Өзекті мәселелер

  • 15.11.18

    Сыр елінің серпіні ерекше екенін аймақ тұрғындары да, сырт көз – сыншылар да жиі айтып жүр. Экономикалық даму тұрғысынан кей салаларда сәл шегініс болса, басым бағыттар да жеткілікті. «Жұмыла көтерген жүк жеңіл» екендігін дәлелдеп келе жатқан қызылордалықтар мемлекеттік бағдарламалар аясында біраз шаруасын шалқытып отыр. Әсіресе кәсіпкерлер тарапы жолдауда айтылған тапсырмалар бойынша өз міндет...

    Толығырақ...
  • 15.11.18

     

     

    Берікбол  БАЙХОЖАЕВ,

    ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Қызы...

    Толығырақ...
  • 15.11.18

    «Балама әйелді өзім таңдап алып беремін. Байдың байлығына қызықпаймын, бидің билігіне қызықпаймын, асыл пышақ қап түбінде жатпайды. Келінім ақылды болса, ұлымның елге даңқы кетеді. Би түскендей үй болу – әйелден. Әйелі жақсы болмай ер оңбайды? Ердің бақытын кетіретін де – әйел, ерге бақыт әперетін де – әйел» деп келінін өзі таңдайтынын айтқан Төле бидің Данагүлді қалай жолық­тырып, баласына айт...

    Толығырақ...
  • 15.11.18

    Қытық! Қызылы бар қызық сөз, құмары бар құнды сөз. Мұны солдан оңға қарай оқысаң да – қытық, оңнан солға  қарай  оқысаң да – қытық. Бұрын­ғы қыздардың бетінде қызарып, көз тартып­, көрініп тұрушы еді. Қазір ше? Зәру. Қат дүние. «Бүгінгі күні бүтін махаб­бат бар ма? Әй, қайдам? Сезім шіркін семіп кеткен. Ал қытық байғұс қырық жыл бұрын қайтыс болған» деп гөйітеді баз біреулер. Жо-жоқ, қытық әлі ...

    Толығырақ...
  • 15.11.18

    Бір күні қарап отырмай жеке бизнес жасағым келді. Жұрттың бәрі байып жатыр.­ «Кедей бол» деп менің маңдайыма біреу бормен бадырайтып жазып қоймағ­ан болар. Ауладағы жазғы үйді бұзып, «шындық» сататын дүкен аштым.

    - Әй, балам көп ұзамай тақырға отыра­сың,­ - деп әкем басын шайқады.

    ...
    Толығырақ...
Бейсенбі, 19 Шілде 2018

Қапшағайдағы доп додасы PDF Print Email
Жаңалықтар - Халық-хабар
19.07.2018 14:02

Қапшағайда ардагер футболшылар арасында кіші футболдан мәнерлеп сырғанаушы, жасөспірімдер арасындағы олимпиада мен қысқы Азия ойындарының жүлдегері, халықаралық дәрежедегі спорт шебері Элизабет Тұрсынбаеваның жүлдесі үшін жарыс өтті. Додалы дүрмекте Қазалы ауданының ардагер футболшыларынан жасақталған "Kazaly", Астана, Алматы, Тараз және Қызылорда қаласында тұратын қазалылықтардан құралған "Zamandastar", Қапшағай қаласының ардагерлерінен тұратын "Dostyk" және "Team Elizabet Tursynbaeva" командалары бақ сынады.

Турнирдің ашылу салтанатына құрметті қонақ ретінде қатысқан Қапшағай қаласының әкімі Талғат Қайнарбеков Элизабет Тұрсынбаеваның әлемдік аренадағы өзіндік орны бар спортшы екендігін, осындай турнирлердің бұқаралық спортты дамытудағы ықпалының ерекшелігін атап өтті.

Қапшағайда тұңғыш рет ұйымдастырылған турнир қалалық стадион мен орталық саябақта өтті. Жарыста Қазалы ауданының намысын қорғаған команда екінші орын иеленді. Турнирдің жеңімпазы болып "Zamandastar" командасы танылды. Жеңімпаздар мен жүлдегерлерге кубоктар мен дипломдар, медальдар және естелік сыйлықтар табыс етті. Сондай-ақ, бірқатар үздік деп танылған ойыншылар түрлі номинациялармен марапатталды.

«Турнирге қатысқан "Kazaly" командасын ерекше ықыласпен атап өткім келеді. Сонау Қазалыдан жерлестерімді ардагер спортшы Толыбай Жүсіпов бастап келді. "Zamandastar" командасына келер болсақ, бәрі де шеберлігі шыңдалған керемет жандар. Олар Қазалы ауданында дүниеге келіп, бұл күндері еліміздің әр өңірінде еңбек етіп жүр. Мен сендермен мақтанамын!», - дейді мәнерлеп сырғанаушының әкесі Байтақ Тұрсынбаев.

Жұмабек Табынбаев,

Қазалы ауданы

 


ТЕҢІЗ ТАРЛАНДАРЫНЫҢ ТӨРТІНШІ ТОЙЫ PDF Print Email
Жаңалықтар - Саясат
19.07.2018 12:56

Бір топ әріптестермен ас-суымызды түгел сайлап, қамданып, Қамбашқа қарай аттандық. Қараңғы түспей көлдің жанынан табылып, суына сүңгідік. Шомылып, судан шат-шадыман көңіл күйде шықтық. Мағжан ақынның “Толқынды толқын қуады, Толқыннан толқын туады” дегенін көзімізбен көріп, бейнелі түрдегі суреттеуіне қайта-қайта қызығумен болдым. Тіпті, ақынның бізден ерте туып, бұл сөзді менен бұрын айтып кеткенін кәдімгідей қызғанғандаймын. Ұшы-қиыры жоқ секілді көрінген көлге етене жақын орналасып, алысқа көз тастап тұрмын. Ешбір географияда жоқ, ешбір геометриямен өлшенбейтіндей. Кеңістіктің де өлшемі барына миым жеңістік бермеуді бастап кеткен. Жо-жоқ, алыстан бірдеңе қарауытатындай. Кеме ме, қайық па? “Сағымдай бұлдыраған бұ не болды екен?”. Ойым осы жайтқа қатысты ой-қырды түгел шарлап тұр.

Балақ түріп, балтырға дейін су кештім. Арғы беттен көз алмай, қаққан қазықтай сіресіп  тағы  қалдым. Үлкендерден естігенім, ол жер Қамбар батырдың жерленген жері екен. Иә, кәдімгі қара қасқа атты, біз әдебиеттен оқыған Қамбар батырдың. Мұны бірінші рет естіп, таңғалдым. Осылайша, Қамбаш деген аты Қазақстанды кезіп жүрген, Арал ауданы, Қамыстыбас елді мекенінде орналасқан суы көкпеңбек әрі мөп-мөлдір атақты көлге екінші мәрте жолым түсті. Алғаш рет 2015 жылы өңір балықшыларының I слетіне барған едім. Жарты ғасырдан соң жалғасын тапқан мерекенің сол уақыттағы ахуалын сезініп, жүрген аяққа жөргем ілінер деп, кезіккенін қаламға іліктіріп, ауасымен тыныстап қайтқан болатынмын. Бұл жолы бізге теңіз  тарландарының  төртінші тойына  ортақтасу  бақыты бұйырыпты.

