Өзекті мәселелер

  • 13.09.18

    Кез келген жұмысқа тұрарда қандай болмасын мекеме, ең алдымен, «сотты болмаған» деген құжат сұрататыны белгілі. Сол бір «қара тізімде» бар екенсіз, онда арманыңыздағы қыз­метке қол жеткізу қиын дей беріңіз. Алайда облысымызда осы бір мәселеге назар аудармайтын бөлім басшыларының бар екендігі анықталып отыр. Атап айтар болсақ, Арал, Жалағаш аудандық білім бөлімдері мен Сырдария аудандық мәдениет...

    Толығырақ...
  • 13.09.18

    Саяси тұрақтылық пен қоғамдық келісім – мемлекетіміздің басты ұстанымдарының бірі. Сарабдал саясаткер, ел Президенті Н.Назарбаев «Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері» атты Жолдауында бұл туралы тарқатып айтқан болатын. «Көл-көсір мұнайдың» дәуірі аяқталып келе жатқанын ескерткен Елбасы жаңа заманға сай болуға үндеді.

     

    ...
    Толығырақ...
  • 13.09.18

    Шыны керек, көптің көкейінде «облыс орталығындағы басты көше­лерд­ің бірі Желтоқсан көшесі нелік­тен жылда жөндеуден өтеді? Оның орнына шетаймақтағы көшелерді жөндесе қайтеді?» деген мазмұндағы пікірлер жиі айтылады. Мәселенің мәнісі былай. Былтыр сол көшеге су жүйелері мекемесі ауызсу желілеріне жаңғырту жұмыстарын жүргізген. Асфаль­т қабаты бір рет қайта қазылса болды, жаңадан салынған жол бі...

    Толығырақ...
  • 13.09.18

    Ерғали  АБДУЛЛА

    Көрініс

    Қыз Жібектей керімсығысы келгені­мен де, тұқымы  құрғыр мыстандығы қылымсып қайта-қайта көрініп  қала береді...

     

    ...
    Толығырақ...
  • 13.09.18

    Нұржамал  ӘЛІШЕВА,

    журналист

    БІР   ҚИЫҚ  ОРАМАЛ

    Қазанға ет салып қойған. Қамыр илемекші болып еді, ұн бітіп қалған екен.

    Толығырақ...
Сәрсенбі, 01 Тамыз 2018

БАҚША ӨСІРУ – БАЛА БАҚҚАНДАЙ PDF Print Email
Жаңалықтар - Арнайы беттер
02.08.2018 11:46

Қара жолмен жасыл түсті «Жигули» жүйткіп келеді. Көк ала шаңды көкке көтеріп. Сонадайдан машинаның ескіргені білініп-ақ тұр. Жарықтық, шопыр жылдамдықты екіге салса, әлгі көлік ентігеді. Кілт тоқтаған сайын салдыр-гүлдір етеді дейсіз. Көлік бір сәт тоқтады да, шопыры «өй, әкең...» деп  айғай  салды. Шамасы, ескі көлік оның әбден есін шығарған-ау?! Қалай оталғанын қайдам, «Жигулиіңіз» «гүр» ете қалды. Жүрді-ау! Сөйтіп, аз уақыттан соң ақырын ғана жанымыздан өте шықты. Іштей «мына шалдың ескі көлікке өкпелейтін реті жоқ» дедім. Құр сүлдесі қалған машинаның көптен күтім көрмегені көзге ұрып тұр. Қара түтін будақтағанда, құдды «Беларус 80» тракторы жүріп өткендей сезіледі.

 

ЖАЙЫЛМАНЫҢ   БАСТЫ   БРЕНДІ  БҰЛ   ЖЕРГЕ   ҚАЛАЙ   ЖЕТТІ?

Облыс  орталығынан  таңғы  сағат 7-лер шамасында шыққанбыз. Соның өзінде кеш қалыппыз. Жолбасшымыздың  сөзінше, Жайылманың  тірлігі түнгі сағат  төрт  жарымда-ақ  басталады  екен. Бізді  күтіп  алған жігіттер  «егіс алқабына кеттік» деді. Жасыл «Жигули» жүріп өткен қара жолға біз де түстік. Пақырыңыз қайбір бау-бақша аралап жүр дейсіз?! Қаладан шыттай боп киініп  барғанбыз ғой. Көліктің іші көк шаң. Машинадан түсе сала, май топырақ  бұрқ  етті. Топлимыз  шаңға көмілді де қалды. Байқағаным, ұшы-қиыры көрінбейтін егін алқабында емге тал таппайсыз. Сәл де болса саялауға. Ал, облыс әкімінің баспасөз қызме­ті­нің фотографы  Бағдат Есжанов  әрбір сәтті қалт  жібермей, сырт-сырт еткізіп сурет­ке түсіріп алады. Жаңақорған ауданы­ның­ Жайылма ауылы алты құрлыққа аты мәшһүр  болмаса да, республиканың  он  төрт облысына, іргедегі Ресейге­ де әжептәуір  танымал. Басты бренді – қарбыз. Иә, кәдімгі сырты жасыл­, іші қызыл қарбыз. Бұл шаруаның Жайылмада кең етек жаюының арғы-бергі тари­хы былай. Шаруалар соның бірін айтып берді. Сонау­ ашаршылық уақы­тында осы өлкеде қоныстанған жұрт балапан басына, тұрымтай тұсына кетпей ме? Арысы Ауған ас­қан, берісі Моңғолияны бетке алған. Ал кейбірі Тәшкенге тартып отырған ғой. Бас сауғалап барға­н бабаларымыз сонда тірлік қылады. Өзбек акаңнан анау-мынауды үйреніп дегендей... Не керек, бір­шама жылдан кейін ашар­шылық аяқталып, Тәшкенге көшкендер елге орала бастаған. Шымкентке, сосын Жа­йылмаға жетіпті. Қарт Қаратаудың етегіне қоныс теуіп, әуелгіде көк­ө­ніс өсірумен айналыса бастайды. Алғаш­ында жайыл­малықтар бірыңғай жуа еккен. Қанша уақыт мұнымен ай­налыс­қанын қайдам, бір жігіт «аталарымыз осы маңда пәлен жыл жуа егіпті» деді  қолымен айналасын нұсқап. Соның  себебін сұрамаппыз. Бертінде қарбызды  жерсіндірген. Бау-бақшаның жайын білетін өзбек акаңнан түйгенін аталарымыз осында орнық­тырады. Ә дегенн­ен тәп-тәуір өнім алады.­ Сөйтіп, «алтын шыққан жерді белден қаз» дегендей, егін шаруашылығына шындап  кіріскен. Қысқасы, Жайылм­аның қарбызы біздің өңірге осылай жерсінген. (Дегенме­н, мұндай деректерді ауылдағы әркім әрқилы айтад­ы  екен.- ред.)

 

ЖЕР-АНАНЫ

ЕМГЕН   ЖАЙЫЛМА

Атыздың үстімен адымдап келеміз. Аяқкиімге қарайтын шама жоқ. Айналамызда  қыбырлап тірлік етіп жатқан қарақұрым  адам. Өзгелерімен  шаруасы шамалы. Егін  алқабының  ішінен Диас деген батырмен жолықтық. Жасы жиырма­ға да жетпеген. Аудан орталығындағы колледжде білім алады.­ Амандық-саулықтан соң әңгімеге тарттық. Өзі момындау, сөзге шорқақтау бозбала екен. Мамырда демалысқа шы­ғып­ты. Дема­лыс демекші, қаланың жүгірмектері оқу тамам­далысымен Ал­маты, Астанаға тайып­ тұрады ғой. Жайылманың жігіттерінде ондай әдет  жоқ. Жасы  да, кәрісі де – бақшаның басында. Ала жаздай кетпен-күректі қолға ұс­тап, тынбай тірлік етеді. Сосын ғана демалыс басталады. Диастың от­басы  биыл 1 гектар  жер  алыпты. Өзінің есебі бо­йынша, 23 тонна  өнім  алуы  тиіс. Әр келісін 38 теңгеден саудалап отыр.

