Өзекті мәселелер

  • 11.10.18

    Облыстық прокуратура әкімшілік істер бо­йынша қабылданған шешімдерді зерделеу барысында полиция қызметкерінің әкімшілік өндіріс материалдарын бұрмалау фактісін  анықтады.

    Нақтырақ айтатын болсақ, жергілікті полиция қызметінің полицейі Д.Амангелдіұлы қызметтік автокөлікпен кезекшілікте жүрген кезін­де қаладағы дүкендердің бірінің тұсында тоқтап тұрған «Hyunday Accent» маркалы авто­көлігі...

    Толығырақ...
  • 11.10.18

    КӘСІПКЕРЛІК –  ЖЕТЕКШІ   КҮШ

    Еліміздегі басты саяси құжаттардың қатарында «Қазақстан – 2050» страте­гиясы да бар. Ұзақ мерзімді дамуды бекіткен бұл стратегияда айтылған міндеттерді жүзеге асыру үшін орта мер­зімді кезеңге арналған мемлекеттің 2025 жылға дейінгі жоспарлау құжаты да айналымда. Бұл құжаттың басты мақсаттарының қатарында жеделдет...

    Толығырақ...
  • 11.10.18

    Жат діни ағымға еріп, адасу Әселдің жастық ғұмырының біршама жылдарын жалмады. Бойжеткен өміріне жағымды өзгеріс енетініне сенген. Дәл сол сенімнің «арқасында» ә дегеннен ештеңе түсіне алмады. Мұнысын жастыққа жарасатын аңғалдық дерсіз. Уақыт өте келе өзінің және жұбайының «роботқа» айналып бара жатқанын сезген ол көңіліндегі күмәнмен арпалысты. Рухани дертке ұшыра...

    Толығырақ...
  • 11.10.18

    Бауырлас он екі мүше,

    Бір анадан туғанмен,

    Әрекеттері әртүрлі...

    Бас – ақшаға тартып,

    Аяқ – басқаға тартып,

    Әуреге салды әркімді...

    ...
    Толығырақ...
  • 11.10.18

    Елуде еді өз жасым,

    Тыйылмады көз жасым...

    Жұмыс іздеп шығып ем,

    Киім-кешек тозғасын...

    ...
    Толығырақ...
Бейсенбі, 12 Шілде 2018

ҚЫЗЫЛОРДА ОБЛЫСЫНЫҢ ӘКІМДІГІ МЕН «ЖАС САРБАЗ» РЕСПУБЛИКАЛЫҚ ӘСКЕРИ-ПАТРИОТТЫҚ ҚОҒАМДЫҚ ҚОЗҒАЛЫСЫ МЕМОРАНДУМҒА ҚОЛ ҚОЙДЫ PDF Print Email
Жаңалықтар - Халық-хабар
13.07.2018 09:23

Кеше Қызылорда облысының әкімдігі мен «Жас сарбаз» республикалық әскери-патриоттық қоғамдық қозғалысы арасындағы меморандумға қол қойылды. Сыр елінің тумасы, Қазақстан Республикасы Қарулы Күштері Бас штабы бастығының орынбасары, генерал-майор Мұхамеджан Таласов Қызылордаға келді.

ҚР Қарулы Күштері Бас штабы бастығының орынбасары, генерал-майор Мұхамеджан Таласов негізгі қызметінен бөлек «Жас сарбаз» республикалық әскери-патриоттық қоғамдық қозғалысының төрағасы болып табылады.

«Жас сарбаз» қоғамдық қозғалысының жұмысы арқасында елімізде әскери-патриоттық клубтар саны 2828-ге дейін артып, онда 73164 бала қамтылып отыр.

Айта кетейік, Қызылорда облысында қазіргі таңда 214 әскери-патриоттық клубта 4617 адам тәлім алуда.

«Елбасы «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласында: «Біздің бабаларымыз ғасырлар бойы ұшқан құстың қанаты талып, жүгірген аңның тұяғы тозатын ұлан-ғайыр аумақты ғана қорғаған жоқ. Олар ұлттың болашағын, келер ұрпағы бізді қорғады. Ұлт пен ұлыстың аманатын арқалаған жас өскінді тәрбиелеудің жолдары мен амалдары да сан тарау. Солардың ішінде жас ұрпақты патриотизм үлгісінде тәрбиелеу маңызды іс. Бұл бастаманың тек қызылордалық жастар үшін ғана емес, жалпы, ел болашағы үшін маңызы өте зор. Қазақта «елді қорғау - ердің ісі, ерді қолдау -елдің ісі» деген қанатты сөз бар. Тарихта қайсар мінезбен танылған елміз. Сондықтан да, жастарымызды жақсылыққа, отансүйгіштікке, қайсарлық пен батырлыққа тәрбиелейтін мұндай жобаларды іске асыруға бір кісідей атсалысуымыз қажет деп есептеймін», - деді облыс әкімі.

Әскери-патриоттық тәрбие жұмыстарына жанашыр болып жүрген Мұхамеджан Таласов«Қазақстан Республикасында әскери-патриоттық тәрбиелеуді қалыптастыру және дамыту туралы» баяндамасында: «Қазақстан Республикасында 2020 жылға дейін «Ұлтжанды жас сарбаз» әскери-патриоттық жұмысын жетілдіру тұжырымдамасының жобасы әзірленген.«Жас сарбаз» қозғалысы жұмысының бірі Кадет сыныптарын ашу болып табылады. Білім және ғылым министрлігінің, қоғамдық қорлардың қолдауымен 101 кадет сыныбы ашылды. Онда шамамен 3 мың бала оқиды. Олар жастарды патриоттық тәрбиелеу мақсатында маңызды әлеуметтік-педагогикалық негіз болып табылады», -деп атап өтті.

Сонымен қатар, осы мақсаттағы жұмыстарды қарқынды жүргізуге қолдау көрсеткені үшін облыс әкімі Қырымбек Елеуұлына ризашылығын білдіріп, өңірдегі әскери бөлімдер мен мекемелерге қамқорлық көрсетіп және жастарды әскери–патриоттық тәрбиелеудегі абыройлы әрі белсенді жұмыстары үшін Қорғаныс министрінің атынан «Ел қорғаны» медалін табыстады.Еліміздің әл-ауқатын арттыруда, жастарды Отансүйгіштік пен адалдыққа тәрбиелеуде Қызылорда өңірінің алар орны орасан зор екенін ерекше атап өтті. Әскери-патриоттық жұмыстарды жетілдіру бойынша облыстық үйлестіру кеңесі құрылуын,  орта мектептер арасынан кадеттік сыныптардың ашылуын ұсынып, меморандумды іске асырубойынша шараларды жүргізу ісінде бірлесе жұмыс атқаруға шақырды.

Қызылорда облысының әкімдігі мен «Жас сарбаз» республикалық әскери-патриоттық қоғамдық қозғалысы арасындағы меморандумына қол қойылып,аймақ басшысы әскери-патриоттық тәрбие жұмыстарын қарқынды жүргізіп, меморандумды іске асырубойынша тиісті жұмыстарды атқару үшін жауапты тұлғаларға тапсырмалар жүктеді.

Шараға облыстық басқарма, құқық қорғау органдарының, жоғарғы оқу орындарының басшылары, ортаоқу орындарының өкілдері және оқушылар қатысты.

