Өзекті мәселелер

  • 15.08.19

    Қала әкімдігінде шаһар басшысы Нұрлыбек Нәлібаевтың төрағалығымен аппарат отырысы өтті. Бұған дейін мәжіліс залында ине шаншар орын болмайтын. Бұл жолы орын бос болды. Шамасы, ақжағалылар тамылжыған тамызда тынығуды жөн санаса керек. Жә, бастысы, ол емес.
    Аппарат мәжілісінде екі мәселе таразыға тартылды.

    ...
    Толығырақ...
  • 15.08.19

    Өткен аптада Жаңақорған ауданы, Жайылма ауылдық округінде қарбыз шырынын шығаратын цех алғашқы өнімін сынақтан өткізді. «Енді Жайылмада қарбыз кластері дамиды» дейді білетіндер. Лайым солай болғай! Естеріңізге салайық, осыдан тура 6 ай бұрын өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте сүйінші жаңалықты Жаңақорған ауданының әкімі  Ғалым Әміреев бірінші болып жеткізген-ді. Сол кезд...

    Толығырақ...
  • 15.08.19

    Жасыратыны жоқ, қоғамда мүмкіндігі шектеулі жандардың көп нәрсеге мүмкіндігі жоқ деген қате пікір әлі де бар. Алайда әр пенденің бұйыратын өз несібесі бар. Біреудің қолынан келмеген іс екінші адамның қолынан тууы мүмкін. Сол секілді айналадағы мүмкіндігі шектеулі азаматтардың еңбекпен жетіп жатқан жұмыстарына қолдау көрсетіп, шынайы баға беруді міндет санағанымыз жөн. Сондай өмірге құштар, ...

    Толығырақ...
  • 15.08.19

    Кәсіпкерлік дамыса, еліміз де өркениетке өрлейді. Жұмыссыздық азаяды. Нарық халыққа қажеттіні қамтиды. Шағын және орта бизнесті дамыту мақсатында қабылданған мемлекеттік бағдарламалар кәсіпкерлерге қолдауды арттырды. Іскерлік мүмкіндігін молайтты. Солардың қатарында сырдариялық тұрғындар да мемлекеттік бағдарламаның игілігін көруде. Мұны облыстық кәсіпкерлік және туризм басқармасы  мен ...

    Толығырақ...
  • 15.08.19

    Сәрсенбінің сәтті күнінде өңірлік коммуникациялар қызметінде облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Олжас Әкімовтың қатысуымен брифинг өтті. Бір ерекшелігі, Олжас Азатұлы қашанда өзімен бірге спорттың әр түрінде жеңімпаз атанып, ел намысын қорғап жүрген қызылордалық өрендерді баспасөз мәслихатына  ертіп әкеліп, БАҚ өкілдерімен бетпе-бет жүздестіреді, кері байланыс орна...

    Толығырақ...
Сәрсенбі, 11 Шілде 2018

АМАНАТҚА АДАЛ АЗАМАТ PDF Print Email
Жаңалықтар - Арнайы беттер
12.07.2018 11:58

Қазақтың ұлттық болмысындағы өзіне ғана тән қасиеттердің бірі – «аманат­» қағидасы. Ұлы даланың демо­кра­тиялық принциптерінің нақты көрі­нісі болып табылатын осынау ерекше түсінік отарлық жүйенің қасаң саясатының негізінде «майдаланып» та кетке­нін жоққа шығару қиын шығар. Мұның сыртында ұлтымызды рухани мешел­дікке ұшырату мәселесі тұрғаны белгілі. Кезінде заманымыздың заңғар, данагөй қайраткері Әбіш Кекілбаев: «Ұлттық дамуд­ы оңдырмай мешелге ұрындыратын үш жегі – сыртқы экспансия, ішкі әуейілік, этникалық томаға-тұйықтық, үшеуі де ұлттық даму мен ұлттық намыс­ты дүниеқоңыз өзімшілдікке жем ету арқылы өрбиді», - деп жазған еді. Деген­мен, қанша зобалаң заманнан ұлттық рухымыз, намысымыз арқылы өтіп, ұлттық кодымызды сақтап қала алдық. Оны бүгінгі ортамызда жүрген, ата-баба­дан келе жатқан ұлт мүддесі  дегендегі  аманатқа  адал  азаматтардың  қадір-қасиеттерінен  байқаймыз.

Бұрынғы көнекөздер нар көтермес жүкті көтеріп, желдің өтіне, сыздың үстіне тұрып, кеудесін оққа, жонын отқа тосатын Нартұлғалардың ісін көргенде «үй төрсіз болмайды, ел ерсіз болмайды» деген осы» десіп, мейірленіп, сүй­сініп отыратын. Тіпті, «ел келешегі­не күн тумастан бұрын күн көлегейлер ұл тумай ма?» деп толарсақтан саз кешіп жүрген жігіттерге желеу берісіп отырысатын. Ол заман кеткенмен, заңдылық еш  өзгермепті-ау, тәйірі!

Бүгінде де алға тұтса, асқар тау, бетке­ ұстаса, биік белес болатын тұғыры үстем, тұлғасы бөлек, ұстанымы ұлы, ісі кемел жандар аз емес. Соның бірі де бірегейі – Сырдың саңлақ ұлы, саяси ғылымдар  докторы,  профессор, Парламент Сенатының  депутаты, «Ерен еңбегі үшін»  медалі  және  «Құрмет»  орденінің  иегері  Мұрат  Бақтиярұлы.

Болмысынан сөзге жүй­рік, тілге шешен, іске көсем келген асқаралы болмысты, сөзі салмақты, ойы терең, жүрегі елім деп ғана соғып тұрады. Құдды бір қара тасты жарып шыңға ғана шығатын шынар талы іспетті. Бәріне биіктен қарай біледі. Өйткені ол бүгінгі жетістігіне ең төменнен бастап шығып келе жатыр. Иә, жәй сөзбен айт­қанға адам сене қоймас, бірақ оның бабы мен бағы осылай шауып келеді.

Сонау  1978 жылы құрылыс мекемесіне жұмысшы болып қабылданғанда «мен ертең биліктің ең биігінде отырып, қазақ елінің болаша­ғы үшін қызмет етемін, халық тағдырының жарқын болашағы үшін заңдылық­тардың  құрылымын  жасауға тиісті үлесім­ді қосамын деп армандады ма? Жоқ, меніңше ол – әсіре арманның емес, нақты жұ­мыстың, нәтижелі істің адамы­. Сондықтан болса керек, сол құрылысқа қа­ра­пайым жұмысшы болып кір­ген кездерді «мен көптеген жетістікке жеттім» деп сағына­ есіне алып отырады. Мұнысы­ «мен басшылықта жүргенде» деп асқақтамай, қарапайым кезін қадір тұтуы­ның бір бел­гісі емес пе? Бұл нағыз дегдар тектілік  дер едім.

Оның білімге, ғылымға деген­ құштарлығы соншалық, қарапайым өмір қағи­датын бұзып-жара шығып, 1986 жылы С.М.Киров атындағы Қазақ ұлттық универ­си­тетінің  тарих  факультетіне түсіп (қазіргі Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті), оны үздік дипломмен бітіріп, арнайы жолдама арқылы 1986-1988 жылдар аралы­ғында Қызылорда педаго­гикалық институтында оқытушылық қызметк­е  келді.

Ол ақылшы ұстаз, ойлы оқытушы бола білді. Шәкірттерінің алдында хан тағында отырғандай биік, білім кеме­сінде жүзгендей кемел, қазына-қамба кілтін ұстағандай білімге бай болып жүрді. Бірақ, өзі одан тоқтаған жоқ, биігіне масайрап аялдамады, түпсіз тұңғиыққа сүңги түсіп, қазақ жастарын өзімен ілестіріп тәрбиелеуді басты ұстанымдарының бірі етті. Оның сол ұстанымы арқасында қанша жастар білімге қарай талпынды. Мұрат Бақтиярұлының жанына жастар үйір болатын. Өйткені ол кісінің университеттегі өмір жолы кеңестік қоғамның іргесіне сызат түсіп, жариялылық қағидалары өмірі­мізге ене бастауымен қатар басталды. Сондықтан да жаңалыққа жаны құмар жастарды Мұқаңның ашықтыққа негізде­лген өзекті мәселелер жөніндегі көзқарастары қызықтыратын. Білім мен ғылымға деген ұмтылысты өзінің өмірімен үлгі ете алды. Сөйтіп, 1989-1991 жылдар аралығында Абай атындағы Қазақ мемлекеттік педагогикалық университетінің аспирантурасында оқып, 1991 жылы тарих мамандығы бойынша кандидаттық диссертация қорғады. 1991-1998 жылдары аралығында осы оқу орнында аға оқытушы, кафедра меңгерушісі, тарих және құқықтану факультетінің деканы қызметін атқарды. 1999 жылы Әл-Фараби атындағы Қазақ мемлекеттік ұлттық университетінде саяси ғылымдар мамандығы бойынша докторлық диссертация қорғап, саяси ғылымдар докторы дәрежесін алды. 2001-2009 жылдары Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті жанындағы диссертациялық кеңестің мүшесі болып, көптеген ғылым кандидаттары мен  докторларды  даярлап  шығарды.

1998 жылдан Қазақ мемлекеттік заң университеті Қызылорда филиалының директоры болып қызмет атқарды. 1999-2003 жылдары Қызылорда облыстық мәслихаттың депутаты болып сайла­нып, облыстық мәслихаттың «Жаста­р ісі және құқық қорғау мәселелері» жөніндегі тұрақты комиссияның төрағасы болды. 2003 жылдан бастап «Құқықтық Қазақстан үшін» респуб­ликалық азаматтық қозғалысының Қызыл­орда филиалының және 2005-2008 жылдары «Туған жер» қоғамдық қозғалысы қауымдастығының төрағасы болды.

Қоғамдық бірлестік атынан қоғамның кемшін тұстарын сын садағына алып, жөн мен жолды самаладай жарқырап­ көрсете білді. Бір ғана «Көксарай» суреттегіш қоймасына қатысты­ айтқан пікірі мен зерттемесі қанша санаға нұр сәулесі болып­ төгілген еді. Оның пайдасы, туған­ жердегі көлдердің мәселесі, суармалы егістің ертеңі мен елдің келешегі сол бір ғана мақаласында бітік шыққан майсадай өрілген болатын. Мемлекет басшы­сының саясатын талдап түсін­діріп, жіліктеп көрсете отырып, тағы ескер­ілуі керек түйткілдерді төгіп өтті. Оның мұнысын жоғары бағалаған елдің ардақты­ ақсақалы Сейілбек ағамыз «Ханға­  да, қараға да қасқая  қарап сөй­лер асылы ердің тұқымы болады, Мұрат ініміз солай сомдалады» деп пікірін білдірді.

