінуі де тектен-текке емес. Өйткені білімді ұрпақ – ел ертеңі әрі мемлекеттің бәсекеге қабілеттілігін арттыратын болашағымыз. Алайда сыбайлас жемқорлық нақ осы салада бәсеңдемей тұрғаны жасырын емес. Әсіресе, ұлттық баяндамадағы мәліметтерге сүйенсек, оқытушылардың заңсыз сыйақыларының мөлшері жалақыларының 20 пайызын құрайды екен. Сондай-ақ, Ақтөбе, Алматы және Оңтүстік Қазақстан облыстық білім саласындағы бақылау департаменттерінің басшылары қылмыстық жауапкершілікке тартылғаны тағы бар. Оған өткен жылы ғана пара алу сәтінде қолға түскен Қызылорда облысының білім саласындағы бақылау департаментінің басшысы Р.Чагайдың әрекетін қосыңыз. Естеріңізде болса, ол 2017 жылы қаламыздағы жеке колледждің өкілі Б.Әбутәліповтен білім мекемесінің лицензиясын тоқтатпау үшін 300 мың теңге пара алып жатқан сәтінде ұсталған еді. Осыдан кейін бұл салаға жаңадан тағайындалған басшы Е.Қарабалаев ағымдағы жылдың сәуір айында өткен Әдеп кеңесінде ҚР Білім және ғылым министрлігіне арнайы ұсыныс жібергендігі жөнінде баяндама жасады. Ол ұсыныс бойынша лицензияны уақытша тоқтату не ұзарту туралы шешімді облыстық білім саласындағы бақылау департаменті басшысының жалғыз өзіне беру сыбайлас жемқорлық тәуекелдеріне әкеліп соқтыруы мүмкіндігі айтылып, бұл жүйені өзгерту қажеттілігін алға тартқан болатын. Ұсынылатын ұсынымның міндетті түрде орындалуы әрі орындалатындай ұсыным болуы керектігін ескерсек, алдағы уақытта білім саласындағы жемқорлық азаяды деп үміттенуге болады. Ұлттық баяндама көрсеткіштері мен өңіріміздегі сыбайлас жемқорлық жағдайы бойынша жақында БАҚ өкілдеріне брифинг берген ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Қызылорда облысы бойынша департаменті басшысының міндетін атқарушы Б.Байхожаев арнайы жүргізілген сауалнама Қазақстанда жемқорлық деңгейінің төмендегенін көрсеткенін мәлімдеді. – Мәселен, мемлекеттің сыбайлас жемқорлыққа қарсы саясатына сенім деңгейі 2015 жылы 57,9% (2013 жылы - 52% болған) болса, бұл көрсеткіш 2017 жылы 73,4 пайызға өскен. Зерттеу қорытындысына сәйкес, азаматтардың басым көпшілігі, яғни 81,4%-ы сыбайлас жемқорлыққа жағымсыз қараса, сауалнамаға жауап берушілердің 55,5%-ы бұл індеттің деңгейін төмендетуде өзінің жеке үлесін қосуға дайын екендігін білдірген, - деді Б.Байхожаев. Сонымен қатар, республика бойынша арнайы жүргізілген сауалнаманың нәтижесінде Павлодар, Қызылорда және Солтүстік Қазақстан облыстарының тұрғындары сыбайлас жемқорлықпен күресу мәселелерінде қолдау көрсетуге барынша дайындығын білдірген көрінеді. Ал, Transparency International үкіметтік емес халықаралық ұйымының рейтингісінде Қазақстан жемқорлықпен күрес жүргізуде 9 сатыға көтеріліп, бүгінде әлем бойынша 122-орынды иеленгенін бұған дейін айтып жүрміз. Алайда бұнымен ел экономикасының дамуына қатер төндіріп, іргесін сөгетін, қарапайым халықтың мемлекеттік қызметке деген сенімін төмендететін сыбайлас жемқорлықпен күрес тоқтап қалмақ емес. Бұдан кейін де халықтың әл-ауқатын жақсарта түсу жолында нақты іс-шаралар атқарылып, жүйелі жұмыстар жүргізіледі деп сенеміз. Жансая ЕЛУБАЙҚЫЗЫ |
СЫР ЕЛІ ПЕРЗЕНТІН ҰЛЫҚТАДЫ |
![]() |
![]() |
![]() |
Жаңалықтар - Арнайы беттер |
24.05.2018 11:37 |
Қашанда таланттыларды тасада қалдырмаған қазақ тағы бір өнерлі ұлын ұлықтады. Сыр елі ҚР Еңбек сіңірген қайраткері, әнші, композитор Батырхан Шөкеновті еске алуға арналған ауқымды шара ұйымдастырды. Бұл жолғы сән-салтанат пен халық құрметі айрықша есте қалды. Себебі кейбір сарсаңға салатын «көпсөзді» жиынға барудан шаршаған жұртшылық көңілді концертке келіп, рухани демалыс алғандай еді. Батырхан Шөкенов атындағы «Отан-Ана» ІІ республикалық әншілер конкурсы Д.Ахмадиева, Р.Гайсин, Е.Шакеев, О.Байконов, Е.Әбдрахманов сынды майталмандардың қатысуымен БАҚ өкілдеріне брифинг беруімен басталды.