Облыс әкімінің баспасөз қызметі

 


ӘДЕП пен ӘДЕТ немесе шенеуніктер адамдықтың айнасына қалай қарап жүр? PDF Print Email
Жаңалықтар - Құқық құрығы
12.07.2018 15:01

Көрсең көзің тоятын мемлекеттік қызметшілердің сырт келбеті кімді болсын қызықтыратыны анық. Келісті костюм-шалбар, ақ жағалы көйлек пен галстук олардың сәнін одан сайын аша түсетіндей. Қарапайым жұмысшының оларды көргенде бір сәт сол киімді киіп, жайлы креслоны армандап кететіні де өтірік емес. Дегенмен, шенеуніктер қызметтеріне келгенде қандай, тәртіптері сырт келбеттері­не сай ма? Бүгінде Әдеп кодексі нормаларын сақтамай, мемлекеттік қызметтің атына кір келтіріп жүрген мемлекеттік қызметшілер бар ма? Осы және өзге де сауалдарға жауап іздеп, ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас  жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Қызыл­орда облысы бойынша департаментіне хат жолдаған­  едік. Департа­мент басшысы А.Мұхимовтың біз сұрастырған мәліметтерге берген жауабына сүйенсек, 2017 жылы облыс­ көлемiндегi 29 әкімшілік мемлекеттiк кызмет­ші Әдеп кодексіні­ң талаптарын бұзған.

Олардың 21-іне – ескер­ту, 2-еуіне – cөгіc, 5-еуіне – қатаң cөгіс, 1-еуіне қыз­метіне толық сәйкес еместігі туралы ескерту түріндегі тәртіптік шаралар колданылыпты. Ал ағымдағы жылдың алғашқы жартыжылдығында облыс көлемінде 12 мемлекеттік қызметші Әдеп кодексінің талаптарын бұзған. Олардың 7-еуі ескерту алса, 2-еуі сөгіспен шектеліп, 3 қызметшіге қатаң сөгіс беріліпті. Енді сол 12 қызметшінің 4-еуі, яғни ең көбі денсаулық сақтау басқармасында жұмыс істейді екен. Сондай-ақ 2 қызметкер Қызылорда облысының табиғи ресурс­тар және табиғат пайдалануды реттеу басқарма­сынан болса, тағы екеуі – Қызылорда облысының­ құрылыс, сәулет және қала құрылысы басқармасынан. Қалған­дары  Шиелі ауданы әкімі аппараты, Шиелі ауданы­ Жуан­т­өбе ауылдық округі, Қызылорда облысы ішкі саясат­ басқармасы, Қармақшы ауданы әкімдігінде қызмет атқарады.­

Қазақта «Бір құмалақ бір қарын майды шірітеді» дейді. Жоғарыда біз атап өткен мемлеке­ттік қызметшілер әдептілік негізі Әдеп кодек­сін сақтамағанның салдарынан, бүкіл ұжымның абы­ройына нұқсан келтіріп отыр. Кодекстегі талаптар мемлекеттік қызметшілердің тәрті­бін реттеп, теріс қылықтарға бармауының алдын алып отыраты­нын ескерсек, біз бен сіз сүйсінетін бейне өздігінен қалыптаспағанын түсінер едік. Көз алдыңызға елесте­тіңізші, біз жоғарыда атап өткен көрсең көз тоятын мемлекеттік қызметші кешкі­лік масаң күйде қоғамдық тәртіпті бұзып, көлік жүр­гіз­се, өзгелерге қандай үлгі көр­сеткені?! Немесе мемлекеттің сеніп тапсырылған мүлкін, яғни көлігін жеке мақсаттарға пайдаланып, шаруасын тындырып отырса, бізге мұндай мемлекеттік қызметшіден не үміт, не  қайыр?

Естеріңізде болса, фейсбук әлеуметтік желісінің қолдан­ушысы Д.Эшатова өз жария­ланымдарының бірінде мемлекет меншігіне тиесілі «Тоуота Land Cruiser 200 VХ» (kz 007 РК/11) көлігін  жұмыс уақытында  қаламыздағы  №2 «Мұрагер» мектебінің маңын­да тұрғандығын және жеке мақсатта пайдаланылуы мүмкіндігін жаз­ған еді (айта кетейік, бұл көлік – Әдеп кеңесі­нің мүшесі әрі облыс әкімдігі аппаратының басшысы Мұрат Делмұхановқа тиесілі мемлекеттік көлік. – ред.). Сондай-ақ ол өз жазбасында дәл осы көлікті  келесі күні мемле­кеттік белгісі kz 345 DКA/11 нөмірімен көрсетілген орында тағы да байқағанын, бұл жолы нөмірі басқа болған­ымен, көлік жүргізушінің  қысқа жеңді жейдесінен (фут­болка) танығандығын айтқан болатын. Несін жасы­рамыз, қаламыздағы №2 «Мұрагер» мектебі жағдайы жақсы­лардың бала­ларының білім ордасы­ екені өтірік емес. Бұл жазбаны көргенде де бәріміз «көлік жүргізушісі бастығының тапсырмасымен баласын мектептен алмақ болған не сабаққа апарған»­ деп топшылағанымызды да жасыра алмаймыз. Бұлай ойлағанымызбен, құр шөп­пен ауыз сүртуге болмайтынын, нақты мәліметтерге сүйену керектігін де ұмытпадық. Дәл осы сауалды департамент басшылығына қойдық. Әдеп кеңес­інде өзгелердің тәртіптік ісін қарап, кодекс нормаларын сақтау қажеттігін ескерте­тін басшының бұлай мемлекет менші­гіндегі көлікті оңды-солды пайда­лан­ғаны қай сасқаны екенін білгіміз келді.

– Қызылорда облыстық iшкi істер депар­таментінің мәліметіне сәйкес, жарияланым бойынша жүргiзiлген тексеру­ нәтижесінде, «Тоуота Land Cruiser 200 VХ» көлігінің жүргiзушiсi H.Toқа­новқа катысты ҚР Әкiмшiлiк құқық­бұзушылық  Кодексінің  590-бабыньң 3-бөлiгiмен (көлік құралына көрінеу жалған­ немесе қолдан жасалған мем­лекеттік тіркеу нөмірін орнату)  10  айлық  есептік  көрсеткіш  мөлше­рінде әкімшілік айыппұл салынғаны, сондай­-ақ мемлекеттік белгісі кz 345 DКA/11 қала тұрғыны 19.06.1951 жылы туған азаматша Маканалиева Сауле Сеитов­наның меншiгiне 2000 жылы «LEXUS GS 300» маркалы көлiк құралы рәсімделіп, 08.01.2016 жылы меншік құқығының өзгеруiне байланысты Жалағаш­ АIIБ-нiң тіркеу-емтихан жұмыстары тобынан мемлекеттiк тіркеу есебiнен шығарылғаны белгiлi болды.­ Осыған орай, департаментпен облы­стық iшкi істер департаментiне тіркеу  есебiнен  шығарылған  kz 345 DКA/11 нөмірдің жойылуын қадағала­маған  сол  уақыттағы Жалағаш АIIБ-нiң  тіркеу-емтихан жұмыстары тобының аға мемлекеттiк инспекторы қыз­мет­ін атқарған полиция майоры Т.Әлменовтің жауапкершілігін қapay жөнінде хат жолданды,- делінген біздің жол­даған хатымызға берілген жауабында депар­тамент басшысы А.Мұхимов.

