Өзекті мәселелер

  • 06.12.18

    «ЖУСАНДА  ТУҒАН  ЖЕРДІҢ  ИІСІ  БАР»

    Қазақ елі сонау «қарағай басын шортан шалған» ХІХ ғасырға дейін, ұлт тағдырының сілкіленіп, ұлттық сана ояна бастаған ХХ ғасырда да өзінің тегеуріні мықты ел екенін дәлелдеді. Киіз туырлықты қазақ санасындағы рухан­и-мәдени жетілу мен әлеуметтік-экономикалық салада өрлеу секілді мақсаттары заман көшіне ілес...

    Толығырақ...
  • 06.12.18

     

    Ерғали  АБДУЛЛА

     

    АРТЫҚШЫЛЫҚ   пен  КЕМШІЛІК

    Оның көп артықшылығы бар: гү...

    Толығырақ...
  • 06.12.18

    * Ерлердің психикасы зейіннен тоқылған. Ол жай өмір сүре алмайды. Ол биікке ұмтылуы керек.­ Еркек қатты жерде ұйықтап, суық сумен шайынып, ерте тұруы қажет.

    * Ер адам әрдайым өзінің жаман­ қылықтарын тыйғаны жөн. Өзіне ұсақ-түйек жеңілдік жасамауы  керек.

    * Қалаған нәрсесіне жету үшін ол мақсат қойып қимылдайды. Бұл – ер-азаматтың таби­ғаты. Сыйласатын ортасында өзіндік орны бол...

    Толығырақ...
  • 06.12.18

    Жалпы, өзімді жаман адам не ұсқынсыз қызбын деп айта алмаймын­. Жоғары қызметім бар. Адамдармен қарым-қатынасым да жақсы. Бір әттеген-ай дейтінім, осы уақытқа дейін екінші жар­тымд­ы жолықтырып, асыл жар атана алмадым. Жасым 34-те. Бұған дейін карьера құрып, өз жағдайымды өзім жасап алғым келді әуелі. Бір кездері мен үшін арман болған, одан соң мақсатыма айнал­ған марапаттың барлығына жетті...

    Толығырақ...
  • 06.12.18

    Бір сәт аспаннан ақша жауғандай күйге еніп, мол қаржыны қайда жұмсарыңызды білмей қалған мезетте... Мұндай көңіл күйді көбіне несие алған кезде сезінеріміз сөзсіз. Ал ай сайын алатын жалақыға телміріп отырған­ қарапайым халыққа бұл аса таңсық жағдай емес. Иә, өте көп мөлшердегі қаражатты алып, қалтамызды қампайттық делік. Ары қарай қайда жұмсаймыз? Бұрындары тұрмыстық техника, автокөлік немесе ...

    Толығырақ...
Тамыз 2018

ӨЗІҢЕ СЕН, ӨЗІҢДІ АЛЫП ШЫҒАР... PDF Print Email
Жаңалықтар - Саясат
30.08.2018 12:40

«Бұрын ештеңесі жоқ, кедей болу жақсы саналатын. Ал қазіргі тәуелсіз елімізде барлығымыз бай-қуатты болуымы­з қажет». Бұл – аймақ басшысы Қырымбек Елеуұлының кәсіп­керлердің көрме-байқауында айтқан сөзі. Иә, қазір «үкімет өлтірмейді» деген­ үкілі үмітке сеніп, құрқол отыра беру ешкімге жараспайды. Билікке құмар емес, бизнеске ниетті болуды меңзейді мемлекет. Кәсіптің көзін тауып,­ толағай табысқа жету кімге де болсын  ұнайды емес пе? Ендеше кедергі қайсы? Өмірден қиындық көрген ерекше жандардың өзі денсаулығы сыр бергеніне қарамастан, кәсіп ашып, табыс­қа кенелуде. Кәсіпкерлер үйінде өткен «Өзіңе сене баста» облыстық көрме-байқауы осы сөздің дәлеліндей. Байқауда мүмкіндігі шектеулі барлығы 50 кәсіпкер бақ сынасты. Кәсіпкерлер қолынан шыққан ағаш бұйымдары, тоқыма­лар, суреттер, түрлі тағамдар көрменің  көркін  қыздыра  түсті.

Жиында өңір басшысы Қ.Көшер­баев кәсіпкерлердің өнімдеріне жоғары баға беріп, жылы лебізін жеткізді.

- Жұмыспен қамту кез келген мемлекет үшін қашанда өзекті мәселелердің бірі болып табылады. Ал азаматтарды жұмыспен қамтудың баламасы – кәсіпкерлік. Бүгін мүмкіндігі шектеулі кәсіпкерлерді қолдау әрі олардың дамуы­на жол ашу мақсатында «Өзіңе сене баста» көрме-байқауын өткізіп отырмыз. Қатысушылар – тағдыр тау­қым­етіне қарамастан, қоғамда өз орнын тауып, өзін жұмыспен қамтып, тіпті өзгелерге жұмыс тауып берген азаматтар. Олар көпке үлгі болуға лайықты және қоғамды масылдық көзқарастан арылтуға септігін тигізеді, - деді облыс әкімі.

Осылайша кәсіпкерлердің еңбектерін саралаған облыстық мәслихат депут­аттары, «Нұр Отан» партиясы облыс­тық филиалының өкілдері, кәсіп­керлер палатасының мүшелері, «Даму» қоры мен әлеуметтік қорғау ұйымы қызметкерлерінен құралған комиссия мүшелері жеңімпазды анықтады. «Кәдесый жасау» жобасын алып келген жаңақорғандық Қасиет Орал облыс әкімінің алғыс хаты мен 1 миллион теңге қаржы­лай сыйлықты ұтып алды. Жүлделі екінші орын, 700 мың теңге сыйақыны «Аяқкиім жасау» жобасымен қармақшылық Ерлібек Жармаханов иеленді. Ал үшінші орын, 500 мың теңгені «Кәріз жүйелері өнімі, темір және сурет бұйымдары» жобасы бойынша қызылордалық Асла­н Ертохаев еншіледі. Тұрмыстық-техникалық  тауарла­р сертификаты бай­қаудың барлық­ 50 қатысу­шысына  үлестірілді.

Бір күнде миллионер атанған кәсіпкер Қ.Орал кәдесый жасаумен айналы­суды осыдан  бірнеше  жыл бұрын  бастаған. Жасағанына орай табыс­ы да үстемелене түседі. Бүгінде сіңлісіне осы кәсіптің қыр-сырын үйретіп  жатыр  екен.

- Мемлекет тарапынан ұсынылған кәсіпкерлікті  қолдау  бағдарлама­ла­рына  белсене  атсалыстым. Бастаған ісім нәтижесін беріп, үздік жетістік­терге қол жеткізіп келемін. Ал бүгінгі байқаудың орны тіпті айрықша. Кәсібімнің  көкжиегін  кеңейтуге  деген­  ынтам  артуда. Жеңімпаз атанғаныма қуаныштымын, - деп ағынан жарылды Қасиет  Орал.

Ал  Қармақшы  ауданының  тұрғыны Ерлібек Жармаханов аяқкиім жасау кәсібін  жұбайы  екеуі  бастаған. Өмірлік жары жұмыста да көмекші болып, сапалы­ қызметімен тұтынушылардың көңілінен шығуды мұрат қылыпты. Еңбекқор  жандар  көрмеге  өз  өнім­дері – үй ішіне киетін аяқкиімдер, мәсілер ала келген. Алдағы уақытта ерлі-зайыпты кәсіпкерлер кәсібіне қажетті шикізаттар мен техника алуды көздеп отыр.