Сол кездерде бірнеше мәселелерді көтеріп, шығу жолдары мен жүйелі жоспарла­рын ортаға салып, сындарлы жолдард­ың сынын кетірмей, сырын да жоғалт­пай, жоталы биіктің жонын ала шығар жолды іздеп жүрді. Оның осы талан­ты мен талабын, табандылығы мен талпынысын бағалаған басшылық, қап түбінде жатқан алтын кездікті қиядан қиып түсер қасиеті үшін таңдады. Яғни, 2008 жылы Қызылорда облысы әкімінің орынбасары қызметіне тағайындады.

Енді нағыз сындарлы сәт, бұрын толғақ­ты мәселе көтеріп, пайымды пікірін айтып жүрген арынды азамат қолға тізгін тигенде не етер екен деп сынай­ қарағандар болмай қалмады. Бірақ, нағыз­ жүйрік күй таңдай ма, суарғ­ан сайын шыңдалған қылыштай қайрала түсті. Ол жерге барған соң батыл­ тілді бастамашыл басшыға айналып, Сыр өңірінің өсіп-өркендеуіне, болашағының нұрланып кемел­денуіне бас қуатын жұмсады. Билік басына бары­сымен өзінің демократияшыл мінезімен үкіметтік емес ұйымдардың жұмысын жаңа бағытқа қоя білді. Өзіндік пікір, ұсыныс  айтамын деуші­лерге  облыс  әкімінің  орынбасары  ре­тінде  есігі әрда­йым  ашық  болатын.

Сәйгүлік шапқан са­йын тыныс ашып, қыран құс биіктеген сайын қырағы келеді емес пе? Нақ сол секілді наркескенше жалтылдап, темір­қазықтай жарқырап, да­риядай арындап келе жатқан Мұрат Бақтиярұлын 2011 жылдың тамыз айында Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының депут­аттығына үміткер етті. Өйткені сол мінберде Мұрат Бақтиярұлының мақсат еткен міндет-мұраттардың дөңгелегі дөңгелеу керек болды. «Халық қаласа, хан ақ түйесін сояды» демей ме? Иә, «ел қаласа, ер киер кебенекті» дегенд­ей халық салған қамыттан қаны асыл азамат қашқан ба? Үміткерлігі ұсынылд­ы, еңбектері ескерілді, сөйтті де елдің жүгі еселеп артылды.

Сенаттың аграрлық мәселелер, табиғатты пайдалану және ауылдық аймақтарды дамыту комитетінде жұмыс тобыны­ң жетекшісі және мүшесі ретінде 50-ге жуық заң жобаларының жан-жақты талқыланып, сарапталуына атсалысты. Парламент Сенатының «Қазақстан Республикасы – Еуропалық Одақ» Түркия мен Таяу Шығыс және Африка елдерімен ынтымақтастық жөніндегі топтың, Франциямен ынтымақтастық топтың мүшесі болды. Парламент қа­быр­ғасында еліміздің және өзі сайланған Қызылорда облысының экономикалық, әлеуметтік және білім, денсаулық саласына байланысты Үкіметке елуге жуық депутаттық сауалдар жолдап, көтерілген мәселелердің оң шешілуіне ықпал  жасады. Оның ішінде ұлтымыздың болашағы үшін өте маңызды мәселелерді де дер кезінде көтеріп келеді. 2017 жылы сенатор ретіндегі елеулі еңбегін білетін облыстағы барлық деңгейдегі мәслихат депутаттарының басым­ бөлігі Мұрат Бақтиярұлына қай­та сенім білдірді. Яғни, аманатқа адал азаматтың арқасынан Сырдағы ағайынның жүгі түскен жоқ. Қайта сайланған бір жылдың ішінде Сыр бойының тыныс-тіршілігіне үзбей араласып, жер­гі­лікті тұрғындармен байланысын еш үзген жоқ. Әркез келіп, елді мекендерді аралап, реформалардың жергілікті жерлер­де жүзеге асуын зерделеп, тұр­ғындардың ұсыныс-пікірлерін сараптап, Парламенттің ішкі жұмысында өткір пікірлерін ортаға салып жүргенін БАҚ-тан естіп-біліп отырмыз.

Үш жүзден аса ғылыми, публицистикалық, танымдық еңбектері мен оннан астам ғылыми монография мен оқулықтардың авторы атанған Мұрат Бақтиярұлының негізгі ұстанымы: «Біз­дің әрбір жасымыз білімді, әрбір жасымыз ғылымға құмар болуы тиіс, сонда ғана біз «Мәңгілік елдің» тұғырын қалаймыз» болатын. Осы мақсатты алдын­а меже етіп қойған ол «Қазақстан әлемдегі ең сауатты, ең білімді мемлекет бола отырып, жаңа технология саласы да кенже қалды. Себебі, біз сапа емес, сан қуып кеттік, нақты білім емес, диплом қуып кеттік» деп мәселені төтесінен қойып, турасынан айтып, тар жолдан шығар ізді дөп нұсқап жүр.

Мұрат Бақтиярұлының еңбек нарығы талаптарына сай техникалық және кәсіптік білім берудің тиімді жүйесін қалыптастыруға, жоғарғы білім деңгейін әлемдік стандарттарға сәйкес­тендіруге, әрбір азаматқа жоғар­ғы білім алуға кепіл­дік беру, ол үшін мем­ле­кет­тік гранттар көлемін ұлғайтуға, педагог қызметкерлердің кәсіби даярлығының жоғары сапасын қамтамасыз ету, олардың әлеуметтік мәртебесі мен еңбек­ақысын, мемлекеттік қызметкерлердің дәрежесін және ғалымдардың әлеуетін көтеру, әсіресе талантты жас ғалымдарға көмек көрсету, ғылыми қызметкерлердің әлеу­меттік мәртебесін және еңбекақысын көтеруге міндеттіміз дегені алтын сапты­ ақиректей ақыл кенінен дөп түсіп, булық­қанның  көзін  ашардай  болды.

2017 жылы жарыққа шыққан «Аманат»­ атты кітабында тарихшылығы да, заңгерлігі де, экономистігі де және сыралғы саясаткерлігі қоса өріліп, кітап құнын теңдессіз өлшемге шығарып тұр­ғандай. Әсіресе саяси көзқарасы, нағыз жауырыншыға тән болжамдары мен нұсқалары кәусар бұлақтай сылдырап жатыр.

Бүгінде асқаралы алпыстың асуына көтерілген Мұрат Бақтиярұлының елге бергені көп болды, бірақ елдің әлі де одан күтері көп, салар салмағы артық. Өзінен бұрын елді ойлайтын осындай ойлы азаматтардың Алла берген бағы елдің ақ тілегінен десіп жататын. Шынын­да халықтың ақ батасын арқалап­ жүрген  атпал  азамат от­ба­сы­ның да бақытын көріп келеді. Жұбайы Зағипамен бірге үш қыз, бір ұл сүйіп, Әлім­беттей текті аталарының қасиетті шаңы­рағын шалықтатып отыр. Меймандос шаңырақтың шырайын келтіріп отырған жұбайы Зағипа да осал жердің қызы емес. Жақсы жар – ер қанаты­, тұғыры демей ме? Мұраттың шыққан  биігінің  артында  отбасының да  тұрғаны­  аян.

«Жақсыдан жақсы туар жарқыл­даған» демекші әкесі Бақтияр да, арғы әкесі Мұхамед те Әлімбеттей елге сыйлы, халық алдында беделді адамдар бол­ған екен. «Әкеден ұл тумай ма, әке жолын қумай  ма» дейді дана  қазақ  мұндайда.

Ер туар ел маңдайы ырыстай-ақ,

Бергендей тар қапаста ұлысты аян.

Білсеңдер ер қадірін уақытында,

Әй, халқым, әрбір ісің дұрыстай-ақ,- деп Сыр шайырлары жырлағандай, асыл ердің қадірін қашанда биік қойып, тәңірден тілеуін тілей берейік.

Наурызбай   БАЙҚАДАМОВ,

облыстық  мәслихат   хатшысы,

Аманбай  Нұржанов,

облыстық  мәслихат   қызметкері

 


ТУҒАН ЖЕРДІҢ ТАМЫРШЫСЫ PDF Print Email
Жаңалықтар - Арнайы беттер
12.07.2018 11:45

Шығармашылықтың шыңына лезде­  шығу екінің бірінің қолынан келе бермейтіні белгілі. Ал Аралдың жағасын­да  туып, анау асқаралы Алатауды бағындыру – бөлек әңгіме. Тұңғыш рет «Білім және еңбек» журналы­нда «Аралды қайтсек сақ­таймыз?» мақаласы басылды. Жұрт назары­ бірден ауған. Сонан соң «Қазақстан пионері» газетінде «Бо­з­айғыр»   әңгімесі   жарыққа  шықты. 1971 жылы республикалық жастарға арналған жабық бәйгеде «Алыстағы аралдар» повесі ІІ орынды жеңіп алды. Міне, әдебиет әлеміне осындай жаңаша леппен келген қарымды қаламгер Сайлаубай Жұбатырұлы жетпістің желкенін керді. Жалпы, жазушының негізгі тақырыбы – Арал теңізінің тағдыр­ы. Бүгінге дейін Арал мәселесін бүге-шігесіне дейін зерттеп, қағаз бетіне­  түсірді. Теңіз боп тулады, теңіз боп  шалқыды.

Кеше Қызылорда облысы әкім­дігінің қолдауымен, облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама бас­қарм­асының  ұйытқы  болуымен А.Тоқмағамбетов  атындағы мәдениет үйінде Сайлаубай Жұбатырұлының          70 жасқа толу мерейтойына арналған «Үнім де өзің, мұңым да өзің, Туған Жер!» атты шығармашылық кеш өтті. Шараға табиғатп­ен тілдескен, теңізім деп күн кешкен жазушының достары, қалам­дастары және  аймақ  басшысы Қырымбек Елеуұлы арнайы қатысты. Қаламгердің замандасы, жазушы, мемлекет­тік сыйлықтың лауреаты Қажығали Мұханбетқалиұлы «Жұрт Алматыға жете алмай жүргенде, Сайлаубай туған өлкесіне кетті. Сөйтіп, теңіз тағдыры туралы біраз толғады» деді. Расымен, шығармашылық ортаны тастап, туған топырағына оралу оңай емес. Дегенмен, Сайлаубай Жұбатырұлы батыл шешім­ді қабылдап, туған жердің тамыр­шы­сына  айналды. Шарада сөз алған­ облыс­ әкімі Қырымбек Көшербаев жазу­шының шығармашылығына ерекше­ тоқ­талып, аймақтың ең жо­ғарғы марапаты «Құрмет грамотасын» табыстады.

