Өзекті мәселелер

  • 09.08.18

    Ел іші ешқашан даусыз болмаған. Бұрында да ренжісіп, жер, жесір дауы үшін бір-бірімен араздасқан адамдар өмір сүрген. Әсіресе, жайылымдық жер үшін таласып, бірінің малын екіншісі қуып шыққан сәттер әдебиеттерден белгілі. Алайда ол кезде қазіргідей сот билігі болмаса да, ата-бабаларымыз шыңыраулы түрмесіз-ақ сол дауды бейбіт жолмен шешіп, екі тарапты бір ауыз сөзбен татуластыра білг...

    Толығырақ...
  • 09.08.18

    Біздің «Алдымен экономика, cодан  соң  саясат» деген­ айқын  формуламен ілгерілеп келе жатқанымызды мемлекет басшысы ай­қындап берген. Саяси реформалардың әрбір кезеңі эко­номика дамуы­ның  шекті  деңгейімен ұштасады. Сондықтан да біз саяси ырықтандыру жолын дәйекті ұстанудамыз. Осылайша халықтың рухани қазынасын жаңғыртып, оны бәсекеге қабілетті етуге қол жеткіземіз. Ал білі­мі мен білігі сай ...

    Толығырақ...
  • 09.08.18

    Бас шаһардың әр бұры­лысында жер қазылып жат­қандығын байқаған шығарсыз. Шыны керек, облыс ортал­ығында жыл сайын осындай шаруалар шығады да тұрады. Бұған наразы тұр­ғындар жергілікті билікті сынап­ әлек. Бұл мәселенің мәнісі былай екен. Оны қала әкімі Нұрлыбек Нәлібаевпен бірге бірқатар құрылыс нысандарын  аралау  барысында біліп  қайттық.

    ...
    Толығырақ...
  • 09.08.18

    Өткен жұмада республикалық Қоғамдық кеңес төрағасы, ҚР Парламенті Сенатының депутаты Бақытжан Жұмағұлов пен «Нұр Отан» партиясының хатшысы Фархад Қуанғанов бас­таған делегация Сыр өңіріне жұмыс сапары­мен келді. Олар бірқатар ны­сан­дарды аралап, мемлекет басшысының 5 әлеуметтік бастамасының жүзеге асыры­лу  барысымен  танысты.

    ...
    Толығырақ...
  • 09.08.18

    Н.НӘЛІБАЕВ,  қала  әкімі:

    Қала әкімдігінің мәжіліс залында өткен кезекті жиында екі мәселе қаралды. Әуел­гісі Қызылорда қаласының жылу маусымына дайындығы туралы болса, екіншісі кент және ауылдық округтердегі 4-деңгейлі бюджеттің орындалу  барысына  арналды. Қала әкімі Н.Нәлібаев аппарат мәжілісіне арқау болған тақырыптарды айт...

    Толығырақ...
Сәрсенбі, 30 Мамыр 2018

ҚОЛАЙСЫЗ АЙМАҚ ҚАТАРЫ АРТҚАН PDF Print Email
Жаңалықтар - Мәселенің мәнісі
31.05.2018 11:54

Облыс көлемінде Конго-Қырым геморрагиялық қызбасынан эпизоотологиялық-эпидемиялық ахуал тұрақсыз болып отыр. Сонымен қатар жыл басынан бері КҚГҚ-нан қолайсыз елді мекендер саны 117-ден 127-ге көбейген. Бұл туралы өңірлік коммуникациялар қызме­тінде өткен баспасөз брифингінде айтылды. Мамандардың сөзінше, күн жылыған сайын кене­лердің белсенділігі жоғарылайтын көрінеді. Бұрын бұл жайттар тек облыстың оңтүстік өңі­рінде (Шиелі, Жаңа­қорған) байқалса, соңғы 2 жылда Қармақшы, Қазалы, Арал аудан­дарында кенелердің жұқпалылық деңгейі өскен.

– Былтырғы жылдың осы кезеңінде 565 кене шағу дерегі тіркеліп, 1 адам  ажал  құшса, жыл басынан бері 428 адам медициналық кө­мекке жүгінген. Облыста 264 елді мекен болса, соның 48 пайызы қолайсыз аймақ­тар қатарына еніп отыр. Бізде Конго-Қырым геморрагиялық қызбасын тасымалдайтын иксотты кенелердің 6 түрі бар. Оның 3-еуі вирус тасымалдаушы болып  табылады. Биыл­ғы  болжам  тым  күрделі. Одан сақтану шара­ларын тұрғындарға ескерткен жөн,- дейді облыс­тық қоғамдық денсаулық сақтау департаменті басшысының орынбасары Әлия  Мүтә­ліпқызы. (Дегенмен, жақында ғана «Нұр Отан» пар­тиясы филиалының «Денсаулық» бағытындағы аймақтық комиссия отырысында Әлия Әбді­қайымова «есепті мер­зімде 814 адамды кене шағу дерегі тіркеліп отыр»  деп мәлімдеген еді. - ред.).

Жоғарыда көрсетілген дүдәмал дерек­тердің қайсысы дұрыс, қайсысы бұрыс екенін біле алмадық. Ал Әлия Мүтә­ліпқызы біз­дің осы тектес сауа­лымызға «адам болған соң қателесіп немес­е республика бо­йынша анықталған деректер айтыл­уы мүмкін» деп екіұшты жауап бер­ді. Бүгінде облыста КҚГҚ-нан  4 науқас анықталса­, оның 3-еуі – Қызылорда­ қаласынан, 1-еуі – Қа­залы ауданынан. Қазір қазалылық тұрғынның денсаулығы қанағаттанарлық жағдайда екен.

Ал облыстық жұмылдыру дайындығы бас­қармасы басшысының орынбасары Ғабит Жаңаб­аевтың сөзінше, аймақта кенеден сақтану,  санитарлық тазалық жұмыстары қарқынды түрде жүргізілуде. Оған бюджеттен  202 млн теңге бөлінген. Бүгінде мемлекеттік сатып алу жұмыстары жүргізіліп, Оңтүстік Қазақстан облыс­ынан – 2, Қызыл­орда облысынан 3 мер­дігер мекеме жеңімпаз атанған. Жалпы көлемі 2 млн шаршы метрден аса аумаққа дизенфекциялық шаралар жасалған. Әйтсе де, жүргі­зілген талдау нәтиже­сінде қолайсыз аймақ қатарына жататын 127 елді мекеннен бөлек, тағы да 12 ауыл анықтал­ған. Барлығы 139 елді мекенде санитарлық тазал­ық шаралары ат­қарылуда.

Кенеден келетін қауіп тым жоғары. Облыстық жұқпалы аурулар ауруханасының бас дәрігері Айна Мұхамбетованың айтуынша, КҚГҚ-нан 100 пайыз айығуға болатын ауру. Тек уақытылы ем-дом жасалуы қажет.

Халық-хабар

 


ӘЛЕУМЕТТІҢ ӘЛЕУЕТІН КӨТЕРГЕН КҮН PDF Print Email
Жаңалықтар - Саясат
31.05.2018 11:42

Осыдан 5 жыл бұрын Қызылорда облысы экономикалық дамуы мен білім саласы  бойынша 16 облыстың ішінде ең соңғы орында болатын. Көз ілеспес жылдамдықпен өркендеген өңір алғашқы үздік бестіктің қатарына еніп үлгерді. Аймақта бес жыл ішінде біраз жұмыс атқарылды. 2013 жылдан бүгінге дейін 200-ден аса әлеуметтік нысан бой көтеріпті. Елбасы 2020 жылға дейін білім саласына қатысты Үкімет пен облыс әкімдеріне негізгі үш тапсырма жүктеген-ді.

Біріншіден, 3 пен 6 жас аралығындағы бүлдіршіндерді балабақшамен қамту, екіншіден, үш ауысыммен оқитын мектептердің мәселесін шешу, үшіншіден, апатты жағдайдағы білім ошақтарын жоюды міндеттеді. Мемлекет басшысының жоғарыда аталған тапсырмалары өңірде тыңғылықты жүзеге асырылуда.

Өткен жұмада аймақ басшысы Қы­рымбек Көшербаев Қармақшы, Жалағаш аудандарына жұмыс сапарымен барды. Алдымен ол Жосалы кентіндегі Ү.Томанов атындағы №183 орта мектептің ашылуына қатысты. Салтанатты шарада облыс әкімі мектеп бітіруші тү­лектерге ақжол тіледі.

– Білектінің за­маны өтіп, білімдінің заманы  келді. Сондықтан халқымыздың асыл арманын іске асыра­мыз десек, білім іздеген жастарға қамқорлық жасауымыз  қажет. Бұл ретте Қызыл­орда облысы білім саласына 16 аймақтың ішінде ең көп қаржы бөліп отыр. Ал біз ұстаздарға үлкен сенім артамыз. Өйткені елдің болашағы, тәуел­сіздіктің тұғырлы болуына жастар­ды дайындауға тиіспіз. Жастар­ға айтарым, заманның өзгеруіне сәйкес, жаңа мамандықтар пайда болды. Сол себеп­ті нарықта сұранысқа ие мамандықтарды таңдаған жөн. Тәуелсіздіктің алғашқы жыл­дарында ата-аналар балаларын экономист, заңгер сияқты мамандықтарға түсірді. Мәселен, сол жылдары елімізде халықаралық қатынастарға 14 маман ғана  қажет  екен. Ал  бізден  4500 маман диплом алып шықты. Сөйтіп, олар қайта мамандық іздеуге мәжбүр болды. Құр­метті жастар, Сіздер болашақта еңбек нарығында сұра­нысқа ие ақпараттық-сандық технология, ІТ саласы секілді мамандықтарға дайындалып, икемделіңіздер, - деді Қырымбек  Елеуұлы.

Білім ошағы кенттегі инфрақұрылыммен толық қамтамасыз етілген «Тәуелсіздік» ықшам ауданында салынған. Болашақта мұнда 1500-ден аса тұрғын қоныстанбақ. Мектепті бастан-аяқ салуға бюджеттен 775,5 млн теңге қаралған. Бас мердігері – «Аман Құрылыс» ЖШС. Салтанатты шарада сөз алған аудандық ардагерлер кеңесі­нің төрағасы Қаршыға Есдәулетов елде осындай әлеуме­ттік нысандардың тұр­ғызылып жатқандығына дән риза  екендігін  жеткізді. Айталық, соңғы  5  жылда  ауданда 3 мектеп, 4 балабақша және 3 дәрігерлік амбулатория бой көтерген. Қармақшыда дарынды балаларға арналған 1 гимназия, 3 лицей жұмыс істейді. Биылғы мектеп бітіруші тү­лектер саны – 652.  Олардың  80 пайызға жуығы ұлттық бірыңға­й  тестілеуге  қатыспақ.

