Өзекті мәселелер

  • 08.11.18

    Халық – сыншы әрі әр­қашан әділ. Өткен аптада Арал, Қазалы аудан­дарына іссапармен барға­н облыс әкімі Қырымбек Көшербаев ел алғысын арқал­ап қайтты. Бұқараның базы­насын ескеріп, жұртшылықтың жағдайын  жақсартуда аймақ басшысы бір­қатар тірліктер атқарып жүр. Өткен аптада жер­гілікті тұрғындар сол игі істер­дің жалғасына куә болды.

    Алдымен Арал ауданы орталы­ғындағы жаңа аурухананың аш...

    Толығырақ...
  • 08.11.18

    Кез келген тауарды сырттан тасымалдау үлкен тәуеке­л мен көп шығынды талап ететіні сөзсіз. Дамыған­ елдердің көпшілігі тұтынатын тауарын өзі өндіріп, кәсіпкерлері шаруасын шыр айналдырып отыр. Ал бізде ше? Қандай өнім бар дегеннен гөрі, нендей өнім жоқ дегенге жауап табу тез болып тұр. Былай қарағанд­а, қарапайым қаламсап шығаратын зауы­тыңыз  да  жоқтың  қасы. Қайтпек  керек?

    ...
    Толығырақ...
  • 08.11.18

    Қазір әлеуметтік желі үлкен күшке ие. Ойыңызда жүрген жайтты жақсылап тұрып жазып, көпшіліктің талқысына тастай саласыз. Мұнда  сөздің  байыбына баратын, оны саралай алатын да, көкпардағы  серкедей  жүнін  жұлып, ту-талақай  ет етін де  жұртшылық бар. Ал, күшке ие дегеніміз – көп  мәселенің  шешімін  табатынында. Жама­н жері  кейде жаны ашып жазғандар да жазықты болып жатады­. Атын шыға...

    Толығырақ...
  • 08.11.18

    Нәзіктік пен әсемдіктің символы – қыз баласы қашаннан сұлулыққа құмар. Ару­лар­ға ақыл мен  әдеміліктің қатар қажет екенін қазақ бұрыннан айтып кеткен емес пе? Көріксіз қыз – тұзсыз нанмен тең. Ендеш­е  сұлулығын  арттырып, тартымды бола түсу – бұрымдылар үшін сүйікті «мәселе». Бүгінде  айқабақ,  алтын  кірпік, қызыл ерін  сылқымдар кірпігін қалай  күтіп  жүр? Сырт көзге сөз қылуға тұр­майтын т...

    Толығырақ...
  • 08.11.18

    Айжарық  СӘДІБЕКҰЛЫ

    Редакция  қызметкерінің іссапармен бармайтын жері жоқ. Асулардан асып шыңға шығады, еңіске түсіп теңіз кешеді, балықшы мен диқанның қосына­ түнейді, шопандар мен жылқышыларға жолығу үшін жайлауды аралап шаршайды. Иә, жорналшы дегендер өмір бойы солай жол үстінде жүрген­дерінде бұрын көріп білмеген пенделердің талайымен жүзд...

    Толығырақ...
Сәрсенбі, 25 Шілде 2018

ШАРУАСЫ ШАЛҚЫҒАН ШАҺАР PDF Print Email
Жаңалықтар - Саясат
26.07.2018 11:56

Екі ғасырлық тарихы бар, қойнауы шежіреге толы Сыр шаһары үшін биыл алымды асулар бағынған толымды жыл болмақ. Елбасының өзі Сыр еліне айрықша көңіл бөледі. Өзге аймақтарға қарағанда да даму деңгейінің жоғары екендігі анық байқалады. Орталық және басты көшелер толығымен жарықтандырылған, аялдамалар да заманауи үлгіде, тегіс жол, онымен әрлі-берлі қатынап тұрған қоғамдық көліктер де жап-жаңа, талапқа сай. Орталық алаң кең, субұрқақтан су шашып, алаң төріндегі жалғыз театр қала тұрғындарының рухани жаңғыруына үлес қосып тұр. Бұйыртса, осы алаңда Қызылорда  қаласының 200 жылдық мерейтойы өтеді. Дүбірлі күнге байланысты қаланың түкпір-түкпірінде түрлі жөндеу жұмыстары жүзеге асуда. Ал құрылыс қарқыны жөнінен алдыңғы орындардан төмендеген емеспіз.

ЖЕТІСТІГІ

ЖОҒАРЫ  ҚАЛА

Облыстың жеткен жетіс­тігінің бір бөлігі қалаға тие­сілі. Яғни, аймақтағы әлеуметтік-экономикалық көр­сеткіштердің жоғарылауы шаһардың да шырайлы бо­луына ықпал етеді. Облыстық статистика департамен­тінің мәліметтеріне сүйенсек, Қызылорда қаласының әлеуметтік-экономикалық дамуы көрсеткіші көңіл жұбатарлық. Жыл басынан бері өнеркәсіп өнімдері­нің өндіріс көлемі 313 603,0 млн теңге­ні құрады. Кен өндіру өнеркәсібіндегі өнімнің көлемі 282 344,6 млн теңгені шамалап, есепті мерзімде 2 663,7 мың тонна мұнай және 452,4 млн текше метр табиғи газ өндірілген. Жалпы алғанда, ел экономикасының  айқын көрсет­кішін көрсете алатын сала ретінде өнеркәсіпті ойланбай айтуға болады. Тоқырау жылдарында тоқтап қалған кәсіпорындарды­ жандандыру үшін қыруар қаржы жұм­салды. Сондай-ақ, бұрын-соңды игеріл­меген саланы бір арнаға түсіру үшін де еңбек пен қаржы қажет. Бұл ретте өңдеуші өнеркәсіптің кең жайылған қанатын мысал етуге болады. Аталмыш салада жыл басынан бері 16 125,3 млн теңгенің өнімі өндірілген. Бұл – жалпы өнеркәсіп өнімінің 5,1 пайызы. Есепті мерзімде резеңке және пластмасса бұйымдарын өндіру  2  есеге, тамақ өнімдерін өндіру 18,9 пайызға, жеңіл өнеркәсіп 5 пайызға, машина жа­сау саласы 21,6 пайызға артқан. Бұл – біздің мақтанышымызға айналған даму көрсеткішіміз. Алдағы уақытта қала экономикасының артып, халқының­ әлеуметтік жағдайы жақсаруы үшін шаһар­да кәсіпкерлік орындарының көптеп  ашылуы  жоспарланып  отыр.

 

МАҢЫЗДЫ   САЛАНЫҢ

ӨНІМІ   МОЛ

Экономиканың ең маңызды сала­сының бірі – ауыл шаруашылығы. Ауыл шаруашылығының өзіне тән ерекшелік­тері де бар. Ол табиғат факторларына тәуелді және мерзімді циклдық жағ­дайда жүреді. Ауыл шаруашылығы өндіргіш күштерінің даму тұрғысынан алғанда да өнеркәсіпке қарағанда нашар­. Сондықтан ауылшаруашылық кәсіпорындары өзгеріп отырған экономикалық және технологиялық жағдайларға баяу бейімделеді және салынған капиталдың басқа салалармен салыс­тырғанда қайтарымы төмен. Ауыл шаруа­шылығының тиімділік көрсет­кіштерін дұрыс анықтаудың маңызы зор. Мәселен, ауыл шаруашылығы өнімдері­нің жалпы өнімінің көлемі 2018 жылдың қаңтар-сәуір айларында 861,6 млн теңгені құраған. Шаруашылықтың барлық санаттары бойынша 845,6 тонна ет (тірідей салмақпен), 1 621,6 тонна сүт, 124,1 мың дана жұ­мыртқа өндіріліп, өткен жылдың салыс­тырмалы кезеңінен ет өндіру 110,8 па­йызды, сүт өндіру мен жұмыртқа өндіру 100,6 пайызды құрады. 2018 жылдың қаңтар-мамыр айларында негізгі капитал­ға салынған инвестиция көлемі 27 771,3 млн теңге болып, өткен жылдың­  салыстырмалы  кезеңімен     90,8  пайыз­ды  құрады. Облыстағы  үлесі 42  пайызды  еңсерген.

 

«БАСПАНАМ   ЖОҚ,

БАБЫМ   ЖОҚ»...

Осылай деп жүргендер үшін жыл басын­ан бері 107602 шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілді. Тиісінше, 2018 жылдың қаңтар-мамыр айларында құрылыс жұмыстарының көлемі 7 682,1 млн теңгені  еңсеріп, өткен жылдың салыстырмалы кезеңімен 71,5 па­йызды құрады. Өздеріңіз де байқап жүрген шығарсыздар, аймақтың арғы-бергі аудандарын есептемегенде, шаһардың өзінде құрылыс алаңына айнал­ған бірнеше орын бар. Әсіресе, сол жағалау қалашығының бой көтеруі биылғы жылдың басты жаңа­лығы болғалы тұр. Бұйыртса, жыл соңына дейін пайдалануға берілетін көпқабатты үйлердің тұрғындары үшін әлеуметтік нысандар да бой түзеп үлгерген. Жастардың меке­ніне айналғалы тұрған сол жағалау үйлерінің айырмашылығы сол, пәтерге берілген жылуды өздігінен басқара алады­. Бұрынғы Қазақ атқару комитеті ғимаратының сызбасы бойынша салын­ған «Рухани жаңғыру» орталығының кірпішін Самарқаннан алдыртқанын облыс әкімінің өзі айтқан болатын. Жақын арада бұл ғимарат пайдалануға беріледі. Сыр елі – рухани бай халық. Аймақ басшысының бастамасымен құрылған «Рухани жаңғыру» орталығы халыққа соны серпін сыйлап, өшкені­мізді жағып, ескірген салт-дәстүріміз­дің қайта жандануына тікелей атсалысып келеді. Бұйыртса, осындай игі істеріміз  жалғасын таба берсе, Алаштың  анасы – рухты елге айналарымызға сенім кәміл. Айта кететін жайт, аймақтағы құрылыс жұмыстарының 42,3 па­йызы Қызылорда қаласының үлесіне тиесілі.

