Өзекті мәселелер

  • 11.10.18

    Облыстық прокуратура әкімшілік істер бо­йынша қабылданған шешімдерді зерделеу барысында полиция қызметкерінің әкімшілік өндіріс материалдарын бұрмалау фактісін  анықтады.

    Нақтырақ айтатын болсақ, жергілікті полиция қызметінің полицейі Д.Амангелдіұлы қызметтік автокөлікпен кезекшілікте жүрген кезін­де қаладағы дүкендердің бірінің тұсында тоқтап тұрған «Hyunday Accent» маркалы авто­көлігі...

    Толығырақ...
  • 11.10.18

    КӘСІПКЕРЛІК –  ЖЕТЕКШІ   КҮШ

    Еліміздегі басты саяси құжаттардың қатарында «Қазақстан – 2050» страте­гиясы да бар. Ұзақ мерзімді дамуды бекіткен бұл стратегияда айтылған міндеттерді жүзеге асыру үшін орта мер­зімді кезеңге арналған мемлекеттің 2025 жылға дейінгі жоспарлау құжаты да айналымда. Бұл құжаттың басты мақсаттарының қатарында жеделдет...

    Толығырақ...
  • 11.10.18

    Жат діни ағымға еріп, адасу Әселдің жастық ғұмырының біршама жылдарын жалмады. Бойжеткен өміріне жағымды өзгеріс енетініне сенген. Дәл сол сенімнің «арқасында» ә дегеннен ештеңе түсіне алмады. Мұнысын жастыққа жарасатын аңғалдық дерсіз. Уақыт өте келе өзінің және жұбайының «роботқа» айналып бара жатқанын сезген ол көңіліндегі күмәнмен арпалысты. Рухани дертке ұшыра...

    Толығырақ...
  • 11.10.18

    Бауырлас он екі мүше,

    Бір анадан туғанмен,

    Әрекеттері әртүрлі...

    Бас – ақшаға тартып,

    Аяқ – басқаға тартып,

    Әуреге салды әркімді...

    ...
    Толығырақ...
  • 11.10.18

    Елуде еді өз жасым,

    Тыйылмады көз жасым...

    Жұмыс іздеп шығып ем,

    Киім-кешек тозғасын...

    ...
    Толығырақ...
Сәрсенбі, 19 Қыркүйек 2018

Жалған қарақшылық қылмысын қолдан ұйымдастырған азаматша құрықталды PDF Print Email
Жаңалықтар - Халық-хабар
20.09.2018 11:22

28 тамызда Қызылорда қаласында полицияға сауда орталығында орналасқан ломбардқа қарақшылық шабуыл жасалғандығы туралы хабарлама түсті.

Жәбірленушінің айтуынша, 28 тамызда күндізгі сағат 10:00 шамасында белгісіз азаматша ломбард ғимаратына баса-көктеп кіріп, пышақ жарақатын салып, ломбард мүлкін ұрлап кеткен.

Тергеп-тексеру барысында, кассадағы ақшаны жәбірленушінің өзі ұрлағандығы белгілі болды. Тексеріс болатындығын білген ол алдын ала алтын бұйымдарды ұрлап, жалған қарақшылық қылмысын қолдан ұйымдастырып, өз-өзіне пышақ жарақатын салған.

Тексеру барысында жәбірленуші өз кінәсін толық мойындап, көрсетім берді. Оның тұрғылықты жері бойынша көміп тастаған алтын бұйымдар заттай дәлелдеме ретінде алынды.

Қазіргі таңда оған қатысты көрінеу жалған айғақтар көрсету дерегі бойынша Қазақстан Республикасының Қылмыстық Кодексінің 420-бабының 2-бөлігімен тергеп тексеру амалдары жүргізілуде.

Күдікті азаматшаның кінәсі дәлелденген жағдайда, оған сот шешімімен бес жылдан он жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айырылу жазасы тағайындалуы мүмкін.

Қызылорда ОІІД Баспасөз қызметі

 


МҰРТЫ БҰЗЫЛМАҒАН МИЛЛИАРДТАР PDF Print Email
Жаңалықтар - Саясат
20.09.2018 11:18

Апта сайын Үкімет үйінде «тазалы­қ» жұмыстарының есебі өтеді. 16 министрлік, 14 облыс пен 3 қала және 1 агенттіктің шаңын­  қағып-сілкіп  алатын   «бас тазалықшы» – Үкіметбасы Сағын­таев. Жыл басынан бері сегіз ай түгесіліп, тоғызыншы айдың тап желкесіне келдік. Жылдағы әдет бойынша «сауынды сиырд­ың» (бюджет – ред.) сүт мөлшері есептеліп, кім қанша шығы­нға батты, кім қаншасын артылды­рғаны немесе «сүт ішпеген» шенеуніктер туралы сөз қозғала­тыны  естеріңізде  болар?! Бұл жолы да қайталанған сол жағдай.

Жыл  басында шелектен айран сұрауға құмар шенеуніктер осы уақытқа дейін алақандарына салып берген 80,7 млрд теңгені ұқсата  алмаған. Соның кесірінен премьер-министрден салмағы түйенің жүгінен ауыр сөз естіді. Игерілмеген қаржының дені арқам­ызды сүйеп, иығымызды артып отырған Қорғаныс ми­нистрлігіне тиесілі. Бұл өкілетті орган алғашқы жартыжылдықта 15,4 миллиард теңгені жұмсайтын  жер  таппапты. Бірақ Ермекбаевтың жолы болып, алдынан жеңгесі шықпаса да, құтты орнына жайғасқан уақыты ескеріліп, оңай сытылып кетті. Ал келесіде тасада қаламын деген ой оның ақылына  кіріп те шықпауы керек­. Өйткені оның қолында бір ғана министрліктің емес, бүкіл елдің қабырға  бүтіндігі  тұр.

Халықтың көзіне көп түспесе де, сөзіне жиі ілігетін, мерейлі мерек­елерде өзінің «өнерлі» еке­нін көрсетіп қалатын мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлының бюджеттік қа­занында 11 миллиард теңге «көге­ріп» қалып кеткен. Ал өзі болса, «бәрі жоспарлы түрде жүріп жатыр­» дегеннен әріге аса алмады. Өйткені оның жоспарында жүйе, мақсатында мән қалмаған тәрізді. Оған илана қоймаған Үкіметбасы:

- Қалай жоспарлы түрде жүре­ді? Сегіз айдың қорытын­дысы бойынша игерілмеген ақша осыншама болса… Сонда жоспарлы түр­де игермей отырамыз ба? 11 миллиард теңгеге қанша мектеп, қан­ша балабақша салуға болатынын білесіз бе?! Бұл қаржыға қаншама шақырым жолды жөндеуге болады?! Қаржы игерілмесе, бюджетті қайта қарау кезінде алып қоямыз. Өкпелемеңіздер! - деп «мәде­ниет­ті» министрді «илеп» тастады.

«Иленген пұшпақтың» қандай болғанын жылдың соңында тағы бір мәрте көретін боламыз, бұ­йырт­са. Өйткені, күз бен қыс­тың арасында жылы орнынан жылыстап кететіндер жиі кездеседі. Оған да осындай келеңсіздіктер көп әсер етеді. Ал көктемгі егіс науқанының  нәтижесін көру, егіске орақ салу науқанының бастал­ғанына екі аптадан асты. Әр облыс хал-қадірінше жиған-тергендерін қамбаға құйып әлек. Ауыл шаруашылығы министрлігінің мәліме­тінше, сегіз айдың қорытындысы бойынша көрсеткіштер 102,4%-ға төмендеген. 55%-ы – өсімдік,  45%-ы мал шаруашы­лығының үлесінде. Сондай-ақ, өсімдік шаруашылығының төмендеуі күн райы жағдайына байланысты, өйткені өткен жылғы жиын-терін нау­қанында егін­нің 40%-ы, биыл 59%-ы жиналды. Күн райы тұрақтанса, өнімділік артады деген ойда. Десек­ те осы ауыл шаруашылығы министрлігі де түйеден түскен сөз­ден құр қалған жоқ. «Қой кезектің» кезеңі оған да жетті. Бірақ ол сабыр­лы қалпынан сонда да тай­ған жоқ. Бар болғаны баяндама­сына  бір қарап қойды да:

- Біздің бюджет – 355 мил­лиард теңге. Соның ішінде 10,9 миллиард теңге игерілмеген. Оның ішінде 5 миллиардтан астам теңгеге су шаруашылығының актілер­ін күтіп отырмыз. Акті­лер­ге қол қойылса, ақша бірден төленеді. Содан кейін ғылым жағын­ан 3,5 миллиард теңге иге­рілмей отыр. Маусым айында білім және ғылым министрлігіне өтініш бергенбіз. Екінші өтініш тамыз  айын­да берілді. Өтініш 90 күн  қаралады­ екен, 90 күн деген­ өте көп  ғой. Тәртібін өзгерту керек­ секілді, - деп  жылы-жұмсақ жауап арқылы  бюджетінде  басқарылмай жатқан қаржының «қиқымын» түгендеді премьер-министрдің   орынбасары – ауыл шаруашылығы министрі  Ө.Шөкеев.

Премьер-министр өзінің орын­ба­сары болған соң ба, әлде  дәлел­ді-дәйекті, ақылға қонымды, миға сыйымды жауап қайтарғаны үшін бе, әйтеуір, ақшаны қалай болса да толығымен игеру керектігін ескерт­ті.

Қыркүйек айының ортасына келгенін аңғармай қалған ба, Ішкі істер министрі Қ.Қасымов «мұрты бұзылмаған» 4,5 миллиард теңге­сін «қыркүйекке дейін орындаймыз» деп қатырды. Күн ұзаққа қасындағыларды қағып-сілкіп отырған Сағынтаев бұл жауапқа ашулы кейіппен қарады. Енді ше? Шілде не тамыздың Үкімет сағатында отырғандай, күздің алғашқы айына дейін ақша игереміз деп тұрған министрге мейірімді көз­қарас  қайдан  болсын?!

- Қалай  сонда?! Біз қазір қыр­күйектің ішінде отырмыз ғой. Бү­гін 11 қыркүйек емес пе?! Өтірік айт­қанда да дұрыстап айту керек ғой, - деп Қалмұханбетке  қаһар  төкті.

