Өзекті мәселелер

  • 06.12.18

    «ЖУСАНДА  ТУҒАН  ЖЕРДІҢ  ИІСІ  БАР»

    Қазақ елі сонау «қарағай басын шортан шалған» ХІХ ғасырға дейін, ұлт тағдырының сілкіленіп, ұлттық сана ояна бастаған ХХ ғасырда да өзінің тегеуріні мықты ел екенін дәлелдеді. Киіз туырлықты қазақ санасындағы рухан­и-мәдени жетілу мен әлеуметтік-экономикалық салада өрлеу секілді мақсаттары заман көшіне ілес...

    Толығырақ...
  • 06.12.18

     

    Ерғали  АБДУЛЛА

     

    АРТЫҚШЫЛЫҚ   пен  КЕМШІЛІК

    Оның көп артықшылығы бар: гү...

    Толығырақ...
  • 06.12.18

    * Ерлердің психикасы зейіннен тоқылған. Ол жай өмір сүре алмайды. Ол биікке ұмтылуы керек.­ Еркек қатты жерде ұйықтап, суық сумен шайынып, ерте тұруы қажет.

    * Ер адам әрдайым өзінің жаман­ қылықтарын тыйғаны жөн. Өзіне ұсақ-түйек жеңілдік жасамауы  керек.

    * Қалаған нәрсесіне жету үшін ол мақсат қойып қимылдайды. Бұл – ер-азаматтың таби­ғаты. Сыйласатын ортасында өзіндік орны бол...

    Толығырақ...
  • 06.12.18

    Жалпы, өзімді жаман адам не ұсқынсыз қызбын деп айта алмаймын­. Жоғары қызметім бар. Адамдармен қарым-қатынасым да жақсы. Бір әттеген-ай дейтінім, осы уақытқа дейін екінші жар­тымд­ы жолықтырып, асыл жар атана алмадым. Жасым 34-те. Бұған дейін карьера құрып, өз жағдайымды өзім жасап алғым келді әуелі. Бір кездері мен үшін арман болған, одан соң мақсатыма айнал­ған марапаттың барлығына жетті...

    Толығырақ...
  • 06.12.18

    Бір сәт аспаннан ақша жауғандай күйге еніп, мол қаржыны қайда жұмсарыңызды білмей қалған мезетте... Мұндай көңіл күйді көбіне несие алған кезде сезінеріміз сөзсіз. Ал ай сайын алатын жалақыға телміріп отырған­ қарапайым халыққа бұл аса таңсық жағдай емес. Иә, өте көп мөлшердегі қаражатты алып, қалтамызды қампайттық делік. Ары қарай қайда жұмсаймыз? Бұрындары тұрмыстық техника, автокөлік немесе ...

    Толығырақ...
Бейсенбі, 13 Қыркүйек 2018

Бағдат Есжанов «#МеніңАтамекенім» фото және видео байқауында үздіктер қатарында PDF Print Email
Жаңалықтар - Халық-хабар
14.09.2018 10:23

Осы жылдың 18 шілдесінде «Атамекен» ҰКП мен «Менің Атамекенім» қоғамдық бірлестігі «#МеніңАтамекенім» фото және видео байқауын жариялаған болатын.

Бұл конкурс туған өлкесін мақтан тұтатындар және суретке түсіріп, видео таспалауды сүйетіндерге арналды.

Шараны ұйымдастырушылар байқауға қатысу үшін керемет фотограф болу міндетті емес екендігін айта отырып, ұшқыр қиял мен ауылда бар айрықша нысан туралы пікірге мән берді.

18 тамызға дейін жалғасқан байқауға республика көлемінде 1000-нан астам адам 2000-нан астам өз өнімдерін ұсынды.

Қатысушылардың жұмысын кәсіби сарапшылар бағалап, жеңімпаздарды анықтады.

Бұл байқауға біздің облысымыздың фотографтары Бағдат Есжанов, Нұрболат Нұржаубай, журналист Махмуд Байходжаев және қала тұрғыны Нұрсұлтан Байменов әлеуметтік желі арқылы фото туындыларын ұсынды.

Нәтижесінде 1000-нан астам адам қатысқан республикалық байқауда біздің жерлесіміз, облыс әкімі баспасөз қызметінің фотографы Есжанов Бағдат Кемелұлы марапатталған 12 азаматтың ішінде үздік алтылыққа еніп, жеңімпаз атанды.

Айта кету керек, 14 облыс, 3 қаланың ішінен азаматтары марапатталған тек 9 өңір ғана.

Қызылорда облысы кәсіпкерлер палатасының директоры Ғалымбек Жақсылықов Палата алаңында Бағдат Кемелұлын жеңісімен құттықтап, марапаттады, байқау ұйымдастырушыларының сыйлығын табыс етті.

Қызылорда облысы

кәсіпкерлер палатасының баспасөз қызметі

 


Қызылордада робототехника мектебі ашылды PDF Print Email
Жаңалықтар - Халық-хабар
14.09.2018 10:18

Қызылордада жас кәсіпкер Серікбол Ералиев «Smart Generation» робототехника мектебін ашты.

Кәсіпкерлікпен айналыспас бұрын Серікбол қаладағы қосымша білім беру оқу-әдістемелік орталығында робототехника үйірмесінде жетекші болып жұмыс істеген. Одан кейін өз ісін ашуды қолға алады.

Кәсіпкер бұл мектепті ашуда 2,4 млн. теңге қаржы жұмсаған. Оның ішінде 500 мың теңгесін «SAMRUK-KAZYNA TRUST» әлеуметтік жобаларды дамыту қорының тамыз айында ұйымдастырған байқауында жеңіп алған.

Мектепке жасы 6-ға толған балалардан бастап кез келген ниет білдіруші жастар қатыса алады. Мектеп ақылы негізде. Ал «ерекше» балаларға (мүмкіндігі шектеулі) тегін өткізіледі. Робототехника мектебіне қатысушылар аптасына 4 сағат оқиды.

«Мектепті ашуға түрткі болған жайт - қазіргі заманның талабы. Робототехника саласы өте қарқынды дамып келе жатыр. Заман сұранысы ақпараттық техника саласының мамандары дейтін болсақ, бұл мамандарды қалай дайындаймыз? Мәселе осында. Болашақ осы сала мамандарын бүгіннен, 6 жасынан бастап тәрбиелеуді қолға алғымыз келіп отыр. Мектепке қажетті құрал-жабдықтарды әр елден жинақтадық. Мәселен, кей құралдар Даниядан алдырылды, енді бірін Ресейден, Қытай, Алматы, Астанадан алдық. Мектепті ашқаннан кейін кешенді жасаған жөн. Сондықтан да материалдық базаның толық болуына көңіл бөлдік», - дейді Серікбол Ералиев.

Мұнан өзге мектеп жетекшісі айына бір рет осы мектепте оқитын балалардың барлығының басын қосып, жалпы іс-шара өткізуді қолға алмақ. Кәсіпкер бұл қадамын техникамен әуес балалар момын, томаға-тұйық келетінімен, ал жалпы көпшілік шаралар балалардың мінезін ашуға септігін тигізетіндігімен түсіндіруде.

Мектептің ашылуына қатысқан Кәсіпкерлер палатасының директоры Ғалымбек Жақсылықов: «Қазіргі цифрланған қоғамды ақпараттық технология мамандарынсыз елестету мүмкін емес. Ал ол мамандар артынан жастарды ертіп оқытамын десе тіпті, ерекше риза болады екенсің. Бүгінгі кәсіпкерлікке қадам басқан Серікболмен көктемде таныстым. Сол кезде қалада робототехника мектебін ашқысы келетінін айтқан болатын. Рас, инновациялық жобалар байқауына қатысқанымен, жобасы жеңіске жете алмады. Дегенмен, сол келісінде, "қамықпа, ісіңді тастап кетпе, аш", - деп кеңесімді бергенмін. Бүгін мектебінің ашылу салтанатына шақырғанда баруға қуана келістім. Аядай ғана бөлме деп жас кәсіпкерді сынай көрмеңіздер. Бұл шағын бөлмедегі жас бүлдіршіндердің қуанышын, ата-аналарының қызығушылығын көрсеңіздер ғой. Бастамасына, алғашқы қадамына қарап іштей сүйсініп отырдым. Әріптесіме сәттілік тіледім. Біз де өз тарапымыздан қарап қалмаймыз. Қолдан не көмек керек, беруге әзірміз», - деді.