Көріп отырғаныңыздай, бәріне жүргізуші кінәлі екен. Ал көлік жүргізу­шісі Н.Тоқанов өзінің түсініктемесінде­ «Мұрагер» мектебіне жеке шаруасымен барғанын, дәл сол уақытта тауып алған әлгі екінші нөмірді көлікке тағып көріп, сол заматта қайта алып тастағанын көрсетіпті. Қызық! Көлік жүргізушісі өзі тауып алған нөмірді көпшілік орында­ қорықпастан қалай алмастырды екен? Сонда тауып алған нөмір үнемі өзімен бірге жүретін болғаны ма? Бір көліктің екі бірдей нөмірі болмауы керект­ігін жүргізуші қалай ғана білмеді? Білдей облыс әкімдігі аппараты басшысынан қорықпай, мем­лек­ет меншігіндегі көлікпен жеке шаруаларына кетіп қалатын бұл қандай көзсіз жүргізуші? Біз бұл сұрақ­тарымызға жауап таба алма­дық. Бір білетініміз, мемлекет меншігіндегі көлікті жеке мақсатта пайдаланып әрі өзге екінші нөмір­ді тағып көрген жүргі­зуші мұнысымен қоймай, «Мұрагер» мектебі­нің алдынд­а­ғы жаяу жүр­гіншілер жо­лын­да тұрыпты. Осылайша бір сәтте бірнеше ережені бұзған Н.Тоқанов тек «ескерту» түрін­дегі  жазамен  шектелген. Ал  облыс әкімі  аппаратының  басшысы М.Дел­мұханов өзінің берген түсiнiктемесiнде 2013 жылдан бастап облыстық бюд­жеттен қаржыландырылатын мемле­кеттiк opгандарға тиесiлi қызметтiк көлiк­тердiң барлығы «Қы­зыл­орда облысы­ әкімдігінің іс басқармасы» коммунал­дық  мемлекеттік  мекемес­інің теңгерiмiнде және жүр­гiзушiлерге қадаға­лау жасау Ic басқармасымен жургiзiлетiндiгiн,  қызметтiк  автокөлiк жүргiзушiсi H.Тоқановқа жұмыс уақытында келеңсiз жағдайларға жол бергенi  үшiн тәртiптiк жаза қол­да­ныл­ғанын көрсеткен. Сондай-ақ 19 мамыр (оқиға 18 мамыр күні болған. - ред.) күнi аппарат басшысының орынбасары С.Шотаевтьң төрағалығымен барлық автокөлiк жүргізушiлерге арнайы жиналыс­ өткiзiлiп, жиын қорытын­ды­сымен Ic басқармасы басшылығына қатаң  ескерту  жасалыныпты.

Әдеп пен әдеттен озбайтын шенеу­ніктің абыройына нұқсан келіп жат­қанда, жүргізуші әлдеқашан жұмыстан боса­тылуы керек емес пе еді? Не болса да, білдей облыс әкімдігі аппараты басшысының атына кір келтірген жүргізу­шінің бұл қылығы ескертумен шектелгені түсініксіз, әрине. Біз сеніп, біз үміт артып жүрген Әдеп кеңесі мүшелерінің айналасында осындай бассыздықтар орын алып жатса, өзгелерді елестетудің өзі қиын!

Ж.ЖҮНІСОВА

 


АТАКӘСІП – БЕРЕКЕЛІ НӘСІП PDF Print Email
Жаңалықтар - Саясат
12.07.2018 14:45

«Елу жылда – ел жаңа». Сөзімізді мақалдатып бас­тауымыздың мәнісі де бар. Теңіз жағалап несібесін айырған­,  толқында туып, шалқар айдында жетілген Арал  өңірі бұл күнде дүбірлі тойға тас түйін дайын отыр. Ол  қандай  той  дейсіз  бе?! Осы аптада, яғни 12-13 шілде күндері теңіз төскейінде Арал өңірі балықш­ыларының IV слеті өтпекші. Соңғы рет мұнан жарты ғасыр бұрын тойланған айтулы шара араға жылдар­  салып Аралдағы ағайынмен қайта қауышты. 2015 жылдан бастап облыс әкімі Қырымбек Көшербаевтың тікелей қолдауымен жүзеге асып, табиғаты ғажайып Қамбаш көлінің жағасынд­а Арал өңірі балық­шыларының слетін өткізу дәстүрлі мерекеге айналды­. Оған жыл сайын еліміздің әр аймағынан балықшы­лар қатысып, шаруалардың өзара тәжірибе  алмасуына  жол  ашылады.

Бір сәт, теңізді өңірдің тұр­ғындарының  лебізіне  құлақ ассақ.

«Арал теңізінің тартылып, түпсіз айдынның шөлге айнал­ған сол бір қасіретті шағында балық аулау кәсібі мүлде то­қы­рап, жұмыссыз  қалған  жандар көбейді. Теңіз беткейінен үдере көшкендердің қатарында менің де отбасым бар еді. Талдықорған қаласына қоныс аудардық. Жұмыс та табылды. Десе де, атақонысымыз, киелі теңіз ойымыздан шықпады. Ақыры елге қайтадан көшіп келдік. Қазіргі жағдайымыз бөтен емес. Балық саласында еңбек етіп, зейнеткерлік демалысына шықтым» деген байыр­ғы  балықшы ағамыз Шархан Орынбаевтың пікірі кімді де болсын  елең  еткізері  анық.

Шын мәнісінде «Сырдария өзенінің арнасын реттеу және Арал теңізінің солтүстік бөлігін сақтау» (САРАТС – 1) жобасы Сыр өңіріне, оның ішінде Арал аймағына соны серпін, тың өзгерістер әкелді. Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаевтың бас­тамасы, тікелей қолдауымен салынған Көкарал бөгеті, өзге де қуатты нысандар теңіз жағалаған елдің өмірін жаңа белеске көтерді. Ата-бабадан мұраға қалған балық аулау саласы қайта қарқындап, соңғы кезеңде мүлде тұралап қалған балықшылық кәсіптің тынысы кеңейді. САРАТС жобас­ының  алғашқы  кезеңі­нің жүзеге асуы өңірдің экологиялық, халықтың әлеуметтік, экономикалық ахуалын оңалтуға ауқымды әсерін тигізді. Теңіз суының тұздылығы төмендеп, балық қоры молайды. Айдын деңгейі Арал қаласына біршама жақындады. Сырдария өзенінен Солтүс­тік  Арал  теңізіне құйыла­тын судың көлемі ұл­ғайып, көптеген ірі көлдер  қалпына келе  бастады. Балық шаруашылығы жанда­нып, теңізде бұ­рын жойылып кеткен  балықтың  14 түрі  қайтадан  жанданды. Балық аулау көлемі 2000 жылмен салыс­тырғанда 20 есеге көтерілді. Казіргі  таңда 400-ден 8000 тоннаға жетті. Аудан аумағында балық шаруашылығы үшін маңызды Кіші Арал теңізінің 18 учаскесі, Сырдария өзені мен 20 көл бар. Бәрекелді, дейсің. Ағымдағы жылға Кіші Арал теңізінен, Қамыстыбас, Ақшатау, Приморский көлдер жүйесінен, жалпы аудан  бойынша  барлық лимит 6919  тонна  болып  бекітілгенін пайымдайсыз.