Осыдан соң облыс әкімі ауданға қарасты Иіркөл ауылдық округінде мемлекеттік бюджет есебінен тұрғызылған №12 «Самал» балабақшасының  ашылуына қатысты. Бұған қазынадан 180,3 млн теңге қаржы жұмсалған. Бөбекжай 50 балаға лайықталған. Бас мердігері – «Мега ЛТД» ЖШС. Әлеуметтік нысанда бүлдір­шіндерге барлық жағдай жасал­ған. Аталмыш балабақшаның меңгерушісі Бақыт Әлиқызының сөзінше, ауылдың келешегі кемел. Өйткені халық саны жыл сайын артып келеді. Сондай-ақ, инфрақұрылым мәселесі де кезең-кезеңімен шешімен табуда. Биыл ауылдың кіреберіс жолына күрделі жөндеу  жүргізіліп  жатыр.

Сондай-ақ, Қырымбек Елеу­ұлы Жалағаш ауданының Таң ауылдық округіндегі «Манақ баба» фермерлік қожалығының жұмысымен танысты. Бүгінде қожалықта оазистік суару технологиясы енгізіліп, 12 гектар аумақта жеміс-жидектер мен көкөністер өсірілуде. Айта кетейік, «Жасыл экономикаға көшу барысында Қазақстанды қолдау» оазистік суарудың гибридтік жүйесін енгізу пилоттық жобасы БҰҰДБ бастамасымен Қызылорда облысында жүзеге асыру үшін ұсынылып, «Астана ЭКСПО-2017» халықаралық көрмесі аясында таныстырылған бо­латын. Өз кезегінде облыс әкім­дігі инновациялық жобаны қолдап, оны жүзеге асыру үшін тиісті жер телімін берді.

Ал сенбі күні Жаңақорған, Шиелі аудандарында да бір­қатар әлеуметтік нысандар ел игілігіне есік ашты. Жаңақорған ауданы Түгіскен ауылында халық саны артқан. Сәйкесінше, балабақшаға деген сұраныс та жоғары. Жаңадан бой көтерген 140 орындық №19 «Раушан» балабақшасы соңғы үлгі­дегі  жабдықтармен қамтылған. Бөбекжайдың ашылу салта­натына арнайы барған аймақ басшысы ауылдықтарды қуа­нышымен құттықтады. Түгіс­кен тіректі елді мекеннің тізі­міне енгелі тірлігі түзеліп, түтіні түзу ұша бастаған. Соңғы екі жылда мұндағы әлеуметтік нысандарды жаңалауға 1,7 млрд теңге қаржы жұмсалған. Қазір халық саны 5 мыңға жуық. Ауылдың өзінде 5 жекеменшік, 2 мемлекеттік балабақша бар.

Түгіскен топырағы – талай тарландарды тудырған жер. Аядай ғана ауылдан 20 спорт шебері, 4 Халықаралық дәрежедегі спорт шебері, 8 Әлем чемпионы мен жүлдегерлері, 12 Азия чемпионы мен жүлдегері  шыққан. Бүгінде спорттың 10 түрінен 60 топта 824 бала шынығуда. Осы күні спортпен емін-еркін айналысуға қолайлы  зәулім ғимарат та пайда­лануға  берілді. Жас спортшылардың  қуанышында  шек  жоқ. Солардың бірі – Мереке Құдайбергенова.

– Менің күрестің төрт түрімен айналысып келе жатқаныма 15 жыл болды. Әлем және Азия чемпионы атандым. Бізде бұрын мұндай жағдай болған жоқ. Тар залда күрестік. Барлығымыз бір кілемде жаттығу жасайтынбыз. Жаңа ғимарат ашылғанына шын қуаныштымын. Енді жоғары нәтиже көрсетуге мүмкіндік молая түсті,- дейді ол.

Ал Қожамберді ауылының оқушыларды бұған дейін асар әдісімен салынған мектепте оқыса, енді жаңа ғимаратта білім нәрімен сусындамақ. Ағылшын тілін тереңдетіп оқытуға ден қойылмақ. Ол үшін арнайы Филиппиннен маман шақыртып, ұстаздармен тәжірибе алмасуда. Сонымен қатар түрлі үйірмелер тұрақты түрде жұмыс істеп тұр.

Шиелі ауданының Еңбекші ауылы да тіректі елді мекен тізбесіне енген. Содан бері елдің еңсесі тіктеліп, түйткілді мәселелердің түйіні тарқатылуда. Тұрғындар асыға күткен мәдениет үйі мен спорт кешені де жаңаланды. Спорт кешенін салуға бюджеттен 190,3 млн теңге жұмсалса, мәдениет үйін тұрғызуға 169,3 млн теңге қар­жы қаралған. Салтанатты шараға арнайы келген Еңбек­шінің тумасы, белгілі журналист Нұртөре Жүсіп, тарих ғылымдарының докторы, археолог Мадияр Елеуов тұрғындары қос қуанышымен құттықтап, өз  ұсыныстарын  жеткізді.

– Туған топырағымызда осындай игі істердің атқарылып жатқандығына ризамын. Қазақ хандығы осыдан 550 жыл бұрын құрылған кезде, алғашқы көш дәл осы Еңбекшіден 50 шақырым жердегі Майшы деген асудан өткен. Осы тарихи орынға бір белгі қойылса деген ұсынысым бар,- дейді  археолог.

Міне, небары екі күннің ішінде ел үшін 3 ауданда 7 бір­дей ғимарат пайдалануға бе­рілді. Алдағы уақытта Астананың 20 жылдығы және Қызыл­орда қаласының 200 жылды­ғына орай пайдалануға берілетін әлеуметтік нысандар қатары  арта  түспек.

Қозы  Көрпеш   ЖАСАРАЛҰЛЫ,

Б.Есжанов (сурет)

 


МОНШАҚТАЙ ӘҢГІМЕЛЕР PDF Print Email
Жаңалықтар - Арнайы беттер
31.05.2018 11:24

Ерғали  АБДУЛЛА

Кіші   әріпке   лайық

Кейбір «қайраткерлердің» фамил­иясын тек ғана кіші әріп­термен жазғың келіп тұрады. Соған­  да  әзер  татитын  сияқты...

 

«Шебер»

Кішкентай адамдардан үлкен шенеунік жасап жүрген «құдіреттілеріміз» қандай шебер?!

 

«Данышпандар»

Өздерін «дана», халықты «бала» көретіндердің көбейіп кеткені­ сондай – айналамызда «данышпандар» өріп жүргендей күй кешетініміз  бар.

 

Ап-ащы   өкініш

Кезінде өкіртіп ішкен бір жігіттің денсаулығы қалмаған екен. Сол қасқа бір тойға барып, мөлдіретіп ішіп отырған дастар­қан  басындағыларға  қызыға  қарап отырып: «Е, жәймен-жәймен ішкенде мен де осылармен бірге қазір де ішіп отырар едім», - деп қатты өкініш білдірген екен.

 

Тесік

Өз орнында отырмаған та­лайлардың шалбарының арты мезгілінен ерте тесіліп, жалбырап қалады.

 

Ой   уақыты

Ойлануға уақыт болмаса, адам ойсыздана бастайды, басқаның ойының жетегінде кетуге бейім тұрады. Сондықтан ой ойлауға да әдейі уақыт бөліп жүргенің жөн.

 

Не   дерсің?

Бір игілікті үлкен жұмысты ұжымдасып, қауымдасып, абы­роймен атқарып, енді соның абырой­ын бөлісе алмай қырық­пышақ болып, қырқысуға шақ жүретіндерге  не дерсің?

 

Жақсы  көру

Жұрт әкімді жақсы көреді. Сенбес­ең, іс-шараларға барып қара. Әкім қатысса, зал лық толы, аузы-мұрнына сыймайды. Әкім қатыспаса, шүлдіреп әр жерде он шақты адам отырады. Ал әкім келіп, сәлден соң кетіп қалса, жаңа ғана лық толы зал босаған сөм­кедей  қушиып  қалады.

 

Өзімшіл

Өзімшіл адам. Айнаны ұнатпайды. Өйткені өз кескініне, тұрпатына өзі үңіліңкірей қарай қалса, өзінің ішкі-тысқы жерлерін көріп қалуы мүмкін. Өзінің кем-құтығын өзі көру өзімшілге өлім­нен артық соғады.

 

Шапақ-нұр

«Вальс королінің» концерті. Ғажайыпты қараңыз: онсыз да әдемі әншілер, жүргізушілер тіпті ажарланып, керемет сұлуланып кеткен. Көрермендердің де жүз­дері алабұртып, көркем тартқан. Осыны көрдім. Әлде мұндай ғажайыпты  көргізген мен  де тыңдап  отырған  әсем  әндердің менің бойыма тараған бір тылсым шапақ-нұрынан  ба  екен?!

 

Ашуым   жоқ...

Маған қырмандай қысастық қылып қойқаңдап жүргендерге де қылдай ашу-кегім жоқ. Әйтсе де менің қылп етіп, қытығымның келмегеніне әлгілердің ызасы қайнап, шала бүлініп, кіжініп, қал­тырап, дірілдеп, бүлініп, түрініп жүргендерін  ішкі  жағым  сезінеді.

 

Өтініш

Алпысқа келсе де «атеист» боп жүрген қасқа маңдай, қыртпыш желкелерден қолыңнан келсе ауылыңды  алысқа  қондыр.

 

Күстана

Бедірейген  безбүйрек  біреулер­ сенің жүрегіңнің кеңдігін, жа­ныңның жұмсақтығының өзін жал­пақшешей кемдігің деп есептеп, сырттай  күстаналап  жүреді.

 

Төр   кімдікі?

Үлкен екенмін, төрге шығарады деп ойлама. Қара сақалы қау­ғадай болса да, етекте жүргендер бар. Төр бос болса да, ешкім мезіретін айтпайды. Орныңды біл де, тауып алып мыңқ етпей отыра бер. Әйтпесе бармақтай ғана бір ба­ла­дан төмен қалып, кесесін алып беріп  қалуың  мүмкін.

 

Пәтуасыз

Еркегі сөйлеп тұрған кезде әйелі қосыла шауып сөйлесе, оның сөзін одан әрі уақыт шы­ғындап тыңдамай қой, пәтуасы болмайды.

 

Ынжық   болсаң...

Еркектің  ынжықтығы – әйел­дің сайтанын көтереді, елдің рухын­ түсіреді. Әйелдің ынжықтығы – еркектің иінін түсіріп, басын­ «пісіреді»,  басқа  жұртқа  келіп-кетер­  ештеңесі де  жоқ.

 

Әннің   арқасы

Жақсы әншілерден мықты асабал­ар, әбжіл бастықтар, ға­жа­йып ақындар, әжептәуір әкім­дер, дилы депутаттар, қарымды қай­раткерлер... шыға бастады. Ән – көңілді ғана ажарландырмай, өмірді  де  ажарландырып  жатыр.

