Өзекті мәселелер

  • 16.10.19

    Тәуелсіздік күні қарсаңында «Шіркейлі» арнасындағы көпірдің ашылу салтанаты өтеді... «7-20-25» бағдарламасы бойынша тұрғын үйлер халық игілігіне пайдалануға беріледі... Жыл басынан бері сәулет-құрылыс саласындағы заңнама талаптарын бұзған тұлғаларға 16 млн 822 мың теңге айыппұл салынған... 2019-2021 жылдары газдандыру жұмыстарына 22 млрд теңге қаржы бөлінеді...

    ...
    Толығырақ...
  • 16.10.19

    «Алтын дән – 2019» мерекесі қалалы­қ ипподромда ат бәйгесімен жалғасын тапты. Мұнда шабан­доздар тай, құнан, тоқ, аламан­ бәйге сынды 4 түрінен сынға түсті. Бәйгенің ең ұзағы (аламан) 25 шақырым болса, тай бәйгеде шабан­доздар 4 шақырымға шапты.­

    Облыс әкімі Қуанышбек Ысқақов шараға қатысып, диқандардың жеткен жетістігіне тоқталып, облыс­тағы ат спортына бөлінген көңіл турасын­да  айтты...

    Толығырақ...
  • 10.10.19

    Мұны бәріміз де көп күттік. Жиырма жыл. Аз уақыт емес. Сөз жоқ, бұл жеңістің өзі оңайлықпен келген жоқ. Жасыл алаңда жан беріп, жан алысқан сәтті теледидардан телміре тамашалап, күйініш пен сүйінішті көрудің өзі бір ғанибет­  екен. Бұл күнге дейін не айтыл­мады, мақтау да, даттау да айтылды, бірақ біздің жігіттер жарады. Біздің айтып­ отырғанымыз – жексенбі күні елорда төріндегі «Астана Арена» ...

    Толығырақ...
  • 10.10.19

    Елбасының «Нұр Отан» партиясының ХVIII съезінд­е ұсынған «Әлеуметтік қамқорлық» жаңа әлеуметтік саясаты қоғамның барлық саласын қамтиды. Әсіресе, президент көпбалалы отбасыларға қол­дауды арттыру қажеттігіне ерекше тоқталды. Өйткені, елімі­здегі баспанаға мұқтаж азаматтар саны азаймай тұр. Сандарды сөйлетсек, елдегі үй кезегінде тұрған аз қамтылған, көпбалалы отбасылардың жалпы­  саны 28 мыңнан...

    Толығырақ...
  • 10.10.19

    Қызылорда облысында экономика саласын дамытуда мемлекеттік-жекеменшік әріптестік тетік­тері тиімді пайдаланылып келеді­. 2017 жылдан бастап мұнай өндіру көлемінің айтарлықтай төмендеуіне қарамастан, жалпы өндірістік өнім көрсеткіші бойынша оң өзгеріс байқалады. Бүгінде өңір экономикасының барлық салас­ында тұрақты өсім қамтамасыз етілуде. Тек өнеркәсіп өндірі­сінде мұнай ұңғымаларының сулану­ы ...

    Толығырақ...
Сәрсенбі, 27 Маусым 2018

ҚОЙНАУЫ ҚАЗЫНАЛЫ ҚАРАТАУ PDF Print Email
Жаңалықтар - Арнайы беттер
28.06.2018 11:43

Қай күні қатпар-қатпар Қаратаудың қарияның бетіндегі әжімдей болған бір сілеміне жол түскен еді. Сонда  “Үсен бауы” атты тау шатқалының сұлу табиғаты көпті тамсандырмай, бізге ән салдырмай қоймаған еді. Ол жер Қызылорданың оңтүстіктегі ең шеткі ауданы Жаңақорғанда орналасқан-ды. Ал, бұл жолғы сапарымыз Шиелі ауданы аумағындағы Қаратаудың керуен секілді бір-біріне жалғасқан кезекті сілеміне арналды. Жазуға машықтанғаны бар, жазып-жазып тасып толғаны бар, бір топ әріптестерімізбен таң қылаң берген уақытта облыс орталығынан көлікке жайғастық. Бағытымыз – Сауысқандық петроглифтері. Шиеліге келген соң, межелі жерге жеткенше көңілім алай-түлей болды. Тарихқа қастандық жасаған адамдай дел-сал күйдемін. Тау ішін жаңғыртып ән салып келеміз. Есесіне, көптеген тарихи жер-су атауларының шығу тегіне қанық бола алмағанымызды сезбейтін секілдіміз. Небір қасиетті, тарихи орындардан аттап-аттап тас түйін дайындықпен күн тас төбемізге келгенше Сауысқандыққа сап ете қалдық. Ол да дұрыс шығар, Қаратаудың әр тасы сыр шертетінін ескерсек, уақытты үнемдеу жолында әр жерге тоқтау тиімсіз болды. Оның үстіне жол бастайтын жолсеріктің алдыңғы көлікте болғаны сапар барысындағы біз алуға тиіс бірқанша мәліметті көзден бұлбұл ұшырғанын енді түсіндім...

 

САУЫСҚАНДЫҚТЫҢ  СЫЙЫ  КӨП

Әрлі-берлі де әріптестер­дің әрқайсысы өздері отыр­ған терезенің тұс-тұсынан смартфондарын шығарып, суретке, бейне­жазбаға түсіре бастады. Жартастардағы жазулар жанарыңды сулан­дырады. Ызадан, әрине. Біздің заманымызға дейінгі екінші мыңжылдықта, дәлірек айтқанда тас және қола дәуі­рі­нің басында өмір сүрген адамдардың қолтаңбасы қалған жерге бара жатып, бүгінгілердің бүлдірген белгісіз бей­не­лері мен есімін тарихқа емес, тасқа жазып­ қалдырғысы келмекке ұмтыл­ғандардың “есіл еңбегін” бір шолып өттік. Не шара, біздегі мәдениеттің өлшемі осы болса керек. Осылайша, Дарбазадан даңғазаланып емес, ызаланып өте шықтық. Не керек, жолшыбай жігіттер діттеген жерімізге дәлме-дәл әкелді. Көліктен түсе салысымен, Шиелі аудандық тарихи-өлкетану музейін­ің ғылыми қызметкері Бек­болат Әбутегі әлі де ашылмаған сыры көп Сауысқандық шатқалындағы бейне­лердің тарихына тоқталды. Еңсесі еңкіш тартпай, бізден биік, аспаннан аласа тұрған шатқалға шаттана қарап тұрмыз. Күннің сәулесі жартастарды жарқыратып жіберген. Қаратау жотасында төрт түлік түгел өрмесе де, түйе мен уақ малды көзіміз шалды. Ми қайнатар ыстықта, мұздай бұлақ суына шөл қандырып, жалғыз түп қараталдың көлеңкесіне киіз төсеп жатар ма екен­сің? Болар еді, мұнда күнде келмейміз, оның үстіне қолды көлбеу тартып, күн­гейлеп, өре түрегеліп тауға өрмелеуге асықпыз. Онда жаңағыдай балаларымыздың бүл­діргені емес, бабаларымыздың бір білгені бар. Онда “міне, біз­дің тарихымыз, міне, біздің өткеніміз!” деп кез келгенге көрсететін дәлеліміз бар. Қас жауымызға картадан жер көлемін найзамен нұқып көрсеткенде­ 500 гектар жердің Сауысқандықпен біте қайнасып жатқанын айтып масаттануға болады. Ондағы петроглифтердің саны 10-12 мың аралығында екенін айтып­ мақтанар ма едік? Көненің көзіндей, бабамның ізін­дей болған­ бейнелерден бейнелеу өнерінің ізі сайрап жатыр. Төрт бұрыштанған алып тастар бейне бір бір-бірінің үстіне жиналған қораптарды көз алдымызға әкелді.

Жалпы, Сауысқандық жартас суреттері Шиелі ауданындағы Еңбекші ауылынан солтүстікке қарай 50 шақырымдай жерде Қаратау­ жотасының батысында орна­лаcқан. Бұл жер 2004 жылы М.Елеуов басқарған А.Яссауи атындағы халық­аралық Қазақ-түрік университетінің Тұран археологиялық экспедицияның жұмыстары барысында ашылған болатын­. Кейін 2005 жылдан бастап бүгінгі  күнге  дейін Сауысқандық жар­тас­  суреттері З.Самашевтың басшылығымен зерттелді. Осы аралықта ғылыми­ айналымға Сауысқандық петроглифтері туралы біраз мағлұматтар енгізілді. Суреттер ораналасқан жерде бірнеше жылдар бойы кен игеру жұмыстары жүргізіліп жатқандықтан олардың жойыл­ып кету қаупі туып, бұл ескерт­кішті тез арада толыққанды зерттеп, қорғау мәселесін көтеру керек болды. Сонымен қатар, басқа да антропоген­дік, техногендік және кейбір табиғи факторлар да жартас суреттеріне кері әсерін тигізуде. Сауысқандық жартас суреттері – Бала Сауысқандық бұла­ғының екі жағында төрт шақырымға созыл­ған жерге шашырай орналасқан аса маңызды тарихи-мәдени ескерт­кіштердің бірі. Сауысқандық петроглифтерін қорғап ғана қоймай, қазіргі таңда оны әлемдік аса көрнекті ескерткіштермен қатар атауға жол ашу керек секілді. Келешекте осы ескерт­кіш негізін­де тарихи-мәдени қорық ұйым­дасты­ру  және де туристік инфрақұрылым  жасау  мәселелері  күн  тәрті­біне  енгізілуде.