– Шығармашылық ғұмыры Аралмен байланысқан ол жерлестерін әрдайым рухани демеумен келеді. Бұл Азаматтық миссиясынан ешқашан айныған емес және оны әлем жұртшылығына таныстырудан да жалыққан кезі жоқ. Бүгінде біреу білсе, біреу білмес, Кеңестер Одағы кезінде әлемге әйгілі жиһангез Жак Ив Кустоға хат жазып, толғандырған теңіз мәселесін қозғады. «Кіші Арал» идеясы мен Қазақстан өзендерінің бір бөлігін Арал өңіріне жеткізу туралы батыл­  ұсыныстары араға жарты ғасырға­ жуық уақыт салып орындалып жатыр. Бұл қаламгердің уақыт көшінен қашан да озық жүретінін аңғартса керек­. Кейінгі жылдары Арал өңірінің өмірінен жазылған бірнеше томнан тұратын  «Абыржы» романы әдебиетте­ тосын сый болғаны біздер үшін мақ­таныш  дер едім, - деді аймақ басшысы.­

Сондай-ақ, өңір басшысы ҚР Мемлекеттік хатшысы Г.Әбді­халық­о­ваның арнайы құттықтауын жеткізді.

– Дөңгеленген дүниеге ілесіп біз де бір белеске келіппіз. Өмірдің біраз кезеңі артта қалыпты. Халық қолдап, қолпаштап жатыр. Ризамыз! Азды-көпті ғұмыр кештік. Бүгін ел алдынд­а рухани есеп берсек деген ой. Өткенге бір шолып, болашаққа да көз жүгірту керек. Ой да, жоспар да бар. Жазушының жазылмаған дүниесі көкейінде жүреді ғой. Соңғы жиырма жылғы өмірімді арнаған «Абыржы» кітабым жарыққа шығып жатыр. Облыс әкімдігінің қолдауымен. Шығарманың бағасы болашақта беріле жатар,- деді Сайлаубай Жұбатырұлы.

Шарада ҚР Парламент Сенатының депутаты Мұхтар Құл-Мұхаммед, Мемлекетаралық су шаруашылығын үйлестіру комиссиясының Ғылыми-ақпараттық  орталығы Қазақ филиалының төрағасы Нариман Қыпшақбаев, ҚР Инвестициялар  және  даму министрлігі құрылыс­ және тұрғын үй-коммуналдық шаруа­шылық істері комитетінің төраға­сы Мархабат Жайымбетовтер жолдаған жүрекжарды лебіздері кеш иесіне табысталды. «Абыржы» романының тұсаукесер рәсімі өтіп, кеш қаламгердің Арал теңізіне арналған шығармаларынан тұратын концерт­тік бағдарламаға ұласты.

Қозы  Көрпеш   ЖАСАРАЛҰЛЫ

 


АЙҒАҒЫНДАЙ АЗАТ КҮН, АСҚАҚ ТӨРІ ҚАЗАҚТЫҢ PDF Print Email
Жаңалықтар - Арнайы беттер
12.07.2018 11:37

Жаз айлары еліміз үшін мерекеге толы. Сол мерекелердің бірегейі – Елордамыз Астана қаласының туған күні. Ел болып атап өтетін Ел­ордаға биыл – 20 жыл. Қызыл­орда қаласының 200 жылдығымен  тұспа-тұс келген мерейтойдың  қуанышты еселей­ түскені рас. Еура­зия­ның жүрегінде бой көтерген қаланың тынымсыз еңбек пен даму жолына түскеніне де жиырма жыл. Ару қала Астананың туған күнімен құт­тықтауды Сыр шаһарының жұртшылығы да ұмыт қалдырмады. Түрлі қызықты шаралар, мерекелік кештер қала тұрғындарына керемет көңіл күй сыйлады. Осындай шаралардың бірі – қызылордалық өнерлі жастардың ұйымдастыруымен  өткен «Асқақ төрім – Астана»  атты  мереке­лік  концерті.

Қоғамның қозғаушы күші қашанда жастар екенін ескерсек, сол жастардың арманына айналған Астананың да биыл 20 жасқа толғанын тойлаудамыз. Жас қала жас қосқан сайын жасаруда десек, артық айтқанымыз емес. Осы орайда Қызылорда қаласы жастарының басын қосқан «Асқақ төрім – Астана» атты мере­келік  концерт Елордамыздың туған­ күнімен құттықтауға арналды. Орталы­қ алаңда түс ауа жиналған қызыло­рдалықтар күннің ыстығына қарамастан керемет кештің куәсі болды.­ Сыр жұлдыздары әннен шашу шашса, «Жайдарман», «КТА» жұлдыздары, қызылордалық Қорқыт құрамасы өз өнерлерін көрсетті. Мерекелік ойындар, бағалы сыйлықтар, ән мен би қызықты кештің ажарын келтіргені тағы бар. Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласын жүзеге асыру мақсатында және Астана қаласының 20 жылдығы мен Қызылорда қаласының 200 жылдық мерейтойы қарсаңында дәстүрлі «Ел іші – өнер кеніші» атты қалаға қарасты елді мекендер арасында өткен қалалық байқаудың қорытындысы да осы кеште жарияланды. Байқауға қатысқаны үшін Белкөл кенттік клубы, Қараөзек ауылдық  клубы, Абай ауылдық мәдениет үйі марапатталды.  Сондай-ақ, ерекше өнерлі өнерпаздармен көрермендер көзайымы болған «Өнерлі ұжым» номинациясына Қарауылтөбе ауылдық клубы­, «Таланттар тұғыры» номина­ция­сына Ақсуат ауылдық мәдениет үйі ие болды. Байқаудың үшінші орны Тал­суат ауылдық клубына, екінші орны С.Майқанова  атындағы  мәдениет  үйіне бұйырды. Ал, Қызылжарма ауылдық мәдениет үйі осы байқаудың бірінші орнына лайық деп танылды. Концерт барысында Астана қаласына видео  құттықтау да жолданды. Қызықты  кештен­  қызылордалықтар мерекелік көңіл күй­де тарқасты. Жастарымыздан жастық пен  жасампаздықтың ныша­нына  айнал­ған Астана қаласына деген үлкен  махаббат  байқалады. Оған  дәлел – қаламыздағы Елорданың  құр­дастары. Жиырма жастағы қызыл­ордалықтар арман қалаға жүрек  жарды  лебіздерін  арнады.

Ерасыл  ҚЫЛЫШБЕК,  20  жаста:

- Қазақ елінің алға жылжуының көрінісі – Астана қаласының дамуы. Әлемдік деңгейдегі шараларды өткізу, ынтымақтастықтың  символына айналу  Елордамыздың халықаралық аренадағы орнын  айқындады. Жиырма жылғы тарихында көптеген  жетістіктерге жеткен қала қазақ елінің мерейін  үстем етті. Міне, бүгінде Астан­амыздың туған­ күнін жер-жерде дүбірлете тойлаудамыз. Осы ретте Қызылорда халқы да қалыс қалмай, керемет шаралар өт­кізуде. Бүгінгі «Асқақ төрім – Астана» мереке­лік концерті де қызықты өтті. Елордамыз Астана қаласын­  Сыр жас­тары болып 20 жасымен  құттықтаймыз!

Рамазан  ӘНАПИЯ, 20 жаста:

-Мен үшін Астана – ең алдымен шексіз мүмкіндіктер мекені және биік мақсаттар мен асқақ армандарға жетелейтін қақпа іспеттес. Жас ұрпаққа жарқын болашақ сыйлаған құтты мекен­. Арман қуып келген әрбір азаматқа жол нұсқаған қасиетті өңір. Бір сөзбен айтқанда, жасампаз жастардың қаласы. Тіпті, «Астана» атауының өзі – "табал­дырық", "босаға", "кіреберіс", "сал­танатты орда есігі" деген ұғым­дарды білдіреді. Байқағаным, бұл үлкен қала үнемі тіршілігі қайнап, жанталасып жатады. Қол қусырып бос жүрген адамды көрмейсің. Яғни, Астана жастарды үнемі қозғалыста, ізденісте болу­ға жетелейтін  қуат  көзіндей.

Біз сияқты жастар үшін жасампаздықтың, достықтың, сұлулықтың символын­а айналған Астанада сәулет өнері­нің  теңдессіз үлгілері саналатын кешендер бой көтеруде. Жиырма жыл ішінде сүйікті Елордамыз ғажайып шаһарға­ айналып, әлем алдында беделі күн санап артып келеді. Астанамыздың «Арман қала» атануы оның жастардың мекені екенін  айқындап  тұрғандай. Елордамыздың  туған  күні  құтты  болсын!­

Айдос  МЫРЗАЛЫ, 20 жаста:

– Ару қала Астананың төл құрдасымын. Енді ғана жиырма жасқа толған Елордамыздың қуанышын екі жүз жылдық тарихы бар Қызылорда қаласы тұрғындары жоғары деңгейде тойлауда. Сыр елі алты Алаштың анасына айналса, Астана – алты құрлықты назарына аударған әсем қала. Қай жағынан алып қарасаң да, Астана қаласы қарыштап дамуда. Ал, осы даму тек бір қаланың ғана емес, тұтас елдің дамуының көрінісі. Жас қаламы­з  жасай  берсін!

Осылайша, жастардың арманына қанат байлаған ару шаһардың дүбірлі тойына Астананың құрдастары да тілек білдірді. Тарих бедеріне салсақ, жиырма­ жыл теңіздің тамшысындай ғана. Сол уақыт ішінде Сарыарқаның төсінде ғажайып қала пайда болды. Анығын айтсақ, үлкен тәуекел мен еңбектің нәтижесінде әлем таныған шаһар бой көтерді. Сұлулықтың да, бейбітші­ліктің де, еңбек пен күш-жігердің де ныша­нындай Астана қаласы армандар қаласына айнала білді. Жүйелі жос­пардың арқасында саяси аренада өз орнын­ ойып тұрып алған қала – біздің мақтанышымыз. Тынымсыз қозғалыста болу, еңбек ету бәрі де қазақтың  асқақ  төріне  айналған  Астана­  қала­сына  тән.