Оған қоса теңіз төскейінде жылдық қуаттылығы 18900 мың тонннадан астам 7 балық өңдеу зауыттары жұмыс істей­ді. «Арал балық өңдеу зауыты», «Арал СДО», «Камбала балық», «СДО Қарашалаң» ЖШС-нің балық өңдеу зауыты балықты терең өңдеумен айналысса, «Бөген  СДО», «Қуаныш», «Ар–М–Кон» шағын балық өңдеу  зауыты  балықты қа­тыру, мұздату және ыстау сияқты жеңіл өңдеумен  шұғылданады. Еврокод белгісі – «Арал сервистік дайындау орталығы» ЖШС балық өңдеу зауытының  еншісінде. Арал аудандық аумақтық инспекциясының (28.05.2018 жылғы) дерегіне сүйенсек, 1108,45 тонна балық өнімдері Ресейге, Польшаға, Грузия мен Украинаға экс­порт­қа  шығарылған.

Ауданда балық өңдеу саласындағы 31 балықшылар бригадасында төрт жүзден астам адам жұмыс істейді. Аталмыш бригадалар 200 өздігінен жүретін флотқа қоса өздігінен жүрмейтін флот, үлкен (СМБ-40), шағын кемелер (БМК-130), құрма ау, жылым, кермешелермен қамтамасыз етілген. Орман шаруашылығы және  жануарлар  дүниесі ау­мақтық инспекциясы Арал инсп­екциясы бөлімінің мәлі­метінше (01.06.2018 жылға), ауланған балық 1070 тонна болса, аудандық статистика басқа­рмасының жедел мәлі­меті бойынша (01.05.2018 жыл­ға) өңделген балық 1435 тоннаны  құраған.

Балық  аулау  көлемінің  өсуі балық өңдеу саласының дамуын­а  мүмкіндіктер  жасайтыны  белгілі. Аудандағы балық аулайтын шаруашылықтар мен балық өңдеу кәсіпорындарында мыңдаған адам жұмыспен қамтылды. Ал «САРАТС» жоба­сының екінші кезеңі жүзеге  асырылса, Арал өңірінің әлеуметтік-экономикалық дамуы­на аса оңды әсер етеді. Ондай жағдайда Арал теңізінің солтүстік бөлігіндегі және өзен сағасындағы көлдер сумен қамтам­асыз етіліп, Солтүстік Арал теңізінің су басу ауданы, теңіздегі судың көлемі ұлғаяды. Балық аулау көлемі 30000 тоннаға жетіп, балық шаруашылығы саласында 3 мыңға жуық жаңадан жұмыс орын­дары ашылады. Теңіз айдыны мен Арал қаласының арақашықтығы 1 шақырым болады. Су айдынының алаңы елді мекендерге жетеді. Теңіздің кеуіп қалған ұлтанынан ұшқан шаңды­ тұздар азайып, туризм­ді дамытуда жаңа мүмкін­дік­терге жол ашылады» дейді атакәсіптен берекелі нәсіп терген теңіз перзенттері.

Жұмабек  ТАБЫНБАЕВ,

Арал  ауданы

 


«7-20-25» БАҒДАРЛАМАСЫ КІМГЕ ҰТЫМДЫ, КІМГЕ ТИІМСІЗ? PDF Print Email
Жаңалықтар - Саясат
12.07.2018 13:23

«Қазақстанның Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі»

АҚ Қызылорда облыстық филиалының директоры Әділжан СӘУЛЕБАЕВ:

- Бүгінде «Сбербанк» пен «Форте Банк» бағдарламаға қызығушылық танытып отыр. Техникалық жұмыстарды аяқтағаннан кейін «7-20-25» ипотекалық бағдарламасы жөніндегі келісімге қол қоюға әзірлік бар. Осылайша, біздің әріптес банктеріміздің дамыған желісін ескере отырып, біз «7-20-25» ипотекалық бағдарламасы елдің барлық өңірлерін қамтып, Қазақстанның азаматтарына көптен күткен тұрғын үйін алуға зор мүмкіндік сыйлайды деп үміттенеміз. Пайызы аз, алғашқы  жарнасы қолжетімді, мерзімі де ұзақ. Тиімділік жағынан осыны айтуға болады. Ал бағдарламаға қатысу үшін әлеуетті қарыз алушы банкке­ еңбек немесе кәсіпкерлік қызметтен кірісінің болуын­ растайтын құжаттарды, ипотекалық тұрғын үй қарыздары бойынша өтелмеген берешегінің жоқтығы туралы мәліметті, тұрғын үйінің болмауы туралы анықтаманы, сатып алатын тұрғын үй құжаттарын және тәуелсіз бағала­ушының бағасын ұсынуға тиіс.

Аяғың шығып жатса да бас сауғалайтын лашығыңның болғ­анына не жетсін?! Бұрынғыдай емес, халық саны көбейген сайын баспана тапшылығы анық сезіледі. Тіпті бас ауруға айналған десек те қателеспей­міз. Мұны жалғыз мен емес, бүкіл халық, ел президентінің өзі аңғарып, халыққа барынша тиімді бағдарлама әзірлеуді тапсырған болатын. «Президенттің бес әлеуметтік бастамасы» реформасы аясында алға­шқы өзекке «Әрбір отба­сына баспана алудың жаңа мүмкіндіктерін  беру» мәселесі енді.

Шынын айту керек, баспана­ алудың мүмкіндіктері қанша кеңейтілгенімен, оған мұқтаж адамдардың тізімі әлі күнге азаймай тұр. Пәтер жағалап, баспанасыз басы ауып жүр­гендер қатары тым көбейіп кеткен­.

- Тұрғын үй ипотекасын қалың көпшілікке жаппай қолжетімділігін арттыру арқылы барлық жағдайды жасау керек. Жұмыс істейтін әрбір адам несиеге­ пәтер сатып алып, оны отбасылық бюджетінің мүм­кіндіктері аясында төлей алатындай болуы үшін арзан ресурс­тар ұсынатын тетіктер қа­жет. Сондықтан, мен «7-20-25» бағдарламасын ұсынамын. Жұмыс істейтін әрбір қазақстандық төмендегідей шарттар бойынша теңгемен несие алу мүмкіндігіне ие болады. Несие­ өсімінің мөлшерлемесі қазіргідей 14-16 емес, жылына 7 проценттен аспайтын бо­лады. Қазір банктер бастапқы жарнаға баспана құнының 30 процентіне дейін, кейде тіпті 50 процентін салуды тала­п етсе, бұл бағдарлама бойынша ол 20 проценттен аспауға тиіс. Несие алушының ай сайынғы төлемін азайту үшін оның мерзімі 10-15 емес, 25 жылға дейін болады. Ол үшін Ұлт­тық банктің, екінші деңгейлі банктер мен қор нарығының мүм­кіндіктерін іске қосу керек. Ұлттық банк кемінде 1 триллион теңге қаржы тартатын арнайы компания құрып, ол қаржыны банктердің  жоғарыда айтылған шарттар бойынша беретін жаңа ипотекалық несиелерін сатып алуға жұмсауы қажет, - деген еді мемлекет басшысы өз сөзінде.

