Өзекті мәселелер

  • 13.09.18

    Кез келген жұмысқа тұрарда қандай болмасын мекеме, ең алдымен, «сотты болмаған» деген құжат сұрататыны белгілі. Сол бір «қара тізімде» бар екенсіз, онда арманыңыздағы қыз­метке қол жеткізу қиын дей беріңіз. Алайда облысымызда осы бір мәселеге назар аудармайтын бөлім басшыларының бар екендігі анықталып отыр. Атап айтар болсақ, Арал, Жалағаш аудандық білім бөлімдері мен Сырдария аудандық мәдениет...

    Толығырақ...
  • 13.09.18

    Саяси тұрақтылық пен қоғамдық келісім – мемлекетіміздің басты ұстанымдарының бірі. Сарабдал саясаткер, ел Президенті Н.Назарбаев «Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері» атты Жолдауында бұл туралы тарқатып айтқан болатын. «Көл-көсір мұнайдың» дәуірі аяқталып келе жатқанын ескерткен Елбасы жаңа заманға сай болуға үндеді.

     

    ...
    Толығырақ...
  • 13.09.18

    Шыны керек, көптің көкейінде «облыс орталығындағы басты көше­лерд­ің бірі Желтоқсан көшесі нелік­тен жылда жөндеуден өтеді? Оның орнына шетаймақтағы көшелерді жөндесе қайтеді?» деген мазмұндағы пікірлер жиі айтылады. Мәселенің мәнісі былай. Былтыр сол көшеге су жүйелері мекемесі ауызсу желілеріне жаңғырту жұмыстарын жүргізген. Асфаль­т қабаты бір рет қайта қазылса болды, жаңадан салынған жол бі...

    Толығырақ...
  • 13.09.18

    Ерғали  АБДУЛЛА

    Көрініс

    Қыз Жібектей керімсығысы келгені­мен де, тұқымы  құрғыр мыстандығы қылымсып қайта-қайта көрініп  қала береді...

     

    ...
    Толығырақ...
  • 13.09.18

    Нұржамал  ӘЛІШЕВА,

    журналист

    БІР   ҚИЫҚ  ОРАМАЛ

    Қазанға ет салып қойған. Қамыр илемекші болып еді, ұн бітіп қалған екен.

    Толығырақ...
Жұма, 01 Маусым 2018

Құмкөл кен орнындағы жұмысшылар да сыбайлас жемқорлыққа қарсы PDF Print Email
Жаңалықтар - Халық-хабар
01.06.2018 17:01

«ПетроҚазақстан Құмкөл Ресорсиз» АҚ-ның шетелдік компаниясының «Құмкөл» және «Арысқұм» кен орындарында компания ұжымымен кездесулер өткізілді.

Кездесу барысында Қазақстан Республикасының Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Қызылорда облысы бойынша департаментінің бас маманы А.Сәлімжан сыбайлас жемқорлыққа қарсы тұрудағы мемлекеттік саясатының басымды бағыттарына, Сыбайлас жемқорлыққа қарсы 2015-2025 жылдарға арналған Стратегияның мақсаттары мен міндеттеріне тоқталып, сыбайлас жемқорлық әрекеттердің зардаптары мен жауапкершілігін түсіндіріп өтті.

Сонымен қатар, Агенттіктің бастамасымен қолға алынып жатқан «Қоғамдық бақылау картасы» жобасы туралы кеңінен түсіндірме берілді.

Кездесу қорытындысымен департаменттің бас маманы А.Сәлімжан компания ұжымын сыбайлас жемқорлыққа қарсы тұруда белсенділік көрсетуге шақырды.

Сондай-ақ, аталған кен орындарында қоғамдық қабылдаулар өткізіліп, қабылдауларға келген азаматтарға заң аясында жауаптар берілді.

Департаменттің  баспасөз  қызметі

 


Балаларға қуаныш сыйлаған күн PDF Print Email
Жаңалықтар - Халық-хабар
01.06.2018 14:06

Арал ауданының тұрғындары орталық алаңда өткен Балалар мен жасөспірімдердің музыкалық ансамбльдері және оркестрлерінен құралған ерекше шеруді қызыға тамашалады. Халықаралық балаларды қорғау күніне орай сап түзеген шеру «Мәңгілік Ел» жалпыұлттық идеясын іске асыру бағытында рухани адамгершілік, эстетикалық, патриоттық тәрбие беру бағытында ұйымдастырылды. Астананың 20, Қызылорда қаласының 200 жылдық мерейтойына арналған аталмыш шара балғындарға ерекше көңіл күй сыйлады. Аудан орталығындағы мектептер, қосымша білім беру мекемелері (аудандық оқушылар үйі мен аудандық өнер мектебі) мен колледждер, спорт мектебі, білім бөлімі ұжымдарының басын қосқан шеруге 1500-ге жуық оқушылар, студенттер мен ұстаздар атсалысты.

