Өзекті мәселелер

  • 11.10.18

    Облыстық прокуратура әкімшілік істер бо­йынша қабылданған шешімдерді зерделеу барысында полиция қызметкерінің әкімшілік өндіріс материалдарын бұрмалау фактісін  анықтады.

    Нақтырақ айтатын болсақ, жергілікті полиция қызметінің полицейі Д.Амангелдіұлы қызметтік автокөлікпен кезекшілікте жүрген кезін­де қаладағы дүкендердің бірінің тұсында тоқтап тұрған «Hyunday Accent» маркалы авто­көлігі...

    Толығырақ...
  • 11.10.18

    КӘСІПКЕРЛІК –  ЖЕТЕКШІ   КҮШ

    Еліміздегі басты саяси құжаттардың қатарында «Қазақстан – 2050» страте­гиясы да бар. Ұзақ мерзімді дамуды бекіткен бұл стратегияда айтылған міндеттерді жүзеге асыру үшін орта мер­зімді кезеңге арналған мемлекеттің 2025 жылға дейінгі жоспарлау құжаты да айналымда. Бұл құжаттың басты мақсаттарының қатарында жеделдет...

    Толығырақ...
  • 11.10.18

    Жат діни ағымға еріп, адасу Әселдің жастық ғұмырының біршама жылдарын жалмады. Бойжеткен өміріне жағымды өзгеріс енетініне сенген. Дәл сол сенімнің «арқасында» ә дегеннен ештеңе түсіне алмады. Мұнысын жастыққа жарасатын аңғалдық дерсіз. Уақыт өте келе өзінің және жұбайының «роботқа» айналып бара жатқанын сезген ол көңіліндегі күмәнмен арпалысты. Рухани дертке ұшыра...

    Толығырақ...
  • 11.10.18

    Бауырлас он екі мүше,

    Бір анадан туғанмен,

    Әрекеттері әртүрлі...

    Бас – ақшаға тартып,

    Аяқ – басқаға тартып,

    Әуреге салды әркімді...

    ...
    Толығырақ...
  • 11.10.18

    Елуде еді өз жасым,

    Тыйылмады көз жасым...

    Жұмыс іздеп шығып ем,

    Киім-кешек тозғасын...

    ...
    Толығырақ...
Бейсенбі, 06 Қыркүйек 2018

Байқоңырдың мәселесі бірлескенде ғана шешіледі PDF Print Email
Жаңалықтар - Халық-хабар
07.09.2018 11:11

Байқоңырда Төретам, Ақай елді мекендері мен Байқоңыр қаласын дамыту мәселесіне қатысты кеңейтілген мәжіліс болды. Келелі кеңеске аймақ басшысы Қырымбек Көшербаев төрағалық етіп, мүдделі сала басшылары қатысты. Айта кету керек, Байқоңыр қаласы әкімшілігі тарапынан да Ресей Федерациясы өкілдері мәселені бірге талқылады.

Шарада Кәсіпкерлер палатасының директоры Ғалымбек Жақсылықов осы уақытқа дейін Палатаға келіп, сондай-ақ түрлі кездесулерде жиі айтылып, көтеріліп жүрген байқоңырлық кәсіпкерлердің проблемасын ортаға салып, хабарлама жасады.

Басқосуда Ғалымбек Жақсылықовтың көтерген мәселесінің бірі - Байқоңыр қаласында тұратын кәсіпкерлердің кәсібіне несие алудағы қиындықтары.

Палата басшысының айтуынша, Байқоңыр қаласында орналасқан ресейлік банктер қазақстандық кәсіпкерлік субъектілеріне несие бермейді екен. Негізгі себебі, құрылтайшыларда Ресей азаматтығының жоқтығы екен. Ал қазақстандық банктер кепіл мүлік сұрайды. Алайда Байқоңырдағы кәсіпкерлер өз аттарына аударып ала алмауы себебінен не жерін, не үйін кепілге қоя алмайды.

Палата директоры мәселені шешудің жолы ретінде – кәсіпкерлерге жерді арендаға ұзақ мерзімге беруді ұсынды.

Байқоңырлық кәсіпкерлердің мәселесі мұнымен шектелмейді екен. Кәсіпкерлердің келесі проблемасы – салыққа қатысты. 2017 жылы Қазақстан мен Ресейдің Байқоңыр қаласының статусына қатысты келісімге өзгерістер енгізілген хаттамасы күшіне енді. Хаттамада қосарлы салықты жою қарастырылған болатын. Алайда кәсіпкерлердің жағдайы жақсарудың орнына, қиындай түсті. Бұрын кәсіпкерлер Байқоңыр қаласында арнайы салықтық режим бойынша жұмыс істейтін. Ол кезде бұл санатқа жататын кәсіпкерлер бухгалтерлік есеп жүргізбей, қосымша құн салығы мен акциз төлемейтін.

Хаттаманың күшіне енуіне байланысты енді кәсіпкерлер бухгалтерлік есеп жүргізіп, салық органдарына сырттан әкелінетін тауарлар бойынша есеп беруге мәжбүр болып отыр. Әйтпесе, Қазақстан территориясынан тауар кіргізгені үшін ресейлік ставкамен 18 пайыз қосымша салық төлеуге мәжбүр болады.

Мұнан өзге, хаттаманың күшіне енуімен акцизделетін тауарларды сатумен айналысатын кәсіпкерлер қазір Қазақстан аумағынан әкелетін импорт тауарларға акцизді Ресей заңы бойынша төлеуде. Төленетін қаржының көлемі қазақстандық көрсеткіштен жоғары.

Отырыс қорытындысымен байқоңырлық кәсіпкерлердің мәселесі қайта қаралатын болды. Кәсіпкерлер палатасының директоры Ғалымбек Жақсылықов әлеуметтік желіде оқырмандармен бөліскен жазбада: «Жасаған хабарлама негізінде мүдделі органдардан жасақталған арнайы жұмысшы тобы байқоңырлық кәсіпкерлердің мәселесін жан-жақты зерттеп, шешу жолдарын қарастыратын болды. Бірінші кездесу келер аптаға жоспарланды», - деп жағымды жаңалықпен бөлісті.

Айта кету керек, бүгінгі таңда Байқоңыр қаласында 488 кәсіпкерлік субъектісі тіркелген, олардың үштен екісі немесе 329-ы жұмыс істеп тұр.

Қызылорда облысы

кәсіпкерлер палатасының баспасөз қызметі

 


Ұлттың тіні – тілі PDF Print Email
Жаңалықтар - Халық-хабар
07.09.2018 11:06

Мемлекет басшысы «Болашаққа бағдар: Рухани жаңғыру» мақаласында жаңғырудың басты шарты ұлттық кодты сақтай білу екенін айтқан болатын. Ал ұлттық кодтың басты тетігі – тіл. Өткен жылы ҚР Үкіметінің қаулысымен 5 қыркүйек – Қазақстан халқы тілдерінің күні болып бекітілген еді. Себебі, бұл күн – қазақ тілі мен әдебиеттану ғылымдарының негізін салушы, ағартушы Ахмет Байтұрсынұылының туған күні. Сөз көсемі өзі өмір сүрген қиын-қыстау кезеңнің қыспағына қарамастан, саналы ғұмырын қазақтың болашағы үшін сарп етті. Қайраткердің өлшеусіз еңбегі жұртшылық жүрегінде сақтаулы, әрқашан құрмет төрінде екені сөзсіз. Осындай талантты тұлғаның 145 жылдығы және Қазақстан халқы тілдерінің күніне орай «Тіл – татулық тірегі» атты облыстық фестиваль ұйымдастырылды. А.Тоқмағамбетов атындағы мәдениет үйінде өткен салтанатты шараға облыс әкімінің орынбасары Р.Рүстемов келіп, мерейлі күнге орай жүрекжарды лебізін білдірді.

