Өзекті мәселелер

  • 11.10.18

    Облыстық прокуратура әкімшілік істер бо­йынша қабылданған шешімдерді зерделеу барысында полиция қызметкерінің әкімшілік өндіріс материалдарын бұрмалау фактісін  анықтады.

    Нақтырақ айтатын болсақ, жергілікті полиция қызметінің полицейі Д.Амангелдіұлы қызметтік автокөлікпен кезекшілікте жүрген кезін­де қаладағы дүкендердің бірінің тұсында тоқтап тұрған «Hyunday Accent» маркалы авто­көлігі...

    Толығырақ...
  • 11.10.18

    КӘСІПКЕРЛІК –  ЖЕТЕКШІ   КҮШ

    Еліміздегі басты саяси құжаттардың қатарында «Қазақстан – 2050» страте­гиясы да бар. Ұзақ мерзімді дамуды бекіткен бұл стратегияда айтылған міндеттерді жүзеге асыру үшін орта мер­зімді кезеңге арналған мемлекеттің 2025 жылға дейінгі жоспарлау құжаты да айналымда. Бұл құжаттың басты мақсаттарының қатарында жеделдет...

    Толығырақ...
  • 11.10.18

    Жат діни ағымға еріп, адасу Әселдің жастық ғұмырының біршама жылдарын жалмады. Бойжеткен өміріне жағымды өзгеріс енетініне сенген. Дәл сол сенімнің «арқасында» ә дегеннен ештеңе түсіне алмады. Мұнысын жастыққа жарасатын аңғалдық дерсіз. Уақыт өте келе өзінің және жұбайының «роботқа» айналып бара жатқанын сезген ол көңіліндегі күмәнмен арпалысты. Рухани дертке ұшыра...

    Толығырақ...
  • 11.10.18

    Бауырлас он екі мүше,

    Бір анадан туғанмен,

    Әрекеттері әртүрлі...

    Бас – ақшаға тартып,

    Аяқ – басқаға тартып,

    Әуреге салды әркімді...

    ...
    Толығырақ...
  • 11.10.18

    Елуде еді өз жасым,

    Тыйылмады көз жасым...

    Жұмыс іздеп шығып ем,

    Киім-кешек тозғасын...

    ...
    Толығырақ...
Жұма, 25 Мамыр 2018

Қызылордада «Заңсыз келуші-2018» профилактикалық іс-шарасы кезінде көші-қон заңнамасын бұзған 1061 шетелдік анықталды PDF Print Email
Жаңалықтар - Халық-хабар
25.05.2018 17:52

Ағымдағы жылдың 21-24 мамыр аралығында облыс аумағында «Заңсыз келуші-2018» жедел-профилактикалық іс-шарасы өткізілді. Оған ОІІД-нің 289 қызметкері жұмылдырылды. Олардан 35 мобильді топтар құрылып, облыс аумағына келген шетелдіктердің көші-қон заңнамаларын бұзу деректерін анықтау, оларды әкімшілік жауапкершіліктерге тарту, іздеуде жүрген қылмыскерлерді анықтау мақсатында шетелдіктердің уақытша тіркелген мекенжайларын, салынып жатқан құрылыс нысандары, базарлар мен дәмханалар тексеріліп, рейдтік іс-шаралар жүргізілді.

Нәтижесінде көші-қон заңнамаларын бұзған Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодексінің 517-бабымен (Шетелдіктің немесе азаматтығы жоқ адамның ҚР халықтың көші-қон саласындағы заңнамасын бұзуы) 1061 шетелдік анықталды. Сонымен бірге, ҚР ӘҚБтК-нің 518-бабымен (Шетелдіктерді және азаматтығы жоқ адамдарды қабылдайтын жеке немесе заңды тұлғалардың ҚР-ның халықтың көші-қон саласындағы заңнамасын бұзуы) 49 ҚР азаматтары және ӘҚБтК-нің 519-бабы (Шетелдік жұмыс күшін және еңбекші көшіп-келушілерді ҚР заңнамасын бұза отырып тарту, шетелдіктің немесе азаматтығы жоқ адамның ҚР еңбек қызметін заңсыз жүзеге асыруы) бойынша 38 ҚР азаматына әкімшілік шаралар көрілді. Мемлекетаралық іздеуде жүрген 1 шетел азаматы анықталды. Өзбекстан Республикасының 49 азаматы республика аумағынан аластатылды. Жеке басын анықтайтын құжаттары жоқ 42 азамат ҚІІБ-ның қабылдау-тарату орнына жеткізілді.

