Өзекті мәселелер

  • 13.09.18

    Кез келген жұмысқа тұрарда қандай болмасын мекеме, ең алдымен, «сотты болмаған» деген құжат сұрататыны белгілі. Сол бір «қара тізімде» бар екенсіз, онда арманыңыздағы қыз­метке қол жеткізу қиын дей беріңіз. Алайда облысымызда осы бір мәселеге назар аудармайтын бөлім басшыларының бар екендігі анықталып отыр. Атап айтар болсақ, Арал, Жалағаш аудандық білім бөлімдері мен Сырдария аудандық мәдениет...

    Толығырақ...
  • 13.09.18

    Саяси тұрақтылық пен қоғамдық келісім – мемлекетіміздің басты ұстанымдарының бірі. Сарабдал саясаткер, ел Президенті Н.Назарбаев «Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері» атты Жолдауында бұл туралы тарқатып айтқан болатын. «Көл-көсір мұнайдың» дәуірі аяқталып келе жатқанын ескерткен Елбасы жаңа заманға сай болуға үндеді.

     

    ...
    Толығырақ...
  • 13.09.18

    Шыны керек, көптің көкейінде «облыс орталығындағы басты көше­лерд­ің бірі Желтоқсан көшесі нелік­тен жылда жөндеуден өтеді? Оның орнына шетаймақтағы көшелерді жөндесе қайтеді?» деген мазмұндағы пікірлер жиі айтылады. Мәселенің мәнісі былай. Былтыр сол көшеге су жүйелері мекемесі ауызсу желілеріне жаңғырту жұмыстарын жүргізген. Асфаль­т қабаты бір рет қайта қазылса болды, жаңадан салынған жол бі...

    Толығырақ...
  • 13.09.18

    Ерғали  АБДУЛЛА

    Көрініс

    Қыз Жібектей керімсығысы келгені­мен де, тұқымы  құрғыр мыстандығы қылымсып қайта-қайта көрініп  қала береді...

     

    ...
    Толығырақ...
  • 13.09.18

    Нұржамал  ӘЛІШЕВА,

    журналист

    БІР   ҚИЫҚ  ОРАМАЛ

    Қазанға ет салып қойған. Қамыр илемекші болып еді, ұн бітіп қалған екен.

    Толығырақ...
Бейсенбі, 24 Мамыр 2018

ЖАЗУШЫ БЕГІМБАЙ ҰЗАҚБАЕВ 70 ЖАСҚА ТОЛДЫ PDF Print Email
Жаңалықтар - Халық-хабар
24.05.2018 16:52

Жазушы, аудармашы, Арал және Қазалы аудандарының құрметті азаматы, республикалық «Жалаңтөс Баһадүр» қоры төрағасының орынбасары Бегімбай Ұзақбаев 70 жас мерейтойын атап өтті.

Айтулы күнімен мерейтой иесінің әріптестері мен достары құттықтады.

Кездесуде облыс әкімі Қырымбек Көшербаев жазушы Бегімбай Ұзақбаевтың С.М.Киров атындағы Қазақ ұлттық университетінің (қазіргі Әл-Фараби) түлегі екендігін, ұзақ жылдар бойы журналистика мен мемлекеттік қызметте жұмыс істегендігін атап өтті. «Жалаңтөс Баһадүр» тарихи романының авторы, 21 көркем және деректі повестер, әңгімелер мен ертегілер, көптеген ғылыми мақалалар, сонымен қатар көркем аудармалардың авторы екендігін тілге тиек етті.

"Облыс тұрғындарының атынан өңірдің мәдениетін дамытуға қосқан үлесіңіз үшін алғыс айтып, «Қызылорда облысының «Құрмет» грамотасын» табыстағым келеді", -деді аймақ басшысы.

Сондай-ақ жазушының мерейтойымен замандас әріптестері Махмұтбай Әміреұлы және Айжарық Сәдібекұлы құттықтап, шығармашылық табыс тіледі.

Облыс әкімінің баспасөз қызметі

 


«ТҰЩЫ» КӨЛДЕРІН ТАЗАРТУ ЖҰМЫСТАРЫ БАСТАЛДЫ PDF Print Email
Жаңалықтар - Халық-хабар
24.05.2018 16:29

Арал ауданына қарасты Бөген ауылдық округі – балық шаруашылығын өркендеткен ауылдардың бірі. Мұндағы жұртшылық теңіз тереңінен су маржанын сүзіп, халық байлығына баланған балықтан ырзық-несібелерін тауып келеді.

Елді мекен аумағында «Сарытерең» деген атпен танылған су айдыны орналасқан. Бір замандарда аталмыш көлдің батыс биігіндегі кеме қатынайтын өзекке ұзындығы 4 шақырым, биіктігі 4,5 метр болатын дамбы соғылып, су айдыны қолдан жасалған деседі. Осы кезге дейін Сырдария өзенінен құйылатын судың мөлшеріне қарай «Сарытерең» көлінің көлемі өзгеріп отырады. 2001-2002 жылдары ауыл тұсындағы айдын көлдің көлемі 1400 гектарға ұлғайып, тұрғындар балық аулауды жолға қойған еді. Алайда бертін келе, «Тұщы» көлі толмай тұрғандықтан, «Сарытерең» көлі тартылып, көлдің ұлтаны тұзды сорға айналған. Соның салдарынан экологиялық ахуал нашарлап, қатты жел соққан уақыттарда сор араласқан ақ шаңдақ көтерілетін. Осы мәселені шешу жөнінде ауыл тұрғындарының ұсыныстары бүгінде оңтайлы шешім тауып отыр.

Аталған мәселенің өзектілігі ескеріліп, "Тұщы" көлдеріне мелиорациялық жұмыстар жүргізу Арал ауданының экономикасын дамытудың 2017-2019 жылдарға арналған Жол картасына енгізілген болатын.

Биыл осы жұмыстарға қаржы қаралып, тендер жеңімпаздары белгілі болды. Ағымдағы жылдың мамыр айында "Тұщы-1" көліне, оған "Сырдария" өзенінен су алатын "Балғабай", "Стан" және "Бекетай" каналдарын күрделі жөндеу жұмысын "МФК-ТУРАН" ЖШС және "Тұщы-2" көліне "Сыр маржаны және К" ЖШС мелиорациялық жұмыстарды бастап жүргізуде. Бұл жұмыстар аяқталған кезде суға толмай қалатын "Тұщы" көлдері өз мәнінде суландырылады. Содан кейін, су көлдер арқылы Бөген ауылының кіреберісіндегі шлюз арқылы "Сарытерең" көліне құяды. Бұл шаралар өз мәнінде аяқталған жағдайда балық шаруашылығын дамытуға зор ықпал етіп, ауылдың экологиялық ахуалы да жақсара түсетіні анық.

Айта кету керек, САРАТС-1 жобасы аясында Сырдария өзені арқылы жететін су мөлшерінің көлемін тұрақты ұстап тұру үшін «Ақлақ» су тоспасы тұрғызылды. Жоба жемісін беріп, арнасы кепкен көлдерді суландыруға жол ашылды. Соның бірі ретінде биыл 15 жыл бойы кеуіп жатқан «Сарытерең» көлінің ұлтаны суға толды.