- Елбасының Қазақстан халқына жолдаған «Болашаққа бағдар: Рухани жаңғыру» атты бағдарламасында жаңғырудың ең басты шарты ол өзіміздің ұлттық кодымыз екенін айтты. Ал ұлттық кодтың негізі тілде жатыр. «Тілі жоғалған халықтың өзі де жоғалады» деген Ахаңның үлкен сөзі бар. Бүгінгі фестиваль қазақтың, ұлттың ұстазы А.Байтұрсыновтың туған күніне орайластырылып отыр. Тек қазақ ғана емес, бауырлас түркі жұрты да А.Байтұрсыновты ұлықтайды. Бүгінде «Болашаққа бағдар: Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында қазақ тіліне әлемдегі 100 том әдеби аудармалар жасалып жатыр. Барша жұртшылықты тілдер мерекесімен құттықтаймын, - деді Руслан Рүстемұлы.

Мерейлі күнге орай жақсы тілектен соң облыстағы бірқатар тіл жанашырлары мен сала мамандары марапат биігінен көрінді. ҚР Мәдениет және спорт министрлігі Тіл саясаты комитетінің Құрмет грамотасымен Қорқыт ата атындағы ҚМУ-дің қазақ тілі мен әдебиеті және журналистика кафедрасының аға оқытушысы Б.Боранбай марапатталды. Облыс әкімінің Алғыс хаты «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы коммерциялық емес АҚ-ның облыс бойынша филиалы директорының орынбасары А.Құлтаеваға табысталды. Бір топ азамат облыста мемлекеттік тіл саясатының жүзеге асуына белсене атсалысқаны үшін облыс әкімі орынбасарының қолынан арнайы номинацияларды алды. Айтыс, көркемсөз өнерлерінің кең өріс алуына үлес қосып, түрлі шығармашылық байқауларға белсене қатысқаны үшін «Тіл майталманы» номинациясын жырау М.Сүгірбай, жергілікті газет беттерінде мемлекеттік тілдің көкейкесті мәселелері турасында мақалалар жариялап, оқырмандар арасында ой туғызғаны үшін «Тіл жанашыры» номинациясын облыстық «Ақмешіт жастары» газетінің тілшісі М.Кенжеғұлова, «Тіл хабаршысы» номинациясын Қызылорда қоғамдық телеарнасының редакторы А.Мұратова иеленді.

-  Қазақстан халқы тілдерінің күнін дәстүр бойынша жыл сайын 22 қыркүйекте тойлайтын едік. Биыл Алаш арысы Ахмет Байтұрсынұлының туған күнінде тойлану ресми түрде қабылданды. Еңселі мәдениет үйінде осы мереке кеңінен аталып өтілді. Мерекелік концертті де тамашаладық. Шарада мемлекеттік тіл саласының оң имиджін қалыптастыруда еңбегі сіңген қызметкерлер марапатталды. Биік мінберден көріну бақыты маған да бұйырды. «Тіл жанашыры» номинациясын иелендім. Еңбегімді бағалаған басшылыққа алғысымды білдіремін. Және осы сәтті пайдаланып барша қазақстандықтарды мерейлі мерекемен құттықтаймын, - деп «Ақмешіт жастары» газетінің тілшісі Мөлдір Кенжеғұлова ізгі ниетін жеткізді.

Кеш ары қарай Сыр өңірі өнерпаздарының концертіне жалғасты. Әншілердің жүректі қозғар әні мен талантты бишілердің биі көпшілік көңілінен шықты.

Ақмешіт жұртшылығы ұлы тұлғаның есімін осылайша ұлықтады. Бұл – Алаш арыстарына деген елдің сөнбес ыстық ықыласы, риясыз көңілінің көрінісі.

Ж.Қойшыбекова,

Н.Нұржаубай (сурет)

 


ЖАЛАҒАШТА КҮРІШКЕ ОРАҚ ТҮСТІ PDF Print Email
Жаңалықтар - Халық-хабар
07.09.2018 11:02

Жалағаш ауданы ауыл шаруашылығы саласы бойынша жыл сайын толайым табыстарға қол жеткізіп, өңір қазынасының ұлғаюына айтарлықтай үлес қосып келеді.

Биыл аудан бойынша барлығы 36 314,7 гектар жерге ауыл шаруашылығы дақылдары орналастырылды. Оның ішінде негізгі дақылымыз – күріш 22 366 гектарды құрап отыр.

Бүгін аудан басшысы Қ.Сәрсенбаев Бұқарбай батыр ауылындағы «Байтабын» ЖШС №5 бригадасының егіс алқабындағы күрішке алғашқы орақ салу рәсіміне қатысты.

- Биылғы егін жинау науқанына барлығы 1007 дана техника қатысады. Барлығы сақадай-сай. 1 ай көлемінде астықты жауын-шашынға қалдырмай, жинап алу ойымызда бар. Барша ағайынға бүгінгі дүбірлі мереке, орақ түсу мерекесі құтты болсын, еліміздің ризығы көп болсын, - деді аудан әкімі.

Рәсімде аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Садық Әлиев, «Байтабын» ЖШС директоры Сапар Мыханов сөз алып, ауыл ақсақалы Ділдәбеков Мағлұм диқандарға ақ батасын берді.

Сонымен қатар, аудан әкімі осы күні Бұқарбай батыр ауылында «Байтабын» ЖШС-нің ықпалымен жаңадан орнатылған ауылдың кіреберіс аркасы, шаруашылықтағы Петкус күріш тазарту құрлығысымен және жаңадан салынған «Байтабын» ЖШС-нің ғимаратымен танысты.

Аудан  әкімінің  баспасөз  қызметі

 


«АТАМЕКЕН» ІСКЕР ӘЙЕЛДЕР КЕҢЕСІ АУҒАНСТАН БИЗНЕС ХАНЫМДАРЫМЕН ЫНТЫМАҚТАСТЫҚ ОРНАТТЫ PDF Print Email
Жаңалықтар - Халық-хабар
06.09.2018 16:31

«Атамекен» ҚР ҰКП Іскер әйелдер кеңесі Мемлекет басшысының Ауғанстанға көмек көрсету жөніндегі өңірлік бастамасын бірінші болып қолдап, осы елдің әйелдер сауда-өнеркәсіп палатасымен ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды.

Қол қою рәсімі Астанада өткен «Ауғанстан әйелдерінің құқықтары мен мүмкіндіктерін кеңейту» атты өңірлік конференция аясында жүзеге асты.

«Атамекен» ҚР ҰКП Іскер әйелдер кеңесінің төрайымы Лаззат Рамазанова меморандумға қол қою барысында бұл оқиға екі елдің кәсіпкер әйелдері арасында тікелей іскер байланыстарды орнату үдерісінде маңызды әрі келешекті қадам екенін атап өтті.