Бұл жұмыстар күнделікті өз жалғасын табуда.

Қызылорда ОІІД баспасөз қызметі

 


Зиянкестермен күрес басталды PDF Print Email
Жаңалықтар - Халық-хабар
25.05.2018 17:47

Өсімдік зиянкестеріне қарсы биыл қандай әдістер қолданылмақ? Қандай техника жұмылдырылады? Бұл туралы бүгін аумақтық инспекция ғимаратында өткізілген аймақтағы фитосанитариялық жағдайды жақсарту және шегірткелерді улау жұмыстары бойынша семинарда жан-жақты талқыланды. Алғашқы болып сөз тізгінін алған ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігі Мемлекеттік инспекция комитетінің Қызылорда облыстық аумақтық инспекциясының басшысы Еркебұлан Бекжанов аймақтағы шегірткелердің қазіргі ахуалы туралы тарқатты.

Қазіргі таңда шегірткелер 2 жасқа келіп отыр. Біз оларға өңдеу жүргізіп жатырмыз. Барлық мәселелер шешілген. Жұмыстар өз деңгейінде, жоспарға сәйкес жүргізілетін болады. Өткен жылмен салыстырғанда биыл техникалардың санын көбейттік. Оның ішінде авиатехникалардың саны артты. 2017 жылы көбіне жер агрегаттарын қолданған болатынбыз. Өйткені біздің жеріміздің көбі құмды, барханды болып келеді. Соған байланысты техника бара алмайтын жағдайлар болды. Сондықтан бүгінгі таңда жеңіл ұшақтардың санын көбейтіп отырмыз, - деді Е.Бекжанов.

Биыл облыс бойынша ерекше қауіпті шегіртке зиянкестеріне қарсы 144 392 гектар жерде өңдеу жұмыстары жүргізіледі. Атап айтар болсақ, италиялық прусқа қарсы – 65 543 гектар. (Арал – 44,1 мың гектар, Қазалы – 10,5 мың гектар, Қармақшы – 0,7 мың гектар, Жалағаш – 9,2 мың гектар, Сырдария – 1,0 мың гектар). Ал азиялық прусқа қарсы – 78 849 гектар. (Арал – 17,8 мың гектар, Қазалы – 10,8 мың гектар, Қармақшы – 6 мың гектар, Жалағаш – 9,5 мың гектар, Сырдария – 6,6 мың гектар, Шиелі – 16, 9 мың гектар, Жаңақорған – 7,1 мың гектар, Қызылорда қаласы – 4 мың гектар). Аталған өңдеу жұмыстарын мамырдың 27-сінен маусымның 25-і аралығында жүргізу жоспарлануда. Осы жылы өңделетін жер көлемі былтырға қарағанда 8 933 гектарға немесе 6 пайызға азайып отыр. Ерекше қауіпті шегіртке зиянкестеріне қарсы республикалық бюджет есебінен бөлінген пестицидтер Қызылорда қаласына жеткізілді. Олар тиісті аудандарға бөлініп берілетін болады. Химиялық өңдеу жұмыстарына барлығы 25 техника қатыстырылады. Олар – 14 арнайы жер агрегаттары, 1 дана аэрозолды генераторы, 4 жеңіл ұшақ (дельтоплан), 2 ұшақ және 4 дана арқалайтын моторлы бүріккіштер. Химиялық өңдеу жұмыстарын «ЗапКазФумигация» ЖШС, «Авия компания Дельта-юг» ЖШС, ЖК Ақкөзов, «НАК КазАвия» ЖШС жүргізбек. Зиянкес организмдерге қарсы қыруар қаржы бөлінген.

