Өзекті мәселелер

  • 18.10.18

    Диас  БАХРАДДИН,

    байдарка және каноэде есуден Жасөспірімдер олимпиада ойындарының чемпионы:


    Толығырақ...

  • 18.10.18

    Бұл өлке – өрелі өркениеттер тоғысы­нда тарихын тереңнен тартқан мекен.­ Талай қаһарман хандар мен білекті батырлар, суырыпсалма ақындар шыққан жер. «Жүз жырау» дүниеге келген осы Қармақшы елі әр қазақ үшін қастерлі, қасиетті. Аудан толығымен Тұран ойпатыны...

    Толығырақ...
  • 18.10.18

    Сыр  өңірінде  өзінің  тарихымен, экономикасымен, даңқты тұлғаларымен дараланған бір аудан болса, ол – киелі Шиелі өңірі. Жер көлемі 3426915 га  құрайтын  аудан – ежелгі  Сырдария  өзенінің  орта  ағысынан­ орын тепкен мекен, талай тарихи оқиғаның к...

    Толығырақ...
  • 18.10.18

    «Алдағы  бес  жыл  ішінде білім, ғылым, денсаулық сақтау­  салаларына  барлық көздерден  жұмсалатын қа­ра­жат­ты  ішкі  жалпы өнімнің  10  пайызына дейін жеткізу  қажет».

     

    ЖАЛАҚЫ  КӨБЕЙЕ   БАСТАДЫ

    Мұндай пәрменді ел Президенті өз Жолдауында атап көр­сеткен болатын. Бұл сала мамандары үшін жақсы м...

    Толығырақ...
  • 18.10.18

    Лақ бірде жайылымда жүріп ұйықтап қалды. Оянған соң қараcа, көзіне ешнәрсе­ шалынбады. Далада жалғыз қалыпты. Отардың соңынан қуып, жүгіре жөнелді. Жүгіріп келе жатып қасқырға кезікті.

    – Ей, мұнда неғып жүрсің? - деді қасқыр­  көзі  оттай  жанып.

    – Қуаласпақ ойнап, - деді лақ тез ес жиып.

    – Кіммен?

    – Ағаммен. Сөйтті де, артына бұрылып:

    ...
    Толығырақ...
Дүйсенбі, 10 Қыркүйек 2018

Жастардың жаршысы PDF Print Email
Жаңалықтар - Халық-хабар
11.09.2018 11:46

Басылым бетіне материал дайындап, санаңда сайрап тұрған сөздерді қағаз бетіне түсіру көпшілік ойлағандай оңай шаруа емес. Ойыңда жүрген оқиғаны әп-сәтте жаза саламын десеңіз, қателесесіз. Мұндай сәтте жазуыңның қиюын келтіріп, қатесін дұрыстайтын аға буын өкілдерінің көмегіне жүгінбеске болмайды. «Кемедегінің жаны бір» дегендей, журналистика саласында бір-біріне аянбай көмектесетін жандар жетерлік. Солардың бірі – Қызылорда облыстық «Ақмешіт жастары» газетінің ұжымы. Осы салаға бет бұрып, қанатты қаламгерлердің қатарынан көрінгім келген тұстарда редакцияның есігін қаққан болатынмын. 2015 жылы. Мектеппен кеше ғана қоштасқан мені газет ұжымы ерекше ықыласпен қарсы алып, қанатымды қомдап, қаламымның қуатын арттыруда аянып қалмады. Сол сәтте ақпарат айдынында қызмет етіп жүрген өзім құралыптас жастар екеніне көз жеткіздім. Оқу орнындағы ұстаздарымыздың айтқан сөздері де расталды. Әр дәріс сайын Гүлмира Әшірбекова, Аякөз Әбдіразақова: «Ақмешіт жастары» газеті - Қорқыт ата атындағы ҚМУ-дың студенттері үшін ұстахана», - деп, бізді жастардың жаршысына айналған газеттің ауасымен тыныстауға бағыттайтын. Сол аралықта басылым бетіне бірнеше мақалам да жарияланып, газеттің бір бөлшегіне айналдым десем, артық болмас. Бас редактор Айжан Жұмабекқызынан бастап, Назерке Саниязова, Дастанбек Садық, Ерасыл Шәрібек, Гүлбану Мақажан сынды оқырманға ойлы мақалаларымен танылып жүрген жас журналистер бізге бар білгенін үйретті. Журналистика саласының тек сырлы сөзден ғана емес, үлкен жауапкершіліктен тұратын жұмыс екенін ұғындыра білді. Бұл кезеңдер қаламды серік етіп жүрген алғашқы сәттер еді. Қазір төртінші жылға табан тіредік. Ал, мен үшін алғашқы мектеп болған «Ақмешіт жастары» газеті бес жылдың белесіне шықты.