Елбасы  Нұрсұлтан Назарбаевтың “Мен Аралға кө­мек­тесемін деген арманыма жетке­німе қуаныштымын” деген сөзі барша аралдық­тардың жүрегіне мәңгілікке жазылып, жатталып қалды. Шынтуайтына келгенде, ол Аралды ғана емес, әлемді құтқарды, балықты  ғана емес, халықты құтқарды. Суын ғана қалпына келтірмеді, шуын да басты. Слет барысы­нда облыс әкімі: “Президенттің көмекшісі болып жүргенімде Мемлекет басшысының үстелінен екі құжатты көрдім. Ол Үкімет дайындаған “Қызылорда облысы­н тарату” және “Арал қазақтарын көшіру” туралы қаулы еді. Елбасы ешқай­сысына да келіскен жоқ. “Қасиетті, киелі  жер. Қандай  қиыншылық  бар болса да қолдаймыз” деді. Ол кезде мемлекетте ақша жоқ, айлық жоқ, зейнетақы жоқ, әлеуметтік төлем жоқ, инфляция 2400 пайыз. Дүние­жүзілік банктен займ алып, САРАТС­-тың бірінші кезеңі­не кірісіп кеткенбіз. Нәтижесін көрдіңіздер. Сондықтан балықшыларымыздың мәртебесін, қоғамдағы моральдық орнын көтеру үшін жаңа  жобаларды  іске асырып, осындай слеттерді өт­кізіп отырмыз. Арал балықшыларының еңбегін ештеңемен салыстыруға болмайды. Қыстыгүні мұздың үстіне шығып, мұздай суға салған қолын демімен жылытып жүрген адамдарды көргенде басымды иемін”, - деп ағынан жарылды. Әкім айтса, айт­қанындай  бар  ғой.

Слет барысында облыс әкімі алдымен балық шаруашылығының тарихына қа­тысты жәдігерлер мен балық өнімдерінің көрмесімен танысты­. Онда балықтың түр-түрі төбе көрсетіп, өңірдегі балық  өңдейтін зауыттар­дың өнімдері тү­гелімен  қойылды. Ал, балық шаруашылығына қатысты заттардан  жасалған  көрмеде балықшылардың қаптары,  ағаш сапты сүймен, зәкір, жертөле­ жанындағы ат шана, түйе шана, шығыр, үй ішін­дегі кемен­ің, қайықтың құрал-жабдықтары, майшам, маяк шам, қолшам, сүзе­кілері секілді жәдігерлерге жұрт­шылық  ерекше  таңданыспен  қарады.

- Көрменің төрінен орын алатын негізгі құнды зат шығыр­ деп аталады. Шығыр бұл – аталарымыздың ойлап, өмірге әкелген сол кездегі тың жаңалығы. Шығырды қыстыгүні мұздың үстіне алып барып­, жылым  тартқызатын болған. Яғни, шығырды түйеге жегеді, түйе оны айналдырып отырады. Осы арқылы, түйенің күшіне қарай 30-50 тоннаға дейін балықты мұз бетіне шығаратын болған. Осындай сырға толы көптеген заттар көрменің көрігін келтіреді деп ойлаймын, - деді Арал аудандық тарихи-өлкетану музейіне қарасты ба­лық­шылар музейінің меңгеру­шісі  Айбек  Медетбаев.

Бүгінде Арал теңізінен жылына 8 мың тонна балық ауланып, балық өнімдерін өңдейтін 8 зауыт жұмыс істеп тұр. Өңделген балықтары Ресей­, Грузия, Әзірбайжан, Дания, Польша мен Қытай елдеріне экспортталады. 2012 жылмен салыстырғанда бұл көрсеткіш 8 есеге артты. 2018 жылдың І жартыжылдығында балық өнімдерін экспорттауда 32%-ға өсім бай­қалды. Соңғы 5  жылда аймақтағы балық аулау көр­сет­кіші 2 есеге артқан. 2013 жылдан бері балық өнімдерін өңдейтін 4 зауыт салынса, оның 4-еуі өнімдерін Еуропа елдеріне экспорттауға мүм­кіндік беретін еурокодқа ие. Бұл – ұғына білген адамға үлкен жетістік, маңдайға біткен  бақ.

- Сыр өңіріне әр келген сайын­  жақсы жаңалықтарды көзіміз шалады. Жаңа нысанд­ардың ашылуымен қатар, халықтың әлеуетін де, әлеуметін көтеру жағдайында да жаңа бастамаларға жолыға­мыз. Бүгін міне, балықшылар тойына келіп отырмыз. Балықшылардың қажырлы еңбегінің арқасында тек ғана алыс-жақын елдерге емес, Еуропа нарығына өнімімізді шығарып жатқан жайымыз бар. Сондықтан да, бүгінгі думан­ның жетістігі – халықтың есіл еңбегінің еленуі, тәуелс­іздік таңындағы алған орны деп білемін, - деді мәжіліс депутаты Бақытбек Смағұл.

Арал өңірі балықшыларының ІV слетіне облыс әкімі­нен өзге ҚР Парламент Мәжілісі депутаттары, Ауыл шарушылығы министрлі­гінің, Халықаралық Аралды құтқару қорының өкілдері, сала ардагерлері және Ақ­төбе, Жамбыл, Түркістан, Маңғ­ыстау облыстары мен Ресей Федерациясынан делегациялар келді. Естеріңізге сала кетейік, Ульяновск облысының Дмитровград қа­ласында Аралдың балығын өңдейтін зауыт салынған болат­ын.

“Елбасының бастама­сымен жүзеге асқан “Ғасыр жоба­сы” атанған Арал теңізінің солтүстік бөлігін сақтау жобасы  аясында  атқары­лған  ауқымды  шаралар нәтиже­сінде,  Арал өңірінің ата­кәсібі – балық шаруашылығы  саласы жаңа деңгейге  көте­ріліп, қарқынды  дамуда. Қасиетті  Сыр  елі өзінің жер­асты байлығы – мұнай, уран, түрлі-түсті металдар, ақ күріші, төрт-түлік малымен бірге Арал балы­ғы­мен мақ­тана алатындай бере­кел­і, құтты мекенге ай­налуда. Көп жыл ұмыт бо­лып­, бүгін­де дәстүрге ай­нал­ға­н балықшылар сле­тінің негізгі мақсаты саланың жаңа замандағы алар орны жайлы ой салу, осы кәсіпті дамытудың жолдары туралы пікір алмасу” дей келе аймақ басшысы балық ша­руашылығының дамуына­ айрық­ша  үлес  қос­қан азаматтар мен еңбек ар­да­гер­леріне құрмет көрсе­тіп, ба­ғалы сыйлықт­ар  табыс етті. Өз кезегінде ауыл шаруашылығы министрлігі де балықшыларды құрмет грамота­сымен және медальдармен  марапаттады.

