Өзекті мәселелер

  • 06.12.18

    «ЖУСАНДА  ТУҒАН  ЖЕРДІҢ  ИІСІ  БАР»

    Қазақ елі сонау «қарағай басын шортан шалған» ХІХ ғасырға дейін, ұлт тағдырының сілкіленіп, ұлттық сана ояна бастаған ХХ ғасырда да өзінің тегеуріні мықты ел екенін дәлелдеді. Киіз туырлықты қазақ санасындағы рухан­и-мәдени жетілу мен әлеуметтік-экономикалық салада өрлеу секілді мақсаттары заман көшіне ілес...

    Толығырақ...
  • 06.12.18

     

    Ерғали  АБДУЛЛА

     

    АРТЫҚШЫЛЫҚ   пен  КЕМШІЛІК

    Оның көп артықшылығы бар: гү...

    Толығырақ...
  • 06.12.18

    * Ерлердің психикасы зейіннен тоқылған. Ол жай өмір сүре алмайды. Ол биікке ұмтылуы керек.­ Еркек қатты жерде ұйықтап, суық сумен шайынып, ерте тұруы қажет.

    * Ер адам әрдайым өзінің жаман­ қылықтарын тыйғаны жөн. Өзіне ұсақ-түйек жеңілдік жасамауы  керек.

    * Қалаған нәрсесіне жету үшін ол мақсат қойып қимылдайды. Бұл – ер-азаматтың таби­ғаты. Сыйласатын ортасында өзіндік орны бол...

    Толығырақ...
  • 06.12.18

    Жалпы, өзімді жаман адам не ұсқынсыз қызбын деп айта алмаймын­. Жоғары қызметім бар. Адамдармен қарым-қатынасым да жақсы. Бір әттеген-ай дейтінім, осы уақытқа дейін екінші жар­тымд­ы жолықтырып, асыл жар атана алмадым. Жасым 34-те. Бұған дейін карьера құрып, өз жағдайымды өзім жасап алғым келді әуелі. Бір кездері мен үшін арман болған, одан соң мақсатыма айнал­ған марапаттың барлығына жетті...

    Толығырақ...
  • 06.12.18

    Бір сәт аспаннан ақша жауғандай күйге еніп, мол қаржыны қайда жұмсарыңызды білмей қалған мезетте... Мұндай көңіл күйді көбіне несие алған кезде сезінеріміз сөзсіз. Ал ай сайын алатын жалақыға телміріп отырған­ қарапайым халыққа бұл аса таңсық жағдай емес. Иә, өте көп мөлшердегі қаражатты алып, қалтамызды қампайттық делік. Ары қарай қайда жұмсаймыз? Бұрындары тұрмыстық техника, автокөлік немесе ...

    Толығырақ...
Тамыз 2018

ТЕРЕҢӨЗЕКТЕ «ПАРАСАТ» АЛАҢЫ АШЫЛДЫ PDF Print Email
Жаңалықтар - Халық-хабар
13.08.2018 09:59

Сырдария ауданының құрылғанына 90 толуына орай Тереңөзек кентінде «Парасат» алаңы ашылып, алаңға киелі ауданнан шыққан Кеңес Одағы батырларының, Сациалистік Еңбек Ерлерінің және мемлекет және қоғам қайраткерлерінің ескерткіш-бюсттері қойылды.

«Парасат» алаңының ашылуында аудан әкімі Ғ.Қазантаев, ҚР Пралмаенті сенатының депутаты Б.Еламанов, білім саласының ардагері Г.Әбілова сөз сөйлеп, аудан тұрғындары мен мерейтой қонақтарын айтулы мерекемен құттықтады.

– Тәуелсіз қазақ елінің тарихында өзіндік ойып алар орны, бай шежіресі бар Сырдария ауданы бүгінде өзінің 90 жылдық айтулы мерейтойын атап өтуде. Сіздерді ең алдымен, тамыры терең, тарихы кенен серпінді Сырдария ауданының 90 жылдық мерекесімен шын жүректен құттықтауға рұқсат етіңіздер. Жайқалған ақ күріші мен жер асты мұнайынан табысы тасқындап, өнері мен мәдениеті өрге басқан, 40 мың халқы бақытты өмір сүріп, берекелі еңбек етіп жатқан Сырдария ауданының 90 жылдық мерекесі – бәріміз үшін зор қуаныш. Тамыры терең тарихында ұзақ жылдар «Тереңөзек ауданы» деп аталып, бірлігі бекем аудан ретінде танылған, бүгінде өсіп-өркендеп, жаңарып-жасарған, көрікті де көркем Сырдария ауданының 90 жылдық мерекесінің кең көлемде тойлануы – тұғырлы Тәуелсіздігіміздің жемісі, Елбасы саясатының нәтижесі,- деді аудан басшысы Ғ.Қазантаев.

Сонымен қатар, ҚР Пралмаенті сенатының депутаты С.Еламанов, білім саласының ардагері Г.Әбілова ауданның 90 жылдық мерейтойында ауданнан шыққан даңқты тұлғаларға құрмет көрсету – «Рухани жаңғырудың» жарқын көрінісі екенін атап өтті.

Айта кету керек, «Парасат» алаңына Қазақстанның Халық жазушысы, драматург, аудармашы жерлесіміз Қалтай Мұхамеджанов, сатира сардары Асқар Тоқмағанбетов, қазақ поэзиясының көрнекті тұлғасы Әбділда Тәжібаев, Кеңес Одағының батыры Нағи Ілиясов, Жаппасбай Нұрсейітов, Ұлы Отан соғысының ардагері, Қызылорда облысының «Құрметті азаматы» Бекайдар Жүсіпов, Социалистік Еңбек Ерлері Балдырған Мұстапаева, Күләнда Әбдіраманова, Цой Ги Хва, Қасым Бөдеев, Дүйсенбай Керейтбаев, Ибадулла Ақниязов, Ахмет Халықовтардың ескерткіш-бюсттері қойылған.

Ақтөре Ибрагимұлы,

Сырдария ауданы әкімінің баспасөз хатшысы

 


Қызылордалық полицейлер Шалқияда рейд өткізді PDF Print Email
Жаңалықтар - Халық-хабар
09.08.2018 17:45

Ағымдағы жылдың 8 тамызында Жаңақорған ауданы Шалқия кентінде қылмыс пен құқықбұзушылықтың алдын алу, криминогендік ахуалды тұрақтандыру мақсатында профилактикалық іс-шаралар ұйымдастырылды. Іс-шараға барлығы 66 қызметкер жұмылдырылды.

Іс-шара барысында Шалқия кентінде орналасқан жалпы 707 пәтерлер мен жеке үйлердің 689-ы тексерумен қамтылып, тұрғындардың тізімдері алынды. Тұрғындармен кездесу ұйымдастырылып, қойылған сұрақтары бойынша шешімдер қабылданды.

Жеке аңшы қаруы бар 13 тұлғаның қарулары тексеріліп, қаруды сақтау ережесін бұзғандары үшін 3 азаматқа қатысты ҚР ӘҚБтК-нің 484-бабының 1-бөлігіне сәйкес әкімшілік хаттамалар рәсімделіп, жалпы 36 075 теңге көлемінде айыппұл  салынды.

Сонымен бірге, әртүрлі құқықбұзушылықтар жасағандары үшін 26 азаматқа қатысты әкімшілік хаттама рәсімделді. Оның ішінде, ҚР ӘҚБтК-нің 204-бабымен (белгіленбеген орында сауда жасау) – 1, 492-бабымен (мекенжайда тіркеусіз тұру) – 1, 593-бабының 2-бөлігімен (қауіпсіздік белдігі) – 7, 612-бабымен (автокөлікті құжатсыз басқару) 8 дерегі орын алды.

Аудандық ішкі істер бөлімінде есепте тұрған 9 тұлға мекенжайларынан тексеріліп, олармен қылмыс пен басқа да заңға қайшы іс-әрекеттерге жол бермеу туралы профилактикалық бағытта әңгімелер жүргізілді.

Кент орталығында орналасқан мекемелер мен жеке тұлғаларда келісімшарт бойынша жұмыс істеп жүрген 9 азаматтың (Ресей – 4, Армения – 1, Өзбекстан – 4) елімізде заңды болулары тексеріліп, нәтижесінде Қазақстан Республикасында болу ережесін бұзғаны үшін Өзбекстан Республикасының 4 азаматты анықталып, Жаңақорған АІІб-не жеткізілді.

Аталған бағыттағы іс-шаралар өз жалғасын таба береді.

Қызылорда ОІІД баспасөз қызметі

 


Облыстың бюджетіне өзгеріс енді PDF Print Email
Жаңалықтар - Халық-хабар
09.08.2018 15:24

Кеше депутат Р.Ысқақованың төрағалығымен облыстық мәслихаттың тұрақты комиссияларының бірлескен отырысы өтті. Онда кезектен тыс 22-сессияның күн тәртібіне шығарылатын мәселелер алдын ала қаралып талқыланды.

