Өзекті мәселелер

  • 06.12.18

    «ЖУСАНДА  ТУҒАН  ЖЕРДІҢ  ИІСІ  БАР»

    Қазақ елі сонау «қарағай басын шортан шалған» ХІХ ғасырға дейін, ұлт тағдырының сілкіленіп, ұлттық сана ояна бастаған ХХ ғасырда да өзінің тегеуріні мықты ел екенін дәлелдеді. Киіз туырлықты қазақ санасындағы рухан­и-мәдени жетілу мен әлеуметтік-экономикалық салада өрлеу секілді мақсаттары заман көшіне ілес...

    Толығырақ...
  • 06.12.18

     

    Ерғали  АБДУЛЛА

     

    АРТЫҚШЫЛЫҚ   пен  КЕМШІЛІК

    Оның көп артықшылығы бар: гү...

    Толығырақ...
  • 06.12.18

    * Ерлердің психикасы зейіннен тоқылған. Ол жай өмір сүре алмайды. Ол биікке ұмтылуы керек.­ Еркек қатты жерде ұйықтап, суық сумен шайынып, ерте тұруы қажет.

    * Ер адам әрдайым өзінің жаман­ қылықтарын тыйғаны жөн. Өзіне ұсақ-түйек жеңілдік жасамауы  керек.

    * Қалаған нәрсесіне жету үшін ол мақсат қойып қимылдайды. Бұл – ер-азаматтың таби­ғаты. Сыйласатын ортасында өзіндік орны бол...

    Толығырақ...
  • 06.12.18

    Жалпы, өзімді жаман адам не ұсқынсыз қызбын деп айта алмаймын­. Жоғары қызметім бар. Адамдармен қарым-қатынасым да жақсы. Бір әттеген-ай дейтінім, осы уақытқа дейін екінші жар­тымд­ы жолықтырып, асыл жар атана алмадым. Жасым 34-те. Бұған дейін карьера құрып, өз жағдайымды өзім жасап алғым келді әуелі. Бір кездері мен үшін арман болған, одан соң мақсатыма айнал­ған марапаттың барлығына жетті...

    Толығырақ...
  • 06.12.18

    Бір сәт аспаннан ақша жауғандай күйге еніп, мол қаржыны қайда жұмсарыңызды білмей қалған мезетте... Мұндай көңіл күйді көбіне несие алған кезде сезінеріміз сөзсіз. Ал ай сайын алатын жалақыға телміріп отырған­ қарапайым халыққа бұл аса таңсық жағдай емес. Иә, өте көп мөлшердегі қаражатты алып, қалтамызды қампайттық делік. Ары қарай қайда жұмсаймыз? Бұрындары тұрмыстық техника, автокөлік немесе ...

    Толығырақ...
Тамыз 2018

Асыраушы саладағы ауқымды істер PDF Print Email
Жаңалықтар - Халық-хабар
20.08.2018 12:33

Мемлекет басшысы «ауыл шаруашылығы саласы ел экономикасының негізгі драйверіне айналуы тиіс» деп тапсырма жүктеген еді. Осы бағытта Қызылорда облысында бірқатар шаруалар атқарылып жатыр. Бұл туралы өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз брифингінде айтылды. Облыс әкімінің орынбасары Серік Қожаниязов өзі жетекшілік ететін салаларда қолға алынып жатқан жұмыстар барысына кеңінен тоқталды. Биыл аймақтың аграрлық секторын мемлекеттік қолдауға 10,7 млрд теңге бөлінген. Ауыл шаруашылығының өндірілген өнім көлемі 16,9 млрд теңгені құраса, асыраушы саланың негізгі қорына құйылған инвестиция 510,9 млн теңгеге жеткен.

Биыл облыста барлығы 184,5 мың гектар жерге ауыл шаруашылығы дақылдары орналастырылған. Негізгі дақыл күріштің көлемі – 87,3 мың гектар. Дегенмен, ауа райының қолайсыздығына байланысты шаруалар күрішті жылдағы мерзімнен 10 күнге кеш еккен. Алғашқы орым 10 қыркүйекте басталмақ. Ал егілген 3636 га күздік бидайдың бүгінде 2929 гектары жиналып үлгерген. Одан 5726 тонна өнім алынып, орташа өнім гектарына – 19,5 центер. Серік Салауатұлы облыста қалыптасқан су тапшылығы жөнінде ашық айтты.

– Былтыр күзде диқандарға су тапшылығы болатындығы жөнінде ескерткенбіз. Бүгінде 700 гектар күріш алқабының жағдайы қиын. 12 шілдедегі жағдай бойынша Шардара су қоймасына жоғарыдан 96 текше метр су түсіп, ондағы судың көлемі 2,6 млрд текше метрді құрап отыр. Қызылорда облысына Шардарадан барлығы 650 текше метр су түсуде. Оның 376,4 текше метрі егістік каналдарына жіберілуде. Бұйырса, күріштің өнімділігі былтырғыдан төмен болмайды, - деді Серік Қожаниязов.

Аймақта ауыл шаруашылығын дамытуға орай бірнеше жарқын жобаларды бастау межеленіп отыр. Мәселен, тауық еті мен жұмыртқаны сырттан тасымалдаймыз. Ал біздегі жобалар толыққанды іске қосылғанда, сұраныстың 20-25 пайызын өзіміз жабатын боламыз. Сондай-ақ, Қаратау бөктеріне малазықтық дақылдарды егу қарастырылса, Арал өңірінде балықтың қалдығын қайтадан кәдеге жарату көзделген. Ал 2018 жылы экспортқа бағытталған инвестициялық құны 7,1 млрд теңгенің 10 ауқымды жобасын іске асыру жоспарланған.

2018 жылдың 1 сәуіріне 9,5 млн доллар құрайтын 26,2 мың тонна ауыл шаруашылығы өнімдері экспортталған.

Сонымен қатар Серік Салауатұлы аймақ үшін аса маңызды САРАТС-2 жобасы басталғандығынан хабардар етті. Тамызда өткен облыстық бюджетті нақтылау барысында «Көкарал бөгетінің беріктігін қамтамасыз ету және Сырдария өзенінің атырабын қалпына келтіру» жобасының техникалық-экономикалық негіздемесін әзірлеуге, Қамыстыбас, Ақшатау көлдер жүйелеріндегі су нысандарын құжаттандыруға тиісті қаржысы бөлінгендігін жеткізді.

Халық-хабар

 


БЕЛКӨЛ КЕНТІНЕ ЖАҢА ӘКІМ КЕЛДІ PDF Print Email
Жаңалықтар - Халық-хабар
20.08.2018 12:30

Қызылорда қалалық сайлау комиссиясының 2018 жылғы 13 шілдедегі (№52/80) қаулысымен Белкөл кенті әкімінің сайлауы 2018 жылғы 17 тамызға тағайындалды. Сайлау қорытындысымен үміткер Мұсабаев Тастайбек Түрікбенұлы басым дауысқа ие болып, кандидатурасы қолдау тапты.

Тастайбек Түрікбенұлы 1959 жылдың 1 шілдесінде Қызылорда қаласында дүниеге келген. Жоғары білімді.