«Мемлекет басшысы көтерген өңірлік бастаманы «Атамекен» ҚР ҰКП Іскер әйелдер кеңесі тарапынан қолдап отыр. Жекелеген мемлекеттегі тыныштық пен экономикалық қауіпсіздік – өңірлік тұрақтылықтың кепілі екенін айтқым келеді. Бүгін Уафек ханым (Манижа Уафек – Ауғанстан әйелдері сауда-өнеркәсіптік палатасының президенті) екеуміз қол қойған меморандум іскерлік байланыстарды орнатуда сүбелі үлес қосатынына сенімдіміз. Конференцияда екі елдің ер азаматтары арасында ғана іскерлік байланыс орнаған деген ой айтылды. Бүгінгі меморандум бұл жайтты түзейді деп сенемін», – деді Лаззат Рамазанова.

Меморандум аясында Қазақстанның іскер әйелдері ауған әріптестермен бизнестегі жетекші тәжірибемен бөлісу,  мемлекеттер арасындағы сауда қатынастарын дамыту мақсатында ақпараттық және білім беретін іс-шараларды, техникалық тренингтерді өткізуге дайын. Басты назар ауыл-аймақтағы ынтымақтастыққа және ауыл шаруашылығы өнімін өткізуге аударылады. Бұған қоса Қазақстан шағын индустриялық паркттерді құру бойынша тәжірибе алмасуға қызығушылық танытып отыр, өйткені Ауғанстан осындай паркті әйелдерге арнап құруды бастап кетті.

«Ынтымақтастық орнатқандары үшін қазақстандық әріптестерімізге алғыс айтамыз. Шынымен, елдеріміз арасында ер-азаматтар ғана ынтамақтастық орнатқанына үйреніп қалдық. Ал әйелдер арасында осындай іскерлік байланыс болған емес. Алайда бұл жайт елімізде әйелдер кәсіпкерлігі жоқ дегенді білдірмейді. Ауғанстан әйелдері сауда-өнеркәсіптік палатасынының құрылуы – еліміздегі әйелдер кәсіпкерлігі дамып, қарқын алып жатқанын білдіреді. Екі ел арасындағы меморандум – жақсы нәтижеге әкелетін алғашқы тәжірибе болмақ», – деді Ауғанстан әйелдері сауда-өнеркәсіптік палатасының президенті Манижа Уафек.

Конференция барысында «Аймақтық ынтымақтастық арқылы әйелдердің экономикалық мүмкіндіктерін кеңейту» атты панельдік сессия Лаззат Рамазанованың жетекшілігімен өтті.

Іс-шараға Қазақстан, Өзбекстан, Тәжікстан мен АҚШ-тың саяси және қоғам қайраткерлері қатысты. Конференцияда Орта Азия мемлекеттерінде әйелдердің іскерлік дағдыларын дамыту үшін қолайлы құқықтық және әлеуметтік орта қалыптасып жатқаны және әйелдер кәсіпкерлік пен қоғамдық қызметке белсенді жұмылып жатқаны туралы бірнеше рет  айтылды.

Atameken.kz

 


БИДАЙ БАҒАСЫ ӨСКЕНIМЕН, НАН БАҒАСЫ КӨТЕРІЛМЕЙДІ PDF Print Email
Жаңалықтар - Саясат
06.09.2018 16:15

Жазушы Мұхтар Мағауиннің «Бір уыс бидай» әңгімесіне қанық болсаңыз, жұмырықтағы бір уыс бидайдың қадірін сезінетініңізге шүбәм жоқ. Қос құлынына талғажау болсын деп бидай терген Алмажан уысындағы астықтың қадірін жүрекпен сезінген еді. Несібесін шолақ белсенділерге көрсетпеген ол жұмырығын жұмған күйі жан тапсырды. Сонда да берген жоқ. Әрине, басқа салмасын, бұл – жоқшылық заманындағы оқиға. Десек те, нанның қадірін ұқтыруға таптырмас дүние. Аштықтың дәмін сезбеге­н астықтың дәнін қайтсін?! Жан-жаққа шекара асырып,­ әлемдік нарықтың көрігін қыздырса, сол-ақ. Оған дәлел де жоқ емес. Бүгінде бидай өнімін экспорттаушы елдердің алдыңғы үздіктер қатарындамыз. Ал ағымдағы жылы АҚШ пен Еуроодақты көзге ілестірмей кеткен теріск­ейдегі көрші астық экспорттауда көштің басында тұр. Естеріңізде болса, Қазақстан ЕАЭО-ға төрағалық еткен­ тұста АҚШ сыртқы нарыққа көп мөлшерде астық шығарды. Содан бері бұл рекордтық көрсеткішті ешбір ел қайталай алған жоқ.

Ал Қазақстан өткен жылдың алғашқы жартыжыл­дығында 353,2 млн долларға 2,2 млн тонна бидай экспорттаған. Бұл көрсеткіш 2016 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 12,9%-ға төмен. Бидайдың ең көп мөлшері Өзбекстан мен Тәжікстанға жет­кізілген. Ал Қытайға 207,3 мың тонна, Ауғанстанға 145,6 мың тонна, Қырғызстанға 126,1 мың тонна өнім сатылған. Жалпы, биыл елдегі егіс алқаптарынан 20 миллион тонна астық жинау­ жоспарланып отыр. Оның 10 миллионы экспорттың үлесінд­е. Әлемдік нарықтағы сұранысты да қанағаттандыру маңызды шаруа. Өйткені өзімізде жаһанмен жабысып қалған байланыс бар, бағытымыз бір, дамуымыз әрқилы. Соған қарамастан Қазақстан бидай экспортының тең жартысынан астамын Канадаға, қалғанын­ Еуропа нарығына жөнелтеді. Тіпті кей елдер дайын­ бидай ұнын Қазақстан мен Түркиядан импорттауда. Әсіресе Сирия мен Ирактағы әлеуметтік ахуал Түркияның нарықтағы экспор­т көлемін 3 пайызға арттыруға мүмкіндік берген. Сол көрсеткіштің өзі ол мемлекеттің табанын жерге тигізбей отыр. Үкіметтің кезекті бір отырысында ҚР Ауыл шаруашылығы министрі Ө.Шөкеев жанармай бағасының диқандар жұмысына кедергі келтіріп тұрғанын мәлімдеді. Ал бұл кедергі егіске орақ түспеген облыстарда әлі сезіле қоймаған  тәрізді.