Негізгі «2018-2020 жылдарға арналған облыстық бюджет туралы» Қызылорда облыстық мәслихатының 2017 жылғы 12 желтоқсандағы №157 шешіміне өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы мәселесі бойынша облыстық экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасының басшысы С.Құлымбетова хабарлама жасады. Хабарламадан соң депутат І.Тілеп Әйтеке би кентінің газдандыру жұмыстарының жүргізілуі және Қазалы ауданындағы №5 квартал мөлтек ауданында орналасқан 300 орындық мектептің осы оқу жылының басында пайдалануға берілуі тиіс екендігі жөнінде өз сұрағын қойды. Депутат Ә.Дәуленбаев Ақай ауылы А.Байтұрсынов көшесіне жөндеу жұмыстарын жүргізу қажеттілігі жөнінде өз ұсынысын айтты және депутат Ж.Нұрымбетов Тасбөгет кентінде 16 көшеге жөндеу жұмыстарына қаржы қаралғанын, оның 2 көшесіне жөндеу жұмыстары жүргізілмеуіне байланысты тиісті мекемелердің ықпал етуін, Тасбөгет кентіне мемлекеттік-жекешелік әріптестік аясында емхана мен спорт кешенін салу жөнінде өз сұрақтарын қойды.

Тұрақты комиссиялардың бірлескен отырысынан соң мәслихаттың кезектен тыс 22-сессиясы өз жұмысын бастады. Р.Байназарованың төрағалығымен еткен кезектен тыс 22-сессияда бюджетке байланысты депутаттар тарпынан қойылған сұрақтарға жауаптар алынды. Сондай-ақ, сессия күн тәртібіндегі «Қызылорда қаласының бас жоспары жобасын мақұлдау туралы» мәселесіне байланысты депутаттар Т.Шаутай, И.Оңғарбаев, Ж.Ысқақов қалаға кірер жолда орналасқан тұрмыстық қатты қалдықтарды өртеу жұмыстарының салдарынан келетін сасық иістің ыңғайсыздық тудыруына байланысты арнайы орынды ауыстыру туралы ұсынысын білдірді. Сондай-ақ, депутат Ж.Ысқақов қала орталығындағы даңғылдар мен көшелердің стандартқа сай еместігін, демалыс аймақтары мен парктердің жоқтың қасында екендігін алға тартып, осы бағытта жұмыстарды жандандыруға, қаланың бас жоспарына енгізуге ұсыныс білдірді.

Күн тәртібіндегі облыстық тексеру комиссиясының төрағасын тағайындау туралы мәселесі бойынша сөз алған Республикалық бюджеттің атқарылуын бақылау жөніндегі есеп комитетінің мүшесі Н.Нұржанов 5 жыл мерзімінің аяқталуына байланысты лауазымынан босатылған Қ.Мүбараковке жаңадан құрылған мекеменің өз деңгейінде алып шығып, абыроймен жұмыс атқарғанына рақметін айта келе, облыстың экономика саласын басқарған Құлымбетова Сәуле Ибрагимқызын бес жыл мерзімге облыстың тексеру комиссиясының төрағасы лауазымына тағайындау үшін ұсынысын жеткізді. Депутаттар ұсынысты қолдады және облыстық мәслихат хатшысы Н.Байқадамов  жылы лебізін білдіре отырып,облыстық мәслихат депутаттарының атынан «Алғыс хатпен» марапаттап, қызметіне табыс тіледі. Сонымен қатар, тексеру комиссиясы төрағасының ұсынысына орай, депутаттар қолдауымен Қызылорда облысы бойынша тексеру комиссиясының мүшелері қызметіне Мейрамбек Сатлабаев, Айгүл Садуақасова, Роман Мұсабеков тағайындалды.

Сессия соңында облыс әкімінің міндетін атқарушы Қуанышбек Ысқақов «Астананың 20 жылдығы» мерекелік медалін Еңбек ардагері Махмұтбай Әміреевке, облыстық мәслихат депутаттары Шакизада Әбдікәрімов пен Мнажадин Өтеевке табыстап, құттықтау лебізін білдірді.

Облыстық мәслихаттың баспасөз қызметі

 


ТОСЫН ТАҒАЙЫНДАУ PDF Print Email
Жаңалықтар - Саясат
09.08.2018 15:00

Сейсенбіде мемлекет басшысы ел күтпеген тосын тағайындау жасап, Қорғаныс министрін ауыстырды. Бір қызығы, бұл лауазымға тағы да азаматтық басшы келді. Бұдан былай еліміздің Қарулы күштерін 55 жастағы «діндар» Нұрлан Ермекбаев бас­қарады. «Діндар» деп отырғанымыз, оның есімі бұрын Дін істері және азаматтық қоғам министрлігін басқар­ған тұста танылғаны бар. Танылғанда­ енді, осы қызметте жүргенде басы біраз дауға қалған еді. Журналистер де оны аз сынамады. Елімізде мемле­кеттік қызметкерлердің жұмыс уақы­тында діни жоралғыларға қатысып, намаз оқуына қарсы болғанынан бас­тап, біраз дүрбелеңмен ел есінде қал­ды. Енді міне, сол Н.Байұзақұлы елі­міздің тәуелсіздігі тарихындағы 11-ші Қорғаныс министрі болып отыр.

Сол күні Елбасы Н.Назарбаев аталмыш министрліктің басшылық құрамымен кеңес өткізіп, Қорғаныс министрі етіп азаматтық тұлғаны неліктен тағайындағанын түсіндіріпті. Бұл туралы Ақорданың баспасөз қызметі ақпарат таратты. Кеңес барысында президент 25 жыл ішінде Қазақстан Қарулы Күштері мемлекет пен жеке құрамның күш-жігерінің арқасында  мықты  әскери  әлеуеті бар ел тәуелсіздігінің сенімді тірегіне­ айналғанын атап өтті. Сондай-ақ, геосаяси ахуалдың өзгеруі және жаңа сын-қатерлердің пайда болуы жағдайында аталған министрліктің алдын­да тұрған негізгі міндеттердің бірі  қару-жарақтарды  технологиялық тұрғыдан жетілдіру және жаң­ғырту  болып  саналатынын  айтты.

- Әлемде заман талаптарына сай, азаматтық тұлғаны қорғаныс саласына  басшылыққа қою қалыпты дүние. Сондықтан мен қарым-қабілеті мен іскерлігіне сене отырып, Қорғаныс министрі лауазымына азаматтық тұлғаны, яғни Ермекбаев Нұрлан Байұзақұлын тағайындауға шешім қабылдадым. Сонымен бірге, Н.Ермекбаев кадрлық офицер, әскери қызметте тәжірибесі бар, соның ішін­де шиеленіс аймақтарында болған. Ол халықаралық мәселелер жөніндегі көмекші, Қытайда және Оңтүстік Шығыс Азияның бірқатар елінде елші, министр және екі рет Қауіп­сіздік Кеңесінің хатшысы қызметтерін атқарды, - деді Нұрсұлтан Назар­баев.

Айта кетейік, бұл лауазымға дейін президент көмекшісі және Қауіп­сіздік кеңесінің хатшысы ретінде Н.Ермек­баев күш құрылымдары мен құқық қорғау органдарының жұ­мысын үйлестіруге жауапты болған. Демек, бұл қызмет оған таңсық емес. Нұрлан Байұзақұлы – Даниал Ахметов, Әділбек Жақсыбеков, Серік Ахме­тов, Иманғали Тасмағанбетовтен кейін министрлікті басқаруға келген 5-ші азаматтық басшы. Ал, екі жылдай Қорғаныс саласына жауапты болған Сәкен Жасұзақов ұзақ уақыт жұмыссыз қалған жоқ. Сол күннен бастап генерал-полковник Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы атындағы Ұлттық қорғаныс университетінің бастығы қызметіне тағайындалды. Мемлекет басшысы оның да атына «ол өте мықты­  кадр» деп жақсы пікір айтты.

Бұл тағайындау ауыс-түйістің басы да, соңы да болмауы мүмкін. Дүйім жұрт бұл күні кешегі танымал спортшы Денис Теннің қазасынан кейін Ішкі істер министрі Қал­мұхан­бет  Қасымовтың  отставкасын күтіп  отыр...