Айта кету керек, қазірдің өзінде мектеп ашылады деп естіген 11 бала оқуға жазылған.

Қызылорда облысы

кәсіпкерлер палатасының баспасөз қызметі

 


Дәрі бағасы реттеледі PDF Print Email
Жаңалықтар - Халық-хабар
14.09.2018 09:26

Бұдан былай дәрі-дәрмек бағасын мемлекет мықтап бақылауында ұстауы мүмкін. Мұндай нәтиже дәрілік заттар мен медициналық бұйымдарға байланысты заңнамаға өзгерістер мен толықтырулар енгізілген кезде белгілі болады. Бұл туралы ҚР Денсаулық сақтау министрлігі Фармация комитетінің Қызылорда облысы бойынша департаментінің басшысы Ғалия Байменова БАҚ өкілдеріне берген брифинг барысында мәлімдеді.

- Елбасы «Қазақстанның үшінші жаңғыруы: жаһандық бәсекеге қабілеттілік» атты халыққа кезекті Жолдауында заңнамалық тұрғыдан барлық дәрі-дәрмектің бағасын реттеуді тапсырған болатын. Осыған сәйкес ҚР Денсаулық сақтау министрлігімен дәрілік заттар мен медициналық бұйымдар мәселелері бойынша ҚР-ның кейбір заңнамалық актілеріне өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы заң жобасы әзірленіп, қазіргі күні ол ҚР Парламенті мәжілісінің қарауында. Заң жобасы толық қабылданған жағдайда 2019 жылдың 1 қаңтарынан бастап дәрігер рецептімен босатылатын дәрілік заттар мен отандық тауар өндірушілер препараттарын, 2023 жылдан бастап рецептісіз босатылатын дәрілік заттар бағасын мемлекет реттейтін болады, - деді департамент басшысы Ғалия Әбсадыққызы.

Басы ауырып, балтыры сыздаған адам алдымен дәрігерге жүгініп, сосын дәріханаға «жүгіреді». Қазіргі таңда Қызылорда облысы бойынша фармацептикалық қызметпен айналысатын көтерме және бөлшек сауда объектілері өткен жылмен салыстырғанда 3,3 пайызға өсіпті. Сонымен бірге амбулаториялық деңгейде дәрілік заттармен тегін қамтамасыз етуді кеңейту шеңберіндегі заңнаманың да 2017 жылғы 24 тамыздағы бұйрығы күшіне енген. Жаңа бұйрық бойынша жұртшылық былтырғымен салыстырғанда медициналық мақсаттағы бұйымның 8 түрімен тегін қамтамасыз етіледі. Ғалия Байменованың сөзінше, осы жылға тегін дәрілік заттар тізбесі тиімділігі дәлелденген жаңа препараттармен толыққан. Ал халықаралық ұсынымдарға сәйкес келмейтін, тиімділігі дәлелденбеген, клиникалық практикада қолданылмайтын дәрілік заттар алынып тасталыпты. Сонымен қатар, жаңа бұйрықта ауруларды жергілікті және республикалық бюджет бойынша қаржыландыру деген бөлініс алынған. Оған қаржылдандырудың республикалық деңгейде орталықтандыру тәсіліне көшу жүйесі себеп болып отыр.

Елімізге дәрі-дәрмектің 80 пайызы Еуропа, Америка, Үндістаннан келеді екен. Біздің облыста фармацептикалық қызметпен 396 көтерме және бөлшек сауда нысандары айналысады. Оның ішінде 239-ы дәріханалар болса, 108-і – дәріханалық қоймалар және медициналық мақсаттағы бұйымдар мен медициналық техника қоймалары. Ал 31-і – дәріхана пункттері, 4-еуі – дәріхана дүңгіршектері, 13-і – оптика дүкендері, қалған 1-еуі – жылжымалы дәріхана пункті. Бұларға биылғы 6 айда 70 тексеру жүргізілген. Нәтижесінде ҚР «Әкімшілік құқықбұзушылық туралы» Кодексінің 426-бабының 1-бөлігімен әкімшілік құқықбұзушылық туралы 6 хаттама толтырылып, 901 875 теңге көлемінде айыппұл салынған. Тексеруде облыстық ішкі істер департаменті мамандарының да үлесі бар екенін айта кету керек.

 

Ж.ҚОЙШЫБЕКОВА

 


ҚЫЗЫЛОРДАДА ОБЛЫСТЫҚ «ЖҮРЕК ЖЫЛУЫ» ӨНЕР ФЕСТИВАЛІ ӨТТІ PDF Print Email
Жаңалықтар - Халық-хабар
13.09.2018 18:40

А.Тоқмағанбетов атындағы қалалық мәдениет үйінде мүмкіндігішектеулі жасөспірімдер мен жастардың VІІІ облыстық «Жүрек жылуы» өнер фестивалінің марапаттау рәсімі мен гала-концерті өтті.

Облыс әкімі Қырымбек Көшербаев байқаудың жеңімпаздары мен қатысушыларын құттықтады.

«Елбасы өзінің дәстүрлі Жолдауында «Мүмкіндігі шектеулі адамдар үшін Қазақстан кедергісіз аймаққа айналуы тиіс» деп атап көрсеткені белгілі. Ерекше жандардың рухани дамуына, олардың бойындағы қабілетін,  өнерін ел алдына шығару мақсатында өңірде жыл сайын «Жүрек жылуы» өнер фестивалі дәстүрлі түрде ұйымдастырылып келеді. Біз бұл ретте қайсар ақын Зейнолла Шүкіровті, өмірге құштар ақын Нұрмұхаммед Әбілқасымовты мүмкіндігі шектелсе де, рухы сынбаған жандар деп үлгі етеміз. Қиындыққа қайыспай, кедергіге мойымай, алға ұмтыла білетін азаматтарымыз аман болсын!»-деді аймақ басшысы.

Облыс әкімі ерекше талант иелері - Шиелі ауданының шебері Дильфруз Хамитқызы мен отбасылық жұп Қали Дәуренбек, Айгерім Оразбаеваға 150 мыңның сертификаттарын табыстады.

Айта кетейік, «Жүрек жылуы» облыстық өнер фестивалі мүмкіндігі шектеулі жандардың арасында жыл сайын ұйымдастырылады. Биыл фестивальде 196 адам 7 жанр бойынша қатысуда, олар - ән, би, көркемсурет, қол өнері, көркемсөз оқу, халықтық орындау, аспапта ойнау жанрлары. Әр жанр бойынша жеңімпаздар анықталып, оларға құнды сыйлықтар табысталды.

Еске салайық, Қызылордада тамыз айында мүмкіндігі шектеулі кәсіпкерлер арасында «Өзіңе сене баста» атты көрме-байқауы өтіп, жеңімпаздар және қатысушылар қаржылай сертификаттар мен ынталандыру сыйлықтарына ие болған еді.

Атап өтейік, қазіргі таңда облыста мүмкіндігі шектеулі 29353 адам тіркелген. Оның ішінде I топтағы мүгедектердің саны – 2827, II топтағы – 11145, III топтағы – 10526 болса, ал 18 жасқа дейінгі балалардың саны – 4855-ті құрайды.

