Өзекті мәселелер

  • 15.11.18

    Сыр елінің серпіні ерекше екенін аймақ тұрғындары да, сырт көз – сыншылар да жиі айтып жүр. Экономикалық даму тұрғысынан кей салаларда сәл шегініс болса, басым бағыттар да жеткілікті. «Жұмыла көтерген жүк жеңіл» екендігін дәлелдеп келе жатқан қызылордалықтар мемлекеттік бағдарламалар аясында біраз шаруасын шалқытып отыр. Әсіресе кәсіпкерлер тарапы жолдауда айтылған тапсырмалар бойынша өз міндет...

    Толығырақ...
  • 15.11.18

     

     

    Берікбол  БАЙХОЖАЕВ,

    ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Қызы...

    Толығырақ...
  • 15.11.18

    «Балама әйелді өзім таңдап алып беремін. Байдың байлығына қызықпаймын, бидің билігіне қызықпаймын, асыл пышақ қап түбінде жатпайды. Келінім ақылды болса, ұлымның елге даңқы кетеді. Би түскендей үй болу – әйелден. Әйелі жақсы болмай ер оңбайды? Ердің бақытын кетіретін де – әйел, ерге бақыт әперетін де – әйел» деп келінін өзі таңдайтынын айтқан Төле бидің Данагүлді қалай жолық­тырып, баласына айт...

    Толығырақ...
  • 15.11.18

    Қытық! Қызылы бар қызық сөз, құмары бар құнды сөз. Мұны солдан оңға қарай оқысаң да – қытық, оңнан солға  қарай  оқысаң да – қытық. Бұрын­ғы қыздардың бетінде қызарып, көз тартып­, көрініп тұрушы еді. Қазір ше? Зәру. Қат дүние. «Бүгінгі күні бүтін махаб­бат бар ма? Әй, қайдам? Сезім шіркін семіп кеткен. Ал қытық байғұс қырық жыл бұрын қайтыс болған» деп гөйітеді баз біреулер. Жо-жоқ, қытық әлі ...

    Толығырақ...
  • 15.11.18

    Бір күні қарап отырмай жеке бизнес жасағым келді. Жұрттың бәрі байып жатыр.­ «Кедей бол» деп менің маңдайыма біреу бормен бадырайтып жазып қоймағ­ан болар. Ауладағы жазғы үйді бұзып, «шындық» сататын дүкен аштым.

    - Әй, балам көп ұзамай тақырға отыра­сың,­ - деп әкем басын шайқады.

    ...
    Толығырақ...
Бейсенбі, 05 Шілде 2018

АСТАНА – ҚАСИЕТТІ ҚАЛА PDF Print Email
Жаңалықтар - Саясат
05.07.2018 12:44

 

Серікбай  ҚОСАН,

түркітанушы

 

ҚР Президенті Н.Ә.Назарбаев:  «Біздің далалық мемлекетіміздің бірнеше мыңжылдықтарды қамтитын тарихы бар. Оның әрқилы кезеңінде әрқилы өлкемізге орда қонып, ту тігілген. Біреулерінің саяси дәурендеуі әлденеше ғасырларға созылса, біреулерінікі бірнеше айлармен шектелген. Соған қарамастан оның қай-қайсысы да біздің ұлттық тағдырымыздың ең түйінді мәселелерін шешіп, рухани тағдырымыздың ең талмау кезеңдерін иемденеді. Сондықтан да, батыс бетіміздегі Сарайшық, Астана, Байтақ, Орынбор, күнгейіміздегі Суяб, Баласағұн, Тараз, Сайрам, Созақ, Түркістан, Сығанақ, Сауран, Жаңакент, Қозыбасы, Ақмешіт, Сарыарқадағы Ұлытау мен Ордатау, Көкшетау мен Алаштың аттары аталғанда, ет жүрегіміз еріксіз елжіреп қоя береді», - деп тебірене жазады.