– Ағымдағы жылы егілген ауыл шаруашылық дақылдарынан кепілді өнім алу үшін дақылдардың зиянкестеріне қарсы күрес өте маңызды шаралардың бірі болып табылады. Әрине, егілген егінге жау көп. Онда арамшөптер бар, түрлі зиянкестер бар. Солардың барлығымен біз күресуге тиістіміз. Бүгінгі өткізіліп отырған семинар-кеңес ауыл шаруашылығы дақылдарының зиянкестерімен күресу болып отыр. Әсіресе, саяқ шегіртке, күріштің жағалаулық шыбынынан қорғану – біздің міндетіміз. Аудандармен бірігіп осы бағыттағы жұмыстарды ұйымдастыру. Бұл жерде ең қауіптісі – саяқ шегіртке. Екі зиянкеске қарсы химиялық өңдеу жұмыстарын 73 мың гектарға жүргізгелі отырмыз. Оның ішінде 5 мыңға жуығы жағалаулық шыбын болса, қалғаны – саяқ шегіртке. Осыған байланысты өткен жылдан бастап аудан, одан кейін диагностикалық орталықтардың берген мәліметіне сәйкес жұмыстар атқарылды. Биыл өңдеуге 95 миллионға жуық қаржы бөлініп отыр. Енді осыған байланысты барлық аудандарда, Қызылорда қаласын қосып есептеген кезде жұмыс істейтін комиссиялар құрылды, - деді облыстық ауыл шаруашылығы басқармасы басшысының орынбасары Омархан Пашкенов.

Ал Қазақ өсімдік қорғау және карантин ғылыми зерттеу институты бас директорының ғылым жөніндегі орынбасары Бахытжан Әлішерұлы егістікте туындайтын түйткілдерді тілге тиек етті. Оның сөзінше, саяқ шегірткелерге қарсы күресте биологиялық препараттарды қолданбақ. Себебі Қызылорда халқы Сырдария өзенінің бойында орналасқандықтан, мақталы аумақтан өзен арқылы химикаттар келеді. Сонда экологиялық аумақ тұрғындарының улануы еселенуі мүмкін. Сол үшін улы химикаттардың орнына биологиялық препараттарды қолдануды ұсынған. Бұл туралы ол:

–Биыл біз саяқ шегірткелерге қарсы отандық биологиялық препараттарды енгізу тақырыбында үлкен жұмыстарды қолға алмақпыз. Қызылорда қаласына қарасты Абай ауылында күріштік алқапта былтыр саяқ шегірткенің күрт өсіп, сол күріштікке өзінің зияндылығын тигізген болатын. Биыл да осы жер таңдалып отыр. 100 гектар аумақта өзіміздің биологиялық препаратымызды сынақтан өткіземіз. Фермерлерге препараттардың пайдасын іс жүзінде көрсетпекпіз, - деді.

Былтыр көршілес Оңтүстік Қазақстан және Жамбыл облыстарында марокколық шегірткелер күрт дамып, шаруалардың алқаптарын жойып, шығынға ұшыратқаны белгілі. Соған қатысты ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігі Мемлекеттік инспекция комитетінің қатысуымен болған жұмыстарға, яғни ұтып алған мердігерлердің уақытында жұмыс жүргізбегендіктен, олар ересек фазаға өтіп, яғни ұшып, көптеген алқаптарға шығын келтірген болатын. Осындай проблеманы туындатпас үшін облыс әкімі Қ.Елеуұлы да сала мамандарымен кездесу өткізген. Ал бұл семинар-кеңес сол бастаманың жалғасы. Егінжай ерлерінің еңбегіне залал келмес үшін атқарылар шаруа шаш етектен. Жиын барысында алдағы жоспарлар нақтыланып, мақсат белгіленді. Қалғаны – уақыттың еншісінде.