- Сауысқандық шатқалының атауы туралы нақты қағазда сақталған нұсқалар өте аз. Дегенмен, кез келген жердің, тарихи орынның атауы болады. Сол секілді, бұл  жерде  ертеректе сауыс­қандар үлкен жартастар ортасына ұя салған­  екен.

Сауысқандық петроглифтерінің негізгі мотивтері – антропоморфтық фигуралар. Бұқа, елік бейнелері, жылқы, түйе, қасқыр, шоқпар ұстаған аңшы, абыздар бейнесі, арба және де басқа аң-құстармен солярлық символдар кездеседі. Бұлардың барлығы әртүрлі сюжеттермен композицияларға біріккен, сан алуан тұрмыстық діни таным, мифологиялық ой-өрістермен тікелей байланысты. Ең көрнекті  сюжеттер  қатарына қолдарына  шоқпар  ұстаған  ер адам бейнелері, көп жағдайларда бастарына аң немесе­ құс іспеттес маска киіп, үстіне мал терісінен, яғни құйрық терісін қалдыра отырып тіккен арнаулы костюм киген  абыздар  бейнесі  қола заманында­ғы  діни  нанымның  ерекшеліктерін  және оның  кейбір  ғұрыптық  тұстарын  көрсетеді, - деді Шиелі аудандық тарихи-өлкетану  музейінің  ғылыми қызметкері  Бек­болат Темірәліұлы.

Бүгінде “Тарих және мәдениет ескертк­ішінің қорғау, құрылыс салуды реттеу, қорғалатын табиғат ландшафт аймағының шекарасын бекіту туралы” Қызылорда облысы әкімдігінің 2016 жылғы 1 сәуірдегі №413 қаулысымен “Сауысқандық шатқалындағы жар­тастағы бейнелер кешенінің” қорғау аймағы­ бекітілді. Сондай-ақ, Қызыл­орда облысының тарихи-мәдени мұраларын қорғау және пайдалану жөніндегі ғылыми-әдістемелік кеңестің шешімімен аталған орынды Дүниежүзілік таби­ғи және мәдени мұралар тізіміне енгізу мәселелері қолдау тауып, “Сауыс­қандық шатқалындағы жартастағы бейнел­ер кешені­” ЮНЕСКО және ИСЕКО істері жөніндегі Ұлттық комис­сияның шеші­мі­мен, ЮНЕСКО-ның алдын ала республикалық  тізбе­сіне  енгізілді.

Қорыта айтқанда, Сауысқандық шатқа­лы Сыр бойындағы бейнелеу өнерінің тарихы Қаратау сілемдеріндегі жартастар бетіне қашап, ойып салын­ған адамдар мен жануарлар тұрпатты петроглифтерден  басталатындай.

 

СЫРЫН   ІШІНЕ  БҮККЕН   СЫҒАНАҚ

Шиеліден шат-шадыман көңіл күйде шыққан біз аттың басын Жаңақорғанға бұрдық. Онда Қызылорда облыс­ындағы ірі тарихи нысандардың бірі Сығанақ қаласының орнына барып, құмға көміл­ген қаланың енді-енді ашылып келе жатқа­н құнды жәдігерлерімен таныстық. Тарихқа көз салсақ, талай ғасырды бастан өткеріп, мемлекетке астана, қоғамға рухани пана болған Сығана­қ туралы көптеген мәліметтер бар. Жалпы, Сығанақ қаласы орта ғасырдағы Орта Азиядағы ең ықпалды мемлекеттердің астанасы саналған. Атап айтқанда, Қыпшақ хандығы, Ақ Орда, Қазақ хандығы секілді мемлекеттерге мұрагерлік жолмен астан­а болып келді. Ежелгі түрікше атауы “қамал, қорған” деген мағынаны береді. Сығанақ қаласы XI ғасырда Қыпшақ мем­лекетінің саяси әрі мәдени орта­лығына­  айналған.

Төменарық теміржол станциясынан 8 шақырым жерде орналасқан қала орны бүгінде өткен күннің қазыналарын қойнынан шығаруда. Сығанақ қаласын тарихи деректерде сауда орталығы, керуе­н жолының маңызды қаласы, “Қыпшақ даласының гаваны” ретінде сипаттап жазады. Фазлаллах ибн Рузби­ханның айтуынша, ХVІ ғасырдың басын­да қыпшақтардың астанасы Сыға­нақ базарында базар күндері 500 түйе сойылып, кәуап жасалып, кешке дейін бір түйірі қалмай сатылып кететін болған. Ал, басқа ірі қара мен ұсақ малдың қаншасы сатылатынында тіпті есеп болмапты. Сондай-ақ, оның жазуына қарағанда Сығанақ адамдардың өмір сүруіне­ өте қолайлы қала болыпты. Ибн Рузбихан: “Сығанақ қаласы аймақтың солтүс­тік  жағындағы жер жәннатының шеті” деп сипаттаған. Сығанақ кезінде Дешті Қыпшақтың шекаралық сауда бекеті ретінде ғана емес, аумағының кеңдігімен, қауіпсіз әрі тыныш болуымен де даңқы шыққан. Сығанақ қаласында зия­лы,  білімді  ғалымдар  да  туған. XVII-XVIII ғасырларда бірнеше рет жоңға­р шапқыншылығына ұшырады. Осы шапқыншылықтар және басқа да әртүрлі себептерден қала бірте-бірте өзінің өмір сүруін тоқтатты. 1801 жыл­ғы “Сібірдің сызба кітабында” да Қазақстанның Сырдария алабындағы қалалардың бірі деп көрсетілген. Қаланың қазіргі орны 10 гектар жерді алып жатқан үлкен бес бұрышты төбе. Жан-жағында көптеген үйінділер, ертеде су жүргізілген құрылыс іздері сақталған. Қала толық ашылған соң бұл жер аспан астындағы музейге айналмақ. Өткені­мізді қазбалап, тарихымызға тамыр жібергеніміз расында қуантарлық іс. Қазақстанның киелі, қасиетті жерлері таусылмақ емес. Зерттеп, зерделеп, та­рихт­ан өз бағасын алуына уақытында атсал­ыссақ деген тілек ғана бар бізде. Әйтпесе, қаншама құнды жәдігерлері­міз көңіл бөліп, назар аудармағандықтан жойылып, жермен-жексен болып кетуде.­

Айта кетейік, баспасөз туры облыстық өңірлік коммуникациялар қызме­тінің ұйымдастыруымен өтті. Өз кезегі­мізде біз тарихи орындарға жасалған сапарлардың қызықты өтетінін айтып, аталмыш іс-шараны алдағы уақытта да  ұйымдастыруын  өтіндік.

Рыскелді   ЖАХМАН,

Шиелі-Жаңақорған  аудандары

 


БАЛАҒА ҚАМҚОРЛЫҚ – БАСТЫ МІНДЕТ PDF Print Email
Жаңалықтар - Құқық құрығы
28.06.2018 11:41

Қай қоғамның болмасын, күрмеуі көп көкейтесті мәселелері мен шешімі жоқ шиеленіс­тері бар екені белгілі. Елдің экономикалық жағдайы мен қарыштап дамуы мәселесімен қоса, қара халықтың қара­пайым тіршілігінде де алаңдатарлық жайт көп. Мысалы, мүгедек балалардың денсаулы­ғы, ата-аналық міндетті мәж­бүрлеп орындату, алиментпен толық қамтамасыз ете алмау, ұрпақ болашағы үшін алаңдау, тағысын тағы. Осы мәселелер­дің барлығы дерлік құлақпен естіп, көзбен көріп, санамызға сіңіп кеткен іске айналғандай. Кейбіреулер бұл жағдайды баст­ан кешірмегенімен, тағдырдың тауқыметін тартып, тәуекелге бел буып отыр­ған отбасылар да жоқ емес. «Елдің мұңы бір бөлек, ердің мұңы бір бөлек» демек­ші, сотқа алимент төлеп отырғанымен, мүгедек балаларының жағдайына алаңдамайтын әкеге шағымданған ананың арызы келіп түсті.

Талап қоюшы Э.Акмурзаева­ Е.Құбаш есімді азаматпен осыдан он жыл бұрын заңды некеге­ тұрады. Осы некеден Айымжан және Арслан есімді балалары дүниеге келеді. Алайда тағдырдың сынағы болар, екі бала да ауыр науқаспен туылады. Шипасы тек шет мемлекетте бол­ғандықтан, ата-анасы Айымжан мен Арсланды 2017 жылдың басында Түркия еліне апарып­, ем алады. Бірақ елге оралғ­аннан кейін жауапкер Е.Құбаш (балалардың әкесі. -ред.) себепсіз жұбайы мен балаларын үйінен қуып жібереді. Далада қалған ана екі баласымен бірге жалдамалы пәтер жалдап тұрады. Заңды неке бұзылады. Э.Акмурзаева әлеуметтік көмек ретінде үкіметтен әрқайсысына 49 000 теңге алғаны­мен, бір баласының жәрдемақысын жалдамалы пәтерге төлесе, екіншісінікін күнделікті күнкөрісіне жұмсап отырған. Балалары өз бетінше жүріп-тұра алмайтындықтан, жұмысқа шыға алмайтыны тағы бар.

