Өзекті мәселелер

  • 14.11.19

    Ішкі істер министрінің орынба­сары Алексей Калайчиди аттестациядан кейін лауазы­мы­нан  босаған полиция басшы­лары туралы айтты, - деп хабарлайды ҚазАқпарат.

    – Аттестация екі кезеңнен тұрды. Біріншісі – дайындық барысы. Яғни, лауазымдағы азаматтың  кәсіби  дағдысы зерттелді. Біз бұған  дейінгі полиция басшыларын аттестаттаудың оқ ату, дене дайындығын, заңды білу деңгейін тексеру сек...

    Толығырақ...
  • 14.11.19

    Бізде мынадай тенденция бар ғой. Әкімдер мемлекеттік мекемелерге барса,­ сондағы қызметкерлер тайлы-таяғымен иіліп төсек, жайылып жастық бола қалатын. Тіпті, бұл дәстүрге айналып кеткені қашан?! Ал әкім мекеме­ге ескертусіз келсе, жағдай қалай болар еді? Мұндай «қызықты» апта  басында  көрдік.

    ...
    Толығырақ...
  • 14.11.19

    «Отан қорғап, сарбаз сапына қосылады» деп үкілі үміт артып отырған­ бөріктілердің арасында әскери борышын өтеуден қашып жүргендер бар. «Қашқындарда­н» бөлек, республиканың түкпір-түкпіріне немесе өзге мемле­кеттерге жұмыс істеуге барып, нақты мекенжайсыз, хат-хабарсыз кететіндерге де дауа болмай отыр. Осыған­ байланысты әскерге шақырылушыларды жергілікті әскери­ басқару органдарына шақы...

    Толығырақ...
  • 14.11.19

    Мәдениет ауылдық округі тіректі елді мекенге айналғалы бұл өңірдің тірлігі де алға басты. Ауыл әлеуетінің артуына бұрын жергілікті шаруашылықтар қолғабыс ететін. Қазір кәсіпкерлікті қолдауға бағытталған мемлекеттік бағдарламаларды тиімді пайдаланған ауыл тұрғындары да табысқа кенелуде. Кейбір жандар жеке табысы артқан сайын әлі де бола берсе екен дейді. Ал  бұл  елді  мекендегі  шаруашы...

    Толығырақ...
  • 14.11.19

    Өткен жылы мемлекеттік «Нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамыту» бағдарлама­сына қатысып, «Атамекен» кәсіпкерлер палатасының қолдауымен «Бастау Бизнес» курсынд­а білімін жетілдірген Қармақшы ауданына қарасты Ақай ауылының жас кәсіпкері Қосым Жұмағалиевтің  есімі  бүгінде ауылдастарына жақсы­  таныс.

    ...
    Толығырақ...
Сәрсенбі, 18 Шілде 2018

«Ұлы істер үлкен кедергісіз бітпейді» PDF Print Email
Жаңалықтар - Саясат
19.07.2018 11:56

Алдағы 3 жыл Ақмешіт атырабы үшін кәсіпкерлік жылы болып белгіленді. Бұл туралы кеше облыстық мәслихаттың­ кезекті 21-сессиясында облыс әкімі Қырымбек Елеуұлы айтты. Алқалы басқосуда аймақ басшысына ұсынысты облыстық мәслихат депутаты Асқар Махамбетов жеткізген­ болатын. Оны бірден қабыл алған Қ.Көшербаев «халықтың қолын аузына жеткізудің бірден-бір жолы – кәсіп­керлікті дамыту» деп қадап айтты.

Алғашқы жартыжылдық қорытындыланған жиында алдымен өнім өндіру жұмыстарының деңгейі сарапталды.

- 2017 жылы облыста жалпы құны бір жарым триллион теңгенің өнімі шығарылды. Бұл 2016 жылмен салыстыр­ғанда 0,8 пайызға көп. Өздеріңіз білесіздер, жылдың басын­да айтқанбыз, жалпы өңірлік өнім бойынша 100 пайызға шықпайтын шығармыз деп. Қазір статистикаға сүйенсек, көрсеткіш 100 пайыздан асып отыр. 2017 жылы 1,5 триллион теңгенің өнімі шығарылып, 100 пайыздан  асып отырғаны – біз үшін жақсы жетістік. Мұнайға, газға және уран­ға байланысты соңғы төрт жылда көрсеткіштің қиын екенін сіздер жақсы білдіңіздер. Жалпы, өңірлік өнім бойын­ша соңғы 4 жылда алғаш рет 10 гектарға жетіп отырмыз. Бір ғана өңдеу өнеркәсібі саласынан өндіріс көлемі 56 пайыздан асып түсті. Яғни соңғы жылдары уран өнімдерінің бағасы түсіп кеткеніне қарамастан, жақсы өмір сүріп, қарқынды дамуға болатынын біз дәлелдедік, - деді облыс әкімі өз баяндамасында.

Сессияда белгілі болғандай, бүгінде өңір экономикасының көміртегі шикізатына тәуелділігі едәуір азайған. Айтарлықтай төмендеген. Облыста барлық макроэкономикалық көрсеткіштер жоғары деңгейде. Жағымды жаңа­лықтар жетерлік. Айталық, инвестиция көлемі 117,2 па­йызды құраса, құрылыс жұмыстары – 115,9 пайыз, ауыл шаруашылығы өнімдерін өндіру 102,7 пайызға көбейген. Ал өңдеу өнеркәсібі саласындағы еңбек өнімділігі биылғы бірінші тоқсанда 10 пайыздан асса, шикізаттық емес өнім экспортының көлемі 2,7 есеге артқан.

Осы ретте өңірдегі табиғи ресурстар, оның ішінде, мұнай өндіру көлемінің жылдан-жылға азайып келе жатқаны биыл да өз «үлесін» тигізбей қоймады. Жыл басынан бері өндірілген мұнай көлемі былтырғымен салыстырғанда­ 250 мың тоннаға жетпейді. Өнеркәсіп өндірісі көлемі бойын­ша да аздап қалып келеміз ( 95,3 пайыз). Тұрғын үй беру бойынша көрсеткіш – 74,3 пайыз. Межелі мақсатқа жетпеудің себебін облыс әкімі өткен жылы 18 көпқабатты үйді тұрғындарға бірден тапсырғанымен байланыстырып отыр. Осылайша былтырғы статистикамен салыстырғанда­ кемшін түсіп жатады. Десек те, жыл соңына дейін қазір кірпіші қаланып жатқан үйлердің тапсырылатынын ескер­сек, көрсеткіш арта түседі деген сенім бар. Есесіне, тау-кен – 122,8 пайыз, өңдеу өнеркәсібінен 3,1 есеге өсу бар. Облыстың дамуы үшін салынған инвестицияның ақтал­ғанын, оның оң динамикасын жоғары деңгейлі жетістіктер­ дәлелдей түседі. Осыны меңзеген облыс әкімі 2018 жылды барлық макроэкономикалық көрсеткішпен орындаймыз деп сендірді.

Қазір екі қолға бір күрек таппай, жұмыс іздеп сабыл­ғандар қатары аз емес. Облыс әкімінің сөзінше, экономикадағы оң үдерістің ықпалынан жыл бойы жұмыссыздық деңгейін 4,8 пайыздан асырмай ұстауға мүмкіндік беріп отыр. Бұл республиканың көрсеткішінен бірнеше сатыға төмен. Осы деректер мен дәйектерді ортаға салған аймақ басшысы ары қарай облыстағы барлық сала бойынша атқар­ылған жұмыстарды шолып өтті.

- Индустрияландыру. Бұл – өзі ұзақ процесс. Сондықтан экономиканы әртараптандыру биыл да біздің басты міндетіміз болып қала береді. Индустрияландыру картасының аясында 22 жобаны жүзеге асырдық. Оның 16-сы бойынша өнім өндіріліп, 1700 адам жұмыспен қамтылып отыр. Биылғы 6 айда осы жобалар шеңберінде жалпы құны 11 миллиард теңгеден астам өнім шығарылды. Бұл былтыр­ғы осы кезеңмен салыстырғанда 30 пайызға артық. Ал осы жобалар негізінде өндірілген өнім экспорты 37 пайызға көбейген. Қазір жалпы құны 620 миллиард теңге болатын экспортта тағы 26 жобаны жүзеге асыру жұмыстарын баста­п кетті. Нәтижесінде тағы да 6000-нан астам жұмыс орны құрылады деп күтілуде, - деді Қ.Көшербаев.

Мәслихат сессиясында хабарланған ақжолтай жаңалық – шыны  зауыты пешінің іске қосылуы. Құрылыс монтаждау жұмыстары осы жылдың төртінші тоқсанында аяқталады. Мұнан соң желтоқсан айында мемлекет басшысының қатысуымен өтетін телекөпір барысында шыны зауытының пешіне жан бітеді. Бұл туралы аймақ басшысы: «біз негізі пешті қосуды осы шілде айына жоспарлағанбыз. Алайда инвесторлар арасындағы проблемалардың себебімен қосу мерзімін кейінге шегеруге тура келді. Осы жөнінде мен атақты жазушының «Ұлы істер үлкен кедер­гісіз бітпейді» деген сөзіне келісемін»,  - деді.

Жарқын болашақты жалынды жастар құрайды. Қашан да білімді, белсенді жастарды қолдайтын облыс әкімі осы жолы  да жастардың жоғары білім алуына жауапкерші­лік­пен  қарайтынын  көрсетті.  Ағымдағы жылы облыс әкімі­нің білім гранттарының саны 2 есеге дейін өспек. Яғни, 205 оқу гранты бөлінеді. Айта кетейік, қаралған гранттың 70 пайызы ақпараттық технологиялар саласындағы маманд­ықтарға  бөлінеді.

Облыстық мәслихаттың кезекті 21-сессиясында күн тәртібіне 18 мәселе шығарылып, депутаттардың ұсыныс-пікірі ескеріле отырып тиісті шешім қабылданды.

