Өзекті мәселелер

  • 15.11.18

    Сыр елінің серпіні ерекше екенін аймақ тұрғындары да, сырт көз – сыншылар да жиі айтып жүр. Экономикалық даму тұрғысынан кей салаларда сәл шегініс болса, басым бағыттар да жеткілікті. «Жұмыла көтерген жүк жеңіл» екендігін дәлелдеп келе жатқан қызылордалықтар мемлекеттік бағдарламалар аясында біраз шаруасын шалқытып отыр. Әсіресе кәсіпкерлер тарапы жолдауда айтылған тапсырмалар бойынша өз міндет...

    Толығырақ...
  • 15.11.18

     

     

    Берікбол  БАЙХОЖАЕВ,

    ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Қызы...

    Толығырақ...
  • 15.11.18

    «Балама әйелді өзім таңдап алып беремін. Байдың байлығына қызықпаймын, бидің билігіне қызықпаймын, асыл пышақ қап түбінде жатпайды. Келінім ақылды болса, ұлымның елге даңқы кетеді. Би түскендей үй болу – әйелден. Әйелі жақсы болмай ер оңбайды? Ердің бақытын кетіретін де – әйел, ерге бақыт әперетін де – әйел» деп келінін өзі таңдайтынын айтқан Төле бидің Данагүлді қалай жолық­тырып, баласына айт...

    Толығырақ...
  • 15.11.18

    Қытық! Қызылы бар қызық сөз, құмары бар құнды сөз. Мұны солдан оңға қарай оқысаң да – қытық, оңнан солға  қарай  оқысаң да – қытық. Бұрын­ғы қыздардың бетінде қызарып, көз тартып­, көрініп тұрушы еді. Қазір ше? Зәру. Қат дүние. «Бүгінгі күні бүтін махаб­бат бар ма? Әй, қайдам? Сезім шіркін семіп кеткен. Ал қытық байғұс қырық жыл бұрын қайтыс болған» деп гөйітеді баз біреулер. Жо-жоқ, қытық әлі ...

    Толығырақ...
  • 15.11.18

    Бір күні қарап отырмай жеке бизнес жасағым келді. Жұрттың бәрі байып жатыр.­ «Кедей бол» деп менің маңдайыма біреу бормен бадырайтып жазып қоймағ­ан болар. Ауладағы жазғы үйді бұзып, «шындық» сататын дүкен аштым.

    - Әй, балам көп ұзамай тақырға отыра­сың,­ - деп әкем басын шайқады.

    ...
    Толығырақ...
Сәрсенбі, 04 Шілде 2018

ЖАСТАРДЫҢ «ЖЕҢСІК АСЫ» – ТҮРЛІ ДЕРТТІҢ БАСЫ PDF Print Email
Жаңалықтар - Ой-талқы
05.07.2018 11:55

Нақты шаралар қолданылмаса, дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымын­ың деректері бойынша  2025 жылға дейін қорқордың кесі­рі­нен көз жұмғандар саны 7 мил­лионға жетеді деген қауіп бар. Үндістанда пайда  болған  қорқор  (кальян) әлем­ге­  тез  тарады. Оны шегу қазіргі таңда­ сәнді, заманауи демалу түрлерінің біріне  айналды.

Бүгінде қорқорға құмар жастар көбейген. Мұны темекі шегу­дің экзот­икалық түрі десек те болады. Қорқор – салқындатылған түтінді ішке тартатын шылым шегуге­ арналған ыдыс. Түтінмен қоса дәм алу үшін оны сумен, шараппен немес­е басқа сұйықтықпен толтырады. Сұйықтығы бар ыдысқа түтік салы­нады. Түтік арқылы түтін су асты­на кіріп, су деңгейінен жоғары басқа түтік арқылы шығады, кейін шегу­шінің өкпесіне келіп түседі. Сондай-ақ, қорқорға түрлі хош иістенд­ір­гіштер қосылып, оның жағым­сыз дәмін жасырады. Соңғы кезде қор­қорды кез келген мейрамхана, кафе, түнгі клуб және PS4 клубтарда кез­дес­тіруге  болады. Қорқорды ұнату­шылар оған ешқашан са­лы­нып кетпей­тіндерін алға тартады. Ал, көпшілік мұның темекіден гөрі зияны­ аз деп ойлайды. Шындығында, табактың қандай түрін алып қарасақ та, олардың барлығында жүйкені улайтын никотин бар. Ол қорқорға тәуелділікке әкелетін бірден-бір тетік.  Десе де, тәтті түтінге құмартушылар  қатары  артпаса, кеміген емес. Нелік­тен? Бұл сұранысқа ие «тауардың» қолжетімділігі ме, әлде ден­саулыққа  немқұрайды  қарау ма?

– Қазіргі жастар «жұрттан қаламыз ба?» деп қорқорды қызығып шегіп көреді. Алғашында қорқор шегетін­ жасөспірімде бейімделу бо­лады. Жөтеліп, көзінен жас шығады. Содан соң ол үйреніп, қорқорға деген тәуелділік пайда болады. Шылым шеккен­ сияқты қорқор шегу де өкпе қыз­ме­ттерінің өзгерісіне соқтырады. Шылым түтіні кіші тыныс жол­дарының құрылымдарына әсер етсе, қорқор түтіні ірі тыныс жолдарына тез зиянын­ тигізеді. Қорқор шегу барысында­ гигиена сақтамаған жағдай­да ауыз қуысының, тіс жегісі, стомат­ит секілді ауруларды жұқ­тырып алу ықтимал,- дейді №1 қалалық емханан­ың психологы Ләззат Балтабайқызы.

Маманның пікірінен темекіден гөрі қорқордың денсаулыққа зияны көп екендігін білуге болады. Сонымен қатар гигиена сақтау үшін қор­қорды арнайы муштук (бір реттік құрал. – ред.) қолданып шеккен жөн. Ал қорқор жайлы жастар не ойлайды?

Әйгерім Қосбармақ, 19 жаста:

– Осы уақытта қорқор шегу жастар арасында  сәнге айналған. Соның бірден-бір дәлелі – қаламызда қорқор шегетін көңіл көтеру орындарының көбеюі. Әбден әуес болған жастар көп уақыттарын осындай жерлерде өткізгенді жөн көреді. Мен де шыны керек, қор­қорды қызық көріп шеге­тінмін. Алайда­ оның денсаулыққа зиян екенін түсініп, көп шекпейтін болдым. Жалпы, жастар ғана емес, үлкен кісілердің өзі қорқор шегетіні өтірік емес. Бұл бәлені шегетін адамдардың санын азайту үшін түсіндірме жұмыс­тарын жүргізу немесе «Instagram» желісін­де бейнебаян байқауын жарияла­п, қорқордың адам ағзасына жаман­ әсерлерін  насихаттап көр­сету қажет. Сондай-ақ қорқор шегеті­н  орындардың  санын  азайтып, күнделікті  болмаса да ара-тұра осындай  жерлерге рейд жасау керек.

Руслан, 30 жаста:

– Бүгінгі жастардың кез келген отырыста қорқор шегіп отыратынын байқап жүрміз. Денсаулық сақтау басқа­рмасы қорқордың адамға зиян екенін қаншалықты ескертсе де, жаста­рдың  оған  деген сұранысы азаяр­ емес. Күнделікті спортпен шұғыл­данып  жүргендерге зияны қатты  тимейд­і  деп  ойлаймын. Ал, көп уақы­тын отырып өткізетіндерге өте қауіпті. Сол себепті барынша қорқор  шекпеген  абзал. Өзім арасында­ отырыстарда  шегетінім  рас.

Біреулер қорқордың сыртында «никотині жоқ» деген жазуға сенеді. Оның маркетингтік айла емес екеніне­ кім кепіл? Алайда қорқордың дәмін татудан темекіні шегетін­дер де, теме­кіге қарсы адамдардың да  бас тартпайтыны  белгілі. Біле­тін­дер  «әсіресе­  жастардың «жеңсік асы»  дейді  мұны.