– Егіншілікпен әкем айналысты. Қазір қыр-сырын үйреніп жүрмін. Уақытылы суарып отыру қажет. Жақында­ Ресейге алғаш рет қарбызды жібердік. Олардың бір жақсы жері сол, ақшамызды қолма-қол береді,- дейді Диас.

Әр атызда күнге қарап теңкейіп жатқан­ бірыңғай қарбыз. Жарықтық, барған  бетте  біреуін  жардық. Дәмі қаладағыға қарағанда өзгеше. Содан шаруалар­ды сауалдың астына алдық. «Осындайда-осындай қаладағы сау­да­герлер «Жайылманың қарбызы пісті» деп сатып жатыр. Сіздердікінің дәмі басқаша екен» дедік. Бұл сұрағымызға Әбекең (Абай Көрпебаев – егінші. – ред.) аса таңғалмады. Насыбайын түкіріп жіберді де, көлеңкеде жатқан ашығанын қолына ұстап тұрып: «Әтесіне нәлет... Олар жылда сөйтіп сатып жүр. Бұрыннан солай» деді де, ашығанынан мейірлене бір жұтып алды. Маңдайдан аққан ащы тері сор­ға­лап тұр. Сосын әңгімесін Әбекең әрі қарай жалғады. «Есіңізде болсын, Жайылманың қарбызы 15 шілдеден кейін піседі. Ол да ауа ра­йына байланысты. Оған дейін бірде-бір «штук»  бұл  арадан  сырт­қа  шыққан­ емес. Алып­сатар­лар­дың  жылдағы  әдеті ғой. Шымкент, Түркістаннан таси­ды»­ деді. Біз барған күні ол алған  өнімін  Ақтөбеге жө­нелткелі  жатыр­  екен. Биыл қарбыздың «фарао Ф1» деген тұқымын егіпті. Жер­гі­лікті жұрт жаңа сорттың пішіні том­пиып жат­қан қозыға  ұқ­саған соң, “қо­зы  қарбыз” деп атайды екен. Со­пақ. Жаңа тұ­қымды Шым­кенттен алдырыпты. Өнімділігі жоғары көрі­неді. Айтпақш­ы, бірнеше жыл бұрын көшеттеп отырғызу басталған. Ұзын-ырғасы былай. Әбекеңнің айтуынша, құтыда бапталған тұқымды наурыз айын­да жылыжайға отырғызады. Сөйтіп, оны балада­й күтіп-баптайды. Сәуір айы басталыс­ымен егіс алқабына әкеп орналаст­ырады. Көшеттеп отыр­ғызу­дың ең тиімді тұсы – өнімі көп және 10-15  күн  бұрын  ерте  піседі.

– «Рынокта» қарбыздың бағасы тікелей­  бізге байланысты. Аз ексек, баға көтеріледі. Қызылордаға апарып сату бізге тиімсіз. Олар өте төмен баға­ны­ ұсынады. Саудагерлері де әбден әккі болып­ алған. Таразыдан жеп қалады. Деген­мен, шүкір!  Жер-анамыз несі­бе­сіз қалдырған емес. Қара жердің  арқасында жар сүй­дік, бала өсірдік, үй салдық, көлік  міндік, - деді егін­ші.

Әйтсе де, Әбекеңнің көңілі күпті. Биыл өнім былтырғыға   қа­рағанда аздау бола­ты­нын біліп тұр. Себебі Қа­ратауға қар  аз жауған. «Жиделі» су қоймасына жинал­ған судың  көлемі  небәрі 6 мың текше  метр  ғана. Егін­шіге «Жа­йыл­маның қарбызына неліктен сұ­раныс жоғары?» деп сауал  қойдық.

– Оның себебі мынада. Біз бау-бақшамызды Қаратаудағы бұлақтың суымен суарамыз. Бұлақтың суы мөлдір, тап-таза. Ол өнімге тікелей әсер етеді. Сосын біздегі шаруалардың барлығы дәрі-дәрмек дегенді қолданбайды­. Табиғи. Ал  өзге өңірлердегілер дарияның суын тұтынады. Сонымен суарады. Дарияның суы ластанып­  кеткен. Ол  қарбызға өте  зиян. Оның  үстіне дәрі-дәрмекті  аямай  қосады,- деді Әбекең.

Егіншіден ерсілеу болса да сұрадық. Бір маусымда қанша табыс табатынын. «Несібемізге қарай ғой, енді. Өткен жылдары 5-8 млн теңге аралығында пайда таптық­. Қазір жаңа тұқымды келісі 70-80 теңгеден сатып­  жатырмын. 2 гектар жерден 120 тонна қарбыз алуды  жоспарлап отырмыз»  дейді  ол.

Жалпы, Жайылмада бүгінге дейін 28 шаруа қожалығы тіркелген. Оның 11-і егін шаруашылығымен айнал­ысады. Ауыл әкімдігіндегі бас маманның ұсынған мәліметтеріне сүйенсек, қазіргі таңда 3 мың тонна­ қарбыз жиналған. Оның 389 тоннасы Ресейге экс­портталыпты. Қалғаны өзге өңірлерге жөнелтілген. Ауылдағылар барлығы  240 гектар жерге қарбыз еккен­. Ең қызығы, тұрғындардың  95 пайызға жуығы егін шаруа­шылығымен  айналысады.

Ауылдықтардан түйгеніміз – тынбай тірлік ету. Бесіктегі баласынан еңкейген қартына дейін егіннің қыр-сырына әбден қаныққан. Тірсегі майысып төртіншіні бітірген балалар да бау-бақшада жүргесін не сұрайсыз?! Әкелерінің көрсін, білсін дегені ғой. Оңай жерде нан  жоқтығын. Шынын айтқанда, әрқайсысы  атадан  қалған  шаруаны шыр  айналдырып  отыр. Жайылма  жайлы  жазарымыз – осы.

 

«ТАТУ   АГРО»-ның

ТАТЫМДЫ  ТІРЛІГІ

Одан кейін Бесарық ауылдық округіне бет алдық. Жігіттер жүгері алқабы бар дегесін. Расымен, ауыл шаруашыл­ығы саласында жүгері егумен айналысатын шаруашылықтар некен-саяқ. Тасжолмен тартып отырып­, айтылған егін алқабына да жеттік. Тілшілік қызметімізде облыстың оңтүстігі мен солтүстігін түгел шарлаппыз. Бірақ мынадай шаруаның басталғанынан бейхабар екенбіз. Жүгері алқабы қарт Қаратаудың етегінде­. 80 гектар аумақты алып жатыр. О шеті мен бұ шеті көрінбейді. Жап-жасыл. «Тату агро» ШҚ төрағасы Әділхан Асқаровтың сөзінше, жүгеріге сұраныс әрқашан жоғары. Тағы бір дерек, сырттан әкелінген жүгері біздің жерді жатсынбай, тез жерсініпті. 90 па­йы­зы  нәр алған. Шаруашылық төрағасы мұның жерде­ қалмайтынына кәміл сенімді. Оның үстіне жергілікті билік барынша қолдау көрсетіп, қанатының астына алған. Іргедегі су қоймасын жөндеуден өткізіп те беріпті.  Дегенмен, Әдекеңді  алаңдатқан мәселелер де  жоқ  емес.

– Інім-ай, мына сендей жас балалар анау министр­лікте жұмыс істеп жүр. Шындығында, олар шаруашылықтың басы-қасына да келмейді, көзбен көрмейді. Жоңыш­қа мен арамшөпті ажырата алмайтын да шығар.­ Айналайын-ау, егіннің қыр-сырын білмейтін адамдар бұл салаға қалай басшылық етеді? - деді ол.