2013 жылы Қызылорда облысы республика бойынша бірінші болып мүмкіндігі шектеулі жандардың құқықтарын қорғау және өмірлерін жақсарту мақсатында Жол картасын әзірлеп, қабылдаған болатын.  Ағымдағы жылы жеке оңалту бағдарламасын іске асыру үшін облыстық бюджеттен 680 млн. теңге бөлінді.  2018 жылдың бірінші жартыжылдығында жұмыспен қамту орталығы арқылы 376 мүмкіндігі шектеулі адамды жалпы жұмыс орындарымен, оның ішінде 148 мүгедек жанды тұрақты жұмыспен қамтып отыр. 1275 адам шипажайларға емделуге жолдама алса, 1569 жанға облыс тарапынан әлеуметтік-медициналық мекемелерде мамандар қызмет көрсетті.

2012 жылдан бастап өңірімізде «Инватакси» қызметі ұйымдастырылған. Бастапқыда инватакси тек 2  болса, бүгінгі күні олардың саны 18-ге жетті. Арбадағы азаматтарды тасымалдауға арналған аппарелі бар арнайы баспалдақпен жабдықталған 112 автобус қызмет көрсетуде. Сонымен қатар, мемлекеттік бағдарламалар аясында кәсіпкерлікпен айналысуды қалаған мүмкіндігі шектеулі сырбойылықтар әр салада өз істерін кедергісіз бастау үшін жан-жақты көмек ала алады.

Облыс әкімінің баспасөз қызметі

 


ҚЫЗЫЛОРДАЛЫҚ «МЕРЕЙЛІ ОТБАСЫ – 2018» БАЙҚАУЫНЫҢ ДИПЛОМАНТЫНА АВТОКӨЛІК ТАБЫСТАЛДЫ PDF Print Email
Жаңалықтар - Халық-хабар
13.09.2018 18:27

Қызылорда облысының әкімі Қырымбек Көшербаев «Мерейлі отбасы-2018» республикалық байқауының дипломанттарымен кездесті және оларға «Нива-Шевроле» автокөлігінің кілтін табыс етті. Шиелі ауданының Ишанқұловтар отбасы 62 жыл бірге өмір сүріп, 14 баланы дүниеге әкеліп, немере, шөберелерін тәрбиелеуде.

Еске салайық, 2013 жылы Елбасы отбасылық құндылықтарды насихаттау мақсатында «Мерейлі отбасы» жалпыұлттық байқауын ұйымдастыру туралы шешім қабылдаған болатын. Қатысушылардың саны жыл сайын артып келеді, ал Президент байқаудың бесінші жылында Гран-при иелерімен (тараздық Ниязовтар отбасы) қатар, қызылордалық Ишанқұловтар отбасы мен әлемге әйгілі Димаш Құдайбергеннің отбасыларын да жеңімпаз деп таныды.

Облыс әкімі Қырымбек Көшербаев қызылордалық жеңімпаз отбасын құттықтады.

«Қазақ халқы қашанда отбасын қасиетті шаңырақ ретінде бағалап, зор маңыз беріп, көзінің қарашығындай қорғаған. Отбасының ар-намысын сақтауға, ұрпақ өсіріп, тәрбиелеуге, өз ұрпағының елге адал қызмет етуіне аса мән берген. Осындай дәстүрлі құндылықтар қазақтың қаймағы бұзылмаған Сыр өңірінде ерекше сақталуы заңдылық деп ойлаймыз. Отбасы алтын ұя, киелі шаңырақ болса, сол шаңырақтың мұрагері, ұрпақ жалғасы балалар болып табылады. Балаларының бойына ұлттық құндылықтарды сіңіріп тәрбиелеп отырған Сыр елінің Сіздер сияқты өнегелі отбасыларына айтар алғысымыз шексіз»,-деді аймақ басшысы.

Шиелі ауданы, Еңбекші ауылының тұрғыны, отағасы Ерғали Ишанқұлов ерте жасынан мал шаруашылығымен айналысады, сүйікті кәсібін зейнеткерлікке шыққан соң да жалғастыруда. Жары «Алтын алқа», «Күміс алқа» төсбелгісінің иегері Бахира апамен 62 жыл бір шаңырақ астында өмір сүріп, 14 ұл-қызды дүниеге әкелген. Бүгінгі таңда 61 немере, 46 шөбере, 1 шөпшек сүйіп отырған бұл әулеттің өнегелі өмірі - елге үлгі. Ишанқұловтар жанұясының 8 ұлы мен 6 қызы ұрпақ өрбітіп, әр салада табысты еңбек етуде.

Мемлекет басышысының атынан облыс әкімі Ишанқұловтар отбасына «Нива –Шевроле» көлігінің кілтін табыстады.

Өз кезегінде, Ерғали аға Елбасы мен аймақ басшысына қолдау көрсеткендері үшін алғысын айтып, барлық қазақстандықтарға береке-бірлік тіледі.

Атап өтейік, «Мерейлі отбасы – 2018» байқауының ережесіне сәйкес ұлттық кезеңге қатысуға облыстан бас жүлде алған Бәйменовтер мен бірінші жүлделі Ишанқұловтар отбасы ұсынылды. Нәтижесінде Ишанқұловтар отбасы байқаудың дипломанты атанды.

Облыс әкімінің баспасөз қызметі

 


РЕСЕЙДІҢ ЖОҒАРЫ ОҚУ ОРЫНДАРЫНДА БІЛІМ АЛҒАН 30-ДАН АСТАМ ТҮЛЕК СЫР ЕЛІНЕ ҚЫЗМЕТ ЕТУГЕ ОРАЛДЫ PDF Print Email
Жаңалықтар - Халық-хабар
13.09.2018 15:51

Мәскеу мен Санкт-Петербургтің жоғары оқу орындарының алғашқы 74 түлегі дипломдарын алып, олардың 43-і магистратураға түсті. Бұл туралы облыс әкімі Қырымбек Көшербаевтің Ресейдің жоғары оқу орындарының алғашқы түлектерімен кездесуі барысында белгілі болды.

Естеріңізге сала кетейік, 2014 жылдан бастап Мәскеу мен Санкт-Петербургтің озық оқу орындарында 452 қызылордалық студент Ресей Федерациясы үкіметінің гранты есебінен білім алуда. Осы жылы алғашқы 74 түлек оқуын твмамдады, олардың 43-і магистратурада оқуларын жалғастырады, 14-і облыстың ірі кәсіпорындарына - «СКЗ-У» ЖШС, «Қызылорда жарығы» ЖШС, «Ансар Сервис» ЖШС, «Теплотехник» ЖШС, мамандандырылған  емлекеттік мекемелерге - индустриалды-инновациялық даму, энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармалары мен жастар ресурстық орталығына және т.б. жұмысқа орналастырылды. Жыл соңына дейін тағы 12 түлек жұмысқа орналасады, ал 5 түлек әртүрлі себептермен (қоныс аудару және т.б. байланысты) ұсынылған жұмыс орындарынан бас тартқан.

Айта кетейік, келесі жылы тағы 150 түлек оқуын бітіреді деп күтілуде.

Аймақ басшысы оларды оқуларын ойдағыдай аяқтауларымен құттықтап, еңбектеріне табыс тіледі.

- Құрметті әріптестер! Сіздер бүгінгі менің аймақ, ел дамуына етене үлес қосатын білікті маман, еңбек етуші үзеңгілес әріптесіме айналдыңыздар. Ата-бабамыз «Туған жерге туыңды тік» деп бекер айтпаған, Елбасымыз да «Патриотизм кіндік қаның тамған жеріңе, өскен ауылыңа, қалаң мен өңіріңе, яғни туған жеріңе деген сүйіспеншіліктен басталады», - деп айтып келеді. Мен де өз кезегінде «Туған жерге тағзым ету - парызым, туған жерге қызмет ету - қарызым» деген ұранды ұстанамын. Сондықтан, білім алып, белгілі бір мамандық иесі атанып, туған жерлеріңе оралған қадамдарыңыз оң болсын деп тілеймін, - деп аймақ басшысы жас мамандарға жылы лебізін білдірді.