Арал ауданы әкімінің баспасөз қызметі

 


ОБЛЫСТЫҚ МӘСЛИХАТТЫҢ КӨШПЕЛІ ОТЫРЫСЫ ӨТТІ PDF Print Email
Жаңалықтар - Халық-хабар
24.05.2018 16:27

Арал ауданында Қызылорда облыстық мәслихаттың әлеуметтік және мәдени мәселелер жөніндегі тұрақты комиссиясының көшпелі отырысы өтті.

Аудан әкімі М.Оразбаевтың төрағалығымен өткен отырысқа білім және ғылым қызметкерлері кәсіподағының төрайымы, облыстық мәслихаттың депутаты Райкүл Байназарова, облыстық мәслихат депутаттары, аудан әкімінің салалық орынбасарлары, жергілікті мәслихат депутаттары, дербес бөлім басшылары, денсаулық сақтау саласы, қоғамдық денсаулық сақтау басқармасы, төтенше жағдайлар саласының басшылары, қала, кент, ауылдық округ әкімдері, мектеп директорлары, лагерь басшылары қатысты.

Көшпелі отырыстың күн тәртібінде өзекті деген екі мәселе талқыланды. Атап айтқанда, жалпы орта білім беретін мектептердің Ұлттық бірыңғай тестілеуге дайындық барысы және жазғы тынығу легерлерінің жай-күйі мен балалардың жазғы демалысын ұйымдастыру, олардың жазғы сауықтыру маусымына дайындығы жөнінде.

Қоғамдағы білім беру үдерісінің жағдайын, нәтижесін, сондай-ақ, жеке тұлғаның кәсіптілігінің қалыптасуы мен даму болашағының қажеттілігін анықтайтын әлеуметтік категорияның бірі - Ұлттық бірыңғай тестілеу. Осы ретте, білім алушылар көрсеткішінің жыл сайынғы динамикасы күн тәртібінен түспей, ҰБТ-ға дайындық барысы бірнеше рет облыс, аудан әкімдіктері жанындағы мәжілісте қаралып, нақты тапсырмалар беріліп, жұмыстар жүргізілуде. Айта кету керек, жалпы аудан бойынша 830 түлек мектеп бітіретін болса, олардың 454-і ҰБТ-ға қатысуға ниет білдірген. Түлектердің 43-і «Алтын белгіге» үміткер , 17 оқушы «Үздік аттестатқа»  ұсынылып отыр.

Осы орайда, аталған мәселе турасында аудандық білім бөлімінің басшысы С.Жанназарова арнайы хабарлама жасап, аудандық білім бөлімі тарапынан ҰБТ-ға дайындық барысын қамтамасыз ету мақсатында әзірленген іс-шаралар жоспарына сәйкес жүйелі жұмыстар атқарылып жатқандығын жеткізді.

Сонымен қатар, күн тәртібіне ұсынылған екінші мәселе бойынша баяндама жасаған аудандық білім бөлімінің басшысы қазіргі таңда аудан оқушыларын сауықтыру үшін қажетті жағдайларды жасау, олардың демалыс мезгілдерін жаңаша қолдану және мәдениетін қалыптастыру, денсаулығын, шығармашылық еңбегін, қабілеттілігін арттыруда тиісті жұмыстар жүргізіліп жатқандығын баяндады. Атап айтқанда, биылғы жылы ауданда 1-10 сынып аралығындағы 15053 баланы сауықтырумен, үйірмелермен және жұмыспен қамту жұмыстары жоспарлануда. Оның ішінде:

-«Қамбаш» олимпиадалар және қосымша білім беру орталығына – 468 балаға жалпыға бірдей міндетті оқу қоры есебінен 15 млн теңге;

-мектеп жанындағы 44 мектепте ашылатын күндізгі лагерьлерде ыстық тамақпен 2189 балаға жалпыға бірдей міндетті оқу қорынан 7 млн 613 мың теңге бөлінген. Сонымен қатар:

- 17 мектепте шатырлы лагерьлер ұйымдастырып, оған 800 бала қамтуды;

-ауданнан тыс лагерьлерге - 450 бала, яғни ата-аналар, мекемелердің кәсіподағы, демеушілер есебінен қамтылатындар және жетім, ата-ана қамқорлығынсыз қалған балаларға, аз қамтылған, көпбалалы отбасы балаларына және үздік оқушыларға тегін жолдамалармен қамтылатындар;

Бұдан өзге:

- бос уақытын тиімді ұйымдастыруда, оның ішінде көркейту-көгалдандыруға - 769 бала, ақылы жұмыспен-50 бала,экскурсияға - 2277, аулалық клубқа - 1860 бала;

-мектеп жанындағы ыстық тамақсыз лагерьге (үйірмелерге)- 6840 бала. Яғни, барлық шаралармен 1-10 сынып аралығындағы оқушылар толық қамтылатын болады деп жоспарланған. Осы орайда, жазғы сауықтыру лагерьлеріне бірінші кезекте  жетім, ата-ана қамқорлығынсыз қалған, аз қамтылған, мүмкіндігі шектеулі және көпбалалы отбасы балалары және қолайсыз отбасы балалары мен құқықбұзушылықпен есепке алынған оқушыларды қамту басты назарда.

Аудандық білім бөлімі тарапынан жоспарланған осы мәліметтер төңірегінде біршама талқылаулар жүргізіліп, қорытындысында аудан басшысы аудан оқушыларының жазғы демалысын ұйымдастыруға барынша атсалысу қажеттігін ескертіп, соның ішінде, әсіресе, ауыл балаларына қолдау таныту керектігін тілге тиек етті. Осы бағытта тиісті сала басшылары мен қала, кент, ауылдық округ әкімдеріне нақты тапсырмалар жүктеді.

Арал ауданы әкімінің баспасөз қызметі

 


АРАЛДА ІТ МАМАНДАРЫМЕН КЕЗДЕСУ ӨТТІ PDF Print Email
Жаңалықтар - Халық-хабар
24.05.2018 16:25

Баршаға мәлім, Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың «Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері» атты Жолдауының басты бағыты – әлеуметтік дамудың барлық салаларына енетін экономиканың жалпы цифрландырылуы.

Осы орайда аудан әкімдігінің мәжіліс залында күні кеше аудан әкімі М.Оразбаевтың төрағалығымен «Цифрлы Қазақстан» бағдарламасын орындау мақсатында ІТ мамандарымен кездесу жиыны өткізілді.

Арнайы басқосуға аудандық дербес бөлімдер және қала, кент, ауылдық округ әкімдері және дербес бөлімдердің басшылары, денсаулық сақтау мен ішкі істер бөлімінің басшылары, мектеп директорлары, балабақша меңгерушілері және БАҚ өкілдері қатысты.