 

Енжар   құлақ

Көп сөйлейтін адамның сөзін көпшілік құлақ қойып тыңдамайды. «Қойсайшы» деп те айтпайды. Ал ретімен ғана сөйлейтін ойлы адамның сөзін жұрт үнемі азыр­қанып  қалады. Бірақ сөйле деп те айтпайды.

 

Айтары   жоқ   адам

Кейбіреулер өзінің басында миы бар адам боп туғанын пәруай­ламайды. Ойлануға да басын ауыртқ­ысы  келмейді. Тырбаңдайды, тыртаңдайды, үйге қарай таси­ды, әйтеуір ыдыс-аяқ босатып тіршілік кешеді. Ал айналасын­дағыларға айтар дәнемесі де жоқ.

 

Уыз   ой

Басыңдағы ой жұмыртқаның ішіндегі сары уызы сияқты. Әбден пісіріп барып бермесең, көп адамның оны түсіне алмай қалып, жүрегі  айнып,  лоқсымаға ұшырауы  мүмкін.

 

Өлең мен  танау

Қара сөздің қаймағын қалқыған ақын он жерден мықты болсын, орден-медалы, атақ-мансабы болмаса, менсінбей, тіпті көзге ілмейміз. Шүйірілген мұрнымыз саңқиып маңдайымызға тиеді-ау... Содан да болар, көп адам көркем өлеңнен жан ләззатын алғанн­ан гөрі, сасық танауының қолаңсасын иіскеп жүргенді артық көреді  деймін.

 

Рия

Бір істен соң бір істі жүрдемелете бастап, жанығып, сүрнігіп жүреді. Ал қызу тірлігіне барлай қарасаң, халықтың қамы үшін емес, өзінің бірдеңе алып, марапатқа ие болып, қара басының абыройын көтермелеу үшін жүр­гені  білініп  қалып  жатады.

 

Тіліңді   тыймасаң...

Тіліңді тыймасаң, я шындықты айтасың, я сұмдықты айтасың. Шындықты айтсаң, ер боласың, сұмдықты айтсаң, ез боласың. Ер болсаң, елің өрін сыйлайды, ез болсаң, қара көрін сайлайды.

 

Бүгінгі   жол

Бұрын мансаптың да, өнердің де, басқаның да биігіне адамды кітап  оқу  шығаратын. Бұл  күндері басқалай жолдар көп сияқты... Кітап бетін ашып көрмегендер тақасы­  тықылдап  төбеде  жүр.

 

Желідегі   «дос»

Танымаймын дейін десем, құдайдың құтты күні сөйлесемін, тілдесемін, сырласамын, мұңдасамын... Танимын  дейін десем, өзін пәлен  жылдан  бері  бір рет те көр­ген  жоқпын.

 

Ой,  ойым-ой...

Бір ойды бір ой қол бұлғап, алты қырдың астынан шақырып алып, бауырмалдап ыстық құшағына  басады. Тағы бір ой ендігі бір ойды ит көрген ешкідей үркіп қарсы  алады. Ой, ойым-ой...

 

Соқпан

Әкімдердің миы қара қазандай қайнайды да жүреді. Содан да болар­, бір айтқанын мың айтып, көңіліндегісін жұрт түсінбей қалды-ау деп тағы айтып, қара соқпан­ын  соғады-ай...

 

Жау   киімді   жұмыскер

Жұмыс істеп жүргеніңді бастығыңа көрсету үшін мұрныңнан шаншылып, ертелі-кеш қан-сорпаң шығып мықшыңдаудың керегі­ жоқ. Келгеннен үстіңе жау киіміңді киіп алып, жар құлат­қандай екпінмен заулап жүрсең болғаны...­

 

Аруларсыз    әлем

Аруларсыз, ажарсыз әлемде өзін-өзі сыйлайтын еркектер қам­шы­мен  айдасаң да, өмір сүргісі  келмейді.

 

Көбік   көңіл

Көңілдесің көңіліңнен әр­дайым шыққанға мұртың қи­сайып, әукең салбырап, сезімің­нің уық баулары босамасын. Көңілдестің көңілі – көбік. Бір жел тұрғанда, орнында ештеңе қалмайды. Орнын сипап қаласың.

 

Теледидардағы   өмір

Айлығы шайлығына жете алмай жүргендерді, зейнет жасына тола алмай тоңқаңдап жүргендерді, бір бөлмелі баспанаға қол жеткізе алмай жүргендерді, тоқымдай жердің өшіретінде ондаған жыл тұрғандарды көре-көре басың ауырады. Қой болмас деп, теледидарды қосып, көш басында екендігімізді естіп, көкірегім аспан­дап, шалқақтап, шалқып бір аламын. Көпке дейін теледидарды сөндіргім келмейді...

 

Арал  қаласы.

 


ҚЫЗЫЛОРДА ОБЛЫСЫНЫҢ МЕМЛЕКЕТТІК РӘМІЗДЕРДІ ПАЙДАЛАНУ БОЙЫНША ТӘЖІРИБЕСІН ӨЗГЕ ӨҢІРЛЕРДЕ ЕНГІЗЕДІ PDF Print Email
Жаңалықтар - Халық-хабар
31.05.2018 11:10

Республикалық инспекциялық топ жүргізген тексеру жұмыстарының қорытындысымен облыстағы Мемлекеттік рәміздердің қолданылуы мен пайдалану жай-күйіне оң баға берілді. Сонымен қатар, өңіріміздегі Мемлекеттік рәміздердің базасын қалыптастыру мен патриоттық тәрбиелеу бағытында жүргізіп жатқан жұмыстарды басқа облыстарға тәжірибе ретінде ұсынбақ. Ол туралы Мемлекеттік рәміздер жөніндегі облыстық комиссияның кезекті отырыста хабарланды.

Отырысты ашқан Қызылорда облысының әкімі, Мемлекеттік рәміздер жөніндегі облыстық комиссияның төрағасы Қырымбек Көшербаев мемлекеттің егемендігі нышандарының оның әлемдік имиджін қалыптастырудағы ерекше маңыздылығын атап өтті.

«Мемлекеттік рәміздер - еліміздің егемендігі мен тәуелсіздігін әлемге танытатын әрі мемлекетіміздің өткені мен бүгіні және болашағы арасындағы сабақтастықтың жарқын бейнесі. Әлемде 7000-нан астам ұлт болса, олардың басым көпшілігінде өздерінің салт-дәстүрі мен тұрмыс-тіршілігінен хабар беретін нышандары жоқ. Ал, біз ширек ғасырдың ішінде өз Тәуелсіздігімізді жариялап, мемлекеттігімізді айқындайтын ұлттық нышандарымызды қабылдадық. Мемлекеттік рәміздер өзінің болмысымен, мазмұнымен әрбір азаматтың туған еліне деген отаншылдық, патриоттық рухын асқақтатады», - деді аймақ басшысы.

Облыстық ішкі саясат басқармасы басшысының міндетін атқарушы Гаухар Исмаилова облыстық мекемелер мен ұйымдардағы мемлекеттік рәміздердің жай-күйі туралы баяндап берді.

«Ағымдағы жылғы 14-18 мамыр аралығында облысымызда Мемлекеттік рәміздердің қолданылуына Республикалық инспекциялық топ тексеру жұмыстарын жүргізді. Тексеру қорытындысымен, облыстағы Мемлекеттік рәміздердің қолданылуы мен пайдалану жай-күйіне Республикалық инспекциялық топ тарапынан оң баға берілді. Сонымен қатар, өңірімізде «Жас Отан» жастар қанаты жанынан құрылған «Жас патриот» еріктілер тобының жұмысын, кемшіліктерді жою мен оларды қалпына келтіру мақсатында БАҚ-тар мен әлеуметтік желілердегі және облыстағы Мемлекеттік рәміздердің базасын қалыптастыру бағытында жүргізіп жатқан жұмыстарымызды басқа облыстарға тәжірибе ретінде ұсынбақ», - деп мәлімдеді Гаухар Исмаилова.

Сондай-ақ, басқарма басшысының міндетін атқарушы бірқатар мемлекеттік мекемелерде мемлекеттік рәміздердің шеті сетінеп, түсі өңген және өзге де кемшіліктер орын алғанын хабарлады.

Комиссия отырысының қорытындысымен облыс әкімі Қ.Көшербаев мемлекеттік орган басшыларына анықталған кемшіліктерді жойып, нәтижесін ішкі саясат басқармасына баяндауды тапсырды.

Облыс әкімінің баспасөз қызметі

 


ЖАСӨСПІРІМДЕР ЖҮКТІЛІГІНЕ КІНӘЛІ КІМ? PDF Print Email
Жаңалықтар - Мәселенің мәнісі
31.05.2018 11:00

Әлемдік жаңалықтарға жүгін­сек, күн сайын ғаламда 20 мыңға жуық жасөспірім қыз босанады. Ал Baq.kz порталы былтыр «Қа­зақстандық жасөспірімдердің туу статистикасы Еуропа елдеріне қарағанда 6 есе көп» деп ақпарат таратты. Алты есе көп! Қазақстандық жасөспірімдердің арасында  жүктіліктің артуына не  себеп болы­п жатыр? Салдары­ қандай?

Жүктілік кезеңін әрбір әйел­дің өміріндегі ең маңызды уақытқа балайды бәрі. Себебі кешегі тұлымы желбіреген ару қыз бүгінде ана деген ардақты атты иеленбекші. Құрсағына құдайдың құдіретімен тағдыр бітті. Ендігі міндет – шарананы өмірге әкеліп, дүние жарығын сыйлау. Абыройлы іс. Алайда кейбір фактілерден ананың беделі­ биік қызметіне кір кел­ті­ріліп жатқанын мойында­ғаны­мыз дұрыс шығар? Қазіргі жұрт оларды көбіне «сүрініп кетіп, бүлініп жүргендер жағы ғой» деп мән бермейтін де сыңайлы. Немесе­  «біреудің жеке өміріне еніп,  заң орнатудың керегі жоқ» дейтіндер де табылады. Қалай десек те мұндай арзан әрекет­терге тоқтау болмағаны қынжылтады. Жасөспірім қыздар нәрестесін туып, оны құрылысқа, әжетханаға, қоқысқа тастап кетіп жатқандығын жаңалықтардан көріп отырмыз. Айтылып жа­тыр­-ау. Бірақ олардың себебін біліп, салдарын анықтауға жете мән беріп жүрміз бе? Өзгенің қателігіне төрелік айтудан ау­лақпыз. Алайда мына қасаң көз­қарастың болуын неге жоруға болады­? Қоғам қызды бұзды дейді. Ал осындай әрекеті арқы­лы қыздардың қоғамды бұз­бай жатыр деуге кімнің батыл­ы жетеді? Әрине, сан түрлі тағдыр бар. Есі кетіп, жас қыздың етегін ашқан еркекте де намыс бар ма? Атын жазбауды өтін­ген 18 жастағы бойжеткен біздің басылымға пікір білдір­ген болатын.