Қазынадан алған қаржысын «қазанында» ұстап отырғандардың қатарында тек министрліктер ғана емес, облыс әкімдері де бар. Жер-жерден бас қалаға құйрық-бауыр жеуге бармағаны бесенеден белгілі. 2,9 миллиард теңгені игермеген Қызылорда, 1,9 миллиард  теңгені жұмсамай  отырған Түркістан, 1,4 миллиард теңгені игілігіне жаратп­аған Батыс Қазақстан, 1,3 миллиард теңгені жаратуға уақыт жеткізе алмаған Павлодар, 1,3 миллиард теңгені балапан санағы­  басталғанша ұстап отыр­ған Солтүстік Қазақстан және 1,1 миллиард теңгені көзінің қарашы­ғындай қорғап келген Жамбыл облыстарының әкімдеріне үлес «тоқпан жіліктің» тоқпағынан тиді.

- Мемлекет басшысы кемінде 4%-дық өсімді қамтамасыз ету міндетін қойып отыр. Алайда статис­тикалық деректерге сүйенсек, 8 айдың қорытындысы бойынша өсім 3,8%-ды ғана құрап тұр. Ұлттық экономика министрі Тимур­ Мұратұлы өз баяндамасында атап өткеніндей, жыл соңына дейін 4%-дық өсімге қол жеткізу үшін қалған төрт айдағы өсімді орта есеппен 4%-дан жоғары деңгейде қамтамасыз ету қажет. Атқаратын жұмыс көп, - деп түйіндеді Үкіметбасы Б.Сағынтаев апталық сағатын.

Арасында алақанды қысып, жұдырықты түйіп, қаржымен жұмыс істеп отырғандарды жұмырықтың арасына салып тұрмаса, болмайды. Әйтпесе, ақша деген алдамшы дүние ұстайтын алақан мен тістейтін ауызды жақсы көреді. Ал жыл басынан бері қыруар­ қаржыны игере алмай отырған тиісті, жауапты орын басшылар­ы Үкімет сағатына сол лауазымдарын сақтап, жиналысқа қатысқысы келсе, онда жыл соңына дейін қазанның түбінде қалып тұрған «қаспақты» тауысуы қажет. Олардың тойында қар жауса, тәуекел...­

О.МӨҢКЕ

 


ҚАРЖЫНЫҢ «ҚҰЛАҒЫ» һәм САРАҢДЫҚ PDF Print Email
Жаңалықтар - Саясат
20.09.2018 11:16

Өткендегі Ақорданың «асханасынан», яғни Президент әкімшілігінен басталған тосын тағайындау талайдың таңға­лысын тудырғаны анық. Жасыратыны жоқ, елдің ішкі және сыртқы саясатын белгілейтін аталмыш құзырлы орынның жетекшілігінде әдетте мемлекет басшысына жақын жүретін, сенімді әрі салмақты тұлғалар отыратын. Ал, Астананың бұрынғы әкімі Әсет Исекешовтың осы күнге дейін тек саяси салмақты ойыншылар қызмет етіп келген лауазымға жайғасуын кейбір саясат­танушылар ескі гвардияның күні бітіп, жас буын­ның  бел алуымен байланыстырады. Алайда бұл ауыс-түйістің  астарында  біртіндеп  өкілеті  күш алып келе жатқан қауіпсіздік кеңесінің құдіреті бары да айтылады.

Сонымен, зейнетке кеткен Әділбек Жақсыбековтың орнына жайғасқан Әсет Өрентайұлы әкімдігін еліміздің бас қаржыгері Бақыт Сұлтановқа босатып берді. Есесіне оның орнына отыратын үміткерді таңдау ұзаққа созылып кетті. Бұл орынтаққа кімді қоярын Ақордадағылар біразға дейін ой­ланғанға ұқсайды. Сөйтіп, іздегені алыстан емес, өз араларынан табыл­ды. Бір аптадай бос тұрған Қаржы министрінің креслосы бүрсігүні Президенттің көмек­шісі Әлихан Смайыловқа бұйырды.

Мамандығы бойынша математик, 46 жастағы Ә.Асханұлы кезінде Статистика агенттігін басқарған, Сыртқы істер вице-министрі, Қаржы вице-министрі болған, бірқатар компания мен Ұлттық холдингте қолтаңбасы қалды. Соңғы үш жылдағы қызметі – Президенттің қаржы-экономика жөніндегі көмекшісі. Бір сөзбен айтқанда, қаржы саласында мол тәжірибесі бар. Су жаңа министрге артылатын міндет те мол. Кейінгі кезде төл теңге де тәлтіректеп тұр. Бюджет, салық жүйесі, мемлекеттік сатып алуға қатысты да мәселелер аз жүк болмайды. Сегіз айдың қорытындысымен игерілмей қалған миллиардтарды тиісті минист­р мен әкімдерден қадап сұраған Сағынтаевтың ашуы тағы бар. Әрине, қазына қаржысының «құлағын» ұстау да оңай емес. Содан болар, мемлекет басшысының «батасын» алған жаңа министрдің кандидат­урасын мақұлдамас бұрын мәжілісмендер оның ойын тыңдапты. Бюжеттің шығынын қысқартып, салық арқылы табысты арттырып, қазына қаржы­сы жұмсалған мемлекеттік бағдарламалардың жүзеге асуын жіті бақылап, мемлекеттік кірістер саласындағы жемқорлықпен күресті күшейтуді алға тартқан Смайыл­овтың сөзі халық қалаулыларының құлағына майдай жаққан тәрізді. Сөйтіп, Үкіметбасы ұсынған Әлихан Асханұлының кандидатурасын мәжіліс мақұл­дап, Елбасының жарлығы да шықты.

Бір қызығы, осы үкімет отырысыннан кейін бес жыл қазына қаржысын басқарған Б.Сұлтанов жаңа министрге бірер кеңес беріпті. Әріптесіне даналық тілеген Сұлтановтың сөзінше, бүгінде қауіп-қатерлер көп, сырттан келетіні де бар. «Сол себепті талап та күшті. Елдің ішінде де біраз мәселелерді шешу керек­. Сондықтан қаржы министрі қашанда салмақты болуы­ тиіс. Әрине, қыңыр мінез де, сараңдық та болуы шарт. Сосын елдің қаржылық жағдайын дамыту үшін қырағы­лық та аса қажет. Енді қаржы жүйесі ағзаның қан айналымы іспеті. Демек, аталған функцияның маңызы­ зор» депті Б.Тұрлыханұлы.

Әлгі қыңыр мінез бен сараңдық дегеннен шығады, қаржыға келгенде кім-кімнің де көзі «жайнап» кетеді ғой. Бірақ, мемлекеттің қаржысын қарпып қалғысы келетіндерге сөз басқа. Ал, жылда бюжеттен бөлінген миллиардтарды игере алмайтын біздің министрлер мен әкімдерге сұрағанын бере бермей, шөміштен қысып та тұрған жөн-ау. Ол жолда «ақыл айтқыш» Сұлтановтың сараңдығы мен қыңыр мінезі қаншалықты болғаны белгісіз. Белгілісі сол, бүгінгі бас қаржыгер әріптесінің кеңесін тыңдап, осындай қолда бар ақшаны ұқсата алмай жүргендермен күресуі де керек.

Н.АҚПАН

 


ҚАЗАҚТЫҢ ТІЛГЕ БАЙЛАНЫСТЫ БӨЛІНУІНЕ ЖОЛ БЕРМЕУ КЕРЕК PDF Print Email
Жаңалықтар - Бүгінгінің болмысы
20.09.2018 11:10

 

Қанат ТАСЫБЕКОВ,

қоғам белсендісі:

 

Әрине, қазақ қоғамында орыстілді қазақтардың бар екенін біз жақсы білеміз. Тіпті, олардың қатары бір емес, жүз емес, мыңдаған адамға дейін барады. Ал, біздің кейіпкеріміздің өмір жолы “Адасқанның айыбы жоқ, үйірін қайта тапса егер” деген қазақ мақалымен біте қайнасып жатыр. Ол 50 жыл бойы қазақ тілін білмеді.

Бірақ, ол тереңге тамыр жібере алмаған дарақтың ғұмыры қашан да келте екенін ерте болмаса да түсінді. Ол ататегін білу, туған тілінде сөйлеу жолында берекелі бизнесін құрбан етті. Елуге келгенде ана тілін еңсерді. Өзі ғана біліп қоймай, орыстілді қазақтарға қазақ тілін үйретуді мақсат тұтты. Елдік мәселелерде өз ойын ашық жазып жүрген, соңғы жылдардағы әлеуметтік желі “жұлдыздарының” бірі, қоғам белсендісі Қанат Тасыбеков өткен аптада “Халық” газеті редакциясында қонақта болды. Бүгінде Қанат ағаның “Ситуативный казахский” атты үш томдық кітабы еліміздегі ең өтімді кітаптардың біріне айналып отыр.

 

Қазіргі кезге дейін кітаптың 36 мың данасы сатылып үлгерген. “Тіл жанашыры” деген құрметті атаққа ие болған, Қазақстан халықтары Ассамблеясының “Бірлік” алтын медалінің иегері, Қазақ Ұлттық кітапханасының жанындағы тіл, ұлттық және этнографиялық дәстүрлерді орыстілділер арасында насихаттаумен айналысатын “Мәміле” қоғамдық қорының төрағасы, алпыс жасқа аяқ басқан, айтары бар ағамызды аз-кем сөзге тартып, сұрапыл сұрақтарымызды қоюда аянып қалмаған едік.

- Қанат аға, Сыр еліне қош келдіңіз. Қызылордада алғаш болуыңыз емес шығар. Шынын айтсам, оқырмандарға сізді қалай таныстырсам екен, білмей отырғаным...

- Иә, Сыр топырағына табанымның алғаш тиюі емес. Осыдан екі жыл бұрын Қызылордаға келгенім бар еді. Жалпы, алған әсерім жақсы дей аламын­. Орыстілді қазақтардың арасына­н шыққан соң, қазақтар көп шоғырланған ортаға келгенде іштей қуанып жүремін. Сыр елі – тереңге тамыр жіберген, өте қонақжай халық. Әрине, қаланың тұрмыс-тіршілігінде өзгеріс байқалады. Адамдардың тілі шұрайлы, сөйлеу мәнері де сондай жағымды.