Жиынды ашқан аудан басшысы Елбасының елімізде перспективалы салаларды дамыту керектігін және цифрлық технологияны қолдану арқылы құрылатын жаңа индустрияларды өркендетуді міндеттеп отырғандығын, осыған орай, алдағы уақытта ауданның біршама салаларын цифрлық технологияға міндетті түрде көшіру қажеттілігі туындап отырғанын тілге тиек етті.

Осы орайда, аудан әкімдігі тарапынан «Қызылорда Транстелеком» акционерлік қоғамына ұсыныстар беріліп, соған сәйкес арнайы кездесу ұйымдастырылып, кездесуге «Транстелеком» акционерлік қоғамының коммерциялық директоры Ж.Ақмырзаев, ІТ сату қызметінің басшысы С.Текебаев, ІТ сату саласының бас менеджері Е.Шеген, ІТ сату жөніндегі инженері С.Қалиевалар арнайы қатысты.

Кездесу барысында «Транстелеком» қызметкерлері ауданға қажет деген өздерінің ІТ жобаларын ұсынды. Соның ішінде, ақылды бейнебақылаулар орнату жөніндегі ұсыныс бойынша ІТ мамандар «Кипот» (камера) жобасының тиімділігін түсіндіріп өтті. Сонымен қатар, қызметтік бағытта «Скут система» арқылы кадрлық әлеуетті қалыптастыру үшін смарт турникетімен смарт карта арқылы қызметкерлердің ғиамаратқа кіруі мен жұмыс орнына орналасуын автоматты түрде бақылау жүйесі жөнінде және ауданнан «Смарт» мектептерін ашуға байланысты жобаларын талдап өтті.

Арал ауданы әкімінің баспасөз қызметі

 


«АЛТЫН БАЛЫҚТАҒЫ» АЙМАҚТЫҚ СЕМИНАР PDF Print Email
Жаңалықтар - Халық-хабар
24.05.2018 16:21

Мектепке дейінгі тәрбие мен оқыту баланы жас және жеке мүмкіндіктеріне сәйкес жан-жақты дамытуға, адамгершілік нормаларды қалыптастыруға, әлеуметтік дағдыларға қол жеткізуге бағытталған білім беру жүйесінің негізі болып табылады. Соған сәйкес, әрбір педагог балаларды сапалы мектепке дайындауға бағытталған инновациялық әдістер мен технологияларды енгізу, балалардың денсаулығы мен психикасын нығайту, әрбір баланың жағымды көңіл күйін қамтамасыз ету мақсатында тиісті жұмыстар жүргізуі керек-ақ. Ол үшін ақпараттық-коммуникациялық технологияларды игерудің рөлі ерекше. Осы бағытта әрбір тәрбиеші инновациялық технологиялардың әдіс-тәсілдерін зерттейді, үйренеді әрі шығармашылық тұрғыда жан-жақты ізденісте болады.

Осы орайда Арал ауданында «5-6 жастағы  балаларды мектепке сапалы дайындауға бағытталған инновациялық әдістер мен технологияларды енгізу» тақырыбында семинар өткізілді.

Қызылорда облыстық оқу орталығының ұйымдастыруымен Арал қаласындағы «Алтын балық» бөбекжайындағы аймақтық әдістемелік семинар аталған ұжымның шығармашылық ізденістерін, жаңашыл бағыттарын насихаттау мақсатында ұйымдастырылды. Шараға Қазалы, Арал аудандарынан 50-ден аса педагог қатысты.

Аймақтық семинар өтпелі айлық тақырыпқа сәйкес «Әрқашан күн сөнбесін!» музыкалық прологынан бастау алды.

Шараны ашқан Қызылорда облыстық оқу орталығы директорының орынбасары Г.Дихамбаева баланы мектепте оқуға мақсатты түрде дайындау міндетінің маңыздылығына тоқталды. Мектепке дейінгі тәрбие мен оқытудың жаңартылған үлгілік оқу бағдарламасына сәйкес білім беру процесінің тиімділігін арттыру мәселелері, оның ішінде, заманауи әдістер мен технологияларды енгізу және қолдану, сауықтыру-шынықтыру шараларын жетілдіру, робототехника үйірмелерін ашу, балалардың іздену-эксперименттік әрекеттерін ұйымдастыру, педагогтардың кәсіби шеберліктерін арттыру бойынша жаңашылдық пен шығармашылық бағыттар семинар барысында көрсетіліп, талқыланатынын жеткізді.

Өз кезегінде сөз алған Арал аудандық білім бөлімінің басшысы С.Жанназарова Қазақстан Республикасында білім беруді және ғылымды дамытудың 2016-2019 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасында айқындалған міндеттерді жүзеге асыруда аудан көлемінде атқарылып жатқан жұмыстарға тоқталды.

Семинар барысында қонақтарға «Көңілді әуе шарлары», «Путешествие в страну Рисованию» кіріктірілген дене шынықтыру және сурет салу оқу қызметтері ұсынылып, кішкентай зерттеушілердің «Көбелек пен инелік» экология оқу қызметіндегі зерттеу жұмыстары, «Көңілді робот» үйірмесі таныстырылды. Сонымен қатар, ақпарат технологияларды қолдана отырып «Біз зерттейміз» тақырыбында және “Thigs I can do !” тақырыбында ағылшын тілі оқу қызметінде шеберлік сыныптары өткізілді. Сонымен бірге, тәрбиешілердің шығармашылық жұмыстары «Сұйық заттармен тәжірибе» және «Ғарыш. Жұлдыздар. Кеңістік» жобалары ұсынылды.

Семинар соңында қатысушылардың ұсыныс-пікірлері тыңдалып, аталған ұсыным қабылданды. Семинар қорытындысымен шығармашыл педагогтар арнайы сертификаттармен марапатталды.

Арал ауданы әкімінің баспасөз қызметі

 


ОЗЫҚ ОЙЛАР ОРДАСЫ PDF Print Email
Жаңалықтар - Саясат
24.05.2018 13:08

“Алдағы 30 жылда компьютер деген сөз ағылшын тілінде болмайды. Өйткені сіздің көзіңізге салатын интернет линзалар да пайда болуы мүмкін. Сіз көзіңізді жұмып, ашқан сәтте онлайн болуыңыз ғажап  емес”. Бұл – футуролог, физик Митио Какудың Астана экономикалық форумында айтқан сөзі. Мұндай интернетті ең алдымен кім қолданады? Емтиханға дайындалатын студенттер...

Жуырда Астана экономикалық форум­ы осындай ерекше идеялар мен тың тақырыптар алаңына айналды. Алқалы­ басқосуда ғаламдық маңызы бар мәселелер көтеріліп, түйіні тарқатылмаған түйткілдер сөз болды. Форум халықаралық сарапшылар, ғалымдар мен саяси және қоғам қайраткерлері, қаржы институттары, бизнес-қауым­дастық өкілдерінің пікірін бір арнада тоғыстыратындығымен ерекше. Мақсат тұтастығы, мүдделер бірлестігі. Адамзат баласына қажетті нәрселерді ғаламдық деңгейде тиімді пайдалана білудің тетігін іздеушілер бас қосты. Осылайша әлем елдерінен келген майтал­мандар өзара ой бөлісіп, пікір алмасты.