Астық жинауға асыққан құмырсқадай тізіліп 30 шақты студент келе жатыр. Солардың қатарында мен де бармын. Бағытымыз – Қызылорда облыстық Ә.Тәжібаев атындағы кітапхана. Жүзімізде – қуаныш, жүрегімізде – толқу. Мұндай сезімді бастан өткеруге себепші болып тұрған жастар газетінің бес жылдық мерейтойына орай ұйымдастырылған кездесу еді. Санамда кіріп-шығып жүрген сумақай ойлар кітапхананың ішіне енгенде сап тыйылды. Өйткені, жастармен жүздесу жаңа орында өтпекші екен. Облыстық кітапхананың ішінен ашылған коворкинг орталығын редакция ұжымы қонақтарға еркіндік сыйлау үшін әдейі таңдапты. Кіреберісте аяқкиіміңді қалдырғаннан-ақ бойымыздағы үрей мен ұяңдықты бостандыққа жібердік. Жағалай төселген құрақ көрпешелерде өзіне тартып, жиналысқа емес қонаққа келгендей әсер сыйлады. Содан не керек, бір жақ сары ауыз балапан сияқты студенттер, екінші жақ қаламы қарымды журналистер болып жайғастық. Бір-бірінің сөздерін айтқызбай-ақ түсінетін әріптестер өзара әзілдесе жөнелді. Әзілдері жарасқан әріптестердің әңгімесін ұстазымыз Аякөз Әбдіразақова бөліп, бағытты бізге қарай бұрды да: «Мына қарсы жақта отырған жастардың көбісі 1-курс студенттері, ал мына қыздар 4-курста оқиды» деп таныстырды. Бізді елеп-ескеріп таныстырғандықтан, өзімізді одан сайын еркін ұстадық. «Ақмешіт жастары» газеті ұжымымен жүздесу енді ресми түрде басталды. Модератор қызметін атқарып отырған «Сыр медиа» ЖШС директоры Аманжол аға Оңғарбаев жас буынға өзін таныстырып, алғашқы сөз кезегін «Ақмешіт жастары» газетінің редакторы Айжан Жұмабекқызына берді. Қалам ұстаған біздің бағытымызды бекітіп, тәжірибие жинауымызға көмектескен Айжан Абдуллаева сөз барысында газеттің бағыт-бағдарын, мақсатын, атқарар қызметіне тоқталып өтті. Сондай-ақ, жастар тақырыбын жазуды 5 критерий бойынша бөліп қарастыратындығын айтты. Осыдан кейін Сыр еліндегі жастардың тұңғыш басылымының бағындырар белесі көп екенін аңғардым. Жастар тақырыбынан бөлек айтулы күндерге орай байқау ұйымдастырып жатқандығын жеткізді. Мұның барлығы бүгінгі буынның шығармашылық қабілетін дамытып ғана қоймай, қоғамдық өмірге белсене араласуға мүмкіндік жасайтынын айтуды да естен шығармады. Газеттің тынысымен таныстырудан кейін әріптестеріне алғыс айтып, қазіргі таңда ұйымдастырып жатқан байқаудың шарттарына тоқталды. Бұдан кейін газет тілшілері алғыс хаттарға ие болды. Оның алғашқысын №1910 әскери бөлімінің шекарашылар қызметі табыстады. Ал, «Жас Отан» жастар қанатының құттықтау қағазын Талғат Тілес жылы лебізімен бірге Айжан Жұмабекқызына сыйлады. Сонымен қатар облыстық жастар саясаты мәселелері басқармасының басшысы Қуаныш Жанұзақов та келіп, басылымды туған күнімен құттықтады. Өзінің әңгімесін газет құрыла бастаған жылдардың естелігінен бастаған ол сөз соңын облыс әкімінің орынбасары Руслан Рүстемовтің алғыс хатын табыстаумен аяқтады. Ал, «Ұстаз мәртебесі» газетінің редакторы Нұрлан Көбегенұлы аталмыш басылымның жас журналистер үшін таптырмас мектеп екенін тілге тиек етті. Аға буын өкілдерінің құттықтауынан кейін сөз кезегі жас буынға берілді. Сондағы мақсат «Ақмешіт жастарына» айтар ұсыныстарын тыңдау еді. Сол сәтте  көптің арасынан суырылып шығып, университет табалдырығын енді аттаған Гүлдана Асанжанова өзінің жүрекжарды тілегін айтып, газет ұжымына алғыс білдірді. «Ақынға қара сөзден өлең оңай» деп Динар есімді жас ақын жыр шумақтарын тізбектей жөнелді. Жиналған қауымды жағалай сөз кезегі маған да жетті. Әуелгіде қорыққан қорыққан ба? Мынау қобалжығаным сөзім мен ойымның шашырауына әкеліп соқты. Аяқ-қолымнан жан кетіп, барлығы маған тесіле қарағанда қағазға жазып келген сөзім жайына қалды. Әңгімемді 3 жылға шегініс жасаудан бастап, соңын ойда жүрген ұсынысымды айтумен тамамдадым. Алдағы уақытта айтылған ұсыныстар із жүзінде орындалады деген сенімдемін.

