Өзекті мәселелер

  • 11.10.18

    Облыстық прокуратура әкімшілік істер бо­йынша қабылданған шешімдерді зерделеу барысында полиция қызметкерінің әкімшілік өндіріс материалдарын бұрмалау фактісін  анықтады.

    Нақтырақ айтатын болсақ, жергілікті полиция қызметінің полицейі Д.Амангелдіұлы қызметтік автокөлікпен кезекшілікте жүрген кезін­де қаладағы дүкендердің бірінің тұсында тоқтап тұрған «Hyunday Accent» маркалы авто­көлігі...

    Толығырақ...
  • 11.10.18

    КӘСІПКЕРЛІК –  ЖЕТЕКШІ   КҮШ

    Еліміздегі басты саяси құжаттардың қатарында «Қазақстан – 2050» страте­гиясы да бар. Ұзақ мерзімді дамуды бекіткен бұл стратегияда айтылған міндеттерді жүзеге асыру үшін орта мер­зімді кезеңге арналған мемлекеттің 2025 жылға дейінгі жоспарлау құжаты да айналымда. Бұл құжаттың басты мақсаттарының қатарында жеделдет...

    Толығырақ...
  • 11.10.18

    Жат діни ағымға еріп, адасу Әселдің жастық ғұмырының біршама жылдарын жалмады. Бойжеткен өміріне жағымды өзгеріс енетініне сенген. Дәл сол сенімнің «арқасында» ә дегеннен ештеңе түсіне алмады. Мұнысын жастыққа жарасатын аңғалдық дерсіз. Уақыт өте келе өзінің және жұбайының «роботқа» айналып бара жатқанын сезген ол көңіліндегі күмәнмен арпалысты. Рухани дертке ұшыра...

    Толығырақ...
  • 11.10.18

    Бауырлас он екі мүше,

    Бір анадан туғанмен,

    Әрекеттері әртүрлі...

    Бас – ақшаға тартып,

    Аяқ – басқаға тартып,

    Әуреге салды әркімді...

    ...
    Толығырақ...
  • 11.10.18

    Елуде еді өз жасым,

    Тыйылмады көз жасым...

    Жұмыс іздеп шығып ем,

    Киім-кешек тозғасын...

    ...
    Толығырақ...
Сәрсенбі, 13 Маусым 2018

МҮДДЕЛІЛІК һәм МҰҚТАЖДЫҚ PDF Print Email
Жаңалықтар - Саясат
14.06.2018 11:55

Көрші  қонсақ та көңіліміз алаңдап отыратын елдердің көшбасында Қытай тұрғаны рас. Алайда олар бізді шыбынша шағып, айдаһардай от аузымен шарпып тұрған жоқ. Тек үнсіздік және соның астарындағы сауда-саттық. Шекарадан асып келгендерін есепке ілмегенде Қазақстан-Қытай қарым-қатынасы дипломатиялық деңгейден түскен жоқ. Керісінше, бауы бекіп, түрлі әлеуметтік-экономикалық құрылыс нысандарын салуда, білім инновациясын дамытуда жақсы серіктес болып келеді. Аңғал деп айта алмаймыз, қулардан қитұрқысын асырады, қатыгез деуге ауыз бармайды, бірақ тағылығында қоспа жоқ. Білімді екендері рас, дегенмен біздің қазақта да ғылымды он орап, түрлі жобаларға жан бітіріп жүргендер бар.

Десек те, аспан асты елінің саясаты тек өздеріне бағытталса да, өзгенің мысын басып-ақ тұрады. Осыны алға тарттық па, әйтеуір өткен аптада алпауыт көршіміздің тұрғындары Қазақстанға визасыз кіре алады деген сыбыс шыққанда да самай шашымыз желбірегенше өз-өзімізбен алысып кеттік. Анығында, ҚР Сыртқы істер министрлігі бұл қауесетті жоққа шығарды. Ал Қазақстан президентінің Қытай еліне ресми іссапармен барғаны рас.

Байлықтың бәрін бауы­рына  басып жатқан еліміз әлі де  болса  шикізатқа тәуелді. Ал шикізаттық  емес  секторларын дамытудың  маңыздылығы  экономикаға әр береді. ҚХР Төрағасы Си Цзиньпинмен өзара әріптестік әрі достық қатынасымыз  жалғаса береді. Ол да себепсіз емес. Осы уа­қыт­қа  дейін  Қытай  елімен 51 жобаға  қатысты  уағдаластыққа қол жеткізілді. Индустриалды-инновациялық бағдарлама аясында 1200 кәсіпорын ашылды. Біздің ендігі міндет – шикі­зат ресурстарына тәуелсіз екінші баламалы экономика қа­лыптастыру. Осы орайда екіжа­қты қарым-қатынастар стратегиялық міндеттер және Қазақстан экономикасын дамытудың басымдықтары тұр­ғысынан қалыптасып келеді. Атап айтқанда, химия өнер­кәсібіндегі, тау-кен металлургия кешеніндегі, машина жасау­, энергетика, агроөнер­кәсіп кешені және экономиканың басқа да салаларындағы индустриалды-инновациялық жобаларды жүзеге асыру көз­деліп отыр. Бірлескен жобаларды іске асыру нәтижесінде экспортқа бағытталған әрі қосымша құны бар жоғары технол­огиялы отандық өнім өндіретін кәсіпорындар құрылады. Сонымен қатар, Қазақстан-Қытай іскерлік кеңесі отырысының нәтижелері де жаман емес, екі елдің бизнесмендері жалпы сомасы шамамен 13 миллиард теңге болатын 40 құжатқа қол қойды. Міне,  басты  жаңалық.

Ел президенті ҚХР Төра­ғасымен кездескен кезде ел кезіп, жер көріп қайтуды мақсат  тұтқан жоқ. Іскерлік топтар­ мен жобаларды жүзеге асыруға атсалысатын шаруашылық субъектілер  Қытай  Халық Республикасым­ен  инвести­циялық ынтымақ­тастықты ілгерілетудің негізгі драй­вер­лері болып саналатынына назар­ аударды. Бұл үде­рісте жобал­ық қаржыландыру те­тіктер­і белсенді пайдаланы­лады. Соған сәйкес жобаның өзі кепілдемелік қамтамасыз етуші  болып  саналады.

- Агроөнеркәсіп кешеніндегі ынтымақтастықты тереңдетуге Қытай мүдделілік танытып отыр. Сенім болған кезде барлық мәселе шешіледі. Кез келген жағдайда өз еліңнің мүд­десін ескеру­ керек. Келіссөз жүргізу қашан да қиын, сол себеп­ті бұған мұқият дайын­да­ламын. Бұл – халқы­мның  ма­ған­ жүктелген жауапкерші­лігі, - деді мемлекет басшысы Қытай елінде өткен кездесу барыс­ында.

Демократиялы елде билік пен бұқара бір-бірін еркін, ашық түрде бақылай алады, әрине, мемлекеттік құпия құжаттардан бөлек мәселелерді. Біздің елде қазіргі кезде ашықтан-ашық айтылып жүрген мәселе – мемлекеттің сыртқы  қарызы. Әр адамды шетелдік банкке борышкер ретінд­е сезіндіре алатын сырт­қы қарыз мөлшері жыл сайын артып келеді дегенімізбен, негізгі экономикалық көр­сет­кішіміздің тамыры соған байланып тұр. Әлеуметтік желілерге тарап кеткен суреттердің бірінде мемлекет басшысының «үй иесінен» не сұрап жатқаны туралы қоздырғыш сұрақтар пайда болғаны рас. Қазақ елінің көкжиегін тегіс көріп, айналасын айнадай жаттап алған­ Елбасымыз ешкімнен ешнәрсе сұрап келе жатқан жоқ. Дәл сол сәтте Қытай Халық Республикасының Төр­ағасы Си Цзиньпин:

- Тату көршіліктің үлгісі­не айналған екіжақты ықпалдастық жоғары қарқынмен дамып келе жатыр. Бірлескен инфрақұрылымдық бастамаларды, соның ішінде «Бір белдеу, бір жол» бағдарламасын іске асыру ісі өзара сенім мен ынтымақ­тастықты нығайтты. Біз адамзаттың ортақ тағдырын қалыптастыру жолында  Қа­зақстанмен бірге болуға және адамзаттың жарқын болашағы үшін ақыл-ойымыз бен күш-жігерімізді жұмылдыруға да­йынбыз. Мен Қазақстан-Қытай достығының  алып  кемесін Сіз­бен бірге басқаруға әзірмін, - деген­ еді.

Осыдан кейін қазынаның қампаятыны үшін емес, көңі­лінің марқайғаны үшін қуанып келе жатқан президент қы­тайлық биліктің өзін «Жолдас Әбішұлы» деп атайтынын біл­генде тіпті өзгеріп сала берді.

Қазақстан Президентіне ілтипат білдіріп, мемлекеттік сапар аясында жүргізілген келіс­сөздердің табысты бол­ғанын және солардың нәтижелері бойынша қол қойылған құжаттар қазіргі кезеңдегі екіжақты қатынастардың нақты даму жоспарын айқындап жеткізг­ен Бүкілқытайлық халық өкілдері жиналысы Тұрақты  комитетінің  төрағасы­  Ли Чжаньшу:

– Сіз – біздің халқымыздың нағыз досысыз, ал мен үшін ең құрметті мемлекет қайраткерлерінің бірісіз. Сіздің басшылығыңызбен Қазақстанда нарықтық экономика қалып­та­сып, халықтың жағдайы жақсара түсті, қоғамда тұрақ­тылық бар. Еліңіздің әлемдегі және өңірдегі беделі әрдайым артуда. Өздеріңіз «Нұрлы жол» деп атағандай, мемлекетіңіз жарқын болашаққа  жол  ашты.  Сіз  халық  арасынан  шықтыңыз, оның арман-мүддесін білесіз және ұзақ жылдар бойы Қазақстанды табысты даму жолына бастап келесіз. Қытай халқы үшін  қаһарман тұлғасыз және біздер – басшылар үшін үлгі санал­асыз.  Сіздердің достарыңыз әрі көршілеріңіз ретінде Қазақстанның жетістіктері үшін шын жүректен қуаныш­тымыз, - деді.