Н.КЕНЖЕТАЙ

 


СЫБАЙЛАС ЖЕМҚОРЛЫҚ «ЖАЛЫН СИПАТПАЙ» ТҰР PDF Print Email
Жаңалықтар - Құқық құрығы
09.08.2018 14:20

Қазақстан әлемнің дамыған  30 елінің қатарына кіруді мақсат етті. Жыл сайын осы жолда жұмыстар жүргізіліп келеді. Түрлі шаралардың басы-қасынан табылып, кейбірінің ұйытқысы да болып жүр. Әлемдік аренадағы орнымызды айқындап келеміз. Алайда жең ұшынан жалғасқан жемқорлық сол әлем алдындағы бейнемізді жағымсыз етіп тұр. Оңай олжаға құныққандардың қатарының көбеюі мемлекетіміздің бәсекеге қабілеттілігін төмендетіп келеді. Қоғамның жегі құрты жемқорлықтың тамырының тереңге жайғаны соншалық, жыл өткен сайын саны көбеймесе, азайған емес. Оның емі түрлі профилактикалық шаралар десек, одан да қайран болмауда.

ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қи­мыл агенттігінің Қы­зылорда облысы бо­йынша департаменті жыл өткен сайын жемқор­лықтың алдын алу мақсатында түрлі іс-шаралар өткізіп  келеді. Мысалы, 2017 жылдың алғашқы жартыжылдығында ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл заңнамаларын түсіндіру мақсатында 785 іс-шара өткізсе, биыл есепті мерзім ішінде 2209 шара ұйымдастырған. Алайда ін­деттің  алдын  алу жолында  қанша  аянбай тер төксе де, сыбайлас жемқорлық си­патындағы қылмыстар саны азаймай тұр. Өткен жылдың алты айында тіркелген 75 қылмыс биыл 91-ге дейін көбейген. Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінде 6 айлық жұмысын қорытындылаған аталмыш депа­ртамент басшысы А.Мұхимов мә­лімдеді.

– Сыбайлас  жемқорлық санатындағы қылмыстардың саны 2017 жылдың 6 айымен салыстырғанда 21,3 пайызға өскен. Жемқорлықтың Қы­зылор­да қаласында – 65, Арал ауданында – 9, Қазалы ауданында – 2, Қармақшы ауданында – 4, Жалағаш ауданында – 2, Шиелі ауданында – 6 және Жаңақорғ­ан  ауданында 3 фак­ті­сі  тіркелді, - деді  Абзал Сансызбайұлы.

Ал сыбайлас жемқорлық сипатындағы құқықбұзушылықтар мемлекеттік сатып алу, қорғаныс істері, әлеуметтік қорғау және жұмыспен қамтамасыз ету салалары мен ішкі істер органдарында жиі орын алады екен. Сондай-ақ, мемлекеттік көрсетілетін қызметтер саласында да заңнаманың сақталуы жақсармай тұр. Департаментпен осы ба­ғытта жүргізілген 25 тексерудің нәтижесінде 5 649 заң­бұзушылық анықталып, өт­кен жылдың алғаш­қы жартыжылдығымен салыстырғанда 3342-ге арт­қандығы байқалған. Оның ішінде қызмет көрсету тәртібін бұзғандар көп: 5 285 адам. Ал 172-сі стандартта көзделмеген құжаттарды талап етсе, керісі­нше 147-сі толық емес құжаттар бола тұра қызмет көрсеткен, 37-сі стандартта көрсетілген қызмет көрсету мерзімдерін сақтамаған болып шықты. Ал қалған 8-і өзге де заңбұзушылықтарға жол берген. Нәтижесінде 17 қызмет­шіге тәртіптік шара қолда­нылыпты. Оның 13-і ескерту алса, 1-еуіне – сөгіс, 3-еуіне қатаң сөгіс берілген.

Сондай-ақ брифинг ба­рысында А.Сансызбайұлы мемлекеттік қызметшілердің облыс бойынша штат санына да тоқталып өтті. Нақ­тыласақ, бүгінгі таңда Қызылорда облысында 3588 (негізгі штат саны - 3737) мемлекеттік қызметш­і болса, соның ағымдағы жылдың есепті мерзімінде 48-і мемлекеттік қызметтен кеткен. Өткен жылы бұл көр­сет­кіш 83 болған. Ал 5 мемлекеттік  қызметші  теріс себептер  бо­йынша жұмыстан босатылған екен. Керісінше, мемлекеттік қызметке кіру үшін тестіле­уге 1414 үміткер қатысса, оның 515-сі ғана шекті мәннен төмен  емес нәтижеге ие  болыпты. Ал 206-сы жұ­мыс­қа  орналасқан.

Басқосу барысында дүйім жұртты елең еткізген облыс әкімінің аппарат басшысы Мұрат Делмұхановқа қатысты фейсбук әлеуметтік желісінде жарияланған желі қолдану­шысы Динара Эшатованың пост­ы да сөз болды. Журна­листер білдей облыс әкімінің аппарат басшысы әрі Әдеп кеңесінің мүшесіне тиесіл­і мемлекеттік көліктің жұмыс уақы­тында №2 Мұрагер мектебі жанында тұр­ғаны үшін қандай шара қолданылғанын сұрады. Әдеп кеңесінде өзгелерді әдеп пен әдеттен озбауға шақырат­ын шенеуніктің бұл қылығы туралы департамент басшысы А.Мұхимов түсіндіріп өтті. Ол БАҚ өкілдеріне жүргізушінің бар кінәні өз мойнына алғанын жеткізді. Алайда департамент басшы­сының  жауабына  БАҚ өкіл­дері сенімсіздік танытқандықтан, ол журналистер арқылы мына бір мәселені жеткізгісі келетінін  айтты.

– Әрине, қазір халықтың көзі ашық. Кімнің не істеп жүргенін бәрі жақсы біледі. Мысалы, мен Арал ауданының әкімі болған кезім­де 500 мың теңге айлық алатынмын. Балаларым да сол жақтағы мектепте оқыды. Мен көлігімді олардың сабағына немесе басқа да бір жеке шаруа­ларға қайта-қайта жібере алмаймын. Сондықтан 50 мың теңгеге көлігімен жүргізуші жал­дадым. Егер әйелім базарға бара қалатын болса немесе балаларымды мектепке апарып-әкелу керек болса, сол жүр­гізуші бараты­н. Өзің 500 мың теңге жалақы­ алып отырғанда, 50 мың теңге жүргізушіге беру қиын емес шығар? Сондықтан сіздер арқылы осы мәселені жет­кізгім келеді,- деді А.Мұхимов.

Абзал Сансызбайұлы Әдеп жөніндегі кеңестің жұмысына да тоқталып өтті. Айтуынша, 6 айда кеңестің 7 отырысы өткізіліп, 35 (15-і тәртіптік істер. - ред.) мәселе қаралыпты. Қаралған тәртіптік істер бойынша Әдеп кодексі талаптарын  бұзған 7 қызметшінің 4-еуіне – ескерту, 2-еуіне – сөгіс, 1-еуіне қатаң сөгіс берілсе, 3 қызметшіге «қызметіне толық сәйкес еместігі туралы ескерт­у» тәртіптік жазасы қолданыл­ған. Ал 5 тәртіптік іс тоқтатылған.

Бұл бізде әлі де жазалау шараларының әлсіздігін көр­сете­ді. Егер сыбайлас жемқорлыққа жол берген тұлға қатаң түрде жазалан­са, мүмкін жоғарыда біз көрсеткен көрсеткіш көбеюдің орнына азаяр ма еді? Әрине, бұл індетпен күресте құқық қорғау органдарымен қоса, қоғам болып­ жұмылудың да маңызы зор екенін айта кеткен жөн. Ұялы телефон бірлік­сіз қызмет көр­сетпейтіні секіл­ді, бұл ба­ғыт­тағы  жұмыстың  алға  басуы­ үшін де бірлік қажет. Сондай-ақ, «Ағаштың діңгегін ақтап тұрсаң, өріктің өзегінде құрт болмайды» демекші, бү­гін­гі ұрпақты тәрбиемен  баптап күт­сек, ертеңгі  болашағымыз жем­қорлықсыз  болары  сөзсіз.

Ж.ЖҮНІСОВА

 


БАЗАР БАҒАСЫ ШАРЫҚТАП БАРАДЫ PDF Print Email
Жаңалықтар - Тіршілік тіні
09.08.2018 14:07

Киім бүтін, тамақ тоқ, бірақ ақша жетпейді. Осы сөзді айтпас бұрын қазақ даласының басынан өткерген нәубет жылдарды бір еске түсіреміз. Бүгінгідей кеңшілік заманда қарын тойдыру мәселе емес, тек айлығың шайлығыңнан асып тұрса  болғаны. Өмір сүру қағидасы бойынша тіршілік етуді жалғастырасыз. Ал сіз сол бір айлық өмір сүруіңіз қанша тұратынын білесіз бе? Білмесеңіз, біле жүріңіз және осы мақаланы оқығаннан кейін күніне қанша қаражат жұмсап, үйдегі табыс көзі мен шығыс шығындарын есептеу үшін тұрақты түрде дүкен түбіртегін жинақтаңыз. Сонымен, ҚР ҰЭМ Статистика комитеті қалалық тұрғындардың маусым айында дүкенге орташа есеппен 82 мың теңге жұмсағанын есептеді. Ағымдағы жылдың мамырымен салыстырғанда 3,9 мыңға, ал өткен жылғы салыстырмалы уақытпен санасқанда 9,3 мыңға  жоғары.