Дерек болсын, өткен жылы еліміз бойынша 11,2 миллион шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілген, соның өзінде шешілмей жатқ­ан түйіннің көп уақыт өтпей тарқа­тыларына сенім бар. Өйткені Елбасы ұсын­ған «7-20-25» бағдарламасы іске қосылды. Оның жұмыс істеуі үшін «Баспана» ипотекалық ұйымы» АҚ құ­рылды. Маусымда ҚР Парламенті заңнамаға Бағдарламаны тиімді іске асыру­ға қажетті түзетулерді қамтитын заң жо­басын қабылдады. Бағдар­лама халыққа 7% мөлшерлеме бо­йынша ипотекалық несие алу үшін оң­тайлы жағдайлар, кредиттелетін тұрғын үй құны­ның 20% мөлшерінде бастап­қы жарна, сондай-ақ 25 жылға дейін несие мерзімін ұсынады. Бүгінде «7-20-25» бағдарламасы шеңберінде Алматы, Астана, Ақтау, Өскемен және Орал қалаларында алғашқы қарыздар берілді. Бағдарлама бо­йынша ипотекалық қарыздар ұлттық валютада беріледі және оған тұрақты кірісі бар, меншік құқығында баспанасы жоқ азаматтар қатыса алады. Тағы бір ерекшелігі, онда нысаналы мемлекеттік қаржыландыру жоқ. Бағдарламаны қаржыландыру кредиттік ресурстардың тез қайтарылуын қамтамасыз ету үшін қор нарығында ұзақ мерзімді ресурстарды тарту есебінен жүзеге асырылатын болады. Бағдарламаны іске асыру қазақстандықтар үшін тұрғын үй сатып алуға мүм­кін­дік береді. Несиелік ипотеканың қарқынын жандандырады және жалпы ел экономикасының дамуына оң ықпал етеді.

ҚР Ұлттық банкінің хабарлауынша, мемлекет басшысы белгілеген «7-20-25» - әрбір отбасына баспана алудың жаңа мүмкіндіктерін беру» бағдарламасының негізгі өлшемдері өзгеріссіз қалды, бұл – түп­кілікті мөлшерлеме жылдық 7%, комиссиясыз және қосымша ақысыз, тұрғын үй құнының бастапқы жарнасы 20 пайыз, кредиттің ең  ұзақ  мерзімі – 25 жыл. Айта кетейік, тұрғын үй сатып алу үшін Астана, Алмат­ы, Ақтау және Атырау қала­лары үшін бағаның ең жоғар­ы шегі 25 миллион теңге­, ал қалған өңірлер үшін 15 млн теңге деп белгіленген. Нысаналы индикаторларға сәйкес ипотекалық кредиттердің жалпы көлемі 1 триллион теңгені құрайды. Бағдарламаға меншік құқығында баспанасы және басқа­ да ипотекалық қарыз­дары жоқ Қазақстанның әрбір азаматы қатыса алады. Бағдарлама қатысушысының кәсіп­керлік немесе еңбек қызметінен тұрақты расталған кірісі болуға  тиіс. Қазіргі таңда «Баспана» ипотекалық ұйымы» АҚ ЦентркредитБанкімен, «Халық»  банкімен, «Еуразия» банкімен, «Цесна» банкімен, «АТФ»  банкімен, «РБК» бан­кі­мен және «Тұрғын үй құрылысы жинақ банкі» АҚ-мен келісі­мге қол қойды. Ипотекалық кредиттерді сатып алу тетігі әріптес банктермен оңтайлы пысықталуда. Банктер ипотекалық кредиттерді «7-20-25» бағдарламасының талаптарына сәйкес береді, ал «Баспана» ипотекалық ұйымы өз кезегінде банктерден ипо­текалық кредиттерді сатып алады.

Сатып алу, сату үрдістері – сауда нарығындағы басты процесс. Мұндағы басты талап – сапалы қызмет ұсыну мен халық­ты баспанамен қамту. 7 пайызбен, бастапқы жарна  20 пайыз, мерзімі 25 жыл де­ген­мен, бір жылға алған несие­сін жаба алмай отырған қара халыққа қаншалықты тиімді? Әлде мұндай қаржысы жоқтар баспанадан қағылып қала бере ме? Банкке тиімді тұсы бар ма, қарапайым халыққа ше?

- Бүгінде «Сбербанк» пен «Форте Банк» бағдарламаға қызығушылық танытып отыр. Техникалық жұмыстарды аяқтағаннан кейін «7-20-25» ипотекалық бағдарламасы жөніндегі келісімге қол қоюға әзірлік бар. Осылайша, біздің әріптес  банктеріміздің дамыған  желісін  ескере  отырып, біз «7-20-25» ипотекалық бағ­дарламасы елдің барлық өңір­лерін қамтып, Қазақстанның азаматтарына  көптен күткен тұрғын  үйін  алуға  зор  мүмкін­дік сыйлайды  деп үміттенеміз. Пайызы аз, алғашқы  жарнасы қолжетімді, мерзімі де ұзақ. Тиімділік жағынан осыны айтуғ­а  болады. Ал бағдарлама­ға  қатысу үшін әлеуетті қарыз алушы банкке еңбек немесе кәсіпкерлік  қызметтен  кірісі­нің болуын растайтын құжат­тарды, ипотекалық тұрғын үй қарыздары бойынша өтелмеген берешегінің жоқтығы туралы мәліметті, тұрғын үйінің болмауы туралы анықтаманы, сатып­ алатын тұрғын үй құжаттарын және тәуелсіз бағала­ушының  бағасын  ұсынуға тиіс. Сондай-ақ, бүгінде «Тұр­ғын үй құрылыс жинақ банкінің» халыққа қызмет көрсетіп келе жатқанына 15 жыл толды. Осы уақыт ішінде банк процестерін  цифрландыру бағытында үлкен жұмыстар атқарылды. Қазір смартфон немесе ком­пью­тердің көмегімен Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі қызметтеріне жүгінуге болады. Бұл – біздің салымшылар үшін өзекті мәселе. Себебі, баспаналы болсам деп бүтіндей бір отбасылар ақша жинайды. Енді кеңес алу үшін олардың бәріне бірдей банкке­ барудың қажеті жоқ. Ыңғайлы жерде бас қосып, банк менеджерімен видеоконференция орнатып, банк ұсынатын өнімдердің артықшылығымен танысып, ары қарай қаражат жинау үшін шот ашуға болады. Видео қоңырау шалу қызметін бір ай ішінде 680 адам пайда­ланып  көрді. Сервис толық­қанды­ іске қосылған соң күніне 100 шақты  клиент қабылдаймыз деп  жоспарлап  отырмыз, - деді  «Қазақстанның Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» АҚ Қызылорда облыстық филиалының директоры Әділжан Сәулебаев.