– Менің демалыс орындарында қорқор дайындаушы болып жұмыс істегеніме 5 жыл болды. Қорқор әзірлеуді мейрам­ханада  даяшы  болып  жүргенде үйрендім.  Қазір  тәжірибем  мо­лайып  келеді. Бүгінде қорқорға көбіне 16-20 жас аралығындағы тұтыну­шылар тапсырыс береді. Бір қорқорды шегуге 1 немесе 2 сағат уақыт бөледі. Негізі қорқордын зиянын білемін. Сондықта­н да жақын арада бұл жұмысты­ қоя­мын,- дейді «Nirvana»  кафе­сі­нің  қорқор­ дайындау шебері Бағдат  Әбдірахманов.

Осы қоғам қорқор тартуға неге құмар? Үлкен-кіші демей, кальян тартып, түскен суреттерін әлеуметтік желілердегі парақшаларына жарыса жариялайды. Тіпті, қорқор түтіні арқыл­ы әртүрлі трюк жасап, фото, бейнероликтерін жариялайтынын қайтерсіз?!  Әлеуметтік  желідегі  жеке парақша «жеке» болғанымен, оған жазылушылар саны көп болса, ол әжептәуір  жарнама  емес пе?

Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының мәлімдеуінше, қорқордың түтіні қатерлі ісікке, өкпе ауруы­ның асқынуына, жүрек ауруын­а шалдығу­ға  әкеледі. Қор­қор шегуге­ арнаған  бір  сағатыңызда  ағзаңыз 100 темекі шеккендей әсер алады екен. Темекінің зиянын біз айтпай-ақ біліп отырған шығарсыз. Сайып келгенде Жаратқанның сізге берген бағалы сыйы – денсаулығыңызға обал. Десе де, таңдау еркі өзіңізде, бір сәттік  ләззат сыйлар тәтті түтін қажет  пе, дені сау  ғұмырыңыз  ба?

Лемара  Иргайбаева,

Қорқыт  ата  атындағы

ҚМУ-дың  2-курс  студенті

 


САМАУЫР ҮШІН СОТТАСЫП... PDF Print Email
Жаңалықтар - Құқық құрығы
05.07.2018 11:51

Түйткілі аса соншалық қиын болмаса да, араз­дасқан  адамдардың  бірден сотқа жүгінетін заманы, бұл. Кейде болмашыға бола айтысып, жаға жыртысып жатады. Мәселенің мәнісін би шешсін дейін десең, қарапайым ғана өзара келісе­ салуға болатын дүние. Амал жоқ, іс өндіріс­ке келіп түскеннен кейін қазылардың  қарауы – мін­деті. Бүгінде жыл сайын қаралатын қылмыстық емес істердің көптігінен үшінші билікте жаңашыл бастам­алар қолға алынған. Солардың ішіндегі алғаш­қыларының бірі – сотқа дейінгі татуластыру орталықтары, яғни медиаторлардың жұмысы. Судьялардың жұмысын жеңілдетуде бұл бастаманың көмегі айтар­лықтай зор.

Мысалы, Арал ауданы Сексеуіл кенті тұрғындарының арасында самауыр үшін кикілжің туған­да  да мәселені ушықтырмай ретке келтірген – дәл осы медиаторлар. Дәлелденгендей, бірі екін­шісінің үйіндегі қоймадан екі самауырды жасырын жымқырып кеткен. Сөйтіп, жәбірленушіге 20 мың теңге­ көлемінде залал келтіреді. Кімнің үйінде не ұрланбай жатыр  дейсіз?  Бір жағынан, әділдікті де орнату маңыз­ды. Сондықтан көр­шісі  Арал аудандық сотына жүгінеді. Мұнда кәсіпқой медиатор Б.Бердалиев істі «Медиация туралы» заң бойынша қарап, екі тарапты татуластырады. Нәтижесінде, сотталушы Қылмыстық  Кодекстің 68-бабының 1-бөлігінің талабына сай, қылмыстық жауаптылықтан  босатылып, іс  өндіріс­тен қысқартылады. Қарап отырсаң, қарапайым ғана іс. Біреу біреудің басын жарып,­ көзін шығарған жоқ. Өкініштісі сол, дәл осы тектес  істер көбейген сотта. Сондықтан медиаторлар жұмысы, сотқа дейінгі татуластыру орталықтары жобалары қолға алынып отыр. Айта кету керек, орта­л­ық кәсіпкерлер арасындағы қаржылық мәселелерді реттеуде де көмекке келіп жүр. Мәселен, Қызыл­орда облысының мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотында ірі екі серіктес арасындағы кикіл­жіңге байланысты іс қаралады. Нақтырақ айтатын  болсақ, экономикалық  сотқа талап қоюшы келесі серіктестіктен 68 миллион теңгенің үстіндегі қарызын әрі 1 миллион теңгеден аса өсім­пұлды өндіру туралы талап қою арызымен жүгі­неді. Алғашында істі судья қарағанымен, ол екі жаққа да «Медиация» заңын қолданудың тиімділігі зор екенін айтып түсіндіреді. Сөйтіп, медиатордың көмегімен екі жақ татуласып, олар арасындағы ақшалай қарызды жылжымайтын мүлікпен қайтаруға келіседі. Осы арқылы, бір жағынан, ұзақ сот  тал­қылауы бол­мас­а, екінші жағын­ан іс­керлік қарым-қатынас сақта­лынып қал­ды. Әрі «медиативтік келі­сімге келуд­ің нәтижесінде, талап қоюшыға  мемлекеттік  баж салығы  ретінде  төленген 2 114 579 теңге қайтарылды» деп хабарлайды Қы­зыл­орда облыстық со­тының  баспасөз  қызметі.

Бұл – жаңашыл бастамалардың тек бірі ғана. Мұнан бөлек соттар жұмысбасты жандарға уақыт жағын ыңғайлап, «Түнгі сот» жобасын да қолға алған. Жол-көлік оқиғаларына қатысты әкімшілік құқықбұзушылықтар санатындағы  істер­ді қарайтын түнгі сот 18-30-дан бастап 22-00 аралы­ғында жұмыс істейді. Жа­қын­да  Қызылорда қаласының мамандандырылған әкімшілік  сотында әкім­шілік құқықбұзушылық турал­ы іс қаралады. Құқық бұзушы сот процесі таға­йындалған  уақытта  жұ­мыс­та  болуына  байланысты істі  жұмыс  уақытынан  кейін  қарау  жөнінде  өтініш берген. Соған сәйкес процесс те кешкілік уақытта өтіпті.

– Аталған  әкімшілік іс 22 маусым күні (2018 жыл) сағат 19-00-ге тағайын­далып, құқық  бұзушы  С-ның қатысуымен қаралды. Ол өзінің басқаруындағы «Audi A6» маркалы автокөлігімен Жеңіс кө­шесі бойындағы «Жиһаз әлемі» дүкеніне соғып, материал­дық шығын кел­тірген. Сол себепті құқық бұзушы ҚР ӘҚБтК-нің 610-бабыны­ң  1-бөлігімен кінәлі деп  та­нылып,  оған  салы­нат­ын 48100 теңге 30 па­йыз­ға қысқар­тылып, 33670 теңге  айыппұл  салынды, - дейді аталмыш соттың кеңсе мең­гер­ушісі  А.Абылаева.

Ал электронды сот төре­лігін дамыту мақсатында қолға алынған «Виртуальды сот» – сіз белгілі бір жағдайлармен процеске келе алмайтын болған кезде таптыр­майтын дүние. Бұ­рын-соңды болмаған бұл жаңашыл бастама біраз уақыт үнемдеп, істің созы­луынан сақтайтыны сөзсіз. Әрі халық үшін қолжетімді және тиімді. Себебі іске қатысушы сот процесіне келіп қатысуға мүмкіндігі болмаған жағдайда ұялы байланыс телефоны не­месе басқа гаждеттер қолдана отырып, сот отырысына қатысуына болады. Мысалы, жуырда Қызылорда қалалық  мамандандырыл­ған әкімшілік сотында ҚР ӘҚБтК-нің  434-бабынің 1-бөлігімен әкімшілік құқықбұзушылық туралы іс виртуалды  түрде  қаралған. Құқық бұзушы  өзінің  сотқа келе  алмауына  байланысты әкімшілік  іске  ұялы теле­фоны арқылы виртуалды түрде  қатысыпты.