1981 жылы - Қазақ химия-технологиялық институтын «Инженер құрылысшы»,

1993 жылы – Қарағанды жоғары милиция мектебін «Заңгер» мамандықтары бойынша бітірген.

Еңбек жолын 1981 жылы Қазалы ауданы ПМК мекемесінде шебер болып бастаған.

1983-2009 жылдары Ішкі істер органдарында қызмет еткен, Қармақшы, Қазалы аудандық ішкі істер бөлімінің бастығы, Тасбөгет ішкі істер бөлімінің бастығы, Тылмен қамтамасыз ету басқармасының бастығы қызметтерінде болған. Запастағы полковник;

2010-2017 жылдар аралығында Талсуат ауылдық округінің әкімі қызметін абыроймен атқарды.

Қызылорда қалалық ішкі саясат бөлімі

 


Жаңашылдық пен ізденіс – жетістік бастауы PDF Print Email
Жаңалықтар - Халық-хабар
20.08.2018 12:04

Тамыз мәслихаты қарсаңында

«Білімнің бастауы – мектеп, келешек ұрпақтың алғашқы баспалдағы – білім беру саласы». Осынау қағида қазалылық ұстаздардың да күнделікті ұстанымына айналған. Ал сағатына сан құбылып, сәт сайын алға қарыштаған қазіргідей кезеңде білім саласындағы түбегейлі де соны өзгерістер ұстаздар қауымынан үлкен жауапкершілікті талап етеді. Әдетте «туған ай тураған етпен тең» деп жатамыз. Міне, санаулы күндерден соң қызығы мол жазғы демалыс мәреге жетіп, жаңа оқу жылы басталмақшы. Осы ретте «аудандағы білім ошақтарының жаңа оқу жылына дайындығы қандай деңгейде, нендей шаруа тындырылып, қандай мәселе шешімін күтіп тұр?!» деген сауал жетегінде аудандық білім бөлімінің басшысы Бектұр Қалимен тілдескен едік.

Осынау лауазымды қызметтің тізгінін ұстағанына көп уақыт бола қоймағанымен, аталмыш саланың қыр-сырына, аудан жағдайына жете қанық, басшылық жұмыстың сан сатысында шыңдалған Бектұр Асанханұлы сауалымызға іркілген жоқ.

Аудандық білім бөлімі басшысының айтуынша, 34 мектеп типтік ғимаратта, екі мектеп ыңғайластырылған ғимаратта орналасқан. Шәкірттерге сапалы білім, тағылымды тәрбие беруді ұстаздар қауымы өздерінің тікелей міндеті санайды. Қазалыда ұстаздардың біліктілігін арттыру – күн тәртібіне тұрақты қойылған тақырыптың бірі. Сапалы білім алу үшін оқушыларға жан-жақты қолдау да қажеттілігі белгілі. Бұл бағытта ауданда қолға алынған жағымды жаңалықтар легі баршылық екен. Кент орталығынан оқушы орнының тапшылығын жою мақсатында салынып жатқан жаңа мектептің ғимараты жуырда пайдалануға беріледі деп күтілуде.

Тағы білгеніміз, білім беру ұйымдарына ағымдағы жөндеу жұмыстарын жүргізуге аудандық бюджеттен бөлінген қаржыға қажетті шаруашылық және құрылыс заттары алынып, білім беру ұйымдарына таратылып берілген. Ұсынықты шаруаның арқасында есік, терезе, едендерді сырлау, ішкі, сыртқы тазалық жұмыстары жасалып, сынған парта, орындықтар жөндеуден өткізілген.

Ү.Түктібаев ауылындағы №88 мектеп пен «Данияр 97» ЖШС арасындағы келісімшарт негізінде мектептің жылу жүйесі ауыстырылып, кіреберіс төбесі жөнделген. Үнемделген қаржыға ғимарат алдына пандус орналастыру, кіреберіс баспалдақтары, сыртқы есікті ауыстыруға жасалған қосымша келісімшартқа сәйкес жөндеу жұмыстары жуырда аяқталады деп жоспарланған. Ал Ғ.Мұратбаев ауылындағы №91 мектеп пен «Бизнес Құрылыс и К» ЖШС арасындағы келісімшарт бойынша ғимараттың ішінара терезе, есіктері, едені, жылу жүйесі ауыстырылады. Оған қоса ғимараттың терезе, есіктерін толық ауыстыру, электр лампаларын жаңалауға үнемделген қаржы есебінен қосымша келісімшарт жасалды. Кенттегі №7 «Балдырған» балабақшасында «Болашақ» ЖШС-мен жасаған келісімшартта көрсетілген жөндеу жұмыстары аясында ғимараттың ауызсу мен кәріз жүйесі, балалар әжетханасы ауыстырылыпты. Балабақшадағы еңбек ырғағы қалыпты.

«Ұстазы жақсының – ұстамы жақсы». Жаңашылдық пен ізденіс қашанда жетістікке бастары айдан анық. Біздің аудандық білім бөлімінің басшысы Бектұр Қалидан білгіміз келген сауалымыз да осы төңіректе өрбіген еді.

- Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Қазақстан Республикасында білім беруді және ғылымды дамытудың 2016-2019 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы» бойынша білім беру үдерісіне енген жаңартылған бағдарлама негізінде өз білімін жетілдіру биылғы оқу жылында әрбір мұғалімінің алға қойған мақсаты болып отыр. Жаңартылған білім беру бағдарламасы озық технологиялардың барлық қыр-сырларын білуге жетелейді. Әрі пән бойынша бағдарламаға сәйкес келетін педагогикалық тәсілдерді түсінуін және қолдана білуін қамтамасыз ете отырып, оқу мақсаттарына қол жеткізу мақсатында критериалды бағалау жүйесін түсініп, қолдана білуін қамтамасыз етеді, - дейді Бектұр Асанханұлы.

Бізді деректер базасына ұлттық біліктілік тестілеу тапсыруға өтініш білдірген 427 мұғалімнің «педагог-модераторға», «педагог-сарапшыға», «педагог-зерттеушіге», «педагог-шеберге» бақтарын сынағанын, тестілеуді аттестатталушылар өз қалауы негізінде қазақ тілінде, орыс тілінде тапсырғанын, қорытындысы бойынша қатысқан педагогтердің басым бөлігі тестілеуден өткені бейжай қалдырмады.

Ауданның білім беру саласы жаңа жүйеге көшу барысында азаматтардың білім деңгейі жоғары, ой өрісі дамыған, туындаған мәселелерді шеше білетін өмірге бейім жаңашыл ұрпақ тәрбиелеуді басты фактор ретінде қарастырады. Соған орай «Өрлеу» БАҰО» АҚ және ПШО (педагогикалық шеберлік орталығы) ауданның педагог кадрларының біліктілігін жүйелі түрде арттырып келеді. Қазақстан Республикасында білім мазмұнын жаңарту бағдарламасына сәйкес «Өрлеу» БАҰО» АҚ филиалы Қызылорда облысы бойынша филиалының және ПШО-ның оқытушы-тренерлері аудан педагогтерімен тығыз байланысады. Білім беру ұйымдарында «Цифрлы Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасын жүзеге асыру мақсатында іс-шара жоспары жасалған. Ағымдағы жылға «Инновациялық-интеллектуалды технология академиясы» ЖШС арқылы 34 мектепке Білім және ғылым министрлігі, облыстық білім басқармасы ұйымдастырып отыратын онлайн интерактивті сабақ, онлайн конференцияларға қатысуға сертификаттар алынса, биылдан бастап «Bilim Media Group» ЖШС-нің ұсынуымен электронды порталға бірқатар мектептің онлайн, 5 мектептің офлайн болып қосылуы да – жаңашылдықтың үлгісі.