- Соңғы жылы біз Батырдың жаңа альбомы бойынша жұмыс істеп жатырмыз. Бұл жинаққа бұрын-соңды ешкім естімеген 13 жаңа әуен енді. Ал, 20 мамыр күні Мәскеуден әндер жинақталған диск жеткізіледі. Бұл жинаққа Қазақстан ғана емес, көптеген елдердің мамандары бірлескен үлкен топ жұмыс істеді, - деді. Ал Батырхан Шөкеновпен әріптестік жұмыс істеген композитор Ринат Гайсин әншінің тағы да бірнеше әнін өңдеп жатқанын мәлімдеді. – Біз ұзақ уақыт бірлесіп жұмыс істедік. Мен Батырға арнап бірнеше ән шығардым. Мәселен, осы конкурста оған арнап жазған «Астана» әні орындалады. Конкурс аяқталған соң, мен Прагаға барып, студия архивінде сақтаулы Батырдың бірнеше әнін жаңартып, қайтадан өңдеймін. Қандай ән екенін әзірге айтпаймын, құпия болып қала берсін, - деді Р.Гайсин. Байқаудың бірінші күні қатысушылар жеребе алып, орындау реттілігін анықтаса, екінші күні конкурстың негізгі бөлігі өтті. Байқауға қатысушылар 2 ән орындады. Оның бірі Б.Шөкеновтің репертуарындағы әндер болса, екіншісі еркін тақырыпта таңдалды. Қазылар алқасы орындаушылардың әннің техникасы мен тембріне, дауыс күші мен әртістік қабілетіне ерекше мән берді. Ән додасына түскен қарағандылық Гүлнар Көшенова конкурсқа қатысуының өзін жақсылыққа балайды. - Әнші, композитор Батырхан ағамыздың рухына арнап құрметпен ән шырқағанымның өзі бір ғанибет. Бұл жерде осындай мықты оркестрмен бірге жанды дауыста өнер көрсеткеніме қуаныштымын. Мен үшін конкурста орын алу, жеңімпаз болу маңызды емес. Бастысы, қатысқаным, - деді Г.Көшенова. Сонымен дарындылар сынға түскен ән додасында бас жүлдені Оңтүстік Қазақстан облысынан келген Ерік Төленов қанжығасына байлады. Ал бірінші орынды қарағандылық Гүлнар Көшенова иеленсе, үшінші орын қызылордалық Индира Баймбетова мен астаналық Күләйім Қайырбаеваға бұйырды. Сондай-ақ, Шөкеновтер отбасының арнайы жүлдесі алматылық Сырымтай Еңсепов, қала әкімінің арнайы жүлдесі ақтөбелік Нұртас Омаров және қызылордалық Тұрғанәлі Шараповқа табысталса, Қызылорда облысының мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының арнайы жүлдесімен Арайлым Маханбетжанова марапатталды. Айта кетейік, шараны облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасы және «Таңдау» продюсерлік орталығы жоғары деңгейде ұйымдастырған. Дәл осы күні қала орталығынан әншіге арнап орнатылған ескерткіштің ашылуы болды. Батырхан Шөкенов арамызда болса, 18 мамыр күні 56 жасқа толар еді. Алайда тағдыр оны жазбаған екен. Есесіне, елі ешқашан ұмытпайтынын тағы бір дәлелдеді. Ескерткіштің салтанатты түрде ашылуына Б.Шөкеновтің туған-туыстары, достары мен жерлестері қатысты. Құрметті қонақ ретінде әншінің жақын досы Байғали Серкебаев арнайы келді. Мүсіннің келбеті үшін Батырхан Шөкеновтің «Отан-Ана» клипіндегі қолында саксофон ұстап тұрған бейнесі алынған. Ескерткіштің жалпы биіктігі – 3,6 метр, мүсіннің биіктігі – 2,2 метр, материалы – қола, тұғырдың биіктігі – 1,6 метр. Әншінің анасы Диляра Шөкенова облыс басшылығы мен іс-шараны ұйымдастырушыларға өз ризашылығын білдірді. - Байқауды ұйымдастырып, ескерткішті орнатуға атсалысқан барлық азаматтарға үлкен рақмет. Ұлыма ескерткіш қойып, оның құрметіне саябақтың атын бергендеріңізге өте қуаныштымын, - деді ол. Ал Байғали Серкебаев болса, ескерткіштің Батырханның музыка өнерінде алғаш қадам басқан орны – Оқушылар сарайының маңында орнатылғаны кездейсоқ еместігін айтып өтті. - Бүгін біз Батырдың туған қаласында, Батырдың өзі әрқашан сағынышпен балалық шағын еске алу үшін қайтып баруды армандайтын сүйікті қаласы Қызылордада жиналғанымызға өте қуаныштымын, - деді Б. Серкебаев. Мұндай жылы лебізді әншіге Елбасының да айтқаны бар. Бір кездесуде Президент «Отан-Ана» әні – еліміздің екінші Әнұраны» деген екен. Әнші жұмысына мұнан артық баға жоқ шығар. Осындай талантты перзентіне Сыр елі ескерткіш орнатты. Осыны айтқан облыс әкімінің орынбасары Руслан Рүстемов: - Батырхан Шөкеновтің әр әні – нағыз хит. Бір ғана «Отан-Анасын» алайық. Алғашқы нотасы ойналған сәттен-ақ, Алтай мен Атырау арасындағы ұлан-ғайыр даланы еріксіз көз алдыңа әкелетін әннің әсері ерекше емес пе? Бұл ескерткіш оның туған қаласының төрінде жарқырап, көркіне көрік қосары сөзсіз. Оның үстіне осы саябақ Батырханның есімімен аталып, келешекте жастардың, әншіні құрметтейтін тұрғындардың жақсы бір демалыс орнына айналар деп сенеміз. Сыр бойының талантты ұлы, өнер тарланы Батырхан Шөкеновтің есімі қазақстандықтардың жүрегінде мәңгі сақталады, - деді. Әншінің бет-бейнесін айнытпай жасаған – мүсінші Мұрат Мансұров. Оның ұсынған жобасы 2017 жылы байқауға түскен 8 жобаның ішінен үздік атанған болатын. Осылайша облыс әкімдігінің тапсырмасымен жобаға жан бітіп, ескерткіш елдің алдына қойылды. Ескерткіш маңына жиылған халықтың қарасы қалың. Шара салтанатты түрде ашылғаннан кейін де тарқаспай жүрді ел. Бұл Сыр жұртшылығының перзентіне деген көңілінің, биік бағасының көрінісі еді. Мұндай қуанышты жаңалықтан соң кешке гала-концерт өтті. Онда эстрада жұлдыздары Дильназ Ахмадиева, Әли Оқапов және «Отан-Ана» ІІ республикалық конкурсына қатысқан әншілер өнер көрсетті. Ж.ҚОЙШЫБЕКОВА |
КӨЗДЕН КЕТСЕ, КӨҢІЛДЕН КЕТЕ МЕ? |
![]() |
![]() |
![]() |
Жаңалықтар - Ой-талқы |
24.05.2018 11:31 |
Жоғарыда аталған тақырыпқа орай жастар арасында сауалнама жүргіздік. Бірі былай тартады, енді біреуі былай тартады. Пікірлер сан алуан. Расымен, сөз байласып жүрген жастардан бұрын, біраз жыл бірге тұрып, ажырасып кететін отбасылар да аз емес. Сенімге селкеу, сыйластыққа сызат түсіп, сүйгеніне берген сертін бұзатын білектілер мен бұрымдылар баршылық. Қос ғашыққа ең әуелі сенім қажет. Ал, көзден кетсе, көңілден кете ме?