Ұлттық экономиканы цифрлан­дырудың игілігін Эстонияның бұрын­ғы Президенті Тоомас Ильвес айтты. Оның сөзінше, цифрлық экономикаға көшу үшін саяси ерік-жігердің маңызы­ зор. Сондай-ақ, ол желі қолданушыларының цифрлық сауаттылығын арттыру­, цифрлық қызмет көрсетуді дамыту­, ақпараттық қауіпсіздікті қамта­масыз ету қажеттігін сөз қылды. Ал Дүние­жүзілік сауда ұйымы бас дирек­торының орынбасары Алан Вольф болса, халықаралық электронды сауда жүйе­сін дамытудың қазіргі ахуалы мен перс­пективалары туралы көзқарасын жасыр­мады. Қазақстанның экономикасын дамытып, оны ары қарай өркендету үшін еліміздің көлік-транзит әлеуе­тін, агроөнеркәсіп кешені мен «Астана» халықаралық қаржы орталығының мүмкіндіктерін молайту қажет. Мұны Еуропа қайта құру және даму банкінің бірінші вице-президенті Юрген Ригтеринк атап өтті. Кез келген­ елдің гүлденуі сол елдің экономика­сына тікелей байланысты екенін ескерсек, бұл ретте Ю.Ригтеринк сөзінің жаны бар сияқты. Бейбітшілік саласындағы Нобель сыйлығының лауреаты Раджендра Кумар Пачаури ауа райы­ның әсерінен туындайтын мәселелерді тілге тиек етті. Оның ойынша, «жасыл» технологияларды дамыта,­ кеңейте түсу қажет. Бұл ретте Астанада өткен «ЭКСП­О-2017» мамандандырылған көрмесінің та­қырыбы мен оның нәтижелері­не ден қойды. «Жасыл» экономикаға көшу үшін баламалы энергия көздерін қолданудың тиімді тұстары көп» деді Бей­бітшілік саласындағы Нобель сыйлығының лауреаты Рае Квон Чунг.

Осылайша, озық ойлар ордас­ына айналған жиында Елбасы Н.Назарбаев қазіргі жаңа  заман жайлы  пікірін білдірді.

- Жаңадан текетірес, конфрантациялар пайда болуда. Мемлекет арасында келісімге келу қиындап бара жатыр. Әсіресе, үлкен мемлекеттер арасында. Өзара сенбеушілік, қарсыластықтың ұстанымын түсінуді қаламау жиі-жиi болуда. Бұл – әлем үшін өте күр­делі кезең, - деді Президент.

Мұнан соң мемлекет басшысы «Қазақстан халқы кез келген бастамаға сеніммен қарайтын оптимист» деді. Сондай-ақ жақын уақытта шикіза­ттық қуат көздеріне сұраныс азайып, баламалы энергия көздерінің заманы келе жатқанын айтты. Біздің ел енді 2030 жылға дейін пайдаланатын энергия қуатының үштен бірін судан, күннен, желден алуға көшуі мүмкін.

ХХІ ғасырды ақпарат ғасыры деп жүрміз. Цифрландыру­ға көшу жайлы да жиі айтылып жатыр. Ал ақпарат ғасырының алтын қағидасы – «ақпаратты иеленген әлемді билейді». Енде­ше, Елордада ғаламдағы үздік идеялардың кездесуін жақсылыққа жорысақ, ұтыл­масымыз  анық.

Ж.БАҒЛАН

 


СЕНІМ САЛМАҒЫ PDF Print Email
Жаңалықтар - Саясат
24.05.2018 12:48

2013 жыл. Елбасы Сыр елінің тумасы Қырымбек­ Көшербаевты Қызылорда облысының әкімі етіп тағайын­дады. Біраз жыл түрлі лауазымды қызметтерді атқарған ол бірден іске кірісті. Тәжірибенің аты – тәжірибе. Қателеспесем, сол жылы Қызыл­орда облысы Ұлттық бірыңғай тестілеуден төмен нәтиже көрсеткен еді. Бұрыс директор болса, дұрыс деңгейге жете алмайтының анық. Содан облыс әкімі сөзге келместен 25 мектеп директорын қызметтен босатты. Қырымбек Елеуұлының шалт қимылынан соң ел есеңгіреп қалды. Бұған дейін түкірігі жерге түспей тұрғандар сап тыйылды.

Бұрын-соңды мұндай «бәле» көрмеген көпшілік аң-таң. Бірде аймақ басшысы облыс активімен кездесуде «Мектеп директорларын қызметтен босатқаннан кейін Президент аппаратына біздің атымызға құлаш-құлаш арыз жазғандар да жеткілікті» дегені бар. Ал кеңейтілген отырыста «Халықпен скайп арқылы сөйлесуге болады. Бірақ елді аралап, мұң-мұқтажын тыңдап, көзбен көргенге не жетсін?! Бір ақсақал маған «мәселемізді шешпесең де, жылына бір рет келіп тұр» деп еді. Сол сияқты Сіздер де елмен етене араласыңыздар. Артымыздан жақсы сөз, жақсы­ із қалсын» деп әріптестерін жұмыла жұмыс істеуге шақырған-ды. Әуелгіде Қызылорданың тумасы­  туған  жеріне  осылай  тұрақтады.

Бес жылда біраз шаруаның беті қайтты. Аймақтың оңтүстігі мен солтүс­тігінде соны серпін пайда болды.­ Жаңақорғанда Шалқия кеніші, Аралыңызда атакәсіп жанданып, тұрғындардың тұрмысы түзеле бастады. Шиеліде цемент зауыты­ның, Қармақшыда құс фабрикасының, облыс орталығында шыны зауы­тының құрылысы қар­қын алды. Ең ерекше тоқталатын жайт, Қызыл­орда облысы «қара алтынға­» тәуелділіктен арылып, аграр­лы-инудстриялды аймаққа айналд­ы. Былайынша, бес жыл дегеніңі­з көп уақыт емес. Қарап отырсақ, бір атанға жүк болардай қыруар жұмыс. Ептілік, еңбек, қажыр-қайрат, күш-жігердің жұм­салатын  тұсы – осы.

Жер кіндігі саналатын Байқоңыр да біздің өңірде. Оның іргелес Ресейге жалға берілгені мәлім. Бұл мезет саяси сауаттылықты, іскерлікті талап ететіні сөзсіз. Дегенмен, қас-қабаққа қарамай, қатты айтатын да сәттер туын­дайтыны белгілі. Саясат – ағаш ат. «Жұлдызды қалашықтағы» жиындардың бірінде «Байқоңырды жалға бергенімен, халқын жалға берген жоқпыз­» дегені де ел есінде. Осы рет­те­ айта кетейік, Қырымбек Көшербаев Ресейде елшілік қызмет атқар­ған. Бүгінде Елеуұлы еңбек еткен елде аймақ басшысы өзі айтқандай «таба­ны­ құмға, маңдайы күнге күй­ген» біраз  жас  білім  алуда. Бұл да – саяси біліктіліктің  жемісі.