Сөзінен ұққанымыз, облыс пен аудан әкімдігі мүмкіндігінше қолдау көрсетіп-ақ жатыр. Әйтсе де, жоғары жақтағылардың жиі-жиі реформа жасауы шаруа­ларға қолайсыз. «Жаңа бағдарламаны қабыл­дайды. Оның құжаттарымен әуре боп жүргенде субси­диядан айырылып қаламыз» дейді Әдекең. Сондай-ақ, электр  энергиясының  қымбаттығы  шаруашылық төрағасын шаршатқан. Өзінің  айтуынша, айына   2-2,5 млн теңге жарыққа төлейтін көрінеді. Оның үстіне жұмысшылардың жалақысы бар. Міне, осындай­ түйткілдер ауыл шаруашылығы саласының аяққа тұруы­на – тұсау. Бұған  қарамастан, бұйырса, қыр­күйек­ айында­ 10-15 тонна  өнім алынады деп жоспарланған.

 

ТҮЙІН. Жаңақорған ауданына жасаған сапарымызда нағыз еңбек адамдарымен бетпе-бет жолықтық. Мақсатымыз – еткен еңбегін насихаттап, ел-жұртқа көрсету. Олардың әр сөзін, әрекетін мүлт жібермеуге тырыстық. Барынша ауыл адамдарының шынайы келбетін көрсетуді көздедік. Ең бастысы, қарекет түбінің берекет екенін, бақыт басын еңбек еткенге иетінін бағамдадық.

Қозы  Көрпеш   ЖАСАРАЛҰЛЫ,

Бағдат  ЕСЖАНОВ  (сурет)

Жаңақорған  ауданы

 


ТАЛДАРДЫҢ КҮЙІ ТАЙЫП БАРАДЫ... PDF Print Email
Жаңалықтар - Мәселенің мәнісі
02.08.2018 11:40

Қазалы  ауданы  әкімі

М.Ергешбаевтың  назарына

Көзі қарақты, шариғаттан хабары мол жаннан «Уәде – Алланың ал­дында пендеден сұралатын басты жауап­кершіліктің бірі» дегенді естігені­м бар. Мән-мағынасы кім-кімге де «Шама-шарқың жететін нәрсеге уәде бер. Сөз бердің бе, орындал­уына  күш  сал» дегенді аңғартатыны  анық.

Әңгімемізді мұндай сарында бастауымыздың өзіндік себебі де табылады. Әрі қозғалған мәселе де жеке бастың мүддесі емес, көпшілікке ортақ жайт. Біз тұратын Сырым батыр­ көшесі Әйтеке би кентіндегі іргелі көшелердің бірі саналады. Аталмыш кенттің ажары жылдан-жылға көркейіп, көлденең жүрген жолау­шыға жақсы әсер қалдыратыны жалған емес.

Пірімов көшесінің бойынд­ағы салынған нысандар, түнгі жарықпен безендірілуі де көңілден шығады. Кешкі мезгілде көкке самғаған­  субұрқақтың  жанында  асыр салған бүлдіршіндердің шат күлкісін естігенде іштей шүкіршілік жасап, бейбіт заманның бұзылмауын, көк аспанды соғыс бұлты торламауын Жаратқаннан іштей тілейсің. Мұнан өзге бірқатар көшелерде де жөндеу, басқа да шаралар қолға алынған.

Десе де, орталықтағы осынау Пірі­мов көшесімен қиылысатын Сырым батыр көшесінің сұрықсыз кейпі қарын аштырады. Әлденеше жыл бұрын қиыршық тас төселді деген аты ғана. Нақты кезеңде көшедегі қиыршық тасты қолыңа майшам алып іздесең де таппайсың. Жауынды-шашынды күндері көлік тұрмақ жаяу адамның жүруі қиын. Түнгі жарық атымен жоқ. Түнемелік бір жерге жаяу бару қажеттілігі туындаса түрті­нектеп, қос қапталдағы Пірімов немес­е Бөріқұлақов көшесіне жеткенше асығасың. Бұл көшелерге түс­кенде өзіңді тозақтан жұмаққа шыққандай сезінесің десем, артық болмас. Бұл мәселе көптен бері қозғалып жүр. Тіпті одан бері бірнеше мәрте кент, аудан әкімі өзгерді. Алайда бұл тақырып сол күйі тоңы сірескен қал­пы тұр. Осы жылдар аралығында құзырлы орындардан талай көңіл жұбатар сөз де естідік. Бірақ... құрғақ сөз жұбаныш  болмайды  екен. «Бая­ғы  жартас – сол  жартас»  күйінде  тұр.

Аяқсу да кейінгі кезде тым күрделі халде. Жарайды, су жайы баршаға ортақ мәселе деуге болар еді. Алайда біз ағайыншылыққа салынғанмен, көше бойына егілген азды-көпті жасы­л желектердің күйі тайып барады. Сырым батыр көшесінің аяқ жағын­а отырғызылған осынау саялы талдар­дың бірқатары мекеменің емес, Ерсайын есімді жеке тұрғынның  еңбегі екені көрші-көлемге жақсы­ мәлім. Қысы қытымыр, жазы аптап Қазалыда тал егу, көркейтіп, көгалдандыру ересен еңбекті талап етеді. Ал көше бойын өз еркімен, ақы-пұлсыз көгалдандырып жүрген Ерсайын ініміздің талабы қандай мақтауға да лайықты. Енді сол жасыл желектер өлмешінің күйін кешуде.

Осы  жайтты біршама уақыт бұрын кент  әкімінің орынбасары Қайрақбай Орынбасаровқа білдірген едік. Қайрақбай Жақсыбайұлы су мәсе­лесінде кедергі кездесіп отырғанын айтып, бүгіннен қалдырмай аяқсу барад­ы деген уәде берген еді. Міне, Қайрекең­нің де сөзіне бүгін (31.07.2018 ж.) тура екі апта толды. Су әлі жоқ. Мүмкін, бұл жерде каналды жөндеу, тағы басқа жұмыстар жүріп жатуы да. Сонда кент әкімінің орынбасары Орынбасаров неге асығыс­  уәде берген?! Егер шын­дықты­ айтып, жағдайды түсіндірсе кім жазғырар еді?! Осындайда «Шындықтың жүгі ауыр. Оған бәрі бірдей тәуекел ете  алмайды» деген халық даналығы еске  оралады.

Жұмабек  ТАБЫНБАЕВ,

Қазалы  ауданы

 


Саяжайдағы сұмдық PDF Print Email
Жаңалықтар - Құқық құрығы
02.08.2018 11:39

Жақында «мектеп оқушысын зорлап кетіпті» деген ақпарат Шалқиядағы жағдайдан кейін енді ғана есін жиып келе жатқан қызылордалықтарды одан сайын есеңгіретіп жіберді. Алғашында тек әлеуметтік желіде тараған ақпа­ратқа сене қоймағанымызбен, жұртшылықтың әңгімесін артын­ша об­лыстық ішкі істер департаменті де растады. Айуан­дық әрекетті жасап, одан  қалды, қызын  құтқармақ болған анасын  өлтіріп кеткен арсыздың қолға түс­кенін  мәлімдеді.

– Қазір орын алған оқиғаға байланысты Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодек­сінің 120-бабы 4-бөлігімен және 99-бабының 2-бөлігімен сотқа дейінгі тергеп-тексеру басталды. Осы қылмысты жасады деген күдікпен Қызылорда қаласының тұрғыны ұсталып, уақытша ұстау абақтысына қамалды. Қалған мәліметтер Қазақстан Республикасы қылмыстық-процестік  кодексінің 201-бабының талаптарына сәйкес, тергеу  құпиялылығына байланысты   жария  етілмейді, - деп хабарлады облыстық ІІД бастығының орын­басары Н.Анарбаев.

Ересек адамның қаршадай қызға көрсеткен қорлығы Қызылорда  қаласына  қарасты  «Ягодка» саяжайында болғ­ан деген ақпарат бар. Әрі көршілерінің ай­туынша, күдікті ішімдікке сылқи­я тойып алған көрінеді. Әкесінің жоқтығын пайда­ланған азғын қыздың анасы дүкенге кеткен­ сәтін пайдаланған екен. Жасы 40-тан асқан педофильдің айуандық әрекетінен  кейін  жеткіншек ауыр халде­ ауруханаға  жеткізілген.