Бұл қаржы – бір қарағанда, бір қызметкер­дің жалақысы, ал екінші рет ойлансаңыз, ең төменгі күнкөріс деңгейінің 3 еселенген түрі. Демек, жоғары жалақыға жұмыс істейтін халық пен күнкөрістің төменгі сатысына қолдары әрең жетіп отырған тұрғындардың киіну, тамақтану, қыдыру, тынығу жағдайы да осынша есеге жеткіліксіз деген сөз. Өзге де әлеуметтік қажеттіліктерін есепке алмағандағы ахуал осындай. Ал сіз қалай ойлайсыз?

ҚР ҰЭМ Статистика комитетінің үй шаруашылықтарын іріктемелі зерттеу қорытындысына сүйенетін болсақ, «Халық­тың тұрмыс сапасы» сауална­масы бойынша респонденттердің 56,5%-ы (субъективті бағалау бойынша) өз өміріне жалпы қанағаттанған, бұл ретте қалаға қарағанда ауылдық жер­лерде шүкіршілік ететіндер көбірек. Бұл тіпті жыныс талғайтын қасиет екенін білмеппіз. Бірақ, әйелдердің дені ешқашан ешнәрсеге қанағаттанбайтыны дәлелдеуді қажет етпейтін аксиома.­ Бұл жолы да осы жағдай қайталан­ған. Өйткені сауалнамаға қатысқа­н ерлер әйелдерге қарағанда өз өміріне көбірек қанағаттанған. Алшақтық - 3,9 пайыз.

Әлемдік тәжірибеге сүйене отырып, даму даңғылымызды бекітіп отырғанымыз рас. Озық даму деңгейіндегі елдермен етене араласып, ішкі, сыртқы факторларға баса өзгеріс енгізу де – жалпы бағытымыз. Экономикадағы сауда нарығ­ы туралы әңгіме қозғағанда, әлем елдерін айналып өте алмайтынымыз тағы бар. Мәселен, Австралияда ауылшаруашылық өнімдерін өндіруге жақсы­ жағдай қалыптасқан. Оның ішінде ет, жүн, астық өндіру алдыңғы орында тұр. Бразилияда табиғи-климаттық жағ­дайдың өзі кофе өндіруге бейімделген.  АҚШ, Германия, Италия, Франция­да автомобиль, ауылшаруашылық маши­налары, химикаттар секілді өнді­ріс процесіне дұрыс жағдайлар қалып­тас­қан. Ал Қазақстанда жөнді арнаға түскен табиғи-климаттық ахуалға байланысты ТМД елдеріне астық, ұн, жарма, ет өнімдерін, көмір, қара түсті металл­ жіберуге болады. Бұл шикізат өнім­дерін айтып отырғанымыз, халықтың ең көп тұтынатын өнімдерінің тізімінде осы заттар сұранысқа ие. Одан бөлек картоп, сәбіз, жуа, күнбағыс майы, сүт және  сүт өнімдерін де тұтынушылардың азық-түлік себетінен жиі көруге болады.­ Статистика комитеті баған­ың күрт өскенін байқататын өзгерістерді де қалт жіберіп отырған жоқ. Мәселен, ағымдағы жылдың шілдесінде базар нары­ғындағы  азық-түлік  тауар­ларының бағасы 2017 жылғы шілдемен салыс­тыр­ғанда 4,4%-ға өсті. Атамыздан қалған ас болмаса да, дастарқанның бұрышынан бойы көрініп тұратын алког­ольді ішімдіктердің құны 11%-ға өскен. Сүт өнімдері одан 0,4 пайыз ғана арзан, ал балық, теңіз өнім­дері  мен кондитерлік өнім­дер – 8, тоқаш және ұн өнім­дері 6,4%-ға қымбаттаған. Негізі нарық заңдылығында тауар сатылымы өтімді зат­тарға тікелей байланысты. Сұраныс қанша жоғары болса, құны да шалқи түседі. Жарнама. Кәдімгі жарнама. Сіздің қажеттілігіңізге не керек, өндіріс компаниялары соны өндіреді және сіздің мұқтаждығыңызға байланысты бағасын «бизнеске» айналдырады. Бұл талап пен процесс Қызылорда база­рында да «ұшынып» тұр. Дүкен бағасына­ «деміңіз» жетпесе, базар аралап көріңіз. Бір тауар, ортақ нарық, бөлек сатушы, екі түрлі баға. Азық-түлік сөресіндегі макарон өнімдерінің - 2,6, кофе, шай және  какаоның - 2,2, нанның - 0,8, ұнның 0,2%-ға қымбаттағанын анық көруге болады­. Ал құмшекер, жемістер мен көкөністер де науқандық бағаны өсіріп тұр. Өз жерімізден өсіп-өнген қауын-қарбыз да таразы басын арзан құнға айырбастауға асығар емес. Республикалық комитеттің мәліметінше, қазіргі күні ет және ет өнімдеріндегі баға өсімі 7,2 пайыз қымбатшылыққа тұрақтаған. Қазақстандықтардың орта есепке шаққан­да бір айда 82 мың теңгені базарл­ар мен дүкендерге жұмсағандығы осындай қымбатшылық науқанының салдары болар, бәлкім?! Бұл – бір.

Екіншіден, саудада делдалдық ұғымы танымал емес десек, қате айт­қа­нымыз болар еді. Әлеуметтік өнім­дер, тұрмыстық және тұрмыстық емес тауар­лар, шикізаттар, қай өнім бол­ма­сын, барлығы өндірілген орынның есігі алдында сатылып жатқан жоқ. Тауар өз иесіне жеткізілуі үшін уақыт, ақша мен жолды шығындап, жетер жеріне жетеді. Оны жеткізуші – делдал. Ыстық өнім­нің  халыққа жетем дегенше демі басылып, есесіне бағасы көтеріліп шыға келе­тініне де осы делдалдар себепкер. Нарықтық ортаға сатылымға шыққанға дейін пайдакүнем алақанның 2-3-еуін көреді. Бұл тұрғыда ҚР ҰЭМ ҚР АШМ-мен бірлесіп, жеміс-жидек, көкөніс өнімдерін жеткізудегі мәселеге қатысты­ барлық негізгі қалалар мен елді мекендерде қорларды ұлғайту, қоймалар санын­ көбейту, көтерме-бөлшек сауда және көтерме-сауда орталықтарын артты­ру жұмыстарын жүргізуге  жыл  басын­да  уәде  еткен еді. Не­гізгі мақсат – делдалдық байланыстарды қыс­қарту.

- Сауда   делдалды­ғы – бұл әдеттегі экономикалық қызмет. Себеб­і әрбір шаруа қожалығы, әр фермер 100-200 шақырым қа­шықтыққа тауар жет­кізіп, базарлар мен сау­да орталықтарының сөрелеріне өз өнім­­де­рін шығара алмайды. Бұл үшін делдалдық байланыстың  болғаны   дұ­рыс, - деп ҚР Ұлттық экономика министрі Т.Сүлейменов барлық делдалдардан бас тар­тудың да қажеті жоқ­тығын  айтқан.

Нарық заңдылы­ғында сұраныс пен ұсыныс­тың маусымдық мәселесі саналатын қымбатшылық пен инфл­яция деңгей­і түбегейлі өзгеріске ұшырамайды. Азық-түліктің қымбатшылығы маусы­м сайын өсіп, жылдық шарықтау шегіне жетеді. Ал сол әлеуметтік тауар үшін тыраштанып еңбек еткен халық оған жете алмай әлек. Бағаны­ң жоға­рылауы, ақшаның құн­сыз­дануы, төлемдердің қымбаттауы елдегі инфляция деңгейін «қуырып» жібереді. Десек те, биылғы инфляция шеңбері 5-7 пайыз дәлізінде  болады деп бол­жанған еді. Әліптің  артын  бағайық...