Слет жұмысын сахналандырылған қойылым да жандандыра түскендей. Көл жағасындағы кере­меттей диалог көп­шіліктің көңілінен шыққандай. Алтын балық жайлы  қойылымнан соң бірқатар  отандық эстрада жұлдыздарының  қатысуымен әннен шашу шашы­лып, концерттік бағдарламаға  ұласты.

Естеріңізде болса, ағымдағы жылдың нау­рызында Үкімет басшысы Бақытжан Сағын­таевтың  облысқа  жасаған сапар­ында  аймақтағы балық шаруашы­лығының жағдайы және Аралда өткен арнайы мәжілісте “Сырдария өзенінің арнасы­н реттеу және Арал  теңізінің  солтүстік бөлігін сақтау” (САРАТС­-2) жобасының екінші фазасының іске асырылу барысы кеңінен талқыланған болатын. Нәтижесінде САРАТС-2 жобасының екінші фазасының 4 компонентін республикалық бюджет есебінен іске асыру жөнінде шешім қабылданды. Қызылорда су тора­бын кешенді жөн­деу, Жалағаш, Қармақшы аудандарында өзеннің қорғаныс бөгеттерін нығайт­у және арнасын түзету, Қазалы ауданында Бірлік елді мекенінің тұсында көпір салу жұ­мыстары  басталып  кетті. Сонымен қатар, балықшылардың өтініші бо­йынша Көкарал бөгетін нығайту және “Қарашалаң” мен “Тұщы” көлде­рінің тұсында өзеннің атырабын қалпына кел­тір­у жөнінде де тиісті шешім­дер қабылданды. Бұл шаралар Көкарал бөгетін нығайтуға, Сол­түстік Арал теңізінің су айналымын қалыптас­тыруға, теңіздің тұз­дануын төмендетуге және балықтардың Үл­кен Арал теңізіне кетуін азайтуға мүмкіндік береді.

- Алғашында Аралда балықтың бір түрі ғана қалса, САРАТС жобасының бірінші кезеңі жұмысынан кейін 27-ге дейін көбейді. Оның үстіне балық аулау жылына 8 мың тоннағ­а дейін жетті. САРАТС­-2 жұмысы ая­сында 6 жоба іске асады. Оның екеуі Дүниежүзілік банкпен бірлесіп жүзеге асырылады. Соның аясында 17 мың тоннаға жетеді деп отырмыз. Арал өңі­рін­де  бұрын  4   балық  өңдеу зауыты болса, соңғы 10 жыл ішінде тағы 4  ба­лық  өңдеу  зауыты іске қосылды. Атамекені Аралдан­ көшіп кеткен, Қапшағайдағы, Алакөлдегі, Каспийдегі балықшылар қазір қайтып оралып­ жатыр. Елді мекендерде оларға керекті әлеуметтік инфрақұрылымға республикалық, облыст­ық  бюджеттерден қаржы бөлінуде. Сіз­дер білесіздер, Аралға автомагистраль, теміржол  салынды.  Газ да келді, - деді Қырымбек Елеуұлы БАҚ өкілдеріне арнайы берген сұхба­тында.

Өткен жылы Орталық Азия елдері өкіл­дерінің қатысуымен Қызылордада ұйым­дастырылған бірінші Арал халықаралық тұрақты дамыту форумы барысында Халықаралық Аралды құтқару Қорының құрылған күні 26 наурыз – “Арал теңізінің күні” болып жарияланған болатын. Биыл Халықаралық Аралды құтқару Қорының 25 жылдығы ая­сында алғаш рет “Арал теңізінің күні” облыста салтанатты түрде аталып өтілді.

Облыстағы балық шаруашылығының үлесі негізінен Қазалы, Арал аудандарына тиесіл­і. Яғни, айтулы мерекенің дәстүрлі түрде Арал ауданында өтуі де тегін емес. Арал ауданында Кеңес үкі­меті кезеңінде 16 Со­циа­листік Еңбек Ері шыққан болса, оның    4-еуі балық кәсіпші­лі­гінен осындай атаққа кенеліпті. Дәстүрлі демек­ші, осыдан екі ай бұрын  ғана Жаңақор­ған ауданында IV малшылар слеті өткізілген бола­тын. Атакәсі­біміз­ді қолға алып, еңбек­шілердің мерейін асыр­ған мұндай аста-төк емес, құрмет тойларының өткені бізді ғана емес, көпшілікті қуантады деген­  ойдамыз.

“Арал тағдыры – адам тағдыры”. Қиын-қыстау  кезеңдерді  арт­қа  тастаған Арал бүгінде жаңаша даму қарқынында. 2005 жылы Елбасымыз Арал ауданына арнайы келіп, Қам­башқа ат басын бұрған болатын. Сол сапарында Аралдың тыныс-тіршілігіне көз жеткізген ел Президенті мемлекет  тарапынан  қолдау болатынын айтқан. Барлығын тізбектеген соң, оны қайта еске салуд­ың қажеті жоқ та шығар. “Балық іздесең көлге бар, Береке іздесең елге бар” деген халық мақалы жадымызда. Суымен бірге ырысы жоғалып кетуге шақ қалған қазіргі айбынды Аралдың келешегі үшін жұмыс істегендердің аты тарихта алтын әріппен жазылмақ. Бірақ та, “Кіндігім бірге Аралмен” деп білетін, теңізбен тіл­дескен, теңізбен тағдырлас жандар ондай атақты жүрегінің төрі­нен әлдеқашан беріп қойды. Барша қазақтың Аралы балығы тайдай тулап, шағаласы қоймай шулап, халқы азар да безер болмай, ажары кірген теңіз маржанынан қазан көтеріп, түтінін күнде шығарып жатса, бақ та, бақыт та сол емес пе? Қазтуғанша  айтсақ, балығы  көлге жылқы  жаптырмайтындай, шырмауы­ғы шөккен түйе тап­тырмайтындай да деңгейге  жетіп  қалар.

Рыскелді   СӘРСЕНҰЛЫ,

Бағдат  Есжанов  (сурет)

 


ЖАУАПСЫЗ ҚАЛҒАН САУАЛ PDF Print Email
Жаңалықтар - Саясат
19.07.2018 12:50

Облыс орталығында қылмыс көлемі 17-ден 24 пайызға артқан. Бұл туралы қала әкімінің орынбасары Бектас Нұридино­в аппарат мәжілісінде баяндады. Сужаңа автокөлік тізгіндеп, материалдық базасы нығая түскен қызыл жағалылар қала көлеміндегі қылмысқа қарсы қауқар қыла алмай отырғаны қайран қалдырад­ы. Бұған жауапты қалалық жергілікті полиция қызметінің бастығы Ермекбай Құдайбергенов жиында төбе көрсетпеді. Естуімізше, еңбек дема­лы­сын­а кеткен. Десе де, оның орынбасары бұл деректерден бейхабар тәрізді. Өйткені Н.Нәлібаев Е.Қасқырбайұлының орынбасарынан себебін сұраған-ды. Алайда ол мардымды жауап қатпады. Тіпті, шамданған шаһар басшысы «Бектас Балғабайұлы, мына мәселемен өзіңіз айналысыңыз. Орынбасардың ештеңеден хабары жоқ секілді ғой»  деп  тапсырма  жүктеді.