– Реанимация бөлімшесінен ота жасау­ палатасына жеткізіліп, сол жерде­ қыз балаға ота жасалды. Барлық жарақатталған аймақтар өңделіп, жыртылған аймақтар тігілді. Науқас бөлімшеге ауыстырылғаннан кейін осы облыстық балалар ауруханасының пси­холог дәрігерімен қаралып, бақылауында болды, - дейді Қызылорда облыстық балал­ар ауруханасы жедел хирургия бөлімшесінің меңгерушісі Әлімжан Төлегенов.

Қазіргі таңда 9 жастағы қыз білім басқ­армасына қарасты кәмелетке толмаған балаларға арналған бейімдеу орталығына орналастырылған.

Айта кетейік, бір ғана Қызыл­орда облысында ағымдағы жылдың 6 айында­ 15 зорлау фактісі тіркелген. Оның 13-і әйелдерге қатысты болса, екеуі кәмелет жасына толмаған жеткіншекке қатысты. ҚР Бас Прокуратурасының Құқықтық статистика және арнайы есепке алу жөніндегі комитетінің мәлі­меттеріне сүйенсек, әсіресе облысымызда айуандық әрекет жасағандар нау­рыз және мамыр айларында жиілепті. Мысалы, қаңтарда 2 зорлау фактісі тір­келсе, ақпанда – 1, ал наурызда 6 әйел зорланған. Оның біреуі – кәмелет жасын­а толмаған қыз. Сөйтіп алғашқы 3 айда  9 әйел ер-азамат деп айтуға аузың бармайтын арсыздардың құрбаны болып­ отыр. Сондай-ақ сәуірде – 2, ма­мырда – 4 және маусымда тағы 2 факті тіркеліп, алғашқы  жартыжылдықта  15 әйел (2-еуі – кәмелет жасқа толмаған­  жеткіншек) зорланған.

Байқағанымыз, қанша қылмыстық іс қозғалып, педофильдер 20 жылға дейін  жаза арқалап кетсе де, қоғамда кез келгеннің төбе шашын тік тұрғызатын мұндай фактілер азаймай келеді. Әр сұмдық жағдай тіркелген сайын қоғам белсенділері азғындарға өлім жазас­ын сұрап, жоғарыдағыларға ашық хаттар жазғанымен, билік қарапайым халықтың үнін естір емес. Есесі­не, заңны­ң осалдығынан тапа тал түсте қыздарымыздың абыройын төгіп, болашағына балта шауып, қаласа өлтіріп, тастап кететіндер көбейді. Еліміздің тәуел­сіздігі тұсында осындай олқылықтармен күресе алмасақ, ертеңгі өмірі­мізді елестетудің өзі қиын болып тұр!

Ж.ЕЛУБАЙҚЫЗЫ

 


КЕШІРІМДІ БОЛУ – КІСІЛІКТІҢ БЕЛГІСІ PDF Print Email
Жаңалықтар - Құқық құрығы
02.08.2018 11:37

Тереңінен үңілсек, қазаққа бітім­гершілік жат емес. Бабаларымыз дауды да, келіспеушілікті де алысқа созбай­, ағайын арасындағы татулықты сақтай отырып оң шешімін тапқан. Тіпті, құн дауының өзі тараптарды татуластыру арқылы бейбіт мәреге жеткен. Сонда темір торсыз-ақ тентекті түзеген, тараптарды бірден мәмілеге келтірген дала заңының құдіреті неде?

Осы сұраққа жауап іздегенде, ең алды­мен, ағайын арасындағы сыйластық ауызға оралады. Өйткені, ол заманда да тентектер, ол кезде де келіспеу­шіліктер болған. Жерін тартып алып, малын­ барымталап, әлсізге күш көрсетпек болған жуан жұдырықтар қай кезде де кездескен. Бірақ, арасынан айырылып, барын біреуге қолды еткен ағайын­ның өзі ашу шақырып, істі насырға шаптыруға тырыспаған. Ортаға кісі салып­, мәселені мейлінше бейбіт шешу­ге тырыс­қан. Ал бізде көршілер арасындағы келіс­пеушіліктің өзі сотта шешіліп жатады. Мәселен, қоршауды орнынан қозғау, қоқыс төгу, белгіленген жерден өтіп кету деген сияқты түйткілдерді ақсақалдарды ортаға салып-ақ тарқатуға болады­ емес пе? Жоқ, бізде қасарысқан қос тарап міндетті түрде сотқа келіп, мәселесін үлкен мінберде талқылауы керек. Одан кейін жер, үйін тастап, басқа­ жаққа көшіп кетсе бір сәрі. Осылайша болмашы дауды қуып жүргендер «Көрші ақысы – тәңір ақысы», «Үй алар болсаң, алдымен көршіңді таңда» деген халық даналығын ескермейтін сияқты. Ертеңін ойлаған адам көршісімен жаул­аспас болар. Өйткені, бүгін үл­кендер бір-бірі­мен араздасып жатса, ертең олардың баласы, немересі бір-біріне қырын қарамайтынына кем кепіл?! Мұның барлығы сот отырысы барысында азаматтардың қаперіне салына­ды. Бірақ одан нәтиже шығарып, көршілердің кешірімге келуі сирек. Бұл – қарапайым ғана мысал. Ал «үйімнің төбесін бүлдірдің, қоршауын қираттың» деп қасқайып сотқа келетін­дерді медиацияға шақыру мүмкін болмай отырғанда, басқа құқықбұзушылықтар бойынша ортақ мәмілеге кел­тірудің қаншалықты қиын екені айт­паса да түсінікті. Кешірім берудің азаюы кісілік қасиеттің кеміп бара жатқаны­н  көрсететіндей.

Мемлекет басшысының соттан тыс келісімге келудің озық әлемдік тәжірибелерін енгізу және соттардың қаты­суынсыз дауларды шешу тетіктерін жетіл­діру жөніндегі тапсырмаларын іске асыру­ шеңберінде Қазақстан Республикасының Жоғарғы Сотымен «Татула­су орталығын» құру жобасы ұсынылған­ы белгілі. Бұл орталық қажетті нотариус, психолог және сот орындаушылармен  қамтамасыз  етілген әрі қоғамдағы даукестік деңгейін төмендетіп, дауды шешу мәдениетін қалыптастыруға өз үлесін қосады. Осыған­ орай, қазіргі таңда аудандық соттың Қармақшы ауданы әкімдігімен бірлесе отырып жүргізген жұмыстарының нәтиже­сінде аудандық ардагерлер үйінен «Сотқа дейінгі татуласу орталығы» ашылды. Ол қажетті жиһаз­дармен, кеңселік және әдістемелік құрал-жабдықтармен  қамтамасыз  етілген­.

Аида  МЫРЗАҒҰЛОВА,

Қармақшы  аудандық  сотының

бас маманы,

ҚР  заңгерлер  одағының  мүшесі

 


ДӘРІГЕРДІҢ ЖҰМЫС КЕСТЕСІН ДЕ КӨРЕ АЛАСЫЗ... PDF Print Email
Жаңалықтар - Саясат
02.08.2018 11:35

Қазір емханаға дәрігерге көріну үшін уақыт жоғалтып арнайы барудың қажеті жоқ. Үйде отырып «Damu Med» мобильді қосымшасын ұялы телефоныңызға орнату арқылы дәрігерге кезекке тұра аласыз. Учаскелік дәрігеріңізден бастап, барлық тиісті мамандардың еңбек ету реттілігі мен қабылдау уақытын да осы бағдарламадан көре аласыз. Бұл бағдарламаның тиімділігін бүгінде Қызылорда халқы да сезініп келеді.

