Өзекті мәселелер

  • 15.11.18

    Сыр елінің серпіні ерекше екенін аймақ тұрғындары да, сырт көз – сыншылар да жиі айтып жүр. Экономикалық даму тұрғысынан кей салаларда сәл шегініс болса, басым бағыттар да жеткілікті. «Жұмыла көтерген жүк жеңіл» екендігін дәлелдеп келе жатқан қызылордалықтар мемлекеттік бағдарламалар аясында біраз шаруасын шалқытып отыр. Әсіресе кәсіпкерлер тарапы жолдауда айтылған тапсырмалар бойынша өз міндет...

    Толығырақ...
  • 15.11.18

     

     

    Берікбол  БАЙХОЖАЕВ,

    ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Қызы...

    Толығырақ...
  • 15.11.18

    «Балама әйелді өзім таңдап алып беремін. Байдың байлығына қызықпаймын, бидің билігіне қызықпаймын, асыл пышақ қап түбінде жатпайды. Келінім ақылды болса, ұлымның елге даңқы кетеді. Би түскендей үй болу – әйелден. Әйелі жақсы болмай ер оңбайды? Ердің бақытын кетіретін де – әйел, ерге бақыт әперетін де – әйел» деп келінін өзі таңдайтынын айтқан Төле бидің Данагүлді қалай жолық­тырып, баласына айт...

    Толығырақ...
  • 15.11.18

    Қытық! Қызылы бар қызық сөз, құмары бар құнды сөз. Мұны солдан оңға қарай оқысаң да – қытық, оңнан солға  қарай  оқысаң да – қытық. Бұрын­ғы қыздардың бетінде қызарып, көз тартып­, көрініп тұрушы еді. Қазір ше? Зәру. Қат дүние. «Бүгінгі күні бүтін махаб­бат бар ма? Әй, қайдам? Сезім шіркін семіп кеткен. Ал қытық байғұс қырық жыл бұрын қайтыс болған» деп гөйітеді баз біреулер. Жо-жоқ, қытық әлі ...

    Толығырақ...
  • 15.11.18

    Бір күні қарап отырмай жеке бизнес жасағым келді. Жұрттың бәрі байып жатыр.­ «Кедей бол» деп менің маңдайыма біреу бормен бадырайтып жазып қоймағ­ан болар. Ауладағы жазғы үйді бұзып, «шындық» сататын дүкен аштым.

    - Әй, балам көп ұзамай тақырға отыра­сың,­ - деп әкем басын шайқады.

    ...
    Толығырақ...
Сәрсенбі, 26 Қыркүйек 2018

ҚАЗАҚ КҮЙЕУ БАЛАҒА НЕГЕ ТӨС ТАРТАДЫ? PDF Print Email
Жаңалықтар - Арнайы беттер
27.09.2018 11:31

Еркек қасқаны Құдай тағала ауырдың астында жүруге жаратқан. Сондықтан білегіне күш, жүрегіне қайрат дарытып баққан. Сөйте тұрып, сірә, асқақтап, шектен шығып кетпесін, Жаратушысын танымай кетіп жүрмесін дегені ме, Құде­кең еркектің бір жерін осал қып қойыпты­. Ол – қуық асты безі. Оны басқа­ айласы табылмағандай, өңге жер құрып қалғандай, ең бір ыңғайсыз жерге­ қондыра салыпты. Бәтшағар, сол без сәл суыққа ұрынса да, болмашы бір ин­фекцияға тап келсе де, қан айналысы нашар­ласа да, ақыр аяғы дүниедегі жалғыз­ аңсарына уақытылы жолықпаса да, өкпелеген баладай бұртиып, бойынан жан кеткендей былқ-сылқ бола сала­ды.

Қазақта «зәрем зәр түбіне кетті» деген­ тұрақты тіркес бар. Бұл – дәл әлгі безге қаратылып айтылған сөз. Еркек байғұс көп күйзелсе де, қуықты қалқалап­ тұрған сол безі бар болғыр қызметін адал атқармай, бойкүйезденіп шыға келеді. Қысқасы, еркектің еркектігі осы пәлекетке көп тәуелді. Еркек атаулының Құдекеңе осынысы үшін өкпелейтіндей де реті де бар. Бірақ, амал қанша, Құдекеңнің аты, Құдекең ғой, оған өкпелеуге­ болмайды. Сол безді жаратқанына да шүкір дейсің. Ал жаратпаса ше? Сондықтан Құдай берген байлықты, пәлен еді, түген еді демей, жүйрік баптағандай­ баптап, көздің қарашығындай сақтап, аялап ұстаған жөн. Осыны қазіргі көп еркек ескере бермейді. Күндердің бір қырсық күнінде өлген кесірткедей қимылсыз қалғанда «қап» деп, санын бір-ақ соғады. Бірақ біздің ата-бабаларымыз қуық асты безінің қадірін ежелден-ақ ескерген. Бабын білген. Қауым болып еркектің осы жерінің сау болуын­, жарақты жүйріктей шабыстан жаңыл­мауын тілеген. Сау болу үшін сан жыл тірнектеп  тәжірибе  жинақтаған. Соны­сы  және салт-дәстүрімізге айналып кеткен. Кейін ол дәстүрінің мән-мағы­на­сын жадынан шығарып алған. Мәселен, қазақ күйеу балаға міндетті түрде төс тартады. Алайда басқа жілік емес, не себепті төс тартатынын қазіргі қазақ түсіндіре  алмайды.

«Ер Төстік» ертегісін еске түсірейік. Ерназар деген байдың сегіз ұлы жұт жылы қалың жылқысымен бірге ығып кетіп, сол күйі оралмай жоғалады. Күні кеше байлығы тасыған Ерназар әп-сәтте кедейленіп, тіпті ішер асқа зар болып қалады. Ашыққаны сондай, кемпірі екеуі орнынан тұруға әлдері жетпейді. Сонда  дымы құрып, шалқасынан жатқан­ шалдың көзі шаңырақтың күлді­реуішінде керулі тұрған кер биенің төстігіне түспеуші ме еді. Сол төстікті асып жеген шал әлденіп орнынан тұр­маушы ма еді. Содан ұзамай кемпірі жүкті болмаушы ма еді. Мезгілі жеткенде, кемпір ұл туып, оның атын Төстік қоймаушы ма еді. Осы сюжет қиялдан туған­дай көрінгенімен, бұнда үлкен мән жатыр.­ Шаңырақта керулі тұрған басқа жілік емес, дәл осы малдың төсі болуы тегін емес. Майлы төсті жеп алған шалдың жас жігіттей желігуі бекерден-бекер ме? Ол желікпесе, кемпірі ұзамай жүкті бола ма? Төстіктей алып ұл туа ма? Де­мек,­ бүткіл қабырғаның түйіскен жері – майлы төс етінде қуық асты безіне қуат беретін  нәрлі заттектің болғаны. Осыны­ бұрынғы ата-бабаларымыз білген. Білгендіктен де қызын алғалы отыр­ған күйеу баланың қуық асты безі қуатты болсын деген ізгі ниетпен төс тартқан. Ал, ол қуатты болса, шаңы­рақ шайқалмайтынын, ашып айты­луы  әбес  өкпе-реніш­тің аз, тіпті болмайтынын түсінген. Өмір де қызығырақ болатынын білген. Ендеше, жігіттер, виагра-миаграға жүгірмей, төстік жеп тұрыңдар. Өкінбейсіңдер.