- Алғашында барлығы жақсы бас­талды. Жігітім өзімнен 10 жас үлкен болатын. Жақсы жерде жұмыс істейтін, қалталы азамат еді. Екеуміз 2 айдай кездесіп жүргеннен кейін жақын қарым-қатынаста болуды ұсына бастады. Алғашында тартынғанмен, кейін үйленеміз деп уәде берген соң сендім. Себебі, жақсы көре­тінім соншалық кейінгі өмірімді онсыз елестете алмайтынмын. Бірақ ол уәдесінде тұрмады. Ал менің абыройым аяқасты бол­ғанымен қоймай, бойыма бала да бітіпті. Ол менен қашты. Сөйт­сем, өзінің әйелі, бала-шағасы бар  екен. Жастығым қор болды. Баланы алдырып тастағым да келді.  Дүниеге  әкелген  соң  қай­да апаратынымды  ойлап  басым қатты. Сосын  баланы босанамын деген шешімге келдім. От­басы­м естіген кездегі «соғыс» бөлек әңгіме. Қазір мен бөлек тұрамын. Жеке мекемеде тех­ни­калық қызметкермін. Болашақта­ тұрмыс құрғым келмейді. Осы балам үшін ғана өмір сүрсем деймін. Маған енді бәрібір, - деп күрсінді ол.

Психологтар осы сияқты түрлі жағдайға тап болып, күйзеліске ұшыраған қыздарға өмір­ден  баз  кешіп  кетпей, барынша ұстамды болуға үгіттейтіні белгілі. Өйткені, ұзақ созылмалы күйзелістен соң суицидке барып­ жатқандар жетерлік. Бұдан бөлек жасөспірімдердің дүниеге дені сау ұрпақ әкелуі үшін репродуктивті денсаулығы аса ерекше маңызға ие. Медицинада репродуктивті денсаулық деп ұрпақ жалғастыру мен отбасын­ құруға дайын, дені сау, ойлау қабілеті дамыған, әлеуметтік жағдайда ұр­пақ жалғастыруға мүм­кіндігі  бар  ағзаны­  айтады. Ал репродуктивті кезең ағзаның физиологиялық мүм­кін­діктеріне қарай бала туатын­ уақытты құрайды. Яғни, 15 пен 49 жас аралығы. Осы тұста мамандар дабыл қағып отырған мәселе – репродуктивті денсаулыққа ерте жы­ныстық қатынастың әсері. Ерте жыныстық қаты­нас­тың іштегі балаға ғана емес, анасына да зиян­ы бар. Мәселен, түрлі жыныстық жолмен жұ­ғатын  аурулар.

Жыныстық тәрбие дұрыс болуы үшін сабақ енгізілу керек деген де пікірлер ара-тұра айтылып тұрады. Бұл туралы  Дариға  Назарбаева «Жыныс­тық сауаттылық – өте маңызды дүние. Тәрбие мек­тепте, үйде болуы тиіс, әйтпесе оларға кім түсіндіреді мұны? Көше мен интернет болса, бұл жақсы емес» деп кесіп айтқан болатын­. Бұрымдылардың жастайы­нан жүкті болып, ша­расыз­  күйге түсуіне кінәлі кім? Сіз не дейсіз, оқырман?

ТОЛҚЫН

 


ЕСКІ ҮЙДЕН КЕЛГЕН ЕЛЕС PDF Print Email
Жаңалықтар - Арнайы беттер
31.05.2018 10:57

Асығыс көлігін оталдырған ол барынша тез жылдамдықпен жүріп кетті. Қашып келеді. Бұл жолы өз үйінен. Ауылдың ең шетіндегі жалғыз түтін осы Ғабиттердікі болған-ды. Бұрын. Қазір ол ешкімге тіс жармастан темір тұлпарын тізгіндеп, үрейі ұшып келеді. Қалай ойламаған, ә? Басы зеңіп, жолға зорға қарайды. Көліктің айнасынан арттағы жолды, үйін көруге тіпті қауқарсыз...

Үлкен қалаға отбасымен бірге көшіп келгеніне биыл 10 жылдың жүзі болыпты. Осы уақыт аралығында бармаған тәуібі, қаралмаған емшісі қалмаған. Түн ауа есі шығып, екі дүниенің ортасын­да қалады да қояды. Сыртынан қараған адамға не өмір  сүріп  жатқанының, не  ажал құшқанының нышаны білін­бейді. Ал бұл уақытта Ғабит өзі­мен-өзі  арпалысып  шығатын.

Басқа әлемге енгендей болған­ оны сезімі алдамапты. Айдала. Шөл. Жанында келбеті келісті, сымбаты сымдай тартылған әдемі қыздар өріп жүр. Айнала билейді ме, бұны биге шақыра ма, әзілдескен бола ма, түсінік­сіз.  Әйтеуір, жапа-тармағай барлық бойжеткенге ұнап қалғандай. Әнебір ортада жүргені ең ерекше  сұлу екен, сыңғырлаған күлкісін айтсаңшы! Кенет көзіне қарап қалып еді. Сұмдық-ай! Қыздың көзінің орнында қып-қызыл болып шоқ тұр екен. Қорыққанынан қалтырап кеткен Ғабиттің аузына сөз түспей қиналды. Қалада ақшаның соңынан қуып жүргенше бір мезгіл мешітке барып, Құран жаттаса ғой. Осы кезде көмегі тиген болар еді деп те ойлап қояды. Қыз бұған қарай жақындап келеді. Жерге қараса атасынан қалған кездігі жатыр екен, жалма-жан алды да бойжеткенге қарай сіл­теп қалды. Қаһарына мінген сұлуы әп-сәтте албастыға айналды. Екеуі тілсіз қалып, бір-бірі­не қарап тұрды. Жаңағы мыстанның мысы басып бара жатқандай. Ғабит болса мына әлемнен өмірге қалай ауысып келерін білмей дал. Өзінің үйіне өтетін есік қайда? Жан дүниесі әлем-тапырық болып кетті. Мұның ізін ала жаңағы айнала жүргендердің  барлығы  жалбыр шашты,­ киімдері лас, адам түсінбейтін мақұлыққа  айналды. Бұған қарай ентелеп келеді. Бұл қара терге малшынып, құстай ұшты. Басы ауған жаққа жүгіріп барады­. Бір кезде біреуі жетіп келіп, екі қолымен  жұлқылай  бастады.

Көзін ашса, анасы. «Ұлым-ау, жаның шығып кетті ме, тұрсаңшы» деп жылап, жұлқылап жатыр­ екен. Аман-есен оралға­нына­ шүкірлік айтып, бір жаудан­ құтыл­ғандай кеудесін кере демал­ды. Терезеден сыртқа көз салып еді, жаңағылар қоршап төніп тұр екен. Осылай күнде бір арпалыспен оянады. Олар да күнде бір «қылық» көрсетіп кете­тін болған. Бәлекеттердің үйге кіруіне  кезінде марқұм атасынан  қалған тұмары кедергі. Сол тұмарды мойнына таққысы келмеп­  еді кезінде. Осыны ойла­ғанда бар денесін ауырлық басып, үні өше берді. Дауысы шықпай жатқан бейшараның не айт­қы­сы келгенін үй ішіндегілердің ешқайсысы ұқпады. Осылай отырғанда бірнеше сағат өтті. Сосын ол  бар күшін жинап тұрды да, машинасының кілтін алып сыртқа шықты. Есіне бір­деңе түскендей еді. Атасы өлері­нің алдында үйінің жанында тұрған күркенің есігін ашпа деген­  болатын. Қалаға көшері­нің алдында бұл қызық көріп, ішін ашып көрген. Пәлендей ештеңе жоқ. Ескі-құсқы киімдер.  Шаш, тырнақ, қара маталар­ды көргенде де ештеңе сезбеген еді. Енді бұлар Ғабиттің соңынан­ қалмайтын болды. Ауылына барып­, өз көзімен тағы бір көрді. Аңдап қараса, портрет ілулі тұр. Шаңын алақанымен сүртіп қалғанда, түсінде көрген бейнені көрді. Сурет емес, құдды, жанды мақұлық дерсің. Көлігіне қарай жүгіріп, асығыс оталдырды да жүріп  кетті. Өз  үйінен қашты.

Шаңқай түс. Қаланың кең көшелерінің біріне жүйткіп келіп бір көлік тоқтай қалды. Жанынан өтіп бара жатқан жо­лау­шылар айқайлай бастады:

–Қараңдар, машинаны басы  жоқ адам айдап келіпті!

Көшедегі жұрт үрпиісе қалып, Ғабиттің көлігіне жақындады. Есікті ашса, адам  баласы  жоқ.

Ескі күркеде Ға­бит­тің тұншыға жө­теліп жатқан дауысы шықты. Алайда оны қаңыраған ескі үйден басқа еш­кім  естімеді.

ТОЛҚЫН

 


ОҚ PDF Print Email
Жаңалықтар - Арнайы беттер
31.05.2018 10:44

Бақидың қақпасына  ертіп  барар біреу келер деп тар жанақы­мда күтіп жат­қалы қашан. Айлар өтті. Жыл өтті. Шынымен жал­ғыз Жаратушыға да керегі болмағаны ма? Өзінің жана­засын  шығарып болып “Қандай адам еді?” деген сұраққа жиыл­ған жұрттың бәрі: “Жақсы адам…” деп жауап қайтарды. Ол өзінің жаназасына осыншама көп адам келеді, тіпті «жақсы адам» деп айта  қояды-ау деп ешқашан ойламап еді. Тек ел-жұрты өзін жер қойнына тапсыры­п, топырағының басына қада қадап кете барды. Тура қырық қадам алыстаға­н соң ғана, “Жазасын Алла берер…” дегенді естіді. Бірақ оларға өкпесі жоқ-ты. Сосын өзінің о дүниенің екі қақпасын да көре  алмасын білген соң, пәни дүниені ойлай­ бастады.