Айқын дәлел ретінде ай­тайын, өзім жұмыс істейтін «Alexey Sultan Akhmet» ЖШС медициналық ұйымына қарасты тұрғындардың дені осы «Damu Med» мобильді қосымшасын қолдану арқылы дәрігерге тіркелу уақытын анықтап отырады. Қолдану білмейтін тұр­ғындарға үйретіп, бағдарламаны ұялы телефондарына орнатып бере­тін арнайы маман да бар. Бұл жаңалық сандық технологияға көшкені­мізді білдірсе, екіншіден, «қағаз қолданбайтын аурухана» мәртебесіне бір қадам жасағанымыздың белгісі. Сондай-ақ, дәрігерге көрі­нер алдында қап-қалың денсаулық кітапшаңызды «арқалап» қажеті жоқ. Тек жеке куәлігіңізді берсеңіз, жеткілікті. Арғы жағын дәрігерге қалдырыңыз.

Біздің еліміз жаһан елдерінің деңгейіне  жету  үшін  жыл  сайын  бір қадам алға  жылжып келеді. Биыл­ғы  Жолдауд­а бір емес, он қадам алға ұмтылдық. Соның бір ғана тапсырмасы –  денсаулық  саласындағы тың өзгерістер. Ел президенті өзінің «Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері» атты Қазақстан халқына Жолдауында халықтың тұрмыс-тіршілігі мен денсаулығының аса маңыз­ды екенін айта келе, «Денсаулық сақтау саласы халықтың, мемлекеттің және жұмыс беру­шінің ортақ жауапкершілігіне не­гіз­делген Мін­детті әлеуметтік меди­циналық сақтандыру жүйесіне ке­зең-кезеңімен көшетін болады. Оны енгізудің қажеттілігі ешқандай күмән туғызбайды. Алайда Денсаулық сақтау министрлігі мен Еңбек және халықты­ әлеуметтік қорғау министрлігі іске асырмаған дайындық жұмыстарын тыңғылықты жүр­гізу талап етіледі. Мемлекеттің мін­деттерін нақты белгілей отырып, тегін медициналық көмектің кепіл­дік берілген көлемінің жаңа моде­лін әзірлеу қажет. Халық мемлекет тарапынан кепілдік берілмеген қызметтерді Міндетті әлеуметтік медиц­иналық сақтандыру жүйесі­нің қатысушысы ретінде немес­е ерікті медициналық сақтандыру, сондай-ақ бірлесе төлеу арқыл­ы ала алады. Ақпараттық жүйелер­ді біріктіру, мобильдік цифрлы­қ қосымшаларды қолдану, электрондық денсаулық паспортын енгізу, «қағаз қолданбайтын ауруханаға» көшу арқылы медициналық көмек­тің қолжетімділігі мен тиім­ділігін арттыру қажет. Медицинада ауруларды диагностикалау мен емдеуді­ң тиімділігін айтарлықтай арттыратын генетикалық талдау мен жасанды интеллект технологияларын  енгізу­ге кірісуіміз керек» деген­ болатын­.

Бүгінде әлемнің дамыған елде­рінде бұл процесс әлдеқашан дамыған­. Бұл пікірім Қазақстанды кенже  қалды  дегенім емес, біздің де сол жетістікке жеткеніміз, сол деңгейде халқымыздың денсаулығын сақтап, сапалы жедел медициналық көмек көрсетуге әзір екені­міз, дара өлшеммен алдыңғы қатар­ға ұмтыл­ғанымызды айтып мақтан­ғым келе­ді. Елбасының бұған дейін­гі бағдарламалары мен стратегияларында, бағдарламалық мақалалары мен рефо­рмаларында айтылып келе жат­қан денсаулықты дамыту бағдарламасына осы жолы анық қадам жасадық. Өйткені бұл мәселе – Жолдаудың жүгі орындауға міндеттеп отырған тапсырма.

Алтынай  ҚАЗАНҒАПОВА,

«Alexey  Sultan  Akhmet»  емханасының  аймақтық  мейірбикесі

 


ТІЛДІҢ ЖАҢҒЫРУЫ – ҰЛТТЫҢ КЕМЕЛДЕНУІ PDF Print Email
Жаңалықтар - Саясат
02.08.2018 11:34

Латын әліпбиіне көшу – заман талабы екені дәлел­деуді қажет етпейтін аксиома. Өйткені, ХХІ ғасыр – жаңа технология­лар мен бәсекелестік ғасыры. Ал, әлемдік ғылымның, жаңа инновацияның, тіпті ІT-технологияның басым бағыттары латын әліпбиінде жүргізілуде.

Мемлекет басшысының «Төртінші өнеркәсіптік рево­люция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері» атты Қазақстан халқына Жолдауында айтылған білім беру саласын­да жаңартылған мазмұнға көшу сапаны қадағалауды­ талап етеді.

Бұл туралы мемлекет басшысы «Қазақстандықтардың болашағы – қазақ, орыс және ағылшын тілдерін еркін меңгеруінде. Орыстілді мектептер үшін қазақ тілін оқытудың жаңа әдістемесі әзірленіп, енгізілуде. Егер біз қазақ тілі ғұмырлы болсын десек, оны жөнсіз терминологиямен қиындатпай, қазіргі заманға лайықтауымыз қажет. Алайда соңғы жылдары әлемде қалыптасқан 7 мың термин қазақ тіліне аударылған. Мұндай «жаңалықтар» кейде күлкіңді келтіреді. Мысалы, «ғаламтор» (интернет), «қолтырауын» (крокодил), «күйсандық» (фортепиано) және тағы сол сияқты­лар толып жатыр. Осындай аудармаларды негіздеу тәсілдерін қайта қарастырып, терминология тұрғысынан қазақ тілін халықаралық деңгейге жақындату керек. Латын әліпбиіне көшу бұл мәселені реттеуге мүмкіндік береді. 2025 жылға дейін білім берудің барлық деңгейінде латын әліпбиіне көшудің нақты кестесін жасау қажет. Орыс тілін білу маңызды болып қала береді. 2016 жылдан бері жаңартыл­ған бағдарлама бойынша орыс тілі қазақ мектептерінде 1-сыныптан бастап оқытылып келеді. 2019 жылдан 10-11-сыныптардағы жаратылыстану ғылымының жекелеген пәндерін оқытуды ағылшын тіліне көшіру басталатын болады­. Нәтижесінде, біздің барлық түлектеріміз елімізде және жаһандық әлемде өмір сүріп, жұмыс істеуі үшін қажетті деңгейде үш тілді меңгеретін болады. Сонда ғана нағыз азаматтық қоғам құрылады. Кез келген этникалық топтың өкілі кез келген жұмысты таңдай алады, тіпті Президент болып сайлануға да мүм­кіндігі болады. Қазақстандықтар біртұтас ұлтқа айналады» деген еді.

Асылында, тілдің жаңғыруы – ұлттың кемелд­енуі. Өйткені, тіл – ұлттың жүрегі, күретамыры, өткені мен бүгінін байланыс­тыратын асыл құндылық. Түптеп келгенде, бүгін қолға алынып жатқан жұмыстардың барлығ­ы – болашақ үшін жасалып жатқан тірлік. Қазіргі таңда мектеп оқушылары мен студенттердің, жастардың, экономикалық белсенді халықтың латын графикасын интер­нет­ тілі ретінде күнделікті қолданатынын және латын әліпбиінде оқып, жазуға зейіндері жететінін ескерсек, қоғамның жаңа процес­ке бейімделуіне кедергі жоқ деп айтуға негіз бар. Бірақ, кириллицаға әбден үйреніп қалған азаматтар үшін бірқатар жұмыс істеуімізге тура келеді. Мәселен, ең алдымен көшелердегі жазулар, атап айтқанда, ілінген билбордтар, мекеме атаулары, хабарландырулар жаңадан қабылданған нұсқаға сәйкес жазылса,­ көз үйренеді, тіл жаттығады. Осылайша­, Президент айтқан кезең-кезеңімен көшу жұмыстары жүйелі жүзеге асады.

