Өзекті мәселелер

  • 06.12.18

    «ЖУСАНДА  ТУҒАН  ЖЕРДІҢ  ИІСІ  БАР»

    Қазақ елі сонау «қарағай басын шортан шалған» ХІХ ғасырға дейін, ұлт тағдырының сілкіленіп, ұлттық сана ояна бастаған ХХ ғасырда да өзінің тегеуріні мықты ел екенін дәлелдеді. Киіз туырлықты қазақ санасындағы рухан­и-мәдени жетілу мен әлеуметтік-экономикалық салада өрлеу секілді мақсаттары заман көшіне ілес...

    Толығырақ...
  • 06.12.18

     

    Ерғали  АБДУЛЛА

     

    АРТЫҚШЫЛЫҚ   пен  КЕМШІЛІК

    Оның көп артықшылығы бар: гү...

    Толығырақ...
  • 06.12.18

    * Ерлердің психикасы зейіннен тоқылған. Ол жай өмір сүре алмайды. Ол биікке ұмтылуы керек.­ Еркек қатты жерде ұйықтап, суық сумен шайынып, ерте тұруы қажет.

    * Ер адам әрдайым өзінің жаман­ қылықтарын тыйғаны жөн. Өзіне ұсақ-түйек жеңілдік жасамауы  керек.

    * Қалаған нәрсесіне жету үшін ол мақсат қойып қимылдайды. Бұл – ер-азаматтың таби­ғаты. Сыйласатын ортасында өзіндік орны бол...

    Толығырақ...
  • 06.12.18

    Жалпы, өзімді жаман адам не ұсқынсыз қызбын деп айта алмаймын­. Жоғары қызметім бар. Адамдармен қарым-қатынасым да жақсы. Бір әттеген-ай дейтінім, осы уақытқа дейін екінші жар­тымд­ы жолықтырып, асыл жар атана алмадым. Жасым 34-те. Бұған дейін карьера құрып, өз жағдайымды өзім жасап алғым келді әуелі. Бір кездері мен үшін арман болған, одан соң мақсатыма айнал­ған марапаттың барлығына жетті...

    Толығырақ...
  • 06.12.18

    Бір сәт аспаннан ақша жауғандай күйге еніп, мол қаржыны қайда жұмсарыңызды білмей қалған мезетте... Мұндай көңіл күйді көбіне несие алған кезде сезінеріміз сөзсіз. Ал ай сайын алатын жалақыға телміріп отырған­ қарапайым халыққа бұл аса таңсық жағдай емес. Иә, өте көп мөлшердегі қаражатты алып, қалтамызды қампайттық делік. Ары қарай қайда жұмсаймыз? Бұрындары тұрмыстық техника, автокөлік немесе ...

    Толығырақ...
Дүйсенбі, 27 Тамыз 2018

БІЛІМ БЕРУДІ ДАМЫТУ - БАСТЫ НАЗАРДА PDF Print Email
Жаңалықтар - Халық-хабар
28.08.2018 09:39

Кеше Жосалы кентінде білім қызметкерлерінің «Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы адами капитал» тақырыбындағы тамыз конференциясы өтті.

Шараға аудан әкімінің орынбасары Е.Меңлібаев және облыстық білім басқармасы басшысының орынбасары Ж.Шынтасов, аудандағы білім беру ұйымдарының басшылары мен мұғалімдер қатысты.

Биылғы жылы ауданда 652 мектеп бітірушіден 458-і (70,2%) ұлттық бірыңғай тестілеуге қатысып, орташа балл 83,7 көрсеткішті құрады. Бүгінгі күні 652 бітірушіден 310 оқушы (47,5%) жоғарғы оқу орнының грантын иеленді. 2017-2018 оқу жылының қорытындысымен 25 бітіруші «Алтын белгіге», 17 бітіруші «Үздік аттестатқа» ие болды. Республикалық олимпиаданың облыстық кезеңіне ауданнан 15 мектептен 27 оқушы қатысып, 12 оқушы жеңімпаз атанып, облыс бойынша Қармақшы ауданы 2-орынды иеленді.