Ж.ҚОЙШЫБЕКОВА

 


Сырмен сырласып, Аралмен мұңдасқан PDF Print Email
Жаңалықтар - Арнайы беттер
19.07.2018 11:27

Талант дегеніміз дала тілімен түстегенде хас тұлпар секілді. Жүйрікті баптамаса, бәйгеге қоспаса, қора тұт­қынына айналады. Ел құша­ғындағы дарабоздар ондай сыңаржақ тон пішуді пыру демейді. Бұлар әу бастан туған­ жердің бір тамшыдан нәрленер сүйрігіндей ми қайнатар аптаптың өзіне шыдас береді. Қолдан жасалатын қайшылықтардан жа­сы­май, намыс шарқайрағына жанылып, бұрынғыдан да өткірлене түседі. Сондай жалқы­ да халқына қарайла­маса жүрегі  сыздайтын аламан  тұлға Мұрат Сыдықов турал­ы  әлқиссамыз  осылайша шертілгені әділетті шығар.

Қазақилықтың кіндігі, әлбетте, ауылда. Мұрат үшін тұтастай Арал, Сыр өңірі ата жұрт, ана пейіл ауылындай. Ол ешқашан сәнді қала таңдамаған. Рас, сәнді сахнаны аңсайды. Өйткені, оның табиғаты  өнер  құймасы іспет­ті. Домбыраны құшағына қысты дегенше, шабыт әлемі сүйрелеп әкетеді. Салалы сауса­қтары айдынға сурет салғ­ан  аққу қанатындай се­зім толқынын ойната жөнеледі. Езіледі, егіледі: бірде саз, бірде жыр боп төгіледі.

Әсілі, Сыдықовты суреттеу жарасымды. Тақуа тізбеге салсақ, ол – ком­по­зитор, күйші, жырау, ақын. Осы ерекшелікті түгелдей жүлгелеу бір қаламға бағынбайды. Жалпылама сөйлеу Мұрат­қа да, бізге де тән емес. Арал­дықтардың әлденеше буыны Сыдықов шығармашылығынан тоят тапқалы қашан?! Бүкіл қазақ даласын әнге бөлеген Шәмші бейнесіндей қабылдаған жерлестері Мұраттың «Балықшы қыз», «Қайдасың, сен?», «Сыр гүлі» әндерімен махаббат назын бірге бөлісті. Сол халықтық  жаппай  ықылас  Сыдықовты шығармашылық  шыңға жетеледі.

Мұрат асулары жоталы. Онда та­тым­сыз тәулік жоққа тән. Жас дәуренге береш­ек емес. Жиырма бестің желдірмесін елуге дейін нөкерге алды. Бәрі өнерге құштарлықтың, қабілеттің ар­қасында. Жә, бұл арада шамалы бұрулау кеткендейміз. Мұратты қырандай баптап, серідей сүйсініп, Сыр мен Әмудің Аралды кемерінен асырғанындай асау ағыс сыйлаған өмірдегі, өнер­дегі серігі Базар Қостайқызының мейір шапағаты, шексіз махаббатына сірә да баға жетпейді. Алпысында арындап, жетпісінде өнер абызына айналған Сыдық­овтай тума таланттар сірә да тыным­  таппайды. Сарқылмайтын өнер кенішінің қатпар-қыртысын қазба байлықта­н бетер қорғаштайды. Жаратылыс  сондай  аманат  артқан.

Мұрат мәңгі музаға ғашық. Еліне еркелейді, ел үшін елжірейді. Әмбебап өнерпаздың кәсіби машығына әріптестері таңдай қағады. Домбыра тартса, дәуірлер күңіренеді. «Махамбеттің толғау­ы», «Мұраттың төкпесі» күйлері ғасырлар эстафетасынан ізделеді. Ән-би ансамбльдерін құрудағы жаңашылдығы, Қазанғап атындағы ұлт-аспаптар оркестрін қалыптастырудағы жетек­шілік үлесі, Сыдықовтар жанұялық ансамб­лін әлемдік сахнаға шығаруы Мұраттың өзіндік қолтаңбасына жатады.­

Біз бұл жерде Мұратқа жаңа анықтама қосып отырғанымыз жоқ. Жел­діртпе әңгімеміз себепсіз де емес. Мұрат  Сыдықовтың  «Жырлайды  Арал перзенті» және «Жыр мәйегі – мақам» атты қос бірдей кітабы жарыққа шыққалы, осынау құнды дүниелердің қалың оқырманға етене таныстырылмауы қолымызды еріксіз қаламға создырды. Өнер  саңлағының  салмағы да, сыры да басым  таңдамалысын  парақтай отырып­ қалың  ойға баттық.

«Жырлайды  Арал перзенті» 7 бөлім­нен тұрады. Музыкалық, әдеби, мұрағаттық  дүниелер бірін-бірі толықтырып отырады. Таңдамалы облыс әкімі Қырымбек Көшербаевтың Сыр сүлейлері  шоғырының  жалғасы Мұрат Сыдықовтың шығармашылық үрдісіне ризашы­лық алғысөзімен ашылған. Облыс­тық ардагерлер кеңесінің төра­ғасы  Сейіл­бек  Шаухамановтың шуақты­ лебізі таңырқатқан талантты даралайды. Қазақ өнерінің дүлдүлдері, Халық қаһарманы Роза Бағланова, Еңбек Ері Еркеғали Рахмадиев, Мемлекеттік сыйлық­тың  лауреаты Ғазиза Жұбанова­, би падишасы Шара Жиенқұлова, тұң­ғыш режиссер Асқар Тоқпанов, халық әртісі Мыңжасар Маңғытаев, Халық жазуш­ысы Фариза  Оңғарсынова, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Кеңе­с Дүйсекеевтердің жүрекжарды пікірлері Мұрат шығармашылығын ұлттық мұра тұрғысынан ерекшелейді.

Аталмыш кітапта өнер сапарындағы тілеулестерін ерекше ардақтайды. Олардың фотоларын, атақ-дәрежелерін, өзі туралы мерзімді баспасөз материалдарын, арнау жырлар мен толғамдарды, әулеті мен сырластары жайлы естеліктерін сәтімен орайластырған. Сексенге тарта өлеңдері енген. 23 ән мен 22 күйі­нің ноталары мен партитуралары Мұраттың музыка әлеміне табынтады. Оннан астам сценарий, театрланды­рылған  қойылым панорамасы халықтық  салтанатқа  шақырады.

Осы тұста оның және бір қыры қылаң береді. Мұраттың актерлік бейімі де бедерлі. Сценарийлеріндегі негізгі кейіпкерлерді сомдауда өзіне де міндет артады. Өнерпаз ұлдары Жандос пен Төлегенді үнемі образ кейпіне еліктіреді. Оркестрлік орындаудың ойдағыдай шығуы үшін әр аспаптың үн тазалығына айрықша мән береді. Оның күрделі шығармаларындағы әуендік құйылыстардың  желімдей  жымдасуында осындай нәзік иірім бар.

Мұраттың «Жырлайды Арал перзенті» кітабы өнертану саласына қо­сылған сүбелі үлес деуге толық негіз бар. Мұнда Сыр өңірі жұртшылығының рухан­и қуаты еркін сезіледі. Шығармашылық кемелденудің жанұялық үлгісі жөнінен де өзгелерден озық тұр. Сәнирасы – талантты биші, Жандосы – шебер музыкант, Төлегені – дәулескер күйші. Жұбайы Базар – мәдениет саласының үздігі. Өзінің даңқ тұғыры бәй­теректей биіктікке көз талдырады. Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, «Құрмет» орденінің иегері, мәдениет қайраткері деген оқшау белгілер өңіріне жарыса таласады. Кемел шағында консерватория бітіріп, Қазақстан Композиторлар Одағының мүшесі болған­ын  ерлік  демей  көріңіз?!

Сыдықов – нағыз патриот және энтуз­иаст. Аралының да, өнердің де жоғын­ жоқтаушы. «Аралмен мұңдасу» атты жыры әлемді шарлап кетті. Талай деректі фильмдерге арқау болды. Осынау оптимизмге толы азалы әуен Мұратты жаңа қырынан жарқырата ашты. Композиторлығын ақындығы мен жырау­лығы одан сайын асқақтатты. Осы рухани қолпаш тосын міндет артты­. Теңіз бен дария бойын жырымен бал­қытқан  жыраулар мақамын ұзақ жылдар жинастырып, ақырында «Жыр мәйегі – мақам» атты аса құнды зерттеу еңбегін жарыққа шығарды. Жәдігер жинақта Арал мен Қазалы жұртшылығын зар заманнан нұр дәуірге дейін жырмен  сусындатқан  жыраулардың 31 мақамы топтастырылған. Сосын бір ғажабы, соншама мақамды орындау үлгісі үнтаспаға түсіріліп, кітапқа қоса ұсынылған. Төрт мақам Үмбетәлі жырау­дың дауысында берілген. Ал, Мұрат 23 мақамды жаңғырта орын­дайды. Жыршылар Айна Тұяқова үш, Зәуреш Изекешова бір мақамды тамылжы­та  төгілтеді.

Тағы да Мұраттың ежелгі мұраға жанашы­рлығына тәнті боламыз. Жыраул­ар мектебінің шолғыншысы Үмбетәлі  Сапаровтың орындауындағы көне  нұсқаларды кезінде қарт жыраудан магнитофонға  жазып  алғаны кәдеге­ асты. Жыр жампоздары Бижан, Жан­сүгір, Жаппарберді, Жаңаберген, Дәрі­құл, Жалғасбай, Қуат және Үмбетәлінің көмескілене бастаған мақамдарын қайта тірілтуге құштарлана кірісті. Мақам­ өлшемдерін нотаға лайықтау Жандос Сыдықовтың дөп басқан ізде­нісі нәтижесінде мамандар назарын аударды. Ол  үшін алуан нұсқаны Мұраттың  қайта-қайта құбылта орындауына тура  келді. Осылайша бабалар аманаты болашаққа  жол  тартты.