Екі сәбиі өмірге келгелі бармаған жері, баспаған тауы қалмаған ана «Ақсай» республикалық реабилитациялық балал­ар орталығынан да ем қабылдайды. Орталықтың берген нұсқауына сай, екі балаға да нақты диагноздары қойылып, сүйек кемігін трансплантация­лау (пересадка костного мозга) қажет екендігі көрсетіледі. Алайда азын-аулақ ақша ем-домды толық алуға жетпеген­діктен, ол балаларының әкесінен алименттен бөлек, мүгедек балаларының бірінің емін мойны­на алуын сұрап, сотқа жүгінеді. Тамақтану диеталары ерекше, дәрі-дәрмектері өте қымбат екенін түсіндіріп, жауап­керден ата-аналық мін­детін мәжбүрлеп орындатуды сұрайды.

Сот отырысында Қызыл­орда қаласындағы теміржол емханасы балалар бөлімінің меңгерушісі болып қызмет ететін А.Абдукаримова куә болад­ы. Ол өз сөзінде екі баланың да есепте тұратындығын, оларға қойылған диагноз төрт рет өзгергендігін, диагнозды қою қаражаты да, донор тауып трансплантация жасатуға да кемінде 70-200 мың доллар қаржы керек екендігін, соңғы уақытта әкесі балаларын көруге келмегендігін баяндайды. Барлық жағдайды ескере келе, сот жауапкер Е.Құбашқа төлеп отырған алиментінің мөлшері балаларының ем-домына аз екендігін ескертіп, болашақта балаларының денсаулығына жасалуға тиісті қосымша шығыстарды өтеуге қатысуын міндеттеу дұрыс деп шешім шығарды.

Әкелік парызын орын­дамай,  балаларының  жағ­дайы­на алаңдамайтын  азамат­тарға  заң – әр кез қатал. Баласын бауыры­на басып, азамат ретінде­ өз міндетін орындай алу – бұл ердің ісі. Бауыр еті баласынан бас тартып, алиментпен әлек болған әкеден гөрі, кедейшіліктің зардабын тарта отырып, құлыншақтарына мейірімі мен ыстық құшағын тоса білген әке бақыт­тырақ.

Ғ.ИМАҒАНБЕТОВ,

Қызылорда облысының кәмелетке  толмағандардың істері  жөніндегі  мамандандырылған  ауданаралық сотының  сот  приставы

 


ҮМІТТІ АҚТАҒАН ҮШЕУ немесе құтты “квартира” PDF Print Email
Жаңалықтар - Арнайы беттер
28.06.2018 11:36

...Бүгінде құтты “квартирада” басқа біреулер тұрып жатқан болар. Мүмкін, өзгенің де бағын жандырып, алысқа адымдауына себепші болған шығар. Бәрі де мүмкін ғой, әлі де мүмкін ғой...

Таң атқаннан қара кешке дейін аудан аралаған қос жігіт үйге жеткенше асық. Бірі маңдайдағы терін қолымен сүртіп, ентіге сөйлеп, алдыға адымдаса, енді бірі ішін ұстап асқазанның мәселесіне алаңдап-ақ келеді. Бірнеше сағат бұрын үйдегісіне хабарласып, ас-ауқаттың мәселесін шешіп қоюды шегелеп тапсырған-ды. “Мен шөлдеп келе жатырмын” дейді екіншісіне. Үйге жақындап-ақ қалған. Шынында екеуінің де қаталап келе жатқаны анық. Алыстан қарасаң, шаршап-шалдыққандары жүрістерінен байқалады. Осындайда, “Махаббат қызық мол жылдар” романындағы Ерболдың асқазанымен “әңгімесі” есіңе түседі екен.

Содан не керек, екеуі үйге келсе, үшіншісі ұйықтап жатыр. Тамақты істеуін істеген, жеуін жеген. Арғы жағы шым-шытырық. Осы және осыған ұқсас қызықты жайттар бұл жігіттердің басынан жиі-жиі өтетін. Әңгімемізге арқау болған – Кенжетай Қайрақбаев, Мәди Құрманәлі және Қозы Көрпеш Жасаралұлы секілді жігіттер. Олар – Сыр журналистикасының жас буын өкілдері. Жас буын дегеніміз бекер-ау, өйткені олар бүгінде көтере алатын шоқпарын белге байлап, белестерді бағындырып та жүр.

 

Балталаса бөлінбейтін үшеудің бірлігі ешқашан ыдыраған емес. Біз алыстан сүйсініп, қызыға қараймыз. Бір-біріне аға-дос болған әріптестеріміздің ішкі “кухнясы” осылайша, бізді өзіне магниттей тартады да тұрады. Күнделікті жазу-сызудан қолы қалт етсе, үшеуі Сырдарияға қармақ салуға асығады. Миды тынықтырып, жанды жадыратып, керемет көңіл күйде қайтады. Кешкісін бір уақ доп теуіп, бұқаралық спортқа да өз үлестерін қосады. Төбеде де үшеуі төбе көрсетсе, ойда жүргенде де ойлары бір жерден шығып жатады. Аралары ажырамастай болған достардың бытырадай жан-жаққа шашырап кететінін кім білген?    Иә, жұмыс бабы, қызмет үшеуін бөліп жіберді. Ең бастысы, достыққа сызат түспеді, қызмет достықтарын бөлмеді...

Әуелі Қозы Көрпеш Жасаралұлы “Халық” газеті бас редакторының орынбасары боп тағайындалды. Арқа-жарқа болып оны тойлаған күнді еске алудың қажеті жоқ шығар. Редакция облыс орталығында орналасқандықтан, анау айтқандай өзгеріс байқалмағандай. Көп ұзамай Кенжетай Қайрақбаев Жалағашқа жол тартты. Аудандық “Жалағаш жаршысы” газеті бас редакторының ізбасары болды. Оны екі досы қимай-қимай шығарып салды. Бастапқыда әртүрлі мақтаулармен мазақ еткен қос інісі кейіннен оны сағынып ол ауданға бірнеше мәрте барып қайтқаны бар. Өйткені, жалағаштық зам бұл екеуіне қамқор аға еді. Айтпақшы, Кенжекең “туған жерге туыңды тік” дегендей басқа емес, білімі мен біліктілігін өзі туған топыраққа сарп етуге аттанды... Ендігі кезек – Мәди Құрманәліде. Ақжолтай хабарды да сарыла күтпедік. Жылғалардан екі мәрте су аққызбай-ақ, аға-досы Кенжекең секілді Мәкең де туған жеріне, яғни Арал аудандық “Толқын” газетіне тартып тұрды. Ісіне тиянақты, жауапты жігіттің бастапқыда жауапты хатшылыққа, одан соң бас редактордың орынбасары қызметіне сайланғанын есіттік. Уақытында  аға-досымызға құтты болсын айтып хабарластық, тілектестік білдірдік.

Байқасаңыз, жігіттер жатқан жалдамалы пәтердің жайлылығы мен жылылығы байқалады. Жо-жоқ, жайлы, жылы ету – әркімнің өз қолында. Кенжетай мен Мәди үлкен жолдың бойындағы бұл жалдамалы пәтердің құт әкелетінін білді ме екен? Бір емес, үш бірдей орынбасар шығарған шаңырақтың не де болса, табалдырығы еңбекке жарамды, қадағаштай қарулы жігіттерді аттатқаны белгілі болды. Құрқылтайдың ұясындай кіп-кішкентай үйдің тұсынан өтіп барамыз. Осы күні Қозы Көрпештің де бұл үйде тұрмайтынын жақсы білеміз. Бүгінде құтты “квартирада” басқа біреулер тұрып жатқан болар. Мүмкін, өзгенің де бағын жандырып, алысқа адымдауына себепші болған шығар. Бәрі де мүмкін ғой, әлі де мүмкін ғой... Ал, қызметті “өсіретін” үй туралы алдағы уақыттағы естеліктерімізде міндетті түрде жазатын боламыз.

Рыскелді   ЖАХМАН

 


АСТАНА КҮНІ ҚАЛАНЫҢ 20 ЖЕРІНДЕ ТОЙЛАНАДЫ PDF Print Email
Жаңалықтар - Саясат
28.06.2018 11:32

Қамысқаладан Қызыл­орда атауына дейін жеткен облыс орталығы биыл екі ғасырлық тарихтың бетін ашып отыр. Тамырын тарихтан алып отырған Қызыл­орда қаласы сол дәуірде де шежіресін шалқар Сырда­рияның қойнауына жасырып қойған. Қаланың іргесі қа­лан­ған сәтінен бастап бүгінге дейінгі сырын білетін тірі куәгердің қалмауы да заңдылық. Есесіне байлықты басымызға шығарып беріп отыр­ған жеріміз бен толқыны жаға­лауға кеп еркелейтін Сырдарияның ұлтаны – қос ғасырдың куәсі. Шаһарымыздың осы мерейтойын атап өтуге байланысты «Күл­төбеде» күнде жиын өтетіні мәлім. Өйткені бұл – жасқа толған баланың тұсаукесер салтанаты емес, тарихтың арғы-бергі парақтарына алтын­  әріппен  таңбаланатын  200  жылдық тарих. Сондықтан оны күнде саралап, егжей­-тегжейіне қанығып отыру – қала әкімінің тікелей міндеті. Өткен жұмадағы аппарат мәжілісінде де қаузалған мәселе осы болды.