«Цифрлық Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасының аясында білім беруді цифрландыру (компьютермен қамтылуы, электронды журналға көшу, Bilimland және т.б. электронды әдістемелік ресурстарын пайдалану, робототехника, 3D принтер кабинеттерімен қамтамасыз етілуі, Интернет жылдамдықтары, WI-FI) жұмыстары барлық білім беру мекемелерінде басшылыққа алынуда.

Атап айтсақ, 2017-2018 оқу жылында 12 мектеп (№26, №27, №30, №80, №85, №99, №105, №107, №121, №183, №250,№269) «Күнделік KZ» бағдарламасымен жұмыс істесе, 2018-2019 оқу жылында барлық мектептер  электронды күнделікпен толықтай жұмыс жүргізетін болады.

Кеңес соңында ауданымыздың білім беру мен тәрбиелеуде нәтижелі көрсеткіштерге қол жеткізген ұстаздарға ҚР Білім және ғылым министрлігінің және облыстық білім басқармасының Құрмет грамоталары мен аудан әкімнің алғыс хаттары табысталды.

А.Қозыбақов,

аудан әкімінің баспасөз хатшысы

 


Экономиканың дамуында кәсіпкерлердің үлесі басым PDF Print Email
Жаңалықтар - Халық-хабар
28.08.2018 09:30

Қазалылық кәсіпкерлер жарап тұр. Ауданда жыл басынан бері 8 миллиард теңгенің өнімі өндіріліп, экономиканың дамуына айрықша үлес қосқан. Бұл туралы аудан әкімі Мұрат Ергешбаев БАҚ өкілдеріне берген брифинг барысында мәлімдеді.

- Негізінде, әрбір саланың тынымды тірлігінің арқасында аудан экономикасы артып келеді. Оған дәлел – осы жылғы бюджет 21 миллиард теңгені құрап отыр. Тарқатып айтқанда, республикалық бюджеттен 6 миллиард 366 миллион теңге, облыстық бюджеттен 2 миллиард 379 миллион теңге, аудандық бюджеттен 12 миллиард 25 миллион теңге бөлінген. Оның ішінде өз кірістеріміз 2,1 миллиард теңгеге жетті. Аудан экономикасын одан ары көбейтудің бірден-бір тірегі – кәсіпкерлік. Жыл басынан бері кәсіпорындардың өндірген өнімі өткен жылдың 6 айымен салыстырғанда 9 пайызға артық, - деді аудан әкімі өз сөзінде.

Аудан экономикасына мұндай түсімнің болуы – ең алдымен кәсіпкерлерді қолдаудың деңгейі жоғарылығынан. Осы ретте мемлекет тарапынан ұсынылған бағдарламаларды қазалылық бизнес иелерінің тиімді пайдаланып отырғанын айта кетейік. Биылғы 6 айда кәсіпкерлердің 89 жобасы бойынша 375 миллион теңге несие алынған. Мұнан бөлек, 2-ші деңгейлі банктер арқылы да 21 кәсіпкер 561 миллион теңге несие алып, кәсібін реттеген.

Мұндағы айшықты жаңалықтардың дені – ауыл шаруашылығы саласында. Аймақ мал бағып, егін егуге жақсы бейімделген. Демек, аграрлы саланың алар асуы мол деуге әбден болады. Айталық, биыл асыл тұқымды мал шаруашылығын дамыту, мал шаруашылығы өнімдерінің өнімділігін және сапасын арттыруға бағытталған 118 өтінім қабылданып, 583,7 миллион теңгенің субсидиясы төленген. Ал егін шаруашылығы бойынша 17 790 гектар жерге дәнді дақылдар орналастырылыпты. Қазіргі күні аудан меншігінде 1 миллион 556 мың гектар ауыл шаруашылығы мақсатындағы жер болса, оның 22 500 мың гектары – егістік жері. «Егін және мал шаруашылығын дамыту үшін алдымен ауыл шаруашылығы жерлерін тиімді пайдалануымыз керек» деді Мұрат Нәлхожаұлы.