 

КӘСІПКЕРЛЕР   ҚАЛАНЫҢ

«ҚАЛТАСЫНА»    ҚАРАМАЙДЫ

Шаһарда атқарылып жатқан қыруар тірліктің барлығы қала «қалтасына» салмақ салып жатқан жоқ. Алаш анасының 200 жылдық мерейтойына тарту ретінде­ жеке кәсіпкерлер қала келбетін әспеттеуден аянбай, қолдан келген ісін істеп жатыр. Мәселен, көпқабатты үйлердің қасбетін түрлі-түсті бояумен әрлегенін бәріміз көрдік. Оған біреулер сын да айтты, мін де тақты. Алайда кәсіпкер өз қаражатына істеп жатқан соң тұрғындардың пәтерішілік мәселелерін шешіп беруге міндетті емес. Сол себептен халықт­ың кей тобынан келіп түскен арыз-шағымдар жүйесін таппай жатады. Туған­ жеріне тағзым ретінде жасаған жақсылықтары болашақ ұрпақ үшін үлкен өнеге екенін ескерсек, оның бюджетті үнемдегеннен де артық сауап екенін ұғамыз. Ал 2018 жылдың алғаш­қы алты айына дейін қала бюджетінің кірістер болжамы (трансферттер мен зайымдарды  қоса  есептегенде) 18 398,4 млн теңгені құрады. Оның ішінде өз кірістері болжанған 6 370,3 млн теңге­нің орнына 6 854,6 млн теңгеге немесе 107,6 пайызға орындалды. Қала бюдже­тінің шығыстар жоспары 19 316,1 млн теңге  болса, ол 18 721,8 млн теңгеге неме­се  96,9 пайызға орындалды. Сондай-ақ, қала экономикасы өрісінің кеңеюі­не басты себепкер болып отыр­ған шағын және орта кәсіпкерлік субъектілерінің  саны да артуда. Жұмыс істеп тұрғандарының саны 19 603 болса­, жеке кәсіпкерлер – 15367, заңды тұл­ғалар – 3 534, шаруа немесе фермер қожалықтары 702-ні құрап отыр. Есепті кезең  ішінде  кәсіпкерлік саласында 757  тұрақты  жұмыс  орны  ашылса, оның  ішінде 60-ы – ауыл шаруашылығына, 2017-сі – сауда, 38-і – өнеркәсіп, 198-і – білім және денсаулық, 244-і басқа­ да қызмет  түрлеріне  тиесілі.

 

ИНДУСТРИЯНЫҢ   ИГІЛІГІ – ЖҰМЫСПЕН   ҚАМТУ

Облыс орталығындағы индустриялық ахуал мақтанып тұрып айтатын дәрежеге жетті. Өндіріс ошақтарының жаңа технологияға сай дамып келе жатқанд­ығы қала келешегінің болашағы зор екендігінен хабар береді. Қала шеті­нен салынып жатқан шыны зауытына қытайлық «Чайна Триумф» компаниясы мердігерлікке келгелі істің басы өніп, алдағы уақытта тек әйнек ғана емес, ұялы телефонның бетіне жапсыратын шыны қабатын да өндіретін болады. Облыс әкімі Қ.Көшербаев ағымдағы жыл  соңына дейін  зауыттың пайдала­ну­ға берілетінін айтты. Зауыт іске қосылса, қала  көлеміндегі жұмыссыздар саны азаяды деген үміт бар. Бүгін­нің өзінде экономикалық белсенді халық  саны – 123,4 мың адам, ал жұмыссыздық деңгейі 4,7%-ды құрап отыр. Жыл басынан бері жұмыспен қамту органдарында жұмыссыз ретінде тіркелгендер саны 2890 адамды еңсерсе, тіркелген жұмыссыздық деңгейі – 2,3%. Осы уақытқа дейін 3020 жаңа жұмыс  орны  ашылып, 2088 адам тұрақты  жұмысқа  орналастырылған.

Жұмыс демекші, еңбегі көзге көрін­бейтін, бірақ барлық жұмыстан мәртебесі биік жұмыстың түрі – көше тазалау­шы. Еңбек те, бейнет те соларға жазылған. Сынға да көп ұшырайтын сала. Шын мәнінде, елдің бәрі қалың ұйқыда­ жатқаннан бастап қала тазалығын қолға алу – оңай шаруа емес, ерлік. Ал біз олардан 3-4 сағатқа кем оянамыз да қаланың мына жері дұрыс емес, ана жерін­де қоқыс жатыр деген сынды әңгі­меге үйірміз. Көзбен көргенді айтқан да дұрыс, бірақ тазалықшылардың еңбегіне береке тілеп, мәртебесін асырғанымыз  жөн. Абыройы көлеңкеде қалатын бұл жұмысқа осы уақытқа дейін мыңға тарта адам тартылған. Ал қолында дипломы бар, бірақ жұмысқа орналаса алмай­ жүрген жастардың бары да ақиқат. Түрлі мемлекеттік бағдарламалар аясында жүздеген жобаны жүзеге асырып отырған елімізде олардың да қамы қарастырылған. Қалалық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің мәліметінше, «Нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіп­керлікті дамытудың 2017-2021 жыл­дарға  арналған  бағдарламасына» сәй­кес жыл басынан бері 98 адам әлеумет­тік жұмыс орындарына жіберілсе, жастар тәжірибесіне 235 жас маман жол­дама  алған.

Жалпы, индустриялық-инновациялық дамытудың 2015-2019 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы аясында Қызылорда қаласы бойынша өңірлік кәсіпкерлікті қолдау картасына­ енгізілген жалпы құны 51 млрд теңгені құрайтын 7 жоба жүзеге асырылуда. Оның ішінде 1 жоба республикалық, қалған 6 жоба өңірлік кәсіпкерлікті қолдау картасына енгізілген. Жобалар толық іске қосылғанда, мыңнан астам адам тұрақты жұмыспен қамтылатын болады.

 

МАҢЫЗДЫ   ФАКТОРҒА

МӘН   БЕРУ  КЕРЕК

Қала келбетінің көркейіп, шаруа­сының  дөңгеленіп  тұруына  әлеумет­тік-экономикалық ахуалдың жоғары болуы маңызды фактор. Барлық саланың түп-тамыры бір бағытпен байла­нысты болған­ соң қажеттілік ұдайы өндіріс циклінде әлеуметтік-эконо­микалық аспект­ісінің біртұтастығын сақтауы тиіс. Сондықтан экономиканы дамыту саласында қандай да бір бас­қару­дың шешіміне тәжірибелік қыз­меті­ халықтың материалды және мәдени тұрмысын қамтамасыз етуімен бағалануы тиіс. Әлеуметтік даму көрсеткіші тұрғын үй мәселесін шешу мен халықтың  рухани  қажеттілігін қамтамасыз ету арқылы еңбек етуіне әсер етеді. Сондықтан, экономикалық-әлеуметтік шаруашы­лық салаларының жетістігі мен өркендеуін үнемі назарда ұстап отыру  шарт.

 

Қорыта келгенде, тәуелсіздік жылдары кездескен көптеген қиыншылықтар мен қайшылықтарға қарамастан қала экономикасын дамыту, әлеуметтік мәселелерді шешу үшін біршама жұмыстар атқарылды және ол еңбек елеусіз қалған жоқ. Соның нәтижесінде Сыр шаһары өзінің әлеуметтік-экономикалық дамуы жағынан алдыңғы қатарға шығып отыр. Серпінді, қуатты дамып келе жатқан қалалардың бірі саналады. Халықтың жағдайын жасау үшін істелуі тиіс міндеттерді шешуде айтарлықтай өзгеріс бар. Екі жүз жылдық тарихы бар қала болашақта экономикасы қуатты, әлеуметтік ахуалы берекелі қалалардың қатарын толықтырғаны – біз үшін мақтаныш.

Н.ҚАЗИ

Н.Нұржаубай  (сурет)

 


“МЕНІҢ АРМАНЫМ АЛДАДЫ” PDF Print Email
Жаңалықтар - Мәселенің мәнісі
26.07.2018 11:37

Электронды поштамызға “Менің арманым алдады” атты материал келіп түсті. Әрине, “арманы асқақ болса, алдамауы керек еді ғой” дедік те, мазмұнымен таныс бола бастадық. Оқи келе авторды арманы алдамағанын, қолында билігі барлардың қуаныштан қол үзгізіп, арманын аласартқанына көз жеткіздік. Иә, мәселе автор жазғандай, біз ойлағандай болмауы да мүмкін. Бірақ, мұндай және бұған ұқсас түйткілдердің бар екенін жасыра алмаймыз. Сондықтан, осы жайтқа келгенде бейтарап қалдық. Әліптің артын бағып, тиісті орындардан лайықты әрі әділетті жауап күтеміз.

