Өзекті мәселелер

  • 06.12.18

    «ЖУСАНДА  ТУҒАН  ЖЕРДІҢ  ИІСІ  БАР»

    Қазақ елі сонау «қарағай басын шортан шалған» ХІХ ғасырға дейін, ұлт тағдырының сілкіленіп, ұлттық сана ояна бастаған ХХ ғасырда да өзінің тегеуріні мықты ел екенін дәлелдеді. Киіз туырлықты қазақ санасындағы рухан­и-мәдени жетілу мен әлеуметтік-экономикалық салада өрлеу секілді мақсаттары заман көшіне ілес...

    Толығырақ...
  • 06.12.18

     

    Ерғали  АБДУЛЛА

     

    АРТЫҚШЫЛЫҚ   пен  КЕМШІЛІК

    Оның көп артықшылығы бар: гү...

    Толығырақ...
  • 06.12.18

    * Ерлердің психикасы зейіннен тоқылған. Ол жай өмір сүре алмайды. Ол биікке ұмтылуы керек.­ Еркек қатты жерде ұйықтап, суық сумен шайынып, ерте тұруы қажет.

    * Ер адам әрдайым өзінің жаман­ қылықтарын тыйғаны жөн. Өзіне ұсақ-түйек жеңілдік жасамауы  керек.

    * Қалаған нәрсесіне жету үшін ол мақсат қойып қимылдайды. Бұл – ер-азаматтың таби­ғаты. Сыйласатын ортасында өзіндік орны бол...

    Толығырақ...
  • 06.12.18

    Жалпы, өзімді жаман адам не ұсқынсыз қызбын деп айта алмаймын­. Жоғары қызметім бар. Адамдармен қарым-қатынасым да жақсы. Бір әттеген-ай дейтінім, осы уақытқа дейін екінші жар­тымд­ы жолықтырып, асыл жар атана алмадым. Жасым 34-те. Бұған дейін карьера құрып, өз жағдайымды өзім жасап алғым келді әуелі. Бір кездері мен үшін арман болған, одан соң мақсатыма айнал­ған марапаттың барлығына жетті...

    Толығырақ...
  • 06.12.18

    Бір сәт аспаннан ақша жауғандай күйге еніп, мол қаржыны қайда жұмсарыңызды білмей қалған мезетте... Мұндай көңіл күйді көбіне несие алған кезде сезінеріміз сөзсіз. Ал ай сайын алатын жалақыға телміріп отырған­ қарапайым халыққа бұл аса таңсық жағдай емес. Иә, өте көп мөлшердегі қаражатты алып, қалтамызды қампайттық делік. Ары қарай қайда жұмсаймыз? Бұрындары тұрмыстық техника, автокөлік немесе ...

    Толығырақ...
Тамыз 2018

Экономиканың дамуында кәсіпкерлердің үлесі басым PDF Print Email
Жаңалықтар - Халық-хабар
28.08.2018 09:30

Қазалылық кәсіпкерлер жарап тұр. Ауданда жыл басынан бері 8 миллиард теңгенің өнімі өндіріліп, экономиканың дамуына айрықша үлес қосқан. Бұл туралы аудан әкімі Мұрат Ергешбаев БАҚ өкілдеріне берген брифинг барысында мәлімдеді.

- Негізінде, әрбір саланың тынымды тірлігінің арқасында аудан экономикасы артып келеді. Оған дәлел – осы жылғы бюджет 21 миллиард теңгені құрап отыр. Тарқатып айтқанда, республикалық бюджеттен 6 миллиард 366 миллион теңге, облыстық бюджеттен 2 миллиард 379 миллион теңге, аудандық бюджеттен 12 миллиард 25 миллион теңге бөлінген. Оның ішінде өз кірістеріміз 2,1 миллиард теңгеге жетті. Аудан экономикасын одан ары көбейтудің бірден-бір тірегі – кәсіпкерлік. Жыл басынан бері кәсіпорындардың өндірген өнімі өткен жылдың 6 айымен салыстырғанда 9 пайызға артық, - деді аудан әкімі өз сөзінде.

Аудан экономикасына мұндай түсімнің болуы – ең алдымен кәсіпкерлерді қолдаудың деңгейі жоғарылығынан. Осы ретте мемлекет тарапынан ұсынылған бағдарламаларды қазалылық бизнес иелерінің тиімді пайдаланып отырғанын айта кетейік. Биылғы 6 айда кәсіпкерлердің 89 жобасы бойынша 375 миллион теңге несие алынған. Мұнан бөлек, 2-ші деңгейлі банктер арқылы да 21 кәсіпкер 561 миллион теңге несие алып, кәсібін реттеген.

Мұндағы айшықты жаңалықтардың дені – ауыл шаруашылығы саласында. Аймақ мал бағып, егін егуге жақсы бейімделген. Демек, аграрлы саланың алар асуы мол деуге әбден болады. Айталық, биыл асыл тұқымды мал шаруашылығын дамыту, мал шаруашылығы өнімдерінің өнімділігін және сапасын арттыруға бағытталған 118 өтінім қабылданып, 583,7 миллион теңгенің субсидиясы төленген. Ал егін шаруашылығы бойынша 17 790 гектар жерге дәнді дақылдар орналастырылыпты. Қазіргі күні аудан меншігінде 1 миллион 556 мың гектар ауыл шаруашылығы мақсатындағы жер болса, оның 22 500 мың гектары – егістік жері. «Егін және мал шаруашылығын дамыту үшін алдымен ауыл шаруашылығы жерлерін тиімді пайдалануымыз керек» деді Мұрат Нәлхожаұлы.

Күн тәртібіндегі кезекті мәселе – бұқараның тіршілік көзімен қамтамасыз етілуі. Аудан әкімінің сөзінше, бүгінде ауданға қарасты барлық ауылдарға ауызсу жеткізілген. Дегенмен, 6 ауылға сервистік желі әлі тартылмаған болатын. Бұл түйткілдің түйіні тарқатылған. Биыл 2 ауылға республикалық бюджеттен сервистік желі тартылады. Ал қалған 4 елді мекенді сервистік желіге қосу үшін бюджеттен 20 миллион теңге бөлініп, жоба-сметалық құжаттары дайындалған.

