Өзекті мәселелер

  • 13.09.18

    Кез келген жұмысқа тұрарда қандай болмасын мекеме, ең алдымен, «сотты болмаған» деген құжат сұрататыны белгілі. Сол бір «қара тізімде» бар екенсіз, онда арманыңыздағы қыз­метке қол жеткізу қиын дей беріңіз. Алайда облысымызда осы бір мәселеге назар аудармайтын бөлім басшыларының бар екендігі анықталып отыр. Атап айтар болсақ, Арал, Жалағаш аудандық білім бөлімдері мен Сырдария аудандық мәдениет...

    Толығырақ...
  • 13.09.18

    Саяси тұрақтылық пен қоғамдық келісім – мемлекетіміздің басты ұстанымдарының бірі. Сарабдал саясаткер, ел Президенті Н.Назарбаев «Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері» атты Жолдауында бұл туралы тарқатып айтқан болатын. «Көл-көсір мұнайдың» дәуірі аяқталып келе жатқанын ескерткен Елбасы жаңа заманға сай болуға үндеді.

     

    ...
    Толығырақ...
  • 13.09.18

    Шыны керек, көптің көкейінде «облыс орталығындағы басты көше­лерд­ің бірі Желтоқсан көшесі нелік­тен жылда жөндеуден өтеді? Оның орнына шетаймақтағы көшелерді жөндесе қайтеді?» деген мазмұндағы пікірлер жиі айтылады. Мәселенің мәнісі былай. Былтыр сол көшеге су жүйелері мекемесі ауызсу желілеріне жаңғырту жұмыстарын жүргізген. Асфаль­т қабаты бір рет қайта қазылса болды, жаңадан салынған жол бі...

    Толығырақ...
  • 13.09.18

    Ерғали  АБДУЛЛА

    Көрініс

    Қыз Жібектей керімсығысы келгені­мен де, тұқымы  құрғыр мыстандығы қылымсып қайта-қайта көрініп  қала береді...

     

    ...
    Толығырақ...
  • 13.09.18

    Нұржамал  ӘЛІШЕВА,

    журналист

    БІР   ҚИЫҚ  ОРАМАЛ

    Қазанға ет салып қойған. Қамыр илемекші болып еді, ұн бітіп қалған екен.

    Толығырақ...
Бейсенбі, 21 Маусым 2018

Қызылордалық полицейлер «Қазақстан полициясы» күнін атап өтті PDF Print Email
Жаңалықтар - Халық-хабар
21.06.2018 17:03

1992 жылғы 23 маусымда Қазақстан Республикасы Жоғарғы Кеңесі «Қазақстан Республикасы ішкі істер органдары туралы» Заң қабылдады. Бұл Қазақстан полициясының қызметі мен міндетін анықтайтын алғашқы құқықтық акт болатын. Ал 2007 жылғы 5 маусымда мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев өз Жарлығымен 23 маусымды «Қазақстан полициясы күні» деп бекітті.

Қазақстан полициясы күні – ел қауіпсіздігі мен тыныштығын қорғап, қоғамдық тәртіпті қамтамасыз ету жолында аянбай еңбек етіп жүрген тәртіп сақшыларына, осы қызметтің қалыптасуының басы-қасында болған ардагерлерге алғыс білдіру күні. Сонымен қатар бұл күн бейбіт уақытта қазақстандықтардың тыныштығы мен қауіпсіздігі үшін өз өмірлерін құрбан еткен айбынды полиция қызметкерлеріне құрмет көрсету күні болып саналады.

Қазақстан полициясының 26 жылдық мерейтойына орай, бүгін облыстық филармонияда мерекелік жиын өтті. Мерекелік шара барысында Ішкі істер министрі, полиция генерал-полковнигі Қасымов Қалмұханбет Нұрмұханбетұлының мерекелік жеделхаты оқылып, министрдің құзырымен 13 қызметкер марапат биігінен көрінді.

Мұнан соң сөз Қызылорда ОІІД бастығы, полиция полковнигі Қ.Мұхитовқа беріліп, марапаттау бұйрығы таныстырылды. Департамент бастығының бұйрығымен 200 қызметкер және 25 ішкі істер органының ардагері марапатталды.

Мерекелік іс-шара концерттік бағдарламаға ұласты. Халықтың тыныштығы мен қауіпсіздігін қорғап, қоғамдық тәртіпті қамтамасыз ету бағытында абыройлы қызмет етіп жүрген полиция қызметкерлеріне арнап лблыстық филармонияның жұлдыздары өнер көрсетті. Концертте полиция қызметкерлерінің өнері де тамашаланды.

Қызылорда ОІІД баспасөз қызметі

 


Жалағаштық түлектер де сынақ тапсырды PDF Print Email
Жаңалықтар - Халық-хабар
21.06.2018 15:32

Бүгін Жалағаш кентіндегі З.Жарқынбаев атындағы №202 орта мектеп базасында орналасқан №869 Ұлттық бірыңғай тестілеу орталығында 246 оқушы өз бақтарын сынауда. Білім сынағының ашылу рәсіміне қатысқан аудан әкімі Қ.Сәрсенбаев:

- Соңғы бес жыл көлемінде ұлттық бірыңғай тестілеу сынағынан біздің аудан облыста алдыңғы қатарлардан, 2015-2016 жылдары екі жыл қатарынан аудан түлектері тестілеу қорытындысымен облыс бойынша бірінші орынды иеленді. Биылғы мектеп бітірушілеріміз де осы дәстүрді жалғастырып, абырой биігінен көрінеді деген сенімдеміз,-дей келе, барша сынақ тапсырушы түлектерге ақ жол, сәттілік тіледі.

Айта кетейік, былтырғы жылы 293 оқушы мектеп бітіріп, соның 215-і ұлттық бірыңғай тестілеуді тапсырған. Бітірушілердің 96% -ы, оның ішінде 192  бітіруші жоғары оқу, 89-ы арнаулы оқу орындарына түссе, биылғы жылы аудан бойынша 344 оқушы он бірінші сыныпты тамамдап, соның 246-і ұлттық бірыңғай тестілеу сынағына қатысуда.