Міне, қазақтың асқақ төріне айналған ару шаһардың туған күнін сұлу Сырдың бойын мекендеген қала жұрт­шылығы да жоғары деңгейде атап өтті. Астана – арман  қала. Алты Алаштың ардағы, жаңа ғасырдың жаңа қаласы. Аспанм­ен астасқан зәулім ғимараттары сұлу даланы ғажайып шаһарғ­а айнал­дырып отырғаны Ел­орданың еңселі­лігінің дәлелі. Ел ертеңі­не деген сенімнің негізіндей Астан­а жастарымыздың арманына қанат бітіруде. Оның көрінісі Елордамыздың туған күніне орай  ұйымдастырылған «Асқақ төрім –  Астана» атты мерек­елік кештен анық байқалды. Осы кеште көп тілегі бір жерде­  тоғыс­қандай  күй  кештік.

Қонысбек  МӘЛІК,

Қорқыт  ата  атындағы

ҚМУ-дың  2-курс  студенті,

Н.Нұржаубай  (сурет)

 


ЖҮКТІЛІКТІ ЖОСПАРЛАҒАН ЖӨН БЕ? PDF Print Email
Жаңалықтар - Ой-талқы
12.07.2018 11:22

Қазақта «балалы үй – базар, баласыз үй – мазар» деген мақал бар. Расымен, үйдің іші сыңғырлаған бала күлкісіне толы болғанға не жетсін, шіркін! Отбасын құрудағы басты мақсат та – осы. Алайда үлкен жауапкер­шілікті талап ететін бұл ұғым ер мен әйелге өзіндік қиыншылықтар тудырады. Дүниеге бала әкелу адамның денсаулығына байланысты, бірақ оған тәуелді емес. Физикалық, психологиялық және әлеуметтік жағдайының да сау болуы маңызды. Осыдан келіп көптеген отбасыларда жоспарлы бала туу ұғымы пайда болады.

«Дүниеге бір қозы келсе, бір түп жусан артық шығады» дегенді кей отбасылар ескер­мей жатады. Сол себептен көбіне жас отбасыларда баланы жоспарлап туу жиі кезде­сіп жүр. Отбасын жоспарлау біздің түсінікте бала тууды шектеу дегенге сай келеді.­ Көршілес Қытай елінде тұрақты әлеумет­тік жағдайға айналған бұл – халық саны аз еліміз үшін тиімсіз процесс. Дүниеге келер бала жоспарсыз болса, жасанды жолмен алдыртып, бала тууға қолайлы уақытты күту санамызға керағар келуі заңдылық. Мамандар жас отбасыларда жиі кездесетін жоспарлы бала тууды еліміз­дің тұрмыс жағдайымен де байланыстырады. Бұл бағытта қазіргі таңда еліміздегі медиц­иналық ұйымдардың барлығында «Отбасын жоспарлау бөлмесі» бар. Нақтырақ айтсақ, бала бағуға матер­иалдық жағдайдың жеті­спеуі, жаңа үйленген отбасыл­ардағы кедергілер мен жұмысбастылық, ана денсаулығының дұрыс емес­тігі жоспарлап босануға басты себеп. Дегенмен, осы мәселеге байланысты оң пікір таныты­п, жоспарлы бала тууды қолдайтындар да бар.

 

Эльмира  ЖАНПЕЙІСОВА,

болашақ ана:

– Алғашында отбасын құруды жоспар­ладық. Бұл тек жеке адамның ғана билігіндегі шешім емес. Ер мен әйелдің тең құқылы шешімі. Дәл сол отбасын құруды жоспарлауда жан-жақты  болуы керек. Жан-жақтылық деге­ні­міз – әлеуметтік жағдайды қалыптастыру, ортақ түсіністік және дүниеге келер бала. Оның үстіне ердің әке, әйелдің ана болуға әзір болуы  шарт. Осындай жүйелілік отбасындағы кедергілерді  жояды. Болашақ  ана ретінде бала тууды жоспарлау – мен үшін дұрыс пайым. Себебі, дүниеге сәби келеді емес пе? Болашақ ананың денінің саулығы, психологиялық дайын­дығы мен өзіне деген сенімділігінің болуы – басты­ міндет. Жүктілік кезінде әйелдердің ерінен­ демеу күтуі де осыдан шығады. Меніңше, тұңғыш баланы дүниеге әкелер кезде жүйелі жоспар мен тыңғылықты дайындық керек. Алғаш рет ата-ана атану оны тәжірибе жүзінде алғаш сезіну дегенді білдіреді. Өзім де денсаулық  саласының  маманы, әрі болашақ ана ретінде жоспарлануға тиісті нәрсе болса, ол – ана мен бала денсаулығы деп ойлаймын.

 

Назира  Кенжебекқызы,

психолог:

– Жар таңдау, материалдық жағдайды ойлау, жеке бас жетістіктерін жоғары қоюды жастарымыз жоспар етіп алған. Бұл да – отбасын құрудағы кедергілердің бірі. Оның үстіне мінездің бір-біріне сай келмеуі, сыртқы  факторлар әсері де бар. Қазіргі уақытта әлеуметті­к желілердің ықпалымен келген шетелдік­ түсініктер жас отбасыларға өз әсерін тигізуде. Отбасы құндылығының жеткілікті мөлшерде дәріптелмеуі сырттан келген санаға басымдық беруде. Онсыз­ да халық саны көп елдерде­гідей бір-екі баланы  дүниеге  әкеліп шек­телу біздің өмірлік қағи­да­ла­рымызға қайшы. Ең алдымен  отбасы болашағы мен ұлт болашағын ойлауымыз керек.­ Әрине, бұл талапты тек жас отбасылар мен ата-аналарға ғана қою аздық етеді. Бұл мәселенің ұлт болып, ел болып жанашырлықпен қаралуы – міндет. Біздің қоғамда әркім өз өмірін өз білгенінше сүре берсе, оған алаң­даушы болмаса, ұрпақтың жоспарлы, не жоспарсыз болғаны маңызсыз. Біздің ортамызда тек өзін ғана ойлайтын адамдар өте көп. Қоғам жағдайы осындайда назардан тыс қалып қояды. Осындай жеке бас мүддесін ойлайт­ындармен қатар, өз өміріне салғырттықпен қарайтын топ та қатар өмір сүруде. Ал, өз өміріне бейжай қараған адам ел ертеңі­не алаңдамайтыны рас. Сол себепті де жоспар құрылуы керек. Ол жоспар  тек баланың өмірге келуін ғана емес, ұлттың ертеңіне құрылғаны абзал. Сіздің балаңыз­ бұл өмірде жалғыз емес ғой. Біз жоспарлы орта қалыптастыра білуіміз керек. Әр отбасыда біз білмейтін түрліше жағдай бар. Қоғамда орын алатын жағымсыз­ жағдайлар дәл осы отбасыларға әсер етуде. Неліктен көп отбасылар бір, не болмаса екі баламен шек­теледі? Ана мен бала денсаулығы неге нашарлауда? Босанған аналардың ауруы, нәрестенің шетінеуі неге көп? Осындай сауалдар адам психол­огиясын жаулап алып, әйелдердің дүниеге­ ұрпақ әкелуге деген құштар­лығын азайтады. Осыдан не болса да жоспарлы түрде бала әкелуд­і жөн санайды. Және отбасы­лардың тұрмыс жағдайы да – осы мәселенің басты себептерінің  бірі. Психология­лық тұрғыдан да, адами тұрғыдан да отбасындағы бала санының аздығы  баланың  өзім­шілдігіне  тікелей себеп болады. Жоспарлы түрде өмірге бір емес, көп бала әкелу – біздің қазіргі қоғамға қажет үрдіс.

Сонымен, дүниеге бала әкелу үлкен жауапке­ршілікті талап етеді. Бұл мәселеге салғырттықпен қарауға болмайды. Өмірге бала әкелмес бұрын іштей ғана емес, ден­саулықты да ретке келтіріп дайындалу қажет. Жүктілікті жоспарлау дүние есігін ашатын болашақ сәбидің өміріне әсер етеді. Сол себепті де баланың болашағы мен бақыт­ы үшін барынша жауапкершілікті сезіну­ керек.

Қонысбек   ЗҰЛПЫХАРҰЛЫ

 


 

Гүлназ  Алиясқарова,

№1 қалалық емхананың отбасын жоспарлау

бөлмесінің мейірбикесі:

- Отбасындағы баланы жоспарлап туу дегенде, ең бірінші бала санын шектеу туралы ой келеді. Түптеп келгенде олай емес. Адам – мемлекеттің басты капиталы болса, бала – отбасының ізін жалғаушы мұрагер. Сол себептен де бала тағдырына аса жауаптылық танытқан дұрыс. Мәселенің біріншісі, ана денсаулығына әкеп тірейді. Жоба жоқ, жоспар жоқ, арасына жыл салып босана беру туу жасындағы әйелдердің барлығының қолынан келеді. Алайда ана мен баланың денсаулығына мән беру – құндылықты сақтау. Шыны керек, әйелдер көбіне жүкті екенін білген соң ғана медициналық тексеруден өте бастайды. Қазір экологиялық ахуалға байланысты әртүрлі сырқат түрлері бар. Қаназдықтан бастап, бүйрек жетіспеушілігі, жүрек жетіспеушілігі, жатырдағы инфекциялық аурулар, қан қысымы секілді ауруларға жеңіл қарауға болмайды. Өйткені бұл аурулар құрсаққа біткен бала денсаулығына тікелей әсер етеді. Сол себептен жүктілікті жоспарлап, алдын ала медициналық тексеруден өтіп, емделіп, содан кейін ғана өз ұрпағыңды өмірге әкелуге дайындалған жөн. Мәселен, алғашқы бала дүниеге келгеннен кейін оны бағып өсіремін дегенше ата-ананың жүйкесі жұқарады, дұрыс тамақтанбайды, күтінбейді. Бұл процестер орындалмаған соң ананың денсаулығы нашарлай береді де, сол әлсіз күйінде тағы жүкті болады. Дені сау анадан дені сау бала туатынын ескерсек, Алла сақтасын, дәруменге жетіспей дамыған бала аурушаң болса, оған кінәні дәрігерден іздейді. Ал дәрігердің жоспарлап туу туралы кеңесіне құлақ аспаған өзі екенін қаперіне де алмайды.