«Білім бөліміне қарасты жалпы орта білім беру ұйымдарына оқулықтар мен оқу-әдістемелік кешендері дайындалып, 20 тамызға дейін жеткізіліп таратылады деп жоспарлануда» дейді өзіміз тілдескендер. Талап оң болсын!

Жұмабек  Табынбаев,

Қазалы  ауданы

 


Әлеуметтік инфрақұрылым жаңартылып жатыр PDF Print Email
Жаңалықтар - Халық-хабар
20.08.2018 11:49

Бұдан былай Жосалы, Тереңөзек кенті мен Жалағаш ауданының тұрғындары көгілдір отыннан тарықпайтын болады. Қазір аталмыш аймақтарға газдандыру жұмыстары жүргізілуде. Бұл туралы облыс әкімінің орынбасары Серік Сүлейменов өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифинг барысында мәлімдеді. Оның сөзінше, биыл Жосалы кентіне АГТС құрылысын жүргізу үшін республикалық бюджеттен 892 миллион теңге, облыстық бюджеттен 99 миллион теңге жұмсалған. Жүйелі жұмыс жемісін беріп, құрылыс-монтаж жұмыстары осы жылдың 18 мамырында аяқталды. Дәл осындай жұмыстарды Сырдария мен Жалағаш аудандарында атқару үшін республикалық және облыстық бюджеттен 1,2 миллиард теңге қаражат бөлініпті. Бүгінгі күні газ құбыры-бұрыпының 30 шақырымы жүргізілген. Ал «Тереңөзек АГРС-тен Жалағаш ГГРП-не дейін 1,2 МПа жоғары қысымды газ құбыры – бұрмасының және Жалағаш кентінде газ жеткізу құбырларының және кварталішілік желілерінің құрылысы» жоба-сметалық құжаттамасы әзірленуде екен. Оған облыстық бюджет есебінен 135 миллион теңге қаралған.

Шаһардағы жылу желілерін қайта жаңғырту – күн тәртібіндегі өзекті мәселелердің бірі. Бұл жайында жиын барысында облыс әкімінің орынбасары тарқатты.

-     «Нұрлы жол» мемлекеттік бағдарламасы аясында Ұлттық қордан Қызылорда қаласындағы жылумен жабдықтау желілерін қайта жаңарту бойынша 8 жобаға құны 2,2 миллиард теңге қаржы бөлініп, жұмыс жүргізілуде. Сонымен қатар сұйық отыннан газға ауыстыру мақсатында облыстық бюджеттен 173 миллион теңге бөлініп, 5 нысанға (денсаулық сақтау нысаны Қазалы, Шиелі, Жаңақорған аудандары мен Байқоңыр қаласында) тиісті жұмыстар жүргізілуде, - деді Серік Сүлейменов.

Мұнан өзге тұрғын үй түйткілі де тілге тиек етілді. Қазір тұрғындардың «бас ауруы» баспана болса, одан кейінгі бас көтеретін мәселесі – оны күрделі жөндеуден өткізу. Қызылорда облысында барлығы 629 көпқабатты үй күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізуді қажет етіп тұр. Бүгінде қаладағы 3 көпқабатты үйге қайтарымды қаражат есебінен күрделі жөндеу жүргізілуде. Ал аудандардағы тұрғын үйлерге жөндеу аудандық бюджет есебінен қаралып жатыр. Негізінен көпқабатты үйдің тұрғындары мемлекеттен көмек күтпес бұрын, заңға да бір көз жүгіртіп алса, артықтық етпейтіні рас. «Тұрғын үй қатынастары туралы» заңының 31-бабына сәйкес, әкімдікке «Тұрғын үй Қызылорда» ЖШС, ПИК-мен бірлесіп кондоминимум объектілерінің ортақ мүлкін жөндеуге әрбір үй үшін қаражат жинақтауға жекелеген шоттар ашылу тапсырылған. Қазіргі күні «Қызылорда Тазалығы» ЖШС-мен бірлесіп, қала бойынша 21 көпқабатты тұрғын үйдің шоттары ашылған. Демек, тұрғын үйлердің келбеті көркемделер күн алыс емес. Әрине, тұрғындар заңға сай, қаражатын құйып отырса.

Биыл «Нұрлы жол» мемлекеттік бағдарламасы бойынша 14 жобаға 3 миллиард теңге бөлінген. Айталық, сумен қамту бойынша 8 жоба, Қызылорда қаласының кәріз жүйелері бойынша 5 жоба және Жаңақорған ауданын сумен қамту бойынша 1 жоба. Жоба аяқталған соң тіршілік нәрін алудың мүмкіндігі молая түседі. Бас-аяғы 72 шақырымды құрайтын 4,5 шақырым кәріз жүйелері жаңғыртылмақ. «2020 жылға дейін Өңірлерді дамыту» бағдарламасы бойынша республикалық және облыстық бюджеттен 3 жобаның (Сырдария ауданындағы Қалжан ахун елді мекені, Жалағаш ауданындағы Шәменов, Мырзабай ахун ауылы) құрылысын аяқтау үшін 527 миллион теңге бөлінген. 16,7 шақырым ауызсу жүйелері қайта жаңғыртылған.

Биыл автомобиль жолдары мен елді мекендер көшелерін жөндеуге және көлік инфрақұрылымын дамытуға 13,5 миллиард теңге бөлінген. Серік Сүлейменовтың сөзінше, ол қаражатқа 277,87 шақырым автомобиль жолдары мен елді мекен көшелерін жөндеуден өткізу жоспарланып отыр. Сондай-ақ, алдағы уақытта 4 жаңа көпір салыну көзделсе, 3 көпірге күрделі жөндеу жұмыстары жүргізіледі. Осылайша облыс әкімінің орынбасары «2018 жылдың қорытындысымен облыстық және аудандық маңызы бар автомобиль жолдарының жақсы және қанағаттанарлық индикаторлық көрсеткіші 63,5%-ға жетеді деп күтілуде» деді.

Ж.Қойшыбекова

 


Облыста ең көп сыбайлас жемқорлық сипатындағы қылмыстар Арал ауданында тіркелген PDF Print Email
Жаңалықтар - Халық-хабар
17.08.2018 16:19

Қызылорда облысындағы Әдеп жөніндегі кеңестің кезекті көшпелі отырысы Арал ауданында өткізілді. Осы кезге дейін тек қана облыс орталығында өткізілетін Кеңес отырысын көшпелі түрде өткізу биылғы жылдан бастап тәжірибеге енгізіліп отыр.