Аудандық ішкі саясат бөлімі

 


«Үздік жас мемлекеттік қызметші» конкурсы өткізілді PDF Print Email
Жаңалықтар - Халық-хабар
21.06.2018 15:06

23 маусым - Мемлекеттік қызметшілер күніне орай Жалағаш ауданы жастарының «Темірқазық» қоғамдық бірлестігінің ұйымдастыруымен Жалағаш ауданы әкімі аппаратының мәжіліс залында жас мемлекеттік қызметшілер арасында «Үздік жас мемлекеттік қызметші» конкурсы өтті. Конкурсқа кент және ауылдық округтерден жас мемлекеттік қызметшілер қатысты. Іріктеуден өткен 6 мемлекеттік қызметші конкурс барысында өздерін таныстырып, жағдаяттық сұрақтарға жауап берді. Конкурс қорытындысы бойынша, мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің бас маманы Е.Әбуов «Үздік жас мемлекеттік қызметші» атанса, Таң ауылдық округі әкімі аппаратының бас маманы Т.Шәдмахан І орынды иеленді. Ал, Жалағаш ауданының құрылыс, сәулет және қала құрылысы бөлімінің бас маманы А.Берікұлы ІІ орын, Бұқарбай батыр ауылдық округі әкімі аппартының бас маманы Д.Ибраев жүлделі ІІІ орыннан көрінді. Барлық қатысушыларға және жеңімпаздарға Диплом және Алғыс хаттар Мемлекеттік қызметшілер күніне орай аудан әкімінің қатысуымен өткізілетін салтанатты шарада табысталатын болады.

Аудандық ішкі саясат бөлімі

 


ҚАЗАҚСТАНДА ӘЙЕЛДЕР КӘСІПКЕРЛІГІН ҚОЛДАУ ҚОРЫ ҚҰРЫЛДЫ PDF Print Email
Жаңалықтар - Халық-хабар
21.06.2018 14:41

Лаззат Рамазанова әйелдер бизнесіндегі жаңа «ой-талқы орталығы» туралы айтып берді.

20 маусым күні «Атамекен» ҚР Ұлттық кәсіпкерлер палатасы V Съезі аясында «Атамекен» ҚР ҰКП Іскер әйелдер кеңесінің «Әйелдер бизнесі – болашақ кепілі» атты жылсайынғы Конгресі өтті.

Іс-шараға «Атамекен» ҚР ҰКП Төралқа Төрағасы Тимур Құлыбаев, «Атамекен» ҚР ҰКП Іскер әйелдері кеңесінің төрайымы Лаззат Рамазанова, салалық қауымдастықтар мен бизнес өкілдері қатысты.

Екі жыл бұрын құрылған Іскер әйелдер кеңесі бүгінде еліміздің барлық аймағында қанат жайған  –   16 өңірлік кеңес пен 170 аудан ортылығында кеңестер құрылып, оларды табысты қыз-келіншектер басқарып отыр.

Іскер әйелдер кеңесінің төрайымы, сонымен қатар Әйелдер кәсіпкерлігін қолдау қорын құру бойынша бастама жайында хабарлады.

«Мұндай қорды құру шағын несиелеу механизмі арқылы қаржы көздеріне қолжетімділікті арттырады. Бұған қоса Қор инновациялық әрі тиімді шешімдер қабылданатын, қажетті оқу курстары мен бизнесті сүйемелдеу жүргізілетін әйелдер кеңесінің ой-талқы орталығына айналмақ», – деді Лаззат Рамазанова.

Іскер әйелдер кеңесінің төрайымы  әлеуметтік белсенді әйелдер кәсіпкерлікте әлеуетін шыңдай алмаған қыз-келіншектерге көмек көрсетіп жатқандарына алғыс білдірді.

Конгресс барысында Лаззат Рамазанова әйелдер кәсіпкерлігі дамуына арналған бірқатар бағдарламалардың іске асырылатыны туралы хабарлады.

«Әйелдер кооперативті кәсіпкерлігі саласында білім беру бағдарламасы іске асырылады. Біз шағын несиелеу есебінен жүзеге асырылатын бизнес-жобаларды сүйемелдеуді жалғастыратын боламыз. Аталған шаралардың нақты өнімі – өзін-өзі жұмыспен қамтыған әйелдерді көптеп тарту арқылы әйелдердің өндірістік және тұтынушылық кооперациялары болмақ», – деді Лаззат Рамазанова.

Конгресс барысында Сүт өндіретін және сүт өңдеу кәсіпорындары қауымдастығының президенті Алмагүл Айқанның «Кооперация – Оңтүстік Қазақстанда бизнес өнімділікті арттыратын құрал», «Маңғыстау облысының жекеменшік мектепке дейінгі және білім беру ұйымдары» қауымдастығының президенті Тілектес Болатбаевтың «Әйелдер кәсіпкерлігін дамыту арқылы Жаңаөзен қаласын трансформациялау» атты баяндамасы, сонымен қатар Халықаралық ақпараттық ғылымдар академиясының академигі, Халықаралық Еуразиялық ғылым академиясы қауымдастығының мүшесі Қазыбек Шайх, Ақтөбе қаласы «Ұстаз» бірлестігінің өкілі Гүлбану Дүзенбаева, Грек-рим, еркін және әйелдер күресі федерациясының вице-президенті Гузель Манюрова, СММ қауымдастығының президенті Ализа Шайхтың баяндамалары тыңдалды.

Конгресс қорытындысы бойынша «Атамекен» ҚР ҰКП мен ERG Еуразиялық Тобы Әйелдер кәсіпкерлігін дамыту және қолдау мәселелері бойынша өзара ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды. Құжатқа Іскер әйелдер кеңесінің төрайымы Лаззат Рамазанова және ERG Директорлар кеңесінің төрағасы  Александр Машкевич қол қойды.

Меморандумға сәйкес Еуразиялық Топ «Атамекенге» қайтарым негізінде қаржылық қолдау көрсетеді. Бұл қаражат Қазақстандағы әйелдер кәсіпкерлігін қолдау және дамытуға жұмсалады.

«Шын мәнінде әлем беталысы ерекше нақышқа ие. Елбасы Қазақстан алдында қойып жатқан меже, елеміздегі гендерлік теңдік сақталып отыр. Кезкелген замануи мемлекет тіреуі болып отырған шыған және орта бизнес қозғаушы күшке ие. Еліміздің шағын және орта бизнесінің 60%-ы әйелдермен басқарылады, әрі бұл сан жыл сайын артып келеді. Қазіргі таңда біз АҚШ (52%), Германия (50%) мен Кореяны артта қалдырдық. Қазақстанда әйелдермен басқарылатын шағын және орта кәсіпкерлік үлесі 67%-ды құрайды. Бұл бүкіл мемлекеттің ортақ жеңісі. Нью-Йорктегі БҰҰ Бас ассамблеясы мінберінде ауыл қыз-келіншектердің құқықтары мен мүмкіндіктерін қолдау мәселелері көтерілген болатын. Бұл бағытта Қазақстанның бағыты айқын, өйткені бізде бастапқы мүмкіндік әлеуеті жоғары. Еңбектеріңіз үшін алғыс білдіремін!», – деп қорытындылады Лаззат Рамазанова.

atameken.kz

 


ҚАЛА ӘКІМІНІҢ ҚҰТТЫҚТАУЫ PDF Print Email
Жаңалықтар - Халық-хабар
21.06.2018 14:39

Құрметті  қызылордалықтар!