Мұның бәрі Елбасы Н.Назар­баев айтқандай, мемлекетіміздің барлық озық әлемдік стандарттарға сай болуы үшін жасалынып жатқан жағдай. Азамат­тардың құқықтары мен бостан­дықтарын қорғауды қамтамасыз ететін ашық және бүкпесіз сот жүйесін қалыптастырудағы сатыларының  бірі  ғана.

Ж.ЕЛУБАЙҚЫЗЫ

 


НАҒЫЗ ПАТРИОТТАР БЕЛГІЛІ БОЛДЫ PDF Print Email
Жаңалықтар - Саясат
05.07.2018 11:47

Еңселі Елордамыздың төл мерекесіне орай Ақмешітте патриоттар форум­ы ұйымдастырылды. Қаладағы Қазақстанның Тұңғыш Президенті Н.Назарбаев атындағы  саябақта өткен салтанатты шарада «Жыл патриоттарының» жаңа есімі белгілі болды. Алғашқы болып сөз алған аймақ басшысы Қ.Көшербаев барша жұртты мерейлі мерекемен құттықтады.

- Қазақ тарихында ормандай халқына қорған болсам, алға жетелеп, арманына жеткізсем, тәуелсіз ел қылып, биікке көтерсем деген тұл­ғалар аз болмаған. Қасымханның қасқа жолы, Есімханның ескі жолы, әз-Тәукенің Жеті жарғысы содан қалған. Абылайханның арпалысы, Әбілқайырханның жанталасы қазақты қалай да қазақ қылсам деген арманнан туған. Ал, сол бабалардың арманын асқақ, мақсатын мұрат еткен бүгінгі Көшбасшысымыз – Тұңғыш Президентіміз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев болды. Біз енді Елбасымызды сасқанға сая десек те, асқанға тосқан десек те, ұлтқа ұран, ұрпаққа ұстаз десек те, елдің иесі, жердің киесі деп қанша айтсақ та артық бол­майды?! Өйткені, бүгінгі Қазақстан – болашағы  бекем, келешегі кемел ел! - деді  облыс  әкімі.

Мұнан соң аймақ басшысы ел үшін елеулі еңбек етіп жүрген пат­риоттар, өз саласының майталман­дарын марапаттады. Ерен еңбектің үлгісін көрсетіп, жетістікке жеткен үздіктер саны – 15. Олар облыс әкімінің қолынан алғыс хат және сыйлық алды. Олардың ешқайсысы осал емес, елдің жел жақтағы панасы, ық жақтағы саясы болуға ұмтылған жандар.

Айтулы дата қарсаңында беделі биіктеген тұлғалардың қатарында Ішкі істер дептартаментінің жылдам қимылдайтын жасағының инспек­торы Бауыржан Нұржанов бар. Ол 2017 жылы қазан айында көпқабатты­ үйлердің бірі өртке оранған сәтте, дереу өрт сөндіру қызметіне хабар берген. Сосын еш ойланбастан жалы­ндаған оттың ортасынан 5 және 6 жастағы балаларды құтқарып қалған.­ Алдымен Құдай, одан соң Б.Нұржановтың жүректілігінің арқасы­нда болашағымыз аман қалды. Мұндай батылдық екінің бірінің қолынан келе бермейді. Сондай-ақ, 11 жаста болғанына қарамастан Аружан бисенбаева үйлерінде өрт шыққан сәтте екі інісі мен сіңлісін терезе арқылы сыртқа шығарып, бауыр­ларының өмірін сақтап қалды. Бұл да – ерлік! Мойындайық. Ал №2 мамандандырылған өрт сөндіру бөлі­мінің командирі Ермекбек Пазлиев қала тұрғынын оттан құтқарса, Қазалы­ ауданындағы №266 мектептің дене шынықтыру пәнінің мұғалімі Мейрамбек Жакупов аудан орталығындағы Әйтеке би кентінің 76 жастағы тұрғынын  өміріне  төнген қатерге­  қа­рамастан, өрттен аман алып шыққан.­

- Биылғы 9 мамырда түскі екілер шамасында туыстарымның тойына келгенмін. Діттеген мекенжайға жетке­н соң сәлден кейін көршімнің кішкентай екі баласы жүгіріп келіп, үйдің өртеніп жатқанын хабарлады. Өрт шалған үйінде қарт кейуана қалып қойыпты. Балалардың артынан жүгі­ріп, дер кезінде әжемізді құтқарып үлгірдік. Өрт сөндіру бөлімі мен жедел­ жәрдем қызметкерлеріне рақмет­, тілсіз жауды жедел жойды, - деп болған жайды еске алды Мейрамбек Жакупов.

Бейбіт заманда ерлікке пара-пар әрекет көрсеткендер тек құрметке лайық. Жарқын істерімен ел көңі­лі­нен шығып жүрген азаматтарды үлгі ету – бәрімізге парыз. Қайырымдылық жасауды серік етіп, жанына жақсылы­қ жасауға ұмтылған еріктілерді жинаған Сағатбек Сиюов – нағыз­ батыр­. Бір­неше жыл бұрын көлік апаты­нан кейін ол арбаға­ таңылыпты. Десек те қайсар жанның өнегелі істері он екі мүшесі сау азамат­тарға үлгі. «Жылы жүрек» деп атаған жастар еріктілер тобына жетекшілік етіп  жүрген ол  бүгінде  бірқатар  қайы­рымдылық  шараларын  өткізген.

Мұнан бөлек марапат биігінен көрінген  журналист К.Денисов қазақ тілін  жетік меңгерген  өзге  ұлт азама­ты­ деп мақталды. Ал 25 жыл бойы облыс­тық жедел жәрдем қызметінде­ тынбай еңбек еткен София Аужарованың еңсерген жұмысы айрықша. 19 жыл алғашқы медициналық қызме­т көрсету бригадасында жұмыс істеген ол клиникалық өлім, ауыр кома үстіндегі аурулар, ауыр жол, суық қарудан алған жарақат сияқты әртүрлі ауруға шалдыққан жандармен күресте дәрігер ретінде біліктілігін көрсетіп келеді. Мұн­дағы ерекшелік сол – науқастардың барлығы ажалмен арпалысып жатқан­  сәтте  көмек  қолын  созады­. Бұл, әрине, жауапкершілік жүгі жоғары­  қызмет.

Осылайша Астананың 20 жылдық мерекесіне арналған шарада өз істеріне кіршіксіз адал, үздіктер мара­патталды. Форум барысында «Патриот болу тек ғана Отанды сүю емес, елге, жерге адал қызмет ету» деген пікір айтылған-ды. Ендеше, марапат иелері осы көзқарасты қуаттай­тынын іс жүзінде дәлелдеді дейік.

Ж.БАҒЛАН

 


ҚАЛАМЫНДА - ҚУАТЫ PDF Print Email
Жаңалықтар - Саясат
05.07.2018 11:34

Жалпы, журналистика – жанкештілікті талап ететін тағдырлы сала. Өйткені, журналист өзінің қызметін атқара жүріп, кез келген кәсіп иесінің ролін сомдап, кейіпкер кейпіне ене алады. Қауіп-қатер қаламгердің аяғының астында екенін ұғыну мен сезіну – екі бөлек дүние. Оған дәлел іздеп кере­гі­ жоқ. Талай мәрте апат­қа ұшырап, ажалдан аман қал­ған журналистер де емін қаламынан тауып, елінің көз алдында жүр. Осындай өлімге бас тік десе де, қаймықпайтын мамандық иеле­рінің төл мерекесіне арнал­ған А.Тоқмағамбетов атындағы мәдениет үйінде өткен «Қанатты қалам – 2018» салтанатты шарасының шымылдығын Қызылорда облысының әкімі Қырымбек Кө­шербаевтың өзі ашты.