Жыл басынан бері ұйымдастырылып жатқан барлық мәдени шаралар қаламыздың 200, Астана қаласының 20 жылдық мерейтойлары аясында өткізілуде. Елбасының «Қазақстан Республикасы елордасы – Астана қаласының 20 жылдығын мере­келеу» туралы өкімін орындау  мақсатында  бекітілген іс-шаралар жоспарына сәй­кес қалалық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің тарапынан 67 мәдени-та­ным­дық, патриоттық сипатта шаралар  өткізілген.

Қалалық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы Мира Қазбекованың айтуынша, шілде айынан  бастап мәдени шаралар күшейтілген түрде ұйымдастырылады. 20 жылдыққа орай 1 шілдеден бастап қаланың 20 жерінде 20 мәдени шара өткізу жоспарланып отыр. Бұл шаралар қаланың барлық  мәдени  ошақтарында, қалалық  мәдени-демалыс паркінде, кітапхана­ларда, кент және ауылдық округтерд­е өтетін болады. Елба­сының  тапсырмасымен 1 шілде – Ұлттық домбыра күні болып белгіленуіне орай, Сыр сүлейлері ал­леясында 200 жылдыққа 200 домбырашы күй тартып, 20 саны үлгісінде домбырашылардың флэш-мобы ұйымдастырылып, қазақ күйлері орындалады. Бұл шара  облыстық  телеарнаның дронымен түсіріліп, кеңінен­   насихатталмақ.

- Қазіргі таңда орталық алаңда өтетін «Ел жүрегі – Астана» гала-концерттік шоу бағдарламасына дайындық жұмыстары басталып, сценарий жобасы әзірленуде. Жоспарға сәйкес, сағат 20.00-ден 23.00-ге дейін 3 сағаттық бағдарламаны жи­налған контингентке сәйкес жанрларға бөлдік. Оның ішінде классика, дәстүрлі ән, эстрадалық блок және жастардың заманауи блогы, «Жайдарманшылар» әзілі де бар. Ди-джей шақырылып, көлемді түрде өткізіледі деп күтілуде. Осы мінбені пайдалана отырып, мерекелік шара барысында қоғамдық қауіп­сіздік және төтенше жағдайлардың алдын алуға, коммуналдық салалардың үздіксіз жұмыс жасауына, тазалық жұмыстарының барынша кең көлемде жүруіне, сондай-ақ тақырыпқа сай безендіруді және көпшілік халықтың сұранысына сәйкес БИО әжетханаларды орнату бо­йынша өз тарапыңыздан ықпал жасауыңызды сұраймын, - деді бөлім басшысы М.Жомартқызы баяндама соңында.

Қала көлемінде ұйым­дастырылатын шаралармен таныс болған шаһар басшысы аталған мәселелермен жұмыс істеуді тиісті сала басшыларына тапсырды. Ал мереке­лік шаралардың өтетін орнын нақтылап, арнай­ы дайындық жұмыс­тарын тағы бір пысықтауға тапсырма  берді.

- Қоғам дамыған сайын жаңа заманның талаптарына сай қызмет ету кез келген мама­ндық иесіне жауапкер­шілік жүктейді. Әсіресе мемлекеттік саясаттың тиімді жүзеге асуына тер төгетін мемлекеттік қызметшілер­дің еңбегіне байланысты. Елбасының жүргізіп отырған сарабдал саясатының арқасында біздің елімізде мемлекеттік қызмет сапасын арттыру және оны жан-жақты дамыту мақсатында тың жобалар мен ауқымды жұмыстар жүзеге асырылуда. Оның бір ғана дәлелі – Елбасының «100 нақты қадам» жоспарының бірінші қадамындағы дамыған 30 ел қатарына кіретін кәсіби мемлекеттік аппарат құру тапсырмасы. Расында, мемлекеттік қызмет терең білімділік пен іскерлікті ғана емес, үлкен жауапкершілікті талап етеді. Сондықтан халықтың сені­мін ақтап, ұлтымыздың абыройын асыруда бұл саланың жауапкершілігі зор. Өз хал­қына қызмет ету – түсіне біл­генге зор бақыт. Қазіргі жа­һан­данудың өрелі биігіне қол созған кезде тәуелсіз еліміз­дің өркендеу жолында еңбек етіп, өз жұмысын кәсіби деңгейде атқарып, әлеумет­тік және құқықтық салаларына үлкен үлес қосып жүрген барша мемлекеттік қызметкерлерді шын жүректен құт­тықтаймын, -деді қала әкімі Н.Нәлібаев жиын соңында.

Алғашқы астана мен қазіргі бас қаланың мерейтойларына арналған іс-ша­ралар туралы жиынның соң­ғы жағы жабық түрде өткі­зілді. Бұл жайт «Күлтөбеге» жи­налған жұрттың көңілін күп­ті еткенімен, мерейтой мезіретінде  мерейімізді асы­рады­  деп  сенейік.

Н.ҚАЗИ

 


ҚАЙТА ТАБЫСТЫРҒАН АМАНАТ PDF Print Email
Жаңалықтар - Арнайы беттер
28.06.2018 11:31

Досжанның әр күні қорқынышпен өтіп жатыр. Құлағына бірде жылаған баланың дауысы естілсе, бірде сәбидің сыңғырлаған күлкісі келеді. Содан болар­, бұл үйде бір минут та тұрақтағысы келмеді. Дереу заттарын жинастыра бастады. Кенет сыртқы есіктің  жабыл­ған дауысы естілді. «Көрші Ербол­ болар» деген оймен дәлізге шыға бергені сол еді, қарсы алдында жаялыққа оралға­н сәби жатыр екен. Алғаш­ында не түсі, не өңі екенін сезбей, абдырап қалған ол кейіннен шарананың жыла­ға­н дауысынан есін жиды. Тірі сәбиді ақ жаялыққа орап, жанын­а қағаз тастап кетіпті. Біраз жүрексініп барып, қағазды ашып оқи бастады. Қараса, «Бұл – сенің балаң, бауыр етің. Барар жер, басар тауым бол­мағандықтан, өзіңе аманаттап отырмын. Ләззат» деп жазыл­ған  екен.

Иә, осылай қысқаша қайырыпты. Бұл – сол баяғы құр­сағындағы сәбиімен бірге өзі таста­п кеткен жары Ләззат. Одан кейін де қанша қыздың көз жасына қалғаны өзіне мәлім. Ләззатты да сол жас қыздарға айырбастап кете барған­-ды. Неше күн ұйқы көрмей, құлағына сәбилердің дауысы келетіні де осы күнә­ларынан болар, бәлкім. Осы сәтте  Досжан  сәбиді  құша­ғына­  қысып, егіліп  жылай  баста­ды. Ләззаттан  қалған тұмар сияқты көрінді оған. Өткен  күндерінің  бәрін  ой елегінен өткізді. Өмірінде мұндай халге түсерін білсе, қаншама жанның тағдырымен ойнамас еді-ау. «Ләззаттың обалына қалдым. Бәрін өз қолыммен құрттым. Бәріне кінәлі өзім» деп, өз-өзін жаз­ғыра­ бастады. Алайда «ештен кеш  жақсы» деді де, жан жарын­ қайтаруды ойластырды. «Оны қайдан табамын? Мені қабылдар ма екен?» деген ой оны тұңғиық шырмауына байлап тастады. Алайда еңсесін түсір­меді, керісінше ертеңіне таң атысымен қолындағы сәбиін көрші Ерболға тастап, өзі бұрын  Ләззат  екеуі  жалға  алып тұрған  үйге  бет  алды.