Сөйтіп, Мұрат Сыдықов ақсақал жасында өнер зерттеушісі атанды. Нұр­туған мектебін қалыптастырған Бітім­бай, Бижан, Жансүгір, молда Дәулет, Жаңаберген, Жаппарберді, Кәрібоздар ізін жаңғыртқан Жәмет, Дәріқұл, Еңсепбай, Жалғасбайлардан тізгін алған­ Көпжасар, Бақытжан, Үмбетәлі жыраулардың орындаушылық қолтаңбасын кейінгі талапкер буынға табыстауда үлкен еңбек жасады. Мұраттың құнды мұраны қалай игергенін жыраулардың соңғы тұяғы Үмбетәлі сынағынан өткізіп барып бата алғаны қандай құптарлық!  Екі бірдей кітапқа редакторлық  жасаған, әсіресе, мақамдар өлше­мін  нотаға сәтімен лайықтаған Жандос Мұратұлының рәтті жұмысына өнерсүйер қауым әлі талай алғыс айтады.­

Мұрат  Сыдықов – қазақ өнерінің ел арасындағы  көшбастар өкілі. Оның кең  көлемді  шығармашылығынсыз Сыр өңірі өнерінің ұлы көшін елестету мүмкін емес. Ерке әндері, төкпе күйлері мен жігерлі толғаулары тыңдаушының айызын қандырады. Ол – бейнелеп айтқан­да, Қазанғаптың көзіндей, Нұр­туғанның  сөзіндей жәдігер талант. Төрт­күл дүниеден тоғысқан шетелдіктер Арал тағдырына қатысты Мұратты айнал­ып өткен емес. Өнер жалаугерін Алматы алақайлап қарсы алған, Мәскеу де тебірене тыңдаған, Қызылорда қуана қол соққан. Енді бұйырса, Астана сахна­сы бұйымтай сұрары хақ. Оның жасампаз бейнесінен Шәмші Қалдаяқов  кейпін, қалам ұшынан Ілия Жақанов үлгісін көргендей боламыз. Ендеше, композитор-күйші, ақын-жырау Мұрат Сыдықовтың ғұмырнамалық әрі шығармашылық бұлағындай қос кітапты  парақтауға  асыққанымыз  абзал.

Өмірге келгенім жоқ қапылыста,

Талпындым домбыра ұстап алты жаста.­

Еліктеп жыршы, күйші ағаларға,

Солардың өнегесі болды нұсқа! - деп қалың оқырманды, сүйікті тыңдарманын сырласуға шақырған, мұратына жеткен Мұратқа домбыра ұсынып, қолқа салғаннан басқа айтар назымыз жоқ. Халық тілеуі – осы!

Жаңабай  Кемал,

Арал  қаласы

 


ЖІГІТТЕРГЕ ЖАРАСПАЙТЫН МАМАНДЫҚТАР PDF Print Email
Жаңалықтар - Арнайы беттер
19.07.2018 11:14

«Адам екі нәрседен қателеспеу керек. Бірі жар таңдаудан болса, екіншісі – мамандық таңдау­дан» деп жатамыз. Әлбетте, жар таңдау – өзге тақырып. Біздің қозғағалы отырғанымыз маманд­ық жайында. Яғни, қазіргі кезде ерлер­ қауымына сәйкес келмейтін кәсіп жайлы болмақ. Рас, мамандық түрлері өте көп. Мамандықтың бәрі жақсы дегенмен, ер-азаматтардың көпшілігі әйел адамдарға тән жұмыстармен айналысуға бейімделіп келед­і. Мәселен, аспазшы мамандығын алайық. Бұл салада “әйелдерге қарағанда, ерлердің әзірлеген тағамдары дәмдірек” деген­ пікірді жиі естіп жүрміз. Және ерлер, әсіресе жас жігіттер сұлулық салондарында қыздарды әрлегенді ұнатады.

Көпшілік әйелдердің айтуынша, ерлердің істеген жұмыстары сапалы әрі өте жарасымды шығады­ екен. Заманның ағымы дейміз бе, әйтеуір әйелдеріміз ерлерге, ерлеріміз әйелдер­ге үйлесетін кәсіппен айналысып жүр. Бұл тең құқылы қоғам болғандықтан болар, бәлкім. Солай дейік.

Тепсе темір үзетін жігіттеріміздің қандай­ мамандық иесі болғаны дұрыс?

Қонысбек МӘЛІК, студент:

- Жалпы адам баласы, оның ішінде ер жігіттердің мамандық таңдауға келгенде мүмкіндігі жоғары. Бір қарағанда өзі қалаған мамандықты таңдайтындай көрінгенімен, әркімнің басында әртүрлі жағдай болады. Бірі спортшы, бірі мемлекеттік қызметкер, тағы­сын т­ағы санынан жаңылардай мамандықтар ер-азаматтарға сұранып-ақ тұр. Қоғамда ерлер ісін атқарған әйелдердің, нәзік жандылардың ісін атқарған ерлердің бар екені даусыз. Бұл жайт, түптеп келгенде, адамның жеке бас мәселесі. Әркім өзінің қалаған мамандығымен өз ойындағы өмірді сүруге ұмтыла­ды. Бірақ, пендеге бір-ақ рет берілетін өмірде дұрыс мамандық таңдаған да жөн шығар­. Дұрыс мамандық деп отырғаным еркек­ еркектің, әйел әйелдің қызметін атқарса...

Әйтпесе, еркектің сұлулық салонында сұлуларды әрлеп отырғаны, даяшы болып қызмет­ көрсеткені тағысын тағы жұмыстар ерсі көрінеді. Дұрыс-ақ, қазіргі қоғамда өмір сүру үшін еңбек ету керек, ақша табу керек. Еңгезердей жігіттердің үйінде жұмыссыз жатқа­нына қарағанда бұлардың  істеп  жүргені  еңбек-ақ. Еңбек  екен деп ерлердің ерсі  ермектеріне етіміз үйреніп кетпей ме деп  қорқамын. Етіміз  үйренді  дегенше, ерлер­ден  айырылдық  дей  беріңіз. Неде  болса, еркек еркек  болып  қалуға  міндетті.

«Мамандық» сөзінің өзі латын тілінен аударғанда, «жұрт алдында сөйлеу, жариялау» дегенді білдіреді екен. Бірақ, болашағымызбен тікелей байланысты бұл сөздің бұлай аударылатынын көпшілігіміз біле бермей­міз. Бұрындары, ескі заманда мамандықтың қазіргідей түр-түрі болмаған. Әр адам өз қолынан келген жұмысты істеп, өмір сүрген. Ал, қазір ше? Заман өзгерген сайын, адам да жетіліп, нарықтық қарым-қатынас пайда болды. Қоғам дамып, дүниеге түрлі жұмыс, яғни түрлі мамандық келе бастады, әлі де олардың шегі көрінер емес. Дегенмен, саны бар да, сапасы болмаса, елімізге, өзімізге не пайдасы бар?

 

Бекдәулет ЖОРАЕВ, сәулетші:

- Менің ойымша ер адамдарға психолог, стилист және визажист сияқты мамандықтар жараспайды. Мысалы, психолог мамандығына келетін болсақ, адамның жанын түсініп, ақыл-кеңес беруде ер адамға қарағанда, әйел заты басымырақ болады. Мұндай жағдайда ер адамдар салқынқандылық танытып, эмоциясын іште сақтап қалуға тырысады. Сондықтан  психолог  мамандығы  ерлер­ге сәйкес келмейді. Ал, стилист және визажист мамандықтарына келетін болсақ, әйелге­ тән киім сызбасын сызу және бет әрлеу жұмыстарын ер адамдардың жасап жат­қаны ерсі көрінері анық. Әрине, әркім көңілі қалаған­ іспен айналысқанды жаны сүйеді. Бірақ, көңі­лім қалады екен деп ойына келгенді жасау – жұртқа жеккөрінішті болуына әкеп соқтырады. Сондықтан мамандық таңдағанда, әйелдер өздеріне тән, ал ерлердің өзіне лайықты кәсіпті жаңылмай тапқаны дұрыс болар.

 

Бақытжан ҚАЙЫРБЕКОВ, аудармашы:

- Қазіргі таңда көпшілігі бітірген мамандықтары бойынша емес, жеке бас қызығушылықтары негізінде жұмыс істейді. Мысалы, менің мамандығым құрылысшы болғанымен, ол салада жұмыс істеп көрген емеспін. Қытай тіліне қызығушылығым артып, өз бетімше үйреніп, бүгінде осы сала бойынша жұмыс істеп жатырмын. Адамның мамандығына деген­ қызығушылығы мен сүйіспеншілігі болмас­а, онда  жұмысының мәнісі жоқ сияқты­. Сондықтан да, қандай мамандық болмас­ын, адамның сол мамандығына деген махабба­ты  болуы  керек.

Мамандық – қарапайым өмір сүру көзі болып табылатын және қандай да бір дайын­дықты, жауапкер­шілікті талап ететін еңбек қызметінің маңызды бөлігі. Біреулер үшін ойға алған арманның орындалуы, отбас­ы дәстүрін жал­ғастыру, ал екіншілер үшін жаңалыққа, дербес­тікке талпыныс. Тағы бір тобы әйтеуір бір мамандықты алу керек болғандықтан уақытын сарп етеді. Мамандық таңдау – тағдырыңды таңдау. Кейін өкінбейтіндей, бейімділік пен  қабілет­ке  сай кәсіптің иесі атану қажет.

Философ, әлемнің екінші ұстазы Әл-Фараби «... адам кез келген жұмысқа жарамд­ы бола бермейді. Ол жұмысты неғұрлы­м  жетік  және  жақсы  атқарса,  білгір және  шебер болып  шығады. Қандай маман­дық болмасын, әркім өз табиғатына сай кәсіппен айналысқаны жөн» дегенді айтады­. Әрине, біздің оған алып-қоса­ры­мыз  жоқ. Сіздің  ше?

