Өзекті мәселелер

  • 13.09.18

    Кез келген жұмысқа тұрарда қандай болмасын мекеме, ең алдымен, «сотты болмаған» деген құжат сұрататыны белгілі. Сол бір «қара тізімде» бар екенсіз, онда арманыңыздағы қыз­метке қол жеткізу қиын дей беріңіз. Алайда облысымызда осы бір мәселеге назар аудармайтын бөлім басшыларының бар екендігі анықталып отыр. Атап айтар болсақ, Арал, Жалағаш аудандық білім бөлімдері мен Сырдария аудандық мәдениет...

    Толығырақ...
  • 13.09.18

    Саяси тұрақтылық пен қоғамдық келісім – мемлекетіміздің басты ұстанымдарының бірі. Сарабдал саясаткер, ел Президенті Н.Назарбаев «Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері» атты Жолдауында бұл туралы тарқатып айтқан болатын. «Көл-көсір мұнайдың» дәуірі аяқталып келе жатқанын ескерткен Елбасы жаңа заманға сай болуға үндеді.

     

    ...
    Толығырақ...
  • 13.09.18

    Шыны керек, көптің көкейінде «облыс орталығындағы басты көше­лерд­ің бірі Желтоқсан көшесі нелік­тен жылда жөндеуден өтеді? Оның орнына шетаймақтағы көшелерді жөндесе қайтеді?» деген мазмұндағы пікірлер жиі айтылады. Мәселенің мәнісі былай. Былтыр сол көшеге су жүйелері мекемесі ауызсу желілеріне жаңғырту жұмыстарын жүргізген. Асфаль­т қабаты бір рет қайта қазылса болды, жаңадан салынған жол бі...

    Толығырақ...
  • 13.09.18

    Ерғали  АБДУЛЛА

    Көрініс

    Қыз Жібектей керімсығысы келгені­мен де, тұқымы  құрғыр мыстандығы қылымсып қайта-қайта көрініп  қала береді...

     

    ...
    Толығырақ...
  • 13.09.18

    Нұржамал  ӘЛІШЕВА,

    журналист

    БІР   ҚИЫҚ  ОРАМАЛ

    Қазанға ет салып қойған. Қамыр илемекші болып еді, ұн бітіп қалған екен.

    Толығырақ...
Сәрсенбі, 15 Тамыз 2018

АСҚАРДЫҢ АРМАНЫ PDF Print Email
Жаңалықтар - Арнайы беттер
16.08.2018 11:40

Енді ғана түбіт мұрты тебіндеген бозбала шекар­а асса, анасының алаңдайтыны анық. Асылын­да, мұндай қадамға екінің бірі бара бермейт­іні белгілі. Өмір дегенді қойсаңшы. «Бұйырған кетпейді, қуған жетпейді». Біздегі мектепт­і бітіріп, Ресейдегі іргелі университетке оқуға түсіп, қазір магистратурасында білімін жетілді­руге  бекінген  жігітпен жүздестік. Ныспы­сы – Асқар, тегі – Тілеужан.

Бәрі де былай басталған. Асқар 2014 жылы қаладағы №178 орта мектепті тамамдайды. Сәтін салғанда, сол жылы Қызылорда облысының әкімдігі Мәскеуде білім алуға ниетті жастарды жинаған. Нақтырақ айтқанда, «Мәскеу болат және қорытпалар институты» Ұлттық зерттеу технологиялық университетіне. Гранттық негізде. Кейіпкеріміз де солардың қатарына ілігеді. Бұған дейін шетел тұрмақ, қаладан ұзап көрмеген жігітті Мәскеуге жіберуге алғашында анасы қарсылық танытыпты. Қимастық ғой. Талабы таудай жігіт «барам да, барам»­ деп табандап тұрып алған. Кейіннен анасы­ ұлына рұқсат беріпті. Содан армандастарымен бірге пойызбен «Мәскеу қайдасың?» деп тартып отырған. Жастардың жанында облыс әкімдігінен жетекшілері жүріпті. Екі жарым күндей жүріп барды­қ дейді. Не керек, көзді ашып-жұмғанша студенттік өмір басталып кетеді. Қызылордаңыз қазақы орта ғой. Бұлардың бар орысшасы «нан сұрауға» ғана жетеді екен. Асқар ондағы алғашқы қызықты оқиғасының бірін айтып берді.

– Білесіз, Қызылордада метро жоқ. Мәскеуде бар екен. Бірінші рет көрдім. Бірде қатарластарым басқа бағыттағы метроға мінгізіп жіберген. Адасып кеттік. Әйтеуір, біраз жүрдік. Біреуден сұрайын десек, орысшамыз жетпейді. Әйтеуір ұялы телефондағы Мәскеудің картасы арқылы әзер таптық. Сөйтіп жүріп үйрендік,- дейді ол.

Расы сол, біздегі университеттерде кейде мұғалімдер­іміз ағайынгершілікке салады емес пе? Асқа­рдан ондағы оқу процесі жөнінде сұрадық. «Шынын айтқанда, мұғалімдеріміз өте қатал. Оқымасаң, емтиханнан құлатып жібереді. Бәрібір. (күліп) Университеттің техникалық базасы жақсы­. Ал ұстаздарымыздың білім деңгейі өте жоғары. Кілең мықты мамандар. Бірақ, студенттерге қоятын талабы да сондай. Оқуға жүрдім-бардым қарауға болмайды» дейді.

Кейіпкеріміздің негізгі маман­дығы – инженер-металлург. Темірдің құрамын зерттейді. Оны оқуын бітірген соң Қарағандыға, Теміртауға жұ­мысқа шақырыпты. Бармаған. Әрі қарай білімін шыңдамақ. Айтпақшы, биылғы түлектер­дің тең жартысы Мәскеуде магис­тратурада оқуға қалса, қалғаны Қызылордаға қайтып келген. Оларға облыс әкімдігі жұмыс тауып береді. Тіпті, бірсыпырасы қызметке қабылданып үлгеріпті.

Студенттік өмір – қиыншылығы мен қызығы қатар кезең. Бірде аш, бірде тоқ жүресің. Ал, теріскейдегі Ресейде аға­йының қайдан болсын? Бұларға қарасатын. Бар сүйеніштері – өздері. Бір-біріне демеу. «Бұл шақ бізді бауырмалдыққа үйретті» дейді ол. Бауыр­малдық демекші, ондағы жастар бірігіп «Орда» ассоциа­циясын құрыпты. Негізгі мақсат – өздерінен кейін келген «балмұздақтарға» қамқор болу.

– Өзімізден кейін қаншама іні-қарындастарымыз келді?! Оларға қарайласып жүреміз. Көбіне оқу, тіл жағынан қиналады. Қолдан келгенше көмек көрсетіп келеміз. Құрылған «Орда» ассоциациясының көздегені де осы,- дейді жас маман.­

«Оқудан тыс уақытта немен айналыстыңдар, қандай қиындықтар болды?» деп сауал қойдық. Шыны керек, қайбірде Ресейге салынған санк­цияларға біз аса қатты мән бере қойған жоқпыз. Басымызға түспегесін білмейміз. Сөйтсек, санкцияның салдары студенттерге де тиіпті. Айтуынша, тұрмыстық заттардың, азық-түліктің бағасы қымбаттап кеткен көрінеді. Жан бағу керек. Асқар­ Мәскеудегі дүкендердің  бірінде кассир боп жұмыс істепті. Жарты күн еткен еңбегіне табатыны – 5 мың теңге. Біздің теңгемен біраз ақша болса да, Мәскеуде ақша емес екен. Оның сөзінше, кешегі­ Ресейде өткен футболдан әлем чемпио­натында «шала байып» қалыпты. Анау-мынау естелік­  заттар  сатқан  ғой.

– Облыс әкімі Қырымбек Елеуұлы бізге үнемі қамқорлық жасап отырды. Келген сайын ағалық ақылын айтып кетеді. Бізбен емін-еркін диалог құрады. Алғысымды айтқым келеді. Осындай мүмкіндік сыйлағанына. Бұйыртса, магистратурамды бітірген соң елге келіп қызмет етемін,- деді Асқар Тілеужан.

Айтпақшы, жақында Қызылордадан тікелей Мәскеуге қатынайтын әуе рейсі ашылды. Бұл ондағы жастарға өте қолайлы. Уақыт, жол шығыны жағынан. Ұшақпен Қызылордадан Мәскеуге үш жарым сағатта-ақ жетеді екен. Кейіпкеріміз сөзі­нің соңында жастарды қолда бар мүмкіндікті қалт жібермеуге, батыл шешім қабылдауға шақырды.