Ал Қазақстан басшысы Ли Чжаньшуды жаңа қызметімен құттықтай отырып, екі елдің парламентаралық ынтымақ­тастығы мәселелерін талқылау сәтінде Бүкілқытайлық халық өкілдері жиналысының ХІХ съезінде қабылданған және елдег­і тұрақтылықты қолдауға, сондай-ақ қойылған міндеттердің орындалуына бағытталған шешімнің Қытай үшін тарих­и маңызы бар екенін атап өтті. Сонымен қатар, Қазақстан Президенті Қытай мемлекетінің 40 жыл бойы қытайлық өзіндік ерекшелігі бар социализм құру жолымен келе жат­қанын және соның барысында әлемдік деңгейдегі жетістікке қол жеткізгенін айтты.

– Қытай бүгінде әлемдегі экономикасы орасан зор жетекші елдердің біріне айналды. Инновациялар жылдам енгізіліп, ғылым саласына тартылған инве­с­ти­ция көлемі артуда. Елдерің­із өз дамуының мүлде жаңа жолына қадам басты, - деп түйіндеді мемлекет  басшысы.

Байқап қарасаңыз, соңғы онжылдықта екі ел арасындағы қарым-қатынас есікке қаққан сынадай беки түскен. 2012 жылдан бері 67 миллиард доллар­ көлеміндегі екіжақты 127 құжатқа қол қойылған. Алдағы­ уақытта да осы тектес саяси диалогтарды жалғас­тыруға қос мемлекеттің бірі мүдделі, бірі мұқтаж. Өткен жылдың өзінде өзара сауда-саттық көлемі 11 миллиард долларға тақаған. Өсім 30 па­йыздан жоғары. Келер жылы бұл әлеуетті одан еселей түссек, осы кездесудің нәтижесі деп білгеніміз жөн. Өйткені мемлекет басшысы Қытай Халық Республикасы Төрағасының достық, тең құқылық, өзара ынтымақтастық және мемлекеттік егемендікті құрметтеу рухында тату көршілік қаты­настарды дәйекті дамыту ісін­дегі жеке үлесін жоғары баға­лады. Сондай-ақ, іссапар нәтижесінде екі елдің бірлескен мәлімдемесінен бастап, ядролық және радиоактивті материалдардың, радиоактивті қалды­қтар мен қауіпті заттардың заңсыз тасымалдануын болдыр­мау  жөніндегі іс-қимыл туралы, Қытай Халық Республикасының жеңілдетілген несие­ беруі туралы негіз­деме­лік келісімдеріне, Қазақстан мен Қытайдың қаржы минис­трліктерінің өзара түсі­ністік және ынтымақтастық туралы, өндірістік қуаттар мен инвестициялар саласындағы Қазақстан-Қытай ынтымақ­тастық жоспарын бірлесіп әзірлеу жөніндегі өзара түсі­ністік туралы меморандум­дарына және инвестиция-инновац­ия саласындағы бір­қатар құжаттар мен хаттам­а­ларды қосқанда 9 құжатқа екі ел басшыларының  қолы  қойылды­.

Іссапар соңы Қазақстан президентінің ҚХР төрағасын қазақ еліне ресми іссапарға шақырумен аяқталды.

Н.ҚАЗИ

 


АСТАНА – БИІК ТӨРІМ, ҚЫЗЫЛОРДА – ТУҒАН ЖЕРІМ PDF Print Email
Жаңалықтар - Саясат
14.06.2018 11:43

Піл сауырлы боз даланың төбесі мен тауы, шөлі мен көлі көненің көзіндей. Тіпті, теңкейіп жатқан әр тасын төңкере қалсаң, төл тарихың туралы тіл қататынын қайтерсің?!

Тарих десек, алты Алаштың алғашқы астанасы атанған Ақмешіт атырабы хақында қаузамау мүмкін емес. Жалпы, қай уақытта да ескірген дүниенің құндылығы арта түспей ме?!

Алдымен жылнамада жазыл­ған жайттарды жет­кізсек: 1925 жылдың 15-19 сәуірінде Қазақ кеңестерінің V съезі өткен. Күн тәртібінде тұтас елдің тағдырына қа­тысты екі тақырып тұр. Қай-қайсысы да – екі шоқып, бір қарайтын мәселе. Ақмеші­тіңізде абыр-сабыр. Бірін­ші­сі, салқын саясаттың салдарынан уағында «киргийз» аталып кеткен қазақтың төл атауын кері қайтару. Екін­ші­сі, сол тұстағы ел астанасы Орынборды Ақмешітке кө­шіру және оның атауын Қы­зылорда деп өзгерту еді. Бұл  жиынға  төрағалық еткен – Сұлтанбек Қожанұлы. Төрт күнге  созылған  съездің  қорытындысы бойынша екі мәселе де оң шешілді. Сөйтіп, Ақмешітіңіз «қазақ» атауын алып берген бас қалаға айналды. Зиялылар келіп қызмет қылды. Талай дүлдүлдің табаны тиген де – осы маң. Мұхтар Әуезовтің «Еңлік-Кебегі» де көрермен назарына ұсынылды. Қыс­қасы, Қызылордада  жел үрлеген  шоқ­тай­  қып-қызыл  тірлік  қайнап  жатты...

Сарыарқа. Мұндағы  күн  райы  бірде мүйіз, бірде киіз. Қу медиен. Иен дала. Тап-тақыр. Бұл төңіректе шамамен 20  жылдан соң дүйім елдің астанасы бой көтереді дегенге кім сенеді?! Шындығында, кім соған сенді дейсіз? Алайда­ мемлекет басшысы тегеурінділік та­нытты­. Тынбады. Қарамағындағыларға қатаң талап қойды. Қас қағым сәтте өңің тұрмақ, түсіңе де енбейтін қазақтың тұңғыш һәм тәуелсіз астанасы тұрғызылды. Ерке Есілдің жағасында ақ маңдайлы арудай астанамыз бой түзеді. Күн сайын келбеті келісті, сәулеті сүйсі­нерлік, ажары айшықталған басты орда оңалып, кез келген мемлекеттің аста­насымен иық тіресетін деңгейге  жетті. Бұл – Елбасының  ерен  еңбегі.

Тағы да тарих. Тәуелсіздік алып, етек-жеңімізді жинаған сәт. Алаң-елең шақ. Сол кезеңде ел Президентінің алдын­да екі Жарлықтың жобасы жат­қан көрінеді. Әуелгісі – Қызылорда облы­сын тарату жөнінде. Екіншісі – Арал ауданы тұрғындарын басқа аймақ­қа  көшіру  туралы. Егер  алда-жалда әлгі шешім  қабылданса, тұтас  қазақия  айна­сыз қалған арудың күнін кешетіні хақ. Өйткені, біздің өңірде Қорқыттың қобызының үні, беріде Алаштың арда азаматтарының ізі қалды. Оны жоғалтсақ, келер ұрпақтың кешпейтіні мәлім. Бұ жалғанда тарихыңды жоғалтудан асқан  бақытсыздық  жоқ. Бірақ, аталмыш құжат  мемлекет  басшысының  алдынан­ кері қайтты. Содан Сыр елінде соны серпін басталды. Қызыл­орданың қай бұрышына келсеңіз де, еңсеңізді тік көтеріп қайтасыз. Жалған айтты демеңіз. Соңғы жылдары Сырдың  бас  қаласында  тұрғызылған ны­сан­дардың  бір-екеуіне  тоқталсақ.

Мемлекеттің мемлекеттігін айқындайтын негізгі атрибуттарының бірі – рәміздері. Ел болып уық қадағалы байрағымыз биіктен түскен емес. Лайым, солай болсын! Қайбір жылы Сырда­рияның жағасында 3 гектар аумаққа Елтаң­ба, Әнұран және биіктігі 60 метр­лік Мемлекеттік Ту орналастырылған «Рәміздер алаңы» ашылды. Жасыратыны жоқ, сонадайдан менмұндалап көрінетін нышан кеудесінде қаны бар әр қазақтың көкейіне бақыт ұялатады. Әуежайдан әрі-сәрі күйде келе жатқан жолаушының  тоқтап, берекелі  тірлікке тәубе  айтатын  тұсы – осы  жер.

Асылында, Сырдың соққан самал желі, арқырап аққан дариясының өзі неге тұрады? Диірменшідей бұрқыратып, көз ілеспес жылдамдықпен қарыштап қадам басқан Қызылорданың бүгінгі ажарын айтып тауысу мүмкін емес. Ара-тұра мінезін көрсетіп қоятын Сырдария сабырлы қалыпқа түсті. Бүгінде қос жағалау да қатар түледі. Құдды, бір қыздың қос бұрымындай. Егіз. Бізге белгілісі, сол жағалаудағы жаңа қаланың бас жоспары тып-тиянақты. Ыждағаттылықпен жасалған. Иінағаштай иілген көпірден асып түссеңіз, құрылыс алаңына ұшырасасыз. Тұмсығын көкке тіреген крандар, тынымсыз жұмысшылар, тоқтаусыз ағылған жүк көліктері шаһардың шырайлануына титтей де болса үлестерін қосуда. Айта кетерлік жайт, ондағы «Рухани жаңғыру» орталығының құрылысы тамам­далған. Мұның да сәулеті өзіндік тарихи­ маңызға ие. Сондықтан аталмыш ғимараттың кескін-келбетіне тоқталғанды жөн көрдік. Бұл кешен бұрынғы Қазақ орталық атқару комитеті ғимаратының негізінде салынған. Қажетті кесекті Ресейд­ің Белгород қаласынан алды­рыпты. Сірә, Сыр халқының «Алаш қайраткерлерінің рухына тағзым етуі үшін  салынған»  десек  те  болады.