 

Нұрлыбек  САМАТҰЛЫ

 


«СУ ПЕРІСІ БАР ДЕП АЙТСАМ...» PDF Print Email
Жаңалықтар - Арнайы беттер
27.09.2018 11:05

Қойшыбек МҮБАРАК,

мистик-жазушы:

- «Кез келген әдеби шығарма адамдарды ізгілікке бастауы  керек» дейді. Тылсым дүние жазу  арқылы  оқырманға не  бергіңіз келеді?

- Өз шығармаларым арқылы ертегілердің қатпарында қалып қойған, бүгінде адамдардың санасынан өшкен, әлде ұмыт болған мифті мистика арқылы адамдардың есіне салғым келеді. Сонымен қатар ұлттық болмысымыздың ең құнды мәйегі, ұлттық кодымы­з – салт-дәстүр, ырым-тыйымдарды да ұмытпауға үндесем деймін.

- Мистика  жанрын  таңдауыңызға  не  түрткі  болды?

- Қазақ прозасы жанрға бай. Барлық үлгісі қамтылған. Тек бүгінде әлем әдебиетінің бағалы жауһарына айналған постмодернизм секілді тың бағыттардың біздің әдебиеттен кенже қалуы, әсіресе, халықтың болмыс-бітімін көрсете алатын мистиканың орнының  бос болуы осы тақырыпқа бет бұруыма әсер етті.

- Қиялыңыз шексіз! Шабыт қайдан келеді?

- Проза ол төгіліп келе салатын поэзия емес. Оқыған, тоқыған, көрген, білгеніңнен ой қорытып, оқырманға ой салу. Мен бұны арнайы шабыт деп есептемес едім. Жалпы, өз басыма жетерлік дүниені оқыдым деп санайм­ын. Қазақ әдебиетінің аңыз-ертегі­лерінен бастап, фольклордағы барлық жыр-дастандарды, қазақ және әлем жазушыларының көптеген шығармаларын қолымның жеткенінше оқып, сараптауға, әрі содан өзіме мол білім алуға тырыстым.

- Шығармаларыңыздың көбінде ай, әйел туралы  баяндайсыз. Мұның өзіндік себебі бар ма?

- Біздің жаратылыстағы ең тылсым дүние­лердің бірі – ай. Әрине, ол ғылыми дәлелденген жердің серігі. Яғни, аспан денесі. Дей тұрғанмен, оның тылсым күші, жер бетіндегі барлық құбылысқа етер әсері орасан. Басқаны қойғанда ай толған кездегі судың арнасына толуының өзі неге тұрады? Сосын ай туралы әлем халықтарында, біздің халқымызда да астрономияға, аспан денелеріне қатысты толып жатқан миф бар. Сосын әйел. Ол – туушы. Яғни жаратушының сипаты берілген­. Сол үшін де менің шығармаларымда осы екі деталь молынан кезігеді.

- Қашаннан бастап жазып жүрсіз? Өзіңізге несімен ұнайды бұл жанр?

- Өткен  ғасырдың 90-жылдарының басынан  бастап қалам тартып келемін. Орта мектептен  бастап  жаздым. Айтар ойыңды түпкі тамырға байлап айта алуымен және оқыр­манға ой салып, арғы шешімді өздеріне шешуг­е  қалдыра алатындығымен ұнайды.

- Елестермен немесе өзге бір түсініксіз тіршілік иелерімен бетпе-бет келіп қалған кезіңіз  бар ма? Бір сұхбатыңызда «туған жерімде­ жұмбақ әрі түсініксіз жағдайлар көп болатын»  депсіз...

- Ондай жағдайлар көп. Оны кез келген адам зер салып, иә болмаса соны көруге ниеттен­се көре алады. Ол тек адамның өзінің ой-санасын шоғырландыра алуына байланысты. Ондай дүниелер кез келген жерде­  бар  ғой.

- «Жылауық  тал» атты  шығармаңыз  өмірде болған  оқиға  ма?

- Ішінара элементтері болған. Айталық, шығармадағы  Әске – өмірде болған адам. Ал уақиға сюжетінде көркемдеулер бар.

- Мистикалық шығармаларыңызды жинақтап­, екі кітап етіп шығарған екенсіз. Қашан, қанша  таралыммен  шықты?

- «От ару» кітабым 2009 жылы «Нұрпринт-75» баспасынан 1000 данамен, ал «Жат құшақ» 2012 жылы «Ата жұрт» баспасынан 2000  данамен  шықты.

- Сізге дейін қазақ әдебиетінде мистика жанрына­ ерекше қалам тербеген деп қай жазушы­ны  айтар  едіңіз?

- Біраз жазушылар бар. Тым құрығанда шығарма ішіндегі деталь ретінде пайдала­нылған. Ал Төлен Әбдік ағамыздың шығар­малар­ы мистикаға жатады деп ойлаймын. Ондағы «Парасат майданы», «Оң қол» шығарма­ларын мысалға алуға болады. Оралхан­ның «Жетім ботасы» да...

- «Мистика  жанры  дамымай  қалды» деген пікірмен  келісесіз  бе?

- Келісуге де, келіспеуге де болар. Бүгінде осы тақырыпта жазып жүргендер санаулы ғанамыз. Сол үшін дамымады деп айтуға болар­. Ал бір менің өзімнің екі кітабым басылып­ шықты және 20 баспа табақ тұратын­  үш  кітапқа  жетерлік шығармаларым тұр...

- Еңбегіңіз жемісті болсын. Айтыңызшы, әлемнің қай елінде мистикалық шығармалар көп оқылады? Осы ретте сізге қай жазушының шығармашылығы  ұнайды?

- Бірден жапондар деп айта аламын. Сосы­н бізде де жақсы оқылу керек. Қазақ ертегі­лері, әсіресе қиял-ғажайып ертегілерін оқымаған  адам жоқ қой. Жеткізе алсақ, біз­дің оқырмандар да оқыр еді.

- «Ескексіз қайық» атты шығармаңызда өзін «теңіз қызымын» деп таныстыратын кейіпкеріңіз соңында су перісі болып шығады. Сіздің ойыңызша, біздің өмірде су перісі бар ма?