Сыр жастарының дамуына көп үлес қосқан, өңірде өзіндік қалыптастырған қолтаңбасы бар, жастардың жаршысына айналған «Ақмешіт жастары» газетінің ұжымымен жүздесу осылайша аяқталды. Ендігі 5 жылда оқырман ретінде араласып жүрген біздер әріптес болып «бір терінің пұшпағын илейміз» деген үміт бар.

Маржан  ҚҰРМАНҒАЛИЕВА,

Қорқыт  ата  атындағы  ҚМУ-дың  студенті

 


Қаһармандарын ұлықтау – ұрпақ борышы PDF Print Email
Жаңалықтар - Халық-хабар
11.09.2018 11:39

ХХ ғасырдың 20-30-жылдары қазақ қоғамы үшін оңай болмады. Қолдан ұйымдастырылған алапат аштық пен саяси репрессияның салдарынан түрлі деректер бойынша қазақ халқының жартысына жуығы қырылып қалды. Оның ішінде 20 мыңға жуығы жазықсыз түрмеге қамалып, енді бірі ату жазасына кесілген-ді. Халықты бір үзім нанға зар қылып, елдегі зиялы қауым өкілдерін жазықсыз жапа шектірген бұл оқиға әрбір қазақтың есінде. Алайда сондай зұлмат заманда елі, жері үшін күрескен азаматтарымыз әлі күнге ақталмай келеді. Содан болу керек, оларды әліге шейін халық жауы деп қабылдайтын ақсақалдарымыз да бар арамызда.

Мұның бәрі – асыл азаматтарымыздың уақытылы ақталмауынан. Мысалы, әлемде барлық дерлік мемлекеттер тәуелсіздікке қол жеткізгеннен кейін бірінші кезекте мемлекеттік шара ретінде өз халқының азаттығы, өз жерінің біртұтастығы мен бүтіндігі, тәуелсіздігі жолында күрескен ұл-қыздарының (қаза тапқан және көзі тірі) тағдыры, көрсеткен ерлігі жөнінде шешім қабылдайды. Олар Отанын, жерін қорғаушыларды ұлттық батыр дәрежесіне көтеріп, ұлықтайды. Дәлел ретінде айтсақ, Литва Республикасы кеңестік отарлауға қарсы небары 50 жыл күрескен тұлғаларды ақтап алу, олардың бұзылған құқықтарын қалпына келтіру бойынша 29 жоғары мемлекеттік акт қабылдапты. Оның 10-ы – заң, 19-ы – Үкімет қаулысы. Грузин Республикасы болса, ел тәуелсіздігі жолында күрескен және ұлт-азаттық күреске қатысқаны үшін қуғын-сүргінге ұшыраған тұлғалардың ерліктеріне қатысты әділеттілікті қалпына келтіру туралы мемлекеттік декрет жариялаған. Тіпті, жаңа демократиялық Ресейдің өзінде «Саяси қуғын-сүргін құрбандарын ақтау туралы», «Қаза тапқан отан қорғаушылары туралы», «Қуғын-сүргінге ұшыратылған халықтарды ақтау туралы» заңдар мен «Негізсіз қуғын-сүргін құрбаны болған діни қызметшілер мен діндарларды ақтау туралы» Президент актісі және басқа да заңнамалық актілер қабылданған. Қазақстанда да бірқатар маңызды мемлекеттік шешімдер жүзеге асты. Атап айтқанда, тарихи және мәдени ескерткіштерді қалпына келтіруге, қазақ тілін, сәулет құрылыстарын қайта түлетуге бағытталған бағдарламалар, ғылыми-практикалық конференциялар болды. Алайда мұның бәрі көбіне мерейтойлық даталарға арналып, салтанатты іс-шаралар тойлар форматында өткізіліп жүр. Сондай-ақ, тұтас бір халықтың жартысын бір тістем нанға зар қылып, азапты ажал құштырған, қолдан жасалған зұлмат аштықтың құрбаны болған байырғы халық қазақтардың өкілдеріне қатысты бірде-бір арнайы мемлекеттік акт қабылдамаған. Осыған орай, Қазақстанның бостандығы мен тәуелсіздігі үшін күресте зардап шеккен тұлғаларды ақтау мен олардың есімдерін мәңгі есте сақтау жөніндегі «Қаһармандар» республикалық Қоғамдық Қорының Президенті Сабыр Қасымов облысымызға арнайы келіп, Сыр өңірінің зиялы қауым өкілдерімен кездесті.