Баспана аламын деп бар тапқ­анын жинап-теріп жүрген халық үшін соңғы жылдары оңтайлы бағдарламалардың қабылданып жатқаны – мәртебе. Бұған дейін баспана құны­ның 50 не 30 пайыздық құнын жинау міндеттелсе, «7-20-25» бағдарламасының айырмашылығы сол – 20 пайыз алғашқы жарна жинау. Ал бұл бағдарламаның банкке де, халыққа да аса тиімді тұсы – екіжақты келісім арқылы ұзақ және уақытылы төлем жасай отырып, сенімді клиент және тиім­ді банк атану. Әрине, 25 жыл дегенің­із аз уақыт емес, бірақ осы  уақыт  аралығындағы табысыңызды өзгенің қалтасына емес, өзіңіздің баспанаңызға төлейсіз. Есесіне, баспанадан бабы  болмай  жүрген бір қазақстандық  азаяды.

Н.ҚАЗИ

 


“ЕҢІРЕП ЕҢБЕК ЕТКЕНДЕР” немесе жанардағы жасанды жас PDF Print Email
Жаңалықтар - Ой-талқы
12.07.2018 12:46

“Еңірегенде  етегі жасқа толып, өксігін он екі күн баса алмай  қалды” дегенді естіп көріп пе едіңіз? Бауыр еті баласынан айырылып, ішқұса болған жандардың халі қашан да адам аярлықтай. Ал, сондай ауыр қазаны жақындарына қазақ халқы өте шебер естірте білген. Мұндай қазақ даналығының сарынын би-шешендердің ой-толғамдарынан, жүріп өткен жолынан айқын аңғаруға болады. Қайғыдан қара жамылып, қан жұтып отырғандарға жұртшылық көңіл айтып, көңіл қосын  жолдап  та жатады. Өз кезегінде қазан көтермеуге тиіс қаралы үйдегі марқұмның ет жақындары жоқтау  айтады.

Жоқтау – жылап-сықтау емес. Жоқтау – қазақ халқының дәстүрлі  ғұрыптық салты, тұрмыс-салт жырларының  бір  түрі. Десе де, мұнан бірнеше  ай  бұрын бұрынғы салттың  қазір қызмет түріне  айналғанын естідім. Иә, естімеген елде көп. Еңіреп те “еңбек” етуге болады екен. Бұл жеке басыма қатты әсер етті. Жанарынан жасанды  жасын  шығаратындар жайлы жазуға сол  кезде  қамданған  едім. Сәті енді  ғана  түскендей...

Естуімізше, елімізде марқұмды жоқтауға тапсырыс беретіндер де, тапсырыс алатындар да кө­бейіп келеді. Әрине, мұны дұрыс емес деп түбегейлі шешім шығара алмаймыз. Тиісінше, дұрыс деп қос қолдап қолдау да ыңғайсыз екен. “Жалданып жоқтау айта­тындарды көр­генде, естігенде марқұмның жақы­н танысы ма дерсіз” дейді көзкөргендер. Айтпақшы, жоқтаушылардың жұмысына алатын ақысы да қомақты. Тіпті, марқұмның атақ-абыройына байланысты қызметінің бағасы арта беретін кө­рінеді.

Дәстүрдің де озығы мен тозы­ғы бар. Ал, “оны ұстанатындардың  орны ауысса, қалай болады екен?” деген ой бізге маза бермеді. “Ағайынның азары бар да, безері жоқ” десек, дәстүрді “дамытуға” ат­салысқандарға кейбірінің өк­пе­сі қара қазандай болып тұр. “Басыңнан өтпеген соң біле алмайсың” деп жатамыз. Жаттың қайғысын жа­ны­на жақын алып, болмаса  да  ұқса­та алып жүрген кісілердікі шынында еңбек пе, жоқ әлде салымсыз ашылған бизнестің сұранысқа толы шағы ма? Дәстүріміз өзгеріске түсті ме, әлде дамыды ма, біз де білмей далмыз. Біздің мақсатымыз қоғамды қақ жа­ра­тын пікір айтып, ой талас­тыру емес, кері­сінше ой салу. Сондықтан, тақырыпқа сай Сіздің де айтарыңыз, көзқарасыңыз болса, мархаббат!

Рыскелді ЖАХМАН

 


 

Сіз не дейсіз?

Қалила  ОМАРОВ,

кинорежиссер-оператор:

- Қазақ руханиятында жоқтау – атам заманнан бар дүние. Бізге тарихтан жеткен әсіресе, жыр-дастандарда басты кейіп­керді жоқтау көп кездеседі. Оның бергі жағын­да Абайдың балаларын жоқтағаны есте шығар. Және бұл – қазақтың Ислам дініне дейінгі тарихында бар дәстүр. Былай қарасаңыз, ешкімді құр жоқтамайды. Жоқтауда сол тұлғаның образы жасалынады. Ол кісінің әулетке, елге жасаған еңбегі айтылып, портретін жасайды. Жоқтау – адамды тәрбиелейтін құрал. Егер сен мыңғырған малы бар, бірақ елге пайдасы жоқ адам болсаң­, жоқтауыңда да сол айтылмақ. Сыр бойында бұл дәстүр үзілген емес. Кейбір қалаларда арнайы мамандар тапсырыспен жоқтау айтады. Қазір көбі сыртқы саяси ықпалды күштердің себеп болуынан өзгеріске­ ұшырады. Мен өз басым жоқтауды шығармашылық таланты бар адамдардың айтқанын құп көремін. Бірақ, ол адамды азғыратын деңгейге жетпеуі керек. Демек, құр мақтау емес. Ол адам өмірде қандай болды, жоқтау да сол деңгейде айтылсын. Мұны халық ауыз әдебиетінің туындысы деп қарайтын болсақ, жоқтаудың уақытпен бірге дамуына да болады. Оны айыптаудың еш реті жоқ. Қазақ тойын қалай тойлайды, сол секілді қайғысында да жоқтаудың айтылуын дәстүрден бөлектей алмаймыз.

 

Сара  ТАЙМАНОВА,

филология   ғылымдарының  кандидаты:

- Қоғамның дамуына байланысты жоқтау айту дәстүріміздің көмескіленіп келе жатқаны рас. Жоқтау да өнер ғой. Оның да әуені, мақамы, керек болса ұйқасы болады. Жақын туысын жоқтау біреу­дің қолынан келмейтін болар, мүмкін екін­шісінің жақындары жоқ шығар. Әрине, біз дәстүрді жоққа шығара алмаймыз.

Кейбір жағдайда ең жақыны іштегі жан жарасын сыртқа шығара алмауы мүмкін. Іштей күрсінеді, жылайды, іздейді, жоқтайды деген секілді. Қолынан келген адам өзі айтады, қолынан келмегені амалсыздан арнайы айтатындардың көмегіне жүгінеді. Бұл – қазақтың салт-дәстүрі. Өз басым ешқандай қарсылығым жоқ. Десе де, жақынына өзі жоқтау  айтқандай  болмайды ғой.

Бұдабай  ақынның “Әйекені жоқтауы” атты шығармасы тарихтан белгілі. Қарап отырсаңыз, бұл жоқтау екі рулы елдің арасында дипломатиялық қарым-қатынасты реттеген, бітім­гер­лікке шақырған. Сонда “Әйекені өлтірген де халық, тірілткен де халық” демеуші ме еді? Міне, жоқтаудың рөлі. Жоқтауда­ синкретизм бар. Яғни, бұл бірнеше өнердің қосындысы. Сондықтан да оны дамыту, жаңғырту, жоғалтпау – бүгінгі ұрпақтың міндеті деп білемін.