Мен Қызылордаға “Рухани жаң­ғыру” бағдарламасының аясындағы “Қазақтану” жобасының маңызын түсіндіретін сарапшылардың бірі болы­п келдім. Сарапшылардың тізіміне қосылуыма қарағанда мақсатым қазақ тілінің маңыздылығын артты­ру арқылы еліміздегі ұлтаралық бірлік пен жалпыұлттық қоғамдық келісімді нығайту, осы жолдағы өмірлік тәжірибем мен жеке ой-пікірлеріммен алмасу деп түсініп келдім. Қызылорда және Байқоңыр қалаларындағы мектеп оқушылары мен студенттермен болған кездесулерде жоғарыда айтылған мәселелер төңірегінде өз ойымды ортаға салдым, тәжірибеммен бөлістім. Жалпы алғанда, мен тіл немесе мәдениет, өнер саласының маманы емеспін. Мен өзімді соңғы ширек ғасырда халқы­мызды орыстілді және қазақ­тілдіге қақ жарып бөліп отырған екі қауымның арасындағы көпірі, бітіс­тіретін елшісі қызметін атқарып жүрген адаммын деп санаймын. Бұл жұмыс өте жауапты, әр сөзің мен қимылың ұстараның жүзімен жүр­гендей нәрсе. Әсіресе, орыстілділер қауымы. Олар потенциалы мол, байлық пен билікке қолдары жеткендер, туған тіліне шет тілі деп, оған “шекесінен” қарайтындар. Міне, осыларды “сауырынан сипап”, “қораға кір­гізумен” айналысып жүрген қазақпын.

- Енді өзіңіз, өскен ортаңыз турасында  айта  кетсеңіз.

- Мен Ақмола облысында тудым. Бастауыш мектепті  бітіргенде сыныпта жалғыз қазақ болдым. Ал, үлкен көшенің бойында екі ғана қазақ отбасы  тұрдық. Осылайша, өзге ұлт­тардың  арасында  өстім. Бастапқыда орыстілді болдым, бірақ ол күндер артта қалды. Мен қазір қазақша еркін сөйлей аламын. Отбасымда 7 баланың 6-ыншысымын. Бауырларымның барлығы орысша оқыды, мен де. Әкем елге белгілі адам еді. Жұмабек Тәшенов секілді қазақтың қамын жеген­ кісілермен аралас-құралас болды­. Әкемнің берген тәлім-тәр­биесінің ықпалы қашан да зор ғой. Адам  болып  қалыптастым.

- Жарты  ғасырдан  соң  туған тіліңіз­ді үйренуіңізге түрткі болған жайт не болды  екен?

- Әрбір космополиттің, мен сияқты шетелде көп жылдар жүріп қалған қазақтың 40 жастан кейін бойында “жан дағдарысы” пайда болады, өзіне “мен кіммін?” деген сұрақ қоя бастайды, жас кезіндегі өмірі, балалық шағы есіне оралады. “Менің жаным, менің қазақтығым туған тіліме байланысты екен ғой, екеуі ажырамас біртұтас нәрсе екен ғой” деген ойлар келе бастайды. Мен 40 жастан кейін осы дағдарысты, жанымның дағдарысын бойымнан кештім. Тілімді қайта меңгеруге, еркін сөйлеуге, сөйлеп ғана емес жазуға бекіндім. Өзім сияқ­ты  орыстілді  қауымындағы көптеген әріптестеріммен сөйлестім. Ең бастысы, осы қауымның тілін табу, оларға дұрыс көзбен қарау, осылармен жұмыс жүргізудің қажеттігін түсіндім. Себебі, қоғамымызда орыс­тілді  қауымды  қазақтілділерге  қарсы қойып жүрген, арасына от салып жүрген күштер бар. Осы қауіпті, осы жағдайларды жақсы түсінгендіктен бұл іске араласуымды міндетті деп санадым. Өйткені, мен ол ортадағы ахуалды бес саусағымдай жақсы білемін.

Осы жолда талай рет опық жедім, қиналдым, кедергілер көп болды, бірақ, білмейтін жерімді сұрауға ұялма­дым. Бір жиында маған бір филол­ог маман “Сіз тілді 50 жасымда­ үйрендім дейсіз бе?” деді. Мен “иә” дедім. “Неге?” деген сұрағына “өз тілімді білмегеніме намыстандым” деп жауап бергенім сол еді, “сонда оған  дейін  намысыңыз  болмады ма?” деп  тағы  сұрақ  қойды. Шынымды айтай­ын, жауап бере алмадым. Тіл  үйренуді  бастаған орыстілді қан­дастарымыз осындай ыңғайсыз сұрақтардан ұялады, әжуа-келекеге түсіп қаламын ба деп қорқады.

Туған тілім маған көп нәрсені үйретті. Менің  өмірлік танымымды, біршама көзқарасымды да өзгертті. Қысқасы, менің орыстілділерге айтары­м болды. Ол ойымды бүгінде “Ситуативный казахский” атты үш томдық кітабым арқылы, сөзім, ісім арқылы жүзеге асырып жатырмын деп  ойлаймын.

- “Жайшылықта елім, жерім деп кеудесін керіп жүрген ел ағаларының балалары, немерелері орысша сөй­лейді” деген түсінік қалың қазақтың арасында әбден қалыптасып үлгерді. Сіздіңше, мұнан  қорқу  керек  пе?

- Өте орынды сұрақ. Рас, әкелері­нің жазғанын аудармадан оқитындар бар. Бұл өте қиын нәрсе. Мысалыға мен өзімді айтайын. Ұлымды орыс мектебіне бердім, себебі өзім ол кезде­ қазақ тілін айтарлықтай білмеуші едім. Ал, кейіннен қызымды қазақ мектебіне оқыттым. 4-сыныпқа дейін оқыды, одан кейін қайтадан орысша мектепке ауыстыруға мәжбүр болды. Үй тапсырмасын өзі орындай алмады, мен де көмектесе алмадым. Бір жағы біліміне де көңілім толмады. Өз отбасыңды басқару өте қиын нәрсе. Қазіргі кездегі балаларын қазақ мектебіне берген, бірақ өздері қазақ тілін білмейтіндердің басындағы ең үлкен проблема – осы. Бұл екіжүзділік емес. Оларды ондай жаман­ атқа қимаймын. Үйде барынша қазақша сөйлеуге тырысамын. Балала­рым толық қазақша сөйлейді дей алмаймын, бірақ біледі, үйреніп те жүр. Мен өз балаларымды айтып жатырмын. Өзгелерде бұл басқаша шығар, білмедім. Көптеген орыстілді ата-аналар балаларымен қарым-қатынасты жоғалтып алмау үшін қазақ тіліне күштемейтіндері де бар. Дегенмен, өздері ел мүддесі үшін күресіп жүрген жандардың балалары, немерелері туған тілін білмеуі ұят жағдай.

- Ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлы “Тілі жоғалған ұлттың өзі де жоғалады” деп еді. Шыны керек, тіліміз көшеден жоғалды. Бүгінде қала көшелеріндегі эргонимдер, яғни фирма, компания, жеке кәсіпкерлік нысандарының атаулары қазақы атаудан ада болып тұр.

- Маңдайша жазуларын біз мәж­бүрлеп жазғыза алмаймыз. Өйткені, бұл бизнеске жатады. Ал, бизнестің тілі деген басқа. Бұл бүгінгі саясаттың салдары, мұның себебімен күресу керек. Қайта Қызылорда барынша қазақы ғой, Астана, Алматыдағыдай емес. Тілді тудыратын да, өлтіретін де – халық. Жалпы, ешкім қазақ тілін жойып жібергісі келген жоқ. Бизнес­тің қазақ тіліне көшпей тұрғаны – экономиканың әсері. Мұны мемлекет қолға ала алады, жолға қоя алады. Израиль қандай еді, қазір ше? Олар өз тілі үшін қатты талап қойды. Ал, біз ешқандай амалдар жасап жатқан жоқпыз. Бірақ, Оғыз Доған, Руза Бейсембайтегі секілді тіл жанашырлары ел ішінде бар. Мен ол кісілердің кейбір әдістерін қолдамаймын да, қарсы шықпаймын да. Әр адам әртүрлі қолдау көрсетеді. Менің жолым­ ол емес. Менікі “санамызды өркениет” жолына салу, тіл, этнография, тарих және моральдық жолдармен санамызды жаңғырту арқылы өзімізді-өзіміз тану, қазақты тану, қазақты таныту. Қазақтың тілге байланысты бөлінуіне жол бермеу керек деп ойлаймын.

- Сізді қоғам белсендісі ретінде жақсы танимыз. Белсенділік сізге не берді?

- Мен ешкімге тәуелді емеспін. Өз ойымды ашық айта аламын. Бірде-бір рет ақшаға сатылмадым. Кітаптарым сатылып жатыр. Фейсбукте танымалдығым бар. Көшеде көріп, танып жата­тын адамдар жиі кездеседі. Әлемнің көптеген түкпірімен байланыстамын, хабар алып, байланысып отырмын. Ресейдің Мәскеу қаласы мен Омбы және Төмен облысының қазақтары шақырып, ол жақтарда кездесу өткізіп қайттым. Мәселен, Эстония­дағы қазақтар кеше ғана маған хабарласып, кітабымды сұрады, мен сол жаққа  салып  жібердім. Одан бөлек те көптеген  шетелдегі  қазақтар “Ситуа­тивный казахский” атты кітабымды сұратады. Шетелге арнайы шақыртулар болып жатады. Олардың ешқайсысы ресми кездесу, шақырту емес. Ол – сондағы қазақтардың ұйым­шылдығы. Белсенділіктің ар­қасында көптеген ұлт зиялыларымен таныстым, аралас-құралас  болдым.

- Жер мәселесі кезінде кейбір аға­ларымыз  ұялғанынан  жерге  кіріп кету­лері  керек  еді. Ал, олар “артқа” кіруде асқан шеберлік көрсетті. Мұндайға түсіністік  танытуға  бола  ма?

- Жоқ. Меніңше, бізге ата-бабала­рымыздың кейпіне көшу керек. Екі сөйлеу, жағымпаздық деген секілді әдеттер – ақ патшамен келген ауру, дерт. Баяғы дат айтқан батырлардың, ханнан жасқанбаған елдің ұрпағымыз ғой. Мұның бәрі қазір жоқ. Қазір бір облыс әкіміне біреу бетіне осылай айтып­ты дегенді естіп көрдіңіз бе? Мені көп ойландыратыны – қазақ зиялыл­арының  отызыншы  жылдары­ қазақтың ашаршылыққа душар болуы­на, кәмпескелеуге, қуғын-сүргінге салуға, жазалауға көмек­тескендері, ұстап бергендігі, домалақ арыздарды жазған сатқындық істері көп ойландырады. Солардың аттарын ашып айтатын кез болды емес пе? “Ашаршылық жылдары қазақ жазуш­ылары не жазды екен?” деген ой келді. Ғабит Мүсіреповтің ғана ашаршылық жайлы көзбен көргенін жазғаны бар. Былайынша айтқанда, ешқайсысы ештеңе демеген не олардың жазғаны бізге жетпеген. Әйтпесе, 1932 жылы Алматыда жазушы­лардың съезі болды ғой. Олар сол кезде жай қол шапалақтап отырды ма? Меніңше, 1932, 1937 жылдары болған жайттарды, кімнің кім бол­ғанын, бетпердесін ашу керек. Мүм­кін, билік  халық  бір-бірімен қыр­қысады  деп қорқатын шығар. Десе де, одан  бері  бірнеше ұрпақ алмасты  ғой. Сондықтан, қорықпау керек. Осымен  оларға  ой саламыз. Болашақ ұрпақтың  алдында кім қарабет бол­ғыс­ы  келеді дейсіз? Ұрпақтардан ұялу  керек...