«Қаһармандар» қорының негізгі мақсаты – Елбасының «Рухани жаңғыру» бағдарламасының аясында бұрынғы ел үшін, Қазақстанның бостандығы, тәуелсіздігі үшін күресіп, зардап шеккен ақталмаған азаматтарды ақтап, өшіп қалған аттарды елге қайтару, солардың ерлігінің арқасында жастарды тәрбиелеу. Бізде көп дүние жасалды. Елбасы бұл бағытты қолдап, үлкен танымал батыр, хан, жазушыларды ақтау жұмыстары жүргізілді. Әлде де атқарылатын жұмыстар бар. Қызылорда облысына арналған сапардың мақсаты – Сыр өңірі зиялы қауым өкілдерімен кездесіп, ғылыми ортаны қалыптастыру. Қордың өңірдегі филиалын құрып, оның алға қойған міндеттерін орындау үшін бірігіп жұмыс жасауға шақыру,- деді қор Президенті Сабыр Ахметжанұлы.

Қорқыт ата атындағы ҚМУ-дың Студенттер сарайында өткен дөңгелек үстелге аталмыш оқу орнының профессор-оқытушылары, магистранттар мен студенттер қатысты. Олар Сыр бойы өңірінде де көтерілістердің болғанын, алайда қаза тапқандар мен қатысқандар туралы деректердің толық еместігін айтып, алдағы қабылданғалы жатқан құжатқа жаңа тізімдерді де енгізу туралы қор Президентіне ұсыныс жасады. Сондай-ақ, университет магистранты Бақытжан Ахметбек Қарақұм, Қызылқұм жерлерінде болған бес көтеріліс басшыларының еленбей келе жатқанын айтып, аталған көтерілістерді насихаттап, ғылыми конференциялар ұйымдастырып, ескерткіштер орнату керектігі жөніндегі пікірімен бөлісті.

Ж.ЖҮНІСОВА,

Н.Нұржаубай (сурет)

 


«Бизнес-кеңесшіні» оқып, ауылдан оқу орталығын ашты PDF Print Email
Жаңалықтар - Халық-хабар
11.09.2018 09:43

Баршаға белгілі, бүгінде ата-ана балаларының біліміне барынша көңіл бөліп, жан-жақты болуына жағдай жасауда. Осы орайда оңтайлы кәсіп түрі оқу орталықтарын ашу болып тұр. Әрине, орталық барлық талаптарға сай, балалардың интеллектуалдық ой-өрісін дамытуға қабілетті болуы шарт. Бүгін біз «Бизнес-кеңесші» курсына қатысып, Қызылжарма ауылынан «Smart study» оқу орталығын ашып, өз кәсібін бастаған кәсіпкердің жұмысы жайлы айтпақпыз.

Маусым айында Қызылжарма ауылында жекеменшік оқу орталығы ашылды. Өз кәсібін ашпас бұрын Қуаныш Дәуренбеков Қызылорда облысы кәсіпкерлер палатасының ұйымдастыруымен өткен «Бизнес-кеңесші» оқуына қатысып, бизнес негіздерін оқыту практикалық курсына қатысты. Оқу орталығына білікті ұстаздарды біріктірген кәсіпкер аз ғана уақыттың ішінде өз кәсібін дөңгелетіп үлгерді.