Қазіргі таңда Әйтеке би кентіндегі тұрғын үйлердің 65 пайызы көгілдір отынның игілігін көріп отыр. 5182 тұрғын үй газбен қамтылса, 173 үй жобадан тыс қалыпты. Осыған орай газ желісі жүргізілмеген тұрғын үйлерді көгілдір отынға бейімдеу жұмыстарына жергілікті бюджеттен 12 миллион теңге бөлінген. Әлеуметтің әлеуетін тілге тиек еткенде, аудан әкімі көпір құрылысы туралы айналып өтпеді. Көптен бері жүзеге асырылмай келе жатқан жұмыстарға бүгінде жан бітуде. Өткен жылы «Әлсейіт» өткелінде темірбетон көпірінің құрылысы басталған болатын. Биыл көпірдің құрылысына республикалық және облыстық бюджеттен 891 миллион теңге қаржы қаралып, жұмыс жалғасын тапты. Сондай-ақ Қожабақы мен Бекарыстан би ауылдарының аралығындағы «Аяған» көпіріне қайта жаңғырту жұмыстарын бастауға облыстық бюджеттен 20 миллион теңге қаралған. Мұрат Ергешбаев қыркүйек айында көпірдің құрылыс жұмыстары басталатынын айтты.

Қазалы ауданындағы білім саласын өркендетуге биыл 9 миллиард теңге бөлінген. Бұл – аудандық бюджеттің 48 пайызы. Қазір ауданда апатты жағдайдағы мектептер мүлдем жоқ. Аудан бюджетінің жартысына жуығы білім саласына жұмсалса, құйылған инвестиция текке кетпейтіні сөзсіз. Денсаулық сақтау саласы бойынша да бірқатар жетістіктер бар. Жыл басынан бері жаңа аурухана пайдалануға берілген. Облыс әкімі Қ.Көшербаевтың қолдауымен «Ангиограф» медициналық аппараты алынғалы жатыр. Ақ халаттылар аталмыш аппаратпен қазан айында науқастарға қызмет көрсетуді бастайды. Айта кету керек, бұл аппарат Қазалыдан бөлек Қармақшы, Арал аудандары, Байқоңыр қаласының тұрғындарына да арналған.

Қоғамның басты дертінің қатарында жұмыссыздық мәселесі де менмұндалайды. Бүгінде аудандағы жұмыссыздық деңгейі 4,9 пайызды құрап отыр. Жыл басынан бері ауданда 682 жаңа жұмыс орны ашылса, оның 669-ы тұрақты. Жұмыссыз адамдардың санын азайтып, оларды тұрақты жұмыспен қамту үшін аудан әкімдігі тарапынан бірқатар жұмыстар атқарылуда.

Ж.Қойшыбекова

 


Сыр құрылысы – елдің ырысы PDF Print Email
Жаңалықтар - Халық-хабар
27.08.2018 18:08

Тамылжыған тамыздың екінші жексенбісі – құрыш қолды құрылысшылардың мерекесі. Өткен аптада айтулы күнге орай облыс әкімі Қырымбек Көшербаев құрылыс саласының майталмандарын марапаттады.

- Құрылысшылардың ерен еңбектерінің арқасында бүгінгі күні біздің өңіріміз құрылыс қарқыны бойынша алдыңғы қатарда келеді. Соңғы бес жылда 200 әлеуметтік нысанды пайдалануға бердік. Жалпы ауданы 2 миллион шаршы метр тұрғын үй ел игілігіне беріліп, 7 мыңнан астам қызылордалық қоныстойын тойлады. Биылғы жылдан бастап тұрғын үй құрылысының «Орда» жол картасы жүзеге асырылатын болады. Облыс бойынша 1747 пәтерді құрайтын 69 тұрғын үйдің құрылысы, сонымен қатар, Сырдария өзенінің сол жақ жағалауын игеру жұмыстары да қарқынды жүргізілуде, - деді аймақ басшысы.

Бұл күні Сыр өңірі сәулетінің дамуына үлес қосып, елдің ырысын тасытып жүрген құрылысшылар қауымының мерейі биіктеп, абыройы асқақтай түскендей. Салтанатты шарада құрылыс саласының ардагері, зейнеткер Н.Минуаров, Ә.Тұрғанов, «Ахат+ГС» ЖШС-нің құрылыс бойынша жұмыс өндіруші, шебері Зайнабидин Савлябеков, «РЗА» АҚ-ның бөлім басшысы М.Лепесовтің кеудесінде ҚР Инвестициялар және даму министрлігінің «Құрметті құрылысшы» төсбелгісі жарқырады. Құрылысшылар еңбегіне сүйсінген өңір басшысы аталмыш министрліктің «Құрмет грамотасымен» зейнеткер, құрылыс саласының ардагері М.Еркебаев, М.Қозыбаевты марапаттады. Мұнан өзге де еселі еңбегімен көзге түсіп жүрген кәсіпқойлар дәл осы күні құрмет биігінен көрінді.

-Барша құрылысшы әріптестерімді мерекемен құттықтаймын. Осы сала жаныма жақын, жұмысымды жақсы көремін. Айтулы күнге орай ҚР Инвестициялар және даму министрлігінің «Құрмет грамотасымен» наградталдым. «Қазақстан Республикасының дамуына, өркендеуіне қосқан үлесі мен мінсіз қызметі үшін марапатталады» деп жазылған екен. Қуаныштымын! Еліміз үшін әрдайым қызмет етуге дайынмын, - деп жылы лебізін білдірді құрылысшы Асхат Несіпбаев.