Өз кезегінде, бітірушілер мен олардың ата-аналары мектеп бітіргеннен кейін Ресейдің ең үздік техникалық жоғары оқу орындарында білім алуға және жұмысқа орналасу мүмкіндігін жасаған облыс басшылығына ризашылықтарын білдірді.

- Мұндай мүмкіндік басқа аймақтарда болмағанын атап өткім келеді. Мәскеу мен Петербургте көбінесе сырбойылық жастар оқуда, басқалары бізге жасалған материалдық және рухани қолдауларыңызға қызыға қарайтын. Қазір тіпті Мәскеуге арзан әуе рейстері ұйымдастырылған. Сондай-ақ, оқып жүрген кездің өзінде «Аралтұз», «Байкен-U», «Қызылорда жарығы», «Абзал и К» сияқты ірі компаниялар жұмыс ұсына бастады. Мен «Қызылорда жарығы» ЖШС-де жұмыс істеймін, ата-анам мен облыс басшылығының үмітін ақтап, алған білімімді туған жердің игілігіне жаратсам деймін, - деді «Қызылорда жарығы» ЖШС-нің қызметкері Еламан Меңдіқұл.

Кездесуде түлектер облыс әкіміне «Орда» жастар қоғамдық бірлестігінің куәлігін табыстады. Бұл ұйым ағымдағы жылдың тамыз айында сырбойылық жастардың мәселелерін шешуге және ресейлік жоғары оқу орындарындағы студенттер мен түлектерді біріктіруге арналып құрылды.

Естеріңізге салайық, биылғы жылы 60-тан астам мектеп түлегі Мәскеу ұлттық технологиялық зерттеулер университетіне, К.А.Тимирязев атындағы Ресей мемлекеттік аграрлық университетіне, Санкт-Петербург мемлекеттік индустриалды технологиялар және дизайн университетіне, Иннополис университетіне және Мәскеу энергетика институтына түсті. Сонымен бірге, сырбойылық жастарға мамандандырылған «Киберқауіпсіздік» және «Процестерді математикалық модельдеу» саласында М.В.Ломоносов атындағы Мәскеу Мемлекеттік университетіне жыл сайын 20 грант және Еуразиялық экономикалық қоғамдастықтың Парламентаралық Ассамблеясы аясындағы жоғары оқу орындарына грант бөлінеді. Ақпараттандыру мен технологияларды енгізу бойынша Татарстан Республикасындағы Иннополис университетінде ақпараттық және сандық технологиялар бойынша жыл сайын қызылордалық түлектердің білім алуына келісім жасалған. Алдағы уақытта «Сколково» инновациялық орталығымен әріптестік орнату жоспарланып отыр.

Сондай-ақ, аз қамтылған және көпбалалы отбасылардан шыққан 900-ге жуық түлек облыс әкімінің білім грантына ие болды. 2018 жылы грант саны екі есеге артты, оның 70 пайызы IT мамандықтарына бөлінеді.

Биылғы жылы облыс әкімінің 116 стипендиаты оқуын бітірді, оның жартысы (46 адам) жұмысқа орналасса, 7-еуі магистратураға түсті.

Облыс әкімінің баспасөз қызметі

 


«АП»-дан БАСТАЛҒАН АУЫС-ТҮЙІС PDF Print Email
Жаңалықтар - Саясат
13.09.2018 15:40

«Балапанды күзде санайды». Сол сияқты­ күз айында жұрттың Ақорда жаққа қарай елеңдеп отыратыны, біздің билікте де өзгерістердің орын алатыны бар. Ал саяси сарапшылар болса кімнің қай қызметке тағайын­далатынын болжап, жариялап жатад­ы. Бірақ, бұл жолғы жорамалдары қиыс кетіп, нық отырғандай көрінетін тұл­ғаның өзі орнын босатты. Жасыратыны жоқ, бұл тағайындауды көпшілік көптен күтіп  жүрген  еді. Бұл жолы апта басында­ғы ауыс-түйіс анау-мынау емес, «АП»-дан (Президент әкімшілігі. – ред.) басталды. Сөйтіп, президенттің «оң қолы» Әділбек Жақсыбеков қызметінен кетті. Кеткенде де, «басқа қызметке ауысуына байланысты емес», «зейнеткерлік жасқа толуына байланысты» кетті. Іле-шала Әділбек Рыскелді­ұлының «Цесна» корпорациясы директорлар кеңесінің төрағасы болып тағайындалғаны туралы ақпарат тарады.

Корпорацияның дерегіне қарағанда, акциясының 35 па­йызы Ә.Жақсыбековке тиесілі болса, қалға­ны – оның ұлы Дәурен Әділбекұлында. Қысқасы, Ә.Рыскелдіұлы өзінің корпорациясының тізгінін қолына алды десе де бола­ды. Қызығы сол, бір-екі жылдықта ғана ел президенті Ә.Жақсыбековтің зейнеткер­лік жасқа толғанына қарамастан, оның қызмет ету өкілеттігін 2022 жылғы 26 шілдені қоса алғандағы мерзімге дейін ұзартқан-ды. Сол «сүйкімді» Жақсыбековтің несімен жақпай қалғаны әзірге белгісіз. Белгілісі сол, кезінде Астана қаласының әкімі, мемлекеттік хатшы, Қорғаныс министрі, Қазақстанның Ресейдегі елшісі секілді лауазымды­ қызметтерді атқарған Ә.Жақсыбековтің атына мемлекет басшысы жақсы пікір айтты­. «Көп жылдар бойы менің жанымда жүрген Әділбек Рыскелдіұлы туралы барлықтарыңыз жақсы білесіздер. Ол Астананың бірінші әкімі болды. Ол қандай қызметте жүрсе де, өз ісіне асқан жауапкершілікпен қарады. Оған алдағы уақытта мықты денсаулық, сәттілік тілейміз», - деді Елбасы­ бүрсігүні Астанада президент әкімшілігі басшылығының қатысуымен өткен жиында.

Сөйтіп, мемлекет басшысының жарлығымен Әсет Исекешев Президент әкімшілі­гінің басшысы болып тағайындалды. Осылайша, соңғы екі жылда Астананы басқар­ған Әсет Орынтайұлының саяси салмағы артып, апта басында Ақордадан бір-ақ шықты. Бұл сәйкестік дегенді қойсаңшы, Жақсыбеков пен Исекешев­тің соңғы қызмет ауыстыруы өте ұқсас. Жақсыбеков те екі жыл бұрын Астана әкімі болып жүрген жерінен Президент әкімшілігінің жетекшілігіне тағайындал­ған еді. Ал, «47 жасында президенттің «оң қолы» болған экс-әкім елордалықтардың есінде несімен қалды?» деген сауалға келсек, Ә.Исекешев енді ғана қымбат көлігі­нен түсіп, таксиге отырғалы жатқан. Және өзімен бірге қол астындағыларды да таксо­парк қызметін пайдалануға бұйрық берген болатын. Астананы «ақылды қала» қыламын дегені тағы бар. Елорда көшелеріне «Сергек» деп аталатын бақылау камераларын орнатып үлгергенімен, бірақ жауын-шашын болса, «екінші Венецияға» айналып шыға келетін көшелер мен паркинг мәселе­сін ақыры шеше алмады. Сондай-ақ, ол билік еткен жылдары есте қалған тағы бір оқиға – «Абу Даби Плаза» құрылысындағы шу. Экс-әкімнің былтырғы халыққа есеп беруі де – «таусылмас» жыр. Онда үлескерлер шу шығарып, қала әкімінің қызметінен кетуін талап еткен еді. Одан қалды, Шымкент әкімінің «Зың» деген сөзінен кейін, Исекешевтің «Самая вышка» деп әнге басуы­ тіпті таңғаларлық жағдай болды. Жалпы, бұрынғы  әкім Астана тарихындағы ең іскер әрі қарапайым әкім ретінде ел есінде­ қалды. Елбасы да оның мақтауын келістірді. Сейсенбідегі жиында: «Әсет Орынтайұлы менің көмекшім, министр, вице-премьер қызметін де атқарды. Соңғы екі жылда ол еліміздің бас қаласы­ның әкімі болып, астаналықтардың ыстық ықыласына бөленді. Ол белсенді позициясы және креативті ойлауымен ерекшеленді. Бізге қазір дәл осындай адам керек. Елорданың әкімі болған уақытта EXPO-2017 көрмесі мен Астан­аның 20 жылдығын жоғары деңгейде  атап өттік. Әсет Орынтайұлы осы  қызметті де  абыроймен  атқара­тынына  сенімдімін», - деді мемлекет  басшысы.