Кеңес отырыстарын көшпелі өткізудегі басты мақсат сыбайлас жемқорлық сипатындағы қылмыстар көп орын алған аудандарда аудан активімен бірге талқылап, сыбайлас жемқорлықтың алдын алу бағытында ұсыныстар қабылдау болып табылады. Алғашқы көшпелі отырыс маусым айында Шиелі ауданында өткізілген болатын.

Кеңестің кезекті көшпелі отырысында 4 мәселе қаралды.

Кеңес мүшелері алдында алғашқы болып Арал ауданы әкімдігінің мемлекеттік қызмет және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл туралы заңнамалары бұзушылықтарының профилактикасы бағытында атқарған жұмыстары жайлы аудан әкімі М. Оразбаев есеп берді.

Жыл басынан бері Арал ауданында орын алған сыбайлас жемқорлық сипатындағы қылмыстар мен құқықбұзушылықтар туралы Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Қызылорда облысы бойынша департаментінің басқарма басшысы Қ.Әбілдаев пен Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл ұлттық бюросының (Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметтің) Қызылорда облысы бойынша департаментінің Батыс аймағы бойынша ауданаралық басқармасының басшысы С.Кенжебеков хабарлама жасады.

Статистикалық мәліметтерге сәйкес 2018 жылдың 6 айында Арал ауданында сыбайлас жемқорлық сипатындағы 9 қылмыс тіркелсе, 2017 жылдың 6 айында 2 қылмыс тіркелген болатын. Яғни, тіркелген сыбайлас жемқорлық сипатындағы қылмыстардың саны өткен жылмен салыстырғанда 4,5 есеге көбейген.

Қызылорда облысының аудандары арасында ең көп сыбайлас жемқорлық сипатындағы қылмыстар тіркелген Арал ауданы болып отыр.

Орын алған 9 қылмыстың басым бөлігі – парақорлық, оның ішінде 7-еуі пара алу, 1-еуі пара беру фактісі болса, 1-еуі – қызметтік жалғандық жасау.

Сондай-ақ, 2018 жылдың 6 айында Әдеп жөніндегі кеңесте Арал ауданының 2 мемлекеттік қызметшісінің (Арал қаласының әкімі Б.Махатов және Арал қаласы әкімінің орынбасары Р.Жанаев) тәртіптік істері қаралып, жер заңнамасын өрескел бұзып, мемлекеттік қызметке кір келтіретін тәртіптік теріс қылықтарға жол бергендері үшін "қызметіне толық сәйкес еместігі туралы ескерту" тәртіптік жазасы қолданылды.

Әдеп жөніндегі кеңес мәселені жан-жақты қарап, Арал ауданының әкімі М.Оразбаевқа сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл заңнамалары бұзушылықтарын алдын алу бағытындағы профилактикалық шараларды тиісті деңгейде жүргізбей, ведомстволық бақылауды төмендеткені үшін жауапты орынбасарының тәртіптік мәселесін шешуді ұсынды.

Кеңестің күн тәртібіне сәйкес келесі кезекте Арал аудандық ішкі істер бөлімінің сыбайлас жемқорлық профилактикасы және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл туралы заңнамаларын сақтау бағытында атқарған жұмыстары жайлы аудандық ішкі істер бөлімінің бастығы Ә.Қосбармақовтың хабарламасы тыңдалды.

Арал аудандық ішкі істер бөлімінде 2017 жылы сыбайлас жемқорлық сипатындағы 1 қылмыс орын алған. Атап айтқанда, сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл ұлттық бюросының Қызылорда облысы бойынша департаментінің Батыс аймағы бойынша басқармасы ОІІД Өзіндік қауіпсіздік басқармасымен бірлесіп жүргізілген жедел-іздестіру шаралар нәтижесінде 2017 жылғы 16 маусымда Арал АІІб ғимаратынның алдында жеке автокөлік ішінде Арал АІІб көші-қон полиция тобының инспекторы, полиция капитаны Даурен Тукешов азамат Ш.Ш-дан 50000 теңге көлемінде пара алу барысында құрықталған.

Полиция капитаны Д.Тукешов Қызылорда қаласының тұрғыны Ш.Ш-дан Өзбекстан Республикасынан келген азаматтарды уақытша тіркеуге қою үшін 150000 теңге көлемінде пара талап еткен.

Сот шешімімен Д.Тукешев Қазақстан Республикасының Қылмыстық Кодексінің 366-бабымен кінәлі деп танылып, мемлекеттік қызметтер атқару құқығынан өмір бойына айырыла отырып, 5 миллион теңге көлеміндегі айыппұл төлеу жазасы қолданылған. ОІІД-нің бұйрығымен полиция капитаны Д.Тукешов ҚР Ішкі істер органдарындағы қызметінен шығарылса, Арал АІІб бастығының қызмет жөніндегі орынбасары Е.Жүнісов атқарып отырған лауазымынан босатылған, кадр жұмысы жөніндегі орынбасары А.Байоразоваға «ескерту» түріндегі тәртіптік жазасы жарияланған.

Келесі кезекте Арал ауданы бойынша мемлекеттік кірістер басқармасының басшысы Б.Дүйсеновтың мемлекеттік қызмет және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл туралы заңнамалары бұзушылықтарының профилактикасы бағытында атқарған жұмыстары жайлы есебі тыңдалды.

Әдеп жөніндегі кеңестің 4-мәселесімен «Жолаушы-Сервис А.Б.» ЖШС-нің құқықтары мен заңды мүдделерін іске асыруына ашық кедергі жасап, мемлекеттік қызметке кір келтіретін тәртіптік теріс қылықтары үшін Арал аудандық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің басшысы Амантай Тасқынбаевтың тәртіптік ісі қаралды.

Кеңес шешімімен «Қазақстан Республикасының мемлекеттік қызметі туралы» Қазақстан Республикасы Заңының 50-бабының 1-тармағы 4) және 11) тармақшаларында көзделген мемлекеттік қызметке кір келтіретін тәртіптік теріс қылықтарға жол бергені үшін Арал аудандық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдарыбөлімінің басшысы А.Тасқынбаевқа «қызметіне толық сәйкес еместігі туралы ескерту» түріндегі жаза қолдану ұсынылды.

Күн тәртібіндегі барлық мәселелер қаралып, тиісті ұсынымдар берілді.

ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас

жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің

Қызылорда облысындағы Әдеп жөніндегі

кеңесінің хатшылығы

 


Биылғы алты айда Арал ауданында жемқорлық сипатындағы 9 қылмыс орын алды PDF Print Email
Жаңалықтар - Халық-хабар
17.08.2018 13:45

Қызылорда облысындағы Әдеп жөніндегі кеңестің кезекті көшпелі отырысы Арал ауданында өткізілді. Осы кезге дейін тек қана облыс орталығында өткізілетін Кеңес отырысын көшпелі түрде өткізу биылғы жылдан бастап тәжірибеге енгізіліп отыр.

- Кеңес отырыстарын көшпелі өткізудегі басты мақсат - сыбайлас жемқорлық сипатындағы қылмыстар көп орын алған аудандарда аудан активімен бірге талқылап, сыбайлас жемқорлықтың алдын алу бағытында ұсыныстар қабылдау болып табылады. Алғашқы көшпелі отырыс маусым айында Шиелі ауданында өткізілген болатын, - деді Қызылорда облысындағы Әдеп жөніндегі кеңес хатшылығының меңгерушісі Берікбол Байхожаев.