Жоғарыда бастау алған шаруалар бір төбе, ал Сырдарияның жаға­сында салынып жатқан жаңа қалашықтың құрылысы бір төбе. Ол туралы бұған дейін басылым беттерінде, телеарналарда аз айтылған жоқ. Ақмешітіңіз Алаштың алғашқы астанасы бол­ғанын ескерсек, бұл – заңдылық. Ал САРАТС-2 жобасының қайта қолға алынуы да аймақ басшысының орасан­  зор  еңбегі.

Осыдан үш жыл бұрын Елбасы Қызылорда облысына жасаған сапары­ аясында «Қырымбек Елеуұлы менімен 20 жыл қызметтес болды. Қызылордаға келіп, біраз шаруа бітірді. Берілген тапсырманы ұқыпты орындайды» десе, жақында ғана өткен үкіметтің кеңейтілген отырысында «әрине, Қырымбек Көшер­баевтың баяндамасынан кейін ол сияқт­ы баяндама жасау қиын. Оған жете алмай­сыңдар, әлі жассыңдар, оның  тәжірибесі  мол,  басшылықтың рөліне отырғанына көп уақыт болды» деп еңбегін бағалаған-ды. Жиырмасыншы мамырда Пайғамбар жасына жеткен Қырымбек Көшер­баевтың Елбасы Жарлығымен өкілеттігі  зейнеткерлік  жасқа тол­ған күннен бастап 2021 жылғы 20 мамырды  қоса  алғандағы мерзімге дейін ұзартылды. Бұл да болса сенім салмағын  еселей  түседі.

Біз өңірге Қ.Көшербаев келгелі басталған жобалардың бір парасын ғана сөз еттік. Еңбегіңіз жемісті болсын, Қырымбек  Елеуұлы!

Қозы  Көрпеш   ЖАСАРАЛҰЛЫ

 


АЙМАҚТЫҢ АЛЫМДЫ АСУЫ PDF Print Email
Жаңалықтар - Саясат
24.05.2018 12:19

Қара қыртыс қатпарының қойнауы шежіреден сыр  шертіп  тұратын Сыр елінің тарихи датасы 200 жылға жетті. Айналасы ен жайлау, жазық дала болғанымен, ұшқан құс, жүгірген аңнан бастап, дәстүрін сақтаған халыққа пана болып келе жат­қанына да осынша жыл. Туған жер топырағы егін және мал шаруашылығына қолайлы саналса да, кеңесті­к  дәуірдің өзінде индустриалды қала ретін­де­ бағаланды. Өйткені мұнда қатырма-картон зауыты­ мен аяқкиім фабрикасы орналасқан еді. Тәуелсіздік алған жылдары жаппай ыдырау бас­талғанда күріш пен мұнай өнеркәсібі өркендей түсті. Ал 200 жылдықтың тарихи парағын ашып отырған бүгінгі қала келбеті өзге шаһарларға үлгі боларлықтай дәрежеде.

Соны серпін, тың жоба, сәулетті құрылыс, қарқынды даму, логистикалық құрылым секілді өркендеу технологияларының барлығын Алаштың анасынан кезіктіру қиын емес. Сылаңдай ағып, дүрілдей таситын Сырдарияның жағалауында отырған қызылордалықтар үшін дариян­ың  сол  жағалауынан  ортағасырлық  шығыс­ үлгісіндегі тарихи өлкенің құрылысы жүруде. Мұнда алдағы уақытта мұражай, мектеп, бала­бақша секілді әлеуметтік нысандар бой көтереді. Ал «Рухан­и  жаңғыру» орталығының құрылысы аяқ­талып тұр, жақын арада ғимарат пайдалануға берілед­і. Бұл туралы аймақ басшысы Қырымбек Көшербаев Астана қаласындағы орталық коммуникациялар қызметінде «Қызылорда облысында «Рухани жаңғыру» бағдарламасын іске асыру туралы­»  тақырыбында берген баспасөз брифин­гінде  мәлімдеді.

- Сырдария өзенінің сол жағалауынан бой көтеретін жаңа қалада  әлеуметтік-инженерлік инфрақұрылым объектілерімен бірге жастар орта­лығы, Қазақ Орталық Атқару­ Комитеті ғимаратының бұ­рынғы­ үлгісіндегі музейдің құрылыс жұмыстары жүр­гізілуде. Қазақ Орталық Ат­қару комитетінің (КазЦИК) тарихи ғимаратында музеймен бірге Елбасының рухани жаң­ғыру бағдарламасынан туындайтын міндеттерді жүзеге асыратын арнайы ашылған аймақт­ық рухан­и жаңғыру Орталы­ғы орнал­асатын болады. Биылғы жылы Орталықтың үйлестіруімен бағдарлама аясында бір­неше мәдени-әлеуме­ттік және ғылыми-танымдық маңызды жобалар жүзеге асырылады. Сонымен бірге, Сырдария өзенінің  сол  жағалауынан IT-саябағымен бірге Жастар ресурстық орталығының жаңа ғимараты бой көтереді. Жаңа орталық жастардың жан-жақты даму мәселелерімен айналы­сатын бо­лады. Жас ұрпақтың бәсекелік қабілетін арттыру, ақпараттық және сандық технологияларды игеру, заман талабына сай зияткер ұрпақ тәр­биелеу – біздің негізгі міндетіміз, - деді облыс әкімі Қ.Елеуұлы.

Сондай-ақ, «Дарын» қосымша білім беру орталығының жанынан осы мін­детті орындау үшін облыстық «Сыр дарыны» білімділері академиясы (облыстық  бюджеттен        6,6 млн теңге бөлінді) және заман талабына сай мамандық­тарды игеру мақсатында сол жағалаудағы жаңа қалада облы­стық 400 орындық (300 орындық жатақханасы  бар) физика-математика мектеп-интернатын ашу көзделіп отыр. Қазіргі таңда қажетті қаражаты мен құрылысына байла­нысты ұйымдастыру-дайындық жұмыстары  жүргізілуде.

Тәу етіп, зиярат жасайтын киелі мекендерден кенде емес­піз. «Цифрлы Қазақстан» мемлек­еттік бағдарламасы және «Қазақстанның киелі жерлерінің географиясы» жо­басы аясында Қызылорда облысынан жалпыұлттық қасиет­ті нысандар тізіміне 12, өңірлік киелі нысандар тізіміне 35 тарихи-мәдени ескерткіш енгі­зілді. Интерактивті карта республикалық және жергілік­ті маңызы бар 150 ескерткішті қамтитын болады. Сондай-ақ, олардың ішінде Қазақ хандығының алғашқы астанасы – Сығанақ  қаласы мен өңірдегі 6 киелі орын – Жанкент, Сортөбе, Жент, Шірік-Рабат қалашықтары, Кердері кесенесі бар. Қызылорда облысының тарихи-мәдени мұра ескерт­кіштерінің 3D картасы 2018 жылдың 1 қарашасына дейін жасақталады.