Өзінің туып-өскен жеріне пайдасын тигізуді ойлаған кәсіп иесі жобаны «Туған жерге тағзым» бағдарламасы аясында жүзеге асырып отырғанын айтады.

- Оқу орталығын ашу үшін, әрине, қаражат керек. Ал ол қаражатты мемлекет тарапынан түрлі қолдаулар бар. Сол қолдаудың бірі – «Бизнестің жол картасы - 2020» мемлекеттік бағдарламасы аясындағы инновациялық жобаларға арналған байқау. Сол байқауға қатысып, 500 мың теңге қайтарымсыз қаржыны ұтып, осы орталықты ашып отырмын. Қазір орталықта тұрақты түрде 1 менеджер жұмыс істейді. Сондай-ақ, 4 мұғалім сабақ беріп, 1 логопед қызмет көрсетеді, - дейді кәсіпкер Қуаныш Дәуренбеков.

«Бизнес-кеңесші» курсында кәсіпті бастаудың қыр-сырын үйреніп, жеке кәсібін бастауға деген қабілеттілігін арттырған маман инновациялық жобаларға арналған байқаудан ұтқан қаржыға орталыққа қажетті заттар сатып алады. Оқу орталығында бастауыш және жоғары сынып оқушыларына математика, ағылшын тілінен тереңдетілген математика, ағылшын тілі, ментальді арифметика сабақтары өткізіледі.

Одан бөлек жергілікті тұрғындардың сұранысы бойынша логопед кабинеті жұмыс істейді. Онда арнайы Ақтөбе қаласынан білім алып келген маман балаларға қажетті емін жасап, дұрыс сөйлеуді үйретеді. Ашылған екі ай ішінде жас маман үш баланың сөйлеу қабілетін қалпына келтіріп үлгерген.

- Қазіргі таңда логопед маманына сұраныс жоғары. Көбіне мектеп жасына дейінгі балалар келеді. Балалардың диагнозы әртүрлі. Көбіне дыбыс қоюға және тіл мүкістігіне байланысты. Келген балаларға жан-жақты көмегімді беріп жатырмын, - дейді логопед маман Гүлназ Ерланқызы.

Орталықта бүгінде 50 оқушы білімдерін шыңдауда. Аптаның 6 күнінде де сабақ өткізіледі. Оқу ақысы да қалтаға қонымды. Болашақта кәсіпкер IT паркте резидент болып, виртуалды оқыту жүйесін енгізуге және Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінің бизнес-инкубатор оқу орталығымен бірігіп, мобильді жұмыс жүйесін іске қосуға жұмыс жүргізуде. Қазан айында жұмысы басталғалы тұрған жоба, әсіресе мүмкіндігі шектеулі балаларға қолайлы болмақ.

Қызылорда облысы

кәсіпкерлер палатасының баспасөз қызметі

 


АЙМАҚТА ҚОРШАҒАН ОРТАНЫ ЖАҚСАРТУ БОЙЫНША КЕШЕНДІ ЖОСПАР БЕКІТІЛДІ PDF Print Email
Жаңалықтар - Халық-хабар
10.09.2018 14:03

Облыс әкімдігі мен Қазақстан экологиялық ұйымдары қауымдастығы ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды және Қызылорда облысының экологиясын  жақсарту бойынша кешенді жоспар бекітілді.

Қызылордада облыс басшылығы, Қазақстанның экологиялық ұйымдары қауымдастығы, мүдделі мекемелер және мемлекеттік органдардың қатысуымен мәжіліс өтті.

«ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың тарихи шешімдерінің арқасында Қазақстан «жасыл экономиканы» іске асыруға бағытталған бірқатар бастамалардың бастаушысына айналып отыр. Оларды іске асыру бизнес пен ғылымның күшін біріктіруді, мемлекет пен халықаралық ұйымдардың жүйелі қарым-қатынас құруын талап етеді. Үкіметтік емес ұйымдарға осы сала бойынша үлкен жауапкершілік артылуда.  Қазіргі таңда олардың республика бойынша жалпы саны шамамен 20 000-ға жетті, олардың 8%-ы қоршаған ортаны қорғау және жасыл технологиялар саласында жұмыс істейді. Қызылорда облысында қоршаған ортаны қорғау саласы бойынша 7 ұйым жұмыс істеп тұр», - деді аймақ басшысы.