Ал, бұл жолы Кеңестің көшпелі отырысының Арал ауданында өткізілуінің себебі, 2018 жылдың 6 айында Арал ауданында сыбайлас жемқорлық сипатындағы 9 қылмыс орын алып, өткен жылдың 6 айымен салыстырғанда 4,5 есеге көбейген. 2017 жылдың 6 айында сыбайлас жемқорлық сипатындағы 2 қылмыс тіркелген болатын. Қызылорда облысының аудандары арасында ең көп сыбайлас жемқорлық сипатындағы қылмыстар тіркелген Арал ауданы болып отыр.

Орын алған 9 қылмыстың басым бөлігі – парақорлық, оның ішінде 7-еуі – пара алу, 1-еуі пара беру фактісі болса, 1-еуі – қызметтік жалғандық жасау.

Әдеп жөніндегі кеңес мәселені жан-жақты қарап, сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл заңнамалары бұзушылықтарын алдын алу бағытындағы профилактикалық шараларды тиісті деңгейде жүргізбей, ведомстволық бақылауды төмендеткені үшін аудан әкімінің жауапты орынбасарының тәртіптік мәселесін шешуді ұсынды.

ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас

жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің

Қызылорда облысындағы Әдеп жөніндегі

кеңесінің хатшылығы

 


«Жомарт жүрек» байқауы жеңімпаздары марапатталды PDF Print Email
Жаңалықтар - Халық-хабар
17.08.2018 09:46

«Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында өңірлер мен жергілікті қауымдастықтардың дамуына ерекше үлес қосқан азаматтарды көтермелеу мақсатында «Жомарт жүрек» байқауының қалалық кезеңінің жеңімпаздарын салтанатты құттықтау рәсімі өткізілді. «Жомарт жүрек» сыйлығын марапаттау жөніндегі комиссияның қорытындысына сәйкес, қасиетті Сыр елінің топырағын түлетуге атсалысып жүрген бір топ азаматтарға номинациялар мен арнайы сыйлықтар табысталды.

Олар:

1.«Жыл меценаты» номинациясымен, аймақтың әлеуметтік-экономикалық дамуына белсенді үлес қосып, туған елді көркейтуге атсалысып жүрген, сондай-ақ, «Жүрек жылуы», «Сыр мейірімі», «Сыр жомарты» қайырымдылық акцияларына қатысып, тұрмысы төмен отбасыларына ұдайы көмек көрсетумен қатар, мүмкіндігі шектеулі балаларға арналған «Шағман» балабақшасының тұрақты демеушісі Смағұлов Қанат Смағұлұлы марапатталды.

2. «Туған өлке» номинациясымен Қызылорда қаласын абаттандыруға өзінің азаматтық бастамасымен ат салысып, көптеген белсенді азаматтарды тарта отырып, қаланы жасыл желекке айналдыру үшін аянбай қызмет еткені үшін Болат Нұрқожаев марапатталды.

3. «Жыл тұлғасы» номинациясымен белсенді азаматтық ұстанымын таныта отырып, әртүрлі бағыттағы кең ауқымды қайырымдылық қызметті жүзеге асырып жүргені үшін Жүнісов Досхан Болатұлы марапатталды.

4.«Жылдың үздік ұйымы» номинациясымен, құрылған сәтінен бастап мүмкіндігі шектеулі азаматтарға, жетім балаларға арналған қайырымдылық іс-шараларды атқарумен қатар, соңғы 4 жыл көлемінде қайырымдылыққа 21 913 000 тг қаржы бөліп, ел алғысын алып келген «Ұшқын» Қызылорда мүгедектерінің оқу-өндірістік кәсіпорны» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі марапатталды.

5. «Ерен еріктілік» номинациясымен волонтерлік қызметтерге белсенді қатысып, қала жастары арасында «Жайдарман» ойындарын насихаттап, жастардың бос уақытының тиімді өтуіне атсалысқаны үшін Аманбаев Хакімбек марапатталды.

Қызылорда қаласы ішкі саясат бөлімі

 


СПОРТШЫЛАРДЫ ҚАБЫЛДАДЫ PDF Print Email
Жаңалықтар - Халық-хабар
16.08.2018 17:45

2018 жылдың 16 тамызы күні аудан әкімі Қ.Сәрсенбаев спортшылар күніне орай спорт саласының ардагерлерін, қызметкерлерін және бірқатар спортшыларды қабылдады.

Ауданымызда бұқаралық спортты, ұлттық спортты дамыту бағытында кешенді жоспар жасалып, тиісті жұмыстар жүргізіліп келеді.

2018 жылдың 1-жартыжылдығының қорытындысымен аудан спортшылары халықаралық, республикалық, облыстық жарыстарда 18 алтын, 21 күміс, 32 қола медаль жеңіп алды. Олардың қатарында халықаралық турнирлердің, әлем біріншіліктерінің, Азия чемпионатының жүлдегерлері Жеңісбек Жақсыбек, Қанзада Арайлым, Тәттібай Дидар, Тынарбай Тілеген, Оразбай Арайлым, Әбілда Қызжібек, Айшыққан Рамазандардың есімдерін ерекше айтуға болады.

Кездесуде сөз алған өңір басшысы аудан спортының дамуына айтарлықтай үлес қосып келе жатқан ардагер-спортшыларға, жаттықтырушыларға алғысын білдірді.

- Ауданымызда бұқаралық спортты, ұлттық спортты дамыту бағытында кешенді жоспар жасалып, тиісті жұмыстар жүргізіліп келеді. Жалпы, аудан бойынша 143 спорт нысандары жұмыс істейді. Ағымдағы жылы облыс бойынша атқарылатын жобалар тізбесіне ауданнан 2 жоба енгізілді. Сондай-ақ, Мәдениет елді мекенінде спорттық кешенінің құрылысы аяқталып, пайдалануға берілді, - деді өз сөзінде Қайратбек Әубәкірұлы.

Кездесуде ұсыныс-пікірлер айтылып, Қазақстан Республикасының Спорт күні мерекесіне орай Қызылорда облысының дене шынықтыру және спорт басқармасының және аудан әкімінің Алғыс хатымен бірқатар сала мамандары марапатталды.

Жалағаш ауданы әкімінің баспасөз қызметі

 


ҚАРТ ТЕҢІЗДІҢ ТАҒДЫРЫ һәм БЕСЕУДІҢ БІТІМІ PDF Print Email
Жаңалықтар - Саясат
16.08.2018 14:01

Ертеде Шу өзенінің жайылымына Арғын мен Үйсін рулары таласып, дауға Арғын жағынан Тобықты Құнанбай, Үйсін жағынан ысты Бақтыбайдың баласы он төрт жастағы Сары Әжібек шығады. Екеуінің сөзге келісу нәтижесінде «Ұлы жүздің белгілі Сарысымын, Бақтыбайдың маңдайындағы дәрісімін. Маңдайымның бағы бар, Таңдайымның дағы бар» деп өзін таныстырған Сары Әжібек шешен:

- Сары табақтан сарқыт қайтар. Билігін маған берсең, бәрін бауырыма тартпайын. Шу өзенінің сол жағын Үйсін, оң жағасын Арғын жайласын, - деп кесім сөзін айтқан екен.