Н.ҚАЗИ

 


БАҚ пен БАП PDF Print Email
Жаңалықтар - Мәселенің мәнісі
09.08.2018 14:00

Соңғы қоңырау сылдырлаған соң түлектерді күтетін маңызды бір кезең бар. Бұл – орта мектепте алған білімің сарапқа түсетін уақыт. Санаға салмақ салатын­ сын сағатта таңдауыңа қарай өмірің де өзге арнаға бұрылады. Ал жақсы таңдау жасау үшін басыңдағы миың һәм алған білімің бәсекеге ілесуі шарт. Бақ пен бап шабатын бәсеке. Бәсі биік белестен кімнің асығы алшысынан түседі, кім көңілсіз күйде қалады? Таңдаған мамандығына қол жеткізу үшін талапкерге қойылар талап қандай? Осындай сан қилы сұрақтар Ұлттық бірыңғай тестілеу маусымында мектеп бітіруші жастарды мазалайтыны рас. Бұл толғаныс биыл ҰБТ тапсырған түлектерді де айналып өтпеді. Сонымен...

Ағымдағы жылы Қызылорда облысы бойынша 2732 түлек мемлекеттік білім беру грантын иеленді. Бұл туралы кеше облыстық білім басқар­масы басшысының орын­ба­сары Ақзира Қасымова БАҚ өкіл­деріне берген брифингте мәлімдеді.

- Ұлттық бірыңғай тестілеуге мектеп  бітіруші 7113 баланың 4742-сі қатысты. Мемлекеттік грант­қа оқуға түскен талапкерлерді мамандықтар  бойынша  талдағанда­, педагогикалық  мамандықтарға  - 696, денсаулық сақтау саласына -207, техникалық ғылымдар және технологиялар бойынша мамандықтарға - 1236, ауыл шаруашылығы саласына - 283, қызмет көрсету сала­сына - 155, әлеуметтік ғылымдар, экономика және бизнес саласына - 113, өнер салас­ына 42 мектеп бітіруші түсті, - деді А.Қасымова.

Мұнан өзге «Серпін» бағдарламасына  бөлінген грант  саны – 751. «Серпін – 2050» әлеуметтік жобасының жүзеге асқанына ағымдағы  жылы төрт жыл толады. Осы аз ғана  уақыт ішінде әлеуметтік баста­ма жемісін берді. Бүгінде жастардың «Серпінмен» оқуға ынтасы жоғары. Білімін тестілеуде дәлелдеп, мемле­кет есебінен тегін оқудың тағы бір жақсы жағы – облыс әкімі­нің оқу гранты. Аймақ басшысы Қырымбек Елеуұлының арнайы грантын 205 түлек еншілейді. Ал көршілес Ресей елінің оқу гранты – 70.  Ақзира Қасымованың ай­туынша, талапкерлердің құжаттары конкурстық комиссияға апарып тапсырылады. Ал  конкурстың қорытындысы 5-10 тамыз аралығында белгілі болады. Сондай-ақ, оқу орындары ректорларының гранты­ 43 болса, әскери грант – 39, ал басқа шетелдерге сол елдің грантымен оқуға түскендер саны – 29.

ҰБТ нәтижесі бойынша Шиелі ауданының түлегі ең төмен 54 балл жинаса да, мемлекеттік білім грантын қанжығасына байлаған. Ал облыс­ бойынша 102 түлек 100 және одан да жоғары балл жинап, білім грантына ілікпей қалған. Шекті деңгейден өтпеген және тестілеуге қатыспаған  балаларға 14-18 тамыз аралығында және 2019 жылдың қаңтар айында 2 рет ақылы негізде жоғары оқу орнына түсу үшін қайта тапсыру мүмкіндігі болады екен. Биылғы құжат тапсыру күні 3 тамызда аяқталған. Оған 1500 талапкер ниет білдіріпті. Оның ішінде 952-сі колледжден  кейін тапсыратындар болса, соның 548-ін мектеп бітіруші  түлектер құрайды.

Тестілеу туралы жағымды жаңалықтар мұнымен толастамақ емес. Оқу жылында Астана қаласында ЕврАзЭС Парламентаралық Ассамблея жанындағы Санкт-Петербург университеті мен облыс әкімдігі арасында жасалған меморандумға сәйкес, 10 түлектің  құжаттары тамыз­ айында  қабылданатын болады.

«Осы жылы түлектер қай мамандықты көбірек таңдады?» деген сауа­лға облыстық білім басқара­масы басшысының орынбасары А.Қасымова «Жасаған сараптамамыздың нәтижесі көрсеткендей, бізде техникалық мамандықтарға балаларымыз көп тапсырған. Яғни 1236 бала түсіп отыр. Сондай-ақ, ІТ саласы бойынша тапсырған түлектеріміз де біршама көбейген» деді.

Оқушыны ойға, мұғалімді мұңға батыратын ҰБТ сәтті аяқталды. Еліміз­де биыл 98 000-нан астам түлек тест тапсырған. Оның 14 мыңнан көбі 70 балды еңсере алмай қалған. Ең жоғары 140 балды республика бойынша жалғыз талапкер жинады. Ал ең төменгі 25 балмен грантқа түсіп, олжалы болғандар да бар. Олар колледж бітірген этникалық  қазақтар  екен. Айта кету керек­, Үкімет мемлекеттік грантты өткен  жылмен  салыстырғанда осы жылы  20 000-ға  көп  бөлген.

Ж.ҚОЙШЫБЕКОВА

 


БАЛАҢЫЗ МЕКТЕПКЕ ДАЙЫН БА? PDF Print Email
Жаңалықтар - Тіршілік тіні
09.08.2018 12:50

Журналистік зерттеудің басы болсын деп “Ескі базарға” қарай аяңдадым. Тура тамыздың тас қайнатар ыстығы болып тұр. Базардағы қапырықты көргенде “бұдан күн көзінің төбеме тікелей түскені жақсы еді ғой” дейсің. Редакциядан көңілім тасып, жазамын деп желпініп шыққан менің қарқынымды жұтарға ауа таппай қайта-қайта желпініп отырған саудагерлердің ісі мен қабағы бәсеңдеткендей. Қысқасы, күн көзімен бірге базардағы баға да “күйіп” тұр екен.

Базарға барғанда өзімді сұмдық сұраныс­қа ие адамдай сезінетінім рас. Саудагерлердің “дос, шалбар ма іздеге­нің, брат, туфли ма?” деген секілді іші бауырыңа кіріп, әлімсақтан әулетіңмен құда адамдай сәлемдесе кететінін айтамын­. “Құрысын, жұмысы ғой, мен де жұмыс бабымен жүрмін ғой” дедім де жүре  түстім.

- Брат, көрсеңші. Өзіңе ме, түр-түрі бар, - деді костюм-шалбар сатып отырған­  жас  жігіт.

- Биыл біріншіге баратын ініме еді. Бағалары қанша, қай жақтың тауар­лары? - деймін оған.

Сол-ақ екен, асты-үстіме түсіп тауарын­ мақтап, сапасыздығына шаң жуытпай, сапалы екеніндігіне тілімен кепілдік беріп әуре болып жатты...

- Турецкий, матасын қарасай. Бірақ, бұлар қымбаттау. Мысалыға мыналар 6000 теңге, сапасы онша емес, - деді екінші бір тауарын жамандай сөйлеп. Бұл жігіттен жаңағы костюмның базардағы ең төменгі бағалардың бірі екенін естідік. Ал, басқа түрлері өсу реттілігімен шарықтай беред­і. Мұнан бөлек, бірнеше жерге аялдадым. Бірі 7000-нан басталад­ы десе, екіншісі 6000 теңгеден де түсіріп беретінін айтты. Мен барға­н дүңгіршектердің бі­ріндегі апа “костюм-шалбар алатын адам ақ­көйлек те қарайды ғой” деп бір­неше өлшемімен қосып алдыма тастаған болат­ын. Өлшемін сұрағанда  басымды  қасып, сәл кідіріп қалғаныма қарап “өзін әкелгенің дұрыс. Кигізіп алғанға не жетсін?” деп те ақыл қосқан еді. Сонымен ақкөйлек­тің  бағасы 2500-3500 теңге көлемінде екен. Ары-беріден сұрағанымда барлығының жобасы бір екеніне көз жет­кіздім. Ал, туфли сатып тұрған жігіт ағасы арзанның сорпасы татымайтынын бірден айтты. “Өз басым тек качест­венный тауарларды ғана сатамын. Іздегенің бастауыш сынып оқу­шыларына 2500-3000 теңге аралы­ғында кез келген бутикте толып тұр. Просты менікі 3500-нан басталады. Бірақ, кигенде де нормально киеді. Өзің білесің ғой”, - деді ол. Иә, осындай сөздерден соң, не болса да сапалысын алайын деп ұрына түсетінің рас. “Алғаның ас болмағыр” деген сияқты­ қара басып қалған адамдай кейіннен  бармақ тістегенше, үстіне  2-3  мыңын қосып тәуіріне талап­танайын деген ой болмайды емес, болады­. Айтқандай, мектепте бірың­ғай үлгідегі форма киілетін болса, біз айтқан баға еселенуі бек мүмкін.