Міне, бұрынғы қаншама қиын күндерді бірге өткізген үйдің алдына да келіп жетті. Бар ойы – Ләззатты осы үйден жолықтыру. Ішке кіргеннен еңсені басатын жағымсыз иіс Досжанның өңмеңінен өтіп кетті. Басы айналып, шықпаққа ниеттеніп еді, алдында бір ескі көрпешенің үстінде сұлап  жатқан Ләззатты  байқап­ қалды.  Жақындап  келгені  сол-ақ екен, өз көзіне өзі сенбеді. Тіпті, «Ләззат» деп айтуға батыл­ы бармай, қалшиып тұрып қалды. Бұрынғы үлбіреген, гүлдей нәзік қыздың орнын­да шаштары ұйпа-тұйпа, өңі қуарған, мүлдем басқа адам жатқандай. Құдды ұйықтап жатқан­  секілді. Өз-өзіне келген соң, «Ләззат» деп ақырын дыбыстады. Үн жоқ. Бір уақыт үнсіздіктен соң, «Ләззат, жа­рығым-ау, бұл сенбісің?» деп жанына отыра кетті. Осы сәтте сүйіктісі көзін сәл ашып Досжанға қарады. Тамағын кенеп алып, «Досжан, бұл шынымен сен бе? Сен мені іздеп келдің бе? Сонша айдан соң қалайша есіңе түстім екен? Досжан, білесің бе, сенің ұлың бар, ұлың бар» деп қайталай бергені сол-ақ екен, Досжан «Мына жер суық екен. Бағланды әкеп тастағаның  жақсы  болды. Әйт­песе ауырып қалар ма еді» деп ұлдарының өз қолында екенін білдірді. Досжанның бұлай айтқан­ына аңтарыла қалған Ләззат «Немене, не дейсің? Мен Бағланды уақытша әпкеме берген болатынмын. Ертең жұ­мысқа орналасып, жаңа пәтерге көшкен соң, қайтадан өз қо­лыма алам деп уәде еттім. Баланы саған беріп  жібергенінен хабарсыз­бын. Рас ай­тамын, мен сені мазалағым келмеген. Сен кеткелі бері өзіңді із­деп шарқ ұрған емес­пін. Себебі­ сен өзің шешім қабылдап, енді мүлде мазаламауымды өтінгенсің. Алаңдама, Бағланды қазір-ақ...» деп айта бергенде бұрынғы сүйіктісі бұл жерге басқа ниетпен келгенін жеткізді. Сәбиді үйге әкел­ге­ніне қарсылық таныту үшін емес, өзін шаңырағына алып кетіп, бақытты отбасы болуды армандап келгенін айтты. Сөйтті де екеуара әңгімелері жарасып, ұзақ сырласқан соң, Досжан сүйіктісін үйіне алып кетті. Алладан күндіз-түні ұлының толыққанды отба­сында тәр­биеленуін тілеген Ләззаттың қуанышында шек болмады. Қайта-қайта «Алла – ұлық. Менің  дұғамды  қабыл  етті» деп іштей қайталай берді. Ал Досжан­ болса, Ләззаттың көзінен шынайы қуаныштың жасын көріп, өзін одан бетер бақытты  сезінді.

Мөлдір  ІЗТІЛЕУ,

Қорқыт  ата  атындағы

ҚМУ-дың  2-курс  студенті

 


МЕН БІР АҚҚУ ЖАРАЛЫ... (Қарттар мен мүгедектерге арналған интернат үйінің тұрғыны К.Маханбетованың монологы) PDF Print Email
Жаңалықтар - Арнайы беттер
28.06.2018 11:29

Өңешіме өксік тығылып, жанарыма жас жиналған күндері «Алланың адамдарды сынап қоятыны несі?!» деп өз-өзімнен бір күрсініп аламын. Бірақ, құр күрсінгенмен көңілдегі кірбің, жүректегі жара, дендеген дерт жазылмақ емес. Содан болар үміт жібімнің үзілгендігі. Тек қолымнан келетін қарекет – таң бозарып атқаннан қою қараңғылық жер бетін жапқанша Жаратқанға «Жанарыңды  салшы  маған!»  деп  жалбарыну.

...«Топ-томпақ, сүйкімді болатынсың» дейді анам. Сәби шақтарымды есіне алып отырған ол дүние дидарына 12 мүшем аман, денім сау болып келге­німді айтады. 1971 жылы. Жасым енді ғана екіге толып, балапандай балбырап, табанымды жерге тигізіп тәй-тәй басып жүрген шақта тағдыр маған тырнағын батырыпты. Бұрын-соңды аурудың не екенін білмейтін мен көз тиюден кемтар болып қала бердім. Қос аяғым сол сәулелі сәттен бүгініме дейін жүрусіз қалды. Әрине, бұның барлығын бірден аңғармадық. Анам мен әкем жандарын шүберекке түйіп, мені бауырына қысып, бармаған жері, баспаған тауы қалмапты. Бар үміттері – көктегі Құдай мен жердегі дәрігерлерде. Алайда абзал жандар бізді сүйінші хабар айтып қуант­пады, содан кейін салымыз суға кетіп, еңсеміз тіктелмеген күйі үйімізге оралдық. «Баламның табанына кірген тікен маңдайыма кірсін» деген ана жүрек бәрібір шыдамады. Келесі кезекте мені емші-тәуіптерге сүйреледі. Сергелдеңге­ түсіп жүрген сондай сәттерде ауылы­мызға ат басын бұрған белгісіз емші маған көршінің көзі өткендігін айтты. Осыдан кейін жүрегі аузына тығылып, шарасыз күйде шырылдап жүрген анам соңғы уақыттағы орын алған оқиғаны ой елегінен өткізіп әлек. Сөйтсем, аруақтарға арнап ас бергенде мен көптің назары­на ілініп, маған бөлінген көңіл­дер мен айтылған жылы лебіздерді жүрегіме жақын қабылдаппын. Құран оқытылып, қонақтар тарқағаннан кейін мен де тәлтіректеп ауыра бастаппын. Міне,  содан  бері  мүгедек  болып, қол­арбаны  серік  етіп келемін.

Ғаламат ғұмырды енді танып келе жатқан маған қара жердің құдіретін табан­ыммен сезінбеу ауыр тиді. Кей сәттері бар күшімді бойыма жинап, өре түрегелгім келеді. Бірақ, матаулы болып қалған қос аяғым икемге келмей, еденге сылқ ете қаламын. Мұндай сәтте анам безек  қағып, балапанын  жұбатуға  асығады. Қасірет тартып отырған қос жүрек құшақтаса кетіп, көз жасқа ерік беретін­біз. Анамды аяймын ғой баяғы... Менің жарымжан жағдайым жегенін желім, ішкенін ірің қылды. Өзінің ылғи ауырып жүретініне қарамастан жатырын жарып шыққан жарымжанын жаттың қолына табыс­тамады. Бақилық болғанша менің ақ дегенімді алғыс, қара дегенімді қар­ғыс  деп  отырды.

Өмірінің соңғы күндері төсек тартып қалған асыл адамым 69 жасында жан тапсыр­ды. Онсыз  да бүтін емес көңілім­нің күлі көкке ұшты. Бірақ, басқа салса баспақшыл емеспіз бе?! Анамызды қара жердің қойнауына тапсырдық. Осыдан кейін күйігіме күйік жамалып, бір дертті бір дерт ұлғайтып, анам артынан асқар тау әкем де қайтыс болды. Қос аяғым жүрусіз қалса да, анам мен әкемді қос қанатыма теңеп, тағдырдың теперішіне төзіп едім. Олар о дүниелік болғанда дүниенің бар жарығы сөніп, мен үшін барлық жолдар жабылғандай көрінді. Жүрегімдегі жаралар жегі құрттай жанымды жеп, күннен-күнге көңілсіздене бастадым осылай. Ішқұса болып, ұнжырғам түсетін сәттер жиі қайталанып тұрды. Бірде көкірек  көзіме бір сәуле нұрын сеп­кендей  болды. Теледидардан өзім сияқты  арбаға таңылып, тағдырына бойұсын­ған адамдарды көрдім. Шынымды айтсам, солардың қасына барып, сырым мен мұңымды бөліскім келді. Жер шарында мені түсінетіндер тек тағдырластарым еді. Ақыры не керек, Алланың бұйрығымен, өзімнің қалауыммен 1996 жылдың күзінде Қызылорда қаласындағы қарттар мен мүгедектерге арналған интернат үйінің тұрғынына айналдым. Жаңа ортаға түсіп, жаңа өмір бастауға бекіндім. Көз жасымды жұртқа көрсетпей, биіктерге қол созып, белестерді бағындыру үшін  тырысып бақтым. Анда-санда сезім­нен сыр шертіп, қағазым мен қаламымды серік етіп өлең жазатын болдым. Жүрегіме шүкіршіліктің, жақсылықтың дәнін еге бастадым. Осылайша өзіме тиесілі­ өмірді өзгерткім келді. Жағдайым­ жамбасыма батып, тауым шағылып тұрса да, Жаратқанға деген сенімімді жоғалтпадым. Мүмкін көңіл тереземнің тазар­ғанын Хақ тағала ескерген болар. Күндердің бір күні маған да махаббаттың дәмін сездірді. Қарттар мен мүгедектерге арналған интернат үйінде алғашқ­ы махаббатыммен танысып, бал сезімдерді бастан өткердік. Тіршілік бағы көркейе түсті. Оның әр айтқан сөздеріне қу жаным қуырдақ боп, өз-өзімнен көңілденіп, арбамды шыр айнал­дыратынмын. Екеуміз бір-бірі­мізді құлай сүйіп, шынайы жақсы көр­дік. Бірақ, мен тағы да сынға ұшырадым. Енді ғана бақыттың дәмін таттым ба деп жүргенде махаббатымды арнаған жан мені тастап мәңгілік ұйқыға кетті. Қазір көңілге медет тұтатыным тәтті естелік­тер ғана. Оған деген сағынышымды тек өлең жолдары арқылы жеткізіп, іштей құлазимын. Ең ұлы сезім саналған мендік махаббат осылай тамамдалған еді.