– Барлық жанның өмірінде әйтеуір бір сәтсіз махаббаттың болатыны анық. Қиялымыздағы жанды жолықтырып, онымен қол ұстасып бірге жүрген сәтімізде көп нәрсені армандап, болашаққа үлкен жоспар құрып тастаймыз. Тіпті, кейбірі дүниеге келмеген сәбилерінің атына дейін ойластырып қояды. Бұл – шартты рефлекс. Себебі, кез келген жан сүйіктісімен бірге жүрген уақытта ертеңгі күні айырылысып кетеміз деп ойламайды да. Ғұмыр бойы жұптарын жазбайтындай сезінеді өздерін. (Бірақ ондай жұптар да баршылық). Күндердің күнінде қандай да бір себеппен екі жаққа кеткенде бұл өмір сонымен тоқтап қалғандай, еш мәні жоқ болады. Психологтардың айтуынша, сүйіктіңмен кездесіп жүрген уақытта ешнәрсені тереңінен жоспарлаудың қажеті жоқ екен. Өйткені, күндердің күнінде бір-біріңмен жараспай, айырылысқан сәтте бұл екінші жағынан үлкен соққы болып тиеді. Бүгін сені бір сәтте көрмесе тұра алмайтын жан, ертең көшеде көрсең, мүлдем танымайтын жат адамға айналуы мүмкін. Өткен өміріңде болған жандар әр адам үшін тек сабақ ғана болып қалады. Себебі өткенді оралта алмайсың. Меніңше, өмір жолыңда кезіккен әрбір жанның мейлі ол дос болсын, сүйіктің болсын, орны бөлек екені анық. Алайда оларды өмір бойы ұмытпай, өткен шақтың елесімен өмір сүру ақымақтық деп қана білемін. Олай жүрген жан ешқашан алға мақсат қойып, болашағын құра алмайды. Себебі өмір онымен тоқтамайды. Күндер өтеді, ол жанның жүзі де көз алдыңда көмескіленіп, тіпті, ұмыт бола бастайды. Барлық жараның емшісі – уақыт. Уақыт ағып жатқан су секілді, бәрін өзімен бірге ала кетеді. Өмірде барлық нәрсе уақытша. Күннен кейін түннің, түннен кейін күннің келетіні айқын. Ештеңе мәңгілік емес. Кез келген пенденің өмір жолында әртүрлі жандар жолығып жатады. Және кез келген сәтте әркім өз аялдамасынан түсіп қалып жатады. Өмір – сонысымен ғана өмір.
Ақылбек Қаласов, 24 жаста: – Екі жастың арасындағы сезім жүректің әмірі арқылы жүзеге асады. Жүрек кімді қаласа, соның дегені болатыны сөзсіз. Оны бөтен біреу бағындыруы мүмкін емес. Бір-бірін құлай сүйген жандарға арадағы алшақтық маңызды рөл атқара қоймайды. Меніңше, көзден кетсе де, көңілден кетпейді. Өйткені біраз жыл бірге болған жандардың кетісуі қиын. Оның үстіне бір-біріне бауыр басып қалатыны белгілі. Ал ол одан да қиын. Екі ғашық екі қалада өмір сүріп, кейіннен отбасы құрып, бақытты болып кеткендері қаншама? Мәселен, менің сүйіктім басқа қалада тұрады. Бірге жүргенімізге бес жылға жуықтады. Бірақ сезіміміз сол қалпы. Шүкір! Кейде бір қалада тұрып, күнде кездесіп, кейіннен ажырасып кететін жұптар болады. Мүмкін ол жалыққандықтан шығар. Әйтпесе, құлай сүйген жандардың айырылысып кетуіне не себеп? Сезім оты маздаған қыз бен жігітке арадағы мыңдаған шақырым да алшақтық етпейді. Қазір технология дамыған заман ғой. Айталық, күнделікті скайп арқылы да сөйлесіп отыруға болады. Қысқасы, «көзден кетсе, көңілден кетеді» деп жүргендер – өз-өздеріне сенімсіз адамдар. Махаббат әлемінде көз емес, жүрек сөйлейді. Адамды жақсы көру дегеніңіз – соған бар жан-тәніңмен берілу, асыға күту. Махаббат сонысымен де ыстық.