- Биыл астықтың жалпы жиналымы 20,0 млн тонна болады деп болжануда, бұл биылғы қуаңшылық жағдайында жаман көрсеткіш емес. Негізгі астық өсіретін өңірлер егін жинауға тамыз айының соңында, қыркүйек айының басында кіріседі. Бүгінде техникалар егін жинауға 100% дайын. Егін жинау жұмыс­тарын дер кезінде жүргізу үшін ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерге 394 мың тонна арзандатыл­ған жанар-жағармай бөлінді. Шілде айына­ бөлінген көлемді өңірлер негізіне­н толықтай алды. Тамыз айына­ арналған 110 мың тонна жанар-жағармай көлемі үшін ақы төленді, алайда ресурс ұстаушылар тарапынан аталған көлемді тиеп жөнелту проблемасы орын алып отыр, - деп мәлімдеді сала министрі.­

Нарықтық ахуалдың «шапкасын» көтеретін қаржылық қолдау екенін ескерсек, ағымдағы жылы респуб­ликалық қаржы қазанынан ауыл шаруаш­ылығының қырын қымтап, сырын сырлап отырған министрлікке 355,5 млрд теңге бөлін­ген. Бүгінгі күнге дейін 240,2 млрд теңге­сі игерілуге тиіс қаржының 7 млн теңгесі «салмақсыз» күйде қалып отыр. Сірә, сала министр­лі­гінің жұмысына жан біте қоймаған-ау?! Есесіне бидай бағасына жан бітіпті. Елімізде жаңадан жиналған­ дәнді дақылдың тоннасы 13 мың теңгеге шарықтап шыға келді. Себе­бі, әлемдегі бидай өсіретін елдерде биыл өнім көлемі айтарлықтай аз. Бидай экспорттаушы ел ретінде орайлы тұсты тиімді пайдаланып, отандық астықтың құнын көтеріп отыр. Бұл біздің диқандар үшін тиімді болмақ. Шыны керек, елдегі барлық сауда нарығында қалыптасқан өте қолайсыз «қағида» бар. Зейнет­ақы, жәрдемақы, жалақы еселен­е түседі дегенді естіген мезетте барлық та­уар­дың  құны шарықтап шыға келеді. Бұл жолы бидай бағасының  қымбат­тауы  наубайханалар мен алыпсатарларға ешқандай қатысы жоқ. Өйт­кені бұл қымбатшылық тек сыртқы сауда нарығына байланысты.­

- Жаңа жиналған өнімді экспортқа жіберу­ үшін дайындық жұмыстары жүргі­зілуде. Өткен жылы біз астық тасымалдағыш вагондардың жетіспеушілігін байқаған болатынбыз, биыл логистика мәселелерін шешу үшін жүйелі жұмыс жүргізіп жатырмыз. Жаңа орылған бидайдың бағасы былтыр 35 мың теңгеден сатылса, бүгінде 3-сұрыпты бидайдың бір тоннасы 48-49 мың теңгеге көтерілді. Бұл баға әлі де  көтерілуі  мүмкін, - деді ҚР Ауыл шаруа­шылығы министрі Ө.Естайұлы Үкімет сағатында.­

Министрліктің мәліметіне сенсек, елім­ізде  астық  сақтау  сыйымдылығы 26,7 млн тоннаны құрайды, оның ішінде астық сақтау кәсіпорындарында – 13,7 млн тонна, ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерде – 13,0 млн тонна. Көрсетіл­ген сақтау қуаттылығының көлемі өткен жылдардың қалдықтарын ескере отырып, болжанған өнімді сақтауға жеткілікті.

Н.ҚҰДАЙБЕРГЕН

 


АУЫР КІТАПҚА ЖЕҢІЛ ҚАРАУҒА БОЛМАЙДЫ PDF Print Email
Жаңалықтар - Мәселенің мәнісі
06.09.2018 14:47

«Оқу қиын, сөмке ауыр» деп балақайлар жүр. Айтқандай, бұл біз тыңнан түрен салып, айды аспаннан шығарғ­алы жатқан жап-жаңа жаңалы­қ емес. Ескі десең де, есі барға  «есті  тақырып»  және ел ішінде айтылып жүрген әңгіме. Әңгіме болғанда жай ғана емес, мәні мен маңыздылығы жоғалмағаны. Біздіңше, бастауыш сынып оқушы­ларына оқытылатын ауыр кітаптарға ешқашан да жеңіл қарауға болмайды. Биыл бірінші сыныпқа барған қарын­дасымның сөмкесін көтергенде келген ең бірінші  ой осы болды. Қарап қалмай, таразыға  тарттым. Төрт келіге сәл-пәл ғана жетпеді.­ Неткен  батпанқұйрық,  арқа­ла­ғаны  ауыр  болса, үйренгені үйдей болар ма екен, қайдам? Қалай десек те, артық  салмақ  бұғанасы  бекіп, енді-енді ет жинап  жатқан  балдырғанға  кері  әсерін  тигізетіні  анық.

Мына сөзге алып-қосарыңыз да болмауы мүмкін. Әлбетте, қарсы шыға алмайсыз. «Бірінші сыныпты аттаған бүлдіршіндердің иығы көп ұзамай жауыр болады. Олардың сөмкесіндегі «реформаланған» кітаптардың салмағы бойларын өсірмейді. Қазақстан – қортықтар еліне айнала бастаса, себебін мектептен көріңіз!» деп жазған еді белгілі журналист Нұртөре Жүсіп. Не дейік, еш қоспасы жоқ, дөп сөз.

Мысалы, Ирландияның ұлттық ата-аналар кеңе­сінде (National Parents Council Primary) ауыр сөмкенің оқушыға зияны талқыланыпты. Осыған орай, бірың­ғай салмақтағы сөмкелерді енгізу ұсынылған. Жиында әсіресе, бастауыш сынып оқушыларының ата-аналары оның тым ауырлығына шағымданып, шамамен 3000 адамның 1000-ға жуығы осының салдарынан балан­ың сабағына әрең баратынын мәлімдеген көрі­неді. Ата-аналардың шағымын қанағаттандыру үшін NPC төменгі сынып оқушыларына салмағы бірдей сөмке енгізуді ұсынды. Бұл Еуропаның бірқатар елдерін­де бар тәжірибе екен. Ал, Португалия ғылыми­-медициналық орталығының мамандары мектеп сөмкесінің салмағы барлық оқулық пен оқуға қажет құрал-жабдықтарды қоса есептегенде, бала сал­мағының 10 пайызын құрау керек деп есептейді. Егер баланың салмағы 25 келі болса, сөм­кенің ауырлығы 2,5 келіден аспауы тиіс деген­ секілді. Әрине, мұның алдын алу мәселесі бізде де көтеріліп жүр. Биыл ғана Астана қаласында өткен «Жаңа оқу жылына дайындық» баспасөз мәсли­хатында Денсаулық сақтау министр­лігінің комит­ет төрағасы Жандарбек Бекшин балалардың мектеп сөмкесі­нің салмағына байланысты арнайы жұмыс тобының құрылғанын айтты. Және сөмкелердің салмағынан оқушылардың денсаулығына кері әсер етіп жатқанды­ғы да қозғалған болатын. Осыған байланыс­ты пилоттық жоба қолға алынып, білім ордалар­ында оқушылардың керек-жарағын сақтап қоятын арнайы шкафтар орнату жоспарда бар. Арнайы құрылған жұмыс тобының айтуынша, мектеп сөмкеле­рінің ауырлай түсуі сколиоз, остеохондроз сынды ауруларғ­а ұшырататын көрінеді. Сондықтан бұл аурулардың алдын алу үшін осындай шкафтар орнату кере­к екен.

6 жастағы оқушының 3 келіден жоғары салмақты күніге екі мәрте көтеріп жүргенін елестетіп көріңізші. Білім белесін бағындыруда оқушыларымызға оңалатын жағдай жасап отырмыз ба, әлде бойын орнында қал­дыратын ба? Оқу керек, білім керек. Үйде отырған ата-анасы мұны айтып, ел-жұртты даурықтырғысы жоқ. Өзі оқымай, үй шаруасында жүрген соң, «балам оқысын, оқыған сондай болатын шығар» деп жүр. Ал, жұмысы барлар «айтсам, менен артық жексұрын жоқ» деген ұстаным­да. Жұмысыма кедергісі тиіп кетер деген оймен де жұмған  аузын  ашпайтындар  табылып  қалар...