 

Болатбек  ҰЛАСҚАНҰЛЫ,

“Ақмешіт-Сырдария”  орталық  мешітінің  бас  имамы:

- “Әби Ханифа (р.а) мәзһабында қайтыс болған кісіні жоқтап, өкіріп жылау – ха­рам,­ қатты дауыс көтермей жылауға бола­ды. Мәйіттің бар жақсылығын санамалап, өксіп, бетін тырнап, киімін жыртып немесе­ шашын жұлып, шариғатқа қарсы сөздер айтып жылауға болмайды”. Себебі пайғамбарымыз (с.а.у): “Біреу қайтыс болғанда бетін ұрғылап, тырнап, үстіндегі киімін жыртып және надандық дәуіріндегі айғайлап жылаған адам бізден емес”, - деп айтқан.

Сонымен қатар, кейбір өңірлерде мар­құмды жоқтауға арнайы әйелдерді жал­дайды. Сөйтіп олар тапсырыс бойынша өлікті  қырық  күн  жоқтап, алдын  ала  келіс­кен  ақыларын  алып кетеді. Бұл шариғатта  жоқ, дінге  қолдан  енгізілген  істердің қатарын­а  жатады.

 


ТРЕНИНГ ТРЕНД ПЕ? PDF Print Email
Жаңалықтар - Бүгінгінің болмысы
12.07.2018 12:35

Бұрынғы кезде адамның өмірге деген көзқарасын өз­гертуге және оны руха­ни  жағынан тәр­биелеуге арналған  мотивацияға толы философтардың бірқатар кітаптары болғаны белгілі. Мысалы, Аристотельдің рухани тәр­бие жайындағы қа­ғидалары мен Әл-Фа­ра­бидің «Ізгілік қаласы және кемші­ліксіз әлеумет» атты керемет еңбектерін айтуға болады. Бірақ бұл еңбектер тәжірибе жүзінде әлі де қолданылмаған. Пайдаланыл­ған­дарының өзі өте аз болған. Нелікт­ен? Ғалым Осман Нұри Топбаш «Бұл философтар өз айтқандарын өзінің өмір­ле­рінде тәжірибе жүзінде іске асырмаған  және  басқаларға үлгі  бола  алмағандықтан олардың­  пікірлері жәй ғана теория­ жүзінде қалып қойған» дейді. Осы кезде ақырғы пай­ғамбар Мұхаммед (с.ғ.с.)-ның өмірі еске түседі. Себебі оның осыдан­  сан  ғасыр  бұрын айтқан­ сөздерін бұлжытпай орындаушылар, орындауға тырысу­шылар біздің заманымызда да көп.

Неге? Өйткені, пайғам­ба­рымыз Мұхаммед (с.ғ.с.)-ның  өмiрiнiң кез келген тұсы, жүрiс-тұрысы, құл­шылығы, дұғасы мен тәубесi, сөйлеген сөзі, істеген амалы көпке үлгi бола алды. Ол қандайда бір жақсылыққа үндесе, сондай-ақ адамдарды тәртіп пен тәрбиеге­ шақырып, жомарттық пен қарапайымдылық туралы айтса­, сол қасиеттер өзінің бойынан табылатын. Пайғамбарымыздың асыл сөздері мен ұстанымдары өміршеңдік сипа­тқа ие болған. Қазір ше? Қазір адамдар өмірге деген, жалпы дүниеге деген көзқарасы­ мен пікірін жетіл­діру үшін, болмаса, басқа да жағдайларда арнайы семинар-тренингтерге жүгінеді. Сол арқыл­ы белгілі бір нәтижеге қол жеткізуді көздейді.

Семинар-тренингтердің кітап оқудан ерекшелігі – біз бір уақыттың ішінде естіп, көріп, сезіп, ойланамыз. Кітаптан оқығанымыздың барлығын тренинг арқылы, яғни ойын, тәжірибе жұмыстарының кө­мегімен толық түсіне аламыз. Статистика бойынша, адам ақпараттың 70 пайызын ойын түрінде еркін қабылдайтындығы дәлелденген: 10 пайызы кітап оқу арқылы, 25 пайызы көру арқылы, 5 пайызы есту арқылы. Мысалы, сахнада сөйлеп үйрену үшін, көп кітап оқуға қарағанда шешендік өнерге үйрететін тренингке қатыссаңыз, әлдеқайда тез меңгересіз. Себебі, тренермен бірге жаттығу жасап, ойындар ойнап, теория жүзінде алған біліміңізді тәжірибе жүзінде қайталап, шешендік өнердің қыр-сырын терең түсінесіз. Тренингтер белгілі бір ортадағы мәселелер мен қиын­дықтарды түзетуге, өзін-өзі шығармашылық түрде дамытуға, алған ақпаратыңызды, біліміңізді тәжірибе жүзінде дәлелдеп, толыққанды түсі­нуіңізге мүмкіндік береді. Тренин­гте нәтиже, өзгеріс бірден көрінеді. Оған  қатыс­қаннан  кейін адамдардың қарым-қатынас  бары­сын­да өздерін ұстауы, жүріс-тұры­сының өзгергендігін, сөйлеу мәнері мен мәдениетінің жоғарылағанын  байқауға  болады. Тренингтің түрлері өте көп. Соның ішінде кеңінен тарал­ғаны – психологиялық тре­нингтер. Мұндай тренингтер­дің ең маңызды мәселесі – адамның жеке қасиеттері ар­қылы­, өзін-өзі ашуына көмек береді. Ал ол үшін, ең бастысы­, адам өзін жеке тұлға ретінде қабылдап, түсіне білуі керек. Мұндай тренингтердің басым бөлігі өмірлік қиындықтарды жеңумен қатар сол сынақтан өту үшін мотивация алу болып табылады.

Феруза РАХЫМҚЫЗЫ, психолог:

– Қазіргі уақытта түрлі психологиялық семинар-тре­нингтердің ұйымдастырылуы белең алып келеді. Жалпы, тренинг  деген  не  екеніне тоқталып­ өтер болсақ, бұл практикалық әдістерін қолдану арқылы білім­ді, дағдыларды, қарым-қаты­насты, көзқарасты өзгерту немесе­ дамыту үшін жоспар­ланған әдіс.  Ал, тренер қатысушыларын дағдылар мен икемділ­ікке үйретеді, яғни алынғ­ан ақпараттарды қол­дануға  үйретеді.

Тренер жүргізетін тренингтің басты айырмашылығы сол, ол өзі оқытатын қатысушыларына үлгі бола алады. Ол – қажетті білімді жеткізудің барлық жолдарын меңгерген және қатысушылардың көп­теген  жеке сұрақтарына жауап­ бере алатын тұлға. Әрине,  бір  семинар  арқылы бүкіл қатысушының  ойы, өмірі  өзгеріп кетпейді. Кейбір адамдар жеке немесе ұзақ жұмыс жасауды қажет етеді. Сонымен қатар, бірінші  тренингте-ақ өзінің ойын өзгерте алатын жігерлі адамдар да кездеседі. Бұл олардың қабылдауына, ұстаным­дарын, көзқарастарын өзгерте алу қабілетіне байланысты. Өз тәжірибемнен мысал келтірер болсам, менің тренингтеріме қалмастан 2 ай қатысқан қыз болды. Екі айдан кейін өзінің өмірінің өзгере бастағанын, өзі қалаған нәрселердің тез орын­далып жатқанын, ендігі кезекте анасының да ойын өзгертуге жұмыс істеп жүргенін айтты. Тренингке келер адам соған дайын­ болуы қажет, сенім қажет. Сонда ғана ойында, іс-әрекетінде эффективті өзге­рістер бола алады.