Елбасы атап көр­сеткендей, Орта ға­сырлардағы қазақтар өздерінің айрықша қасиетті қалаларының бірін Астана – Байтақ деп атаған. Көшпелі жұртымыз қасиетті атамекен жұртын Абат-Байтақ атауымен де ұлық­тағаны байқалады. Негізінде, «астана», «байтақ» сөздері парсы-иран тілдерінен енген. 1974 жылы  жарыққа шыққан­ «Парсыша-қазақша сөздікте: «астана» – 1. босаға. 2. патша тұратын қала, байтақ. 3. орталық деген мәнге ие. Ал «байтақ» екі сөз­ден бай (пай) – аяқ, табан, тірек және тақт – патшалар орны, биік, мәртебелі орын деген­ ұғымдарды біріктіріп, «астана, патшаның ордасы» мағына­сын меңзейтіні көр­сетілген. Ал рухани тұрғыдан «астана» – мұсылмандардың қасиетті адамы жерленген орын немесе ертеде өткен мұсылман әулиесінің кесене-мазары орнала­сқан жер ретінде танылады және түркі-иран халық­тары үшін қасиетті нысан болып­  табылады.

Қазан төңкерісіне дейінгі ғылыми еңбектерде «астана» атауының діни-салттық және топонимдік сыр-сипаты маңызды деректер мен  бағалы  ой-пікірлер  бар.

Орта ғасырларда Өзбекстан, Қазақстан, Батыс Сібір өлке­сіндегі түркілер арасында кең тараған «астана»  культінің шығу негіздері сопылықтан бастау алады. Бұл арада қазіргі түркі тілдерінде бар стан, ұстын (үстін) сөздерінің төркіні де астана сөзімен қарайлас бір түбірден шыққандығы аңғарылады. Асылы, кейінгі Орта ғасырларда жаңадан бой кө­терген тәуелсіз Орталық Азия мемлекеттері Қазақстан, Өзбекстан, Түркіменстан, Ауғанстан аталуы да жоғарыда айтқан тіл заңдылығынан және түркілердің ресми тіліндегі парсы тілінің ықпалынан болуы­ керек. Кезінде құдіретті Осман империясының аста­насына айналған көне Станбол шаһары атына заты сай Түрік еліне тірек бола алды. Түптеп келгенде, орыс-қазақтардың «стан», «станица» тәрізді қолданыстары оларға қыпшақ-қазақтар арқылы сіңуі мүмкін.

«Астана» атауына қатысты алғашқы мәлімет ХVІІІ ғасырдың бас кезінде орыс топографы Семен Ремезовтың еңбе­гінде кездескен. Оның сызбаларында Омбы облысының Уст-Ишым ауданынан табыл­ған Астана-Биғаш ата қорымы көрсетілген. 1734 жылы Ресей зерттеушісі Г.Ф.Миллер Тюмень өлкесі Вагай ауданы Бәйіш ауылы жанынан тағы бір киелі «Астананы» ұшыратып, осы культтік атауға байла­нысты деректерді алғаш рет ғылыми оралымға түсірді. 1859 жылы В.В.Вельяминов-Зернов Башқұртстанның Чишма қыстағы маңынан Хусейн-бектің астана-мазарын тапса, 1873 жылы академик Георги Уфа төңіре­гінен татарлар «астана» деп атайтын кесене-кешенді кезікт­іргені туралы жазған. Ал 1864 жылы академик Б.А.Дорн өзінің ғылыми есебінде Каспий теңізінің оңтүстігіндегі парсылық Мазандеран және Гилян аймағынан «астана» аталат­ын ескерткіштерді тір­кеуге алғаны жөнінде жазған болатын. Жалпақ Еуразия құр­лығындағы мұндай астаналардың жалпы саны 300-ден асатындығы туралы дерек әлемдегі көптеген шығыстанушылар мен теолог-ғалымдардың на­зарын  аударып  отыр.