Салтанат шымылдығы балабақша бүлдіршіндерінің «Қазақстан – Отаным менің» әнімен ашылды. Арал ауданы әкімі М.Оразбаев өзінің құттықтау сөзінде «Көңілдің гүлі, көздің нұры саналатын балаларға қуаныш сыйлап, олардың білім алып, дене және рухани дамуы үшін лайықты жағдай жасау мақсатында бүгін аудан орталығынан жаңа балалар ойын алаңы пайдалануға беріліп жатыр. Әрдайым еліміздегі жас өскелең ұрпақтары аман болып, Отанымыздың мақтанышы болуларына тілектеспін!», - деген ізгі лебізін білдірді.

Сән-салтанаты жарасқан шеруді білім қызметкерлерінің үрмелі-соқпалы аспаптар ансамблі бастап шықты. Мұнан соң шеруге қатысушы ұжымдар алаңға шығып, өнерлерін паш етті. Шеру соңында барша қатысушылар «Қазақстан - Отаным менің» әніне флешмоб биледі. Думан соңы концерттік бағдарламаға ұласты.

Жұмабек Табынбаев,

Арал ауданы

 


Оқырман ойымен үндескен кітапхана PDF Print Email
Жаңалықтар - Халық-хабар
01.06.2018 14:01

Біздің бала кезімізде ауыл перзенттерінің қолы шаруадан босай бермейтін еді. Мал жайлау, қора тазалау, қыста көлден ауызсуға мұз ойып, жазда су тасу, бақша егу, пішен ору, айта берсең таусылмайтын тірліктің баршасы балалардың еншісінде. Әрі бұл қыз баланың немесе ұлдың атқаратын жұмысы деп бөлінбейді. Олай болмағанда ше?! Күнұзағына кеңшардың шаруасымен жүретін әке-ананың үй тіршілігіне мойын бұратын шамасы да, уақыты да жоқ. Сондықтан ешкімге алаңдамай жоғарыда айтылған жұмысты өзің тындыра беруге тура келеді. Сол тұста есек деген хайуанаттың бәсі анау-мынау тұлпарыңнан кем емес еді. Ас-суыңды ішіп алған соң, қара есектің үстінде тепеңдеп, әндетіп бақшаға қарай кетіп бара жатқан құрдастарыңа сен де қосыласың. Бұл – енді біздің балалық шағымыздағы ауылдың шынайы көрінісі.

Міне, осындай қарбалас істің ортасында жүрсек те, бос уақытымызда мектептің кітапханасына баруға асығатынбыз. Мектеп кітапханасында қызмет жасаған марқұм Несібелі Жұбаназарова көпшіліктің әлі есінде. Ұстаздар әулетінен шыққан апайдың биязы мінезі, біліктілігі балалардың кітап оқуға, білімге деген құштарлығын арттырғаны анық. Бастауыш сыныпта жүргенде Несібелі апай өткізген шараға белсене араласқаным үшін сыйлыққа бір тал пластмасса гүл алғаным бар. Сол күні қуанышымда шек болмаған еді. Қазір уақыт та, қоғам да өзгерді. Ауылдың келбеті аудан орталығынан бірде кем емес. Десе де, соңғы кезде «бұрынғыдай кітап оқуға деген құштарлық жоқ» деген ұшқары пікірді оқта-текте естіп жүрміз. Мұны асығыс жасалған баға деуге себеп те бар.

Жуырда Қазалы аудандық орталық кітапханада жазушы Бауыржан Момышұлының «Ұшқан ұя» атты кітабына арналған кітап оқушылар конференциясы өткізілді. «Бір ел, бір кітап» акциясы аясында ұйымдастырылған осынау шара, шын мәнісінде, жұртшылық тарапынан жоғары баға иеленгенін көзіміз көрді. Конференция барысында өздерінің пікірін білдірген оқырмандардың таным деңгейі жоғарылығы, ойын еркін жеткізуі ашық көзқарастағы батыл жандардың қатары молайып келе жатқанын дәлелдей түсті. Сондай-ақ, Жанқожа батыр ауылында өткен №94 мектепті мұнан тура 40 жыл бұрын бітірген түлектердің кездесу кешінде аудан кітапханашылары ұйымдастырған көрме де көпшілікті тәнті қылды. «Туған жерге тағзым» қағидасын тұтынған кешегі түлектер, бұл күнде еліміздің әл-ауқатын көтеру жолында еселі еңбек етіп жүрген аға-апаларының өнегелі өмір жолын паш еткен көрмеге тамсана көз тіккен өрімдей жастарды көргенде, «идеология – сананы бағындыратын басты қару» деген аталы сөзді жадымызға оралттық. Қуаныштысы, кітапханашылар жүзеге асырған мұндай жағымды жаңалықтар көптеп саналады.