Иін  тірескен  нарықтық заманда адуынды алпауыт мемлекеттің басшылары Елордада талай мәрте  жолықты.  Бейбітшілікті  бәрінен биік  қойған  Қазақстанға әлемдік сарап­шылар «Астан­а – келіссөз алаңы» деп айдар тақты. Бекер емес. Шарапаты мол шаруала­р, аймақ үшін айтулы шаралар да Есілдің сол жағасында жауабын тапты­. Ал Алаштың анасына айналған Сыр елі де күн өткен сайын қырмызыдай құлпырып келеді. Бұл – Астанада жүргізіліп жатқан салиқалы саясаттың жемісі.

ТҮЙІН.  Биыл  Тұңғыш  астана­мыз­ға – 200 жыл, ал Бас қалаға – 20 жыл. Тәй-тәйлап аяққа тұрған бас қаламыздың және алғашқы астанамыздың ғұмыры  мәңгілік  болсын!

Қозы  Көрпеш   ЖАСАРАЛҰЛЫ

 


ЕТЕГІН ЕШКІМ КЕЛІП КҮЗЕТПЕЙДІ... PDF Print Email
Жаңалықтар - Мәселенің мәнісі
14.06.2018 11:21

“Қызға қырық үйден тыйым” деп жатамы­з. Тыйымның қанша адамға, қаншалықты екені белгісіз секілді. Әкеден­ сес, қыздан ес кеткендігінің белгісі шығар, былтыр елімізде үш мыңға жуық жасөспірім қыз жүкті болып қалған.­ Дабыл қағатындай бар. Денсау­лық сақтау министрлігінің Азаттық радио­сына берген ақпаратына сенсек, 2017 жылы Қазақстанда 17 жасқа дейінгі  2947 қыздың жүктілігі тіркелген­. Ол қыздардың 20-сы 15 жасқа дейінгі жасөспірімдер екен. Көркем әдебиеттен бір перзентке зар болғандар жайлы оқып өстік. Ал, қазір көтерсе де күйіп-пісеміз. Әрине солай. Өйткені, не нәрсенің бол­са­ да, өз уақытында болғаны дұрыс. Мектеп уақытында мама, партада отырып­ папа атанса, жетілу емес, “жұтылу” деп қабылдаған дұрыс шығар. Енді ше, бесіктен белі шықпай жатып, бесік тербетіп отырса, “бәрекелді” дей алмаймыз.

Министрліктің ақпаратына сүйенсек, былтыр ресми органдар 15-18 жас аралығындағы  қыздар  арасында 1305 түсік тіркесе, 2016 жылы бұл көрсеткіш 1434 болған. Сондай-ақ, 2017 жылы жасөспірімдер арасындағы жүктілік көбіне Оңтүстік Қазақстан облысы (545), Алматы облысы­ (381), Жамбыл облысы (263), Қарағанды облысы (212) мен Шығыс­ Қазақстан облысында (190) тіркелген. Абырой болғанда облы­сымызда былтыр 15 жасқа дейінгі қыздар арасындағы жүктілік фактісі тіркелмепті. Тір-кел-меп-ті! Яғни, мұндай оқиға болмады деген сөз емес. Ұяты жүре пайда болған соң, жасыру бізде бар құбылыс. Есесіне 15-17 жас аралығында 127 қыздың аяғы ауырлап қалыпты. Ал, 2016 жылы облыс бойынша мектеп жасындағы 26 қыз жүкті болған еді. Қызылорда облыстық денсаулық сақтау басқармасының мәліметінше, оның 8-і қала мектептерінің оқу­шысы болса, 18-і – аудан мен ауылдардағы кәмелеттік жасқа толмаған жеткіншектер.

Жалпы, кейінгі жылдары 15-19 жас аралығындағы жасөспірім қыздар арасында бала туғандар саны артып­ келеді. Ресми статистикаға сай, елімізде 2010-2011 жылдары бала босану коэффиценті әр 1000 бойжеткенге шаққанда 30 баладан келсе, 2015-2016 жылдары бұл көрсеткіш 36-ға жеткен. Бұған қоса, жүкті болып қалған қыздардың  62 пайызы түсік жасатқан. 2016 жылы ресми органдар 15-18 жас аралығындағы қыздар арасында 1434 түсік тіркеген. 2015 жылмен салыстырғанда, бұл көрсеткіш 1,3 есе көбейген.

Әлемде жыл сайын жүктілік пен босану кезінде 70 мың жасөспірім қыз көз жұмады екен. Балиғатқа толмаған қыздардың ерте тұрмыс құруы мен балалы болуы мектепті тастап кету, жоғары білім алмау, жұмыссыздық, т.с.с. зиянды әрекеттерді көз алдымызға елестетеді. Өзі – әлі бала. Бірақ, ана атанған соң өз баласын тәрбиелеуі, жетілдіруі, өсіруі керек. Материалдық және моральдық қиындықтар жас ананың өмірімен ерте қоштасуына, жасанды түсік жасату­ына, сәбиін жетімдер үйіне өткізуге немесе қоқыс жәшігіне тастауына әкеліп соқтырады. Бұл – біздің емес, арнайы мамандардың айтқаны.

Елімізде қоқыс жәшігіне, дәретханаға тасталған сәби оқиғалары кейінгі жылдары жиі болып, жиі жазылы­п жүр. Бірақ, оның салдарымен күресу, себебін білу жеткілікті дәрежеде айтылмайды. Мұндай факторларға қыз баласының ғана емес, бүкіл қоғамның да қатысы бар. Ресми дерек бойынша, Қазақстанда әрбір 8-ші әйел тән қысымына, сексуал­ды немесе психологиялық зорлыққа ұшырайды. ТМД елдері арасында Қазақстан әйелдердің өзін-өзі өлтіру фактісі бойынша алдыңғ­ы орындарда тұр. Мақтанарлық, сүй­сінерлік статистика емес.

Қазір өзге үшін жауап бере алмайсыз. Әуелі әркім қара басына, өз іс-әрекетіне жауап беруі тиіс. Мұнымен бала жаста бала туып, ұятты ұмытқандарды ұялту мүмкін емес. “Бүйткенсің, сөйткенсің” деп бетіне­ басқаннан да пайда болсайшы. Балалықпен от басқандар мен ардан безгендер ата-анасын ғана емес, тұтастай ұлтты ұялт­қанын біле ме екен? Басқа-басқа олардың білуі керек бір нәрсе бар. Меніңше, қыздың етегін аңдитындар көп болса да, оны өзінен өзге ешкімнің күзетпейтінін білулері, ұғынулары керек.

Рыскелді  ЖАХМАН

 


МҰНАЙ ҰРЛАП, ҚҰДАЙ ҰРДЫ PDF Print Email
Жаңалықтар - Құқық құрығы
14.06.2018 11:16

Естеріңізде  болса, осыдан тура бір жыл бұрын облысымызда «қара алтынды» қымқырып, мұнай ұрлығымен айналысып келген  топ ҚР Ұлттық Қауіпсіздік комитеті мен Ішкі істер министрлігінің бірлескен  операциясы барысында құрықталған еді. Бірден бір мезетте­ республиканың үш қаласында (Қызы­л­ор­да, Шымкент, Тараз) жүргізілген операция «қара алтынды» қолды қылғандарды ен далада ұшақпен іздеп жү­ріп, дәл ұрлық үстінен ұстаған­ болатын. Құрықталғандардың сол сәтте қолдарына кісен  салынып, тергеуге алын­ған  еді. Бас-аяғы іске қатысы­ бар деген 21 адамға қатысты тергеу ісі  бір жылға созылды, 100-ден аса куәден жауап алынды. Ал өткен аптада облыстық қылмыстық істер жөніндегі мамандандырыл­ған ауданаралық сотының судь­ясы Асхат Сабыров атышулы процеске төрелік етіп, қоғамдық резонанс тудырған қылмыстық істің нүктесін қойды.

Айта кетейік, облысымызда жалғанды жалпағынан басып, мұнайды оңды-солды сау­даға салған бір емес, қос қылмыстық ұйым болған. Оның біріне «Жыланды қыр», «Қоныс» кен орындарынан, сондай-ақ, «Тұзкөл-Құмкөл», «Шымкент-Павлодар» мұнай құбырларынан шикізат ұрлады деген айып тағылды. Сот процесінде өз арасында «көк көз Ғалым» аталып кеткен Ғалымжан Көшекбаев мұнайды қалай ұрлағанын өз аузымен  айтып  берді.

– Аңшылықта жүрген кезде «Жылан­ды» деген жерді көргенбіз, скважина бос тұрған. Басында адам жоқ деді. Бұр­ғысынан ашып көрсем, мұнай шығып тұр екен. Содан 2016 жылдың мамыр айынан бастап желтоқ­санға дейін 16 маши­надай  шығар­дық, -  деді  ол.

Процесс барысында «көк көз Ғалыммен» қоса «қожа Ғалым» да өз кінәларын мойындады. Мұнай ұрлығына қатысты топтардың біріне жетекшіл­ік еткен қос Ғалымжан алдағы­  бес  жыл  уақытын  темір  торда өткізетін  болды.