- “Ендігі билікке тек ұлтшылдар келеді­” деген пікір ел арасында жиі айты­лып жүр. Сонда бүгінгі биліктің ұлтшыл  болмағаны  ма?

- Мен  саясаткер  емеспін. Саясат­та жоқ адаммын. Ал, тіл жағынан келген­де, мен ешқандай жүйе көре алмай­ отырмын. Көргенім, бір бағдарлама қабылдау, оған ақша бөлу және талан-таражға салу. Мысалы, тілді дамытуға да ақша бөліп жатыр ғой. Бірақ, талап қойылып жатыр ма, жоқ па? Бір жұмыстың шетелдегі орындалу құны мен біздегіні салыстырсаңыз, біздікі қымбат әрі  сапасыз  болуы  мүмкін. “Балық басынан шіриді, бұлақ басынан бастап тұнады” дейді ғой. Заңдар жақсы десек, оны  орындау  жағы  әлсіз.

- Қазақ қоғамында күйіп тұрған 3 мәселе бар деп алсақ, сіз қайсысынан  бастап  шешудің  жолдарын қа­рас­тырар  едіңіз?

- Ең  бірінші  орынға  тіл мәселе­сін қояр едім.  Әрине, өзім жақсы біле­мін ғой, оның үстіне әркім өзі жақсы білетін саланы айтады емес пе? Ал, екінші мәселе – жаппай жайлаған сауатсыздық деген болар едім. Қазақ басылымдарында да сауат­сыздық белең алуда. Бұл тек жазуға қатысты емес. Үшінші мәселе – ұлттық рухты ояту мәселесіндегі “солақ­ай” істер. Таптаурын істер мен сөздер басым “Оян, қазақ!” деген­ секілді. Білмеймін, не істеу керек­тігін? Мүмкін қатермен, қанмен келер­ ме екен? Біз кім екенімізді сезу керекпіз, өз-өзімізді тануымыз қажет.

- Өз басым, “қазақ жалқау, қазақ анадай, қазақ мынадай” деген секілді сөздерді мүлдем айтпаймын. Бойымдағы кемшіліктерді тұтастай ұлттан көруді қоятын кез келген шығар. Осы орайда, қазақ  ұлтының  өзге ұлттардан артықшылығы туралы пікіріңізді естісем­  деймін.

- Мен қазақ ұлтын өте жоғары қоямын. Мені ол үшін ұлтшыл деп айтуға болмайды. Тілім, елім – менің анам. Ал, анасын кім жақсы көр­мей­ді? Анасын барлық аналардан биік қою, өзге аналарды төмендету деген­ді білдірмейді ғой, сол сияқты. Қазақтың бойында көптеген ар­тықшылық бар. Біз тез бейімдел­гішпіз. Осы бейімделгіштігіміз елікте­уге алып барады. Ақылды халық­пыз. Тілді тез үйренгеніміз, ақылдылығымыз басқа тілдерге ауысып, өз тілімізді ұмытуға дейін алып баруда. Мұны мін түзелсін деп айтып жатырмын. Әйтпесе, біз өте еңбекқор  халықпыз. Біздің қазақтың болашағы  жарқын.

- Менің қоймаған бір сұрағыма жауап­  беруіңізге  болады. Айтарыңыз бар  ма?

- Біршама әңгіме айтылды деп ойлаймын. Бірінші кітабым шыққаннан кейін фейсбукте қызылордалық Сағат Жүсіп деген ағамызбен таныс­қан  болатынмын. Содан бері байланысымыз  үзілген емес. Ол өзін­дік айтары бар кісі. Қара басының қамы үшін емес, бар Алаштың қамы  үшін тер төгетін ел ағалары аман  болсын дегім  келеді.

- Ашық  әңгімеңізге  рақмет!

Сұхбаттасқан  Рыскелді  ЖАХМАН

 


ҚАЗАҚ ТІЛІНЕ ҚАЖЕТТІЛІК ТУДЫРУДЫҢ ЖАЛҒЫЗ ЖОЛЫ PDF Print Email
Жаңалықтар - Саясат
20.09.2018 11:04

Қазақ тілі туралы айтқан-жазғандарымыз көлемі жағынан «Гинесс рекордтар кітабынан» орын алатын деңгейге жеткен сияқты. Әлі де айтамыз... Дегенмен осы әңгімелердің ішінде зарлау, жоқтау, өкініш пен ыңырсу жағы басым да, мәселені нақты шешу жолдары, оның тәсіл­дері тым аз. Бұл – сол жолдарды білмеу ме, әлде сол тәсілдердің іске асуына сенбеу ме, ол жағын білмеймін, бірақ қазақ тілін қоғамдық өмірдің барлық саласында жұмыс істейтін дәрежеге жеткізудің тағы бір жолын – халықаралық тәжірибе­де өзінің тиімділігін дәлелдеген жолын көрсету артық болмас деп ойлаймын.

Жоғарыдағы қазақ тілі туралы айтыс-тартыстар мен саналы талқылаулардың тірелетін жері біреу-ақ екенін барлы­ғы­мыз түсінген сияқтымыз: қоғамда тілге деген қажеттілік болмаса, оны ешкім де үйренбейді, үйренгені қолданбайды, қолданғ­аны (қажеттілік болмағаннан кейін) тастап кетеді. Мың жерден тіл­дерді дамыту орталықтарын ашайық, қазақ тілін меңгерген басқа ұлт өкіл­дерінің арасында жарыстар өткізіп, сыйлықтар  берейік, славян тектес азаматтарды қазақтілді хабарлардың жүргізу­шісі етіп тағайындайық, 2020 жылы республикадағы азаматтардың 90 пайызы қазақ тілін білу керек деген үкім шығарайық, «он бес жылда аюды да үйретуге болады (Н.Назарбаев)» деп орыстілді­лердің  шамына  тиелік, «100  қазақ  отырған жерде 5 орыс отырса, біз орысша сөйлейтін сорлы халықпыз ғой (Н.Назарбаев­)» деп қазақты қайрайық – ешқанда­й нәтижеге жетпейміз. Себебі қоғамда қазақ тіліне деген қажеттілік жоқ.

Халықаралық тәжірибеге сүйенсек, тілге деген қажеттілік екі жолмен ғана жасалады:

Біріншісі – құқықтық, заңдық жолмен тілге деген қажеттіліктің жасалуы. Мемлекет белгілі бір заңдар арқылы мемлекеттік тілге деген қажеттілікті тудыр­ады. Ол заңдарда мемлекеттік тілді меңгермеген жандарды белгілі бір қызмет түріне қабылдамау сияқты талап­тардан бастап, мемлекеттік тілді қате жазған жарнама берушіге қомақты айып салуға дейінгі баптар болады. Қысқасы, азаматтардың екі аяқтарын бір етікке тыға отырып, мемлекеттік тілді білмеген адамдардың тіршілік ауқымын тарылтады, оларды мемлекет­тік тілді білуге мәжбүрлейді. Мұндай талаптар өркениетті елдердің «Мемлекеттік тіл туралы» заңдарының барлығында бар (заңның басты міндеті де азаматтарды мәжбүрлеу болып табылады). 90-жылдардың басында Прибалтика елдері де осы бағыттағы баптарды өзде­рінің заңдарына енгізіп, мемлекеттің аумағында бір ғана мемлекеттік тілдің жұмыс істеуін жүзеге асырды. Ол заңдарда әрбір мамандық иелеріне мемлекеттік тілді меңгеру деңгейі де көрсетіл­ген. Мемлекеттік тілді білуді талап ететін мамандықтардың ішінде мемлекеттік қызметкерлерді былай қойғанда, сауыншылар мен сылақшылар, құрылысшылар мен жүргізушілер де бар... Ал басшылық орындар (министрліктер) өздеріне бағынышты төмендегі құры­лым­дарға өзге тілде (мысалы, орыс тілінде) жазылған қағаз жіберсе, заңның аясында айыппұлдың астында қалады. (Ал біздерде 93 пайыз қазақтардан тұратын Қызылордаға да жоғарыдан орыс тілінде қағаздар келіп, оған орыс тілінде жауап беруді талап етеді). Қазақ еліндегі тілдердің қолданылуын реттейтін «ҚР Тілдер туралы» заңының  –қос тілділікті сақтау, дамыту заңының  бұл талапты жүзеге асыра алмайтыны бәрімізге белгілі, сондықтан ұлтшыл азаматтар бірнеше жыл бойы «ҚР Мемлекеттік тілі» туралы заңының қажет­тілігін айтып­ келеді. Айтып ғана қоймай, осындай заң жобасын дайындап, жұртшылыққа, Парламентке ұсынып та көрді. Алайда орыстанған, орыстілді билік өздерінің орыстілді балаларының болаша­ғын ойлап, жұмған ауыздарын ашар емес. Демек, бұл жол – заң арқылы­ тілге қажеттілік жасау жолы – жақын­ арада жүзеге аспайтын мақсат.