Жалпы, шен таққандардың шындап іске кірісетін кезі жеткендей. Мәселен, жыл басынан бері 15 мыңнан аса шетел азаматтары қалаға келсе, оның 6 мыңы жұмыс істеуге рұқсат алған. Бірақ еңбек етуге келген «меймандар» тапқан табы­сының 10 пайы­зын Қазақстан аумағынан кетем дегенше төлеуі қажет. Десе де, бұл орындалмай отыр.

– 2017 жылы Қызылорда қаласына 22394 шетел азаматы келген, оның 9785-і жұмысқа рұқсат алып, бюджетке 111,8 млн теңге түскен. 2018 жылдың басынан бүгінге дейін 15408 шетел азаматы келсе, оның  6377-сі  жұмысқа рұқсат алып, бюджетке  65 млн теңге түскен. Жалпы, жұмысқа рұқсат алған­ әлгі 6377 азамат бойынша жалақының ең төменгі мөлшерімен есептегенде 51 млн теңге өндірілуі  тиіс, - деді Бектас Балғабайұлы.

Расында, қалада жүргізіліп жатқан құрылыс объектілерінің қай-қайсысына да барсаңыз, шетел­ азаматтарын жолықтыратыныңыз анық. Сонда көші-қон қызметкерлері қайда қарап отыр? Ал қала әкімі Н.Нәлібаевқа «мұның себебін айта алмаймын» деп жауап  берді  шенділер.

– Сіздерге облыстан қанша қаражат бөлінді? Қажетті автокөліктеріңді  беріп, бейнекамераларды орнатт­ық. Шетелден келген әр азамат есепке алынуы­ тиіс. «Қонаққа келдік» деп, осында қаражат тауып, салықтан жалтаратын болса, қамап тастаңыздар!  Заңға  бағыну  керек  ғой, - деді  шаһар­  басшысы.

Сонымен  қатар, ауыл шаруашылығы саласында да қордаланған мәселелер аз емес. Айталық, қала көлемінде ауыл шаруашылығы мақсатында 710 шаруа қожалығына 175 уақытша және 94 тұрақты жер учаскесі берілген. Оның ішінде ауыл шаруа­шылығы және ветеринария бөлімдерінің мәліметіне сүйенсек, 113 жер учаскесі мақсатына сай  пайдаланылмай  отыр.

2018 жылдың 1 шілдесіне Қызылорда қаласы бюджетінің кіріс бөлігі жалпы 100,7% пайызға, оның ішінде қаланың өз кірістері 102% пайызға орындалып, 162,1 млн теңге артығымен түскен.

Шығындар бойынша 2018 жылдың 1 шілдесіне­ қала  бюджетінің бюджеттік бағдарлама әкім­шілері бойынша  шығындары  97,0%  пайызға  орын­дал­ды. Игерілмеген қаржы – 742,5 млн теңге, оның 734,8 млн теңгесі (республикалық бюджеттен бөлінген) қалалық құрылыс бөліміне тиесілі. Бөлінген қаржылардың игерілмеу себебін қала әкімінің орынбасары Бектас Балғабайұлы мем­лекеттік  сатып  алу  жұмыстарының кеш жүргі­зілуімен түсіндірді.

Ал қала әкімінің идеология жөніндегі орынбасары Шахмардан Байманов жетекшілік ететін салалары бойынша атқарған жұмысына тоқталды.

– Биылғы жылы білім беру ұйымдарының материал­дық-техникалық базасын нығайтуға, яғни физика,­ химия, биология, робототехника каби­неттер­і мен 3D модельдеу, цифрлы лаборатория­лармен қамтамасыз етуге облыстық бюджеттен 332 млн  031 мың 100 теңге қаржы қаралып, игерілуде, - деді Ш. Асқарұлы.

Сондай-ақ, Қызылорда қаласының 200 жылдық мерейтойына орай біршама мәдени іс-шарал­ар ұйымдастырылатынын жеткізді. Оған еліміздің түкпір-түкпірінен Сыр бойынан шыққан ғалымдар, әдебиет және өнер қайраткерлері мен зиялы қауым өкілдерін шақыру жоспарланған. Және қаланың әлеуметтік-экономикалық дамуына ерекше үлес қосқан азаматтарды марапаттау үшін 2000 дана арнайы сериялық мерекелік медаль дайындалып жат­қан көрінеді.

Аппарат мәжілісінде бірнеше кадрлық ауыс-түйістердің болғаны айтылды. Қызылорда қаласы әкімі аппаратының бас инспекторы, қала әкімінің баспасөз хатшысы қызметтерін атқарған Руслан Каюпов қалалық ішкі саясат бөлімінің басшысы болса, облыстық кәсіпкерлік және туризм басқарма­сының бөлім басшысы Азамат Каюпов қалалық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары­ бөлімінің басшысы қызметіне тағайындалды. Сонымен қатар, Қызылөзек ауылдық округі­нің әкімі болып Сәкен Әбдіжаппар және Талсуат ауылдық  округінің әкімі  болып Болатбек Нұр­лыбаев  сайланды.

Қозы  Көрпеш  ЖАСАРАҰЛЫ

 


ОНЛАЙН-НЕСИЕ ОРҒА ЖЫҚПАЙ МА? PDF Print Email
Жаңалықтар - Мәселенің мәнісі
19.07.2018 12:41

Қалтаңызда көк тиыныңыз қалмай, бірақ шұғыл түрде ақша керек болып қалғанда қайтесіз? Қазіргідей нарық екі өкпеден қыспаққа алған заманда мұндай мәселені шешудің оңтайлы жолы қандай? Онлайн-несие. Несиенің дәл осы түрі түйткілдің түйінін тез арада тарқатудың амалына айналды дейді білетіндер. Айталық, қомақты қаржыға мұқтаж болғанда жұрт тұтынушылық несие алады екен. Ал онлайн-несиеге азын-аулақ ақша керек кезде қадам жасайды деседі...

Онлай-несие беру – бүгінде тек біздің елде ғана емес әлемде ең көп тараған қаржымен қамтамасыз ету жүйесі. Оның ерекшелігі сол, «кредиттің» басқа түрлеріне қарағанда, жылдам әрі оңай рәсімделеді. Ол үшін сізге банк  картаңыз  бен   төлқұжатыңыз қажет. Несие алуға өтінім толтырғаннан кейін бар болғаны бір минут ішінде сұраған сомаңызға байланысты шешім қабылданғаны не қабылданбағаны жайындағы ақпаратты білесіз. Егер ақша берілетіні жөнінде шешім расталған болса, есепшотыңызды дайындай беріңіз. Бас-аяғы 24 сағаттың ішінде қажетті сома сіздің шотыңызға топ ете қалады. Осылайша, он минуттың ішінде қажетті қаражатыңызды алып, қалтаңызды қампайтасыз.