Ж.Қойшыбекова

 


ЖҮЗ ЖЫЛДЫҚ МЕРЕЙ Һәм соңғы қоңырау сыңғыры PDF Print Email
Жаңалықтар - Халық-хабар
25.05.2018 13:51

Бүгінде еліміздегі барлық орта мектептердегі бітіруші түлектер оқу жылын аяқтап, балғын балалық шақтарымен қоштасып, жаңа өмірге қадам басуда. Олар үшін қоңыраудың сыңғырлаған үні соңғы рет соғылуда. Ал қаламыздағы №1 Қ.Мұхамеджанов атындағы мектеп-гимназиясының түлектері биыл білім ошағының 100 жылдық мерейтойын қоса тойлады. Сондай-ақ Қызылорда қаласының – 200, Астана қаласының 20 жылдық мерейлі мерекесімен қатар келген соңғы қоңырау олар үшін естен кетпес естелік болары анық. Осыған байланысты айтулы күні мектеп бітіруші түлектерді қала әкімі Н.Нәлібаев арнайы келіп, құттықтады.

Дәл қазіргі сәтте қаламызда 2141 түлек жаңа өмірге жолдама алуда. Олардың ішінде мектеп табалдырығында алған білімін жетілдіру және ертеңгі күні мемлекетіміздің дамуына септігін тигізер мамандық иегері атансам деген асқақ ниетпен 1725 түлек Ұлттық бірыңғай тестілеуде бағын сынамақ. Осы түлектеріміздің ішінен 96 түлегіміз – «Алтын белгіге», 104 түлегіміз – «Үздік аттестатқа» үміткер. Қазір білім санмен емес, сапамен өлшенетін уақытқа айналды. Осы уақытта қала мектептерінің материалдық-техникалық базасын нығайту, білім беру сапасын арттыру, жаңа технологияларды ендіру бағытында ауқымды жобалар жалғасуда. Атап айтқанда, жыл сайын жаңа білім ошақтары мен балабақшалар пайдалануға беріліп, қала мектептері жаңа оқулықтармен толық қамтамасыз етіліп келеді. Жыл сайын қала бюджетінің басым бөлігі білім саласын дамытуға бағытталуда. Осының барлығы – сіздердің келешекте бәсекеге қабілетті білікті маман болып қалыптасу үшін жасалып жатқан нақты шаралар. Атқарылған жұмыстар мен ұстаздарымыздың тынымсыз еңбектерінің арқасында былтырғы жылы 1739 түлектің ішінен 581-і мемлекеттік грант иегері атанып, 107 түлек «Алтын белгі», 102-сі «Үздік аттестат» иегерлері атанды. Нәтижесінде ҰБТ қорытындысымен Қызылорда облысы үздіктер қатарынан көрінді. Мұнан бөлек ең үлкен жетістіктеріміздің бірі – 2014 жылдан бастап аймақ басшысы Қ.Елеуұлының тікелей қолдауымен Қызылорда қаласынан 146 мектеп бітіруші Ресей Федерациясының беделді оқу орындарында білім алуда. Биыл осы жастарымыздың ішінен 64 түлек оқуын аяқтап, алған білімі мен жинаған тәжірибесін туған жерді түлетуге жұмсап, елдің ертеңі үшін қызмет ететін болады. Құрметті түлектер, бүгінгі жас – ертеңгі ел болашағы. Сондықтан әрдайым сын сағаттан сүрінбей өтіп, армандаған мамандықтарыңыздың иегерлері атануға шын жүректен тілектеспіз,- деді.

Биыл ғасырлық мерейтойын тойлағалы отырған аталмыш білім ошағының іргесі 1918 жылы мұсылман ерлер мектебі ретінде қаланған. Жүз жылдық тарихында білім нәрімен талайды сусындатқан білім ұясы халық құрмет тұтқан талай тарлан тұлғаларды түлетті. Олардың ішінде мемлекет қайраткері, белгілі академик Ш.Есенов, сөз зергері, жазушы-драматург Қ.Мұхамеджанов, медицина саласының майталманы Т.Маханов, қоғам қайраткері Ә.Бәкір сынды айтулы тұлғалар бар. Солардың бірі 1956 жылғы түлек Тұрғанбай Маханов бүгін арнайы келіп, ұстаздар мен оқушыларды мерейтойларымен құттықтады.