Күн тәртібіндегі кезекті мәселе – бұқараның тіршілік көзімен қамтамасыз етілуі. Аудан әкімінің сөзінше, бүгінде ауданға қарасты барлық ауылдарға ауызсу жеткізілген. Дегенмен, 6 ауылға сервистік желі әлі тартылмаған болатын. Бұл түйткілдің түйіні тарқатылған. Биыл 2 ауылға республикалық бюджеттен сервистік желі тартылады. Ал қалған 4 елді мекенді сервистік желіге қосу үшін бюджеттен 20 миллион теңге бөлініп, жоба-сметалық құжаттары дайындалған.

Қазіргі таңда Әйтеке би кентіндегі тұрғын үйлердің 65 пайызы көгілдір отынның игілігін көріп отыр. 5182 тұрғын үй газбен қамтылса, 173 үй жобадан тыс қалыпты. Осыған орай газ желісі жүргізілмеген тұрғын үйлерді көгілдір отынға бейімдеу жұмыстарына жергілікті бюджеттен 12 миллион теңге бөлінген. Әлеуметтің әлеуетін тілге тиек еткенде, аудан әкімі көпір құрылысы туралы айналып өтпеді. Көптен бері жүзеге асырылмай келе жатқан жұмыстарға бүгінде жан бітуде. Өткен жылы «Әлсейіт» өткелінде темірбетон көпірінің құрылысы басталған болатын. Биыл көпірдің құрылысына республикалық және облыстық бюджеттен 891 миллион теңге қаржы қаралып, жұмыс жалғасын тапты. Сондай-ақ Қожабақы мен Бекарыстан би ауылдарының аралығындағы «Аяған» көпіріне қайта жаңғырту жұмыстарын бастауға облыстық бюджеттен 20 миллион теңге қаралған. Мұрат Ергешбаев қыркүйек айында көпірдің құрылыс жұмыстары басталатынын айтты.

Қазалы ауданындағы білім саласын өркендетуге биыл 9 миллиард теңге бөлінген. Бұл – аудандық бюджеттің 48 пайызы. Қазір ауданда апатты жағдайдағы мектептер мүлдем жоқ. Аудан бюджетінің жартысына жуығы білім саласына жұмсалса, құйылған инвестиция текке кетпейтіні сөзсіз. Денсаулық сақтау саласы бойынша да бірқатар жетістіктер бар. Жыл басынан бері жаңа аурухана пайдалануға берілген. Облыс әкімі Қ.Көшербаевтың қолдауымен «Ангиограф» медициналық аппараты алынғалы жатыр. Ақ халаттылар аталмыш аппаратпен қазан айында науқастарға қызмет көрсетуді бастайды. Айта кету керек, бұл аппарат Қазалыдан бөлек Қармақшы, Арал аудандары, Байқоңыр қаласының тұрғындарына да арналған.

Қоғамның басты дертінің қатарында жұмыссыздық мәселесі де менмұндалайды. Бүгінде аудандағы жұмыссыздық деңгейі 4,9 пайызды құрап отыр. Жыл басынан бері ауданда 682 жаңа жұмыс орны ашылса, оның 669-ы тұрақты. Жұмыссыз адамдардың санын азайтып, оларды тұрақты жұмыспен қамту үшін аудан әкімдігі тарапынан бірқатар жұмыстар атқарылуда.

Ж.Қойшыбекова

 


Сыр құрылысы – елдің ырысы PDF Print Email
Жаңалықтар - Халық-хабар
27.08.2018 18:08

Тамылжыған тамыздың екінші жексенбісі – құрыш қолды құрылысшылардың мерекесі. Өткен аптада айтулы күнге орай облыс әкімі Қырымбек Көшербаев құрылыс саласының майталмандарын марапаттады.