“Арман алысқа жетелейді” демекші, менің де өз арманым бар еді. Ол мектепті үздік бағаға бітіріп, “Алтын­ белгі” иегері атану болатын. Бірақ, бұл жай ғана арман болып қалды. Неге? Себебі 11 жыл бойы сабақты  өте  жақсыға оқып келген бізге математика пәнінің мұғалімі Манат Қалтаева апайдың емтиханда дұрыс шығарған есебімізді қате деп, төрт қойғаны қатты әсер етті. Есепті беске шығардық. Жалғыз менің ғана емес, Земфира Аспандиярова, Ақтолқын Әбділдаева, Тахмина Оразай, Әсел Мұхитжан секілді достарымның да арманын күл-талқан етті. Ұстаздар біз үшін ұлы тұлға болатын. Бізді қор­ғап, арманымызды орындайды деген сынып­ жетекшілеріміз бен жақсы көретін ұстаздарымыз көмектеседі деп көп үміт күттік. Болмады. Бірақ та сырттан келген бір адамның ығынан (мүмкін, ықпалынан - ред.) шыға алмай қалды. Ертең “мектепте қандай жақсы нәрсе алдыңдар?” десе, не айтамыз? Концертке ақша жинауды үйрендік, өтірік алдауды үйрендік дейміз бе? Не айтамыз өзімізден кейінгіле­рге? Математика пәнінің мұғалімі Манат Қалтаева апай “Алтын­ белгіні” қызғанып, беске шығарғ­ан есепке төрт қойды дейміз бе? Ол кісіде бала жоқ па? Бірақ, Құдай қаласа, университетті үздікке бітіремін. Ішім жанып барады. Бұл – менің ішкі сырым. “Армансыз адам қанатсыз құспен тең” де­мекші, армансыз адам да болмайды. Арманым ата-анама үлгілі қыз болып, сабақты “Алтын белгіге” бітіру еді. Ол да болмады. Әділетсіздікке жол берілді. Ата-ана баланың көз қуа­нышы, бірақ қыз бала үшін ананың орны өте зор, сондықтан да анамды қуантқым келіп еді. Болмады. Жаман оқимын дей алмаймы­н, Құдайға шүкір, сабақты жақсы оқыдым. Осында­й өз басын, өз жұмысын ойлайтын бір адамға, Ма­нат­ Қал­таева апайға  ренішіміз  зор.

Мектеп директоры менен басқа оқушылардың аттестатын жөндеп берген. Сондай әділетсіздік бола ма? Қасымдағы мен сияқты әділетсіздікке ұшыраған достарыма айтарым, арманымыз биікте болсын! Әрқашанда арманымызға ұмтылып, талпынып, шарықтау шегіне жетейік, достар!

Гүлдерай  ДҮЙСЕБЕК,

№152 қазақ  орта  мектебінің  түлегі,

Шиелі  ауданы

 

P.S. Авторлардың ойын қуаттай кететін жазбаңыз болса немесе қандай да бір қарсы айтар орынды уәжіңіз болса, газет бетінен арнайы орын бөлетінімізді ескертеміз. “Ауруын жасырған өледі” дегенді бәрі білгенімен, айтып жүргенімен, шынтуайтында шындыққа қарсы келгенде іштен тынып, белгілі бір жүйеге байланысты ауызына еріксіз құм құйылатын жандар ел ішінде көп-ақ. Ақиқатқа тура қарау жолында қолыңызға қалам алып, ел болып еңсе көтеру жолына қарсы келетін барлық былықтарды бұға бермей, бас көтеріп айтуға, жазуға шақырамыз!

 


“БІЛІМ, БІЛІМ” ДЕП ТӘРБИЕНІ ЫСЫРЫП ТАСТАДЫҚ PDF Print Email
Жаңалықтар - Арнайы беттер
26.07.2018 11:36

Денис Теннің өліміне байланысты қоғамдық талқылау­ жүріп жатқан кезде сырбойылық айтыскер ақын, педаго­г Ержеңіс Әбдиевтің фейсбуктегі парақ­шасына­н мағыналы жазбаны көзіміз шалып қалды. Қоғамда  болып  жатқан  жайттарға  өз  саласының  маманы­  ретінде  жанашырлық  білдіріп, жаны ашып жатқан­ына риза  болдық.  Ашық  ойлы азамат ретінде білдірген  пікірінің  мазмұнын  өзгертпей, айна қатесіз баспа­  бетіне  жария­лауды  жөн  көрдік.

Мұғалім ретінде тек өз салама қатыстысын ай­тайын. Қатыгездік, жауыздықтардың салдары – тал бесіктен бастау алатын тәрбиеден. Біз соған тікелей қатыстымыз. Мектептерде “білім, білім” деп тәр­биені ысырып тастадық. “ҰБТ-дан жоғары нәтиже көрсетеміз” деп санаулы баланы ғана тестке жібереміз (тіпті, ауыл мектептерінде онның бірін ғана қатыстырған­дарды да естігенбіз). Он бір жыл оқып “жарамсыз” болып қалған оқушы не істейді сонда, олардың психологиял­ық ахуалын ойламаймыз. Олимпиадалар мен басқа да білім сайыстары үшін бар жағдайды жасаймы­з. Негізгі пәндер деп өзіміз “шығарып алған”­ математика, шет тілі, физика, т.б. сабақтарда тұрақты қадағалау­ жасап, мұғалімдеріне аса зор жауапкершілік жүктейміз де, қажетсіз деп тағы да өзіміз “шығарып” алған­ пәндерге  мән  бермейміз. Бейнелеу өнері, еңбек-технология,  дене  тәрбиесі пәндерінен өткен жай сабақ былай тұрсын, ашық  сабақтың  өзіне  мұға­лімде­рдің  қатысуы  қиын. Тағы да сол “қажетсіз” деген  жаңсақ  ұғымның  кесірінен...

Сабақтан  тыс  іс-шаралар өтпейді  емес, өтеді. Бірақ, өте аз. Көбін тек “отчет” үшін “өткізіп” жібере­міз. Сынып жетекшілері мен ата-аналар ғана қатысады. Басқамыз осындай шараларда баламен бірге қуанып, баламен­ бірге мұңаюға уақыт таба алмаймы­з.  Сұралмаймыз  өйткені. Тек білім нәтижесімен ғана сұраламыз. Өзіміз­ден  бастайық  та!

 


МЕРЕЗБЕН ЖҰМЫССЫЗДАР НЕГЕ ЖИІ АУЫРАДЫ? PDF Print Email
Жаңалықтар - Арнайы беттер
26.07.2018 11:27

«Әйелім  әдемі. Оны жақсы көремін. Бірақ бұл достарыммен саунаға барып демалып, жеңіл  жүрісті қыздармен бірге болмау керек деген сөз емес ғой. Уақытша көңіл көтергенде тұрған не бар? Бастысы, келіншегіме сездірмесем болды. Иә, ақымақтықпен әлде дарақылықпен осыны ойлайтынмын. Бұрын. Өзімше осы теріс әрекетімді ақтауға тапқан себебім болса керек. Бір күні намазхан досымнан мына бір хадисті естіп, жағамды ұстадым. «Залым патша, тәкаппар кедей, зинақор шал. Бұл үшеуі Алланың мейірімінен мақрұм қалатындар» екен. Мұсылманбыз, Тәңірдің тарапынан титтей бір жақсылық болмаса, ақыретте азап тартатыным көз алдыма елестеп, денем дір етті. Алайда бұл  қорқыныштың басы екен.

Көп ұзамай-ақ зинаның осы дүниеде де зияны болатынына көзім жетті. Мерезге шалдығыппын. Денсаулығым нашарлады. Оны қоя берші, келешек ұрпағыма төнер қауіпке қатты алаңдаймын. Өмірдегі ең бағалымыз артымызда қалған балапандарымыз емес пе?».

Осылай деп мұңын шақты аты-жөнін айтуға ұялған кейіпкеріміз. Бәленің қайдан жабысқанын, қателікті қай уақытта жібергенін біледі. Енді тек тезірек емделіп алсам дейді ол. Жыныстық қатынас арқылы жұғатын мұндай ауруға шалдыққан тек бұл кісі ғана емес. Облыстық тері-венеро­логиялық диспансері мамандарының мәліметіне­ сүйенсек, Сыр өңірінде мерезге шалдыққандар саны – 119. Бұл – биылғы алты айдағы көрсеткіш. Тіркелмегендері қанша? Қызылорда қаласы бойынш­а 59 адам аталмыш ауруды жұқтырған. Оның ішінде 24-і ерлер болса, 35-і – әйелдер қауымы. Байқап отырғаныңыздай, бұрымдылардың салмағы басым. Неліктен? Ақ халаттылардың айтуынша, мерездің ошағы көбіне жеңіл жүріс жасайтын қыздарда болады. Ал олардың қызметін пайдаланған ер-азамат ауруды жұқтырып алады, яғни ауру тасымалдаушы. Кейін оны өз келіншегіне немесе өзге бір әйелге «апарады». Ауруды жұқтырып алғандар алғашында білмейді екен. Бұл дерттің жасырын кезеңі болса керек. Сондықтан дер кезінде дәрігерге бармаған жағдайда сан соғып қалуы ғажап емес. Мерездің «мінезі» де сол, уақытында тексеріліп, үздіксіз ем алмаса, денеге жара түседі. Сосын ауырған жер іріңдеп, ойылып қалады. Бұл жара қотыр (гумма)­ деп аталады. Аурудың соңғы кезеңі осылай аяқ­талады. Ары қарай не боларын ойлаудың өзі қорқынышты. Осылайша өзінің де, өзгенің де денсаулығын құртады. Облыстық тері-венерология диспансерінің бас дәрігері Қайрат Мырзахметовтың сөзінше, биылғы 6 айда тіркелген 59 науқастың 25-і стационарлық ем, 18 науқас амбулаториялық ем қабылдапты. Бірінші кезеңде 4 нау­қас, екінші алғашқы кезеңде 9 науқас, екінші өршу кезеңінде 16 науқас, ал аурудың жасырын түрдегі кезеңінде 30 науқас тіркелген. Қарап отырсаңыз, науқастардың жасырын түрі кезеңін­де көп анықталып тіркелгені байқалады. Оның себебі, қазіргі күні адамдар бұл ауруды жұқтыр­ғанда тексерілуге келуге ұялып, өз бетінше антибиотик қабылдай бастайды. Осыған байланысты аурудың клиникалық белгілері жойылады. Бұл – денеде сыртқы белгісі білінбейді деген сөз. Оны тек қанды тексерген кезде ғана анықтауға болады.­

Осындай мәселе «сыйлайтын» аурудан құтылу үшін қайтпек керек? Алдымен оңай ақша табудың­ жолында жүріп мерезді тарататын қыздарды тыю қажет. Бұған байланысты диспансер тарапынан шаралар ұйымдастырылып-ақ жүр.