- Журналистер – мемлекеттік бағдарламалар мен рефор­малардың  маңызын қа­лың бұқараға жеткізіп, халық ішіндегі өзекті мәселелерді талдап, билік назарына ұсыну миссиясын мойнына алған құрметті де күрделі кәсіп иелері. Мемлекеттік маңызы бар мәселелерді насихаттап, қоғамдық сана жаңғыруының қозғаушы күшіне айналған бұқаралық ақпарат құралдарының қоғамдағы орны ерекше. Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласы – қоғам даму­ына тың серпін беріп, барша  қазақстандықтардың жаппай қолдауына ие болған тарихи бастама. Оны ел ішін­де насихаттап, лайықты жүзеге асыруда сіздер ерекше еңбек етіп келесіздер. Халық арасында «Құдіретті қолбасшылардың әскері жет­пеге­н жерге қаламның қуаты жеткен» деген сөз бар. Ой қуалап, сөз ұйқастыру, одан шымыр дүние жазып шығару – екінің біріне бұйырмаған асыл қа­сиет. Біз білетін қазақ халқы­ның атақты жазушыларының барлығы жазуды журналис­ти­камен ұштастырып, осы сара жолды жазушылықтың даң­ғылына айналдырған. Сондықтан бүгінгі мереке қалам ұстаған, сөз құдіретін түсінген барша азаматтардың ортақ мерекесі деп білеміз. Баршаңызды «Байланыс және ақпарат қызметкерлері күні» кәсіби мерекелеріңізбен шын жүректен құттықтаймын, - деді аймақ басшысы.

Тарихы Сыр өңірінің тамы­рымен астасып жатқан Сыр журналистикасының қазаны қашан да қайнап тұрады­. Керегін алып, маңызы жоғын тағы лақтырып тастай алмайсыз, өйткені оның өзі – тарих, оның өзі – бір асу, бір шоғыр. Біз қазір бұрынғ­ы Қамысқаланың бүгінгі тұрғындары ғана емес­піз, қазақтың маңдайына біткен бір шоғыр, біртуар арда азаматтарының жүріп өткен даңғылының жолаушысымыз. Сыр журналистикасында сөз өнерінің майын қайнатудан мықты маман атан­ған Ж.Аймауытов, С.Мұқанов, С.Сейфуллин, Б.Майлин сынды саңлақтардың қызмет еткені тарих бетінде жазулы.

Теледидардан таңғы ас уақытында газет бетін бір шолып, жаңалықтармен танысып өтетін шетелдіктерді көріп, осы үрдіс бізде де қалыптасса екен деген ниет бар-тұғын. Шүкір, ол күнге де жеттік. Төрімізде теледидар қосулы, қалтамызда радио желілері сайрап тұр, жұмыс үстелімізде баспа құралдарының сан қилысы шашылып жатыр. Ақпараттық сауаттылық деген осы! Халықты қа­йырлы таң айтып оятатын, елдегі бар жаңалықтың жаршысы болып отырған БАҚ-тың бүгінде Қызылорда облы­сында 92-сі бар. Оның 4-еуі – электронды БАҚ,                 5-еуі – ақпараттық агенттіктер, қалған 83-і – баспа басылымдары.

Кәсіби мереке иелерінің қатысуымен өткен салтанатты шара 80 жастың сеңгіріне шыққан Құрметті журналист, Қазақстан Журналистер Одағы сыйлығының иегері Өтеген Жаппарханға Қызыл­орда облысы әкімінің Құрмет грамотасын табыстап, иығы­на шапан жабудан басталды. Жиналған жұрттың зор қошеметіне бөленген алғашқы құттықтаудың жалғасы Сыр журналистикасының қалыптасуына үлес қосып, бұқараны жаңалығымен тамсандырып жүрген БАҚ өкіл­дерін түрлі номинация бо­йынша марапаттауға ұласты. Атап айтсақ, ҚР Ақпарат және коммуникация министрлігінің «Ақпарат саласының үздігі» төсбелгісі облыстық «Сыр бойы» газеті бас редакторының орынбасары Жолдасбек Ақсақаловқа, «Тіл мерейі» газетінің бас редакторы, республикалық «Айқын» газетінің Қызыл­орда облысындағы меншікті тілшісі Миуагүл Байназароваға, қалалық «Қызылорда қоғамдық телекомпаниясының» құрылтайшысы Шәкизада Әбдікәрімовке табысталды. Ал, Министрдің Ал­ғыс хаты облыстық «Кызыл­ординские вести» газетінің шолушысы Серік Бижанов пен «Хабар 24kz Агенттігі» АҚ-ның облыстағы меншікті тілшісі Райхан Тәжібаеваға бұйырды. Сондай-ақ, «Әлім­сақ» журналының бас редакторы Н.Көбегенұлына, об­лыстық «Сыр бойы» газетінің аға тілшісі Д.Аяшұлына, аудандық «Қазалы» газеті бас редакторының орынбасары С.Бахиұлына, «Ақмешіт ақ­шамы» газетінің фото­тілшісі Ө.Түменбаевқа, «Qyzylorda» облыстық телеарнасының бас инженері Б.Шүкеновке Қы­зылорда облысы әкімінің Құрмет грамотасы, ал «Кәсіп­кер және мәдениет», «Кәсіп­кер келбеті» басылымдарының бас редакторы Ж.Таңрықбаев, республикалық «Астана» телеарнасының Қызыл­орда облысындағы меншікті тілшісі Ш.Сақтапова, республикалық «Время»­ газеті­нің, «bnews.kz» ақпараттық агенттігінің мен­шікті тілшісі Н.Денисова, облыс әкімі баспасөз қызме­тінің фотографы Б.Есжанов, «Азаттық» радиосының Қы­зылорда облысындағы мен­шікті тілшісі О.Саймосаевқа облыс әкімінің Алғыс хаты табысталды. Мереке мезіретінде әріптесіміз, «Халық» газетінің тілшісі Жазира Бағланқызы «Жас дарын» номинациясын, «Халық»  газетінің ең жас журналисі Рыскелді Жахман да Қазақстан Журналистер Одағының дипломын иеле­ніп, марапат төрі­нен көрінді. Ақпарат саласы қызметкерлерінің абыройы асқақтаған осы күні аймақтағы бірқатар БАҚ-тың өкіл­дері де түрлі аталым бойынша төрге озды. Мәселен, «Qyzylorda» об­лыстық телеарнасының редакторы Шолпан Исабекова «Саяси шолушы», «Кызыл­орда ньюс» интернет газе­тінің аға операторы Н.Бах­манов «Жылдам ақпарат тара­тушы», республикалық «Qazaq­stan» ұлттық арнасының Қызылорда облысындағы меншікті тілшісі А.Биятов­а «Әлеуметтік сала жаршысы», «Ақмешіт ақшамы» газетінің тілшісі Д.Маханова «Достық жаршысы», облыстық ішкі саясат басқармасының Ақпараттық саясат және БАҚ-пен жұмыс бөлі­мінің әдіскері Ж.Кәрімова «Үздік үйлестіруші» номи­нациясын иеленсе, Қармақшы аудандық «Қармақшы таңы» газеті «Үздік аудандық басылым» номинациясын еншіледі.

Журналистикада қайғы да, қуаныш та – ортақ. Сыр журналистикасында өзінің қолтаңбасын қалдырып, сағынышын құмға ғана емес, әріптес, оқырман, көрермен жүрегінде қалдырған талантты тума бар. Ол – Сырдың Сахитжаны. Қарапайым бол­ғ­анымен, тілі уытты, жазу­ы отты жас журналист қызмет бабында жүріп, қаза тапты. Естелік болсын. Марқұм Са­хитж­ан теледидарда жұмыс істейтін жылдары орталық базардан жейде-шалбар ал­мақ болып, аралап жүрсе, сау­дагерлер жан-жағынан: «Әй, сен телевизордағы Сахитжан емессің бе?» деп талап сұрап жатқан көрінеді. Сөзі сойыл, ойы нық, тілі қанжар жас журналист ұяңдық танытып: «Ой, апа, қайдағы?! Теле­дидарда жұмыс істейтін адам базардан киім алып не істей­ді? Олар қымбат жерден киінеді ғой» деп сөз шеберлігін танытқан екен. Университетте оқып жүргенде ұстаздары осы оқиғасын айтып, жиі еске алып тұратын. Естіген жұрт есеңгіреп қалатын оқиға орын алғанға дейін де қадірлі болған оның мәртебесі әлі түскен жоқ. Жыл сайын Сахитжан Бермағанбетов атындағы дәстүрлі «Ең үздік жас журналист» байқауы ұйым­дастырылып келеді. Бұл жолғы­ шығармашылық бай­қаудың жеңімпаздары қатарынан әріптесіміз, «Халық» газеті бас редакторының орынбасары Қозы Көрпеш Жасаралұлы «Үздік мақала» номинациясына лайық деп танылды. Шараға қонақ ре­тінде шақырылған С.Бермағанбетовтың ата-анасына да облыс әкімі ықылас гүлін сыйлап, сый-сыяпат табыс­тады. Өз кезегінде арнайы бай­қаудың жеңімпазы атан­ған Қ.Жасаралұлы аймақ басшысы қолынан алған гүлін Сахитжанның анасына тарту еткені өзі құралпы жастарға үлгі болғандай. Ал осы байқауда қалалық «Қоғам ТВ» телеарнасының редак­торы Нұрдәулет Қалыбеков «Үздік сюжет», облыстық «Сыр бойы» газетінің тілшісі Айдана Жұмадинова «Үздік жарияланым» номинациясына ие болды.