Байқауда үшінші орын бұйырған қызылордалық кәсіпкер Аслан Ерто­хаев бұған дейін сурет, бейнелеу өнері­мен айналысқан. Майлы бояуды пайда­ланып, талай туындылар жасаған қыл­қалам шебері – бүгінде кәнігі кәсіпкер. Нарықтың бет алысына қарап өзіне тиімді кәсіп түрін ашыпты. Кәріз құбырлары мен сантехника заттарын алып, базардағы сауда нүктелеріне апарып­, көтерме бағада сатады. Бұл ретте­ аудандар да қалыс қалмайды екен. Биылдан бастап өнімдерді Қызылорда қаласынан өздері дайындап шығаруды жоспарлап отыр. Үш адамға жұмыс беріп, жұмыссыздық дертімен күресуге де шама-шарқынша үлесін қосуда. «Кәсіпкер болу қиын емес. Тек жалқаулықты жеңіп, тынбай жұмыс істей беру керек» дейді ол.

Мүгедек жандар қоғамнан ажыра­ғысы келмейді әрі жұртқа масыл бол­ғанды ар санайды. Қабілеті мен бейімі жақын­ істі тауып, оны бизнеске ай­налдыру мақтауға лайық әрекет. Аталмыш шара аймақтағы мүмкіндігі шектеулі жандарды қолдауға бағытталып отыр. Қазіргі күні облыста мүмкіндігі шек­теулі  29 353  адам  тіркелген  екен.  Оның ішінде  І  топтағы  мүгедектер  саны    2827 болса, ІІ топтағы – 11 145, ал ІІІ топтағы – 10 526. Облыстық «Өзіңе сене баста» көрме-байқауы – оларды қолдаудың  жалғасы.

- Мен 1997 жылдан бастап ІІ топ мүге­дегі  болдым. Осы күнге дейін жүрек, бас ауруларымен күресіп келемін. Денсаулығым нашарлағанымен, үйде қарап отыра бергім келмеді. Кондитерлік өнім жасауды ойлап, оны іс жүзінде жүзеге асырдым. Шүкір, қазір табыс жақсы. 2013 жылдан бастап, «клиенттердің» жоғары талғамына сай, еш бояусыз­, дәмі тіл үйірерліктей өнім шығару­дан жа­лыққан емеспіз. Қара­мағымда қазір   4 адам жұмыс істейді. Әрқайсысы­ның  белгілі  жұмыстары бар. Таң бозарып  атқаннан қара кешке дейін еңбектене­міз, - дейді кәсіпкер Ұлбике  Еділова.

Осы жылы жеке оңалту бағдарламасын іске асыру үшін облыстық бюджеттен 680 миллион теңге бөлінген. Жұмыспен қамту орталығы 376 мүм­кін­дігі шектеулі жанды жалпы жұмыс орындарымен, оның ішінде 148 жанды тұрақты жұмыс орындарымен қамтып отыр. Сондай-ақ, оларға арналған «Инватаксидің» де қатары көбейген. Мұның барлығы мемлекеттің мүгедек жандарға, мүмкіндігі шектеулі кәсіпкерлерге деген­  қолдауының  көрсеткіші. Десек те қиындықты еңсеру үшін еселі еңбек ету, өр рухты болу қажет. Өмір сізге лимо­н ұсынса, сіз оны лимонадқа айнал­дырыңыз. Жігерлілер қашан да жеңіске жетеді. Мүмкіндігі шектеулі жандардың бизнес әлемінен сыр шерткен­  көрме-байқау  жұртшылыққа осыны  ұқтырғандай.

Жазира  БАҒЛАН,

Б.Есжанов (сурет)

 


ҚЫЗЫЛОРДА СПОРТЫНЫҢ ҚУАНЫШЫ PDF Print Email
Жаңалықтар - Сергек
30.08.2018 12:01

Бұған дейін “Сыр спортының салмағы басым”, “Сыр  бермеген сырбойылық саңлақтар”, “Сыр спортындағы серпін”, т.б. секілді бірқатар ма­қал­алар газет бе­тінде жарық көрген еді. Жақсылықты, жүйе­лі жұмысты көре білген де дұрыс. Облыс спортшылары әлемдік ареналарда көптеген жоғары табыст­арға қол жет­кізіп, аймақтың ғана емес, тәуелсіз елі­міздің мәртебесін асқақтатып келеді. Осы орайда, сандарды сөйлетіп, дәлелдей кетейік. Жыл басынан бері Сыр спортшылары ҚР чемпионаттарында 1027 медальды (347-сі – алтын, 317-сі – күміс, 363-і – қола) жеңіп алды. Азия және Әлем чемпионаттарында 81 медальды иеленді. Сондай-ақ, 1 ҚР-ның еңбек сіңірген спорт шебері, 2 халықаралық дәре­жедегі  спорт  шебе­рі, 17 спорт  шебері, 474 спорт шеберіне үміт­кер мен І разрядты спортшылар дайындалды. Спорт түрлері бойынша 470 облыс спортшысы  Қазақстан  Республикасының ұлт­тық құрама командасының сапына енді.

Биыл облыс тарихында алғашқы болып Айбек Шаукилов киокушинкайкан каратэден жастар арасында Әлем және Азия чемпионы атанып, еліміздің әнұранын шырқатты. Еркін күрестен Дәулет Ниязбеков үш дүркін Азия чемпионатының алтын медалін жеңіп алды. Жастар арасында ММА спортынан Ғани  Әділсерік  Әлем чемпио­натын  бағындырса, самбодан Ғалымжан Әбдірахманов Әлем кубогының күміс жүлдесіне қол жеткізді. Сонымен қатар, Әсел Серікбай оқушылар арасында 2 дүркін Азия чемпионы,  жасөспірімдер  арасында  2 дүркін  Азия чемпионатының қола жүлдесін еншіледі. Ал, Назерке Нұрғали оқушылар арасында Әлем чемпионы атанса, Азия чемпионатының 3 дүркін қола жүлдесіне ие болды. Каратэ-додан жерлесіміз Мөлдір Жаңбырбай да үшінші мәрте Азия чемпионы атанды. Әрине, жеке-жеке тоқтала берсек­, бұл қатарды тым әріге дейін толықтыра беруге әбден болады.

Биылғы жылдың басты да маңызды оқиғасы, төрт жылда бір келетін дүбірлі дода Индонезияның Джакарта қаласында­ өтіп жатқан XVIII жазғы Азия ойындары болып отыр. Бұл жарысқа облыстан 17 спортшы 9 спорт  түрінен  қатысуда. Олар –  байдарка және каноэде есуден Мерей Медетов, каратэ­-додан Мөлдір Жаңбырбай, таек­вондодан Айнұр Есбер­генова, самбодан Динара Қодарова, велоспорттан Роберт Гайнеев, Асылхан Тұрар, кураштан Арайлым Қанзада, Нұрлыбек Алдабергенов, стенд атудан Максим Коломоец, гандболдан Дана Әбілда, Мария­ Пупченкова, Татьяна Давыдо­ва, Наталья Ильина, Виктория Колотинская, Вероника Хардина, көгалдағы хоккей­ден Гузаль Бахавадин, Алиса  Чепкасова.