«Астана» культі Орта Азия, Иран, Кіші Азия жерлерінде ерекше маңызға ие болғаны тарих­тан белгілі. Бұл орайда алғашқы түркі-ислам мемлеке­тінің негізін қалаған Қарахан әулетінің басында тұрған Бұғра хан мен оның ұрпақтары жерленген Астын Артыш немесе Шоқан еңбектерінде аталатын «Қауым Шаһидан» кесенелер кешені еске түседі. Ғалым өзінің «Қашқария сапары» тура­лы жазбаларында осы арадан­ көптеген киелі мазарларды көргенін және оған зиярат­  етуші  мұсылмандардың  көптігін  жазады. Бұғра  хан әулеті саманилік шейхтер таратқ­ан уәйсиийа сопылық тари­қатын ұстанғаны туралы деректер бар. Сопылық әле­мінде терең із қалдырған Шибли, Баязид Бистами, Мәнсұр Халаж, Йусуф Хамадани, Салман­  Фарси немесе Арыстан баб туралы аңыздар кең тараға­н. Мұның жалғасы кейіні­рек бүкіл Түркістан жұр­тының піріне айналған Құл Қожа Ахмет­ Йасауидің силсила-тариқ­атына ұласқанын көре­міз. Сондай-ақ осы  жолды  өзін­ше дамытып, мұсылмандар арасында үлкен рухани ықпал­ға ие болған Нәжмаддин Кубра, Баһауаддин Нақш­банди, Әбдрахман Мәулана Жәми сынды сопылардың есімдер­і аңызға айналды. Оларды­ң әр өңірдегі кесене-мазарлары «астан­а» ретінде кие тұтылып, қасиетті мекен саналды­, мыңда­ған түркі мұсылмандар сол араға ағылып келіп, зиярат ететін болды. Ондай атақты әулиелер  жерленген  қорымдар­ кешенімен бірге сол арадағы қыстақ, кент, қалалар мен сарай­лар да қа­сиет­ті саналып, «астана» аталғаны жөнінде деректе­р жиі кездесе­ді. Бір айта кетерлігі, атақты  әулиелердің  мазарлары әр жұрттың, түрлі мемлекеттің жерінде ұшырасып отырад­ы.  Арыстан  бабтың   7 кесенесінің болуы – осының  айқын   айғағы.

Зороастризм дінінде «Астодан» сөзі жерлеу орны, мүрде деген мәнді білдірген. Ортағасырлық парсы тілінде «астана» сөзінің орын, тұрақ, тұрғын жай мағынасы кездеседі. Ал жаңа парсы тілінде аситан, астан­, аситана «табалдырық», «патшаның үйі», «бақыт са­райы­» сияқты мағынаға ие болды.­ ХVІ ғасырдағы Османлы дәулетіндегі Топқапы сарай­ының әдебиеттегі лақап атауы «Астане-и  Саадет» – «Бақыт­  табалдырығы» деп таңбаланды. Астана-баба, Астана Ата мазары сияқты қасиетті жерлер  Өзбекстан жерінде де аз емес. «Астана» ұғымы «сарай­» мағынасында Малайзия, Индонезия сынды алыстағы Азия мемлекеттерінде қолданысқа енгенін көреміз. Мысалы,  Малайзияның Саравак  штатында  «Астана  сара­йы» бар. Асылында, «астана» сөзінің басқы мәндерінің бірі «пірдің  аяғы, ізі, босағасы» деген­  ұғымдарымен байланысады. Атақты Түркіс­тан пірі, сопы ақын Ахмет Йаса­уидің 4-хикметінде  мына жолдар  бар:

Жиырма жеті жаста пірді  таптым,

Әр сыр көрдім, перделеп бүркеп  жаптым.

Астанасын  жастанып, ізін өптім,

Сол себептен хаққа сиынып келдім, міне.

(Тегеран, «Әл-Худа»,  2000, 11-бет).

Түркістанның «Әзірет-и Сұлтан» атанып, Қазақ ордасының астанасы болуының себебі жоғарыда айтылған рухани маңы­зынан келіп шыққаны анық. Кезінде Йасауидің қабірі үстіне айшықты мазар мен мешіт тұрғызған Ақсақ Темір­дің ойы да әулиенің көшпелі тайпалар арасындағы даңқын пайдаланып, оғыз-қыпшақ­тарды өзіне мойынсұндыру әрі мол қазына мен түтін салығын осы арадан жинап алу еді. Кейін  қазақ халқы өзінің ардақты да аяулы азаматтарын Йасауи мазарына жерлеуді салтқа­  айналдырды. Олардың көпшілігі діндар, сопы, дәруіш­тер болды және өздерін әулие-пірдің аяқ жағына, мазар­дың екі жақ босағасына жерлеуді шын бақытқа санады. Орта Азия халықтарының дәстүрлі  ұғымында «Түркістандағы  Қожа  Ахмет Йасауи маза­рын үш рет зиярат еткен мұсылман Меккеге қажылық сапа­рына барғандай сауапқа ие болады­» деген түсінік қалып­тасқан. Осыған ұқсас діни жорал­ғы ертеректе Еділ бойы мен Сібірді мекендейтін түркі-татар халықтарының арасында да орын алғаны туралы мәлімет бар. Айырмашылығы – олар «Астана» атауын иемденген киелі мекенде  жерленген  атақ­ты­  әулиенің кесенесін жеті рет зиярат етулері тиіс екен. Көне Ақмола шаһарының пайда болуы­ туралы аңыздардың бірінде мынадай қызықты әңгіме ұшырасады: Осы арадағы Ақмола атты әулиенің мазар­ына өз әкелерін жерлеуге байбақты Сырым батыр мен беріш  Саржала  батыр таласып, біраз  жанжал  болыпты. Тіпті, қос батыр мүрдені қазып алуға дейін тосын әрекеттер жаса­ғандары баяндалады. Мұның өзі келешек елордамыздың Астан­а атануы жайдан-жай емес, Алланың қалауымен, Алаштың тілеуімен болған ғажап  бір  құбылыс  деп  санаған  жөн.