Зоя ШУЛЕНОВА,

көпбалалы ана:

– Ана ретінде бұл жайға ұқыптылықпен қарау қажет. Баланы жоспарлаудың қате тұстары да бар. Ол тікелей отбасындағы бала санының аздығына әкеліп соғады. Баланы жоспарлау жай ғана көркемделе айтылған дүниеге сәби әкелуді шектеу дегенді білдіреді. Көпбалалы ана ретінде отбасыдағы баланың бір немесе екі баламен шектелгенін қаламаймын. Отбасында жарасым тауып, жақсы өмір кешу үшін сыңғырлаған сәби күлкісінің көп болғаны маңызды. Баланың көптігі – отбасы тұрақтылығының кепілі. Тұрақты отбасында тәрбие де, тәлім де, болашақ та болады. Ал, ондай отбасыларға еш нәрсені жоспарлаудың қажеті болмайды. Дүниеге келген әр ұрпақтың өз несібесі бар. Осыны ескеру керек. Баланың дүниеге келуі емес, өмір сүруі жоспарланғаны жөн.

 


САНА мен БАҒА PDF Print Email
Жаңалықтар - Ой-талқы
12.07.2018 11:11

Әке жүрегі таудан үлкен, ана жүрегі теңізден терең деп бекер айтылмаса керек. Әрбір ата-ана сәбиі дүниеге келген сәттен бастап мәпелеп, қанаттыға қақтырмай, тұмсықтыға шоқтырмай өсіреді. Бөбегінің былдырлаған тілін қызықтап жүріп, бірінші сыныпқа баратын уақытының келгенін де аңғармай қалады. Бірінші сыныпқа барған соң, оң-солын танытып, бар керегін алып беру үшін күні-түні еңбектенеді. Біз көрмеген қызықты баламыз көрсін деп, бар жағдайын жасайды. Ол үшін ақы сұрамайды.

Тек балаларым тезірек ержетіп, осы қиын-қыстау күндерді ұмыттырса екен деп армандайды. Десек те, қазіргі жастардың көп бөлігі бұл арманды орындамақ түгілі, ата-ананың қадірін ұғынбай жүрген сияқты. Әрине, көпке топырақ шашудан аулақпыз. Бірақ, ата-анасын сыйламай, оларға дауыс көтеру былай тұрсын, тіпті кейде қол көтеріп жатқандарды да жиі естиміз. Ол аз болғандай, оларды өз қолымен қарттар үйіне өткізіп жатқандар қаншама?! Осы орайда ақын Мұқағалидың «Неменеге қуандың, бала батыр? Қариялар азайып бара жатыр. Бірі мініп келместің кемесіне, бірі күтіп әнеки жағада тұр...» деген өлең шумақтары шындықтың шамшырағы болып отырғанына тағы да бір көз жеткізесің. Қарты бар үйдің қазынасы бар демей ме қазақ? Қалай ғана ата-анасын қарттар үйіне өткізеді екен адамдар?! Сонда, балам үшін деп бар дәмдісін аузына тосқан, түн ұйқысын төрт бөліп, бесігін күзеткен анасы мен қатарынан кем болмасын, елдің қолына қарамасын деп бар жағдайын жасаған әкесіне деген алғысының қайтарымы осы болғаны ма? Қаншама көздері жәутеңдеген жетімдердің ата-ананың ыстық алақаны мен бір ауыз жылы сөзіне зәру болып жүргенде, оларды керексіз заттай қарттар үйіне апарып тастайтын осындай жүрексіздерді көріп жүректері езілетін шығар бәлкім?!

«Күшік асырап, ит еттім, ол балтырымды қанатты. Біреуге мылтық үйреттім, ол мерген болды да мені атты» деп Абай атамыз айтқандай, өзінен шыққан баланы ешкімнің жамандыққа қимасы анық. Баласын жаман болсын деп ешкім тәрбиелемейді. Бірақ өсе келе, көз алдында  есейген  баласы осыншама қатыгездікке барғанда, ата-ананың өзін кінәлайтыны тағы бар. Мүмкін, біз дұрыс тәрбие бере алмаған болармыз деп өздерін жазғырады. Дегенмен, адамгершілік тәрбиемен шектеліп қалмайды. Оның түп негізі – сана. Саналы адам бар нәрсенің бағасын бағамдай біледі. Сондықтан барлығы да адамның өзіне байланысты. Алған тәрбиені бойыңа сіңіруің  де,  болмаса желге ұшыруың да – өз қолыңда.

Ата-ана – бұл дүниедегі асыл құндылықтарымыздың бірі. Кейбіреулер ата-ананың ақылы мен қолдауына мұқтаж, ал біреулер оны бар кезінде бағаламайды. Сондықтан сөз соңында айтарымыз, «қолда барда алтынның қадірін білейік». Құрметтейік, ренжітпейік! Ата-ананы риза қылған  адам, Алланың да ризалығына бөленері  хақ!

Мөлдір   ҚУАНТҚАНҚЫЗЫ

 


ҮРЕЙЛІ ҮҢГІР PDF Print Email
Жаңалықтар - Арнайы беттер
12.07.2018 11:03

Бала кезімде ауылда Қамшыбек деген аңшы  болатын.  Ешқайда жұмыс істемесе де, отбасын аңшылықпен асырайтын. Қай кезде­, қай жерде, қандай аңды атып алуға, ауға түсіруге болатынын өте жақсы білетін. Шамасы мергендігі де болса керек?! Өйткені, аңға барса, құр қайтпайтын. Үйіне жүгірген аңның да, ұшқан құстың да неше түрін атып әкелетін. Түлкі, құндыз және басқа да терісі бағалы аңдарды көптеп аулап, саудалайтын. Бірақ тапқан ақшаға әртүрлі мылтық, оқ-дәрі, ауға қажет құралдар сатып алатын. «Неге мал өсірмейсің?» дегендерге, «менің малым тау-тоғайда жүр. Оларды бағып-күтудің де қажеті жоқ. Қажет кезде барып атып  әкелемін» деп күлетін көрінеді.

Қамшыбек бір күні әдеттегідей аңға кетіп, қайта оралмады. Әйелі «келіп қалар» деп, ертеңіне түске дейін күтеді. Бірақ одан хабар­ болмады. Секем алған әйелі бұл ауылда жақын­ туыстары болмағандықтан, көрші үйлердегі ер-азаматтарға айтады. Оның жоғалған­дығы жайлы ауылға тез-ақ тарады. Бас көтерер ер-азаматтар жиналып, бірнеше­ топқа бөлініп, ауыл маңындағы Қамшыбек аңшылық жасайтын жерлерді түгелдей шолып­ шықты.  Бірақ таба алмады. Кеш болған­  соң іздеуді  ертеңге  қалдырды.

Ертеңінде Қамшыбекті іздеуге жинал­ғандар бірнеше топқа бөлініп, таудың ішін аралады. Түс ауа іздеушілердің бір тобы тау ішінде, бір үңгірдің қасында тұсаулы тұрған атты көреді. Бірден таныды, ол Қамшыбектің аты еді. Үңгірге жақын барып қараса, іші тас қараңғы екен. Іздеушілер не істерлерін білмей тосылып тұрғанда, үңгір ішінен адамны­ң ыңыранған дауысы естіледі. Бәрі тыныш­тық сақтап, тың тыңдайды. Адамның ыңыранған дауысы анық естіледі. «Бұл Қамшыбек болар» деп топшылаған іздеушілер ағашқа шүберек байлап жағып, үңгірге кіреді. Отыз метрдей жүргенде есін білмей жатқан Қамшыбекті көріп, үңгірден алып шығады. Біраз уақыт өткенде ол есін жияды. Бір қызығы, оның денесінен ешбір жарақат нышан­ы байқалмайды. Үйіне алып келген соң, одан бәрі не болғанын сұраса, ештеңені есіне түсіре алмайды. Сол күні кешке мол­даға­ оқытып, бақсыға емдетеді. Түнде түс көреді. Сол түс арқылы не болғаны есіне түседі. Ертеңіне үйіне барған достарына болған­  жайды  баяндап  береді.

Сол күні де ол үш-төрт құсты атып алып, үйіне қайтпақ болыпты. Кенет анадайдан бір түлкі көрінеді. «Мынау бір Алла жіберген олжа болды-ау» деп, дереу мылтығын алады. Бірақ, бір таңғаларлығы адамды көре сала қаша жөнелетін түлкі бұл жолы орнынан қозғалма­й тұра береді. Көздеп басып, түл­кіні  атып құлатады. Орнынан тұра сала түл­кіге  қарай жүгіреді. Бар ой – терісі бүлінбесе­ екен. Қамшыбек дәл қасына жетіп қалғанда, түлкі орнынан тұрып, бір аяғын ақсаңдатып қаша жөнеледі. Жаяу жете алмасын білгеннен  кейін, қайта келіп атына мініп, түлкінің соңынан қуады. Енді жеттім бе дегенде, түлкі бұлаңға салып, бағытын өзгерте қашып жеткіз­бей  қояды. Бір кезде түлкі тауды  өрлей  қашады. Міне, жетіп қалдым дегенде­, түлкі бір үңгірге кіріп кетеді.

Атын тұсай сала, ол да түлкінің соңынан үңгірге кірсе, түлкі анадай жерде жатыр. Үңгір ішіне жарық түсіп тұр екен. Жарықтың қайдан түсіп тұрғанына да аса мән бермеген Қамшыбектің бар ойы – түлкіде. Жақындай­ бергенде түлкі әрең орнынан қозға­лып, шолтаңдап тағы қаша бастайды. «Шаршаған екен, енді қашып құтыла алмайды» деп ойлап, түлкінің соңынан қалмай ереді. Үңгір ішінде айқыш-ұйқыш жатқан тастар тез жүруге мүмкіндік бермейді. Солай­ қанша жүргенін білмей, «міне, жеттім-ау» дегенде түлкі қайта алыстап, жеткізбейді. Бір кезде үңгір іші қап-қараңғы болып кетті. Сәлден соң қайта жарық түссе, түлкі жоқ. Сарай ішінде тұрған сияқты бойын үрей биледі­. Үңгірден шықпақ болады, бірақ есік көрінбейді. Айналасына түгел көз жүгіртіп қараса, есік мүлдем жоқ. Дәл қарсы алдында тастан қашалып жасалған хан тағы тұр.