Енді екінші жолға, екінші тәсілге келейік. Кейде мен бұл тәсілді «Прибалтика тәсілі» деп те атаймын. «Прибалтика тәсілі» бойынша қазақ тіліне деген қажеттілікті қазақтілді азамат­тардың өздері жасайды. 90-жылдардың басында Латвия, Литва және Эстония мемлекеттеріндегі орыстілді тұрғындар жергілікті халықтың тілін – мемлекеттік статус  алған тілді мойындамай, Кеңес­ өкіметі кезіндегідей, басқалардың орыс тілінде сөйлеуін талап етуін тоқтат­пады. Мемлекеттік тілді білуді, үйрену­ді керек етпеді. Бұл елдерде де біздердегі сияқты, алғашқы кезеңде «бұл – сенің мемлекетіңнің тілі, оны білу, қолдану – сенің парызың» деген сияқты ақыл-кеңестер, жұмсақтап айтулар болды. Алайда орыстілді азаматтар «бас­қалармен түсінісу үшін мен басқалардың тілін білуге тиісті емеспін, менімен түсінісу үшін басқалар менің тілім­ді  білсін, себебі орыстілі – орыстардың­ тілі!» деген ақымақ ұстанымнан айы­рылғылары келмеді. Мемлекеттік тілді міндеттеу басталғанда орыстілділер «біздің тілімізді кемсітіп жатыр!» деген айғай-шу  көтеріп, жалайырға жар салды.­ (Айта кету керек, «біздің тіліміз кемсітіліп  жатыр» деген жылау мен зарлау – бейшара орыстілділердің ең тиім­ді тәсілдерінің бірі). Мұндай арсыз­дықты күтпеген Прибалтика елдерінің мемлек­еттік органдары алғашқыда тосы­лып  та қалды. Алайда  осы жағ­дай­да, елу жылғы орыстілділердің езгісін көріп, қандары қайнаған жергілікті ұлт өкілдері жаңа тәсілді – мәдениетті, адам құқығын бұзбайтын жаңа әдісті ойлап тапты. Бұл тәсілдің негізінде «Сенің қандай тілде сөйлейтініңде менің жұмысым жоқ, ал мен өзімнің тілімде сөйлеймін» деген ұстаным жатты.­ Жоғарыдағы елдердің дүкендері мен кассаларында, транспорттары мен тұрмыстық қажетті өтеу орындарында, т.т. орыс тілінде сөйлеген адамдарға жергілікті тілде жауап беріле (немесе мүлдем жауапсыз қалдыру да орын алды) бастады. Алғашқы кезеңде орыстілділер аңтарылып қалды да, кейіннен «орыс тілін кемсітушілік (дискриминация)  жүріп  жатыр!» деп сан түрлі орындарға, адам құқығын қорғайтын, бақылайтын Еуропа ұйымдары мен құрылымдарына арыздар жазып, көмек сұрады. Бірақ бұл мәселені тексеруге келген сан түрлі комиссиялар адам құқы­ғының бұзылуының ешқандай да дере­гін таба алмады. Прибалтиканың жергі­лікті тұрғындары: «Маған орыс тілінде сөйлеген адамға ешқандай ренішіміз жоқ. Себебі, әр адамның өзінің сөйлеу тілін таңдау құқығын толық мойындаймыз, құрметтейміз. Сондықтан орыс тілінде сөйлеген адамға «Аузыңды жап, бұл мемлекеттің тілі – латыш тілі. Сен сол тілмен сөйлеуге тиіссің» деген сөз айтпаймыз. Бірақ олар да біздің қай тілде сөйлеуді таңдау құқығымызды сыйласын. Біз өз тілімізде сөйлеуді таңдаймыз. Оған ренжімейтін шығар» деп жауап берді. Орыстілділердің: «Олар орыс тілін біледі, ал мен латыш тілін білмеймін. Сондықтан олар бізге орыс тілінде жауап берулері керек» деген­ сөздерін естіген еуропалық адам құқығын қорғаушылар талып қала жаздап­ты. Естерін жинаған комиссия мүшелері: «Кешіріңдер, олардың, латыш­тардың іс-әрекетінде адам құқы­ғын  бұзатын ешқандай белгі жоқ. Олар сендердің ауыздарыңды жауып, латыш тілінде сөйлеуге мәжбүрлеген жоқ. Үнсіз тыңдап, түсінбегендері жауап бере алмай, ал түсінгендері өз тілдерінде жауап берді. Бұл жерде ешқандай дискриминацияны көріп тұрған жоқпыз. Егер сендерге орыстілінде сөйлеу­ге тыйым салса, тілдік дискриминация деп соны айтуға болады. Жергілікті ұлт­тың өз тілінде сөйлеуі – мәдениеттілік пен өздерінің ана тілдерін, мемлекеттің тілін құрметтеуі ғана. Ал сіздердің «менің білетін тілімде жауап беріңдер» деп талап етулерің – барып тұрған бассыздық, адам құқығын сыйламаушылық» деген тұжырым айтыпты. Ұзын сөздің қысқасы, осы «Прибалтика тәсілі» арқылы жергілікті ұлт өкілдері аз уақыттың ішінде өздерінің ұлттық тілін – мемлекеттік тілді тірілтіп алды. Осы елдердегі орыстілділер алғашқыда айғай-шу шығарды, кейін «біздер көшіп кетеміз!» деп қорқытты (Шынын айту керек, жергілікті билік те, жергілікті тұрғындар да олардың кетулерін асқан шыдамдылықпен күтті... Не жұмыс істеп жарытпайтын, мәдениеттері төмен, басқа ұлт өкілдеріне жоғарыдан қарайтын, өздері тұрған елдің не тілін, не мәдениетін, не тарихын менсінбей­тін, білгісі келмейтін, көпшілігі тек қара бастарының қамын ойлап келген, тек ішкілік ішіп, былапыт сөз айтудан алғаш­қы орынды бермейтін орыстілді азаматтардан құтылу – олардың өмірлік армандары болатын!). Бұл қоқан-лоқы­ға көңіл бөлген адам болған жоқ. Алайда­ орыс тілінде сөйлеу үшін Прибалтика елдеріндегі жақсы жағдайларын тастап, сол уақыттағы қирап жатқан Ресейге көшкендері де шамалы болды. Көпші­лігі жергілікті тілді білмейінше өмір сүре алмайтындарын жақсы түсініп, өз қалталарынан ақша төлеп мемлекеттік тілді оқып алды, балаларын латыш, эстон тіліндегі мектептерге бере бастады.

Мен қазақтілді азаматтарға осы тәсілді ұсынамын. Қазақ тілін сақтаудың, дамытудың, қоғамда тілдік қажет­тілікті тудырудың жалғыз жолы – мәдениетті, адам құқығын толық сақтайтын жолы да осы деп білемін. Бұл тәсілді жүзеге асыруда Мемлекетке, Прези­дентке жалтақтаудың да қажеті жоқ. (Олар бұл тәсілге қарсы болып, «орыс­тілділермен орысша сөйлесуге міндеттісіңдер» деген заң шығармайтын болар.­..). Біле білсеңіздер, бұл тәсіл – Қазақ жеріндегі орыстілді азаматтарға нақты көмек. Барлық жерде қазақ тіліндегі сөздерді естіп, жазуларды көрген  адамдар  ғана қазақ  тілін үйрену­ қажеттігін  түсіне  бастайды.

«Прибалтика тәсілін» жүзеге асыруда ерекше көңіл қоятын бірнеше мәселе­ бар. Оның бастысы және бұл тәсілдің тиімділігін жоққа шығаратын қадам – «бұл – мемлекеттік тіл, сен оны білуге тиістісің!» деген арандатушы, анайы, батыраштық ұрандар. Осыдан аса сақ болғанымыз абзал. Кімнің қай тілде сөз сөйлеуін сол адамның таңдауына қалды­райық та, өзіміз қазақтың жалпақ тілі­мен жауап берейік, ойымызды білді­рейік. Дұрыс жолы осы ғана. Біз – көп­піз. Біз – қостілді халықпыз. Біз осы екі артықшылығымызды пайдалана білуіміз керек. Екіншіден, «Прибалтика тәсілі» – халықтық деңгейде жүргізілетін әрекет. Барлығымыз немесе көпшілігіміз бір кісідей осы тәсілді жүзеге асырмасақ, тиімді нәтиже бермеуі мүмкін. Өкінішке қарай, біздің қазақтілділер, оның ішінде қазақ азаматтарының өздері осы әрекетке қарсы шығып (біреулері – біліп, енді біреулері – ақы­мақтықтан), аяқтан тартуы ғажап емес. Бірақ, тағы да қайталаймын, көпшілігіміз­дің іс-әрекетіміз бір жерден шықса, қазақ тіліне деген қажеттілік табиғи түрде өмір­ге келетіндігінде талас жоқ.

Біреулер «Егер Президент  таңертең қазақша сөйлесе, кешке барлық бастық, одан кейін барлық қазақстандықтар қазақша сөйлеп кетер еді» дейді. Олардың ойынша, тілге деген қажеттілікті тудырудың ең тиімді тәсілі де осы сияқты.  Әрине, ұлыққа қа­рап бір көзімізді ғана емес к.... де қысып жүрген сорлы тобыр ретінде бұл жолдың да уақытша берері бар. Бірақ, уақытша ғана. Себебі, ондай сорлы тобыр келесі келген Президент таңертең қытайша сөйлесе, кешке қытай­ларды да, қазақтың асыл тілін де жолға тастап шүлдір­лей жөнеледі. Қазақ елінде, қазақ қоғамында Парламент заң қабылдайды, Президент оған қол қояды, ал қазақ халқы­, егер  ана  тілі  керек  болса, қазақ  тіліне  деген­  қа­жеттілікті  өздері   жасайды.

Саясаткердің міндеті – осы жолды, осы тәсілді көр­сетіп, дәлелдей білу.

Дос  КӨШІМ,

қоғам   қайраткері

 


АТА-АНАЛАРДАН АҚША ЖИНАУ – ЗАҢСЫЗ PDF Print Email
Жаңалықтар - Құқық құрығы
20.09.2018 11:02

Жақында құрбымды кездестіріп қалдым. Әңгіме ай­тып­ тұрғанда, ол өзінің күйеуі­нің жүргізуші куәлігін бар-жоғы екі сағатта алғанын айтып, мақтанды. «Қазір электронды үкімет жақсы дамы­ған екен» деп қалды бір сөзінде. Расында да, қоғамдық көлікпен қатынайтындар біле бермеуі мүмкін. Бірақ көлік тізгіндейтіндер бұл жаңал­ыққа қатты қуануда. Себеб­і, «жол қадірін жүрген білер» демекші, бұрындары кезек күтіп, қаншама күнін шығындайтын жүргізушілер куәлік  алудың қадірін жақсы біледі. Бұл – көрсетілетін мемлекеттік қызмет түрлері­нің электронды форматқа ауысуының нәтижесі. Әрі осыдан кейін адами фактордың болуы да азаяды.

Себеб­і, уақытын шығындағысы келмеге­н адам бұл қызмет түрін ымыраласа отырып тез бітіргісі келуі мүмкін немесе дәл осы қызмет түрін қызмет көрсетушінің өзі ұсынуы да ғажап емес. Айта кету керек, уақытын «өлтіргісі» келмеген адамға электронды көрсетілетін мемлекеттік қызмет түрлерінің саны артқан. ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Қызылорда облысы бойынша департаменті бастығы А.Мұ­хим­овтың айтуынша, жыл басын­ан бері электронды түрде  көрсетілген қызмет саны 1 млн 24 мыңға жетіпті. Осылайша, жалпы көрсетілген мемлекеттік қызмет санының 81 пайызын құраған. Мысалы, баланы  балабақшаға тіркеу керек болса, egov.kz порталын пайдалана отырып өзіңіз-ақ істей аласыз. Ал сол балабақшадан шығаратын жағдайда бұрын халыққа­ қызмет көрсету орталықтарына не қалалық білім бөліміне бара­тын­быз. Қазір бұл қызметті сол балабақшада жүзеге асыра береді.