Қол қойылған меморандум аясында тараптар бірқатар міндеттерді шешуді жоспарлап отыр: Қызылорда облысының қоршаған ортасын жақсарту бойынша бірлескен кешенді шараларды жүзеге асыру; Төмен көміртекті даму принциптерін қолдана отырып, жалпы экологиялық жағдайды жақсарту стратегиясын әзірлеу және бекіту үшін интерактивті платформа құру; Атмосфераға түрлі көздерден көмірқышқыл газын шығаруды азайту үшін экологиялық, ғылыми-зерттеу және мониторинг қызметін жүзеге асыру үшін әлеуметтік тапсырысты қалыптастыру.

Қызылорда облысының Табиғи ресурстар және табиғатты пайдалануды реттеу басқармасының бастығы Айдар Абдуалиев Қоршаған ортаны қорғаудың кешенді жоспарын жүзеге асыру аясында атқарылатын жұмыстар туралы баяндады.

Жоспар сегіз блоктан тұрады, олардың әрқайсысында нақты іс-шаралар мен жауапты тұлғалар және қаржыландыру түрлері көрсетілген.

«Кешенді жоспарды іске асыру үшін қажетті қаражат жобалық-сметалық құжаттары мен техникалық-экономикалық негіздеменің нәтижелеріне байланысты болады», - деді Айдар Абдуалиев.

Мысалы, «стационарлық көздерден атмосфераға ластаушы заттардың қалдықтарын азайту» бірінші блогында, аймақтағы өнеркәсіптік өндірістермен шаң-газұстайтын жабдықтар мен қондырғыларды  уақытылы жөндеу арқылы ластаушы заттардан бөлінетін қалдықтарды біртіндеп азайтуға бағытталған салалық экологиялық шаралар саласын қамтамасыз ету қарастырылған; Атап айтсақ, стационарлық көздердің қалдықтарын азайту жөніндегі шараларды іске асыру; Жеке үй-жайларды, ғимараттарды, құрылыстарды кезең-кезеңмен газдандыру.

Екінші блок жылжымалы көздерден ауаға ластаушы заттардың қалдықтарын азайтуға бағытталған, бұл көлік құралдарының газбен жүруге көшіру бойынша іс-шаралар жоспарын әзірлеуді және пайдаланылған газдардың қалдықтарын экологиялық стандарттарын сақтау үшін қоғамдық көліктерді, коммуналдық және жеке автокөліктерге тексеру жүргізуді көздейді.

Үшінші блок  «Жасыл белдеуді дамыту, көгалдандыру және абаттандыру» мәселесін қамтиды: санитарлық қорғау аймағын және өнеркәсіптік кәсіпорындар аумағын көгалдандыру, сондай-ақ Қызылорда қаласының айналасында жасыл белдеу құру; Арал ауданының Ақеспе, Шижаға, Сазды, Қосаман, Сексеуіл ауылдық округтерінде ағаш отырғызу арқылы құмның таралуына қарсы тұру шаралары. Бұл бағыттағы жұмыстар  80 миллион теңгені қажет етеді.

Төртінші блок өнеркәсіп және өндіріс қалдықтарын басқару, бұл өнеркәсіптік кәсіпорындардың қатты тұрмыстық қалдықтарының қоқыстарын болдырмау жөніндегі шараларын, сондай-ақ қатты тұрмыстық қалдықтарды бөлек жинау үшін арнайы контейнерлермен жабдықтау мәселелерін шешуге бағытталған.

Дөңгелек үстел барысында Қазақстанның экологиялық ұйымдары қауымдастығының Басқарма төрайымы Айгүл Соловьева, орынбасары Елдос Абақанов, Қызылорда облысының экология департаменті бастығы Марат Құрманбаев сөз сөйледі.

 

Облыс әкімінің баспасөз қызметі

 


Күнтізбе

< Қыркүйек 2018 >
          1 2
3 4 5 6 7 8 9
11 12 13 14 15 16
17 18 19 20 21 22 23
24 25 26 27 28 29 30

Сауалнама

Аса мәртебелі шенеуніктердің қылмысқа шатылып жатқандығы нені аңғартады?
 

Ауа райы

Валюта бағамы

Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі валюталардың ресми бағамдары