Қазіргі таңда онлайн-несие береті­н ұйымдардың түрлері өте көп. Олар: TurboMoney, MoneyMan, Kaz Credit Line, TengoKZ, Kredit7 және т.б. деп тізіліп кете береді. Тақырыпқа тұздық болып отырған жайт туралы тереңірек білгіміз келіп, біз де сол онлайн-несие алушылар қатарында болдық уақытша. Сонымен... Біздің зерттеуімізше, сіз MoneyMan қар­жылық ұйымынан несие рәсім­дейтін болсаңыз, онда алғашқы қарыздың үстемақысы жеңілдікпен 1% болады. Яғни, 1 айға 50 мың теңге­ алатын болсаңыз, оны 68,500 теңге қылып қайтарасыз. Бірақ бұл бастап­қы пайы­зы ғана. Яғни, сұраған со­маңыздың мөлшеріне қарай 1 айға 18,500 теңге үстемақы қосылған. Ал жылдық үстемақысы айтпаса да түсінікті шығар. Қаржыдан тығырыққа тіреліп тұрған адам па­йыздық мөлшерлемеге қараушы ма еді? Тіпті, несиелердің күнделікті пайыздық мөлшерлемесінің 2-3%  екен­дігін ескергенімен, жылдық үстемесі 1000%-ға дейін өсіп кеткенін «бай­қамай» қалғандар да бар екен. Ғаламтордағы TurboMoney несие беру ұйымына тұтынушылар жазған пікірге көз салсақ, сөзіміз жандана түседі. Сондай бір пікірде бір азамат 60 мың теңге көлемінде несие алып, оны уақытында өтей алмай,­ нәти­жесінде қарыз сомасын 1 жылда 1-2 миллион аралығында өсіріп алыпты. Қолына тиген 60 мың үшін қалтасынан миллиондап ақша шығаруға мәжбүр болған (кімнің болмасын өз еркімен қыруар қаражатты желге ұшырғысы келмейтіні шындық  емес пе?). 60 мың үшін 1 000 000  теңге. Кімге пайда? Зияны кімге? Бұл жүйе қаншалықты  заңды?

Бақытжан Арғынбаев, заңгер:

- Онлайн-несие беру – клиентпен микроұйымдардың арасында жасалатын қарызға ақша беру жүйесі. Онлайн-несие ХХІ ғасырдың талабына сай жүргізілуді талап етеді. Себебі, дамыған елдерде барлық құжат айналымы электронды түрде жүргізіледі. Бізде онлайн-несиені реттейтін заң әлі қабылданған жоқ. Дегенмен, бұл несие ҚР банктер және банк қызметі, сондай-ақ Азаматтық кодекстің 152-бабының 3-тармақшасымен реттеледі. Яғни, электронды құжаттар арқылы мәміле жасау – бұл мәміленің жазбаша түрін сақтаған болып табыл­ады. Сондықтан мұндай ұйымдардың несие беруі заңсыз емес. Жалпы,­ онлайн-несиені рәсімдеп жатқан­ банктер мен микрокредит­тік ұйымдардың әрекеті ҚР Азаматтық кодексінің талаптары бойынша жүргізіліп отыр. Ал олардың пайыздық мөлшерлемесіне байланысты Ұлттық банк бірқатар талаптар қойды. Және несиенің жылдық пайызының мөлшері де бекітілген. Олар сол мөлшерден аспау­ы тиіс.

Заңгер Б.Арғынбаевтың сөзінше, заңға сәйкес, төлқұжатыңыздағы ЖСН нөміріңізді онлайн-несиеге қол жеткізу кезінде жолдасаңыз, сол арқылы ұйымға тіркелген болып табыла­сыз. Ол – несие алған жағ­дайда сол компанияның келісім­шартымен келіскеніңіздің дәлелі. Яғни, сіз электронды түрде келісімшарт  жасастыңыз.

Несие алып, аспаннан ақша жауғандай күйге бөленгендер баршылық. Ал содан кейін ше?

- Мен ең бірінші рет онлайн-несиеге осы жылы жүгіндім. TurboMoney онлайн­-несие беру компаниясында өзің қалаған сомаға дейін несие алуға болады­. Мен 15 мың теңге көлемінде алдым. Маған бұл соманы қайтару оңай болды. Негізі оның пайыздық үстемесі әр кезде әртүрлі болады. Мен алған  несиемді  уақытынан  бұрын, 20 мың теңге қылып қайтардым. Бірақ бір айтарым, мұндай компаниялардан несие рәсімдеу тиімсіз екеніне көз жеткіздім. Себебі, жоғары сомада несие алсаң, оның пайыздық үстемесі  жоғары болатыны анық. Сондықтан болашақта мұндай компания­ларға жүгінудің  қажеті жоқ деп ойлай­мын, - дейді  Бибісара  есімді  тұтынушы.

«Бірінші несие бюросының» зерттеуі­нше, жалпы еліміздегі онлайн-несиенің қаржы қоры 16,5 миллиард теңге болса, орташа несиенің көлемі 33 мың теңгені құрайды. Мұндай несиелер оңай рәсімдел­гені­мен, несие беру компаниялары клиент­тің төлемді қайтаруға деген қабілеттілігін ескермей, жылдық үстема­қыны шектен тыс шарықтатып жібереді. Бүгінге дейін онлайн-не­сиег­е ешқандай шектеу болмаған. Деген­мен, ҚР Ұлттық банкінің төрағасы Д.Ақышев Ұлттық банктің онлай­н-несие  ұйымдарының  жылдық пайыздық  мөлшерлемесін ең көбі  100 пайыз қылуға мүдделі екенін айтты­.

- Онлайн-несие беретін ұйымдардың жұмысын реттеу керек. Егер банк­тер 56% жылдық үстемақымен қарыз берсе, онлайн-несиеде шек жоқ. Олар 700, тіпті 900 пайызға дейін көтереді. Сондықтан Ұлттық банк онлайн-несие беретін ұйымдарға мынад­ай талаптар қойып отыр. Жылдық үстеме 100 пайыздан аспауы тиіс және несие тек теңгемен берілуі қажет. Егер шағын фирма жаңа заңда­ жазылған осы шартты бұзса, клиентке берілген қарыз тиын-тебен болып қалады. Ұлттық банк тіпті олармен соттаспақ. Мақсат – интер­нет арқылы несие беретін ұйымдарды жабу емес, азаматтарды өмір бойы қарыз төлеуден құтқару. Онлайн-несие беру компанияларының басым бөлігі  азаматтық-құқықтық  қарым-қатынас негізінде жұмыс істейді. Яғни, Азаматтық  Кодекс бойынша кез келген адам қарызға ақша беру құқығына ие. Алайда бұл процестер ешқандай кәсіпкерлік пайда түрінде рәсімделмеуі керек. Қазір микроқаржы ұйымдардың мәртебесін және қарыз беру шарттарын белгілеу мәселелері талқыланып жатыр. Шағын қарыз  беруші  компаниялардың дені – шетелдің қаржы  ұйымдары, - деді  еліміздің бас  банкирі  Данияр  Ақышев.