Тоғжан  ҮБАЙДІЛДАҚЫЗЫ,

Қорқыт  ата  атындағы

ҚМУ-дың  2-курс  студенті

 


ЕРКЕКТІҢ ӘЙЕЛДЕН АЙЫРМАСЫ БОЛҒАНЫ ЖӨН PDF Print Email
Жаңалықтар - Арнайы беттер
19.07.2018 11:09

Мен «Мырза» беті үшін ер-азамат туралы өз ойымды білдіргім келеді. «Қазіргі ерлер ұсақталып кетті» деген пікір бар. Өзім ол пікірге толық қосыла алмаймын. Өйткені оларға бүгінгі нарық жағдайы, жұмыссыздық себеп болып отыр. Бірақ атам заманнан еркектің аты – еркек.

Расы сол, әйелдерге қарағанда көп жұмыс атқаратын да, өндіріп табыс табатын да – еркек. Ал қазір үйде де, түзде де бала тәрбиелеп, тынымсыз тірлік кешіп жүрген әйелдер шыдамды екен. Бала кезімізде ауылдағы қазыналы қарттарды көзіміз көрді.

Ол кісілер егін егіп, диқаншылықпен айналысып, мал бағып, отбасын асырады. Сонда менің есімде сақталғаны, олар әжелерімізді қатты сыйлайтын. Отанасын­ құрметтеп, жұрт көзінше көтермелеп, абысын-ажынның тату болғанын дұрыс көретін. Ұрысып, керісіп немесе отбасының шырқын бұзғанын естіп-білгеніміз жоқ. Қазіргі ерлер сол әкелерімізге ұқсай ма, сол кісілердей көңілі кең, мәрт, досына адал, дұшпанына қатал ма? Міне, мәселе осында!

Бүгінгі ерлердің бейнесіне тоқталсам. Ер адамның үйде ұсақ-түйекке араласып, тырнақ астынан кір іздеп отыратын қасиетін мен құптай алмаймын. Ал үй болатын жандар бір-бірінің кемшілігін жасыруы­ керек. Осындай тірлігі майда жігіттен бас тартып, алыстап кетуге мәжбүр болдым. Әсіресе, батыс өңірінің азаматы іші тар, ұрыс-керіске бейімділігін танытатын. Мен ақын Фариза айтпақшы, ақкөңілмен қарсы алдым, ерсілеу қылығына сан шыдадым. Сөйтіп, студенттік өмірімді онымен бірге өткіздім. Мен оны басқаға айырбастағым келген жоқ. Егер өзі улы тілін жұмсамаса... Адамды өсіретін де, өшіретін де – сөз. Кезінде сол майдалықтың кесірінен өкініп жүрген жандар барын білемін. Уақыт емші ғой. Арада көп жылдар өтті. Мен оны ұмыттым. Дегенмен, қазір өкінгенмен не пайда? Жастық шағымыз, өткен жылдар қайтып оралмайды­ ғой. Жылына бір келетін туған күніңді ескермесе, өмірі атыңды­ атап, бір нәрсе алмаса, оны кім есінде сақтайды? Осылайша сыншыл, әрі мін таққыш адамнан дер кезінде алыстап кеттім.

Қазір жолдасым бар. Құдайға шүкір, ол мені сынап, ешқандай мін айтқан емес. Қуанышты да, қайғыны да бірге бөлісіп келеміз. Мен жүз сөйлесем де, ол үндемейді. Оған киімі жуулы, тамағы дайын болса, болды. Еркектің әйелден айырмасы болуы қажет. Сондықтан қыздар, өмірлік жар таңдағанда өзіңе жау болып, үнемі сынап отыратын адамдардан сақ болыңдар! Жаны ашып, көмек болатын жолдас табу керек. Өз басымнан өткен соң  айта­мын. Кемшіліксіз адам бола ма? Әркім өз мінін өз білуі қажет.

Бір әйел ерінің майдалығынан мезі болып, Расул  хаққа жүгінеді. Сонда  пайғамбарымыз  әлгі кісіге:

– Сен өз мемлекетіңнің күйрегенін қалайсың ба? - дейді.

Әлгі кісі өз мінін біліп, отбасына мойынұсынған екен. Ал ол менімен мемлекет құрмай жатып күйреді. Неліктен? Әрине, ұзын тілі, әрі ұсақ-түйекке мән бергіш еді.

Осы ретте ақын Төлеген Айбергеновтың мына өлеңі еске түсіп отыр:

Бұл қазақта жігіттер бар нар қасқа,

Жарқылдаған алмас па

Дейсің-ау, дейсің сен оны,

Айырып кетсе жол басқа.

Орны тіпті толмас та.

Тулатар тек от денені.

Бұл қазақта жігіттер бар қонаққа

Маңдайындағы бір атын

Жайратып салып, жарқылдап күліп тұратын.

Көкірегінен күн сөнбей

Осы бір шақтан білсең ғой

Тұратын тауып мұратын.

Бұл қазақта жігіттер бар мәрт-батыр.

Жалаңаш батыр көбі оның.

Аударып тастар сен үшін

Алтын бар десең, астында мынау төбенің.

Солардың аппақ ниетімен.

Ақ қарға жаққан отымен

Лапылдап мен де келемін.

Бұл қазақта жігіттер бар шың тектес

Тұра да алмас шың бұлай.

Қасқайып олар тұрғанда

Биіктер сенің тұлғаң да,

Миллион мәрте, құрбым-ай.

Иә, қиналсам көмекке жетіп келетін көрші інілердің, ағалардың дені сау болсын! Өмірлері шат-шадыман бақытқа толсын!

Нағима  МҰЗАРАПҚЫЗЫ,

Қызылорда  қаласы

 


РИЗАМЫЗ РЕСЕЙ, КАТАРДА КЕЗДЕСКЕНШЕ! PDF Print Email
Жаңалықтар - Сергек
19.07.2018 10:49

Бір айға созылған мундиаль да өз мәресіне жетті. FIFA есебінше, Ресейге әлем чемпионатын көруге 1 миллионнан астам турист келіпті. Теледидардан 3 миллиардтан астам адам тамашалаған. Ал, еліміз бойынша биылғы біріншіліктің көрсеткіші 2014 жылғы әлем чемпионатына қарағанда  16%-ға артқан. Әлем чемпионатының ақтық айқасында Франция құрамасының Хорватияны жеңгені баршаға белгілі. Мәскеудегі “Лужники” стадионындағы матч ірі есеппен (4:2) аяқталды. Араға 20 жыл салып жеңімпаз атанған Франция әлем чемпионы ретінде 38 миллион долларға иелік етті. Тиісінше, Хорватия – 28, Бельгия – 24 және Англия 22 млн доллардан сыйақы алды. Жалпы, Ресейдегі әлем чемпионатының жүлде қоры 400 миллион доллар болды.

Хорватия – әлем чемпионатының финалында­ ойнаған 13-ші ел болып отыр. Ал, Францияның 20 жылдан кейін әлем чемпио­ны атанғанын жоғарыда жаздық. Олар 1998 жылғы әлем чемпионатын ұйымдаст­ырып, осы турнирде жеңіске жеткен­ болатын. Сол жылы Франция мен Хорватия жартылай финалда кездесіп, онда да француздар жеңген еді. Оқырмандар үшін өте қызықты жаңалық, Франция құрама­сының мүшесі, турнирдің үздік жас ойыншысы  атанған  Киллиан  Мбаппе    1998 жылы өз елі әлем чемпионы болған кезде әлі дүниеге келмеген еді. Көрдіңіз бе, бақ та, бақыт та – осы. Жас екен демеңіз, жемісін беремін десе, қазір-ақ. Сондай-ақ, Франция құрамасының бас бапкері Дидье Дешам 20 жыл бұрын ойыншы ретінде әлем чемпионы  атанды. Енді міне, шәкірт­терін де  өзі  сезінген  бақытқа  жетелеп  отыр.

Енді чемпионат барысындағы санды мәліметтерді сөйлетейік. Өйткені, статистика – тарих. Биылғы бірін­шілікте жалпы саны 169 гол соғыл­ды, орта есеппен алғанда әр ойында – 2.6 гол. Бұл көрсеткіш бойынша 1998 және 2014 жылғы бірін­шіліктерге ғана жетпей қалды. Ол екі чемпионатта 171 рет есеп ашылған болатын. Ресей­ жерінде­ көрермендер 12 автоголдың куәсі болды. Бұған дейінгі ең көп автогол 1966 жылы тіркелген еді. Англияда өткен чемпионатта футболшылар 6 мәрте өз қақ­пасын көздеп алғаны бар. VAR жүйесінің арқасында осы чемпионатта пеналь­тилер санының да көп болғаны анық. 1990, 1998, 2002 жыл­ғы чемпионат­тарда 18 пенальтиден белгіленсе, бұл жолы жанкүйерлер 22 пенальтиді тамашалады. Бір ай бойына төрешілер ойыншыларға 219 сары қағаз, 4 қызыл қағаз көрсетті. Орта есеппен әр матчта  3.5 рет ескерту жасалып отырған. Чемпионаттағы ең нәтижелі құрама – Бельгия. Олар 16 голды өз командасына жазды. Ал, ең көп соққы жасаған Хорватия құрамасы болып отыр. Хорваттар­ 7 матчта 352 мәрте қарсылас қақпасын дәл көздеуге тырысқан екен. Англия құрамасы ең көп пас алмасқан құрама ретінде тіркелді. Олар 7 ойында 3336 мәрте өзара  пас  жасаған.

Біріншілікте ең көп гол соққан – Англия шабуылшысы Гарри Кейн. 6 гол соққан Кейн чемпионаттың үздік сұрмергені атағына ие болды. Ең көп сэйв жасаған қақпашы – Тибо Куртуа. Бельгия құрамасының қақпашысы 7 ойында 27 мәрте өз қақпасын голдан қор­ғап қалған. Сондай-ақ, Хорватияның жар­ты­лай қор­ғаушысы Лука Модрич әлем­нің үз­дік ойын­шысы  атанды.

Мексикалық жанкүйер­лер топтық кезеңде Германияға тойтарыс бергеніне қатты қуанғандары соншалық, аяқасты жер сілкінісін жасап жіберіпті. Әрине, Мексика құрама командасы ойынның 35-минутында гол соққанда бүкіл ел болып­ айғайлап, секіріп қуанғаны анық. Дәл осыдан жер сілкінісі  бола қоймай­тыны да рас. Дегенмен, гол соғыл­ған­нан кейін 7 секунд өт­кен соң  Мексиканың  геоло­гия­лық және атмосфералық зерттеу инсти­тутының  мамандары Мехико қаласының екі ауданында жер дүмпуі тір­келгенін растады­.  Бірақ, бұл сәйкестік ғана.