Асан Елдос, 23 жаста: – Менің ойымша, сүйіктіңіз жаныңызда болмаса, бәрі бекер. Қатынасыңыз бұзылатыны белгілі. (Басымнан өткен жағдай болған соң солай ойлаймын). Мүмкін өзіңіз, мүмкін, сіз сүйген жан өзгеруі ғажап емес. Өйткені араласатын орта өзгереді. Ол танитын адамды сіз танымауыңыз мүмкін. Жаныңызда болмаған адамның кіммен сөйлесіп, кіммен жүргенінен бейхабарсыз. Телефон тұтқасын көтермеген жағдайда басқалай ойға кететініңіз анық. Ондай сәтте ең бірінші адам санасына жақсы дүние түспейді. Осы арада қызғаныш пайда болады. Қызғаныштың соңы жақсылыққа алып бармайтыны айдан анық. Қалаған адамыңыз жаныңызда болмаса, оның несі махаббат? Кездесіп, шүйіркелесіп тұрмағасын. Жігіттердің өз сүйгені басқа қалада жүрсе, құбылып кететіні де жасырын емес. Әдемі қызды көрсе, ең құрығанда көзбен бір сүзіп өтеді. Әрине мұндай сәтте өз-өзіңді бақылауға алу қажет. Дегенмен, сұлулыққа қызықпайтын адам бар ма? Болашақта сол бір көрген аруыңыз сіздің жүрегіңізді жаулап алуы ықтимал ғой. Ал сыртта жүрген сүйгеніңіз есіңізден тарс шығып, шырғалаң күйге түсесіз. Ғашықтар бір-бірін қаншалықты жақсы көрсе, соншалық жақын жүруі тиіс.
Назерке Шарападдин, 22 жаста: – Асылында махаббат деген – құдіреті күшті сезім. Әсіресе, қыз бен жігіт арасындағы. Ол біреуге бақ болса, енді біреуге қайғы болып жабысады. Қаншама ақындардың жырларына, қаншама жазушының романына сыймаған шынайы сезім оқиғалары біткен бе? Кезіндегі Бейімбет Майлиннің Шұғасы сынды құсадан көз жұмған, сезіміне берік, сүйгеніне адал жан бар ма? Заман деп жатамыз ғой. Жыл өткен сайын заманмен бірге қоғам өзгеріп жатыр. Тәрбие өзгергесін, жастардың санасы да басқаша ой тұжырымдайды. Қазіргі уақытта шынайы бейнені табу өте қиын. Сондықтан жүрегің қалаған жанды бағалау керек. Көбіне болмашы қиындықтармен ақымақтық жасап, өз бақытынан өзі бас тартып жатады. Көңілден неге кетеді? Қыздар неге басқа жігітке қызығушылық назарын аударады? Өйткені, қыз бала – өте нәзік жаратылыс. Әрдайым көңіл бөлгенді қалайды. Айналып келгенде ер-азаматтан әкелік қамқорлықты, ағалық қолдауды күтеді. Екінші мәселе, қазіргі жастар жұмысбасты. Қыздар жұмыстан көтерілуді ойласа, жігіттер отбасылы болғанда барлығы жетіп артылса деген мақсат қояды. Өмірдің мәнісін ұмытып бара жатқандай. Бүгінгінің қыз бен жігітіне қойылатын бір ғана қағида. Өмір – бүгінгі болып жатқан оқиғалар. Дәл қазіргі сәт. Қас қағым сәтте өтеді де кетеді. Ештеңені кейінге қалдыруға болмайды. «Мен сені жақсы көрем. Сен менің өмірімнің мәнісісің!» деген сөздерді айтып қалу қажет. Мейлі күнде көріп жүр, мүмкін өзге қалада, елде болсын! Жүрекке салып берген адамды қай ғаламның қиырында жүрсе де, бұйырып тұрса, көңілден де, көзден де өшіру мүмкін емес. Пікірлерді топтастырған Қозы Көрпеш ЖАСАРАЛҰЛЫ |
ЭХ, ЭПИГРАММА! |
![]() |
![]() |
![]() |
Жаңалықтар - Арнайы беттер |
24.05.2018 10:53 |
Сықақшы Ғаббас ҚАБЫШҰЛЫНА
Қия баспай аяғы, Қиянатқа тап болып, Кім бар екен жылаған? Қорлық көрген кісіні
Қолтығынан демейді Қолын созып бұл ағам. «Елім, жерім!» деп ылғи, Елжіреген жүрегі Ел-жұртына ұнаған.
Қарауылға алғанда «Қақ жүректің тұсы» деп, «Өлер жерің осы» деп. Шеттерінен шегініп, Шермендеге айналған Шенеуніктер шошып ед. Тобасы жоқ тойымсыз Жемқор, жебір, обырды Фельетонмен осып ед. «Крышамыз» мықты деп, Істей алмас түкті деп, Талай бастық бөсіп ед. Күлкі деген жарықтық Күштілердің қаруы, Басты талай мысы кеп! Ауыздықпен алысқан Арғымақтай ағамыз Тұр мінеки, кісінеп.
ҚАЛЖЫҢҒА
Сықақшы Кемелбек ШАМАТАЙҒА «Төрттен бес жақсы», «Ештен кеш жақсы», – Дегендей бұл Кемекең Не жаңалық ашпақшы?
Әзілкеш еді әу баста, Даулас, мейлі, дауласпа! «Қайтемін» деп ойлады-ау, «Сақина тілеп сау басқа»
Жауынгердей жасқаған, Сын-сықағын бастаған. Кенет тастап шығардай Не болды екен қасқаңа?
Бойына өзге күш кірді, Эфирде ерен іс қылды. Қиялап барып қырық жыл Жарқылдатты «Ұшқынды»
Ілгері сүйреп қоғамды, Нән журналист боп алды. Тағы бір тулап кеткенде, Қалжыңға қайта оралды!
Әзілі күшті әй, тіпті, Қалжыңға көкем қайтыпты. «Қайтқан малда қайыр бар» Деп бабалар айтыпты.
Уатсап, Фейсбук, SMS – Бораған қардай бос елес. Қартайып барып қалжыңға Қайта келу – кеш емес!
«Ұшқын» – Қазақ радиосынан берілген жастар хабары.
Сықақшы Мұхтар ШЕРІМГЕ
«Ратхұм Міреш» дегенді ұғынды кім? Актері деп ойлай ма бұл үндінің. Актер емес, шахтері сатираның, Мен ендеше жаямын сырын бүгін.
Жүзіқара пәледен алыс қонды, Әзілімен қолға алған әр істі оңды. «Жұдырығын» көрсетіп жұлымырға Байбатшаға айбарлы «Барыс» болды.
Біздің қоғам оқ тиіп жараланған, Қас жауы – жебір, жемқор, пара болған. Жегендерді желкеден шағатұғын «Ратхұм Міреш» у тілді «Ара» болған.