Ал бұл жолы Шу емес, қарт теңіздің тағдыры қалай шешілді? Кесімді шешім қандай?

Қазақ даласының ен тоғайына тіршілік қуатын дарытып тұрған қарт Каспий де өзінің тағдыры талқыға түсіп жатқанын білді ме, жағалауға толқынды жүзін ұрғылауын тоқтатқан жоқ. Қайтсін енді, Каспий жалғыз, ал оның жағасын қоршап, табиғатына көз сүзіп, байлығына ой жүгіртіп жатқандар саны – бесеу.

Иә, өткен аптада Қазақстан президенті Н.Назарбаев Ақтау қаласына іссапармен барды. Мақсат айқын, жоспар анық. Алдымен аймақтың әлеуметтік-экономикалық даму ахуалына тоқталған мемлекет басшысы бесінші Каспий саммитінде бес елдің басшылары Каспийдің құқықтық мәртебесі туралы конвенцияға қол қоятынын айтты.

Теңіздің төрт тарабынан келген Әзербайжан Республикасының Президенті Ильхам Әлиев, Иран Ислам Республикасының Президенті Хасан Рухани, Ресей Федерациясының Президенті Владимир Путин, Түрікменстан Президенті Гурбангулы Бердімұхамедовтерді бесінші мемлекеттің басшысы Нұрсұлтан Назарбаев күтіп алды. Өңір тарихы бірегей, мәдениеті алуан түрлі, адам ре­сурстары жеткілікті, табиғи қоры мол теңіздің географиялық тұрғыдан тиімді орналасуы геосаяси маңыз­ға ие болып отыр. Алыстан атының  сауыры терлегенше жеткен бес ел басшыларының көздегені де, діттегені де – осы. Бұл мәселе Каспий­ саммитінің плен­арлық отырыс­ында  көтерілді.

- Каспий теңізінің саяси тұр­ғыдан тұрақсыз аймаққа жақындығы қауіпсіздікті қамтамасыз  ету мақсатында Каспий маңы мемле­кеттерінің өзара тиімді әрі нақты іс-қимылдарды пысықтауды  талап  етеді. Осыған орай, әс­кери қызмет саласындағы сенім шаралары үшін бесжақты  келісім  жа­сау­ды ұсынамын, - деген­ Қазақстан президенті өзгелермен бірге сауда, экономика, көлік және қауіпсіздік сала­ларына байланысты маңыз­ды келісімдерге  қол  қойды.

Бұдан былай осы бес мемлекет қарт теңіздің қазынасын қалт жібермей бақылап отырады. Қазақ ертеректе жер дауы мен жесір дауын­  бітпейтін дау қатарына қосқан. Бұл жолғы мәселе дау түрінде емес, жер мен су шешімі ретінде қаралуда. Маңыздылығы – бес елдің мүдделерін өзара есепке алу, өзектілігі – өзара іс-қимылды қарқы­ндатып, теңіздің жаңа құқықтық режимін құру. Тілсіз табиғатт­ың тағдырын шешуге жиналғ­ан бесеу осылайша Каспий теңізінің Конституциясы саналатын конвенцияға қол қойды. Және осы күннен бастап алты айдан кешіктір­мей алғашқы консуль­тациялар өткізу туралы шешім қабылданды.

Атап кетейік, конвенцияда Каспий теңізін бейбітшілік, тату көршілік және достық аймағына айналдыру, оны бейбіт мақсатта пайдалану, егемендігі мен аумақтық тұтастығын құрметтеу, Каспий теңізінде тараптарға қатысы жоқ қарулы күштерді болдырмау мәсе­лел­ері қамтылған. Бесеудің бірігуімен аумақтық су көлемі 15 теңіз миль етіп бекітіліп, оның сыртқы шекарасы мемлекеттік мәртебеге ие болды.

- Көп жылғы сіңірген еңбектің шарықтау шегі бүгін Каспий теңізінің құқықтық мәртебесі турал­ы Конвенцияға қол қоюмен аяқталды. Конвенция «Каспий теңізінің конституциясы» болып саналады. Мұнда теңіз жағасындағы мемлекеттердің құқықтары мен міндеттеріне, сондай-ақ, өңірдің қауіпсіздігіне, тұрақтылығы мен өркендеуіне кепіл болуға қатысты барлық кешенді мәсе­ле­лерді  реттеу  қарастырылған, - деді Қазақстан  президенті.

Конвенциядағы келісімдерді іске асыру үшін Каспий маңы мемлекеттерінің құзыретті ведомстволарының кездесулері тұрақты негізд­е өткізілетін болады. Бес елдің кәсіпкерлері мен бизнес-құрылымдары арасындағы бай­ланыстарды дамыту мақсатында 2019 жылы Түрікменстанда бірінші Каспий экономикалық форумын өткізу ұсынылды.

Енді бізде Каспий де ортақ. Теңіздің балық аулау аймағынан тыс бөлігі бес елге ортақ су кеңістігі болып есептеледі. Бұл – бесеудің бітімі. Мемлекеттік теңіз шекарасынан тыс аумақта Каспий жағасындағы елдердің туы бар кемелер­дің еркін жүзуіне кедергі де кел­тіре  алмаймыз. Себебі ортақ келісімге қол қойылды, мөр басылды. Басқа теңізге және әлемдік мұхит­қа шығу еркіндігі жөніндегі уағдаластықтың маңызы зор. Әрбір мемлекет өз бөлігінің шегіндегі теңіз түбінің байлықтарына қа­тыст­ы егемендік құқығын жүзеге асырады. Саммит соңына жетті, ал мемлекет басшылары Ақтау қаласы­ның теңіз жағалауы арқылы өтетін жаңа нысан – «Жартас жолы­н» аралап, қолдан өсірілген 500 ақсерке балығын теңізге жіберді. Әр президенттің 100 арма­нын арқалаған ақсеркелер бір ысып, бір суыған қарт теңіздің түбіне жеңіл жүкпен кеткен жоқ...

Н.ҚАЗИ

 


МҰСЫЛМАН МЕЙРАМЫНДА ӘР АДАМ ТАЗА ЖҮРУІ КЕРЕК PDF Print Email
Жаңалықтар - Арнайы беттер
16.08.2018 13:17

Съезбек  РАХМЕТТЕГІ,

Қызылорда облыстық «Ақмешіт-Сырдария» мешітінің наиб имамы:

 

- Съезбек Евилханұлы, облыс жұртшылығының, оның ішінде жас­тардың Алланың жолына түсіп, ақиқатқа жүгінуге ұмтылғандары қуантады. Мешіт жанында иман­ды­лыққа тәрбиелейтін арнайы медресе бар. Бүгінде қанша шәкірт тәрбиелеп отырсыздар?