Жасыратыны  жоқ, көбіне  сыбайлас жемқорлық қылмыстарына барған жанды­ біле тұра, тіс жармаймыз. Пара берушіні де, алушыны да тоқтатуға асықпаймыз. Бір жағынан, «қазір бәрі осылай, Мәке, Сәкесіз бітпейді» деген түсінік қалыптасқан санамызда. Алайда бәріне көз жұма берсек, жемқор елдерд­ің көшін бастап кетпейміз бе? Одан бөлек, болашақ ұрпақтың санасын да осы тәсілмен улап келе жатқанымыз бүгінгі аға ұрпаққа сын деп білемін. Сондықтан «мүлдем төзбеушілік» қағидаты, яғни ұсақ құқықбұзушылыққа төзбеу ахуалын қалыптастыру қоғамдық тәртіпті нығайтуға бастайтын маңызды қадам деп білемін. Осы арқылы  ұсақ  қылмыстардың алдын алсақ, ол болашақ жемқорлыққа жетелейтін жолды жабатыны сөзсіз. Мысалы, қазір қоғамдық орында темекі тұқылын тастаға­ны үшін айыппұл салынады немес­е бірнеше тәулікке қамалады. «Аузы күйген үрлеп ішеді» демекші, сол тәртіпсіздікті жасаған адамның мұны екінші  рет қайталамасы анық. Сондай-ақ, бүгіннің өзінде облысымыз бо­йынша сыбайлас жемқорлық фактілері туралы хабарлаған және басқа да жем­қорлыққа қарсы іс-қимылда көмек көрсеткен  11 тұлғаға жалпы сомасы  1 427 610 теңге сыйақы беріліпті. Бұл туралы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл бюросының Қызылорда облысы­  бойынша департаменті бас­шысының орынбасары Бақытжан Жандар­беков айтты. Демек жемқор­лықтың куәсі болсаңыз, үндемей қалмай, сыйақы алуға асығуға болады деген­ сөз. Сондай-ақ, жыл басынан бері облыс­та барлығы 123 сыбайлас жемқорлық санатындағы құқықбұзушылық тіркеліп, 60 адам жауапкершілікке тарты­лыпты. Ал мемлекетке келтірілген 541 млн теңгенің 95 миллионы өндірілген.

Өткен аптада ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі Жұртшылықпен байланыс жөніндегі департаменті­нің директоры Арман Бердалин об­лысымызға арнайы келіп, аудандарды арала­ған болатын. Мемлекеттік қызмет жүйесін жетілдіру, сапасын жоғары­лату, сыбайлас жемқорлықтың алдын алу бағы­тындағы жұмыстарды көрген Арман­ Тілектесұлы соңынан БАҚ өкіл­дерімен  кездесіп, брифинг берді. Мұн­да ол әлі күнге дейін мектептерде ақша жинау мәселесінің толықтай шешілмей келе жатқанын жеткізді. Түрлі сылтаулар айтып, оқушылардан ақша сұра­татын ұстаздар қауымының әрекетін заңсыз  деп  бағалады.

– Мектептердегі ақша жинау мәселесін ерекше атап өткім келеді. Олар, өкінішке қарай, әдеттегі жағдайға айнал­ып кетті. Көптеген ата-аналар осы оймен келісіп, оның дұрыс екеніне күмәнданбайды. Бірақ олай емес. Мемлекет мектептердің барлық қажетті­ліктеріне, оның ішінде жөндеу жұмыс­тары мен басқа шараларға жеткілікті қаражат бөледі. Ата-аналардан қаражат жинау – заңсыз. Бұл балабақша­ларға да қатысты,- деді А.Бердалин.

Айта кетейік, департамент нәсібін кәсіптен тапқандардың да құқығын қорғ­ап келеді. Осы жылдың 8 айында  7 кәсіпкердің құқықтары мен мүдделері қорғалып, қалпына келтіріліпті.

– Мысалыға, «Жолаушы сервис А.Б.» ЖШС мемлекеттік сатып алу келісімшартын жасаудан бас тартып, кәсіп­керге заңды мүддесі мен құқықтарын жүзеге асыруда кедергі келтіру жөніндегі шағымы бойынша Арал аудандық коммуналдық-шаруашылық, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімі­нің басшысы А.Тасқынбаевтың әрекеті Әдеп жөніндегі облыстық кеңесте қаралып, «атқаратын қызметке сәйкес емес­тігі туралы» тәртіптік жаза қолданылды. Сондай-ақ, «Медикея ИИС» ЖШС облыстық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының протездік-ортопедиялық құралдармен жабдықтау туралы келісімшарт талап­тарында көрсетілмеген құжаттарды сұрап жатқандығы туралы шағым­данды. Шағымды қарау барысында басқармамен протездік-ортопедиялық құралдардың тіркеу куәліктерін негізсіз сұрап жатқандығы анықталды. Қарау нәтижесімен, «Медикея ИИС» ЖШС мен облыстық  жұмыспен  қамтуды үйлес­тіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы арасындағы 118 млн теңгені құрайтын мемлекеттік сатып алу туралы келісімшарттың орындалуы қамтамасыз етіліп, бизнес субъектінің құқық­тары қорғалды,- деді А.Мұхимов.

Түйгеніміз, өз мүддесін ғана ойлап, заңды айналып өтетіндер, түбі жазасыз қалмайды. Экономикадан бастап, әлеу­меттік сала, саясатқа да іріткі салатын сыбайлас жемқорлықтың алдын алу – баршамыздың  міндетіміз.

 


СЫРДЫҢ ЦЕМЕНТІ мен ШЫНЫСЫ – БАСТЫ БРЕНД PDF Print Email
Жаңалықтар - Саясат
20.09.2018 10:59

Биыл облыс экономикасының бәсі жоғарылайтын, негізгі көрсет­кіштердің көбеюіне қолайлы жыл. Өндіріс ошағына айналмағанымызбен, өнім өндіру мен экспорттауда алдыңғы қатарда тұрғанымыз рас. Өңірімізде соңғы жылдары көптеген зауыттар мен өндіріс ошақтары салынуда. Солардың қатарында молибден өндіру, балық өңдеу, цемент және шыны зауыттары да бар. Әрине, бұл төртеуі де – аймақтық индустрия­ландыру картасының аясында жүзеге асырылып жатқан жобалар. Және бұл төртеуі де осы жылдың аяғына дейін іске қосылады деп жоспарланып отыр.

Осы ретте аймақ басшысы Қ.Көшербаев Шиелі ауданына жұмыс сапары барысында жыл соңына қарай іске қосылатын цемент зауытының құрылыс жұмыстарымен танысты. Құрылыс алаңында 600-ден астам адам жұмыс істеп жатыр. Бүгінде зауыт­тың құрылыс-монтаж жұмыс­тары 90 пайызға аяқталған. Ал зауыт­тың болашақ қызметкерлері Қытай елінде білім алуда. Сонымен қатар жергілікті тұрғындар қатарынан жұмыссыздар санын азайту үшін «Гежуб­а Шиелі Цемент» компаниясы аудандағы индустриалды колледждің 46 түлегін Қытайға білім алуға әрі жұмыс істеуге даярлықтан өтуге жіберген болатын. Құрылыс басын­да аймақ басшысы осы бағытта оқуын тамамдап келген алғашқы лекпе­н жүздесті. Мемлекеттік-жекеменшік әріптестік шеңберінде зауыт­қа электр желісімен жабдықтау және теміржол салу жұмыстары жүргізілуде. Сондай-ақ, облыстық бюджеттен өнеркәсіптік аймаққа газ құбырын салу үшін қаражат бөлінді.

Естеріңізге салайық, Шиелідегі цемент өндіретін зауыттың жобалық қуаты жылына 1 млн тоннаны құрайды. Зауыт алаңында қызметкерлерге арналған әлеуметтік нысандардың құрылысы жүргізілуде. Жыл соңына таман іске қосылғаннан кейін кәсіп­орын өнімдері Еуразиялық эконо­микалық одақ, ТМД және ҚХР елде­ріне­  жеткізілетін  болады.

Облыс әкімінің аралаған екінші нысаны – шыны зауытының алаңы. Мұнда ағымдағы жылдың ІV тоқсанында толықтай іске қосылатын  4 нысанның құрылыс жұмыстарын аралады. Зауыт алаңындағы 17 мерді­гер  компанияның  қарамағында  240-қа жуық адам жұмыс істеуде. Қазіргі таңда зауыттың төрт кешенін­де де құрылыс жұмыстары қауырт жүргізілуде. Атап айтқанда, «Дайын өнім қоймасы» бірінші кешен бойын­ша 85%, «Ішкі теміржол» кешені бо­йынша 52%, «Негізгі цехтар» кешені бойынша 45%, «Ішкі инженерлік желіл­ер» кешені бойынша 7% жұмыс аяқталып тұр. Алдағы уақытта бюджеттік  қаражат есебінен  шыны зауы­тына  қажетті барлық инфрақұрылым жеткізіледі. Бүгінгі таңда газ құбырының екі тармағы, сумен жабдықтау, кәріз жүйесі, электр желілері, жолдар мен байланыс желілері тартылған. Зауытқа қажетті шикізаттарды жет­кізіп беру үшін қараша айына дейін теміржол құрылысын аяқтап, жыл соңында Елбасымен өтетін тікелей телекөпір аясында зауытты іске қосу үшін облыс әкімдігі тиісті жұмыс­тарды  атқаруда.

Айта кетейік, «Чайна Триумф» компаниясы күн батареялары, смарт­фондар мен планшеттер үшін пайдаланылатын өте жұқа әрі ультра мөл­дір шыны өндіру үшін жоғары технологиялық зауыт құрылысына инвестор ретінде қосылды. 150 миллион АҚШ долларын құрайтын бұл жобаны Қызылорда облысының индустриялық аймағында жүзеге асыру жоспар­ланған. Бұйырса, жылдың соңын­да Қызылорда облысы индустриалды аймақтардың алдыңғы қатарын­а енеді. Өйткені бізде жерас­ты және жерүсті байлықтарының барлығы кәдеге жарамды тауар ретінде өндіріледі және экспортталады. Ал әзірге басты бренді Сырдың күріші болса, бұдан кейін  Сырдың шынысы, Сырдың цементі деген тамаша теңеумен мақтанып жүретін боламыз.

Халық-хабар

 


ҚЫЗЫЛОРДА ҚАЛАСЫНЫҢ 200 ЖЫЛДЫҚ МЕРЕЙТОЙЫ АЯСЫНДА ҰЙЫМДАСТЫРЫЛАТЫН ШАРАЛАР PDF Print Email
Жаңалықтар - Халық-хабар
20.09.2018 10:45

*Ескертпе: Ұйымдастырылатын шаралардың өтетін орны мен уақыты өзгеруі мүмкін. Өзгерістер туралы толық ақпаратты www.qorda.kz сайтынан алуға болады.