Рыскелді   ЖАХМАН

 


МҰҒАЛІМНІҢ ҚОҒАМДАҒЫ БЕДЕЛІ БИІК ПЕ? PDF Print Email
Жаңалықтар - Мәселенің мәнісі
06.09.2018 14:45

Айтайын  деп,  айтпайсың...

«Айтпаса, сөздің атасы өледі» дегенд­і естуіңіз бар болар?!. Бүгінгі айтар­ ойымыз дәл осындай қадамнан туындады. Соңғы кезде мұғалімдер қауымы, олардың қоғамдағы беделі туралы әңгіме жиі қозғалып жүргені белгілі. Оған себеп те жоқ емес. Жасыр­атыны жоқ, бүгінгі ұстаздардың қабілет-қарымы, біліктілігі, жаңаш­ылдығы біздің кезіміздегі ұстаздармен салыстырғанда төмен еместігі (жоғары деуге ұстаздарымнан именіп тұрмын) әмбеге аян. Алайд­а көпшілік арасындағы беделі, қоғамдағы орны біздің ұстаздары­мыздан жоғары ма?! Әй, қайдам?!.. Ал олай болуына кім кінәлі?! Бір сәт, шындыққа тура қарайықшы.

Адам жанының инженері саналатын мұғалімдер қауымын арнайы өкім шықты деп сенбі сайын көше сыпыр­уға, арықтың ішін тазалауға, үйлерді аралатуға, өзге де қоғамдық жұмыстарға пайдаланса, қайдан бедел­ болсын?! Көше тазалауға кім құштар дейсің?! Ал шықпайын десе...

Бір мұғалімнің «Мектептің ауласын тазаласаң бір сәрі, көше сыпырып кететінің намысыңды келтіреді. Сен терезесінің алдын тазалап жат­қан үйде тұратын оқушың сыртыңнан күліп тұрғанын көргенде жердің жарығы болса, түсіп кетер едің» деп көзіне жас алғанын өз көзіммен көр­дім. Бұл туралы бірнеше жыл бұрын «Халық» газетінде менің «Тәрбиеші, ұстаз, дәрігер, көше тазалап әбігер» деген мақалам да жарық көрген еді. Селт еткен жанды байқамадық. Әрине, тұрған аймағың, көше, қалаңның  тазалығы, көрікті болғаны, ең алдымен, өзіңе қажет екені даусыз. Бірақ... Елбасының «Әркім өзінің ауласын таза ұстап, үйінің іші-сыртын­ әрлесін. Сонда елдің де еңсесі көте­ріліп, көріктене түседі» деген сөзін неге ұстанбасқа?! Неге біреудің  боғын, үйінің алдын, көшені мұғалім, мемлекеттік мекемелердің қызметкерлері тазалап беруге тиісті?! Әрі-беріден соң тазалықпен айналысуға тиісті мекеме бар емес пе?! Ұстаз неге тек білім берумен, тәрбиеші бала тәрбиесімен, дәрігер емдеумен айналыспасқа?!. Оған қоса, ащы ішектей созылып кететін сенбіліктер де үй ішінде түсініспестік туындатып жүр­генін естіп жүрміз.

Бұл жерде мен жаңа планета ашқандай тың жаңалық жаздым деуден аулақпын. Әрине, талай айтылып, жазылып жүрген тақырып. Десе де, «үздіксіз тамшылаған тамшы тас тесе­ді» деген бар. Мүмкін, бірде болмаса бірде біздің сөзімізді ескеретін құлақ табылар... «Үмітсіз шайтан» деген.

Рас, кеңес өкіметі тұсында да таза­лық шараларына арналған сенбілік өтетін. Алайда ол бір мәрте ғана (22 апрель Лениннің туған күніне арналып жасалғандықтан, «қызыл сен­білік» аталып жүрді) ұйымдастырылатын. Ал қазіргі сәттегі сенбіліктердің қанша уақытқа созылатынын көпші­лік жақсы біледі. Мұның өзі мұғалімдердің кәсіби мамандығына, міндетті жұмысына деген алаңдаушылығын туындататынын кезінде өзім тілдескен қарапайым мұғалімдер тұрмақ, мектеп директорларынан да талай естідім.

 

Мұғалім деген кім десең,

Кездесіп жүрсің күнде сен.

Білімі – дана, өзі – абыз,

Сөйлесе ділмар, шын шешен.

Мұғалім – елдің айбаты,

Намысы, ары, қаймағы.

Күрекке емес білімге,

Жұмсалса абзал қайраты.

Мұғалім – елдің ұлысы,

Ақылдың тозбас құрышы.

Ұстазын өткен қастерлеп,

Фараби ғалым ірісі.

Мұғалім болса қадірлі,

Ұғады өзге жаныңды.

Сіңіріп бойға тәлімін,

Жаңартар сана, қаныңды!

Әрине, қажет тазалық,

Маңайға жайлап баралық.

Көшеге тұрғын қаралық,

Мұғалімге қалмай қадалып!

 

Жұмабек  Табынбаев,

Қазалы  ауданы

 


ҚАЗАННЫҢ БАСЫНДА КІМ ОТЫР? PDF Print Email
Жаңалықтар - Саясат
06.09.2018 14:38

Желідегі   жазба

Шархан  ҚАЗЫҒҰЛ,

Журналист

Қауіптің бәрі – солардан. Сондықтан да Қазақстан экономикасының мандымай тұрғанына ең алдымен Ұлттық банк кінәлі дер едім. Екінші деңгейдегі банктер қарапайым халықты қалай сорып жатса, Ұлттық банк бизнес субъектілерін одан да сорақы сценариймен сорлатып отыр. Олар алтын-валюталық резервті өтірік өсіру мақсатында қайдағы бір валюталық SWOP дегенді ойлап тапқанын бұрынырақта бір сараптамалық мақаладан оқығаным бар. ҰБ валюталық свопты өз балансына алу арқылы банктер мен инвесторларға ғана қолайлы жағдай туғызып отыр. Осының зардабын нақты экономика секторы тартатыны сөзсіз. Өйткені, доллар салып, теңге алған инвесторларға девальвация болған жағдайда қайта айырбастау процесі бұрынғы бағаммен жүзеге асырылады. Барлық бәле осы жерде басталады. Бұған мүлдем жол беруге болмайды. Бірақ Ұлттық банк бұл мәселені қалай шешіп жатыр, ол жағы – бізге беймәлім нәрсе. Отандық өндірушілердің доллар бағамының өскенінен қатты қорқатындығының басты сыры осында жатыр. Қазақша кестелегенде, бұл – комаға кетумен бірдей процесс. Комадан тұрсаң – жақсы. Тұрмасаң – қош бол, бизнес!