2-13 қазан аралығында Джакарта қаласында (Индонезия) жазғы пара Азия ойындары өтеді. Оған облыстан 9 спортшы қатысады. Олар – Ислам Салимов, Еламан Жоламан, Қолғанат Бақберген, Мейіржан Мақсат (жеңіл атлетика), Кабира Асқарова, Ляззат Жақып­ова (пауэрлифтинг), Азамат Тұрымбетов (парадзюдо), Эрик Қасқабаев, Шыңғыс Медеуов (отырып ойнау волейболы).

Сонымен қатар, 6-18 қазан аралығында Аргентинаның Буэн­ос-Айрес қаласында өтетін  жасөспірімдер Олимпиада ойындарында облыстан 4 спортшы бақ сынайды.

Есепті кезеңде дене шынықтыру және спортпен жүйе­лі  түрде шұғылданушылар қатары 27 пайызға көтеріліп, 211 271 адамға жетіп отыр. Бұқаралық спортты одан әрі дамыту үшін бүгінгі таңда мемле­кеттік-әлеуметтік тапсырыс  шеңберінде  бюджеттен 120,6 млн теңге бөлініп, 282 спорт нұсқаушы 138 елді мекенді қамтып, 41 040 мың адамды тұрақты дене шынықтырумен шұғылдануға баулып келеді­.

Елді мекендерде спорт нысан­дарына қолжетімділікті арттыру мақсатында биылғы жылы Қазалы ауданындағы Жанқожа батыр, Жалағаш ауданындағы Мәдениет, Сырдария ауданындағы Ақжарма, Шиелі ауданындағы Еңбекші, Жаңақорған ауданындағы Түгіскен ауылында және Арал ауданының Сексеуіл және Қармақшы ауданының Төретам кенттерінде 7 спорт кешені пайдалануға берілді. Сондай-ақ, балалар мен жасөспірімдер спорт мектептер желісін ұлғайту және шұғылданушылар саны­н арттыру барысында мемлекеттік-жекеменшік әріптестік аясында 2018 жылы 7 жобаны іске асыруға жұмыстар атқарылып жатыр. Атап айтқа­нда, Жалағаш ауданында Жалағаш кенті мен Таң ауылдық округінде, Жаңақорған ауданында Жаңақорған кенті мен Сүттіқұдық ауылдық округінде, Шиелі ауданында Бестам, Төңкеріс пен Н.Бекежанов ауылдық округтерінде дене шынықтыру-сауықтыру кешендерін  жалға  алу жұмыс­тары  жүргізілуде.

Бұқаралық  спортты дамытудың негізгі жолы – жарыс­тарды көптеп өткізіп, халықты спортқа тарту. Осы мақсатта облыс аумағында 824 бұқаралық спорттық іс-шара өткізі­ліп, оған 144 817 адам қатыс­қан. Соның ішінде 8000-нан аса спортшының өнер көрсетуімен қазақ күресінен “Алтын белбеу”, 8000-ға жуық оқушының қатысуымен “Нашақорлыққа жол ЖОҚ!”, “Бәрің де жарысқа!” атты көңілді эстафета, мүмкіндігі шектеулі азаматтар арасында облыстық спартакиада, жауынгер-интернационалист Б.Шалғынбаевты еске алуға  арналған  футзалдан  республикалық  турнир,  самбодан Кеңес Одағының батыры Т.Көмекбаев атындағы халық­аралық мемориал және т.б. облы­стық, республикалық турни­рлер ұйымдастырылып, халықты  саламатты  өмір  сүруге  тарту  бағытындағы  жұмыстар  дәстүрлі  түрде  қолға  алын­ғ­ан.

Байқоңыр қаласында ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың  жүлдесіне  арналған VI облыстық халықтық спорт ойындары өткізіліп, оған 12 спорт түрінен 1300 спортшы қатысты. Осы ойындардан іріктелген спортшылар 21-25 қыркүйекте Ақтау қаласында ҚР Президенті жүлдесі үшін өтетін республикалық халықтық  спорт  ойындарында облыс­ намысын  қорғайды.

Cондай-ақ, футболды дамыту мақсатында алтыншы жыл қатарынан қала мен аудандарда бес ай бойы (мамыр-қыр­күйек) әр аптаның сенбі күн­дері футболдан облыстық чемпионат өткізілуде. Жастардың саламатты өмір салтын ұстануға, бос уақытын тиімді пайдалану мақсатында дәстүрлі бұқаралық веломарафон және жүгіру маусымы да жалғасуда.

Жыл басталғалы бері 13 Қа­зақстан чемпионаты, 5 халық­аралық  турнир, 26 республика­лық  турнир, балалар мен жас­өспірімдер спорт мектептері арасында 27 облыстық бірін­шілік  ұйымдастырылған.

Мемлекеттік-әлеуметтік тапсырыс шеңберінде Қызыл­орда қаласы мен аудандарда мүмкіндігі шектеулі азамат­тарды спорт түрлерінен қолдау мақсатында әлеуметтік жоба жүзеге асырылуда. Жоба ая­сында “Қызылорда облысының Паралимпиалық комитеті” қоғамдық бірлестігі жұ­мыс жүргізіп отыр. Бүгінгі күні 300-ден аса мүмкіндігі шек­теулі спортшы 11 спорт түрі­мен  (отырып ойнау волей­болы, баскетбол, тоғызқұмалақ,  шахмат, дойбы, жеңіл атле­тика, үстел теннисі, шағын фут­бол,­ пауэрлифтинг, парадзюдо, ар­бад­ағы би) айналы­сады. Биыл­ғы жылы демеушілер тарапын­ан Паралимпиялық комитетке 3 би арбасы сыйға  берілді.

Жалпы, қызылордалық спортшылардың жеткен жетіс­тіктері мен басшылықтың жұмысына аз да болса тоқталып өттік. Жыл аяғына дейін әлі де көптеген шаралардың түңлігі түріледі, туымыз биікке көтеріледі. Біз әрқашанда ел спортының, Сыр спортының қолдаушысымыз!

 

Рыскелді   ЖАХМАН

 

Облыстық  дене  шынықтыру және спорт  басқармасының 2018  жылдағы  жоспары:

* жүйелі дене шынықтырумен айналысушылар санын 28 пайызға жеткізу;

* дене шынықтыру және спортпен айналысатын балалар мен жасөспірімдер санын 14 пайызға дейін жеткізу;

* облыс спортшыларын спорт түрлерінен Қысқы Олимпиада ойындарына, жаз­ғы Азия ойындарына, жазғ­ы жасөспірімдер Олимпиада ойындарына дайындығы мен қатысуын қамта­масыз  ету;

* спорт  түрлерінен республикалық  халық ойын­дарына, ҚР чемпионаттарына спортшылардың дайындығы мен қатысуын қамтамасыз  ету;

* “Қайсар” ФК-мен Премьер-лигада  үздік  алтылықты­ иелену;

* Қызылорда  қаласындағы Орталық стадионды қайта жаңғы­ртудан  өткізу.

 


КӨМЕККЕ БЕЙІМ КІТАПХАНА PDF Print Email
Жаңалықтар - Арнайы беттер
30.08.2018 11:45

Қызылорда облыстық зағип және нашар көретін азаматтарға арналған арнаулы кітапхана Мәдениет министрлігінің 1969 жылғы  12 ақпанындағы №29 бұйрығымен облыс көлеміндегі көз мүгедектеріне кітапханалық қызметті жақсарту мақсатында ашылған. Кітап қоры – 28154 дана, оның 14768-і – мемлекеттік  тілде жарық  көрген  әдебиеттер. Соның  ішінде  бедерлі-нүктелі, яғни  саусақ сезімімен  оқитын   кітап  саны – 2730, кассеталы – 8167, СД  дискалы – 1666, рулонды  кітап – 4271, жайпақ  баспа  әдебиеттер 11320 дананы  құрайды. Облыс бойынша 1199 көз мүгедегі  есепте  тұрса, оның 982-сі, яғни  82 пайызы кітапхана қызметімен қамтылған. Кітапханаға білікті  маман, іскер  азамат Нұрлан Жеңісбекұлы   2016 жылдан басшылық жасап  келеді.