Әрине, бүгінгі күннің ерекшелгі 100 жылғы соңғы қоңыраудың куәсі болып тұрмыз. Бұл есте қалатын күн деп есептеймін. Осы жылдары бұл мектептен мемлекет, қоғам қайраткерлері, министрлер, жазушылар, еңбек майталмандары шыққан. Жаңа айтып кеткендей, қаламызда 54 мектеп бар болса, бұл білім ұясы сол мектептердің қарашаңырағы деп есептелінеді. Шығыстың ойшылы Ж.Баласағұни айтып кеткен, «Ақыл – шырақ, сауатыңды ашады, білім – жарық, саған нұрын шашады» деп. Сондықтан құрметті жас түлектер, егемен еліміз жас мамандар келеді деп күтіп тұр. Ал жақсы маман болу үшін білім керек. Білім нәрімен сусындап, биік белестерді бағындыруларыңа тілектеспін. Сонымен қатар, Н.Мәшбекұлы, менің екі өтінішім бар. Биылғы 100 жылдыққа жан-жақтан көптеген бітіруші түлектер келеді. Ал енді мен құрылысқа біртабан жақын болғаннан кейін байқаймын, мектепке әлі бірсыпара дайындықтар керек екен, жөндейтін жерлері бар көрінеді. Осыған бір зер салсаңыз. Екінші, мектептің жүрегі де тірегі де ол –  мұғалім. Сондықтан осы мерейтой қарсаңында ұстаздарға қала, облыс, республика көлеміндегі марапаттар көп болса екен,- деп Тұрғанбай Маханов өз тілегі мен өтінішін жеткізді.

Қ.Мұхамеджанов атындағы №1 мектеп-гимназиясы мұғалімдерінің біліктілігінің арқасында биылғы оқу жылында 3 оқушы халықаралық, 5 оқушы республикалық байқаулардың жеңімпазы мен жүлдегерлері атанып отыр. Сондай-ақ 3 «Алтын белгі» мен 5 «Үздік аттестат» үміткерлері ұстаздардың үміттерін алдағы үлкен сынақта ақтайтын болады. Солардың бірі – мектеп-гимназиясының 11 «ә» сыныбының оқушысы Көркем Шәмші.

Біз мектебіміздің 100-інші жылғы түлегі екенімізді мақтаныш етеміз. Елордамыздың, туған қаламыздың көз алдымызда көркейіп, күннен-күнге керегесін кеңге жайып келе жатқаны – біз үшін мақтаныш. Біз де туған қаламыздың, туған жеріміздің гүлденуі үшін білім аламыз, еңбек етеміз. Дамыған 30 елдің қатарына енгелі отырған Қазақстанның болашағы үшін бар күш-жігерімізді оқу, білімге арнаймыз. Талантқа қанат бітіретін сезім емес, сенім дегендей, сіздің Сыр түлектеріне артқан үкілі үмітіңізді ақтаймыз деп сенім білдіреміз. Осы сәтті пайдалана отырып, өзіміздей білімді ізбасарларымыз 10-сынып оқушыларына білім мен өнерде үнемі 1-орында болыңдар,- деп тілегін білдірген К.Шәмші 100 жылдық аманат пен мектеп-гимназия туын салтанатты түрде табыстады.

Мұнан кейін 1-сыныпты аяқтаған балдырғандар бітіруші түлектерге арнап өздерінің таппақтары мен құттықтауларын айтты. Сондай-ақ мектеп түлектерінің «Ұстазым» әні хормен орындалып, соңғы қоңырау соғылды.

Ж.ЖҮНІСОВА

 


СОЛ ЖАҒАЛАУДАҒЫ НЫСАНДАРДЫ ЭЛЕКТР ҚУАТЫМЕН ҚАМТУ ҮШІН ҚОСАЛҚЫ СТАНЦИЯНЫҢ ҚҰРЫЛЫСЫ АЯҚТАЛДЫ PDF Print Email
Жаңалықтар - Халық-хабар
25.05.2018 13:07

Сырдарияның сол жағалауындағы тұрғын үйлер мен әлеуметтік-мәдени нысандарды электр қуатымен қамту мақсатында қуаттылығы 32 мВт жабық трансформаторлық қосалқы станциясының құрылысы салынды.