Ал, спорттық форма үшін 4-7 мың теңгені шығындауға болады. Сол секілді, красовканың бағасы 2500-3000  теңгеден жоғарылап кете береді. Оқу құралдарының бағасын дөп басып айту мүмкін емес. Оларды ата-аналар 5-6 мыңның көлемінде алып жатқан көрінеді. Сабақ уақыты жақындаған сайын базар бағасы құбылып тұр. Сондықтан, бұл бағалардың әлі де өсетіні анық. Өз  есебімізше майда-шүйде заттарды, керек-жарақтарды қоспағанда 25  мыңның үстіне шығып кетті. Айта кетейік, біз ең төменгі бағад­а есептедік. Яғни, талғамға талас жоқ екендігін ескерсек, сіз мұнан да жо­ғары ақшаны жаратуыңыз мүмкін. Өйткені, баланың көңілі үшін талай теңге  садаға  кетті  емес  пе?

Рыскелді   ЖАХМАН

 


 

Керек   кеңес

1. Базарға барғанда міндетті түрде саудалас­ыңыз. Саудагерлер ешқашан өз пайдасынан желінбейді.

2. Сыныптағы басқа оқушылардың ата-анасымен сөйлесіңіз. Бүкіл сынып болып, бір жерден алса, көтерме бағасы арзан түседі.

3. Қалам-қарындашты мектеп жәр­меңкесінен алған дұрыс.

4. Дүкендердің арнайы бонустық бағ­дарламасын пайдаланыңыз. Әрине, қызу сауда­ кезінде ешкім үлкен жеңілдік жасамайды, дегенмен аз да болса, пайда.

5. Мектеп формасын ертерек алуға үлгермей қалсаңыз, дүрлікпе басылғанын күте тұрыңыз. Қыркүйек айының орта­сына қарай базардағы адам аяғы сиреп, сатушылар жеңілдіктер де ұсына бастайды.



 

Сіз  не дейсіз?

 

ЖАНСАЯ, ата-ана:

- Екі қызымды мектепке дайындау  үшін әжептәуір шашылдым десем­ де болады. Керекті заттардың тізімін алдын ала жасап қойған едім. Екеуінің жасы екі бөлек болған соң, алған заттарда 1000-1500 теңгеден артықшылық  болып  жатты. Мыса­лыға үлкен  қызыма 3500 теңгеге сөмке  алсам, кіші қызыма 2500 теңгенің сөмкесін лайық көрдім. Жалпы алғанда 77 мыңнан аса теңге жұм­садым.  Бір  балаға  кем дегенде 40 мың  теңге  кетеді  екен. Оның  іші­не әрине, оқу құралдарын да қостым. Бірақ, бұл – ең жоғары баға емес.

 

НҰРГҮЛ, ата-ана:

- Мен бір қызымды мектепке да­йындау  үшін 30000 теңге жұмсадым. 6500 теңгеге форма алдым (костюмы, юбкасы, жакеті). Одан бөлек сөмке – 4500 теңге, ақ жейде – 3800 теңге, аяқкиім – 3500 теңге, спортивка 6000 теңге болса, крассовка 2500-3000 теңгені құрады. Бұл ең бастылары ғана. Қалған майда-шүйделерін есептемегеннің өзінде бір балаға қаншама қаржы кетті. Мектепке қажетті құрал-саймандар да арзан емес. Басты-бастыларын алдық деген күннің өзінде 5500 теңге жараттым. Мектеп формасын жеке ательелер тігеді. Онда бас­тауыш сынып оқушыларының сара­фанының  құр өзі 5000 теңге екен. Егер сарафан емес, юбка-жакетін бөлек етіп алғыңыз келсе, 9000 теңге­ төлейсіз. Матасы ақшасына та­тымайды.

 


БІТІМГЕ КЕЛУ – ҰТЫМДЫ ШЕШІМ PDF Print Email
Жаңалықтар - Құқық құрығы
09.08.2018 12:47

Ел іші ешқашан даусыз болмаған. Бұрында да ренжісіп, жер, жесір дауы үшін бір-бірімен араздасқан адамдар өмір сүрген. Әсіресе, жайылымдық жер үшін таласып, бірінің малын екіншісі қуып шыққан сәттер әдебиеттерден белгілі. Алайда ол кезде қазіргідей сот билігі болмаса да, ата-бабаларымыз шыңыраулы түрмесіз-ақ сол дауды бейбіт жолмен шешіп, екі тарапты бір ауыз сөзбен татуластыра білген, ердің құнын екі ауыз сөзбен шешкен мәмілегер болған. Дауласып, өзара ренжіскен тараптарды бәтуалы бітімге келтіріп, мәселенің ушығып кетпеуін қадағалаған. Терең иманмен үкім айтқан шешендеріміздің аталы сөзіне арсыз да тоқтаған. Тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйінімен келісіп, бірін-бірі кешіре білген.

Ал қазір бекітілген заңдарымыз болса да, темір торға қамап, қаншалықты қатал жаза тағайындалса да, қоғамда келісе, кешіре алмай жүрген жандар көп. Бірінің сөзін екіншісі тыңдамай, бітімге келудің орнына «бәрін сот шешсін» деп болмашыға бола бір-бірін сотқа сүйреп, бір сәттік ашуға ерік беретіндер қаншама. Біреулер туған бауырларымен келіспей қалса, енді бірі құдай қосқан көршілерімен керісіп жатады. Мысалы, жақында қызылордалық екі тұрғын неше жылдан бері көрші тұрса да, бірінің қорасы екіншісінің үйіне өтіп кетті деп, тілімдей жер үшін 6 жыл соттасқан. Тіпті, сол алты жыл араласпапты да. Алғашқы сот отырысында бірі жеңсе, екінші көршісі апелляцияға беріп, жеңіске жетіпті. Осылай жер үшін алтын уақыттарын құр босқа кетірген көршілерді кәсіби медиатор Қыдырбек Рашов татуластырыпты. «Тіпті соңында бірінің үйінен ет жеп қайттық» дейді Қыдырбек Жұмағұлұлы.

Рас. Бүгінде араздасып, соттасып жүргендердің көптігінен елімізде үшінші билікте шетелдік тәжірибелер қолданыла бастады. Сөйтіп алғаш 2011 жылы «Медиация» заңы қабылданды. «Медиация» – латын тілінен аударғанда делдалдық ету, яғни тараптарды өзара келістіру тәсілі. Ал сол мәмілеге, бітімге келтіретін адамды медиатор деп атайды. Бұл тәсіл ертеректе АҚШ, Аргентина, Ұлыбритания елдерінде қалыптасып, заңдастырылған. Заң біздің елге де таңсық емес. Дала билігінің дара тұлғалары Төле, Қазыбек, Әйтеке билердің ел арасындағы кез келген дау-дамайды бітімгершілік жолмен шешкені мен осы медиация арасында өзара ұқсастық бар. Сондықтан елімізде даулардың санын азайту, мәселені сотқа дейін жеткізбей шешу үшін аталмыш заң қабылданды. Заңның қолданысқа енгеніне 7 жыл толуына орай «Бітім» медиация орталығы қоғамдық бірлестігі облыстық Қазақстан халқы ассамблеясымен бірлесіп, «Ашық есік» күнін өткізді.

– Қазіргі таңда облыс көлемінде 57 кәсіби және 615 кәсіби емес медиатор бар. Жыл өткен сайын олардың сапалық, сандық құрамы да артып келе жатыр. Екі тарапты татуластыру – бұл қанымызға сіңген қасиеттердің бірі. Мінеки, осы қасиет тұрғысынан алғанда қазақ халқына медиация жат емес. Медиация – бұл біреудікін дұрыс, екіншісінікін бұрыс деп айту емес, бұл екі жақтың да татуласуы, екі жақтың да бітімге келуі. Мұнда ұтылған жақ болмайды. Бүгінгі күнге дейін әлеуметтік сауалнаманың қорытындысы бойынша 391 мәселе шешілген екен,- дейді «Қоғамдық келісім» КММ-нің директоры Уәлихан Ибраев.

Медиаторлардың айтуынша, көбіне жұрт көршілер арасындағы даулар мен алаяқтық істер бойынша жүгініп жатады екен. Мысалы, неше жылдан бері арасынан қыл өтпейтін тату екі дос араздасып қалады. Сөйтсе, бірге пәтер жалдап тұратын қыздардың бірі екіншісінің Айфон 6 телефонын ұрлап кеткен екен. Ұрлайды да, дәл сол уақыттан бастап пәтерден кетіп, із-түзсіз жоқ болады. Құқық қорғау органдарына барып шағымданған қыз құрбысынан күдіктененін айтады. Арыз түскеннен кейін қылмыстық іс те қозғалады. Соңында құрбылар медиатордың көмегімен татуласып, бірі екіншісіне телефонын қайтарып береді. Осылайша қылмыстық іс өндірістен қысқартылады. Жалпы, соңғы кездері бұл заң бойынша қысқартылған істер саны артып келеді.