47 жыл. Тағдыр шекемнен шертіп, мүгедек еткеніне елу жылға жуық уақыт болыпты. Адам – ең төзімді тіршілік иесі екен ғой дейсің осындайда. Басымнан небір жағдайлар өтіп жатқанда татар­ дәмім таусылғандай көрінеді. Бірақ, сол баяғыша үркек жүректі қолыма­  ұстап қу тірлікке құлқынсәріден кірісемін. Тірі адам тіршілігін жасайды­! Мен басқалардан бөлек болсам да, ойым сергек, ақыл-есім түзу қазақтың  қараторы  қызымын! Өмір – ол  жайма-шуақ  жаздан  тұрмайды, арасында қалтыратар қыс та, көңілсіздікке тап қылар күз де болады. Сондықтан осы өмірдің ішінде жүріп жығыласың, жылайсың, ап­тапқа пісіп, аязға үсе­мін. Тәңірдің тартуын тынбай тосамын. Жү­ректі емдер, жаныңа дем берер осы нәрсе. Түн түнегі қонақ­тағанша  Құдайға жалбарынып, үміт мұнарасын күн­нен-күнге  тұрғызамын. Жаралы  болған  аққу-жа­ным­ды  осылай  емдегім келед­і менің...

Жазып  алған

Маржан   ҚҰРМАНҒАЛИЕВА,

Қорқыт  ата  атындағы

ҚМУ-дың студенті

 


Мәні айқын мәтелдер PDF Print Email
Жаңалықтар - Арнайы беттер
28.06.2018 11:26

Тәні таза,

Жаны лас,

Жақынын да танымас.

***

Жарлының көзі – ботқада,

Жастардың көзі – соткада...

***

Үйіріп алған интернет,

Иіріп қайда итермек?!

***

Жоққа да,

Барға да,

Жақсы болды-ау жарнама.

***

Кеше ғана көзкөрген,

Қалайша тым өзгерген?!

***

Сарғая күткен сәулем-ай,

Азапқа салған әурең-ай...

Қас қағымда өтпесін,

Басыңнан бұл дәурен-ай!

***

Жоқтан бар жасайды,

Бардан тар жасайды.

 

Көреген  Кемеңгерұлы

 

Жаңылтпаштар

Көңілді ашар – шөлбасар,

Шөліңді сосын сол басар.

Сол басар – шөлбасар,

Сойқанды сол жасар.

Жемқорсың дедің бе,

Жейін деп жедім бе.

Жемеймін дедім де,

Жаңылып жедім бе.

Қ.АЛАШ

 

Айырмашылықтар

Әттеген-ай, айтпайын-ақ дейсің-ау, бірақ...

Адам – адам болып қалады,

Болмаса да күйі.

Есек – есек болып қалады,

Алтыннан болса да үйі.

***

Бір жынысты хайуандар,

Бір-біріне артылмас.

Хайуаннан да төмен «адам» бар,

Артылудан тартынбас.

***

Ерекше жәндік құмырсқа,

Еңбекқор өте жұмыста...

Еріншек кісі болса екен,

Құмырсқадай тұрмыста!

***

Жыртқыш та тастап кетпейді,

Жаңа туған шарасын.

Безбүйрек неге беттейді,

Тастауға сыртқа баласын?!

***

Аққулар жұбын жазбайды,

Аспанда да, жерде де...

Жазбаса жұбын азбайды,

Жұқса осы әйел, ерге де!

***

Қарға да қарлы боранда,

Мекеннен кетпей, қыстайды.

Кей пенде төзбей боранға,

Шетелге неге тыстайды?!

 

АЙТҚЫШБЕК

 


ЛИФТ PDF Print Email
Жаңалықтар - Арнайы беттер
28.06.2018 11:07

Бойжеткеннің лифтіге кіргені сол, артынша бір жігіт жүгіріп кірді.

– Қай қабатқа көтерілесіз? - деп сұрады жігіт жымиып.

– Сегізінші.

– Ой, мен де... - деген жігіт лифтінің түй­мелері ішінен сегіз санын таңдап, сұқ сауса­ғымен  басты.

– Ескі лифт екен, - деді бойжеткен.

– Пойыздың ескі купесінде келе жатқан­даймын...

– Кеменің алқам-салқам каютасында тұр­ғандаймын...

– Қайда  барасыз? Шымкентке ме?

– Жоға, Ақтөбеге.

Екеуі сықылықтап күлісіп алды. Көздері түйісіп те қалды. Кенет қыз жанарын тайдырып әкетті. Бір кезде лифт жоғары зырылдап бара жатып, кенет лік ете қалып, қатыр-құтыр еткен дыбыстар шықты да, артынша тоқтай қалды. Қыз бен жігіт бұл кезде теңбе-теңдік сақтай алмай, бір-бірін  құшақтай  алған  еді.

– Кешіріңіз, сізді құшақтап алыппын...

– Оқасы жоқ, пышақтап алған жоқсыз ғой...

– Лифт тоқтап қалды.

– Енді не істейміз? - деген бойжеткеннің көздері бақырайып кетті.

– Үйленеміз... - деді жігіт.

– Қойыңызшы, әзілдесетін жерді тауыпсыз?! Ұялы телефоныңыз бар ма? Менің соткамның заряды таусылыпты...

– Үйде ұмытып кетіппін.

– Мама! Жарық сөнді!

– Осы лифтілерге мемлекеттік жауапкер­шілік   жоқ!  Ақтөбедегі  журналист  қыздың  өлімі де ойландырмайды! Былтыр Астанада театр актрисасы  лифтіде көз жұмған... Енді бізге кезек  келгендей  ме?

– Ашыңдар есікті! Ей, кім бар сыртта? Хабарлаңыздар! Біз лифтіге қамалып қалдық! - деген қыз лифтінің есігін тоқпақтай бастады. Сосын ештеңе болмаған соң, отыра кетіп, басын тізесіне қойып, жылай бастады. Жігіт те кем­сеңдей  бастаған  еді.

– Сіз неге жылап тұрсыз? - деп сұрады бой­жеткен.

– Қарап  отырғанша  жылай  салайын деп...

– Жігітсіз  ғой,  бірдеңе  жасасаңызшы?

– Үйленбеген бейбақ едім. Егер айтқан жерден аулақ, бірдеңе болып кетсем, артымда албасты да қалмайтын болды...

– Енді не істейміз? Мұндайын білгенде баспалдақпен көтерілер едім! Ей, сыртта кім бар? Біз қамалып қалдық! Сіз де айқайласаңыз­шы? Как будто, қонақта отырған сияқтысыз ғой?

Жігіт лифтінің саңылауынан көз жіберді де:

– Ееей, кім бар? Біз бақыттымыз! - деді. Сосын:

– Қабырғалардың ортасына тоқтап қалғанбыз ба деймін? - деп қосып қойды. Бойында қорқыныш жоқ, жымиып, қызға жақындады:

– Қарындас, атыңыз кім? Танысып отырайық та?

– Танысатын жерді тапқан екенсіз?!

– Сіздей сұлумен лифтіде қамалып отыру – мен үшін үлкен бақыт. Кофе ішесіз бе?

– Қайдағы кофе? Не айтып тұрсыз өзі?

– Сізбен кафеде отырғандай сезініп тұрғаным ғой. Лаваштан жесеңізші? Кәуап алдырайын ба? Даяшыыы? Бізге он тал шашлық! Есектің етінен болып жүрмесін! Айтпақшы, атыңыз кім? Танысып дегендей...

– Айко...

– Менің атым Байко. Байділдә ғой негізі. Қарындас, ашуланбайық, есік ертең болса да бір ашылар. Ең бастысы, аман-есенбіз. Біздің қоғамда адамдар қауіпсіздігі ол өлгеннен кейін қорғалатынын білесіз.

– Ия-ә...

– Айко, мен сізді ұнатып қалған сияқтымын.

– Қойыңызшы!

– Шын айтамын, махаббатым тұта­нып  кетті!

– Қойыңызшы!

– Мұны «Лифтідегі ма­хаб­бат» деп атаймын! - деген жігіт қызды қапсыра құшақ­тап, ерніне сүліктей жабыса кетті. Қыз қолда­рымен тоқпақтап, басын алып қаш­қанымен, жағып кетті ғой деймін, бір кезде өзі де құшақтай берді...

Бұл кезде лифт төмен түсіп, арнайы мамандар есік ашып жатты. Бірақ кездей­соқ махаббат иелері сол құшақтасқан күйі жүгіре жөнелді...

Мұхтар   ШЕРІМ

 


СЫРДАРИЯ ҚАЛАЙ БҰҒАТТАЛДЫ? PDF Print Email
Жаңалықтар - Арнайы беттер
28.06.2018 10:57

Биыл  аталып  өтілетін  Қызылорда  қаласының  200  жылдығы  жайлы  сөз болғанда, Сыр бойы қаласының кеңес заманындағы тарихында екі алып құрылыстың салынғанын айтпай кетуге болмас. Әрине, бұл екі құрылысқа тарих өз бағаларын бере жатар, бірақ болғаны рас. Оның бірі Сырдария өзенін бұғаттаған Тасбөгет плотинасы болса, екіншісі – КСРО империясы кезінде бүкілодақтық құрылыс саналған­, әуелі целлюлоза-картон комбинаты, кейін целлюлоза-картон зауыты. Бір қызығы, осы екі алып құрылыстың бір-біріне антипод болғанын айта кеткен жөн болар.