Осындай қызықтарымен есте қалған, стадион­нан миллиондар, экраннан миллиардтар тамашалаған мундиаль да өз мәресіне жетті. Ендігі кезек – 2022 жылы Қатар мемлекетінде өтетін 22-інші чемпионатта. 32 команда ойнайтын чемпионат қараша­ мен желтоқсан айларында өтеді деп жоспарлануда. Ал, 2026 жылы АҚШ, Канада, Мексика бірігіп ұйымдастыратын әлем біріншілігіне 48 команда қатыспақ. Сөзіміздің соңын “Ризамыз Ресей, Катарда­ кездескенше!” деп аяқтауды жөн көрдік. Ал, доп додасының кейбір қызық сәттерін суреттер сөйлетсін.

Рыскелді   ЖАХМАН

 


 

Бір  сөйлеммен...

* Уругвай құрамасының бас бапкері, 71 жастағы Оскар Табарес жаттықтырушы ретінде төрт рет әлем чемпионатына қатысқан алғашқ­ы маман болып отыр.

* Мексика құрамасының 39 жастағы қорғауш­ысы Рафаэль Маркес бес әлем чемпиона­тында (2002-2018) қатар ойнады.

* Әлем чемпионатына ұлттық құрамаларын бірауыздан жұмылып шығарып салған бразилия­лықтар жұмыртқа лақтырып қарсы алуға мәжбүр болды.

* Хорватия ойыншысы Иван Перишич біріншілік барысында 72 шақырым жер жүгірген.

* Хорватия ойыншысы Анте Ребич несиесі бар ауылдастарының барлық қарызын өтеп берді.

* Аргентиналық төреші Нестор Питана биылғы әлем чемпионатының алғашқы (Ресей-Сауд Арабиясы,­ 5:0) және соңғы матчына (Франция-Хорватия, 4:2) қазылық етті.

* Панама мен Исландия алғаш рет әлем чемпионатына қатысты.

* Исландия – әлем чемпионатында ойнаған ең кішкентай ел.

* Ең нәтижелі ойын Бельгия-Тунис кездесуі (5:2).

 


Патшалық ресейдің орыс шаруаларын Сырдарияның жағасына көшіру саясаты PDF Print Email
Жаңалықтар - Арнайы беттер
19.07.2018 10:33

XIX ғасырдың 60-жыл­дары Ресей Қазақстанды түгел жаулап алуды аяқтаған уақыттан бастап, Ресей үкіметі орыс шаруаларын Қазақстанға жаппай көшіру саясатын қолға алды. Бұл кез Ресейдің өз ішінде буржуа­зиялық реформалардың баста­луымен  дәл  келді.   1861 жыл­ғы крепостнойлық құқықты жою Ресейдегі аграрлық мәселелерді шешуге көмектеспеді, шаруалардың наразылығы көбейе түсті. Мұндай жағдайда оларды револ­юциялық наразылық пиғылдардан аулақ ұстау қажет болды. Ол үшін шаруа­лардың назарын бас­қаға аудара­тын саясат қажет еді.

Орыс  переселендері

Осы мақсатта патшалық үкімет әртүрлі шараларды ойластыра бастады. Солардың бірі переселендік жұ­мысты күшейту болды. Ре­сей­дің орталық губерния­ларындағы шаруаларды жаңад­ан жаулап алынған шығыс аймаққа көшіру сол кездегі орын алған жер жетіспе­ушілік мәселесін шешу үшін ғана емес, жаңа жер аймағында орыс шаруаларының есебінен үкімет өзіне сенімді тірек, қолдаушы  табуы  қажет еді. Осы кезге дейін Ресей үкіметі жаңада­н жаулап алынған жерлерге әскери казактарды орналастырумен айналысып келсе, енді жаппай орыс шаруа­ларын көшіру арқылы жаңа жерлерді игеру саяса­тына  көшті.

Жаулап алынған қазақ дала­сын отарлаудың, далалықтарға орыс шаруаларын көшірудің іс-шаралары да­йындалып жүргізіле бастады. Жетісу облысының әскери губернаторы Колпаковский­дің ұсынысымен 1868 жылы «Шаруаларды Жетісуға көшірудің уақытша ережесі» атты құжат дайындалды. Бұл құжат 1883 жылға дейін пайдал­анылды. Осы «Уақытша ереже»  бойынша орыс шаруа­ларына бірнеше жеңіл­діктер қарастырылды: адам басына (ер кісі) 30 десятина жер, 100 рубль несие беріліп, 15 жылға дейін салықтан, түрлі міндеттерден боса­тылды.

Қазақ  жеріне  бет алған  орыс  шаруаларының  көші

1883 жылы Жетісу облысының Далалық генерал-губер­наторлықтың құрамына кіруіне байланысты «Облыстың тұрғылықты халқының жер  мәселесін  қалыптас­тыру ережесі» дайындалды. Жаңа ереже переселендердің бұ­рынғы жеңілдіктерін бір­шама  қысқартты. Енді әрбір ер кісіге 10 десятинадан жер беріліп, салықтан тек 3 жыл­ға  ғана  босатылып, келесі үш жылда оларды жартылай төлейтін  болды.

1886 жылы «Түркістан генер­ал-губернаторлығын басқару жайлы ереже» да­йындалды. Бұл құжат бо­йынша әрбір ер кісіге 10 деся­тинадан жер беріліп, переселендер салықтан және басқа міндеттерден бес жылға боса­т­ылды, осыдан кейінгі бес жыл бойы салықты жартылай мөлшерде төлейтін болды.

Арнайы шығарылған «Ауылдық тұрғындар мен мещан­дарды қазыналық жерлерг­е өз еркімен көшіру және осы аталған таптардың бұрынғы уақытта көшіп келген­ мүшелерін осы топқа қосу» жайлы 1889 жылы 13 шілдедегі ережесі бойынша олар енді ішкі істер мен мемлекеттік мүлік жөніндегі министрліктің алдын ала рұқсатымен ғана көше алатын  болды.

Патшалық Ресейдің XIX ғасырдың аяғындағы пере­селендік  саясатын  жүргізуші басты орган – сол кездегі Сібір теміржолының комитеті болды. 1891 жылы бас­талған Транссібір теміржол магистралі Солтүстік Қазақстанның үстімен жүруге тиіс болатын. «Сібір теміржолының  ерекше комитеті» Ақмола­ облысының 3 уезінде 2 241 503 десятина жерді 160 мың шаруаның көшіп келуіне деп бөліп қойды.

XIX ғасырдың 90-жылдарының ортасынан бастап Сібір мен Қазақстанға орыс шаруаларын көшірудің қарқынды жұмыстары жүргі­зілді. Арнайы экспедиция шығарылып, ол  артық  жат­қан жерлерді «переселендік қордың» есебіне кіргізумен айналысты. Бұл экспеди­цияны Қазақстанды көп зерт­теген Ф.Щербина бас­қарды. 1896-1902 жылдары экспедиция  Торғай,  Ақмола, Семей  облыстарының 12 уезін зерттеді. Нәтиже­сінде қазақ жерлерінің жартысы  тартып  алынды.

1861 жылғы крепостнойлық құқық жойылғаннан кейін Ресейдің орталық губерни­яларының шаруа­лары өз беттерімен қазақ далас­ына  жаппай  көшіп келе бастады. Қазақтың жерін орыс шаруаларының есебінен отарлау басталды. Орыс шаруалары барлық қазақ облыстарына көшіп келіп, мыңдаған орыс қыстақтары пайда болды. Мы­салы, 1897 жылғы санақ бо­йынша  Ақмола облысындағы  орыс  халқының  үлесі 33 пайыз болды. 90-жыл­дары Солтүстік Қазақстанда переселендерге жер учаскелері жетпейтін жағдай орнады. Көшіп келіп жатқан орыс шаруаларына арнап үкімет «переселендік жер қорын» ұйымдастырды. Переселендердің егіншілікпен айна­лысуларына жағдай жасау мақсатында қазақтардың аумақты жер аймақтары тартып­  алынып  берілді.

Оңтүстік Қазақстанның жері жауланып алынған соң орыс шаруалары қазақтың оңтүстік аймақтарына да көшіріле бастады. Оңтүстік Қазақстанға 1882 жылы  14 мың орыс шаруасы көші­ріліп әкелініп, 5 уез құрылды, 80-ге жуық орыс қыс­тақтары пайда болды.

Шаруалардың есебінен отарлау Сырдария облысын да қамтыды, негізінен ал­ғанд­а Шымкент, Ташкент және Әулиеата уездеріне көптеп қоныстанды. XIX ғасырдың аяғында 40-қа жуық орыс қыстақтары құрылып, оларда 2,5 мың отбасылар тұрды. 1891 жылы Ресейде болған­  аш­тық орыс шаруа­ларының Қазақстанға шұ­быруын одан да бетер кү­шейтті. Перес­елендердің санын­ың көп болғаны сонша, патша үкіметі оны шектеуге  мәж­бүр болды.

Патша үкіметінің шаруаларды көшіру саясатының нәтижесінде қазақ даласының ең құнарлы жерлері орыс шаруаларына алып берілді, қазақтар сусыз, құнарсыз, пайдалануға жа­рам­сыз  жерлерге  тықсырылды. Нәтижесінде Қазақстанның демографиялық жағдайы өзгерді. 1897 жылғы жалпы санақ бойынша Қазақстандағы қазақтың үлесі 87,1 пайызға дейін төмендеді. Сол кездегі жалпы халықтың саны 4 471,8 болса, оның 3 399,5-і – қазақ, орыстар мен украиндар – 532,7, татарлар – 55,4, өзбектер – 73,5 мың, ұйғырлар   56 мың  болды. Переселендер негізінен алғанда стратегиялық маңызды аймақ­тарда, бекеттерде, тіректерге орналастырылды, оларға мылтық, оқ-дәрі берілді. Міне, осылай көшіріліп әкелін­ген орыс шаруалары бір жағынан Ресейдің әскери-агрессиялық сыртқы саяса­тының жауынгеріне айна­лып, екінші жағынан ішкі саясатында әскери-феодал­дық қолшоқпары қызметін  атқарды.