«Сыр елі – жыр елі» десек, қазіргі таңда Аралда Нұртуған, оңтүстікте Нартай, Қармақшыда Жиенбай жырау мектебінің  өкіл­дері бүгінгі күнге дейін ұлттық өнеріміздің кенезесін кеп­тірмей келеді. Ықылымнан жеткен қисса-дас­тандар мен жырларды сақталған күйінде дәріп­теп келе жатқанына куәміз. Осындай ұлы өнердің тынысын  кеңейтіп, насихаттау үшін аймақта «Қазақ дәстүрлі өнер академиясын» ашу жоспар­лануда. Онда тек жоғарыда айты­лған үш мектеп ғана емес, қазақ даласына тиесілі­ жыршы-жырулардың мақамы тегіс оқытылады. Талап­керлер тест арқылы емес, өнерін сараптау арқылы оқуға түседі. Өйткені бұл – өнер. Бүгінде тиісті ұсыныстар Үкімет қарауына дайын­далу  үстінде.

Жаһандану үдерісіндегі талап­тардың дені ел президентінің «Рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласында айтылған. Әлемдік озық тәжі­рибелерге қол жеткізуге ұмтыла бергеннен гөрі, өзіміз соны ойлап табатын дәрежеге жетуі­міз  керек. Ол үшін сана ашықтығының атқаратын жұмысы көп. Бұл мақсатта талантты да талапты жастардың заманауи ілім-білімді игеруі, өркениет талаптарына сай болуы үшін барынша жағдай жасалуда. Бүгінгі күні 452 түлегіміз келісімге сәйкес Ресей Федерация­сы Үкіметінің бюджеті есебінен Мәскеу мен Санкт-Петербургтың беделді де белді инженерлік жоғары оқу орын­да­рында оқуда. Айта кету керек, біз – осындай білім беруді ұйымдастырған бірден-бір облыс­пыз. Осы жазда алғашқы 78  бітіруші түлек туған жерге оралып, елге қызмет етеді деп  сеніп  отырмыз.

- Егер маған «Қызылорда облысында төсіңізді қағып, мына көрсеткішпен мақтанамын деп айта алатын жетіс­тігіңіз қайсы?» деген сұрақ қойыл­са, облыс түлектерінің 97 пайызының жоғары оқу орындары мен колледждерге оқуға  түскенін  айтар  едім.  Бұл – мен үшін  үлкен  же­тіс­тік. Өйткені  маргинал  жастар тобы мен жұмыссыз жастар саныны­ң азаюына ықпал ететін фактор­, - деді аймақ басшысы.­

Жаңа жайлауға қоныстан­ған бір бай екі кедей жігітке құдық қаздырады. Құдық қазылып біткен соң жігіттер байдан ақысын сұрайды. Бай олардың біріне саулық, біріне қозы беред­і. Қозы алған жігіт оған наразы болады. Төле биге келіп шағым айтады. Төле байға құдық қазған екі адамның еңбегі бірдей екенін айтады. Бірақ құдық иесі өз дегенінен қайтпайды. Сонда Төле:

- Адамның екі көзінің, екі қолының  қайсысы  кем? - дейді байға.

- Ешқайсысының кемдігі жоқ. Екеуі де бірдей. Сөзіңізге жығылдым, биеке! Өкпелі жігітке қой берейін, - депті амалы  құрыған  бай.

Осы секілді әділетсіздік даула­рын сотқа жеткізбей шешеті­н «Сотсыз татуласу ортал­ығы» Қызылордада құрылып, пилоттық жоба жүзеге асуда.­ Ұлттық әдет-ғұрыптарымыз бен салт-дәс­түрлеріміздің сабын бұзбай сақтаған, рухани құндылық­тарын ұлықтаған халық, кезінд­е билер институты, ақсақалдар алқасы болған, шетке шыққанды шеттет­пеген, тентекті түзей білген ел ре­тінде осындай орталықтың болуын­ маңызды деп санай­тынын жеткізді аймақ бас­шысы.

Айтпақшы, еліміздің бас қаласы – Астана  қаласының  20 жылдық мерейтойына Қазақ АКСР-ның астанасы болған­ Қызылорда облысы ғарыш музейін­  тарту  етпек.

- Арал өңірін қалыпқа кел­тіру Елбасының бастамасы аясында жүзеге асырылды. Осындай маңызды бастаманы іске асырған мемлекет басшысына алғыс білдіру ретінде облы­стық бюджеттен 1,5 млрд теңге қаржы бөлініп, жаңа Астанамызға құрмет әрі Елбасыға алғысымыз ретінде Ел­ордада жаңа ғарыш музейін салаты­н болып шешім қабылдадық. Онда ғарыш техникалары орналасады. Сіздер әуежайдан қалаға бара жатқанда, оң жағыңызда «ЭКСПО-2017» көрмесіндегі шарды көресіздер ғой. Ал енді сіздер сол жағыңызда, яғни Тұран көшесінің бойында ұзындығы 70 метр болат­ын музейді көресіздер. Онда «Союз», «Платон», «Энергия», «Зенит», «Боран» ракеталары  орналасады. Сондай-ақ, ол жерде адамдар қыдырып жүретін алаң салынып, ақпараттық тақтайшалар орната­мыз. Бұйыртса, жобаны 1 шіл­деде бітіреміз, - деп  сөзін аяқтады  облыс әкімі Қ.Көшербаев.

Брифинг барысында аймақ басшысы Елбасының «Болашаққа бағдар: Рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласындағы бірқатар тапсырмалар мен міндеттер аясында атқарылып жатқан жұмыстар жөнінде толығырақ мәлімет беріп, алдағы мақсат-міндеттерге тоқталды. «Алдымызда ұлтымыздың тағдырын ойлаған ұлы істер күтіп тұр. Сол жолда бір болайық, бірге болайық! Рухани салада әрдайым ойымыз озық, санамыз сергек болсын!» деп әкім тікелей көрсетілімдегі баяндамасын түйіндеді.

Н.ҚАЗИ

 


БИЫЛ ҚАНША ОҚУШЫ ТЫНЫҒАДЫ? PDF Print Email
Жаңалықтар - Мәселенің мәнісі
24.05.2018 12:09

Әне-міне дегенше тағы бір оқу жылы артта қалды. Тоғыз ай бойы білім бәсекес­інде бағын сынағандар бір сәтке тынығуды ойлап жүр ме екен? “Ас­фальтта­ өскен” оқушылар үшін ауылдағы ата-әжесінің үйінен артық, жайлы демалыс орны табылмайтын шығар. Тиісінше­, даланың  қым-қуыт  тірлігінен шаршағандар  өре  түрегеліп  қаланы  бетке­  алады.  Бұл да – демалыстың  бір  түрі. Ал, облыс аумағында орналасқан лагерь­лерде  демалуды  мақсат  тұтқандар аз ба екен, көп пе екен?