Естеріңізге сала кетейік, сол жағалаудағы бірінші кезекті нысандарды үздіксіз жарықпен қамту мақсатында 2017 жылдың шілде айында жалпы қуаттылығы 32 мВт 3 күштік трансформаторы бар қосалқы станцияның құрылысы басталған еді. «Бұл көлем жаңа қаланың нысандарын электр қуатымен қамтамасыз ету үшін жеткілікті»,- дейді мамандар.

Өрт қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін қосалқы станцияны жабық түрінде, кірпіштен салып, артық кернеуге төзімді әрі құрамында май болмағандықтан экологиялық таза құрғақ трансформаторлар пайдаланылған. Сондай-ақ, қосалқы станция ылғалдылық әсерінен қорғалған әрі пайдалану шығындары аз, дыбыс және вибрация деңгейі төмен және сандық технологиялардың көмегімен басқарылады.

Облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасының басшысы Медет Усаиннің айтуынша, нысанда заманауи қауіпсіз технологиялар мен материалдар қолданылады.

-Нысанның құрылыс материалдары мен элементтері қолдануда ыңғайлы әрі қауіпсіз және Цельсий бойынша -40 пен + 40 градус температурасында жұмыс істейді, ол біздің ауа райында өте маңызды шарт. Трансформаторлардың сырты өртенбейтін материалдардан жасалғандықтан, өрт шығуға жол бермейді және сыртқы от көзі салдарынан басталған өртте улы газ шығармайды. Сондай-ақ, қосалқы станция ылғалдылық әсерінен қорғалған әрі пайдалану шығындары аз, дыбыс және вибрация деңгейі төмен және сандық технологиялардың көмегімен басқарылады. Мұнда диспетчерлік басқару, байланыс каналдары арқылы телеақпарат жіберу және электр қуатын тұтыну есебі қарастырылған, - деп мәлімдеді Медет Усаин.

Облыс әкімінің баспасөз қызметі

 


ОБЛЫСТАҒЫ ШЕТЕЛДІК КОМПАНИЯ СЫБАЙЛАС ЖЕМҚОРЛЫҚҚА ҚАРСЫ PDF Print Email
Жаңалықтар - Халық-хабар
25.05.2018 13:02

«ҚазГерМұнай» ЖШС шетелдік компаниясының «Ақшабұлақ» және «Нұралы» кен орындарында компания ұжымымен кездесулер өткізілді.

Кездесу барысында Қазақстан Республикасының Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі Қызылорда облысы бойынша департаментінің бас маманы А.Сәлімжан сыбайлас жемқорлыққа қарсы тұрудағы мемлекеттік саясатының басым бағыттарына, Сыбайлас жемқорлыққа қарсы 2015-2025 жылдарға арналған Стратегияның мақсаттары мен міндеттеріне тоқталып, сыбайлас жемқорлық әрекеттердің зардаптары мен жауапкершілігін түсіндіріп өтті.

Сонымен қатар, Агенттіктің бастамасымен қолға алынып жатқан «Қоғамдық бақылау картасы» жобасы туралы кеңінен түсіндірме берді.

Кездесу қорытындысымен департаменттің бас маманы А.Сәлімжан компания ұжымын сыбайлас жемқорлыққа қарсы тұруда белсенділік көрсетуге шақырды. Сондай-ақ, аталған кен орындарында қоғамдық қабылдаулар өткізіліп, оған келген азаматтарға заң аясында жауаптар берілді.

Департаменттің баспасөз қызметі

 


ДАРЫНДЫ ЖАС - ЕЛ БОЛАШАҒЫ PDF Print Email
Жаңалықтар - Халық-хабар
25.05.2018 12:55

Сәрсенбі күні дарынды оқушыларды қолдау мақсатында облыс әкімі Қ.Көшербаевтың 2017-2018 оқу жылында жалпы білім беретін пәндер бойынша Халықаралық, Республикалық олимпиадалар мен ғылыми жоба конкурстарының жеңімпаздарымен кездесуі өтті.

Биыл облысымыздың дарынды оқушылары Президенттік, Республикалық және Халықаралық олимпиадалар мен ғылыми жоба конкурстарына қатысып, 44 оқушы 46 жүлделі орындарды иеленді.