- Су перісі бар деп айтсам, бәрібір сен­бей­сіз. Бұл болған. Дүниеде бар дүние ешқаша­н жоқ болмайды. Менің өз сенімім бойын­ша, ол бар.

- Қызық екен... Осыған дейін екі кітап шығарды­ңыз, mystic.kz атты сайтыңызда да бірқатар әңгімелеріңіз бар. Десе де, көпшілік мистик-жазушы Қойшыбек Мүбаракты біле бермейді. Танымал болуға құлқыңыз жоқ па? Әлде оқырман талғамымен байланыстырасыз ба мұны?

- Жалпы, өзімді немесе шығармаларымды­ жарнамалап таратуды, таныстыруды қаламаймын. Мен жазарымды жаздым және жаза беремін. Егер керек болса, оқырман ерте ме, кеш пе өзі тауып алады.

- «Жолайрық» атты әңгімеңізде жас жігіттің зират басынан асығыс атпен шауып өткені туралы­ оқиға өріледі. Қазақта бейіт, қорымның  жанынан  өткенде жай жүріп, көлікте болса­, музыканы  өшіріп, мүмкіндік  болса, құран бағыштап өту керек дейді. Яки, аруақтарды құрметтеу. «Жолайрықтағы»  айтқыңыз  келгені  не  еді?

- Қазақ әуелі Алланы, сосын аруақты сыйлаған халық. Сол үшін де, «өлі риза болмай, тірі байы­майды» деп жатады. Адам жаны шектеулі тәннен босап, аруаққа айналғанда ол әуелгі жаратыл­ыстағы алапат күшіне ене алады. Жалпы, оқырманға аруақтардың әлемін өзгеше бір жолмен айтқым келді.

- Өзіңіз, туған топырағыңыз турал­ы  аз-кем  айтып  өтсеңіз.

- Алтай тауының қатпарлы сілемдерінің арасында туып өскен адаммын. Дүниеде Алтай деген ғаламат тау бар. Оның бір ширегі бізде, енді қалған үш ширегі Ресей,­ Монғолия, Қытайда жатыр. Мен сол Қытайдағы Өр Алтай­данмын. 1976 жылы дүние есігін ашыппын. Мектепті және жоғары оқу  орнын сонда бітірдім. Он сегіз жылдан бері Атамекенімдемін. Алматы қаласында тұрамын.­ Қазіргі күні қара шаңырақ әл-Фараби­ атындағ­ы ҚазҰУ-дың журна­листика факуль­тетінде оқытушымын. «The Qazaq Times» ақпарттық, қоғамдық-саяси­ пор­талыны­ң бас редакторы болып жұмыс істеймін. Жарым Нұрбатима Байтұр­сын – әдебиеттанушы, ақын. Екеуміз бірге бес бала тәрбиелеп отырмыз­. Қатардағы қара қазақ­ты­ң бір қара қосынының түтінін түтетіп отырмыз.

- Қызықты ой-пікіріңізге алғыс айтамыз, сәттілік!

Сұхбаттасқан

Жазира  БАҒЛАН

 


МӘСЕЛЕНІҢ СЕБЕБІМЕН ДЕ, САЛДАРЫМЕН ДЕ КҮРЕСУ КЕРЕК PDF Print Email
Жаңалықтар - Саясат
27.09.2018 10:43

Қала әкімі Нұрлыбек Нәлібаевтың төрағалығымен өткен кезекті аппарат мәжілісі екі тақырыпқа арналды. Әуелгісі Қызылорда қаласында жаппай кәсіпкерлікті дамыту бағытында атқарылып жатқан шаралар турасында болса, екіншісі көпқабатты тұрғын үйлердің жылу маусымына дайындығы жайында өрбіді. Аппарат мәжілісінде әдеттегідей бірінші болып сөз алған шаһар басшысы қос баяндамашымен таныстырды да, алғашқысына сөз кезегін ұсынды. Бұл уақытта қалалық кәсіпкерлік, өнеркәсіп және туризм бөлімінің басшысы Жанмұрат Сейілов баяндама жасауға беттеп келе жатқан-ды.

Жалпы, Қызылорда қаласы мен қалаға қарасты кент және ауылдық округтерінде шағын және орта бизнесті дамытудың басты көрсеткіштеріне жүргізілген талдау нәтижесіне сәйкес, 2018 жылғы 8 айдың қорытындысында 2341 кәсіпкерлік субъекті тіркеліп, 2390 жаңа жұмыс орны ашылған. Бұл көрсеткіш өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 50%-ға артқан көрінеді.

- 2018 жылдың  1 қыркүйегіне дейін 26087 шағын кәсіпкерлік субъектісі (5574-і – заңды  тұлға, 19694-і – дара кәсіпкерлер, 819-ы – шаруа қожалықтары) тіркелсе, оның ішінде, нақты жұмыс істеп тұрғаны 20051 нысанды құрауда (заңды тұлға – 3635, дара кәсіпкерлер – 15667 және шаруа қожалықтары – 749). Бұл көрсеткіш өткен жылдың осы кезеңімен (18668 бірлік жұмыс істеп тұрғаны) салыстырғанда 7,4%-ға өскен. Облыс бойынша жұмыс істеп тұрған шағын және орта кәсіпкерлік субъектілерінің 48,9 пайызы Қызылорда қаласының үлесінде, - деді Ж.Жақсымұратұлы.

Аймақ басшысының тапсырмасына сәйкес қалада қаражат айналымы 2 млн теңгеден асатын кәсіпкерлік субъектілердің пайыздық көрсеткішін жыл аяғына дейін 25 пайызға жеткізу керек болатын. Бүгінгі күні қаражат айналымы 2 млн теңгеден асатындар 5248-ге жетіп, жұмыс істеп тұрған кәсіпкерлік субъектілердің  26 пайызын құрады.

Биылғы жылы қалаға қарасты елді мекендерден қайтарымсыз грант алуға құны 426 млн теңгені құрайтын 171 жобаның құжаттары конкурстық комиссия қарауына ұсынылып, жалпы құны 63 млн теңгені құрайтын 52 жоба қолдау алды. Бұл көрсеткіш өткен жылмен салыстырғанда 23 жобаға немесе 55,7 пайызға көбейді.