Не болғанын ұқпай, бойын қорқыныш билеп тұрғанда, жыланның ысылдаған дауысы­ шықты. Бір мезетте дауыс жан-жақтан шығып, күшейе түсті. Ысылдап, уілдеп-гуілдеген дауыстан тұла бойы шымырлап кетті. Бір кезде қара түнек төбесінен шүйліге түсті. Сол кезде ол қорыққаннан есінен танып­  құлады. Есін жиса, қарсы алдында, басын көтеріп, Қамшыбектің көзіне тесіле қарап үлкен жылан тұр екен. Қамшыбектің құлағына «маған үйленіп, бұдан былай осы сарайда өмір сүресің» деген дауыс естілді. Зәре-құты кетіп, «менің әйелім, бала-шағам бар» дегенге әрең тілі келді. Қашайын десе, жылан мұның әрбір қимылын бақылап тұр. Қозғалса, шағары анық. Солай арбасып тұрғанда, жылан ақырын жылжып келіп, оны орай бастайды. Қамшыбек жан ұшыра айқайла­п, бағанағы дауысқа жалынып, босатуды сұрады. Бірақ ешқандай жауап болмай, жылан одан сайын қысып, буындыра түсті. Әлден уақытта дем жетпей, есінен танып қалды. Есін жиғанда үңгір сыртында, бір топ ауылдастарының ортасында отыр екен.

Сол жағдайдан кейін де ол үйінде көп отырған жоқ. Қайтадан баяғы аңшылығына басты. Арада екі-үш жыл өткенде, Қамшыбек қатты науқастанды. Жақын араластын құрдастарының сөзіне қарағанда, тоғайда аң аулап жүріп ол баяғы жыланға тағы кез болған. Жылан атын да шағып өлтіріпті. Атып алға­н аңын, мылтығын тас­тап ауылға дейін жаяу қашып келген. Бірақ бұл сөздердің шын немесе өтірік екенін білу мүмкін болмады. Бір күннен кейін Қамшыбек мүлдем тілден қалды. Науқасы күшейіп, есінен де адасты. Көп ұзамай қайтыс болды.

Оның оқиғасынан кейін үңгірді ешкім маңайламайтын болды. Бір қызығы, бұрын ол үңгірдің барын ешкім білмеген. Арада бірнеше жыл өткенде, 5-6 жігіт бас қосып, арнайы сол үңгірді іздеп барды. Бірақ үңгірдің тереңдігі 4-5 метр ғана екен. Ол маңнан басқа­ үңгір кезіктірмепті. Сонда ауылдас­тарының Қамшыбекті 30 метр тереңнен тауып­ алғанын қалай түсінуге болады? Оны тауып алған ауылдастары үңгірдің қараңғы екенін айтқан. Ал Қамшыбектің айтуынша, үңгір іші жарық болған. Мұның сыры неде? Шынымен де бұл шайтанның ісі ме? Жоқ әлде Қамшыбек аң-құстың киесіне ұшыраған ба? Оның қатты науқастанып, көп ұзамай­ қайтыс болуы да осы жағдаймен байланысты­ ма? Бұл сұрақтарға нақты жауап табу мүмкін емес. Бірақ Қамшыбектің қандай да бір тылсым күшке кез болғаны рас-ау.

Тоғжан  ҮБАЙДІЛДАҚЫЗЫ,

Қорқыт  ата  атындағы

ҚМУ-дың  2-курс  студенті

 


БЕЛГІСІЗ КҮШТІҢ КЕСІРІ PDF Print Email
Жаңалықтар - Арнайы беттер
12.07.2018 10:56

Айсұлу  Алматыдағы   университетке  гранттық негізде оқуға түскен кезде төбесі көкке екі елі жетпей қуанған еді. Жаз аяқталып, жаңа оқу жылы басталған сәтте ата-анасы бар жиған-тергенін сөмкеге салып, қыздарын Алматыға жіберді. Оның көптен күткен арманы орындалды. Өзі мәз. Орта мектепті бітіріп, өмірдің өзге баспалдағына қадам басу кімді де болса қуантатыны рас. Анасы Күлжан Алматыдағы інісіне «қызымды күтіп алып, жатақханасына орналасуға көмектесіп жібер» деген. Айсұлу Алматыға жеткен соң ағасы күтіп алып, бір-екі күннің ішінде жатақханасына орналастырды. Күндер сырғып, уақыт жылжып өте берді. Айсұлудың студенттік өмірі әне-міне дегенше басталып кетті. Жаңа орта, жаңа таныстық ауылдан  келген  қызға  тым қызық  болып  көрінді. Бір  бөлмеде  тұратын  қыздармен «ә» дегеннен-ақ  етене араласып кетті.  Қасында  Жа­нар, Сағыныш есімді қыз­дар бар. Сағыныш – Айсұлумен бір курста оқиды, жан құрбысы, сырласы.

Бірде  бөлмеде  бір­ге тұратын Жанар қа­ладағы туыстарының үйіне қонаққа кеткен еді. Айсұлу мен Сағы­ныш бөлмеде қалды. Кешқұрым сабақтан келген соң екеуі түнгі қалада серуендемек болып, сыртқа шығып кетті. Жатақхана жа­былғанша далада таза ауа жұтып, сәлден соң бөлмеге келді. Есіктен ішке енгенде, өз көздеріне өздері сенбей орын­дарында  тұрып  қалды. Осыдан 1-2 сағат бұрын ғана тап-тұйнақтай болып тұрған бөл­менің іші астан-кестені шығып жатыр. Шкаф ішіндегі киімдері де шашылған. Құдды біреу келіп, әдейілеп жерге лақтырғандай. Тамақ­танатын үстел үстіндегі ыдыс-аяқтардың бірі төңкеріліп, бірінің ішіндегі ас жерге жартылай төгілген. Жабылған терезе ашылып, перде сырттан кірген желмен желбіреп тұр екен. Қыздардың  бұл бөлмеде тұрғандарына небары бір жарым ай болған. Бірақ осы уақыт ішінде мұндай жағдай болып көрмеген. Бөлме ішіндегі көрініс екі қыздың көз алдарына құдды корқынышты  киноларды елестетті. Екеуі жүгіре бөлмеден шығып,  күзетшіге барып болған жайтты  айтады. Өзге бөлмедегі қыздар ешкімді көрмегенін, бөлмеде ешқандай дыбыстың естілмегенін айтады. Оқиға жайлы ешкім ләм-мим  демеген  соң Сағыныш пен Айсұлу бөлмені қайта  жинастырып,  ұйқыға  жатады. Түнгі сағат 2 мен 3-тің шамасы болу керек. Сағыныш айқайлаған  әрі қиналып  шыққан  дауысты  естіп, оянып  кетеді. Бөлменің іші ала көлеңке болған соң, көзі қараңғылыққа үйрене алмай, сәлден кейін қарама-қарсы кереуетте жатқан Айсұлу жаққа қарады. Сөйтсе, Айсұлудың кеуде тұсында басы адамға, кеуде тұсынан төмен қарай адам тұлға­сына келіңкіремейтін беймәлім дене оны қос қолымен  тұншықтырып, түсініксіз ащы даусы­мен  әлденелерді айтып жатыр екен. Бөлменің іші тура  әлгіндегідей шашылып қалған. Сағы­ныш  дереу  орнынан  тұрып, әлгіге қарай ұмтыла  беріп  еді, ол дереу қимылдап ашық тұрған терезеден зып беріп шығып кетті. Айсұлу демі жетпей, қатты қиналып қалған екен. Мойын тұсы қызарып, аузын ашып жатты. Сағыныш дереу жедел жәрдем шақырып, дәрігерлер Айсұлуды ауруханаға алып кетті. Уақыт өте келе Айсұлу ауруханадан шығарылды, бірақ толық айыққан жоқ.  Дәрігерлер оған қатты шошынып қалған, сол себепті жүйке жүйесінде белгілі бір ауыт­қушылықтар  болып  тұратындығын  айтады. Кеше ғана қасында сап-сау күліп-ойнап жүрген қыз бір күннің ішінде белгісіз күштің кесірінен ауру болып  қалды.

Сағыныш  бұл оқиғаның анық-қанығына көз жеткізу  үшін ел-жұрттан  осы жайлы дерек сұрап, ақыры көз жеткізді. Бір жағынан құрбы­сының кінәсіз жапа шегіп қалғаны жанына батты. Олар тұратын бөлмеде, Айсұлу жататын  орында осыдан бірер жыл бұрын бір бойжеткен тұрған екен. Ол өзінен біршама жасқа үлкен, отбасылы еркекпен көңіл қосып жүреді. Уақыт өте келе әлгі еркекке ол қыз өлердей ғашық болып қалады да, оны өзіне қаратып алудың айласына көшкен. Дәл сол уақытта әлгі еркектің әйелінің аяғы ауырлап перзентханада жатады. Қыз еркекке «әйеліңді тастап, маған келмесең, өкініп қаласың» деп «тұзақ» құрады. Оған мән бермеген еркек ләм-мим деместен жүре береді. Қыз айласына көшіп, босанған әйелінің нәрестесін ұрлап әкетіп, пышақтап өлтіреді. Ал әлгі еркектің әйелі артынша күйеуінің өзгемен әуейі болып, арты осындай жағдайға жеткеніне шыдамай, күйіктен өз-өзіне қол салады. Ол қыз түрмеге жабылады. Сөйтсе, әлгі әйелдің аруағы сол орынға келіп, баласын өлтіргені үшін қызды қинайды екен. Осыдан кейін жатақханадағы ол бөлме жабық бөлмеге  айналады. Сағыныш өзге бөлмеге ауысып кетеді.  Ал өзге біреу үшін жапа шеккен Айсұлудың асқақ арманы тас-талқан болды да қалды. Университет  оны денсаулы­ғына байла­нысты  оқудан  шығарып жіберді. Алайда  әлі күнге дейін сол бір тылсым жайттың неге тек Айсұлуға  көрінгені түсініксіз күйде қалып қойды.

Мөлдір  ІЗТІЛЕУ,

Қорқыт  ата  атындағы

ҚМУ-дың  2-курс  студенті

 


АҚИРЕТТЕН ҚУЫЛҒАН АДАМ PDF Print Email
Жаңалықтар - Арнайы беттер
12.07.2018 10:42

Зейнеткерлікке жақындаған құрметті ұстаз кенеттен қайтыс болды. Бұл қайғылы оқиғаға жұрттың  пікірі  қақ  айырылды. Біреулері: «Құдайлық іс. Жанын­ өзі берді, өзі алды. Құ­дайға да жақсы адам керек ғой!», - деп жұбату сөз айтса, енді біреулері: «Қадірлі ұстаздың түбіне білім саласындағы былық, қағазбастылық, бірінен соң бірі жүргізіліп жатқан түсініксіз  реформалар жет­ті!», - деп  кейістік  білдірді.