Қозы  Көрпеш   ЖАСАРАЛҰЛЫ

 


ТОЛҚЫНДЫ ТОЛҒАМ, ТЕРЕҢ МҰҢ (С.Жұбатыровтың «Абыржы» трилогиясы жайлы) PDF Print Email
Жаңалықтар - Арнайы беттер
16.08.2018 11:34

«Ол бір келеді.

Ереуіл күндер, алмағайып аспан, алақұйын ексімдер легінде... Ол әрдайым тосын, әрдайым күрт, тіпті, апаттай тұтқиыл. Күн қабағын баққан жұрт алаңжарлы күй кешеді. Тірліктен қалып, ырзық-несібеден тарыққан жүдеулеу хал келеді. Алыс-беріс, хабар-қатынастан кемшін күй болады. «Жуан жіңішкеріп, жіңішке үзілетін» өліара шақ.

Сонау су бойындағы ел оны «Абыржы»  деп  атаған»...

 

Кітап  осылай  басталады.

Дегдарлы Табиғат-анамыз құрсағынан жаратылып ек, осы анамыздың шапағатымен жер бастық, тіршілік етіп келеміз – ертеңгі құшағына алар бақи бесігіміз де сол Жер-ана. Алайда перзент тарабынан шадуарлық болды, Анамыз бізге налулы. Атамзаманнан нешеме гүлденген өркениеттер ошағы – Тұран бедеу тарта бастады. Жон арқасы Қарақұм, аяқ беті ұлан-ғайыр Қызылқұмды алып жатқан ежелгі Мәуреннахр – ұлы дала жанарындағы көз жасындай көгілдір Арал қусырылып, пендесінің санасын сансыр­атты. «Арал тағдыры – адам тағдыры»  екендігін  анық  бажайлаған жұрт енді улыған да шулыған. Осындайда өзі бері бет бұрғандай арзан атаққа ие бола кетуге бейім белсен­ділер жаңбырдан кейінгі саңырау­құлақша өрді, Аралшыл көбейді. Бүгінгі күні саусаққа салар болсақ, төрт жүзден астам ұсыныс түскен десед­і. Солардың   басым  бөлігі – бұлт  сауған  даңғаза, бос  дақпырт  сияқты.

Біреуге мал қайғы, біреуге жан қайғы. Сонау зілмәуір батпан жүк тап осы теңізде кіндігі кесіліп, осы теңіз­дің ащы суын молынан татып өскен албырт жас, оның үстіне қайсар жігіт­тің жан дүниесін от пен суға салды. Теңіз тағдыры өмірлік ұстаным болып жанын сыздатты, азапты жылдар болып тағдырына енді. Оң-солын танып,­ жақсы мен жаманды ажырата алатын дәрежеге жеткен­ азаматтың өмірі­не тағдыр­ болып біржола енді. Бұдан былайғы бар ғұмырының мәні – сол қасіретті ұлы су  болып, мықтап  бекіді.

Сол уақыттары талай жазарманға арман болған – ару астана Алматыда бұл жігіттің бір кісідей берекелі орны, сол кездегі әр пенденің арманы – пәтері, мәдени ортада беделі, әдеби ортада есімі белгілі-тұғын. Әдебиетімізде соны романтикалық сарындағы алғаш­қы әсерлі шығармалары өз алдына, ең алғашқы десек артық болмас, сонау 1967 жылы «Аралды қайтсек сақтаймыз?» атты проблемалық мақаласы елді елең еткізген, 1971 жылы «Алыстағы аралдар» повесі жабық конкурста жүлде алып, жеке жинақтары тоқтаусыз жарық көре бас­та­ған-ды. Талап бастауы екінің біріне бұйыра қоймаған қар­қынды да  абыройлы  болатын. «Астынан су шығатындай» ештеңесі жоқ еді.

Бұл сыртқы даңғаза, дабыра үшін гәп емес, жүректі тіліп, жанды сыздатқан запыран – Арал тағдыры, кәдімгі өз өтені, өлең төсегі тағдыры, қыл үстіне келген өлке – тал бесігінің тағдыры алаңдатқан сананың таңдауы болды-ау. Ғылыми ұсыныс, кесімді сөз үшін мәселені зерттеу, есеп-қисап, небір жоба-жосақ атау­лыны сараптау қажет болса, жазушы үшін осылардың бәріне қоса, бір басына тозақ орнағ­ан теңіздің шынайы тағды­рын түйсіну, өзінен де ілгерірек, бүкіл ата-бабасы ұлы сумен біте қайнасқан қарапайым адамдардың тағылым-түсінігі мен дүниетанымы­н  одан әрі тереңі­рек ұғыну қажет-тін. Кіндік қаны теңізде кесілген, теңіз суына шомылып өскен арманшыл да намысты жігіт сол мех­натқа біржола мықтап бекінді, бел буды. Серт бергенде не дерсің!.. Ел ішіне  сол  кеткеннен  мол  кетті.

Орыс жазушыларында халық арасына кету деген өте маңызды, өмірде өзін ақтаған, қалып алған көне бір дәстүр бар. Сол қалың халық арасына кетіп, болашақ кейіпкерлерімен бірге от оттап­, су ішудің нәтижесінде өмірден ойып алған іспетті талай классикалық шығармалар дүниеге келген. Мұның мысалы Ресей әдебиетінің «Алтын ғасырын­да»  шаш  етектен.

Бұл жанкешті тауқымет неге керек? Әрине, шығармашы өзі ниет еткен мәселеге мейлінше терең бойлау үшін. Алдымен ой дәйектілігі, сосын, суреткер сөзінің сенімділігі үшін. Бұл ретте Сайлауды  Аралдың Радищевы, Чеховы десе де, Жак-ив Кустосы десе де бол­ғандай. Осындай екі тарапты іске, әдеттегі­ше, қалтықсыз кірісті: зерттеу-зерде­леулеріндегі дәйектілік пен көр­кем сөз­дегі өмір шындығының сенім­ділігі мұрат жұлдызы болды. Теңіз тағ­дырына­ қатысты қисынды-қисынсыз көп сөз­дерді саралады. Және көп дабырадан бөлек (биік!) өз шындығын (ақиқат сөзін!) айта алды. Бұл тұрғыда жазушы су тамырын басқан – Сүлеймен демесек­ те, мәселеге қанық кәсіби маман­дардан бір де кем емес деңгейге жетті. Қаламгер­ талай-талай азуын айға білеген, тіпті мүлде аяғы жерге тимей тұрған ұсыныстардың қай-қайсысын да ел мен жер мүддесі тұрғысынан қисынды тәртіпке шақырып, кейбірінің жүгенін тартып  қойды. Ең бастысы, тар есепті ниеттердің алдын кесті. Отыз жылдан асып барад­ы, теңіз тағдыры дегенд­е жар құлағы жастыққа тиген емес. Коммунистік партия съезіне хат ұйымдастырды. Теңіз жайын айтқан аптар­иқатты мәжілістерде ең алдымен Сайлаудың төбесі көрінді. Дағдарысты теңіздің осы кезеңде тоқтауға лайық ең бір тиімді шешімі – солтүстік Аралды сақтап қалу (САРАТС) пәтуасы болса, бұл жобаның бас жағында осы жазушы тұр. Айналып келіп, оның Бөген атырабынан су жүргізуді  осыдан 34 жыл бұрын айтқан нұсқасы Тұщы-Сары­тереңде бүгін қолға алына бастады. «Кіші  Арал»  жолында алтын  уақыт сарп етілгеніне - 29 жыл. Бұл – екінің бірі бара бермейтін перзенттік ерлік, таза  жүректі  азамат  жолы.

Бейнеттің ұйымдастырушылық жемісін  ел  көре  бастады.