Ал, латын әліпбиінің жаңа нұсқасы жөнінде айтар болсақ, әріптердің жазылуы мен дыбысталуында үйлесімділік бар екенін ерекше атап өту керек. Яғни, бір дыбыс бір таңбамен белгіленген. Сонымен бірге, бұған дейінгі нұсқадағы дәйекшелер алынып, оның орнына әріптердің үстіне акут қойылатын болды. Соған­ сәйкес, ә, ғ, й, ң, ө, ү, у әріптерінің жазылуы өзгереді. Жіңішке сызықтардың әріптерден кейін емес, әріп­тердің үстіне қойылуы халықаралық талаптарға да сай келеді. Компьютерде бұрынғы нұсқасы арқылы төл дыбыст­арымызды таңбалау үшін пернетақтаны екі рет басу керек болса, қазіргі нұсқада пернетақтаны бір рет ғана басамыз. Яғни, барынша ықшамдалған, жазуға да, оқуға да ыңғайлы. Ғалымдар мен тіл мамандарының бірлесе жасаған еңбегінің нәтижесінде бұл төл дыбыстарымыздың сақталуына негіз болады. Сондай-ақ, ш, ч әріптеріне диграфтар қосылды.

Негізінен, жаңа нұсқаны тез меңгеру үшін әуелі ықылас керектігі анық. Ол үшін әрбір азамат тіл рефор­ма­сына оң көзқарас танытып, келешек үшін керекті­ дүниені меңгеруге баса мән беру керек. Сондай-ақ, латын­ әліпбиіне көшу тіл тазалығын сақтауға ғана емес, ұлт болып ұйысуымызға мүмкіндік береді. Тез бейімделу өзімізге байланысты. Меніңше, барлық ұсыныстар мен пікірлер ескерілген, ғалымдар мен тіл мамандарының көзқарасы қаперге алынған жаңа әліпби – тарихи кезеңге қадам басуымыздың тағы бір дәлелі. Бұған президенттің «Біз жаңа заманға сай болу үшін Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы тарихи­ өрлеу бастауында тұрған біртұтас ұлт болуымыз керек­» деген түйін сөзі де дәлел бола алады.

Ақтөре   ИБРАГИМҰЛЫ,

Сырдария  ауданы  әкімінің  баспасөз  хатшысы

 


МАҚСАТ – ЖЕТІСТІККЕ ЖЕТУ PDF Print Email
Жаңалықтар - Саясат
02.08.2018 11:32

Біз  көбіне мұхиттың ар жағындағы шетелдің даму жылдамдығына, ондағы әлеуметтік ахуал­ға, экономикалық өсімге таңданысымызды білдіріп, өз Отанымыздың сол дәрежеде емес екендігін айтып жатамыз. Шындығына келгенде, біз де сол қадамдардың алғашқы сатысына қадам басып келеміз. Елбасының «Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері» атты Қазақстан халқына Жолдауының жүзеге асырылу нәтижесінде тәуелсіз еліміздің басты­ табыстары мен жетіс­тіктері – мемлекеттің қауіпсіздігін нығайту және экономикалық өрлеуге жол ашылуда.

Бұл барлық қазақстандықтардың өсіп-өркендеуіне, әл-ауқатының артуына кең өріс ашты. Қазір біздің республикада нарықтық экономиканың іргесі қаланып ғана қойған жоқ, сонымен қатар халық игілігі үшін ішкі ре­сурстары мол әлеумет­тік-экономикалық  дамудың нақты нышан­дары  қа­лыптасты.

Биылғы Жолдауда да бірінші маңызды қадам ретінде индустрияландыру  мәселесі  айтылды. Бұл туралы ел президенті «Нақты сектордың  жаңа  технологияларға  деген­ сұранысты ынталандыруы және венчурлық қаржыландырудың жеке нарығының қызметі инновациялық экожүйе жетістіктері­нің негізгі факторлары болып саналады. Бұл үшін тиісті заңнама қажет. Бұдан бөлек, IT және инжинирингтік  қызмет көрсету­ді дамыту ерекше маңызға ие болып­ отыр. Экономиканы цифрландыру  табыс  әкелгенімен, жұмыс  күшінің көптеп босап қалу қаупін де тудырады. Босайтын жұмыс күшін еңбекпен қамту үшін келісілген саясатты алдын ала тиянақтау  керек. Білім беру жүйесін, коммуникация мен стандарттау салала­рын жаңа индустриялан­дыру талаптарына бейімдеу қажет болады. 2018 жылы «цифрлық дәуір» өнеркәсібін қалыптастыруға арналған индустрияландырудың үшінші бесжылдығын әзір­леуге кірісу керек» деп тапсырма бергенінің өзі ұлы көшке ілесу мүмкіндігін пайдаланып қалуды мақсат тұтып тұрғандай. Мәселе – өзге елден қалыс қалмау немесе озып кету емес, өз Отанымыздың жаңа мүмкіндіктерін іске қосып, жүзеге асырып, заманауи жетіс­тіктерге жете білу. Сонда ғана біз әлемнің озық технологиялы елдерімен бәсекеге түсе аламыз. Мұн­дай істің жүзеге асырылып жат­қандығының дәлелі ретінде Қызыл­орда облысын «Ақылды қалаға» айнал­дыру жобасын айтуға болады. Бұл жоба аясында көпқабатты тұрғын үйлердің кіреберісіне бейнебақылау камерасы орнатылады. Оның бір ерекшелігі – пәтер иелері ұялы телефон арқылы өз үйінің қауіпсіздігін бақылауға мүмкін­дік  алады. Алдағы уақытта мұндай құрылғылармен тағы 81 көп­қабатты үй жабдықталмақ. Жаңа технология жер қатынастары саласына да серпін береді. Мәселен, елімізде бірінші болып Қызылордада GPS геодезиялық құралы мен ArcGis (АР ГИС) бағдарламасы қолданысқа енгізілмек. Бұл жер иелену кезіндегі заңбұзушылықтарды анықтау уақытын 15 күннен 2 күнге дейін қысқартады.

Тәуелсіз Қазақстанның алдына қойып отырған тағы бір орынды мақсаттарының бірі – адамдардың жақсы тұрмысын ic жүзінде қамтамасыз ететін қоғам орнату. Осы орайда әрбір адамға кәсіпкерлік еркіндік пен мүмкін­дік туғызып, жоғары әлеуметтік мәртебеге жетуін қамтамасыз ету, зейнетақыны және жәрдемақыны арттыру бүгінгі күннің қажет­тілі­гінен туындап отыр. Әлеуметтік саладағы басты міндеттер – ұлт­тық байлықты көбейту, халықтың тұрмыс-тіршілігі жөнінен дүние­жүзіндегі озық дамыған елдермен арамыздағы артта қалушылық пен алшақтықты азайту, яғни технологиялық дамудағы және тұрмыс жағдайы деңгейіндегі айырм­ашылықты  қысқарту.

Мөлдір  МҰСТАФАЕВА,

ІТ  маманы,  бағдарламашы

 


ҚЫЛЫҒЫҢ ҚАНДАЙ, БОЙЖЕТКЕН? PDF Print Email
Жаңалықтар - Арнайы беттер
02.08.2018 11:31

Қыз  қылығымен сүйкімді. Бұл қазіргі күннің нақылы емес. Бұрынырақта айтылған. Осы ұғым күні бүгін де өз дәрежесін жоғалтпай жүр ме? Саралайық.

Қазір елімізде, әлеуметтік желілерде Kiki Challenge кеңіне­н тарап жатыр. Бейнеролик «кейіпкерлері» көлік­тің алдында отырады да, аяқ астынан көліктен секіріп түсіп билей жөнеледі. Көлік жүргізушісі болса, баяу жүріп отырады. Мұнан соң осы видеоны әлеуметтік желіге жариялайды. Ал ондағы посттың астында әдеттегідей, қызу  пікірталас...