Кітапхана аудан көлеміндегі оқырмандарды кітаппен қамтитын жылжымалы кітапхана арқылы сұраныстарын қанағаттандырады. Әр ауданда бөлінген кураторлар қызмет етеді. Солар арқылы кітапханашылар ай сайын іссапармен аудандарға барып, дыбыстандырылған және Брайль жүйесімен жазылған кітаптарды таратып отырады. Сонымен қатар, кітапхана қаламыздағы қарттар мен мүгедектерге арналған интернат үйіне, №5 көзі нашар көретін балаларға арналған мектеп-интернат және №7 арнайы түзету мектеп-интернат оқушыларына қызмет жасап, әдебиеттермен қамтамасыз етеді. Кітапханада өтетін мәдени іс-шаралар да мүмкіндігі шектеулі азаматтарды қатыстыра өткізіліп, қала төңірегінде шоғырланған оқырмандарға күніне екі рет кітап тасымалданып отырады.  2017 жылдың мамыр айынан бастап кітапхана жанынан дыбыс жазу студиясы жұмыс істейді. Мақсаты жергілікті ақын-жазушылардың шығармаларын оқырмандарға насихаттау және шығармашылықпен айналысатын мүмкіндігі шектеулі азаматтардың туындыларын жарыққа шығару болып табылады. Дыбыс жазу студиясы  2017 жылы 30 кітапты, 2018 жылдың ІІ тоқсанында 15 кітапты дыбыстандырып, кітап қорын жаңалай түсті. Қоғамда болып жатқан жаңалықтардан тыс қалдырмау мақсатында әр аптаның үшінші күні “Дауыстап оқу” үйірмесіне көз мүгедектері жиналып, өздері қалаған тақырыпта ақпараттар алады. І-ІІ топ көз мүгедектерінен құралған “Сырласу” клубы тоқсанына бір жиналып, жоспарлы түрде бас қосады. Клуб жетекшісі – А.Бекенова.

Арнаулы әдебиеттерге бай кітапхана – облыстағы көз мүгедектері үшін рухани азық алатын бірден-бір орын. Мұнда түрлі мәдени іс-шаралар “Қазақ соқырлар қоғамымен”, клуб үйімен бірлесіп өткізіледі. 2016 жылы – 58, 2017 жылы 64 шара ұйымдастырылса, 2018 жылы 67 мәдени шара өткізу жоспарланып отыр. Әдеби ошақтың 1-қабатында спорттық сайыстарға дайындау үйірмесі жұмыс істейді. Қазіргі уақытта кітапхана осы үйірмемен және “Орда Зағип” қоғамдық бірлестігімен келісімшартқа отырып, жұмыстарын жоспарлы түрде жүзеге асыруда. Бұқаралық ақпарат құралдары бетіне шыққан мақалаларды көз мүгедектері күнделікті кітапхананың “Дауыстап оқу” үйірмесі арқылы хабардар болып отырады. Үйірме жетекшісі – Р.Жақыпова. Көз мүгедектерінің қоғам өміріне толыққанды араласуына жағдай жасау мақсатында қалалық жұмыспен қамту орталығы арқылы І топ көз мүгедегі Аман Оралбайұлын қоғамдық жұмыспен қамтып отыр. Көз мүгедектерінің басым көпшілігі “Қазақ соқырлар қоғамының” жанындағы 5 қабатты үйде қоныс тепкен. Осы кісілердің жүріп-тұру қиындығын ескеріп еңбек ететін өндірісі, мәдениет ошағы барлығы бір жерде шоғырланған. Өйткені, көз мүгедегі бұл аумақта өздігімен қозғала алады. Сондықтан, олар үшін кітапхана рухани, мәдени мекен, жайлы жер, тіпті екінші үйі десе де болады. Кітапхана басшылығы кез келген бастаманы көз мүгедектерімен келісе отырып іске асыруды қолға алған. Аталған ұсыныстарын демеушілер мен жергілікті бюджет есебінен шешу мақсатында жұмыс істеп келеді. Арнаулы мекеме заман талабына сай мүмкіндігі шектеулі азаматтардың өздігімен жұмыс істеу үшін озық технологиялармен қамтамасыз етілген. Көз мүгедектеріне арналған тифломагнитофон, нашар көретін оқырмандарға өздігімен жұмыс істеуге ыңғайландырылған ұлғайтқыш “ОНИКС” құралы, Брайль жүйесін өздігімен үйренетін құралдар мұнда келушілерге қызмет көрсетеді. Мүмкіндігі шектеулі азаматтардың кітапхана ішінде еркін жүріп-тұру мақсатында шынжыртабанды пандус алынған.

“Кедергісіз кеңістік” бағдарламасын жүзеге асыру мақсатында 2018 жылдың   І тоқсанында арнайы лазерлі принтер, арнайы компьютер, оқу машинасы, Брайль жүйесін өздігімен үйренушілерге арналған дыбыстандырылған құрылғы, өздігімен қозғала алмайтын азаматтарға арба алынды. Кітапхана ауласы талапқа сай бетондалып, еденге тактильді пиктограммалар салынды. Қабырғаларға арнайы нұсқау тақталары ілініп, құлақтары естімейтін оқырмандарға жүгіртпелі жолдармен кітапхананың қызметі туралы ақпарат беріп тұратын арнайы құрылғы орнатылды. Көз мүгедегінің жолына бағыт беріп, үздіксіз жұмыс істеп тұратын арнайы дыбысбергіш құрылғысы орнатылды. Санитарлық бөлмелер мүмкіндігі шектеулі азаматтарға ыңғайландырылып “Кедергісіз кеңістік” бағдарламасының талаптарына  сай жасалынды.

Арнаулы кітапхана “Рухани жаңғыру” бағдарламасы аясында маусым айында Астана қаласының 20 жылдығына, Қызылорда қаласының   200 жылдығына орай “Жер бетінің жылуын жүрегіммен сеземін”, шілде айында “Менің қолымнан бәрі де келеді” атты облыстық деңгейде мүмкіндігі шектеулі азаматтар арасында ән байқауын, көркем сөз оқу шеберлерінің және қолөнер шеберлерінің сайысын өткізді. Сонымен қатар, дойбы, тоғызқұмалақтан жарыс өткізіп, түрлі сала мамандарымен кездесулер ұйымдастырылды. Соның ішінде “Нұр Отан” партиясы қызметкерлерімен, Қызылорда қаласы бойынша кірістер басқармасының мамандарымен кездесіп, жүйелі сұхбаттар ұйымдастырып тұрады. Қоғамымыздың алға қадам басуына теңізге тамшыдай болса да үлес қосуды мақсат еткен кітапхана ұжымы алдағы уақытта да осы бағыттан таймай қызмет атқаруға дайын.