Қазақта «Аты бірдің – жаны бір» деген тоқтамға келтірерлік тоқпақтай тәм­сіл бар. Мұны неге айтып отырмын, кейде желкеміздің желкенінен «жел» ұстап, атымыздан ауып түсетін әдетіміз бар емес пе?! Әсіресе, қабырғаға қарап отырса да қаламын қолынан тас­тамайтын шығармашылық сала өкілдері үшін осы тоқырау – аттан құлағанмен тең. Оған сүйре­тіліп кетпес үшін сана сілкі­нісі мен күш-қуаттың сыйы керек. Мұндайды бұрынырақта рухани жігер десе, қазіргі күні мотивация деп жүрміз. Байланыс және ақпарат қызметкерлерінің төл мере­кесіндегі салта­натты  шара  журналистерге жігер беріп, алға жетелей түсті.

Қаламымызға қарымды қуат сыйлар шабытымыз шал­қи берсін!

Нұрбике  ҚАЗИ

 


ҚЫНАМЕН «ДОССЫЗ» БА? PDF Print Email
Жаңалықтар - Арнайы беттер
05.07.2018 11:32

Қазір кейбір сауда орындарына, халық көп жүретін орталықтарға бара қалсаңыз, денесіне қынамен сурет салдырып отырған қыздарды, не кіш­кентай балаларды көруіңіз мүмкін. Өткен айда қаладағы бір дүкенде акция ұйымдас­тырылды. Егер сол дүкеннен қандай да бір зат сатып алатын болсаңыз, кез келген сурет­ті денеңізге қынамен салып беру тегін. Мұндай қызық ұсыныс келушілерге ұнаған  болуы  керек, тұтынушылар мойнына, қолына өзі таңдаған пішіндегі суреттерді  салдырып  алды.

Қазіргі таңда трендке айналған қынаның пайдасы қандай, зияны ше? Биіктігі 2-3 метр болатын Лавсония өсімдігін естіп пе едіңіз? Солтүстік Африка мен Шығыс елдерінде кеңінен тараған бұл өсімдік Египет, Үндіс­тан, Суданда өседі. Лавсония жапырағының жоғарғы бөлігі бояғы­ш зат шығарады. Өсірушілер осыны ескеріп, жоғарғы бөлігіндегі жапырақтарын ерте теріп алады екен. Себебі, жас жапырақтан сапалы бояу алуға болады. Қынаның үш түрі бар. Ирандық, үнділік, қытайлық. Бұлар қазіргі нарықта жоғары сұранысқа ие тауарлардың қа­тарында десек артық айтпаған болармыз. Үнділік қынаны жұртшылық жақсы бағалайды. Са­палы болғандықтан, кез келген дүкеннен таба қоюыңыз қиын. Сондықтан ол үшін ға­лам­тор «кезіп», арнайы тапсырыс беруіңіз қажет. Ал қытайлық қына ең қымбаты әрі таптырмасы дейді пайдаланушылар. Қытай шөптен косметика жасайтыны белгілі. Олардың арнай­ы косметикасы мен емдік дәрі-дәрмектерінің құрамынан таба аласыз. Ал құны қолжетімді, бағасы­ арзаны – ирандық қына. Оны кез келген шығыстық бояулар сататын дүкеннен ала аласыз.

Бүгінде қынамен шашын бояйт­ын қыз-келіншектер жетерлік.

- Шашымды  қынамен  бояймын. Өйткені басқа бояуларға қарағанда  оның  құрамында химикат аз болады дейді. Әрі шашқа табиға түс беріп тұрады. Жылтырақтығы  біршама  уақытқа  дейін жетеді. Әрі бағасы да арзан. Шаштың түсуін азайтады. Шаштағы қайызғақты жойып, майлылығын да бірқалыпты ұстайды. Бұдан шашымды күніне емес, аптасына бір рет ғана жусам да ұпайым түгел деген сөз. Денсаулығым үшін және қаражатты үнемдеп қынаны таң­даймын, - дейді қала тұрғыны Арайлым Нұрдин.

- Менің жасым 24-те. Негізі­нен қорапшадағы кәдімгі шаш­бояуларды қолданамын. Тауар не үшін қымбат болады? Әрине, сапалы­ болғандықтан. Сол себеп­ті қымбат бояуларды тұтынамын. Халық арасында қынамен бояған­ның да зияны бар. Себебі онымен айына 2-3 рет бояу шашты­ құрғатып жібереді. Қынамен бояғаннан кейін химиялық бояуды қолдану үшін 2-3 ай уақыт қажет. Табиғи қынадан кейін химия­лық бояуды қабылдауы шашқа­  қиын болады, - дейді С.Болатқызы.

Өмір бойы өшпейтін күрделі татуировкаға құмар қыздар жоқ емес. Алайда біздің өңірден сәнге айналған бұл нәрсені көп кезіктіре қоймайтынымыз шындық. Есесіне, теріге салдырған сурет уақытша ғана тұратын мехенди қынаны таңдап жатады. Жоғарыда айтып өткен дүкендегі көрініс соның бір дәлелі десек те болады. Денеңізде белгілі бір мерзімге ғана «тұрақтайтын» бұл тату сырт көзге әдемі әрі ерекше көрінеді. Уақытша нәрсе, ертең-ақ кетіп қалады деп ойлайсыз. Дегенмен мұның да денсаулық үшін зияны бар екенін есте сақтау керек. Аса қаупі жоқ болса да, асқынған сепкіл дақтары бар, дерматит, дерматоз сияқты ауруға шалдыққан бұрымдылар мехендиден аулақ жүргені абзал.

Аружан  НАРТАЙ,

М.Дүйсенов  атындағы

№15 мектеп-лицейдің  оқушысы

 


«АБЫЗ» АҒАНЫҢ РЕНІШІ PDF Print Email
Жаңалықтар - Арнайы беттер
05.07.2018 11:23

Сахнаға алшаң басып шыққан ол трибунада елдік мәселелер туралы көбірек толға­нды. Кеше ғана қымбат киім бутигінен сатып алған костюм-шалбары қатты ұнап тұр. Ақ араласқан шашын әспеттей артқа қайырған. Мұнтаздай. Айналасына маңғаздана көз тастады. Расында, сыртқы келбетінде бір мін жоқ. Дүкендегі айнаға қарап тұрып: «Пах, шіркін! Алпысты алқымда­ды дегенге ешкім сенбейді, қандай сымбаттысың, шаба түс, Пәленше!» деген еді қулана жымиып. Сол киімінің сәнін келтіріп тұрған галстугын түзеп алды да, жөткірініп қойып, пікірін асықпай сабақт­ады. Айтар ойы нық, жүйелі.

Ал сөз саптасы тіпті керемет. Халық алдына шыққанд­а белсенділігі артып, екі қолын қоса  сермеп,  кейде  өршелене  түседі. «Қыз бала – ұлттың ұяты, халықтың шырайы» деп тоқтады сосын. Жарты сағаттан аса сөйлеген тақырыбын бір ауыз даналық сөзбен түйіндеп. Міне, нағыз жанашыр! Жиналған жұртшылық қуана қол соқты. Қошеметтеді. Елім деген азаматтан мұндай өнегелі сөз естігеніне сол жердегі адамдар таңғалған жоқ. Себебі ортаға әбден танымал, біліміне ешкім шек келтіре алмайтын ол, расында, майталман еді. Өзі таңдаған саланың майталманы. Тіпті әріптестері де оның ұстанымына, өзін-өзі ұстауына, мәдениеттілігіне қызығатын. Ал студент жігіттер осы кісіге ұқсауға тырысатын. «Пәленшеев ағай сияқты болсам...» деп есі кете қиялдайтын. Түр-тұлғасына білімі келіскен арда аза­маттың сөзіне зал ұзақ қол шапалақтады. Кейіп­керіміз кезекті жеңісіне жеткендей, өз-өзіне риза кейіппен сахнадан түсіп келе жатты...