- Құрылысшылардың ерен еңбектерінің арқасында бүгінгі күні біздің өңіріміз құрылыс қарқыны бойынша алдыңғы қатарда келеді. Соңғы бес жылда 200 әлеуметтік нысанды пайдалануға бердік. Жалпы ауданы 2 миллион шаршы метр тұрғын үй ел игілігіне беріліп, 7 мыңнан астам қызылордалық қоныстойын тойлады. Биылғы жылдан бастап тұрғын үй құрылысының «Орда» жол картасы жүзеге асырылатын болады. Облыс бойынша 1747 пәтерді құрайтын 69 тұрғын үйдің құрылысы, сонымен қатар, Сырдария өзенінің сол жақ жағалауын игеру жұмыстары да қарқынды жүргізілуде, - деді аймақ басшысы.

Бұл күні Сыр өңірі сәулетінің дамуына үлес қосып, елдің ырысын тасытып жүрген құрылысшылар қауымының мерейі биіктеп, абыройы асқақтай түскендей. Салтанатты шарада құрылыс саласының ардагері, зейнеткер Н.Минуаров, Ә.Тұрғанов, «Ахат+ГС» ЖШС-нің құрылыс бойынша жұмыс өндіруші, шебері Зайнабидин Савлябеков, «РЗА» АҚ-ның бөлім басшысы М.Лепесовтің кеудесінде ҚР Инвестициялар және даму министрлігінің «Құрметті құрылысшы» төсбелгісі жарқырады. Құрылысшылар еңбегіне сүйсінген өңір басшысы аталмыш министрліктің «Құрмет грамотасымен» зейнеткер, құрылыс саласының ардагері М.Еркебаев, М.Қозыбаевты марапаттады. Мұнан өзге де еселі еңбегімен көзге түсіп жүрген кәсіпқойлар дәл осы күні құрмет биігінен көрінді.

-Барша құрылысшы әріптестерімді мерекемен құттықтаймын. Осы сала жаныма жақын, жұмысымды жақсы көремін. Айтулы күнге орай ҚР Инвестициялар және даму министрлігінің «Құрмет грамотасымен» наградталдым. «Қазақстан Республикасының дамуына, өркендеуіне қосқан үлесі мен мінсіз қызметі үшін марапатталады» деп жазылған екен. Қуаныштымын! Еліміз үшін әрдайым қызмет етуге дайынмын, - деп жылы лебізін білдірді құрылысшы Асхат Несіпбаев.

Сала үздіктері сый-құрметке бөленіп, қуанышты нотада басталған мереке соңы ән мен биге ұласты. Эстрада жұлдыздары А.Жеменей мен А.Қосанова ән шырқап, жиналған жұртшылық көңілін бір шалқытып тастады. Ал әнші Ақылбек Жеменейдің «Қызыл өрігіне» қол соғып, қошеметтемеген адам қалмаған шығар. Осылайша мәдениет үйіндегі халық құрылысшылар күнін шат-шадыман көңіл күймен атап өтті.

Ғажайып сұлулығымен көз тартатын немесе құрылысы тозған ғимараттың өзінен құнды ақпаратқа қанығуға болады. Себебі сәулет өнері – оны жасаған қоғамның өмірінен сыр шертетін айрықша дереккөз. Онда өнер мен білім, талант пен талғам тоғысады. Сол заманның мәдени ерекшеліктері, идеологиясы, ғылым мен техникасының қауқары туралы да біле аласыз. Бір сөзбен, құрылысшыларға артар жауапкершілік жүгі жоғары. Ендеше тұтас бір дәуірдің естелігін жеткізетін қолы алтын мамандарға «Қызметіңіз өрлей түссін!» дейміз.