«Астана» ұғымына қатысты зерттеулер Қазақстанның ел­ордасы Ақмолаға ауысып, Астан­а атауын иемденгеннен бастап ерекше қарқын ала бастады. Осы тақырыпты індете зерттеуші А.Г.Селезнев былай деп жазады: «Проблемы этимологии терминов остон, астана получила дополнительный импульс в связи с новым названием столицы независимого Казахстана – Астана. Серьезные лингвистические исследования этого вопроса привели анологичным результатам», - дей келіп, Ақмола атауы мен Астана сөзінің бір ұғымды, таза, қасиетті, ақ деген мән­дерді беретіндігі туралы пікір­лер­мен келісетінін жазады. Ғалым өз пікірін «Это название, скорее всего, связано с местом почитания захороненного рядом святого человека» (353-бет) деп қорытады. Расын­да, қазіргі  күні Астана қаласында қоғам қайраткерлері мен ардақты  азаматтарды жерлейтін киелі орын – Ұлт­тық пантеонның салынуы, орта­лықтан Әзірет Сұлтан мешітінің ашылуы секілді оқиғалар бір кездері ата-бабаларымыз әспеттеген қасиетті салттардың қайта түлегенін, Елбасы атап көрсеткен Йасауи дәстүрінің қайта жаңғырып жатқандығының жарқын дә­лелі. Мұның өзі «астана» сөзі­нің  сан  ғасырлар  бойы  халқымыздың  рухани  кеңістігінде – эпикалық санада берік орын тепкен, ұлттық идеямыздың негізгі нышанына айналған қастерлі ұғым, қасиетті ұран екендігінің айқын айғағы. Шынында да, «Астана» идеясы жоқ жерден пайда болған қиялдың нәтижесі емес. Осынау озық ойға азық болған байыр­ғы Байтақ пен Астана турал­ы бабалар айтқан тарихи аңыз-әпсаналарды Елбасымыз да ескергені анық.

Демек, көне Астана – Байтақ туралы жыр-аңыздар мен тарихи деректерді жинау, зерт­теу ғана емес, ежелгі Елорда мен бүгінгі Астананың ұлт тағдыр­ында, Тәуелсіз Қазақстанның ғұмырнамасындағы тарихи рөлі туралы толымды еңбектер жазу һәм оны ұрпақ санасына сіңіру де ауадай қажет. Күллі әлем көз тігіп отырған Астананың гүлденуі мен Қазақ Елінің экономикалық дамуы бүгінгі ұлт рухын ұлықтайтын егіз арна. Әсіресе, Астана қаласының аз уақытта бой көтеріп, әлем қызығар әсем шаһарға айналып, көркеюі жолынд­а ел президентінің еңбегі ерен. Елбасының сөзі­мен айтқанда: «Астана – ұлт келбеті. Мемлекет дидары. Халық  мерейі».­

Мәңгі  жасай  бер, қасиетті, киелі  Астана!

 


СЫРДЫҢ СЫЙЫ – ҒАРЫШ МУЗЕЙІ PDF Print Email
Жаңалықтар - Саясат
05.07.2018 12:24

«Өңірлердің Астанаға тартуы» жобасы аясында салын­ған зымыран-ғарыш техникасы музейінің ашық экспозициясында үш бірдей зымыран­тасығыш орнатылған. Солардың бірі – орбитаға шығарылатын пайдалы жүк және оның килограмының  құны  бойынша әлемдегі ең табысты зымыран «Протон». Ол автоматты ғарыш аппараттарын Жер шарын­ың орбитасы мен әрі қарай ғарыш кеңістігіне шығаруға арна­лған ауыр санатты біржол­ғы зымырантасығыш. Керек десеңіз, геостационарлық орби­таға салмағы 3,3 тоннаға дейін жүктерді шығаруға қау­қары  бар.