Жиыннан соң оны досы күтіп отырған. Жолдастарымен бірге туған күн кешін тойлауы қажет. Шара аяқталған соң бағанағы «сән-салтанатымен» бұл да адымдай алға озды. Сыртқа шығып, көлігіне мініп, қонақ­үйге барғаны сол, бір топ жігіт алдынан шығып амандасты. Дастарқанда құс­тың сүтінен басқаның бәрі бар. Қуанышты­ күнде досынан тілекті аяй ма, барлығы жолдасына жақсы сөз айтып, құттықтауын жеткізді. Көңілді кеш соңына таяғанда әдеттегіше, ішке жап-жас жігіт келді. Қонақтардың жақсы демалып жатқанына көз жеткізіп алған соң, келесі «кезеңге» көшті. Туған күн иесіне ымдады. Әңгіме ауанын түсіне қойған біздің сұңғыла кейіпке­р де көзі жарқырап, жұтынып қой­ды. Сол-ақ екен ішке бірінен-бірі өткен сымбатты да сұлу қыздар кіріп келді. Өзіне «уақытша тиесілі» бойжеткеннің жасын сұрап еді, 25-те екен. Сонда көреген кісі­міз: «бұдан да кәрісін әкелмедіңдер ме!» деп дүңк еткізді. Достарына ренжулі...

ТОЛҚЫН

 


«ҚҰРМЕТТІ АТҚА» неге құмартпаймыз? PDF Print Email
Жаңалықтар - Арнайы беттер
05.07.2018 11:22

Қазіргі қоғамдағы басты проблема – «кәрі қыз» атанғандардың  көбеюі. Иә, құлаққа жағымсыз естіл­генімен, бұл – шындық. Бүгінде қызмет құрығына түсіп, яки «қуған жетпей­ді, бұйырған кет­пей­ді» деп «отырған қыз» аталымына ие қаракөздеріміздің саны күн санап­ артуда. Қыз бала бойжеткен соң өзінің орнын басқа үйден іздейді. Әке-шешесі барын­ беріп бақса да, қыз өзін туған үйінде уақытша адам санай­ды. Жігітке өзгенің бо­са­ғасын пана тұту намыс болса, қыз үшін – бақыт. Әйтсе де қыз біткеннің бәрі тұрмыс құрып, аяулы жар атанып, ана бақытын сезіне бермейді.

Ақерке, 30 жаста: Мен 28 жасымда тұрмысқа шықтым. Қазір 30-ға толдым, 1 қызым бар, сүйген жарым бар, бақыттымыз. Негізі Алланың бұйрығы бар, сол уа­қытты  өткізіп алмау керек деп ойлаймын. Әр нәрсе өз уа­қыты­мен. Кеш тұрмыс­қа шыққаныммен, өз ба­қыт­ымды тап­қаныма қуа­намын.

Әсел, 24 жаста: Маңдайға жазылғаны  болады. Біреуге ерте, біреуге кеш. Отыз жасында менің әпкем тұрмыс құрды. Балалы­-шағалы. Сондықтан бұйыр­ған кетпейді, жүгірген жетпейді. Әрине, жас келген сайын бәрі түртпектей беретіні рас. Бірақ Алла тағала бәрін жұппен  жаратты. «Жасым келіп қалды» деп кез келген жігіт­ке шыға салуғ­а да бол­майды. Бастысы, адамгершілігі  мен  имандылығына  қарау  керек. Ақшасы аз деп қалтасына үңілу­дің  қаже­ті  жоқ.

Назгүл, 43 жаста: Мен де қырықтан асқанмын, тұрмыс құрған жоқпын. Мені де жігіт­термен таныстырғысы келе­тіндер көп, көзіңді жұмып тиіп кетсеңші  дейтіндер де бар, жа­сың қырықтан асты деп. Бірақ өмір бойы бірге тұратын жарың бол­ғандықтан, мен әлі ойланып жүрмін, мүмкін менікі де дұрыс емес шығар, білмеймін. Егер екін­ші рет өмір сүру бақыты бұйырса, жиырма жасымда тұрмысқа шығар  едім.

Қазір көп қыздар оқуын бітіріп, жұмыс істеп, сол уақытқа дейін асырап-баққан ата-ана­сына көмектесіп барып кеткісі келед­і. Өйткені, барған жерінд­е үйде отыр­ғысы келмейді. Қазіргі жағдайда бір адамның жала­қы­сымен отбасын асырау қиын. Ал, енді осыны есептеп көрсек, 6-7 жаста мектепке барады, бітірген кезде 17-18 жас­та болады. Университет 4 жыл, оған  қоса  магистратура бар 2 жыл (қазір магистратурасыз диплом аяқталмаған болып есептеледі). Бұларды қосқанда 23-24 жаста болады. Ал бұл жас тұрмыс құру, ана болуға ыңғайлы уақыт па?!

Әдетте кәрі қыз деп кімді айта­мыз? Бұл топқа жасы 30-дан асқан, өзіне де, өміріне де жауап бере алатын рухани да, мате­риал­дық жағынан да тәуелсіз қыздар жатады. Еуропада әйелдер 1 баланың өзін көп көреді. Оларға өз өмірі бірінші құндылық болып саналады. Карьера, үй, қомақты қаражат, көлік секілді дү­ние­лер – өмірінің мақсаты. «Егер бойжеткен қыздар дер кезінд­е күйеуге шықса, ұлтымыздың саны кем дегенде  1 миллионға көбейер еді» дейді мамандар. Әйел адамның  бұл өмірдегі басты­ міндеті ұрпақ өсіру екенін бәріміз білеміз. Бірақ біле тұра ескермейміз. Бүгінде халықтың  жағдайы  бұрын­ғыдан көш ілге­рі. Небір жаугер­шілік заманда да ата-бабамыз бас құрап, өсіп-өнген. Ақ сүт беріп өсірген қызының  оң жақта­  отырып қалғаны анаға да ауыр тиетіні сөзсіз. Бір қара­ғанда аялап өсірген ақылды, көрікті, тәр­биелі қызы теңін тез табатындай көрінеді. Әйтсе де, өмір – бар керегіңді тауып алатын жәрмеңке  емес  екені анық. Осы орайда, тұрмыс құрмаған «кәрі қыздардың»  бірі  жігіт жоқ деп ақталса, бірі ақбозат мінген ханзадасын күтіп жүр­гендерін  айтады. Қазақта «Әйел бір қолымен бесік тербетсе, бір қолымен әлемді тербетеді» деген­ ұлағатты сөз бар. Сондықтан әрбір қыз бесік тербетіп, ана атану құрметіне ие болса  дейміз.

Мөлдір   ҚУАНТҚАНҚЫЗЫ,

Қорқыт  ата  атындағы

ҚМУ-дың  2-курс  студенті

 


ОЗАТ ОҚУШЫ – ОТАН МАҚТАНЫШЫ PDF Print Email
Жаңалықтар - Арнайы беттер
05.07.2018 11:17

Бүгінгі жас – болашақ Қа­зақ­станның жарқын бейнесі. Жас­тарды оқуға бейімдеп, түзу жол­дан тайдырмау, санаға сәуле шашар білімнің тізгінін ұстату мемлекет пен қоғамның мінде­ті саналады. «Ел боламын де­сең, бесігіңді түзе» деп Мұхтар Әуезов айтқандай, еңсесін енді ғана көтеріп келе жатқан біздің еліміз үшін дарынды, білімді, жігерлі ұрпақтардың орны бөлек. Кез келген мемлекеттің болашағы – білімді жастар екені  белгілі.