Осылайша, бас банкир онлайн-несиенің тиімсіздігін ашық көрсетіп берді. Мұнан кейінгі таңдау – тұтынушыларда. Осы мәселеге байла­нысты жыл басында ҚР Парламенті Сенаты Бас прокуратураға депутаттық сауал жолдап, онлайн-несие береті­н ұйымдарды тексеруді талап еткен болатын. Пәрмен берілді. Жауап­тылар  жұмысқа  кірісті. Нәтижесінде  Ұлттық банк жүргізген мына бір  есепті мысалға келтіруге болады.­ Онлайн-несие үлестіретін ұйым қарызды жылдық 900%-дық мөл­шерлемемен (күніне 2,5-3%) берді делік. Ал елдегі орташа айлық жалақ­ы 150 мың теңге шамасында. Клиент үш айға 100 мың теңге алатын болса, несиені қайтару сомасы орташа айлық жалақыдан 2-2,5 есеге асып  түседі  екен. Ал төменгі жалақы алатындар  немесе  мүлде  жұмыссыздар  мұны  қалай  қайтармақ?

Сонымен, Ұлттық банк хабарлағандай, қарыз алушыдан алынатын түрлі комиссияларды, айыппұлдар мен өсімақыларды және басқа да төлемдерді қоса есептегенде жылдық мөлшерлеме 100%-дан аспауы керек. Аталған шектеуді енгізу нарықтағы қауіп-қатер деңгейін едәуір төмендетпек. Оның үстіне, мұндай жағдайда ай сайынғы төлем қарыз алушының табысының 24%-ынан аспайтын болады. Ұлттық банктің хабарлауынша, бұл норма банк және шағын­ қаржы ұйымдары болып табыл­майтын заңды тұлғаларға ғана қолданылады. Яғни, аталған шектеу онлайн-несие беретін ұйымдарға ғана қатысты.

Онлайн-несиелер әлемнің дамыған және дамып келе жатқан елдерін­де жиі кездеседі. Бір жақсысы, олардың көпшілігінде жылдық мөл­шерлемесі заң жүзінде қатаң рет­телген. Мәселен, Ұлыбританияда жалақ­ыға дейін жедел несиені беру үшін қаржылық қызметтер нарығын қадағалайтын орталық органның рұқсатын алуы қажет. Сондай-ақ, заң жүзінде максималды пайыздық мөлшерлемені 0,8%-дан асырмауы тиіс. Яғни, несие алушының қорытынды төлемі бастапқы несие мөл­шерінен 100%-дан аспауы қажет. Ал Франция мен Германия елдерінде заң бойынша несиелік мөлшерлеме белгіленген орташа сомадан аспайды. Қытайда осындай жедел несие­нің жылдық пайызы 36%-ды құрайды. Ал сіз алып жүрген несие ше? Салыстырып  көріңіз.

Қаражат қажет қысылтаяң шақта қай жақтан болмасын, «жедел-жәр­демнің»  жеткенін қалаймыз. Сондай­ сәтте онлайн-несиенің «рақымына» кенеліп, бақыттан басыңыз айна­лары анық. Алайда оп-оңай келетін ақшаны таңдамас бұрын санаңызға мәселені  қайта саралау  туралы  сауал­ жолдауды  ұмытпаңыз.

Сосын. Жеке куәлікті де көрінген жерде қалдыруға болмайды. Өйт­кені, әлдебір кісі сіздің атыңыздан онлайн-несие рәсімдеуі ғажап емес.

Мөлдір  ІЗТІЛЕУ,

Қорқыт  ата  атындағы

ҚМУ-дың  2-курс  студенті

 


МӘСЕЛЕНІҢ ҮЛКЕН-КІШІСІ БОЛМАЙДЫ PDF Print Email
Жаңалықтар - Мәселенің мәнісі
19.07.2018 12:34

"Су – тіршілік нәрі". Анығы солай. Адам ағзасының басым бөлігі судан құралады деседі білетіндер. Ал үлкендер болса "Адам аштыққа төзгенімен, шөлге шыдамайды" дегенді алға тартады. Не болса да, судың адам өміріндегі маңызы ерекше екендігі талассыз. Шілденің аптабы күшіне мінген сайын ауызсуға да сұраныстың артатыны белгілі жайт. Қазалыда жер­гілікті билік өкілдері тұрғындарды ауызсумен қамту жайын тұрақты назарда ұстап келеді. Әйтсе де көпшілік арасында су тапшылығы қылаң беріп қоя­тынын несіне жасырамыз?!.

Өзгесін қайдам, біз тұратын Сырым батыр көшесінің аяқ шеніндегі бірнеше үйдің ауызсу тапшылығын сезініп отыр­ғанына біршама уақыт болды. Қазақылықтың қаймағы бұзылмаған ел болғандықтан, көрші-көлем колонкасынан су ағып тұрған үйлерден алып, амалдап келген болатын. Өткен жұма күні кент әкімі Жарасхан Мұратбаев  бауырымызға қоңы­рау шалып, болған жайтты білдірдік. Кент әкімі мәселені естіген соң су таситын арнайы автокөлік жіберетінін жеткізді. Көршілер болса құдығы бар үйге құйып алып, әзірше амалдай тұратындарын айтып мәз болысты. Алайда жұма, сенбі күні күткен су таситын көлік келмеді. Көршілерім қолдарына іліккен ыдыстарын ұстап үй жағалап жүр. Шыдамның да шегі бар. Кент әкіміне тағы қоңырау шалған едік. Ұялы телефоны көтермеді. Амалсыздан аудан әкімінің орынбасары Әлімжан Жарыл­қағановқа  сен­бі­нің кешінде (14.07.2018) қоңырау шалдық. Әңгіме­нің төркінін естіген Әле­кең су таситын арнайы көлік жіберуге уәде берді. Азамат сөзінде тұрды. Бас-аяғы бір сағат­қа жетер-жетпес уақытта көлік келіп, құдығы бар тұр­ғынның үйіне су құйып кетті. Әлденеше үйдің тұрғындары әзірше амалдай тұрмақшы. Біз болсақ Әлімжан Мұратбай­ұлының сөзбұйдаға салмаға­нына  тәнті  болдық. Бұл  дағды өзгелерге  үлгі  болса, кәнеки!

Әрине, «сабырлы жетер мұратқа». Бірақ кейбір бас­шылар да мұны түсінгені жөн. Егер де сол басшының әйелі, немесе келіні, болмаса бой­жеткен қызы қолына шелегін ұстап, үй жағалап су сұраса (әрі әлденеше күн қатарынан), қандай­ күйде болар еді?!. Бір сәт осыны да ойлап қойған ләзім. Сонан соң, мәселеге немқ­ұрайды  қарамаса дейміз ғой, баяғы. Ешкімнің қолына шығайын деп отырғаным жоқ. Десе де, аудан әкімі орынбасарының  шұғыл шешім қабылдап, тәртіпті ұнататын мінезіне­ (мүмкін, ұзақ  жылдар  ішкі істер  саласында  қызмет  жасап, тәр­тіпке қалыптасқаннан болар­) риза  болғанымыз  тағы рас.

Айтпақшы... Әлімжан Мұ­ратбайұлы! Өзіңіз тапсырма беріп көлікпен құдыққа құй­дырған суды пайдаланып отыр­ған­ (Менің үйімнен су ағып тұр. Басқаша ойлап қалмаңыздар. – авт.) көршілерім сізге "Алла шөлін қандырсын!" деген тілектерін жеткізуді аманаттаған еді. "Аманатқа қиянат жоқ", мен парызымнан құтылдым.