Сала үздіктері сый-құрметке бөленіп, қуанышты нотада басталған мереке соңы ән мен биге ұласты. Эстрада жұлдыздары А.Жеменей мен А.Қосанова ән шырқап, жиналған жұртшылық көңілін бір шалқытып тастады. Ал әнші Ақылбек Жеменейдің «Қызыл өрігіне» қол соғып, қошеметтемеген адам қалмаған шығар. Осылайша мәдениет үйіндегі халық құрылысшылар күнін шат-шадыман көңіл күймен атап өтті.

Ғажайып сұлулығымен көз тартатын немесе құрылысы тозған ғимараттың өзінен құнды ақпаратқа қанығуға болады. Себебі сәулет өнері – оны жасаған қоғамның өмірінен сыр шертетін айрықша дереккөз. Онда өнер мен білім, талант пен талғам тоғысады. Сол заманның мәдени ерекшеліктері, идеологиясы, ғылым мен техникасының қауқары туралы да біле аласыз. Бір сөзбен, құрылысшыларға артар жауапкершілік жүгі жоғары. Ендеше тұтас бір дәуірдің естелігін жеткізетін қолы алтын мамандарға «Қызметіңіз өрлей түссін!» дейміз.

Ж.БАҒЛАНҚЫЗЫ

 


Жұмыспен қамту – ортақ міндет PDF Print Email
Жаңалықтар - Халық-хабар
27.08.2018 17:58

«Қазақтың жаманшылыққа үйір бола беретұғынының бір себебі – жұмысының жоқтығы. Егер егін салса, я саудаға салынса, қолы тиер ме еді?» деп ұлы Абай өзінің қырық екінші қара сөзінде айтқан. Толығымен келіспесек те, жұмыссыздықтың кесірі тиіп жатқан кертартпа тұстар аз емес. Қолында – бір жапырақ қағазы, санасында – өзі меңгерген саланың сан шатпағы. Бірақ оның ешкімге тигізіп жатқан пайдасы жоқтың қасы. Әрине, жұмыссыздықтың салдарымен күресу – экономикалық белсенді халықтың да жүктемесінде бар міндет. Өйткені, жұмыссыздардың барлығы бірдей мемлекет қарамағындағы қызметкер болуы шарт емес, олай болуы да екіталай. Сондықтан қалалық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімі тұрақты түрде «Бос жұмыс орындарының жәрмеңкесін» өткізіп келеді. Бірі үмітпен келеді, бірі сеніп, бірі қайтсем де жұмысқа орналасамын деп талпынып келеді. Бұл жолы да ұйымдастырылған жәрмеңкеге келушілер көп. Барлығының қолында – бір-бір папка, көздерінде – үміт.

Жалпы, әлеуметтік ахуалды көтеру, еңбек өнімділігін арттыру және жұмыссыздық деңгейін төмендету мақсатындағы барлық жұмыстар «Нәтижелі жұмыспен қамту және кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған бағдарламасы» аясында жүргізіліп келеді. А.Тоқмағамбетов атындағы қалалық мәдениет үйі ғимаратында өткен жәрмеңкеде 37 мекеме 136 бос жұмыс орнын ұсынды.

- Мемлекет басшысы әрқашанда әлеуметтік тапсырмалардың дұрыс әрі тиімді атқарылуын қадағалап отыр. Бүгінгі іс-шара да осы жұмыстардың айқын дәлелі. Тиянақты жұмыстардың нәтижелі шешіліп жатқанына қуаныштымыз. Кеше ғана Сырдария ауданында осындай шара өтіп, бірқатар тұрғын жұмыспен қамтылды. Бұл – жастар үшін үлкен мүмкіндік. Бүгін де жұмыс іздеушілердің басым көпшілігі жұмысқа орналасса, онда нәтиженің табысты аяқталғаны. Егер мұндай мүмкіншілік болмаса, сіздерді ақысыз, техникалық мамандық игеруге шақырамын, - деді «Нұр Отан» ХДП-ның республикалық қабылдауының бас кеңесшісі Ж.Жүкенов.

Шара барысында жұмыс беруші мекемелердің ішінде медициналық ұйымдар жалпы тәжірибелік дәрігер, педиатр, хирург, терапевт, невропатолог, лаборанттарды, балабақша мекемелері тәрбиешінің көмекшісі, тәрбиешілерді, өндірістік мекемелер іс жүргізуші, маркетолог, кассир, бас бухгалтерді, мектептер бастауыш сынып мұғалімін, ірі және шағын мекемелер электрик, слесарь, ұста, электродәнеркерлеуші мамандарды жұмысқа қабылдауға дайын екендерін көрсетті.

- Бүгінгі жәрмеңкеге халық көптеп келуде. Жұмыссыз жүрген тұрғындар үшін үлкен мүмкіндік деп білемін. Әр мекеменің табалдырығын тоздырып, іздеп жүргеннен гөрі бір жерде, бір орыннан, бір мезетте бірнеше бос жұмыс орнын көріп, таңдай алады. Жалпы, бос жұмыс орындарының жәрмеңкесі биыл 8-інші рет ұйымдастырылып отыр. Сондай-ақ, жыл басынан бері қалалық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөліміне 7839 адам жұмыс іздеуші ретінде тіркелсе, соның 4576-сы тұрақты жұмысқа орналасты. Ал жәрмеңке көмегімен 2000-ға тарта адам жұмыспен қамтамасыз етілді. Бүгінгі жәрмеңкеде мектептердің үлесі көп. Жаңа оқу жылының басталуына орай мамандардың сұранысы да жетерлік, - деді қалалық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімі басшысының орынбасары А.Қиясова.

Бүгінде қала шеңберіндегі жұмыссыздықтың үлесі 4,7 пайызды құрап отыр. Бөлім қаладағы барлық жұмыс беруші мекемелермен тығыз байланыста. Десек те, халықтың сұранасын қанағаттандыру үшін арнайы мемлекеттік бағдарлама аясында түрлі оқу курстары да ұйымдастырылуда. Шыны керек, жұмыс іздеушілердің ауыр, техникалық жұмыстарға ниеті шамалы. Ал жұмыс беруші ретінде келген Қызылорда облысы бойынша Сот сараптама орталығының өкілі сот сарапшылары мен лаборант мамандарын іздей келіпті.