Болашақтың іргетасын қалайтын  балғындардың  әрбір жеткен жетістігі – біз үшін үлкен қуаныш. Бүгін де же­тістікке жетіп, өзінің да­рынды­лығымен ата-анасының мақ­танышы болып жүрген бүлдір­шіндер бар. Олар ертеңгі күні елдің көзайымына да айналады ғой. Сондай жан­дардың бірі – Қазалы ауданы, Әйтеке би кен­тінің тумасы, №266 мектеп-лицейдің 4-сы­нып  оқушысы  Даниял   Ізті­леу.

Даниял мектепте өте алғыр, өз ісіне ұқыпты, мұғалімнің айтқанын екі етпей орын­дай­ды. Білмегенін білгенше асы­ғатын және өз ісіне жауапкер­шілікпен қарайтын белсенді оқушы. Ұстаздарының сүйікті шәкірті, мектебінің үздігі және ол қоғамдық жұмыстарға бел­сенді араласумен қатар, берген тапсырманы тыңғылықты ат­қарады. Мектепте үнемі са­йыс­тар мен  конкурстарға, олим­пиа­даларға қатысып, жүлделі орындар алып жүр. Және де анасына көмектесіп, көргенін тез қағып алатын Даниял қол­өнермен де айналысады. Жаса­ған бұйымдары көпшіліктің көңілінен шығып, қызығу­шы­лықтарын  оятуда.

Қазіргі таңда кішкентай шебердің жеткен жетістіктері мен алған мақтаулары жетер­лік. Атап айтар болсақ, XIV ғылым негізіндегі халықаралық олимпиаданың математика пәні бойынша І дәрежелі, ең қиын тапсырмаларды орын­дағаны үшін І дәрежелі, әлем­тану пәні бойынша ІІ дәрежелі дипломмен марапатталды. Халықаралық  интеллектуалды сайыста  математика пәнінен ІІІ орынды иеленсе, «Тәуелсіз­дікке 25 тарту» онкүндігі аясында өткен ғылыми жоба байқауында ІІ орынды қанжы­ғасына  байлады.

«Жігітке жеті өнер де аз» дегендей, кішкентай балдыр­ғанның  бір  бойында жеті емес, жетпіс жеті өнер та­былардай. Сурет салуды жаны сүйетін Даниялдың бұл өнерден де жетістіктері  баршылық. «Мәң­гілік ел – мұратым»  байқауында жүл­делі ІІ орынды, сондай-ақ, «Ең үздік қолөнер шебері» бағамымен де марапатталды. Ол биыл Шамшагүл Қуантай­қызының жетекшілігімен «Мың бала» республикалық ең үздік озат оқушылар энцикло­педиясына енді. Болашақ Қазақстанның жарқын бейне­сіне айналып, елінің нағыз патриоты болады деген сенім білдіре отырып, балдырғаны­мызға қанатың талмасын дегіміз  келеді.

 


ҚАУІПСІЗДІК – МАҢЫЗДЫ МІНДЕТ PDF Print Email
Жаңалықтар - Арнайы беттер
05.07.2018 10:55

Қандай да болмасын жұ­мыс­тың өзіне тән ерекшелігі, ауыртпашылығы мен ережелері болады. Осындай еңбектің бірегейі мұнайшылардың ен­шісіне жазылған. Қызығы мен қиыншылығы қатар жүретін еңбек иелерінің жұмыс барысында кездесетін тосқауылдары да жоқ емес. Соның бірі – қарапайым қауіпсіздік. Ере­желерін толық меңгеріп, тиянақты орындалмаса, адам өміріне қаупі зор. Қай салада да қауіп­сіздік мәселесі қашанда алдыңғы кезекте тұрады, ал өнді­ріс үшін бұл тіпті маңызды. Мұнайшылардың да мін­детіне айналған қауіпсіздік шаралары «ПетроҚазақстан Құмкөл Ресор­сиз» компа­ниясы қызметкерлерінің де назарына­н  тыс  қалмайды. Компания басшылығы оны тұрақты  түрде  бақыла­уда   ұстап  отырады.­

Өткен аптада  дәстүрлі түрде «ПетроҚазақстан Құм­көл Ресорсиз» АҚ-ның ұйым­дас­тыруымен қызметкерлер арасында  «Қауіпсіздік  бәрі­нен маңызд­ы» атты байқау өтті. Төртінші  жыл  қатарынан өт­кен  бұл  байқаудың  мақсаты – қызметкерлер арасында бас­қару жүйесін жетілдіру, еңбек пен қоршаған ортаны қорғау, өндірістік қауіпсіздік мәде­ниетін  арттыру.

«Қоршаған орта және ең­бекті қорғау, өндірістік қауіп­сіздікті сақтау» депар­та­мен­ті­нің ұйымдастыруымен өт­кізіл­ген биылғы байқауда  Химия­лық жүйелер, Технологиялық бөлім, ҚАМ газды пайдаға жарату­ цехы, ҚАМ мұнай және газ өндіру цехы, Құмкөл газды пайдаға жарату цехы, Құмкөл мұнай және газ өнді­ру цехы, Құмкөл мұ­най тасымалдау және өңдеу цехы және «Көлжан» ЖШС-нің «Тұзкөл» мұнай және газ өнді­ру цехының жұмысшылары  бақ сынасты. Жоғары деңгейде ұйымдастырылған шараға төре­лік етуге де өз ісінің нағыз шеберл­ері ат­салысты. Басқарма төр­ағасы У Линьган бастаған қазылар алқас­ы сайыс барысында әділ шешім шығарумен қатар, жұмыс­шыларға  қолдау  біл­діріп  отырды.

Алғашқы кезеңде «ең үздік ұранды» анықтап, келесі кезеңде өнеркәсіптік қауіпсіз­дікке байланысты виктори­налық сұрақтар қойылды. Байқа­удың үшінші кезеңінде тыныс алу аппаратын қолданып, соңғы кезеңде жұмысшыға көмек көрсету жұмыс­тарын  жүзеге  асырды.

Айта кету керек, байқау бары­сында «ПҚҚР» компа­ниясының Өрт қауіпсіздігі бөлімшесінің 42 қызметкері «Өрт күзетінің 100 жылдығы» медалімен марапатталды. Тіл­сіз жаумен арпалысып, өрт қауіпсіздігін сақтауда аянбай еңбек етіп келе жатқан бұл салад­а 20 жылдық еңбек өтілі бар қызметкерлердің қата­рында Е.Ертаев, М.Мұсаев, Б.Фазылов, А.Рақымжанов, К.Түйменов, С.Қолдасов, Н.Сарманов, Б.Көпірбаев, Д.Әмзеев, Г.Ибраев, Н.Әбді­момынов, Б.Мамырбаев, Ш.Жүнісовтердің аты-жөні мақтанышпен айтылады. Маңдай­ тері осы салада төгіліп жүрген бұл майталман мамандарды «ПҚҚР» АҚ-ның бас­қарма  төрағасы  У Линьганның өзі  марапаттады.

Байқау қорытындысы бо­йынша ұпай сандарына сәйкес биылғы жылдың үздігі деп «ҚАМ» Мұнай және газ өндіру цехы танылды. Сайыстың ауыспалы кубогы аталмыш цехтың намысын қорғаған командаға табысталды. Үшінші орынды химиялық жүйе бөлімі, екінші орынды МДАЦ еншіледі. «Қоршаған ортаны және ең­бекті қорғау, өндірістік қауіп­сіздікті сақтау» айлығы аясында «ПетроҚазақстан Құмкөл Ресорсиз» АҚ мердігер компаниялардың біліктіліктерін бағала­п, оларды төрт топ бо­йынша марапаттады. Мәселен, «Қызылорда Нефтсервис» ЖШС көлік және тасымалдау қызметі бойынша «Қоршаған ортаны және еңбекті қорғау, өндірістік қауіпсіздікті сақтау» жөніндегі үздік мердігер ұйым» деп танылса, «Technology Алем-Ойл» ЖШС бұрғылау жұмысы бойынша «Қоршаған ортаны және еңбекті қорғау, өндірістік қауіпсіздікті сақтау» жөніндегі үздік мердігер ұйым» номинациясымен марапатталды. Соныме­н қатар «CNLC Inter­national Inc.» ЖШС қызмет көрсету ісі бойынша үздік мердігер атанды. Ал мұнай және газ кен орындарында құрылыс жұмыстарын жүргізетін «Нұр­лы Тау» ЖШС компанияның шешімімен «Үздік мердігер» атағын  иеленді.