«Ратхұм Міреш»-ті оқысаң былай кері, Сын-сықақтың шығады «снайпері».
«Снайпер» – Сұрмерген
«Жұдырық» – Мұхтар Шерімнің ұйымдастыруымен Шымкентте ашылған алғашқы сатиралық газет.
«Барыс» – Республикалық саяси-қоғамдық газетті шығарып, М.Шерім бас редактор болды. «Ара» – Қазір осы саяси-сатиралық журналдың фельетонист-тілшісі.
Нұрсұлтан – ныспым, Оқпан – әкем, Кумирім, Яғни, күштім. Жынысым ба? Еркекпін! Отбасылық жағдайым ше? Үйленбесем болмайды деп жер тептім. Үйлі-жайлы боп тер төктім. Әйелім – момын, Ал тұңғышым тентек тым.
Өзі бұзық, Бұзық болса да қызық. Мұздан шайба жасап, Қоятыны бар тізіп.
Жалғыз жүрмес сірә, мынау Бұзықтардан бұйыртса, Қыстыгүні хоккей, Жаздыгүні футбол командасын құрамын-ау... Дайындал, бәйбіше, дайындал! Алысқа шабатын байың бар.
Бойым –1,76 метр. Ойымда не тұр? Бойдың шөккенінен Ойдың шөккені жаман-ау. Бар мақсатым – сатираны Сайтандай қуып, сабалау.
Өз салмағым – Үш жарым пұттай. Қалжың десе, Қара көжемді Жерге қоямын жұтпай.
Қазіргі қалжыңда салмақ бар ма, Тез кебетін шықтай. Сөзіме ден қойыңыз, Қабағыңызды шытпай. Ұзын сөздің қысқасы, Сықақшы бола алам ба сыптай?!
Асқар, Шона, Оспанхан, Үмбетбай, Мыңбай, Ғаббас кім? Сай тасындай әрқайсысы Сатирикті таппаспын. Мен бірақ, кешіріңіз Президентпен аттаспын. Ұстаздарым: «Ойыңды сынға бөл!» дейді, «Сүлдесін сүйретіп құр сұлтан болғанша, Найзалы жанрда Нұрсұлтан бол!» дейді.
Білгенменен ұлтымды, Білмейсіз ғой күлкімді? Жебір, Жемқор, Парақор Жаулап алды бұл күнді. Тек күлкіден қорқады, Ойлайтындар құлқынды. Нұрсұлтан ОҚПАНҰЛЫ |
Құрдастардың қалжыңы |
![]() |
![]() |
![]() |
Жаңалықтар - Арнайы беттер |
24.05.2018 10:30 |
Секебай келді сексенге, Жаспын деп жүр сексенде. Қайрат, күш, қуат, ой-өріс, Өнбейді қайтып ексең де.
Жаспын дейсің сексенде – Осындай сенім тек сенде. Отыздың енді егінін, Ормайсың қайта сепсең де.
Секежан, келдің сексенге, Сөзімнен шошып сескенбе. Көңілден шықпас жүрісің, Күймеңе тұлпар жексең де.
Бәрі бар, бәрі бек сенде, Амал, еп, айла, кек сенде. Білдіргің-ақ келмейді-ай, Сексенге кеп шөксең де.
Шындықты айтам сөксең де, Қырықтағы қылық көп сенде... Ол кезең қайтып оралмас, Көз жасты көл ғып төксең де. Ойланшы!
Қалжыңды қағазға түсірген ҚАЗЫБЕК. 2018 жыл. |
ЖЕҢІЛІССІЗ СЕРИЯ ЖАЛҒАСА МА? |
![]() |
![]() |
![]() |
Жаңалықтар - Сергек |
24.05.2018 10:24 |
Футболдан Қазақстан премьер-лигасының алғашқы айналымы өз мәресіне жетті. Наурыз айында басталған ел біріншілігінде “Қайсар” 11 кездесу өткізді. Оның 2-еуі жеңіс, 5-еуі тең және 4-еуі ұпай жоғалту ойыны болды. Осы аралықта соғылған гол – 8, жіберілген гол саны 9 болып отыр. Айтпақшы, “қасқырлар” соңғы 5 тур бойына гол жібермей әрі жеңілмей келе жатыр. Орайы келгенде айта кетейік, жерлестеріміз 2008 жылы 4-7-тур аралығында 4 ойында қатар жеңіске жеткен болатын.
Бірінші айналымда “Қайсар” сапында 22 футболшы өнер көрсетіпті. 11 матчқа түгел қатысқан тасқамал қорғаушы Иван Граф болып отыр. Ільяс Әмірсейтов пен кениялық легионер Поль Вере 10 ойынға қатысса, Матиас Курьор, Тоқтар Жаңғылышбай, Думан Нәрзілдаев, Джон Камара, Валерий Коробкиндер 9 рет команда құрамында болған. Алдан Балтаев, Дәуренбек Тәжімбетов, Валентин Чуреевтер небәрі 3 рет ғана ойынға шығыпты. Александр Григоренко 4 мәрте қақпаны күзетсе, Марсель Исламқұлов 7 ойында қақпа сақшысы атанды. Марсель демекші, қырағы қақпашымыз соңғы 5 тур бойына гол жібермей келеді. Оның құрғақ сериясы – 467 минут. Бұл биылғы маусымның әзірге рекордтық көрсеткіші саналып отыр. Қызылордалық қақпашыны Дмитро Непогодов (“Тобыл”, 278 минут) пен Никита Калмыков (“Ертіс”, 180 минут) өкшелеп қуып келеді. “Қайсар” турнирлік кестеде 8-орында, гол жіберуден 3-орында келеді. ҚПЛ-дегі 11-тур ойындарын алаң жиегінен 27000 көрермен тамашалапты. Ал, “Қайрат” футбол клубы бірінші айналымда өз алаңында ең көп көрермен жинаған команда атанды. Өз алаңындағы 6 ойында халық командасын қолдау үшін стадионға 56200 көрермен келген. Сондай-ақ, бірінші айналымдағы қорғанысы ең мықты команда – “Астана”, ал қорғанысы ең әлсізі “Қызылжар” болып отыр. Ең көп гол салып, үздік саналған тағы да – елордалық ұжым. Ең аз гол соққан – “Атырау” футбол клубы. “Астана” 11 ойында 24 гол (орта есеппен 2,2 гол) соқса, “Атырау” 7 гол (орта есеппен 0,64 гол) ғана салған. Сонымен қатар, Қостанайдың “Тобылы” ҚПЛ-дің бірінші айналымындағы ең дөрекі клуб атанды. Сонымен, Қазақстан чемпионатының бірінші бөлігіндегі ойындар күнтізбесінде бекітілген 66 матч өтті. Осы ойындарда барлығы 156 гол соғылды. Сонда бір ойында орта есеппен алғанда 2,33 гол салынып отырған.