Сонымен қатар ұшырылым құралында персоналдың бо­луын­ қажет етпейтін алғашқы әрі жалғыз кешен «Зениттің» де үлгісі осында орын тапқан.

Толығымен автоматтанды­рылған зымырантасығыштың алғашқ­ы ұшырылымы 33 жыл бұрын болған  екен. Орта санатты екі сатылы «Зенитті», тіпті, 1980-90 жылдары «21-ғасырдың ракетасы» деп те атапты. Бүгінгі күні бұл ұшырылым кешен­інің негізінде «Бәйтерек» ресей-қазақстандық бір­лескен жоба жүзеге асырылатын болады деп жоспарлануда.

Мұнан бөлек «Союз» зымырантасығышының үлгісі де бар. «Байқоңыр» ғарыш айлағы пайда болуының негізгі себебі «Королевтің жетілігі» деп аталып­  кеткен Р-7 жинақта­ма­сының ең танымал зымы­ранын да ашық  экспозиция алаңы­нан тамашалауға  болады.

Бұл үштіктің қатарын алдағы уақытта «Буран» ғарыш кемесінің макеті толықтырады деп күтілуде. Кезінде бұл кемені жасап шығаруға 18 жыл уақыт кеткен екен. «Энергия-Буран» бағдарламасының аясында қолға алынған кеме құрылысына 86 министрлік пен ведомство жанындағы 1286 кәсіпорынның миллионнан астам қызметкері жұмылдырылыпты. Мемлекеттің ең ірі ғылыми-өндірістік орталықтары да осы жұмысқа тартылған көрінеді. Ал оны қондыру  үшін  «Байқоңыр» ғарыш айлағында күшейтілген ұшу-қону  жолағы бар «Юбилейный» аэродромы  арнайы  салынған.

Айта кетейік, музей «Қазақстан Ғарыш Сапары» ұлттық ғарыш орталығының аума­ғында орналасқан. Жалпы аумағы 1,4 га жерге орнаты­лып, шынайы өлшемде жасалынған макеттер енді Тоқтар, Талғат, Айдын  ағаларына ұқсағысы келет­ін бозбалалардың арма­н­дарына қанат бітіріп, серпін беретіні сөзсіз. Керек десеңіз, облысымыздың Елордаға тартуы туристер санының артуына да өз үлесін қосатын болады. Өйткені, зымырантасығыштардың шынайы бейнесін көрмеген көпшілік, алдымен, осында жол тартса, зымырандардың техникалық сипаттамасы, жасалуы және пайдалану тарихы туралы қазақ, орыс, ағылшын тілінде жазылған  барлық мәліметтер өзге ұлт өкілдеріне  қолайлы  болмақ.

Жансая   ЖҮНІСОВА

 


ҚЫРЫҚ ЖАМАУ ҒИМАРАТ ҚАШАНҒЫ ШЫДАС БЕРЕДІ? PDF Print Email
Жаңалықтар - Мәселенің мәнісі
05.07.2018 12:17

Думандатып  ашылған  даңғарадай  нысанның айға  жетпей­ алқам-салқамы шығып, жылға жетпей жарамсыз кейіпке енгенд­ігін естідік, көрдік. Қазір облыс көлемінде мемлекет­тік бюджет есебінен де, жекеменшік әріптестік аясында да, әр компания­ өз қаржысымен де құрылыс салып жатыр. Олардың қарқыны қатты. Тіпті, таяқ лақтырсаң, құрылыс алаңының қақ төбесі­нен түседі. Әрине қуанамыз ғой. Бар қазақ баспаналы болса, бүлдіршіні балабақшаға барса дейміз. Ал әлеуметтік нысандард­ың әлеуеті қандай? Төбеден­ суы тамшылап тұрса, қайтеміз?! Бұған кім жауапты?

Құй сен, құй сенбе. Соңғы уа­қытта құрылыс нысандарын белгі­ленген мерзімінен ерте тамамдау тенден­циясы белең алды. Мерді­герлер 6 айдың жұмысын 6 күнде бітіріп, кілтіңді қолыңа табыстап кететі­нді шығарды. Тиісінше, Сыр өңірі құрылыс қарқыны жағынан респуб­ликада алдыңғы қатарда  болса­, жемқорлық фактілері бо­йынша да алғашқы орында. Қазақстан Республикасы Қаржы министр­лігі ішкі мемлекеттік аудит комите­тінің Қызылорда облысы бойынша ішкі мемлекеттік аудит департаментіне құрылыс саласындағы қаржылық  заңбұзушылықтар жөнінде сұрау салдық. Департаменттің ұсынған мәліметтеріне сүйенсек, былтыр 9 аудиторлық іс-шаралар жүргізілген. Нәтижесінде 4 млрд 848 млн теңгеге (4 848 189,9 мың теңге) бюджет қаржысы аудитпен қамтылған болса, одан 2 млрд теңгеге қаржылық бұзушылықтар және 1 млрд теңгеден астам­  рәсімдік  сипаттағы  бұзушылықтар  анықталған.