“Балаларым қандай күйде екен… бейшара әйелім ше… ешкімнің есігін аша алмай жүр ме екен?..” деп ойлады. Балалар­ын  сағынды. Барып  маңдайларынан сипап  көргісі  келді. Бас-аяғын буған ақырет  бауларын шешті де, сыртқа шықпаққа ниеттенді. Қанша ұмтылғанымен үстіндегі  кебін кедергі жасап болмаған соң ақыретті  жанақымға қалдырды да, тыржалаңаш сыртқа шықты. Молалардың барлы­ғының  бетіне  жап-жасыл гүл өсіп тұр. Тек өз  қабірі мен  әріректегі тағы бір қабірді ғана  сұр топырақ басып жатыр. Қабір басында­ғы гүлді суарып тұрған жігіттен үстіне жабар лыпа сұрамаққа қасына барып еді, шамасы соқыр болар, қасынан қанша айнал­соқтаса да көрмеді. Абұйырын қолымен бүркеп ауылға қарай жол тартты. Жолыққандардың бәрі көрмейді. Жылап аққан бұлақты жағалап отырып, өз үйінің жанына  келді. Ауласын қоршаған биік тамның арғы жағынан ең соңғы жалғы­з картопты аршып отырған әйелін көрді. Ортаншы ұлы шеше­сіне көрсетпей аршылған қабықты аузына салып жатыр. Өзі де тамақсау болатын. Жаны ашып кетті. Барып, баласының бетінен иіскеп, әйелінің шашынан сипағысы келді. Ауладан енді өте бергенде өзінің тыр­жа­лаңаш екенін біліп, кілт тоқтады. Маңайдан­ үстіне жабар лыпа іздеді. Бәрібір үстіне не жамылса да жалаңаш денесі көрініп тұр. Аяғын апыл-тапыл енді басқан кенже ұлы қақпаға қарай келе жатқанын көріп, көрші үйдің дуалына барып жасырынды. Иә, көршісі… Тура өз қолымен атып өлтірген көршісі өз үйінде аппақ кебінімен бала­ларының ортасында отыр. Міне, тамаша, балала­ры: «Мен орнымнан қол-аяғымды қимылдатпай көтеріле аламын. Мен сенен биік көтеріле аламын, көрдің бе? Шеше, қарашы, сенің  жаулығың  өзі шешіліп, қайта оралып  жатыр»  дейді. Тура  осы құбылысты көріп  отырып  өзінің  отқа  айналып өртеніп бара  жатқанын сезді. Сол оттың ішінен өткен  өмірі көрінді.

Неге екенін өздері де білмейді, көршінің баласы екеуі бірігіп алып, адам атаулының тіпті ойлауға жүректері шыдамайтын жаманды­қтарды істейді. Бұл екеуін көр­генде ауылдың­ адамдары қырық қадам аулақ кететін­. Тіпті ауылға сыймады. Іштен шық­қан­ шұбар жылан баласын қимай, ақыры екеуінің де әке-шешесі екі жаққа көшті де кетті. Бәрібір барған жерлеріне де сия алмады.­ Бұл екеуі жүрген жердің адамдары қан қақсап, зар жылап жүретін болды. Жылай­-жылай, қақсай-қақсай екеуінің де әке-шешелері күйіктен өлді. Бұларға енді баяғы ауылдан басқа барар жер қалмады. Ауылға келіп, кәдімгі адамша күн кешір­гендей  болды. Екеуі де үйлі-баранды, балалы-шағалы болды. Сосын, сосын бір кеште екеуі ауылдың аяқ жағындағы құдықтан аттарын­  суарғалы келген де, екеуі оңаша бір сәт қалғанда, баяғы сол қара жын бұларды қайта тапты. Сол кештен бастап бүкіл ауыл күн батты болды, қайта зар жылады. Қара жын бұларды буғаны сонша, енді өз қатын-балаларына жауыздық жасай бастады. Тағы сол есірік құйынмен ойқастап жүрген екеуі иен далада жолықты. Қара жыннан сәл босаға­н екеуі, енді ақылға келді. Осыдан құтылмақ… Жалғыз жол – жандарын қию. Бірге аттанбақ. «Әй, қайдам, бізге жұмақтан орын жоқ-ау». Өздері де білетін. «Иә,- деді екеуі.- Барар жеріміз – тозақ. Одан да бір-бірімізді өлтірейік, біреуміз шейіт болып жұмаққа  барамыз…». Байлам – осы. Екеуі де мылтықтарының таңдайына оқ басты да, ауылдың аяқ жағындағы алаңқайда кезікті.

Арада көп сөз болмады. «Мен тозаққа қалайын, сен жұмаққа бар». Осыны бір-біріне неше қайталап айтысты. Шын көңілдерімен.

Бір, екі, үш… екеуі екі бағытқа бір-бірлеріне ту сырттарын беріп санап бара жатыр. Жетіге дейін санай алды ол. «Өмірден не бақыт­ көрдің… ессіздікпен қара жынға еріп, елді қан қақсатқаннан басқа не тындырдым… Өз қолыммен жасаған тозақа, енді өз қолыммен тағы барам ба?.. Жоқ. Біз екеуіміз жөнінен мейлі қалай өлсек те тозақтан өзге орын жоқ. Қайта бізді өлтіргендер жұмаққа барар. Өйткені жамандақты тоқтату – сауап деген бар. Ал сауап істесең, орның – жұмақ»… Осыны ойлады да, мылтығының таңдайындағы оқты алып тастады. Досының даусын естіп барады. Он төрт, он бес! Екеуі де бір-біріне мылтықтарын кезесіп тұр. «Кешір досым­, сен жұмаққа баруың тиіс»,- деп, досы шүріппені басты. Қанға боялып жатқан оған қарай жан ұшыра жүгіріп келе жатқан досы, оған жетпей жол ортадан жерде жатқан оқты көрді. Оқты көрді де өзін-өзі қақ маңдайдан бір-ақ басты. Елдің аты ел ғой. Өздерін қаншал­ықты қақсатса да, екеуін өз қолда­рымен арулап көмді.

– Балам, молданы шақырып келші, түсіме әкең кіріп жүр… - деген әйелдің дауысын естіге­н ол орнынан атып тұрды да, баяғы өзі алып тастаған оққа кетті.

Қойшыбек  МҮБӘРАК,

Әл-Фараби  атындағы  ҚазҰУ-дің  журналистика  факультетінің  аға   оқытушысы

 


«ОРДА» БАҒДАРЛАМАСЫ БАСТАПҚЫ ТӨЛЕМСІЗ БАСПАНА СЫЙЛАЙДЫ PDF Print Email
Жаңалықтар - Саясат
31.05.2018 10:39

«Қазақстанның  Тұрғын  үй құрылыс  жинақ  банкі» АҚ Қызылорда  облыстық  филиалының директоры  Әділжан  СӘУЛЕБАЕВ:


- Әділжан Рақымжанұлы, халықтың дені қажеттілігінен артылған қаражатты «Тұрғын үй құрылыс жинақ банкіне» жинақтағанды жөн көреді. Бүгінде Қызылорда облысы бойынша салымшылардың саны  қаншаға  жетті?

 

- Нарықтық заңдылыққа сәйкес бүгінде қаражат жинау оңай емес. Жиған қаражатты сақтап отыру екінің бірінің қолынан келе бермейді. Сондық­тан тұрғындардың дені әлеуметтік қажеттіліктерінен артылған ақшаны қандай­ да бір банкте сақтағанды жөн көреді, енді бірі «Тұрғын үй құрылыс жинақ банкінің» салымшысы ата­нады. Ондағы мақсат – қаражатты  белгілі  деңгейге дейін  жинақтап, үй құрылысын  жүр­гізуге,  ипотекалық және арендалық тұрғын үйлерге қол жеткізу. Бүгінде осындай салымшыларымыздың саны Қызылорда облысы бойынша 46500-ден асып отыр. Айта кетерлігі, «Тұрғын үй құрылыс жинақ банкінің» акция­сы толықтай мемлекеттің бақылауында, сол себеп­тен де халықтың тұрғын үй жағдайын жақсарту мақ­сатында жұмыс істейді. Биыл­ғы жылы банктің халыққ­а қызмет етіп келе жатқаны­на 15 жыл толды. Осы уақыт ішінде көптеген отбасы пәтер алып, тұрғын үй жағдайын жақсарту (жөндеу жұмыстарын жүргізу, үй салу, жер сатып алу) мақсатында несие  рәсімдеді.

- Баспаналы болуға үміт­теніп жүрген отбасылардың саны көп. Алайда қалаған тұрғын үйінің 30 немесе 50 па­йызын жинақтауға әлеуметтік жағдайы көтере бермейді. Осыны ескерген облыс әкімі Қ.Көшербаев «Орда» бағдарламасын орайластырып, ал­ғаш­қы жарнасыз баспанаға қол жеткізуге болатынын айтып, сүйіншілеген еді. Талаптары мен шарттарына толығырақ тоқталып  өтсеңіз...

- Тек Қызылорда халқына арналған «Орда» тұрғын үй бағдарламасының ерекшілігі сол, бастапқы төлемсіз, кейін сатып алу құқығымен жалға беріледі. Тұрғын үйдің жаңа бағдарламасына жергілікті атқарушы органдардың тізі­міндегілер, мысалы, көп­балалы және толық емес отбас­ылар, мүмкіндігі шек­теулі балалары бар отбасылар, жетім балалар мен ата-анасының  қамқорлығынсыз қалған  балалар, 1, 2-топ мүгедектері, оралмандар, мемлекеттік қызметшілер, бюджет­тік мекеме қызметкерлері қатыса  алады.

«Қызылорда облысының халқын қолжетімді баспа­на­мен қамтамасыз ету бойынша 2018-2020 жылдарға ар­налған «Орда» Жол картасы бағдарламасына жыл сайын қайтарымды негізде өткізіл­меген несиелік тұрғын үйлер­ді сатып алуға немесе тұрғын үй салуға облыстық бюджеттен 2 млрд теңгеден кем емес қаржы қарастырылатын бо­лады және «Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» механиз­мін қолдану арқылы іске асыру­ жоспарлануда. Сонымен қатар бағдарламаға қа­тысушы ретінде мүмкіндігі бар екінші топ – ерлі-зайыптылардың екеуінің де жасы 35-ке толмаған, 2 жылдан кем емес некеде тұрған, балалары бар отбасылар, сондай-ақ, жасы 35-ке толмаған, оның ішінде  ажырасқан, жесір, тұл қалған, ата-ананың біреуі ғана тәрбиелеп отырған толық емес отбасылар. Жол картасына қатысушылар «Қазақстанның тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» АҚ жариялаған пулдарына өті­нім беру арқылы тіркеледі.