«Қазіргі таңда Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласының аясында ұлттың қаймағы болып табылатын зиялыларымызға жер-жерде құрмет көрсетіліп жатыр. Осы тұрғыда орталық кітапхана мен Б.Мергенбаев атындағы №226 гимназияның ұйымдастыруымен ұстаз, ақын Ғалия Мейірманованың «Бір үзік сыр» атты жыр жинағының тұсаукесер салтанаты өткізілген еді. Шараға ҚР білім беру ісінің үздігі, еңбек ардагері Қәдірбек Бекетов, зейнеткер ұстаздар Айжаһан Ысқақ, Күлпан Ережепова, Марал Айымбетова қатысып, естеліктермен бөлісті. Ал №226 гимназия оқушылары ақын шығармаларына қоса өздері жазған арнауларын оқып, әсем әуендерді орындады. Кітап көрмесі ұйымдастырылды. Кешті аудандық орталық кітапхана директоры Индира Назарова қорытындылап, қатысқан барша оқырмандарға алғысын білдірді» дейді өзіміз тілдескендер.

Қазалы аудандық орталықтандырылған кітапханалар жүйесі бойынша 26 көпшілік кітапхана оқырмандарға кітапханалық қызмет көрсетеді. Кітапханалардың барлығы дерлік бейімделген ғимараттарда орналасқан. «Ғанибай» мешіті ғимаратындағы ғасырдан астам тарихы бар Қазалы қаласындағы №1 кітапхананың Алтын қорындағы сирек кездесетін 78 дана кітап аудан мақтанышы десек әсірелеу болмас. Көпшілік кітапхана компьютермен жабдықталып, РАБИС бағдарламасы аясында кітап қорының электронды қорын құрып, интернет желісі арқылы оқырмандардың пайдалануына қажетті сұранымын өтейді. Аудандық орталық кітапхана РАБИС бағдарламасының тіркеу, іздеу, каталогизатор, келуші, берілім сынды бес модулімен жұмыс істейді. 2015 жылы БҰҰ демеушілігімен «Даму» бағдарламасы аясында Жанқожа батыр, Өркендеу ауылдық кітапханаларынан онлайн орталықтар ашылса, ағымдағы жылы Бірлік ауылдық кітапханасы онлайн орталығы болып халыққа көпшілік қызмет көрсете бастады. Ү.Түктібаев ауылдық кітапханасы үлгілі ауылдық кітапханасы санатында болса, биылғы жылға Жалаңтөс батыр ауылдық кітапханасына қаржы бөлініп, үлгілі (модельді) кітапхана санатын алуға қадам жасалуда.

Қарапайым бұқараның мұң-мұқтажын ел ағаларына шағынатыны, жәрдем күтетіні баршаға аян. Орайы түскенде кітапхана төңірегіндегі өзіміз байқаған кейбір түйткілдерді құзырлы орындардың назарына ұсына кетсек. Халыққа рухани-мәдени қызмет көрсететін киелі орынның бірі кітапхана екені ешкімге дау тудырмасы хақ. Осы ретте аудандық кітапханаға типтік дәрежедегі арнайы, бөлек ғимарат әбден керек-ақ. Сондай-ақ аудан кітапханаларының материалдық-техникалық базасын одан әрі жақсарту (кітап сөрелері, витриналар, оқырмандардың жазу столдары мен орындықтар, электронды зал ашуға ең бір қажеттісі - компьютерлер, таңдаулы шығармаларды сандық форматқа енгізуде сканерлер, көшірме аппараттары) назарға алынса, кітапхананың сайты ашылып, моделді ауылдық кітапханалардың саны көбейсе, нұр үстіне нұр болар еді.