Айттық, материалдық тауқыметті былай қойғанда, бірнеше ондаған жылға­ созылған жазушының жанкешті бейнеті екі тарапта өрбіді – бірі мәселе­нің техникалық-теориялық тұжырымы болса, екіншісі – алып мәселенің көр­кем сөздегі болмысы, көркемдік кілтін табу. Мәнді мәселе – қасіретті кезеңдегі кейіпкер тағдыры, меңіреу саясаттың диірменіне түскен қарапайым индив­идтің жан арпалысы, оның арман-зары, одан да зоры – кеше ғана күңіре­ніп жатқан ұлы судың перзентінің көз алдында жаназасы шығарылып, көрінеу көзге душарлыққа байлануын кәдімгі адами тұрғыдан сезіну. Осы жайттарды өз көзімен көріп, бар болмысымен сезініп, түйсіну үшін жазушы, тура мағы­насында жалаңаяқ жар кешті, теңіздің бұл тіміскілемеген қолат-қолтығы қалмады, жаяу-жалпы жүрді, қалың қорыста жападан-жалғыз айлап жатты, арып-ашты, бәрін де өз көзімен көріп, көңілмен  сараптады. Қарекет – шындық өрісінде шынайы кейіпкер сомдау  үшін.

Жарқын басталған романтикалық әңгіме-хикаяттарға желпіне қалам тарту­ үрдісі кілт тоқталды. Алға қойылған мақсат – соқталы да, күрделі-тұғын. Ақыры, өмірдің өзінен ойылып алын­ған қомақты да, қатпарлы шындық – «Абыржы» трилогиясы дүниеге келді. Бұл жазушының жалаңаяқ жар кешіп, талай түн ұйқысын төрт бөліп, ұзақ жылдарға созылған маңдай тері – қасіретті Аралдың көз жасын тату, сергелдеңге түскен талай тағдырдың көркем пішімін – панорамасын жасау.

...Ол жалғыз. Көңіл жетім. Жан арпал­ысында жанына үн қосар әлдене, әлдекім іздейді. Көп ағайын сары бала, қара қазан – жеке бас қамында, ас ішіп, аяқ босатар тіршілік жолына түскен. Кешегі жарқын ұрандар мен псевдоромантикада піскен адамның құтын қашырған бір жайт. Жалғыздық, торы­ғу, маңдайы тасқа тие, өз тығырығынан жол таба алмай сансырау, «бұл оны түсінбейтін, ол бұны түсінбейтін бітеу ортаға» тап болу... Шығарманың идеялық жүгі бас кейіпкер Медет Жарболов үстінде, зілбатпан. Сор жаға, жүдеу ауыл, «Қасірет декорациясы» маңдайға ұрып тұр. Кеңестік алыптық, ұлылық шелі көзден сылынып түскен. Шындықтар ащы. Ең басты ашылыс: өмірзая ма бұл тағдыр? Енді әрі не болар? Дым көріп, дым білмегендей «өмір қордасын қойынға тыға, артқа жасыра, күліп-ойнап жүре беру ме?». Жоқ, бұл Медет-пенде принципінен төмен. Азапты бір өткелек керек. Тапқаның опалы, бағың баянды болуы үшін – жалған ұрандарды­ түбегейлі тәрк ету, арылу, жан катар­сисі керек. Ендігі шындық сонда ғана опалы­ болмақ. Тек... «езбе пәлсапамен елді аштан өлтіруден» аулақ... Тәубе зілі тым ауыр. Темір принцип адамы жаңа ақиқат  принциптерін таба алар емес...

Әйтсе де, сонау қасірет күндіз көз алдында, түнде түсіндегі М.М.Ж. енді зар тәубенің азапты жолында. Өлесі суды жоқтаушы көп. Сән қуған, пайда, атақ баққан жосыншылар қосыны мүлде пысық... Ұлардай шулаған үміт, жетер жеріне жетпеген жетім үн, кей екпіні кешегіден қатты жалғасқан саясат, жаңа екпінді ұрандар тіпті қызық...

Шығармада тың қопара, қауырт іс тындырып жатқан, ерекше ширыққан «барып кел, шауып кел» сюжеттегі кейіп­кер жоқтың қасы. (Бұл – сюжет шебері қаламгерінің қолтаңбасына тосын)­. Есесіне өз бастарынан талай жайт өткізіп, от пен суға түсіп жүрген қарапайым бейнеткеш пенделер қарасы­ жетерлік. Ол ауыл психологиясына байла­нған Шақтас ақын, Жәдігер ұста, ел азаматы Әлқуат, өзін теңізге жер­леуді аманаттаған Сағымжан, Чернобыль құрбаны Өрдәш, дәм-тұзы осы жерде таусылатын Гапон, түу Ауғанстаннан кіндік қаны тамған өтенім деп келген Байшора шал, кешегі капитан Абы­ралы,  сосын «Үлкен қаланың үмбеттері» – арманы көп Есен, кесірлі Қабылхан, Саян-дос, буржуй, адал коммунист Бәнәпәт, Сұраған пірадар, бөлтірік-Шырақ... Үлкенді-кішілі қалың кейіпкерлердің қай-қайсысының да өз мұңы өзіне жетіп жатыр. Расында, шынайы өмір ширыққан сюжеттерден тұрмайды, қалыпты өмір сабырлы ауан тілейді. Осындай «натуральді» өмірді натурализмге малтықтырмай бірнеше кітап бойы алып жүру – қиын міндет. Басында сылбыр баяндау секілденген мұндай өмір ауаны әлемде күмәнсіз қабыл­данған сюжет жүрісі (Алекс Ла Гума, «Үш рет ширатылған жіп», роман; Г.Г.Маркес, «Жүз жылдық жалғыздық», роман, т.б).

Бөкен шетіндегі құм биік – Ақшағыл – ақиқат пен тәубе алаңы. («Үлкен қаланың үмбеттері» бас қосатын – «фатер­а-футзал» да сол іспетті). Не қилы оқиғалар осында (Ақшағыл-Кін­діктөбеде) өтеді, мәселелер шешімін табаты­н алаң да, трибуна да осы. Төбелес, текетірес те осы жерде. Ақшағылда маяк тұрмақшы. Күні санаулы теңізге маяк неме керек еді? Алайда Медет үшін бұл – ендігі үміт нышаны, тәубе таңбасы. Бір сөзбен, заманына қарай құбылған адамдар ортасындағы өмір, тек, М.М.Ж. принципіндегі өмір.

Шығармада Санчо Панса арман­дары («Баратария» аралының бола алмаған дана губернаторы), Аяз бидің жыртық тоны, жанын Ібіліске сатқан Фауст азабын кезіктіресіз, бәрі – жол таба алмай аласұрған жан азабынан өрбіген жайттар, өмірзая бодауын іздеу арпалысының бейнелері...

Бізде маринист, яғни, теңіз табиғатын  толғанысты да, кең тынысты жаз­ған­ үш-ақ жазушы бар. Басында Әбді­жәміл Нұрпейісов, екіншісі – Әнес Сарай,­ содан соң біздің Сайлаубай. Қаламгер күні біткен өлі судың өзінен керемет болмыс, ғажайып сұлулықтар нышанын ашады. Сергек көз, сезімтал жүрек  ісі.

«Мына көк әлем қазір бір керемет. Бет-бедерін алуан сезім шымырлата толқиды ол. Күн асты мың сан ұшқын шашқан күміс қабыршақ. Ол беттен сыңғырлап сансыз жапырақ-үндер жетет­індей. Ал күннен қашқан жақтың тайызы аққайраң, тереңі қарақошқыл, ағы – ақ, көгі – көк, тым қанық бояулар­мен көзге ұрады. Ұлы су жүзін әжім торлаған ойлы қарияға да ұқсай қалады:­ лез жадырап, лез тұнжырайды. Ақшулан қабағын керіп, тынысы шулап күрсінеді. Кейде, түсініксіз көңілде, сылқ-сылқ күледі. Үлкен су бейбіт...».

«Қара қайық қазір шулы думан ортас­ына аңдаусызда түсіп қалған, не істерін білмей дағдарған бір бейшара, мына жабайы мерекеге шақырылмаған бір келімсек. Онда бір мәжбүрлік, шарасыз­дық, мойындалған дәрменсіз­дік бар. Сүйкімсіз, тіпті жексұрын жағдай...».­

«Түн. Теңіз. Ғажап тоғыс... Қараңғы су бетіндегі қозғалыста қанат байлап ұшып келе жатқандай бір самғау сезімі болады. Сен қанша зымырап келе жатсаң да, сонау биіктегі жұлдыздар сол орындарында тапжылмай жымыңдап тұрар еді. Ал су бетіне аунап түскен тағы бір ғарыш, сусыған қара жібек ағында жалықпай ойнап, сенімен мәңгілікке жарысуға бар. Сәл тоқтап, деміңді бассаң, олар да жан-жағынан аңдап, қаумалай бастайды. Жалықпай тербетеді. Жұлдызы төгілген аспан, жақұттар шашыл­ған төмендегі тағы бір түпсіз ғарыш, сені ереуіл дүние шегінде әлдилей береді, әлдилей береді...