«Қара алтын» айналасында заңсыз әрекет еткен екінші топ мұнайды сатып­  алу, сақтау, сату секілді шаруаларды тындырып отырған. Ал ұрланған шикізаттар болса, Қызылордадағы «КАИС СЕРВИС» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің жерасты цистерналарында сақталыпты. Сөйтіп ұрлықпен келген өнім еліміздегі мұнай зауыттарымен қоса, Қырғыз еліне де шығарылған. Заңсыз  мұнай  айналымын өткізуде «Әлем қызмет групп» мекеме­сінің құжаттары пайдаланылған.

Таңғаларлығы сол, тура жолдан тайған­дардың қатарында экс-полковник те бар. Облыстық ішкі істер департаменті ұйымдасқан қылмыспен күрес басқармасының бұрынғы басшысы Берік Өтенов мұнай ұрлығын әшкерелеудің орнына, бүркемелеп келген. Оны өзі де мойындады.

– 300 мың теңгеден 600 мың теңге алғаны­мды мойындаймын, 2016 жылдың мамыр айында Қорқыт ата ескерт­кіші­нің  қасында Қойбағаровты кездестірдім. «...Полиция қызметкерлері тарапынан проб­лема  болып  жатса, көмектес» деді. «Кө­мектесе аламын» дедім, - деді Б.Өтенов.

Осылайша заңсыз мұнай айналы­мына қолдау білдірген ол бейнетінің зейнетін көрер шағында 9 жылға темір торға­ тоғытылып ғана қоймай, лауа­зымды  қызметін  атқаруға өмір бойына айырылды.

– ҚР ҚК-нің 197-бабы 4-бөлігінің 1, 2-тармақтарымен, 361-бабы 4-бөлігінің 1-тармағымен, 262-бабы 3-бөлігімен кінәлі деп танылсын. 58-баптың 3, 6-бө­ліктерінің талабына сай, Шиелі аудандық сотының үкімімен тағайындалған  3 жыл 9 ай бас бостандығынан айыру жаза­сының өтелмеген бөлігін ішінара қосып, түпкілікті 9 жылға бас бостандығынан айырылсын. Жазасын қылмыстық атқару жүйесінің қауіпсіздігі барын­ша жоғары мекемелерінде өтеу белгіленсін, - деді судья  А.Сабыров.

Арнайы операция барысында ұстал­ған шенділердің ішінде Қызылорда облы­сының көлік прокуроры Нұрлан Серікбаев та болған еді. Артынша криминалдық мұнай бизне­сіне қолдау көрсеткен оны Бас прокуратура «2017 жылдың сәуір айын­да өз ер­кі­мен жұмыстан шығып кетті» деп мәлімдеді. Десе де, қазақ елінің мұ­найын майшелпекке айналдырған топтың құрамында жұмыстан шыға салып қосылмағаны бесенеден белгілі. Қылмыстық топқа қамқоршы болған оны сот сол жылдың желтоқсан айында қылмыстық іске ықпал еткені үшін 2 жылға бас бостандығынан айыруға үкім еткен болатын. Алайда ҚР «Рақымшылық тура­лы»  заңына  сәйкес,  аталған  жаза 2 жылға бас бостандығын шектеумен ауыстырылды. Сондай-ақ, шенінен айы­рылып, қылмыстық жолмен тапқан мүлкі тәркіленетін болып шешілген еді.

Ал ең жоғарғы жазаны топ жетекшісі Кенжебек Басықараев арқалады. Екі қылмыстық топтың біріне жетекшілік еткен оған мемлекеттік айыптаушылар 12 жыл сұраған. Заңды белшесінен басып­, көзі тоймай ұрлық жасаған бел­гілі кәсіпкер, бір қызығы, өзіне тағылған­ айыптармен келіспеген де. Тіпті, ұялы телефонға жазылып қалған әңгімелерді түсіндіруде де тіс жармаған. Алайда заңның аты – заң. Ұрлық түбі – қорлық. Енді құлқын тескен «қара алтынның» салдарынан алдағы 10 жылын тар қа­паста  өткізетін  болады.

– ҚР ҚК-нің 262-бабының 1-бөлігімен, 188-бабының  4-бөлігі 1-тармағымен, 197-бабының 4-бөлігінің 1, 2-тармақтарымен  кінәлі  деп  танылсын. 262-баптың­ 1-бөлігімен  9  жылға  бас  бостандығынан  айырылсын, 188-баптың  4-бөлігінің 1-тармағымен 7 жылға бас бостан­дығынан айырылсын, 197-бабының 4-бөлігінің 1, 2- тармақтарымен 4  жыл­ға бас бостандығынан айырылсын, 58-баптың 3-бөлігінің талабына сай жазаларды ішінара қосу жолымен түпкі­лікті 10 жылға бас бостандығынан айырыл­сын. Жазасын қылмыстық атқару­  жүйесінің қауіпсіздігі орташа мекемелерінде өтеу белгіленсін, - деді төрелік  етуші  судья.

Сондай-ақ, кәсіпкердің меншігінен мемлекет меншігіне қылмыстық жолмен табылған мүлік ретінде «Кара­ван сарай» кешені, «Саяхат» қонақүйі, жер телімдері тәркіленетін болады.

Мәліметтерге сүйенсек, қос топтың бес мүше­сі бұған дейін де заңсыз мұнай айналы­мына қатысы болғаны үшін сотты бол­ған. Ал сот процесі өткен күні қылмыс­тық іске қатысы бар 17 адамға ең кемі 3 жылдан 10 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалса, 4-еуі шартты түрде сотталды. Бас-аяғы 149 томға жүк бол­ған атышулы істің күрделі болғаны айтпа­са да түсінікті.

– 21 сотталушыны 30-ға жуық адво­кат, 15 қоғамдық қорғаушы қор­ғады. 100-ге жуық куә мен жәбірленуші сот процесінде өзінің жауаптарын берді, - деді Қызылорда облыстық маман­дандырылған қылмыстық істер жөніндегі соттың кеңсе меңгерушісі Қ.Сәрсенбаева.

Осылайша бұған дейін облысымызда болып көрмеген сот процесінде­ серкелер мен шенділердің тағдыры шешілді. Жақсы істерге ұмтылудың орнына, жаман әдеттерге үйір болудың  соңы жақсылыққа апармайтыны тағы да өз дәлелін тапты. Қылмыстың өтеуі жаза екенін қалтасы қалыңдар да ұқты. Өкініштісі, енді олар ашық ас­пан­ мен әдемі күнді тек темір тордың ар жағынан ғана көре алатын болады.

Айта  кетейік,  үкім  әлі  заңды  күші­не  енген  жоқ.

Б.ШЫРАҚ

 


УӘДЕ ОРЫНДАЛУЫ КЕРЕК PDF Print Email
Жаңалықтар - Саясат
14.06.2018 11:12

Нұрлыбек  НӘЛІБАЕВ,

қала  әкімі:

Шаһар басшысы Нұрлыбек Нәлібаевтың біздей өткір сөздерінен соң қарамағындағы шенеуніктердің шекесінен шып-шып тер шығып, әрі-сәрі күйге түсетін. Кезек­ті аппарат мәжілісінде де дәл осы жайт айна қатесіз қай­таланды. Бұған дейін кейбір ауыл әкімдерінің баяндамасы дыңдай, ал атқарған жұмысы қылдай екендігін байқағанбыз. Есебі мен еңбегі екі түрлі жауаптылар әр жиынға демін ішке тартып, елең-алаң күйде келеді. Бұл «дертпен» білдей бөлім басшылары да «сырқаттанатын» сияқты.

Қалалық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің басшысы Гүл­мира Рахметова атқарған жұмысы жөнінде есеп берді. Бүгінде облыс орталығында 300 мыңға жуық адам болса, оның 123 мыңнан астамы экономикалық тұрғыдан белсен­ді екен. Ал жұмыспен қамтылып отырғандар саны – 117 мың  629 адам. Қала әкімі Н.Нәлібаевтың халықпен есепті кездесуінде аймақ басшысы Қырымбек Көшербаев қаладағы жұмыссыздық деңгейін төмендету жөнінде тапсырма жүктеген. Ал бұған жауап­ты бөлім басшысы Г.Шамсутдинқызы:

– Жалпы, жұмыссыздық деңгейі 2017 жылғы атқарылған жұмыстардың қоры­тындысы бойынша 2018 жылдың 1 сәуіріне 4,7 пайызды құрады. Былтырғы жылмен салыстырғанда 0,1 пайызға төмендеді, - деді.

«0,1 пайыз төмендеді» деген­ ақпаратқа аң-таң бол­ғанымыз рас. «Үш өтіріктің бірі – статистика» десек, бұл ақпаратқа сену, не сенбеу, өз еркіңізде,  оқырман!  Әй, бірақ «жұмыссыздық бір қалыпты деңгейде» дегеннен гөрі, «0,1 пайызға төмендеді» деу құлаққа жағымды естіле­тіні  шындық. Ал тамыз айын­да республикалық бюджеттен қосымша 189 млн теңге және жергілікті қазынадан 21 млн теңге бөлінуі мүмкін. Сөйтіп, 201 адамға несие таратылып, 250 адамға жаңа жұмыс орындарын ашу межеленген. Деген­мен, былтыр 153 жоба қаржыландырылады деп жоспар­ланған болса, оның 43-і ғана іске асқан. Мұның себебін сұраған қала бас­шысына:

– Қаржы жеткіліксіз болды,­ - деді Г.Рахметова.

Сондай-ақ, қала әкімі тиісті бөлімдерге жаппай кәсіпкерлікті дамытуға байланысты баспасөз беттерінде жиі ақпараттандыруды тапсырды. Және ресми орын­дарға  БАҚ  өкілдері сұратқан сауалдарға толық, әрі нақты жауап  беруді  міндеттеді.