– «Қызылорда қаласының құрылыс бөлімі» КММ-сі бойынша қамты­лған қаражат сомасы 75 млн теңгеден аса болса, аталған соманың барлығы рәсімдік сипаттағы бұзушылықтар екені анықталған. (Мемлекеттік сатып алу туралы заңнам­а бұзушылықтары); «Қазалы аудандық құрылыс бөлімі» КММ-сі бойынша қаражат сомасы 304545,8 мың теңге болса, 175831,1 мың теңге­ге  рәсімдік  сипаттағы  бұзушылықтар анықталған. (Бухгалтерлік, бюджеттік есепті жүргізу және қаржылық, бюджеттік есептілікті жасау кезіндегі заңнама бұзушылықтары); «Қызылорда облысының құрылыс, сәулет және қала құрылыс басқар­масы» ММ-сі бойынша қамтылған қаражат сомасы 194789,5 мың теңге болса, анықтал­ған қаржылық бұзушылықтар сомасы 3696,8 мың теңгені құрады. (Бухгалтерлік, бюджет­тік есепті жүргізу және қаржылық, бюджеттік есеп­тілікті жасау кезінд­егі заңнаманың бұзушылық­тары). Департаментпен қолданыл­ған шаралар нәтиже­сінде 3696,8 мың теңге толықтай қалпына келтірілді,- дейді департамент басшысының орынбасары М.Егембердиев бізге берген  жауабында.

Ал жыл басынан бері аталмыш департамент  3 аудиторлық іс-шаралар жүргізген. Барлығы 1 млрд теңгеден­ аса қаражат аудитпен қамтылы­п, 54065,2 мың теңгеге қаржыл­ық бұзушылықтар және 813811,7 мың теңгеге­ рәсімдік сипаттағ­ы бұзушылықтар анық­талған. Бұл құрылыс саласындағы  олқылық­тардың  бір парасы ғана.  Енді  екіншісіне  көшсек...

Ардагер инженер-құрылысшы Айдарбек Қазбеков «Өзбек – өзбектігін істейді» дейді. Бүгінде құрылыс алаңындағы алашапанды ағайындардың көп екендігін ескерсек, алаңдауға негіз бар.

– Мен  көп  жыл осы салада еңбек еттім. Құрылыстың қыр-сырына қанықпыз. «Сипай салу» – өзбек ағайынның қанында бар қасиет. Олар­ға маңыздысы – ақша. Сондықтан күні-түні жұмыс істеуге әзір. Жұмыстың сапасына мән бермейді. Мәселен, 10 рет илейтін  батпақты  4-5  рет илеп, сылай салады. Өйткені келесі объектіге кетуі керек. Пайдалануға берілген нысан алғашында бәрі тамаша болуы мүмкін. Уақыт өткесін әлгі сылағың түсіп, ғимаратың тозып кетеді,- дейді ардагер-құрылысшы.

Бұған дейін редакциямызға аудандардан, қала тұрғындарынан шағым түскен-ді. Айталық, жаңадан салынған Жаппасбай батыр көшесі №183 үйдің тұрғындары баспананың сапасыз салынғандығы жөнінде мә­селе көтерді...

Ал осыдан 8 жыл бұрын іргетасы қаланған қаладағы №264 мектептің құрылысына бақандай 1,5 млрд теңге жұмсалған. 1,5 млрд теңге! Дегенмен, сапасы сын көтермейтін тәрізді. Өйткені жаңбыр жауса, акт залдан су тамшылайтын көрінеді. Осы білім ордасындағы жайт әлеуметтік желіде кеңінен таралып, қоғамдық  резонанс тудырды...