Соңғысы сияқты­. Өйткені, осы жылы облыс бойынш­а  1-10 сынып  аралығындағы 140 500 баланың 136 200-і (2017 жылы – 128 966) жазғы тынығумен қамтылады деп күтілуде. Бұл барлық оқушылардың 96,9 пайызын құрайды. Өте жақсы көрсеткіш деуге болады. Өткен оқу жылын­да  аталмыш  көрсеткіш 95% болған­, өсім бар. Аймақта жазғы дема­лыс­  қала, аудан сыртындағы 9 лагерьде 7 ауысыммен ұйымдастырылады. Лагерьле­рдің 6-ауы жыл бойына үздіксіз жұмыс  істейді.

Аталған жазғы лагерьлер мен мектеп жанындағы лагерьлер де өз қызметін ағымдағы жылдың 1 маусымынан бастайды. Биылғы жылға облыс көлемінде балаларды дамыту, сауықтыру, білім беру, психотерапевтік, коммуникативтік қызмет көрсететін 485 мектеп жанындағы лагерьлер жұмыс істейді деп жоспарлануда.

- Облыстан тыс аймақтардағы орналасқан лагерьлерде мұнай компанияларының қолдауымен жетім және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған, көпбалалы және тұрмысы төмен, мүмкіндігі шектеулі отбасының балалары тынығатын болады, - деді Қызылорда облысы білім басқармасы басшысы Майра Тұрғанбайқызы өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте.

Жазғы тынығу кезеңінде балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында лагерьлердің басшылары, білім бөлімдеріндегі жауапты қызметкерлер сәуір айында “Балдаурен” республикалық оқу-сауықтыру орталығында жазғы кезеңдегі балалардың демалысын, сауықтырылуын және жұмыспен қамтылуын ұйымдастыру мәселелері бойынша біліктіліктерін арттырған. Бұдан бөлек, 2018 жылғы 24-27 сәуір аралығында облыстық қоғамдық денсаулық сақтау департаментінің мамандарымен бірге қала сыртындағы барлық лагерьлердің қызметкерлеріне түсіндірме жұмыстары жүргізілген. Сондай-ақ, Қызылорда облысының Төтенше жағдайлар департаменті лагерь басшылары мен орынбасарларына мамыр айында “Қауіпсіз жаз – 2018” түсіндірме сабақтарын өткізді. Мұның барлығы – балалардың демалысы жанға жайлы болуы үшін жасалған жұмыстар.

Осы орайда, облыс аумағында орналасқан лагерьлер туралы мәліметтерді назарларыңызға ұсынамыз.

Арал  ауданы. “Қамбаш” балаларды сауықтыру және қосымша білім беру орталығына жалпы қамтылатын бала саны – 980. 1 балаға жолдама құны – 32000 теңге. Ондағы ауысым саны – 7, ауысым ұзақтығы 10 күнге созылады. Әр ауысымда 140 бала еркін тыныға алады.

Қазалы  ауданы. “Шағала” лагеріне жаз мезгілінде жалпы қамтылатын бала саны – 875, әр ауысымда – 125 баладан, 10 күннен  7 ауысымға ауыстырылады. Жолдама құны 15000 теңгені құрайды.

Қармақшы ауданы. Ауданда балалар мен жасөспірімдердің жазғы сауықтыру демалыс орны 2006 жылдан бастап жоқ. Десе де, бұл олқылықты жою мақсатында Жосалы кентінде қыс-жаз мезгілдеріне арналған балалар лагері ғимаратының құрылысы жүріп жатыр.

Сырдария  ауданы. “Жалын” тынығу лагерінде жалпы қамтылатын бала саны – 910. 7 ауысымнан тұратын лагерьдің бір ауысымында 130 бала емін-еркін демала алады. Жолдама құны 16000 теңгені құрайды.

Жалағаш  ауданы. Аудандағы “Ақтерек” демалыс лагерінде жалпы қамтылатын бала саны – 402, онда 80 бала  5 ауысыммен демала алады. 10 күнге жолдама құны – 15000 теңге.

Шиелі ауданы.

Шиелі ауданы “Сыр ұланы” лагерінде жалпы қамтылған бала саны – 700, 100 бала бір ауысымда еркін тыныға алады.  10 күнге жолдама құны – 17500 теңге.

Жаңақорған  ауданы. Жаңақорған ауданының “Тау самалы” лагерінің ауысым ұзақтығы 10 күнді құрайды. 150 бала бір ауысымда тынықса, барлығы 1050 бала демалады деп жоспарлануда. Жолдама құны – 15000 теңге.

Қызылорда. Білім басқармасына қарасты “Облыстық олимпиадалар және қосымша білім беру орталығында” әр ауысымда 300 баладан, барлығы 1800 бала қамтылады деп жоспарланған. Жолдама құны 25000 теңгені құрайды.

Қызылорда қаласындағы “Сырдария” лагері. Жалпы, жаз бойы қамтылатын бала саны – 1050, бір ауысымда  150 бала қамтыла алады.  10 күнге жолдама құны – 15000 теңге.

Облыс орталығындағы “Арай-Санрайз” лагері “ПетроҚазақстан “Құмкөл Рессорсиз” АҚ-ның демеушілігімен 7 ауысымда, 180 баладан, 1260 баланы демалдыру жоспарлануда.

Оқушылардың биылғы тынығуы осындай дәрежеде ұйымдастырылып отыр. Жыл өткен сайын қай салада, қай істе болмасын, тәртіп күшейіп келеді. Тәртіптің күшейгені – бақылаудың күшейгені. Әрине, барлық лагерьлердің жағдайын көзбен көрген жоқпыз. Яғни, біз білмейтін кемшіліктер болуы да мүмкін. Біздікі лагерьлер жай оқушы демей, демалушыларға жоғары деңгейде қызмет көрсетсе, ата-аналар жазғы тынығу орындары туралы керекті мәліметтерді алса екен деген мақсат ғана.

Рыскелді   ЖАХМАН

 


БИЫЛ ДЕГЕН – 12 АЙ PDF Print Email
Жаңалықтар - Саясат
24.05.2018 12:05

Нұрлыбек  Нәлібаев,  қала  әкімі:

Былтыр қаладағы лагерьлерде ас-ау­қатқа байланысты келеңсіздіктер орын алғанға ұқсайды. Мұны балалардың жазғы демалыс уа­қытын тиімді ұйымдастыруға байла­нысты баяндама жа­сау­ға шыққан қалалық білім бөлімінің басшысы Ақарыс Нұрсейітов айтты. Мәселе демалыс лагерін тамақпен қамтамасыз ететін мер­дігерлер  тарапынан туындаған екен. «Биыл бұл бассыздықты болдырмаймыз» деп сендірді А.Дүйсенұлы. Жалпы, 2017-2018 оқу жылында 1-10 сынып аралығындағы 52835 оқушының 48777-сі жазғы кезеңде де­малыспен қамтылады деп жоспарлан­ған. Ал 11 мектепте күндізгі лагерьлер жұмыс  істемек.