Ж.БАҒЛАНҚЫЗЫ

 


Жұмыспен қамту – ортақ міндет PDF Print Email
Жаңалықтар - Халық-хабар
27.08.2018 17:58

«Қазақтың жаманшылыққа үйір бола беретұғынының бір себебі – жұмысының жоқтығы. Егер егін салса, я саудаға салынса, қолы тиер ме еді?» деп ұлы Абай өзінің қырық екінші қара сөзінде айтқан. Толығымен келіспесек те, жұмыссыздықтың кесірі тиіп жатқан кертартпа тұстар аз емес. Қолында – бір жапырақ қағазы, санасында – өзі меңгерген саланың сан шатпағы. Бірақ оның ешкімге тигізіп жатқан пайдасы жоқтың қасы. Әрине, жұмыссыздықтың салдарымен күресу – экономикалық белсенді халықтың да жүктемесінде бар міндет. Өйткені, жұмыссыздардың барлығы бірдей мемлекет қарамағындағы қызметкер болуы шарт емес, олай болуы да екіталай. Сондықтан қалалық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімі тұрақты түрде «Бос жұмыс орындарының жәрмеңкесін» өткізіп келеді. Бірі үмітпен келеді, бірі сеніп, бірі қайтсем де жұмысқа орналасамын деп талпынып келеді. Бұл жолы да ұйымдастырылған жәрмеңкеге келушілер көп. Барлығының қолында – бір-бір папка, көздерінде – үміт.

Жалпы, әлеуметтік ахуалды көтеру, еңбек өнімділігін арттыру және жұмыссыздық деңгейін төмендету мақсатындағы барлық жұмыстар «Нәтижелі жұмыспен қамту және кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған бағдарламасы» аясында жүргізіліп келеді. А.Тоқмағамбетов атындағы қалалық мәдениет үйі ғимаратында өткен жәрмеңкеде 37 мекеме 136 бос жұмыс орнын ұсынды.

- Мемлекет басшысы әрқашанда әлеуметтік тапсырмалардың дұрыс әрі тиімді атқарылуын қадағалап отыр. Бүгінгі іс-шара да осы жұмыстардың айқын дәлелі. Тиянақты жұмыстардың нәтижелі шешіліп жатқанына қуаныштымыз. Кеше ғана Сырдария ауданында осындай шара өтіп, бірқатар тұрғын жұмыспен қамтылды. Бұл – жастар үшін үлкен мүмкіндік. Бүгін де жұмыс іздеушілердің басым көпшілігі жұмысқа орналасса, онда нәтиженің табысты аяқталғаны. Егер мұндай мүмкіншілік болмаса, сіздерді ақысыз, техникалық мамандық игеруге шақырамын, - деді «Нұр Отан» ХДП-ның республикалық қабылдауының бас кеңесшісі Ж.Жүкенов.

Шара барысында жұмыс беруші мекемелердің ішінде медициналық ұйымдар жалпы тәжірибелік дәрігер, педиатр, хирург, терапевт, невропатолог, лаборанттарды, балабақша мекемелері тәрбиешінің көмекшісі, тәрбиешілерді, өндірістік мекемелер іс жүргізуші, маркетолог, кассир, бас бухгалтерді, мектептер бастауыш сынып мұғалімін, ірі және шағын мекемелер электрик, слесарь, ұста, электродәнеркерлеуші мамандарды жұмысқа қабылдауға дайын екендерін көрсетті.

- Бүгінгі жәрмеңкеге халық көптеп келуде. Жұмыссыз жүрген тұрғындар үшін үлкен мүмкіндік деп білемін. Әр мекеменің табалдырығын тоздырып, іздеп жүргеннен гөрі бір жерде, бір орыннан, бір мезетте бірнеше бос жұмыс орнын көріп, таңдай алады. Жалпы, бос жұмыс орындарының жәрмеңкесі биыл 8-інші рет ұйымдастырылып отыр. Сондай-ақ, жыл басынан бері қалалық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөліміне 7839 адам жұмыс іздеуші ретінде тіркелсе, соның 4576-сы тұрақты жұмысқа орналасты. Ал жәрмеңке көмегімен 2000-ға тарта адам жұмыспен қамтамасыз етілді. Бүгінгі жәрмеңкеде мектептердің үлесі көп. Жаңа оқу жылының басталуына орай мамандардың сұранысы да жетерлік, - деді қалалық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімі басшысының орынбасары А.Қиясова.