- Бүгінгі жәрмеңкеге мекемеге жетіспей жатқан мамандарды жұмысқа шақыру үшін келдік. Келіп, ақпарат сұрастырып кетушілер бар. Алайда көбісі – орта медициналық білімді мамандар. Ал бізге жоғары медициналық оқу орнын тамамдаған мамандар қажет. Мейірбике ісіне жұмыс сұрайды. Бізге ол мамандық жарамайды. Сондықтан әзірге қажет маман табылмады, - дейді мекеме заңгері Гүлжайна Исмаилова.

«Нәтижелі жұмыспен қамту және кәсіпкерлікті дамыту – 2020» бағдарламасы аясында жыл басталғалы 131 адам әлеуметтік жұмыс орындарына жолданған. Айтпақшы, жәрмеңкеден жолдама алғанА.Айтбай да жұмысқа орналасқанын хабарлады. Жастар тәжірибесіне сүйенген 383 жас мамандарға да жұмыс ұсынылды. Сондай-ақ, 1774 адам қоғамдық жұмысқа тартылып, 671 жұмыссыз адам қысқа мерзімді курстарға жолдама алса, 65 адам кәсіп ашып, оны кеңейту үшін шағын несиеге қол жеткізген.

Н.ҚАЗИ

 

 


Қарлығаш Тураева, қала тұрғыны:

- Бүгін «Бос жұмыс орындарының жәрмеңкесі» болатынын естіп, ұлым мен қызыма жұмыс іздеп келдім. Ұлым әскерге барып келген, жұмыссыздықпен есепте тұрады. Бұған дейін құрылыс саласында жұмыс істеді. Қызым да Қорқыт ата атындағы ҚМУ-дың «Әскери дайындық» бөлімін бітірді. Ол да 3 жылдан бері жұмыс іздеп жүр. Бұл шарадан ыңғайлы жұмыс таппадық. Алдағы уақытта осы бағытта да жұмыс орындары ұйымдастырылса, жас мамандарға қолдау болар еді.

 

 


 

Ақмоншақ Айтбай, қала тұрғыны:

- Жәрмеңке өтетінін естіп, барлық құжатымды қолыма алып, өзіме лайықты жұмыс іздедім. Нәтижесінде №189 орта мектеп жанындағы интернатқа мейірбике болып жұмысқа орналасу үшін жолдама алып тұрмын. Қазір сонда барамын.

 


Білім белесін бағындырғандар PDF Print Email
Жаңалықтар - Халық-хабар
27.08.2018 11:28

«Ұстаз түлегіне алға бастар талап сыйлайды» деген халық даналығының астарында терең сыр жатыр. «2017-2018 оқу жылындағы ҰБТ қорытындысымен Арал ауданының білім саласы Қызылорда қаласы мен аудандар арасында үшінші орынды иеленді» дейді біздегі деректе.

Айтуға оңай. Ал осынау екінің бірінің қолы жетпейтін жетістікті бағындыру үшін Арал аудандық білім бөлімінің басшысы Санира Жанназаровадан бастап мұғалімдер қауымы, қала берді, барша теңіз төскейіндегі қауым телегей тер төккенін мойындауға тура келеді. Жұдырықша жұмылған ауызбіршіліктің, тегеурінді талап, жаңаша ізденіс, атқарылған нақты шаралардың жемісі. Осы мақсатта «Қамбаш» балаларды сауықтыру және қосымша білім беру орталығында жүргізілген дайындық курсына оқушылар қамтылып, оларға ауданның озат тәжірибелі де білікті мұғалімдері дәріс берді.

«Жақсының жақсылығын айт...». Аудан әкімі Мұхтар Оразбаевтың қолдауымен мектеп бітірушілерді ҰБТ-ға дайындауға қомақты қаржы бөлінгендігіне көпшіліктің ризашылығы ерекше екендігін жеткізе кетсек. Оған қоса, бюджеттен қаралған қаражат есебінен оқушылар тегін дайындық курсынан өткізіліпті. Дайындық курстарының біріне Астана қаласындағы республикалық «KAZBILIM» орталығы мен Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінен есімдері баршаға мәлім жоғары санатты педагог мамандар, ғылыми қызметкерлер шақырылуы да сабақты иненің сәтімен боларын еске түсіреді. Педагог, ағартушы Жүсіпбек Аймауытовтың «Баланың ынтасын тарту үшін, оқытатын нәрседе бір жаңалық болуы керек» деген даналық пікірін білетін боларсыз?! Осы бағытта Арал ауданы білім саласының басшылары педагог мамандардың кәсіби деңгейін ұдайы көтеріп отыруды, теориялық білімі мен әдістемелік білігін үздіксіз жетілдіруді, шығармашылық жұмыстарына демеу жасауды тұрақты назарда ұстайды. Қорытындысы ауыз толтыра айтуға лайықты екенін саланың жетістігі анық дәлелдейді. Жаңаша мазмұндағы оқыту бағдарламасымен соңғы жылдарда көптеген мұғалім мен барша мектеп директоры, оқу, тәрбие ісі жөніндегі орынбасарлары толықтай курстан өткізілген. Аудан бойынша оқытудың жаңашыл әдістемелерін мектеп практикасына ендіру барысында бірнеше тірек мектептері жұмыс істеп, белгіленген магниттік мектептермен тәжірибе алмасу ұйымдастырылған. Жаратылыстану бағытындағы физика, химия, биология, информатика пәндерін ағылшын тілінде оқыту мақсатында мұғалімдердің бір тобы «Назарбаев Университеті», «Назарбаев зияткерлік мектептері», «Ustaz professional development centre» оқу орталығы, «Өрлеу» базасы тәрізді оқу орталықтарында әлденеше мәрте біліктілік арттыру курстарынан өтті. Бастамашыл мұғалімдермен Астанадағы «Ұстаз» орталығы көмек-кеңестерін беріп отырады. Аудандағы кеңжолақты интернет, локалды жүйесі бар мектептердің электронды құжат айналымына көшуі де – тың жаңалықтың бірі. Бұл қадам саланы қағазбастылықтан арылту мақсатында құжаттарды электронды форматта толтырады. Тағы бір сүйсінерлік жайт, ата-ана әлеуметтік желілерде енгізілген қосымшаға тіркелу арқылы мектепке бармай-ақ баласының оқу үлгерімін, сабаққа қатысуын қадағалай алады. Мұндай игі іс алдағы оқу жылында жалғасын тауып, аталмыш жүйеге толықтай көшу көзделуде.