Қалалық кәсіпкерлік, өнеркәсіп және туризм бөлімінің басшысы баяндамасымен “қош айтысқаны” сол еді, қала әкімі “баняндамашыға сұрақтарыңыз бар ма?” деп сұрады жиынға қатысушылардан. Осы сәтте мәжіліс залында мүлгіген тыныштық орнады. Мұның алдын алуға асыққан Н.Нәлібаев: “Сіздерде болмаса, менде бар” деп әдеттегіше сөзбен “шағуды” бастап кетті. Қала әкімінің айтуынша, халықтың әлеуетін арттыруға бағытталған қайтарымсыз грантты алуда кейбір ауылдарда мүлдем жоба болмаған. “Неге жұмыс істемейсіздер? Аз болса да, бұл қайтарымсыз несие ғой” деген шаһар басшысы ауыл әкімдеріне әр сөзге сылтау айтып сытылып кетуді ойлағанша, нақты жұмыс істеуді, нәтиже шығаруды талап етті.

Одан кейін Қызылорда қаласының алдағы күзгі-қысқы жылу маусымына дайындық жұмыстары туралы хабарлама жасауға қалалық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық және тұрғын үй инспекциясы бөлімінің басшысы Марат Жаркеткенов шықты.

Қала орталығы орталықтандырылған жылу көздерімен, яғни “Қызылордажылу­электрорталығы” МКК және теңгеріміндегі 16 дербес модульдық қазандықтармен қамтамасыз етіледі.

Жалпы қала бойынша магистралдық, ауданаралық және ауданішілік жылу жүйелерінің ұзындығы  186,8 шақырымды құрайды, бұл жүйелерге 694 көпқабатты тұрғын үй, бюджет есебінен қаржыландырылатын 198 мекеме мен 151 жеке тұрғын үй қосылған.

- Қызылорда қаласында көпқабатты тұрғын үйлерге ортақ меншігін күтіп-ұстау қызметін көрсететін 14 пәтер иелері кооперативтеріне  274 көпқабатты тұрғын үйдің алдағы жылу маусымына дайындығы жөнінде тамыз айында өткізілген штаб отырысында берілген тапсырмаға сәйкес, орталық жылу жүйесіне қосылған  694 көпқабатты тұрғын үйдің дайындығы жөнінде пәтер иелері кооперативтерінен ақпараттар алынып, өжірелеріндегі жүйелердің тозығы жеткен 14 көпқабатты тұрғын үйлердің тізімі ұсынылған болатын, - деді М.Шәкірбекұлы.

Жылу құбырларын әр жерден алмастыру қажеттілі­гіне байланысты қазіргі таңда ПИК тарапынан меншік иелерімен бірлесіп дайындық жұмыстары жүргізілуде. Мұнан бөлек, “Қызылорда тазалығы” ЖШС қаламыздағы 300 көпқабатты тұрғын үйге ортақ меншікті күтіп-ұстау қызметін көрсетуде. Сонымен қатар, қала әкімі орынбасарының төрағалығымен тамыз айында өткізілген штаб отырысында берілген тапсырмаға сәйкес, қала аумағындағы иесіз үйлерді, яғни ортақ меншігін күтіп-ұстау қызметін көрсететін басқарушысы жоқ 87 көпқабатты тұрғын үйдің жағдайына тиісті зерттеу жұмыстарын жүргізуді “Қызылордажылуэлектрорталығы” МКК мен “Қызылорда тазалығы” ЖШС-не тап­сырған  болатын.

Аппарат мәжілісінде күн тәртібіндегі белгіленген қос тақырыптан өзге де мәселелер талқыланып, тиісті тапсырмалар берілді. Солардың бірі – кез келген ақпаратты, хабарландыруды алдын ала жариялау, түсіндіру. Яғни, бұл жұртшылықтың сын садағына орынсыз іліне бермеу еді. Түсінгеніміз, қала әкімі Н.Нәлібаев қарамағындағыларға мәселенің себебімен де, салдарымен де күресуді тапсырды. Тағы десеңіз алдын ала. Ал, біз ақжағалылардың қайсысы шалт қимылдап, шашау не ши шығармай жатқанын назарда ұстайтын боламыз.

 

Рыскелді   ЖАХМАН

 


ҚУАНЫШТЫ БӨЛІССЕҢ КӨБЕЙЕДІ PDF Print Email
Жаңалықтар - Арнайы беттер
27.09.2018 10:37

«Мен  Аралға көмектессем деген  арманыма жеткеніме қуаныштымын!». Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың осы бір жүрекжарды сөзі бүгінде халықтың жадында сақталып, тарихи сөз ретінде Арал қаласындағы үлкен кермеден орын тепті.

Міне, әлем мен Елбасының ұдайы назарында тұрған Аралдың соңғы жылдары әлеуметтік-экономикалық жағдайы түзеліп, жан-жақты дамып келе жатыр. Кіші Арал көптің үмітін үкілеп, атакәсіп қайта жанданды, өндіріс өркенін жайып, төрт түлік өрісін тапты. Теңіз табанында туған перзенті болғандықтан да, осындағы жылт еткен әрбір жаңалыққа елең етіп тұрамыз. Қайбір күні аудандағы ниеттес жандар жаңа нысандардың ашылатынын айтып, сүйіншілетті, сәті түссе, қуанышқа ортақтасуымызды өтінді. Осылайша кешегі жұмада теңіз төскейіндегі елге бардық, көр­дік, жақсы нышанның куәсі болдық.

Биылғы маусым айының басында аудан орталығының солтүстік-батыс­ беткейінен жобалық құны 174,670 млн теңгені, жалпы аумағы  8 мың шаршы метрді құрайтын «Рәміздер алаңы» ашылғанын біле­міз. Мемлекеттік Елтаңба, Мемлекеттік Гимн және биіктігі 20 метрлік Мемлекеттік Туы менмұндалап тұрған, көпшіліктің демалысы үшін бар жағдай жасалған жаңа нысанның жан-жағы бүгінде құрылыс алаңына айналыпты. Соның бірі – балалар ойын алаңы. Бұл алаң, расында, келген баланың көңілін көтеретіндей көрікті екен. Ішінде ойын әткеншектері мен бұйымдары, жасанды жасыл төсеніштері, отыратын көлеңкелі орындықтары, бәрі үйлесім тауып, келушілердің назарын өзіне аудартады. Осы ойын алаңының ашылуына арнайы келген облыс әкімінің орынбасары Руслан Рүстемов сөз алып, ұлт болашағы саналған саналы балғындардың елімізде өсіп-жетілуіне әр кез жағдай жасала беретіндігін алға тарт­ты. Сондай-ақ, Қазақстан Республикасының құрметті байланысшысы, Арал ауданының құрметті азаматы М.Ізмаханов қуанышты сәтке жинал­ған барша балдырғандар мен ата-аналарға ақжарма тілегін арнаса, тұрғындар атынан З.Қуанова осындай көрікті демалыс орнын салуға ұйытқы болған, бар жақсылықты жастар­ мен балаларға жасап жатқан ел ағаларына ризашылығын жеткізді.