– Бір сөйлеммен ғана ақ­парат  беруді  тоқтатыңыздар. Барынша мол мәлімет беру­леріңіз қажет. Оны ел оқиды. Олар мемлекеттік бағдар­ламалар арқылы жұмыс істеу­дің тиімділігімен танысуы қажет, - деді шаһар бас­шысы.

Жиында қала және қалаға қарасты елді мекендерде электр тораптары мен әуе желіле­рін күтіп-ұстау жұмыс­тарының барысы жөнінде қалалық  электр тарату торабы­  мекемесінің  басшысы  Жан­дос­  Ниязов  баян­дама  жасады.

– Жандос Сұлтанмұрат­ұлы, біз Талсуат, Қарауыл­төбе, Қосшыңырау, Ақсуат, Қызылөзек, Қызылжарма ауыл­дық­ округтерінде тұр­ғындар­мен кездескен кезде «жарықтандыру мәселесін толық  ше­шіп береміз» деп уәде ет­тік. Мендегі ақпарат бо­йынша  жарықтандыру жұ­мысы орындал­маған. Ертең елмен­ тағы кездесеміз. Сонда оларға не ай­та­мыз? Уәде орындалуы керек,- деп шүйлікті Н.Мәшбекұлы.

Бұған Жандос Ниязов «біртіндеп бітіріп жатырмыз» деп жауап берді. Және қала әкімі осыған дейін аңғал-сағал­ күйде тұрған подстанцияларды (қосалқы электр станциясы. – ред.) қадағалау керектігін  ескертті.

Аппарат мәжілісінде Ақ­суат ауылдық округінің әкімі Мәмбетәлі Ақмырзаев атқар­ған жұмысына тоқталды. Ақ­суаттағы халық саны 7 мыңнан асып жығылған. Ауылдық округте 200 кәсіп­керлік субъекті тіркелсе, 4 жауапкершілігі шектеулі сері­ктес­тік, 48 шаруа қожалығы, 4 ауыл шаруашылығы өнді­ріс­тік  кооперативі жұ­мыс істей­ді. Жеке кәсіпкерлер саны – 144. Ауыл  әкімінің  сөзінше, тұрғындар мем­лекеттік бағдарламаларға белсен­ді  қатысуда. Бүгінде 48 млн 350 мың теңгеге 15 жоба қаржыландырылған. Инфрақұрылым жа­йы­на тоқталған М.Сейітжаппарұлы округтегі 15,8 шақырымды құрайтын 24 көшенің жол­дарын орташа жөндеуден өткізу үшін облыстық эко­но­мика және бюджетті жоспарлау  басқармасына 231 млн 786 мың теңгеге өтінім жолданғанын жеткізді. Сондай-ақ, 10 көшені орташа жөн­деу­ге аймақ қазынасынан 39 млн 256 мың теңге бөлінсе, об­лыстық комиссия отырысында ауылдық округке кіреберіс 2 көшенің орташа жол жөн­деу жұмыстарына 48 млн 105 мың теңге қаржы қарал­ған­дығын айтты. Мемлекет­тік сатып алу жұмыстары жүргі­зіліп жатқан көрінеді. Ал жыл басында салық базасына  4 млн 420 мың теңге түсіру жоспарланса, бүгінде ол толық орындалған. Оның ішінде кәсіпкерлерден бюджетке  1 млн  594  мың  теңге  түскен.

Ақсуат ауылы әкімінің есебін мұқият тыңдаған Н.Мәшбекұлы оның жұмысын жақсыға бағалады.

Қозы  Көрпеш  ЖАСАРАЛҰЛЫ

 


НЕГІЗГІ КӨРСЕТКІШТЕ ӨСІМ БАР PDF Print Email
Жаңалықтар - Саясат
14.06.2018 11:08

Заман  талаптарына  сәйкес  жол­дауда  көрсетілген  барлық  міндеттер­, әлеуметтік  және экономика сала­лары біздің қоғам алдында бірінші кезект­е  тұрады.

Президенттің Қазақстан халқына бағыттаған «Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері» Жолдауында көрсетілген 10 негізгі басымдықтың іске асуы экономиканың барлық салалары­ның  жоғары өсу қарқынын қамтамасыз  етеді.

2018 жылдың қаңтар-сәуірінде облыс­тың әлеуметтік-экономикалық дамуының негізгі көрсеткіштері бо­йынша өсу байқалды. Өңдеу өнер­кәсібінің өндіріс көлемі 2017 жылдың қаңтар-сәуір айларымен салыстырғанда 106,3 пайызды құрады. Құрылыс  жұмыстарының  көлемі 26,3 пайызға ұлғайды, бұл – республика бойынша бесінші нәтиже. Республикада негізгі капиталға салынған­ инвестициялар көлемі бойынша да облыс 5-орында, нақты көлем индек­сі 126,1 пайызды құрайды. Тұрғын үй құрылысына 7,0 млрд теңге жұмсалды. 2017 жылдың деңгейіне ауыл шару­ашылығының жалпы өнімі  3,3 пайызға өсті, бөлшек сауда 1,9 па­йызды  құрады. Жолаушылар айналымы  8,7 пайызға  өсті.

1. Жолдауда  белгіленген  негізгі 10 бағыттың біріншісі – индустрияландыру, оның ішінде өңдеу секторы­ болып табылады.

Өңдеу өнеркәсібінде 2018 жылдың қаңтар-сәуірінде жеңіл өнер­кәсіп - 1,6 есе, резеңке және пластмасса бұйымдарын өндіру – 1,5 есе, жиһаз жасауда - 22,0%, машиналар мен жабдықтарды жөндеу және ор­натуда - 13,4%, өзге металл емес минералдық өнімдер өндіруде 1,6 есеге өсім  байқалды.

2. Ресурстық әлеуетті одан әрі дамыт­у. Экономиканы дамытуда табиғи­ ресурстардың орны ерекше.

2018 жылдың қаңтар-сәуірінде облыс бойынша 594,0 млн кВт.с электр­энергиясы өндірілді, оның  ішінде 0,4 млн кВт.с күн электр станция­ларымен өндірілген.

3. «Ақылды технологиялар» - агроөне­ркәсіп кешенін қарқынды дамыт­у  мүмкіндігі.

2014 жылдан бастап Статистика комитеті кенттердің, ауылдық округтердің әр шаруашылық бойынша есепке алу деректерін енгізу, түзету және сақтауды жүзеге асыру үшін электронды түрде жүргізуге арналған бағдарламалық қамтамасыз ету қалыптастырды, яғни әлеуметтік-экономикалық көрсеткіштердің электрондық әр шаруашылық бо­йынша есепке алуды жүргізуге және әкімдердің еңбек шығындарын қысқарт­у мақсатында әзірлеген.

4. Көлік-логистика инфрақұрылымының  тиімділігін  арттыру.

2018 жылдың қаңтар-сәуірінде облыс­та автомобиль көліктерімен 25,4 млн  тонна жүк және 113,5 млн жолау­шы тасымалданды. Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыс­тырғанда 98,4 және 108,7 пайызды құрады.

5. Бесінші басымдық аясында жүзеге асып жатқан бағдарламалар арқасында облыстағы пайдалануға берілген тұрғын үйлер көлемі соңғы 5 жылда 2 еседен аса өскен. Тұрғын үймен қамтамасыз ету 2018 жылдың 1 мамырына 20,1 шаршы метрді құрады.

6. Адами капитал – жаңғыру негізі.

Соңғы 10 жылда халық саны 109 мың адамға көбейді және 2018 жылдың 1 мамырында 786,7 мың адамды құрады.

Облыстағы өлімге қарағанда туу көрсеткішінің жоғарылығы жал­ғасуда. 2018 жылдың 4 айында 6 мың туғанд­ар мен 1,5 мың өлім тіркелген. 52 жұп егіздер дүниеге келген. Еңбекке қабілетті жастағылардың саны артуд­а (2018 жылдың 1 қаңтарына 446,1 мың адамды құрады). Бүгінгі таңда облысымызда 100 тұрғынға  8 зейнеткерден  келеді.

Некеге  тұрғандар  саны – 1717, ал ажырасулар 587 құрады.

Қазақстанның табысты болашағының негізгі – «Үздік денсаулық сақтау ісі және дені сау ұлт». Облыс бойынша соңғы 10 жылда өмір сүру ұзақтығы 67,5 жастан 72,6 жасқа дейін өсті. Жаңа туған сәбилердің шетінеуі 2,5 есе азайды (1000 ту­ғанға).­

7. Жетінші басымдықтың негізгі бағыттарының бірі – сапалы жұмыспен қамту.

Өзін-өзі жұмыспен қамтығандар мен жұмыссыздар экономикалық өсімнің резерві саналады. 2018 жылғы­ І тоқсанда облыс экономикасында жұмыспен  қамтылғандар саны - 328,1 мың адам, оның ішінде өзін-өзі жұмыспен қамтығандар - 113,7 мың адам. Жұмыссыздық деңгейі - 4,8 пайыз, оның ішінде жастар жұмыссыздығы 4,3 пайыз болды.

8. Сегізінші басымдыққа сәйкес, мемлекеттік органдардың ақпараттық жүйелерінің интеграциясы «бір өтініш» қағидаты бойынша жеке­леген мемлекеттік қызмет көрсетуден кешенді қызмет көрсетуге көшуге мүмкіндік береді.

Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика министрлігі Статистика комитетінің ақпараттық жүйесі басқа мемлекеттік органдардың 28 ақпараттық  жүйесімен  біріктірілген. «Е-Статистика» интеграцияланған ақпарат­тық жүйесі аясында «on-line режимде деректерді жинау» ақпараттық жүйесі жұмыс істейді. Ол респонденттерге статистикалық органға бармай-ақ сандық қолтаңба арқылы есептілікті тапсыруға мүмкіндік беред­і.

2018 жылдың 1 тоқсанында on-line режимде 45876 есептілік қабылдан­ған, бұл өткен жылмен салыстырғанда­ 18,9 пайызға артқан.

Департамент сайтында респонденттер үшін барлық қажетті ақпараттар уақытылы орналастырылады, соның ішінде ескертулер мен ұсы­ныстарға «Сұрақ-жауап» топтамасы бар.

Ақпараттық қауіпсіздікті қамтамасыз ету үшін Департамент статистика Комитетінің ақпараттық қауіпсіздік саясатын басшылыққа алады. Саясаттың мақсаты ақпараттық жүйелердің үздіксіз жұмысын қамтамасыз ету және қауіпсіздікке қатер төндіретін оқиғалардан келетін зиянды мейлінше азайту болып табылад­ы.

9. Заң үстемдігі мен жемқорлықпен күрес мемлекеттік саясаттың басым­  бағыттары болып қала береді. Жыл сайын мемлекет басшысы сыбайл­ас жемқорлыққа қарсы күреске үлкен көңіл бөледі.

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыру мақсатында Қазақстан Республикасының 2015-2025 жылдарға арналған сыбайлас жемқорлыққа қарсы стратегиясын орындау шеңберінде іс-шаралар жүргізіледі. Департаментте сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл, мемлекеттік қызмет туралы заңнаманы және әдептілік нормаларын түсіндіру жұмыстары ұйымдастырылып, өткі­зіледі. 2018 жылдың басынан 10 іс-шара жүргізілді. Сонымен қатар, жемқор­лық фактілеріне жол бермеу мақсатында Департамент бойынша сыбайлас жемқорлық тәуекелдеріне ішкі талдау жүргізіледі.

Мемлекеттік статистика саласындағы заңнамаларының талаптарын сақтау тұрғысынан мемлекеттік бақылауды жүзеге асыру аясында жыл басы­нан бастап бастапқы статистикалық деректерді ұсыну тәртібін бұзғаны үшін 188 әкімшілік іс қаралып, 4 302 545 теңге айыппұл салынды, оның ішінде мемлекет пайдасына­ 3 739 775 теңге өндірілді.

Осы ретте, 2018 жыл басынан Қазақстан Республикасының Әкім­шілік құқықбұзушылық туралы Кодекс­іне енгізілген өзгерістерге сәйкес заңды тұлғаларға және кәсіпкерлік субъектілеріне әкім­шілік айыппұлдың жалпы сомасынан 50 пайызын жеті тәулік ішінде төлеу мүмкіндігі берілді.

Мариям  Баекеева,

Қызылорда  облысының

Статистика  департаментінің  басшысы

 


СҰҢҚАРҒА САМҒАУ ЖАРАСҚАН PDF Print Email
Жаңалықтар - Арнайы беттер
14.06.2018 11:02

Әдетте, қырандар  көкте – патша, жерде – мейман. Қалықтау үшін биіктік керек. Құлдилау екпінінен күш алады. Жазыққа емес, құзар шыңға қонақтайды. Халықшыл тұлғалар табиғаты да сондай­. Олар Алашын аспан­ға, асқар тауға балайды. Сұңқарға самғау жарасқан дейтініміз  де  сондықтан.

Сол өршіл рух Аралдың айбозым азаматы Тоғыс Жұмашевтың ақ дидарын аңсатқанда, құс көңіл сағыныш қанатымен жүзімізді желпігендей болады. Ондайда Тоғыс үшін Жиренше шешен­нің боз үйі секілді «Аралотынның» тар қолтық кеңсесіне маңдай тірегені­мізді  аңғармай  да  қаламыз.

Бір ғажабы, қоңылтақсу білінбейді. Тоғысқа тоқым болған қара креслодан лып етіп  көтерілген туымды  ұл әке сыйластарын  құшаққа тар­тады. Ыстық ықыласы иыққа шапан жапқандай. Мейрамбек күлімсіреді де­генш­е, бірқақпай әзілі бал арасындай шырынды сөз шақыра­ды.

Тура Тоғыс секілді: бабалар соқпағына да із салады, өткен шақ өлшемін де ескереді, бүгіннің бүктеуін де жазады. Тыңдау жетегін­де кетпейді, талдау дәлдігімен тосылтады. Терең ой тербелісін құптайды. Қай істі болмасын бастамай жатып тасынбайды. Әке қадаған кәсіпкерлік қазығы мызғымайды. Мыңдардың ошағы­н маздату шапқылауы баяғыша. Жер қойнауымен тілдескен кәсіпкерлік ұмтылыстар да тыным таптырмайды. «Қайратты да қайраулы кезде жұмсау керек!» дейтіні өзіне бек жарасымды.

Әлбетте, Төле би аманаттағандай, әке біткен «Атадан ұл туса игі, ата жолын­ қуса игі!»  - деп армандайды ғой. Бұл тұрғыда Тоғыстың екі дүниеде де бағы жанған деу әсте асылыққа жатпайды. Өзінің де болмысы бөлек еді. Сірә да, уызында жарыған ұзаққа шабады. Арғы бабасы Бекмырза хан намыс туын жықпаған. Жұмаш атасының алыстағы ырыс пен жақындағы жұғымның дәнекер­і  болғандығы  аттан  түсірмеген­. Әкесі Махамбетжанның маңдай терді бет орамалмен емес, рақат самалымен кептіретін шаруақорлық дағдысы тоқмейі­лсуге  жолатпаған.

Тоғыстың жұлдызды ғұмыры бәйге жолына айналды. Туған жер қиқуы шират­ты. Жастық шалқымасынан тез арылды. Жақсылармен жұғысты, жасық­тарға сөз шығындаған жоқ. Талтаң­байларды мысы басты. Шенеу­нік шекпеніне қызықпады. Бәсеке дей­тін өрттей қызғанышқа бой алдырмады.­ Иманға исінді, талантты мен талаптыға сүйсінді. «Қолы ашықтың жолы ашық!» дейтін мейірімге жетелейтін мәтелді қайырымдылық қағидаты санады. Кейде­ осы қанатты тіркесті пенделік ауытқушылықты тежеу үшін «Қолы таза еместің жаны таза емес!» деп өткірлеп өңдеп  жіберетін.

Жаратушы оған адуын күш сыйлаған. Қала қазағымыз деп ауыл иісінен қашықтағандарды мүлдем жаратпайтын. Шіренгендерді шегіндіретін сұсы да  бар еді. Ретіне қарай мінезді бола­тын­. Қаһарланса  боран  ұйытқып, дауыл­ соға­тын. Шаттанғанда күндей жадырап, жұлдыздай жымың қағатын. Тұсау салынбайтын тұлпардай жүй­ріктер дүбіріне елеңдеп тұратын. Татулық пен тайталас, қуаныш пен күйзе­лістің қақ ортасында жүрді. Аралдың арын арлап, мұңын мұңдау жантала­сында  бойын  пұлдамайтын.

Тәуелсіздіктің бұлқыныс пен бет­бұрысқа толы өсу табиғатын Тоғыс тәрізді топжарғандар боямасыз бейнелейді. Халық несібесін молайтудың өзекті арналарына жан бітіруді барынша өткірлейтін. Теңіз тағдыры, балық кәсіпшілігіндегі шалағайлық, пышыраған төрт түлікті түгендеудің амалын қарастыруда жоғары мен төменнің төте мүдделестігін аңсайтын. Үлкен шаһардан кіші қалаға іссапармен келген лауазым­ иелеріне, халық қалаулыла­рына  Аралдың теңізден басқа да көкейтесті проблемаларын көлденең тартатын. Қағазбен емес, бетпе-бет ауызша жеткізуді жөн көретін. Ол әрқашан шындықты теріс түсініктен арашалап тыншу  табатын.

Оның осы күрескерлік қырын Парлам­ент Мәжілісінің депутаты Ұзақбай­ Қараманов пен сенатор Бақберген Досман­бетов айрықша қадірлейтін. Мемлекет және қоғам қай­раткерін, академи­кті Сыр өңірінің қойнау­-қолтығын аралатып, сұрып­талмаған сай­лаушылармен дидарлас­тырған қосшылық сапары сондай шынайы­ еді. Аймақтағы зәрулік пен мұқтаждықты бірге саралап, Астана мінбесі мен кеңселерінен оң шешімін табуына  атақты  ағаларын  сағалайтыны­ қандай  керемет!

Қос қадірмен Тоғыс інісін ел ішін­дегі елшідей жоғары бағалайтын. Олар ой мен қырды шарласа да, пысықайлықпен өз есебін түгендеуден ада, ел ахуалын ғана тәптіштейтін азаматтығына бәрекелді десетін. Аралға келген сайын Тоғыс пен Несібелінің төріне сән беріп, бата дарыған дастарқанынан райлана дәм тататын.

Есесіне, мұндай сенім сапары Тоғыс­қа  рухани қуат сыйлайтын. Құзырлы орындарға дұрыс талап қою, бұлтартпайтын депутаттық сауалды безбендеу сырына қанықты. Ұлттың ары мен бары елжанды азаматтардың парасат­ы мен білімдарлығы, іскерлігінен ізделетінін пайымдады. Өңірдегі оң өзгерістерді одан әрі өрістету үшін халық қамшыгері атанған дұрыс деп шешті. Екі мәрте облыстық мәслихат депутаты мандатын басым дауыспен иеленген мәртебелі белес жауапкер­ші­лік жүгін еселей түсті.