Facebook-тегі парақшасынан

 


ТҮРМЕДЕГІ БІР АДАМҒА ЖЫЛЫНА 900 МЫҢДАЙ ТЕҢГЕ ЖҰМСАЛАДЫ PDF Print Email
Жаңалықтар - Құқық құрығы
06.09.2018 14:09

Тарихында түрме болмаған елімізде сотты болғандар көп бүгінде. Бұл жаза басып, қылмыс жасағандардың көбін темір торға тоғыту арқылы жазалайтынымызды аңғартса керек. Бір жағынан, дұрыс та шығар. Қылмыстың азайып, сотталатындардың сирегенін қалағандықтан осы қадамға барамыз әрі әділдіктің үстем болуы үшін заңдардың орындалуы міндетті. Заңнамаға да сан өзгерістер енгізіп, тоқсан толықтырулар жасадық. Еліміздегі қылмыстылық деңгейін төмендету үшін. ҚР Бас прокуратурасының Құқық­тық статистика және арнайы есепке алу жөніндегі комите­тінің мәліметтеріне сүйенсек, 2017 жылы елімізде 316418 қылмыс, ал ағымдағы жылдың 7 айында 176488 қылмыс тіркелген. (Облысымызда бұл көрсеткіш – 8333/4641). Сот­ты­ болып жатқандары қаншама.

Алайда сотталған адамды асырауға кететін қаржы оның жасаған қыл­мысынан әлденешеге көп болып жа­татыны өкінішті. Мысалы, Солтүстік Қазақстанда бір кісі көршісі­нің 10 мың теңге­сін  ұрлап  алғаны  үшін  кезін­де 3 жылға сотталған екен. Алайда 3 жыл­ға сотты болған оны асырау үшін үкімет милли­ондап қар­жы жұмсаған. 10 мың теңге үшін 100 есе шығындалдық. Бұл бір ғана мысал­. Бас Прокуратураның 2018 жылдың 7 айындағы мәліметі бойынша қазіргі таңда түр­мелерде 33 041 сотталушы бар екен. Соның ішінде Қызыл­орда облысына қарасты түзеу мекемелерінде 800-ге жуық арнайы контингент қамауда отыр.Тергеу изоляторында отырған­дары да аз емес. Ал сотталған және тергеуге  байланысты  қамалған  адамды бір күн  асырау  үшін 2400 теңге, жылына 876 900  теңге  жұмсалатын көрінеді.

Сондықтан соңғы кезде соттар бас бостандығынан айыру жазасын сирек тағайындауда. Осы жылы үкім шыға­рыл­ған 12 мың сотталушының тек үштен бір бөлігі, яғни 4 мыңы ғана колони­яға жіберілген. Осы және сот акті­лерінің орындалу заңдылығы туралы ҚР Бас Прокуроры Қайрат Қожамжаров Елбасы­ Н.Назарбаевқа ағымдағы жылды­ң 7 айында атқарған жұмысы турал­ы  берген  есебінде  мәлімдеді.

– Бас Прокурордың наразылығы негізін­де Жоғарғы Сотпен 200 тұл­ға­ның  жағдайы  жақсартылды,  оның ішінде 37-сі  ақталды  және 166-сының жазалары жеңілде­тіл­ді. Түр­ме­дегілердің  саны жыл басынан бастап 3 мыңға азайды (35 805 мыңнан 33 041 мыңға). Сондай-ақ, Сіз өткен айда қол қойған ізгілендіру туралы заң бүгінгі күні 230 адамның жағдайын жақсарт­ты, олар экономикалық және мүліктік қылмыстар жасаған. Жалпы, қоғамдық қауіпсіздікті, заңдылық пен құқықтық тәртіпті сақтау – біздің әрдайым бақылауы­мызда, - деді Қайрат  Пернешұлы.

Есесіне, кейбір заң бап­тары қатаңдатылды. Ес­те­ріңізде болса, 2016 жылдың сәуір айында Президент Н.Назарбаев «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне баланың құқықтарын қорғау мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар  енгізу­ туралы» ҚР  заңына қол қойған  болатын. Заң жобасындағы өзгертулердің ішінде педофильдерді «піш­тіру» жазасын қолданысқа енгізу де бар еді. Аталмыш заң ағымдағы жылы күшіне  енді. Тіпті, бүлдіршіннің  бола­шағына балта­ шапқан азғын­дардың біріне сот осы үкімді қолданды­  биыл. Әзірге бұл – қылмыскерді химия­лық кастрациялау туралы соттың алғашқы үкімі. Бұл туралы­ апта басында ҚР Денсаулық сақтау вице-министрі Ләззат Ақтаева БАҚ өкіл­деріне берген брифинг барысын­да айтты.­ Жазаның бұлайша қатаюы бекер­ емес. Осыған дейін педофильдер­ 20  жылға бас бостан­дығынан айы­рыл­ғанымен, азаймаған-ды. Сондықтан да ардан безгендерді еркекті­к қуаттылығынан айырудан басқа­ амал қалмады. Статистикаға сүйенсек, биылдың  өзінде  олар 80-ге  жуық  бүлдір­шіннің өмірін  бүлдіріп үлге­ріп­ті.

Байырғы заманда қылмыс жасап, жаза  басқандарды қазақ қолын артына­ қайырып, кісе белдігі мен бас киімін шешіп, тізерлетіп, бетіне күйе жағып, киіз үйдің керегесіне байлап қою арқылы­ жазалаған екен. Ондағы бас киімі мен белдігін шешкені оның жігіттік  намысынан  айырылғандығын білдірсе, тізе бүктіргені жазасын мойындат­қаны болып саналған. Ал бетіне  күйе жағылғаны ел алдында қара бет болғанын айғақтатқан екен. Осылай-ақ тентегін түзеп алған қазақ қоғамында бүгінде темір торға қамап, қолына кісен салып та тәртіпке шақыру­ қиын болып тұр. Десе де, Бас прокуратура ұсынған соңғы мәлі­мет­терге сенсек, елімізде қылмыстылық  деңгейі 10 пайызға, яғни 196 мыңнан 176 мыңға дейін төмендегені көңілге сәл де болса медеу боп тұр.

 

Ж.ЖҮНІСОВА

 


ЭКОНОМИКАЛЫҚ ӨСІМ – АЙМАҚ ДАМУЫНЫҢ ТЕМІРҚАЗЫҒЫ PDF Print Email
Жаңалықтар - Саясат
06.09.2018 12:27

«1997 жыл естеріңізде ме?

Парламентте мен сөз сөйлегеннен кейін абдырау мен абыржу болды.

Көпшілік «Бұл не – насихат па? Әлде аспаннан түскен нәрсе ме?» деп сауал қойып жатты. Сол кезде алға қойған міндеттер соншалықты асқақ болып көрінетін. Дегенмен, «көз – қорқақ, қол – батыр» дейді ғой. Біздің алдымызда оқиғалар барысына өзгеріс енгізу сияқты ауқымды міндет тұрды. Жаңа елдің іргесін қалау  керек  болды. Ол міндетті шешу үшін біз үш бірдей жаң­ғырту­ жүргізуге  тиіс  едік: мемлекеттің іргесін қалау мен нарық­тық­ экономикада серпіліс жасау, әлеуметтік мемлекеттің негіздері­н қалау, қоғамдық сананы қайта өзгерту. Біз өзіндік жолымыз­ды айқындауға тиіс едік. Бұл жол «Қазақстан-2030» Стратегиясында белгіленген болатын. Бұл құжат стратегиялық  мақ­саттар мен міндеттерді пайымдаған, көзқарасымыздағы маңызды­  серпіліс  болды.