Одан  ары  осы  жылы пайдалану­ға берілген «Рәміздер алаңында» оқу­да озат, талапты, өнерлі жас буынмен­ жұмыс істеп келе жатқан республика­лық «Жас ұлан» ұйымының қатарына­ оқушыларды қабылдау рәсімі өтті. Осы күні 100 жас өрен барша Арал жұртшылығының алдында туған еліне­ адал болуға, елінің атын шығаруға, ата-анасын құрметтеп, өз қатарластарына үлгі көрсетуге ант берді. «Аға ұрпаққа ұлағат, жас ұрпаққа аманат»­  атты  шарада  облыс  әкімі­нің орынбасары Р.Рүстемұлы ұйымға қабылданған жасұландықтарды жақсы­ оқып, елінің, ата-анасының сенімін ақтайтын азамат болуға шақыр­ды. Сонымен қатар, «Ұрпақтан-ұрпаққа» қоғамдық бірлестігінің төрайымы А.Божанова оқушыларға ізгі тілегін арнап, аталмыш бірлестік атынан естелік сыйлық табыстады.

Мәртебелі меймандар мен аудан тұрғындарының  келесі  аялдаған жері – жаңадан салынған спорт алаңы. Мұнда футбол, волейбол, баскетбол ойындарын өткізетін алаңдар бар. Үлкен аумақты алып жатқан спорт алаңының ашылу салтана­тында облыс әкімінің орынбасары Р.Рүстемов аудан жастарын құттықтап, саламатты өмір салтын ұстанудың маңыздылығына тоқталды. Ал, аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы К.Айбосынов елдің игілігі жолында осындай жұмыстарды атқарып жат­қан­  облыстағы және жергілікті ел азаматтарына өз алғысын білдірді. Спорт алаңының лентасы қиылып, облыс әкімінің орынбасары бұқаралық спортқа ден қойған жастардың аладоп ойынын өзі бастап берді.

Естеріңізде болса, биылғы жыл­дың­ 17 наурызында қаладағы Т.Жаро­ков көшесінде орналасқан қос қабатты үйде төтенше жағдай орын алды. 32 жыл бұрын балабақша ретін­де салынған екі қабатты ескі үйді бөліп тұрған өткел құлаған-ды. Онда сол тұста 15 отбасы паналап отырған еді. Айдың күні аманында үрей құш­қан жұрттың қайда барып бас сауғалары белгісіз болған-ды. Келесі күні облыс әкімі Қ.Көшербаев­ ауданға арнайы келіп, тұрғындармен кезде­сіп, жаны жабырқаған жандардың жанайқайына құлақ түріп, уәде берді. Жақын арада апатты 19 пәтер­дің орнына­ көппәтерлі үй емес, жекем­еншік жаңа үйлер салынатынын айтқа­н еді. Сондай-ақ, осындағы Аралтұз көшесіндегі 8 пәтерлі екі қабатты тұрғын үй де апатты жағдайда болатын. Уәде орындалуымен құнды, облыстық бюджеттен қаржы бөлініп, құрыш қолды құрылысшылардың тынымсыз еңбегінің нәтижесінде 5 айдың ішінде қала шетінен ақшаңқан үйлер бой көтерді. «Қуа­нышты бөліссең көбейеді, қайғыны бөліссең азаяды» деген, кешегі жұ­ма­да жоғарыда аталған 19 отбасымен бірге бұл тұрғын үйдің иелері де баспаналы болды. Осылайша, 27 отбасы­ қоныстойын тойлап, Арал ауданындағы апатты үйлер мәселесі толық шешімін  тапты.

- Елбасы Н.Назарбаев өз сөзінде мемлекеттік саясаттың басты мақсаттарының бірі әрбір қазақстандық отбас­ыны жеке пәтермен немесе жекеме­ншік үймен қамтамасыз ету екендігін атап өткен болатын. Аймақ басшысының жедел әрекетінің нәтиже­сінде облыстық бюджеттен 310 млн теңге бөлініп, 27 тұрғын үй­дің құрылысы жүргізіліп, бүгін тұрғындарға пайда­ла­нуға бе­ріл­гелі тұр, - деген Руслан Рүстемов қуаныш иелерін қоныстойларымен құттықтап, жаңа үйлердің кілттерін табыстады.

Баспаналы болғандарды Арал ауданының құрметті азаматы Биғали­ Қаюпов та құттықтап, іші жанға, сырты­ малға толуын тіледі. Ал қоныс­той иесі Оразкүл Лашынова қысқа мерзімде мәселені шешіп бергені­ үшін аймақ басшылығына алғыс айтып, жаңа үй иелерінің қуанышын  жеткізді.

- Біздер бұл күнді көптен күттік. Бұрынғы пәтерде 20 жылдай тұрып келген едік. Баспанамыз құлаған сәтте абдырап, қайда барарымызды білмедік. Сол сәтте халқына қорған бола алатын биліктегі азаматтардың бар екеніне тағы бір мәрте көз жет­кіздік. Қазіргі уақытта бәріне шүкір­шілік айтамыз. Әсіресе, облыс басшысы Қ.Елеуұлына алғысымыз шексіз. Міне, біздің жағдайымызды ескеріп, жаңа үй салып беріп жатыр. Осы жұмыстардың басы-қасында жүріп, уақытында біздің жаңа баспанаға қоныстануымызға ұйытқы болған барлық ел азаматтарына көршіле­рімнің, аудан тұрғындарының атынан ризашылығымды білдіремін, - деді ол.

Пайдалануға берілген әр үйдің аумағы – 60 шаршы метр, тұрмыстық қажеттіліктеріне арналған қосалқы учаскелері бар. Барлық баспанаға жарық жүргізіліп, ауызсу желісі тартылған. Сондай-ақ, мердігер компания өз қаржысы есебінен табиғи газ жүргізіп, «көгілдір отынмен» жылытатын пеш орнатып, «Отау ТВ» жер­серік­тік телевизиясына қосып берді.

Әрине, дидарынан нұр шашып, езуінде күлкі үйірілген жандарды көрудің өзі – бір бақыт. Солардың бірі – қала  тұрғыны  М.Назарәлиева.­ 27 жыл бойы көне пәтерлердің бірін­де тұрып келген ол жаңа қонысқ­а қол жеткізгеніне әлі сене алмай тұрғанын айтып, көзіне жас алды.  Бұл – қуаныштың көз жасы еді. Қай-қайсысының  да  ат  үстіндегі азаматт­ар­ға  айтар  алғыстары  алғаусыз.