Қадірменді  әріптестер!

Баршаңызды, 23 маусым - Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қызметшілер күні кәсіби мерекесімен шын жүректен құттықтаймын!

Уақыт өзгеріп, қоғам дамыған сайын жаңа заманның талаптарына бейімделу кез келген мамандық иесіне жауапкершілік жүгін жүктейтіндігі анық.

Бұл, әсіресе, мемлекеттік саясаттың тиімді жүзеге асуына тер төгетін мемлекеттік қызметшілерге қойылатын талапты екі еселейді.

Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың жүргізіп отырған салиқалы саясатының арқасында, біздің елімізде мемлекеттік қызмет сапасын арттыру және оны жан-жақты дамыту мақсатында тың жобалар мен ауқымды жұмыстар жүзеге асырылуда.

Мұның бір ғана дәлелі, Елбасының «100 нақты қадам» Ұлт Жоспарының 1 қадамы - еліміз дамыған 30 мемлекеттің қатарына кіру үшін білікті де білімді, әрі түрлі қиыншылықтар мен жүктемелерге төтеп бере алатын, адал да әділ қызмет атқаратын кәсіби мемлекеттік аппарат құруды мақсат етіп отыр.

Расында, мемлекеттік қызметшінің жұмысы терең білімділік пен іскерлікті ғана емес, үлкен жауапкершілікті талап етеді.

Сондықтан, адам құндылығына қызмет ету қашанда мерейлі екенін ойласақ, халықтың сенімін ақтау, ұлтымыздың абыройын асыру жолында бұл саланың рөлі орасан зор, аса жауапты қызмет.

Өз халқың үшін қызмет ету - түсіне білген жанға зор бақыт.

Қазіргі жаһанданудың өрелі биігіне қол созған кезде тәуелсіз елімізді өркендету жолында еселі еңбек етіп, өз міндеттерін кәсіби деңгейде атқарып, мемлекетіміздің демократиялық, әлеуметтік және құқықтық мемлекетке айналуына үлкен үлес қосып жүрген барша мемлекеттік қызметкерлерді кәсіби мерекелерімен құттықтаймын.

Баршаңызға зор денсаулық, игілік пен бақыт, бақ-дәулет, отбасыларыңызға амандық тілеймін.

Қазақстанның тұрақты дамуы мен кемелденуі жолындағы еңбектеріңіз табысты, барлық бастамаларыңыз сәтті болсын!

Ізгі ниетпен,

Қызылорда қаласының әкімі

Н.Нәлібаев

 


«ХАЛЫҚТЫҢ ҚОЛЫН АУЗЫНА ЖЕТКІЗУ КЕРЕК» PDF Print Email
Жаңалықтар - Саясат
21.06.2018 13:07

Қырымбек  КӨШЕРБАЕВ:

Бас шаһардағы жаппай кәсіпкерлікті дамыту туралы көшпелі мәжілісте «Қызылорда облысының 1999 жылғы бюджеті  9,6 млрд-ақ теңге болған» деп, елең-алаң шақты Қырымбек Елеуұлы есіне алды. Одан бері біраз белесті бағындырдық. Олқылық жіберген сәттеріміз де аз емес. Жүйесіз жұмыстардың жүргізілгендігі, баянсыз бағдарламалардың қабылданғаны да рас. Мұндай жайттар жөнінде аймақ басшысының өзі:

– Министрлікте қызметте жүргенде мемлекеттік бағдарламалар арқылы халықтың әл-ауқатын көтеруге тырыстық. Бір оқиға есімнен кетпейді. Қателеспесем, Оңтүстік Қазақстан облысында тұратын бір қария мемлекеттік бағдарламалар арқылы несие алған. Біраз уақыт өткеннен кейін сол кісімен кездестік. Алған қаржыға не тындырғанын сұрадық. «Ол ақшаға үй салдым, баламды үйлендірдім. Енді маған не дейсіздер? Жазалаймын десеңіздер, өз еріктерің» дейді. Иә, ел арасында осындай оқиғалар да болған. Бюджеттен қаралған қаржы мақсатты жұмсалуы тиіс,- деді.

Облыс әкімінің аталған жағдайға тоқталуының өзіндік себебі бар. Өйткені, биыл аймақта «Жаппай кәсіпкерлікті дамыту жылы» деп бекітілді. Бұған бюджеттен 32 млрд теңге қаралған.  Ә дегеннен бұл жоба қызылордалықтар арасында дүмпу туғызды. Мұның негізгі мақсаты – облыс тұрғындарын кәсіпкерлікке бейімдеу. Сол арқылы жаңа жұмыс орындарын ашу, салықтық базаны нығайту, қоғамдық-саяси тұрақтылықты орнату көзделген. Әсіресе, ауылдық жерлерде жаңа жұмыс орындарын ашу – негізгі жоспардың бірі. Себебі аймақ тұрғындарының 64%-і елді мекендерде тұрады. Осы бағытта қала бойынша нендей шаруалар атқарылып жатқандығы туралы шаһар басшысы Нұрлыбек Нәлібаев:

– Қызылорда қаласында 26 мың 212 шағын кәсіпкерлік субъектісі бар. 2018 жылдың қаңтар-мамыр аралығында 1564 кәсіпкерлік субъектісі тіркеліп, 1707 жаңа жұмыс орны ашылды. Қазіргі таңда жалпы құны 140 млн теңгені құрайтын 33 жобаның құжаттары тапсырылды. 18 млн теңгені құрайтын 4 жоба қолдау тапса, қалғандарының құжаттары қаралу үстінде. «Бизнестің Жол  картасы - 2020» бағдарламасы аясында 1 млрд 681 млн 775 мың теңгені құрайтын 30 жоба қолдау тапты. Қаланың кәсіпкерлік саласын дамытуға бағытталған барлық қолдау шараларының нәтижесінде ағымдағы жылдың  5 айында шағын және орта кәсіпкерлік субъектілерінен 1 млрд  330 млн 022 мың теңге салық түсті, - деп есеп берді.