Бұрыннан парызға адал, аманатқа қиянат жолатпайтын Жұмашев арзан уәдеден іргесін аулақ салды. Сертіне берік Тоғыс сайлаушылар жүзіне тура қарайтын. Сол үшін облыстық мәслихаттың бірде-бір сессиясынан үнсіз кеткен жоқ. Ауданның күн тәртібіне қойыл­маған шетін мәселелерін де мін­беге шығарды. Бюджет бөлінісіндегі жоспарлы жұмыстардың орындалу барыс­ына да қозғау салып отырды. Нарыққ­а қанық, әлеуметпен байла­нысы тығыз депутат жергілікті ерекшелік пен мүмкіндікті таразы басына тең  қоятын.

Не айтары бар: ол ешкімнен қаймықпайтын, шындықтың шырылынан шошып оянатын нағыз сайыпқыран болатын. Мінез жоқ жерде мәрттік алыста­йтынын  Тоғыссыз  өткен  өкпелі күндер шымбайға батырады. Оның ұйымдастырушылық ұтқырлығы, өткір­лігі мен іскерлігін сағынатындар қаншама?! Ел қалауына қалқан, туған жердің тарланы Тоғыстай-ақ болар?! Әділетке арбалған, намыстан нәр алған жасампаздық жалаугері Жұмашев жайлы­ жайдақ сөйлеудің өзі күпірлік!

Тәубе тұтатынымыз: Тоғыстай алып бәйтеректің жапырағын жайқалтқан Мейрамбектей мұрагері өзі ойлағаннан да биігірек белестерді бағындырып үлгерді. Шығын мен шырынды көз жобаме­н шамалайтыны әлі күнге құшағының табы бар Махамбетжан атасынан жұғысты. Жұмаш бабасындай ұйыс­тырғыш әдеті таңырқатады. Әкесі сияқт­ы намысқой да қайыркеш. Бекмырза ханнан келетін жүректілік пен имандылығы өнеге өріміндей жымда­сады. Ағайын мен бауырға деген іштартуы алабөтен. Ұжымына жайлы, сайлау­шы назына қайлы. Бір кездері Тоғыстың дауысы кернеген мәжіліс залында облыстық мәслихат депутаты ретінде әке  деңгейінен  түспеуге  тырысады.

Мейрамбек осы тұрғанда нағыз азамат­тық бабында. Заманауилық пен қазақилықты әдемі ұштастырады. Абыздар мен нағыздардың сүйекті сөзін қош көреді. Сыншысы да, сырласы да – намы­с. Дала тілімен айтқанда, өмір бәйгесінде әрі шабандоз әрі сейіс. Өзіне ғана емес, өзгеге де не керегін біледі. Сол себепті, бәріне үлгіруге ынтығып, уақытпен алысады. Болашақ мәресіне көз қиығын салады. Ұлы ойшы­л Абай ескерткендей, ақырын жүріп, анық басады. Ешкімге сауын айт­пайды, қарыздар болып та қалмайды.

Тоғыс  аудан көлемінде жаңашылдық көшін бастандырған дарабоз еді. Алғаш­қы ауызашар, Құрбан айтқа нар шалу, қысталаң кезде қарастығы жоққа көмір мен ұн тарату, мұңайғанды демеу, таланттарды қолдау тәрізді имани шарала­р әлі күнге ел есінде. Бекмырза хан туралы кітап шығарып, оны жұртшылыққа тегін ұсынды. Бабасына Қытайдағы заңғар таудан қашатып ескерт­кіш орнатты. Ұлы жолдың бо­йында  кесене  тұрғызды.

Мейрамбек Жұмашев – бүгінде облыс­қа танымал қабырғалы кәсіпкер. Сыр бойындағы 100 жаңа есім санатында. Облыстық мәслихат депутаты. Әке туралы «Еркіндік еркебұланы» атты кітап дайындатты. Жыл сайын Тоғыс Жұмашев атында өтетін жасөспірімдер арасындағы бокстан республикалық біріншіліктің ұйытқысы. Анасы Несі­белінің Меккеге қажылық сапарын ұйымдастырып, әке үлгірмеген бұл мүмкіндікті бәдел қажылық жолымен өтелген парызға ұластырғаны көңілін бірлеткендей. Тірінің алғысы жариялы, рухтың ризашылығы қашанда жұмбақ. Қалай дегенде, Мейрамбектей аймаңдай ұлдың жаратылысында тектіліктің сарқылмастай қуаты бар екені анық. Ол елі мен жеріне, бабаларына еміренгендей парыз парасатына ғана тәуелді.

Жаңабай  Кемал,

Арал  қаласы

 


ТЕГІН ДӘРІНІ КІМДЕР АЛАДЫ? PDF Print Email
Жаңалықтар - Мәселенің мәнісі
14.06.2018 10:54

Елімізде тек дәрінің ғана көмегімен өмір сүріп жүрген азаматтар аз емес. Мемлекет тарапынан оларға қандай жәрдем беріліп жатыр? Көрер жары­ғы әуелі Аллаға, кейін сол дәрілік препаратқа байланысты болып­ отырған науқасқа қарасатын кім?

Сәл кейінге көз салсақ. Елімізде тегін және жеңілдікпен берілетін дәрілермен қамтамасыз ету жүйесі осыдан 13 жыл бұрын қолға алынған болатын. Байыпты бастаманы жергілікті және республикалық бюджет есебінен қаржыландырады. Негізінен тегін дәрі созылмалы сырқаттарға, яғни жазылмайтын ауру түрлеріне, тек дәрінің қауқарымен ғана күн көретін кісілерге арналған. Қант диабеті мұндай аурулардың көш басында тұр. Ал екіншісі – артериялық гипертензия. Үшіншісі – онкологиялық және қан ауруларына берілетін дәрілік заттар.

Қызылорда облысында созылмалы сыр­қат­тар бойынша диспансерлік есепте 116 300 адам тұрады. Бұл – облыстық денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары Ж.Абдусаметов ұсынған мәлімет. Алайда диспансерлік есепте тұрмайтын, бірақ «Тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі шеңберін­де және міндетті әлеу­меттік медициналық сақтандыру жүйе­сінде азаматтарды, оның ішінде белгілі бір ауруларды (жай-күйлері) бар азаматтардың жекелеген санаттарын амбулаториялық деңгейде тегін немесе же­ңіл­дікпен берілген заттармен, медициналық мақсаттағы бұйымдармен және мамандандырылған емдік өнімдермен қамтамасыз етуге арналған дәрілік заттар­дың және медициналық мақсатт­ағы бұйымдардың тізбесін бекіту­  туралы»  ҚР ДСМ  2018 жылғы 14 наурыздағы №105 бұйырығының өз­гертулер туралы тізбесіне сәйкес алдын алу үшін профилактикалық ем де осы бұйрыққа енгізілген. Ол ауру түрлері мыналар: острый фарингит, тонзилит, бронхит, пневмония, рахит.

Сыр өңірінде де аталмыш ауру түрімен сырқаттанған азаматтар да мемлекет ұсын­ған тегін  көмектен қалыс қалмаған. Облыстық  денсаулық сақтау  басқармасы  ұсынған дерек  солай  дейді. Бүгінде Сыр өңірінде 126 683 пациент тегін дәрі-дәрмекпен қамтылып  отыр. Тегін  дәрі-дәрмек беру туралы  жоғарыда атап өткен бұйрыққа сәйкес, 45 ауру түрі бойынша 270 атаулы дәрілік зат және осы науқастарға керекті медициналық мақсаттағы бұйымдар, мамандандырылған емдік өнімдер қарастырылған. Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министр­лігінің 2018 жылғы 14 наурыздағы №105 бұйрығында бекітілген ауру түрлері амбулаториялық тегін дәрілік заттармен қамтамасыз  етіледі.

Хош. Мемлекет ұсынған көмекті науқастарға жауапкершілікпен жеткізіп беру қызметі­н белгілі мекемелер атқаруда. Науқастар­ға тегін берілуі тиіс емдік препараттарды Бірыңғай дистрибьютор «СК-Фармация» ЖШС-нен тапсырыспен облысымызға жеткізеді. Ал емдеу мекемелеріне, аудан орталығына және елді мекендерге және жеткізіп беруші қызметімен бекітілген  дәріханаларға  КФК  «Медсервис  Плюс» ЖШС жеткізуді мойнына алған. Тарқатайық. Қызылорда қаласы бойынша 9 дәрі­хана емханаларда, 8 дәріхана аудандарда тегін дәрілік заттарды таратуға тартылған. Сондай-ақ, облыстық туберкулезге қарсы диспансерінде, облыстық онкология орталығында, ЖИТС-тің алдын алу және оған қарсы күрес жөніндегі облыстық орталықта диспансерлік есептегі науқастарға тегін дәрілік заттарды осы аталған емдеу мекемесінде тарату ұйымдастырылған. Осы ретте айта кету керек, тегін берілетін дәрілердің сапасын  бақылау «Сараптау Ұлттық Орталығында» жүзеге асырылады. Ол 2016 жылы қолданыс­қа енгізілген ҚР Денсаулық сақтау және әлеум­еттік  даму  министрінің 2016 жылы 28 маусымдағы №569 «Қазақстан Респуб­ликасы Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму  министрінің 2014 жылғы 26 қарашадағы  №269 «ҚР-да тіркелген дәрілік заттар және  медициналық мақсаттағы бұйымдар қауіпсіздігі мен сапасына бағалау жүргізу ережелерін бекіту туралы» бұйрығына сәйкес атқарылады. Аймақтық Фармация комитеті және Бірыңғай дистрибьютор «СК-Формация» ЖШС-нің ақпаратына сүйенсек, өңір­дегі медициналық ұйымдардың  46,21 па­йызы  дәрі-дәрмекпен қамтылған.