Біріншісі – Орта Азияның алып өзенінің бірі Сырдарияны бұғаттады, соның арқасында алып өзеннен нәр алып жатқан оның тармақтары –  жағаларында жасыл құрақтары  жайқалып өскен толқыған арналар мен салалар Арал теңізіне жете алмай,­ қураған ескі арналарға айналды, тайдай тулаған балығы бар, құстардың базарына айналған жүздеген көлдердің сулары тартылып «реттелді». Плотина құрылысы­  біткен  соң   осы алып  құрылыстың «жалғасы»  ретінде «тәртіпке салын­ған»­  Сырдарияның ну қамысын шикізат етіп пайдалану мақсатында бүкіл Кеңес одағында  теңдесі жоқ қағаз бен картон шығаратын комбинат салынғанын, бұл құрылысты­ң  бүкілодақтық  екпінді  құрылыс  саналып, оған одақтың түкпір-түкпірінен мыңдаған жастарды Қызылордаға аттандырғанын, комбинат құрылысы аяқталған кезде суы тартылған Сырдарияның жағалауында қамыстың қалмағанын, шикізат орнына Сібірден ағаш тасып, картон шығарылғанын бүгінгі жастар біле бермес (бұл құрылыстың қазір тек қаңқасы ғана қалды). Осы орайда екі алып құрылыстың­ да басы-қасында болған ақсақал Өмірзақ Баянбаевтың әңгімесі қала тарихының  осы  кезеңдегі  беттеріне  біраз  сәуле түсірері  анық.

Сексеннің сеңгіріне шыққан  Өмірзақ  ақсақал  әлі  тың, ширақтығын сақтаған, жады мықты. Әттең, есту қабілеті­нің нашарлап бара жат­қаны  болмаса...

- Біздің атақонысымыз – мынау Бірқазан ауылы. Әкем Байжиен баласы Нұрғали мен анам Асылкүл Тоқсабақызы 1934 жылы теміржолға жұмысқа орналасып, отба­сымыз Белкөл бе­кетіне көшіп келіпті. Мен дүниеге 1936 жылы келіппін, артымда бір қарындасым бар, інім Серік дүниеден ертелеу өтті. Балалық шағым түгелдей осы Белкөлде, содан кейінгі бозбалалық кезім Тасбө­гетте өтті. Сол қиын заман кезіндегі тұрмыстық жағдайдан болар, біз ерте есейдік, жұ­мысқа үлкендермен ерте араластық. Ауылымызда мектеп болмады, оқуға кеш барып, отбасы жағдайымен ерте тастадым. 1946 жылы Тасбөгетте ашыл­ған мектепке қатынап оқы­дым. Сондықтан да Тасбөгеттің сол жылдан басталған тарихы көз алдымда. Қазір үлкен қалашыққа айнал­ған бұл кент, әуелгіде плотина мекемесінің қызметкерле­ріне арналған поселке есе­бінде ашылған. Бірден айта кетейін, Сырдария өзеніне плотина құрылысын салуды Қазақстанның оңтүстік облыстарында ауыл шаруашылығын дамыту мақсатында  деп  үкімет  1940 жылы арнайы қаулы шығарып, бөгет салу көзделген екен. Құрылыстың алғашқы жұмыстарын бастап та қойған еді. Бірақ, 1941 жылы басталған соғыс кедергі­ болып, тоқтап қалған. 1945 жылдың 1 сәуірінде жұмыс қайта жалғасты. Ұмытпасам, обкомның бірінші хатшысы Төлебаев, ал бөгет құрылысының бірінші бастығы  А.Бектасов деген кісі болды. Өте жақсы, қарапайым кісі болатын. Бұрын су шаруа­шылығы министрі болыпты. Естігенім бойынша әдеп­кі кезде бұл жерге ГЭС салмақ екен, бірақ инженерлер айтыпты: «Асты құм, сумен шайылып кетуг­е бейім, сондықтан ГЭС салуға болмайды».

Алғашқы  кезде  құрылыс салуды қамтамасыз ететін, оған әртүрлі қызмет атқаратын мекемелер мен көмекші кәсіпорындарды сала бастады, яғни дайындық жұмыс­тары жүргізілді. Атап айтқ­анда, Белкөлден Тасбөгетке дейін теміржол, Қызылордадан Тасбөгетке дейін тасжол салу жұмыстары жүргізілді. Кім салды дейсің бе, ол кезде жұмыс қолы өте тапшы кезі ғой, ауылдың қазақтарын алып келіп жұмыс істетті, сенбілік, жексенбілік өткізіп, қа­ладан  адамдарды  жұмыс­қа салатын. Бұл құры­лыс­тың қаншалықты үлкен­дігін айтайын ба? Сол кездегі бағамен 140 миллион рубльге жақын екен. Есептей бер. Ол кезде техника деген атауымен жоқ ғой, бәрін қолмен істеді. 1946 жылдың ортасында болса керек, құрылысқа жапондық тұтқындарды алып келді. Әкемнің сөзімен айтар болсам, олардың саны «бір армия» екен. Кейін білдім, сандары мыңның үстінде. Шамамен қазіргі Тасбөгеттің орталық алаңын­ың аймағы болса керек, сол маңда жапондарға арналған барактар салынып, олар сонда тұр­ды. Жан-жағы қоршал­ған, сыртын күзеткен қарауыл солдаттар. Қазір ол жер тып-типыл бол­ған, ізі де жоқ. Мынау қазіргі плотинаның кө­пірі тұрған жерде ол кезде Сырдарияның арнасы жоқ, ар жағымен айналып ағатын. Міне, сол құрғақ жерді әуелі терең ғып қазды, құрылыс тілінде оны котлован дейді ғой. Сосын өзеннің екі арнасын су шайып кетпейтін етіп бетондады. Бәрі қолмен істелді, жапондар топырақты кәрзеңкемен тасиды, осыдан-ақ біле бер қандай ауыр жұмыс екенін. Бастапқы кезде құрылыстың  жұмысы  өн­беді, техника жоқ ғой. Барлық бетон жұмыс­тары біткен соң, ескі арнаны бөгеп, суды шлюзге­ қарай бұрды. Алғашқы кезде бұрылған су ақпай инженерлердің бастары қатып, көп машақатты бастарынан кешті. Осы бөгет құрылысына қазақтың пайдаланып келген ежелгі су тоқтату әдісі қарабура салу да қолданылды. 1956 жылы бөгет құрылысы пайдалануға берілді, - дейді Өмірзақ Нұрғалиұлы.

Өмірзақ ақсақалдың жас кезінен еңбекқорлығы, қиындықтарға тө­зім­ділігі, сирек кездесе­тін зеректігі мен елгезек­тігі осы Тасбөгет құры­лы­сы кезінде қалыптасты. 15 жасында  әкесі  өліп, анасы мен екі бауырын асырау  Өмекеңе  жүк­тел­ді. 6-сыныптан  кейін  оқуды  тастап, Тасбөгеттегі жұ­мысшыларды  азық-тү­лік­пен қамтамасыз  ете­тін (ОРС) мекемеге жүк тиеуші болып орналасады. Алғырлығы мен зеректігін, елгезектігі мен адалдығын байқаған ОРС басшысы Ерболат Тынымқұлов Өмекеңе жауапты жұмыс – экспедиторлықты жүктейді. Осындай жұмысты атқарып жүріп, қоғамдық белсенділігімен де көзге түседі. 1951 жылы комсомолға өтіп, ұйымның белсендісі болады. 5-разрядты слесарь мамандығын игеріп, аудандық комсомол комитетінің бюро мүшесі, комсомол хатшысы болып істейді, өз бетінше білім алуды тоқтатпайды. 1956 жылы партияға өтеді. Сөйтіп, Өмекеңнің алдынан тақтайдай даңғыраған үлкен мансаптық қызмет жолы ашылады. Бірақ, Өмекеңді мұндай  жол қы­зық­тырмапты.