Аралдық ұстаздар жаңашылдық үрдісін дамытуға сергек қарайды. Мұның өзі оқушылардың республикалық, халықаралық танымдық сайыстарға қатысып, жүлделі орындардан көрінуіне септігін тигізуде. Облыстық «Сыр дарыны» білімділер академиясына қамту жұмыстары да қарқынды. Сондай-ақ, оқушылардың бос уақытын тиімді пайдалану мақсатында ұйымдастырылған мектептен тыс мекемелердегі үйірме шараларына қатысушылар уақыт санап арта түсуде. Аманөткел елді мекеніндегі бос тұрған ғимаратты бейімдеп, аудандық Өнер мектебінің филиалы ашылып, домбыра сыныбына балалар қабылданып, жұмысын бастап кетуі – жағымды жаңалықтың бірі. Ал №262 мектеп-гимназия базасындағы балалардың шығармашылық орталығындағы бейнелеу, шахмат, спорттық, қозғалыстың жас инспекторы, жас техник, жас натуралистер үйірмесіне, спорттық секцияға қатысушылар саны қомақты.

Өзім тілдескендерден мектеп басшыларын лауазымдық қызметке тағайындау барысында айтарлық өзгерістер барын естігенде, елең ете түскенмін. Әрі мұның себебі де бар. Осынау лауазым иелері мемлекеттік қызметкерлердің лауазымымен теңестірілгені көзіқарақтыларға етене мәлім. Соған орай мектеп директорларының да жауапкершілігі еселене түседі. Қызметке тағайындалған директор өзінің тұрғылықты мекенжайын мектептің орналасқан тұрағымен сәйкестендіріп, өзгертуі тиіс болады. Бұл әрбір мектеп директорының сол ауылдың тыныс-тіршілігімен тығыз араласып, жырақтағы отбасының жайына алаңдауына әкелетін себептерді тоқтатуға (яғни аудан орталығынан елді мекенге қатынамайды) негіз болатын оң шешім екені дау туындатпаса керек. Өзім білген осынау қарапайым да маңызды мәселе қаншама мәрте қозғалса да тоқтау болмай, бірнеше жылдан бері қалаға, ауылдарға аудан орталығынан қатынап жұмыс істеп жүрген Қазалы ауданындағы кейбір басшылардың тірлігін есіме түсіргенін несіне жасырайын?!.

Үштілділікті жүзеге асыру мақсатында ағылшын тілінде пәндерді оқытатын сыныптар ашу қолға алынуда. Алдағы оқу жылынан бастап аудан мектептері «Электрондық күнделік» жүйесімен толық қамтылады. Сонымен қатар көптеген білім ордалары «Білімлэнд» виртуалды оқыту платформасымен онлайн және оффлайн негізінде жұмыс істейтін болады.

- Республикалық «Мектепке жол» акциясы Арал ауданында да белсенді түрде жүргізілуде. Осы кезге дейін аудан бойынша білім беру мекемелерінде өткізілген акция барысында балаларға қажетті киімдер мен оқу құралдарынан көмектер жасалды. Акция әлі де жалғасын табуда, - дейді Арал ауданы білім бөлімінің басшысы Санира Жаннназарова.

Жаңа оқу жылы табысқа толы болғай!

Жұмабек  Табынбаев,

Арал  ауданы

 


Кітапханадан «bookcafe» және коворкинг-орталық ашылды PDF Print Email
Жаңалықтар - Халық-хабар
27.08.2018 10:43

Ә.Тәжібаев атындағы облыстық әмбебап ғылыми кітапханадан «bookcafe» және коворкинг-орталық ашылды. Салтанатты шараға Қызылорда облыстық «Нұр Отан» партиясы филиалы, облыстық кәсіпкерлер Палатасы филиалы, «Жас Отан» жастар қанатының, зиялы қауым өкілдері және кітапхана оқырмандары қатысты. Бүгінде кітапхана заманауи жабдықпен жабдықталған барлық қажетті іскерлік кездесулер, шеберлік сабақтар өткізуге ыңғайлы қарым-қатынас орталығына айналуда.

Адамдар арасында емін-еркін, бейресми қарым-қатынас орнататын, жастардың тұрақты келіп тұратын ыңғайлы алаңға айналдыру мақсатында кітапханадан «BOOК кафе» ұйымдастырылды. «BOOК кафе» - бұл білім алуға, жұмыс істеуге, демалуға, сонымен қатар көңілді кештерге арналған алаң. Бұл орын белсенді жастардың уақытын тиімді өткізуге, пікір алмасуға, қарым-қатынас орнатуға арнайы жабдықталады. BOOК кафе-де кітап оқумен қатар кофе, шай ішіп, мәдени демалуға жағдай жасалады.

Ал коворкинг-орталықтың негізгі мақсаты - әлеуметтік маңызы бар бастамаларды, жобаларды және бірлесе жұмыс жүргізу үшін жастардың қолжетімді жұмыс кеңістігін ұйымдастыру. Коворкинг орталық төрт аймаққа бөлінген: іскерлік қатынас аймағы, бейресми кездесулер аймағы, демалыс аймағы және жеке жұмыстар жасауға арналған алаң.

Іскерлік қатынас аймағы - шығармашылық және ғылым жолындағы жастардың басын қосу мақсатында түрлі іс-шараларды ұйымдастыруға арналған. Мұнда жастар өз жобаларын, идеяларын талқылай алады, іскерлік кездесулер, пікірталастар, лекция, семинар, шеберлік сағаттары мен тренингтер ұйымдастыруға болады. Бұл орын жұмыс істеуге қажетті құрал-жабдықтармен (компьютер, проектор, экран, маркерлі тақта, диван, стол, үстелдер) жабдықталған. Интернет, WI-FI бар.