- Рейдке шығып, сауналарды араладық. Қыздарды алып келіп, осы жерде тегін анализ алдық. Ұсталған қыздардың 4-5-еуі емнен ат тонын ала қашты. Жалпы статистикаға үңілсек, 29 адам қазір бізде емделуден қашып жүр. Олар осы екі ортада тыныш жүрмей, сау адамдарға жұқтырып жүруі мүмкін, - деп дабыл қақты диспансердің бас  дәрігері  Қ.Мырзахметов.

Жезөкшелікпен айналысатын қыздарды анықтау керек дейміз. Осы орайда бір сұрақ туады. Құқық қорғау органдарының өкілдері жеңіл жүрісті қыздардың ауруын­ аңди ма әлде қылмыскерді құрықтай ма?

- «Не мақсатта осындайға бардың?» дегенде айтады: «отбасымды асырау үшін, жан бағу үшін». Яғни, жеңіл табыс табудың көзі болып тұр. Тәнін сатып жатыр..., - деді Қайрат Мырзахметов.

Жезөкшелікті «кәсіп» еткендердің ең басты мақсаты – оңай жолмен ақша табу. Ар мен ұятты ысырып қойып, жедел әрі жеңіл түрде қажеттілікке қол жеткізу. Бұлар туралы сөз болғанда көпшілік «кез келген жұмыс орнында еден жуса да, айлық табуға болады ғой» дейді. Жезөкшелікпен айналысатындар кәрі-құртаңдар болмайт­ынын да ескеріп қойыңыз. Ендеше адал жолмен нәпақа айырмауға себеп қайсы?

Тағы бір жайт. Азаматтар ауруға шалдыққанын құжат дайындау кезінде ғана «кездейсоқ» біліп қалады екен. Бас дәрігер  солай дейді. Жұмысқ­а тұру үшін немесе әлдебір анықтама алуға тура келген кезде ғана белгілі болады­. Ал жұмыссыздар  болса, емханаға  осы  ауруға  тек­се­рілуге  бармайды  екен.

Соңғы жылдары Қызылорда облысы мерез ауруымен ауыру көрсеткіші бойынша респуб­лика бойынша алдыңғы қатарда тұр. Мұны біз уақы­тылы дәрігерге көрінбейтін кей адамдардың жайбас­арлығы, немқұрайдылығына «артып» жіберем­із. Сондай-ақ, сауна, түнгі клуб бар. Жезөк­шелік жолмен коммерциялық пайда табатын­ қыздарды кінәлаймыз. Анығында, адам зина  жасауға  не  себепті  барады?

Жазира  ҚОЙШЫБЕКОВА

 


ҚАНТ ДИАБЕТІН ЖЕҢУГЕ БОЛАДЫ PDF Print Email
Жаңалықтар - Арнайы беттер
26.07.2018 11:20

Жуырда  редакциямызға Арал қаласынан Әли Смайлов есімді зейнеткер хабарласты. Ақсақалдың айтуынша, үйінде қант диабетімен ауыратын қызы бар. Бізге хабарласардан бірнеше күн бұрын науқастың жағдайы аяқастынан күрт төмендеген. Жедел жәрдем шақырып­ты. Алайда «дәрігерлер үйге келемін дегенше қандай амал жасайтынымызды біл­медік»  деп  қынжылды  қария...

Қант диабеті ауруына өз бетінш­е ем қолдану дұрыс па? Қандай дәрі-дәрмек пайда­лану  керек? Шақырған жедел жәрдем жетемін дегенше қол қусырып отырмаудың орнына не істеген жөн? Бұл туралы біз қаладағы №1 қалалық емхананың дәрігер-эндокринологы  Сәуле­ Қосжановадан сұрас­тырған   болатынбыз. Меди­цина саласының  білікті  маманы дерт турасында толық ақпарат  беріп, деректер мен дәйектерді  сөйлетті.

 

ОЛ  НЕДЕН ПАЙДА БОЛАДЫ?

Қанда қант мөлшері шектен тыс көбейіп кетеді. Міне, дәл осы себепті қант диабеті ауруы пайда болады. Медицина тілімен айтқанда, көмірсутек, май, ақуыздың зат алмасуының созылмалы бұзылуы­, яғни қанға көп мөлшерде қант түйіршігінің бөлінуінен болады. Диабет инсули­ннің асқазан асты безін­ен жеткілікті мөлшерде бөлінбеуі салдарынан баста­лады. Инсулинсіз ағза қант түйіршігін өңдей алмайды. Соның салдарынан қанның құрамында қант мөлшері артады. Ең қорқыныштысы сол, аталмыш дертке жас та, кемел жас­тағылар да, кәрі де шалдығуы мүм­кін. Маманның айтуынша, әсіресе, жасөспірім кездегі диабет ауруы өте қиын, мұндай жаста диабетпен ауырғандарға арнаулы­ дәріні – инсулинді ішу ұсынылады. Дегенмен ауру көбіне 40-тан асқан, тамақты шектен тыс ішіп, денесі толыса бастаған адамдарға тән.

Дәрігер-эндокринологтың сөзінше, қант  диабетін дәрі-дәр­мексіз-ақ тамақтануды  дұрыс жолға қою арқылы жеңуге бо­лады. Науқастар диетаны өмір бойы сақтауы тиіс. Дұрыс диета ұстай  білудің  маңызы айрықша­. Мұнан кейінгі кезекте – стресс. Диабетпен ауыратын адам депрессияға түсіп, стресске шал­дықпауы тиіс. Жүйкенің тыныш болмауы,  дұрыс тамақтанбаудың салдарынан денсаулыққа зиян келеді. Физикалық белсен­ділікті арттырып серуендеп тұру керек. Неғұрлым қозғалыс көп болған сайын ағза да демала түседі. Ауру қабынған кезеңде денеде ісік немесе өзге де жеңіл жарақаттар болмауы тиіс. Тіпті тұмауратса да ауруды асқын­дырып  алуы  ғажап  емес.

 

ДИАБЕТТІҢ   ДӘРІСІ

Сол себепті ауруды  ары қарай асқындырып  алмаудың  амалын жасау қажет. Дәрігер-эндок­ринолог Сәуле Косжанованың айту­ынша, науқас қатты ауырған­ кезде оны тек инсулинмен ғана тез түсіреді. Одан бөлек диабетон, глюкофаж сияқты дәрілер беріледі. «Науқастың ауруы асқынғ­ан жағдайда жедел жәрдем келемін дегенше осы дәрілерді көптеу етіп ішсе болады. Алайда кез келген дәріні тәулігі­не 2 данадан артық ішпеу керек» дейді дәрігер. Ол сырқаттанғандарға тамақтандырудың мына түрін ұсынды. Мұны осы дертке шалдыққан әрбір адам есте сақтаса, ұтылмайтыны сөзсіз.

Ұсынылатын  тағамдар:

Нан, тоқаш өнімдері: қара, кебек нан күніне 100-150 грамм­ға дейін.

Ет, етті тағамдар: майлы емес сортты ет – жылқы, сиыр, бұзау, қозы еті, терісіз тауық еті, күркетауық, қоян еті.

Балық, балық тағамдары: майлы емес сортты балықтар – көксерке, хек, минтай, шортан, треска, камбала, алабұға, теңіз тағамдары, теңіз  капустасы.

Көкөніс көжелер: борщ, қы­зылша көжесі, жасыл щи, окрошка, вегетариан көжелері.

Жармалар: қарақұмық, сұлы, арпа, тары.

Көкөніс: қырыққабат, қияр, қызанақ, шалғам, кәдіш, кәді, асқабақ, болгар бұрышы, сәбіз, жуылғаннан кейінгі ашылған қырыққабат, саңырауқұлақ, соя тағамдары.

Жеміс-жидектер: алма, апельсин, мандарин, лимон, қарақат, тошала, алқоры, шие, черешния, қара өрік.

Сүт, сүтті тағамдар: айран, ұйыған сүт, 17 пайыз майлылық­қа дейін ірімшік, 0-ден 5 пайыз­ға дейін сүзбе, қымыз.

Сусындар: қара шай, қара шай сүтпен, көк шай, әлсіз кофе, минералды газсыз су, шырыннан – анар, қызанақ, шие, сәбіз шырыны.

Шектеліп  пайдаланатын тағамд­ар: ашымаған нан-лаваш, татымсыз тандыр нан. Ішек-қарын – бауыр, тіл (айына 1-2 реттен аспауы керек), диетикалық «доктор» шұжығы. Майлы балық, өз шырынындағы балық консервілер, қызанақ соусында. Ақ күріш, алмұрт, қауын, қарбыз, өрік, т.б.