Ал саясаткерлер не дейді? Әкімнің президент әкімшілігі­нің басшысы болып тағайын­далуын саясаттанушы Айдос Сарым­ қолдап отыр. Айтуынша, Әсет Исекешев – белестерді бағын­дырған жас әрі тәжірибелі маман.

«Президент әкімшілігінің басшысы – жабық қызметтің бірі. Министрліктегі, әкімдік­тегі басшылар атқарған жұмыстарын айтып, түсіндіруге мәжбүр болса, президент әкімшілігінің қызметкері өзінің бағыт-бағдары­ жайында ешкімге тіс жармайды. Әсет Исекешев – заманауи адам, осы заманның түлегі. Бәлкім бір сұхбат беріп, үлкен мақала жазып, өзінің алдағы бағыт-бағ­да­ры туралы нақты әңгіме айтса немесе президент мынадай тапсырмалар берді, жұмыс соған негізделеді деп айтса, қоғам үшін де, саяси мәдениетіміз үшін де жақсы болар еді. Жұмысын барынша ашық жасады. Жеке көліктен бас тарту, қоғамдық көліктің жұмысын орнықтыру, жалпы қоғаммен байланыс орната білді. Тіпті «кімде-кім жеке парақшасына жазса, өзі жауап береді» дегенді естіп қалдым. Жалпы, жастармен тығыз байланыста болған әкім деп ойлай­мын. Әкім деген – Құдай емес, пайғамбардың  үмбеті емес, қоғамға қызмет ететін азамат­. Исекешев қоғамға қызмет ете білді. Тек осыны әрі қарай дамы­тып  жалғастыра берсе­  дейміз», - деп саясаттанушы qamshy.kz сайтына ойымен бөлісіпті.

Ертеңіне бір күн әкімсіз қалған Астананың егесі де белгілі болды. Бұл лауазымға бұған дейін Қаржы министрі болған Бақыт Сұлтанов келді. Қызығы сол, сейсенбідегі жұмыс күнін ол әдеттегідей еліміздің бас қаржыгері болып бастаған. Ол Үкімет отырысына келіп, бюджеттің кірісі мен шығысы жайлы баяндама жасап та үлгерді. Дәл осы жиын үстінде Ақорда жақтан шұғыл ақпарат тарады. Президенттің оны Астана әкімі етіп тағай­ындағанын естіген әріп­тестері құттықтап жатты. Осылайша, Үкіметке министр болып кіріп, әкім болып шыққан  Б.Тұрлыханұлының міндеті де бір сәтте түбегейлі өзгерді. Қазына қаржысын санап үйренген Сұлтановтың енді 1 мил­лионнан астам тұрғыны бар бас қаладағы коммуналдық шаруашылық жұмыстармен, әлеумет­тік мәселелерімен айналысуына тура келеді. Ал, тәулікке жуық әкімсіз қалған Астананың су жаңа басшысын Елбасының өзі таныстырды. Президент Астана қаласы белсенділерімен кездесуде қаланың  жаңа  басшылы­ғына жүктелетін міндеттер туралы­ атап өтті. «Елорданың жаңа әкімін тағайындау мен үшін әрдайым маңызды. Қаланың дамуы­, жаңа құрылыс орындарының салынуы үнемі менің қадағалауымда болады. Бақыт Сұлтановта мемлекеттік бас­қару ісіндегі тәжірибе мен қажетті ұйымдастырушылық қабілеттер бар. Қаланың дамуына жаңа модель­ енгізу керек. Инновация мен креативті тұлғаларды дамыту­ үшін қажетті орта құ­растыру керек. Бұл үшін қаланың 2050 жылға дейінгі дамуына байла­нысты ұзақ мерзімді жоспар  даяр­лау  қажеттігі туындайды»,- деді  мемлекет  басшысы.­

Айта кетейік, 1971 жылы Алматы қаласында туған, инженер-электрик, экономист мамандығы бар Бақыт Тұрлыханұлы қыстың  басында ғана Елбасыдан ескерту естіген еді. Электронды мағлұмдау жүйесі жолға қойылмағандығы үшін Назар­баевтың ашуын келтірген ол сол кезде қызметінен айырыла жаздаған  болатын. Міне, күн суытпай жатып Б.Сұлтанов ел басшысының көңілінен шыққан сияқты. Ендігі басты мәселе – Астана әкімінің ел көңілінен шығуы. Елорданың сегізінші әкімі атанған Бақыт Сұлтанов өзіне дейінгі әкімдердің бас­тамаларын жалғастыра ма, ол жағы  беймәлім.

Күзгі көңіл күй әзірге осы. Үйреншікті әдет, бұрынғыдай «қосылғыштар»  орын  ауыстыр­ғанымен, «қосындының» өзгермейтіні әмбеге аян. Көңіл күй дегеннен шығады-ау, сейсенбі күні үкімет отырысын өткізген премьер-министр Бақытжан Сағынтаев бірқатар министр мен облыс әкімдерін сойып салып­ты. Тым ашулы көрінген ол 8 ай бойынша қаржы игере алмаған­дардың ешқайсысын аямапты. Олардың қатарында еліміздің Қорғаныс, Мәдениет, Ауыл  шаруашылығы, Ішкі істер министрліктері  мен Қызыл­орда, Түркістан облыстарының басшылары бар. Уәж айтып ақтал­ғысы келген олардың аузын аштырмаған Б.Әбдірұлы бәрін сөзбен түйреп шыққан. Ақордада үлкен ауыс-түйіс­тер­дің алды басталып жатқанда премьер-министрдің көңіл күйінің бұзы­луына не  себеп  болғаны белгі­сіз. Бір белгілісі, осы күзде Үкі­мет­тің  ауысатыны  айтылып жатыр,­ бұл орынға вице-премьер А.Мамин­ді, Алматы­ қаласының әкімі Б.Байбекті,­ Ресейде жүр­ген И.Тасмағанбетовті, тіпті Қызылорда облысының әкімі Қ.Көшербаевты «қойып» көр­гендер де кездеседі. Бір сөзбен айтқанда, қазір  барлық  лауазым иелерінің  көңіл  күйі алабұртып жүр, құйысқандары көтеріліп тұрғандары  да жоқ емес. Әліптің артын   бағайық!

Н.КЕНЖЕТАЙ

 


«ИЫҚТАҒЫ ПОГОННЫҢ САЛМАҒЫН СЕЗІНІҢІЗ!» PDF Print Email
Жаңалықтар - Саясат
13.09.2018 15:38

Қырымбек   КӨШЕРБАЕВ:

Облыс әкімі Қырымбек Көшербаевтың төрағалығымен өткен құқықбұзушылықтардың алдын алу жөніндегі ведомство­аралық комиссия отырысында бірқатар мәселелер­ кеңінен талқыланды. Ресми мәліметтерге сүйенсек, Қазақстанда соңғы 10 жылда 162 мыңнан астам жол-көлік оқи­ғасы тіркелген. Одан 27 мыңнан астам адам қаза тапса, 211 мыңның үстінде адам жарақат алған.

Аймақта биылғы 7 айда жол-көлік оқиғалары кезінде зардап шеккендердің саны 9 пайызға, жазатайым оқиға­лардың саны 25 пайызға азайған. Әйтсе де, кейбір аудандар­ мен елді мекендерде жазатайым оқиғалар саны артып отыр. Бұл туралы Қызылорда облыстық ІІД жергілікті  полиция қызметінің бастығ­ы Бауыржан Ибраев баяндап берді.