Елімізде нарықтық заман орнағалы көп бола қойған жоқ. Ширек ғасырды енді ғана еңсердік. Қырымбек Көшербаевша айтсақ, нарық халықты қарық қылғанша біраз уақыт қажет. Осы ретте жергілікті билікте жүрген азаматтар бұған білек сыбана кірісуі тиіс. «Жаппай кәскерлікті дамыту» жобасы қабылданарда әр аудан, әр ауылдың әкімдеріне облыстық басқарма басшылары жетекшілік етуге бекітілген. Ондағы мақсат – жаңадан кәсіп бастауға ниетті азаматтарға қолдау көрсету. Құжаттарын рәсімдеуге жәрдемдесу. Кешегі көшпелі отырыста қалаға қарасты бірнеше ауыл әкімдері мен оған жауапты жетекшілері кәсіпкерлікті дамыту бағытында атқарған жұмысы туралы қатар тұрып есеп берді. Олардың атқарған жұмысын мұқият тыңдаған аймақ басшысы:

– Бұл жоба биылғы жылы  бітеді  деп ойламаңыздар. Ел үшін еңбек етіңіздер. Біз ұл-қызымызды қалай тәриелеп отырсақ, кәсіпкерлерімізді де солай тәрбиелеуіміз қажет. Қазақша айтқанда, халықтың қолын аузына жеткізу  керек. Қаражат бар. Гранттық жобаларға берілген қаржы өз мақсатында жұм­салуы  керек,- деді.

Сондай-ақ, Қырымбек Елеуұлы жергілікті биліктегілерді бюджеттен қаралған 32 млрд теңгені тиімді игеруге жауапты екендігін жеткізді.

Айтпақшы, жаппай кәсіпкерлікті дамыту жобасы  аясында  2018 жылдың  қорытындысы бойынша  ең  үздік 8  стартап-кәсіпкерге  1  млн  теңге  қаржылай сыйақы  тағайындалмақ.

Қозы   Көрпеш   ЖАСАРАЛҰЛЫ

 


БІТІК БОЛСА – ҚҰТ, БІТІП ҚАЛСА – ЖҰТ PDF Print Email
Жаңалықтар - Мәселенің мәнісі
21.06.2018 13:02

“Сырдың суы сирағымнан келмейді” дегенд­і тура мағынада түсініп көрсек, қалай болады­ екен? Иә, алда-жалда жол түсіп, арқырап­ аққан тұна бермей, құлай шапқан Құлагердей болған Сырдария өзенінің жаға­лауы­на бара қалсаңыз, біздің неге бұлай жазып­ отырғанымызды түсінесіз деп ойлаймын. Көктем келсе, суы арнасынан асып, бұла күші бойына сыймай бұлқынып, буырқанған балуан­дай күй кешетін Сыр өзенінің қазіргі халі аянышты секілді. “Су – тіршілік көзі” дейтін болсақ, өзенді жағалай қоныстанған жұртшылықтың дария деміне үнемі құлақ түріп, онымен  санасатынын жақсы білеміз. Атадан қал­ған­  сөз бар-ды. “Өзен жағалағанның өзегі талмайд­ы”. Дұрысы – талған емес. Солай бола тұра, мұндағы шаруалардың биылғы жағдайы мәз емес секілді. Өйткені, сырбойылық диқандар осы жылы астықсыз қалуы мүмкін. Себебі сол, Сырдың суы сарқылып, егістік құрғап тұр.

Басты себеп су шаруашылығын мемле­кетаралық үйлестіру комиссиясының 73-шешім­інде келісілген міндеттердің өз деңгейінде орындалмауынан болып отыр. Келісімге сәйкес, мамыр айында Шардара су қоймасынан секундына 550 текше метр су төменгі ағысқа бағытталуы керек болса, қазір тиісті мөлшердің жартысы ғана келіп тұр. Аймақ егіншілері “мәселе тез арада шешімін таппаса, жер сипап қалуымыз әбден  мүмкін”  дегенді  айтады. Бұл әсіресе, Жаңақорған  мен  Қазалы  аудандарына  тікелей  қатысты.

Жаңақорғандық шаруалар “еңбегіміз еш кетіп, қамбамызға ойлағанымыздай астық жинай алмай қаламыз ба?” деп сарыуайымға салынып отыр. Жылда 400 гектарға дән себетін Құрбанғали Қадырқұлов егіс көлемін 2 есеге дейін қысқартуға мәжбүр болған. Өзендегі су деңгейі күрт түсіп кеткен он күннен бері шаруа күріштігін жөнді суармағанын айтады.

- Енді 10 күн  көлемінде су болмай қалса, 150-160 га сусыз қалады. 20 жылдан бері мұндай көрмеген едік біз. Мұндай болған емес. Тарихта бірінші рет мотор  қою  биыл  болып  тұр, - дейді ол 24Хабар телеар­насына берген сұхбатында.

Жергілікті билік су тапшылығын алдын ала болжап, шаруаларға ескерткен. Бүгінгі күні артық қашыртқы-атыздар жабылып, жаппай су үнемдеу шаралары қолға алынды.

- 15 маусымнан қалдырмай Тоқтағұл мен Қайраққұм су қоймаларынан төмен қарай суды мол ағызу бойынша келіссөздер жүргізілуі тиіс. Тоқтағұлдан біздің облыс шекарасына жіберген су ең кемінде 20 күнде келеді,- дейді облыс әкімінің орынбасары Серік Қожаниязов.

Өткен мамыр айында облыс шамамен миллиард текше метр судан қағылған. Ал, маусым айында Шардара су қоймасына секундына небәрі 102 текше метр тіршілік нәрі құйылып отыр. Бұл өткен жылғы көрсеткішпен салыстырғанда 6 есеге аз. Әлбетте, сырбойылық шаруалар тіршілік нәріне қатысты мәселенің жылдам, жүйелі шешім тапқанын қалайды. Несібесін  жер-ана төсінен тауып, ырзығын көріп отырғандар егіннің бітік болса – құт, бітіп қалса – жұт екенін ешкім айтпай-ақ біледі.

Рыскелді   ЖАХМАН


 

 

Серік  ҚОЖАНИЯЗОВ,

облыс әкімінің орынбасары:

- Біз аман-есен күріш егіп, суға бастырып алдық. Маусымның 20-нан кейін гербицид саламыз, күріш піскенше суда тұру керек. Сол кезде диқандар қиындық көреді. Осы маусым аяғы, әрі кетсе шілденің ортасына дейін Шардара мен Көксарайдағы суды тауысамыз.

 

Ғалымжан СОПБЕКОВ,

Жаңақорған ауданы әкімінің  орынбасары:

- Жаңақорған ауданы бойынша жалпы 9500 га жерге негізгі дақыл күріш егу межеленген. Алайда судың аз болуына байланысты шаруалармен ақылдасып, 7700 га, яғни 1800 га дейін күріш көлемін азайттық. Каналдарды тазалауды шаруалар бастады. Бұрында тазаланған, сәйкесінше, суды мүмкіндігінше тиімді пайдалану мәселелерін қарастырып жатырмыз.