Қалай десек те, қадірлі ұстаз  зейнеткерліктің табалдырығын аттап тұрып, о дүние­лік сапарға аттанып кете барды. Жұрт беделді ұстазды улап-шулап  жүріп  жерледі. Артынан жақсы-жаман сөздер, естелікт­ер  айтылды.

Осылайша дүйім жұртқа сыйлы ұстаздың о дүниелік – мәңгілік рухани өмірі басталды. Қатал сыннан сүрінбей өткен ол, жұмақтың төрінен бір-ақ шықты.

О-о, жұмақ!.. Талайлар арман­ еткен жұмақ!.. Сен не деген­ ғажапсың?!. Әне, хор қыздары да көрінді. Мың бұ­рала билеп, аяулы ұстазға жақын­дап-ақ  қалды!..

Алайда бұл көрініс құрметті ұстазға тіпті де ұнамады. Әсіресе, бұ дүниеде өмір бақи мардымсыз жалақыға байланған оның күнкөрісі қиындаған соң, амалсыз ауыл маңындағы көлге мұзды аяқ боп, ұрламай ау салып, балық аулап, әбден суық сорып тастаған денесі жұмақтың жанға жайлы температурасын місе тұтпады.

Қаралай қалтырап тұрған сорлы ұстазға жақындап келген хор қызының бірі жайына қарап тұрмай, тұла бойында бір қырым еті жоқ, қақпыш дене­сіне қолын тигізгені сол-ақ:

- Тарт қолыңды денемнен! Аллер­гиям бар! - деп баж ете қалғанда, ашын­ғаннан шыққан ащы дауысы жұмақты дүр сілкіндірді.

Өмірінде мұндай тым ащы дауысты естіп көрмеген байғұс хор қыздары қапе­лімде  сасқандарынан барларынан айы­ры­лып қала жаздады. Тек әлгі қолын ұстаздың денесіне тигізіп үлгірген хор қызы ғана:

- Мен тек дене­ңіз­ді уқалап берейін дегем..­. - деуге ғана тілі  әрең  келді.

Есіл-дерті бір рақаттанып жылынып алуды ғана армандап тұрған қайран ұстаз:

- Айналайын, «аш бала тоқ баламен ойнамайды» демекші, өмірі жарытып тамақ ішпеген мен сормаңдайды әурелеп қайте­сің?! Одан да анау көзі тірісінде бастық боп, сот боп, от боп аузынан қазы-қарта, жал-жая үзілмей, қымыз ішіп, қыз-қырқынға қырғидай тигендерді әурелегендерің жөн-ау! Мендей  бейбақ бө­тен қатын тұрмақ, өзімнің жекеменшік қатынымды да аса жақтыра бермеймін. Қараптан-қарап өн бойым тиіп кеткен жерін қарып жібе­рердей мұздап оты­рады. Онымен қоймай, «байтал түгіл, бас қайғы» боп жүрген маған қатын біткен жақындаса-ақ болды, үсті-басым дуылдай жөнеледі, - деді аянышты түрде тұла бойын тыр-тыр  қасып  тұрып.

Мұны естігенде, хор қыздарының ауыздары ашылды да қалды. Алайда таңданыстарын біріне-бірі айтып үлгіре алмады. Кенеттен шыққан қадірлі мұғалімнің құлын дауысы айналаны  азан-қазан қылды.

- Ой-бай!.. Ойбай ғана Құдай-ай! Жаңа ғана айттым ғой!.. Бұл атаңа нәлет бойға біткен аллергия енді орыстың қызуы жоғары, ап-ащы арағы болмаса, анау-мынауыңа дес бермейді!..

Бұл жанайқай хор қыздарын қатты шошындырды. Сасқандар­ынан:

- Бізде арақ жоқ, тек жеңіл шарап ғана... - десті.

- Өй, шараптарыңа рақмет! Маған тек орыстың ащы арағы ғана керек! Егер мына жер, шынымен де, адамға жақсылық жасайтын жер болса, тезірек арақ  тауып  әкеліңдер!

- Қазақтарды арақ ішпейді, тек ғана қымыз ішеді дейтін...

- «Күштінің арты диірмен тартады» деген, ғасырлар бойы шовинистер  өз  қымызымызды­ өзіңе ішкізбей, аузыңа арақ құйып келсе, оның үстіне Арал секілді  шалқыған теңізіңді құртып, мекеніңді экологиялық  апат аймағына айнал­дырса, көрер ем, арақ түгілі,  у  ішкендеріңді!..

- Апыр-ай! - десті мұны естіге­нде хор қыздары, бойларын  қорқыныш билеп. Сөйтті де, көмекке періштелерді шақырды. Олар келген соң, әрі ойласып, бері ойласып, ақыры құрметті ұстаздың көңілін қимай, ұят та болса, тәуекел етіп, тозақтан бір шөлмек орыс­тың  қызуы  күшті, ап-ащы арағын  алдыруға  уағдаласты.

Уәделерінде тұрған періштелер «қысыла-қысыла қыз болға­н» күйі, тозақтан бір бөтелке  арақ алдырды. Арақты көргенде, әкесі тірілгендей қуанған құрметті  ұстаздың көзі жайнап:

- Уа, құрметті менің періштелерім! Уа, құрметті менің хор қыздарым! Мен бұл арақты алды­мен  аллергиям үшін  емес, еліміздегі білім саласының рефор­малары сәтті аяқталуы үшін аламын! - деп өзінің Отаны­ның шынайы патриоты екенін білдіре алғашқы жүз грамды  өңешінен  сәтті  өткізіп жіберді. Тамақтан еш кедергісіз өткен бейшара жүз грамм асқаза­нда елеулі қарсылық­тарға тап болып, бүкіл денені түршіктірді.

Мұғалім  бейшараның:

- Зәкөскі! - деп айқайлауға ғана мұршасы келді. Қақалып-шашалған күйі, қып-қызыл боп кетті. Құрметті ұстаздың «зәкөскісін» қапелімде түсін­бей қалған жұмақ қызметкерлері сасқалақтап бір-біріне қарасты.

- Қадірлі ұстаз өз тілінде сөйлемейді  ғой!

- Шамасы, тамақ  сұрап  тұр-ау! - десті.

«Ымды білмеген, дымды білмес»  дегендей, ымды лезде түсінген  періштелер қазақтың ұлттық  тағамдарын  дастар­қан­ға жайнатып салды да, әліптің  артын  бақты.

Бір түйір бауырсақты танауына тақап, иіскелей бастаған ұстазды көргенде, ақирет қызметкерлерінің көздері алақандай боп кетті. Таңданғаннан жағаларын ұстады. Жағасы жоқтары кеңірдектеріне жа­бысты.­

Әбден  иіскеленген бір түйір бауырсақ, әйтеуір, бір кезде мұрыннан ауызға да барып­ түсті-ау! Мұны көрген ақирет  қызметкерлері  жабыла:­ «Уһ! Бәсе!..» десті қуана. Алайда көңілдерінде бәрібір бір түйткіл  қалды.

Араққа бойы жылынбақ түгілі, іші-бауыры бұрынғыдан бетер қалтырай түскен байғұс мұғалімнің аллергиясы тіпті ұшынып  кетті. Үсті-басын тыр-тыр қасынып тұрып, жан дәрмен ашына айқайға ерік бере  бастады.

- Мына жұмақтарыңа дұрыс­тап неге от жақпайсыңдар?! Әлде бұл жерді де сыбайлас жемқорлық  жайлап  алған  ба?!

«Сыбырлағанды Құдай да естиді» деген ғой, мына айқай-шуды естіген Жаратқан ием бейшара ұстазды тозақтың отына  шыжғыруға  әмір  етті.

Әмір бұлжытпай орындалды. Қадірлі ұстаз тозақ отына тасталды. «Шатақ шал енді не істер екен?!» дегендей әуес­тіктері қозған бүкіл ақиретте­гілердің көңілі тозақ жаққа ауды.

Міне, қызық! Тозақ отына шыжғырылып шыңғыруға тиісті бейшара ұстаздың тозақ­қа деген ризашылыққа толы алғашқы лебізі дүйім ақиретті дүр  сілкіндірді.

- Уа, тозағымның оты-ай! Бойымды сәл де болса жылыта бастадың-ау! Ай-хой, рақатын-ай! Әлі де қыздыра түсіңдер! Өмір бақи жылынып көрмеген денем, ақыры ақиреттің тозағында жылынатын болды-ау!

Ақиреттегілер аң-таң. Әлі де ештеңенің байыбына бара алар емес. «Ойбайлауға тиісті қадірлі ұстазға не болған?! Әлде есі дұрыс емес пе?!». Ақирет­тегілер ойларын сабақтап үлгірмеді. Құрметті ұстаздың ашулы да әмірлі дауысы қайта естілді.

- Әй, тозақтағы өңкей шіріктер! Отты әлі де жаға түс дегенім қайда?! Әлде жалқау тартып кеттіңдер ме?! Мүмкін жалған дүниенің сыбайлас жемқо­рлық дертіне сендер де ұрынып, отынды жымқырып отырсыңдар  ма?!

Мұны естігенде, ақиретте­гілер енді бір сәт тозақтың отын жағушыларды аяп кетті. Әлсін-әлсін ақ тер-көк тер боп отты көсей беру де оңай ма?! Әбден сілелері қата, жан-жақтарынан көмек сұрай алақтай бастады. «Мына пәледен құт­қарыңдаршы!» дегендей ая­нышты  күйге  түсті.

Ізін суытпай мұны да біліп қойған Жаратқан ием қатты қаһарлана бастады. Жанына періштелерін шақырып алып:

- О-о!.. Менің аяулы періштелерім! Жалған дүниеде өмірлері тозақта да азапты бол­ған мұғалім пенделерді ақиретке ендігәрі жолатпаңдар! Ондайларды жасы жүзден асқанш­а, яғни жұмақ пен тозақты айыра алмайтын халге жеткенше, ақиретке қабыл­даушы  болмаңдар! - деді.

- Жасы  жүзге  жетпей, келіп қалса  ше?!