Айна  БЕКЕНОВА,

Қызылорда облыстық зағип және көзі нашар көретін азаматтарға  арналған  арнаулы

кітапхананың  кітапханашысы

 


ҚЫЗЫЛОРДА ОБЛЫСЫНДА МЕРДІГЕРЛЕРДІҢ ЖАУАПСЫЗДЫҒЫНАН МЕКТЕП ПАЙДАЛАНУҒА БЕРІЛУ МЕРЗІМІНЕН КЕШІКТІРІЛУДЕ PDF Print Email
Жаңалықтар - Халық-хабар
29.08.2018 18:00

Қызылорда облысының құрылыс, сәулет және қала құрылысы басқармасының басшысы Мұхамедиса Әлсеріков «Мердігерлердің жауапсыздығы Қызылорда облысы, Жаңақорған ауданы, Аққұм ауылындағы 100 орындық мектептің пайдалануға берілетін мерзімінен кешіктіруде,»- деп хабарлады.

Басқарма басшысының айтуынша, мектеп құрылысының бас мердігері «Нұрым» ҚК» ЖШС нысанды ағымдағы жылдың шілде айында тапсыру керек болған. Дегенмен, құрылыс кестеден қалыс қалып, оқу жылының басында мектеп дайын емес.

«Мектептің құрылыс жұмыстары кесте бойынша былтыр басталды. Жұмыстың бастапқы кезеңі уақытылы жасалды, бірақ 2018 жылғы жұмыс қарқыны бәсеңдеді»,-дейді басқарма басшысы Мұхамедиса Әлсеріков.

Басқарма басшысының айтуы бойынша, қазіргі таңда жұмыс көлемінің 85%-ы орындалды,  абаттандыру, көгалдандыру және технологиялық жабдықтарды орнату жұмыстары аяқталмай отыр.

«Қоймаға заттар жеткізілгенімен мердігірлер жабдықтардың орнатылмауына байланысты әрлеу жұмыстарын уақытында бітіріп үлгермеді. Кестеден кеш қалуларына қатысты бірнеше рет ескертіліп, атап айтқанда мердігерге 3 хат, техникалық қадағалау инженеріне бір рет хат жолданды. Қазіргі таңда, мемлекеттік сатып алушының жауапсыз әрекеті үшін сотқа беріп, сонымен қатар айыппұл төлетіп, құрылысты аяқтауды міндеттеуге қатысты сот ісі басталды»,- дейді М.Әлсеріков.

Оның айтуынша, құрылыс және қабылдау жұмыстары ағымдағы жылдың төртінші тоқсанында аяқталады.

Облыстық білім  басқармасы бастығының орынбасары Құралай Ерташованың айтуынша, құрылыс аяқталғанға дейін сабақ оқу процесіне жарамды ескі мектеп ғимаратында өткізіледі.

Еске салайық, ағымдағы жылдың қаңтар айында Жалағаш ауданы, Шәменов кентінде 300 орынға арналған №34 мектеп апаттық жағдайда деп танылды. Бұл аймақтағы жалғыз апаттық мектеп болып табылады. Осы мектептің мәселесін шешу үшін қазірдің өзінде жаңа мектептің құрылысына қажетті жер беріліп, жобалық-сметалық құжаттама әзірленіп, республикалық бюджеттік комиссияның биылғы жылғы қарауына ұсынылды. Республикалық бюджеттік комиссияның оң шешімімен мектептің құрылысы ағымдағы жылы басталады деп жоспарланып отыр. Бұған дейін оқу процесі бұрынғы мектептің сабақ өтуге жарамды кабинеттерінде 2 ауысымда жүргізілетін болады.

Соңғы 5 жылда өңірде 37 апаттық мектептің орнына  45 мектеп салынған. Жаңа оқу жылында Қазалы және Жаңақорған аудандарында 300 орынға арналған жаңа мектептер пайдалануға берілді. 2017-2018 оқу жылында облыста Қармақшы және Жаңақорған аудандарында 3 білім ұясы жұмысын бастаған болатын. Бұдан басқа, жылдың соңына дейін Аралда 300 орынға және Қызылордада 600 орынға арналған мектептер салынады.

Облыс әкімінің баспасөз қызметі

 


ҚЫЗЫЛОРДАДА КОНСТИТУЦИЯ КҮНІ АТАЛЫП ӨТІЛДІ PDF Print Email
Жаңалықтар - Халық-хабар
29.08.2018 17:51

Қызылорда облыстық Н.Бекежанов атындағы қазақ музыкалық драма театрында Конституция күніне орай салтанатты шара өтті. Облыстық мәслихаттың хатшысы Наурызбай Байқадамов жиналған жұртшылықты мерекемен құттықтады.

«Конституция Тәуелсіздігіміздің кепілі ретінде бірлігімізді бекемдеп, экономикамызды нығайтуда, әлеуметтің әлеуетін арттыруда берік тұтқаға айналды. Әрине, біз, талай қиыншылық пен экономикалық дағдарыстарды, саяси сындарды бастан өткізіп келеміз. Жаңа ортаға бейімделіп қана қоймай, Елбасының бастауымен XXI ғасырдағы ең озық 30 елдің қатарына кіруді ұлы мақсат еттік. Осы  мақсатты жүзеге асыру үшін басты стратегиялық құжаттар - «Қазақстан-2050» Стратегиясы,  «Ұлт жоспары», индустриалды-инновациялық даму бағдарламалары бекітілді. Сондай-ақ, қазіргі таңда «Рухани жаңғыру» бағдарламасының өзектілігі айрықша мәнге ие болып отыр. Сыр өңірі - рухани бай мұраларымызды сақтау, оларды кеңінен насихаттау мақсатындағы жұмыстарды жүйелі түрде жүзеге асырып келе жатқан бірден-бір аймақ. Осы орайда, еліміздің толағай табыстарына Елбасы «Алаштың анасына» балаған Сыр халқының қосқан үлесі зор екенін мақтанышпен айта аламыз»,-деді облыстық мәслихаттың хатшысы Наурызбай Байқадамов.

Атап өтейік, Қызылорда облысында «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында ауқымды жұмыстар жүргізілуде. Осы ретте, республикалық және облыстық маңызы бар 150 тарихи-мәдени ескерткіш туралы толық ақпараты бар аймақтың интерактивті картасы жасалды. Облыс және аудан орталықтарында мемлекеттік рәміздер аллеясы салынып, облыста тұңғыш қазақстандық соттан тыс татуласу орталығы ашылды. Сонымен қатар, Сыр өңірінің мемлекеттік рәміздерді насихаттау және дауларды соттан тыс реттеу тәжірибесі бүкіл ел бойынша ұсынылатын болады.

Шара классикалық музыка мен халық әндерімен, олардың қатарында халықтың жүрегінен орын алған «Менің Отаным», «Қазақ вальсі», «Айналдым елім», «Астана» әндерін қызылордалық әншілер мен аймақтың этномәдени орталық өкілдерінің орындауындағы мерекелік концертпен жалғасын тапты.

Облыс әкімінің баспасөз қызметі

 


Жоспар – ауқымды, міндет – жеңіл емес PDF Print Email
Жаңалықтар - Халық-хабар
28.08.2018 17:35

Жуырда ғана 90 жылдық мерейтойын тойлаған Сырдария ауданының әлеуметтік-экономикалық дамуының динамикасы оң бағаға лайық. Құнарлы жері ауыл шаруашылығы саласының өніміне қолайлы болғандықтан, ауданға қарасты елді мекендердің дені күріш егумен айналысады. Сондықтан аудан экономикасының басты сегменті ретінде күріш шаруашылығын алға тартуға негіз бар. Әрине, күрежолдың жиегінде, теміржолдың бойында, дарияның жағасында қоныстанған ауданда атқарылып жатқан жұмыстар легі аз емес. Оған бүгін облыстық өңірлік коммуникациялар орталығында Сырдария ауданы әкімі Ғанибек Қазантаевтың қатысуымен өткен брифингте куә болдық.