Сондай-ақ, Қармақшы ауданы Жосалы кентіндегі құрылысы 2016 жылы басталып, 2017 жылы пайдалануға берілген 90 орындық «Айгөлек» балабақшасының жағдайы да мәз емес. Бір жылдың өзінде ішкі қабырғаларында жарықтар пайда болып, іргетасы отыра бастаған. 25 мамырдан бастап балабақша жұмысын уақытша тоқтатқан. Аталмыш ғимаратты тұрғызуға бюджеттен 250 млн теңгеден астам қаржы бөлінген. Оны «Ақмешіт-Мелиоратор» ЖШС  салға­н. Қазір  қалыпқа келтіру жұмыс­тары  басталыпты.

– Жаппасбай батыр көшесі №183 үйдің  тұрғындарының  уәждері негі­зін­де басқарма тарапынан тексеріліп, бас мердігер «Қазқұрылыс» ЖШС анық­талған ақаулар мен кемшіліктерді толығым­ен орындады. Ал №264 мектеп мемлекеттік  қабылдау актісімен пайдалануға берілген. Бас мердігер – «Асар Холдинг» ЖШС. Кепілдік мерзімі – бес жыл. Бүгінде мектептің түскен сылақтары, анықталған ақаулар қалыпқа келтірілуде,- дейді облыстық сәулет-құрылыс бақылау басқармасының басшы­сы М.Мол­дабаев.

Тапсырылған жұмысқа жауапсыздық  танытқан «Стройтельная компа­ния Ардақ» ЖШС-нің Қызылорда қалалық сотының 2017 жылғы 27 желтоқсандағы қаулысымен және Жаңақорған аудандық сотының 2018 жылдың 3 сәуіріндегі №40-18-003/150 қаулысымен «Береке» ЖШС-нің құрылыс-монтаждау жұмыстарын жүргізуге бері­лген лицензиясынан айыра отырып,­ 100 АЕК мөлшерінде айып­пұл  салыныпты.

Мамандардың сөзінше, кейбір құрылыс нысандарының сапасыз болуы­на бірнеше себеп бар. Соның бірі – тендер. Ең төмен бағамен тендерді жеңіп алған компания арзан шикізат қолданады. Бұл құрылыс сапас­ына кері әсер ететіні анық. Бәрін айт та, бірін айт, бізді айналдырған 4-5 жылда қырық жамау бол­ған ғимараттың қашанғы шыдас беретіндігі толғандырады...

Қозы  Көрпеш  ЖАСАРАЛҰЛЫ

 


КЕНТТЕГІ КӨРЕРМЕНСІЗ КОНЦЕРТ PDF Print Email
Жаңалықтар - Мәселенің мәнісі
05.07.2018 12:07

Астана қаласының мерейтойына арналған түрлі шаралардың жер-жерде қызу жүріп жатқаны әмбеге аян. Мұндай тағылымды қадамдардан Қазалы ауданының жұртшылығы да қалыс қалмасы тағы рас. Өзгені айт­пағанда, Роза Бағланова, Кеңес­ Дүйсекеев, Мәдина Ералиева, өзге де дарын иелерін дүниеге әкелген өңір тұрғындары өнер десе де елеңдеп тұрарын несіне жасы­рамыз?!. Айтулы мерекеге орай аудан көлеміндегі ауылдық округтерден ат терлеті­п жеткен өнерпаздар кенттегі орталық алаңда концерттік бағдарлама әзір­леп, жұртшылық назарына ұсынуда. Естуімізше, бағдарлама барысында орын­даушылық шеберлігімен ерекшеленгендер қорытынды концертте өнер көрсететін болады деп жоспарланыпты.

Бұл жолғы сенбінің ке­шіндегі (30.06.2018 ж.) концерттік бағдарламаны Жанқожа батыр, Ақтан батыр, Мұратбаев ауылдарынан келген өнерпаздар бірлесе дайындаған екен. Ақиқаты керек, ауыл өнерпаздары шараға мұқият, жан-жақты әзірленіпті. Өнерпаздарды аталмыш үш округтің әкім­дері Абай Рыстығұл, Шәкір Қартабаев, Сапарбек Қуа­товтың өздері бастап келіп, концерттің аяғына дейін болуы­ олардың жауапкер­ші­лік жүгін терең сезінгені десем­, артықтық етпес. Оған қоса ел ағаларының орта­ларында төбе көрсетуі де сахнаға жиі шығып жүрмеген кейбір өнерпаздарға оң әсер еткенін аңғардық. Ет асым уақытқа жуық мезгілде ауылдан келген өнерпаздар төпелеп терме айтып, шырқатып әнге салды. Мың бұрала биле­п, өнер деген ұлы ұғым­ның өміршеңдігін баршаға паш етті. Шарада Жанқожа баба ауылының әншісі Қар­шы­ға Қалымбетов, мұрат­баевтық бишілер, Ақтан батыр­ ауылынан келген таным­ал ақын Ақжол Түменбаев, Серік Ерболатов, өзге де өнерпаздар таңдай қақ­тырды. Серік бауырымыздың сырнайға қосыла шырқаған әні қазақ халқының қиындыққа мойымайтын қайсар дағдысын қайтара еске түсірді. Шындығын айт­қанда, жанарынан сыр­қатқа шалдыққан зағип жанның сахнаға шығып өнер көрсетуі елге деген құрмет, өнерге шексіз іңкәрлік, тіпті ерлік  десек  жарасымды.