Жұмабек  Табынбаев,

Қазалы  ауданы

 


Теңіз төскейіндегі тағзым PDF Print Email
Жаңалықтар - Халық-хабар
01.06.2018 13:55

Арал ауданында саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алуға арналған «Алаштықтар бастан кешкен қуғын-сүргін» атты митинг өтті. Оған мекемелер мен ұйымдардың қызметкерлері, ардагерлер мен тұрғындар, қуғын-сүргін құрбандарының ұрпақтары қатысты.

Шарада сөз алған Арал ауданы әкімі Мұхтар Оразбаев: "Елі үшін жалынға шарпылып, от пен суға түскен, елінің бақыты үшін басын тауға да, тасқа да ұрған дарабоздарын бүгінгі бейбіт заманның ұрпағы еш ұмытпақ емес", - дей келе айтулы датаның маңыздылығына тоқталды.

Мұнан соң жұртшылық басына орны толмас қасірет әкелген осынау нәубетті кезеңді бейнелейтін көрініс көрермендер назарына ұсынылды. Тар жолда тайғақ күн кешкен құрбандар рухына арнап құран бағышталып, бір минут үнсіздікпен еске алды. Маңызды күні бас қосқан аралдықтар саяси қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарына арналған ескерткішке гүл шоқтарын қойып, тағзым жасады .

Жұмабек Табынбаев,

Арал ауданы

 


МЕНИНГОКОКТЫ ИНФЕКЦИЯ ДИАГНОЗЫ ҚОЙЫЛҒАН НАУҚАСТЫҢ ЖАҒДАЙЫ АУЫР ТҰРАҚТЫ PDF Print Email
Жаңалықтар - Халық-хабар
01.06.2018 13:49

Қызылорда облысының Жаңақорған ауданында менингококты инфекцияның алғашқы жағдайы тіркелді. Осы жылдың 31 мамырында 1991 жылы туылған ер-азаматқа "менингококты инфекция, менингит, менингококцемия" диагнозы қойылып, ол Жаңақорған аудандық ауруханаға жатқызылды. Бүгінгі таңда дәрігерлер науқастың жағдайын ауыр тұрақты деп бағалап отыр. Бұл туралы бүгін Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз конференциясында облыстық денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары Жақсылық Абдусаметов мәлімдеді.

Сонымен қатар, баспасөз конференциясына қоғамдық денсаулық сақтау департаментінің басшысы Ұлбосын Аханаева қатысты.

Жақсылык Абдусаметовтың айтуынша, облыстық денсаулық сақтау басқармасы тарапынан штаб құрылып, онда облыстық денсаулық сақтау басқармасы, облыстық жұқпалы аурулар ауруханасы жəне қоғамдық денсаулық сақтау департаментінің мамандары жұмыс жүргізуде.

«Науқас Жаңақорған ауданының жан сақтау бөліміне жатқызылды. Оның жағдайы тұрақты ауыр деп бағаланып отыр. Жатқызылған күні оған тыныс алу аппараты қосылды. Бүгінде оның жағдайы тұрақты, өздігінен тыныс ала алатын болған соң, аппараттан ажыратылды. Науқас барлық дәрі-дәрмекпен қамтылды», - деп хабарлады Жақсылық Абдусаметов.

Сондай-ақ, науқас бұған дейін облыс аумағынан ешқайда шықпағанын айтты. Жаңақорған ауданының тұрғыны, Шалқия кентінде жұмыс істейді.

«Қазіргі кезде науқаспен қарым-қатынаста болған 15 адам бақылауға алынды. Оның 4-еуі - отбасы мүшелері, 11-і - ұжымдағы әріптестері. Отбасындағы 1 адам аурудың алдын алу үшін аудандық ауруханаға жатқызылды», - деді Жақсылық Абдусаметов.

Сонымен қатар, менингитке қарсы егу Қазақстанның Ұлттық екпелер күнтізбесіне енгізілмеген. Себебі, аурудың жаппай сипаты болмайды.

"Дегенмен, менингитке қарсы арнайы вакцина бар. Бір рет егу арқылы иммунитетте 3-5 жылға дейін сақталады. Қазіргі таңда біздің облысқа екпелер алдыртып жатырмыз. Ол келер аптадан бастап, №6 қалалық емханада ақылы түрде егіледі", - деді Жақсылық Абдусаметов.

Өз кезегінде, қоғамдық денсаулық сақтау департаментінің басшысы Ұлбосын Аханаева облыстағы эпидемиологиялық жағдай тұрақты екенін атап өтті.