Түн суреті қасіреті пен салтанаты қатар көзге ұрған жарық күннің қатқыл әсерінен әлдеқалай сабырлы, жұмсақ, келісті...».

Бейбіт те келісті әлем. Теңіз жарықтық бейқам. Жан дүниеге шым-шымдап енетін табиғи әсем сурет. Бұл сурет­тер теңізде туып, оны жан-тәніне сіңір­ген, тынысымен тыныстап өскен төл перзент-суреткер салған полотно. Кәдімгі кәсіби балықшы атаулының қанын тасытатын тағы бір жайт:

« - Тұр! Тұр! -  деп  дігірлейді ағасы.  – Қызықтан  қалдың, бала!

Қайық бір беймәлім жағалауға тіре­ліпті. Сонадайда қауқылдасқан бір қауым ел. Ұзынарқан жылымның абағын қайырға үйіп тастап, енді шонтай шығару сәтінде абыр-сабыр сияқты. Бір ұлы қарбалас... Бір ұлы дабыр...

Жылымның түп торы жағаға шығар сәт! Балықшы бейнетінің мәйегі. Бар айла-амал, тірлік-тырбаныс соның сада­ғасында кетер еді. Анау тор қалтада мәлімсіз ұшаннан бұйырған балықшы несібесі келе жатады. Жай келе жатпайды, жағалау тымығын тас-талқан ете, көңілді үрей мен қуанышқа толтыра, ереуіл күй, қауырт қимыл алып келе жатады. Біреуді біреу танымай қала қауымдасатын, біреуді біреу есітпей-ақ түсінісетін, біреуді біреу көрмей қимылдайтын сәт. Зейнет бұйырмысы.

Жағаға жылым шығып жатыр!».

Бұл балықшы мейманасы тасыған бір мереке. Осындай береке шашқан сәттер болмаса, бұл жұрт теңізді жоқтар­ ма?.. Теңіз осыншалық жанға жайлы сұлу, осыншалық ырысты болмаса, оны өлердей аңсайтындай несі бар? Өлі суды өлерменденіп кім жоқтар?

Үшінші кітапта өрілетін табиғи да мәнді желі – үш ұрпақ, үш көзқарас, үш тағдыр – Медет, Құлжұмыр, Өреннің жантәсілімдегі теңізге лақса қайықты жамап, сапарға шығуы. Өлі әлем ешнәр­се беруі мүмкін еместей, тым көңілсіз сапар. Әйтсе де, осы донкихоттық саяхат қай-қай хикаядан бай, толымды, сол кейіпкерлердің ішкі жан дүниесі, ой-пайымы, арман-мұраты, естеліктері арқы­лы... Оқырман теңіз жайына қанығады – бірде мейірбан, бірде қатерлі, бірде бейшара, бірде жалғанда одан сұлуы жоқ тіршілік иесі – Ұлы судың жантәсілім халін түйсінеді. Желқайықпен сапарлаған үш кезбе ұлы теңіздің қай тұсына тұмсық тіремесін, алдарынан шығар жұтаған жұрт, медиен жағалау­. Сұрқы жаман,  астары қалың, айтары­  терең.

«Құлжұмыр:

- Әй, мынау Қаратөс пе? Ойбай! «Берктің» жынды теңізі ме мынау? Бар қалғаны осы-ақ па? Аңқайған аңғар еді. Талайды жұтқан... Сен де тұрмысың, Өндір-шың? Ұлы теңізге ұзатып салып, күтіп алып тұратын бір белгі едің. «Тілекшім» деп, Үмбет ағам өзіңді жақсы­ көретін... Осы тұс... Дарияның езуінде Нұралы ағам қармағын жайын қапты. Өтірік айтсам, тұрмай кетейін, әлгің, шамасы, бесті өгізден кем болмаған. Шыжымдап қайырғанға бой бермеген. Қайықты ұлы теңіз сүйреген. Амалдап, оң қапталға келтіріп, келдекпен ұрайын десе, қайықты төңкеріп таста­р болған. Әлде қайықтағы адамды құйрықпен үйіріп суға құлатпақ болған­. Әйтеуір, ағам шыжымды босатқан. Нұралы ағам қарулы еді, бірақ қара бәлені жуасытып, қайыққа көтермек түгіл, қара келдекті шыбын шаққан құрлы көрмеген әлгің. Шыжымды қиып жіберейін десе, бір атан өгіздің еті, обал. Сонан бір сәскелік қуыспақта, ілгеріден Барса көрінгенде, шыжым өзі үзіл­ген. Көк бейнет далаға кеткен...

...- Әңгіме бағанағымен бітпейді, балдар, - деді сосын «Сандыбад».  – Со жыл күзге салым, Қосаралдың тұсында жағаға шығып қалған бір наһанды есітіп, Нұралы ағам соны әдейі іздеп барады. Барса, ұзыны бес метрден асып жығылатын, салмағы шерімбет-шамада үш жүз келі бір дәу, өңешінде шыжымды қармақ, жағада жатыр дейді... Көрген жұрт таңдай қаққан. «Бұйырмайтының бар, қармақ қауып нең бар еді, ей, жарық­тық?» деп қатты опыныпты ағам. Беломыртқасынан біреуін алып келген, әлгің Абыралы ағамның жұдырығы шамала­с шықты. Кейін соны балдар жоғалт­ты-ау деймін...

- Мұражайға  неге  бермеген?

- Ол кезде ондайды кім ойлаған, бала...».

Кітаптан осынау қомақты көсекті алғанда, баяндаудың табиғилығы мен шынайылығы таңдатты. Қарт теңіз­шінің тағы бір көңіл күйі:

«- Астапыралла! Дүниені түгелімен сор  басқан  ба?

- Біз жиырма метр тереңдікте тұр­мыз, көке...

- Қайдағы терең?.. Ей, Алла! Құдай қылса, қайтерсің!

- Құдай емес, адамдар мұны қылған...­

Жел  ызыңды дүние өксігі сүйкімсіз еді. Кенет байқады: өксік тым жақыннан шығады. Сөйтсе, бұл «Сандыбад». Қимас-қымбатының  жаманатына  анық көзі жеткен жанның өксігі... Ағасының сирек сақалына бозаң тамшылар іркі­ліпті: «Өшкенің бе, жарқыным? Көшкенің бе, жарқыным? Жұрт жолына жанпида, Жетпедің бе, жарқыным?» дей ме ызың үн? Бүлкектеп сағым көшкен кезерме  көкжиек. Құлжұмыр жер тізерледі...».

Мұндай шынайы суреттер адамды өз сүрдегіне тарта береді. Қабанбай жарын көрген сәттегі қарт балықшы-«Сандыбад» сөзі:

«- Әй, ана тұрған Қабанбай жары ма!.. Қабанбайдың жар жағалаған ағысы қатты еді, жарықтық. Көк судың қара иірімі. Дайраңның ағысы далада қалар! Жар жағалап, аңырмастан ұрады да жатад­ы. Жылына біржар адам да жұтып тұрады екен... Ал енді сол ағыстың түбі, Құданың құдіреті, сапсыған бекіре мен қаяз! Қабанбайда қауіп көп, бірақ балығы­ да ырғын... Жар астында бір ауыл қабақ отырар еді... Ей, Жаратқан, бұ жазуға не дерсің, енді?».

Шырмалып қалған түйін біреу. Оның тарқатылу жолын әр пенде өз биігінен көреді, өз шамасынан болжайды. Жасөспірім Өреннің арманы: «Мен бұл теңізді өлтірген адамды бір көрсем!..».

Қабылхан-достың түйіні: «Біз интер­национализмнің де, атом-ғарыш сынағының да, дарқан-дарақылықтың да үлкен алаңы болдық! Ел-жұрт, жер-суымыз  сондайға  тым  қайым  екен!..».

Сағымжан-ақынның запыраны: «Бұл теңізде біздің әкелер ескек ескен. Бұл теңізде біз ескек естік. Бұл теңізде біздің балалар ескек есуі керек еді...». Арманда кеткен сол жанның жазбаларынан: «Қариям! Мен қайтейін, мен қайтейін? Көп болды жайыңды ойлап жылағалы, Бітеу көңіл мұңыңды сұрамады. Соқыр­лардың ішінде соры қалың, Жар басына­  келеміз  құлағалы!..».