- Бисмиллаһир-рахманир-рахим! Барша халықтың келе жатқан ұлық мерекесі – Құрбан айт мейрамымен құттықтаймын. Бұл мейрам – қазақ халқы 7-ғасырда Ислам дінін қабыл­даған уақытта, салт-дәстүрімізге зияны тимейтін мейрамдармен бірге жеткен ұлы мейрам. Қазақ жері Исламның екі мейрамын бойына сіңдіре білді. Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) Меккеге көшкен уақытта Медине халқы  өздерінің  екі  мейрамын «ескі­ден қалған салт-дәстүріміз» деп ұсына­ды. Сонда Пайғамбар (с.ғ.с.): «Егер Алладан алшақтататын әре­кеттер болса, онда оны жақындат­паңыздар!  Аллаға  жақындата түсетін, халыққа, елге пайдалы мейрамдар болса, қабылдаймын. Мен сіздерге   Алладан көңіл көтеретін бұл екі күннің орны­на  әлдеқайда қайырлы­сын әкелдім. Біріншісі – Құрбан айт, екіншісі – Рамазан айт мейрамы », - дейді. Бұл екі мейрам сол 14 ғасырдан бері жал­ғасып келе жатқан үрдіс болып қалыптасты. Бұл үрдістің заңдылығы мен негізгі қағидаларын оқып, үйре­ніп жатқан жастарымыз, балала­ры­мыз да күннен-күнге көбеюде. Қазіргі кезде жастардың Ислам дініне бет бұрып, иманды­лыққа тәрбиеленіп, ізеттік жолына түс­кен­дігі қуантады. Мазмұнды тәрбиесі бар, бойында мінезі мен сыпайы­лығы тұнып тұрған жастар­дың өсіп келе жатқанына қуанамын. Ал шәкірт жөніне келсек, облыс бойынша жұмыс істеп тұрған 150 мешіт бала­ларды тұрақты оқытып жатыр. Әрқайсысында 100 баладан, аудан­дық мешіттер 50-70, ауылдық елді мекен  мешіттері 10-нан астам баланы «Құран  жаттау  медресесінде» дайын­дап, тәрбиелеуде.

- Алда Құрбан айт мейрамы келе жатыр. Жұртшылық  мешітті  Алланың жердегі үйі деп қадір тұтып, осында ниет етіп, дұға  жасағанды  қалайды. Бұл жолы да  Құрбан  айт  садақасын  мешіт­те  жасағысы  келген  жамағаттар  бар ма? Жалпы, бұл күнді қалай атап өткелі жатырсыздар?  Құрбан  айт күні  мешітте  тұрмысы  төмен, әлеуметтік аз қамтамасыз етілген отбасыларға жылдағы дәстүр бойынша үлес бері­леді. Бұл  үрдіс өз  дәстүрінен жаңыл­маған   болар?

- Айта кетейін, ағымдағы жылдың 21, 22, 23 тамыз күндері Құрбан айт мейрамы болып бекітіліп отыр. Бұл мейрамның бірінші күні Елбасы­ның Жарлығымен арнайы тойла­нады. Осы үш күнде құрбан малдар сойы­лады. Құрбандық мал ғибадат ретінде бауыздалуы шарт. Шын мәнісінде Алла пенделердің құл­шылығына да, құрбандық шалуына да зәру емес. Құрбан шалудың бізге мәлім әрі беймәлім көптеген пай­далары мен хикметтері бар. Деген­мен, негізгі мақсат – Алла тағала­ның разылығына бөлену. Мал шал­ғанда пенделердің ниетінің негізге алынатындығы Құран Кәрімнің «Хаж» сүресінде «Ұмытпаңдар, олардың еті де, қаны да ешқашан Аллаға жетпейді. Оған жететін жалғыз нәрсе – жүректеріңізге ұялаған тақуалық, Аллаға деген құрмет» деп айтылған. Сондықтан бұл күні де Қадір түні секілді жамағатқа лық толы болады. Ниет етіп, намаз оқитын, дұға жасап, Аллаға сансыз мадақтар айтатын жамағатпен бірге мешіт қызмет­керлері әрдайым бірге, қандай да болсын, халал мейрамдарда дас­тарқанымыз ашық. Тіпті аймақтағы тұрмысы төмен, әлеуметтік әлсіз топ өкілдеріне бұл күні ет тара­тылады. Олардың тізімі қалалық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар  бөлімінен  алынып, қолдан келгенше көмек  көрсетіле­ді. Биыл да жылдағы дәстүр бо­йынша  700-800  адамды  халықтың өткізген етімен қамтамасыз етеміз деген жоспар бар. Өйткені Алла тағала Құран Кәрімнің «Хаж» сүресінде «Құрбанның етінен өзде­рің жеңдер әрі міскіндер мен кедейлерге  жегізіңдер» дейді.

- Ал  арапа  күні  қашан?

- Біздің елде арапа күні ертесі болатын  айт  күніне  шелпек-бауыр­сақ пісіріп, дастарқан әзірлігі жасалып  жатады. Сонымен қоса, бір күн ораза  ұстаған  да  дұрыс  болады. Бұл күн – 20 тамыз.

- «Құрбан» сөзінің діни терминдегі мағынасы «ғибадат мақсатымен белгілі бір уақыттарда жануарды шарттарға сай бауыздау» дегенге саяды. Жалпы, бұл күннің маңызы қандай?

- Құрбандық шалудың мәнісінің кеңдігін ұғыну үшін діннің не екенін, құлшылықтың не үшін жаса­латынын жақсы білген жөн. Мына кең-байтақ ғаламды жаратқан құдіретті Ие жер бетіндегі саналы пенделерін бекерге жаратпаған. Олардың қоғам құрып, дұрыс өмір сүруі үшін тура жол көрсетіп, дін жіберген. Қасиетті кітабы Құранда «Мен жындар мен адамдарды (Мені танып), маған ғана құлшылық жасасын деп жараттым» («Зариат» сүресі, 56-аят) деп білдірген. Демек, құлшылық жасаудың түп мәні – Жасаған Иенің жарлығына бағыну, разылығына ұмтылу, сауап жинау. Маңызы да айрықша, біріншіден, Ислам  дінінің мейрамы, екінші­ден, Аллаға құлшылық ету арқылы өз амал-ниеттерімізді орындаймыз. Ал үшіншіден,  мұқтаждар  қуа­ныш­қа бөленіп, айналасында мейірімді жандардың барлығына көз жет­кізеді.

- Құрбан  шалудың  негізгі шарты – малды бауыздап, қан ағызу. Аша тұяқты мал алуға мүмкіндігі болмаған  жағдайда садақа беріп, соны  құрбандыққа  теңеуге  бола  ма?

- Құрбандық шалу тек мал бауыздаумен ғана шектелмейді. Онда адамның ішкі ниеті, шын пейілі, дінге бекемдігі, тақуалығы, басқаларға жанашырлығы таразыға түседі. Сондай-ақ, пенденің пенде­шілігі мен мәрттігі, сараңдығы мен жомарттығы да сыналады. Мұсыл­ман адам қара бастың қамын ғана ойламауы тиіс. Өзім ғана ішсем, жесем, өзім тоқ болсам болды, бас­қалар не болса, ол болсын деген түсінік оған жат. Өйткені «Көршісі аш кезде өзі тоқ түнеген адам бізден емес», «Өзіңе тілеген жақсылықты басқаға да тілемейінше шынайы мұсылман бола алмайсың», «Мұсылмандар бір дене тәрізді, бір жері ауырса, басқа мүшелерінің де мазасы кетіп, ұйқысы қашады» деген. Пайғамбарымыздың (Оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) хадистері күллі мұсылман жұртшылығын бір-біріне жанашыр болуға, қамқорлық жасауға, қинал­ғандарға көмектесуге, жағдайы нашарларға қарасуға, өзара мейірім­ді болуға насихаттайды. Ал «маған мал әкеліп, оны сою үлкен мәселе» дейтін адамдар болса, мал шығы­нын жабатындай жеткілікті қаржы әкеліп өткізіп, оған басқа біреу мал әкеліп шалса ғана құрбандық шалған болып есептеледі. Содан кейін оған мал алынып, сол адам­ның атынан шалынады. Ал күнде­лікті  садақадан  айырмашылығы жоқ қаражат құрбан шалуға теңес­тірілмейді.