Бастапқы үй алу үшін үміткерлер біріншіден, ҚР азаматы немесе оралман мәртебесі болуы шарт. Екіншіден, тұрғын үй алушы сол үй орналасқан елді мекенде тұрақты тіркеуде болуы тиіс. Келесі кезекте «Орда» Жол картасына қатысушының және бірге тұратын отбасы мүшелерінің, сонымен қатар отбасы құрамына қосылған және өтініште көрсетілген басқа да отбасы мүшелерінің Қазақстан Республикасы аумағында сатып алу құқы­ғымен жалдамалы үйінің немесе­ меншігіндегі үйінің болмауы  қажет. Ең соңғысы, міндеттемелерді орындау мүмкіндіктерін  тиісті табыс­тарымен  растауы  шарт. «Тұр­ғын  үй  құрылыс жинақ банкі» АҚ өкілдерінің мәлі­метінше, жариялаған пул­дар­ға қатысу үшін өтінім береді. Ұсынылған өтінімдер бо­йынша «ҚТҚЖБ» АҚ қатысушыларға іріктеу рәсімін жүргізеді. Содан кейін ірік­теуден өткен қатысушылардың тізімін қалыптастырып, қала немесе аудан әкімдік­теріне ұсынады. Қала немесе аудан  әкімдіктері  іріктеуден өткен қатысушылармен 8 жыл мерзімге тұрғын үйді жалға алуға шарт жасасады. Бұл кезеңде қатысушы тұр­ғын үй жинақ жүйесінде тұр­ғын үй құнынан 50 пайыз алға­шқы жарнаны жинақ­тайды. Алғашқы жарнаны жинаған жалға алушылар тұрғын үйді сатып алу мақсатында 11 жыл мерзімге банк­тік несиелер алу үшін «Қа­зақстанның тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» АҚ-ға өтініш беріп, қала немесе аудан  әкімдіктерімен  тұрғын үйді сатып алу шартын жа­сасады. Өткізілген тұрғын үйлерден түскен қаржыны аталған банк қала немесе аудан әкімдіктеріне аударады. Әкімдіктер өз кезегінде тиісті қаржыны бюджеттік кредитті өтеуі үшін облыстық бюджетке қайтарады. Міне, осылайша баспанаға мұқтаж жандар жергілікті бюджеттен бөлінген қаржы көмегімен үйге қол жеткізеді, сонан кейін ол қаржы жоғарыда келтірілген механизмдердің арқасында мемлекет қор­жынына қайта оралады. Бағдар­лама  қатысушыла­рының  «Тұр­ғын  үй  құрылыс жинақ  банкінің»   салымшысы болуы – басты талап. Депозит­тік шотта тұрғын үй­дің ай сайынғы жарна­сының 12 реттік мөлшерінде қаржысы болуы керек. Екі бөлмелі үйге қол жеткізу үшін 8 жылдық жалға алу төлемі негізін­де айына 35 000 теңге, одан кейінгі 11 жыл төленетін қарыз  сомасы 32 200 теңгеден құрайды. Ал үш бөлмелі пәтерге ие болу үшін 8 жыл бойына айына 43 800 теңгеден, қалған 11 жылда 40 480 теңгеден  төленеді.

- Бағдарламаға қатысу­шының  ай  сайынғы арен­далық төлемінің 12 еселенген сомасы болмаған жағдайда баспанаға  кіргеннен кейін  өтеу  мүмкіндігі   қарастырыл­ған  ба? Жеке атына ресімделген  несиесі­  болса...

- Мәселен, тұрғын үй кезектілігінде тұрған адамның бірінде депозит шоты жоқ, екіншісінде бар. Есепшоты жоқ адам бағдарламаға қа­тысу үшін қажетті қаржыны бірден салды. Ал екіншісі – жылдар бойы банк талабына сәйкес жинақтаған салымшы. Екеуі бірдей конкурсқа қатысса, әрине, қаржысы тұрақты жинақталған банк салым­шысының ұпайы жо­ғары болады. Ал несиеге келсек, отбасына ай сайынғы кіретін табыс көрсеткіші ондағ­ы жан басына шаққандағы сомаға сәйкес болуы керек­. Несиесі болмаса, нұр үстіне нұр болар еді.

- Жинақ банкінің салымшыларына арналған 2018 жылы өзгертілген ережелер немесе  талаптар  бар  ма?

- Банктің тұрақты салымшылары үшін (депозиттік шотта кемінде 3 жыл ай са­йын қажетті соманың 50 па­йызын жинақтаған) 2018 жылдың жақсы жаңалық­тарының бірі жөндеу жұмыстарын жүргізу, тұрғын үй және жер сатып алу мақсатында 1 500 000 теңгеге дейін кепілсіз, төлем қабілеттілігін растамай  несие алуға мүм­кін­дік  берілуде.

- «Елбасының бес әлеуметтік бастамасы» Үндеуі аясындағы «7-20-25» бағ­дарламасының маңыздылы­ғына  тоқталып  көрейік...

- Мемлекет  басшысының жаңа әлеуметтік бастамасы – ел ішіндегі түйткілді мәселелердің шешімін табуға жол көрсеткен айқын мақсатқа толы  жоспар. Әсіресе, қазақ қоғамын өзегінен талдырып тұрған баспана жыры әлі де күрмеулі күйінде. Дегенмен, соңғы жылдары тұрғын үй­лердің бағасын халыққа қолжетімді етіп, түрлі жеңілдіктер қарастырып жатыр. Ел президенті «Біз әлеуметтік жаңғыру бойынша жаңа қадам жасауға дайынбыз. Осы орайда мен бес президенттік әлеуметтік бастаманы ұсынамын. Бірінші бас­тама – әр отбасыға баспана алудың жаңа мүмкіндіктері. Соңғы жылдары біз азаматтардың баспана алу мүмкін­діктерін кеңейту бағытында біраз іс тындырдық. Өткен жылы 11,2 миллион шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілді. Бұл – біз бұған дейін қол жеткізбеген рекордтық көрсеткіш. Алайда бұл жет­кі­лікті емес. Әлі де көп отбасы баспанасыз жүр. Оны шешу үшін барлық жағдайды жасау керек. Әр жұмыскер несиеге үй ала алатындай, кейін осы қарызды отбасының мүм­кін­діктеріне қарай төлейтіндей арзан ресурсты ұсынатын тетік­тер қажет. Сондықтан мен «7-20-25» деп аталатын бағдарламаны іске қосуды ұсынамын» деген болатын. Яғни, Қазақстанның әр жұмыс істейтін азаматының несие бойынша сыйақы мөл­шерлемесі қазіргідей 14-16 емес, жылына 7 пайыздан жоғары болмайтын несиеге қол жеткізеді. Егер банктер бүгінде алғашқы жарнаның 30, кейде 50 пайызын талап етсе, осы бағдарлама бойынша бастапқы жарна 20 па­йыздан аспауы керек. Ай сайын­ғы  төлемді азайту үшін несие  мерзімі 10-15 жыл емес, 25 жылға дейін ұзартылады. Бұл бағдарламаның маңыздылығы осында. Баспанаға қол жеткеннен кейін ұзақ мерзімді бөліп төлеуге жасалған мүмкіндігі бар. Қазіргі таңда бұл бағдарлама­ға өзгерістер мен толықтырулар енгізіліп, несиелендіру жұмыстары  жүйеленуде.

- Ағымдағы жыл басында банк салымшыларының қа­тарын әскери мамандар то­лықтырды. Оларға жасалған жеңілдік жөнінде кеңінен тар­қа­тып   айтсаңыз.

- 2018 жылдан бастап әскери  мамандар  бюджеттен тұрғын үйді жалға алу үшін алатын тұрғын үй төлемдерін пайдаланып, 5 пайыздық үстемақымен  баспаналы бола  алады. Үкімет басшысы­ның  тапсырмасына сәйкес бұл бағдарлама «5-5-25» тәртібімен іске асырылатын болады. Яғни, тұрғын үй құнының 5 пайыз алғашқы жарнасын жинақтау арқылы, 5  пайыздық  мөлшерлемемен 25 жылға дейін несие рәсім­деу  болып табылады. Біз бұл жобаның болашақта үлкен сұранысқа ие болатынын көріп  отырмыз. Себебі аталған бағдарлама туралы айтыла бастағалы әскери қызметкерлердің дені банкіміздің салымшысы атанды. Жаңа бағыттың баспаналы боламын деген ниеті бар әскерилерге қай жағынан алса  да, тиімділігі  мол.

Біріншіден, тұтынудан қаражат сақтап, ақша жинау­ға көшуге мүмкіндік береді. Себебі, әскери және арнайы орган қызметкерлері тұрғын үй төлемдерін баспаналы бо­лам­ын деп жинай бастайды.

Екіншіден, жаңа бағдарламаның арқасында бюджет шығындары әскери қызметкерлердің баспаналы болуы үшін  жұмсалады. Ал қазір ол қаражат  жалға  берушілердің қалтасына  түсіп  жатыр.

Үшіншіден, әскери қызметкерлерді несиелендіру бір мақсат аясында жүзеге асырылатын болады. Яғни, тұр­ғын үй төлемдерін алушылар мен тұрғын үй төлемдерінің көлемі бір орталықтандырылады. Республикалық бюджеттен бөлінетін ақшаның қалай пайдаланылып жат­қандығы  ашық  жүреді.

Жаңа қосымшаға сәйкес әскери қызметкерлер жаңа үйді де, қайталама нарықтағы жылжымайтын мүлікті де сатып­ ала алатын болады. Заем бойынша сома шектеуі жоқ. Жинақ көлемі немесе алғашқ­ы жарна неғұрлым үлкен болса, заем сомасы да соғұрлым жоғары болады. Қазіргі таңда көптеген әскери қызметкерлер жалдамалы пәтерлерде қоныстанған, сол себептен бұл бағдарлама жеке баспанаға қол жеткізу­дің тиімді мүмкіндігі деп білемін. Бүгінде  басшылық тарапынан несие­лендіру жұмыстарын жан-жақты  талқылау  жүргізілуде, жақын  арада  жағымды жаңалық  күтудеміз.

- Үкіметтің енгізген 2018 жылы   жекешелендіру  тізі­мін­де  «Тұрғын  үй  құрылыс  жи­нақ банкі» АҚ  да бар. Мұны естіген­ салымшылар банкке салған қаражаттарын ойлап, салы суға  кеткені рас. Банктің нақты­ қай қызметі жекеше­лендіріледі?

- Өте орынды сұрақ. Соң­ғы уақыттары банк салым­шыларының арасында осы сауал көп қойылып жүр. Үкіметтің жекешелендірілуі тиіс мекемелердің қатарына қосқаны рас. Мемлекет басшысының өзі Жолдауында «Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» АҚ-ның жүзеге асырып отырған жұмыс жүйесі­нің тиімділігін ерекше атап өтті. Бұл жүйе халыққа баспананы қолжетімді бағада ұсынып отыр. Қазіргі кезде банк іздестіріп жатқан стратегиялық серіктес осы бағыттағы жұмысты жақсартып, жандандыруға көмектеседі. Банктің ары қарайғы сапалы дамуын қамтамасыз ететін, халықаралық тәжірибесі бар, осы салада маманданған, тұрақты қаржы институтын көріп отырмыз. Бұл мәміледен бірінші кезекте біздің салым­шылар ұтады, себебі оларға технологиялық тұр­ғыдан дамыған қызмет көр­сетіледі. Сондай-ақ, «Бәйтерек» холдингінің еншілес ұйымы саналатын банк ак­цияларының тек миноритарлық бөлігі ғана сатылады деп жоспарланып отыр. Мемлекет негізгі акционер ретінде қала береді және банк өзінің барлық әлеуметтік функциялары мен міндеттемелерін сақтап қалады. Алайда бұл банк тек төл теңгемізбен жұмыс істей­тін болғандықтан, бұған қы­зығушылар аз. Тіпті табылмай отыр десек қателеспейміз. Өйткені тек теңге нарығымен әлемдік биржаға қатыса ал­майды. Осы тұрғысынан ин­вес­то­рлардың қызығушылығы артпай­  отыр. Сондықтан банк салымшыларына алаңдайтын негіз  жоқ.