 


ЕСЕЛІ ЕҢБЕК ТАРИХҚА ЕНБЕК PDF Print Email
Жаңалықтар - Саясат
20.09.2018 10:40

КӨНЕ  ҚАЛА  мен  ЖАҢА  ҚАЛА

Біздің дәуірімізден әрі асатын шежіре-тарихы бар Сақтар мәдениеті көм­бесінің бір бөлігі Сыр бойында жатыр. Ашық аспан астында ата-баба аманатын арқалап, біздің дәуірімізге дейінгі ІV-VІІ ғасырларда ғұмыр кешкен Шірік-Рабат, Бәбіш молда, Бұланды, Сығанақ тарихи-мәдени ескерткіштері бүгінде көздің қарашығындай мемлек­ет қарауында және Сыр шаһарының  көз  алдында.

Жуырда  Қызылорда қаласы­ екі ғасырдың куәсі болған айтулы­ мерекесін тойлайды. Ырыс­тың елі, күріштің жері, тума талан­ттардың табаны тиген­, қасиет қонақтаған, Қыдыр қолдаған, бабалар ізі тұлпарлар тұяғымен таңба болып­ қалған­ Сыр шаһарының тарихи­ сәттері тағы да жаңармақшы. Қала бұрынғыдай емес, көшелері тегіс, келбеті көркем, инвестициялық тартымдылығы мен өзге де экономикалық дамуға­ бет бұрғызатын деңгейге жетті. Ал әлеуметтік ахуалы экономикалық зор жетістіктердің еншісінде. Өйткені соңғы жылдары халықтың баспана­мен қамтамасыз етілу көрсеткіші еселеп артып келе­ді. Осындай ауқымды жұмыстардың нәтижесінде 5 жылдан бері қаламызда 12 шағын аудан бой көтеріп, 7 мыңға жуық жерлестеріміз қоныс­тойын тойлады. Қызылорда қаласы әкімінің  есеп беру сәтінде  айт­қан «Былтырғы жылы қа­ламызда 230 мың шаршы метр болатын 2 мың 971 пә­терлік 61 көпқабатты тұрғын үйдің құрылысы жүргізілді. Қызыл­орда  қаласында  тұрғын үй құрылы­сын дамытуға тартыл­ған инвестиция көлемі 33 млрд 142 млн теңгеге жетті. Облыста атқарылған құрылыс жұмыс­тарының 43,8 пайызы Қызыл­орда қаласының үлесінде. Бұл жобаларды жүзеге асыру ба­рысында 20 мыңға жуық жерлестеріміз жұмыспен қамтылды. 2017 жылдың ең үлкен жетістігі – Қызылорда қала­сының бас жоспарына сәйкес Сырдария өзенінің сол жаға­лауынан жаңа қала құрылысының басталуы» деген болатын.

 

АПАТТЫ   ҮЙ   МӘСЕЛЕСІ   ШЕШІЛДІ

Жалпы, қалада тынымсыз тірліктің өніп жатқандығын күнделікті көріп жүрміз. Көп емес, екі сағат уақытыңызды қиып, қаланың арғы басынан бергі бетіне дейін бір шолып шықсаңыз, зәулім-зәулім ғи­мараттардың еңсесі тіктеліп, сап түзеп тұрған тұрғын үй кешендері мен әлеуметтік нысандарды байқамау мүмкін емес. Әрине, мұның барлығы – жерден шығып немесе көктен түсіп жатқан жоқ, қажырлы еңбек пен іскерліктің нәтижесінде халық үшін салынып жатқа­н нысандар. Болашақта ұрпақ  жалғастығы  осы  жақсылықтармен тікелей байланысты  екенін  ескерсек, сұранысты­ игере білу де өнерге жататынына екендігіне көзіміз жетеді. Сол сұраныстың арасында «үйі жоқтың көкейінде алтын сарай жүреді» деген тәмсілмен өмір сүріп жатқа­н қаншама халық бар. Көптің тілегін орындаған тіректі басшылардың арқа­сында жыл сайын мыңдаған қала  тұрғыны  пәтер  кілтіне қол жеткізді. Ал апатты жағдайдағы тұрғын үйлердің мәселесі толық шешілген. Бұл – тек жаңа баспана иелері үшін ғана емес, біз үшін де үлкен қуа­ныш. Басындағы жалғыз бас­панасы апатты деп танылған жерлестеріміздің жағдайы бізді қатты алаңдатқан ең өзекті мәселелердің бірі болатын. «Өңірлерді дамытудың 2020 жылға дейінгі бағдарламасы» аясында соңғы 5 жылда қала бойынша 3 млрд 200 млн теңгеге 123 көпқабатты тұрғын үй күрделі жөндеуден өткі­зілген. Бұл өзгерістерге де тұр­ғын­дардың көңілі көншіп, қасбеті мен бірқатар мәселесі шешіл­ген үйдің тазалығын сақтап­ отыруға  жұмылдырылып  отыр. Әйтпесе қазақ «Үйің жаман болса, күйің  жаман»  деп бекер­ айтпаса  керек.

 

БОЙЫНА   ҚАН   ЖҮГІРГЕН  КОММУНАЛДЫҚ   САЛА

Бұрындары бос жатқан жерлерд­ің төрт құлағына қазық қағулы болса, «біреудің меншігіндегі жер екен» деп өте беретін едік. Қазір басқаша... Қазық меншік ұғымын білдір­мейді. Жерге иелік ететін болсаң, іргетасы қаланып, шатыры­ жабылғанша әрекет жасау керек­. Бұрынғыдай ескерту жоқ, уақытында тиімді пайдаланылмаған жер мемлекет меншігіне қайтарылады. Өйткені ол жерге мемлекеттік бюд­жет­тен  қыруар  қаржы  бөлініп, инфрақұрылымдық жобалар сызылып, жоспарлары орындалды. Жарық желілері, ауызсу және кәріз су желілері, жол секілді бірқатар мәселелер шешілгеннен кейін ғана халыққа жер телімін табыстау үрдіске айналды. Өткен жылы бұл бағытта республикалық, облыстық, қалалық бюджет көздерінен барлығы 3 млрд 376 млн теңге қарастырылған. Ауызсу, кәріз жүйелері мен ғимарат­тарын қайта жаңғырту инвестициялық бағдарламасына сәйкес облыстық бюджеттен қоса қаржыландыруға 61 млн теңге, Ұлттық  қор  есебінен  545 млн теңге бөлінді. Ал «Нұрлы жол» бағдарламасы арқыл­ы республикалық бюджеттен бөлінген 1 млрд 584 млн 151 мың теңгеге 13 жоба бо­йынша 17,03 шақырым ауызсу және кәріз су құбырлары жаңғы­ртылған. Ең бастысы сол, соңғы 5 жылдың ішінде Қызылорда қаласында 16 млрд теңгеге 544 шақырым ауызсу инфрақұрылымы  жаңаланған. Соның  нәтижесінде қалаіші­лік су құбырлары 75 пайызға толық­тай өзгертілген. Бүгінде ең  таза  жерасты суын  тұтынып отыр­ған бірден-бір қала Қызылорда­ екенін мойындау керек. Қала әкімдігінің мәлі­метіне сүйенсек, қаламызда жылу желілерін жаңарту жұ­мыстары да қарқынды жүргі­зілуде. Соңғы 5 жылда қаладағы магистральды жылу желілерін жаңартуға 8 млрд теңгеден астам қаржы жұмсалған. Биыл жылу жүйелері мен қазандықтарды  ағымдағы және күрделі жөндеуден өткі­зуге «Нұрлы жол» бағдарламасы аясында республикалық бюджеттен 2 млрд 210 млн  450 мың теңге қаржы бөлініп, 8 жоба бойынша 7,433 шақырым жылу құбырларына жаң­ғырту жұмыстары жүргізіліп жатыр. Ал жол құрылысын дамыт­уға 23 млрд теңгеден астам қаржы тартылып, 500 шақырымға жуық жол орташа күрделі жөндеуден және қайта жаңғыртудан өткізілді. Ағымдағы жылы жол жөндеу жұмыстарына республикалық, облыс­тық бюджеттен 1 млрд 110 млн 219 мың теңге қаржы қаралып, 22 жоба бойынша 39,723 шақырым жол қалыпқа келтірілуде. Дегенмен, қала халқының саны жыл сайын қарқынды өсіп, тиісінше жаңа тұрғын аудандар мен жаңа көшелер пайда болуда. Сондықтан да қала тұрғындарының сұра­нысына сәйкес жол сапасын жақсарту бағытында нақты жұмыстар  жүргізілуде.

 

ҰЛЫ   ЖОСПАР  –  ҰЛЫ   ІС

Мемлекет басшысы Қазақстан халқына арнаған «Төртін­ші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері» атты Жол­дауында төртінші жаңғыртудың негізгі 10 басым бағытын атап көрсетті. Жаңа әлемге, яғни төртінші өнеркәсіптік револ­юция әлеміне бейімделуге, жетістікке жетуге жол табу үшін не істеу қажеттігін айқындайды. Ендігі кезекте бар мүмкіндіктерді тиімді пайдаланып, Елбасы берген бағытпен халық артқан сенімді ақтау үшін бүгінгі жетістіктерімізді еселеу жолында қарқынды жұмыс істеу ғана жеткілікті. Ол үшін алдымен қала экономикасының еңсесін көтеріп, әлеуметтік деңгейін жақсарту мін­деті тұр. Мәселен, ағымдағы жылы өнеркәсіп өнімдерінің өндіріс көлемі өткен жылдың салыстырмалы кезеңіне 95 па­йызды құраған. Негізінде өң­деуші өнеркәсіп саласында жо­ғары сұранысқа ие болып отырғандары – тамақ өндіру, машина жөндеу, резең­ке және пласт­масса бұйымдарын өнді­ру салал­ары. Ал жыл басынан бері негізгі капиталға салынған­ инвестиция көлемі 27 771,3 млн теңге­ні еңсеріп отыр. Демек, біздің алар  асуымыз әлі алда, дамуымыз  даңғыл  жолда.