Қай саланың қамын айтсақ та, алдымен қаржыға қамшы сілтейтініміз бар. Бұл ретте аудан бюджетінің түсімі 7,5 млрд теңгені құраған. Ел президенті бекітіп берген бағдарлама бағытын іске асыру үшін де қол байлайтын факторларға жол бермей, алға өрлеуге ұмтылу керек. Айталық, аудандағы берекелі істің басы-қасында «осы шаруаның нәтижесін көру үшін алдымен қаржы құю керек» деген инвесторлар табылмаса, даму көкжиегі алыстай түседі. Бұл бағытта алғашқы жартыжылдық ішінде аудан экономикасына 13,2 млрд теңге инвестиция тартылған.

- Дамудың даңғыл жолына түскен Сырдария ауданында 2018 жылдың алғашқы жартыжылдығында орындалуы тиіс жұмыстар өз деңгейінде жүзеге асырылуда. Қоғамға қажетті барлық сала жанданып, соны серпінге ие болып отыр. Мәселен, құрылыс жұмыстарының көлемі 6,3 есеге ұлғайып, 6503 шаршы метрден астам тұрғын үй пайдалануға берілді. Ағымдағы жылы Қалжан ахун ауылындағы тұтынушы тұрғын үйлердің шекарасына дейін су құбырын жеткізу желілерінің құрылыс жұмыстарын аяқтауға республикалық және облыстық бюджеттен бөлінген 171 млн теңге қаржы игеріліп, нысан пайдалануға берілді. Сондай-ақ, шағын және орта бизнесті дамытуда оң динамика қалыптасты. Аудан бойынша осы уақытқа дейін 2142 шағын және орта кәсіпкерлік субъектілері тіркеліп, өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда тіркелген кәсіпкерлік субъектілерінің саны 2,6 пайызға өсті. Жұмыспен қамтылған адам саны – 5185. Ал, ішкі туризмді дамыту мақсатында Тереңөзек кентінде орналасқан «Қалғандария 2» көлінде демалыс жағажайы ашылды. Осы жағажайды ашуға «Эко құрылыс Проджект» ЖШС өз қаражаты есебінен 11 млн теңге қаржы салып, 5 адамды жұмыспен қамтып отыр. Жағажайдың бір мезетте 60 адамға қызмет етуге мүмкіндігі бар, - деді аудан әкімі Ғ.Қонысбекұлы.

Рас, кейде судың сағасында отырып суға жарымайтын уақыттар болады. Бұл – егін шаруашылығымен айналысатындар үшін өте қолайсыз фактор. Соңғы рет мұндай су тапшылығы 1975 жылы орын алған. Биыл да соған жетеғабыл жағдайға ұшыраған, алайда күрішшілердің ауызбіршілік танытуының арқасында егін алқаптарын кезекпен суарып, бұл тығырықтан да шығудың жолын тапқан сырдариялықтарға қалайша бас имейсің?!

Жалпы, Сырдария ауданының 2016-2020 жылдарға арналған «Даму» бағдарламасы аясында кент және ауылдық округтер бойынша құны 3 млрд 282,2 млн теңгені құрайтын 141 жоба бекітілген. 2018 жылы құны 259,3 млн теңгені құрайтын 35 жоба жүзеге асырылады деп жоспарланып отыр. Қазіргі таңда 63,3 млн теңгені құрайтын 15 жоба жүзеге асырылып, 22 жұмыс орны ашылды. Бүгінгі күнге шаруашылық құрылымдар еткен еңбегі мен төккен терінің бастапқы жемісін көріп те үлгерді. Аудан көлеміндегі 500 гектар жаздық бидайдан 7471 центнер өнім алды. Ескі жоңышқа дақылының екінші орымы аяқталып, 15 мың 365 тонна құнарлы мал азығы жиналып, орта өнімі 30,3 центнерді құрап отыр. Күріш дақылының 18 мың 500 гектары тыңайтқыштармен қоректендіріліп, гербицидпен өңделді. Аудандағы егін шаруашылығын субсидиялау бюджеттік бағдарламалары бойынша бюджеттен ауыл шаруашылығы құрылымдарына 2018 жылы тұқымға 104 млн 200 мың теңге субсидия игерілген.

Сонымен қатар аудан бойынша әлеуметтік маңызды тауарлардың бағасын тұрақтандыру, азық-түлік тауарлар бағаларының өсуін болдырмау мақсатында тұрақты түрде мониторинг жүргізілуде. Қызылорда қаласының, еліміздің, облыстың қалаларының, жақын және алыс шет елдердің көтерме сауда орындарынан алған негізгі азық-түліктердің бағасын аудан тұрғындарына бөлшек сауда жасау барысында 5 пайыздық үстемеден асырмау жөнінде 2018 жылы аудан бойынша әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағасын тұрақтандыру бойынша 116 дана сауда нүктелерімен меморандумдарға қол қойылған. Бұл аудан халқының әлеуметтік ахуалын тұрақты деңгейде ұстап тұру үшін жасалып отырған жағдай. Бұйыртса, келер жылы ауданды газдандыру жұмыстары қолға алынады. Бүгінде ауданға қарасты А.Тоқмағамбетов ауылдық округінің шет жағынан автоматты газ тарату станциясы салынуда.

Айта кетейік, аудандағы барлық шаралар Астана қаласының 20, Қызылорда қаласының 200 және Сырдария ауданының 90 жылдығы аясында ұйымдастырылуда. Мемлекет басшысының «Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері» атты Қазақстан халқына Жолдауын насихаттау барысында біршама жұмыстар атқарылып келеді. Алдағы жылдың жоспары да ауқымды, міндеті де жеңіл емес.

Н.ҚАЗИ

 


Жалағаш жан-жақты жетістікке иек артты PDF Print Email
Жаңалықтар - Халық-хабар
28.08.2018 17:30

Кеше өңірлік коммуникациялар қызметінде Жалағаш ауданының әкімі Қайратбек Сәрсенбаев 2018 жылдың I жартыжылдығында атқарған жұмыстары туралы есеп берді. Ауданда жүргізіліп жатқан жұмыстар негізінен әлеуметтік саланы дамытуға, бірінші кезекте әлеуметтік міндеттемелерді уақытылы орындауға, шағын және орта кәсіпкерлікті дамытып, жаңа жұмыс орындарын құруға, аудан экономикасын өсіруге бағытталған екен.

Өңірде 2018 жылдың 1 шілдесіне өнеркәсіп өнімдерін өндіру көлемі өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 20 пайызға артып, 3 млрд теңгеге жеткен. Негізгі қорға тартылған инвестицияның бағалау көлемі 2 млрд 543 млн теңгені құрап (2017 жылы – 1 млрд 184 млн теңге), өткен жылдағы бағамен салыстырмалы түрде алғанда 2 есеге өскені байқалады.