 

СЫРДАРИЯНЫҢ ЖАҒАСЫН ОТАРЛАҒАННАН КЕЙІНГІ  ОРЫС ШАРУАЛАРЫН  КӨШІРУ

 

1853 жылы Ақмешіт қамалын шабуылмен алғаннан кейін орыстар Сыр бойына орыстың шаруаларын алып келіп, орналастыруды бірден қолға алды. Олар бұл мақ­сатын келген орыс шаруалары жергілікті қазақтарды егінші­лікке үйретеді-міс деп түсіндірді.

Ақмешіт қамалын ал­ғаннан кейін Сырдарияның ортаңғ­ы ағысына дейінгі жер орыстардың қарамағына көшті. Әуелгі кезде орыстар тек ғана қамалдың ішінде тұрып жатты. 1854 жылы Петер­бургтен  Ақмешітке 300 казактың отбасын көші­ріп әкелу жөнінде жарлық түсті. Бұл көшу мен қоныстану шығындарының барлығы жергілікті жерден, яғни қазақтардан жина­латын түтін пұлдан және баш­құрттардан алынсын делін­ді. Бірақ жергілікті жерден қа­ражат  табылмай, бұл  бұйрық  орындалмады.

Перовскийдің орнына келген генерал Катенин жаңа­дан қосылған жерлерді отарлау мәселесін қайтадан көтерді. Оның пікірінше Сырдария линиясына бір­неше казак станицаларын көшіріп әкелу қажет, олар мұнда мал шаруашылығымен, егіншілікпен айналысып және де өздерін қарумен қорғайтын болуы керек деді. Зерттеулердің нәтижесінде Сырдарияның оң жағасында тек 6 орын ғана жарамды деп табылды: олар – қазіргі Қазалы қаласы, Қармақшы шат­қалы, Ақмешіт және осы жерлердің аралықтарындағы шатқалдар. Дегенмен, орыстың казактарын жаңа жерге қоныстандыру үлкен қиындыққа кездесті. Біріншіден, переселендер сусыз даламен, ұзақ қашықтық жолда көп­те­ген қиыншылықпен жетеді­, егіншілікке қажетті құрал-саймандарын өзімен бірге алып келу кедей шаруаға мүмкін емес еді, оларды келген жерінен таба алмайды. Жаңа жерлерге оларды алып келудің тағы бір қиындығы, қонысқа жайлы жерлерде қазақтың қыстаулары орналасқан, ол жерлерді қазақ­тардан күшпен тартып алып ғана беруге болады. Бұлай бола қалса, қажетсіз шиеле­ністі жағдайлар орнап, қазақ пен орысты бір-біріне қарсы қойған болар еді.

Мұндай ой-пікірден соң Катенин переселендерді Сырдарияның жоғарғы бойындағ­ы қоқандықтардың  жеріне  орналастыруды, со­лар­дың жерлерінің есе­бінен переселендерге жер беру мәселесін шешуді бұйырды.

1861 жылы орыстардың Сырдария өзені бойынша жоғары қарай жаулап алу қозғал­ысы қайтадан бас­талды. Осы жылы Қоқанның Жөлек және Жаңақорған қамалдары  алынды.

1864 жылы орыстың отряды Түркістанды, Әулиеатаны, Шымкентті, сосын Ташкентті алды. Сырдария өзе­нінің төменгі ағысынан басталған орыс бекіністерінің тізбегі Жетісудан басталып келе жатқан орыстың бекініс­терімен  қосылып, қазақ даласы оңтүстіктегі Хиуа мен Бұқараның ықпалынан кесіліп бө­лінді.

1862 жылы Сырда­рияның Қарабұтақ, Ыр­ғыз­ және Қазалы бекі­ністері Орынбормен тұрақты пошта жолымен байланысты. Осының арқасы­нда жаңа өлкеге орыс переселендерінің кейбір отбасылары келе бастады. Олардың көп­шілігі саудамен айна­лысатын татарлар болды. Жалпы алғанда осы кезеңд­е өлкені орыс перес­елендерінің өкіл­дерімен қо­ныстандыру өте баяу жүргізілді деп санайды кейбір  тарихшылар.

Қызылорда облы­сын­дағы ең алғашқы орыс қыстағы 1866 жылы Жө­лек фортының жанынан салынған көрінеді. Кейін Орынбор мен Ташкент арасында пошта жолы ашылған соң пошта стансалары пайда бола бас­тады. Бұл стансаларға отста­вкаға шыққан орыс солдаттары қоныс тебе бастаған. Осы кездерде Перовск мен Қазалы уездерінде 7 орыс қыстағы құрылыпты.  1917 жылы Перовск уезінің халқы 184,8 мың адам болса, оның 5,7 мыңы – орыстар, Қазалы  уезінде  256,3  мың  халықтың  14,8 мыңы орыстар бол­ған. Яғни 1917 жылы екі уезде 441,1 мың халық болып, оның 20,5 мыңы ғана  орыстар  болған. «100 жылдай бұрын Қы­зылорда облысының жергілікті халқының саны 420 мың болса, оның бір ғасырда өспеге­ні қалай?» деген заңды сауал сөз арасында өзі­нен-өзі туындайтынын да айта кеткен артық болмас­.

1875 жылы Сыр бо­йына әскерге қызметін өтеуден бас тартқан оралды­қ орыс казактары көшіріліп әкелінді. Олар Қазалы мен Перовскіге жеткізілді. Казактар балық аулаумен және бақ өсірумен айналысты, ең бастысы, қазақтармен сауд­а жасасты және қазақтардың қарапайымдылығы мен шыдамдылығын пайдаланып, қо­лынан келгенше қанап отырды.

Орыс тарихшыларының айтуынша, 80-жылдарға дейін отарлау саясатының өте баяу жүргені сонша, Сырдария өзені­нің оң жағалауында барлығы  2 мыңдай ғана орыс­тар болған. Орыстың отарлаушылары Сырдария облысына, негізін­ен алғанда, Сібір­ден және Жетісудан кел­ді. Бірақ олардың көп­шілігі Ақмешітке жетпей Ташкент пен Шымкент уездеріне қоныстанып қалып жүрді. Бұл уездің жеріне қоныстанудың ыңғайлы жақтары көп еді. Егіншілікпен айналысу үшін Перовск уезін­де жерді суаруға дайындау, ирригациялық жүйелерді алдын ала дайындау жұмыстары көп болса, Шымкент пен Ташкент уездерінде ондай жұмыстар  жоқ  еді.

Переселендік қозғалыстың ең жанданған уақыты 1890-91 жылғы Түркістан өлкесінде  астық шықпай қалған кезде болды. Орыс шару­алары осы кезде құнарлы жер іздеп шұбырып кетті. Орыс отарлаушылығының екінші толқыны 1905 жылы теміржолдың салыну­ына және 1905-1906 жылғы сәтсіз революциядан кейін орын алды. Орталық губер­ниялардың шаруа­лары өз ота­нында помещиктерден жаңа жер үлесін алудан үмітін үзіп, алыс өлкелерден жер іздеуге шықты. Әйтсе де, жоғарыда айтылған себептерге байланысты Перовск уезінде переселендер тұрақтанып қоныс теппеді, 1911 жылы уезд көлемінде бар-жоғы 4 орыс поселкесі  болды.

Осы себептермен Перовск уезі таза қазақтық қалпын сақтады, уездің 1908 жылғы жалпы­ халқының саны 179800 болса, оның ішіндегі орыстардың саны  700  еді.

Ташкент  теміржолы  салынған соң уездік Перовск қаласы сауда бекетіне, сыртқа көп­теген тері, шұжық майы және мал шығарылатын жерге айналды. Мұн­дағы сауда негізінен алған­да татарлардың және бұрынғы оралдық казактардың қолында тұрды. Сауданың қызатын уақыты қара күзде, жаз бойы жайлауда болған­ қазақтар Сырдарияның жағасына қыстауға оралған кезде орын алатын. 1908 жыл­ғы деректер бойынша Ақмешіттің  халқы  7765 жан (еркек пен әйел), 1247 үй болған. Қала  абаттандырыл­ған, Сырдариядан су алып тұрған, бау мен жеміс ағаштарына бай болған. Қалада ерлер училищесі және уездік мекемелер орналасты. 40 мың рубльдік өнім шығаратын сыра зауыты  болды.

Қалаға  жақын жерде орыстардың екі меке­ні болды – Александровское және Ново-Астра­ханское. Олардың халқы мал өсірумен, егіншілікпен және бақша өсірумен айналысты.

1919 жылғы желтоқсанда совдептің төр­ағасы И.Гержод пен хатшы С.Миреевтер қол қойған құжатта төмендегі орыс қыстақтарының тізіміне 8 елді мекен кіріпті: Скобелево (қазіргі Шиелі), Жөлек поселкесі, Жаңақорған, Герасимово (қазіргі Төменарық), Тугай-Барановский (Тартоғай), Ново-Астраханьское, Александровская (Талсуат) және Жөлек стансасы (об­лыстық мұрағат Ф. 1 оп. 2 д. 38).

Сағат  Жүсіп

 


АНА НАЛАСЫ PDF Print Email
Жаңалықтар - Арнайы беттер
19.07.2018 10:10

Жаңа ғасыр басталған тұста біз тұратын екі қабатты үйдің төменгі пәтерлерінің біріне Аслан есімді жігіт отбасымен көшіп келді. Қа­шанда «алыстағы ағайыннан, жақындағы көрші артық» деп ұғы­на­тын халықтың ұрпағы емеспіз бе? Алғашқыда қапсағай денелі, теңіз толқынындай иірімделген бұйра шашты, үнемі көзі қанталап жүре­тін ақсары жігітті ешкім жа­тыр­қаған жоқ. Оны айтасыз, көр­ші-көлем әрқайсысы бауырына тартып, жақын  араласа бастаған  еді. Өзі де ашық-жарқын қалпымен келген сәттен-ақ көпші­лікке тез сіңісіп кетті. Әдепкіде бауыр­мал, ақжарқын көрінген... Алайда көп ұзамай өзге қырынан танылды.