– Жол-патрульдік полиция қызметкерлері арасында сыбайлас жемқорлық фактілерін азайту мақсатында мобиль­дік жылдамдық өлшегіш құралдары қолданыстан қысқартылды. Жыл басынан бері 74 мыңнан аса жол қозғалыс ережелерін бұзу анықталса, олардың 84 пайызы жол апатына тікелей әсер ететін өрескел құқықбұзушылықтан­ тұрады. Ал мас күйінде көлік жүргізудің – 755, жылдамдық­тың арттырудың – 9407, жаяу жүргіншіге жол бермеудің – 678, қарсы бағытқа шығудың 185 дерегі анықталды, - деді жергілікті полиция қызметінің бастығы.

Дегенмен, біздегі құқық қорғаушылардың техникалық жабдықталуы жағынан өзге облыстармен салыстырғанда әлдеқайда жоғары.

– Облыс әкімдігінің қолдауымен әйнекті полиция беке­ті салынды. Су жаңа автокөлік алып берді. Қызметкерлердің шені жоғарылады, айлықтары көбейді. Республикада құқық қорғаушылардың материалдық базасын жақсартуға көмек жасап отырған бірден-бір өңір – Қызылорда облысы. Сондықтан сіздерге қойылатын талап та күшейе­ді, - деді комиссия мүшесі, облыс прокуроры Х.Дәуешов.

Сонымен қатар жыл басынан бері тіркелген 180 жол-көлік оқиғаларының көпшілігі жүргізушінің кінәсінен екен. Және қоғамдық автокөліктердің қатысумен болған жол-көлік оқиғаларының саны азаймай тұр. Онда жарақат алғанд­ар саны екі есеге өскен екен. Жиын барысында облыс­ әкімі Қырымбек Елеуұлы: «Кемедей көлік мініп, «крутой» нөмір тағып, «мұрынбоғы кеппеген» балалар жүйткиді де жүреді. Бұған бақылауды күшейту қажет. Я құрметтеу керек­, не қорқу керек», - деп кесіп айтты да, жергілікті полиция қызметінің бас­тығына қарата «Тәуелсіздік даңғы­лында  түнгі сағат 3 пен 5-тің арасында жастар автокөлікпен жарысады. Сіздер неге оны көрмейсіздер? Бауыржан Әшімұлы, иығыңыздағы погонн­ың салмағы бар. Әр жұлдыздың салмағын­ сезінуіңіз тиіс» деді. Ал қажет болса, электронды хаттама толтыратын­ планшет алып беретінін жеткізді.

Жиын барысында ОІІД бастығының орынбасары Ғани Төлебаев ағымдағы жылдың 7 айы ішінде 297 ұрлық дерегі­ тіркелгенін (2017 жылы - 379), яғни өткен жылмен салыстырғанда қылмыс деңгейі 21,6%-ға төмендеп, ал қылмыстарды анықтау деңгейі 28,6-дан 47,6% -ға, яғни 19 пайыз­ға дейін артқандығын айтты.

Аймақ басшысы бұл бағыттағы жұмысты күшейтіп, жауапты сала мамандарына тиісті тапсырмалар жүктеді. Сондай-ақ, Қырымбек Елеуұлы Шиелі ауданы Н.Бекежа­нов ауылдық округінің әкімі Файзулла Ержановты осы жиынға арнайы шақыртыпты. Себебі ауыл әкімі мал жайы­лымын тиімді ұйымдастыруының арқасында, өзі басқарып­ отырған елді мекенде бірде-бір мал ұрлығы орын алмаған. Оған облыс әкімі өзі ризашылық білдіріп, алғыс хатымен марапаттады.

Қозы  Көрпеш  ЖАСАРАЛҰЛЫ

 


«10 КЕЛІ КАПУСТА – 1 МИЛЛИОН ТЕҢГЕ» PDF Print Email
Жаңалықтар - Құқық құрығы
13.09.2018 15:33

Ұлы даланың қос қанатын мекен­деген қазақ ертеректе дала заңына бағын­ған.  Осыдан-ақ, заңның  үстемдігі әр  кез жоғары екенін ұғамыз. Қонысы көшпелі болғанымен, материалдық және рухани дау-дамайдың нүктесін қоятын заң мен ережеге бағынбастық жасамаған. Шыны керек, ол кезде қазіргі қоғамның жүзіндегі көп нәрсе жоқ. Бар болғаны – жер дауы, жесір дауы, құн дауы, мал және ар дауы. Осы бес даудың аясында адамның қолымен жасалған  саналы дүниелердің барлығын  шешіп  отырған. Қазір де қоғам қалпында, адам құқығы қорғалған, заң алдында бәрі бірдей. ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Қызылорда облысындағы Әдеп жө­нін­дегі кеңесі отырысында қаралған 12 мә­селе осыны айғақтады. Апта басында өткен  отырыста  аймақтың  ақсап тұрған салаларының  «мүйізі  қағылды». «Заңды­ білмеушілік  жауапкершіліктен  босатпайды»  деген  сөздің  астарындағы  ұғым көп нәрсенің байыбына барып тұр­ғандай. Бұл кеңесте де осы сөз кеңінен талқыға  түсті.

Алдымен Қызыл­орда облысының мәдениет, архивтер және құжат­тама басқармасының сыбай­лас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл туралы заңнамалары бұзушылықтарының профилактикасы бағытында атқарып жатқан жұмыстары туралы  баяндалды. Мұн­да жүйелі жұмыстың жүгі ауыр. Жыл басындағы тексеру комиссиясының мемлекеттік аудит қо­рытындысы негізіндегі нұсқамасы бойынша қаржылық есептілік аудитімен жүргізілген тексеру іс-шарасымен анықталған кемшіліктер­ді  болдырмау мақсатында іс-шаралар жоспары бекітілді. Бюджет қаражатының тиімді жұм­салуына аса мән беруді назардан тыс қалдырмай, жалпыға  бірдей маңызды заңнамалық құжаттармен жұмыс істеуді  және  қызметтік құжаттардың орындалуын  қадағалауды күшейту керект­ігі  қатаң тапсы­рылған. Дегенмен, атқарылған шараларға қарамастан басқармаға тікелей қарасты мәдениет, өнер және архив ұйым­дарында сыбайлас жем­қорлық сипатындағы қылмыстық құқықбұзушылық орын алмағанымен, облыс бойынша  2 факті  тіркелген.

Одан  кейін  облыстық білім басқармасы және кәсіптік-техникалық білім беру ұйымдарының, экология департаменті­нің қызметінде сыбайлас жемқорлық тәуекелде­ріне жүргізілген талдау қорытындылары тыңдалды. Мәселен, балағы былықтан көз ашпай келе жатқан білім саласында­ғы  олқылықтарда сыбайластыққа тікелей жол ашуға мүмкіндік мол. Барлық кәсіптік-техникалық  білім  беру  ұйымдарында талапкерлерді оқуға қабылдау комис­сиялары және педагог, оған теңестірілген қызметкерлерді аттестаттаудан өткізу комиссияларының  құрамында қо­ғамдық  ұйым өкілдері мен  қоғам  белсенділері, үкіметтік емес ұйым өкіл­дері қосылмаған. Яғни, колледждер комиссия құрамын тек өз қызметкерлерінен жасақтаған. Сондай-ақ, М.Мәметова атындағы гуманитарлық , С.Ысқақов атындағы, Жалағаш және Жаңақор­ған  индустриалды-техникалық  колледждерінде  2016-2017 оқу жылына талапкерлерді оқуға қабылдау барысында салыс­тырмалы түрде басқ­а  үміткерлерден  сәл төмен  нәтиже  көрсеткен азаматтардың  мамандықтар бойынша оқу гранттарының иегерлері атанғаны дәлелденген. Ал М.Ықсанов атындағы Қызылорда политехникалық  колледжінде  емти­хан  қабылдау  барысында қате жауапты дұрыс жауа­п ретінде бағалаған жауап парақтары кездескен. Бұл – сыбайлас жем­қорлық тәуекелдерінің пайда болу себептеріне әкеліп соқтыратын фактор. Қорыта келе білім беру ұйымдарында аралық және оқуға түсу емтихан­дарын тапсыру кезі­нде талапкер­дің аты-жөні көр­сетілмеген штрих код ар­қылы тапсыру механизмін енгізу ұсынылды. Сөзге сеп, талқыға арқау болған облыстық экология департаментінде айтарлықтай мәселе жоқ. Мұнда тек басшылыққа алатын нормативтік-құқықтық актіле­рінің қазақ және орыс  тіл­деріндегі нұсқалары сәй­кес  келмеген.