Ұсынылмайтын тағамдар: Ашытқыш, май мен сүтке иленген, қатталған ұнды тағамдар – бәліштер, бүктемелер тоқаштар, торттар, бәліштік­тер, кептірілген нандар. Шошқ­а еті, майлы қой еті, үйрек, қаз, тоң май, сүрленген ет, ет консервілері, үй құсы­ның терісі, майлы сортты балық­тар, ысталған, тұзды балық­тар, уылдырық, шымырлы  етті, балық сорпалар, майлы­ көжелер, күріші бар көжелер, лапшалар, сүтті көжелер. Майлы және ащы салаттар, қуырылған картоп, фри, чипсылар, тұздалған, маринадталған көкөністер,  жүзім, банан, мейіз, інжір, құрма, пісте, жаңғақ. Кілегей, майлы айран, майлы ірімшік, еріткен сүт, тәтті ақ ірімшік, маргарин, май алмастырушы, майонез, қант, бал, джем, кәмпиттер, шоколадты зефир, балмұздақ, пломбир, лимонад, фанта, кола, тәтті квас, сыра, сол сияқт­ы алкогольді емес кисель.

Ұзын-сонар етіп тағам­дардың реттілігін бергеніміз пайдаңызға асар деп үміт­тенеміз. Себебі қант диабетін түпкі­лікті түрде жойып жіберетін дәрі болмағандықтан, әзірге оның емі – дұрыс тамақтану, дұрыс диета ұстау болмақ. Сонда ғана ауруды ас­қындырып алмаудың алдын ала  аласыз.

Ж.БАҒЛАНҚЫЗЫ

 


БІР ІСІҢ КЕМ БОЛСА, КҮРІШІҢ КЕМ БОЛАДЫ PDF Print Email
Жаңалықтар - Арнайы беттер
26.07.2018 11:09

Тас қараңғы. Далада өлі тыныштық орнаған. Иығына кетпенін асынып егістікке қарай ентелеп бара жатқан жан көрінеді. Таң ағараңдаған уақытта нағыз күйбің тірлік байқалады. Маңдай тер, есіл еңбек, қажырлы қайрат. Иә, оңай жерде жұмыс жоқ. Ақша да. Бұл – жай көз алдымызға келген жайттардың бірі. Бұл жолы Сыр салысын күтіп-баптау жолдарын көру үшін жолға шықтық. Әдетте әріптестеріміздің “дән себілді, егіске орақ түсті” деп ғана ақжолтай хабар тарататыны рас.

Осы олқылықтың орнын толтыруды ойлап, егіс даласына арнайы барып, ондағы қайнаған жұмыстың үстінен түсіп, қаз-қалпында қағазға түсіріп, қалың оқырманға ұсынуға бет алдық. Бүгінде кебіспен кетпен шалған қара шалдан, немістің комбайны да аса алмай жүргенін бәріңіз де байқаған шығарсыздар. Әлбетте, техниканың аты – техника. Алпауыт жұмыстарды атқарады. Бірақ, егістікте майда жұмыс деген атымен жоқ. Әр жұмыстың өзіндік маңыздылығы, рөлі бар.  Бір ісің кем болса, күрішің де кем болмақ. Бұл не деген сөз? Яғни, ұжым жүкті жұмыла жүріп көтермесе, асқан ауызбірлікпен ақмаржанды қамбаға толтырмаса, бәрі бекер сияқты.

Біз тоқтаған Сырдария ауданы, Шаған ауылындағы “Шаған-Жер” ЖШС қазіргі таңда 250 адамды жұмыспен қамтып отыр. Шаруашылық  төрағасы  Бердібек Қадыровтың айтуынша, маусымына қарай бұл жерде 350 адам жұмыс істейді екен. Айлықтары уақытылы, жұмыс уақы­ты  белгіленген.

- Осында қызмет етіп жүргеніме 10 жылға жуықтады. Шүкір ғой, жұмысымыз жақсы. Жер-ана несі­бемізді  еңбегімізге қарай береді деп ойлаймын. Кейде былай, енді бірде былай­ дегендей ғой. Егінге әртүрлі жайттар  кедергі келтіреді. Мысалы, берілген суды үнемдеп, орынды пайда­лану керек. Тым көп болса да жарамайды. Күрішті балаша баға­мыз­, күтіп-баптаймыз, - дейді күріш­ші  Қуанышбек  Смайлов.

Біз Қуанышбек күрішшінің сөзінен көп нәрсені ұғындық. Сөзге шорқақ болса да, күнделікті істейтін жұмысын, қиындығы мен қызығын тізбелеп айтып берді. Шаруа адамының жүзінен-ақ еңбектің оңай емес екенін байқауға болады емес пе?

Жалпы, Сырдария ауданында ауыл шаруашылығы дақылдарын әртараптандыру  бойынша  жұмыстар  жүргізіліп,  ауыл шаруашылығы тауар­  өндірушілері 32210 гектар ауыл шаруа­шылығы дақылдарын сепкен. Оның ішінде жаздық бидай – 500 га, мақсары – 325 га,  сүрлем  жүгері – 10 га, жаңа жоңышқа – 2906 га, ескі жоңышқа 6775 га болса, картоп, көкөніс, бақша 820 гектарды құ­райды. Негізгі дақыл күріштің кө­лемі – 20874 гектар.

Бүгінгі күні аудан бойынша шаруаш­ылық  құрылымдарынан  ескі жоңышқа  дақылының  I  орымы  аяқ­талып, 6480 тонна құнарлы мал азығы шөбі  жиналған, орта  өнімі 12,8 центнерден келеді. 16524 гектар күріш дақылы тыңайтқыштармен үстеп қоректендірілген. Күріштің вегетация кезеңінде агротехникалық шаралар қатаң сақталып, қазіргі кезде арамшөптерге қарсы 18276 гектар көлемге  химиялық өңдеу  жұмыс­тары жүргізіліпті. Оның ішінде “Номини” – 5079 гектар, “Рейнбоу” – 11576  гектар, басқа  түрлерімен 1621 гектар.

- Сырдария ауданының егін шаруашылығын субсидиялау бюджеттік бағдарламалары бойынша бюджеттен ауыл шаруашылығы құрылымдарына 2018 жылы тұқымға 104 151 341 теңге субсидия игерілді. Ауыл шаруашылығы мақсатындағы егістік жерлердің электрондық картасын қалыптастыруды жүзеге асыруда аудан бо­йынша 32572 гектар егіс алаңының 38441 гектары сызылып, 118,0 пайызды құрады, - дейді Сырдария аудандық ауыл шаруашылығы бөлімінің   басшысы Нұрбек  Әзірбек.

Диқандар бүгінде су тапшылығын сезініп отыр. “Биыл су нашар, ал­қапты­ кезекпен суарып отырмыз” деген­ күрішшінің сөзі самарқау шықса, көңілінде жабырқау бар. Сағада­н сығырайып ақпаса да, алқап­қа келгенде ағысы нашарлайтын суды шаруалар асқан үнемшілдікпен пайдаланып отырғандарын айтады. Негізгі жұмысымыз – диқандардың сөзіне құлақ түріп, шаруалардың шыдамдылығы мен еңбегін жазу. Осы мақсатта шаруашылықтағы бірнеше қызметкерді сөзге тарттық. Егінге дайындық жайын, дәл осы уақыттағы жұмыстар турасында сұрадық­. Соқа жұмысынан бұрын да көптеген жұмыстардың күтіп тұр­ғаны белгілі. Қораны қоралау, жамау-бітеу секілді жұмыстар маусым бо­йына жалғасады. Күнұзаққа созы­латын шөп шабу, күріштікті күні-түні күзету, орақ ору секілді жұмыстар  да – солай.

- 2009 га күріш дақылын, 175 га жерге бидай ектік. Қазіргі таңда шаруа­шылықта 250-ге жуық адам жұмыс істейді. Маусымына қарай жұмысшылар саны да көбейеді. Мысалы­, уақытында 350 адамды жұмыспен қамти аламыз. Мал бордақылау алаңымыз да бар. Мал азығын да дайындаймыз. Кәсіпкерлікті қолдауға бетбұрыс  жасап  жатқанымыз қуантады.  Десе де, түсінбей қалатын кездеріміз болады. Жақсы бастамалар бар. Кепілдікке қоятын затына, алатын қағаздарына келгенде көп жағдайда қиындықтар туындауда. Бұл жұмыс істеуге қиындық келтіреді. Сосын алған несиенің 6%-дан 16%-ға дейін өсіп кететін кездері болады. Кәсіпкерлікті қолдау орталығы бар, басқасы бар, барлығымен бірлесе жүріп 5-6%-ға дейін төмендетеміз. Үкімет пен кәсіпкерлер арасында байлан­ыс болу керек, - деді Бердібек Қадыров.

Осылайша, санаулы сағатқа ғана аялдап, шаруалардың жұмысын көзбен көрдік. Осы аралықта кетпенін қайрап, орағын сайлап жұмысқа белшесінен кіріскен жанды да, атына мініп, егістікті күзеткен шаруаны да байқадық. Бірі суды бөгесе, бірі алдын ашып әуре. Енді кейбіреуі шөп шауып, күріштің  кең  дала  астында  жайқалып­ тұруына  жағдай  жасап  жатты.

Рыскелді   ЖАХМАН,

Бағдат  ЕСЖАНОВ (сурет)

 


СОҢҒЫ СЕКУНДТАҒЫ СОҚҚЫ PDF Print Email
Жаңалықтар - Сергек
26.07.2018 11:04

Елордалық “Астана” футбол клубы Чемпиондар лигасының екінші іріктеу кезеңіндегі алғашқы ойынын өз алаңында Дания чемпиондары “Мидтьюлланд” командасына қарсы өткізді. Жерлестерімізге жеңіс сыйлаған екі голды да алыс қашықтықтан легионер Ласло Кляйнхайслер соқты. Қос команда арасындағы қарымта кездесу 1 тамыз күні Данияда өтетіндіктен, астаналықтарға голда басымдық керек болатын.