Халық нақылында айтылғандай, «Мақсат – жетістіктің желкені». Орынды  мақсаттар ғана табысқа жеткізеді. Бүгін дұрыс  таңдау  жасағанымыз  туралы  айту  мен үшін үлкен абырой.­ 2008-2009 жылдардағы жаһандық дағдарыс осыны айғақтады­. Қазақстан оған төтеп берді. Дағдарыс жетіс­тіктерімізді сетінете алған жоқ, бізді қуатты ете түсті. Біз таңдаған­ ел дамуының  саяси, әлеуметтік-экономикалық  және сыртқы саяси үлгісі өз тиімділігін дәлелдеді».

(Ел  президентінің  «Қазақстан – 2050»  стратегиясынан)

Алаштың анасы атанған Сыр еліндегі тың өзгерістер облысты еліміздегі даму бағыты жоспарлы, жүйелі, мақсаты айқын аймақтар қатарынан түсірген емес. Соңғы жылдарда­ қала келбеті ғана көрікке енген жоқ, ішкі әлеуеті де ауыз толтырып айтарлықтай жетістікке жетті. Бұрын «Қызылордаға бар­ғанда аралайтын орын жоқ. Тынығатын жай жоқ» деген жағым­сыз пікірлерді естігенде сөзбен тайталасып отыратын едік. Ал бүгінде «Сыр еліне келі­ңіздер! Бізде мынадай бар, мынадай бар!» деп мақтанып, кеуде керіп айтуға тұрарлық тынығу орындары мен демалыс жағажайлары, ескерткіштер, ойын-сауық орталықтары бар. Әлеуметтік-экономикалық көрсеткіштері  де жылдан-жыл­ға  артып, алдағы міндеттер мен жоспарларды жүзеге асыруға үлкен септігін тигізіп отыр. Елбасы «Қазақстан-2050» Жолдауында «Мықты мемлекет күнкөріс саяса­тымен емес, жоспарлау  саясатымен, ұзақ мерзімді дамумен және экономикалық өсумен айналысады» деп атап көрсетті. Бүгінді ғана емес, келе­шекті ойлаған осы идея Қызылорда облысы дамуының темірқазығы  іспетті.

 

БІЛІМ – БОЛАШАҚТЫҢ  ЖОЛДАМАСЫ

Бүгінде жаһан мемлекеттері бәсе­кеге қабілетті экономика құру үшін жанталасып жатқаны белгілі. Ол үшін жоғары білімді мамандарды даярлау басты орында тұр. Бұл бағытта Сыр еліндегі серпін көштің соңында  емес. Білім са­ласында ағымдағы жылы 15 нысан іске қосылады деп жоспарлануда. Жыл басынан бері 4 мектеп және 6 балабақша пайдалануға берілді. Тағы 4 мектеп және балабақшаның құрылыс-монтаж жұмыстары екінші жартыжылдықта аяқталады. Ал білім берудің сапасын арттыру жұмыстары өз жалғасын тауы­п келеді. Бұл бағытта да ел президен­ті  адами капиталдың сапасына мән беруді қатаң тапсырған болатын. Адами капитал, ең алдымен, білім сапасы арқылы қалыптасады. Оны оңтайландырудағы білім саласының үле­сі әлдеқайда ерекше. Сондықтан да бұл салаға рухани құн қалыптасты­ратын инвестициялық құндылық ретінде қарау қажет. Білім беру­ге инвестиция тарту жекелей адам мен тұтас мемлекет үшін де оңтайлы шешім екенін аймақ басшысы үнемі айтып келеді. Аймақта білім беру сала­сында мектепке дейінгі қамтылу деңгейі жүз пайызды құрап, үш ауысымда оқитын мектептер жойылған. Бір ғана Жалағаш ауданы М.Шәменов ауылындағы  №34  орта мекте­бі­нен  басқа,  апаттық  жағдайдағы мектептер жоқ. Соңғы 5 жылда өңірде 37 апаттық мектептің орнына 45 мектеп бой көтеріп, пайдалануға берілген. Жаңа оқу жылында Қазалы және Жаңақорған аудандарында 300 орынға лайықтап салын­ған жаңа мектептер пайдалану­ға  берілді. 2017-2018 оқу жылында Қармақшы және Жаңақорған аудандарында 3 мектеп жұмысын бастаған болатын. Бұдан басқа, жылдың соңына дейін Аралда 300 орынға және Қызылордада 600 орынға ар­налған мектептер есігін ашпақ. Бұл білім ордаларының әрқайсысынан болашақта еліміздің дамуы үшін тер төгетін жастардың түлеп ұшатыны айтпаса да түсінікті. Мәселен, биылғы түлектердің де жоғары және арнай­ы оқу орындарына түсу көрсеткіші көңіл марқайтарлық. Былтыр 97%-ды еңсерген еді. Бірнеше жылдан бері біздің аймақ ҰБТ көрсеткіштері бо­йынша алдыңғы бес облыстың қатарына ілікті. ҰБТ тапсырып, мемлекеттік грантты алуға бірнеше балл жетпей қалған ауыл  мектептерінің  түлектері­не аймаққа қажетті маман­дықтар үшін облыс әкімінің гранты  бөлініп  келеді.

 

АПАТТЫ  АУРУХАНАЛАР ТҮБЕГЕЙЛІ  ЖОЙЫЛАДЫ

Қазақта «Үш нәрсенің алдын­ ал: аурудың алдын ал, жаудың алдын ал, қайта қозған даудың алдын ал» деген тарқатып  айтпаса да түсінікті тәмсіл бар. Оны нақтылай түсетін «Жарлының байлығы – дені­нің саулығы» деген мәтел және бар. Міне, бүгінгі күннің денсаулық саласында осы екі сөзді нысанаға алып, атқарылып жат­қан жұмыстар қыруар. Мәселен, Қызылорда облысының денсаулық инфрақұрылымын дамыту бағдарламасы жасалған. Осы бағдарлама аясында алдағы 3 жыл ішінде облыс бойынша 78 нысан салынады деп жоспарлануда. Соның  16-сы келесі жылы әріптестік аясында бой көтереді. Сондай-ақ, мемлекеттік-жекеменшік әріптестік аясында 6 млрд теңгеге жуық қаражатқа 4 компью­терлік томография, 3 ангиографиялық және 1 МРТ аппараты, сонымен қатар реанимацияға арналған, нәрестелер бөліміне арналған заманауи үлгідегі құрал-жабдықтардың барлығын алу үшін жұмыс істеліп жатыр­. Қазіргі таңда Арал, Шиелі  және  Қазалы  аудандық­ ауруханаларының құрылысы жүріп жатыр. Жоғары сапалы медициналық қызмет көрсететін емдеу мекемесі жуырда Жала­ғаш ауданында да бой көтеретін болады. Осы міндеттер  жүзеге асса, апатты жағ­дайдағы  ауруханалар мәселесі түбегейлі  жойылады.