Қала әкімі Н.Нәлібаев өзінің ел алдындағы есебінде:

- Биылғы жыл еліміз үшін, біздің өңіріміз үшін айтулы оқиғаларға толы, тарихи жыл болғалы тұр. Тәуелсіздік жылдарында қол жеткізген ең үлкен жетістігіміздің бірі, Сарыар­қаның төрінен әсем Астанамыз бой көтерді. Осы жылы Елбасымыздың төл туындысы Елордамыздың 20 жылдық мерейтойын, Сыр өңірінің бас шаһары – Қызылорда қаласының 200 жылдығын атап өтеміз. Тарих­и тағылымы мен мағы­насы терең қос мерейтойды атап өтудің маңызы зор. Арманымыз ақиқатқа айналған тәуел­сіздігіміздің арқасында қол    жеткен  құнды  жетістігі­міз – тарихымызды қайта түле­тіп, ұлттық қасиетіміз бен салт-дәстүрімізді дәріптеуге мүм­кіндік алдық. Туған топырақтың тарихын дүйім елге таныту, мерейін үстем етуге арнал­ған мерейтойлық шаралар қа­зірдің өзінде бастау алды. Сыр өңірі бас шаһарының 200 жылдық мерейтойына басты тартуы – Қызылорда қаласының сол жақ жағалауындағы жаңа тұрғын ауданның пайдалануға берілуі, - деген болатын.

Сол жағалауда құрылыс компанияларының өз қаражаты есебінен 5 қабатты 18 тұрғын үйдің, 320 орындық балабақшаның, «Болашақ» университетінің студенттер қалашығы, жастар орталығы салынуда. Ал Қазақ Орталық Атқару Комитеті мұражайы ғимаратының жобасымен салынып жатқан «Рухани жаңғыру» ғимараты пайдалануға берілу алдында тұр. Сондай-ақ, осы аумақта 100 келушіге арналған емханамен қоса, 300 төсектік көп­салалы  облыстық  аурухана, 900 орындық мектеп, мемлекеттік-жекеменшік әріптестік аясында 500  келушіге  арнал­ған­ ем­хананың құрылысы бой көтерсе, жаңа қаланың келбеті айшықтала  түсері  анық.

Шежірелі шаһардың бүгінгі бет-бейнесінің қысқаша көрі­нісі осындай. Бұйыртса, Сырдарияның қос жағалауында қоныс тепкен Қызылорда қа­ласы қос ғасырлық куәгерлігін одан ары мыңжылдықтарға ұласт­ырады. Әрине, ұлы жоспар – ұлы іс, ұлы мақсат.

Н.ҚАЗИ

 


ПУЛЕМЁТШІНІҢ ТАҒДЫРЫ PDF Print Email
Жаңалықтар - Арнайы беттер
20.09.2018 10:37

Ұшы-қиыры жоқ ну орман жым-жырт тыныштық құшағында мүлгіп тұр. Желмен тербелген зәулім талдар­дың жапырағынан күн көзі зорға көрінеді. Айнала өзгеше, рақат күйге бөленгендей. Табиғаттың дәл осы сәттегі ана уызына тойып маужыраған нәресте тектес кейпіне қарап маңай­да қанды қырғын соғыс жүріп жатыр десе, сенбес едіңіз. Алайда амал қан­ша?! Бірін-бірі жыртқыштан бетер жұлмалап, қыршын боздақтардың қызыл қанын судай ағызған Ұлы Отан соғысының кәріне мінген шағы.

Пулемётінің ұңғысын бұтамен мұқият қымтап тастаған Ақайдар Аймағамбетов жасыл желек жамы­лып, өзімен бірге тосқауылда жатқан қарулас серіктерін көзінің қырымен шолып өтті. Рота командирі, аға лейтенант Гольвиннің аққұба өңі өрттей алаулап, қалың қабағы жауар бұлтша түнеріп кетіпті. Бұған дейін біршама шайқасты басынан өткерген командир өзінен пәрмен болмайын­ша тырп етпеуді баршаға сап арқылы қатаң бұйырған еді. Командирдің жанындағы Ахмедовтің жанары мұның көзімен түйіскенде, өзбек жігіті жымиып қойды. Осынау ақ­көңіл мінезді Ахмедовтің соғыстан кейін бәрін Ташкентке қонаққа шақырып, палаумен сыйлайтынын айтып ауыз жаппайтыны еске оралғанда Ақайдардың да езуіне күлкі үйірілді. Тізбектің сол қана­тында жатқан тағы бір пулемётші Кованчук алып денесін серіппеше жиырып алыпты. Тура құрбандығына атылғалы тұрған барыс дерсің. Әскерге дейін аңшылық кәсіппен айналысқан оның бойын жауына деген өшпенділік билегені күдірей­ген желкесінен де сезіліп тұрғандай.

Міне, бірнеше мотоциклге мінген неміс солдаттары бұлардың жанынан көліктерін тырылдатып өте шықты. Олардың жау әскерінің шолғыншы­лары екенін түсінген Гольвин «тиісуге болмайды!» дегендей басын шайқа­ған. Әккі командир қателеспепті. Көп ұзамай төрт бірдей жүк машина­сына мінген гитлершілдер де көрінді. Бұған дейін совет солдаттарының қатты қарсылығына кездеспеген бас­қыншылар тіпті бейқам. Жыланша ирелеңдеген жол бұлардың дәл жаны­нан өтеді екен. Ортаңғы машина тосқауылда жатқандармен қатарласа бергенде Гольвин граната байламын құлашын кере лақтырып, машина кузовындағы неміс солдаттарының аяғының астына дөп түсірді. Гүрс еткен жарылыспен қатар балқыған ажал түйіршіктері жауға жаңбырдай жауды. Шыңғырған, жанұшырған дауыстарға сақылдаған автомат, дүріл­деген пулемёт дауысы қосылғанда қалың орманның іші от жалынға оранды. Пулемёт тетігін құшырлана басқан Ақайдар ойран-топыры шыққан жау колоннасын көздеп оқ тізбегін нөсерше селдетті. Бұған Кованчуктың пулемёті ілескенде берекесі қашқан неміс солдаттары атысқан бойы кейін шегінді. Ұрыс саябырлағанда жол бойы басқыншы­лардың өлігіне толып кеткен еді. Алайда осы ұрыста Ахмедов оққа ұшты. Ажалды түйіршік маңдайына қадалған ақжарқын өзбек жігітінің ашық қалған  жанары  өмірдің  жалған  екенін  қайтара  еске  түсірген.

Тағы бірде бұлардың ротасы кезек­ті рет жау қолының алдын тосты. Бұл сапар да жолдары болды. Фин соғы­сына қатысып, мол тәжірибе жинақ­таған рота командирі Гольвин қашан­ғысындай жақындатып алып, соққы беру тәсілін қолданды. Күтпеген жер­ден жасалған айла өз жемісін берді. Жау әскері алды-артына қарамастан, тырағайлап қашты. Бірнеше солдат пен офицерді тұтқынға алған 3-ші рота полкке келгенде, қолайсыз хабар естіді. Жау әскері майданның өзге тұсында шабуылға шығып, кеңес әскерлерінің (арасында Ақайдар қыз­мет ететін 336-шы атқыштар полкі де бар) үлкен шоғырын қоршауға алып­ты. Жағдай күрт өзгерді. Әскери бас­шылық шағын топтарға бөлініп, қор­шауды бұзып өтіп, негізгі күшке қосылуды бұйырды. Жанын шүберек­ке түйген совет солдаттары бұл тап­сырманы мүлтіксіз орындады. Сан мәрте күші басым жау қолымен шай­қаса отырып, қоршауды жарып өтті.

Қазалының батыр түлегі Ақайдар Аймағамбетовтың жауынгерлік жолы жалғаса берді. Атақты Ленинград қаласы маңындағы шайқасқа қатыс­ты. Осы қаланың маңындағы Пуш­кин селосы үшін болған шайқас кейін көпке дейін Ақайдардың түсіне еніп жүрді. «Адамның басы – Алла­ның добы» деген рас екен. Траншея маңына жарылған минометтің жарқыншағынан оң қолы жарала­нып, госпитальға түскен Ақай­дар осы жолы өзінің қарулас серік­тері Есенов пен Ивановтың мерт болға­нын  есін  жиғанда  есітті.

Госпитальдан соң біздің кейіп­керіміз атқыштар батальоны­ның құрамына жіберілді. Майдан­дағы қалыптасқан жағдайдың ауыр екенін саны тым аз батальон құрамы­нан да аңғаруға болатын. Әрі жауын­гер­лердің қару-жарағы да тым мар­дым­сыз. Қыс мезгілі. Солдаттарға шаңғы­мен жүру тапсырылды. Қазақ­тың кең жазира даласында туып-өскен ауыл баласы бұрын-соңды шаң­ғы тепкен деймісіз?! Теппек тұрмақ, шаңғы дегеннің қандай болатынын тұңғыш рет көруі. Десе де, табиғаты­нан зерек Ақайдар көп ұзамай шаңғы тебуді үйреніп қоймай, қатты жыл­дамдықпен жүріп келе жатып авто­матпен нысанаға дөп тигізуге төселді. Н. деревнясын азат ету кезінде шаңғы­мен жұлдыздай аққан Ақайдар Айма­ғамбетов батылдығымен ерекше назарға ілікті. Ал ерліктің ескерусіз қалмасы  тағы  анық.

Мұнан соң Ақайдар танкіге қарсы қолданылатын қарудың көздеушісі болып шайқасқа түсті. Бұл жерде де ерлігімен ерекшеленді. Бір ұрыс кезінде көрсеткен тапқырлығы, батылдығына орай полк командирі Аймағамбетовтың отбасына ризашы­лығын білдіріп, хат жолдады. Бұл сол кездегі өлшеммен қарасақ, өте зор құрмет-тұғын. Мамыражай мамыр күні ауыр жарақаттанған Ақайдар ұзақ уақыт емделген соң елге оралды. Кешегі батыр жауынгер бейбіт күннің озаты атанды. Мал да бақты, күріш те екті. Абыройға бөленді. Соғыста алған наградаларын енді «Еңбек Қызыл Ту», «Құрмет белгісі» орден­дері, көптеген медальдар толық­тырды.

Жылжып жылдар өтті. Ақайдар Аймағамбетовтың өмірден өткеніне де біршама уақыт болды. Алайда ұрпақ үшін майданда қан кешіп, бейбіт күнде тер төккен атамыздың есімі елінің есінде мәңгі сақтаулы.

Жұмабек  ТАБЫНБАЕВ,

Қазалы  ауданы

 



<< Бірінші < Алдыңғы 1 2 Келесі > Соңы >>

Күнтізбе

< Қыркүйек 2018 >
          1 2
3 4 5 6 7 8 9
10 11 12 13 14 15 16
17 18 20 21 22 23
24 25 26 27 28 29 30

Сауалнама

Аса мәртебелі шенеуніктердің қылмысқа шатылып жатқандығы нені аңғартады?
 

Ауа райы

Валюта бағамы

Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі валюталардың ресми бағамдары