«Арал – мына сұрқия ғасыр Орталық Азияға таңып  берген кемшін мәдениет­, жаңа  варварлық  құрбаны...».

«Тәубе-маймөңке сөз көп, иманды әрекет жоқтың қасы...».

«Арал-әкеміз өлді. Кіндік қан тамған­ Атамекен тоз-тоз...».

Су жағалаған балықшы Ағыбай пікірі:

«...Бұ байғұсты жоқтаушы да қалмады-ау... Жарықтық, шалқып жатқан ұлы су еді. Жайы осылай болды. Мақта деді, күріш деді, Құдайдың өлімі деді, әйтеуір, сорлының басын жұтып тынды...».

Арал тұзына пісіп, осы өңірде өсіп-өнген Гапон Васекиннің соңғы сөзі: «...Қарыздылар көп. Бірақ осыны біреуі де мойындағысы келмейді. Ол ол ма, оның азабы үстінде «су бермейміз, су сатамыз» деп бұлданып, саудагерлік айтады. Мен қатты ұяламын: Бұл жерде­ сөз қысқа: қарызды қайтар! Иманың да, әділің де – сол!».

Есеннің айтуынша: «...Адамдар мен саясаттар көзқарасын өзгерту керек! Ниеттерді өзгерту! Ең басты жол – сол!».

Сәнді сөздер бедерінде не істемек керек? Адамзат парасатқа табан тіреп, табиғат-анаға қайыр көрсетіп, мейірбан болар деген үміт, иман күтуден өзге не жол бар? Сенім сол: теңізді «адамдардың ізгі ниеті ғана құтқарады». Демек, бәр-бәрі имандылық мәселесіне кеп маңдай тірейді. Ал әзірге өлесі теңіз төңірегінде мәймөңке, көлгір-жанашыр  сөз  бар...  Анығы, «оның сыбағасы – қалдық су, қалдық көңіл...». Мұн­дай жағдайда Жер шарының арғы бетінен шындық іздеу не береді? Көрінгенге жаутаңдап қайыр күткен өлкесіне қарлығаштай су тамызар жақсылық қайдан? Автор кейіпкерін жер-су асырғанда, табиғатқа деген көзқарастың бір иманды үлгісін, біз тақылетті әсірепрагматиктерге  сыздықтатып  жеткізеді...

Төрт жыл, сегіз ай, үш күн тағы да шеттеу жүріп, тағы да Бөкеніне оралды ол. «Мына заманның геройында» енді көңілде түйген қорда көп. Негізі ағеден адамға әрнәрсе үйір – мансап жолындағы таластар, «достың» күші мен еңбегін пайдалану амалы, діни ағымдар тіміскісі, жауабы жоқ махаббат... Әділ­дік деп жанын жалдау жолындағы кейіпк­ерге сөз де жабысқақ – «ілеленген; ана жақтан көп қаржы қымқырып қашқан...». Тағысын тағылар...

Иә, Арал тағдыры бұл баяндауға жанды арқау ғана. Көңіл көзі сергек оқырманға роман жеке де терең талдауға тұрарлық сан қырларға толы. Шағын­ мақалада біз солардың кей парала­рын ғана қамти алатын іспетті­міз. Теңіз тағдырынан да тыс сан қатпар­лы  оқиғалар – бір өзектен тараған мың-сан бұтақтар тармағындай. Берері мол, айтары көп, мағыналы, мәуелі бұтақтар. Осы кітаптың өзіндік композициялық бітімін, техникалық ерекшелігін бай­қатады. Топансу оқиғасы, «Қиялистандағы» қауым өмірі, Желтоқсан көтері­лісі, төрімізге енді келе бастаған ислам діні, «Құдай өлді!» деп таусылған Ницше, Чернобыль, Алаш қозғалысы туралы өзгелеу сөз, аштықтан ісіп-кепкен Еділ бойына, өздері ашқұрсақ Арал балық­шыларының, ауыздан жырып, нәпақа жөнелтуі, қиындықтармен өмір­ге ене бастаған солтүстік Арал идеясы, құландар мінезі, Заратуштра, ноғайлы тағдыры, «Возрождение» өлі қаласы, мыңжылдықтар тоғысы... Тағысын тағыл­ар... Планетаның парасат жейдесінен – әпендінің ақжұлық етігіне шейін – бір кең әлем.

Роман бұл ретте эпикалық ауқымдағы дүние, оның өз әлемінде энциклопедиялық әлеуеті тағы анық. Кітап оқу – еңбек. Ал «Абыржыны» түсініп оқу – үлкен еңбек. Ләззат, таным, тәр­бие зейнетін беретін еңбек. Оқу – ілім іспетті болса, оның көп қызығы осыннан  табылады. Кітап оқырманды оқуға шақырады.

«Түс қабатында оянды... Кемеліне келген ай алып «айнаға» қаранып, теңізде­  және  көкте  екеу  боп толықсып­ тұрды. Төңіректе күміс-перде боз мұнар. Түн қылаусыз, тымық.

Неткен ғажап бұл Арал!.. Табиғат өз жанайқайы – өзінде, үнсіз өледі!».

«Дем санаған Арал!.. Сенің әр сәтің керемет екен-ау! Жағалауың жай ғана су мен құм тоғысы емес, бар мен жоқтың, үміт пен күдіктің, өмір мен өлімнің шарпысы екен ғой! Енді думан-дулы дүние үшін сен, бәлкім, даладағы киік­тің  көз  жасындай,  бозторғайдың  соңғы шырылындай, өрт  алдындағы  құрақтың ызыңындай беймәлімсің. Сондай сұмдықта да сен байырқа, көркемсің. Қайталан­бас  сұлулық! Еш жерде жоқ керемет! «Барлығыңды сезбей­, сезбей, о,  әке, жоқтығыңды  бір-ақ білдім. Қайтейін!..» дейтін сонау бір ән...

Кешір, Әке!!!

Қиямет, қасірет, үмітсіз ойлар, сендер шегіне тұрыңдар!.. Із-түзсіз жоғалып кете беруге бұл дүние сонша аяулы!».

Бас кейіпкердің ендігі жүрек үні осы. Арал-әке қанша қиналыс көріп жатса да, ұлдарын (сатқын ұлды) өлім­ге қимады. Ол жаналғыш емес еді...

Табиғат-анаға жанашырлық – ілім тілімен айтқанда экология сөзі – жиыр­ма бірінші ғасырдың өзекті тақыр­ыбына айнала бастаған. Десек те, қазақ әдебиетінде өз таңдау тақырыбын мұншалық ұзақ ұқыпты да, түбегейлі зерттеген жазушы саусақпен санарлық. Ал триптих психоаналитикалық амалмен жазылған, қайшыл­ыққа толы өтпелі дәуірдің панора­масы, осы салада шоқтығы биік тұрған шығарма. «Абыржы» тек Арал тағдырын ғана айтып қойған дүние емес. Бұл – соңғы кезең қазақ әдебие­тіндегі құбылыс. Романның күрделі табиғатын ашу үшін жалпылама зердел­еу емес, мазмұндық, идеялық, сюжетті­к, характерлік, проблемалық, т.б. жүлге-желілерді дифферентивті (жеке-жеке)  саралап алу қажеттігі  бар. Мысалы, 2-ші кітаптың 2-бөлімі, «Қиялистан» хикаяты – роман ішін­дегі кітап. Тақырыптық тұрғыдан: адам-қоғам-даму үдерісі, экология өті (өлмеші Арал), өтпелі кезеңдегі психо­логиялық ахуал, көп ұрпаққа тән өмірзая мәселесі, бір жүйеге келтіріп зерделейтін тарихи шегініс­тер, қазақ әйелдері, махаббат (оның ішінде, жауабы жоқ, балаң-платондық махаббат), өлі теңіз туралы боямасыз шындық (көзбен көрген көп бейнеттің жемісі), адамдар  әлеміндегі құбылулар  мен құбылыстар, қиялшыл-математик фантасмагориясы, ғылыми қисынды жорамалдар, т.б. – көп тарау болса; теориялық тұрғыдан: үш кітапқа созылған даратұлға характерінің шынайылығы, табиғаты, дина­микасы, романдағы ой-сана ағымы, даратұлғалы кітаптағы өзге де («қосалқы») характерлердің қанықтығы,  олардың  көркемдіктегі мис­сия­сы; кітаптың өзіндік компози­циялық ерекшелігі, соған орай техникалық шешімдері, романның тек өзіне ғана тән стилі, баяндау ырғағы, бейнелеу тәсілі, романдағы поэзия, баяндау поэтикасы – тағысын-тағылар көгенделіп тұр. Автор барда, мүмкіндік барда, кеңесе зерделеп, табиғатын ашып алса жөн. «Бізде «измдер»  баршылық, - деген автор бірде. – Бірақ осы кітаптың қандай «измге» жататы­нын  білмеймін. Ол өз болмыс, бітімінде солай туды. «Измдер» қажет десе, өздері келіп, керегін тауып алар...».