­Жалпы, денсаулық сақтау саласында барлық шаралар азаматтардың денсаулықтарын жақсарту мен өз денсаулықтарына деген жауапкершілікті артты­руға  бағытталады. Биыл бұл салада жалпы адам өлімі­нің көрсеткіші 1,5%-ға азай­ған, қатерлі ісіктен болатын өлім саны 10,4%, қан айналым жүйесінің бұзылуынан болатын өлім саны 9,4%-ға төмендеді. Әсіресе, сәби өлімі санының былтырғы жылмен салыстырғанда 14,3%-ға төмендегені қуантады. Қазіргі таңда өлім көрсеткішінің 52 пайызын құрап  отырған  аурудың  5 тобы бойынша 5 «Жол картасын» жүзеге асырып келеді. Бұл жұмыстар 2020 жылға дейін іске асырылады. Белгіленген мерзімге дейін аурулар бойынша көрсеткіш саны нөлдік межеге төмендейді деген үміт бар. Денсаулық сақтау саласын дамытудың басты бағыты дәрі­герлердің біліктілігін арттыру болмақ. Сондай-ақ, ресми мәліметтерге сүйенсек, «Әлеуметтік медициналық сақтандыру  қоры» КЕАҚ Қызылорда облысы бойынша филиалы мемлекеттік тапсырыс шеңберінде қызмет көрсеткен емдеу ұйымдарына 21 млрд 535 млн теңге аударған. Бұл – кепілдендірілген тегін медициналық көмек көрсету (КТМКК) шеңберінде бекітілген келісім­шарттардың жалпы сомасының 59 пайызы. Бүгінде ҚОФ «МСҚ» мемлекеттік тапсырыс бойынша қызмет көрсетуге ниет білдірген 65 медицина ұйымымен бекіткен. Оның  34-і – жекеменшік емдеу мекемелері. КТМКК пакеті шеңберінде халыққа тегін көмек көрсету жөнінде бекітілген  95 келі­сімшарттың жалпы сомас­ы 36 млрд 470 млн теңге­ні құрап отыр.

Айтпақшы, бұл салада сүйіншілейтін де жаңалық бар. Ол – биылдан бастап денсаулық сақтау ұйымының европалық стандарттарына сәйкес келе­тін «Дені сау аймақ» жобасының қолға алынуы. Мұндай жоба республика бойынша тек Сыр өңірінде ғана жүзеге асуда.­

 

САЛҒЫРТТЫҚТЫ  КӨТЕРМЕЙТІН  САЛА

Негізінен Қызылорда облысының климаты ауыл шаруашылығына өте қолайлы. Және бұл сала өркен жайған. Бүгінде индустриялық аймаққа айналып жатқанымен, ескі дәстүр­ден жаңылған жоқ. Яғни, егін егіп, мал шаруашылығымен айналысу атакәсіп ретінде дамы­п келеді. Облыстық ауыл шаруашылығы  басқармасының  ресми сайты жариялағандай,  аграрлық  секторға  көр­се­тілген мемлекеттік қолдауға биыл 10,7 млрд теңге бөлінген. Ал  жыл басынан бері 16,9 млрд теңгенің өнімі өндірілген.

Бүгінгі күнге шаруашы­лықтар бойынша барлығы 184,5 мың гектар, оның ішінде 2296 га жаздық бидай, 433 га арпа, 1027 га астықтық жүгері, 618 га тары, 51 га күнбағыс, 10282 га мақсары, 19170 га жаңа жоңышқа, 791 га малазықтық жүгері, 4538 га картоп, 5365 га көкөніс, 7490 га бақша егілген. Күріш алқабының 87267 гек­тары жоғары репродукциялы тұқыммен себілді. Алда сол еңбекті  жинау науқаны бас­талады. Бұл сала негізінде жалқау­лық  пен  салғырттықты көтермейді. Еккен  егіннің жер бетіне бүр жарып шығамын деген­ше де, одан кейін де бабы еңбекқорлықты қажет етеді. Гектарлап егіп тастаған тұ­қымның жайы болмаса, еткен еңбек, төккен тер далаға кетеді. Сондықтан алдағы орақ маусымында  сырбойылықтарды маңызды шаруа, зор жауапкер­шілік күтіп тұр.

 

КӘСІПКЕ   ЖОЛ  АШУ – ЖҰМЫССЫЗДЫҚТЫ АЗАЙТУ

Халықтың экономикалық белсенді тобын арттыру өзекті мәселенің қатарынан түскен емес. Аймағымызда жылдың басында 97538 толыққанды жұмыспен қамтылмаған және жұмыссыз азаматтар бар екен­дігі анықталды. Бұлар – өзде­рін зейнетақы төлемдерін, медициналық қызметтер мен әлеуметтік сақтандыруды алу мүмкіндіктерінен айырып отырған тәуекел тобындағы азаматтар. Сондықтан мемлекет осындай азаматтарды еңбек нарығына қажетті ма­манд­арға оқыту арқылы жұ­мыссыздықты азайтуды көздеп отыр. Жыл басынан бері 7000-нан астам адам жаңа жұмыс орындарына орналасқан. 20400-ден астам адам нәтижелі жұмыспен қамтылып, 20000-ға жуық азаматтың қызметі  заңдастырылған. Олардың 17000-ға жуығы жұмыс беру­шілермен еңбек келісі­м­шарттарын жасасқан және 3000-нан астам адам мемлекеттік  кіріс  органдарында жеке  кәсіпкер  ретінде тір­келіп, өз кәсіптерін бастады. Соның нәтижесінде, жыл басына­н бері өнімсіз жұмыспен қам­тылған  және  жұмыссыз ре­тінде тіркелмеген адам санын 27 мыңнан астамға азайтуғ­а  қол жеткізілді. Бұл көрсеткіш­ті 70 мыңға жеткізу көзделген.

Жұмыссыздықты азайту үшін шағын және орта бизнесті дамыту  үлкен  рөл атқарады­. Ол – әлеуметтік аз қорғалған адамдардың санын азайтудың өте тиімді тәсілі. 2018 жыл облысымызда «Жаппай кәсіп­кер­лікті қолдау жылы» болып жарияланды. Кешенді «Жол картасы» әзірленіп, нәтиже­сінде ағымдағы жылы барлық қаржы көздерінен 32 млрд.-тан  астам теңге бөлу көзделу­де. Аймақ үшін маңызды  құжаттардың  қабылдануының нәтижелері бай­қалып, ағымдағы  жылы облыста жұ­мы­с істеп тұрған кәсіп­керлік субъектілер 11%-ға артып, Қызылорда облысы аймақтар арасында  көш  бас­тап тұр.

«Хан  қасында  ақылды би болса, қара жерден кеме жүргізеді» деге­н  Майқы  би. Мұны  айтып  отырған себебіміз, ұлан-ғайыр даланың  бір  бөлігінің  жеріне  жан, еліне  мал бітіріп, халқының асын  сайлап, төрт түлігін байлап беру үшін де ел басқару ісінде кемеңгерлігі кеме жүздіруге жетерлік би керек. Демек, аймақтағы қандай да болсын, жақсылықтың нышаны байқалса, мемлекет басшысын­ың тапсырмасы бойынша облыс әкімінің орындатып отырған­  жұмысының  жемісі  деп  білгеніміз  жөн.

Н.ҚАЗИ

 



<< Бірінші < Алдыңғы 1 2 Келесі > Соңы >>

Күнтізбе

< Қыркүйек 2018 >
          1 2
3 4 5 7 8 9
10 11 12 13 14 15 16
17 18 19 20 21 22 23
24 25 26 27 28 29 30

Сауалнама

Аса мәртебелі шенеуніктердің қылмысқа шатылып жатқандығы нені аңғартады?
 

Ауа райы

Валюта бағамы

Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі валюталардың ресми бағамдары