Бірінші айналымдағы “Қайсардың” ойындары: 1-тур. 11.03.18ж /Қайсар-Ақтөбе/ 0-1, Асланбек Кәкімов 75-минутта пенальтиден. Қақпашы – Марсель Исламқұлов. 2-тур. 17.03.18ж /Қайсар-Ақжайық/ 1-1, Матиас Курьор 53, Еркебұлан Нұрғалиев 73. Қақпашы – Марсель Исламқұлов. 3-тур. 31.03.18ж /Астана-Қайсар/ 2:0, Патрик Твумаси 9, Роман Мұртазаев 15. Қақпашы – Александр Григоренко. 4-тур. 7.04.18ж /Жетісу-Қайсар/ 1:0, Рауль Джалилов 24. Қақпашы – Александр Григоренко. 5-тур. 14.04.18ж /Қайсар-Ертіс/ 0:0, Қақпашы – Александр Григоренко. 6-тур. 22.04.18ж. /Қайрат-Қайсар/ 4:1, Исаэль Барбоза 19, Матиас Курьор 27, Андрей Аршавин 60, Чума Анене 76, Станислав Лунин 90+3. Қақпашы – Александр Григоренко. 7-тур. 28.04.18ж /Қайсар-Ордабасы/ 0:0, Қақпашы – Марсель Исламқұлов. 8-тур. 05.05.18ж /Тобыл-Қайсар/ 0:3, Тоқтар Жаңғылышбай 37, Думан Нәрзілдаев 47, Матиас Курьор 82. Қақпашы – Марсель Исламқұлов. 9-тур. 09.05.18ж /Қайсар-Шахтер/ 3:0, Матиас Курьор 14, Франк Джедже 80, Абдель Ламанж 88. Қақпашы – Марсель Исламқұлов. 10-тур. 13.05.18ж /Қызылжар-Қайсар/ 0:0, Қақпашы – Марсель Исламқұлов. 11-тур. 19.05.18ж /Қайсар-Атырау/ 0:0, Қақпашы – Марсель Исламқұлов. |
НҰРМАН БОЛЫС |
![]() |
![]() |
![]() |
Жаңалықтар - Арнайы беттер |
24.05.2018 10:00 |
Мемлекет басшысы Н.Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласы әрбір қазақстандықты бейжай қалдырмайтындығы белгілі. Әсіресе, «Туған жерге тағзым» жобасы негізінде өткен ата-баба өмірін еске алса, жатқан бір шежіре, тарих екенін білеміз. Осыны негізге ала отырып, ХІХ ғасырдың екінші жартысынан бергі қарақыпшақ пен көкмұрын руының тарихын қағаз бетіне түсірмекпін. Аталған екі рулы ел Сырдария өзенінің оң жағалығы Жолбарыс төбе мен теміржол бойы Көкжиде кіші бекеті және Көксу өзегінің екі жағалауында: батысында Сәдір сарайы, шығысында Қожамжар аралығында қоныстанған.
Екінші «Ғайып ата» аталуын былайша баяндайды. Ауылға бір ақ сақалды қарт кісі келеді. Оның кім екені, қайдан келгені жөнінде мәлімет жоқ. Әр үйге қонақтап екі-үш жылдай жүреді. Бірде ауыл ақсақалдарына «Мен көп ұзамай дүниеден өтермін. Мені ана қорымның (бейіттің) шетіндегі ақ шеңгелдің түбіне жерлеңдер» деп ниетін білдіреді. Айтқанындай-ақ, көп ұзамай науқастанып, төсек тартып жатпай қайтыс болады. Ауыл тұрғындары мұсылмандық рәсімдерін жасайды. Жатар көрі қазылып, мүрдені алып келіп, табытын сыртқа қояды. Оралған кілемді ашып қарағанда, кебіні мен мүрде (өлік дене) жоқ болған. Бұл тылсым күштің не екенін түсінбеген тұрғындар аң-таң болып қалады. Қазылған көр көміледі. Осыдан кейін «Ғайып ата» деп қорымға ат қойылғандығын қариялар айтып отыратын еді. Ресей қол астындағы Қазақстанда басқарудың бұрынғы хан билігін жойып, 1867-68 жылдардағы жаңа жүйені енгізеді. Соның бірі Орынбор генерал губернаторының қарамағындағы Перовск уезі өз билігін жүргізіп жатты. Бұл кезде Орынбор қаласындағы гимназияны бітіріп келген сауатты ағайындар болған. Солардың бірі Нияздың балалары Әлішер мен Уәлшер еді. Уәлшер кезінде Перовск уезінде тілмаштық қызмет атқарған. Қазіргі Көкжиде теміржол кіші бекетінің теріскей беткейінде Нияз атымен аталатын жеке биік құм төбе тұр. ХІХ ғасырдың тоқсаныншы жылдарының аяғына қарай елде болыс сайлауы өтеді. Болыс үш жыл мерзімге сайланатын болған. Ал ауылдарда болысқа бағынатын старшындар да (елде оны ауылнай деп атап кеткен) үш жылға сайланатын. Болыстыққа сайлану үшін белгілі бір үй саны (түтін саны) және адам саны болуы керек. Қарақыпшақ пен көкмұрынның үй және адам саны бір болыстыққа ғана сәйкес келген. Бұл сайлауда қарақыпшақтан Тұяқ молданың екінші баласы Нұрман болыстыққа сайланады. Нұрманның сайлауда жеңіске жетуінің себебі, ол турашыл, ешкімді бөле-жара қарамайтын, әділдігі басым, терең де ұшқыр, тапқыр, ұтымды, сөзшең, өр мінезді, т.