«Абыржы» – оқырман ойын сан-саққа салатын беймаз­а  кітап. Бәлкім, ол сонысы­мен құнды... Пышақ өткір болса, қын түбінде көп жатар деймісің... Роман – қазақ әдебиетінің қазынасына сәті­мен қосылған жаңа үлгідегі проблемалық три­логия.

Ол былай аяқталады:

«...Ол – уақыт қозғалысы, тіршілік тілегі, болмыс қажеттілігі. Оның қатқыл өкпегі тұнба көтереді, қиқым-сиқым сыпырады. Қалыптылық шайқалады. Беймаза көңіл ашық пен бұлыңғырдың аумасуында, лайсаң толқындар жөңкілуінде аласұрып, жөн іздейді. Бір үміт, бір күдік. Ереуіл хал. Уақыт толғағы. Үлкен тоғыс. Ұлы бетбұрыс.

Абыржы.»

Молдахмет  ҚАНАЗ,

жазушы, «Құрмет» орденінің   иегері

 


БАСТЫ ТАЛАП – САПАЛЫ ЖҰМЫС PDF Print Email
Жаңалықтар - Саясат
16.08.2018 11:13

Өткен сәрсенбіде шаһар басшысы­ Нұрлыбек Нәлібаев қаладағы бір­қатар әлеуметтік инфрақұрылымдардың жұмысымен танысты.

Ілкімді іс, тындырымды тірлік – бұл бүгінгі бәсеке заманының талабы. Қазірде еңбегім еселі болсын дейтіндер еріншектікті ұмытып, жүйелі жұмыс істеуге кіріскен. Баспа­сөз туры барысында қала әкімі алдымен Иіркөл елді мекенінің кіреберісіндегі жолға аялдады. Мұндағы жөн­деу жұмыстарының жобалық құны 130 миллион теңгені құрайды. Ұзындығы 16 шақырымға жететін жолды келер айда, яғни қыркүйекте пайдалануға  беру жоспарланған. Осы ретте­ қала басшысы мердігерге жол жөндеу сапасының жоғары болуын және белгіл­енген  мерзімнен кешіктір­меуді  тапсырды.

 

Ақсуат ауылдық округіндегі «ҚазАгроМир» ЖШС-не қарасты жылыжайдың құрылыс орны – әкім аралаған екінші нысан. Ондағы қайнаған­ тірлікті көзімен көріп, көкөніс өсіретін жылыжайдың жай-күйін бағдарлаған ол кәсіпкерден әкімдік тарапы­нан қандай көмек қажет екенін сұрады. Жылыжай иесінің айтуын­ша, барлық қажеттіліктер қамтылған. Ендеше мақсат – жұмысты  жоғары  деңгейде  орындау. Серік­тестік қазірдің өзінде 2 гектар жерге автоматтандырылған өнді­рістік жылы­жайдың  алғашқы шаруа­ларын бастап та кетіпті. «ҚазАгроҚаржы» Акционерлік Қоғамы арқылы 550 миллион теңгеге құрылысқа қажетті құрал-жабдықтарын сатып алған. Алдағы­ қыркүйекте кәсіптің бойына қан жүгіріп, кешен іске қосылады деп көзделуде. Жылыжай қызметін бастаған кезде 30 адам тұрақты жұмыспен қамтылатын болады. Оның ішін­де 10-ы жергілікті тұрғындардан алынбақ. Ал қазіргі уақытта бұл жерде­ 50 адам жұмыс істеп, нанын­ тауып жүр. Мұнан соң Ж.Махамбетов ауылына ат басын бұрған қала бас­шысы ондағы Ә.Әбдіразақов көше­сінің тас төсеу жұмыстарын бағдарл­ады. Мұнан соң Белкөл кентіндегі Т.Әбуо­в және Зеленая көшелері­нің жол жөндеу жұмыс­тарын көрді. Қос көшені жөндеу құны – 31 миллион теңге. Мердігер мекеме «БестСтройГруп»ЖШС директоры Ержан Кенжеевтің сөзінше, екі көшені күрделі жөндеу жұмыс­та­ры 20 тамызға дейін аяқталады. Қала әкімі өз кезегінде «Жол өте сапалы­ болуы керек. Бәрін қадағалап отырыңыздар. Жұмыстар қатаң бақылауда болуы тиіс. Елдің игілігіне жасалы­п жатыр. Сұрау сіз­дерден болады­» деп қадап айтты. Сондай-ақ, Белкөл кентіндегі тұр­ғындардың тыныс-тіршілі­гіне тоқ­талып, облыс орталығындағы ауызсу және кәріз су жүйелерін қайта жаң­ғырту жұмыстарына айрықша наза­р аударылып отырғанын жет­кізді. «Нұрлы жол» бағдарламасы бойын­ша республикалық бюджеттен 1 мил­лиард 584 миллион теңге қаралып, оған 13 жоба бойынша 17 шақырым ауызсу және кәріз су құбырларын­ жаңғы­рту  жұмыстары  жүргізілуде.

Қалалық ішкі саясат бөлімі ұсынған мәліметке сүйенсек, жыл басынан бері Қызылорда қаласы мен қала­ға қарасты елді мекендердегі жол­дарды жөндеуден өткізуге барлығы  1 миллиард 792,8 миллион теңге қаралғ­ан. Оның ішінде республикалық бюджеттен 188,0 миллион теңге,­ облыстық бюджеттен 1 миллиард 282,0 миллион теңге, ал қалалық бюджеттен 246,3 миллион теңге бөлініп отыр. Бұл қыруар қаражат жалпы ұзындығы 77,7 шақырымды құрайтын 103 көшені жөндеуге бағыттал­ған. Облыстық бюджеттен бөлінген 76,3 миллион теңгеге Бел­көл кентінде 2,7 шақырым болатын 4 көшенің орташа жол жөндеу жұ­мыстары жүргізілмек. Олар – Зеленая­, 2-Линия, 3-Линия, Есмаханов көшелері. Ал Ақсуат ауылдық округі, Махамбетов елді мекенінің 7,3 шақы­рым болатын 12 көшесіне орташа жол жөндеу жұмыстарын жүргізуге облыс­тық бюджеттен  83,2 миллион теңге бөлінген. Олар – 1а, 2а, 3а, 4, 5а, 37, 42, Сыр самалы, А.Найзағаров, 8, 9, 9б көшелері. Байқап­ отырғаныңыздай, жол жөндеу – қаражатты ең көп қажет ететін «қымбат» жұмыс. Сондықтан мердігер мекемелер жұмы­сына жауапке­ршілікпен қарап, қала әкімінің «нәтиже өте сапалы болуы керек» деген тапсырмасына құлақ асады  деген  сенімдеміз.

Сапар соңында қала әкімі «Полимер Продукт» ЖШС-не қарасты қап шығару цехына келді. Кәсіпорын күніне 35-40 мың қап тоқуға қау­қарлы. Қалдықсыз өнім өндіреді. Отандық өнім өндіруді дамыт­ып отырған кәсіп иелері полипропиленнен жасалған қаптарға сұраныс бір айда 80 миллион дананы құрайды дейді. Оның 40 пайызы республикамыздағы зауыттардан түссе, қалған 60 пайызын шекаралас елдер қамтып отыр. Қазіргі күні мекеменің екі қабаты да жұ­мыс істеп, тұтынушылардың  сұранысын  қанағаттандырып  отыр.

Осылайша қала әкімі шаһар көлемінде атқарылып жатқан жұмыстардың бірқатарын бақылап, кәсіп иеле­рінің жұмыстарына сәттілік тіледі.