– Облыс көле­міндегі тынығу лагерлеріне – 1561 оқу­шы, республикалық орталықтарда – 233 бала, республика көлеміндегі басқа да лагерьлерге – 1412 бала, шетелде ата-аналарымен және түрлі демалыс орындарына (курорт, санатория) 1534 бала дема­латын болса, қосымша оқу орта­лық­та­рына – 5045 оқушы, қалалық дене шынықтыру және спорт бөліміне қарасты «Қайнар»  спорт  клубының 49 нұсқаушысы жұмыс істеп, жазғы мезгілде 4845-тей мектеп оқушысы спорт секцияларына  тартылады, - деді қалалық білім бөлімі­нің  басшысы.

Ал қаладағы «Сырдария» тынығу лагері балаларды қабылдауға дайын ба? Қазір онда жөндеу жүргізіліп жатқан көрінеді. Ол жұмыстар 25 мамырға дейін толық тамамдалмақ. Сөйтіп, 1 маусым – Ха­лық­аралық балаларды қорғау күніне орай есігін ашпақ. Ақарыс Дүйсенұлы «аталмыш лагерьде ешқандай келеңсіз­діктер  жоқ»  деп  сендіргенімен, қала  әкімі  Нұрлыбек Нәлібаев  сонда  түсірілген бір­неше  фотосур­етті  көрсетті.

– Мынау сахна не істеп тұр?

– Нұрлыбек  Мәшбекұлы, бұл «апатты жағдайда» деп та­нылған.­

– Ақарыс Дүйсенұлы, ендеше неге бұзып тастамағансыздар? Болмаса, қалыпқа келтіріңіз. Ертең сонда тынығуға барған бала жазым болса қайтеміз? Оны да айту қажет пе? Шахмардан Асқарұлы (қала әкімінің орынбасары. – ред.), назарға алыңыз! - деді шаһар басшысы.

Жиын барысында қала әкімі жаз бойы балалардың қауіп­сіздігін қадағалау керектігін ескерт­ті де:

– Өткенде Астанада болған жайт естеріңізде шығар?! Балала­р ойнайтын батут жел­мен­ ұшып кетті. Ал Қызылорданың табиғатын білесіздер! Шынын­ айтқанда, біздегі батуттар ондай мықты емес ғой. Сондықтан тиісті сала басшылары осыны бақылауға алыңыздар! Демалыс паркінде жұмыс істейтін барлық кәсіпкерлерге ескертіңіздер! - деді.

Аппарат мәжілісінде Ақ­жарма ауылдық округінің әкімі Жұмабек Әлиевтің есебі тыңдалд­ы. Аталмыш округке Баймұрат батыр, Талдыарал, Құбас, Қалғандария елді мекендері қарасты. Халық саны – 2276 адам. Былтыр Ақжармаға бөлінген 45 млн теңге толықтай игерілген. Биыл бюджеттен 93 млн теңге қаржы қа­ралыпты.

– 2018 жылдың 1 қаңтарында  кәсіпкерлік  нысандар саны 93 болса, биылғы үш айда  жалпы саны 100-ге жетті. 2017-2018 жылдар  көлемінде 221 адам жұмыспен қамтылып отыр. 2017 жылдың соңындағы 398 өнімсіздердің қатары қазіргі күні 177-ге азайса, өнімділер саны 208-ден 221-ге артты. «Нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіп­керлікті дамыту­» бағдарламасы аясында Қызылорда облысының өңірлік инвестициялық орта­лығына  ауыл  тұрғындары 7 жоба ұсынып, оның бірінші кезек­те 6 жобасы мақұлданып, жалпы құны 25 млн теңге көлемінде  қаржыландырылды.  «Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау­»  қорына 15 жоба ұсынылды. Одан басқа «Сыбаға», «Құлан» бағдарламасына 3 жоба дайындалуда. Сондай-ақ, биыл 1120 гектар күріш, 90 гектар жаңа жоңышқа, 330 гектар ескі жоңышқа, 115 гектар картоп, 108 гектар көкөніс, 79 гектар бақша дақылдары егілуде,- деді Жұмабек Төлешұлы.

Ауылдық округте осыдан бес жыл бұрын пайдалануға беріл­ген білім ошағы бүліне баста­ған екен. Іргетасының сылағ­ы түсіпті. Бұл енді анау айтқандай мәселе тудырма­ғанымен, шенеуніктердің жауап­кершілігі жоқтығын дәлелдеп  бергендей.

– Ауылдық жерде бәрінің барат­ын жері мектептің айнала­сы ғой. Абаттандырып, сылағы түскен жерді тазалап қоюға  болады емес пе? Жұмабек Төлешұлы, біраз жыл облыс әкімдігінде қызмет еттіңіз. Тәжірибеңіз мол. Бәрін бақы­лауда ұстау қолыңыздан келеді ғой. Айтқызбай! Ал 2017 жылы «Сыбаға» бағдарламасы мүлде орындалмаған. Неге түсіндірме жұмыстары  жүргізілмеген? Біз де халық пен басшымыздың алдын­да есеп береміз,- деп шүйлікті  шаһар  басшысы.

Аталған  мектепке  қатысты шаруа онсызда атқарған жұмысы­  жиі  сыналып жүр­ген Ақарыс Дүйсенұлына тағы да таяқ боп тиді.

Нұрлыбек Мәшбекұлы аз уақытта тамамдалатын мәселені «биыл бітіремін» деп, созбал­аңға салып, уәдені үйіп-төгетін бөлім басшылары мен ауыл әкімдеріне қарата «Биыл деген – 12 ай. Берілген тапсырма уақытында орындалуы тиіс» деп шорт кесті.

Қала әкімнің төрағалығымен өткен отырыста кадрлық өзгерістер де болды. Бұған дейін қалалық тұрғын-үй коммуналдық шаруашылық және тұрғын үй инспекциясы бөлі­мінің басшысы қызметін ат­қарған Берік Сәрменбаев қала әкімінің орынбасары болып тағайындалса, Шиелі ауданы әкімінің орынбасары лауазымын атқарған Алмасбек Есмаханов қала әкімі аппаратының басшысы қызметіне келді. Айтпақ­шы, жиында шаһар басшысы кеткен кемшілікті қадағалауды тікелей сужаңа аппарат басшысына жүктеді. Шиеліден келген шенеуніктің тапсырылған шаруаны қалай тындыратыны алдағы уақытта белгілі  болмақ.

Қозы  Көрпеш   ЖАСАРАЛҰЛЫ

 



<< Бірінші < Алдыңғы 1 2 Келесі > Соңы >>

Күнтізбе

< Мамыр 2018 >
  1 2 3 4 5 6
7 8 9 10 11 12 13
14 15 16 17 18 19 20
21 22 23 25 26 27
28 29 30 31      

Сауалнама

Аса мәртебелі шенеуніктердің қылмысқа шатылып жатқандығы нені аңғартады?
 

Ауа райы

Валюта бағамы

Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі валюталардың ресми бағамдары