- Мұнай саласындағы құ­рылыс жұмыстарымен айна­лысып келе жатқанымызға жеті жыл болды. Серіктес­тіктің еңбегін елеп жатқан «ПетроҚазақстан Құмкөл Ресорси­з» АҚ басшылығына алғыс­  білдіремін. Жыл  сайын  ұйымдастырылатын конкурс қатысушыларына сәттілік тілеймін. Компания жұмыс­шыларының біліктілігін шыңдайтын мұндай жарыстар іс барысын­да да аса қажет. Сон­дықт­ан жарысқа қат­ысушылар сайыстан түйгендерін жұмыста да қолдана­тындығына сенімдімін, - деді «Нұрлы Тау» ЖШС-нің тех­никалық директоры  Ғабит  Денеев.­

Бағалы сыйлықтармен марап­атталған қатысушылар байқаудың шарттары күнде­лікті жұмыс барысындағы қарапайы­м ережелер мен тәжірибеден  тұратынын  айтты. Өз  кезегінде  басқарма  басшысы  У Линьган:

- Құрметті әріптестер, қадірлі қонақтар! «Петро­Қазақстан Құмкөл Ресорсиз» компаниясында қызмет атқарып  жатқаныма бір ай уақыт болды. Осы уақыт аралығында компанияның   қызметкерлерімен тез  тіл  табысып, жұмыс істеп  жатқаныма өте қуа­ныш­тымын.  Және  осы  байқауға атсалысуға  шақырғандарыңыз­ға  ризамын.

«ПетроҚазақстан Құмкөл Ресорсиз» компаниясына жұ­мысқа  орналасқалы байқағаным, мұнда техникалық қауіп­сіздік ережелері мен қоршаған орта және еңбекті қорғау қатаң сақтал­ады. Сондықтан да қытайлық CNPC компаниясының қызметінде айрықша орын алып, жақсы нәтижелерге­ қол жеткізіп келеді. Сондай-ақ компанияның қауіпсіздік саласында қазақстандық мұнай компаниялары арасында да өзіндік беделі бар. Қауіпсіздік шараларын әр адам, әрбір отбасы, әрбір компания қатаң сақтауы қажет. Егер  адам  бақытын  100 саны деп алар болсақ, қауіпсіздік бір саны болып бел­гіленеді де, қалғаны нөл деп бағаланады. Яғни, қауіпсіздік сақталмаса, қалған істің бекерге  болары  сөзсіз.

Мекемелер мен компанияларда қауіпсіздік дұрыс сақталуы үшін басшылықтың талабы қажет. Бұл қауіпсіздік басшылыққа  ғана  керек деген сөз емес, қауіпсіздіктің сақталуы ең алдым­ен жұмысшыларға керек. Демек , мұндай байқау біздерде  үнемі  ұйымдастырылып тұруы қажет. Жұмысшы оқу-жаттығу мен тәжірибені ұштастыру арқылы  шыңдалады. Қауіп­сіздікті  сақтау – біздің өз қолымызда. Барлық коман­даларға  сәттілік, - деп  жұмысшыларға  қолдау  біл­дірді.

Ел игілігі жолында қызмет атқарып жатқан компания жұмысшылары қашанда құр­метке лайық. Сол үшін де оларды­ң қауіпсіздігі күн тәр­тібінен түспейтін мәселе. «Петро­Қазақстан Құмкөл Ресорс­из»  АҚ  жұмысы – осыған­ бірден-бір дәлел. Адал еңбек пен ынта  барда алға қарай  жылжу­  болады.

Қонысбек  МӘЛІК,

Қорқыт  ата  атындағы

ҚМУ-дың   2-курс  студенті,

А.Тайгунов  (сурет)

 


БАРЫСТАР АЛЫСТЫ PDF Print Email
Жаңалықтар - Сергек
05.07.2018 10:43

Осы уақытқа дейін жеті мәрте өткізілген «Қазақстан барысы» турнирі бүгінде өз биігіне шыққан, өз көрермендері бар Қазақстандағы бірден-бір бәсекеге айналды. Өйткені, мұнда алыптар айқас­ады. Оның үстіне олар қазақ күресінен күш сына­сады. Ұлттық спорт дегенде делебесі қозып, қаны қызып, рухымыз оянатыны бар. Алыптар дейміз-ау, бұған дейін салмағы жүз келіге жетпейтін солтүстікқазақстандық балуан Мұхит Тұрсынов алыптарды алып та, шалып та жыққан. Міне, күш атасын танымайды. Ал, бұған дейін­гі алғашқы да, жетінші де жеңімпаз «барыс» Сыр елінен шыққан болатын. Ұлан Рысқұлдың бағы бес елі болса,­ ол – Сыр елінің жемісі.

Одан кейін «Әскер барысы» атанып, артынша «Қазақстан барысы-2017» турнирінде үздік деп танылған Еламанның ерлегенін Ақмешітпен байланыстырмай көріңіз. Қысқасы, бұл турнир – жанкүйерлерден лайықты бағасын алғашқы жылдардан-ақ алған мәртебелі жарыс. Бір жылдары «әділ өтпеді» деген сынды әңгімелер  айтылған-ды. Рас та шығар. Ал, қазір мұндай кемшіліктерге жол жоқ. Бар­лы­ғы бейнеқайталаудан уақы­тында көрсетіліп, жеке бапкерлер де дер кезінде шағы­мын білдіріп, ортаға қамшыны лақтыра алады. Көш те жүре түзелмеуші ме еді? Осылайша, ауқымы да, мәртебесі де, көрермендері де көбейіп, «Барыс Арена» спорт кеше­нінде кезекті рет ұйымдас­тырылған дәстүрлі доданы бізге көзбен көру бақы­ты бұйырды. Шыны керек,­ бө­лек атмосферада отырмыз...

Аталмыш жарысқа «Телеу арланы» Мақсат Исағабылов, «Жақайым арланы» Нұрым Сәлімгереев, «Қаратамыр» атты лақап атты иеленген Еламан Ерғалиев сынды сырбойылық үш балуан қатысып, облыс намысын қорғады. Өкінішке қарай, үшеуінің де бабы мен бағы қатар келмеді. Сонымен, «Қазақстан барысы» VIII республикалық турнирін­де қарағандылық балуа­н Ержан Шынкеев чемпио­н атанды. «Көк бөрі керней» ақтық сында «Әскер барысы» Ерасыл Қажыбаевты айқын басымдықпен ұтып, биылғы біріншіліктің үздігі деп танылды. Осылайша, Қажыбаев күміс белбеудің, Айбек Нұғымаров қола белбеудің  иегері  атанды.

Айта кетейік, Ержан Шынкеев осыған дейін «Қазақстан барысында» бір рет күміс белбеуді жеңіп алған­ болатын. Міне, бұл – оның аталған турнирдегі екінші  ірі  жеңісі.

Осылайша, Ержан Шынкеевке алтын белбеу мен алтынн­ан құйылған «тайтұяқ» және 25 миллион теңгенің­ сертификаты та­бысталд­ы. Ал, бапкері  3,5 миллион теңгеге иелік етті. Екінші және үшінші орынға сәйкесінше күміс және қола белбеу тапсырылды. ІІ орын үшін 5,5 мил­лион теңге, оның бапкеріне 1,8 миллион  теңге  берілді. ІІІ орын алған балуанға 1,8 миллион теңге, ал оның бапкеріне 900 мың теңге табыста­лды.

Рыскелді  ЖАХМАН,

Астана  қаласы

 



<< Бірінші < Алдыңғы 1 2 Келесі > Соңы >>

Күнтізбе

< Шілде 2018 >
            1
2 3 5 6 7 8
9 10 11 12 13 14 15
16 17 18 19 20 21 22
23 24 25 26 27 28 29
30 31          

Сауалнама

Аса мәртебелі шенеуніктердің қылмысқа шатылып жатқандығы нені аңғартады?
 

Ауа райы

Валюта бағамы

Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі валюталардың ресми бағамдары