– Аталмыш заңды халық кеңінен пайдалану үшін бүгін «Ашық есік» күнін ұйымдастырып отырмыз. «Медиация» заңы ауырлығы орташа және онша ауыр емес қылмыстарға қолданылады. Мысалы, 2017 жылдың 6 айында медиация тәртібімен 73 қылмыстық іс қысқарса, 2018 жылдың 6 айында бұл көрсеткіш 86-ға жетті, яғни артып отыр.  Сондай-ақ,  Қызылорда  облысында  сотсыз  татуластыру орталығы  пилоттық  жобасы  іске асып  жатыр,- деді Қызылорда қалалық  №2 сотының судьясы Жұлдыз  Жакиеева.

Дау-дамайды шешудің ең ұтымды баламасы «Медиация» заңының артықшылығы – шешімнің тек тараптардың келісуімен қабылданатындығы. Мұнда медиаторлар бейтарап. Олар іске араласуға жол бермеу принципімен ерекшеленеді. Сондықтан мәселені ұзақ уақыт сотқа барып, сабылып, жарияға жар салып шешкеннен, ешкімге жария қылмай, құпия түрде шешкен әлдеқайда тиімді.

 


СЫРДАҒЫ СОНЫ СЕРПІЛІС PDF Print Email
Жаңалықтар - Саясат
09.08.2018 12:25

Біздің «Алдымен экономика, cодан  соң  саясат» деген­ айқын  формуламен ілгерілеп келе жатқанымызды мемлекет басшысы ай­қындап берген. Саяси реформалардың әрбір кезеңі эко­номика дамуы­ның  шекті  деңгейімен ұштасады. Сондықтан да біз саяси ырықтандыру жолын дәйекті ұстанудамыз. Осылайша халықтың рухани қазынасын жаңғыртып, оны бәсекеге қабілетті етуге қол жеткіземіз. Ал білі­мі мен білігі сай азаматтар біріге жұмыс істегенде ғана халықтың бірлігі бекіп, сені­мі нығая түседі. Бұл тұрғыда Сыр елінің серпінді дамуы жолындағы төл перзенттері­нің қызметін айтпай кеткен айып болар.

Еселейтініміз тағы бар, Алаштың анасы – Сыр елі соңғы он жылда соны серпінге ие болды. 800 мыңға жуық халықты бір террито­риядан бағындырып, басқарып отырған билік жүйесінде де идеология мықты деуге сұранып-ақ тұр. Өйткені Қызылорда облысындағы экономикалық көрсеткіш жыл сайын алдын ала бол­жанған  нәтижеден де жоғары­ көрінуде. Бұлай деуімізге Қызылорда облысының әкімі Қ.Көшербаевтың ағымдағы жылдың алғашқы жарты­жылдық қорытындысын жари­ялағаны  себеп  болды.

Өзегі жаңғырып тұратын сала бар. Ол – экономика. Ал оны әртараптандыру мәселесі кеше жобасы қаралып, бүгін салынып, ертең пайдаланатын  қағаз  нұсқа  емес. Ол үнемі салалық жаңғыр­туды қажет ететін ең ірі сала. Бұл аймақтың барлық саласы бойынша экономикалық іс-қимылының нәтижесін көрсетеді.

Бәрімізге белгілі, мемлекет басшысы елдің ұзақ әрі міндетті дамуы үшін «Қазақстан – 2050» стратегиясын ұсынған  болатын. Бұл саяси маңызды құжатта өңірлерді дамыту мәселесі де назардан тыс қалмаған. Президент дәл осы құжатта «мықты мемлекет күнкөріс саясатымен емес, жоспарлау саясатымен, ұзақмерзімді дамумен және экономикалық өсумен айналысады» деп атап көрсеткен еді. Страте­гияда айқындалған негізгі мақсат – 2020 жылға облыстың әлеуметтік-экономикалық даму қарқыны респуб­ликалық орташа деңгейден төмен болмауы. Осы ретте облысымызда даму көкжиегі айқын дөңгеленіп тұрған салалар­ға  тоқталып  өтсек.

Бірінші.  Мұнай-газ  сек­торы.

Экономиканың басқа сала­лары  өнімдерінің көле­мі біртіндеп өсе түскен жағдайда бұл тағы біршама уақыт бойына басым сала болы­п  қала береді. Бұл мұ­най өндірудің едәуір көлемдерімен және өңдеу секторы мен кіші бизнестің әлі де болса жеткіліксіз дамуымен түсіндіріледі. Бүгінгі күні өңдеу жүргізіліп жатқан мұнай-газ кен орындарының бірқатары сарқылып жатыр, бұл ретте мұнай-газ саласы­ның­ өңір экономикасына әсерін ескерсек, басқа салалар есебінен өндіріс көлемдерінің төмендеуін өтеу әзір­ге мүмкін емес. Бұл тұрғыда өңір дамуының басты басымдығы – жаңа мұнай-газ кен орындарын барлау және әзірлеу, сондай-ақ, геология­лық қорларды толығырақ шығарудың заманауи әдіс­терін қолдану. Облыс әкімі­нің айтуынша, мұнай өндіру көлемінің жылдан-жылға азаюын ескерсек, өнеркәсіп­тік өндіріс көлемі бойынша аздап қалып келеміз және тұрғын үй беру бойынша бір­шама жетпей тұрмыз. Деген­мен, тау-кен және өңдеу өнеркәсіптеріне салынған инвестициялардың  оң динами­ка­сы­ мен  мұнай  нарығына  қа­тысты  жағымды  болжам жаса­лып отырғанын және жыл соңына дейін 36 көпқабатты тұрғын үйлердің берілетінін ескерсек, жылдың аяғына дейін осы екі көрсет­кіш  бойынша да өсім қамтамасыз етіледі деген сенім бар. Демек, экономиканы әртараптандыру биыл да біздің басты міндетіміз болып қала бермек.

Екінші. Өңдеу  секторын дамыту.

Өткен жылы облыста жалпы­  құны 1,5 трлн теңге­нің өнімі шығарылды, бұл 2016 жылмен салыстырғанда 0,8%-ға көп. Біріншіден, біз жалпыөңірлік өнім бойынша соңғы 4 жылда алғаш рет оң векторға шықтық. Бір ғана өңдеу өнеркәсібі саласының өндіріс көлемі осы жылдары 56%-дан жоғары нәтижеге жеткізді. Яғни, соңғы жыл­дары көмірсутегі және уран өнімдерінің бағасы түсіп кеткен­іне  қарамастан, жақсы өмір сүріп, қарқынды дамуғ­а болатынын біз дәлелдедік. Қазір өңір экономи­касының көмірсутегі шикі­затына тәуелділігі едәуір азайды. Ал, өңдеу  өнеркәсібі саласындағы  еңбек  өнім­ділігі биылғы бірінші тоқсанның өзінде 10%-дан асса, шикіза­ттық емес өнім экспортының көлемі 2,7 есеге көбейді. Ірі және орта индустриалды жобаларды іске асыр­у арқылы өңдеу секторын екі есе арттыру жоба­лануда.

Ал индустрияландыру картасы аясында 22 жоба жүзеге  асты. Бүгінде  оның 16-сы бойынша өнім өнді­рі­ліп, 1700 адам жұмыспен қамтылып отыр. Алғашқы жартыжылдықта  осы  жобалар шеңберінде жалпы құны 11 млрд теңгеден астам өнім шығарылды. Бұл былтырғы осы кезеңмен салыстырғанда 30%-ға артық. Қазір жалпы құны 620 млрд теңге болатын, экспортқа  бағытталған 26 жобаны жүзеге асыру  жұмыс­тары жүргізілуде. Оның ішін­дегі 4 жоба – молибден өндіру және балық өңдеу, цемент және шыны зауыттары жыл соңына дейін іске қосылады. Әсіресе, көптен күткен шыны зауытының құрылысы ағымдағы жылдың IV тоқсанында аяқталады. Қытайдың «Чайна­ Триумф» компаниясы жо­ғары технологиялық зауыт құрылысына инвестор ре­тінде қатысып, смартфондар мен планшеттердің күн сәулесінен қорғайтын панель­деріне арналған аса жұқа және өте мөлдір шыны жасап шығар­уды да  көздеп  отыр. құны 150 миллион АҚШ долларын құрайтын бұл жобаны Қы­зылорда облысының индустриялық аймағында жүзеге асыру  жоспарланған. Қы­рымбек Елеуұлы облысқа әкім болып тағайындалған жылы «Міндет оңай емес. Өйткені стратегияны іске асыруға берілген жеті жылда біз тұтас елге қарағанда жо­ғарырақ қарқынмен дамуымыз керек» деген болатын. Бүгінде  сол  жүкті  сол  уәдесі­мен орындап  келе  жатыр.