"Бұл - жыл басынан бері алғаш рет тіркеліп отырған жағдай. Өткен жылдың қорытындысы бойынша тұрғындар арасында менингококты инфекция тіркелмеген. 2016 жылы 1 ғана жағдай тіркелген. Бүгінде эпидемологияға қарсы шаралар ұйымдастырылды. Аудандық аурухана қызметкерлері үй аралау арқылы аталған сырқатқа күдіктілерді анықтау жəне ақпараттандыру шараларын жүргізуде", - деді Ұлбосын Аханаева.

Сонымен бірге, менингококты инфекция қоршаған ортадағы жоғары ауа температурасында, ыстықта өледі.

Айта кету керек, облыстық денсаулық сақтау басқармасының арнайы бұйрығымен менингококты инфекцияның алдын алу жəне ерте анықтау шаралары облыс көлемінде ұйымдастырылуда.

Менингококты инфекция сырқат адамнан ауа жəне тамшы арқылы таралады. Дәрігерлер жеке бас гигиенасын сақтау, халық көп шоғырланған ортадан сақтану, бетперде қолдану өте маңызды екеніне кеңес береді.

Өңірлік коммуникациялар қызметі

 


Жұмыс табуға жәрмеңке жәрдемін тигізді PDF Print Email
Жаңалықтар - Халық-хабар
01.06.2018 12:53

Бүгінде екі қолға бір күрек таппай, сенделіп жүргендер көп. Алайда жұмыс істеймін дегендерге қазір барынша жағдай жасалған. Тіпті, кәсіп ашамын деушілерге мемлекет тарапынан пайызы аз мөлшерде несие де қарастырылғаны белгілі. Ал қалалық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімі жылына бірнеше рет «бос жұмыс орындары жәрмеңкесін» ұйымдастырып келеді. Осы сәрсенбі күні А.Тоқмағамбетов атындағы мәдениет үйінде дәстүрге айналған бос жұмыс орындары жәрмеңкесі өтті. Оған қаладағы 49 жұмыс беруші мекеме қатысты.

Құрметті жәрмеңкеге қатысушылар, бүгін қалалық жұмыспен қамту орталығы өзінің кезекті бос жұмыс орындары жәрмеңкесін өткізіп жатыр. Жәрмеңкенің мақсаты – жұмыссыз жүрген азаматтардың өзіне лайықты мамандық табуына қол ұшын созу. Осыған орай қалада орналасқан 49 мекеме 210-ға жуық бос жұмыс орындарын ұсынуда. Сондықтан осы жәрмеңке арқылы өздеріңіздің мамандықтарыңыз бойынша көптен күткен жұмыстарыңызды табуларыңызға тілектеспіз. Немесе қайта даярлау курстарынан өтуге кеңестер алуларыңызға болады,- деді қалалық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің басшысы Гүлмира Рахметова.

Ал «Волонтеры Кызылорда» қоғамдық қорының директоры Ольга Чебакова жәрмеңке барысында бұған дейін басқа қалаларда жүзеге асырылып, жақсы нәтиже көрсеткен «Zhas Project» жобасы жайлы айтып өтті. Бұл әлеуметтік жобаның ең ұтымды тұсы – 1 млн теңгеге дейін қайтарымсыз несие ұтып ала алатындығыңыз. Ол үшін 3-5 адам аралығында топ жинауыңыз қажет. Және ұсынатын әлеуметтік жобаңыздың болашағы зор болып, ары қарай кәсіп көзін ашуға ықпал етуі шарт. 14 пен 29 жас аралығындағы жұмыссыз жүрген жастарға арналған бұл жобаға жәрмеңке барысында қызығушылық танытқандар көп болды.

Сондай-ақ, жоғары сынып оқушылары мен студенттер үшін де жақсы ұсыныс айтылды. «Келер оқу жылына қамданамын, қажетті оқу-құралдарын алуға ата-анама салмақ салмаймын» дегендер үшін Жастар орталығы мамандары бір ай жұмыс істеуге мүмкіндік бар екендігін айтты.

Біздің жастар орталығының жанында 2 еңбек жасағы жұмыс істейді. Біріншісі – «Жасыл ел» еңбек жасағы, екіншісі – «Жас құрылысшылар» еңбек жасағы. Екі еңбек жасағына да 16 жастан 29 жасқа дейінгі аралықтағы жастарды жұмысқа аламыз. Барлықтарыңыздың інілеріңіз, балаларыңыз, қарындастарыңыз дәл қазір жазғы демалысқа шығып жатыр. Сол уақытта бізге келіп жұмыс істесе болады. Мысалы, «Жасыл ел» жасағында көгалдандыру, гүл отырғызу жұмыстарымен айналысса, құрылыс жасағында шеберлердің көмекшісі болады. Онда 50 мың мен 70 мың теңге көлеміндегі айлықпен қоса, түскі ас пен қызметтік көлік қарастырылған. Ал жасылелдіктерге 50 мың теңге көлемінде жалақы беріледі,- дейді Жастар ресурстық орталығы жұмыспен қамту бөлімінің басшысы Жұмабек Сәдірбек.