б. болғандығында еді. Осындай қасиеттері үшін халық сеніміне ие болды. Халықтың барлығының әлеуметтік тұрмыс жағдайының бірдей бола алмайтындығы белгілі жайт ғой. Кімнің мінер аты, жүк артар түйесі, алдына салып айдап, жайып бағар малы болса, жаз жайлауын Қырда өткізетін-ді. Мұндай малы жоқ ағайындар Сырда қалып, егін егіп, балық аулаумен айналысты. Сонымен қатар, малазықтық шөп дайындайтын. Егіннен түскен өнімі мен шөбін Қырдан оралған ағайынның мал өнімдеріне айырбастайтын. Қырда жаз жайлауы Сарысу өзені бойы болатын. Жан басы мен мал басының өсіп көбеюіне байланысты Қыр қазақтары арасында жер дауы жиі туындайды. Жер дауын шешу үшін Перовск уезінен және Ұлытау жағынан өкілдер шығады. Сыр бойынан Нұрман болыс, Қыр жағынан Телікөл және Қызыл жыңғыл болыстары келеді. Әр болыстың жандарында ақсақал нөкерлері болған ғой. Екі жақтан шыққан Қыр мен Сырдың арасын байланыстыратын жолдың бойындағы «Алтын құдық» жерінен саралауды бастайды. Бұл жер ешкімге тиесілі емес, әрі-бері өтетін жүргіншінің құдықтан су алып, өздері мен көліктерін суландыратын болған. Одан ары жүргеннен кейін «Зылиқа» деп аталатын жолға көлденең тұрған төбе бар. Екі жақтан шыққан өкіл (комиссия): «Бұл не белгі?» - деп сұрайды. Алға суырылып шыққан Нұрман болыс: «Бұл менің пәленше деген атамның Зылиқа деген қызы, осы төңірекке көшіп келгенде қайтыс болып, осында жерленген» - дейді. Қыр қазақтары (негізінен наймандар) оған қарсы ешнәрсе айта алмайды. Одан ары шыққан соң «Қойшының қара суы» деп аталатын бөлшектенген көлдер бар. Бұл көлдер көктемгі су тасқыны кезінде Сарысудың арнасынан асып құйылатын. Мұның «Қойшының қара суы» деп аталуын Нұрман былайша түсіндіреді. Көктемгі мал төлдетуді қыстаудан шығып, жиектегі қар, жаңбыр суларынан жиналған ойлы-шұқырлы (қақтың суы деп атайтын) жерлерде өткізеді. Қозы, лақ аяқтанған соң көшіп Телікөлге жеткізіледі. Екі-үш күн малды тынықтырып, осы жерге әкеледі. Біздің қойшылар осында бірнеше күн болып, өздері де, малдарын да тынықтырып, жайлауға айдайды. «Сондықтан мұны «Қойшының қара суы» деп атаймыз» дейді. Ал ірі қара малдар көшпен бірге айдалып, жайлауға барып қоныстана беретіндігін түсіндіреді. Қарсы жақтың бұған айтар уәжі болмайды. Сарысу өзенін өрлеп Қоңыртөбеден өтіп, «Белең әулиеге» келеді. «Кімнің мазары?» деген сұрақ туындайды. Оған жауап берген Нұрман «Бұл бұрыннан бар белгі, біздер мұны «Белең әулие деп атаймыз» дейді. (Ал осы «Белең әулие» жөніндегі толық мәлімет Ж.Смайлов пен О.Ошановтың «Қобыланды батыр кесенесі» атты зерттеу еңбегінде көрсетілген. (Алматы, «Комплекс» баспаханасы, 2007 жылы, 44-бет). «Шыңғысханнан тараған Жошы ұлысындағы саяси маңызға ие болған Ұлытау ордасы, Еженнің иелігіне берілген, Сарысу өзенін бойлай орын тепкен, әйел адамдардың есімімен сақталып қалған мазарлардың иелерін жазба деректерден ұшыратуға болады. Дерек бойынша Орда Еженнің ұрпағы Құлидың әйелі «Билан хатун» және Құлидың баласы Тұмаханның әйелдерінің бірі «Бұлуған» деп аталады. Яғни бұлар «Белең» мен «Болған ана» мазарлары деп көрсетілген. Сарысу өзенінің сол жағасында биік төбе басына салынған күмбезді мазар қиранды төбеге айналған. Қазіргі кезде оның үстін ақ шеңгел, қамыс араласқан жыңғыл басып кеткен. «Белең» әулиеден өзеннің жоғарғы ағысына қарай «Шеңгелді шығанақ», «Тезек», «Кіндік төбе», «Алатаға» ұласады. Бұл атаулар өзеннің оң жағалауындағылар. Өзеннің сол жағалауында «Бала моласы», «Үш қарасу», «Бекбай сазы», т.б. бар. «Бала моласы» кейін ХХ ғасырдың 20-жылдары пайда болған. «Алатаға» өзені жағасындағы жеке төбе басына салынған белгі және жеке адам жерленген бейіт бар. «Бұл бейіт менің атамның осы жайлауда қайтыс болуына байланысты жерленген орны» деп Нұрман уәжін айтады. Сондықтан біздің елдің негізгі жайлауы осы «Белең» мен «Алатағаның» аралығы болды деп тұжырымдайды. Екінші жақтың бұған да қарсы пікірі болмайды. Өзеннің «Белеңнен» төменгі жағына ел жайлауға мүмкіндік болмаған, себебі «Белеңнің» іргесіндегі жармадан аққан су сол жағалауда бірнеше көлшіктер құрап, қалың қамыс, қоға, жыңғыл, т.