Кездесуде облыс әкімі Қ.Көшербаев бәйгелерден оза шауып, сынақтардан сүрінбей өткен, облысымыз бен еліміздің мәртебесін асқақтатып келген жеңімпаздарға арнап ізгі тілегін білдірсе, оқушылар көкейлерінде жүрген сұрақтарын қойып, еркін тақырыпта пікір алмасты.

Сонымен қатар, Халықаралық, Республикалық олимпиадалар мен ғылыми жоба конкурстарында жеңімпаз атанып, білім сайыстарында жоғары дәреже көрсеткендері үшін оқушылар «Сыр Дарыны» медалімен марапатталып, облыс әкімінің алғыс хаты табысталды.

Кездесу соңында оқушылар білім кеңістігінде үлкен асуларға шығуына қолдау көрсетіп отырған аймақ басшысына алғыстарын білдіріп, естелік суретке түсті.

Облыстық білім басқармасының баспасөз қызметі

 


«Қызыл түске киін!» ұранымен акция ұйымдастырылды PDF Print Email
Жаңалықтар - Халық-хабар
25.05.2018 12:43

Облыстық жастар денсаулығы орталығының ұйымдастыруымен А.Тоқмағамбетов атындағы қалалық мәдениет үйінің алаңында салауатты өмір салтын қалыптастыру және қан айналымы жүйесі ауруларының алдын алу жөніндегі «2018-2021 жылдарға» арналған облыстық іс-шаралар жоспары аясында «Қызыл түске киін!» ұранымен кең ауқымды акция өткізілді.

Бүгінгі таңда жыл сайын әлем бойынша 17,5 миллион адам жүрек-қан тамырлары ауруларынан көз жұматындығы туралы ресми дерек бар.

Сол себепті де акция облыс тұрғындарының назарын өлім-жітімнің негізгі себептерінің бірі болып табылатын жүрек-қан тамырлары ауруларының алдын алуға, уақытылы дәрігерлік тексерулерден өтуге, денсаулықты нығайтуға мән беруге шақыру мақсатында ұйымдастырылды.

Қызыл түске киінген жастардың флешмоб биінен кейін, облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Ақмарал Әлназарова сөз сөйледі.

Акция бастамашылары - облысымыздың түрлі салаларының белсенді азаматшалары. Олардың негізгі идеясы - қызыл түске киініп, облыс тұрғындарын саламатты өмір салтын ұстануға, жүректерін қорғауға, денсаулық туралы ойлануға және ұзақ та бақытты өмірге қадам жасауға шақыруға бағытталған. Қызыл түсті киім - бұл дабыл белгісі. Акция ұйымдастырушылары қызыл түсті киім кию арқылы қызылордалықтарды жүрек-қан тамыры ауруларына және олардың даму қаупіне назар аударуға шақырады.

Әйел-Ана - отбасында өзінің, сонымен бірге, жақындарының денсаулығына, дұрыс тамақтануына, спортпен айналысуына немесе зиянды әдеттерден бас тартуына ұйытқы болатын басты тұлға. Сондықтан да бүгінгі іс-шараның басты қатысушылары да – қыз-келіншектер, әйел-аналар.

Акция барысында қатысушыларға фото-көрме өткізіліп, медициналық қалашықта Қызылорда қалалық ауруханасының терапевт, невропатолог дәрігерлері мен емхана дәрігерлері тұрғындардың қан қысымын, қант, холестерин мөлшерін өлшеп, дәрігерлік кеңес берді

Сонымен қатар денсаулық жәрмеңкесі мен денсаулық сабақтарында да тұрғындардың назарына әдістемелік ақпараттар мен пайдалы кеңестер ұсынылды. Бұл акция облыс орталығынан бастау алып, барлық аудандарда, ауылдар мен елді мекендерде жалғасатын болады.

Қызылорда қалалық ауруханасының баспасөз қызметі

 


Күнтізбе

< Мамыр 2018 >
  1 2 3 4 5 6
7 8 9 10 11 12 13
14 15 16 17 18 19 20
21 22 23 24 26 27
28 29 30 31      

Сауалнама

Аса мәртебелі шенеуніктердің қылмысқа шатылып жатқандығы нені аңғартады?
 

Ауа райы

Валюта бағамы

Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі валюталардың ресми бағамдары