Түс әлетінде аудандық мәдениет үйінде комсомол ұйымының құрылғанына 100 жыл толуына орай «Аға ұрпаққа ұлағат, келешекке аманат» атты жиын өтті. Оған ауданда еңбек жолдарын бастап, еліміздің әр аймағында абыройлы қызмет атқарған азаматтар да арнайы қатысты. Тағылымд­ы шарада облыс әкімінің орынбаса­ры  Р.Рүстемов  ардаге­р­лерге игі тілегін жеткізді. Аға буынның  өнегелі өмір белестері жастарғ­а  мәңгі өнеге екендігін айтып­, көпші­лікке аралдық ақын Ж.Әбдіраш­ұлының «Ұрпақтар сырласу­ы» атты өлеңін оқып берді. Ал, «Ұрпақтан-ұрпаққа» қоғамдық бірлестігінің  төрайымы А.Божанова комсомолдың  ғасырлық тарихын жинақтау барыс­ында бірлестіктің бастама көтергендігін, соның нәтижесінде жастардың жұмыла қи­мылдап, өз ата-әжелерінен  бастап, әрбір  аудан, ауылдардағы комсомол ұйымын­ың мүшесі болып, елеулі еңбек  еткен  жандар туралы деректер жинал­ғандығын  айтты. Шара  соңы  аудан өнерпазд­арының кон­цертіне  ұласты.­

Осылайша, аудандағы оң өзге­рістерді, атқарылып жатқан істерді, үміті оянған жандардың жүзіндегі қуаныш  лебін көріп, облыс орталығына  арқаланып қайттық.

 

Н.НҰРМАҒАНБЕТОВ

 


ҚПЛ: айып алаңында Пуношевацтан сақтан! PDF Print Email
Жаңалықтар - Сергек
27.09.2018 10:20

Қазақстан  премьер-лигасы, 27 тур. 22 қыркүйек

«Қайсар» – «Шахтер» – 2:1 (Тағыберген, 51-пенальтиден, Пуношевац,  80 – Вух, 23)

«Қайсар» коман­дасының  сербиялық

шабуылшысы Братислав Пуношевац осы кездесуде пенальти жасап, қызылордалықтардың матч тағдырын өзгертуіне жол ашты. Содан кейін осы шабуыл­шы 80-минутта Тағы­бер­ген бұрыштан көтерген допты баспен дәл соғып, «Қайсарға» жігерлі жеңіс сыйлады.

Бұл – Пуношевацтың Қазақстан премьер-лигасындағы тоғызыншы голы. Ол биылғы маусымды «Қы­зылжар» сапында бастап, трансферлік үзіліс кезеңіне дейін 4 гол соқты. Шілде айын­да «қасқырларға» ауы­сып, тағы 5 рет мергендік танытты.­

Ең қызығы, Қызылордаға келген соң, серб мергені пенальт­и жасау шеберіне айнал­ды. «Қайсар» сапында өткізген 8 кездесуінде қар­сылас команданың қорғаушылары өз айып алаңында Пуношевацқа қарсы 4 рет тәртіп  бұзған.

1. 05.07.2018 ж. 17 тур. «Ордабасы» – «Қайсар» – 1:2 (57 минут,  тәртіп бұзған – Ұ.Жақсыбаев, пенальтиді М.Курьор  соқты – 1:1);

2. 14.07.2018 ж. 18 тур. «Тобыл» – «Қайсар» – 2:2 (90+4 мин, Ф.Кассай, А.Тағыберген­ – 2:2);

3. 11.08.2018 ж. 22 тур. «Ақтөбе» – «Қайсар» – 2:1 (75 мин, Р.Нұрмұхаметов, А.Тағыбер­ген – 2:1);

4. 22.09.2018 ж. 27 тур. «Қайсар» – «Шахтер» – 2:1 (51 мин. Е.Тарасов, А.Тағыберген – 1:1).

Биылғы премьер-лигада өз командасына 4 пенальти сыйлаған басқа футболшы жоқ. А.Әйімбетов («Ақтөбе»),  А.Эсеола («Ақжайық»), Н.Бочаров («Ордабасы») және Р.Степанюк («Жетісу»)        2 реттен пенальтиге еңбек сіңірді.

Жалпы, «Қайсар» са­пында Б.Пуношевац пен А.Тағыберген арасында жақсы­ үйлесім бар секілді. Пуношевац жасаған пенальтидің үшеуін де Тағыберген дәл соқса, соңғы турда Братислав Асхаттың пасынан кейін жеңіс голын енгізді.

Есей   ЖЕҢІСҰЛЫ

 


“Қазақстан барыстары” Қажымұқан көтерген тасты үш-төртеуі жабылып көтере алар ма екен? PDF Print Email
Жаңалықтар - Сергек
27.09.2018 10:00

Газеттегі “Сергек” спорт беті осы күні әртүрлі бағытта еңбек етіп жүр. Күнделікті спорт жаңалықтарынан бөлек, оқырмандарға ойсалар мақалалар, айта жүретін ақпараттарды да көптеп жариялауды әлдеқашан бастағанбыз. Бұған дейін күш атасы Қажымұқан жайлы естеліктерді кітап беттерінен компьютерге түсіріп, оқырманға ұсынғанбыз. Қазақтың күшін әлемге танытқан тұлғаны тану жолындағы еңбегімізді әлі де жалғастыра бермекпіз.

1923 жылы маусым айында (кей деректерде 1921 жылы) Қажымұқан Баянауылға келіп өнер көрсетеді. Халық «Қажымұқанды көреміз» деп соңынан шұбырып еріп жүреді екен. Балуан атамыз үстінен кісі толы ат арба өткізеді, мойнына рельс қойып, оның екі жағына он-оннан 20 адам мінгізіп көтереді. Кеудесіне ауыр тас қойып, оны бір жарым пұттық балғамен ұрып сындыртады. Қысқасы, неше түрлі ойын көрсетіп, жұртты таң-тамаш­а етеді. Баянауылда Субек­ ұста деген досы болыпты. Қаншама сән-салтанаты жарасқан, тұрмысы жақсы үйлер бола тұра, Қажымұқан осы Субектің үйінде жатыпты. Субектің үйі жұпынылау, өзі кедей адам екен. Халық Қажымұқанның ойынына ақша салады­ дейді. Сонда кішігірім қапшық толатын ақша жиналса керек. Қажымұқан қайтарда әлгі ақшаны ортаға қойып: «Мә, мына ақшаны сен ал, мен жолыма жететінін ғана қалдырайын. Қам-қажетіңе жарат», - дейді. Субек өмірінде дүние жимаған, ұсталықпен күн көрген данышпан кісі екен. «Мен сенен ақша алсам, үйіме жатқаның үшін жамбасақы алған­дай  боламын», - деп азарда-безер болыпты. «Үйбай-ау, енді қайттік? Мен сенің бала-шағаңа нәпақа болсын деп ем. Достың досқа көмектескенінде тұрған не бар? Сен үшін не істейін, өзің айтшы», - депті Қажымұқан. Әбден амалы таусылған Субек: «Онда анау таудан өзің көтере алатындай тасты­ есігімнің алдына әкеп қойып бер. Ұрпағымызға біздің достығымыздан белгі сол болсын», - дейді. Қажымұқан таудан үлкен тасты «әуп» деп көте­ріп әкеп, досының үйінің алдын­а «дік» еткізіпті. Сол тас әлі күнге дейін тұр. Тастың үлкендігі нән жігіттің бойындай. Жанымдағы 4-5 жолда­сыма сол тасты көрсетіп: «Мынан­ы Қажымұқан көтерген»  десем,­  бастарын  шайқай­ды таңданып. Кем дегенде тонна­ шығады-ау сол тас. Бәрі­міз жабылып, Қажымұқан көтерген тасты ырғап көрдік. Тіпті мызғымады да. Қазіргі «Қазақстан барысының» үш-төртеуі жабылса да, әлгі тасты көтере  алмайды-ау…