- Мал  иесі  өзі  бауыздай  алмай­тын болса, жанындағы кісілерге сол міндетті жүктеуіне Исламда рұқсат берілген бе? Және ол кезде қандай аяттар  мен  хадистер  оқылуы  керек?

- Мүмкін болса құрбандық шалатын жан өз құрбандығын өзі шалғаны – мұстахаб (ұнамды іс). Дегенмен, өкілеттік беру арқылы басқа адамға да бауыздатуға болады. Құрбандық шалатын жанның мұсылман, ниеті таза, дәретті бол­ғаны абзал. Сондай-ақ, құрбан шалынатын жердің таза болуына көңіл бөлу, малды ұрмай-соқпай, жұлқыламай апару керек. Сол кезде оның бойындағы қан да еттен жыл­дам шығып, еті адамға пайда­сын тигізеді. Малды апарып, төрт аяғын байлап, құлатып, соя салу дұрыс емес. Құрбан малын құбылаға қаратып, сол жағымен жатқызып, қинамай, жұмсақ бауыздауға көңіл бөлуі керек. Малдың көзінше жалаңдатып пышақ қайрауға бол­майды. Бұл – ең басты мәселе. Алайда осы нәрсеге көбі мән бер­мейді. Малды құбылаға қарата жатқызғаннан кейін оң қолымен «Бисмиллаһи, Аллаһу акбар» деп бауыздайды. Құрбандық малды басқа адамға бауыздатқан кісі мал бауыздалып жатқанда «Бисмил­лаһи, Аллаһу акбар» деп қоса айт­қаны  жөн.

- Шыны керек, шек беру мен құрбан шалуды шатастырып жүр­гендер  бар. Сойылған  мал  толықтай «уәжіп құрбандық» болуы үшін құрбандықты қай күні орындаған шарт?

- Жоғарыда Құрбан айт мей­ра­мының 21 тамызда басталатынын айттық. Демек, мал да осы күні айт намазы басталған уақыт пен айттың үшінші күнгі ақшам намазы ара­лы­ғында  шалынуы керек. Қазіргі кез­де құрбан айтынан бір күн бұрын мал сойып, шек беріп, айт күні құр­бан шалмайтындар да бар. Шариғат бойынша, сойылған мал «уәжіп құрбандық» боп есептелуі үшін Алла тағала талап еткен, белгіленген мезгілде және орында жасалуы шарт. Сондықтан құрбанның дұрыс болуы үшін діни тұрғыдан оның белгіленген уақытта бауыздалғаны жөн. Құрбандыққа сойылатын қой немесе ешкі секілді уақ малды құр­бандық ретінде тек бір ғана адам, ал түйе, сиыр секілді ірі қара мал­дарды бір кісіден жеті адамға дейін бірігіп немесе бір адам жеке өз атынан да соя алады. Құрбандық шалуға біріккен кісілердің бар­лы­ғының ниеті құрбандық құлшы­лы­ғын өтеу мақсатында болуы керек. Егер осы  адамдардың  ішінен  біреуі  құрбандыққа тек ет алу, пайда  көру  ниетімен  қосылса, барлығы­ның да ниеті құрбандық ретінде  санал­майды.

- Ендігі  мәселе  тазалыққа  қатыс­ты. Әрине, халықты бұл тұрғыдан келгенде  сауатсыз дей алмаймыз. Десек те, осы айт күні үй сыпыруға, суға түсуге, бас жууға, кір жууға болмайды деген тыйым сөзді арагідік естіп жатамыз. Осы сөздің анық-қанығына  көз  жеткізсек  деп  едік...

- Бұл мейрамда малдың жеке тазалығы мен сойылатын орынның тазалығынан бастап, оны сойып болғанға дейін тазалыққа аса мән берілуі керек. Ислам дінінің өзі тазалықтан тұрады. Бес уақыт намаз оқып, соған сай тазаланып отырудың өзі – соның айқын дәлелі. Рас, кей жерлерде үй сыпыруға болмайды деген әңгіме бар. Ол қонақ кіріп келе жатқанда алдынан үй сыпырма деген мағынада, екіншісі күні бұрын барлығын тазалап, жиыстырып қою керек. Оған себеп, мейрам күнгі дайындалған асқа шаң-тозаң араласпас үшін. Сондықтан бұл кір жууға, суға түсуге, бас жууға бол­майды деген тыйымдар – үлкен қателік. Халықты олай адастыруға болмайды. Керісінше, мұсылман­дардың мейрамында әр адам таза жүруі  керек.

- «Амалдан ниет қайырлы» деп Құрбан айт мейрамына дайындалып жатқан Сыр бойының халқына айтар тілегіңіз...

- Шындығына келгенде, амал ниеттен тұрады. Ниет адам әрекеті­нің нақтылы мақсатын білдіреді. Ниетсіз, себепсіз алға мақсат қойыл­майды. Ал ниеттің орныққан жері – жүрек. Алла елшісі «Шын мәнінде Алла сендердің келбеттеріңе, бай­лықтарыңа қарамайды, Алла сен­дердің жүректеріңе, амалдарыңа қарайды» дейді. Яғни, бұл хадистегі жүрек деген сөздің астарында ниет жатқаны меңзелуде. Сахаба Әбу Хурайра: «Жүрек – патша. Ағзалар – оның  әскері. Егер патша  жақсы болса, әскері де жақсы болады. Ал егер патша нашар болса, әскері де нашар  болады» деп барлық мәсе­ле­нің дұрыс бағытта болуы тікелей ниетке  байланысты  екенін ескерт­кен.

Сыр жұртына да амал, ниеттеріңіз қайырлы, қабыл болсын деп тілей­мін.

- Уақыт бөліп, пікір бөліскеніңіз үшін  алғысымыз  шексіз!

Сұхбаттасқан

Нұрбике  ҚАЗИҚЫЗЫ

 



<< Бірінші < Алдыңғы 1 2 3 4 5 6 7 8 9 10 Келесі > Соңы >>

Күнтізбе

< Тамыз 2018 >
    1 2 3 4 5
6 7 8 9 10 11 12
13 14 15 16 17 18 19
20 21 22 23 24 25 26
27 28 29 30 31    

Сауалнама

Аса мәртебелі шенеуніктердің қылмысқа шатылып жатқандығы нені аңғартады?
 

Ауа райы

Валюта бағамы

Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі валюталардың ресми бағамдары