Облыстық денсаулық сақтау басқар­ма­сының мәліметінше, тегін берілетін дәрілік заттар емдеу мекемелерімен тапсырыс бойын­ша алынып, диспансерлік есептегі науқас­тарға тек рецепт арқылы беріле­ді. Тұрғындарға дәріханалық сатылы­м жүйе­сінде аламын десе, өз еріктерінде екен.

Ж.БАҒЛАНҚЫЗЫ

 


1 шілдеден бастап базалық зейнетақы өседі PDF Print Email
Жаңалықтар - Халық-хабар
14.06.2018 10:51

2018 жылғы 1 шілдеден бастап Қазақстанда зейнетақы жүйесіне қатысу өтіліне қарай базалық төлемдер қайта есептелетін болады. Базалық зейнетақы азаматтар жалпы белгіленген зейнеткерлік жасқа толған уақыттан бастап ғана тағайындалады. Бұл өзгерістер зейнеткерлікке жаңадан және бұрын шыққан тұлғаларды қамтып, 1 шілдеден бастап базалық зейнетақы қайта есептеледі.

Қазіргі таңда Қазақстанда мемлекеттік базалық зейнетақы төлемінің мөлшері 15 274 (ең төменгі күнкөріс деңгейінің 54%-і) теңгені құрайды. Бұл төлемақының көлемі еңбек өтіліне қарамастан, барлық зейнеткерлер үшін бірдей.

2018 жылғы 1 шілдеден бастап мемлекеттік базалық зейнетақы көлемі зейнетақы жүйесіне қатысу өтіліне қарай қайта есептеледі. Есептеу барысында тұлғаның 1998 жылғы 1 шілдеге дейінгі ынтымақты зейнетақы өтілі мен содан кейінгі жинақталған өтілі ескеріледі.

Егер адамның жұмыс өтілі болмаса немесе 10 жылдан кем болса, базалық зейнетақының мөлшері ең төменгі күнкөріс деңгейінің 54 пайызын құрайды.10 жылдан асқан әр жылдың жұмыс өтілі үшін базалық зейнетақы 2 пайызға өседі. Мысалы, 20 жылдық қатысу өтілі болса, базалық зейнетақы көлемі ең төменгі күнкөріс деңгейінің 74 пайызын, 30 жылдық қатысу өтілі 94 пайызды құрайды. Егер қатысу өтілі 33 жыл және одан да артық болса, базалық зейнетақы ең төменгі күнкөріс деңгейінің 100 пайызын, яғни 28 284 теңгені құрайды.

Зейнетақы өтіліне ынтымақты жүйеде атқарған еңбек өтілі (1998 жылғы 1 қаңтарға дейін), міндетті зейнетақы жарналары (МЗЖ) төленген кезеңді қамтитын жинақтаушы өтілі, 3 жасқа дейінгі бала күтімі, бала кезінен мүмкіндігі шектеулі тұлғаның 16 жасқа дейінгі күтімі, әскери қызметтегі, арнайы мемлекеттік органдағы, дипломатиялық жұмыстағы жұбайымен бірге тұрған кезең және т.б. кіреді.

Бұл өзгерістер зейнеткерлікке жаңадан және бұрын шыққан тұлғаларды қамтып, 1 шілдеден бастап базалық зейнетақы қайта есептеледі. Айта кету керек, мемлекеттік базалық зейнетақыны қайта есептеу процесі автоматты түрде жүргізіледі, сондықтан зейнеткерлерге ешқайда жүгінудің немесе құжат тапсырудың қажеті жоқ.

«Азаматтарға арналған үкімет»

мемлекеттік корпорациясы» КЕ АҚ

баспасөз қызметі

 


«МЕНИНГИТ – ЖАЗЫЛМАЙТЫН ДЕРТ ЕМЕС» PDF Print Email
Жаңалықтар - Арнайы беттер
14.06.2018 10:48

Қызылорда  қалалық

№6  емхананың  инфекционист дәрігері  Жамила  УМЫШЕВА:

- Қазір жұртшылық арасында менингит туралы ақпарат кеңінен тараған. Аурудың алдын алудың медициналық бетперде тағудан басқа тағы қандай жолдары  бар?

- Сақтану үшін екпе ектіру қажет. Оның құны да белгілі – 23 000 теңге. Бірақ ол баршаға міндетті емес. Әркімнің өз қалауына орай. Егер вакцина жасат­қан жағдайда ол адамның осы ауруға деген қорғаныштық қабілеті 10 жылға дейін сақталады. Демек, алдағы онжылдықта ол кісі бұл аурумен ауырмайды деген сөз.

- Қазір сіз қызмет ететін емханаға менингитке қарсы екпелер әкелініпті. Осыдан біршама уақыт бұрын екпе ектірген адамдар саны екеу еді. Қазір өзгеріс бар ма?

- Иә.  Қазір  олардың  саны  6  адамға жетті. Көбісі – басқа қалаға сапарға аттанатындар. Бізге әкелінген екпелер аурудың 4 түріне ғана қарсы. Қалған 8 түріне қарсы екпелер әкелінген жоқ.

- Емхана  қызметкерлері, ақхалаттылар  қауымы  вакцина  жасатты  ма?

- Жоқ. Себебі, бұл – әркімнің өз таңдауындағы  шаруа.

- Ал менингитке қарсы екпені ектірмесе, не болмақ?­

- Емделеді. Ауыра қалған жағдайда инфекцияға қарсы көптеген дәрілер, антибиотиктер бар. Менингит – жазылмайтын дерт емес ғой.

- Екпе дегеніміз не, оның қызметі қандай?

- Сол ауруды болдырмау үшін салынатын вакцина­. Салған вакцинаға адам ағзасында 1 айдың көлемінде­ иммунитет қалыптасады. Содан кейін ауруға қарсы тұрылады.

- Менингит пен менингококк инфекциясының айырмашылығы  бар  ма?

- Менингококк – негізі ауа тамшылары арқылы жұғатын ауру. Оның назофарингит, генерализденген­ деген түрлері бар. Қызбамен, интоксикациямен, бөртпелер, ми қабаттарының зақымдануымен сипаттала­ды. Қоздырғышы – Neisseria, meningitidis микробы. Күн суықта және күн ыстықта көп өлетін микроб. Көбінесе ылғалды ауаны жақсы көреді. Биыл бұл аурудың көбейген себебі, ауа райының ылғалды болуы. Алматы облысында көп таралған себебі сол. Оның 12 сиротобы бар. А, В, С, D деп кете береді. Ең жиі кездесетін түрі, қазір кездесіп жат­қаны – В, С. Менингиттің асқынған түрі – менингококк. Менингококцемия дейміз. Ол кезде бөртпелер пайда болады. Бірінші кезде табанда пайда болады. Одан кейін барып денесіне таралады. Әдепкіде бөртпелер қызыл нүкте сияқты болады. Кейін жұл­дызша, қан тамырлары жарылып кеткен сияқты көрінеді. Бұл – менингококктың асқынған түрі. Менин­гит – мидың сыртқы қабығының асқынуы.

- Ал ауруға шалдығып, қайтыс болған жаңа­қорғандық  азаматта  кездескені  қандай  түрі?

- Оны қазіргі уақытта әлі анықтап жатыр. Лабораториялық нәтижесі әлі дайын болған жоқ.

- Менингиттің клиникалық түрлері туралы айтсаңыз.­

- Көбіне қыс, көктем айларында кездеседі. Жазда кездеспейді күн ыстық кезде. Өзінің кезеңі болады. Ол 20-30-40 жылда көбейеді екен. Біздің облыс­тарда көп кездеспейді. Өйткені, жаз бізде өте ыстық, ал қыс қатты аяз болады. Ал каторальді синдромына келсек, адамның дауысының қарлығуы, тамағының ауруы, тамағы қызарып, бөртпелер пайда болуы. Тамағын­ көрген кезде жұтқыншақта майда-майда бөртпелер пайда болады. Ондай жағдайда қосымша анализдерін алу керек.

- Тұмаудан айырмашылығын зерттеу үшін де анализ­  тапсыру  керек  пе?

- Анализ арқылы білуге болады. Сосын бас­ты­ң қатты ауыруы, дене қызуының 38 градус­тан жоғары болуы секілді сипаттамалары бар. Тұмауратқан кезде 38-ден жо­ғары­ температура болмайды. 38 градусқа дейін ғана көтеріледі.

- Ауру  тасымалдаушыны  емдеуге  бола  ма?

- Егер анықталып жатса, ауру тасымал­дау­шыларды міндетті түрде емдейді. Жұтқыншақтан сүртінді алынады. Сол кезде анықталып жатса­, оларға  ем  беріледі.

- Аурудың тарауына ыстық ауа райы кедергі. Қызылорда облысында жаз өте ыстық болады. Біз қорықпасақ та болатын шығар?

- Күн ыстықта бактерия өте төзімсіз. Қатты суыққа және қатты ыстыққа. Сондықтан қорық­пасақ­ та болады.

- Әңгімеңізге  рақмет!

Сұхбаттасқан   Ж.ҚОЙШЫБЕКОВА

 



<< Бірінші < Алдыңғы 1 2 3 Келесі > Соңы >>

Күнтізбе

< Маусым 2018 >
        1 2 3
4 5 6 7 8 9 10
11 12 14 15 16 17
18 19 20 21 22 23 24
25 26 27 28 29 30  

Сауалнама

Аса мәртебелі шенеуніктердің қылмысқа шатылып жатқандығы нені аңғартады?
 

Ауа райы

Валюта бағамы

Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі валюталардың ресми бағамдары