- Зейнеткерлік жасты жүзге жеткізіп қойсаңдар, жеткілікті. Өздері-ақ зейнеткерлікке шығам­ деп ұмтылып, жүз жасқа­ қалай келіп қалғандарын да аңғармай  қалады.

- Құп!

Жаратқан иемнің бұйрығымен періштелер қадірлі ұстазды құздың басына алып барды.

Бойы әлі де оңды жылымай қалтырап-дірілдеп тұрған бай­ғұс ұстаз жарық дүние есігін қайта ашуға барынша қарсы­ласып-ақ бақты. Ақыры, бол­мады. Әлгі өзін уқаламақшы болған­ хор қызы ма, әлде өзін зейнеткерлікке шығарып жібе­ріп, жүктеме сағаттарын иеле­ніп  кеткісі келіп жүрген әріп­тесі ме, әйтеуір, бір қара қатын аңдаусызда «жанды жерінен» теуіп кеп қалғаны!.. Ә дегенше болған жоқ, құздан құлдилап барады екен. «Жанды жерін» қос қолымен уыстаған күйі «Ой-бай!» деуге де мұршасы келместен ұмар-жұмар боп барып­ құз түбіндегі тасқа маңдайы соғылғанда, айнала жап-жарық боп, жарық  дүниенің  есігі ашылды да кетті. Дәлірек  айтқанда, ұйқысынан  шошып  оянды...

Әлгінде балық аулап, қатты тоңып, қалжыраған қадірлі ұстаз диванның тұсына ұжымының зейнеткерлікке жақындағанын ескеріп, марапаттаған «Алғыс хатын» әспеттеп, рамкалап ілмекші боп біраз әуреленіп жүріп, көзі ілініп кетіпті.

Диванда тоңып бүрісіп жатқ­анында, асығыс, әрі шала ілінген «Алғыс хаты» шегеден шығып кетіп, тұп-тура «жанды жеріне» дөп тиіп, шыбын жаны көзіне көріне жан екпін диваннан құлағанда, жерде жатқан балғаға маңдайы соғылып, шошы­п  ояныпты.

«Құланның қасынуына, мылтықтың  атылуы» демекші, шошып оянуын күтіп отыр­ған­дай, телефоны бар болғырдың безілдей жөнелінуін-ай!

Шортиып ісіп кеткен маңдайын бір сипауға да мұрша бермеген телефонды іштей бір сыбап алған қадірлі ұстаз тұт­қаны әрең дегенде көтерді де, селк ете қалды. Ар жағынан:

- Ә-ә-л-өу! Мәкенбісің?! - деген  директордың  ыңыран­ған  дауысы  естілді.

- Иә-иә...

- Мәке, бүгін аудан басшысы ауылға келе жатыр дейді. Мұғалімдерді көше тазалауға шақыртып жатыр едік. Өзіңді әнебір тілі мен жағына сүйенген тілазар қатын-қалаштарға бас-көз боп жүрерсің деп шақыртып отырмын. Ешкілерді басқаратын кәрі текедей ара­ларында бақылдап жүрмейсің бе, тәйірі, үндерін шығармай?! Хе-хе-хе!.. Әзіл ғой!.. Айтпақшы, немереңді өзіңнің орныңа жұмысқа алуды ойлап отырмын!..

Директордың соңғы сал­мақты сөзін естігенде, қадірлі ұстаздың бет-аузы ыңғайсыз жыбырлап, қапелімде «дыбыс жұтқышын» босатып ала жаздады.

Сасқанынан:

- Ә-ә... Иә, иә... Барамын! - деп еріксіз бас шұлғи берді.

- Иә, сөйт, Мәке! Өзіңе сендім!

«Тук-тук-тук!..». Телефон байланысы  үзіліп  кетті.

Директордың өзіне жауапкершілік арта сөйлеп, өктемдік көрсеткені жанына батса да, немересі туралы жылы сөзі бәрін жуып-шайып кетті. Тіпті, шаршағанын да ұмыт­қандай. Балғаға соғылып, ісіп кеткен маңдайының солқылын да елеместен, көңілді түрде «Сен аман бол, немерем» деп ыңылдай жүріп, бұ жалғанның «тозағын» бар ықыласымен тазала­у үшін, есік алдында сүйеулі  тұрған  аула сыпыратын сыпырғышын иығына асып, ілби  жөнелді.

Нұрбай  ЖҮСІП,

Арал  ауданы

 


ҚАЗАҚТЫҢ АРМАНЫ БІРЕУДІҢ БАУЫРЫН ЕЗУ МЕ? PDF Print Email
Жаңалықтар - Сергек
12.07.2018 10:41

Бейбіт Шүменов пен Алтынкаяның жекпе-жегінің соңы, “Қазспорт” арнасының комментаторы желпініп жатыр: “Бауырдан соғылған әдемі соққыдан есеңгіреген Алтынкая...!!!”, “Бейбіттің жойқын соққысы...!!!”, “Барша қазақтың үмітін ақтады..!!!”.

Осы соңғы сөз мені ойландырды. Жалпы, қазақтың арманы біреуді бауырдан соғып, миын шашу ма? Қазақ xалқының бар үміті де сол спорттан бизнеске, тіпті кейінгі кезде сайқымазақ шоуға айналып кеткен кәсіпқой бокстың айналасында ғана қалғаны ма?

Бокс – ол спорт, денсаулық деген уәжді тосарыңыз анық. Әрине, әуесқой бокс­тың әңгімесі бөлек. Ал кәсіп­қой  бокста  мұрындардың  бет болғанын қалайтын қасап­қанды, қалталы көрермен бар. Кәсіпқой бокс ол – бизнес, ол – аяусыз айқас, он екі раунд бойы қарсыластың қанын шашу, миын шайқау, бүйрек-бауырын солқылдатып соғу. Мәселен, бокс тариxында 500-ге жуық боксшы рингте алған жарақаттан көз жұмған деген дерек бар, ауру болып қалғаны қаншама? Бұлардың барлығы дерлік профессионал боксшылар еді. Тіпті, Бейбіт Шүменов бауырымыздың өзі көзінен алған жарақаттан әрең жазылды емес пе? Онда неге бұл бетбұзғыш бокс қазақ елінің бар арман-мақсатына айналып, үкілеп күткен үміті бола алады? Менің ойымша, қазақтың үміті мен мақсаты – Ғылым мен Білімде, озық идеяларда болса еді. Терең ғылым мен ақыл-ойдың “рингіне” шығып, мимен бәсекелесе алатын, ақылмен әлемді “есең­гірететін” жағдайға  жеткенде ғана қазақтың үміті ақталады  деп  ойлаймын.

Ал, кәсіпқой бокс атасын танымайды. Бүгін “Алтынкая бауырынан қалса” (комментатор айтқандай), ертең Бейбіт көзін шығарады. Абзалы ғылымға, білімге қуану болар...

Нұрбек  ӘМИША,

(Фейсбуктегі парақшасынан)

 


“ОРДАБАСЫНЫҢ” ОСАЛ ЖЕРІН ТАПТЫ PDF Print Email
Жаңалықтар - Сергек
12.07.2018 10:28

Футболдан ҚПЛ-дың 17 туры да аяқталды. Бұл жолы жерлестеріміз Шымкенттің “Ордабасы” клубына қарсылас атанды. Осыдан 10 тур бұрын биылғы бірін­ші­лікте қос команданың жолдары түйісіп, тең тарқа­сқан еді. Ол кезде шымкенттік бір топ жанкүйерлер Қызыл­ордаға арнайы келсе, Сыр клубын қолдаушы қыз-жігіт­тер де Қ.Мұңайтпасов атындағы орталық алаңнан табылды. Шынын айту керек, соңғы кездері “Ордабасы” сүреңсіз ойыны­мен ғана ел назарын аударып жүр. Былтырғы жылы орданың басы­нда жүрген клуб биыл­ғы біріншілікте “орда ортасы” деген атау­ға әбден лайық секілді.

Әуелгіде ойынның 9-минутында  есеп аш­қан алаң иелері матч аяғына дейін есепті ұстап тұрады деп топшылағанбыз. Қарсы­ластар сапында он бір метрліктен гол соққан Диакате еді. Ойынның бірінші бөлігінде таблодағы  көрсеткіш еш өзгеріссіз  қалды. Тек 58-минутта Матиас Курьор “Қайсар” сапындағы кезекті голын пеналь­ти­ден салып, есепті теңес­тірді. Мұнан кейін команданың жеңісіне жол ашылып, сәтсіз шабуы­л­дар да жасалып жатты. 77-минутта  алаң­ға тыңнан қосылған Асхат­ Тағыберген осы мау­сымдағы алғашқы голын­ атына­ жазды. Есеп: 1:2. Матч­ты­ң негіз­гі  уақы­тының  аяқталуына 2 минут қалғанда Мақсат Байжанов  алаңнан  қуылды.

Ойыннан кейін, шат-шадыман көңіл  күймен  6 шілде күні “Қайсар” футбол клубының ойын­шы­лары мен жаттық­тырушылары Татарстан Республикасына барып, Әлем чемпионаты ая­сындағы Бразилия мен Бельгия құрамалары ара­сын­дағы ширек фи­на­лын­ тамашалады. “Қайсардың” ойыншылары қорғаушы Иван Граф пен жартылай қорғаушы Асхат Тағыберген: “Командамыздың көңіл күйі өте жақсы, себебі кеше ғана “Ордабасымен” өткен матчта жеңіс­ке жетіп, бүгін Әлем чемпионатын көзбен көріп отырмыз. Осыған қолдау көрсеткен аймақ басшысына алғыс білдіреміз! Ойын ерекше әсер қалдырды, біз көп нәрсені назарға алдық. Әрине, осындай көрініс бізді жаңа жетістіктерге шабыттандырады”, - деді.

Айта кетейік, “қай­сарлықтар” 2018 жылы 14  шіл­деде қостанайлық “Тобыл”­ футбол клубымен өз алаңында  кез­де­седі.

 



<< Бірінші < Алдыңғы 1 2 Келесі > Соңы >>

Күнтізбе

< Шілде 2018 >
            1
2 3 4 5 6 7 8
9 10 12 13 14 15
16 17 18 19 20 21 22
23 24 25 26 27 28 29
30 31          

Сауалнама

Аса мәртебелі шенеуніктердің қылмысқа шатылып жатқандығы нені аңғартады?
 

Ауа райы

Валюта бағамы

Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі валюталардың ресми бағамдары