- 2018 жылғы ауданның бюджеті 7,1 млрд болып бекітілген болатын. Жыл басынан аудан бюджеті 2 мәрте нақтыланып, 5 мәрте түзету енгізілді. Осы өзгерістердің қорытындысында аудан бюджетіне 993,4 млн теңге ағымдағы нысаналы трансферт, 688,2 млн теңге көлемінде нысаналы даму трансферттері бөлінді. Бүгінгі күнге аудан бюджетінің көлемі 8 млрд 65 млн теңгеге жетіп отыр. Аудан бюджетінің жалпы түсімдер болжамы 8 млрд 27 млн теңгеге нақтыланды, - деді аудан басшысы брифинг барысында.

Жыл басынан бері аудан бойынша 1 млрд 770 млн теңгенің ауыл шаруашылығы өнімдері өндірілген. Өңірдегі өнімнің өнімділігі өткен жылмен салыстырғанда 2,1 пайызға артқан. Әлбетте, балапанды күзде санайтынын ескерсек, жыл аяғында көрсеткіштердің мұнан да еселене түсетініне сенеміз. Сондай-ақ, жалағаштық шаруалар мал басын арттыру мақсатында мемлекет ұсынған бағдарламаларды тиімді пайдаланып келеді. Соның нәтижесінде төрт түлік мал басы былтырмен салыстырғанда мүйізді ірі қара – 1,5 пайызға, жылқы – 13 пайызға, түйе – 10,8 пайызға, үй құстары 23,5 пайызға артса, қой – 99,9 пайызды, ешкі 99,7 пайызды құрады. Есепті мерзімде ет өндіру – 2,4 пайызға, сүт өндіру – 1,4 пайызға, жұмыртқа 2,9 пайызға артып отыр.

Ағымдағы жылдың 1 шілдесіндегі мәліметке сүйенсек, ауданда 2350 шағын кәсіпкерлік субъектісі тіркелген. Бұл кәсіпкерлік субъектілерінде 8500-ден аса адам жұмыс істейді. Аудан бойынша жалпы халық саны 35985 адам болса, оның ішінде экономикалық белсендісі – 17770 (оның ішінде жұмыссыздар – 908). Жұмыссыздық деңгейі 5,1 пайызды құраса, өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 0,1 пайызға ғана төмендеген. Брифинг соңында дәл осы жайтқа байланысты Сәрсенбаевқа сауал жолданды. Өз кезегінде әкім де құлақ үйренген үйреншікті жауаппен құтылды.

“Еңбек” нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған бағдарламасы” аясында жыл басынан бері 1167 адам жұмыс іздеуші ретінде хабарласып, олардың ішінде 571 адам жұмысқа орналасты.

Жиын барысында Жалағаш билігі “жастардың толыққанды білім алуына жан-жақты жағдай жасап отырмыз” дегенді айтып қалды. Жалпы, ол жақта білім беру сапасы жылдан-жылға жоғарылап келеді екен. Нақтылайық. ҰБТ қорытындысымен биылғы жылы облыс бойынша аудандар арасында бірінші орынды иеленді. Бұл – бір. Көрсеткіш 87,5 балды құрап, былтырғы жылмен салыстырғанда 5,9 балға өскен. Ұлттық бірыңғай тестілеу бойынша аудан облыста алдыңғы қатарда. ҰБТ-ға қатысушылардың мемлекеттік грантпен ЖОО-на түсу көрсеткіші бойынша да аудандар алдында. Бұл екі болсын. Ал, үшіншісі мектептерге ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізіліп, бұл мақсатқа 17 млн теңге жұмсалған. Яғни, қолдау бар.

Ағымдағы жылы облыс әкімі Қ.Көшербаевтың қолдауымен Жалағаш аудандық орталық ауруханасының жаңа ғимараты құрылысына жобалау-сметалық құжаттама әзірлеу үшін 32 млн теңге қаралды. Қазіргі таңда жоба-сметалық құжаттары әзірленіп, мемлекеттік сараптамадан өткізілді. Республикалық бюджет қаражаты есебінен аурухана құрылысы салынатын болады. Жоба құны – 4 млрд теңге. Сонымен қатар, ауданда жеке тұрғын үй салушылар қатары да жыл сайын артып келеді. Жеке сектор есебінен есепті мерзімге 26, яғни жалпы алаңы 4213 шаршы метр болатын тұрғын үй пайдалануға берілді.

Бүгінде аудан көлемінде республикалық маңыздағы 91 шақырым, облыстық маңыздағы 32 шақырым автомобиль жолы қанағаттанарлық жағдайда. Бір өкініштісі, Жалағаштың барлық елді мекендерінде электр жүйелерінің тозығы жеткен. Аталған мәселе төңірегінде аудан әкімі былайша жауап қатты.

- Аудан бюджетінен бөлінген 2,9 млн теңгеге Жалағаш кентіндегі Абай, Әйтеке би, Бұқарбай батыр, Желтоқсан көшелерін жарықтандыру жұмыстарына жобалау-сметалық құжаттар әзірленіп, қазіргі таңда мемлекеттік сараптамадан өтуде. Алдағы уақытта облыс әкімнің тапсырмасына сәйкес, ауданның электр жүйелерінің тозығы жеткен Аққұм, Аққыр, Бұқарбай батыр, Жаңадария, Жаңаталап, Мәдениет елді мекендерінің электр жүйелеріне қайта жаңғырту жұмыстарын жүргізу жоспарлануда, - деді Қ.Әубәкірұлы.

Жыл басынан ауданда мәдениет саласы бойынша 1160 мәдени-көпшілік шаралар өткізіліп, оған 87 964 көрермен тартылған. Бұқаралық спортты дамытуға 23,3 млн теңге қаржы бөлінсе, ауданның 9767 тұрғыны бұқаралық спортпен тұрақты айналысып келеді, бұл жалпы тұрғындардың 27,1 пайызын құрап отыр. Ағымдағы жылдың алты айында 70 спорттық іс-шара өткізіліп, оған 10 144 аудан тұрғыны қатысқан. Сондай-ақ, аудан көлемінде қоғамдық тәртіпті қамтамасыз ету және қылмыстың алдын алу бағытында біршама жұмыстар атқарылып келеді.

Рыскелді  СӘРСЕНҰЛЫ

 


Құрметті қызылордалықтар! PDF Print Email
Жаңалықтар - Халық-хабар
28.08.2018 16:43

Сіздерді азаттығымыздың айғағы, тәуелсіздігіміздің тұғыры – Қазақстан Республикасының Конституциясы күнімен шын жүректен құттықтаймын!

Бұл айтулы мереке – біздің мемлекетіміздің, халқымыздың басты мерекелерінің бірі.

Мемлекет басшысы «Елдігіміздің алтын арқауы, толағай табыстарымыздың бастау қайнары, жарқын болашағымыздың бұлжымас бағдары», - деп бағалаған Ата Заңымыз, қазақстандық қоғамның одан әрі саяси дамып жетілуіне, әлемдік аренадағы беделінің нығая түсуіне негіз қалады.

Азаматтардың өмiрiн, құқықтары мен бостандықтарын басты құндылыққа айналдырған елімізде халықтың тұрмыс-тіршілігін түзеп, әл-ауқатын арттыруға барлық жағдай жасалуда.

Демократиялық құндылықтарды бекітіп, құқықтық тұғырымызды берік орнықтырып берген Ата Заңымызды әрқашан да қастерлеу, құрметтеу, оны насихаттау – басты парызымыз.

Біздің бостандығымыз бен еркіндігіміздің, рухани жаңғырудың, жарқын болашағымыздың берік тұғыры, еліміздің гүлденуі мен өркендеуінің, ілгері өрлеуінің бастау бұлағы - Қазақстан Республикасы Конституциясы күні тағы да құтты болсын!