Бейресми кездесулер аймағы - интеллектуалды ойындар, көрмелер ұйымдастыруға, вебинар және фильм көруге көруге мүмкіндік жасалған. Келушілердің демалуына жағдай жасалған қолайлы орын. Мұнда теледидар, үстелдер, пуфиктер қойылған. Қызықты кітап, газет-журналдармен таныса алады.

Демалыс аймағы - жастардың бос уақытын тиімді ұйымдастыруға қолайлы жағдай жасалған. Мұнда шахмат және үстел теннисін ойнауға болады. Жеке жұмыстар жасауға арналған алаң.

Коворкинг-орталықта жұмыс істеу үшін барлық жағдайлар жасалған: ыңғайлы креслолар, үстелдер, жұмыс орындарының ауқымды саны, бірлескен және жеке жұмыстарға арналған алаңдар, ақысыз Wi-Fi, жедел интернет бар. Заманауи орталық келген адамға өзінің сүйікті ісімен айналысуға, жастардың бизнес, шығармашылық, оқу бағдарламалары аясындағы креативті жобаларын жарыққа шығарып, жүзеге асыруға мүмкіндік береді.

Ә.Тәжібаев атындағы облыстық әмбебап ғылыми кітапхананың баспасөз қызметі

 


Қызылордалық полицейлер Конституция күнін салтанатты түрде атап өтті PDF Print Email
Жаңалықтар - Халық-хабар
27.08.2018 10:38

Қазақстан Республикасының Конституциясы күні қарсаңында 25 тамызда Мемлекеттік Рәміздер аллеясында Қызылорда облысы Ішкі істер департаментінің басшылығы, жеке құрамы, ішкі істер органдары ардагерлері және облыстық ішкі саясат басқармасы өкілдерінің қатысуымен мерекелік шара болып өтті.

Алаңда Ішкі істер департаментінің қызметкерлері 6 қорапта сап түзеді. Салтанатты шараға Қазақстан Республикасының Туы әкелініп, Мемлекеттік Әнұраны ырғағымен ашылды. Одан кейін ҚР Ішкі істер министрі, полиция генерал-полковнигі Қалмұханбет Қасымовтың арнайы құттықтау жеделхаты оқылды.

Қызылорда ОІІД бастығының орынбасары Жарас Оспанов сөз алып, жиналған қауымды мерекемен құттықтап, «Конституция күні» мерекесінің полиция қызметкерлері үшін ерекше маңыздылығын атап өтті. Бұдан кейін, шара барысында Ішкі істер министрлігінің және облыстық ішкі істер департаменті бастығының мерекелік марапаттау жайлы бұйрығы жеке құрамға таныстырылып, қызметте кәсіби біліктілігінің арқасында жақсы көрсеткіштерге қол жеткізген, қызметтік міндетін қажырлы әрі адал орындаған ішкі істер органдарының 16 қызметкері Ішкі істер министрінің құзырымен, 149 қызметкері департамент бастығының құзырымен марапатталды.

Атап айтқанда,  ҚР ІІМ «Құрмет грамотасымен» ЖПҚ-нің жол-патрульдік батальонының командирі, полиция полковнигі Қайрат Әденов, «Құқық тәртібін қамтамасыз етуде қосқан үлесі үшін» медалімен Экстремизмге қарсы іс-қимыл басқармасының бастығы, полиция полковнигі Қуаныш Оразов, «Ішкі істер органдарының үздігі» төсбелгісімен ЖПҚ батығының орынбасары, полиция майоры Азамат Оспанов марапатталды.

Салтанатты жиын соңы жас қызметкерлердің ант қабылдау рәсіміне ұласты. Полиция қатарына жаңа қосылған 20 жас маман қызметті адал және абыроймен атқаруға, Қазақстан Республикасы азаматтарының құқығы мен бостандықтарын қорғауға салтанатты түрде ант берді.

Әскери өмірге аяқ басқан жас буынды айтулы күндерімен Ішкі істер органы ардагерлерінің атынан Қызылорда ҚІІБ-ның Ардагерлер кеңесінің төрағасы Жақсылық Алмағанбетов құттықтап, азаматтық борыштарын абыроймен атқаруларына тілектестік білдіріп, ыстық ықыласын жеткізді.

Мерекелік шара жеке құрамның салтанатты шеруімен аяқталды.

Қызылорда ОІІД баспасөз қызметі

 


БАҚ-ның және облыс тұрғындарының назарына PDF Print Email
Жаңалықтар - Халық-хабар
27.08.2018 10:28

2018 жылдың мамыр айының 7-сі күні сағат 00 сағат 55 минут шамасында белгісіз біреу белгісіз автокөлігімен Қызылорда қаласы, Тасбөгет кенті, Сабалақ саяжайына кіреберістегі тасжолдың бойында адам өліміне әкеп соқтыратын жол-көлік оқиғасын жасап, оқиға орнынан бой тасалап кеткен.

Бұл жол-көлік оқиғасы бойынша білген, көрген, естіген куәлар болса, Қызылорда ОІІД-нің 29-70-10, 26-28-90, 29-50-46, 29-56-68 байланыс телефондарына хабарласуыңызды сұраймыз. Хабарламашы туралы мәліметтер жарияланбайтындығына кепіл береміз.

Сондай-ақ, Қызылорда облысының Ішкі істер департаменті, Қазақстан Республикасы Кылмыстық кодексінің 53-бабына сәйкес, кінәлі тұлғаның айыбын мойындап келуі қылмыстық жауаптылықты жеңілдететін мән-жайлар болып табылатындығын хабарлайды.