Жұмабек  ТАБЫНБАЕВ,

Қазалы  ауданы

 


ЖАСТАРДЫ ЖИЫНДАРҒА ӨЗІМІЗ ЕРТІП ӘКЕЛЕМІЗ PDF Print Email
Жаңалықтар - Бүгінгінің болмысы
19.07.2018 12:02

 

 

Талғат  ТІЛЕС,

облыстық  «Жас  Отан»

жастар  қанатының  төрағасы:


– Талғат, алдымен «Жас Отан» жастар қанатының негізгі бағы­тына  тоқталып  өтсең...

– «Жас Отанның» негізгі бағыт­ы – жастармен жұмыс істеу. Біз бір ғана бағытты ұстанбаймыз. Біріншіден, Елбасы Нұр­сұлтан Әбішұлының атқарып жатқан жұмысын, қабылданып жатқан мемлекеттік бағдарла­маларды насихаттау. Екіншіден, жастардың ұсынысы тыңдап, жоғары жаққа жеткізу. Үшін­ші­ден, бүгінгі буынның рухани-мәдени дамуына ықпал жасау.

– Облыстағы жастардың мәдени­еті  қандай  деңгейде?

– Меніңше, замандастарымыздың мәдениеті төмен деп айтуға болмайды. Дегенмен, бес саусақ бірдей емес. Өсіп те, өшіп те жатқан жастар бар. Жоққа шығара алмаймын. Мәдениет қаладағы тазалықтан басталады. Қазір қарасаңыз, шаһарымыздың шырайы кіріп қалды. Сондай-ақ, театрларда  өткізілетін іс-шараларға, қойылымдарға жастар­ жиі бас сұғатын болған. Бұл, әрине, қуанышты жайт.

– «Жас Отан» ЖҚ-ның негізгі бөлігін кімдер құрайды? Студенттер ме, жас мамандар ма? Біз униве­рситет қабырғасында жүр­генде топтастарымыз «Жас Отанның­» іс-шарасында жүрміз» деп сабақтан жиі сұранатын. Бұл олардың оқуына кері әсерін тигізбей­  ме?

– Бүгінде  аймақтағы 11 мыңнан аса жас біздің ұйымға мүше. Белсендісі 5 мыңнан асады. Өйткені, жас мамандардың көпшілігі қызметте. Дәрігерлер де, мұғалімдер де бар. Олардың көпшілігін жас мамандар құрайды. Облыс көлемінде 144 бастауыш бөлімшеміз бар. Жалпы алған­да, қай ортада жастар көп, сол жерде бөлімшелерімізді аштық. Кез келген жас «Жас Отан»  ЖҚ  мүшесі  бола  алады.

Мен 2012 жылы осы ұйымға мүше болып қабылдандым. Мұндай мәселелермен біз де соқтық­тық. Әйтсе де, белсенді жас барлығына да үлгеруі тиіс. Егер студент мұғалімнің талабын орындайтын болса, бәрін де қалыпқа келтіруге болады. Біз қажетті студентті ресми хат арқыл­ы сұрап аламыз. Сонда қандай іс-шара өтетіндігі көр­сетіледі. Шыны керек, жастардың көпшілігі мұндай ұйымның бар екендігін де білмейді. Алматы, Астана қалаларында өтетін іс-шараларда жиналған жастарға аса мән бере бермейді. Олардың көпшілігі өз еркімен келеді, қатысады. Бүгінде біз де осы деңгей­ге жету үшін жұмыс істеп жатырмыз. Жасыратыны жоқ, жастарды  жиындарға өзіміз ертіп әкелеміз. Біз оған мүдде­ліміз. Білім мен ғылым қуған жастың деңгейі белгілі ғой. Жалпы­, «жас» деген сөздің өзі креатив және энергия деген сөздерден тұрады. Студенттерге қойып отырған басты талабымыз: бірінші орында – оқу, екін­шісі – белсенді өмір сүру.

– Сіздердің ұйымға мүше болып­, қазір  лауазымды  қызметте­  жүрген  кімдерді  айта  аласыз?

– Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университеті Жастар ісі жөніндегі департ­аменттің директоры Жандос­ Базартай, Қармақшы ауданы әкімінің орынбасары Еркеб­ұлан Меңлібаев, облыстық жастар саясаты мәселелері бас­қарма­сының бас маманы Абы­лайха­н Сабанбаев, сондай-ақ, «Жас Отан» ЖҚ республикалық төраға қызметін атқарған, қазір қала әкімінің орынбасары Шахмардан Асқарұлы, Әлішер Кардашов, Дәулет Аждар сынды бауырларымыз  Астана қаласында қызметте жүр. Ал аудандағы бө­лімше басшыларының 90 па­йы­зы – аудандық мәслихаттың депу­таттары. Біз олардың тоқсан са­йын­ жастарға қатысты қанша депутаттық сауал­  жолдағанын қа­рап, сараптама  жасап  отырамыз.

– Бүгінгі буын саяси сауатты ма? Оны  қалыптастыру  үшін  қандай  жобалар  іске  асуда?

– Бұл өте маңызды сауал. Елімі­здегі жастардың саяси сауатт­ылығы жылдан-жылға жоғар­ылап келеді. Мәселен, «Болашақ»  бағдарламасы арқылы  білім алып келген жастардың көпшілігі ел тізгінін ұстап үлгер­ді. Алдағы 3-4 жылдықта олардың көпшілігі басқарушы топқа айналады. Әркімнің таңдауы әртүрлі. Кейбірін саясат қызықтырмайды. Жастарға да сондай. Жастардың басқарушылыққа ұмтылысы жоғары. Ал жастардың сауаттылығын арттыру үшін коркинг орталық ашқалы отырмыз. Шынын айтқанда, жас­тар­ды оған тарту бір бөлек, онымен әрі қарай байланыс орнату – тағы да жұмыс. Басты талап: не нәрсені де жастар бір-біріне үйретеді. Он бағыт бойынша жұмыс істеу ойда бар. Мәселен, шет тілінен білім алатын 3-4-курс студенті замандастарына ағылшын тілін  үйретеді. Аптасына 2-3 рет тарихи маңызы бар дерек­ті фильмдер көрсетілетін болады. Сондай-ақ, орталықта кітапхана да ашқалы отырмыз. Сонымен қатар, музыкалық колледж­де  оқитын  студенттерге­ достарына домбыра үйретуге келісіп отырмыз. Бұл орталықта ересек кісілердің болмағаны дұрыс. Қысқаша айтқанда, біз жастардың екінші үйін жасағымыз келеді. Тағы бір айта кетер­лік жайт, кітапханаларды жаң­ғыр­ту керек секілді. Өйткені қай-қайсына барсаңыз да, бір орындық пен бір үстел. Жастарды өзіне тарта алмайды. Міне, азды-көпті  осындай жобаларды қолға алып  жатырмыз.