- Бұл  банк  арқылы  берілетін несиенің талаптары мен шарт­тарын халық біле бермейді. Жарнамалау,  насихаттау  жұ­мыстары  қай  деңгейде?

- Халық «Тұрғын үй құрылыс жинақ банкінің» несиелендіру шарттарын біле бермейді деген сөзіңізбен келіспеймін, себебі банк ғимараты үзіліссіз аптаның алты күнінде жұмыс істейді. Орта есеппен алғанда, мамандар күніне 300-350 адам­ға кеңес береді. Оған қоса, облыс­ бойынша штаттан тыс 45 кеңесшіміз бар. Аудан, ауыл тұрғындарын насихаттау мақсатында «Нұр Отан» партия­сымен, Жастар ресурстық орталы­ғымен, «Туған жер» қауымдастығымен, аудандық әкімдіктермен және облыстық Әділет департаментімен бірле­сіп көшпелі семинарлар мен адам көп шоғырланған орталарда түсіндірме жұмыстарын жүргізіп келеміз. Жоспарлы брифинг, тікелей эфирлер мен арнайы репортаждар, қалалық және облыстық, республикалық басылым беттеріне мақалалар, «Facebook», «Instagram» әлеуметтік  желілеріндегі ресми парақшаларға күнделікті жаңалық­тарымыз жарияланып, оқырмандар сұрағына жауап­ берілуде. Сол себептен банк  бағдарламаларын  тұр­ғын­дар  арасында  насихаттау өз  деңгейінде  жүргізіліп жатыр  деп айта аламын.

-  Облыстың  әлеуметтік-экономикалық даму әлеуетіне көз­қарасыңыз   қандай?

- Бұл сұрағыңызға қуанып отырып жауап беруге болады. Өйткені Қызылорда негізгі әлеуметтік-экономикалық көрсеткіштер бойынша өте жо­ғары деңгейдегі жетістік­терге жеткен. Әлеуметтік дағдарыс сейіліп, аймаққа отандық және шетелдік инвести­циялар құ­йылды, қаланың әлеуме­ттік және өндірістік инфра­құры­лымы әлдеқайда жақсарды. Алдыңғ­ы уақыт­тарды есеп­темегенде, соңғы онжылдықтың айналасын алып қарасаңыз да, жеткілікті. Аймаққа  қарасты  аудандардың өзі қаланың деңгейіне жақын­даған. Ал қаладағы өз­герістер халықтың көз қуанышын еселеп арттыруда. Облыс­қа қарасты аудандар да өрке­ниет көшіне ілесіп, заман тала­бына сай қанат жайып келеді. Өндіріс ошақтары, әлеу­меттік нысандар, өнер­кәсіп орын­дары салынып, елдің әлеумет­тік жағдайының жақсаруына септігін тигізсе, аймақтың экономикалық көрсетікішін бір­табан емес, бір дүркін көтеріп тастады деп сенімме­н  айта  аламы­н.

- Экономикадағы сенімсіз ойынның  түрі – дағдарыс. Кез келген  уақытта төбеге көтеріліп не төменге құлдырап кетуі қа­лыпты жағдай. Мұндай кезде банк шотындағы депозиттерді кім  сақтандырады?

- Қазіргі таңда доллар бағамы­ның тұрақты болмауы ха­лық­тың  толқынысын  тудыруда. Естеріңізде болса, 2015 жылдың 18 тамызында доллар бағамының алғаш көтерілген кезінде барлық екінші деңгейлі банктер тек миллионға дейін қаржы жинақтаған салымшыларына өтемақы берсе, тек «Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» ғана миллионға дейін және миллионнан жо­ғары салым жасаған барлық тұтынушыларына өтемақы төлеп берді. Дегенмен де, банктің 100 пайыз акциясы мемлекеттік болғандықтан, тек төл теңгемен жұмыс жүр­гізеді, долларға еш қатысы жоқ. Банктегі салымдарды сақтандыратын арнайы қор бар. Ол әр салымшының 10 млн теңгеге дейінгі қаржысын дағдарыс жағдайында сақтандыруға кепілдік береді.

- «Баспана алып беремін», «баспанаға құжат дайындап берем­ін» деген сарындағы алаяқ­тық әрекеттер көбейіп кетті. Өтінім берген адамдардың тарихын қалай тексеріп, ондағы мәліметтердің растығын қалай ажыратып отырасыздар?

- Мұндай алаяқтық әрекеттер банк жұмысы бірізділікке түспей тұрған уақыттары орын алған. Ал қазір барлығы сандық технология түрінде атқарылады. Әр салымшының құжаты электронды түрде бақыланып отырады. Банк тарапынан бұл жұмыс бір жүйеге қойылған деп нақты кесіп айта аламын. Салымшылар өздері депозиттік шот ашып, ай сайын қаражатын жинақтап отырады. Салған салы­мына жылына 20 пайыз мемлекеттік сыйақы, 2 пайыз банк сыйақысы қосылып, көбейтіледі. Салымшылардың «BASPANA.KZ» сайты арқылы өтінім қабылдау уақыттары мен бағдарлама талапт­арын қарап танысуға мүмкіндігі бар. Өзі ұнатқан ықшам ауданда орналасқан баспанаға аталмыш сайт ар­қылы өтінім береді. Барлығы электронды түрде жүзеге асырыл­ғандықтан, алаяқтық әрекеттерден құралатын адами­ фактор еш әсер етпей­ді. Ертерек депозиттік шот ашқан, ай сайын үзбей салым салған, бағалау көрсеткіші жоғары салымшы тұрғын үй алуға үміттілер тізімінің көшбасында  тұрады. Мұндай салым­шының өзі қалаған пәтерді таңдап алуға да мүм­кін­дігі зор.

­- 2017 жылдан бастап «Нұрлы жер» тұрғын үй құрылысы бағдарламасы жүзеге асыры­луда, оған өңірлік даму бағдарламалары мен «Нұрлы жол» бағдарламасы бойынша тұрғын үй құрылысына қатысты барлық мәселелер бірік­тірілген. Бағдарламаның биыл­ғы  жоспарлары   қандай?

- «Нұрлы жол» бағдарламасының негізгі талаптары мен шарттары өзгертусіз нұсқада атауы «Нұрлы жер» тұрғын үй құрылысы болып өзгертіліп, 2017 жылдан бастап қолда­нысқа енгізілуде. Өткен жылы осы бағдарлама аясында «Сәулет» және «Арай 3» ық­шам аудандарындағы тұрғын үйлер пайдалануға берілді. Ағымдағы жылы қаламыздың сол жақ жағалауында құры­лысы жүріп жатқан баспаналар­  іске қосылады деген жоспар бар. Сол жағалауда бой түзеп жатқан  тұрғын  үйлердің қандай  бағдарлама арқылы халық игілігіне берілетіндігі алдағы уақыттың еншісінде.

- «Дүниеде уақыттан жасы үлкен ешкім де, ештеңе де жоқ» деген екен аты аңызға айнал­ған дала данышпаны Анахарсис. Сол уақытыңызды бөліп, сауалдарымызға жауап берге­ніңіз үшін алғысымыз шексіз!

Сұхбаттасқан

Нұрбике   ҚАЗИҚЫЗЫ

 


ТЕҢ ОЙЫН КӨБЕЙСЕ, ҰПАЙ АЗАЯДЫ PDF Print Email
Жаңалықтар - Сергек
31.05.2018 10:26

“ҚАЙСАР”  ЖАРТЫЛАЙ ФИНАЛДА  СҮРІНДІ

Өткен аптада Қазақстан кубогының жартылай финалына жолдама алған командалар белгілі болды. Сырбойылық клубтың қарсыласы “Шахтер” еді. Бұған дейін жерлестеріміз ҚПЛ-дің 9-турында қарағандылықтарды өз алаңында қабылдап, 3:0 есебімен ойсырата жеңген болатын. Әлбетте, үйдегі ойын бір бөлек, түздегі ойын бір бөлек. Оның үстіне кубок жолында “Қайсардың” бірнеше жылдан бері жолы болмай жүргені бар. Сонымен, Қарағандыдағы ойын 2:1 есебімен “Шахтердің” пайдасына шешілді.

Осылайша, жерлестеріміз ел кубог­ының жартылай финалына келіп сүрінді. Өзге де ойын­дарға тоқталар болсақ. “Мақтаарал” өз алаңында Павлодардың “Ертісін” қабылдап, 3:0 есебімен есе жіберді. Шымкенттік ұжымның бұған дейін ел чем­пиондарын жарыс жолынан ығыстырғаны футболсүйер қауымға таныс болуы керек. Сондай-ақ,“Ордабасы” үшін де кубоктік ойындар осымен тамам. Негізгі уақытта Алматының “Қайратымен” тең (1:1) ойнағанымен, он бір метрлікте оңтүс­тік астаналықтар басымдық танытты­ (3:4). Ал, былтыр ғана “Қайратпен” ҚР Кубогына талас­қан “Атырау” биыл да өте сауатты ойнап келе­ді. Батыс­қазақстандық ұжым Қостанайдың “Тобылынан” 2:1 есебімен басым түсті. Турнирдің жар­ты­лай финалдық кездесулері екі ойыннан тұрады. Алғашқы матчтар­ 14 маусым күні, қарымта кездесу 27 маусым күні өтеді.

 

ЖЕҢІЛІССІЗ  СЕРИЯ

ЖАЛҒАСЫП  КЕЛЕДІ

Қазақстан премьер-лигасының 12-туры да өз мәресіне жетті. Бұл жолы “Қайсар” Оралдың “Ақжайығына” қонақ­қа барды. Ел кубогының жартылай финалында сүрінген жер­лестері­міз Қарағанды қала­сынан тікелей Баты­с Қазақстанға жол тартқан болатын. Осы орайда, қос команда арасындағы мына бір статистикаға таңғал­масқа болмады. “Ақ­жайық” соңғы 15 жыл бойы өз алаңында “Қайсарға” есе жібермей  келе жатса, осы маусымда өз алаңында әлі күнге ешбір коман­дадан жеңілмеген. Ал, жалпы статис­тикаға көз жүгірт­сек, 6 рет “Ақжайықтың” асығы алшысынан түскен. Тиісінше, “Қайсар” 5 мәрте қаһарына мінген екен. Өзара өткен 5 ойын тең аяқ­тал­ған. Доп айырмашылығы – 18-17, қарсыластардың  пайдасында.