 


«ҚАРҒА ҚАРҒАНЫҢ КӨЗІН ШҰҚЫМАЙДЫ» PDF Print Email
Жаңалықтар - Құқық құрығы
21.06.2018 12:59

Редакциямызға Қызылорда қаласы, Мұнайшы көшесі №24 үй №1 пәтердің  тұрғыны  К.Уксимбаев  көмек сұрап  хабарласқан  болатын. Бұл  ағымдағы  жылдың 7 маусымы еді. Дәл осы күні К.Уксимбаев бізден басқа барар жері, басар тауы қалмағанын айтып, мұңын шақты. Оның айтуынша, ол 2018 жылы мамыр айының 4-інде көлігімен үйінен шығып бара жатып, жол ережесін бұзған. Дәл сол сәтте ЖПП  қызметкері,  полиция  капи­таны  Н.Сапаров   әкімшілік  хаттамасын толтыр­ады. Хаттама бойынша К.Уксимб­аевқа жол белгісін көрмей қалғаны үшін 3200 теңге көлемінде айыпп­ұл салынады. Салынған айыппұлмен еш қарсылықсыз келісіп, хаттам­аға қол қойған жүргізуші сол сәтте  көлік  ішінде  отырған мүмкін­дігі  шектеулі  апасының  шаруасымен кете  барған. Бірақ...

Бірақ ЖПП қызметкері, полиция капитаны Н.Сапаров сол күннің ертеңіне, яғни 05.05.2018 жылы К.Уксимбаевтың үйіне таң ата қайта келеді. «Кешегі толтырылған хаттама дұрыс емес екен. Сен бір айда екі рет жол ережесін бұзыпсың. Хаттаманы қайта толтырамыз» дейді. Таңғы сағат 07.30 шамасында үйіне жол сақшысының келіп, хаттаманың дұрыс еместігін айтқанынан күмәнданған К.Уксимбаев полиция капитаны Н.Сапаровтың бұл қылығын заңсыз деп түсініп, қайта толтырудан және хаттамаға қол қоюдан бас тартады да, үйіне кіріп кетеді (Н.Сапаровтың дәл осы уақытта хабарласқаны туралы тиесілі мекемеден алынған жауап хаты бар). Телефонына қайта-қайта хабарласып, К.Уксимбаевты үйінен шығара алмаған полиция капитаны­ Н.Сапаров қайтып кетеді. Осы жағдайдан кейін өз айыппұлын көру үшін К.Уксимбаев интернет желісіне қараса, бақандай 24 мың теңге деп көрсетіліп тұрғанын байқайды. Және онда «хаттама толтыруға қарсылық таныт­ты, қол қоймады» деп көрсетіліпті. Салы­нған 3 мың теңге айыппұлдың бір күннің ішінде 8 есеге өсіп кеткеніне ашуланған К.Уксим­баев бұл бойынша тиісті органға арызданған да. Алайда бұл хатқа Қызылорда ҚІІБ ЖПҚ бастығы, полиция майоры Е.Құдайбергенов «Н.Сапаровтың әкімшілік құқықбұзушылық туралы хаттамасы заңды түрде толтырылғаны анықталды» деп жауап берген (Редакцияға хаттың көшірмесі келіп түсті. - ред.).

Қарға қарғаның көзін шұқысын ба? Тәртіпті сақтап, ел тыныштығын күзетеді деген­ полиция қызметкерлерінен қайран болмаған соң, К.Уксимбаев «Халық» газетіне хабар­ласып, мән-жайды толығымен баяндап берген болатын. Осыдан кейін ОІІД бастығы Қ.Мұхитовқа, Жергілікті полиция қызме­тінің бастығы Б.Ибраевқа мәселенің мәнісін түсіндіріп, хат жолдадық. Азамат К.Уксимбаев та арызданды. Арызданушыға облыстық Жергілікті полиция қызметінің бастығы Б.Ибраев былай деп жауап берген.

– Сіздің жазған арызыңыз, ОІІД ЖПҚ-нің хатшылығына 16.06.2018 жылы №ЖТ-У-626 санымен тіркеліп, ОІІД ЖПҚ-ның жауапты қызметкерлерімен жан-жақты тексеру жұмыстары жүргізілді. Нәтижесінде Сізге, 05.05.2018 жылы ҚР ӘҚБтК-нің 601-бабының 2-бөлігімен толтырылған №0546125 санды әкімшілік хаттамасы ҚР ӘҚБтК-нің талаптарына сай жүргізбегені үшін өндірістен қысқар­тылғандығы жөнінде ОІІД Әкімшілік полиция басқармасына қаулы жолданды. Соным­ен қатар, Сізге әкімшілік хаттама рәсімдеген қызметкердің тәртіптік жауапкершілігін шешу үшін жедел кеңесте қаралатындығын  хабарлаймын, - делінген К.Уксимбаевқа  жолданған  хатта.

Айта кетейік, осы мәселе бойынша «Қандай шешім қабылданды? Хатымызға жауап қашан келеді?» деп бірнеше рет Жергілікті полиция қызметіне хабарласқанымызда, «хат дайын, әне-міне жібереміз» деп біраз әуре-сарсаңға салғаны бар. Тек соңғы сәттерде ғана «Халық» газетінен жолданған хатқа арнайы жауап жазылмағанын айтып (негізінен БАҚ туралы заң бойынша ең көп дегенде екі апта ішінде хатқа жауап берілуі тиіс. – ред.), арызданушы К.Уксимбаевқа жолданған хаттың көшірмесін жіберді. Сәйкесінше, мақала да сол хатқа берілген жауап бойынша жазылды.

Ж.ЕЛУБАЙҚЫЗЫ

 


ШОЙЫН ЖОЛДАҒЫ АПАТ PDF Print Email
Жаңалықтар - Мәселенің мәнісі
21.06.2018 12:55

Қатердің қайдан келерін кім білген?! Ең қауіпсіз тасымал түрі саналатын пойыз да рельстен шығып, апатқа ұшырады. Жексенбі күні Астанадан Алматыға бет алған 800-ден аса жолаушысы бар №10 «Бәйтерек» пойызының 8 вагоны рельс­тен­ шығып, 3-еуі аударылған. Мәліметтерге сүйенсек, бұл вагондарда 152 жо­лаушы болған. Оның 14-і жарақат алса, 12 жастағы жасөспірім қаза тапқан. Бүгінде  ол  маң  оқшауланған.