Жәрмеңкеге «Жалынды жүрек» мүгедектер қоғамдық қоры 5 тігінші мен 2 дизайнер мамандығын ұсына келіпті. Қордан арнайы келген өкіл Айгүл Керимованың айтуынша, бұл мамандыққа 12 мүшесі сау азаматтармен қоса, мүмкіндігі шектеулі жандар да жұмысқа тұра алады екен. Ал «Сыр Жоба» ЖШС-на 1 офис менеджеріне сұраныс білдірген. Алайда шара басталғалы 10 минуттың ішінде бес адам бұл мамандықпен жұмыс істегісі келетіндерін айтып, түйіндемелерін қалдырып үлгерген.

Бәрінен жәрмеңкеге анасымен келген Айболдың айы оңынан туды. Себебі ол өзі қалаған мамандығы бойынша жұмыс тапты.

Мен Түркістан қаласындағы медициналық колледжді тамамдағанмын. Массажист мамандығым тағы бар. Осыған дейін жеке клиникада жұмыс істедім. Алайда ол жақта еңбек өтілі жүрмеді. Бұл жағы көңілімнен шықпағандықтан, мен ол жұмыстан өз еркіммен шықтым. Қазір жәрмеңкеден «МедАрт» клиникасына жолдама алып отырмын. Өте қуаныштымын,- дейді Айбол Нұрлыбекұлы.

Сонымен қатар «жұмыс таптым» деп қуанғандардың ішінде егде жастағы кісілер де болды. Бала-шаға, күнкөрістің қамы үшін «жәрмеңке болады» дегенді ести сала келген Марат пен Серік те жалақысы тәп-тәуір жұмыс тапқандарына риза.

«Сибу Қызылорда» ЖШС-на слесарь мамандығы бойынша жұмыс таптық. Міне, жолдамамызды алып жатырмыз. Айлығы бастапқыда 65 мың теңге дейді. Ары қарай көбейетін шығар. Қуаныштымыз,- дейді жұмыс іздеп бірге келген Марат Бүлікбай мен Серік Мажитов.

Айта кету керек, жәрмеңкеге пробация қызметінде есепте тұрған азаматтар да әкелінді. Кезінде шалыс басып, қателік жасаған жандардың бүгінде қандай да бір жерге орналасуы шынында қиын-ақ. Өйткені бір кездегі жағылған қара дақтың алға бастырмай, қай кезде де кедергі болып, алдарынан шыға келетіні рас. Осыған орай, олардың да қолдарынан іс келетіндіктен әрі қоғамға бейімделулерін қамтамасыз етуді мақсат тұтқан пробация қызметіндегілер оларды осында алып келуді жөн санаған.

Қызылорда қалалық пробация қызметінде есепте тұрған сотталған әрі жұмыссыз 40 шақты азаматты бүгінгі жәрмеңкеге алып келдік. Өздерінің мамандықтары бойынша жұмыс таңдап, осы жерде жолдама алып жатыр. Ары қарай сол жұмыстарына тұрақтап қалады деп ойлаймыз,- дейді Қызылорда қалалық пробация қызметі бөлім бастығының орынбасары Айнұр Примова.

Тұрақты жұмыспен қамтылған жанның жүзіне күлкі үйіріліп, ісі алға басатыны рас. Адал еңбегінің арқасында тапқан нәпақасы да берекелі болатыны сөзсіз. Сондықтан «Бос жұмыс орындары» жәрмеңкесі әлі талай жанға қуаныш сыйлайды деп сенеміз.

Жансая  ЖҮНІСОВА

 


Күнтізбе

< Маусым 2018 >
        2 3
4 5 6 7 8 9 10
11 12 13 14 15 16 17
18 19 20 21 22 23 24
25 26 27 28 29 30  

Сауалнама

Аса мәртебелі шенеуніктердің қылмысқа шатылып жатқандығы нені аңғартады?
 

Ауа райы

Валюта бағамы

Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі валюталардың ресми бағамдары