“Соңғы  бес тур бойына жеңіл­мей және гол жібермей келе жатқан “қасқырлар” дәл осы жолды жалғай ала ма?” деген­ сауал әр жанкүйердің жадын­да жатталып тұрды. 11-турда “Астана” футбол клубының аяғын аспаннан келтірген “Ақжайықтың” ойыны көңіл қуантады. Әрі шабуылшысы Эсеола сұрмергендер кестесінде 8 голмен көш бастап тұр. Қалай десек те, оралдықтардың ойынына сүйсіне, жерлестеріміздің жеңісіне күдігі басым үмітпен қарағанымыз анық. Қателеспеппіз. Газетіміздің өткен санында (№20, 24.05.18) “Жеңі­ліссіз серия жалғаса ма?” деген тақырыпта мақала жазып, осы сауалды  ортаға  тастағанбыз. Иә, ол жалғасып келеді. Өйт­кені, “Ақжайық” өз алаңында жеңілмей, “Қайсар” жеңбей, тағы да тең тарқасты. Тағы да дейтініміз, 2-турда (17.03.18) қос команда Қызылорданың қосалқы алаңында 1:1 есебімен ұпай бөліскен-ді. Айтпақшы, сол ойында қарсылас команданың ойыншысы Еркебұлан Нұрға­лиев 73-минутта қақпашымыз Марсель Исламқұловтан айласын асырып, есепті теңестіріп кетіп еді. Содан бері гол жібермей келе жатқан Марсельдің мерейі үстем болып, құрғақ серияс­ы  557  минутқа  жетті.

Дәл  қазіргі  уақыттағы

құрғақ  сериялар:

1. Марсель Исламқұлов (“Қайсар”) – 557 минут;

2. Дмитро Непогодов (“Тобыл”) – 368;

3. Сергей Ткачук (“Ақ­жа­йық”) – 293;

4. Ненад Эрич (“Астана”) – 110.

Жанкүйерлер үшін жақсы жаңалық, “Қайсардан” үш футболшы Ұлттық құрама бапкерінің кеңейтілген тізіміне шақырылды. Олар – Думан Нәрзілдаев, Ілияс әмірсейтов және Марсель Исламқұлов. Бұл тізімде 35 футболшы бар. Соның 23-і ғана Әзірбайжанмен болатын ойынның нақты тізіміне ілікпек. Бірақ, бұл тізімге “қасқырлардан” ешкім енбеді.

Бүгін “Қайсар” елордалық “Астананы” өз алаңында қабылдайды. Тартысты өтуге тиіс матч­ты газеттің келесі  санына жа­рия­лайтын  боламыз.

 


ТҰРҒЫН ҮЙДІҢ ЖАЙЛЫЛЫҒЫ азаматтардың өмір сапасын көрсетеді PDF Print Email
Жаңалықтар - Саясат
31.05.2018 10:00

Елбасы Н.Назарбаев «Бола­шақтың іргесін бірге қалаймыз» атты Жолдауында «Азаматтардың өмір сапа­сының озық көрсеткіші – тұрғын үй жайлылығының деңгейі» деген болатын. Сондай-ақ, дәл осы Жолдауында Үкіметке тапсырма бергені бар. Ол бойынша Үкімет тұр­ғын үй-коммуналдық шаруашылық саласын жаңғырту бағдарламасын дайындауға міндеттелді. Нәтижесінде, қазіргі таңда жыл сайын ескі­ріп, тозығы жеткен, өжірелерін су басып, пәтерлері масағ­а толған үйлердің беттері бері қарады.

Үш бағытты қамтитын «Тұрғын үй коммуналдық шаруашылығын модер­низациялау» бағдар­ламасының екінші бағыты – дәл осы көпқабатты тұрғын үйлерді күрделі жөндеуден өткізуді қамтамасыз ету. Мысал­ы, «Тұрғын үй Қызыл­орда» ЖШС-мен осы бағ­дарлама қолға алынғалы қаламыздағы 124 үй күрделі жөндеуден өткен. Биыл тағы 12 үйді жаңғырту жоспарланыпты. Солардың алдыңғыларына бүгінде жөндеу жұмыстары басталып та кетті. Олар – Б.Өсербаев  көшесі 15, Абай 51, Б.Момышұлы 76-үйлер. «Ал қалған көппәтерлі үйлердің құжаттары дайындалу үстінде» дейді «Тұрғын үй Қызыл­орда» ЖШС директорының орынба­сары Ерлан Бейсенбаев.

Рас. Көпқабатты үйлердің тұрғын­да­рымен тілдесе қалсаң, бірден базынала­рын айтып шығатыны бар. Әсіресе, жаз айларында «ызыңдаған масадан ұйықтай алмадық» деп реніш танытып жатады. Сондықтан «Тұрғын үй Қызыл­орда» ЖШС қарамағындағы 300-ге жуық үйге үнемі тазалық, сырлау жұмыс­тарын жүргі­зіп  отырады. Көпқабатты тұрғын үйлер­дің тазалығымен қоса, өжіредегі иісі қолқаны қабатын лас суды тартып, пәтерлердің сыртын әктеп-сырлайды. Ол үшін мекемедегі 24 техника сақадай сай тұрса, 24 сағат бойы жұмыс істейтін «Диспетчер» қызметі тағы бар. Мұнда тәулік бойы тыны­м таппай еңбек ететін мамандар­  оқыс жайт бола қал­ған жағдайда, көмек қолын дер кезінде­ созады. Құдды жедел жәрдем қызметі секілді. Өйткені кейде түнделетіп болатын тө­тенше­  жағдайлар уақыт күттір­мейді. Әсіресе, 5-қабаттың тұр­ғындары жауын жауған күндері «төбемізден су кетті» деп шағымданса, жылу маусымында бата­реялардың істен шығып, ыстық судың атқылайтын кездері де болат­ыны белгілі. Осындайда күн, түн демей қызмет көрсететін диспетчерлік  қызметті серіктестік қол­ға  алып отыр. Сонымен  қатар мекеме Ақмешіт және Мерей мөлтек аудандарындағы тазалық  жұмыстарына  да жауапты. Бұл дегеніңіз – «жұмыс жоқ»  деп, екі  қолға  бір күрек таба алмай қиналып­  жүргендерге  таптырмас  мүмкіндік.  Өйт­кені қалалық жұмыспен қамту бөлімі арқы­лы «Тұрғын үй Қызылор­да» «300 адамға дейін жұмысшы керек»­ деп тапсырыс береді екен. Себебі жоғарыда атап өткен көпқабатты үйлердің ауласының тазалығы, әктеп-сырлау­ секілді жұмыстарға жұмысшы  қажет-ақ. Әрі жұмыспен қамту бөлімі арқы­лы  ғана емес, серіктестіктен де жалақы төленеді. Міне, қаламыз тазарып ғана қоймай, тұр­ғындар да жұмыспен  қамтылып  жатыр. Әрі мөлтек аудан­дарда орна­ласқан бөлім­шелерге (барлығы 17 бө­лімше бар) сол аймақтың тұрғынының жұмысқа орналасу­ына  мүмкіндік туады. Әрине, өзін-өзі қаржы­ландыратын мекеме­ халық­тың  арқасы­нда өмір сүріп отыр. Ай сайын шаршы метріне 12, 18, 24 теңгеден­  тұрғынд­ар ақы төлемесе, қанша қыз­меткерді қаржыландыру оңайға  түспес  еді.

Айта кету керек, «пәтеріміз жаңғырудан өтсін» деген тұрғындар бағдар­ламаға қатысу үшін келісім беріп, қол қоюлары қажет. Заң бойынша, үйді күрделі жөндеуден өткізгісі келген мекем­е онда қоныстанған әр тұрғынның келісімін алуға міндетті. Мұны бірі білсе, бірі білмейді. Алайда сіз қонысыңыздың жайлылығы үшін ай сайын несие секілді қаражат төлейтіндіктен, бұл мәселеге бейжай қарамауыңыз керек­. Кейде мердігерлердің сапасыз құрылысы әрі ай сайынғы төлем үшін тұрғындар жөндеуден бастарын ала қашып жатады. Дегенмен, «Тұрғын үй қатынастары туралы» Қазақстан Республикасының Заңының 35-бабына сәйкес, үй-жайлардың иелері ортақ мүлік пен үйді ұстауға жұмсалатын барлық­ шығыстарға қатысуға, ортақ мүліктің және дара меншіктегі үй-жай­л­ардың сақталуы мен қауіпсіз пайда­ланылуына көмектесуге міндетті. Ал өздерінің ортақ мүлігін жаңғыртуда тұрғындар кімнің қызметін пайдаланамын, қандай мердігерді таңдаймын десе, ерік өздерінде. Бұл мәселенің бәрі олардың жалпы жиналысында шешіледі. Көп жағдайда, халық осыны біл­мегендіктен, бірден түбегейлі қарсылық танытып  жатады. Айта кететін жайт, егер өзіміз осы мәселеге салғырт қарамасақ, сапалы құрылысты талап ете алар едік. Жұмысы нашар деген бір мердіг­ерден бас тартсаңыз, келесі жолы өзі үшін құрылысының сапасын жақсартатыны сөзсіз. Заң бойынша егер үй тұрғындарының жиналысында үй-жайлард­ың меншік иелері жалпы санының көпшілік дауысымен модернизациялау бағдарламасын пайдаланбау туралы­ шешім қабылданса, онда оларды­ бұл бағдарламаны пайдалануға ешкім мәжбүрлей алмайды. Ал егер тұрғындардың басым көпшілігі бағдарламаға қарсылық танытпай, қолдаса, онда бұл шешімді барлығы орындауы тиіс.

Ал егер мердігер мекеменің жұмысы көңіліңізден шықпаған жағдайда, мекеме  басшысына Қазақстан Республикасының  Азаматтық  кодексінде  көзделген жауапкершілікке тартылатынын ескерт­сеңіз болады. Сонымен қатар «біреудің малын біреу ысқырып жүріп бағадының» кері келмегенін қаласаңыз, құрылыстың басы-қасында жүріңіз. Бүгін сіз кезекшілік етсеңіз, келесі күні көршіңіз дегендей. Сондай-ақ мердігер­лік шартында жұмыс сапасына кепіл­дік мерзімі көзделуі мүмкін. Ал, егер кепіл­дік мерзімі көзделмесе және мердігердің қасақана жасырын кемшіліктері анықталса, тапсырысшы бұл бо­йынша сотқа арыздана алатынын айтқымы­з  келеді.

Сол себепті көпқабатты тұрғын үйлердің иелеріне баспанасын жаңғыртудан өткізуге қарсы болудың еш қажеті жоқ. Бір жағынан, пайызсыз берілетін несие түрін пайдалана отырып, үй-жай­ды­  жөндеп  алған  сізге  де  тиімді.

Ж.ЖҮНІСОВА

 



<< Бірінші < Алдыңғы 1 2 Келесі > Соңы >>

Күнтізбе

< Мамыр 2018 >
  1 2 3 4 5 6
7 8 9 10 11 12 13
14 15 16 17 18 19 20
21 22 23 24 25 26 27
28 29 31      

Сауалнама

Аса мәртебелі шенеуніктердің қылмысқа шатылып жатқандығы нені аңғартады?
 

Ауа райы

Валюта бағамы

Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі валюталардың ресми бағамдары