«Даудың басы – Дайрабайдың көк сиыры» деген сөз көпшілікке танымал. Бұл жолғы мәселеге көк сиыр мен оның иесінің түк қатысы жоқ. Есесіне, мемлекеттік қызметшілердің заңның «үтір, нүктесін» жөнді  білмеуі салдарынан туындап жатқан түсініспеу­шіліктер жетіп артылады. Отырыстың ортасында жиын­ның талқы-таразысы ауырлай бастады. Өйткені Қызылорда облысы білім басқармасы басшысының орынбасары Қ.Ерташованың ісі қаралды. Мәселеде Қ.Сақтағанқызының қылмыстық құқықбұзушылықтың орын алуына оңтайлы жағдай туғызу бағытында әрекеттерге жағдай жасауы мүмкін деп қарастырылған. ҚОІІД тергеу басқармасының «Қылмыстық құқық­бұзушылықтар және басқа да заңбұзушылықтар жасауға ықпал еткен мән-жайларды жою жөніндегі» ұсынымында ҰҚКД жедел-тергеу тобымен қызметтік өкілеттіктерін теріс пайдаланған «Серпін аудит» ЖШС-нің аудиторлары С.Кенебаев пен К.Абсаматовтардың қылмыстық әрекетін әшкере ету мақсатында жасырын тексеру әрекеттері жүргізіліп, 2018 жылғы 16 мамырда «Қызмет» колледжінің дирек­торы А.Сейсеновадан 700 мың теңге алып жатқан­ кезінде қолға түскендері көрсетілген. Аталған қылмыстық іс тергеу ретімен ҚІІД-ға жолданған. Ұсы­нымға сәйкес іс бойынша куә А.Сейсенова өз жауабында ағымдағы жылдың сәуір айында­  «Қызмет» кол­леджіне аудиторлар тек­серу жүргізуді бастағанын, содан құжаттарды бас­қармада отырған оларға апарып беріп, шығып келе жат­қанда басқарма бас­шысының орынбасары Қ.Ерташовамен кездесіп қалғанын, сол жерде ол колледжден кемшіліктер шығып жатқанын, оны аудиторлармен шешу қажет екенін, яғни «10 килограммов капусты» деген мағынада 1 млн теңге ақша беру қажеттігін жеткізіп айтқанын мәлімдеген. Ал қос аудитор колледж дирек­то­рына «колледждің 18 оқу­шысы шәкіртақы алып жүріп, басқа жұмыс істеп айлық алғанын, сендер осы оқушылармен шәкіртақыны өзара бөліскенсіңдер, егер  бұл мәселені оң жағы­нан  шешпейтін болсаңдар, тексеру актісіне көрсете­міз, қылмыстық іс қозғап,  5-7 жыл аралығында бас бостандықтарыңнан  айрыласыңдар» деп қорқытып, ақша талап еткен. Алғаш­қы­сында 300 мың теңге берген, кейіннен тағы 700 мың теңге сұраған соң колледж директоры мен есепшісі ҰҚК департаментіне шағымданады. Сөйтіп аудиторларға 700 мың теңге ақшаны апарып беріп, араларында болған әңгімені жасырын жазып алып, кейін екеуі ҰҚК департаменті қызметкерлерімен құрықталған. Ал қызметтік тергеп-тексеру нәтижесімен қылмыстық іс бойынша арызданған колледж өкіл­дері А.Сейсенова мен Г.Мырзабекованың жауаптары мен түсініктемелеріндегі басқарма басшысының орынбасары Қ.Ерташованың теріс әрекеттерін қуаттайтын басқа да  дәлелдемелер  анықталған  жоқ.

Шыны керек, қазір жер туралы «майлы» мәселелер­ді шешу үшін жер қозғалатын жағдайға жеттік. Өйт­кені  бұл сала араласып өмір сүретін ауыз тамыры мен сүйеніп өмір сүретін сүйек тамыры секілді күй кешіп тұр. Шиелі, Жаңақор­ған аудандарының жер тура­лы мәселеге келгенде «шаласы» сөнбей қалған. Түптеп келгенде мәселе Шиелі аудандық ауыл шаруа­шылығы бөлімінің басшысы М.Әшірбековке қатысты. Оған бөліммен орындалған жұмыстарға тиісті қаражат төленсе де, заңда көзделген мемлекет­тік  сатып алу рәсімі бұзыл­ған. Яғни, бөлім басшысы өзінің әрекетімен атқарыл­ған жұмыстарды бәсеке­лес­тік ортаға шығартпай, шарт­тарды бір көзден жаса­су арқылы кәсіпкерлердің құқықтарын шектеген. Осыған сәйкес бөлім басшысы М.Шайтмағамбетұлы тарапынан «ҚР мемлекеттік қызметі туралы» Заңының 50-бабы, 1-тармағының 4-тармақшасында көзделген шешімдерді дайындау мен қабылдау кезінде жеке және заңды тұлғаларға құқыққа сыйымсыз қолдау көрсетуі мемлекеттік қызметке кір келтіретін тәртіп­тік теріс қы­лықтарға жол бергені үшін аудан әкім­дігіне М.Әшірбековке қызметіне толық сәйкес емес­тігі туралы ескерту түрін­дегі тәртіптік жазасын беру ұсынылды.

Дәл осы тектес іс Жаңақорған аудандық ауыл шаруа­шылық бөлімінің басшысы Т.Базарбаев, аудандық мемлекеттік сатып­ алу бөлімі басшысының міндетін атқарушы Ә.Төреқожаев, аудандық мемлекеттік сатып алу бөлімінің бас маманы Э.Шоқыбаевалардың үстінен қаралды. Үшеуі де «Ди-Дар» жеке кәсіпкері­нің арызы негізінде қоз­ғалған іс бойынша жауапқа тартылған. Яғни бөліммен «Инженерлік жүйеге кел­тірілген жалпы көлемі 21861,78 га суармалы жерлерді қайта қалпына кел­тіру үшін суландыратын су жүйелеріне жерге орна­ластыру жобасы мен сәй­кестендіру құжатын дайындау» жұмыстары бойынша электронды конкурс өткі­зілген. Қорытынды хаттамаға сәйкес «КазЮЖ­Проект» ЖШС жеңімпаз болып танылған. Кон­курстық құжаттарды зерделеу барысында комиссия мүшелерімен жекелеген әлеуетті өнім берушілердің өтінімдері не­гізсіз бас тартылған. Конкурстық комиссия «Ди-Дар» жеке кәсіпке­рінің өтінімін конкурс­тық құжаттамадан еңбек шарттарында жұмысшылардың мекенжайы көр­сетілмеген деген негіздемемен кері қайтарған. Өз кезегінде бұл мән-жайлар конкурсқа қатысуға жіберілмеуге негіз емес. Одан бөлек, конкурстық комиссия «Гормонтаж­проект» ЖШС-нің өтіні­мін еңбек ресурстары бойынша ұсынылған мамандардың растаушы құжаттары толық ұсынылмаған, яғни растаушы еңбек кітапшасында басшысының қолы болмауына байланысты конкурс­қа қатысуға жіберілмеген. Ұйымдастырушымен техникалық ерекшелікте еңбек кітапшасын және еңбек шарттарының электронды көшірмелерін ұсыну талап етілмегенін атап өткен жөн. Осылайша «Мемлекеттік сатып алу туралы» Заңның 4-бабымен көзделген мемлекеттік сатып алуды жүзеге асыру қағидатының бірі – әлеуетті өнім берушілер арасындағы адал бәсекелестік талаптары сақталмаған. Түптеп келгенде, конкурс комиссиясының төрағасы Т.Базарбаев тарапынан әле­уетті өнім беру­шілердің өті­німдері негіз­сіз бас тартылып, кәсіпкерлердің құқықтары мен заңды мүд­делерін іске асыруына­ ашық кедергі жасап, Заңның 50-бабының 1-тармағының 11-тармақшасында көзделген заң­бұзушылықтарға жол беріл­ген. Осы мәселені тереңінен зерттеп, зерделеген Әдеп жөніндегі кеңес мүшелері бір ау­данның үш бірдей лауазымды тұлғасына аудан әкіміне қызметіне толық сәйкес еместігі туралы ескерту түріндегі тәртіп­тік жазасын тағайындауды тапсырды.