 

Қызылорда облысының ІІД Баспасөз қызметі

 

 


ЕҢБЕКПЕН ӨРІЛГЕН ӨМІР PDF Print Email
Жаңалықтар - Халық-хабар
27.08.2018 10:18

Қармақшы ауданының 90 жылдығы аясында аудандық мәдениет үйінде өңірімізге белгілі азаматтар Мықаев Қорғанбек, Сүлейменқызы Рабиға, Мықаев Бодан Қорғанбекұлын еске алуға арналған танымдық шаралар өтті.

Шара барысында ардақты тұлғаларды еске алуға арналған арнайы түсірілген деректі фильмнің тұсауы кесіліп, «Еңбекпен өрілген өмір» атты облыстық жыраулар фестивалі өтті.

Жыраулар фестивалінде аудан әкімінің орынбасары Ә.Қошалақов құттықтау сөз сөйлеп, балалары мен ұрпақтарына лебізін білдірді.

Фестивальға облыстық деңгейдегі жыр жампоздары Берік Саймағанбетов, Шолпан Бимбетова, Арнұр Көшеней, Балтабай Бедебаев, Майра Сәрсенбаева, Айдос Рахметов, Руслан Ахтметов және де басқа белгілі жыраулар қатысты.

Сондай-ақ, шара аясында Жосалы кентіндегі ескі аэропорт маңындағы ипподромда ұлттық спортымыз бәйге (аламан бәйге, құнан бәйге, тай бәйге), қазақша күрес (түйе палуан), қой көтеру жарыстарымен жалғасын тапты.

Айбол Қозбақов

 


АСТАНАДАҒЫ ҒАРЫШ МҰРАЖАЙЫНДА «БУРАННЫҢ» МАКЕТІ ОРНАТЫЛДЫ PDF Print Email
Жаңалықтар - Халық-хабар
27.08.2018 10:08

Астанадағы ашық аспан астындағы мұражай экспозияциясы «Буранның» макетімен толықты.

Еске салсақ, Астана күніне орай Қызылорда облысының тартуы ретінде ашық аспан астындағы мұражай үлгісіндегі зымыран-ғарыштық техника экспозициясының таныстырылымы өткен болатын. Оның ашылуына мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев қатысқан болатын.

Айта кетейік, ашық аспан астындағы мұражай экспозициясы Астананың сол жағалауында 1,4 гектар аумақта орналасқан. Осыған дейін көрме аумағында «Союз», «Протон», «Зенит» зымырантасығыштарының шынайы көлемдегі үлгілері қойылған болатын. Сондай-ақ техникалық сипаттамалары, жасалу және қолданылу тарихы, яғни зымырандар туралы барлық ақпарат көрсетілген арнайы ақпараттық стендтер орнатылған.

«Буран» - бұл «Энергия-Буран» бағдарламасы аясында құрылған кеңестің қайта пайдалануға болатын көлік кеңістігінің орбиталық кемесі. «Энергия-Буран» халықаралық ғарыштық станциясын  құру кеңестік ғарыш тарихындағы ең ауқымды және қажырлы еңбекті  қажет еткен бағдарлама болды. 18 жыл ішінде халықаралық ғарыштық станциясы үшін 1286 кәсіпорын мен ұйымдарда, 86 министрлік пен ведомстволарда 1 миллионнан астам адам жұмыс істеді, елдің ірі ғылыми-өндірістік орталықтары тартылды. «Буран» ғарыш кемесінің қонуы үшін «Байқоңыр» ғарыш айлағында  ұшу-қону жолағы жақсартылған «Юбилейный» аэродромы салынған.

Облыс әкімінің баспасөз қызметі

 


ҚЫЗЫЛОРДАНЫҢ ҮЗДІК МЕКТЕБІНЕ 17 МИЛЛИОН ТЕҢГЕ ТАБЫСТАЛДЫ PDF Print Email
Жаңалықтар - Халық-хабар
27.08.2018 09:30

Білім беру саласы қызметкерлерінің дәстүрлі тамыз кеңесінде аймақтың үздік мұғалімдері марапатталып, үздік мектебі анықталды. Оқу жылының қорытындысы бойынша «Мұрагер» мектебі үздік деп танылып, мектеп басшысына 17 миллион теңгенің сертификаты табысталды.

Қызылордада «Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы адами капитал» тақырыбында педагогикалық тамыз кеңесі өтті.

Шараға облыс әкімі Қырымбек Көшербаев, Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігінің жауапты хатшысы Арын Өрсариев, «Назарбаев Зияткерлік мектептері» дербес білім беру ұйымының басқарма төрайымы Күләш Шамшидинова, Білім және ғылым министрлігі жанындағы ақпараттық талдау орталығы президентінің міндетін атқарушы Елдос Нұрланов, жергілікті білім беру ұйымдарының қызметкерлері мен облыс мұғалімдері қатысты. Қызылорда облысы білім басқармасының басшысы Майра Мелдебекова модератор болды.

Кездесуде облыс әкімі Қырымбек Көшербаев заманауи білім беру жүйесіндегі маңызды мәселелер мен проблемаларды атап өтті.

«Жаңғырып жетілудің мүлде жаңа, мазмұндық және сапалық тұрғыдан бұрынғыдан бөлек, әлдеқайда биік сатысына көтерілуге ұмтылған елімізге жасампаз, білікті, өзгерістерден қорықпайтын мамандар қажет. Бұл Елбасының тұжырымы, нақты тапсырмасы, білім саласын ұйымдастырушы Сіз бен Бізге аманаты! Адами капитал, ең алдымен, білім беру саласы арқылы қалыптасады. Оны қалыптастырудағы білім саласының үлесі кез келген басқа саладан әлдеқайда жоғары. Сондықтан да, бұл саланы әлеуметтік қамсыздандыру, зейнетақы жүйесі, мемлекеттік басқару, қорғаныс және қауіпсіздік сияқты шығынды көп талап ететін салалармен бір қатарға қоймай, керісінше, мол қосымша құн қалыптастыратын инвестициялық сала ретінде қарау қажет. Білім беруге инвестиция тарту жекелей адам мен тұтас мемлекет үшін де оңтайлы шешім болып табылады», - деді аймақ басшысы.