Біздің елімізде кейбір тренерлерге расымен сұраныс жоғары. 200 адамдық зал толып отыратын уақыттар да кездеседі. Менің ойымша, кез келген адамнан алар пайдалы нәрсе болады. Тек біз содан мүмкіндік іздей білсек  болғаны.

Тренинг туралы зерттей келе, біз арнайы семинар-тренингке қатысқан адамдардың пікірін білуге тырыстық.

Азиз ДҮКЕНБАЙ, Қармақшы  аграрлық-техникалық  колледжінің   мұғалімі:

– Қазір не көп, бизнес-тренер көп. Екінің бірі ақшасын алып, сертификатын беріп,  3 сағат сөйлеп, 3000 теңгеден жинап, тренерлік сабақтар ұйымдастырып  жүр. Бұл, әсіресе, үлкен қалаларда қалып­тасқан ахуал. Айналайындар-ау, солар­ың керемет болса, сіздің  қалтаңызды  қағып,  бала-шағаңыздан жырып берген  тиыны­ңызды  не  қылсын. Түсінер едім, белгілі, белді, танымал кәсіпкер келіп, сабақ үйретсе, өз білгенін айтса, өз тәжіри­бесімен  бөліс­се. Бірақ  көп  жағдайда  ол  кісі­лердің  уақыты бола бермес. Қалғаныныкі құр дал­баса.  Бірде  Қызылордада сондай  бір  бизнес-тренингке  қатысып­, соңында тренинг біткен соң тренерд­ің велос­и­педпен  кетіп  бара  жат­қанын  көргенім  бар.

Айшолпан МҮТАЛАП, Қорқыт ата атындағы ҚМУ-дың   студенті:

– Қазақстан Ұлттық Телерадиохабар Таратушылар Ассоциациясының ұйымдастыруымен өткізілген "БАҚ туралы заңнамаға қатысты жаңа ережелер және журналистің қызметі" семин­арына  қатыстым. Семинарды  Бұқаралық  ақпарат құралдарына қолдау көрсету ортал­ығының заңгер көмекшісі Салтанат Қалдыбекова жүр­гізді. Семинардың алғашқы бөлімінде 2017 жылы 28 желтоқсанда қол қойылған жаңа Заңның өзгерістері туралы айтыл­ды. Сондай-ақ журналистің құқықтары мен мін­деттері  толық  жазылған  Заңдармен таныстырып, әрқайсы­сына­  тоқталып өтті. Заңдардың түсіндірілуімен қатар, журналистің ақпараттың дұрыстығын әрқашан тексеру керек­тігін, ақпарат алу жол­дарын, журналист  өнімінің  құқығы   мен талаптарын то­лық түсіндіре кетті. Жалпы, журналист пен блогердің  ақпарат  тарату­дағы айырма­шылық­тары, оларға қолданы­латын  заңдық  шаралар турасында  біршама  пікірталас  орын алды. Журналистер  тарапынан кей­бір құқықтық заңдар бо­йынша ұсыныстар  жазылып, ар-намыс, қадір-қасиет және іскерлік бедел­  жайлы сауал­нама алынды. Осылайша жур­налистерге  қатысты ережелер,  заңдармен  таныстырылым жасалған семинардан­ өзіме қажетті ақпараттар алдым. Жаңа  идея  туынд­ады.

Түйін. Егер белгілі бір жағдайда, ісіңізге немесе өміріңізге көңіліңіз толмаса, онда сізді шабыттандыратын мотивацияның керек­ болғаны. Десек те, тренингке қатысатындардың бәрі өмірдің қиындығына ұшыраған жандар емес екендігін атап өткен жөн. Сондай-ақ, тренингтердің барлығы дерлік аз уақыт ішінде өміріңізді өзгертеді деген сөз емес. Тренинг тек сіздің алға қарай жылжуыңызға ықпал жасайды.­ Одан кейінгі әрекет өз қолыңызда. Ал егер  де оған қатысу ойыңызда болса, онда пайдалы, әрі сапалы тренингтерге жазыл­ғаныңыз абзал. Әл-Фараби айтпақ­шы, «Дүниедегі ең оңай нәрсе – біреуге ақыл айту, ең қиын нәрсе – өзіңді-өзің түсіну». Әрине, таңдау­ өзіңізде. Дегенмен,­ «Жақсының жарты сағат әңгімесі, жаманның жарты ғұмырындай»  деген  сөз  бар. Сондықтан да барғалы отырған тренингтің  сапасына  көңіл  бөлсеңіз, артық бола қоймас.

Мөлдір   ҚУАНТҚАНҚЫЗЫ,

Қорқыт  ата  атындағы

ҚМУ-дың  2-курс  студенті

 


МӘЖІЛІС ДЕПУТАТТАРЫ ҚАРМАҚШЫДА ІССАПАРМЕН БОЛДЫ PDF Print Email
Жаңалықтар - Халық-хабар
12.07.2018 12:10

Қармақшы ауданына арнайы іссапармен келген Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаттары Бақытбек Смағұл және Геннадий ШиповскихТтің аудан әкімдігінің мәжіліс залында аудан активімен кездесуі өтті. Жиынды аудан әкімінің орынбасары Е.Меңлібаев ашып, жүргізіп отырды. Жиын мақсаты - Елбасымыздың «Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері» атты дәстүрлі Жолдауын және 5 наурыз күнгі «Президенттің бес әлеуметтік бастамасы» атты Үндеуіндегі ел дамуына тың қарқын беретін жаңа бағдарын насихаттау болып табылды.

Жиын барысында сөз алған Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты Бақытбек Смағұл бүгінгі таңда көтерілген мәселелердің барлығы Қазақ елі үшін өте өзекті болып табылатынын, жүзеге асырылатын бастамалар еліміздің экономикалық дамуының инновациялық өзегіне айналып, бәсекеге қабілетін арттыра түсуі тиіс екендігін жеткізді.

Аудан әкімінің орынбасары Е.Меңлібаев ауданымызда Елбасы Жолдауынан және Үндеуінен туындайтын міндеттер бойынша іс-шаралар жоспары бекітіліп, мемлекеттік бағдарламалардың орындалуы бойынша тиісті жұмыстар атқаралып, жаңа әлеуметтік нысандардың халық игілігі үшін пайдалануға беріліп отырғандығына тоқталып өтті.

А.Қозыбақов,

аудан әкімінің баспасөз хатшысы

 


Күнтізбе

< Шілде 2018 >
            1
2 3 4 5 6 7 8
9 10 11 13 14 15
16 17 18 19 20 21 22
23 24 25 26 27 28 29
30 31          

Сауалнама

Аса мәртебелі шенеуніктердің қылмысқа шатылып жатқандығы нені аңғартады?
 

Ауа райы

Валюта бағамы

Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі валюталардың ресми бағамдары