Ж.БАҒЛАНҚЫЗЫ

 


ТҮЗДЕГІ ТЕКЕТІРЕСТІҢ ТОҚТАМЫ PDF Print Email
Жаңалықтар - Сергек
16.08.2018 11:08

ЖОЛБАСЫ  немесе СӨЗ  БАСЫ

Еліміздегі ең таң­дау­лы стадиондардың бірі – Ақтөбеде орналасқан “Қобыланды батыр” атын иеленген футбол алаңы. 12805 адамға арналған бұл жерден футбол тамашалау көпшіліктің арманы деуге әбден негіз бар. Себебі сол, “Ақтөбе” футбол клубының  қолдаушылары “Қазақстандағы №1 жанкүйерлер” деген атақты әлдеқашан алып қойған. Командасы қаншалықты қиын жағдайда тұрса да, мұнда үнемі футбол атмосферасы, еуропалық деңгейдегі қолдау болады. Оны өткен жылы байқағанбыз. 2017 жылы ел біріншілі­гі­нің 21-турындағы “Ақтөбе-Қайсар” арасындағы кездесу 1:1 есебімен аяқталды. Бардық. Тамашаладық. Нәтиже­сінде “Алтыншы тең ойын әзірге алтылықта қалдырды” деген мақала жа­зылған еді. Ал, биыл Премьер-лиганың 22-турында тағы да Ақтөбеге бару мүм­кіндігі туды. 1000 шақырымды артқа тастап, 14 сағатта “Қобыланды батыр” атындағы Орталық стадионға табан тіредік.

ЖАНКҮЙЕРЛЕРГЕ ЖАСАЛҒАН  ЖАҒДАЙ

Ақтөбеге әні-міне дегенше жетіп бардық десем, әрине өтірік болады. Бірақ, футбол фанаттарының басы қосылған жерде жол қысқартудың амалы өзінен-өзі табыла кетеді емес пе? Оның үстіне ортақ тақырып та бар. Басынан бастайық. Бұл биылғы чемпионаттағы алғашқы жолсапар емес. Үшін­ші турда Астана қала­сына барып­, “Астана Арена” стадио­нынан табылдық. Елордалық командаға 2:0 есебімен есе жібергеніміз ел есінде шығар. Уақытында “Астана” жүрісі­нен  жаңылмады” деп жаздық. Алтыншы турда алқынып Алма­тыға аттандық. Алатау бөктерінде “Қайсарымыз” “Қайраттан” 4:1 есебімен ойсырай  жеңіліп, үйге қайтты. Ол уақытта “Қайраты қашып, қайсарлығы жоғалды” деп қойып  қалдық. Одан  кейін  17-турда “қасқырлар” “Ордабасыдан” олжалы оралды. Есеп – 1:2. 19-турда Қарағандыға қарай  жолға  шығып, “Шахтермен” 2:2 тең ойнады. Біз соңғы аталған екі қалаға белгілі  себептермен бара алмай­ қалдық. Ал, “Ақтөбеге” барар жолда жолды қалай қысқарт­қанымызды қазір жазаты­н  бола­мыз.

 

ЖОЛ   ҚЫСҚАРТУДЫҢ ЖОЛЫ

Әлгінде айтқандай, біз үшін тақырып таңдауда еш қиындық болмады. “Қайсардан”, ҚПЛ-ден өзге кеше ғана аяқталған әлем чемпионаты да сөз болды. “Астананың” чемпиондар лигасындағы ойыны, “Қайраттың”, “Тобылдың” еурокубок­тік ойындардағы кездесулері туралы да тоқтамастан талқыладық. Тіпті, бірінші лигадағы “Байқоңырдың” жағдайына да назар аударып, уақыт арнадық. Екінші айналымның ең соңғы ойынына басшылық бұл жолы екі автобус бөлген еді. Яғни, батысқа 70-ке жуық жанкүйер бардық. “Футболдан басқа әңгіме айтыңдаршы” дейді әзіл-шыны аралас қасымдағы Руслан есімді жергілікті ко­манданың қолдаушысы. Айтпақшы, біз  мінген  автобуста 50 жылдығы тойланғалы жат­қан “Қайсардың” 45 жылдан бергі жанкүйері де болды. Автоб­уста алпысты алқымдап, елуді еңсерген де, 10 жасқа енді қадам басқан жандар да бар. Жолдың ұзақтығына қарамай жерлестеріне қолдау білдіруге асыққан қарияларға, жас өрендер­ге ризашылықпен қарадық.

 

ҚЫЗЫҚТЫ   СТАТИСТИКА

Қос команда бұған дейін 38 рет кездесіпті. Оның 17-сін­де “Ақтөбе” ұтса, 6 рет “Қайсар” жеңіске жеткен. “Ақ-қызылдар” мен “қасқырлар” 15 рет тең тарқасыпты. Оның бірін сөз басында айтып өттік. Былтыр “Қайсардың” жартылай  қорғаушысы Джон Камара өзінің мансабындағы екінші, сырбойылық клуб сапындағы алғашқы голын батыстық ұжымғ­а  салған  еді. Бір қызығы, екінші айналымның соңғы ойын­ымен қоса, бірінші айналымның алғашқы ойыны да “Ақтөбеге” қарсы өткенін ұмыта қоймаған боларсыздар. Ол жолы қосалқы құраммен келуге мәжбүр болған қарсы­ластар 0:1 есебімен жеңісті жұлып әкеткен болатын. Айтпақшы, үшінші айналымның соңғы  матчында  да “ақ-қы­зыл­дарға” қонаққа  барамыз...

Жалпы, “Ақтөбе” “Қайсармен” өз алаңында алғаш рет 1992 жылдың 12 қарашасында кездесіпті,  ол  ойында 0:0 есебі тіркелген. Ал, ең қызықты статисти­ка “Қайсар” футбол клубы­ соңғы төрт жылда “Қобыланды  батыр” атындағы Орталық стадионында жеңілмей келе жатыр.

 

“ҚАЙСАР”  ТҮЗДЕ   ТӘУІР   ОЙНАЙДЫ

Сонымен, көптен күткен ойын басталды. Екі команданың да қарқыны жаман емес. Әсіресе, жерлестеріміздің аяқалысы қуантады. Жалпы, “Қайсар” түзде тәуір ойнайды. Оны статистика да дәлелдеп тұр. Не керек, қанша шабуыл болса да, ойынның бірінші бөлігінде есеп ашылмады. 68-минутта ғана Симчевич әулеген допқа бірінші жетіп, баспен  қақпаға  бағыттады. Гол! Үш минут өтер-өтпестен Ва­лиуллин есепті еселеп, алаң иелерін қуанта түсті. Үміт қашан да соңында өледі емес пе? Сол үмітімізге 75-минутта жан  бітті.  Жақында ғана  қа­тар­ға қосылған Пуношевацқа қарсы қарсыластардың айып алаңында ереже бұзылып, он бір метрлік айып соққысы белгіле­нді. 2013-2015 жылдары “Ақтөбе” сапында доп тепкен Асхат  Тағыберген пенальтиден мүлт кетпей, есепті қысқартты. “Біз қорғаныста қарсыласқа есе жібердік, айып соққысы ке­зінде айып алаңында қателік жасад­ық. Сосын қапталда қателік жасап, Валиуллин қақпашымен бетпе-бет шығып, екінші голды соқты. 2:0, біз үшін ойын аяқталған еді” дейді бас бапкер Стойчо Младенов баспасөз мәслихатында. Бай­қасаңыз, бұл – қателік. Себе­бін футбол фанаттары жақсы біледі де. Гол салған Асхат артынша стадионмен қоштасты. Екі сары қағазы қызылға ұласып, алаңнан қуылды. Бірінші таймда Курьордың голы есептелмей, қос команда ойыншылары  арасында  аздаған жанжал болған-ды. Онда Тағыбергеннің  белсенділігін байқағанбыз.  Жалпы  айтқанда, “Қобыланды батыр” стадионы біздің футболшыны, өздерінің экс-ойыншысын ойын басталғаннан-ақ  жақтырмаған  еді. Оның да себебі бар.

Ал, ойынның нүктесін былтыр ғана “Қайсарда” доп тепкен, Англия ұлттық құрамасына гол соққан тұңғыш ойыншы Жамбыл Көкеев қойып берді. Ол қосымша уақытта есепті  3:1-ге жеткізді. Айта кетейік, төреші кездесу барысында стадио­н жарықшамдарының сөніп қалуына байланысты ойынғ­а  15  минут  қосқан еді.