Сонымен қатар, аймақ басшысы білім алушылардың мамандықтары мен еңбек нарығы сұранысының сәйкес келуі маңыздылығын айтты.

«Осы ретте, біздің ұдайы назарда ұстайтын ерекше маңызды көрсеткішіміз – түлектеріміздің жұмыспен қамтылуы.Мойындау қажет, бізде бұл мәселеде келеңсіздіктер аз емес. Түлектерді бір мамандық бойынша даярлаймыз, ал олар мүлде басқа саладан орын табады. Олардың қабілеті мен нарықтағы жағдайды ескере отырып, түлектерді дұрыс бағыттау – біздің міндетіміз», - деді аймақ басшысы.

Аймақта білім беру саласының мектепке дейінгі кезеңінен бастап жоғарыға дейін жүйелі жұмыстар жүргізіліп жатқанын айта кету керек. Осыған орай, облыста мектепке дейінгі  қамтылу деңгейі жүз пайызды құрап, үш ауысымда оқитын мектептер жойылған. Бір ғана Жалағаш ауданы М.Шәменов ауылындағы №34 орта мектебінен басқа, апаттық жағдайдағы мектептер жоқ. Соңғы 5 жылда өңірде 37 апаттық мектептің орнына  45 мектеп салынған.

2014 жылдан бастап Мәскеу мен Санкт-Петербургтің озық оқу орындарына  452 қызылордалық студент Ресей федерациясы үкіметінің гранты есебінен білім алуда. Биыл алғашқы 65 түлектің  жұмыспен қамту мәселесі шешімін тапты. Сонымен бірге, сырбойылық жастарға мамандандырылған «Киберқауіпсіздік» және «Процестерді математикалық модельдеу» саласында М.В.Ломоносов атындағы Мәскеу Мемлекеттік университетіне жыл сайын 20 грант бөлінеді.Бұдан басқа, Еуразиялық экономикалық қоғамдастықтың Парламентаралық Ассамблеясы аясындағы жоғары оқу орындарымен ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылды. Жоғары оқу орындарына түсу емтихандарын үздік тапсырған Қызылорда облысы мектептерінің түлектеріне жыл сайын Санкт-Петербургта оқуға 10 білім грантын бөлетін болды. Ақпараттандыру мен технологияларды енгізу бойынша Татарстан Республикасындағы Иннополис университетінде ақпараттық және сандық технологиялар бойынша жыл сайын тағы 20 түлектің білім алуына Татарстан Президентімен  келісім жасалған.

Сонымен қатар, ҰБТ тапсырып мемлекеттік грантты алуға бірнеше балл жетпей қалған ауыл мектептерінің түлектеріне аймаққа қажетті мамандықтар үшін облыс әкімінің гранты бөлінеді.

«2013 жылдан бастап, жыл сайын 100 дарынды әрі талапты ауыл балалары, оның ішінде, аз қамтылған және көп балалы отбасынан шыққан жастарды еліміздің белді жоғарғы оқу орнына облыс әкімінің грантымен оқуға жолдаудамыз. Биылғы жылы оқу грантының санын 100-ден 205-ке дейін, яғни 2 есеге ұлғайттық. Осылайша, бүгінгі таңда грант иегерлерінің саны 900 адамға жетті.Биылғы ұлттық бірыңғай тестілеудің қорытындысы бойынша облыс түлектерінің орташа көрсеткіші 85,2 балды құрады. Бұл былтырмен салыстырғанда 2,42 балға жоғары. Былтырғы жылдың қорытындысы бойынша түлектердің 97 пайызы жоғары және орта арнаулы оқу орындарына оқуға түскенінін мақтанышпен атап өтуге болады. Биылғы жылғы нәтиже де жақсы болады деп үміттенеміз»,- деді аймақ басшысы.

Жиында Арын Өрсариев, Күләш Шамшидинова, Елдос Нұрланов, Майра Мелдебекова және Қызылорда облысы Кәсіпкерлер палатасының директоры Ғалымбек Жақсылықов баяндама жасады.

Кездесуге қатысушылар білім беру жүйесін жаңғырту бойынша ұсыныстарын білдірді және Қызылорда облысындағы білім берудің барлық кезеңдері қарқынды дамып жатқанын атап өтті. Шарада Ресей университетінің түлектері мен ата-аналары сөз сөйледі.

Бірқатар оқытушылар «Қазақстан Республикасы білім беру ісінің құрметті қызметкері» төсбелгісіне ие болды, «Ыбырай Алтынсарин» медалімен, сондай-ақ облыс әкімінің Құрмет грамоталары және алғыс хаттарымен марапатталды. Сонымен қатар,  «Мұрагер» мектебіне «Үздік орта білім ұйымы» номинациясы бойынша 17 миллион теңге табысталды.

2018-2019 оқу жылында облыстың 294 жалпы білім беретін мектебінде 154 559 оқушыны оқыту жоспарланып отыр. 18 942 бала бірінші сыныпқа барады.

Жаңа оқу жылында Қазалы және Жаңақорған аудандарында 300 орынға арналған жаңа мектептер пайдалануға берілді. 2017-2018 оқу жылында облыста Қармақшы және Жаңақорған аудандарында 3 мектеп жұмысын бастаған болатын. Бұдан басқа, жылдың соңына дейін Аралда 300 орынға және Қызылордада 600 орынға арналған мектептер салынады.

Облыс әкімінің баспасөз қызметі

 



<< Бірінші < Алдыңғы 1 2 3 4 5 6 7 8 9 10 Келесі > Соңы >>

Күнтізбе

< Тамыз 2018 >
    1 2 3 4 5
6 7 8 9 10 11 12
13 14 15 16 17 18 19
20 21 22 23 24 25 26
27 28 29 30 31    

Сауалнама

Аса мәртебелі шенеуніктердің қылмысқа шатылып жатқандығы нені аңғартады?
 

Ауа райы

Валюта бағамы

Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі валюталардың ресми бағамдары