Жадыра  НАРМАХАНОВА

 


ОБЛЫСТЫҚ ЖАС АҚЫНДАР АЙТЫСЫ ӨТТІ PDF Print Email
Жаңалықтар - Халық-хабар
27.09.2018 09:38

Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласы аясында және Астана қаласының 20 жылдығы, Қызылорда қаласының 200 жылдығына орай кеше Жалағаш ауданындағы Мәдениет және өнерді дамыту орталығында халық ақыны Төлеубай Үркімбаевтың 120 жылдығына арналған «Тұғыры биік мәңгілік» атты облыстық жас ақындар айтысы өтті.

Айтысқа Қазалы, Қармақшы, Жалағаш, Шиелі аудандарынан және Қызылорда қаласынан 10 ақын қатысты.

Ақындар шайырдың өмір жолы мен алғашқы астанамыз бен бүгінгі астана туралы тілге тиек етіп, еліміздің саяси өмірі мен қоғамдық құбылыстарды, ұлттық идеямызды, салт-дәстүрімізді, тағылымы мол тарихымызды жырлады.

Айтыстың алғы сөзін аудан әкімінің орынбасары Жағыпар Айтбайұлы алып, аламанға түскелі отырған озық ойлы, орақ тілді айтыскерлерімізге сәттілік тіледі.

- Төл өнеріміз айтысты Жалағаш жұртының асығып, сағына күтетіні белгілі. Бүгінгі додада ақындарымыз ел құрметіне бөленген айтулы тұлғаны қадір тұту, кейінгі ұрпаққа өнегесін жеткізу, ерлікке толы еңбегін шабытына арқау етіп, жырдан шашу шашатынына сенімдіміз, – дей келе, айтысқа қатысушы ақындарға сәттілік пен шалқар шабыт тілей отырып, өрелі сөз айтып, өнер сүйер қауымға ерекше көңіл күй сыйлайтын әдемі айтыс үлгісін танытуларына тілектестік білдірді.

Айтыс екі кезеңнен тұрды. Бірінші кезеңде айтыскерлер өзара жұп болып айтысса, ақтық мәреде «Құлманбет» айтысы бойынша жеңімпаздар анықталды.

Жыршы-термеші, Қазақстан Республикасының Мәдениет қайраткері, Қазақстан Республикасы білім беру ісінің құрметті қызметкері, қазылар алқасының төрағасы Жұмабек Аққұлов бастаған қазылар алқасының шешімімен бас жүлдені қызылордалық Әбілда Бақдәулет иеленсе, І орынды Қазалы ауданы, Майдакөл ауылынан келген Серіков Бекзат иемденді. Жүлделі ІІ орынды қызылордалық Сандыбай Піржан еншілесе, ІІІ орынды шиелілік Төлеген Айқын, қазалылық Әбдіхан Бекзат, қармақшылық Серік Еркебұлан өзара бөлісті. Жеңімпаздар және барлық қатысушылар арнайы Дипломдарға, қаржылай сыйлықтарға ие болды.

Жалағаш ауданы әкімінің баспасөз қызметі

 


«Salem Village» сауда маркеті ашылды PDF Print Email
Жаңалықтар - Халық-хабар
26.09.2018 17:33

Қызылорда қаласы Бекшора көшесінде «Сәлем Трейдинг» ЖШС-нің «Salem Village» сауда маркеті ашылды. Көтерме маркеттің жалпы аумағы 350 шаршы метрді құрайды. Автокөліктерге арналған 30 автотұрағы бар. «Salem Village» сауда маркетінде тұрмысқа қажетті күнделікті пайдаланатын азық-түлік пен басқа да тауарлардың 2000-нан аса түрлері бар. Барлық тауарлар халыққа қолайлы төменгі бағамен ұсынылған.

Ғимарат 1 қабаттан тұрады. Жобаның жалпы құны 65 млн теңгені құрайды. Жаңадан 22 адам жұмыспен қамтылады. Көтерме маркеті өз жұмысын таңғы 08:00-ден бастап түнгі 03:00-ге дейін жалғастырады. Сонымен бірге, сауда орнында сөрелер қатарын «Salem Village» өнімдері сөресі толықтырады, яғни жергілікті сүт өнімдері халыққа ұсынылады. Сондай-ақ, «Сәлем Трейдинг» ЖШС-нің отбасылық наубайханасынан әзірленген нан өнімдері мен тәтті тоқаштар, асханалық тағамның 25-тен аса түрлері сатып алушыларға күнделікті жеткізіліп отырады.

Қызылорда қалалық ішкі саясат бөлімі

 


Кәсіпкерлер жобасын қолдау артып келеді PDF Print Email
Жаңалықтар - Халық-хабар
26.09.2018 16:48

Ел экономикасын өркендету үшін мемлекет шағын және орта кәсіпкерлікті жан-жақты, жүйелі дамытуға назар аударып отыр. «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қорының міндеті де сол, кәсіпкерліктің дамуына қолдау көрсетіп ғана қоймай, ұсақ қаржыландыру ұйымдарына қаржылай және консальтингтік қызмет көрсету.

«Дамудың» 1997 жылдан жұмысын бастап, қазіргі күні бірқатар жетістіктерге жеткенін көзіқарақты жұрт біледі. Мемлекеттік қолдаудың қатарынан «Бизнестің жол картасы – 2020» бизнесті қолдау мен дамытудың бірыңғай бағдарламасы, Нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған «Еңбек» бағдарламасы және «Нұрлы жер» тұрғын үй құрылысы бағдарламасын атап көрсетуге болады. Ал қаржылық емес қолдау туралы өңірлік коммуникациялар қызметінде «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры АҚ-ның облыстық филиалының директоры Алмас Тастанов хабарлады. Биылғы жартыжылдықта атқарған шаруалар турасында БАҚ өкілдеріне брифинг берген ол облыс кәсіпкерлігінің деңгейі арта түскенін атап өтті.