Үшінші. Агроөнеркәсіп кешені­н  дамыту.

Облысымыздың қашаннан аграрлық өңір екендігін ескерсек, жұмыстың келесі бір ірі ауқымы ауыл шаруашылығын дамыту бойынша жүргізіледі. Осы орайда, облыс­тың аграрлық секторы дамудың жақсы қарқынын көрсетіп отырғанын атап көрсетуіміз керек. 2013-2017 жылдар аралығында ауыл шаруа­шылығының негізгі капита­лына салынған инвестиция көлемі 23 есе, тамақ өнімдерін өндіру 5 есе артты. Тек биылғы жылдың өзінде ауыл шаруашылығының негізгі капиталына салынған инвестиция көлемі 85%-ға, ауыл шаруашылығы өнім­дерін өндіру көлемі 2,7%-ға, азық-түлік өнімдерін өндіру көлемі 15%-ға артса, ауыл шаруаш­ылығы өнімдері экспор­ты көлемі өнімнің заттай­  көрінісінде 7,3%-ға, ал қар­жы  эквивалентімен 66%-ға  өскен.

- Егін шаруашылығын әртараптандыру бағдарла­масы табысты жүзеге асып келеді­. Соңғы 5 жылда мал азығы дақылдары мен майлы дақылдар алқабының көлемі 18 мың гектарға артты. Өнер­кәсіптік бағытта картоп, көкөніс және бақша өнім­дерін өндіруді дамыта бастадық. Ағымдағы жылы Қызыл­орда қаласында Испан тех­нологиясы бойынша жұмыс істейтін автоматтандырылған алғашқы жылыжай кешені салынады, - деген аймақ басшысы Қ.Елеуұлының сөзі ауыл шаруашылығы сала­сында оң өзгерістердің барын жеткізіп тұр.

Қазіргі таңда «Байқоңыр» Әлеуметтік-кәсіпкерлік корпор­ациясы күріш және балық кластерлерін одан әрі дамыту, сондай-ақ, мал шаруа­шылығы, өңдеу және логистика салаларында кластер құру жұмыстарын қолға ала  бастады. Бұл үшін қажет­ті  қаржы  бюджеттен  бөлінді. Ауылшаруашылық өндірісі табиғи құбылыстар мен басқа да бірқатар факторға барынша тәуелді, әлсіз сала болып табылады. Ал, цифрлық технологияларды енгізу нақты бизнес-үдерістерді жобалау­ға, сонымен қатар, нәтижені де болжауға негіз болатын табиға­т факторларын талдауға және болжауға мүмкін­дік береді. Бұл еңбек өнім­ділігін арттыруға ғана емес, табиғи  ресурстарды неғұр­лым үнемді пайдалануға, пести­цидтер мен минералды тыңайтқыштарды пайда­лануды сиретуге, бір сөзбен айтқа­нда, экологиялық таза органикалық  өнімдер өнді­руге  мүмкіндік  береді.

Бір сөзбен айтқанда, күріш шаруашылығы – біз сақтап қалуға әрі дамытуға тиіс дәстүрлі сала. Экономикалық тұрғыдан алғанда күріш экспортынан түсетін пайда көлемі төмен сияқты. Алайда Сыр елі осы брендімен әлемге танылып отыр десек­, жағымыздың жаңылмағаны. Аймақта бұдан да бөлек  жұмыстар  легі  атқары­лып жатыр. Біздің жазып отырғанымыз тек бір ғана легі. Мал шаруашылығы, балық шаруашылығы сала­лары да жаңаша сипат иеле­ніп, өркендеу жолындағы саланы­ң қатарына енгелі біраз  болды.

Төртінші. Инфрақұрылымды  дамыту.­

Бүгінде Қызылорда об­лысы­ бойынша ирригациялық және дренаждық инфрақұрылымның нашарлауы салда­рынан суармалы жерлердің төрттен бір бөлігі пайдал­анылмай отыр. Біздің аймақ Сырдария өзенінің төменгі ағысында орналас­қандығын және жоғарыда орнала­сқан көрші мемле­кеттердің ше­шім­деріне толық­тай тәуел­ділігімізді ескер­етін болсақ, иррига­циялық және дренаждық жүйелерді жаңғырту стра­тегиялық  сипатқа  ие  бола­ды және  биылғы жылы біз үшін су тапшы­  болып  отыр. Сондықтан, бірнеше жылдар бойы судың қажетті көле­мімен қамтамасыз  етілген 188 мың га суармалы жерді қалпына келтіруге бағыт­талған үш жобан­ы жүзеге асыру үшін жүйелі жұмыс істелуде­. Еліміз бойынша Үкімет жоспары­на сәйкес бұл  жо­балар шеңберінде  4 облысқа тиесіл­і 312 мың га жер қамты­лады. Облыстық құры­лым­дардың жүргізген мақсатты жұмыстарының нәтижесінде жобаға сай қайта қалыпқа келтірілетін жердің 50%-ға жуығы Қызылорда облыс­ы­ның үлесіне тиіп отыр. Бұл – болашақ үшін жақсы  негіз.

Өнеркәсіптің дамуы қосымша энергетикалық қуаттардың  қосылуын  қажет ететіні белгілі. Осыған орай, аймақ тұрғындары мен экономиканы өзіміздің энергия көздері арқылы 100% электр энергиясымен қамтамасыз ету міндеті тұр. Оның ішінде, қайта қалпына келетін энергия көздерін дамыту жоспарда бар. Қызыл­орда қаласында жаңадан ЖЭО (жылу электр ортал­ығын) салу мәселесінің де маңызы өте зор. Облыстың барлық елді мекендерін толығымен газбен қамтамасыз ету мәселесі түбегейлі шешімін тауып келеді. Одан өзге сапалы ауызсумен ауылдық­ елді мекендердің 97%-ы орталықтандырылған су жүйесімен қамтамасыз етіл­ген. Осылайша біз тір­шілікті қамтамасыз етуші инфра­құрылымның негізгі үш  бағыты, яғни,  электр энергиясы, газ және ауызсумен қамтамасыз ету бойынша 100%  нәтижені  бағын­дыруға біртабан жақын қал­дық. Бұл – өз кезегінде, тұр­ғындардың өмір сүру сапасы­ және жалпы экономиканың дамуына ықпал ету бойынша стратегиялық  маңызы  бар міндет.

Облыстың индустриалды-инновациялық орталыққа айналуы­на барлық мүмкіндіктер қарастырылған. Сонымен қатар, қалада жоғары технологиялық қызмет секторын құруға мүмкіндіктер де жеткілікті. Биыл облыс орталығы – Қызыл­орда қаласының 200 жылдық мерейтойы. Бұл тарихи оқиғаны қала жоғары экономикалық көрсеткіштерімен және дамыған қалалық инфрақұрылымдарымен қарсы алуы шарт. Сондай-ақ, аймақты дамыту бағдарламасында облыстың әлеуметтік-экономикалық даму қарқынын сипаттайтын 121 индикатор қаралған. Барлық жұмыстың нәтижелерін қорытындылайтын ең негізгісі, бұл өңірлік өнімнің физикалық көлемінің индексі­ болып табылады. Оны 100,4%-ға жеткізу – 2018 жылдың міндетінде. Ағымдағы жылдың 6 айының нәти­желерін­ талдай келе, бұл міндет күрделілігіне қарамастан, қолдан­  келетіні сөзсіз. Аталған стратегиялық мақсаттарға қол жеткізу  үшін біз аймақтың барлық мемлекеттік және салалы­қ бағдарламаларға толыққанды қатысуын қамтамасыз етуіміз қажет. Алайда бұл жұмыстар қысқа уақытта нәтиже­  бере  қоймайды. Мұндай өзгерістер біршама уақытты­ талап етеді, алайда  аймақтық экономикадағы қайтымсыз өзгерістердің басталуына түрткі болады. Нәтижесінде, қалыпты­ өмір сүруге, сапалы білім алуға және өмір сүру сапасы­н  арттыруға  мүмкіндік  ұлғаяды.

Н.ҚҰДАЙБЕРГЕН

 



<< Бірінші < Алдыңғы 1 2 3 4 5 6 7 8 9 10 Келесі > Соңы >>

Күнтізбе

< Тамыз 2018 >
    1 2 3 4 5
6 7 8 9 10 11 12
13 14 15 16 17 18 19
20 21 22 23 24 25 26
27 28 29 30 31    

Сауалнама

Аса мәртебелі шенеуніктердің қылмысқа шатылып жатқандығы нені аңғартады?
 

Ауа райы

Валюта бағамы

Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі валюталардың ресми бағамдары