– Ұйқыдан  тұрып, бәріміз отырғанбыз. Түскі асымызды іштік, балалар ойнап жүрген. Сол арада тежегіш бірден басылды. Шайқатылып бәрі құлай бастады. Соны­мен 1 минуттың  ішінде  дым  көрінбей  қалды, - дейді  оқыс оқиға жайында  пойыз жолаушысы  Әліби  Байжанов.

Қас қағымда болған  апаттың ақ-қарасы анықталу үстінде. Дегенмен, болжам әртүрлі. Теміржолға жауаптылар рельсте ешқандай ақау жоқтығын алға тартуда. Себебі соңғы рет 6 маусымда жасалған техникалық тексерісте ешқандай кінәрат табылмаған. Ал вагон жолсерігінің сөзінше, апат қос пойыздың қақтығысуынан болған.­ Әлеуметтік желілерге тарап кеткен­  бейнежазбада  ол:

– Шу жақтан жүк пойызы, ал Астана жақтан біз келе жаттық. 11-ші вагонға соғып, содан бәрі кетті. Мынаны ұрғаннан кейін шығып кетіп отыр ғой сонда? Қарасай енді ана сызықты. Құлап тұрған жоқ. Көріп тұрсыздар. Содан кейінгілері құ­лаған. Соққы болған жерден вагондар  құлай  бастаған, - дейді.

Бейнежазбада байқағанымыз, анау-мынауға бүлінбейтін темір вагондарға кәдімгідей зақым келген. Тіпті, вагонды арамен тіліп түскендей. Мән-жайды анықтау үшін арнайы комиссия құрыл­ған. Десе де, ҚР Инвестиция және даму министрі Жеңіс Қасымбек бұл ақпараттарды  жоққа  шығарып отыр.

– Комиссияның басшылығы оқиға орнын­да жұмыс істеп жатыр. Эксперименттік шаралар жүргізілді. Өйткені бұқаралық ақпарат құралдарында түрлі нұсқалар сөз болып жатыр. Осы орайда бүгінгі  эксперимент  барысында пойыз­дардың  жанама  соқтығысуы алдын ала расталмады. Қазіргі  кезде барлық себептер  зерделенуде, - деді ол.

Ал оқиғадан марқұм болған жас­өс­пірім  мен  зардап шеккендерге өтем­ақы  төлеуді ҚТЖ  мен  тиісті  министрлік бірлесіп  шешпек.

Айта кетейік, мұндай келеңсіз жайт осыдан 4 жыл бұрын  болған  еді. Онда «Алма­ты­-Атырау» бағытындағы жолаушылар  пойызы жолдан шығып кеткен-ді. Абырой болғанда ол кезде адам шығыны­ болмаған. Ал, бұл жолы кінәлі­лер­дің жазасы жеңіл болмасын құзырлы органдар қазірден айтып отыр.

Халық-хабар

 


ӨЛЕҢ ЖОЛЫНА КӨП НӘРСЕНІ ҚҰРБАН ЕТТІМ PDF Print Email
Жаңалықтар - Бүгінгінің болмысы
21.06.2018 12:42

 

Толыбай  АБЫЛАЕВ,  ақын:

 

“Мен – Аралмын

Теңізбін мен өлмейтін!

Мен – Аралмын,

Ағыспын қарсы ағатын,

Аспан астын жаңғыртып, жар салатын.

Арнам қайта толатын аңсап күнді,

Уақыттың тосамын әр сағатын”, - деп жырлаған аралдық Толыбай Абылаев ағамыздың есімін мұнан 3 жыл бұрын естіген едім. Басқосудың­ бірінде әдебиеттің айналасындағы жігіттердің Толыбай ақынның есімін аңыз етіп айтып отырғанын байқадым. Уақыт өте келе жыр кешінен ағамыздың өлеңдерін тыңдап, көзін көріп, қолын алдық. Кітапханадан кітабын алып, өлеңдерімен жақынырақ танысу да ойда болды. Қысқасы,­ бұл сұхбатты көптен бері жоспарлап жүрген едік. Сәті түсті. Ақынмен әңгімеде оның әдебиетке ес-түссіз берілген жан екенін байқадым. Сосын­ әдебиеттің анықтамасын әлі күнге ешкімнің жазып кетпегенін ұғынғандаймын...

- Толыбай аға, Арал туралы­ көп тебіренген ақынсыз. Байқасам, туған өлкеңізге қатысты  әлі  де  айтатыныңыз, жа­за­тыныңыз  көп  сияқты...

- Арал теңізінің жағасында өскеннен кейін, әрине сол жерді жырлауға міндеттімін деп ойлаймын. Ақындар әдетте ана тақырыбынан бастайды. “Ана”, “Отан” деп жазады, ол бәріміздің басымыздан өткен. Менің алғаш­қы жинағым 1979 жылы қа­зақтың белгілі ақыны, мемлекеттік сыйлықтың иегері бол­ған Қадыр Мырзаәлінің қолына түседі. Ол уақытта “Жалын” баспасының “Өр­кен” деген редакциясы болды, ол тұңғыш кітаптармен жұмыс істейтін. Ол заманда аты-жөніңді алып тастайды да, қолжазбаңды сұрыптайды. Сонда ғой, Құдай айдап менің “Теңіздегі бір тамшы” деген кішкентай қолжазбам Қадыр Мырзаәлінің қолына түсіп жүргені. Оны өзім білмеймін. Бір күні Алматыға барғанда, белгілі жазушы, досым Қуаныш Жиенбай екеуміз “Өркен” редак­циясына соқтық. Сонда редакция меңгерушісі Молдахмет Қаназ: “Толыбай, сен дереу Қадырді тауып ал. Сенің кітабыңа 3-4 беттік қорытындысын беріпті” деді. Оқысам, менің идеямды жерге тигізбеген, жас талапкер ілгері ұмтылсын, үміттенсін деген болу керек. Өлеңдерімді талдап, ақынға қол ұшын беру керек, әдебиетті түбінде осындай адамдар жасайды деген. Содан біз былай­ іздеп, олай іздеп таба алмадық, сөйтсек, ол кісі Мәскеуде жазушылардың жиынында жүр екен. Молдекең сол кезде “мына пікірмен жаман болмайсың, құрығанда үй аласың, Алматыға кел” деді. Кейін 2006 жылы Баянауыл­ға  бардым. Сонда Қадекеңнің машина­сына міндік. Жолай демалып отырғанымызда, Қадекеңе “Сіздің қолыңыздан мен сияқты талай ақындар өтті. Кезі­нде менің кітабыма пікір жазып едіңіз” деп мән-жайды айттым. Сонда ол: “Қап, әттеген-ай, сол пікірді неге жібермедім мен” деді. Сөйтсем, Қадекең лебіз білдіргені, басқасы бар, бәрін жинақтап, кітап қылып шығарады екен ғой. Сол кезде білдім бұл кісінің ұлылы­ғын. Бірақ, кітабым белгісіз себептермен шықпай қалды. Одан кейін “Шаға­ла” деген тұңғыш кітабым шықты. Онда Арал мәселесі, суреттері, теңіз туралы жазылды. Содан кейін “Арал боп соққан жел” деген кітабым бар. Онда да біраз дүниелер жарияланды. 2011 жылы мемлекеттік тапсырыспен “Арал атлантидасы” деген кітабым шықты. Бір қуанғаным, бұл кітабымды жүгіріп жүріп таратқан жоқпын, баспа Қазақстанның түкпір-түкпіріндегі кітапханаларға өзі таратты. Мұнан бөлек, “Махаббат дәп­тері” деген және өткен жылы “Қыран шайыр” деген кітабым баспа бетін көрді. Амандық болса, алдағы уақытта тағы бір кітабым жарық көргелі жатыр. “Ақмешіт бекінісін іздеу” деген атпен шыққалы жатқан кітабым қаламыздың 200 жылдығына арналады. Ішінде “Ақмешіт  бекінісі” деген тарихи поэ­ма, өлеңдер, балладалар, “Қарақұм құрылтайы” деген  2015  жылы  Астанада­ 3-орын  алған  тарихи  дастаным  бар.