 

ҚАСҚЫРЛАР”  ҚОЛДАУСЫЗ   ҚАЛМАЙДЫ

19 тамыз күні өз алаңымызда “Ордабасыға” қарсы үшінші айналымның алғашқы ойыны өтеді. Екінші айналым қорытындысы бойынша “Қайсар” сапында ең аз ойын өткізген Алдан Балтаев болып отыр. “Атырауға” қарсы 90 минут ойнап, бір  ойында  ғана  бірден instat ұсынған символикалық құрамға енген-ді. Сондай-ақ, Айбол Жахаев 2 ойынға, Дәуренбек Тәжімбетов 6 ойынға ғана қатысыпты. Ал, ең көп ойын өткізген (21 ойын) қор­ғаушы Иван Граф екен. Үздік сұрмерген – Матиас Курьор (18 ойын, 6 гол (1 пенальти)  2  голдық  пас).

Екінші айналым қоры­тындысы бойынша стадионға келген қызылордалық жан­күйерлер саны – 29500. “Ақ­төбені” қолдау үшін 92500  адам  жиналса, “Шахтерге” небәрі 14900  көрермен  келіп­ті. Ал, “Ақтөбе-Қайсар” матчын 11500  адам  тамаша­лады.

Ойыннан  соң, Қызыл­ордаға қарай жолға шықтық. Қызу қолдаудан, айғайдан дауыс­ымыз шықпай қалған. Жүзіміз солғын тартып тұр. Автобус орындығына жантая кеттік. Ойымызда – “Қайсардың” 24 ұпаймен 8-орынға жайғасқаны, “Ақтөбенің” 5-орынға  көтерілгені...

Рыскелді   ЖАХМАН,

Қызылорда-Ақтөбе-Қызылорда

 


ЖАЛАҒАШ АУДАНЫ ӘКІМІНІҢ «ЖАЛЫН» ЖАСТАР СЫЙЛЫҒЫ ТАБЫСТАЛДЫ PDF Print Email
Жаңалықтар - Халық-хабар
16.08.2018 11:03

Биыл ауданымызда тұңғыш рет 10 шілде мен 1 тамыз аралығында қазақстандық патриотизмді арттыруға елеулі үлес қосқан жас дарынды белсенді жастарды қолдау мақсатында Жалағаш ауданы әкімінің «Жалын» жастар сыйлығы тағайындалды.

Аталмыш сыйлық түрлі саладағы талантты жастарды ынталандыру және олардың айрықша сіңірген еңбегін тану мақсатында берілді.

Еліміздің өсіп-өркендеуіне орасан үлес қосып жүрген аудан жастарын мерекемен құттықтаған аудан басшысы Қайратбек Әубәкірұлы:

-Былтырғы жылы «Жастар – туған жерге!» атты аудандық жастар форумында аудан жастарының атынан жастар сыйлығын тағайындау жөнінде ұсыныс келіп түскен болатын. Биылғы жылы мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс шеңберіндегі жастарға арналған 4 әлеуметтік жоба жүзеге асырылып, қаржы көлемі екі есеге ұлғайды. Бұл игі шара келесі жылы да дәстүрлі жалғасын табатын болады. Біз жастарды қанаттандырып, жоғары жетістіктерге жетуіне ынталандыруымыз қажет, - деді.

Сондай-ақ, аудан басшысы мемлекеттік жастар саясатын жүзеге асыруда өзіндік үлесін қосып, өз саласында жоғары жетістіктерге жеткен 10 жасқа Жалағаш ауданы әкімінің «Жалын» жастар сыйлығын, арнайы Сертификат және қаржылай сыйлықтар табыстады.

Жалағаш ауданы әкімінің баспасөз қызметі

 


Н.Нәлібаев: «Мал базары қала сыртына көшірілуі керек» PDF Print Email
Жаңалықтар - Халық-хабар
15.08.2018 14:07

Қалада КБИ мөлтек ауданындағы мал базары қала сыртына көшірілуі тиіс. Бұл жөнінде бүгін қала әкімі Н.Нәлібаевтың төрағалығымен өткен кезекті аппарат мәжілісінде айтылды.

– Осымен екі жыл болды, мал базарын қаланың сырт жағына көшіру айтылып келе жатыр. Алайда нәтиже жоқ. Базарға барсаң, жүру мүмкін емес. Кәсіпкердің алдынан өтіңдер, қаланың сырт жағына көшірсін. Оның бұл кәсібін ешкім тартып алайын деп жатқан жоқ. Ал егер ол талапқа көнбей ме, ендеше басқа кәсіпкер табыңдар. Әрине, кәсіппен айналысқан дұрыс. Бірақ ол ақша тапсын деп қарапайым халық қиналуы керек емес ғой, - деді Н.Мәшбекұлы қалалық ветеринария бөлімінің басшысы Ш.Жұмаділлаевтың ағымдағы жылдың 7 айында атқарған баяндамасын тыңдап болып.

Мұнан бөлек Шыңғыс Мамытұлына бірнеше ескерту жасады. Нақтырақ айтатын болсақ, қаңғыбас иттер мен мысықтардың көзін жоюға қаншалықты қаражат бөлінсе де, әлі де көше кезіп жүрген жануарлардың көптігін айтып, жұмысын «нәтижесіз» деп бағалады. Мысалы, бір ғана 2018 жылға иесіз иттер мен мысықтарды жоюға  бюджеттен 25 млн теңгенің үстінде қаржы қарастырылған екен. Бірақ арнайы тексерулер жүргізген қала әкімі әлі де олардың азаймағанын айтып, тамыздың 20-сына дейін жұмысты аяқтауды тапсырды. Қанша қаржы бөліне тұра, нәтиже бермейтін болса, алдағы уақытта теңгерім қарастырылмайтынын қатаң ескертті. Сондай-ақ 2014 жылы 20 млн 354 мың теңгеге Белкөл, Тасбөгет кенттері мен Қызылжарма ауылында салынған мал тоғыту ванналарының қазіргі таңдағы сын көтермейтін жағдайын арнайы экраннан көрсете отырып, баяндамасын «эпизотологиялық ахуал тұрақты» деп аяқтаған бөлім басшысына шүйлікті.

Ал қалалық білім бөлімінің басшысы А.Нұрсейітов 2017-2018 оқу жылындағы жеткен жетістіктері мен алдағы маусымға дайындығы барысына тоқталды. Ақарыс Дүйсенбайұлының айтуынша, биыл Қызылорда қаласындағы мектептерді бітірген 2141 түлектің 1670-сі ҰБТ-ға қатысып, 919-ы грант иегері атаныпты. Ал былтыр бұл көрсеткіш 612 болған екен. Сонымен қатар қалаға қарасты барлығы 54 мектеп 1 қыркүйекті 59127 оқушымен бастайды екен. Мұнан бөлек қаланың бас мұғалімі жыл өткен сайын оқушылардың саны артып, жаңа мектепке сұраныстың жоғары екенін атап өтті. Соған сәйкес қазіргі таңда Жаппасбай батыр көшесінің бойында 600 орындық жаңа білім ұясының құрылысы басталып, ол алдағы жылдары пайдалануға беріледі деп күтілуде. Сонымен қатар жаңадан Саяхат, Арай-3, СПМК мөлтек аудандары мен Қызылорда-Жазқазған трассасының бойынан білім ошақтарын салудың жоба-сметалық құжаттары дайындалып жатқандығын жеткізді. Ал оқулықтарға биыл 582 млн 325 мың теңге бөлініпті. Алайда қаржының кеш аударылуына байланысты, 1 тамызға дейін келуі керек кітаптар кешіктіріліп жатқан көрінеді. Сондықтан қала әкімі бұл жұмыстардың 20 тамызға дейін аяқталуын қадағалауды тапсырды. Мұнан бөлек, жылу маусымына дайындық, асханалардың талапқа сай болуы, мектептер мен балабақшалар алдындағы жол ережесі белгілерінің реттелуі қажеттігін айтып, А.Нұрсейітовтің жұмысын оң бағалады.

Ж.ЖҮНІСОВА

 


Күнтізбе

< Тамыз 2018 >
    1 2 3 4 5
6 7 8 9 10 11 12
13 14 16 17 18 19
20 21 22 23 24 25 26
27 28 29 30 31    

Сауалнама

Аса мәртебелі шенеуніктердің қылмысқа шатылып жатқандығы нені аңғартады?
 

Ауа райы

Валюта бағамы

Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі валюталардың ресми бағамдары