Бірақ... аумағы атшаптырым  алаңда  көрермендердің саусақпен санарлықтай (мүлде жоқ деуге де келеді) болуы өнерпаздар түгіл біз­дің де көңілімізге қаяу сал­ғандай. Жарайды, концертке келу, келмеу әркімнің өзінің еркінде екендігіне талас­  жоқ. Жазғы қарбаласқан тіршіліктің, оған қоса әлемдік доп додасының қызған шағы дегендей... Алайда өнерлерін іздеп жүріп тамашалауға тұратындай дала перзенттерінің өрекпіген көңілін қаңыраған алаң құлазытқаны да шындық. Аудандық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімі­нің басшысы Айгүл Лайық ханымнан өзге бірде-бір басшыны да байқамадық. Тіпті, концерт ауласында өтіп жатқа­н кент әкімдігінен де (кент әкімі немесе орын­басарлары) адам көре алмадық. Оны айтасыз, жоғары лауазымды басшылар қатысатын жиын, әкімнің есеп беруі, болмаса таусылмайтын сенбіліктерде адамдардың тізімін алып, қатысуын қадағалап отыратын пысық, бұйрықты орындаушылар да көрінбеді. Бәлкім, сенбі күні болғандықтан, бәрінің де отбас­ылық шаруалары, тір­шіліктері  де  бар  болуы.

Мына жайтты да ескерсек. Өзіміз тілдескен ауыл азаматы айтпақшы, ауыл адамдарының осы мезгіл ештеңеге мойын бұруға мұр­шасы жоқ кезі. Бақша егу, үй жөндеу, мал бағу тағы басқа шаруалары шаш етектен. Оның үстіне мәдениет саласында жұмыс істейтін бірен-сараны болмаса, бүгінгі өнер көрсеткендердің басым көп­шілігі – басқа саланың немесе­ жеке тіршілігімен отбасы­н асырап жүрген жандар­. Сондықтан оларға ешкім концерт қой деп нақты­ тапсырма бере алмайды. Естуімізше, аудан орталығына келген көліктерге де азаматтар бензинді қалта­ларынан құйыпты. Өзіңіз ойлаң­ызшы, мәдениет ошағында тұрақты жұмыс істемейтін, нақты жалақы ал­маса да, адамның рухани байлығы саналатын мәдени шараға белсене араласатын осындай өнердің шынайы жанашырларына қалайша риза болмайсың?! Оларға ауыл намысы бәрінен жоғары. Өнер – баршаға ортақ. Осы ұлы ұғым қарбаласқан шаруаны ығыстырып қойып, сахнаға шығуға жетеледі. Бұл үшін олардың атасына рақмет. Жалпы, өнер адамының жаны тым нәзік келеді. Осы ретте көрерменнің соғылған шапалағы, ел ағалары біл­дір­ген болмашы жылы лебіздің өзі өнер иесінің көңілін қияға көтерер еді. Аталмыш шара әлі де жалғасып жатыр. Бәлкім, айтылған жайттан қорытынды да шығар. Ал біз «көрген көзде жазық жоқ» деген  ұстанымға  жүгіндік.

Жұмабек  ТАБЫНБАЕВ,

Қазалы  ауданы

 


Күнтізбе

< Шілде 2018 >
            1
2 3 4 6 7 8
9 10 11 12 13 14 15
16 17 18 19 20 21 22
23 24 25 26 27 28 29
30 31          

Сауалнама

Аса мәртебелі шенеуніктердің қылмысқа шатылып жатқандығы нені аңғартады?
 

Ауа райы

Валюта бағамы

Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі валюталардың ресми бағамдары