- “Ерке  жыр-өлеңнің  жолына, Еттім мен ҚазМУ-ды  құрбандық” дейсіз. Өлең жолында  тағы  нендей  нәрселерді  құрбан еттіңіз?

- Өлең жолына көп нәрсені құрбан еттім. Өзіңнің ең жақсы көретін адамдарыңнан, жақын достарыңнан айырылып қаласың. “Ақынға адамзатта дос болмайды” деген сөз бар. Ақын өзі жалғ­ызды­қтың  адамы  ғой. Дос боласың, досың болады, бірақ сенің жан жүрегіңді түсінбейді. Қанша жерден мықты досың болса да, тіпті жаныңда жатқан жарың да түсінбейді. Сондықтан, ақынның тағдыр­ы туралы айту қиын.

Ал, енді нақты сұраққа тоқталатын болсақ, мен 1969 жылы мектеп бітіргеннен кейін ҚазМУ-дың журналистикасына түсе алмай қалдым. Шет тілдері деген оқытылады екен. Бізде ауылдық жерде ол қайдан болсын? Құжаттарым дұрыс  болмай, екінші жылы тағы да түсе алмай, әскерге кеттім. Келгеннен кейін қайта тапсырдым, болмады. Ол кезде газеттерде жұмыс істеп жүрдім. Тағы да тапсырып көрдім. Маған бұйырмай тұрған  шығар деп ойладым да, осы жолы қоя  қойдым.

- Қазір екінің бірі кітап шығаратын болды. Дұрысы, ақшасы бар адамдардың көбісі солай етеді. Қалай ойлайсыз, мұнан кітаптың дәрежесі түсіп кетпей ме?

- Біздің әдебиетті лайлап, құртып отырған – осы. Себебі, Кеңес үкіметі­нің кезінде кітаптарды баспаға тапсырған уақытта міндетті түрде реттеп, тексеріп, рецензия, пікір жазып отыратын. Қазір кімнің ақшасы бар, сол кітап шығарып жатыр. Мысалыға, Айжарық Сәдібеков деген прозашы ағамыз бар. Әп-әдемі әңгімелері бар, бірақ кітап етіп шығара алмай жүр. Иә, сол ақшаның жоқтығы. Бұл бәріміздің де басымызда бар, сондықтан кейде демеуші іздейміз. Осындай қиындықтар болып тұрады. Жалпы, мұндай жағдайға тос­қауыл болу керек. Кешегі Кеңес үкіметі кезіндегі идеология жазушылардың жағдайын жақсартты. Тіпті, қаламақыға автокөлік беретін. Неге өйтті, өйткені оларға идеология керек болды.

- Артыңыздан  ерген  ақын  інілеріңізге айтар қандай ақыл-кеңесіңіз бар? Сыр бойындағы жас буынның шығармашылығы туралы не айтасыз? Қызылорда поэзия­сының көшін өрге сүйрейді деп кімдерді  айта  аласыз?

- Жақында Қызылорда қоғамдық телед­идары шақырды. Онда жастардың өлеңдерін талдау жөнінде бағдарламалары бар екен. Сондағы бір баланың өлеңдері тәуір екен, риза болдым. Аты-жөнін де ұмытып қалдым. Оның бір жерден шығатынына сенімдімін. Маған ұнайтын Биболат Сәтжан, Ұлықбек Тәңірбергенов сынды інілерім бар. Мен білмейтін де таланттар жетерлік Сырдың бойында. Өздері талпынып биіктерге шыға берсін, әдебиетке келген уақытта ешқашан “менмін” деп көкірек кермеу керек. Ең мықтысын, талант­тысын халық өзі қалап, танып алады. Соны ұмытпасын деймін. Кезінде Мұқағали да қарапайым әрі белгісіздеу адам болды. “Шаң басқан архивтен табыл­армыз” деп еді, кейін халық өзі тауып  алды.

- Өлең  ұрлау, ой ұрлау дегенді қалай түсінесіз? “Әдебиет – ардың ісі” десек, ардың ісіне арсыздық жасағандармен қалай  күресеміз, қалай  жазалаймыз?

- Бұл кешегі біздің жас кезімізде де болды. Өлең ұрлау дегенге мысалды ондап­ келтіруге болады. Біреудің ойын, сөзін ұрлағандар көпке бармайды, өнбейді. Теңізде салынды деген болады.­ Толқын салындыны жағаға лақтырып тастайды, сол сияқты. Менің өлеңдерім де кейбір кітаптарда кездесті. Бір жігіт­тер хабарласты, “сіздің өлеңдеріңіз мынадай­ кітапта жүр біреудің атымен” деп. Шындығына келгенде, ол – менің өлеңім. 80-жылдары бір айтыскер ақын болды. Соның атынан менің өлеңдерім “Жұлдыз” журналына шығыпты. Содан журналдың редакторы Бекежан Тілегенов деген жазушыға хат жаздым. Маған ақын Шөмішбай Сариев ағамыздың атынан хат келді. Уақытында өз өлеңім екенін дәлелдеп шықтым. Алты айдан кейін “Жұлдыз” журналы менің өлеңдерімді шығарды. Сондай да жағдайлар болған.