Осындайда өзгенің қаңсығын таңсық көретін еліктегіш «қасиетімізден» түңілмей көріңіз? Kiki Challenge-ге әсіресе мектеп жасындағы жас­өспірім қыздар мен одан үлкендеу бойжеткендер әуес. Бұл біріншіден, өліммен ойнау. Жүріп бара жатқан көліктен түсіп, билеп болған соң есігі ашық күйде жүргізіліп келе жатқан көлікке қайта отырып алу өлімге бәс тігу емей не? Сондағы мақсат­ қандай? Жариялап, көп лайк жинау болғаны­ ма? Бір қорқыныштысы, біздің елде осындай видеолардың күн сайын түр-түрі жариялануы. Бұған құқық  қорғау  органдарының қызметкерлері де алаңдаулы. ҚР ІІМ  әкімшілік полициясы комитетінің мамандары осыған бай­ла­нысты  пікір  білдіріпті.

-     Бұл жағдайда жүргізушілер тарапынан жол қозғалысы ереже­лері­нің бұзылуы байқалады. Осылайша, SDA-ның 2.1.4 параграфына сәйкес көлік жүргізушісі көліктің өздігінен жүруіне кедергі келтіруі тиіс. Жолаушыларды көлік тоқтаған соң ғана отырғызып не шығаруға міндетті. Көлік есіктері толық жабылған соң ғана жүруі  керек, - дейді әкімшілік полициясы комитетінің баспасөз хатшысы  Ирина Лукьянина-Костерева.

Демек, комитет қызметкерлерінің сөзінше, құқық бұзушылар жолдағы өзге адамдарға кесірін тигізуі мүмкін. Мұны бір деңіз.

Әңгіме ауаны тағы да әлеуметтік желілерге келіп тіреледі. Себеб­і түсінікті, барлығымыз он үшінші мүшемізге айналған смарт­фонда түрлі әлеуметтік желінің «тұрғынымыз». Сондағы той туралы видеоны тамашаламайтын адам жоқ шығар? Арулары­мыздың түрлі қимыл-әрекеттерін көріп, таңдай қағатындығыңызға шүбә келтірмейміз. Есерсоқ бидің түр-түріне жағаңызды ұстайтын боларсыз? Бұл жерде қыздарға тән ибалылық туралы айтудың өзі «орынсыз». Әрине, қыздардың 100 пайызы өзін ессіз ұстайды деп айтудан аулақпыз. Қаншалықты  екенін «ішің білсін, әлу-ай».

Желіні жарған «тақырбас келіннің» жыры сізге қалай әсер етті? Заман ағымына, заңды да есепке алсақ, «тақырбас» деп ат қойып, айдар таққанымыз жарамас. Алайда «қылықтары»... Ұзату тойдың өзінде «сыңсымай», екі қолын көтеріп, аяғын тез басып жүріп кеткеніне көпшілік тосырқап қалғаны жасырын емес. Сондай-ақ беташардан соң енесі маңдайынан иіскеп, батасын береді. Сол сәтте ол екі қолымен тағы бір қимыл көрсетті. Ал тойға жиналған ағайын болса жаңа түскен келіннің бұл әрекетіне мәз боп күлді.

Сонымен, біз сипаттаған қыздардың «қылықтары» сізге ұнады ма? «Мемлекетті құрту үшін алдымен қыздарын бұзу керек»  деген  тәмсіл  еске  түседі  осындайда. Бұған қазақ бұрын-ақ «пәтуа» шығарып қойған емес пе, «ұлтыңды сақ­таймын  десең, қызыңды  тәрбиеле!».

ТОЛҚЫН

 


«ТЕМІР» СЫЛҚЫМНЫҢ ТІЛЕГІ PDF Print Email
Жаңалықтар - Арнайы беттер
02.08.2018 11:28

Кешкілік қаладағы Арбат аллеясында­ серуендеп жүргенімде, көзім орын­дық­тардың бірінде өксіп отырған жас қызға түсті. Жанына барып, хал сұрадым. Мұңын кімге шағарын білмей отырған ол бір күрсініп алып, әңгімесін бастады.

«...Осында оқуға түскен кезде бәрі басқаша еді. Бір жылда өткен өмірім өзгеріп кетті. Ағамның үйіне асығып, сабақт­ан шыға сала такси тоқтатып тұрғанмын. Қырсыққанда көлік аз. Бір кезде «такси» деген жазуы жоқ қымбат көлік тоқтай қалды жаныма. Мән берме­дім. Ішінен менен көп болса 10 жасқа үлкен ер-азамат көлігінің терезесін түсіріп, қай мекенжайға бару керект­ігін сұрады. Межелі жерді айттым да, ақшасына келіспестен отыра қалдым. Себебі, мен өз сұлулығыма сенімді едім. Анамнан «сұлулық – алып күш. Онымен кез келгенді билеуге  болады» деген­ді көп естігенмін.

Әрі анашым менің қалтасы қалың жігіттерге тұр­мысқа шыққанымды қалайды. Өз басым сезім дегенге сенген емеспін, сезініп те көр­ген  жоқпын. Жасым  18-де еді сол кезде. Жаңа­ғы жігіт үйімнің алдына апарған соң берген жолақымды алмай, мен сияқты әдемі қызбен тағы да жолық­қысы келетінін айтты. Жай ғана дос ретінде. Оған ұялы телефонымның нөмірін тастап, үйге кірдім. Ертеңі­не әлгі жігіт, аты – Ардақ, телефон­ соқты. Кешке қаланың орталығында кездесуг­е шақырды. Сабақтан шыққан соң біразға дейін үйіме қайт­қым келмейтіні есіме түскенде ойланбастан келістім. Сабақтан шықсам, қымбат көлігінде  мені  тосып отыр екен. Екеу­міз бақты аралап, жақын таныстық. Өзі бедел­ді жерде бастық екен. Қарамағындағыларға ықпалы да мықты. Осылайша алғашқы кездесу соңы мейрамханаға барып­ кешкі ас ішумен аяқталды. Үйге кіріп бара жатқанда ол бір құшақ алқызыл­ раушанды қолыма ұстатып, күлімдеген күйі қоштасты. Ол менен сыйлықты аямайтын. Кейін ол маған арнайы карточка сыйлап, оның ішіндегі ақшаны қалағанымша жаратуға мүмкіндік берді. Мен сияқты студент үшін бұл үлкен олжа, сондықтан қарап тұрмадым. Барлық қажеттіліктерімді реттеп алдым. Ардақ­пен жүрген уақытты тосынсыйлар маусымы десем де болады. Себебі, үнемі менің көңілімнен шығу үшін әрекет жасай­тын. Алайда мен кешірілмес қате­лік  жасадым. О баста оның әйелі мен ұлы бар екенін білетінмін. Бірақ оған тоқтамай, Ардақтың көңілін тауып, көп ұзамай­ менің айналамнан басқа жаққа ұша алмай­тын «жынды көбелекке» айнал­дырдым. Бастысы, маған ұнайды. «Әйелі баласына қарап отырған салпыетек бір әйел шығар, менің қасымда кім?» деп мұрын шүйірдім. Әйелін өзіммен бәсекеле­с  етуге лайық деп таппадым. Өйткені мен – сұлумын. Осылайша күн артынан күн зырғып өте берді. Ал мен оған бауыр басып, сүйіктімді әйеліне жібергім келмейтін. Күнде бір сылтау тауып, ұрыс шығарып, түннің бір уағына дейін жаным­да отыруға мәжбүр­лей­тінмін. Өзімшіл екенімді жақсы білемін. Бір­деңені ойласам, соны іс жүзінде жүзеге­ асырмай тынбайтын қырсық­тығым тағы бар. Жұрт «сенің мінезің темірд­ей» дейтін. Осы қасиетімнің арқасында­ жолымд­а тұрғанның бәрін құртуға бармын. Барлық әлем тек менің ғана айт­қаныма  көніп, айдауыма жүр­генін армандайтынмын. Сосын менің сұлулы­ғыма  басы  айналып, қарап отырса...­

Ардақпен бірге жүрген бір жарым жыл ішінде көп нәрсе өзгерді. Алғашында одан алатын ақша, кейін өзін айтқанымнан шығармау үшін қолымнан келгенді жасадым. Бұл жерде абырой, ар-ұят туралы­ айтуға тіпті де аузым бармайды...