б. шөптер өскен. Ол төңіректе шыбын (маса), сона көп болып, малдарды шағып шыдатпайды. Өзен бойында төлдеген малдар сонда бағылып, елдің қалған бөлігі өзеннен 30-40 шақырымдай қашықтықта жайылған. Бұл өзеннің солтүстік батысында «Сайқұдық», «Шұбар төбе», «Тұткен», «Сарыапан», «Төсбұлақ», «Ақ ши», т.б. бар. Аталған аймақ шөлді жер болғандықтан, шөбі өте құнарлы болатын. Мұндағы қиыншылық «Төсбұлақтан» басқасының барлығында құдық қазып, қолдап қауғамен су алатын еді. Ендігі сауал «Телікөл» жері толығымен наймандардың қыстауы және қорымдар да осы руға тиесілі екендігі дегенге тіреледі. Оған Нұрман болыстың жауабы: «Рас, «Телікөлді» наймандар қыстайды. Бірақ көктем шыға малдарын төлдетіп аяқтандырғаннан кейін, жаз жайлауы «Алатағадан» жоғары көшіп қоныстанады». Олардың жайлауы «Шыбын көл», «Жүсіп шартағы», «Шалбар», «Көкалажар», «Аймырза Пәтеш тамы», «Қызылжыңғыл», өзеннен тыс «Жаман шұбар», «Жеті қоңыр», т.б. болып кете береді. Сол Қырдағы жайлауда отырғанда Бозайдың екінші ұлы Үдербай сырқаттанып, қайтыс болады. Сырға жеткізуге мүмкіндік болмағандықтан, «Жеті қоңыр» жеріндегі наймандардың қорымына жерленеді. 2001 жылы шөберелері Мұрат пен Есенкелді Үдербаевтар бейіт басына құлпытас қойып, Қызылорда – Жезқазған тасжолының 238 шақырымына Үдербай атасына арнап белгі орнатты. Жаз аяқталып, қозы қырқымы өткен соң Сырға қарай көшу басталады. Телікөл жерінде 3-4 күн тынығып алғаннан кейін үдере көшу болатын. Қазіргідей салынған жол жоқ. Арнаулы көш басшылары болды. Жұлдызға қарап бағыт-бағдарын білетін. Малдар да көшпен ілестіре айдалады. Көшбасшы алда ұзап жүріп отырып, биік төбелердің басына сексеуіл жиып, от жағып, белгі беріп отыратын. Үлкен қариялардың сөзіне қарағанда, Нұрман айтқандай, Сарысу бойында аталары болмаған көрінеді. Дегенмен, өтірік болса да сөзін өткізіп, Сарысу бойын қыпшақтардың жайлауына бекітіп берілуін қамтамасыз етеді. Осының негізінде Кеңес өкіметі кезінде Сырдария ауданы мал шаруашылығының жаз жайлауына айналады. Белгіленген тәртіп бойынша болыс үш жыл мерзімге сайланатын. Нұрман қатарынан үш рет сайланып, 9 жыл бойы болыс болған. Ел-жер жағдайында көп өзгерістер болып жатты. Бастысы, 1903-05 жылдары Орынбор – Ташкент теміржолы салынды. Теміржол бойына қатарласа телеграф бағаналары орнатылып, сым желілері тартылған. Кезекті болыс сайлауында қарақыпшақ Үмбет баласы Жұмаш болыстыққа сайланады. Оның кезінде ауызға алып айтарлықтай өзгеріс бола қоймаған көрінеді. Үш жыл мерзімі біткеннен кейін болыстықтың жаңа сайлауы өткізіледі. Бұл жолы көпшілік дауыс алған көкмұрыннан Қосымбай болыс болады. Өз кезегінде ол да алымды болған. Малы да бар. «Аузы қисық болса да, бай баласы сөйлеген» заман емес пе? Оның үстіне билік қолға тигесін әкімшілікті асыра пайдаланса керек. Көпшіліктің ортақ мәмілесіне бас имей өз дегенін жүргізген. Оның мұндай іс-әрекетіне баға берген халық арасында мындай өлең жолдары тараған екен. «Ай-хай, қарақыпшақ Нұрманым-ай, Тоғыз жыл болыс болып тұрғаның-ай. Деуші едік өтірікші Нұрманды, Кездесіппіз енді анық Құдайдың ұрғанына-ай». Аталған болыстың немере-шөбере ұрпақтары Сырдария ауданына қарасты Айдарлы, Жетікөл, Бесарық ауылдық округтері мен Қызылорда қаласында тұрып жатыр. 1946 жыл. Біздің үй Сарысу бойындағы жайлаудан тамыз айының орта кезінде Телікөлге көшіп келді. Қонған жері биік Қарауыл төбенің батыс жағында 4-5 шақырымдай жерде «Шөженің қара суы» деген көлшіктің жағасы. Әкеміздің өмірлік сүйікті ісінің бірі ит жүгіртіп, қақпан салып, аң аулау болатын. Бір күні кешке қарай 5-6 атты кісі келді. Бұлар Қарағанды облысына қарасты Ұлытау ауданынан екен. Мақсаты Телікөлге мал қыстатпақшы. Ішінде жер-суды жетік білетін Ақмолда деген жолбасшысы бар. Екі күндей Телікөл жерін аралап, көріп қайтты. Араға 5-6 күн салып екі-үш қостық адамдар келіп, шөп оруға кірісті. Ол кезде техниканың кем кезі ғой. Шөп оратын машиналарға өгіздер жегілген. Мұны көріп Нұрманның «Наймандар Телікөлді қыстап, жаз жайлауы Сарысудың жоғары жағы болады» дегеніне көз жеткіздік. Жолдыбай НҰРЫМЖАНҰЛЫ, тыл және еңбек ардагері, Қызылорда қаласы |