Жарқын болашақтың берік тұғыры, еліміздің дамып, өркендеуінің кепілі – Конституциямыздың мерейі мәңгі биік болсын!

Ынтымағы мен бірлігі жарасқан қызылордалықтар кемел келешекке Ата Заңымыздың игіліктері арқылы жете бергей!

Ұлық мерекеде баршаңызға бейбіт өмір, шаңырақтарыңызға шаттық, баянды бақыт тілеймін.

 

Ізгі ниетпен,

Қызылорда қаласының әкімі                                            Н. Нәлібаев

 


Қызылордада 18-ші республикалық ҚЖИ слеті аяқталды PDF Print Email
Жаңалықтар - Халық-хабар
28.08.2018 13:58

Ғ.Байтасов атындағы 18-ші республикалық қозғалыстың жас инспекторлары слеті аяқталды. Шараны Қызылорда облысының ІІД мен Қызылорда облысының әкімдігінің қолдауымен ҚР ІІМ Әкімшілік полиция комитеті ұйымдастырды. Слет «Арай Sunrise» балалар лагерінің кешенінде өтті (Қызылорда қ.),-деп xабарлайды ҚР ІІМ Әкімшілік полиция комитетінің баспасөз қызметі.
"Мұндай форум өңірлік жарыс жеңімпаздарының қатысуымен 2001 жылдан бері жыл сайын өтеді. Биылғы слет ҚЖИ қозғалысының 45 жылдығына арналды",-деді ҚР ІІМ ӘПК-нің ресми өкілі. Жарысқа республика бойынша 16 команда қатысты. Сондай-ақ, Беларусь, Қырғыз Республикасы және Ресей Федерация секілді елдері бөлек команда ретінде қатысты.
Жарыс 8 сайыстан құралды: «Сапты қарау», «Жас реттеуші», «ЖҚЕ білгірлері», «Жас санитар», «Білімділер турнирі», «Агитбригад байқауы», велосипедті мәнерлеп жүргізу және автоқалашықта велосипедті жүргізу бойынша жарыстар. Сондай-ақ, полиция қызметкерлері мен білім беру саласы мамандарының арасында да жарыс өткізілді. Жарыстың ең негізгі бөлімдерінің бірі жол қозғалысы ережесіне қатысты білімдерін тексеру болды. Ересектер жол жүру куәлігін алар кезде орындайтын тапсырмаларға балалар 15 минутта жауап берді. Бұл ойында Астана командасы оза шапты, олар бірнеше минутта тапсырманы орындап, жоғары балға ие болды. Жас инспекторлар саптық тексеру кезінде сапта жүру, түрлі қимылдарды орындау, салтанатты марштарымен полицейлерді таңғалдырды. Бұл сайыста қостанайлық команда үздік атанды.
Велосипедпен мәнерлеп жүру жарысында Беларусия және Павлодардан келген ҚЖИлықтар ерекше көзге түсті.
Жыл сайын ерекше ықыласқа бөленіп жүрген агидбригад сайысы. Қатысушылар 5 минуттың ішінде Жол қозғалысы ережелері туралы ән, тақпақ, т.б.шығарып, сол арқылы қазылар алқасы мен залдағы қонақтарға жол ережесін сақтау маңыздылығы туралы ой салу керек. Республикалық слет 10 күнге жалғасты. Оқушылар жол полициясының құрылу тариxы, жол-көлік оқиғасынан кейін алғашқы көмек көрсету және жол қиылысындағы қозғалысты реттеу машықтарымен бөлісті.
Сондай-ақ, слет барысында қозғалыстың жас инспекторлары үшін мектептерде ҚЖИ жасақтарының жұмысын ұйымдастыру, жол-көлік апаты кезінде алғашқы медициналық көмек көрсету, ал полиция қызметкерлері үшін ТМД елдерінен келген әріптестері жолдағы балалардың жарақаттануын алдын алу бойынша тәжірибе алмасу семинар-тренингін өткізді.
"Ресейде де жыл сайын ҚЖИ слеті өткізіледі. Сонымен қатар, біз мемлекетаралық ҚЖИ байқауын ұйымдастырамыз. Ол жерде қазақстандық команда жақсы нәтиже көрсетеді",-деді Ресей Федерациясының өкілі Сергей Ханцкевич.
Жалпы, республикалық ҚЖИ слетінің қатысушылары сапалы дайындықтары мен конкурс бағдарламасының негізгі номинациялары бойынша жақсы нәтиже көрсетті.

 


БІЛІМ БЕРУДІ ДАМЫТУ - БАСТЫ НАЗАРДА PDF Print Email
Жаңалықтар - Халық-хабар
28.08.2018 09:39

Кеше Жосалы кентінде білім қызметкерлерінің «Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы адами капитал» тақырыбындағы тамыз конференциясы өтті.

Шараға аудан әкімінің орынбасары Е.Меңлібаев және облыстық білім басқармасы басшысының орынбасары Ж.Шынтасов, аудандағы білім беру ұйымдарының басшылары мен мұғалімдер қатысты.

Биылғы жылы ауданда 652 мектеп бітірушіден 458-і (70,2%) ұлттық бірыңғай тестілеуге қатысып, орташа балл 83,7 көрсеткішті құрады. Бүгінгі күні 652 бітірушіден 310 оқушы (47,5%) жоғарғы оқу орнының грантын иеленді. 2017-2018 оқу жылының қорытындысымен 25 бітіруші «Алтын белгіге», 17 бітіруші «Үздік аттестатқа» ие болды. Республикалық олимпиаданың облыстық кезеңіне ауданнан 15 мектептен 27 оқушы қатысып, 12 оқушы жеңімпаз атанып, облыс бойынша Қармақшы ауданы 2-орынды иеленді.

«Цифрлық Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасының аясында білім беруді цифрландыру (компьютермен қамтылуы, электронды журналға көшу, Bilimland және т.б. электронды әдістемелік ресурстарын пайдалану, робототехника, 3D принтер кабинеттерімен қамтамасыз етілуі, Интернет жылдамдықтары, WI-FI) жұмыстары барлық білім беру мекемелерінде басшылыққа алынуда.

Атап айтсақ, 2017-2018 оқу жылында 12 мектеп (№26, №27, №30, №80, №85, №99, №105, №107, №121, №183, №250,№269) «Күнделік KZ» бағдарламасымен жұмыс істесе, 2018-2019 оқу жылында барлық мектептер  электронды күнделікпен толықтай жұмыс жүргізетін болады.

Кеңес соңында ауданымыздың білім беру мен тәрбиелеуде нәтижелі көрсеткіштерге қол жеткізген ұстаздарға ҚР Білім және ғылым министрлігінің және облыстық білім басқармасының Құрмет грамоталары мен аудан әкімнің алғыс хаттары табысталды.

А.Қозыбақов,

аудан әкімінің баспасөз хатшысы

 



<< Бірінші < Алдыңғы 1 2 3 4 5 6 7 8 9 10 Келесі > Соңы >>

Күнтізбе

< Тамыз 2018 >
    1 2 3 4 5
6 7 8 9 10 11 12
13 14 15 16 17 18 19
20 21 22 23 24 25 26
27 28 29 30 31    

Сауалнама

Аса мәртебелі шенеуніктердің қылмысқа шатылып жатқандығы нені аңғартады?
 

Ауа райы

Валюта бағамы

Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі валюталардың ресми бағамдары