 

Командалар арасындағы ойын 19 шілде күні дүниеден озған қазақстандық мәнерлеп сырғанаушы, Сочи Олимпиадасының қола жүлдегері Денис Тенді еске алумен басталды.

Елордалық команда бірінші таймда алғашқы болып есеп ашты. 31-минутта Ласло Кляйнхайслердің алыстан тепкен добы “Мидтьюлланд” қақпасының торын тулатты. Дат командасы ойынның екінші бөлігінде таразы басын теңестірді. 51-минутта Викхейм “Астана” қорғаушысынан сытылып өтіп, соққы жасады. Ненад Эрич жартылай қорғаушының шірене тепкен добын қайтарып үлгермеді. Есеп теңескеннен кейін елордалық команда шабуылын үдетті. Соңғы минуттарға дейін гол соғуға ұмтылып, жеңіске бастар жолды іздеді. Негізгі уақытқа қосылған соңғы 4 минутта “Астана” алға шықты. Бұл жолы да Ласло Кляйнхайслер алыс қашықтықтан қақпаны тура көздеді. Есеп 2:1. Осыдан кейін төрешінің ысқырығы да шалынды.

Осылайша, “Астана” Чемпиондар лигасының өз алаңдағы ойындарында 13 ойын қатарынан жеңілмей келеді. Ойыннан соң баспасөз мәслихатында елордалық ұжымның бас бапкері Роман Григорчук журналистердің сұрақтарына жауап берді.

- “Астана” қарсыластың шабуылдағы күшті тұстарын тойтара алды деуге бола ма?

- Барлығын емес, өйткені стандарттардан кейін біздің қақпамыздың алдында 2-3 қауіпті сәт болды. Бірақ, жалпы, қарсыластың басым тұстарына тойтарыс бере алдық.

- Ойынға және нәтижеге көңіліңіз тола ма?

- Бүгін ойын да, стадион да, қолдау көрсеткен жанкүйерлер де – барлығы еуропалық деңгейге сай болды. Ойын соңына таяған сайын бұл айқынырақ сезіле бастады.

- Көпшілік бүгін Джуниор Кабананганы күтті, бірақ ол тіпті ойын хаттамасына да енген жоқ. Бұл шешім немен байланысты?

- Нақты жайттар бар да, тәуекел етуге болатын жайттар бар. Бірақ, спортты алдауға болмайды. Біз ойыншының дайын емес екенін біле тұра, жауапты ойынға оны шығара алмаймыз. Біз осындай шешім қабылдадық, ол дұрыс та болды. Егер осындай жағдай қайталанса, тағы да солай істер едік.

 


СИҚЫР әлде СӘЙКЕСТІК? PDF Print Email
Жаңалықтар - Сергек
26.07.2018 10:49

Айналамызда тылсым дүниелер жиі кездеседі. Бірі шынымен сиқыр күшімен орындалса, ендігісі жай ғана сәйкестік есебінде. Футболда да мұндай тосын жайттар­  жиі  болып жатады. Ендеше бірге оқып  көрейік.

 

«100  ЖЫЛДЫҚ  ҚАРҒЫС»

Өздеріңізге белгілі Бела Гуттманн Еуропадағы ең атақты бапкерлердің бірі болған. 60-жылдары оның “Бенфи­касы” еуротурнирлердің алдын бермейтін команда еді. Гуттманның бапкерлігімен “Бенфика” Еуропа Чем­пиондар Кубогын қатарынан екі мәрте жеңіп алды.

Ол өз кезегінде 21 клубқа жолбасшы болды. 42 жыл бапкерлік мансабында 4-2-4 классикалық ойын схемасын футболға­ енгізді. Беланың бапкерлік жұлдызы “Бенфикада” жанды. Гутт­манн мен командасы әйгілі “Барселона” мен “Реалды” еурододаларда ығыстырып отырды. 1961 жылы “Барсело­наны” финалда тоқтатса, 1962  жылы 5:3  есебімен “Реалды” тізе  бүктірді.

“Бенфиканың” жеңісті жылдарында­ тек бапкердің емес, шебер ойыншылардың да үлесі бар еді. Гуттманн Эйсебио, Колуна секілді футболшылардың жолын ашты. Білікті бапкер клуб президентіне жалақысын көтеру жөнінде ұсыныс­ тастайды. Президент көп ойланбай-ақ: “Эйсебио мен Колуна бапкерсіз де жүлде алады” деп мәлімдеме жасайды. Гуттманн клубтан кетуге қадам жасайды. Кетерінің алдында: “Мен кетемін, бірақ алдағы 100 жылда “Бенфика” да, басқа  португалдық  клуб та  Чемпиондар  Кубогын  ұта  алмайды”, - дейді.

Сенесіз бе, содан бері “Бенфика”  8 финалда жеңіліс тапты. Гуттманн сөзінен кейін 56 жыл өтсе де, қарғыстың  күші әлі  қайтар  емес.

1963 жыл. “Бенфика” Гуттманнсыз да Чемпиондар Кубогының финалына жетеді. Алайда өз мүмкіндіктерін жіберіп  алады. Португалия қырандары 1:2 есебімен “Миланға” жол береді. Эйсебио мен Колуна клуб президен­тінің сөзін жоққа шығарады. “Бенфика” Беласыз  шарасыз  күйде қалады.

1965 жыл. Арада екі жыл өткенде “Бенфика” финалға қайта оралады. “Қырандар” қанша тырысқанымен, “Интердің” жылдам шабуылы ойын тағдыр­ын  шешіп  кетеді.

1968  жыл. “Бенфика” финалда “Басби балаларымен” кездеседі. Ойын тең нәтижемен аяқталғандықтан (1:1), қос команда қосымша уақытта бақ сынайды. Басби мен Мерфидің балалары Гуттманн­сыз “Бенфиканы” жүлдесіз қалдырады.

1983 жыл. Лиссабондықтар УЕФА Кубогының финалына шығып, атақсыз “Андерлехттен” жеңіледі.

1988  жыл. Эйндховеннің шәкірттері ойын бойы қорғаныста жүріп, “Бенфикамен” финал пенальтиге ұласады. Пенал­ьти сериясында лиссабондықтардың жолы болмай, ПСВ кубокты қанжығасына  байлайды.

1990 жыл. Тарихта қалған атақты “Вена финалы”. “Миланмен” ойын алдында Эйсебио Гуттманның маза­рына барып тәу етеді. “Бенфика” форварды Гуттманнға сөзін қайтып алуды сұрап жалбарынады. Бела “жібімеген” сыңайлы, себебі “Бенфика” 1:0 есебімен жеңіледі.

2013  жыл. Эйсебионың арқасында барлық португал клубтарына айтылған қарғыс кейін қайтады. “Порту” үйіне екі рет Чемпиондар Кубогын әкеледі. “Бенфика” жанкүйерлері де қарғыстың жойылғанына сенгісі келеді. Алайда “Челси” 90+2 минутта қарғыстың күшінде  екенін дәлелдейді.

2014 жыл. Бұл жолы “Бенфика” – турнирдің сөзсіз фавориті. Еуропа Лигасы­ның жартылай финалында “қырандар” “Ювентусты” жолда қалдырды. Финалдағы қарсыластары – “Севилья”. Португалдар мен испандықтар 90 минут бойы текетіреседі. Ақырында пенальти сериясы бойынша (4-2) кубок “Севильяға” бұйырады.

Айзат   ЖОЛДАСОВА

 


Патшалық ресейдің орыс шаруаларын Сырдарияның жағасына көшіру саясаты PDF Print Email
Жаңалықтар - Арнайы беттер
26.07.2018 10:06

Қызылорда облыстық мұрағатынан табылған деректе­р бойынша Сыр бо­йына орыс шаруаларын көшіріп әкелу жұмыстары 1886 жылы басталған сияқты. Бұл пікірімізді мұра­ғаттан табылған төмендегі құжат дәлелдей түседі. 1918 жылдың 14 маусымында Перовс­к уездік кеңесіне Александровск  қыстағының 3 шаруасы төмендегі маз­мұнда  хат  жазыпты:

Перовск уезінің Алек­сандровск қыстағының шаруа­лары Василий Агапов, Александр Сидоров және Максим­  Ткаченкодан­

ӨТІНІШ

Перовскіден он шақырым жерде  теміржолдың  бойында, дарияның жағасында 1886 жылы іргесі қаланған орыс қыстағы  орналасқан. Қыс­тақ 48 қора-жайға арналған, адамдарының басты кәсібі – аң аулау, мал өсіру және азын-аулақ бақша өсіру. Бірақ, соңғы жылдары Түркістан өлкесін жайлаған құрғақ­шылыққа байланысты мал шаруа­шылығы құрып бара жатыр, аң мен құстың кетіп қалуына  байланысты  аң аулау кәсібі  күнкөрісті қамтамасыз етпей отыр. Бақша шаруашылығы да қарапайым суармалық  әдістеріне  жа­рам­ай, еңбегіміз еш  болып барады. Бұл жағдай жалғаса берсе, жерге байланысты тиісті шаралар қабылдан­баса, шаруалардың жаппай кете бастауына әкеледі, қазірдің өзінде осындай әрекеттер  байқала  бастады:  48 қора-жайдан 15-і ғана қалды. Бұл жерді тастап кету біз үшін бейжайлық таныта­тын мәселе емес, аталарымыз  сол үшін күрескен жер, бұл өлкеде револю­цияны  жасаған  жер.