- 2018 жылдың бірінші жартыжылдығында ЕДБ/Лизингтік компания/МҚҰ Қордың құралдары бойынша қаржылық қолдау алуға ЖКС өтінімдерін мақұлдағанға дейін жеке кәсіпкерлік субъектілерінің 168 жобасы сүйемелденді. Бұл көрсеткіш өткен жылмен салыстырғанда 10 пайызға өсті. Қор кәсіпкерлеріне қызмет көрсету орталығының қызметкерлері 361 ШОКС үшін кеңес өткізді, сонымен қатар шамамен 1500 кәсіпкер қордың Колл-орталығы арқылы 1408 нөмірі бойынша кеңес алды, - деді Алмас Тастанов.

Оның айтуынша, жыл басынан бері шағын және орта кәсіпкерлік субъектілерінің 9 өкілі Астана қаласындағы Назарбаев университетінің жанындағы ШОБ топ-менеджментін оқытуға қатысып, біліктілін арттырған. 2018 жылдың 6 айында екінші деңгейлі банктер мен лизингтік компаниялар арқылы жеңілдетілген несие беру бойынша 369 жоба алыпты. Бұл көрсеткіш өткен жылмен салыстырғанда 106 пайызға артық. Жалпы, бағдарламаны іске асыру басталғалы бері өңірімізде барлығы 37 миллиард теңгеге 2191 ШОБ субъектісіне қолдау білдірілген.

Айта кету керек, ЕДБ/МҚҰ арасында берілген несиелер сомасы бойынша «Цеснабанк» АҚ және «Қазақстан Халық Банкі» АҚ көш бастап тұр. Ал кәсіпкерлер арасында көбіне сауда саласы бойынша несие рәсімделеді екен.

Ж.Қойшыбекова

 


Хаттама планшетпен толтырылатын болды PDF Print Email
Жаңалықтар - Халық-хабар
26.09.2018 14:10

Хаттамасы мен қаламын құшақтап жүретін полицейлер бұдан былай планшет ұстайтын болды. Енді олар жол ережесін бұзған жүргізушілерге қағаз жүзінде емес, электронды түрде хаттама толтырады. Бұл туралы күні кеше ОІІД Жергілікті полиция қызметінің бастығы Бауыржан Ибраев айтты. Б.Әшімұлы цифрландыру бағдарламасы бойынша қолға алынған дүние сыбайлас жемқорлық фактілерінің алдын алады дейді. Сондай-ақ, электронды түрде хаттама толтырғанда сол адамның ЖСН-і енгізіле сала, ол туралы бар мәлімет көрсетіледі екен. Мысалы, жүргізуші куәлігі жарамсыз деп танылған, осыған дейін қандай да бір құқықбұзушылық жасаған болса, автоматты түрде экранда мәліметтер көрсетілетін көрінеді. Сонымен қатар, толтырылған хаттама сол сәтте-ақ орталықтандырылған базаға еніп, оны тамыр-таныс арқылы жойып жіберу мүмкіндігі болмайды.

Ал БАҚ өкілдеріне ағымдағы жылдың 8 айында атқарған жұмыстары туралы баяндаған ОІІД бастығы Қайрат Мұхитов есепті мерзімде профилактикалық жұмыстардың нәтижесінде қылмыстылық деңгейінің 17,3 пайызға азайғанын айтып өтті. Яғни өткен жылдың 8 айында 5862 қылмыс тіркелген болса, биыл 4850-ді құрап отыр. Соған сәйкес, зорлау, ұрлық, алаяқтық қылмыстары да азайған. Азаматтардан түсетін шағымдар да төмендеген. Мысалы, шілде айында 25 437 арыз тіркелген болса, тамызда 17517 болыпты. Бұл жаяу бағыттардың қолға алынуымен де байланысты. Бүгінде күнделікті қоғамдық тәртіпті қамтамасыз ету үшін облыс орталығының көшелерінде Ұлттық гвардияның солдаттарымен бірлесіп 160 қызметкерден тұратын 58 жаяу бағыт 42 патрульдік автокөлікпен бірге кезекшілік атқарып жүр. Тіпті, жаяу бағыттардың тікелей қатысуымен 18 қылмыстың беті ізі суылмай ашылған. «102»-ге түсетін хабарламалар саны да азайыпты.

Қазір «102» желісіне тұрғындардан түсетін қоңыраулар саны 2,5 есеге азайды. Егер бұрындары 600-ден аса хабарлама келетін болса, қазіргі күні 200-240-тай ғана түскен. Сонымен қатар біз хабарлама берушімен қайта хабарласып, оның мәселесінің нәтижесі қалай болғанын сұрап жүрміз. Бұл біздің қызметкерлер тарапынан салғырттық танытылған жағдайда, оның қайталанбауы үшін жақсы. Бұдан бөлек тағы бір пилоттық жоба жүзеге аспақшы. Ол – «112» бірыңғай кезекші диспетчерлік қызметі. Яғни «102», «103», «101» желілерінің бәрі бір жерде шоғырланып, қоңырау түскен уақытта бір жерден шығып, уақытты үнемдейтін болады.  Жоба әуелі Астана және Қызылорда қалалалары бойынша жүзеге асады деп күтілуде, - дейді департамент бастығы Қ.Болатұлы.

Мұнан бөлек брифинг барысында «Дельта-Сырдария» бөлінісінің жұмысы туралы да айтылды. Айта кетейік, бөлініс биыл есірткінің 74 дерегін анықтаған. Нәтижесінде 54 қылмыскер ұсталып, 10 тоннадан аса есірткі заты өртелген. Мал ұрлығына қатысты да ірі топ ұсталыпты. Құрамында 18 мүшесі бар топ осы уақытқа дейін қаншама адамның малын ұрлап, оны бизнес көзіне айналдырып алған-ды. Енді олар өз жазаларын алуда. Жол-көлік оқиғаларының да азайғаны байқалады. Егер өткен жылдың есепті мерзімінде 250 жол-көлік оқиғасы тіркелсе, биыл олардың саны – 220. Нәтижесінде жарақат алғандар мен қайтыс болғандар да 2017 жылдың 8 айымен салыстырғанда біршама төмендеген.

Ж.ЖҮНІСОВА

 


Күнтізбе

< Қыркүйек 2018 >
          1 2
3 4 5 6 7 8 9
10 11 12 13 14 15 16
17 18 19 20 21 22 23
24 25 27 28 29 30

Сауалнама

Аса мәртебелі шенеуніктердің қылмысқа шатылып жатқандығы нені аңғартады?
 

Ауа райы

Валюта бағамы

Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі валюталардың ресми бағамдары