«Аталы сөзге тоқтамағанның атасы өледі», «Тура биде туған жоқ» деген сөздер аясында ертедегі билер парасаттылық танытқан. Ал қа­зір... Бүгінгі қоғамға баға беру де, бағалау да оңай шаруа емес. Ел болып, етек-жеңімізді жинап, шешім орнатар дауларды арнайы заң аясында реттейтін уақытта өмір сүріп жатырмыз. Ескінің салған жолымен жүрмесек те, елдіктің белгісін айқындайтын заңдар мен Кодекстер кез келген заңбұзушылық пен құ­қықбұзушылықтың жазасын  беруге  әзір.

Н.ҚАЗИҚЫЗЫ

 


«НҰРЛЫ ЖЕРМЕН» АЛҒАН ПӘТЕРДІҢ ТӨЛЕМІ ТОСЫЛДЫРЫП ТҰР PDF Print Email
Жаңалықтар - Тіршілік тіні
13.09.2018 15:27

Халықтан  «Халыққа» хат

Облыс  әкімінің  назарына

2017 жылы 25 желтоқсанда 12 әртүрлі топтағы мүмкіндігі шектеулі жандармен бірге көпбалалы, жалғызбасты аналарды қосқанда «Нұрлы жер» бағдарламасымен «Бәйтерек» девелопмент» АҚ арқылы 18 жылға ипотекалық пәтер алғанбыз. Айына коммуналдық төлемдерді қоспағанда, бұйырса, 52 мың теңгеден төлеп тұрамыз. Тоғыз-он жыл пәтер кезегінде тұрып, 4000 адамның айналасынан алға жылжымағандықтан, осы қадамға баруымызға тура келді. Мүгедектік жәрдемақымен ғана төлем жасап отырмыз. Өзге кірістері болмаса да, мүгедектерге мемлекет тарапынан «Нұрлы жер» бағдарламасымен ипотека рәсімделген болатын.

Екінші деңгейлі банктер 80-90 мың теңге жалақысы барларға ғана несие бермей ме? «Нұрлы жер» бағдарламасының тиімді тұсы – мүгедектерге несие бергендігі. Ата-анамыз – кәрі кісілер. Осыны біле тұра, әжетхана, жуыну мәселелері жеңілдеуі  үшін 18 жылға болса да ипотекалық пәтер алдық. Мұнда барлық жағдай жасалынғанымен, 11 миллион теңге 2 бөлмелік пәтерге қымбаттау. Елбасымыздың жуырдағы «7-20-25» бағдарламасында бастапқы жарна болса да пәтердің жалпы құны 7-8 млн теңгеден аспауы керектігі айтылған-ды. Біздің «Нұрлы жер» бағдарламасы арқылы алған пәтеріміз 5 миллион теңгеге қымбат. Жәрдемақымен күнелтіп отырған мүгедектерге қолайсыз. Жасымыз 60-қа таяғанда ғана төлеп құтыламыз. Оған дейін қарасатын жақындарымыз да қалмайды. Жүйкеміз де, қалтамыз да жұқарады.

«7-20-25» ипотекалық бағдарламасы іске қосылғаннан кейін Үкіметтің 2018 жылғы 22 маусымдағы қаулысымен «Нұрлы жер» бағдарламасына өзгерістер енгі­зілді. Соның ішінде «Бәйтерек» девелопмент» арқылы алынған «Тұрғын үй» бағдарламасы бо­йынша азаматтардың ипотекалық несиесін субсидиялау алынып тастал­ды. Біз 22 маусымнан бұрын 5 наурызда және 27 сәуірде 2 рет ипотекамызды субсидия­лауды өтініп, Елбасына хат жолда­дық. Хатымыз Ақордада 27-75-1 және 27-75-2 ЖТУ нөмірімен тіркелген болатын. Нәтижесінде менің несиемнің жартысын төлеп беруді қарастыруды тапсырып, «Бәйтерек» холдингке жолданған болатын. Олар «субсидиялау бағдарл­амасының бағыты жабылды» деп жалған ақпаратпен маған хат жолдады. Бағдарлама жоға­рыда  айтып  кеткенімдей, наурызда емес, 22 маусымда жабылған. Шын ниетімен қарастырып көргенде, жартысын төлеп тастауға  болатын еді. Елімізде тұр­ғын үй саласында бұған дейін болғ­ан барлық механизмдер «Нұрлы жер» бағдарламасында толық қарастырылған. Әсіресе, бағдарламаның ұтымды тұсы әлеуметт­ік жағынан қорғалатын азаматтар үшін арнайы баспаналар соңғы бес жылда қарқынмен салынуда. Мәселен, І және басқа да топтағы мүгедектер мен же­тімдер арендалық үйден ала алады­. 1 шаршы метрі – 100 теңге­. 2-3 бөлмелі пәтерлер 60-72 шаршы метр болғанда, айына 5-9 мың теңге аралығында төлеп отырады. Бірақ арендалық пәтерлерді жекеше­лендіруге рұқсат беріл­меген. Өзге елге көшіп кетсең немес­е қаза тапсаң, әлгі арендалық пәтерді өзіне қайтып алып қояды. Келесі кезекте тұрғандарға береді. Ол бағдарлама үшін бюджеттен 25 млрд теңге жылына бөлініп  отыр. Бұл қаражатқа әрбір облыста 180 мың пәтер беріле­ді. Арендалық жалға алу ақысы 6-9 мың теңге болады екен. Бірақ біздерге, мүгедектерге, ешкім ондай пәтерге қол жеткізуге болатынын ескертпеді. Неге екені  белгісіз  болып тұр, жекеше­лендіруге  жатпайтын болған соң ба екен? Облыста қолға алынған «Орда» және «7-20-25» бағдарламасы бойынша 2-3 бөлмелі пәтер 6-7 миллион теңге болады. Тек «Нұрлы жер» бағдарламасына кіретін «Бәйтерек» девелопмент» АҚ арқылы алғандар 5 миллион теңге артық төлеп, ұтыламыз. Осы жайтты баяндай келе, мемлекет басшысы және облыс әкімінен аталған пәтер несиесін төмендету­ мәселесін қарастыруды өтінеміз.

Зәуре  Уксимбаева,

бала  кезден  І  топ  мүгедегі,

Арай  15,  №78  А  үй,  №31  пәтер  тұрғыны,

Қызылорда  қаласы

 



<< Бірінші < Алдыңғы 1 2 Келесі > Соңы >>

Күнтізбе

< Қыркүйек 2018 >
          1 2
3 4 5 6 7 8 9
10 11 12 14 15 16
17 18 19 20 21 22 23
24 25 26 27 28 29 30

Сауалнама

Аса мәртебелі шенеуніктердің қылмысқа шатылып жатқандығы нені аңғартады?
 

Ауа райы

Валюта бағамы

Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі валюталардың ресми бағамдары