Осы қыстақтың шаруа­лары болғандықтан жергі­лікті кеңестің, осы мәселені шешетін орындардың алдына өтініш қоймақпыз, қаулы шығары­п әрбір қора-жайдың иесіне жекеменшік жер беріп, өз бетінше егін шаруашылы­ғымен айналысуға, су айдайтын  қондырғы салу арқылы суарма­лы шаруашылыққа  қаржылай жәрдем беруді сұраймыз. Көлік пен техника істерін өзіміз атқаратынымызды, бұл іске ынталы екені­мізді және берілген ақшаны белгілі уақытта қайтара­тынымызды білдіреміз. Бұл істің пайдасының көп болары анық: біріншіден, бос жатқан жерлер астық өнімдерін береді­, су айдайтын насос салу белгілі бір жұмыссыздардың бөлігіне жұмыс тауып береді, бір уақыттар өткен соң бұл жерлерде бақ және орман учаскелері пайда болады, жылын­а 8 ай бойы күн жар­қырап  тұратын  өлке  үшін бақ пен  ормандар  өте  қа­жет-ақ.

Біздің жеке адам үшін де, қоғам үшін де өлкенің бола­шағына қызмет етпек болған шынайы тілегіміз қабыл алынады  деген  ойдамыз.

18 маусымда Сырдария облыстық кеңесінен келген жауапта аталған шаруалардың өтініші оң шешіліпті.

Тағы бір құжатта осы аталғ­ан қыстақ азаматтарының тұрмыстық әл-ауқатымен таныстыратын дерек кездесті. Аталған қыстақтың 9 тұрғынының мал саны мынада­й екен: Ефим Иванович  Калашниковтың 3 сиыры, 2 өгізі, 1 жылқысы, Артем Михайло­вич Бруславецтің 22 бас мүйізді ірі қарасы, 1 жылқысы, Павел Михайлович Подсудковтың 7 сиыры, 1 жылқысы, Максим Афанасьевич Глущенконың 6 сиыры, 1 жылқысы, Ефрем Дмити­риевич Шевцовтың  4  сиыры, 1 жылқысы, Тимофей Федорович Богатыревтың 1 сиыры, Михаил Степанович Ткаченконың 1 аты, Александр Дмитриевич Сидоровтың 3 сиыры, 1 аты, Александр Фетисо­вич Ковальчуктың  15 ірі қарасы, 1 жылқысы болып­ты. 1918 жылдың 28 қа­занында жазылған осы құжат бойынша аталған кісілердің барлығының аң аулайтын мылтық­тарын  уездің бастығы И.Гержодтың бұйры­ғымен қалалық милиция тартып алыпты. Осы тізімде аталғандар 26 қазанда уезд бастығына арыз жазыпты. 29 қазанда әрқайсысына  100 рубльден айып салып, мылтықтарын қайтарып беріпті.

Орыс переселендерінің Перовск уезіндегі өмірімен таныстыратын тағы бір құ­жатта (1917 жылдың 5 мау­сымы) Төменарық стансасында тұратын 40 үйдің орыст­ары Перовскінің солдаттары мен жұмысшыларының Кеңесіне (назар аударыңыз, Кеңес үкіметі орнаудан жарты  жылдай  бұрын!) мынадай  шағым  түсіріпті:

Біз қора-жайы бар адамдар стансадан алыс емес қазақтардың жерінде үй салдық, дүкен тұрғызып, әртүрлі тауарлар сатып кәсіп етеміз. Біздің алып жатқан жері­міздің  көлемі  бір  десятина 500 шаршы сажын, осындай көлемдегі жерді бізге жергі­лікті Жер шаруашылығы мен мемлекеттік мүлік басқар­масы бөліп берген болатын. Осыдан 5 жыл бұрын Төменарық стансасының қасынан Герас­имово селосы құрылды. Неге екені белгісіз, 1914 жылдан бастап Герасимовка селосының тұрғындары өз пайдаларын ойлап, бізге ерекше салық, үй  салынған  жердің  бір сажынына  және бос  жатқан учаскелерге (аула, жыра мен сай және арықтарға)  25 тиын­нан салық салып отыр. Бізге заңсыз салық салып­ отырғаны жайлы әр­түрлі әкімдік мекемелерге жазған шағымдарымыз әлі күнге дейін қаралмай келеді. Енді бүгін героасимовтықтар аталған салықты бізден екі есе мөлшерінде талап етуде.

Герасимовтықтардың бізге заңсыз салық салып отыр­ған­дығы жайлы біз сотқа­ арызданып, сот мекемесінде арнайы  іс  қозғатамыз.

Осы арызымыз арқылы Перовс­к уезінің комиссары арқылы­ арнайы жарлық шы­ғарылуын, осы  іс  аяқталғанша  бізді герасимовтықтардың жайымызда қалдыруын сұраймыз.

Перовск  қаласы  5  маусым 1917 жыл.

 

Азып-тозған
переселендердің  деревнясы

Түркістан  өлкесін  
жаулаған  орыс  казактары

Қазақ жеріне переселендерді орналастыруды патша үкіметі 1849 жылдан бастаған болатын. Далалық бекініс­терге тәжірибе есебінде бір­неше казак отбасыларының переселендері жіберілді: Арал бекінісіне (бұл бекі­ністің  бірінші аты  Райым) 23 отбасы, Ырғызға (Орал) – 10, Торғайға (Орынбор) – 10 және Қарабұтаққа 4 отбасыны алып келді. Көшіп баруғ­а деп оларға біраз ақша (әр отбасыға 65 рубльден), азық-түлік берілді. Бірақ, көп ұзамай Арал бекінісінің орнын­ың таңдалуы қателік болып шықты. Бұл аймаққа рекогносцировка жүргізу тапсырылған капитан Шульц Сыр бойының жағасында өсіп  тұрған жас құрақты шөп деп қабылдап, бұл жерде жем-шөп көп өсіп тұр, миллион пұт шөп жинауға болады деп хабар жеткізген. Бұл қателік белгілі болғаннан кейін  Арал  бекінісі Қазалы­ға көшіріліп, адамдары  да осында  әкелінеді.

Райым бекінісіне көшіп келген алғашқы переселендерге егіншілікпен айналысуға деп  Қамыстыбас көлінің айналасынан жер беріледі. 1849  жылдың күзінде атал­ған  учаскеге көшіп келгендер  қара бидай, 1850 жылдың көктемінде арпа мен сұлы егеді. Сол жылы егіннің шығуы жаман болмапты. Бірақ оған қанағаттанбаған бекіністің бастығы астықтың шығымының көп еместігін жерді дұрыс таңдап алмағандықтан деп, 1850 жылдың күзінде орыс шаруаларына Әйгерік (Райым бекінісі мен Қазалы шатқалының ара­сындағы жарты жолда) аңға­рынан жер бөліп береді. Қазақтар бұл аңғарға суды Әлетей мен  Биікбау арасына Сырдарияның көктемгі тасқын  суын  бөгетпен байлап жинап әкелетін. Сол жылы Сырдарияның тасқын суы көп болғандықтан, егін  бітік  шығады. Переселендер 1851 және 1852 жылдары осы жерден жақсы астық жи­найды. Бірақ орысқа тән қамсыздықтан бөгеттің біреуі 1852 жылы бұзылып, аңғардың біраз бөлігі көлге айналады. Келесі жылдан бастап 1858 жылға дейін бекіністің бастығы жыл сайын­ переселендерге олардың өздері қалаған жерле­рінен қазақтардан жақсы жерлерін тартып алып, жаңа жер беріп отырады. Бұл тәр­тіп қазақтардың қатты наразылығын тудырады, оған қоса орыстар қазақтардың ежелден соғып келген, талай тер төккен арықтары мен су құрылыстарын бұзумен бо­лады. 1858 жылы жазда №1 фортты (Қазалыны) Орынбордың генерал-губернаторы А.А.Катенин келіп көрген кезін­де қазақтар осы жайлы оған шағымын тапсырады. Катенин сол кездегі линияның басқарушысы генерал Данзасқа Әйгерік аңғарын қазақтар мен переселендерге­ тең бөліп бер деп бұйрық бере­ді. Келісім жасалынады, қазақтар аңғардың жерінің жартысын, 500 десятинаны өз еркімен переселендерге берді. Осыдан кейін қазақ­тарға  генерал-губернатордың  атынан, енді ешкім сендердің жерлеріңді алмайтын болады деп жарияланды. Кейін  дау-жанжал  болмасын деп учаскені топографтар картаға түсіріп, карта бо­йынша орыстар мен қазақтардың жерлері  анықталып  берiледі.

Бірақ патша үкіметі орыс­тың шаруаларына қанша жағдай жасағанына қара­мастан олардан жақсы егінші шықпапты. Шамалы уақыттан кейін жағдайларын жақсартып алған орыс шаруа­лары мещандарға (саудагер­лік, қолөнер, т.б. майда кәсіппен айналысушылар) айналып, егіншілікті қояды. Орыс  үкіметі  орталық губерниялар мен Жайық өзенінің аймағынан жаңа переселендердің тобын әкелу жағын қолға  алады.