- Мансапқа  қызыққан жан емеспін. Жұмыс таңдамадым, ауыр немесе лас демедім. Жұмысқа қай  уақытта  шақырса да, бас тартқан  кезім болған емес. Райкомның мәжі­лістері ол кезде түнге қарай өтетін, қалған емеспін. Осылай істеп жүрген кезімде қалада целлюлоза-картон комбинаты салынатын болып, бұл құрылыс одақтық екпінді комсомол құрылысы деп жарияланды. Комсомол басшыларының бірі емеспін бе, партияның  үндеуін  қолдап, жастарды  бастауым керек. Содан комсо­молдың жолдамасымен Марий­ АССР-не 46 жас жігіт пен қыздарды бастап Волжск деген қаласына барып, осындағы целлюлоза-қағаз техникумына оқуға түстік. 2 жыл 10 ай оқып, целлюлоза өндірісінің техник-технологы деген мамандық алып, елге оралуға дайындала бастадық. Сөйтсек, оқу бітіргендерді Ресей­дің ағаш өндірісі бар бас­қа қалаларына бөліп қо­йыпты. Мұнысы несі! Орыстар қуанып жүр. Бізді мамандық алсын деп ақша бөліп Қазақстаннан жіберді емес пе? Қызылордада ЦКК басшылығы, отбасымыз күтіп отыр ғой! Осыны айтып директорға кірдім. Ол айқайлап дүрсе қоя берді: «Сен кімсің? Бұл – министрдің бұйрығы. Қайда жібереміз, сонда барасың! Өзіміз біле­міз!». Кабинетінен шықтым да поштаға барып ЦКК директоры Ва­сильевке жеделхат жібер­дім. Көп ұзаған жоқ, Васильев Мәскеуге ми­нистрге шығып, министр директордың сазайын беріпті. Техникум директоры бәрімізден кешірім сұрап, ауылымызға қайттық. Осыдан кейін Ва­сильев маған риза болып, әуелі мастер етіп та­ғайындап, сосын цех бас­тығына  көтерді, партком мүшесі  болдым.

Осылай істеп жүре берер­ ме едім, мансабым да жоғарылай берер ме еді. Бізді тәрбиелеген партияға деген шексіз албырттық сенім, пар­тияның мақсатына өмір­ді арнау деген арманшылдық болмағанда. Сол кезде Татарстан жерінде Набережные Челны деген қалада бүкілодақтық екпінді КамАЗ құрылысы басталып, ол жаққа мамандар қажет деп коммунистерді шақыру күні-түні жүріп жатты. Міне, сол шақыруға елігіп 1971 жылы КамАз-дан бір-ақ шықтым. Кіш­кентай  ғана 34 мың хал­қы бар қала екен. Ал құрылыстың көлемі сұм­дық үлкен. Жұмыс таңдамадым, ағаш зауытында тас қалаушыдан бастап, слесарь, мастер, цех бастығының орынбасары, бастығы болып 13 жыл істедім. Одан кейін сауда­ базасына ауысып, оның бастығына дейін көтері­ліп, КамАЗ-да барлығы 23 жыл қызмет еттім. Тоқсаныншы жылдары басталған дағдарыс нышандары белгі беріп, артынш­а Қазақстан тә­уел­сіздік алған соң елге қай­ту жағын ойлай бас­тадым. Зейнетке мер­зімінен екі жыл бұрын шығып, сүйегім туған жерім­де  қалсын  деп еліме тарт­тым, - дейді Өмекең.

Өмірзақ ағамыздың Гүлжаухар жеңгемізден тараған Асқар, Сәбит, Анар және Шынарының бірі – Астанада, бірі – Таразда, қалғандары – Қызылордада. Өзі кенже баласы Асылбектің қо­лында тұрып жатыр. Екінші жеңгеміз Мариядан туған Ғабит пен Гүл­нәр КамАЗ-да тұрады.

- 43 жылдық еңбек өтілімде үш жерде ғана жұмыс атқарыппын. Біріншісі – Тасбөгет плотинасын салу мекемесі, екіншісі – Қызыл­орда целлюлоза-картон комбинаты, үшіншісі – Ресейдегі КамАЗ бүкіл­одақтық құрылысы. Көріп тұрсың ғой, үшеуі де – алып құрылыстар. Алғашқы екеуі – Сыр өңірінің, өндірісі мен өнеркәсібінің тарихында ерекше орын алатын алып құрылыстар. Осындай алып құрылыстардың бастауы мен қалыптасуының басы-қасында болғаным, тағдырдың өмірімде кезіктір­ген, маған сыйлаған сыйы, сәтін салып жолықтырған олжасы шығар деп ойлаймын. Бә­рінде де абыройлы ортада, жақсы азаматтар мен білікті басшылармен бірге істедім. Бүгінгі таңда аталған құрылыстардың мен сияқты тірі куәлары азайып бара жатырмыз. Қаламыздың 200 жылдық мерейтойы қарсаңында ел мен жер тарихын қастерлейтін бү­гін­гі және келер ұрпаққа көргеніміз бен бастан кешкенімізді айтып қалдыру – біздің парызымыз, - дейді  ақсақал.

С.ЕСМАХАНҰЛЫ

 


КӨП КҮТТІРГЕН ЖЕҢІС PDF Print Email
Жаңалықтар - Сергек
28.06.2018 10:48

Футболдан Қазақстан Премьер-лигасының 15 туры да өз мәресіне жетті. Сырт алаңда “Ертіске” қонаққа барған Қызылорданың “Қайсары” көптен бері күткен жеңісіне қол жеткізді. Соңғы 9 ойында тек ел чемпионына ғана жол берген жерлестеріміздің бұл жолғы аяқалысы шынында ұнады. Әдеттегінше қос ұжым 90 минут бойына тең дәрежедегі ойын көрсетті. 90-минутта Думан Нәрзілдаев керемет орындауының арқасында командасына жеңіс сыйлады.

Бұған дейін Думан сырт алаңда “Тобылға” гол соққан еді. Бұл Сыр футболы түлегінің биылғы ел біріншілігіндегі екінші голы болып отыр. 3000 көрермен жиналған матчта “қасқырлар” да жанкүйерсіз қалмады. Баспасөз мәслихатында бас бапкер Стойчо Младенов матч туралы өз пікірін білдірді.

 

- Біз бүгін жақсы ойнадық деп ойлаймын. Команда тактикалық түрде дайын болды. Екінші таймда екі шабуылды сәтті аяқтауға болар еді. Думанның соңғы минуттағы голы бізге жеңіс әкелді. Ол дәл осы әдемі голға лайық болды. Осы голдың арқасында біз үш ұпайға ие болдық. Алдымызда қиын кездесулер күтіп тұр. “Қайрат”, “Ордабасы” және “Тобыл”. Команданы жеңісімен құттықтаймын! Мен осы жеңіске ризамын!, - деді ол.

Айта кетейік, бұл қақпашымыз Марсель Исламқұловтың кезекті құрғақ ойыны болды. 720 минут бойы қақпасына доп кіргізбеген ол ҚПЛ-дың рекордын бұзуға жақын қалды. “Астанамен” болған ойында Александр Григоренко қақпаны күзеткен болатын. Есеп: 0:2. “Қайсар” келесі кездесуінде 1 шілде күні Алматының “Қайратына” қарсы ойнайды. Үйдегі кездесуде Младенов Марселдің жеке рекордын сақтап қалуды көздейді ме екен? Мүмкін қақпашыны ауыстыруды осы жолы көріп қалатын шығармыз.

Айтпақшы, клубтың баспасөз қызметі “Қайсардың” шабуылшысы Йоанн Аркинді командадан кетті деп хабарлайды. Бастапқыда техникасы толысқан ойыншы “қасқырларды” өрге сүйрейді деп ойлағанбыз. Десе де, Аркиннің Сыр топырағында ойыны жүрмеді.

Ел чемпионатының 18-турында Қызылордада “Қайсар” қостанайлық “Тобылды” қабылдайды. Қазақстан кәсіпқой футбол лигасының баспасөз қызметінің хабарлауынша, “Қайсар”-“Тобыл” матчының өтетін мерзімі өзгерді. УЕФА Еуропа Лигасының алғашқы іріктеу кезеңіндегі “Самтредия” (Грузия)-“Тобыл” матчының 12 шілдеден 10 шілдеге ауысуына байланысты қос команда арасындағы ойын 14 шілдеде өтеді.

 


 

Ілияс  ӘМІРСЕЙТОВ,

“Қайсар”  футбол  клубының

жартылай  қорғаушысы:

 

Көптен  күткен жеңіс  болды

- Команда өте жақсы ойнады, мүмкіндіктеріміз көп болды. Бәрі біледі, алдыңдағы матчтарда біз қорғаныста жақсы өнер көрсете білдік, жетіспегені тек гол болатын. Көптен күткен гол, көптен күткен жеңіс болды.­

 

Думан  НӘРЗІЛДАЕВ,

“Қайсар”  футбол  клубының

жартылай  қорғаушысы:

Голымды ата-анама арнаймын

- Жарақаттан  кейін  алаңға  шығу әрқашан да оңай емес, өз-өзіме енді келіп жатырмын деп айтуға болады. Кешегі ойын осы себептен мен үшін қиын болды. Біраз жерлерде қателес­тім деп ойлаймын. Құдайға шүкір, ойын­ның  соңғы  минуттарында қо­лайлы­ сәтті пайдаланып, командама және  бүкіл  Сыр еліне жеңіс әкелу бұйырды. Мен оған  қуаныштымын. Голымд­ы  ата-анама  арнаймын.

 



<< Бірінші < Алдыңғы 1 2 Келесі > Соңы >>

Күнтізбе

< Маусым 2018 >
        1 2 3
4 5 6 7 8 9 10
11 12 13 14 15 16 17
18 19 20 21 22 23 24
25 26 28 29 30  

Сауалнама

Аса мәртебелі шенеуніктердің қылмысқа шатылып жатқандығы нені аңғартады?
 

Ауа райы

Валюта бағамы

Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі валюталардың ресми бағамдары