Біршама уақыттан соң Асланның  үйінде жастау әйел мен үш жас баланың, жетпіс жасты алқым­да­ған қартаң әженің кіріп-шығып жүргенін байқадық. Көршілердің баршасы жас келіншекті жігіттің әйелі мен балалары, кемпірді анасы­ шығар деп ойлаған еді. Кейін­ірек бұл келіншек көрші жігіттің күйеуі қайтыс болып, жесір қалған әпкесі, ал кейуананың шынымен де анасы екенін естідік. Өмір жолының оңайға түспегенін аңғартқандай әженің еті қашқан салалы саусақтары үнемі қалтырап жүретін. Балалық дегенді қойсаңшы?! Бір шаңы­рақ­тың  астында тұратын қос қабатты үйдің балалары, біздер сол кемпір­дің үздіксіз дірілдеп тұратын қолдарынан өлердей қорқатынбыз.

Кез келген ойын баласына балалы­қ шақта ең алдымен дос керек­тігі белгілі. Жаңа көршіміз Роза апаның үлкен баласы менімен түйдей құрдас болып шықты. Есімі Қанат екен. Екеуміз бірден тіл табы­сып кеттік. Қанат аулаға көшіп келгелі жұбымыз ажырамайтын болды. Қайда барсақ та, бірге жүреміз. Ол кезде әлі мектеп жасына тола қоймағанбыз. Бар уақытымыз асыр салып ойнаумен өтеді. Таңертеңнен кешке дейін үй көрмейтінбіз. Жазғы уақыт май топырақты бұрқыратып аладоп қуумен күн өтетін. Қарнымыз ашса, көршілердің кез келгенінің үйіне  кіріп, бұйырған  дәмге тойып­  алатынбыз. Баршасы  ауылдан көшіп келгендіктен шығар, қос қабатты үйдің тұрғындары кең пейілді, жатырқ­ауды  білмейтін  жандар  еді. Қас қарая жатар орынға­ зорға жетіп, алаңсыз ұйқыға бас қоюушы едік. Күнде­лікті қайталанатын тірлігімізге әке-шешеміз  де  қабақ шытып, мәу демейтін.

Өмір деген ұлы керуеннен түсінігіміз мардымды болмаса да балаңқы көңілмен кімнің бақуатты, кімнің жұпыны тұратынын өзімізше саралай алатынбыз. Менің жаңа досымның үйінің тұрмысы  өте төмен болды. Оны аяп үйден тәтті-мәттіні тығып алып шығып, Қанат пен інілеріне үлестіріп беретінмін. Жоқшылық деген жалмауыз адам баласының жігерін жасытып жіберетінін бала да болса сонда сездім. Олар өте жалтақ болатын. Менің үйден жасыры­п әкелген тәттілерімді көзден  елеусіз  қуысқа  барып, жан-жағына алақ-жұлақ қарап қойып,  жеп  алатын. Қайран  өмір-ай, десең­ші...

Арада сынаптай сырғып күндер мен айлар өтіп жатты. Бойы үйренген соң жаңа көршіміз Аслан­  түрлі жағымсыз қылық көрсететін болды. Үйіне сақал-мұрты өсіңкі, жүріс-тұрыстары қолайсыздау адамдар жиі келетін болды. Оған қоса ішкілікке де үйір болып шықты­. Роза тәтеге де қол жұмсауды дағдыға айналдырды. Қабыр­ғасы жұқа, құрқылтайдың ұясындай шағын  екі  бөлмедегі дауыс пен әңгіме  жатсын ба?! Кімнің үйінде не болып жатқанынан көр­ші­лердің  барлығы  да  хабардар болып отыратын. Кейде Роза тәте үш баласын ертіп біздің үйге қашып кіретін. Қызуқанды, қару­лы­  әкемізді  пана  тұтса керек­. Өкі­нішке қарай, сондай  сәттер  жиі болып тұратын.

Бір күні тағы осы жайт қайталанды. Үсті-басы ебіл-дебіл, шашы дударланып, киген киімі алқам-салқам болған Қанаттың мамасы жанұшырып үйге жүгіріп кірді. Қашанда  мұң тұнып тұратын екі көзі көгеріп, ісіп кетіпті. Есіктен­ кірген  бойда  өксіп:

– Аға-ау, мына алқаш өлтіріп тынатын болды ғой. Үйдің де берекет­і кетті. Ішкені – күнде арақ. Балалардың да зәре иманын алып бітті. Бұрын балаларды ұрып жатқан­ында «Інілері ғой. Әкесі болмаған соң еркек ретінде тәрбие бергені шығар. Ынжық болып өспесін дейтін болар», - деп үндемеуші едім. Кейін араққа тойып келіп, балаларды аяусыз сабайтынды шығарды. Ана тұрмақ, хайуа­н да баласын қорғамайтын ба еді?! Орталарына түссем маған да қол көтеретін болды. Жанжалдың себебіне үңілсең, болмашы ғана нәрсе. Бала неменің ойнағысы, асыр салып  жүргісі келмей ме?! Інім  соған  шамданады. Балаларға да  тәуекел дер едім. Бәрінен жүріп-тұруы  қиындаған  анамызға обал болды. Бұрыштағы кереуе­тінде бәрін көзімен көріп, үнсіз егіліп жылап отырады. Әжім-әжім жүзіндегі жасты көрсеңіз ғой, аға! Тіпті жүрегіңіз ауырады. «Сана­сызға сан айтсаң да қонбайды» деген­. Қанша жалынсам да інім ештеңе түсінбейді. Анамызды да аямайды. Оның қолынан жылаудан басқа не келсін?! Жүрегі ауырып өлетін болды. Аға, бір қайрат­ қылыңызшы? - деп еңіреп жібергені ойымда жатталып қалыпты.

Мейірімді, ақкөңіл анам болса­ Роза апайды бауырына тартып, «Айналайың қоя ғой, түзелетін шығар?!» деп жатыр. Әкем қатты ашуланды. Түнерген қалпы есіктен шапшаң шығып кетті. Мен де ере шықтым. Ештеңе тындыра алмасақ  та ойын баласына бәрі қызық емес пе? «Енді не болар екен?» деген­ оймен алақтап тұрмын. Әкем Асланның үйінің есігін жұлқи ашып кіргенде бірдеңеден құр қалған­ жандай мен де қабаттаса ендім. Күлімсі сыздың иісі қол­қамды қапты. Арақ пен темекінің иісі, қираған, сынған заттар, ішімдіктен босаған бөтелкелер онсызда қаракөлеңке бөлмені тіпті қорқынышты  қылып  жібергендей. Әкемнің ашуын жақсы білетін Асла­н үйінен ізім-ғайым жоқ болып­ты. Түкпірдегі бөлмеден өксіген  адамның  дауысы еміс-еміс естіліп тұрған еді. Әкеме еріп бөлмеге кіргенде аппақ шашын жайып жіберген, дірілдей беретін екі қолын көкке көтеріп, жастыққа сүйеніп отырған қара кемпірді көрдік. Жүзі бұл жолы бұрынғыдай адамның аяныш сезімін тудырмайды. Жанары өте суық. Әрі сұмдық қорқынышты. Құдды дәл алдымызда адам емес, тірі аруақ отырғандай. Ішінен бірдеңелерді күбірлеп сөйлеген, (Мүмкін дәр­менсіз ана сол сәтте қызы мен немерелерін сабаған, арақтан азғындаған ұлына қарғыс айтып отыр ма екен?! Кім білсін...) өзім күнде көріп жүрген әжеден мұндай қо­рықпаспын. Әкем үн-түнсіз бұрылып кеткенде оның жанарына іркілген жас тамшыларын байқадым. Мен ештеңе түсінбеген күйде аң-таңмын. Үйге келген соң әкем «Ананы нала қылған жан қайда барар­ дейсің? Адамның тергеуінен құтылғанымен, Алланың сұрауынан сытыла алмас?» деп кіжінді.

Сол оқиғадан кейін көп ұзамай Роза тәте балаларын алып көшіп кетті. Мен досымды онан кейін көрген емес­пін. Қаңы­раған пәтерде Аслан мен қара кемпір ғана қалды. Аслан ішкі­лікке бір­жолата берілді. Үйінде апталап, айлап бол­майтынды шығарды. Тіпті ат ізін салмайтын да болды. Анасын да іздемейтін тасжүректің өзі екен. Менің анам болса жападан-жалғыз қалған әжейді бірде үйге шақырып әкеліп тамақтандырса, енді бірде өзі әжеге барып, үйін тазалап, асын дайындап беріп тұратын. Кейуана қалтырап-дірілдеп зорға жүріп, үйге келгенде біз «Алақай, әжеміз келді!» деп мәз-мейрам болып қалатынбыз. Әке-шешемнің анасы ертерек өмірден өтіп кеткендіктен әжесі бар достарыма қатты қызығатынмын. «Шіркін, біздің әжеміз тірі болғанда ешқашан ренжітпеуші едік!» деп армандайтынмын. Арад­а бірнеше ай өтті. Күздің жаймашуақ күнінде көрші әже дү­ниеден озды. Адамдардың азан-қазан болып жылағаны, біз тұратын екі қабатты үйге кіріп-шығып жатқандары өмірде бізге беймәлім өте көп дүниелердің бар екендігін ұқтырғандай...