- “Дүниеде ең жаман адамдар – әде­биетке қатысы бар адамдар” дейді заман­дасыңы­з Есенғали Раушанов. Расын­да солай  ма?

- Есенғали – талантты  ақын. Оның айтуы дұрыс. Ең жаман адамдар деп астарл­ап айтылған сөз, тура мағына­сында түсінбеу керек. Біз ақындардың әдебиет­, өлең, өнерден бөлек бір түк­пірімізде жүрген сырымыз бар, ешкіммен  бөлісе алмаймыз. Біз біртоға адамбыз, құлпы ашыла бермейтін, араласа бермейтін, кейде қоғамдық жұмыстарға да араласа алмайтын кездер болады. Әдебиеттің айналасында жүргеннен кейін, сондықтан тек әдебиеттің адамысы­ң. Кейде тіпті, ағайыныңнан алшақтап қаласың, тойына, қазасына бара алмайтын кезеңдер болады. Сондықтан, жаман адам болып көрінесің. Есенғали осы мағынасында айтып отырға­н  болар.

- Туындылары сарғайған сары қағаздарда ғана сақталған, шығармашылығы дұрыс зерттелмеген, осы күнгі “менмін” деген ақындарды басып озатындар ел ішінде болуы тиіс. Осындай белгілі бір себепт­ерге байланысты  таныла алмай, өз бағасын ала алмай жүрген жыр перілері бар ма?

- Сыр бойында кездестірген жоқпын. Қызылорда қаласының өзінде де жақсы ақындар бар. Мысалы, Дүйсенбек Аяшұлы да толық таныла алмай жатыр­. Назгүл Бердіқожа деген қыз болды,­ қайда кетіп қалғанын білмей­мін. Мөлдір Айтбаева деген қыз болды, тым жақсы ақындар, көрінбей қалды. Әдебиетке келгеннен кейін тұрақ­талып, ізденіп, талпыну керек. Көрін­бей қалғаннан кейін өзін бірте-бірте жоғалтып алады. Әдебиеттің мақсаты, мұраты – іздену. Алла тағала адамға   1 пайыз талант берсе, 99 пайыз еңбекпен келеді.

- Толыбай ақынның махаббат лирикасына аз-кем көз жүгіртіп өтіп едік. Әдебиетк­е тән көркемдікке, бейнелеудің түр-түріне жолықтық. “…Жалғыз ауыз сөзің Тәңір үкімі. Оттан ыстық, Шықтан сұлу о, жаным, Мона Лиза сенен гөрі жұпыны” деген жыр жолдары арналған кісі бақытты шығар. Ал, авторы ше?

- Бұған дейін Жұматай Жақыпбаев деген ақынның “Ләйлә” атты кітабы шықты. Жұматай сол жырды жазғанымен бақытты. Жұматай Ләйләға сырттай ғашық болған. Ләйлә Мәскеуде тұрады, орыстанған қазақ қызы. Ол кейін­нен кітаптың шыққаны жайлы біледі. Жұматай қайтыс болғаннан кейін жаңағы кітапқа аударма жасап, Ләйләға жібереді. Қыз бақытты шығар. Мысалы, менің басымда да сондай. Мен сүйген қыздар бақытты шығар. “Ақын болып өмір сүру оңай дейсің бе, қарағым?” деп Төлеген ағамыз айтқандай ғой. Айтпақшы, Төкеңнің тағы бір өлеңі бар “мен болсам  кеттім аздап ақын боп,  азырақ  бақытсыздау  боп”. Ақынға бақыт­ көп бұйыра бермейтін дүние ғой.

- Ақынның  бақытты  болудан  қорыққаны  жөн  бе?

- Жоқ. Ақынға өте-өте бақыттың қажеті жоқ. Ол қорқынышты. Биліктің тұтқасын ұстап, аспан мен жердің арасында жүрсең, одан мықты ақын шықпайды. Ақын халықпен бірге жүру керек­, халықтың мұңын сезінуі керек. Қайғысын бөлісуі керек. Менің түсінігімде, сонда ғана ақын бақытты. Ал, өлең  жазған  кезде, біреулер бізді де бақытты деп ойлайтын шығар. Мысалы­, отбасыма қарап, балаларыма қарап, мен бақытты әкемін, бақытты жармын. Бірақ, менің ішкі  жан дүнием өртеніп жатыр ғой. Оны бір Алладан басқа­  кім  біледі?!

- “Ақындар” атты өлеңіңізде: “Біз – ақын деген халықпыз...” деп бастайсыз да, “Бел баласымыз заманның, Қолба­ласым­ыз  қоғамның” деп  жалғастырасыз. Ақындар қашаннан бері қолбала болатындай  деңгейге  түскен?

- Ақындар – қай уақытта да қоғамның қолбаласы. Олар әрдайым қоғамның алдында жүгіріп жүр, қоғамның, биліктің қолына су құйып, “топыла­йын” тазалап дегендей... Жаңағы дәрежеге жетіп тұр ғой. Әдебиеттің сорлап бара жатқаны. Сондықтан, айттым, міне “Бел баласымыз заманның, Қолбала­сымыз қоғамның. Ұлықпыз, Бірде бүлікпіз. Дауылмыз, Бірде тұнықпыз”. Сол  сияқты  әңгіме. Ішкі жан дүниедегі жанартау  ғой  жатқан.

- “Батыраштарға дем берген, Бейімбеттерді кем көрген” өмір ғой бұл, өзіңіз айтпақшы. Әділетсіздікке қарсы тұруға қаншалықты  қауқарлысыз?

- Әділетсіздікпен әрдайым күресе­мін. Қолымнан келген жазуыммен де талай әділетсіздікке қарсы тұрдым. Таяқ та жедім одан. Жұмыстан да шықтым. Жалпы, қазір шындықтың мерейі үстем бола бермейді ғой, қайта өтірік өрге басып тұр. Шындыққа жол жоқ сияқты көрінеді. Шындықты айтқызбайды ешкім. Әділет орнайтын заман да келер деп сенейік енді.

- Ашық әңгімеңізге рақмет, аға! Шығарма­шылық табыс тілейміз!

Сұхбаттасқан  Рыскелді   ЖАХМАН

 



<< Бірінші < Алдыңғы 1 2 Келесі > Соңы >>

Күнтізбе

< Маусым 2018 >
        1 2 3
4 5 6 7 8 9 10
11 12 13 14 15 16 17
18 19 20 22 23 24
25 26 27 28 29 30  

Сауалнама

Аса мәртебелі шенеуніктердің қылмысқа шатылып жатқандығы нені аңғартады?
 

Ауа райы

Валюта бағамы

Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі валюталардың ресми бағамдары