Осы орайда Сырдарияның  орта ағысы бойына оралдық орыс казактарын жер аударып әкеліп тұрақтандыру былай жүргізіліпті. Бұл жайлы орыс зерттеушісі А.И.Добросмыслов 1912 жылы Ташкентте басылған «Города Сырдарьинской области­» деген кітабында жазады­. 1875 жылдан бастап 1880 жылға дейін Қазалы қаласына билікке бағын­бағаны және әскерге барудан бас тартқаны үшін жер аударылған 1000-ға жуық оралдық казактарды әкеле бастайды. Жер аударылып Қазалы қа­ласына айдалған оралдық­тардың алғашқы партиясы 1875 жылдың 28 қазанында келді. Оралдықтардың бір бөлігі пәтерлерге, бір бөлігі  казармаларға ор­наластырылды. Олар қандай да бір болмасын, берілген бұйрықтарды орындаудан бас тартты, 2-3 шапанды бірінің үстіне бірін киіп алып, дабыл қағатын мезгілді күткендей болып жү­ріп­ті. Егер фамилиясын сұрасаң: «Христовтың құлымын», «фамилиямды көрсетуіме болмайды», «менің фамилиям тізімде бар, сол жақтан барып біл» т.с.с. деп қырсық жауап береді екен. Бастықтарды «антихрист», солдаттарды «крупа» деп атаған. Кейін оралдықтарды пәтер­лерден шығару қажет болғ­ан кезде, олар бір-бірлерін құшақтап ұстап алады, араларын бөлу үшін орынборлық ка­зак­тарды шақыратын бол­ған, олар көп жағдайда араларын ажырату үшін қамшы мен шыбықты қолданады. Осындай әдіспен алаңға шыға­рылған оралдықтар  жерге­ етпетінен жатып алып тұрмайды, тағы да казактар қамшы мен шыбық қолданады. Біреуін шыбықпен  ұрсаң, қалған­дары «мені ұр, мені де ұр» деп  жаппай  айқайлайды.­ Байырғы тұрғындардың айтуынша, оларды шыбықпен есепсіз ұрып, аямай  жазалапты.

Орыс үкіметі оралдықтарды ештеңеге көн­діре алмай әбден басы қатады. 1876 жылы оралдықтардан әскери жұ­мысшы батальон ұйымдастырмақ болады, бірақ олардың барлығы жұмыс істеуден бас тартады. 1880 жылы Қазалы қаласында орналасқан оралдықтарға  олардың  отбасы мүшелерін алып келе­ді, бірақ әйелдерінің біреуі де өз еркегін мо­йындамапты, еркектері де сөйткен. Қаншама тырысса да бұл әрекеттерінен ештеңе шықпаған, балалары мен әйелдерді тағдырдың тәлкегіне таста­йды. Осыдан кейін ғана казактың әйелдері бірте-бірте күйеулеріне жақындап мойындай баста­йды, еркектері де әйелдері мен балаларын іздей бастапты. Кейбір оралдықтар туған жеріне қашып барған, бірақ оларды ұстап алып, Қа­залыға қайтып әкелген.

1881 жылы император Александр ІІІ «мен қателесіппін, өкінемін» деп кешірім сұраған оралдықтарға туған жеріне қайтуға рұқсат беру туралы жарлық шығарады, бірақ бірен-саран оралдық болмаса, басым көпшілігі басшылыққа «бізді осы жерге қалай айдап әкелдіңдер, енді солай  конвоймен  қайтарыңдар, кешірім сұрамаймыз» деп жауап бе­ріпті. Оралдықтарға ештеңе істей алмаған билік­тің амалы таусылып, оларды өз жайларында қалдырады.

Осылайша, ұзақ уа­қыт бойы билікке қасарысып көнбей келген оралдық казактар бірте-бірте көнуге  мәжбүр  бола бастайды. Олардың алғашқы  бастаған кәсібі балық аулау болады, сосын­  біртіндеп сауда­ға, егіншілікке т.с.с. көше  бастады, бірақ үй салмапты, пәтерлерде тұрып келген, тек 15-20 жылдан соң ғана қаладан  жер  алып, үй салу­ға  кіріседі.

1893  жылы оралдық казактарға қазалылық мещандар болып жа­зылу  ұсынылады, бірақ олардың бірде-біреуі оған көнбейді, сол себепт­ен де олардың тұрмыс мәселесін шешу билікке қиын болып­ келіпті. Әйтсе де әкім­шілік оларды мещандар деп санайды екен, бірақ олар бұл атаудан аяқ-қолын бірдей  сермеп қашатын  болған. Сол себептен де олар бір жаққа бару үшін қажет болатын паспорт алудан бас тартып келген, себебі ол құжатта оларды мещандар деп жазады. Оралдықтар арақ іш­пейтін, еңбек сүй­гіш, өз сенімдеріне қатып қалған берік жандар, осы тұрғыдан алғанда олардың  қаланың бас­қа православиялық­тарымен салыстырғанда айырмашылығы аспан­ мен жердей деп жазыпты олар жөнінде А.И.Добросмыслов жоғарыда аталған кітабында.­

Сырдарияның бо­йында туып өскен, осы өзенмен  өзінің барлық тұрмыстық  мүдделерін  байланыстырған оралдықтардың бір­неше ұрпағы бұл жа­ғалауды тастаған  жоқ. Олардың көпшілігі кеңес­ үкіметі тара­ғаннан кейін де көш­пей өмірлерінің соңғы  күндеріне дейін осы жақта өмір сүрді. 1910 жылы Қазалыдағы оралдықтардың саны 1800 адам  болыпты...

Оралдық орыс казактарының ұстанған діндері мен әдет-ғұ­рыптарына өте берік­тігі, жергілікті қазақ­тарға деген  ерекше  көз­қарасы, су сұрап ішуге келген адамға су беріп, оның ішкен ыдысын лақтырып жіберетіндігі, т.б. жайлы әңгімелерді көнекөз қариялар айтып оты­ратын еді. Дегенмен, оралдық орыстар жер­гілікті халықпен тіл табыс­а білген сияқты. Алғашқы кездерде орын алған өзара жер үшін қақтығыстарға қарамастан олар қазақтың тілін жетік меңгергендер және қазақтарға біршама жақындау болға­нын да айтқа­нымыз жөн болар. Жергілікті  қазақтардың орыс тамырлары, оралдықтардың қазақтар арасында достары жиі кездесіп тұрған болса керек. Өткен ғасырдың 20-шы және 30-жылдарындағы  Сыр  бойындағы ашаршылық кезінде оралдықтармен тіл табыс­қан қазақтар бірге балық және аң аулап, ашаршылықтан аман шыққанын  бұрынғылар  айтып  отыратын.

Сағат  ЖҮСІП

(Соңы. Басы өткен санда.)

 


«Бизнес-кеңесші» кәсібіне жол ашты PDF Print Email
Жаңалықтар - Халық-хабар
25.07.2018 15:44

Бүгінде Нағи Ілиясов ауылы көркімен ғана емес, кәсіпкерлік саласындағы жұмысымен де көпке үлгі болуда. Ауылда кәсіпке ден қойып, өзін-өзі жұмыспен қамтыған азаматтар қатары күн өткен сайын артуда. Ауылда екі мыңнан астам адам тұрады. Ауыл әкімі Сағдат Нұрмағамбетов 42 кәсіпкерлік субъектісінің тіркеліп, бүгінде 32-сі белсенді жұмыс істеп жатқандығын жеткізді. Осы жылдың өзінде 8 азамат ресми кәсіпкер ретінде тіркеліп, жұмыс істеп жатыр екен. Әкім Кәсіпкерлер палатасының «Бизнес-кеңесші», «Бастау» оқу курстарының ауыл азаматтарына іс бастауға айтарлықтай көмек болып отырғандығын да айтты.

«Бизнес-кеңесші» курсын оқып, іс бастаған азаматтардың бірі - Арысбек Байназаров. Ол Кәсіпкерлер палатасына жүгініп, «Бизнес-кеңесші» жобасына қатысады. Бизнес сауаттылығын арттырған ол бизнес-жоспарын жасап, «Қызылорда» Өңірлік инвестициялық орталығынан 3 млн теңге несие алады. Жастайынан малдың жайын жақсы білетін ол мал бордақылаумен айналысуды жөн санайды.

«Жұмыс істеймін, шаруашылықпен айналысамын деген адамға жақсы көмек көрсетіліп жатыр қазір. Бұрын мұндай жұмыспен айналыспай тұрып ойлайтынмын, жеңілдетілген несие алып, іс бастау қиын деп. Кәсіпті қолға алғаннан бастап ауыл әкімінен бастап салаға қатысы бар барлық мамандар, соның ішінде Кәсіпкерлер палатасының мамандары құжаттарды жинақтауға, қаржыландыру барысына дейін көмектесті. Алғысым шексіз. Алдағы уақытта мал басын көбейтсем деген жоспарым бар», - дейді кәсіпкер Арысбек Байназаров.

Кәсіпкер несиеге алған қаражатына жылқы мен ірі қара малын сатып алып, бүгінде кәсібін өрлетіп отыр. Отбасылық бизнес болғандықтан, жұбайы Ақгүл екеуі малдың бабын бірігіп жасайды. Ақгүл биені де, сиырды да сауып, ұқсатып отыр. Берекелі отбасының дастарқанынан әрдайым құрт, май, айран, қымыз үзілмейді. Ал артылғанын ауыл тұрғындарына сатып, қалаға өткізеді. Бастапқыда жем-шөптен қиналамыз ба деп жүрексінген кәсіпкер ауыл тұрғындарына «Абзал және К» серіктестігінің арзан бағада, кейде тегін жем-шөп беретіні көмек болғанын айтып отыр. Кәсіп иесінің ендігі мақсаты - мал басын көбейтіп, жыл бойы сауынмен айналысу және бірнеше адамды жұмыспен қамту.

Қызылорда облысы

кәсіпкерлер палатасының баспасөз қызметі

 



<< Бірінші < Алдыңғы 1 2 Келесі > Соңы >>

Күнтізбе

< Шілде 2018 >
            1
2 3 4 5 6 7 8
9 10 11 12 13 14 15
16 17 18 19 20 21 22
23 24 26 27 28 29
30 31          

Сауалнама

Аса мәртебелі шенеуніктердің қылмысқа шатылып жатқандығы нені аңғартады?
 

Ауа райы

Валюта бағамы

Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі валюталардың ресми бағамдары