Есет  ТАБЫНБАЕВ

P.S. Орал  қаласына  білім  алуға аттанғалы жүр­генімде­ балалық шағымдағы достарымды әлеумет­тік желіден іздестірг­ен едім. Кездейсоқ Қанаттың парақ­шасын  жолықты­рдым. Маған әдемі, сұңғақ бойлы, аққұба жүзді  жігіт  желіден күлімдей қарап тұрды. Аса бақытты­  жандай­ болып­  көрінді. Жеке парақшасын ашқанымда­ «Алмат­ыдағы  белді,  жоғары  оқу орнына  грантпен­  түстім, достар!» деген жазуды көзім шалды. Ал анасының  наласын  арқалған  Аслан  болса  ұшты-күйлі жоғалып  кетті. Ешкім  оның  қайда  жүр­генін, өлі-тірі екенін  мүлде  білмейді.

 


Кәсіпкерлікті дамыту - ортақ міндет PDF Print Email
Жаңалықтар - Халық-хабар
18.07.2018 19:34

«Нұр Отан» партиясының «Қазақстан – 2021: Бірлік. Тұрақтылық. Жасампаздық» Сайлауалды бағдарламасын жүзеге асыру бойынша «Жұмыспен қамту және тұрғындардың әлеуметтік әлсіз топтарын қолдау» бағытындағы аймақтық комиссиясының кезекті отырысы өтті.

Онда «Президенттің бес әлеуметтік бастамасы» атты халыққа Үндеуінің төртінші бағыты, яғни «Шағын несие беруді көбейту» мәселесі жан-жақты талқыланды.

Жиын барысында Елбасының төртінші бастамасы аясында өңірде атқарылып жатқан жұмыстар жөнінде облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы халықты жұмыспен қамту бөлімінің басшысы Жанар Дәулетбаева айтып өтті.

Бөлім басшысының айтуынша, ағымдағы жылдың бюджетінде шағын несие беру бағдарламасына 42 млрд теңге бөлінген. Оның 31 млрд теңгесі ауылдық жерлерге, ал 11 миллиарды қалалар мен моноқалалар үшін қарастырылып отыр.

- Қазіргі таңда мемлекет басшысының тапсырмасымен қаржыландыру көлемі 20 млрд теңгеге ұлғайып, биыл 62 млрд теңгені құрады. Соның нәтижесінде шағын несиемен қамтудың жалпы көлемі 14 000 адамнан асты. Бұл өткен жылғы деңгеймен салыстырғанда екі есе көп, - дейді Жанар Дәулетбаева.

Өңірде Елбасы бастамасына сәйкес өз жеке ісін бастап жатқандарға, тұрақты жұмысы жоқтар мен өзін-өзі жұмыспен қамтыған азаматтарға басымдық берілуде. Осы мақсатта "Бастау-Бизнес" жобасы арқылы арнайы оқу курстары да қаралған. Мәселен, өткен жылы "Бастау-Бизнес" жобасы 5 аудан тұрғындарын қамтыған болса, биыл Жалағаш, Сырдария аудандары мен Қызылорда қаласының тұрғындары қатысуға мүмкіндік алып отыр. Бұл бағыттағы жұмыстарды облыстық кәсіпкерлер палатасы директорының орынбасары Қожахмет Ильясов егжей-тегжейлі баяндап өтті.

- Жалпы, жыл басынан облыс бойынша 553 азамат «Бастау-Бизнес» курсын аяқтап, 498 азамат жобасын қорғады. Соның ішінде 21 азаматтың жобасы 55,2 млн теңгеге қаржыландырылды. Қазір оқу курсының 3-ші легі басталып, 254 азамат оқып жатыр. Жыл соңына дейін 1600 қызылордалық оқытылып, кемінде 320 азаматтың жобасы қаржыландырылады деп күтілуде, - деді Қожахмет Ильясов.

Жиын барысында «Нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамыту», сонымен қатар «Бизнестің жол картасы 2020», «Микробизнес-Кызылорда» бағдарламалары шеңберінде жеке кәсіпкерлікті қолдауға бағытталған барлық жұмыстардың нәтижелері мен алдағы орындалар міндеттер бойынша тиісті ұсыныстар жинақталып, қаулылар қабылданды.

«Нұр Отан» партиясы облыстық филиалының баспасөз қызметі

 


Инвестициялық жобалардың әкімшілік кедергілері талқыланды PDF Print Email
Жаңалықтар - Халық-хабар
18.07.2018 19:33

Қызылордада 12 инвестициялық жобаға сыбайлас жемқорлыққа қарсы сүйемелдеу бойынша келісімдерге қол қойылған.

Бұл туралы «Protecting Business аnd Investments» жобасы аясында инвестициялық жобаларды іске асыру барысында кездесуі мүмкін әкімшілік кедергілерді талқылау мақсатында өткізілген кездесуде айтылды.

Кездесуге аймақтағы отандық, шетелдік инвесторлар мен құзырлы мемлекеттік органдардың басшылары және өкілдері қатысып, инвестициялық жобалардың проблемалық мәселелері талқыланды.

Кездесуде хабарлама жасаған «Кәсіпкерлерді қолдау орталығының» директоры Қамар Бекетова тампонажды цемент өндіру зауыты құрылысын жүргізіп жатырған инвестор-компания «Чайна Триумф Интернэшнл Инжиниринг» ЖШС арқылы құрылыс жұмыстарына қажетті шетелдік мамандарды шақырту үшін виза алуға көші-қон полициясы органдарына өткізілген құжаттардың мерзімінде қаралмай, тиісті рұқсат беру құжаттарының рәсімделмей, созбалаңға салынып жатқандығын мәлімдеді.

Көші-қон полициясы басқармасына аталған мәселені дереу шешу тапсырылды.

Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Қызылорда облысы бойынша департаменті басшысы Абзал Мұхимов: «Агенттіктің бастамасымен қолға алынған «Protecting Business аnd Investments» жобасы аясында кез келген отандық және шетелдік инвестордың құқығы қорғалады және инвестициялық жобалардың жүзеге асырылуы барысында әкімшілік кедергілердің болмауына тұрақты түрде мониторинг жүргізіледі», - деді.

Б.Әбдіқадыров

 


ПРОАКТИВТІ ӨМІРДІ ТАҢДА! PDF Print Email
Жаңалықтар - Халық-хабар
18.07.2018 19:32

«Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы «Проактивті өмірді таңда!» республикалық акциясын бастады. Іс-шара аясында қызметкерлер бір ай бойы емханаларды, перзентханалар мен перинатальдық орталықтарды аралап, болашақ аналарға бала туу бойынша мемлекеттік қызметтерді проактивті тәсілмен, яғни ХҚО-ға бармай-ақ, SMS арқылы алу жолдарын түсіндіреді.

Кезекті акция барысында корпорацияның Қызылорда облыстық филиалы мамандары «Ана мен бала» орталығына барды. Аталмыш қызмет бойынша ауқымды түсіндірме жұмыстары барлық аудан орталықтарында да жүргізілуде.

Былтыр желтоқсан айында іске қосылған жоба халық арасында кеңінен қолдау тапты. Бала туу бойынша мемлекеттік қызметтерді проактивті тәсілмен алу үшін қызмет алушылар ХҚО немесе электрондық үкімет порталындағы жеке кабинет арқылы мобильді азаматтар базасына тіркеліп, ЖСН-ін ұялы телефон нөміріне бекітіп қоюы тиіс. Сәбиі дүниеге келгеннен кейін жаңа босанған ананың телефонына автоматты түрде SMS-құттықтау келіп, қызметтерді проактивті тәсілмен алуға ұсыныс жасалады. Басқа мәліметтерді тіркеуші орган тиісті ақпараттық жүйелерден жинап, ал өзге деректерді хабарлама арқылы ата-анадан сұрайды. Сондай-ақ телефон арқылы шот нөмірін жіберіп, жәрдемақыларды рәсімдеуге және балабақшаға кезекке қоюға болады.

Қала тұрғыны Айгүл Әлижан – проактивті қызметтің игілігін көрген қызылордалықтардың бірі. Бас-аяғы 3 күнде мемлекеттік корпорация қызметкерлері сәбиінің өміріндегі алғашқы дайын құжатын табыс етті.

«Қызым дүниеге келгеннен кейін ұялы телефоныма құттықтау хабарлама келді. Артынша тиісті сұрақтарға жауап берген соң, көп ұзамай қызымның аты-жөні жазылған туу туралы куәлікті қолыма алдым. Құжат дайындау ешқашан мұндай жылдам әрі қарапайым болады деп ойламаппын. «Азаматтарға арналған үкіметке» біздің отбасымыздың қуанышына ортақтасып ғана қоймай, құжат рәсімдеуді өз мойындарына алғаны үшін үлкен рақмет айтамын. Уақытым мен қаражатым үнемделді», - дейді жас ана.

Бүгінгі түсіндіру жұмыстары облыстың барлық аудан орталықтарында өткізілуде. Акция аясында «Азаматтарға арналған үкімет» мамандары 100-ден аса жүкті әйелге бала туу бойынша мемлекеттік қызметтердің проактивті нұсқасы туралы түсініктеме беріп, нұсқаулықтар мен парақшалар таратып, 60 адамды мобильді азаматтар базасына тіркеді.

Айта кетейік, Қазақстан ТМД елдері арасында алғашқы болып мемлекеттік қызметтердің проактивті қағидатын енгізді. Жоба іске қосылғаннан бері облыс бойынша 4103 ата-ана Мгов базасына тіркеліп, сәбилі болған 3921 анаға проактивті қызметтерді алуға SMS-ұсыныс жолданды. Дайын туу туралы құжат 3000-нан аса адамға табысталып, балабақша кезегіне 2200 бала тіркелген.

Көп ұзамай баланы тұрғылықты жеріне тіркеу қызметі де проактивті нұсқада жүзеге асатын болады.

Корпорацияның Қызылорда облыстық филиалының баспасөз қызметі

 

 



<< Бірінші < Алдыңғы 1 2 Келесі > Соңы >>

Күнтізбе

< Шілде 2018 >
            1
2 3 4 5 6 7 8
9 10 11 12 13 14 15
16 17 19 20 21 22
23 24 25 26 27 28 29
30 31          

Сауалнама

Аса мәртебелі шенеуніктердің қылмысқа шатылып жатқандығы нені аңғартады?
 

Ауа райы

Валюта бағамы

Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі валюталардың ресми бағамдары