Бүгінде қала шеңберіндегі жұмыссыздықтың үлесі 4,7 пайызды құрап отыр. Бөлім қаладағы барлық жұмыс беруші мекемелермен тығыз байланыста. Десек те, халықтың сұранасын қанағаттандыру үшін арнайы мемлекеттік бағдарлама аясында түрлі оқу курстары да ұйымдастырылуда. Шыны керек, жұмыс іздеушілердің ауыр, техникалық жұмыстарға ниеті шамалы. Ал жұмыс беруші ретінде келген Қызылорда облысы бойынша Сот сараптама орталығының өкілі сот сарапшылары мен лаборант мамандарын іздей келіпті.

- Бүгінгі жәрмеңкеге мекемеге жетіспей жатқан мамандарды жұмысқа шақыру үшін келдік. Келіп, ақпарат сұрастырып кетушілер бар. Алайда көбісі – орта медициналық білімді мамандар. Ал бізге жоғары медициналық оқу орнын тамамдаған мамандар қажет. Мейірбике ісіне жұмыс сұрайды. Бізге ол мамандық жарамайды. Сондықтан әзірге қажет маман табылмады, - дейді мекеме заңгері Гүлжайна Исмаилова.

«Нәтижелі жұмыспен қамту және кәсіпкерлікті дамыту – 2020» бағдарламасы аясында жыл басталғалы 131 адам әлеуметтік жұмыс орындарына жолданған. Айтпақшы, жәрмеңкеден жолдама алғанА.Айтбай да жұмысқа орналасқанын хабарлады. Жастар тәжірибесіне сүйенген 383 жас мамандарға да жұмыс ұсынылды. Сондай-ақ, 1774 адам қоғамдық жұмысқа тартылып, 671 жұмыссыз адам қысқа мерзімді курстарға жолдама алса, 65 адам кәсіп ашып, оны кеңейту үшін шағын несиеге қол жеткізген.

Н.ҚАЗИ

 

 


Қарлығаш Тураева, қала тұрғыны:

- Бүгін «Бос жұмыс орындарының жәрмеңкесі» болатынын естіп, ұлым мен қызыма жұмыс іздеп келдім. Ұлым әскерге барып келген, жұмыссыздықпен есепте тұрады. Бұған дейін құрылыс саласында жұмыс істеді. Қызым да Қорқыт ата атындағы ҚМУ-дың «Әскери дайындық» бөлімін бітірді. Ол да 3 жылдан бері жұмыс іздеп жүр. Бұл шарадан ыңғайлы жұмыс таппадық. Алдағы уақытта осы бағытта да жұмыс орындары ұйымдастырылса, жас мамандарға қолдау болар еді.

 

 


 

Ақмоншақ Айтбай, қала тұрғыны:

- Жәрмеңке өтетінін естіп, барлық құжатымды қолыма алып, өзіме лайықты жұмыс іздедім. Нәтижесінде №189 орта мектеп жанындағы интернатқа мейірбике болып жұмысқа орналасу үшін жолдама алып тұрмын. Қазір сонда барамын.

 


Күнтізбе

< Тамыз 2018 >
    1 2 3 4 5
6 7 8 9 10 11 12
13 14 15 16 17 18 19
20 21 22 23 24 25 26
28 29 30 31    

Сауалнама

Аса мәртебелі шенеуніктердің қылмысқа шатылып жатқандығы нені аңғартады?
 

Ауа райы

Валюта бағамы

Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі валюталардың ресми бағамдары