– Жақында «Ninety One» тобын­ың  әншісі «Жас Отан» ЖҚ мүшелігіне өтті. Бұл шешім қо­ғамдық резонанс тудырғаны да рас. Бұған қатысты көзқарасыңыз қандай?­

– Бірден айтайық, Дулат («Ninety One» тобының әншісі.- ред.) сайлаушылар тарапынан көп дауыс жинады. Екіншіден, біз бұл топтың әнін сүйіп тыңда­ғаннан қабылдаған жоқпыз. Бүгінде әншілердің 10 мыңдаған жанкүйерлері бар. Олардың басым­ көпшілігі – жастар. Алдыме­н солардың ертеңін ойлад­ық. Дулатты қабылау арқыл­ы 10 мыңдаған жанкүйерге біртабан жақындасақ дейміз. Жалпақ тілмен айтсақ, ішкі «асханасына» еніп, оларды басқа арнаға­ бұруды көздедік. Егер жастар­ды кері тарта берсек, көбейе береді. Мәліметтерге сүйенсек, Корея даму динамикасы  жағынан өте қарқынды. Десе де, біршама жыл бұрын «Хип-хоп» деген жанр пайда болғалы жігіттері қызтеке боп киінуді шығарды. Міне, осындай келеңсіздіктерге ұшырамас үшін орталық аппарат осындай қадамға бардық. Бұған біржақты қарауға болмайды.

– Аймақтағы жастардың  басты­  проблемасы  қандай?

– Біздің өңірде ғана емес, еліміз­де еріншек жастар көп. Мүмкіндіктерді пайдаланбайды. Ізденіс аз. Және ұйқыны азайту қажет. Жақында облыс жастарын кәсіпке бейімдеу үшін арнайы жоба шықты. Оған қатысы­п жатқандар тым аз. Облыс­ әкімі Қырымбек Елеуұлы «Жастар заман талабына сай болуы­ керек» деп ұдайы айтып отырады.

– Жергілікті  билік  жастардың потенциалын  қаншалықты  пайдаланып  отыр?

– Көпшілігі «билік не айтса, «Жас Отан» соны орындайды» дейді. Олай емес. Мәселен, менің өндірістік іс-тәжірибеге көңілім толмайды. Барған студентті болмайтын жерге жұмсап қоятын мекемелерді де білеміз. Әсіресе, техникалық маман­дықтағылар. Оқу орны тарапынан да қадағалауды күшейту керек.­ Мың жерден теория жүзінде мықты болсаң да, практикаға келгенде бәрі де басқаша болуы  ықтимал.

Дегенмен, өңір басшылығы жастардың мүмкіндігін толық пайдалана алып отыр дей алмай­мын. Десе де, кейбір жобаларға қолдау бар. Мысалы, Назарбаев  зияткер­лік мектебі­нің 11-сынып оқушысы ПИК-тердің жұмысын электронды форматқа көшіру үшін арнайы жоба жасап шығарды. Сондай-ақ, туризмге қатысты да бір­қатар жобалар бар. Осы ретте айта кете­йік, Ресейде білім алған жастардың ал­ғашқы легі аймаққа келе­ді. Олар облыс экономикасын алға сүйрейтініне кәміл сенімдімін.

– Әңгімеңізге  рақмет!

Сұхбаттасқан

Қозы  Көрпеш   ЖАСАРАЛҰЛЫ

 


ҚОЛШОҚПАРҒА АЙНАЛҒАН СУДЬЯЛАР КІМДЕР? PDF Print Email
Жаңалықтар - Құқық құрығы
19.07.2018 12:00

Бұған дейін Бас прокурор қызметінде болғанда да адалдығымен, іске берілгендігімен көзге түскен Жақып­  Асанов бұл жолы да бұрынғы әдетінен таймады­.  Жартыжылдық   есебін  қорытындылаған бас  қазы  қолшоқпарға  айналған  судьялардың  атын атап,  түсін  түстеді.

– Кей судьялар ашықтан-ашық рейдерлікпен айналысы­п жүр. Алматы мен Ақмола облысы соттарының төрағалары Әбдіханов пен Әміров, мұны көрмей қалдыңы­здар  ма? Іс сіздер арқылы өтеді. Сіздерді біреудің­ кәсібін тартып алу үшін пайдаланып отыр,- деді Жоғары­ сот төрағасы жартыжылдық есептік жиналы­ста.

Шынында, халықтың сотқа деген сенімі жоғалған бүгінде. Халық арасында «ақшаң болса, бәрін шешуге болады» деген әңгіменің айтылуы да бекер емес. Жазықс­ыз жандардың сотты болып, темір торға тоғытылы­п кететініне ашуланады олар. Мысалы, Жамбыл облысында аудандық судья жергілікті тұрғынды  өмір бойына біреудің малын бағу құқы­ғынан айырыпты.  Ал Маңғыстау  облысындағы  судья «есірткі сатты» деген жалған жаламен күдіктіні 10 жылға  соттап жіберіпті. Мұның бәрі судьялардың үстінен қадағалаушы органға түскен шағымдардың арқасында  дәлелденіп отыр.

– Жоғарғы сотта бас прокурордың наразылығымен 700-ден астам соттың үкімі өзгертіліп отыр. Оның ішінде 12  ақтау  үкімі бар. 200-ден астам адамның мән-жайын жеңілдететін үкімдер бар,- деді ҚР Бас прокурорының  орынбасары  Марат  Ахметжанов.

Мұнан бөлек бас қазы қит етсе сотқа жүгінетіндерді де сынады. Жұрт арасында әлі де «сотқа беремін, құртамын, жоямын» дейтін жағымсыз әдет барын айтып,­ ондай адамдарды мәдениеті төмендерге жатқызды­. Құдасын  құдайындай  сыйлап, ақ пейілмен  араласқан  мыңжылдық  ағайынның  да  арасына сызат  түскенін  айтып, ашынды.

– ...Қызылордада екі жас ажырасып, құдалар арасынд­а араздық пайда болған. Сонда бір жағының жағдайы екінші жағынан мықты болуы керек. Сол екінші  жаққа  «мен сені  құртамын»  дейді. Сөйтіп  барын­ салып, органдарды  тартып, бұрынғы құдағиын бес жылға­ соттатады. Қалалық сот та, облыстық сот та  көз жұмып  қараған. Осы  істі жақында Жоғарғы­ сотта қарап, ол кісіні біз ақтадық. Бірақ сол істі қараған  тергеушінің өзі сотталып кетті. Өйткені, жал­ған  жауаптар  жасаған, - деді  Жақып  Қажыманұлы.

Жоғарғы  сот төрағасының кеңесшісі С.Сүлей­менов билер сотын қайта құру қажеттігін айтты. Даукес­тердің  санын  азайту  мақсатында қолға  алынған­ бастаманың 4 жолын алқалы жиында көпшілікке   таныстырып  өтті.

 


Күнтізбе

< Шілде 2018 >
            1
2 3 4 5 6 7 8
9 10 11 12 13 14 15
16 17 18 20 21 22
23 24 25 26 27 28 29
30 31          

Сауалнама

Аса мәртебелі шенеуніктердің қылмысқа шатылып жатқандығы нені аңғартады?
 

Ауа райы

Валюта бағамы

Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі валюталардың ресми бағамдары