Осылайша жұмақ өмірді бастан кешіп жүрген күннің бірінде бір кісі телефон шалды. Қай маңда екенімді сұрап, сол жерге 10 минутта баратынын айтып, күтуімді өтінді. Кім екеніне аса көңіл бөлген жоқпын. Ардақтың әйелі келсе де қорқайын деп тұрған мен жоқ. Бір кезде қымбат, әдемі бір машинадан сымбатына­ сүйкімі келіскен келіншек шығып келе жатыр. Маған қарай келді де, «Ардақтың «ойыншығы» сен екенсің ғой. Күйеуіммен арамызға от салып, ойнас жасағаныңа  ұялмайсың ба? Құдайдан қорықпадың ғой ең болмағанда» деді. «Біз бір-бірімізді сүйеміз» дедім мен де міз бақпай. «Біреудің отбасын бұзып, ешқашан бақытты бола алмайсың. Көрге кірмей тұрып Құдай жазаңды тартқызсын» деді. Осы уақытқа дейін менің бетіме ешкім жел болып тимеген. Мынау не деп тұр? Ашудан қалшылдап, келіншектің бетінен шапалақпен тартып жібердім. Ол болса, оқты көзін маған бір қадады да, іштей күбірлеп үнсіз ғана көлігіне мінді.

Мен мұны жеңісіме балап, көңіл күйім аспанның төріне бір-ақ шықты. Алайда сол күннен бастап, Ардақ маған суық қарай бастады. Біршама уақыттан соң, ауруға шалдыққанымды білдім. Тіпті атын атауға да қорқынышты. Бұл дертке шалдыққандар ары кетсе, 1 жылдай өмір сүреді екен. Әр күн сайын өліміме бір­табан жақындай түскенімді білгенде жүрегім тоқтап қалғандай болады. Осы күнге қалай жеткенімді ойлаймын сәт сайын. Иә, Ардақтың келіншегінің дұғасы­ қабыл болды. Енді менің тілегім көрініс тапса екен», - деп нұры тайған көзін төмен салды ол.

«Ойыңдағы қандай  тілек?»  деп  сұрағым  келді  де, «қабыл  болсын»  деп қысқа қайыруды  жөн  көрдім. Мүмкін, кешірім тілейтін болар...

ҚЫЗҒАЛДАҚ

 


ИТПЕН ИТ БОЛҒЫМ КЕЛМЕЙДІ PDF Print Email
Жаңалықтар - Арнайы беттер
02.08.2018 10:58

Ит жылы итпен ит болма­йын деп, бір иттің тілін тапқым­ келді. Иә, мен сондай бір түрлі адаммын. Бұл ойымды жасырмай әйеліме түгелдей баян­дадым.

- Дұрыс, қашанғы иттерге таланып, жем болып жүресің? - деді ол.

- Көршінің  итімен  дос  болсам  қайтеді? - дедім.

Әйелім ұрыса кетті.

- Жындысың ба, көршінің итінен не пайда? Ол онсызда саған  тұмсығын  көтермейді.

- Қоңқыштың төбеті ше?

- Өй, есуас, зоотехниктің иті қабаған емес, одан несіне қорқасың?

- Бердібайдың иті?

- Ол қаңғыбас ит.

- Сайлыбектің үйінде құмай тазы бар.

- Жоқ. Аудан әкімінің итімен дос боласың, - деді әйелім жекіріп.

- Ойбай, оның иті адам жейді. Өткенде Биғаштың баласын талап тастады. Жарас­қанның әйелінің юбкасын жырт­ты­. Сәрсенбайдың шалбарының балағын жұлды. Малтонның құйрығынан тістеді. Көршісі Бөксегүлдің  үстіне мініп алды. Сондай  жаман, көргенсіз  ит.

- Мейлі, есесіне әкімнің иті,- деп, әйелім әңгіменің нүктесін қойды.

Қарап жүрмей қара басыма пәле тілеп алдым. Таңертең ерте тұрып әкімнің ауласынан сығалад­ым. Арыстандай ит тілі салақтап, көзі жалақтап, кілем­нің үстінде жатыр екен. Бір кесек етті лақтырып жібердім. Ит етті бір иіскеді де абалап шарбаққа ұмтылды. Тұра қаштым. Жерде  жатқан  жұдырықтай  етке пысқы­рып  та  қараған  жоқ. Енті­гіп  үйге  келдім. Әйелім ұрысып жатыр.

- Қолыңнан түк келмейді. Жұрттың байы адамның тілін табады. Сен итті де алдай алмайсың, - деп, намысыма әбден тиді.

Содан соғымнан қалған жыл­қының бір құлаш қазысынан кесіп алып, тағы бардым. Ит шарбақтың тесігінен маған көзін алартып тұр. Қарғыбауы үзілсе, шайнамай жұтатын сияқты. Сүрленген майлы қазыны алдына тастадым. Қазыны екі шайнап бір жұтты. Үрген жоқ. Бірақ, ырылдап тұрып алды. Дос бол­ғысы  келмейді. Басым салбырап аулама келдім. Үйге кірсем, әйелім  ұрысады. Ойланып отырмын. «Е-е, сонда иттің де тілін табу оңай емес екен-ау. Біреулер, қасқырдың тілін тауып дос болып­ жүр. Ит - адамның досы дегені қайда? Мен сонда кімнен кеммін? Мұрным пұшық па? Әлде, көзім қысық па? Шіркін, әкімнің қабаған итімен дос болсам ғой, жақсы емес пе? Сонда көресіңдер, көшедегі қаңғып жүрген бұралқы иттердің бәрі менен қорқатын болады. Өліп кетсем де ол иттің тілін табамын. Табуым керек» деп, өзіме серт бердім.

Қорада бақырауық қоспақ ешкім бар еді. Ешкімді жетектеп көшеге шықтым.

- Тума, Наурыз мерекесінде қайда бара жатырсың? - деді көршім Тұқи.

- Ешкімді  қыдыртып  жүр­мін, - дедім.

Менің  бұл әрекетімді әйе­лім­нен  басқа  ешкім  білмеу кере­к ғой. Білсе, алдымды орап кетед­і. Ондайлар көп. Аяңдап әкімнің ауласына келдім. Аузы апандай  ит  ағашқа  асылып  тұр. Шарбақтың есігін ашып, ешкіні кіргізіп жібер­дім. Бай­ғұстың бақырған дауысы­ жүре­гімді ауыртты. Көзімнен жас тамып кетті. Енді қайтейін, маған сол иттің тілін табуым керек. Қазір әкімнің иті маған үрмейді. Мені көрсе аузынан сілекейі шұбырып, соңымнан қалмайды. Анда-санда біздің иттің қасына қонып кетеді. Ауыл жұрты аң-таң. Қысқасы, аудан әкімінің итімен дос болдым. Соңғы кездері әкімнің де көзқарасы маған дұрыстала баста­ған сияқты...

Нұрлыбек   ЖҰБАТҚАН,

ҚР   Мәдениет   қайраткері,

Ақтөбе  қаласы

 



<< Бірінші < Алдыңғы 1 2 Келесі > Соңы >>

Күнтізбе

< Тамыз 2018 >
    2 3 4 5
6 7 8 9 10 11 12
13 14 15 16 17 18 19
20 21 22 23 24 25 26
27 28 29 30 31    

Сауалнама

Аса мәртебелі шенеуніктердің қылмысқа шатылып жатқандығы нені аңғартады?
 

Ауа райы

Валюта бағамы

Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі валюталардың ресми бағамдары